Мұрағат: 17.05.2017


«Өмірін өнерімен өрнектеген»

Күні: , 48 рет оқылды

4534


Осы аптаның бейсенбісі мен жұмасында, яғни 18-19 мамыр күндері Қазталов ауданында жерлесіміз, Қазақстан мен КСРО-ның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл толуына орай «Өмірін өнерімен өрнектеген» деген ортақ атаумен мерейтойлық шаралар өтеді. Бұл салтанатты шаралар шеруі 18 мамыр күні кешкі сағат бесте сахна саңлағының мүсінін (бюст) ашудан басталады. Содан соң халайық театр және кино актері Х. Бөкеева сомдаған рөлдердің фотокөрмесін, сосын «Өмірін өнерімен өрнектеген» атты театрландырылған қойылымды тамашалайды. Кешкісін ел-жұрттың назарына аудан өнерпаздарының концерті, ал қараңғылық қоюланғасын мерейтойлық жұлдызжауын ұсынылады.


Ертеңіне аудан халқы мен өнер саңлағының ғасырлық мерейтойына арнайы келген меймандар бәйге, күрес, көкпар, қыз қуу, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлерін тамашалайтын болады.

Кеше облыстық қазақ драма театрында «Хас талант – Хадиша» атты кеш өтті. Бұл шараға танымал кино және театр актерлері Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова, «Хадиша Бөкеева» атты кітаптың авторы, жазушы Сара Ләтиева қатысты. Өзінің ұстазы туралы тағылымды естелік айта келе, Меруерт Өтекешова Хадиша Бөкееваның бірнеше рольды сомдағанда киген камзолын Батыс Қазақстан облыстық тарих және өлкетану музейіне тапсырды. Кеш барысында көрермен қауымға мерейгердің өмір мен өнер жолынан сыр шертер әдеби-сазды театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Өз тілшіміз


Сырым ауданының әкімі Абат ШЫНЫБЕКОВ: «Күнбатыс Алашорда қайраткерлерінің ту тіккен жері – Жымпиты»

Күні: , 63 рет оқылды

Абат Шыныбеков-04.01.2015 1


– Абат Абайұлы, сіз басқаратын аудан биыл 1783-1797 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі, сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толуын, қазақ халқын өзгелермен терезесі тең ел қылуды көксеген «Алаш» партиясының 100 жылдығын және Алашорда көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдық мерейтойын атап өтуге ұйытқы болмақ. Үшбу үш мерейтой аясында қадау-қадау қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ? Дайындық барысы  қалай?


– Сырым ауданының шежіресі – қазақ елінің тарихымен үндес, тағдырлас рухани дүние. Тәуелсіздіктің туын алғаш көтеріп, атқа қонған Сырымдай батырдың кіндік қаны тамған ауыл-аймақта кешегі күні күнбатыс Алашорданың да жасыл туы желбірегені тегіннен-тегін емес.

Иә, жаңа өзіңіз сұрағыңызда айтып өткендей, биылғы жылы сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлының туғанына 275 жыл, Батыс Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтің туғанына 130 жыл және  қазақ әлеуметін тәуелсіз ел қылуды аңсаған Алаш өкіметінің құрылғанына 100 жыл. Міне, осы мерейтойлар аясында бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл басынан бері бірқатар тағылымды шаралар өткізіліп келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айында Астана, Алматы, Орал қалаларындағы кітапханалар мен Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханада онлайн-конференция ұйымдастырылып, Сырым бабамыздың мерейтойына арналған шаралар бастау алды. «Сырым Датұлының 275 жылдығы» мерейтойына арналған жаңа үлгідегі логотиптің байқауы жарияланып, нәтижесінде суретші  Бекжан Жұмабаевтың туындысы үздік деп танылып, осы логотип мерейтойға қатысты барлық шараларда қолданылуы жөнінде облыстың аудандарына, облыстық мекемелерге ұсынылды. Сонымен қатар Алаш партиясының белсенді мүшесі, көрнекті қайраткер, жоғары білімді алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі Жаһанша Досмұхамедұлының 130 жылдығына арналған «Мақтанымыз – Жаһанша» атты әдеби-сазды кеш Ж. Досмұхамедов атындағы мектептен бастау алды. Осы шаралармен қатар елдің теңдігін, азаттығын аңсаған Алаш өкіметінің 100 жылдығына орай ақпан айында «Алаш қозғалысына – 100 жыл» атты Семей, Орал қалаларының және Сырым ауданы кітапхана оқырмандарының онлайн конференциясы өтіп, көптеген ғалымдардың Алаш өкіметі және оның қайраткерлері жөнінде көрікті ойлар айтылып, осы ой-пікірлер БАҚ арқылы ел-жұртқа таратылды. Осындай ауқымды шаралар қатарында Алашорда өкіметінің 100 жылдығына орай наурыз айында Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қаратөбе аудандарының және Орал қаласы музей қызметкерлерінің семинаркеңесі өтті. Осыдан бірер апта бұрын ауданымызда алғаш рет аймақтық Қадыр оқуларын ұйымдастырып, бұл шараны да Сырым Датұлының 275 жылдығы мен  Алаш партиясының 100 жылдығына бағыштадық. Бұл байқауға Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының өрендері қатысып, ел тарихы мен қайраткер тұлғаларға қатысты өлеңжыр оқып, үлкен-кіші осы патриоттық мән-маңызы зор шарадан ұмытылмас әсер алды. Аталмыш ауқымды іс-шараларға қоса мектептерде, мәдениет үйлері мен кітапханаларда көптеген тағылымдық-танымдық  шаралар  өтуде.

Таяу уақытта әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі батыр Сырым бабамыздың өмір жолын одан әрі зерттеу, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында іс-шаралар жоспары бойынша тарихшылар және жастар өкілдерін қатыстыра отырып, Өзбекстанның Гүрлен ауданы аумағындағы Сырым батыр зиратына экспедиция ұйымдастыру, республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу және осы шара аясында жергілікті «Жымпиты» және «Бұлан» халық театрларының сомдауымен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлының «Тар кезең» атты тарихи романының желісінде «Сырым батыр» қойылымының тұсаукесерін  өткізу және деректі фильм түсіру  жоспарымызда  бар.

Алашорданың 100 жылдығын атап өтуде Сырым ауданының алар орны ерекше десем, артық айтқандық, асыра сілтегендік емес. Себебі ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ халқының болашағын ойлап, тәуелсіз мемлекет болуды армандаған асыл бабаларымыздың, күнбатыс Алашорда қайраткерлерінің ту тіккен жері – Жымпиты. Шығыс пен Батысты байланыстыра отырып, тың деректер жинақтау мақсатында «Алаш жолымен» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырдық. Бұл экспедицияға тарихшылар мен өлкетанушылар, музей қызметкерлері мен жастар тартылды. Сондай-ақ Орал қазақтарының сиездері өткен Ойыл – Қаратөбе – Жымпиты – Қызылқоға бағытына да экспедиция шығармақ ойымыз бар.

Аудан орталығындағы салынғанына 150 жылдан асқан, кезінде Алаш қайраткерлерінің қызметтік үйі болған, мемлекет қорғауындағы нысан – көпес Таракановтың үйі Батыс Қазақстан облысының аумағындағы тарихи мән-маңызы зор нысандардың бірі. Бүгінгі таңда бұл ғимарат Алаш қайраткерлеріне арналған музей болып жабдықталған. Осы тарихи нысанды ағымдағы жөндеуден өткізіп, музей жәдігерлерін жүйелеп, толықтырып, ғимарат айналасын абаттандыруды қолға алғалы отырмыз. Бұған қоса «Алашым – арыстарым ардақты» атты облыстық ақындар мүшәйрасын, «Алаш идеясы – тәуелсіздік тұғыры» атты театрландырылған қойылым қою, Алаш қайраткерлерінің елдік идеясын  кеңінен насихаттау мақсатында «Алаш һәм Алашорда: ізденістер, зерттеулер, тұжырымдар» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция және күзде «Алаш идеясы – мәңгілік» деп аталатын облыстық жастар  форумы  ұйымдастырылмақ.

Батыс Алашорда үкіметінің қайраткері Ж. Досмұхамедовтің 130 жылдығына орай туған жері Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Қарақұдық елді мекені тұсына ескерткіш белгі орнатып, конференция  өткізуді  жоспарлап  отырмыз.

Мұның сыртында аудандағы білім беру және мәдениет ошақтарында атаулы даталарға арналған түрлі деңгейдегі шаралар өз кезегімен атқарыла беретін болады.

– Сырым елінде қандай мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда? Биыл сіз тізгінін ұстаған ауданға қарасты қай елді мекендер үшін таза су, табиғи газ, сапалы жол секілді инфрақұрылымдық игіліктер жүзеге аспақ?

– Тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан үшін барлық мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығы жоғары. Мемлекеттік бағдарламалардың қайсысын алып қарасақ та, тұрғындардың  әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асырылып отырғанын білеміз. Аудан экономикасы соңғы жылдары мал шаруашылығы бағытында қарқынды дамып келеді. Осы орайда агросекторға қатысты бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтарды  пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешен өнімдері өндірісінің көлемдерін арттыру және азық-түліктік қауіпсіздік мәселелерін шешу шаралары»  бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру жөніндегі шаралары қолға алынып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында ауданда жұмыс тобы құрылып, ауылдық округтерде түсінік жұмыстарын жүргізді.  Бүгінгі  таңда «Береке» бағдарламасы арқылы «Береке-Болашақ»,  «Атамекен-Сырым» және «Отан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, 34 жеке кәсіпкерге 76,6 млн. теңге несие берілді. Мемлекет тарапынан осындай қолдаулардың арқасында аудан кәсіпкерлері алған несиелеріне 334 бас ірі қара бордақылануда.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2017 жылдың бірінші тоқсанында үш шаруа қожалығы 37,8 млн. теңгеге 195 бас аналық ірі қара, сегіз бас асыл тұқымды аталық мал сатып алды. Жалпы, бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.

Әлеуметтік салада кірісі аз, тұрмысы төмен отбасылардың әл-ауқатын арттыруға қоса, еңбекке ынталандыруға арналған «Өрлеу» бағдарламасы бойынша биылғы жылдың  есептік кезеңіне 18 отбасына 3,7 млн. теңгенің шартты ақшалай көмегі тағайындалып, 1,7 млн. теңге төленді.

Жоғарыда аталған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 93 азамат жобаларын дайындап, ұсыну қамында.  Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамыту бағытында. Әрине, бұл жоба-жоспарлардың қай-қайсысы да ауданға қарастырылған қаржы көлеміне қарай қолдау таппақ.

Коммуналдық шаруашылық саласы бойынша да мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар жұмыстар атқарылатын болады.

Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде Қоңыр, Тамды елді мекендерінің ауыз су желісін қайта жаңғырту, ал Аралтөбе ауылына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша сапалы су құбырын жаңарту жүргізілмек. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде Жымпиты ауылынан 10 тұрғын үй, Бұлдырты ауылынан 14 тұрғын үй бой көтермек. Жымпиты ауылынан екі көшеге жаңадан аутожол және жаяусоқпақ (тротуар) салу көзделуде. Ауданымызда көгілдір отынмен қамту мәселесі толықтай шешімін тауып келе жатқанын атап өткен жөн. Сол жұмыстардың жалғасы биыл алты ауылдың халқы, яғни Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Құспанкөл, Сасықкөл және Жаңаөңір елді мекендері көгілдір отынның игілігін көретін болады.  Бұған қоса жалпы білім беретін Сырым орта мектебі күрделі жөндеуден өтеді.

– Абат Абайұлы, Сырым ауданы бойынша қандай салаларға қанша маман жетіспейді?

Келген мамандарға аудан басшылығы тарапынан қандай жағдай  жасалуда?

– Әрине, ауданда маман жетіспеушілік мәселесі бар. Атап айтқанда, көпшілігі білім беру саласында, әсіресе, шалғай елді мекендердегі мектептерде жастардың тұрақтап жұмыс жасауы – өзекті мәселе. Қазіргі уақытта математика және орыс тілі пәндері бойынша мұғалімдер жетіспейді. Денсаулық сақтау саласын айтатын болсақ, бір жалпы тәжірибе дәрігері және екі фельдшерлік-акушерлік пункттерге фельдшерлер жетіспейді. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда десек, білім саласына мамандар тарту мақсатында осы сәуір айының басында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіретін аудан жастарымен кездесулер өткізіп, туған ауыл-аймағына келіп жұмыс жасауға ұсыныстар жасадық. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің түлектерімен кездесуді таяу уақытқа  жоспарлап  отырмыз.

Мамандарды ауылдық жерлерге тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жақсы білесіздер. Келген мамандардың барлығы дерлік осы бағдарлама арқылы көтерме жәрдемақыларын және ниет білдірушілер тұрғын үй несиесін ала алады. Өткен жылы ауданымыз бойынша білім беру саласына келген 23, денсаулық сақтау саласына келген тоғыз  жас маман көтерме жәрдемақы алса,  тұрғын үй несиесімен  білім беру саласы бойынша жеті, денсаулық сақтау саласына қатысты төрт маман қамтылды. Жалпы, 2016 жылы 45 маманға 5,3 млн. теңгенің көтерме жәрдемақысы,  16 маманға 44,5 млн. теңгенің тұрғын үй көмегі берілді. Сонымен қатар келген дәрігер мамандар тұрғын үймен міндетті түрде қамтылады.

Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 19 жас маманға 3,0 млн. теңге  көтерме  жәрдемақы берілді.

– Біраз аудандармен салыстырғанда Сырым елінде бұқаралық спорт кең қанат жайғандығынан хабардармыз. Осы жақсылық жөнінде тарқатыңқырап айтып берсеңіз? Спорттың қай түрі бойынша көпшілік жарыстар жиі ұйымдастырылады? Ұлттық спорт түрлері назардан тыс қалып жатқан жоқ па? Өзіңіздің бүйрегіңіз спорттың қай түріне бұрыңқырайды?

– Бұқаралық спорттың даму үрдісі – үнемі ізбасарлықты ізет тұтқан спорт ардагерлері мен бапкерлердің еңбектері. Әрі біз ауданымыздағы спорт нысандарының жүйелі жұмыс жасауын күн тәртібінен түсірген емеспіз.

Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі, еркін күрес, самбо, дзюдо және футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, бокс, тоғызқұмалақ сықылды спорт түрлерінен секциялар жұмыс істейді. Ауданымыздан бой көтерген 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені және спорт алаңдары тұрғындардың спортпен шұғылдануына еш кедергісіз қызмет етуде. Егер 2016 жылдың қорытындысына зер салсақ, аудан тұрғындарының 27 пайызы – спортпен тұрақты шұғылданушылар. «Қайсар» спорт клубы ересектер арасында бұқаралық-спорттық жарыстарды ұйымдастырып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды нығайту мақсатында көктемгі, күзгі, ардагерлер және жастар арасында спартакиадалар өткізу үрдіске айналды. Нәтижесінде облыстық деңгейде ауданның беделі көтеріліп, жүлделі орындарды иеленіп, республикалық, халықаралық спорт додаларында спортшыларымыз сәтті өнер көрсетуде. Ауданымызда жоғарыда атап өткендей, үш бірдей мерейтой аясында біраз спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ. Сырым Датұлының 275 жылдығы, Жаhанша Досмұхамедовтің 130 жылдығы және Алашорданың 100 жылдығына арналған 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық ашық  турнир  өткізіп  үлгердік.

Ұлттық спорт түрлерінен аудан халқының ат спортына ықыласы айрықша. Биылғы жылы тұрғындар тарапынан үш рет тай жарысы мен аударыспақ сынды сайыстар ұйымдастырылды. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында ат спортын дамыту үшін үйірме ашуды көздеп отырмыз. Тек осы бастаманы іліп әкетер кәсіпкер болса болғаны. Бұл үйірменің мақсаты – ұлттық ат спорты түрлерін дамыту және жасөспірімдердің салт атқа мініп серуендеу арқылы тірек-қимыл жүйесіне қатысты әр түрлі дерт атаулының алдын алу.

Спорт саласына қатысты материалдық-техникалық әлеуетті нығайту жұмыстары биыл да жалғасады. Мысалы, Жымпитының Қарасу ықшамауданында және Бұлан ауылында спорт алаңдары салынбақ. Орталық стадионды жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық  құжаттамасы  жасақталуда.

– Абат Абайұлы, «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей, Сырым ауданы бойынша мал ұрлығына қатысты пәрменді шаралар күн тәртібіне қойылып, арнайы іс-әрекеттер жиынтығы түзілді деп естідік. Естіген құлақ елең етер осы мәселе жөнінде кеңірек айтып берсеңіз?

– Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша 30 қылмыс тіркелді. Соның 11-і – мал ұрлығы фактісі бойынша жасалған қылмыстар, оның екеуі ашылды. Былтыр мал ұрлығына қатысты тұрғындар тарапынан бірқатар сын-ескертпелер   айтылғанын жақсы білесіздер. Бұл жөнінде ауданның құқық қорғау құрылымдары тарапынан елжұртпен кездесулер өткізіліп, түсінік жұмыстары жүргізілді. Енді мал ұрлығының алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда, соған келейік.  Облыс әкімімен бекітілген «Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасын» жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарының, сондай-ақ меншік құқығын қорғау және мүлік ұрлығымен күрес жөніндегі іс-шаралардың ведомствоаралық жоспары аудан деңгейінде жасақталып, бұл бағыттағы жұмыстардың орындалуы аудан басшылығы тарапынан үнемі бақылауда. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімі және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері бірігіп құрған жұмыс тобы рейдтік іс-шаралар жүргізіп, облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарда жылжымалы бекет ұйымдастырылуда. Осы бағытта күні бүгінге дейін 25 рейд өткізілді. Сырым ауданы бойынша 59 бағытта мал бағымы ұйымдастырылып, қараусыз жайылып жүрген малдарды уақытша ұстауды ұйымдастыру үшін 21 келісімшарт жасалды.

Жалпы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Жымпиты ауылында жеті бақылау камерасы орнатылған болса, алдағы уақытта бұл қондырғыларды көбейтпек  ниеттеміз.

Сұхбаттасқан  Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Сурет сырын ұқтырар ұстаз

Күні: , 49 рет оқылды

SAM_8751


Бала ес біле бастағаннан-ақ айналадағы ашық-жарқын түстерге қызыға қарайды. Ол әдемі гүлдер, жылтыраған ойыншықтарды көрсе қуанып, ұстап көруге асығады. Осы сәттен бастап баланың бойында әдемілікке құштарлық, айналадағы сұлулықты сезінуге деген талпыныс басталады. Кейіннен балабақшада болған балалар бастауыш сыныпқа  түстердің сырын меңгеріп, заттық тақырыпқа сурет салуды өз деңгейінде үйреніп келеді.


Облыс орталығындағы №1 мектепте бейнелеу өнері пәнінен сабақ беретін Венера Қажымова бастауыш сынып балаларына айналадағы сұлулықты сезініп, ақ қағаз бетіне әдемі бейнелей білуді үйретіп жүр. 28 жылдан бері осы бағытта жұмыс жасап жүрген ол – жоғары санатты мұғалім.

Кейіпкеріміздің шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық сурет байқауларында топ жарып, мектеп мерейін асырып жүр.

— Көптеген мектепте бейнелеу өнерінен бастауыш сыныптың мұғалімдері сабақ береді. Менің ойымша, әр пәннің өз маманы сабақ бергені дұрыс. Өз жұмысымда шәкірттерімді 1-сыныптан бастап сауатты сурет сала білуге бейімдеймін. Қабілеті бар, қызығушылығы жоғары балаларды дамытып, көбірек жұмыстанамын. 3-сыныптан бастап оларды әр түрлі сурет байқауларына қатыстырамын, — дейді Венера Қажымова.

Бастауыш сынып балаларының мінез-құлқы әр түрлі. Бірақ олар өзге пәндерге қарағанда бейнелеу пәніне қызыға қатысады. Бір сыныптағы 25-27 баланың ішіндегі 4-5 баланың ғана дендеп сурет салуға қызығушылығы басымдау болады. Венера апай 1-сыныптан бастап оқушыларын акварельмен жұмыс жасай білуге үйретеді. Қозғалысты жақсы көретін бастауыштың балалары басында киімдерін бүлдіріп, аз-кем қиналады. Бірақ жыл аяғында акварельмен жұмыс жасауды еркін меңгеріп шығады екен.

— Ата-аналардың көпшілігі негізгі пәндермен салыстырғанда бейнелеу өнері пәніне жай бір пән ретінде қарайды. Ал бұл пән – баланың эстетикалық қабілетін дамытып, шығармашылықпен жұмыс жасауына мүмкіндік беретін, сұлулықты танып, бағалай білуге үйрететін пән. Сондықтан да әр тоқсан сайын өтетін ата-аналар жиналысына қатысып, балаларының деңгейі туралы айтып отырамын. 2-3-сыныптарда баланы бейімдеп алған соң, оларды топқа бөліп жұмыс жасаймын. Сол кезде қай баланың қабілеті жоғары екендігі айқындалады. Бірақ мен қабілеті жоғары балаларды бөліп қарамаймын. Өйткені олар әлі кішкентай болғандықтан, тым мақтанып кетіп жатады, — деп жай жымиды кейіпкеріміз.

Бейнелеу өнері пәні 1-сыныптан 6-сыныпқа дейін жүргізіледі. Кейіпкеріміздің шәкірті Сәндігүл Мағазова – ЮНЕСКО-ның (Біріккен ұлттар ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы) жеңімпазы. Олар өткен жазда Сәндігүлдің ата-анасының демеушілігімен Алматы қаласында болып, шет ел суретшілерінің шеберлік сабақтарына қатысып қайтты.

— Шәкіртім Сәндігүлдің ата-анасына ризамын. Өйткені ол кісілер біздің Алматы қаласында болып, бір жұма демалуға, өзге елдің мамандарымен тәжірибе алмасуымызға мүмкіндік жасады. Еліміздегі балалардың шығармашылығын дамыту мақсатында ұйымдастырылған ЮНЕСКО жобасына біздің елімізден 150 бала қатысты. Оның 149-ы – сурет мектебінің балалары. Ал менің шәкіртім – жай мектептің оқушысы. Бұл халықаралық байқауға қатысқан бар баланың жұмыстары үлкен кітап болып шығады, — деп сөзін жалғаған кейіпкерім шәкіртінің жұмысы енген үлкен кітапты көрсетті.

Венера Қажымованың сурет сырын меңгеріп, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген шәкірттері жетерлік. Ол оқушыларының жеке көрмесін өткізіп, олардың шығармашылық тұрғыда дамуына өз үлесін қосып жүр.

— Балалардың жеке көрмесін өткізу арқылы олардың өзөзіне сенімділігін арттырамыз. Көрмеге өз жұмысын әдемі, жинақы қоя білуді үйретеміз. Сурет өнері дегенді өзім эстетикалық талғамның дамуы, жинақылық, ұқыптылық деп түсінемін. Мен оқушыларымның өз жұмысын жалбыратып, қалай болса, солай ұстап жүруіне жол бермеймін. Оларды жасаған жұмыстарын бірден мұқият орналастыра білуге баулимын. Бір қарағанда, ұсақ-түйек нәр-се секілді көрінгенімен, өз жұмысын көз қызығарлықтай тартымды көрсете білуді оқушыларыма үйретіп жүрмін. Біртіндеп оқушы өз еңбегіне шығармашылық тұрғыда қарауға үйренеді, — дейді бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


21 жыл бойы күткен жұмыс басталды

Күні: , 80 рет оқылды

DSC_0155


Аудан әкімі Асхат Шахаров Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстарымен танысты.


Алдымен, Үшана ауылына сапарлаған аудан басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, олар қойған сауалдарға жауап қайтарды.

— Су мәселесі өткен жылы өз шешімін тауып, республикалық бюджеттен арнайы қаражат бөлінді. Бастапқы қаржы — 180 млн. Ал жобаның жалпы құны 900 млн. теңгені құрайды.

Мердігерлер өз жұмыстарын бастады. Оларға халық болып, көмек көрсетейік. Жергілікті тұрғындарға жаңадан жұмыс көздері де ашылады. Қарапайым жұмысшыларға еңбекақы 1500-3000 теңге, арнайы жұмысшыларға 2000-4000 теңге күніне төленетін болады.

Елге сапалы да таза судың келуін береке-байлықтың, ырыстың келуі деп қабылдаған жөн. Өйткені су – тіршілік көзі. Осы мақсатта ел қажеттілігіне пайдаға  асар ізгілікті іс ұзағынан сүйіндірсін! – деді аудан басшысы Асхат Шахаров.

Бөлімше басшысы Омар Төлеуішевтің айтуынша, бүгінгі таңда Үшана ауылында басталып отырған сумен жабдықтау жүйесі құрылысының бас мердігері «KazConstructionGroup» ЖШС (бас директор Мұратбек Мұхамбедиев.)

Негізінен алғанда, жобаның құны миллиард теңгеге жуық қаражатты құрайды. Жоба бойынша Қаратөбе ауылынан Үшанаға дейінгі аралықта су құбыры тартылады. Жалпы, ұзындығы 54 шақырымға жуықтайды. Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл және Үшана ауылдарына таза да сапалы ауыз су жеткізіледі. Құрылыс материалдарының басым бөлігі – жергілікті отандық өнімдер. Құрылыс мерзімі тоғыз ай аралықты қамтиды.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 15-20 адамды тарту көзделіп отыр.

Кездесу барысында сөз алған ауыл ақсақалы Аман Жүсіпқалиұлы ауыл халқы атынан үлкен тебіреніспен ризашылық сезімін білдірді.

— «Мерейлі іс – жақсылықтың бастамасы» дегендей, ауылымыздың отырықшылануына, тұрақтануына болашаққа бағдар ретіндегі Елбасымыздың рухани жаңғыруына сай келіп тұрған бұл шараны игілікті іс деп түсінеміз.

Біз, ауыл халқы болашақта осы мердігерлермен бірлесіп, ауыл ішінде істің жылдам жүргізілуіне, уақтылы аяқталуына, ауыл халқына таза да сапалы ауыз суының келуіне, пайдалануына атсалысатын боламыз.

Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасын көп жыл бойы төзімділікпен, шыдамдылықпен жақсылыққа балап күтіп, енді қолымызды жеткізгелі тұрмыз.

Бұл бастаманы ауыл халқы сенімді серік етіп, 21 жыл күтті. Міне, бүгін көптен күткен тілегіміз орындалып, игілікті істің алғашқы жұмыстары басталып, көңілімізге қуаныш ұялап отыр.

Алла тағала ойымызды жүзеге асыртуға жазсын. Осы орайда облыс, аудан басшылығына үлкен қолдау білдіргендігі үшін ризашылығымызды білдіреміз, — дейді Үшана ауылының тұрғыны, ауыл ақсақалы Аман Жүсіпқалиұлы.

Түс мезгілінде дала төсінде игілікті істің басталуына орай қой малы сойылып, зейнеткер-ұстаз Аман Жүсіпқалиұлы Құран оқыды.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы


Аспанда екі адамды ажалдан арашалады

Күні: , 575 рет оқылды

Виталий Ан


Бөрлі аудандық мәслихатының депутаты Виталий Ан ұшақта өмір мен өлім арасындағы екі жолаушының өмірін сақтап қалды.


Ақтаулық Нұрберген Нұрбековтың айтуынша, бұл оқиға биылғы жылдың сәуір айының 27-сі күні Астана қаласынан Ақтауға қатынайтын «SCAT 0741» ұшағының бортында болған. Ұшақ Ақтау қаласына жақындап жерге қонуға 40 минут уақыт қалғанда жолаушы бойжеткен есінен танып қалады. Осы рейспен Виталий Анның Ақтауға шаруаларымен келе жатқаны мұндай керім болар ма?! Ол дәстүрлі емес медицина дәрігері болғандықтан, науқастың мүшкіл халін көріп, жедел көмек қолын созады. Қыздың қан қысымы күрт көтеріліп кеткен екен. Жолсерік әкеп берген бір түйір дәріден кейін аурудың жағдайы мүлдем нашарлап кетеді. Оны байқаған жолаушылар абыр-дабыр болып, үрпиісіп қалады. Виталий Константинұлы науқастың басының шүйде тұсын және желкесін уқалаумен болады. Аздан кейін аурудың жағдайы қалыпқа келе бастайды. Ал 15 минуттан кейін дәрігер емдік шараларын қайта қайталап, қыздың қалыпқа толықтай келуіне жәрдемдеседі. Содан кейін әлгі бойжеткен ұшақ аман-есен жерге қонғанша өзін құтқарушыға қайта-қайта алғыс айтумен болады.

Өкінішке орай, осы рейстің жолы ауырлау болады. Аз-маз уақыттан кейін әуе кемесінде тағы бір жолаушының денсаулығы сыр береді.

— Лайнердің артқы бөлігіндегі бір ер-азаматтың жағдайы күрт нашарлап, жолаушылар тағы даурығысып қалады. Науқастың көзі шарасынан шыға жаздап, оның өмір мен өлім арасында жатқаны сырт көзге айқын аңғарылады.

Виталий Константинұлы оған да жедел көмекке ұмтылды. Жолсерік қыз сасқалақтап, дірілдеген қолдарымен оттегі маскасын дайындауға кіріскенде, дәрігер науқасты инсульт соқпас үшін уақытты текке жоғалтпай іске бірден кірісті. Ол жолаушылардың көзінше жанталаса қимылдап, науқасқа массаж жасай отырып, есін толықтай жиғанша әңгімелесумен болды, — дейді оқиғаның куәгері Нұрберген Нұрбеков. Оның айтуынша, жолы ауыр ұшақ жерге қонғанда «Жедел жәрдем» қарсы алып, науқасты бақылауға алған. Виталий Анның кәсіби шеберлігіне тәнті болған оқиға куәгері одан ұялы телефонының нөмірін алып, дәрігерлік қабылдауына жазылғанын айтады.

Біз Виталий Анға қоңырау шалып, оның дәрігерлік ерлігі жайында сұрай бастап едік, ол асқан байсалдылықпен “Бұл біздің жұмысымыз ғой” деуден аспады. “Қыздың қан қысымы қатты көтеріліп кетті, 8 минут ішінде оның қысымын төмендете алдым. Ал ер адамның жағдайы мүлдем қиын болатын, оның миына оттегі жетіспей, инсульт соғу қаупі төнді. Шүкір, оны инсульттан құтқара алдық. Науқасқа көмектесу — менің парызым, мен тек өз міндетімді орындадым”, — деді Виталий Ан.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Өз азаматтық белсенділігіңді білдір!

Күні: , 24 рет оқылды

SafeKazNet logo 2017_Оригинал10052017172221


Құрметті азаматтар! www.safekaznet.kz сайты арқылы ғаламтор қолданушылары қазақстандық интернет-сегментіндегі роликтер қосылатын, лайықсыз және адамның намысына қорлық келтіретін, діни экстремизм мен терроризм идеологиясын таратушы және қолдаушы басқа да материалдар мен түсініктемелерге сілтеме жолдау арқылы заңды түрде тыйым салуға ұсыныс бере аласыз.


Веб-сайттың «шұғыл байланыс» мамандары барлық хаттарды қарастырады және, расталған жағдайда, тез арада сол контентті жою бойынша шара қолдану үшін интернет-ресурс иесімен немесе оның хостинг-провайдерімен байланысады.

Аналогиялық «шұғыл байланыстар» әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істейді және ғаламтордан алынатын көптеген қатерді  азайтуға  мүмкіндік  береді.


Еркін күрестің ертеңі зор

Күні: , 60 рет оқылды

20170516_110324


Қазақстанның Орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалында кезекті баспасөз мәслихаты өтті.


Өңіріміздің коммуникациялық қызмет алаңына жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен облыстың аға жаттықтырушысы Ринат Айжарықов, еркін күрестен әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы Мұсабек Нарегеев, еркін күрестен БҚО құрамасының бас бапкері Бақытжан Ыбраев және Дағыстан құрамасының жаттықтырушысы Закир Эфемдиев келіп, еркін күрестің қазіргі жай-күйі туралы сөз қозғады.

Жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен облыстың аға жаттықтырушысы Ринат Айжарықовтың айтуынша, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебінің спорт залында өтетін Амангелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабековті еске алуға арналған жарысқа еліміздің бірнеше аймақтарынан және Ресей Федерациясының командалары қатысуда. Күрестің бұл түрінің дамуына келер болсақ, облыс бойынша онымен 2181 (оның 1014-і ауылдық жерде)  жасөспірім шұғылдануда. БЖСМ-да 808, жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде 172, жоғары спорттық шеберлігі мектебінде алты, спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатында 26 адам еркін күрес түрімен шұғылданады. Облыс бойынша 57 жаттықтырушы жастарға тәлім-тәрбие беруде. Олардың ішінде Алексей Ларионов, Асқар Сәукелин, Амангелді Мұсабековтер «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие. Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктерінде олжа салып, еліміздің мақтаныштарына айналған Таймураз Тигиев, Ольга Жәнібекова, Абдулхаким Шапиев, Екатерина Ларионова, Нұрлан Бекжановтарды атап кетуге болады, — деді ол өз баяндамасында.

— Қазіргі таңда жасөспірімдер арасынан үміт артатын балуандарымыз баршылық. Тек оларға жақсы көңіл бөлуіміз қажет. Амангелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабеков ағаларымыздың алдын көріп өстік. Боз кілемде елдің намысын бермей, жалпақ жұртқа атын шығарған ағаларымыздың еске алу турнирін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Осы жолғы турнирге өз елімізден басқа көршілес Орынбор, Самара, Тольятти қалаларынан, Дағыстан мен Кабардин-Балкар Республикаларынан барлығы 350-дей палуан қатыспақшы. Соның ішінде сексеннен астамы БҚО намысын қорғамақ, — деді еркін күрестен БҚО құрамасының бас бапкері Бақытжан Ыбраев. Ал әйелдер күресінен облыстық құраманың аға бапкері Мұсабек Нарегеев: «Әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова емделу үстінде. Өткен жылы ол жарақатына қарамастан, олимпиадаға жолдама алып, Рио төрінде табысты өнер көрсетіп, қола медальмен оралған болатын. Оң жақ иығынан алған жарақаты мазалағаннан кейін ол емделуді жөн көрді. Германияда ота жасалып, сәтті емін алды. Енді бәрі ойдағыдай болса, 2018 жылдан бастап жарысқа қосылады. Түпкі мақсат – Токио олимпиадасына жолдама алу. Екатерина жүлде алып келгеннен кейін облысымызда күреске құлшыныс білдірген қыздар қатары көбейе түсті. Оларды баптаумен бірге шыңдау үшін түрлі жарыстарға жиі қатыстыру да қажет», – деді.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ


Үздіктер анықталмақ

Күні: , 15 рет оқылды

фото Халелова Рафхата (147)


Сәрсенбі күні Достық үйінде «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы» жобасын жүзеге асыру бойынша құрылған жұмыс тобының отырысы өтті.


Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған аталмыш жоба қоғам арасында табыстылықты, бәсекеге қабілеттілікті насихаттап, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан үлгі болар азаматтардың өмірлік тәжірибелерін, еңбек жолы мен дарынын көрсету мақсатында жүзеге аспақ.  Шараға облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Нәжімеден Есқалиев, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов қатысты. Отырыс барысында сөз алған БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Хамидоллаұлы  жұмыс тобына тиісті талаптарды түсіндіріп, жобаға жан-жақты атсалысу қажеттігін айтты.

Басқосу барысында еліміздегі 100 жаңа есім тізімінің қатарына кіретін жандарға қойылатын талаптар сөз болды. Сондай-ақ шараға  қатысушылар жаңа есімдерді іріктеу, саралау сәтінде өңірдегі түрлі саланың тізгінін ұстаған білікті мамандар мен үлгілі жандардың қамтылуы керектігін бірауыздан мақұлдады.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Кәсіпкерлерге қойылатын талаптар азайтылады

Күні: , 58 рет оқылды

PRI_9709


Жұмыс сапарымен облысымызға  келген  «Атамекен»  ҚР  Ұлттық кәсіпкерлер  палатасының төралқа  төрағасы  Тимур  Құлыбаев «Орал  трансформатор  зауыты» ЖШС-ның  залында өткен облыстық  кәсіпкерлер  палатасының  өңірлік кеңесінің кеңейтілген жиынына  қатысты.  Кәсіпкерліктің  даму  жайын, отандық тауар өндірушілерді  қолдау  және  кәсіпкерлік  саласының  түйткілді мәселелерін  талқылаған  басқосуға облыс әкімі  Алтай Көлгінов, өңірлік  кеңес  мүшелері, мемлекеттік  құрылымдардың, бизнес-қауымдастықтардың,  банктер  мен  қаржылық  институттардың өкілдері  қатысып,  ой-пікірлерімен  бөлісті.


Төралқа төрағасы өңірлік кеңестердің билік пен бизнестің арасындағы диалогтік алаңға айналғанын айта келе, басқосуда өткен жыл қорытындыланып, кәсіпкерлік саласындағы түйткілдердің ортаға салынатынын жеткізді. «Облыста кәсіпкерлік палатасы  жергілікті әкімдікпен өзара үйлесімді қызмет атқаруда. 2016 жылдан бастап барлық ауданда «Атамекеннің» өкілдігі жұмыс істеуде. Күллі Қазақстан бойынша кері байланыс орнаттық», — деді Тимур Құлыбаев.

Бұдан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин 2016 жылдың қорытындылары жайында баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы палатаға кәсіпкерлерден 163 жазбаша арыз-шағым түскен. Бүгінде Ақ Жайық өңірінде 36643 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасайды, бұл 2016 жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 8,9 пайызға кем. Түскен арыз-шағымдардың 56 пайызы, яғни 91-і бойынша оң нәтижелер бар, яғни 2015 жылғы көрсеткіштен 5 пайызға артық. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқығының жалпы шамасы 565 млн. теңгені құраған.

Жиында сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпорындарды жаңғырту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғанына тоқталды.

PRI_9678– Кәсіпкерлер палатасы институты жақсы жұмыс істеуде. Мұны кәсіпкерлердің өздері айтады. Соңғы үш жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда оң динамика басым. Өңірдің ішкі жалпы өнімі  үлесінде шағын және орта кәсіпкерлік 39,9 пайызды құрайды. Осының барлығы Елбасының бастамасымен қолға алынып, іске қосылған кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында дер едім. Мысалға, өткен жылы кәсіпкерлікті қолдауға 3,9 миллиард теңге бөлінді. Ал биыл кәсіпкерлікті қолдауға 2016 жылмен салыстырғанда 1 миллиард теңге артық, яғни 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Соның ішінде ауылдағы кәсіпкерлікті  дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз. Өзіңіз айтқандай, «Атамекен» тарапынан 300 миллион  теңгенің бөлінуі – бұл  да жақсы көмек, біз де өз тарапымыздан екінші жартыжылдықта 300 миллион теңге бөлеміз. Қазір бірінші траншты игеруді бастадық. Осының барлығы кәсіпкерлерге, әсіресе, өз  ісін жаңадан бастағандарға көмек болмақ. Өндірістің облыс орталығы мен Ақсай қаласында шоғырланғанын, өзге 12 ауданда ауыл шаруашылығы дамығанын ескерсек, ауыл шаруашылығын дамытудың да әлеуеті зор. Қытай, Иран, Израиль және өзге де үлкен нарықтарға шығуымыз керек. Бұл бағытта «Атамекенмен» тығыз байланыста жұмыс істеп, жақында Қытайдан ет өңдеушілерге инспекция келіп кетті. Мұндай жұмыстар кәсіпкерлерге бағыт береді, алға ұмтылдырады. Ауыл-аймақтарда кәсіпкерлермен кездесеміз, «Атамекен» өнім өткізуге деген сенімділікті туғызады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласынан 52 миллиард теңге салық түсімдері түскен.

Бұл дегеніңіз – облыс  бюджетінің бір ширегі, яғни 25 пайызы. Мұны біз әлі де көтере түсеміз. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы басталғалы бері 82 миллиард теңгеге 673 жоба мақұлданды.  Сондай-ақ қайтарымсыз  130 миллион теңгеге 60 грант берілді, 3 миллиард теңгеге жуық қаржыға 57 нысанға инфрақұрылым тартылды,  «Орал трансформатор зауытына» да субсидиялау, инфрақұрылым тарту көмегі көрсетілді. «Атамекен» барлық ауданда жұмыс істеуде. Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер палатаға келіп, тегін кеңес алады. Өкінішке орай, кәсіпкерлік жолында әкімшілік кедергілер кездесетінін жасырмаймыз. Елбасы кедергілерді азайтуды тапсырды. Сараптама жүргізудің нәтижесі соңғы бес жылда әкімшілік кедергілердің 3 есе азайғанын көрсетті, – деген өңір басшысы  «Атамекенмен» бірге осы бағыттағы жұмыстарды, аймақтық үйлестіру кеңесінің отырыстары мен ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау, жобаларға мемлекеттік грант бөлу комиссияларының жұмыстары онлайн режимінде өтетіндігін баян етті.

Сонымен қатар жиында облыс басшысының кәсіпкерлер палатасы базасында кәсіпкерлерді түйінді мәселелермен қабылдауды жолға қойғаны айтылды. Төрт мәрте өткен қабылдауға 300-ге тарта кәсіпкер келген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Бүгінде аудан басшылары, Орал қаласының әкімі де кәсіпкерлерді түйткілді мәселелерімен қабылдайды.

Басқосуда Тимур Құлыбаев Елбасы қолдауымен «Атамекен» шағын және орта бизнестің салық аударымдарының бір бөлігін өз өңірінде қалдыру жайындағы ұсыныстары барын, соған орай салық кодексіне өзгерту енгізу үшін  тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытудағы қызығушылығын арттыратынын айтты.

– ҚР Бас прокуратурасымен мемлекеттік органдардың бақылауқадағалау қызметін азайтуға қатысты маңызды шараларды жалғастырамыз. Кәсіпкерге қатысты жүргізілетін 28 мың бақылау-қадағалау қызметінің үштен екі бөлігі қысқартылады, қалғаны бизнес мүддесіне әкімшіліктендіріледі. Бүгінде кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды 60 пайызға дейін азайта аламыз. Осылайша мемлекеттік аппарат жұмысы жеңілдеп, кәсіпкерлерге қолайлы жұмыс жағдайы жасалады, – деген Тимур Құлыбаев кәсіпкерлікті дамыту үшін кедергі жасамай, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеулері қажеттігін көрсетті.

Жиын барысында кәсіпкерлер өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, отандық тауар өндірушілерді  қолдау, экспортқа бағытталған өндірісті құру, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері  жайында ой бөлісті, ұсыныстарын ортаға салды. «Шағын кәсіпкерлік орталығы» қауымдастығының директоры Шолпан Махмудова өңірдегі 30 шақты кәсіпкерліктің жобалары инфрақұрылым тарту бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінде қолдауға ие болғанымен, үшінші жылы болса да, әлі күнге мемлекеттен қаржылай қолдау алмағанын айтты. «Ендігі жерде құны 400 миллион болатын жобаларға ғана тегін инфрақұрылым тарту көмегі көрсетілмек. Шағын және орта бизнес жобаларға ақшаны қайдан алады?» – деді Ш. Махмудова. Тимур Құлыбаев мұндай мәселенің тек біздің өңірге ғана тән еместігін, Қызылорда облысында кәсіпкерлердің жобасының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қаржы жоқтығын, жалпы бюджетте қаржы тапшылығын алға тартты. «Отделстрой» компаниясының басшысы Валентина Михно еліміздің заңдылықтары бойынша кәсіпкерге жер телімдерінің аукциондар арқылы ұсынылуы тиістігін, облыста бірде-бір аукцион өтпегенін, жер телімдерін бөлуде ашықтық жетіспейтінін айтып, тек ертең өтетін жер телімдері аукционының кәсіпкерлікті жүргізуге септігін тигізетініне сенім білдірді. Бұл сауалға жауап берген облыс басшысы ертең аукцион өтетіндігін, оған ықыласы бар кәсіпкерлердің қатысатындығын айтты. Ал Қатауолла Ашығалиев мал қораларын салуға қажетті техникалық құжаттар дайындау бағасының қымбаттығына, салық салымдарының қомақтылығына наразылық білдірді. «БТИ-ға техқұжаттарды жасату шаруаларға ондаған миллион теңгеге шығады. Ал егін шықпай қалған жылдары да салық егін шығымды болған жылдардағыдай салынады. Ондай қомақты салық төлеу ақылға сыйымсыз. Сондықтан шаруаларды буынсыз жерден ұратын мұндай салық  заңдылығын өзгерту керек», – деді ол. Бұл сауалға Тимур Құлыбаев мұндай сұрақтардың өзге де аймақтарда кездескенін, сондықтан «Атамекеннің» бұл мәселелерді шешумен шұғылданатынын, салық кодексін өзгерту бағытында жұмыстар жасалып жатқанын  жеткізді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Cуреттерді түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Жымпитыда телекөпір өтті

Күні: , 37 рет оқылды

IMG_2354


Сырым  ауданының  орталығы  Жымпитыда  Алашорда  үкіметінің  құрылғанына  100  жыл  толуына  орай  «Қазақстан»  телерадиокорпорациясының  Орал  және  Семей  қалаларындағы филиалдарының  арасында  «Азаттықты  аңсаған  Алашорда» атты Жымпиты   мен   Семейді  байланыстырған  өңірлік  телекөпір  өтті.


Жымпиты ауылының өңірлік телекөпірдің Батыс Қазақстандағы студиясы ретінде таңдалуы тегін емес. Осы жерде 1918-1920 жылдары аралығында Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі жұмыс жасады.

Жымпитыда өткен өңірлік телекөпірге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Дәметкен Сүлейменова, Самат Құрманалин, Бақтылы Боранбаева, Альфия Байболсынова, Есқайрат Хайдаров сияқты тарихшы ғалымдар қатысты. Олар Семей қаласындағы әріптестерімен Алашорда үкіметінің жұмысы мен қайраткерлерінің ғұмырдеректері жөніндегі жаңа ізденіс жұмыстары  туралы  пікірлесті.

Осы күні өңірлік телекөпір өзінің жұмысын аяқтағаннан кейін құрамында Сырым ауданының зиялы қауымы және Батыс Қазақстан өңірінің тарихшы ғалымдары бар топ  «Алаш жолымен…» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедицияға аттанды. Олар Ақтөбе, Астана және Семей қалаларында болып, танымдық  жұмыстар  жүргізеді.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика