Мұрағат: 15.05.2017


Смарт білім беру – заман талабы

Күні: , 39 рет оқылды

IMG_3825


Таяуда Оралдағы Оқушылар сарайында «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында смарт техникаларды тиімді пайдалану және әлемдік тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Шара «Өрлеу» БАҰО облыстық филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының  ұйымдастыруымен қолға алынды. Конференцияда Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеттерінде дәріс беретін Корея, Финляндия, Ұлыбритания, Колумбия, Нигерия, Австралия елдерінен келген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Пленарлық мәжілісте сөз алған «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚ БАИ» директоры София Ізмұханбетованың айтуынша, аталмыш конференция 2013 жылдан бастап өткізіліп келеді. Алғашқыда облыстық деңгейде ұйымдастырылған шара бүгінде халықаралық деңгейге жеткен.

— Ең алдымен осы атаулы шараны өткізуге қолдау көрсеткен облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөліміне алғысымды білдіремін. Қазіргі жаңаша қоғам, жаңа технология мүмкіндіктерінің өте жылдам дамуы ақпараттық технологиялардың барлық салаларда кеңінен қолданылуымен ерекшеленеді. Заманауи педагог қайда жұмыс жасайтынына және қандай пәнді жүргізетініне қарамастан, интерактивті технологияларды пайдалану саласында жан-жақты болуы қажет. Интерактивті технологиялар, ақпаратты ұсыну мұғалімнің жұмысын жеңілдететін құрал ғана емес, сондай-ақ кәсіби міндеттерді  шешуге мүмкіндік беретін бүкіл білім беру үдерісін өзгерту құралы болып табылады. Педагогтердің  біліктілігін арттырудың педагогикалық және технологиялық негіздерін зерттеуде смарт білім беруді енгізу үдерісі соңғы жылдары «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚ БАИ» қызметінің ғылыми-әдістемелік негізіне айналып үлгерді. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру процесінде білім мазмұнын жаңарту, оқытуда интерактивті технологияларды қолдану бүгінгі таңда өте маңызды. Өйткені  Елбасымыз өзінің соңғы Жолдауында цифрлық Қазақстан бағдарламасын  жүзеге асыруды тапсырған болатын. Олай болса біздің қолға алған жұмыстарымыз бүгінде жүйеленіп, жылдан-жылға жаңа форматта дамып келеміз деп толық сеніммен айта аламын, — деді София Салахатдинқызы.

Бұдан кейін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің көптілділік институтының директоры, философия ғылымдарының докторы Ли Чжон Хюн (Корея) жаңа технологияларды қолдану арқылы интерактивті бағдарламамен жұмыстану турасында баяндама жасаса, Финляндия қолданбалы ғылымдар университетіндегі Біліктілікті арттыру институтының директоры, профессор Сеия Махламаки-Култанен (Финляндия) заманауи білім беруде смарт технологиялардың пайдасына тоқталды. Сондай-ақ пленарлық отырыста облыстық білім басқармасының облыстық әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзина, қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова өз тәжірибелерімен бөлісті.

Конференция жұмысы түстен кейін секциялық отырыстармен жалғасын тапты.

Мұнда «Цифрлық білім беру контентін жасақтау және пайдаланудағы халықаралық тәжірибе мен отандық практика», «Смарт техниканы белсенді қолдануға бағытталған білім беру мен оқыту әдістемесі», «Инклюзивті білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану» секілді тақырыптар талқыға салынды. Сонымен қатар қашықтық курстары арқылы шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, «Электронды үкімет және электронды қызметтер», «Транзакциялық қызмет және мобильді әмиян», «Group Play» қосымшасы мен Prezi вебсервисі жөнінде әлемдік тәжірибелер сарапқа салынды. Мұнда Ұлыбритания, Колумбия, Нигерия, Австралия елдерінің биология, химия, физика, математика пәндерінің мұғалімдері дәрістерін оқыды.

Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ,

“Орал өңірі”


«Жасыл телефон» жұмысын бастады

Күні: , 15 рет оқылды


Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасында «Жасыл телефон» диспетчерлік желісі жұмысын бастады.


«Жасыл телефон» – қоршаған ортаны ластау мен экологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрғындармен кері байланысты қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс жасайтын экологиялық диспетчерлік желі болып табылады.

Диспетчерлік желіге тұрғындардың экологиялық, яғни атмосфералық ауаны, суды, топырақты, жасыл көшеттерді қорғау, суды, жер қойнауын пайдалану, қалдықтармен жұмыс істеу, аң аулау, су биоресурстарын, ерекше қорғалатын табиғат аумақтарын сақтау бағытындағы заңбұзушылықтар бойынша өтініштері қабылданады. Осыған орай азаматтар тәулік бойы жұмыс жасайтын экологиялық диспетчерлік қызметтің 7112453@prokuror.kz электрондық мекенжайына экологиялық заңбұзушылықтар туралы өтініштерін бере алады. Сондай-ақ (87112) 50-47-98, 50-48-24 (қабылдау бөлмесі), 8 775 688 62 32, телефондары арқылы да хабарласуларына болады.


Қособаның жауһарлары

Күні: , 28 рет оқылды

DSC_0181


Абай атамыздың «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген 33-қара сөзін қособалық оқушыларға қарата айтуға болады. Осы ауылдағы мектептің мұғалімдері шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар, оларды шығармашылыққа, әсіресе, сурет салуға, қолөнерді меңгеруіне барынша жағдай жасауда. Біз таяудағы іссапар барысында Қособа орта мектеп-балабақшасында болған кезімізде мұны анық аңғардық.


Балалар шығармашылығының бастауын, қайнар көзін ашып, оны тұлғалық тұғырға көтеру бағытында еңбектеніп келе жатқан жанның бірі – бейнелеу өнері, сызу пәндерінің мұғалімі Мұса Сұлтанғалиев. Отыз жылға жуық уақыттан бері осы білім ұясында ұстаздық қызметтегі одан тәлім алған оқушылардың туындылары аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі өнер сайыстарында жоғары бағалануда. Мәселен, Заманбек Мақсотовтың қылқаламынан туған туындылар «Күз пейзажы» атты І республикалық балалар шығармашылығы байқауында үздік деп танылса, Гүлжайна Байнияз облыстық «Жас дарын» байқауының бейнелеу өнері аталымында бас жүлдені алды. Ал аудан көлеміндегі түрлі сайыстан қособалық жас суретшілер құр қол қайтып көрген емес.

Кеше Мұса Самиғоллаұлынан бейнелеу өнерінің қыр-сырын танып-білген Боранбай Нағиев сынды шәкірттері бүгінде өзімен әріптес болып, оқушыларға көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие беруде. Кезінде талай өнер додаларында биіктен көрінген Аида Аманғалиевадай оқушылары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің графика факультетінде оқуда. Міне, ұстаз еңбегі осылайша ақталуда…

Ауыл-аймағының атын шығарып жүрген шебер де еңбекқор мұғалім Айдана Иманғалиева халқымыздың асыл қазынасы – қолөнерді оқушыларға үйретіп қана қоймай, оны сәндік-қолданбалы сипатта пайдалануға баулып жүр. «Абай атамыз айтқан бес дұшпанның бірі – ысырап болса, өнердің бұл саласы ысырапшылдыққа жол бермейді, — дейді жас маман. — Біз қалдық заттарды тастамай, кәдеге жаратып, ерекше өнер туындысын дайындау бағытында еңбектеніп жүрміз әрі сол еңбегіміздің жемісін көрудеміз».

DSC_0153DSC_0168Өткен жылы Сырым ауданының технология пәнінің үздік мұғалімі, аудандық келіндер сайысының жеңімпазы атанған, БҚО жастарының ХІІ дельфийлік ойындарында сәндік-қолданбалы өнер аталымында да алдыңғы қатардан көрінген Айдананың шәкірттері де осал емес. Мысалы, республикалық «Қалдықтарға екінші өмір» атты экологиялық қолөнер байқауында Жауқазын Төлеу былтыр топ жарды. Облыстық «Болашақ энергиясы» байқауында Бекзат Сағымбай, «ЭКСПО – 2017» шеңберінде өткен «Қазақстан – менің елім» жас натуралистер мен экологтар байқауында Ақкербез Нығмет, «Импульс – 2017» жас зерттеушілер мен өнертапқыштар турнирінде Нұрперзент Қуанышбай, Аруана Ерген, «Ғылым эксперименттен басталады» интеллектуалдық сайысында Кәрім Ералхан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл шәкірттердің ұстазымен бірлесе дайындаған «Сыр шертеміз тарихтан» атты көрмесі соңғы екі жыл бойын ауданда үздік деп танылғандығын айта кеткен жөн.

Қособалық оқушылардың қылқаламдарынан туған және қолдарымен жасалған еңбектерін, сәндік бұйымдарын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Сырым ауданы


Ардагерге «ОТАU TV» сыйға тартылды

Күні: , 27 рет оқылды

Отау ТВ


«Нұр Отан» партиясының Тасқала аудандық филиалы Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жалғызбасты тыл еңбеккерлерінің тұрмыстық жағдайына мониторинг жасаған болатын.


Мониторинг барысында аудан бойынша 49 қарияға әр түрлі деңгейдегі көмек керек екені анықталды. Нақтырақ айтқанда, 18 адам дәрігерлік тексеру және емделуге зәру, 19 қария белсенді жастардың көмегін қажет етеді, 11 жалғызбасты тыл еңбеккері арнаулы әлеуметтік қызметкер сұрады.

Ал Ақтау ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Абдул Абдрахов жерсеріктік телехабарлар тарату құрылғысына қолы жетпей отырғанын баяндаған.

Соған орай партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазиз аудандағы мекемекәсіпорын, қоғамдық ұйым басшыларымен, кәсіпкерлермен кездесіп, ардагерлерге көмек көрсету бағытында өз ұсыныс-тілегін айтты. Аудандық аурухана, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Жас Отан» жастар қанаты жетекшілері ардагерлерді қолдау бағытында тиісті іс-шараларды жүзеге асыратындарын жеткізді.

Ұлы Жеңіс күні аудан әкімі, партия филиалының төрағасы Санжар Әлиев Абдул қарияның шаңырағына барып, оны мерекемен құттықтап, «ОТАU TV» жерсеріктік телехабарлар тарату құрылғысын сыйға тартты. Айта кететіні, бұл іске жеке кәсіпкер Айбат Бикешев пен «Шағала» шаруа қожалығының басшысы Мереке Ниғматуллин демеушілік жасады.

Мәди ЫҚЫЛАС,

Тасқала ауданы


Қордаланған мәселелер шешімін таппақ

Күні: , 26 рет оқылды

PRI_0431


Облыс басшысы Алтай Көлгіновтің оңтүстік аудандарға үш күндік жұмыс сапары Жаңақала ауданында жалғасты.


Күн бата өңір басшысы бастаған делегация Жаңақала ауданының Мәстексай ауылына жетіп, Жаңақазан, Жаңажол, Жаңақала, Мәстексай ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындарының алға тартқан мәселелерінің басым бөлігі жол салу, газ кіргізу, әлеуметтік нысан тұрғызу, таза ауыз су және малға қажетті судың тапшылығы, каналдардағы судың тартылуы төңірегінде болды. Кездесу барысында өңір басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

— Биыл Жаңақала ауданындағы төрт елді мекенге «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз су кірсе, төрт ауылдық округке көгілдір отын тартылады. Аудан орталығындағы алты көше жөндеуден өтеді. Чапаев – Жаңақала – Сайқын облыстық маңызы бар автожолының жөндеу жұмыстарына 1 млрд. 700 млн. теңге бөлінді. Құлшық жер асты су қорынан 10 елді мекенге таза ауыз су тартылатын болады. Аудандағы жалпы құрылыс жұмыстарына 6 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Қазіргі уақытта сол қаржының жартысы аударылды. Мердігер мекемелер жұмысты неғұрлым сапалы және уақытынан бұрын атқаратын болса, қосымша қаражат аударамыз. Газ бен ауыз су құбырлары тартылатын аудандарда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ малға қажетті судың тапшылығын шешетін боламыз, — деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.

Кездесу барысында «Батысгазстрой» ЖШС-ның жетекшісі Сапарғали Айтқалиев Жуалыой, Мұқыр, Сарыкөл, Жанкелді елді мекендеріне тартылып жатқан көгілдір отынның жобасымен және «ПМК — 117» ЖШС-ның жетекшісі Ольга Попова Құлшық жер асты су қорынан тартылатын су құбырының қайта құру жұмыстарымен таныстырды. Айта кетсек, мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Мәстексай ауылына және оған қарасты Мұқыр елді мекеніне су құбырын тарту жұмысына бөлінген қаржының 400 млн. теңгесі игерілуде. Ал жалпы келісімшарт құны 631 241, 632 мың теңгені құрайды. Бұл қаржыға насостық стансалар, сыйымдылығы 250 текше метр болатын екі резервуар және Мәстексай ауылына сыйымдылығы 25 текше метр болатын су мұнарасы тұрғызылады. Сондай-ақ ДВУ-10-16 су тазартқыш құрылғымен қоса 219 құдық, 71 гидрант орнатылмақ. Жоба толықтай іске асқан жағдайда 437 аула таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда құрылыс нысанын дайындау жұмысын бастап кеткен серіктестік 1,5 шақырым су құбыры траншеясын қазып, оның 1,0 шақырымына құбырды салып көмсе, құрылыстың 8,5 шақырымына құбыр жеткізілген. Ал көгілдір отын мәселесіне келер болсақ, аудандағы 27 елді мекеннің 12-сі газдандырылған. Аудан бойынша барлығы 23287 тұрғын болса, соның 20121-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. Қазір көгілдір отын тартылмаған елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда. «БҚО Жаңақала ауданы Жуалыой, Мұқыр, Сарыкөл, Жанкелді елді мекендерін газбен жабдықтау» жобасы бойынша «БатысГазСтрой» ЖШС айналысуда. Нысанда екі шынжыр табанды экскаватор, бір жүк тиегіш техника траншея қазу және басқа құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс нысанын толықтай аралаған өңір басшысы жауапты мердігер мекеменің басшысына техника қауіпсіздігін қатаң қадағалап, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды тапсырды.

Таң сәрісінде Жаңақала ауданындағы жұмыс сапарын жалғастырған өңір басшысы «Мұса» шаруа қожалығына ат басын тіреді. Тілеген Мусин басшылық жасайтын бұл шаруа қожалығы 2013 жылы АҚШ-тың Монтана штатынан 124 бас асыл тұқымды ірі қара герефорд сиырын, 2014 жылы қазан айында Қостанай облысының Арқалық ауданына қарасты «Нұр-Жайлау НС» ЖШС-дан шетелдік селекциядан өткен 398 бас етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара ангус сиырын алып келген.

2005 жылы құрылған шаруашылықтың 60 000 гектар жайылымдық жері бар. Қазір шаруашылықтың аналық малы 503 басқа жеткен. Шаруашылықта қосымша 300 қой, 50 жылқы малы өсірілуде. Өткен жылы герефорд сиырының алғашқы төлі – асыл тұқымды бірінші категориялық бұқашықтары сәтті сатылып, батыс өлкесіне герефорд тұқымы тарады. Сол жылы герефорд тұқымының алғашқы төлі, асыл тұқымды бірінші категориялы қашарларын сатып алуға ниет білдірген көпжасарлық «Ақбота» ШҚ-мен сатып алу шартын жасасты. Қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қара малын аудан бойынша «Мұса» шаруа қожалығынан бөлек «Ақбота», «Жаныс» шаруа қожалықтары өсіруде. «Мұса» шаруа қожалығы 2014 жылы республикалық герефорд тұқымы палатасына, 2015 жылы республикалық ангус тұқымы палатасына толық құқылы мүше болып қабылданған. 2014 жылы алыстағы жайылым жерлерді суландыру бағдарламасына қатысып, 20 метр тереңдіктегі тұщы су скважиналарын іске қосқан. Қазір қожалықтың үш қыстағында орналасқан скважина шаруашылықты сумен толықтай қамтамасыз етуде. Білімді де білгір басшы қарамағындағы 30-ға жуық шаруаның жағдайын жасауда. Қожалықтағы техникалық парк толықтай жаңартылған, жеті «МТЗ», үш шөп буғыш, бес үш орақты шөп шапқыш және алты тіркеме, қосымша шөп тасушы екі «ЗИЛ-131» автокөліктері бар. Сондай-ақ шаруа қожалығында күн мен желден қуат алатын электр тогын беруші қондырғылар орнатылған. «Мұса» шаруа қожалығының Базарқұдық қыстауында 20 кВт-тық, Қонақайда 13 кВт-тық, Жиекқұмда 8,5 кВт электр панелі бар.

Шаруашылық иесі Тілеген Мусин облыс басшысымен кездесу барысында Базарқұдық қыстағында ашқан ғылыми оқу-әдістемелік үйін таныстырды. Бұл жерде асыл тұқымды ірі қара малы туралы сала мамандарымен, Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің ветеринар мамандығында оқитын студенттермен тәжірибе алмасады екен. Аталмыш қожалықтың жетістіктеріне риза болған өңір басшысы мұндай тәжірибені облыстағы басқа да қожалықтарға енгізу қажеттігін айтты. Одан әрі өңір басшысы бастаған делегация ат басын «Бірлік» ЖШС-на бұрды. Бұл жерде облыс басшысы шопандардың хал-жағдайын сұрап, асыл тұқымды еділбай қойларының ерекшелігімен танысты. 1968-2016 жылдар аралығында шаруашылық республикамызға, алыс-жақын шетелдерге 159500 бас асыл тұқымды еділбай қойын сатқан. Жыл сайын бұл серіктестік асыл тұқымды 18 айға дейінгі қошқардан 700 бас, 800 ұрғашы тоқты, 200 еркек тоқты және 600 саулық сатуда. «Бірлік» ЖШС-да 100-ден аса шаруа жұмыспен қамтылуда. Шаруалар малға қажетті судың тапшылығы, бөгеттердегі судың тартылуы секілді мәселелерін ортаға салды.

— Шалғайда орналасқан бұл шаруа қожалықтары заманауи талапқа сай күн сәулесі панелін қолданып отыр. Жаңа технологияның арқасында күннен, желден энергия алатын құрылғы орналастырып, электр энергиясын тиімді пайдалануда. Жұмыс сапары барысында «Мұса», «Бірлік» шаруа қожалықтарының мамандары су мәселесін көтерді. Әрине, су болмаса, мал азығы болмайтыны белгілі. Бұл орайда ең бірінші су жүретін арналарды тазалауымыз керек. Өйткені Көшім арнасы арқылы Жайықтың суын жіберсек, аталмыш арнаны қамыс қаптағаны себепті елді мекендерді су алып кетуі мүмкін. Жаңақала ауданындағы су қоймаларының техникалық паспорттарын дайындадық. Енді жобалық-сметалық құжаттары жасалса, су жіберілетін болады. Жуық арада Көшім, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларының қақпалары ретке келтіріледі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының елді мекендерді көркейту үшін алға қойған тапсырмаларын халықпен бірге жұмыла жасаймыз. Аудан әкімдеріне ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, кәсіпкер азаматтарды қолдау туралы біраз тапсырмалар берілді, — деді Алтай Көлгінов сапар барысында журналистерге берген сұхбатында.

Өңір басшысы Пятимар ауылындағы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тартылып жатқан таза ауыз су құбырының құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарымен тілдесті. Ауыл ақсақалдары өңір басшысының атқарып жүрген жұмыстарына оң баға беріп, ақжарма тілектерін жеткізді. Кездесу барысында Алтай Көлгінов аудан жастары атынан сөйлеген Жаңақала аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ж. Хайреловке аудандағы газ, су тарту жұмыстарына жастарды орналастыру арқылы жұмыссыздықты жою мәселесін тапсырды. Жұмыс сапарының соңында Алтай Сейдірұлы «UNISERV» ЖШС құрылыс компаниясы жөндеп жатқан Чапаев – Жаңақала – Сайқын автожолының құрылысын тексеріп, жұмысқа қойылар басты талап – сапа екенін ескертті.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Алқабилер – әділ соттың кепілі

Күні: , 25 рет оқылды

Бақыт Ермаханов


2007 жылы қаңтар айында елеулі істер қатарынан орын алған оқиғалардың бірі «Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасының заңы сот реформасындағы жаңа институттардың құрылуы болатын. Қазіргі таңда тәуелсіз жас мемлекетіміз құқықтық мемлекет қалыптастыруда әлемдік өркениетке танылған алқабилер институты секілді демократиялық үрдістерге бет бұруы сот билігіне деген сенім мен құрметті қалыптастыратын маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Осыған орай аймақ бойынша алқабилер жұмысының қалыптасып, кеңеюі мен мән-маңызы, даму үрдісі жайында БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Ермахановпен әңгіме-дүкен құрдық.


– Бақыт Аманбайұлы, алқабилер соты әлемде азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғап, әділ сот төрелігін жүзеге асыруда өз тиімділігін берген институт ретінде мойындалып отыр. Біздің өңірде де осы бағытта біраз жұмыс атқарылғанынан хабардармыз. Алқабилер сотының қазіргі аяқ алысы қалай?

– Қазақстан Республикасында алқабилер сотының пайда болуы – тәуелсіздік алған кезден бастап әлемдік талапқа сай құқықтық мемлекет құруға жасалған ұмтылыстың нәтижесі. Жалпы құқықтық мемлекеттің басты қағидаттары сот әділдігінің заң шеңберінде атқарылуынан, сотқа барша халықтың қолжетімділігінен көрінеді. Сол секілді халықтың сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуы мемлекеттің демократиялық бағытта дамуының бірден-бір көрсеткіші болып есептеледі. Өйткені бұл үрдіс онда қабылданған шешімнің заңды ғана емес, сонымен бірге әділетті болуына да ықпал етеді. 2010 жылдан бастап қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар жұмыс істей бастады. Сол жылдардан бергі деректерге тоқталсақ, 2010 жылы біздің сот алқабилердің қатысуымен жеті іс қарады, 2011 жылы – 15 іс, 2012 жылы – 11 іс, 2013 жылы – 11 іс, 2014 жылы – жеті  іс, 2015 жылы алқабилердің қатысуымен өткен бірде-бір іс болмады, 2016 жылы – бір  іс, 2017 жылдың бірінші тоқсанында бір іс қаралды. Бұл көрсетілген деректерге жүгінсек, қаралатын іс саны тұрақты емес, жыл сайын өзгеріп тұрады. Сотталушылардың мұндай мүмкіндікке жүгінуінің себебі әр түрлі болуы ықтимал. Мысалға, туысқандарының, түрмедегі бір камерадағы адамдардың пікірі болуы, өз айыпсыздығына сенімді болуы, алқабилердің кешірімділігіне үміттенуі, тағы басқа себептер болуы мүмкін.

— Алқабилер құрамы қалай жасақталады? Оларға қойылатын негізгі талаптар қандай?

— Судья қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауын тағайындағаннан кейін сотта тұрған тізімнен кездейсоқ таңдап алу жолымен алқабилерге кандидаттарды іріктеуді жүргізеді. Бірнеше іріктеулерден кейін негізгі құрамда 10 алқаби және қосалқы құрамда екі алқаби құрамы жеребе тастау арқылы құрылады. Қосалқы екі алқаби сот талқылауына қатысады және олардың әрқайсысы, егер негізгі алқаби қандай да болмасын себептермен сот отырысына қатыса алмаған жағдайда оны ауыстыру мүмкіндігіне ие болады. Алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іс жүргізу заңында белгіленген тәртіппен іріктелген адам ант қабылдайды. Алқабиге кандидаттардың тізімін жасау механизмі «Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасының заңында жариялық пен адамгершілік үрдісінің қағидасына сүйене отырып, айқын көрініс тапқан. Алқабилер тізімі жыл сайын жаңартылып отырады. Жергілікті жерлерде аудан, қала әкімдері халықпен пікірлесе отырып, өз ұсыныстарын облыс әкімшілігіне өткізеді. Облыс әкімшілігі тізімде ұсынылған азаматтардың алқабидің мәртебелі міндетін атқаруға лайықты не лайықсыздығын, қойылатын талаптарға сәйкес келетіндігін анықтап, қорытындысы бойынша алқабилердің негізгі және қосымша тізімдерін облыстық сотқа ұсынады. Алқабилерге кандидаттардың тізімдеріне тізімді жасауда жиырма бес жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Өткен жылы  біздің сот Орал қаласының әкімшілігіне алқабилер үміткерлерінің тізімін интернет-ресурстарына жариялауды ұсынды. Талдау нәтижесінде Жоғарғы сот алғашқы тізімді құруды әкімшілікке емес, сайлау комиссиясының қызметкерлеріне жүктеуді тапсырды. Себебі сайлау комиссиясының өкілдері жергілікті азаматтар жайында толыққанды ақпаратқа ие.

— Бір істі қарау үшін қанша алқаби іріктеледі? Сот алқабилердің шешімін ескеретініне кепіл бар ма?

— Бір істі қарау үшін 10 негізгі және екі қосымша алқабилер іріктеледі. Бұл ретте қосымша іріктелген алқабилер сот залында сот отырысы аяқталғанша болады. Егер де негізгі алқабилердің бірі шығып қалса, оның орнын қосымша іріктеуден өткен алқабилер алады. Ал егер де негізгі алқабилерді ауыстыру мүмкіндігі шектелсе, сот отырысы жарамсыз болып, алдын ала кандидаттарды іріктеу жұмысы қайта басталады. Кеңесу бөлмесінде 10 алқаби және бір кәсіби төрағалық етуші судья дауыс береді, олардың дауыстары тең дәрежеде. Әрқайсысы жазбаша түрде «Қылмыстық әрекет дәлелденді ме, бұл қылмыстық әрекетті сотталушы жасалғаны дәлелденді ме, сотталушы жасалған қылмыстық әрекетке жазықты ма?» деген үш сауалға өз жауаптарын жазады. Дауыс беру жабық түрде өтеді, бұл кезде ешкім кеңес бөлмесіне кіре алмайды. Белгілі бір адамды айыпты деп, мойындау үшін дауыс берушілердің басым бөлігі үш сұраққа мақұлдап жауап беруі тиіс. Ал адамды ақтап алу үшін дауыс бергендердің алтауы немесе одан да көбі үш сұрақтың біріне жағымсыз жауап беруі тиіс.

— Бақыт Аманбайұлы, қандай жағдайда сотталушы оның ісін алқабилер қарауын талап ете алады? Сот оның бұл талабын орындамауға қаншалықты құқылы? Қандай себептермен орындамауы мүмкін?

— Егер сотталушы Қылмыстық кодекстің өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасына кесу баптары бойынша жазаланып жатса, онда сотталушының ісі алқабилердің қатысуымен қаралады. Тиісті өтінішті күдікті қылмыстық іспен танысу барысында жасай алады немесе сотталушы алдын ала жасалатын тыңдаулар барысында, яғни соттың негізгі талқылауы алдында өз өтінішін білдіре алады. Егер қаралып жатқан іс бойынша, өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасына кесу баптарымен жазалау көзделмесе, бұл іске алқабилерді қатыстыру туралы өтініш қабылданбайды. Немесе соттың негізгі талқылауы белгіленіп қойғаннан кейін сотталушы өтініш білдірсе, сотталушының талабы орындалмайды.

— Неге алқабилер сотын пайдалану шеңберін кеңейту керек?

— Біріншіден, алқабилер соты адам құқығының ең маңызды конституциялық кепілі болып келеді, алқабилер өкілеттігімен әділетті сотқа қол жеткізуге болады. Екіншіден, бұл сот билігінің тәуелсіздігіне, сот процесінің әділдігіне әкеледі. Халық өкілдері бар, яғни алқабилердің қатысуымен өткен сот процестері арқылы халықтың  сотқа деген сенімсіздігі жойылады.

— Сіздің пікіріңізше, қай істерді алқабилердің қатысуымен қараған жөн?

– Қылмыс жасағандардың бәрі алқабилерге жүгіне алмайды. Басында айтып кеткенімдей, бұл сотқа жасаған ауыр қылмысы үшін өмір-бақи бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы қарастырылған қылмыскерлер ғана істерін қарауға өтініш беруге құқылы. Өткен жылы Елбасының бес институционалды реформасын жүзеге асыруға байланысты жасалған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында алқабилер соты қарайтын қылмыстық істер қатары төрт қылмыстық құраммен кеңейтілді. Олар адам ұрлау, ауыр жағдайда адам ұрлау, ауыр жағдайларда адам саудасымен айналысу және ауыр жағдайларда жасөспірімдерді саудалау, одан кейін жасөспірімдерді ауыр жағдайларда қылмыстық топқа тарту қылмыстық әрекеттері. Алайда осы қылмыстарды жасағандардың барлығы алқабилер сотына бара бермейді. Оған негізінен алқабилер соты қабылдаған шешімнің апелляциялық және кассациялық сатыларда қайта қаралуының заңда қарастырылған ерекшеліктері де себеп. Мәселен, алқабилер сотымен жасаған қылмысы үшін кінәлі деп танылып сотталған адам жоғары сатыдағы сотқа өзінің кінәсіз екенін, кінәсінің дәлелденбегенін айтып, шағым келтіре алмайды. Ол шағымында тек процестік заңның бұзылғандығын ғана көрсете алады. Алқабилер қатысуымен өтуі тиіс істер санатының тізімі заңмен белгіленген. Бүгінгі таңда бұл 12 құрамнан тұрады. Біздің пікірімізше, қазіргі кезде бұл ең ұтымды құрам саны болып есептеледі.

Сұхбаттасқан Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Серік МҰХАМБЕТАЛИЕВ, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің директоры: «Ең үздік колледждер қатарындамыз»

Күні: , 34 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Орта буынды мамандар мен жұмысшы кадрлар даярлайтын Орал  газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің 80 жылдық тарихы бар. Бұл оқу орны бұрынғы мүйізі қарағайдай екі бірдей техникумның басын біріктіріп отырғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Оның бірі – ауыл шаруашылығы, екіншісі — құрылыс техникумы. Бұрын Кеңес дәуірінде аталған оқу орындарын бітірген түлектер ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында өнімді жұмыс істеп, аталған саланың қарқынды дамуына үлкен үлес қосты.


Кейін өңіріміздегі ең беделді деген екі техникум қосылып, Орал  газ, мұнай және салалық технологиялар колледжіне айналды. Аталмыш оқу орнының басшысы Серік Мұхамбеталиев колледждің бүгінгі тынысын былайша тарқатады:

— Мұнда қазіргі уақытта бұрынғы ауыл шаруашылығы мен құрылысшы мамандықтарына қоса, заман талабына сәйкес басқа да мамандықтарға оқытады. Колледж бес сала бойынша 21 мамандыққа мамандар даярлауда.  Олар технология салаларының мамандары, құрылысшы-техниктер, газ-мұнай және өрт сөндіру қызметі мен сырттай оқу бөлімі. Жалпы, колледжде практикалық сабақтарға басымдық беріледі. Оқытудың 60-70 пайызы практикаға, 30-35 пайызы теориялық сабақтарға бөлінеді.

Өрт сөндіру қызметі бөлімі бұрын болған жоқ, жастардың сөзімен айтқанда, «пожарниктердің» оқуы колледжде кейін ашылды. Биыл, бұйырса, осы бөлімнен 18 бала өрт сөндіру қызметінің маманы дипломын алып шығады. Олар төтенше жағдайлар бөлімдерінде жұмыс істей алады, өйткені оларға сабақты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тәжірибелі мамандары жүргізеді. Бұл — батыс аймағы бойынша өрт сөндіру қызметі мамандарын даярлайтын әзірге жалғыз оқу орны. Сондықтан осы бөлімге оқу үшін бізге сонау Ақтау, Атырау қалаларынан да жастар келуде.

Осында оқытылатын 21 мамандықтың 14-і техникалық бағытта. Оқытудың ақысыз және ақылы түрі бар. Сондай-ақ  мұнда дуальды оқыту жүйесі жұмыс істейді. Дуальды оқыту жүйесі бойынша жасақталған жоспарға сәйкес, сондай-ақ кәсіпорындармен жасалған келісімшарттар бойынша ағымдағы оқу жылында оқушылар құрылыс, электрмен жабдықтау, веттехник, мұнай-газ саласы мен қайта өңдеу және автоматты жүйе мамандығына алыстан оқытылуда. Осы тәсілмен бүгінде 459 жас еңбектен қол үзбей, қажетті білімін алуда. Былтыр дуальды оқыту жүйесімен 299 адам оқытылды. Жоғарыдағы көрсеткіш уақыт өткен сайын жастардың еңбектен қол үзбей білім алуға қызығушылығы артып келе жатқандығын көрсетеді. Сынақ ретінде электрмен қамтамасыз ету мамандығы бойынша алыстан білім алу жүйесі бойынша оқып шыққан алғашқы 25 түлек бүгінде өз мамандықтарына сәйкес өңіріміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жүр.

Елбасының тапсырмасы бойынша биылдан бастап жастар кәсіби мамандықтарға тегін оқытылуы тиіс. Біздің колледжде жоспар бойынша жеті жұмысшы мамандығы тегін оқытылмақ. Бұған жергілікті және республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Әр мамандыққа 25 баладан оқытамыз. Қазіргі таңда колледжде «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша есепшілікке екі топтың адамдары оқытылуда. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында IC бухгалтер, автоматтандыру жобасы, сметалық іс, электр монтерші, газ құбырларының жөндеушісі, электрмен дәнекерлеуші мамандығына жұмысшы мамандарын даярлап бердік. Бұл бағдарлама бойынша негізінен ауыл жастары оқытылды. Біз сондай-ақ жергілікті кәсіпорын басшыларының тапсырысымен олардың жіберген жұмысшыларын қажетті мамандыққа сәйкестеп, қайта даярлап береміз. Мысалы, биыл «КПО б.в.» компаниясына автоматтандырылған жобалау, сметалық іс және автомобиль кранының жүргізушісі, «Экспро Еуразия Лимитед» ЖШСна аргон дәнекерлеушісі, «Тұран-LTD» ЖШС-на газ құрылғыларының жөндеушісі мамандығына жұмысшыларын оқытып, қайта даярлап бердік. Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында сылақшы, маляр, автокө-лік жөндеушісі және электрмен дәнекерлеуші мамандарын даярлап беруге «Тегін кәсіптік білім беру» лицензиясын алдық. Біздің колледжде оқушылардың 60 пайызы бюджеттік негізде, ал қалған 40 пайызы ақылы түрде оқиды. 9-сыныптан кейін балалар 3,6-3,10 жыл, ал 11 сынып бітіріп келгендер 2,6-2,10 жыл оқып, кәсіби мамандық алып шығады.

Мақтанғаным емес, біздің колледж түлектеріне сұраныс көп, олар дипломдарын алғаннан кейін көп ұзамай жұмысқа орналасып кетіп жатыр.  Мысалы, биыл қыста бітірген 170 баланың бүгінгі күні 35-сі жұмысқа тұрды, 22-сі әскери борышын өтеуге кетті. Осы жазда бітіретін түлектердің де бірқатары өздері тағылымдамада болған жерлерінде басшыларымен келіскен, дипломдарын алысымен, жұмысқа кірісіп кетуге дайын тұр. Статистикалық деректер бойынша жылына колледж түлектерінің 78-80 пайызы жұмысқа орналасуда. Олардың тез жұмыс табуына біздің қалалық және аудандық жұмыспен қамту бөлімдерімен тығыз байланыста болуымыз едәуір себепші болуда. Біз жұмыспен қамту бөлімдеріне «Түлектер мен практиканттар» автоматтандырылған базасы бойынша екі айда бір рет түлектер туралы деректер беріп тұрамыз. «Жастар практикасы» арқылы да жұмысқа орналасып жатқан түлектеріміз бар. Кейбір түлектеріміз кәсіпорындарда тағылымдама (практика) өту кезінде өздерін жақсы жағынан көрсетіп, сол мекемеде тұрақты жұмысқа қалып жатады. Колледж басшылығы студенттердің практикасын қамтамасыз ету мақсатында жылда елуден астам жергілікті мекеме-кәсіпорындармен келісімшарт жасасуда. Олардың қатарында «Конденсат» АҚ, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компа-ниясы» АҚ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ және «Жайықмұнай» секілді бірқатар іргелі кәсіпорындар бар. Осындай жемісті жұмыстардың нәтижесінде «Айдана» ЖШС мен «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ басшыларының «Әріптестік көшбасшысы» арнайы дипломына ие болдық. Сондай-ақ әлеуметтік серіктестіктермен жұмыс істеу бойынша өткізілген облыстық  конкурста да колледж І деңгейлі дипломмен марапатталды. 2015 жылы біздің колледж облыстық колледждер байқауына қатысып, «Ең үздік колледж» аталымын жеңіп алды. Одан кейінгі жылы  республикадағы 117 колледж арасында жүлделі ІІ орынға ие болды. Ұжымды тиімді басқарудың нәтижесінде колледж «Алтын кітапқа» енді. Әдістемелік  жұмыстар жүйесі мен әлеуметтік серіктестіктермен байланыс бойынша колледж жұмысы үздік деп бағаланды. Облыстық конкурста «Ең үздік тәрбие жұмысы» санатын жеңіп алдық. 2015 жылы көп салалы колледждер арасында республикада екінші орынды иелендік.

Сондай-ақ колледж облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып аккредитациядан өтті. Бір сөзбен айтқанда, біз облыстағы ең үздік колледждер қатарындамыз.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Артур ДАРАКЧЯН,

ТЖ – 134 — тобы, өрт сөндіру қызметі бөлімінің студенті:

— Мен Жалпақтал ауылында дүниеге келдім. Сол жақта мектепте оқып, оны бітірген соң осында құжат тапсырдым. Ондағы мақсатым — өрт сөндіруші мамандығын алу.  Бүгінде осы колледждің өрт сөндіру қызметі бөлімінде оқып жатырмын. Бұйырса, осы жылы оқуымды бітіріп, өрт сөндіруші-инспектор мамандығын алып шығамын. Төтенше жағдайлар бойынша бізді облыстық және қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері арнайы келіп оқытуда. Тәжірибелі мамандардан көп нәрсені үйрендім деп сеніммен айта аламын.

Руслан ЩУРИХИН,

«Промконтроль-Сервис» ЖШС-да дефектоскопист:

— Мен Тасқала ауданының Амангелді ауылынан боламын. 11-сыныпты бітірген соң осы колледжде оқып, биыл наурыз айында дәнекерлеуші мамандығын алып шықтым. Колледжде оқып жүргенде бізді дәнекерлеу ісінің барлық түріне оқытты. Атап айтсақ, электрмен, газбен дәнекерлеу және автоматтандырылған, жартылай автоматтандырылған дәнекерлеуге үйретті. Меніңше, біздің мамандықпен жұмыс табу оңай секілді, өйткені  қазіргі уақытта дәнекерлеушілерге сұраныс көп. Мысалы, мен 3 наурыз күні диплом алып, 7 наурыз күні «Промконтроль-Сервис» ЖШС-на жұмысқа кірдім. Қазіргі уақытта дефектоскопист болып жұмыс істеп жүрмін, яғни дәнекерлеушілердің жұмыс сапасын тексеремін. Қызмет барысында іссапарға жиі шығып тұрамыз, жұмысым сонысымен де өзіме ұнайды. Осы жерде жүріп, тәжірибе жинақтап алған соң жоғары білім алып, техникалық саланың инженері болғым келеді. Кәсіби мамандық алған адамның жұмысты тез табатынын көріп, менің інім Райымбек те 9-сыныптан соң осы колледжге оқуға түсті. Қазіргі уақытта ол мұнай-газ құбырларын салу және пайдалану бөлімінде оқып жүр. Болашақта осы саланың маманы болғысы келеді.

Мерей ҚҰСПАНОВ,

электрмен қамтамасыз ету бөлімінің 4-курс студенті:

— Мен Жаңақала ауданының тумасымын. Осы колледжге 9-сыныптан кейін түстім, биыл төртінші жыл осы жерде оқып жатырмын. Бұйырса, биыл оқуымды бітіріп, электрик-монтер мамандығын алып шығамын. Мұнда бір жақсысы, практикалық жұмысқа көп мән береді. Мысалы, біздің топ 3-курста қыркүйек айынан желтоқсанға дейін оқып, содан кейін күні бүгінге дейін мамандығымыз бойынша тағылымдамадан өтіп жүрміз. Өзім «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-да практикада жүріп, Абат Дошанов, Есенболат, Жасұлан, Мереке секілді тәжірибелі ағалардың қасында жүріп, көп нәрсені үйрендім. Тәжірибелі мамандардан қауіпсіздік техникасы мен элекрик-жөндеуші жұмысының қыр-сырына қанықтым. Кейін электрик-монтер мамандығына мамандар жинап жатқанда, осы жерге жұмысқа сұрандым. Мекеме басшылығы маған сенім артып, жұмысқа қабылдады. Сөйтіп, қыркүйек айынан бастап колледж басшылығымен келісіп, сабаққа еркін режімде қатысуға рұқсат алдым да, осында мамандығым бойынша жұмысқа кірістім. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақым да жаман емес. Бұйырса, биыл жазда колледждегі оқуымды бітіріп, дипломымды қолыма аламын. Жұмыссыз жүрмеу үшін жастардың осындай колледждерде оқып, кәсіби мамандық алғаны дұрыс деп ойлаймын. Ал  кәсіби мамандар қашан да жерде қалмайды.


Өңір басшысы Бөкей ордасында

Күні: , 66 рет оқылды

PRI_0086


Өңір  басшысы  Алтай  Көлгіновтің   Бөкей ордасындағы  сапары  аудан орталығы  Сайқын  ауылынан басталды.


Облыс әкімі Сайқын ауылындағы  су құбырын жаңғырту  жұмысымен танысты. Аталмыш жобамен «АлфаСервисСтрой» ЖШС айналысуда. Жобаның жалпы құны  369,425 млн. теңгені құрайды. Жоба жұмысы аяқталған жағдайда 3514 тұрғын таза ауыз сумен қамтылмақ. Жалпы, Бөкей ордасы ауданында 22 елді мекен мен жеті ауылдық округ бар. Елді мекеннің 10-ы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған, ал екі елді мекенге су тасымалданады. Құрылыс алаңында өңір басшысымен кездескен ауыл тұрғындары аудан орталығындағы тозығы жеткен мектеп интернатына жаңа ғимарат салу және Орал қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың ескерткішін өзінің кіндік қаны тамған Бөкей ордасы ауданына беру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін білдірді. Мұнан кейін өңір басшысы бастаған делегация Сайқын ауылындағы ескі мектеп интернатына барып, оның жай-күйімен танысты. Содан кейін  Сайқын-Шоңай ауылы бағытындағы табиғи газ құбырын тарту жұмыстарын қадағалауға  бет алды. Бөкей ордасы ауданы бойынша  тоғыз елді мекенге газ тартылса, 1975 аулаға көгілдір  отын  кірген.

– Екі жылдың жоспары бойынша Шоңай, Сейітқали, Қарасу, Жиекқұм, Жамбыл, Көктерек, Бөрлі, Тереңқұдық, Ұялы, Кеңой, Саралжын секілді 11 елді мекенге газ жүргізілмек. Биыл бұл құрылыс нысандарына 500 млн. теңге  бөлінді. Жылдың аяғына дейін тағы қосымша қаржы көзі қарастырылмақ. Ал «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Көктерек, Жамбыл елді мекендеріне таза ауыз су тартылатын болады. Аудан орталығындағы тоғыз көшенің жолдары жөнделеді. Сондай-ақ  Сайқын ауылындағы мектеп-интернатының тозығы жетуіне орай сыйымдылығы 100 балаға арналған интернаттың жобалық-сметалық құжатын  дайындамақпыз. Жылдың басында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 16 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл қосымша 10 үй бой көтеретін болады, – деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Кейін жұмыс сапары Бисен ауылдық округіне қарасты «Ораз» шаруа қожалығында  жалғасты. Мұнда «Ораз» шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Момынов мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мал басын асылдандыруды алғашқылардың бірі болып қолға алған. Бүгінде төрт түлік малды өсірумен қатар мал бордақылау алаңын ашып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Облыс басшысы мал бордақылау алаңында болып, шаруашылықтың жай-жапсарымен танысты. Қожалық иесі атасының есімімен аталатын шаруашылықты әкесі Мәлік негізін қалағанын жеткізді.  Кейін жұмысы кенжелеп қалған қожалықты «жандандыруға» өзі белсене кіріскен. 2012 жылы  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша  13 миллион теңге несие алып, оған көрші ауылдардан мал сатып алады. Содан кейін Ресейдің Орынбор облысынан қазақтың ақбас тұқымды 50 малын сатып алып келеді. Жылдар  жылжыған сайын мал басы да артып, еңбегі де ақтала бастайды. 2014 жылы қазақтың ақбас тұқымды малын өсіретін шаруашылық мәртебесін алған «Ораз» шаруа қожалығы қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының мүшесі болып қабылданады. Ермек Момынов болашақта  мал бордақылау алаңын кеңейтпек  ниетте.

PRI_0179Өңір басшысымен кездесуге арнайы келген шаруа қожалықтарының жетекшілері малға судың тапшылығын жеткізді. Мәселені шешу жолдарын қарастыратынын жеткізген облыс басшысы өзге де ұсыныс-пікірлерге  құлақ  түрді.

Бұдан әрі өңір басшысының жұмыс сапары Темір Масин ауылдық округінің Бөрлі ауылындағы су құбырының құрылыс  нысанында жалғасты. Осы жерде  Бисен ауылдық округінің Жамбыл және Көктерек, Бөрлі елді мекендеріне кіргізілетін таза ауыз су құбырының құрылыс жоспары таныстырылды. «Жиенбай» ЖШС-ның мердігерлігімен басталған аталмыш құрылыс биылғы жылдың күз айларында аяқталмақ. Құрылыс толықтай жүзеге асқан жағдайда Көктерек мекеніндегі 542 тұрғын, Жамбылдағы 187 және Бөрлі ауылындағы 1260 жан таза ауыз сумен  қамтылмақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Біріккен кәсіпорын ашылмақ

Күні: , 16 рет оқылды

PRI_9519


Сенбі  күні  өңір  басшысы Алтай  Көлгінов  облыс әкімдігінде «GazChem»  ЖШС өкілдерін  қабылдады.


Жиынды жүргізген облыс әкімі Алтай Көлгінов ең алдымен қатысушыларға меймандарды таныстырып, содан соң басқосудың мәнісін түсіндірді.

– Елімізде кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың қатарында шетелдік инвесторларды тарту да бар. Елбасының Иран Ислам Республикасына  сапары және 2016 жылдың тамызындағы ресми делегациямен бірге барған біздің іссапарымыз да нәтижелі болып, бизнесті жақсарту бағытында бірқатар келісімдерге қол жеткіздік. Бүгін, міне, сол келісімдердің нәтижесінде өңірімізде Қазақстан-Иран-Канада біріккен кәсіпорны ашылмақ. Шетелдіктердің біздің өңірді таңдағанына қуаныштымыз. Бұйырса, жаңа кәсіпорында 50 жаңа жұмыс орны ашылмақ, – деген өңір басшысы сөз кезегін шетелдік инвесторларға берді.

– Біріккен кәсіпорын «GazChem» ЖШС деп аталады. Жаңа кәсіпорын мұнай-газ компанияларына қажетті жоғары сапалы химиялық өнім өндірмек. Ең заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кәсіпорын ҚР барлық заңдарына сәйкес жұмыс істейтін болады. Жұмыс барысында қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтау басты назарда болмақ. Қазіргі кезде кәсіпорынның заңдық құжаттары дайындалуда. Қазақстандық, ирандық және канадалық серіктестер біріккен кәсіпорын құруға қажетті құжаттарға қол қойды. Сонымен қатар Желаев өндірістік аймағында зауыттың құрылысы басталды, – деді өз сөзінде компанияның басқарушы директоры Алиреза  Сайед  Хосейни.

Оның сөзін жалғастырған  компанияның даму бойынша директоры Ғайса Жұмалиев жақында өндірістік базада реагенттерді синтездеу цехының құрылысы басталатынын айтты.

– Реагент – мұнай дайындау үшін өте қажетті өнім. Арнаулы химиялық өнім технологиялық құрылғыларды қорғайды. Мұндай өнім еліміз бойынша осы Орал өңірінде тұңғыш рет өндірілмек. Қазіргі таңда су және мұнай негізінде технологиялық ерітінді өндіруге арналған цехтың инженерлік бөлігі аяқталды, сондай-ақ резервуарлық парк, қойма және химиялық зертхана құрылысы жобалануда, – деді Ғайса Жұмалиев.

Кездесу барысында шетелдік инвестор Хонсали Мұхаммад Али өзінің осы салада 50 жылдық тәжірибесі бар екенін айтып, сол  бай тәжірибесін қазақстандықтарға үйретуге қашан да дайын екенін жеткізді. Оның сөзінше, кәсіпорын жұмысын алдымен шикі мұнайды тазартудан бастап, содан кейін су тазартуды да қолға алмақ. Мұнайгаз компанияларына арналған бұл жаңа өнім алдағы уақытта ЕАЭО елдеріне де шығарылмақ. Бұған Орал өңірінің ыңғайлы географиялық орналасуы мүмкіндік бермек.

Компанияның басқарушы директоры Алиреза Сайед Хосейнидің айтуынша, бастапқы инвестиция мөлшері 2 млрд. теңгені құрайды.  Зауыттың жалпы өнімділігі – 5 000 тонна.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов біріккен кәсіпорын жұмысының қалыпты жүруіне барынша көмектесетінін айтып, компания өкілдеріне сәттілік тіледі.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Айбатыр  НҰРАШ


Ақтөбеден жеңіспен оралды

Күні: , 39 рет оқылды

IMG-20170512-WA0046


Ақтөбе қаласында Жеңіс күніне орай 2009 жылғы балалар арасында өткен республикалық турнирде Оралдан барған «Football kids Uralsk» («Футбол Кидс Уральск») командасы жеңімпаз атанды.


Бір аптадай уақытқа созылған жарысқа барлығы жеті команда қатысып, олар екі топқа бөлініп, күш сынасты. Оралдықтар (бас бапкері Болат Шалаев, клуб жетекшісі Болат Сариев) топтық бәсекеде «Севильяны» 5:1, «Интерді» 4:2 және «Ақтөбе» футбол клубының 2009 жылғы құрамасын 3:2 есебімен ұтты. Жартылай финалда «Рубинді» 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал финалда алаң иелері – олимпиадалық резервтегі Ақтөбе облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебінің командасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Команда құрамында Жаһангер Алғазиев, Диярхан Қарабалинов, Тайыр Байқатов, Нұрдәулет Шернияз, Мансұр Ибрашев, Нарұл Ғайсағали, Алан Имаш, Арыстан Әбілғазиев, Әбілмансұр Бисен, Олжас Сәбит ойнады. Осылардың ішінен А. Әбілғазиев турнирдің үздік ойыншысы атанды. Ал Н. Шернияз команда үздігі болып танылды.

«Балдырғандарды жаттықтырудан тәжірибем жоқ емес. Бала кезінде Орал футболының жарық жұлдызы Нұрбол Жұмасқалиевті де баптап едім. Бірақ сегіз жасар балаларды мұндай жарысқа бірінші рет апардым. Олар біз ойлаған межеден асып түсіп, шеберлікке қоса табандылық пен қайсарлық таныта білді. Балаларына қолдау көрсеткен ата-аналарына да алғысымды айтамын», – деді Болат Шалаев.

Елжан ЕРАЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика