Мұрағат: 12.05.2017


«Ассалаумағалейкум!» деп амандасатын армян

Күні: , 127 рет оқылды

IMG-20170511-WA0037


Әдетте «Ассалаумағалейкум!» деп амандасу исі мұсылманға ғана тән. Ал армян атаулы есте жоқ ескі заманнан бері христиан дінін  ұстанатын ұлт. Сөйте тұра мұсылман баласымен «Ассалаумағалейкум!» деп амандасатын армян да бар. Ол – Орал қаласының тұрғыны, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Ақ Жайық атырабын мекендеген армяндардың «Масис» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Айдана» ЖШС-ның директоры Аветик Рубенұлы Амирханян.


…Әлқисса, былтырғы қазан айының сегізі, күн сенбі еді. Мезгіл қара күз болғандықтан, күн суық-ты. Ызғырық жел қойны-қонышыңды аралап, қалтыратып-ақ жібереді. Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңының маңында Орал қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері мен облыстық этномәдени бірлестігінің жетекшілері һәм студент жастар бар ағаш егіп, көшет отырғызып, жүргенбіз. Шынтуайтына келгенде, күн суық болғандықтан, сенбілікке жиналған жұрт белгіленген шаруаны тезірек тындырып, үйлеріне қайтуға асық. Сол себепті де сенбілікке қатысушылар екі-үшеуден топтасып, жас көшеттерді жайғастыруға барынша қызу кіріскен жайы барды. Ара-арасында олар қолдарын ысқылап, аяқтарын бірі-біріне қағып, тіпті кейбіреуі бой жылыту үшін тұрған орындарында секіріп-секіріп қояды. Міне, осындай күздің қара суығында сенбіліктің соңын ала төңіректі шуаққа бөлеген көрініске куә болдық. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Ақ Жайық атырабын мекендеген армяндардың «Масис» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханян жергілікті әзірбайжандардың этномәдени бірлестігінің жетекшісі Нәжаб Мәмедовты өзі шақырып, екеуі бірлесіп шырша көшетін екті. Былайғы жұрттың санасында, тіпті көптеген армян мен әзірбайжанның өздерінің санасында үшбу екі халық бітіспес дұшпан, ата жау ретінде бейнеленетіні хақ. Әсіресе, Кеңес одағы ыдырар-ыдырамастан әзірбайжан мен армян арасындағы біраздан келе жатқан жер дауы қайтадан күрт өршіп, содан Қарабах үшін қырғынның өрті тұтанғаны мәлім…

Жаңа сөз болған сенбілікке дейін де біраз батысқазақстандықтан Аветик Рубенұлы туралы жылы лебіз, мақтаулы пікірді жиі естіп жүргенмін. Ал сол сенбіліктегі шуақты сәт мені армян отандасыммен сұхбаттасуға жетеледі. Ендігі әңгімені Аветик Амирханянның өзінен естиік…

-Мен алғаш рет Оралға Арменияның астанасы Еревандағы құрылыс техникумын жол құрылысы маманы бойынша бітіріп, 1973 жылы жазда келдім. Бұл 18 жастағы жап-жас жігіттің жалпы Қазақстанға алғашқы келуі еді. Оралға келуіме жыл сайын жаз шыға осы жаққа құрылыс жұмыстарына аттанатын әкем себепкер болды. Бастапқы уақытта өзімнен жиырма жастай үлкен Өмірзақ Сырымұлы деген қазақ ағайдың үйінде тұрдым. Өмірзақ ағаның өзі де, отбасы да керемет еді. Өкінішке орай, осыдан 5-6 жыл бұрын ағайдың өзі қайтыс болды. Ағай өмірден өткенше сыйластығымыз, аралас-құраластығымыз үзілген жоқ. Бертін келе, өзім құрған жол жөндеу және құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын ЖШС-ны Өмірзақ ағаның қызының есімімен «Айдана» деп атадым. Мұны сіздердің менің Қазақстанға сіңісіп, осы елдің бір азаматы болып кетуіме ықпал еткен бауырмал отбасыға көрсеткен бір құрметім деп қабылдағандарыңызды қалаймын.

«Айдана» ЖШС-да жыл – он екі ай бойы 50-ден астам кісі еңбек етеді. Маусымдық жұмыстар барысында және 150-дей кісіні жұмысқа тартамыз. Біздің ұжымда қазақ, орыс, армян, әзірбайжан, татар, неміс, украин, тіпті грузин де еңбек етеді. Шағын мекемеміз сан алуан ұлттан құралса да, біз өзара өте татумыз. Өйткені біз қазақстандықтармыз! Тәуелсіз Қазақстанымызды бір атаның балаларындай татулықпен жасампаз еңбекке жұмылған отандастарымыз гүлдендіретінін бізге әр кез Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтып келеді.

…Негізі менің еңбек жолым Теректі ауданына қарасты «Красный октябрь» колхозындағы клуб пен мал қораны жөндеуден басталды. Сол кездің өзінде-ақ жергілікті жұрттың арасынан өзіме дос-жаран, жолдас-жора таба бастадым. Жалпы, өмір жолымда маған жақсы адамдар көп жолықты. Әсіресе, «Красный октябрь» колхозының майдангер төрағасы, көптеген орден-медальдың иегері Сағын Кенжебаев менің адам, маман ретінде қалыптасуыма әкемдей мүдделілік танытты десем, артық айтқандық емес. Ол кісі шаруаны тиімді жүргізудің білгірі еді әрі жалқауларға жаны қас болатын. Сондықтан да ол басқаратын шар-уашылық социалистік жарыста ылғи алдыңғы қатардан көрінетін. Сағын ағай үшін адам баласына көмектесу, қайырымдылық жасау ең басты өмірлік қағида болды. Мен керемет сусын – қымыз бен дәмі тіл үйірер асты ең алғаш рет осы кісінің дастарқанынан таттым. Аманкелді атындағы колхоздың төрағасы болған Темірболат Баетовпен ұзақ жыл аралас-құралас болдық. Ол басқарған шаруашылық әрі егін, әрі мал шаруашылығымен айналысты. 1978 жылы Теректі ауданында, соның ішінде менің Темірболат досым басқаратын Аманкелді атындағы колхозда да егін бітік шығып, елдің сол мол ырыздығын көруге Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі келіп, Димаш ағайды көрудің сәті түскені бар.

Кезінде мен жетекшілік еткен бригада Пойма элеваторына қатысты нысандарды салуға атсалысты. Сондай-ақ біз Жайық стансасында, «Придорожный» совхозында, Теректінің орталығы Федоровкада, тіпті бүкіл Одаққа мәшһүр Социалистік Еңбек Ері Виктор Шубин басқаратын «Правда» газеті атындағы совхозда да құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Отыз жылдан астам құрылыс саласында басшылық қызметте болып, абыройға бөленген Алдияр Молдашұлы Рахметов өзі «Уральсксельстрой» тресін басқарып тұрған кезде мені 1981 жылы ПМК-801 құрылыс учаскесіне өндіріс шебері етіп жұмысқа алды. Өз басым Алдияр Молдашұлынан еңбек тәртібін қатаң сақтауды, тапсырыс берушінің талабына сәйкес сапалы жұмыс істеуді, заман талабын сезіне білуді және өз салаңа қатысты ғылыми-техникалық жетістіктерден дер кезінде хабардар болып отыру сықылды қадір-қасиеттерді сіңірдім. Міне, менің Қазақстанда біржола тұрақтап қалуыма, қазақ арасына біржола сіңуіме осындай керемет кісілердің ықпал-әсері зор болды.

— Сіздің қазақтармен «Ассалаумағалейкум!» деп амандасатыныңызға талай куә болдым…

— Бұл менің қазақ отандастарыма күнделікті көрсетер құрметімнің бірі. Өз басым қазақтардан көп жақсылық көрген адаммын. Оның бірсыпырасын жаңа ғана айтып өттім. Қазақ халқының меймандостығының, қайырымдылығының, тек өзіне ғана емес, өзгеге де болсын дейтін кең пейілінің арқасында мен бүгінгі дәреже-деңгейге жеттім.  Ал жақсылықты ұмытар кісің мен емес! Қазақ халқынан көрген жақсылығымды өз ұл-қызыма қоса, бүгіндері немерелеріме де жыр қылып айтып отырамын. Өткен айдың он екінші жаңасында өзіммен аттас тұңғыш немерем Аветик 9 жасқа толды. Жылда оның туған күнін отбасымызбен атап өтетінбіз. Осы жолы ол туған күнін өзінің достарымен «Галактика» ойын-сауық отауының балаларға арналған бөлігінде атап өтуге рұқсат сұрады. Біз келістік. Немеремнің туған күніне жиырма шақты бала жиналды. Аветиктің достарының 97 пайызы қазақ балалары болып шықты. Бұл мені өте қуантты, әрине.

КСРО мемлекет ретінде ыдырап, жылдар бойы қалыптасқан экономикалық қарым-қатынастар үзіліп, дүниенің астан-кестені шығып жатқан кезде мені Мәскеудегі, Ереван мен Волгоградтағы, Самара мен Саратовтағы және де басқа қалалардағы достарым кәсіпті бірге бастауға шақырумен болды. Бірақ ол ұсыныстардың бірде-біреуін қабылдамадым. Өйткені өз басым Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егер қазақстандықтар елдің ішіндегі татулық пен түсінісушілікті қамтамасыз ете алса, біз бұл қарайған қиындықтарды еңсереміз» деген сөзіне имандай сендім. Көрдіңіз ғой, сенімім алдаған жоқ. Сол бір қиын-қыстау уақыт, өтпелі кезең, өліара шақтың өзінде ешқайда кет-пеген мен енді Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Себебі, қазақ елі маған, менің отбасыма өмір бойы қуаныш пен баянды бақыт сыйлаумен келеді. Осы Оралда жоғары заңгерлік білімге қол жеткіздім. Жол-құрылыс саласындағы еңбегім бағаланып, орден-медальдармен марапатталдым, азамат, депутат ретіндегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесім де елеусіз қалмай, Қазақстан Республикасының Президентінің екі мәрте Алғысхатын алдым. Зайыбым Лала екеуміз қазақ жерінде ұл сүйіп, қыз сүйіп, ата-ана атанып, перзенттерімізді ешкімнен кем қылмай жеткіздік. Енді, міне, немерелеріміздің қызығына кенеліп отырмыз. Осының бәрі Елбасымыздың парасатты, көреген саясатының және отандастарымыздың сүттей ұйыған ынтымағы мен жасампаз еңбегінің арқасы.

— Сізді Арменияның астанасы Ереванда Қазақстанның туын орнатқан деп естідім?..

— Иә, ол былай болған еді, 2009 жылы қызым Ереван қаласына тұрмысқа шықты. Қызымның ұзатылу тойы осында, өзіміздің Оралда, ал жігіттің, яғни күйеу баламыздың тойы Еревандағы «Латар» мейрамхана-қонақүй кешенінде  өтті. Қазақстандағы өзіміз бар, Ресей мен Армениядағысы бар, біз біраз ағайын-туыс, дос-жаран жігіт-тің тойы өтетін аумағы ат шаптырымдай керемет сәулетті кешенге бармаймыз ба. Барсақ, кешеннің тал-терегі жайқалған, гүлдері жайнаған, бірнеше субұрқағы атқылаған әдемі де кең ауласында 10 шетелдің туы желбіреп тұр. Бірақ менің Қазақстанымның туы жоқ. Содан құдама, «Бұл жерге Қазақстанның туы орнатылмай, мен мейрамханаға кірмеймін!» деп қиғылықты салдым. Басында құдалар жағы мені әзілдеп тұр деп ойлап қалды. Ал менің сөзімде әзіл-қалжыңның ұшқыны жоқ екендігін түсінгесін, құда жақ Қазақстанның туын іздеп, ала-шапқынға түсті. Әйтеуір сағат жарым дегенде, Қазақстанның туын алып келіп, қай ел екені қазір есімде жоқ, әйтеуір бір шетелдің туын түсіріп, соның биік тұғырында біздің көк байрақты желбіретті! Содан кейін барып қана күйеу жігіттің үйлену тойы басталды…

 — Аветик Рубенұлы, былтырғы күздегі сенбілікте әзірбайжан ұлтының өкілі екеуіңіз бірлесіп, шөже-шырша еккендеріңіз көрген кісіні сүйсіндірді…

— Армения мен Әзірбайжан арасындағы жерге қатысты дау-дамай қантөгіске ұласқанша Арменияда 800 мыңға жуық әзірбайжан, ал Әзірбайжанда 800 мыңға тарта армян тұрды. Мен Қарабахта өмірі болып көрген кісі емеспін. Бірақ білетін кісілердің айтуынша, Қарабах тұрғындарының басым көпшілігі әуелден армян ұлтының өкілдері көрінеді. Есесіне КСРО кезінде Арменияның Варгенен ауданы тұрғындарының негізін әзірбайжандар құрағандықтан, сол аудан деңгейіндегі 35 лауазымды қызметтің отызын әзірбайжан ұлтының өкілдері атқаратын. Мәселен, райкомның бірінші хатшысы әзірбайжан, аудан прокуроры әзірбайжан, аудандық білім бөлімінің басшысы әзірбайжан болып, жалғасып кете беретін. Тіпті Арарат алқабында негізінен әзірбайжандар тұрды. Кеңес одағы кезінде Арменияның базарларында жеміс-жидек сатушылар негізінен әзірбайжандар болатын. Мен бұл мысалдарды ықылым заманнан бері Қап тауын мекендеген қос халық бейбіт қатар өмір сүре алатындығына нақты уәж ретінде алға тартып отырмын. Оның үстіне ол жақта жергілікті әзірбайжандар мен армяндар әлдеқашаннан бері бірі-бірімен қыз алысып, қыз беріскен құдандалы әрі нағашылы-жиенді болып кеткен.

Көп жағдайда халықты соғысқа ұрындыратын тайыз ойлайтын әсіре ұлтшылдар мен солақай саясатшысымақтар. Сол себепті қайда жүрсем де, мейлі атамекенім Арменияға қыдырып барайын немесе алысты-жақынды шетелдерде жүрейін өзім Нұрсұлтан Әбішұлының бейбітшілік пен ынтымақты ту еткен жасампаз саясатын және барлық тараптарға тиімділігін ескеретін экономикалық сипаттағы бастамаларын үнемі насихаттап, қазақстандық екенімді мақтанышпен айтып жүремін. Енді бір сәт жалпыдан жалқыға көшер болсақ, осы өзіміздің Оралдағы біздің оң жақтағы көршіміз – әзірбайжан отбасы. Біз бұл көршілерімізбен жанұя болып қонаққа шақырысып, бала-шағамызбен араласамыз. Оған қоса Оралдағы әзірбайжан қауымдастығының басшы-қосшысымен сыйластық қарым-қатынастамыз. Ал өзім құрып, басқаратын «Айдана» ЖШС-да өзге ұлт өкілдерімен қатар әзірбайжандар да еңбек ететіндігін жоғарыда айтып өттім.

Арменияда биылғы сәуір айының екісінде өткен Парламент сайлауына Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов екеуміз халықаралық бақылаушы ретінде барып қайттық. Осы сапар барысында маған қандастарым анау жылы ұлтаралық жағдай қатты ушыққандықтан, Әзірбайжанға көшіп кеткен бұрынғы әзірбайжан көршілерін жақында балаларының тойына шақырғандығын, бірін-бірі бірнеше жыл көрмеген көршілер жылап көріскендігін, байырғы әзірбайжан көршілер армян қоңсыларының қуанышын шынайы бөліскендерін тебірене әңгімелеп берді. Көрдіңіз бе, қалың бұқараға соғыстың керегі жоқ. Қарапайым халыққа қажеті ашық аспан, бейбіт өмір аясында ұл-қыз өсіріп, ұрпақ өрбіту және адал еңбегінің зейнетін көру. Демек, ең бастысы Қап тауындағы мемлекеттердің қай-қайсысының басшылары да Қазақстандағыдай дұрыс стратегиялық саясат жүргізуі шарт.

Сұхбаттасқан  Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»

Ғайса ҚАПАҚОВ,

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:

— «Өзі жақсыға қай-қайда да бір кісілік орын бар» дегендей, Аветик Амирханян біздің өңірге 18 жастағы өндірдей жігіт кезінде келіп, бүгінде Жайық жұртының арқа сүйер бір азаматына айналып үлгерді. Ол жол-құрылыс саласына қатысты кәсіпорынның басшысы ретінде біраз жылдан бері облыс орталығының көркейе түсуіне сүбелі үлес қосып келеді. Сонымен қатар Аветик Рубенұлы «Ардагерлерді аялайық», «Мектепке жол», «Мейірімділік айлығы» секілді қайырымдылық шараларына үнемі атсалысады және жаны жайсаң, ізгі ниетті азамат ретінде батысқазақстандықтардың бірлігінің бекемдене түсуіне де айтулы ықпал етіп жүр.


«Сәлем саған, Ақ Жайық!»

Күні: , 27 рет оқылды

photo_13829Осындай атаумен 22 мамыр күні «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының залында «Қазақконцерт» өнер ұжымының концерті өтеді. Сағат 17.00 мен 20.00-де басталатын қос концертте Роза Рымбаева, Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова сынды халық әртістері мен Бағдат Сәмиденова, Айжан Нұрмағамбетова секілді еліміздің еңбек сіңірген әртістеріне қоса, Сая Сейітова, Әлішер Кәрімов, Бибігүл Қилымхан сияқты жас өнерпаздар да ән шырқамақ. Билеттер облыстық филармонияның кассасында сатылуда. Анықтама алу үшін мына телефондарға хабарласуға болады: 51-55-10, 51-16-57, 8 701 615 18 46.


Бірі «Ақшаңды апарып береміз» десе, екіншісі «Ұрыны тауып беремін» деп, Батыр Ананы сенделтіп қойды

Күні: , 821 рет оқылды


Биылғы, 2017 жылдың 14 ақпанында газетімізде «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» атты мақала жарық көрді. Оқырмандарымыз ұмыта қоймаса, оның жариялануына Қаратөбе ауданының азаматы Жалғас Тінәлиевтің арызы, редакцияға аяқтай келуі түрткі болған еді. Содан бері үш  айдай уақыт өтті. Бірақ даудың бітетін түрі жоқ. Оның қалай және неден басталғаны оқырмандарымыздың жадынан шығып кетіп жатса, түсінікті болуы үшін әуелі ол мақалада не туралы сөз болғанын қысқаша баяндайық.


Аудан орталығындағы мекемеде жүргізуші болып істейтін үш баланың әкесі Жалғас Тінәлиев соғымға деп отырған баспағынан айырылып қалғанына шағымданды. Қараша айында баспағы жоғалып, оны қаңтар айының 13-інде бір көшеде тұратын Шұқанов деген азаматтың қорасынан тауып алғанын баяндады. Баспағын танып тұрса да, Шұқанов «Участковый Әмірғалиев суретке түсіріп алып кетті, «Ешкімге берме» деп айтты», — деп Тінәлиевке бермей жібереді. Тінәлиев Әмірғалиевке айтқанымен, участковыйдың әмірі Шұқановқа жүрмей, баспақты қоскөлдік азамат Ескендір Төлегенұлы (Бисекешев) «Менің малым» деп алып кетеді. Ал Шұқановтың айтуынша, мұның қарсы болғанына қарамастан, Төлегенұлы «Баспақ менікі, жауабын өзім беремін», — деп бұл жұмыста жүргенінде әйелінен болмай алып кетеді. Осы оқиғадан соң Тінәлиев полицияға арыз жазып, онысын алдыра алмай, тағы тентірейді. Сөйтіп, «Орал өңірі» газетіне әуелі Тінәлиевтің ағасы Қуандық, соңынан өзі аяқтай келіп жазбаша арыз түсіріп, шағымданды. Полицияның арызын қабылдамағанын, баспағын Шұқанов екі айдай қорасында ұстағанын, ақыры оны Төлегенұлы екеуі сіңіріп кетті деп, газетке жариялауымызды табанды түрде талап етті. Сөйтіп, ол мақала Тінәлиевтің арызы ізінде және редакцияға аяқтай келіп баяндауы бойынша жарияланған еді. Жоғалған малын тауып тұрса да, оны ала алмаған азамат арызданып, полицияның табалдырығын тоздырып шаршайды. Ақыры болмағасын «Газетке жазамын, облыс әкіміне барамын» дегеннен кейін аудандық ішкі істер бөліміндегілер қимылдай бастайды. Қаратөбе АІІ бөлімінің бастығы Нұрмағанбетовтің «Тінәлиевтің малын қазір барып, алып беріңдер!» деген ауызша бұйрығымен полицейлер мал иесімен жолға шығады. Бірақ Бисекешев әуелі телефонмен Тінәлиевке «Мен ауылда жоқпын, қасыңдағы полицейлеріңе солай деп айт» деп хабарласып, ізінше жолда қарсы жолығады. Сол жерде мал иесін өзінің көлігіне отырғызып алып: «Ол баспақ тошно сенікі ме, сенікі болса, мен оны жойып жібердім, орнына алдағы күзде бір бұзау аларсың», — дейді. Тінәлиев «Өзімнің баспағымды қайтар», — деп оған келіспейді. Мал иесіне еріп шыққан полицейлер де бастықтарының бұйрығын орындай алмай, аудан орталығына бос қайтады. Мақала газетте жарияланды. Кейін ол бойынша облыстық ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы арнайы тексеру жүргізіп, оның нәтижесімен азаматтың арызына жүрдім-бардым қараған Қаратөбе АІІ басқармасының басшысы бар, қосшысы бар бір топ полицейді облыстық департамент бастығының бұйрығымен тәртіптік жазаға тартады.

Хош, сонымен, Жалғас Тінәлиевтің «Даудың басы Дайрабайдың ала сиыры» дегендей, дауға қалған баспағы не болды? Қайтарып алды ма? Алды. Баспағын ба? Жоқ, ақшасын алды. Алғаны не керек, дауы әлі біткен жоқ. Өйткені Жалғас Тінәлиев осы жылдың 4 сәуірі күні «Орал өңірі» газетіне қайтадан арыз түсірді. Ретімен баяндайық. Жоғарыда мақала шыққаннан кейін ол бойынша облыстық ІІД-ның өзіндік қауіпсіздік басқармасынан қызметкерлер барып, арнайы тексеріс жүргізді дедік қой. Аудан полицейлеріне «Ақпан айының 25-іне дейін Тінәлиевке Бисекешевтің алып кеткен малын көрсетіп, нәтижесін хабарлаңыздар» деген шұғыл пәрмен беріледі. 24-25 ақпан күндері ауданның полицейлері қатарынан екі күн бойы Бисекешев тұратын Қоскөл ауылына баруға әрекеттенеді. Мақсат – Тінәлиевтің Шұқановтан Бисекешевтің алып кеткен баспағын көру. Баспақ тұрған болса, Тінәлиев оны таныса, малын қайтарудың шараларын алу. Осынау «баспақты көру» операциясына мал иесі Тінәлиев, Ескендір Бисекешев, Берік Шұқанов, аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Әділбек Идиров, аудандық ішкі істер бөлімі бастығы Нұрмағанбетовтің орынбасары Ермұқан Жұмағалиев және полиция жүргізушілері тізгіндеген қос «Нивамен» барады. Барғаны не керек, қар еріп, жол бұзылып, екі күн бойы Қоскөлге жете алмай, ит әбігерге түседі.

Жалғас Тінәлиев былай дейді:

— Екінші күні, 25 ақпанда түске дейін Қоскөлге тағы да жете алмай, әбден шаршадық. Содан әркім өзінің Ақтайдағы таныстарына бөлініп, түстік ішуге кеттік. Ескендір, Ермұқан, Әділбек үшеуі Мұхит деген азаматтың үйінен түстенуге кетті, мен де өзімнің танысыма бардым. Түс қайта бөлімшенің кеңсесіне жиналдық. Ескендір, Ермұқан, Әділбек үшеуі түстікте арақ ішкен ғой, қызғын, көңілді. Өзара бір келісімге келген-ау деп ойладым. Кеңсенің дәлізінде Ескендір темекі тартып тұрғанымызда, оңашалап, «Інім, осы жерден тоқтатайық, соттасып қайтеміз. Баспағыңның ақшасын қазір беремін, малды бәрібір көре алмайсың, оны мен жоқ қылдым… Полицияны өзім тоқтатамын (сонда немене, ауданның полициясы Бисекешевтің ашса алақанында, жұмса жұдырығында болғаны ма? Ред.), одан қысылма», — деді. Екі айға жуық уақыттан бері дау-дамайдан шаршаған мен әуелі ойланып қалдым. Ескендірдің өзі бұған дейін де полицейлермен баспағымды алуға келе жатқанда далада, жарты жолдан қарсы шығып, «Ол баспақ кәміл сенікі ме, мен «Иесі жоқ» дегесін алып кетіп едім, оны жойып жібердім, сенікі болса, орнына алдағы күзде туатын сиырларымнан бір бұзау аларсың», — деді ғой. Бұл жолы барғанда Ескендір маған қайдағы баспақты көрсетейін деп тұр. Сондықтан тіпті дымсыз қалармын деп, «Жарайды» дедім. Бірақ Ескендір қызғын, ертең «Қызғындықпен беріппін, ақшамды қайтар», — деп жүрер деп, «Ақшаны бұл жерде алмаймын, ертең аудандық полицияда кездесейік, сол жерде аламын», — дедім. Солай уәделесіп, мен Қаратөбеге қайтып кеттім. Шұқанов та оларға қосылған да жоқ, қалған да жоқ, Қаратөбеге қайтып кетті. Ескендір полицейлермен Ақтайда қалып қойды. Сірә, біздің «мировой» болғанымызды әрі қарай жуған болар… Жолда олардың «Нивамен» қатты жүріп келе жатқаны сонша, көлігі бұзылып тұрғандарды қағып кете жаздағанын көргендер бар. Келесі күні, 26 ақпанда аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші Идиров Әділбек, Ескендір Бисекешев үшеуміз кездестік. Полиция бастығының орынбасары Ермұқан Жұмағалиев мүлдем көрінбеді. Мен өзім арақ ішпеймін, иісін де жаратпаймын. Идиров пен Бисекешевтен аңқыған арақ иісі РОВД-ның бөлмесін алып кетті. Сол жерде Бисекешев маған «Інім, ағаңның қателігін кешір, мынау баспағыңның ақшасы» деп 100 мың теңгені санап тұрып берді. Идиров «Біреуің «Бердім», екіншіңіз «Алдым» деп қолхат беріңіздер» деді де, кабинеттен шығып кетті. Мен 100 мың теңгені санап алдым да, ол туралы қолхат жаздым. Ол полицияда тіркеулі. Бөлмеге қайтып кірген Идиров Ескендірге «Сіздің қолхатыңыз қайда?» — деп еді, ол «Бұл азаматтық келісім ғой, мен бермеймін» деп тергеушінің өзін оқыта бастады. Идиров үндеген жоқ. Сонымен баспақтың дауы біткендей болып еді. Бірақ ол дау аудан полициясының тергеуді қайтадан бастап, менің баспағымды іздеп, Ескендір Бисекешевтің малын қарауға 1 сәуірде, яғни арада үш айдай уақыт өткенде қайтадан барғанда, қайтадан басталды. Үш айдан бері баспақ тұра ма, оның үстіне Бисекешевтің өзі «Баспақты жойып жібердім, орнына құнын ал» деп 100 мың теңгесін төледі ғой. Барғым келмесе де, полицейлер болмады. Бисекешев «Менің алған баспағым мынау» деп маған мүлдем басқа баспақты көрсетті. Шұқанов та, оның мал бақташысы Нөкіштай да сол жерде өтірік айтып, «Бізден алған баспақ осы» деп жалған куә болды. Ескендір үшеуі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, келісіп алған ғой. Мен «Бұл менің малым емес», — дедім. Содан бері Бисекешев «Ақшамды қайтар», — деп, телефоныма тыным бермейді. Өткенде «Оңаша кездесейік», — деп болмағасын барып едім, қорқытып, қоқан-лоқы жасамақшы болды. Мен: «Ақшаны мен сенен тартып алған жоқпын, өзің полицияның көзінше бердің. Ақша керек болса, баспағымды әкеліп бер», — дедім. Бұл туралы полицияға тағы шағым түсірдім.

Жалғас Тінәлиев осылай дейді. Сондай-ақ осы даудың өршуіне әу баста Берік Шұқановтың себепкер болғанын тағы да қайталап айтумен болды.

– Осыдан 4-5 жыл бұрын соғымға соямын деп отырған қашарым ұшты-күйлі жоғалып, біраз іздедім. Қаратөбенің басындағы «Тоқтар» (?), «Гүлрайхан» деген үлкен дүкендерге қашарымды іздеген хабарландыру да іліп қойдым. Содан күндердің күнінде оны да осы Шұқановтың қорасынан өзім аяқтай барып тауып алып, дау-дамай, ұрыс-керіспен әзер алдым. Осымен екінші рет сол ғадетін қайталап отыр. Мысалы, Рысқали Есмұрзин деген осы ауылдың азаматы газетке мақала шыққан кезде маған «Жалғас, сені естіп жатырмын, Шұқанов менің де биемді қамап қойыпты, «Шығар!» деп ұрыстым», — деп звондады. «Полиция оның маған қатысты қылығына заң тұрғысынан дұрыс баға бермеді, дұрыстап тергемеді», — дейді ол.

Біз Тінәлиевтің екінші арызына байланысты оны қасымызға ертіп барып, Берік Шұқановпен арнайы кездестік. Тінәлиевтің баспағынан басталған даудың мән-жайын айтып беруін сұрадық (Айтпақшы, бұған дейін редакцияға Тінәлиевтің бірінші арызы түсетінде, жоғарыда айтқан мақаланы дайындау барысында Шұқановтың ұялы телефонына хабарласып, мән-жайын білмек болғанбыз. Мүмкіндігі болса, кездескіміз келген. Әуелі газетіміздің атауын, сосын өзіміздің аты-жөнімізді, қызметімізді дегендей таныстырып, сосын Тінәлиевтің арызының барысын бастан-аяқ түсіндіріп, оған «Қандай уәжіңіз бар?» дедік. Сол кезде Шұқанов «Сіз кімсіз, тергеушімісіз?» деді. Сұрақ қиямпұрыстау қойылса да, газет тілшісі екенімізді, газетімізге оның үстінен арыз түскенін, сол бойынша арыздың «кейіпкеріне», яғни Шұқановқа бірнеше сұрағымыз бар екенін, тергеуші болмасақ та, одан кем соқпайтын журналистік зерттеу жүргізуге құқығымыз бар екенін қайталап түсіндірдік. Шұқанов «Мен тергеушіге жауап бергенмін, сол тергеушіден сұраңыз», — деп қысқа қайырып, әрі қарай сөйлесуден бас тартты).

IMG_0127Шұқанов (суретте) былай деді:

— 2016 жылдың 7 желтоқсанында малдарыма бір баспақ ілесіп келді. Сырғасы болған жоқ. Содан көршілеріме айттым. Садақа, жиындарда да «Менде бөтен баспақ тұр», — деп айтып жүрдім. Тіпті осы Қаратөбеден 18 шақырым жердегі таксист жігітке де айттым «Менде бөтен мал тұр» деп. Участковый біледі. Жеті рет пе, сегіз рет пе звондады, келді «Мал тұр ма?» деп. Фотоға түсіріп алып кетті, «Менсіз ешкімге берме», — деді. Сосын Жалғас «Менің баспағым» деп келгенде, «Участковыймен кел», — деп бермей жібергенім рас. Бірақ мен жұмыста жүргенде, Ескендір келіп, «Менің баспағым» деп әйелімнен алып кетіпті. Оның алдында ол маған звондаған «Сенде бөтен мал тұрған көрінеді» деп. Мен оған Жалғастың келгенін, участковыйдың ешкімге берме дегенін айттым. Бірақ ол соған қарамастан, баспақты алып кетіпті. Мен ешкімнің ештеңесін алмаймын, өзімнің маңдай теріммен тауып жүрмін. Өзімдікі өзіме жетеді, шүкір. Участковый білді. Ұры болсам, желтоқсанның 7-сінен қаңтардың 15-іне дейін ол баспақ менің қорамда тұра ма? Беріп жіберемін ғой.

IMG_0132Біз учаскелік полиция инспекторы Елдос Әмірғалиевпен де жолықтық. Ол «Шұқановқа баспақты ешкімге берме» деп айтқан жоқпын, фотоға да түсірген жоқпын», — деп оның сөзін жоққа шығарды. Шұқанов «Менің қорамда тұрған баспақты көрді» деп куәге тартқан Наурызбай Әбдіғалиұлымен (суретте) кездестік. Тінәлиев оған ұялы телефондағы 1 сәуірде (полицейлермен Бисекешевке мал қарауға барғандағы) түсірілген баспақтың суретін көрсеткенде, «Өй, мынау ол емес… Мынау қарапайым мал ғой… бұл мал емес көргенім…» — деді. Тағы бір қарап жіберіп: «Басқа мал, азып кетпесе, қайдан білейін, жоқ.., ж-о-қ, ол емес, ол ірі болды, негізі.., мынау басқа…» дегені (сөзі диктофонға жазылған, бейнебаянға түсірілген. Ред.) күдігімізді қоюлата түсті. Сонда Бисекешев полицейлер мен Тінәлиевке басқа малды көрсеткен болып тұр ғой?..

MVI_0208.MOV.Still001Берік Шұқановтың көршісінің малын өткен қыста жайғауға көмектескен Сағымбай Зейнуллин (суретте) былай дейді:

— Желтоқсанда келді, тоқал баспақ Шұқановтың үйіне. Мен: «Мынау сенің баспағың емес қой», — дедім. Оның алты баспағын танимын, көршісінің малын үш жыл қатарынан жайғадым. Ол «Араласпа, өзімдікі», — деді. «Қайдан алдың?» деп едім, айтқан жоқ. «Біреудің малы саған мал болмайды ғой», — деп тіке айттым. Содан кейін ол баспақ жоқ болып кетті. Әдейі сұрап: «Брат келіп (Тінәлиевті айтады), қарап жүр еді, сонікі ме?» — дедім. Өйткені боқ төгіп жүріп браттың Шұқановқа келгенін, баспағын бөлектеп қамағанын көрдім. Қасымда Сағат деген азамат болды, ол да көріп тұрды.

Шұқанов маған «Жоқ, ол менің өзімдікі, сатып жібердім», — деді.Тағы бір айнала беріп, Шұқанов «Братың мал саудалап жүр», — деп екі сөйледі. (Зейнуллиннің сөзі диктофон мен бейнебаянға жазылып алынды. Ред.).

IMG_0166Қаратөбе ауданында мал жоғалып немесе ұрланса, ол туралы әңгіменің бәрі болмаса да, бірқатарының бір ұшығы Ескендір Бисекешевтің атына барып тірелетіні бізді таңғалдырды. Мысалы, Алакөл ауылының тұрғыны, Батыр Ана, зейнеткер Қалампыр Дәулетиярова (суретте) бізге былай деді:

— 2016 жылдың қыркүйек айының 19-ында таңертең келінім «Қорадағы қойдың жартысы жоқ», — деп жыларман болып келіп тұр. 18 қыркүйекте кешкісін үйге жапсарлас қораға барлығы 38 бас қойымды өз қолымнан қамағанмын. Келінімнің айтқаны рас болып шықты. Саулық қойлардың ішінен 14 бас ең ірілерін, семіздерін таңдап тұрып алған. Кәрі қойлар мен тоқтыларды қалдырған. Екі машинаға тиеген ғой, қораның іргесіне тақаған іздері сайрап жатыр. Сол бойда үйдегі телефоннан милицияға (полицияға деп оқыңыз. Авт.) хабарладым. Ержан, Сержан Тасболат деген үш милиция келіп, бір-екі күн ауылда жүрді. Екі машинаның ізін қарады, өлшеді. Кетті. Содан күндер өте берді. Аудандағы милицияның бастығы Нұрмағанбетовке бардым, аудан прокурорына бардым. «Тергеп жатырмыз, іздеп жатырмыз», — деп шығарып салады. Содан 2017 жылдың 26 ақпанында (?) Ақтөбедегі менің балам Оразбекке (?) Ескендір Бисекешевтің Мұса деген ағасы звондапты: «Әй, құрдасым, сенің мамаңның қойлары табылды. Сүйінші. Мамаң қанша сұрайды?» — деп. Балам Оразбек: «Менің малым болса, сендерден 700 мың теңге талап етер едім. Мал мамамдікі, мамаммен сөйлес», — дейді де, менің те-лефонымды береді.

Сұрақ: — Қараптан-қарап звондап тұрғаны қалай? Әлде сіз, әу баста Ескендір Бисекешевтен күмәнданып, полицияға оның атын көрсетіп арыздандыңыз ба?

 Жауап: — Жоқ. Ескендір дегеннен тіпті хабарым жоқ. Көршімнен күдіктеніп «Сол ұрыларға шығарып берді-ау» — деп милицияға айттым. Бәлки, малымды шығарып бергендер Ескендірге шығарып бердік деп айтты ма, әлде милицияның өзі Ескендірден күдіктенді ме, ол жағы маған белгісіз. Қойларым өткен жылдың 18 қыркүйегінде ұрланды, содан милиция іздеп жатырмыз деді ғой. Күндердің күнінде сіздердің газеттеріңізде Жалғастың малына байланысты мақала шықты ғой. Содан тергеу келді ғой (апай «Орал өңірі» газетінің 2017 жылғы 14 ақпан күнгі санында жарияланған «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» атты мақаланы айтып отыр. Ред.). Мен де сол бойда милицияға барып, «Тергеулеріңізді дұрыстап жүргізбей жатсыңдар, мен де газетке барамын» деуге мәжбүр болдым. Мұны мен Ермұқан Жұмағалиевке (Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары. Ред.) айттым. «Оралға барамын, сендердің үстеріңізден Жалғас (Тінәлиев) құсап, газетке арыз беремін» дедім. Соны ол бастығына жеткізген ғой. Сосын бастығы (Нұрмағанбетов. Ред.) маған 22 ақпан күні үйімдегі телефоныма звондап: «Апай, сіз қайда барасыз?» дейді. Мен: «Сендердің үстеріңізден газетке берейін деп бара жатырмын» дедім. Ол: «Апа, 10-ына дейін уақыт беріңіз, ұрыны 10-ына дейін тауып беремін» — деді. Милиция бастықтың өзі осылай деді. 10 наурыз түгілі, 10 сәуір болды ғой. Хабар жоқ (Апаймен 6 сәуірде кездестік. Ред.).

Нұрмағанбетов маған 22-сінде звондаса, Ескендірдің ағасы Мұса менің балама арада төрт күн өткесін, яғни 26 ақпанда звондап тұр. «Мамаңның малы табылды, сүйінші!» деп.

Әйтеуір, мақала шыққаннан кейін милиция Ескендірді қысты ма, әлде өздерінің жандары қысылды ма, Мұса звондап тұр ғой балама. Балам «Мамама өзің хабарлас», — деді ғой. Бірақ олар хабарласқан жоқ. Содан ақыры болмағасын Ескендірдің ағасы Мұсаға өзім телефон соқтым. «Әй, балам, сен өтірік айтып, үн жоқ, түн жоқ қалғаның қалай? Айдан асты, ештеңе жоқ қой… Сен қате әңгіме болса, неге өздерің бастадыңдар. Қанша сұрайды, береді дедің ғой. 700 мың дегесін қорқып кеттіңдер ме, онда 14 қойымды қораға әкеліп кіргізіңдер», — дедім. Мұса: «Ескендірмен сөйлесіп білемін», — деді. Анаусымен сөйлескен екен, ол «700 мыңды төлей алмаймын, өзінің 350 мыңын беремін», — депті. Тура осылай деп Мұсасы 11 наурыз күні кеште үйдегі телефоныма өзі звондады. Мен «Мейлі, 350 мың берем десе, берсін», — дедім. Айдың күннің аманында 14 қойын ұрыларға жем қылып, табанынан таусылған Батыр Ана бізге осылай дейді.

Сонда дейміз-ау, анау Мұсасы бар, Ескендірі бар, айдаладағы Ақтөбеге, апайдың баласы Оразбекке әуелі сүйінші сұрап, сосын «Мамаң малына қанша сұрайды?» — деп неге жақауратып, қоңырау соғады? Одан кейін біраз уақыт өткен соң ұрламаған болса, «700 мың теңгені төлей алмаймын, 350 мың теңгені беремін», — деп неге тағы қопсытады. Сосын тағы бір таңғаларлығы – апайдың сөзіне қарағанда, Бисекешевтер телефоннан «Күтіңіз, малыңыздың ақшасын төлейміз» деген шамадан көп ұзамай, аудандық полицияның бастығы да «Сәл шыдаңыз, малыңызды тауып беремін» деп қоңыраулатады екен? (Сонда қалай, полиция ұрылармен келіссөз жүргізіп жатқаны ма? Ред.) Әрі қарай Қалампыр апайдың айтуы бойынша, ұрысы да тым-тырыс қалады, полициясы да тып-тыныш болады… Неге бұлай?..

Сонымен, құрметті оқырман! Бисекешевтердің Мұсасы Ескендірімен сөйлесіп, одан Қалампыр Дәулетияроваға қайта звондап, қойдың құнын қайтаратын болды ғой. «Қайтарды ма?» деп сұрағыңыз келіп отыр ғой бізден. Сол сұрақты біз де апайға қойдық.

— Қайдағы қайтарған?.. Уақыт созып, алдарқату ғой деймін… Бір тиын да қайтарған жоқ, — дейді Батыр Ана Қалампыр Дәулетиярова. Жалғас Тінәлиевтің баспағы туралы мақала «Орал өңірінде» шыққаннан кейін милиция ұрыларды жатпай-тұрмай іздеп жатқандай болды. Наурыздың 17-сі күні Нұрмағанбетовтің орынбасары Ермұқан Жұмағалиев қасында Асхат Мусин деген тергеушісі бар келді, ауылдағы мектептің бір бөлмесіне бардым, шақырып жатыр дегесін. Ескендірді алып келіпті. Ескендір дегенді танымайды екенмін. Әке-шешесін танимын, жақсы білемін. Әлгі милициялар маған: «Ескендірді алып келдік, терге!» – дейді. Мен «Қарақтарым-ау, мен бе, милиция?.. Сендер сұрамайсыңдар ма?.. Мына кісі сенен күдіктеніп отыр, сенің беретін қандай уәжің бар деп сұрамайсыңдар ма? Ескендір маған шынын айта ма?» – дедім. Ескендір тұр. Милициялар әлгідей деп, олар отыр. Содан Ескендірге мен айттым: «Қарағым, мен сенің әке-шешеңді жақсы білемін. Біздер совхозда рабочий болып жүргенде, әкең тракторист болды. Шешең мұғалім болды. Сендерден мұны күткен жоқ едім. Сенен күдіктенген жоқ едім, күдікті өзің тілеп алдың басыңа. Ағаңа хабарлап, ағаң маған звондап, балам Оразбекке звондап. Оразбек менен туғанмен, мал менікі. Ал сен алған болсаң, қарағым, әке-шешеңді көре қалдым, сені соттатып, жанұяң бар, бала-шағаң бар, айырамын демейін. Менің 14 қойымды туғызып әкеліп бер, қойың жоқ болса, сол 350 мың теңгенің құнына жеткізіп, сиыр әкеліп бер. Арызымды қайтып аламын», — дедім. Мен солай дегенде, Ескендір үн жоқ, түн жоқ тұрды. Сосын мен «Сенің үнсіздігің мойындағаның ғой» деп едім, ол қақшақтап шыға келді: «Мен ағама айтқан жоқпын, Мұса өтірік айтады» деп. Мұса өтірік айтып, даладағы маған өзі звондап не қақы бар? «Ол әуелде сенің аузыңнан шыққан әңгіме, енді мойында» дедім. Үндеген жоқ. «Ал енді не айтасың?» — дедім. Ол үндемей тұрды да: «Ендігі әңгімені мына кісілерден күт!» — деп милицияларды көрсетті. (Бисекешевтің бұлай деуін қалай түсінуге болады? Полицияны қойын ұрлатқан кемпірге ұрылардың жауабын жеткізетін қолбала қылғаны ма? Әлде, полицияның өзі олардың қолжаулығына айналғаны ма? Ред.). Милициялар дым деген жоқ, сұрақ та берген жоқ. Сонда әлгі милициялар «Бізден не күтеді, ұры сен, ұрлаған сенсің, сен төле!» — деп айтуға жарамады.

Сұрақ: — Жұмағалиев пен Мусин ең болмаса, сіздерді беттестіргендері туралы хаттама толтырды ма?

Жауап: — Жоқ. Ештеңе жазған жоқ. Тек тыңдап отырды. Менің айтқаным милицияларға «Сендер ұрымен біргесіңдер, ұрымен біріккесін ұрлық ашылмайды», — дедім. Сонымен кетті. Болды.

Шөптікөлдік азамат Жақсылық Мұханбетов үш жасар сиырын өткен жылы қыркүйекте жоғалтады. Өзінің айтуы бойынша, оны біреулер көлікке тиеп, Ескендір Бисекешевтің малына апарып қосқан (Бұл жәйтке алдағы уақытта, өз алдына бөлек оралмақшымыз. Ред.). Іле-шала іздеп барғанмен, таба алмайды. Ескендір малды өріске шығарып жібергенін айтады да, бақташыдан сұра дейді. Бисекешевтің малын үш күн қатарынан аралап қараса да, таба алмайды. Мұханбетов малын даулап соттасып та көрген, бірақ сиырының құжаттары толық болмай, сотта жеңіліс тапқан. Бұл жерде де жоғалған малдың дауының ортасында тағы да Бисекешевтің аты аталып тұрғаны қалай?

Қаратөбедегі мал ұрлығынан өршіген даудың ұзын ырғасы осы…

 Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»

P.S. Бет қатталып жатқанда Батыр Ана Қалампыр Дәулетияроваға Бисекешевтердің телефон шалғаны белгілі болды. «10 мамырға дейін 350 мың теңгеңді апарып береміз. Ешкімге ештеңе деме, полициядағы арызыңды алма, жата берсін!» — дейді. 10 мамыр күні Дәулетиярованың үйіне біреу 350 мың теңгені «Бережақ кісі беріп жіберді» деп әкеліп тастап кеткен.

Біз бұл әңгімеге, Қаратөбедегі мал ұрлығына, оны тергеп-тексерудің жай-жапсарына, полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне әлі де оралатын боламыз.


4, 5 млрд. теңгенің жұмыстары атқарылмақ

Күні: , 36 рет оқылды

PRI_8849


Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов жұмыс  сапарымен  Қазталов  ауданында  болды.


Өңір  басшысы  алдымен  «Ақбұлақ»  бағдарламасы бойынша Талдыапан ауылдық  округінде  тартылып  жатқан таза ауыз су құрылысының жұмысымен  танысты. Қазталов ауданының Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа ауылдарына жүргізілетін су құбырының құрылыс жұмыстарына «БатысГазстрой» ЖШС жауапты. Жалпы  ұзындығы 103, 249 шақырымды құрайтын жобаның құны 778,174 млн. теңге болып отыр. Бұл құрылыс нысандары жүзеге асқан жағдайда 1383 тұрғын таза ауыз сумен қамтылатын болады.

Су құбырының құрылысымен танысқан  өңір басшысы сала мамандарына қауіпсіздік шараларын қадағалауды және  жұмысқа жергілікті тұрғындарды тартуды тапсырды. Сапар барысында облыс басшысы  Чапаев – Жалпақтал – Қазталов республикалық бағыныстағы  жолды күрделі жөндеуден өткізіп жатқан жолшылармен дидарласты. Сондай-ақ облыс әкімі Сарықұдық ауылында болып, осы ауылдағы жаңадан салынған медициналық пунктті көрді. Айта кететіні бұл нысанды ауыл азаматы, жеке кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаев өз қаржысына салған болатын. Сонымен қоса  бұл азамат Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш тақтаны жаңартып, елдің алғысына бөленген. Алтай Сейдірұлы туған ауылды көркейтудегі еңбегі үшін Нұрлыбай Жолдыбаевқа алғысын айтып, тұрғындарға үлгі етті.

Облыс әкімі Жалпақтал ауылына да аялдады. Биылғы жылы Жалпақтал мен Қараөзен ауылдық округтеріне республикалық және  жергілікті бюджеттен «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 361,126 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Қос ауылға таза ауыз су жеткізу жұмыстарын «ПМК-117»  ЖШС-ы атқармақ. Серіктестік басшысы Ольга Попова өз міндеттерін тиянақты атқарып жатқандарын, жергілікті ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып отырғандығын айтты.

Мұнан кейін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов аудандағы суландыру жүйесінің жайы туралы баяндады.

PRI_9045Бүгінде аудан аумағындағы көлдетіп және жүйелі суарылатын жер көлемі 68411 гектарды  құрайды. Өткен жылы суландыру жүйелері бойынша жер актілері мен техникалық құжаттарын жасақтау үшін аудандық бюджеттен 1 млн. 998 мың теңге қаражат қарастырылып, тиісті құжаттар рәсімделген.

– Аудан аумағындағы орналасқан коммуналдық меншіктегі «Сакрыл» және «Мамай» суландыру жүйелерін қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілген жағдайда табиғи мал азығымен қамту, экологиялық ахуал және ашық су көздерінің тапшылығы  жөніндегі өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізбек, — деді аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр. Сонымен қатар облыс әкімімен кездесуде еңбек ардагері Хамидолла Берғалиев «Сакрыл», «Мамай» суландыру жүйесінің маңыздылығын  айтты.

– Бүгінгі таңда ауыз су өзекті мәселелердің бірі. Ең бастысы, «Киров-Шежін» каналының құрылысын уақтылы да сапалы  аяқтауымыз керек, – деді кездесуде өңір басшысы  Алтай Сейдірұлы.

Келесі  күні облыс әкімі «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Қазталов ауданы орталығында  тартылып жатқан таза ауыз су жүйесінің «Лекер» су бекетіне барды. Бекет маңында ол Қазталов, Бостандық ауылдарына су құбырын тартып жатқан мердігер-лер «Батыс Газ Строй» ЖШС мен «Жиенбай» ЖШС-ның жетекшілерімен кездесті. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен Қазталов ауылына 244 млн. 606,2 мың  және Бостандық ауылына 336 млн.  470 мың теңге бөлінген. Өңір басшысы сонымен қатар аудан орталығындағы 100 орындық  жатақхана құрылысымен де танысты. Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Алма Оразбаева  атындағы орта  мектепке арнайы барып, мектеп ғимаратының апатты жағдайына байланысты өз пікірін білдірді. – Бұл білім ордасының бүгінгі жағдайымен арнайы мамандар танысып, шешім шығаруы керек. Егер де мамандар апатты жағдайдағы нысан деп таныса, жаңа мектеп салуға ықпал  жасаймыз, – деді  өңір басшысы.

Облыс әкімі Қазталов ауданынына жасаған жұмыс сапарын аудан әкімдігінде өткен жиында қорытындылады. Жиынға салалық мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері және ауыл ақсақалдары қатысты.

–Ауданда біраз істер атқарылуда, әлі де жасалатын  жоспарлы жұмыстар көп. Биылғы жылдың өзінде аудандарыңызда 4,5 млрд. теңге қаражаттың жұмыстары атқарылмақ. Облыс орталығынан тартылып жатқан күре жол да аудан орталығына таяп қалды. Биыл 13 шақырым жол тартылатын болады. Орталықтарыңыздағы 100 орындық жатақхананың  құрылысы да биыл аяқталады. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қазталовта – 22, Жалпақталда 12 тұрғын үй салынбақ. Мал басын көбейту, асылдандыру мақсатында шаруа қожалықтарына 630 млн. теңге субсидия беріледі. «Ақбұлақ»  бағдарламасы да іске асуда. Қазталов ауданы бойынша биылғы жылы 12 елді мекенге таза су берілетін болады. Көгілдір отынға келетін болсақ, ауылдарыңызға газ құбырларын тартуды келесі жылдан бастап іске асыратын боламыз, – деді өңір  басшысы жиынды  қорытындылаған  сөзінде.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

Қайрат  ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы


Осылай азады екен адамдар да…

Күні: , 112 рет оқылды

20140331_135807


Байырғы шаһарымыздың «Жазира» шағынауданындағы «Зашаған» дүкенінің маңынан жас шамасы елуді еңсеріп тастаған ер адамды жиі көретінбіз. Қашан келсек те, сауда орнына келушілерден қиылып ақша сұрап жүреді. Жуырда әлгі «байғұспен» аз-кем тілдесіп қалдым. Ішкілікке салынып, үйінен кетуге мәжбүр болғандығын, уақыт өте келе әркімнен «бас жазар» сұрап жүретіндігін іркілместен жайып салғаны. «Бұл жерді таңдауыңа қандай себеп?» деген сауалымызға «Осы дүкенге адамдар көптеп келеді, солардан тиын-тебен сұрап алып, «моторымды» іске қосамын» дейді сабазың. Айтпақшы, сол екі арада қояр да қоймай, біздің қалтамыздағы тиын-тебенге де «құда түсіп» үлгерді…


Бүгінде қаңғыбастарға көзіміз үйреніп кеткендей. Тіпті оларға мынау қоғамның бір бөлшегіндей қарайтындаймыз ба, қалай?.. Олар көше кезiп, қаңғыбастыққа салынып, кәдімгі тірліктен қол үзген.

Баспанасыз жүріп, қоқыс жәшіктерін ақтарып, қолына iлiккенді қорек қылатын, iшкiлiктен айықпайтын, қара жердi төсек қылатын қаңғыбастарды алыстан көргеннің өзінде тұла бойың тітіркене жөнелмей ме?.. Ешкімнің басына бермесін деңіз…

Мұндай жандарды көбінесе «Бомждар ғой» деп ауызекі тілде айта саламыз. Көпшілігі мас жүреді. Мiнез-құлқы да алабөтен. Арасында бұрын істі болғандары да бар. Десе де олардың арасында алаяқтарға алданып, баспанасынан айырылған жандар да ұшырасады. Жоғары оқу орнын ойдағыдай бiтiрiп, кейін тәп-тәуір қызмет iстеп жүрген жүзтаныстарыңызды уақыт өте келе сол қаңғыбастардың ортасынан көргенде, төбеңізден біреу мұздай су құйып жібергендей күй кешетініңіз де рас. «Бомждардың» арасында қазақ жігіттерінің көбейе түскендігі байқалады. Кезінде жұмыс істеп, ақша табамын деп ауылдан қалаға келгендерді шаһардың қатал тірлігі аясын ба!?

Әп дегеннен адамның ойлағаны бола қоймайды ғой. Соған бола сағы сынып, ішкілікке салынып, олар үшін қоғам терiс айналғандай көрінеді.

20140421_122820Өмiрге қолын бiр-ақ сiлтегендердің көбі орталық «Мирлан» базарының маңында жүр. Ішінде әйел адамдар да бар. Шаңырағы шайқалып, үйінен безгендерді Мұхит көшесі бойындағы көпшілік тамақтанатын «Старый пристань» кафесі, «Зашаған» дүкені, «Школьник» СҮ маңайынан бұрын көптеп кездестіретінбіз. Ал бүгінде қаланың қай шетіне барсаңыз да, кезбелердің сүйкімсіз бейнесі көзге түсіп, назарға іліне береді. Бір ғана «Арбаттың» бойымен жүрсеңіз, бірнеше көрініске тап болатыныңыз сөзсіз. Біреуі күннің қызуына арқасын беріп, шаруасы түгел адамдай шолжиып ұйқыда жатса, енді біреулерінің жанжалдасып (соларға не жетпейтінін) жатқанын көріп жүрміз. Мемлекет оларды қалыпты өмірге қайта оралтуға барынша тырысқанымен, көнетін кезбелер жоқ. Емдеу орталығына жатқызып, ауқаттандырып немесе үстібастарын ретке келтіруге жұмыстанғанымен, жылы орындарын суытып, қайтадан «бұрынғы әніне» басады. Маскүнемдікке салынып кетудің салдары мен одан арылудың жолдары жайлы облыстық наркологиялық диспансер психологі Айгүл Чабдаровамен тілдескен едік.

— Облыстық наркологиялық диспансер психологтері есепте тұратын науқастармен ғана жұмыстана алады. Мұнда алкагольді және есірткі пайдаланған науқастармен жұмыс жүргіземіз. Алдымен науқастарды қабылдаған кезде, олардың ішімдік ішпегендігіне көз жеткізіп, кейін әңгімелесу арқылы жұмысымызды әрі қарай жалғастырамыз. Сұхбаттасу кезінде олардың ішімдікті қай кезден бастап іше бастағанын және не себептен ішкенін анықтап аламыз. Кейін түзету әдістері, психодиагностика, босаңсыту жаттығулары және тесттер жүргізу арқылы науқастардың сауығып шығуына барынша ықпал етуге тырысамыз. Жадынамаларды қолдана отырып, күйзелістен арылу жолдарын табуға бағыттаймыз. Науқастардың емделу уақыты әр адамның өзіне байланысты. Әрбір жүргізілген сұхбат науқастардың ішкі жан-дүниесіне бойлап, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрған кезде ғана олардың еңсесін езген ауыртпалық өзінен-өзі жеңілдейді. Адамның ерік-күші мықты болса, ішімдіктерден бас тартып, әрі қарай мұндай жолға түспеуге бел байлайтын болады. Өзіміз белгілеген уақытқа науқасты шақырып, үйге тапсырмалар беріп, артынша оның орындалуын қадағалаймыз. Тесттер жүргізу арқылы науқастың мінез-құлық ауанын анықтауға тырысамыз. Жасөспірімдермен көбірек жұмыстануға тура келеді. Ата-анасымен немесе олардың жақындарымен сұхбаттасамыз. Адамдардың ішкілікке салынуына отбасындағы түрлі жағдайлар мен айналасында болып жатқан кейбір мәселелер әсер етеді.

20140507_201900Әйел адамдарға қарағанда ер адамдар тұйық келеді. Ішіндегі шоқтай қарыған жайларды кез келген жанға ашылып айта бермейді. Сол себепті ащы судан ішсем, мұндай жағдайлардан арыламын немесе жеңілдеп қаламын деп ойлайды. Сөйтіп, ақырында маскүнемдікке салынғанын өзі де байқамай қалады. Сондықтан маскүнемдікке әйелдерге қарағанда ерлер көптеп шалдығады. Ал желім иіскеудің (таксикомания) жөні тіпті бөлек. Оған, әсіресе, жасөспірімдер бейім келеді. Алдымызға келген балалардан сұраған кезде олар айтатын түрлі улы заттарды (желім, ертінділер, бензин т.б) иіскеу арқылы көз алдарында мультфильмдер, түрлі-түсті бейнелер түрінде елестер (галлюцинациялар) пайда болады екен. Олар бір сәтке шынайы өмірден алшақтай отырып, рақат сезіміне бөленеді-мыс. Мұндай әрекетті бір бастаған жеткіншектер кейін үйреншікті әдетін көпке дейін тастай алмайды. Осындай жағдайға көбінесе жартыкеш отбасылардың балалары тап болады. Көңілдің аз бөлінуі немесе ата-аналардың қадағалауынсыз қалуының кесірінен балалардың ойына келгенін жасайтыны жасырын емес. Психолог мамандардың алдына келген науқасқа «Бұл істеп жүргеніңнен бас тарт, енді мұндайға ұрынба!» деп айтқанымен, ол науқас өзінөзі жеңе білмесе, одан ешқандай нәтиже шықпайды. Алдымен адам өзінің ерік күш-жігеріне сенуі қажет. Сол кезде ғана сауығып, ел қатарлы өмір сүре алады, – дейді маман.

Осы арада мүмкіндігі шектеулі жандардың тынымсыз тірлігі мен қоғамға белсене араласуын көргенде кәдімгідей разы болып қаласыз. Ал анау он екі мүшесі сау, зіңгіттей азаматтардың өмір жолында кездескен қиындықтарға шыдамай морт сынып, езіліп кететіндеріне қарап санаңды аяушылық һәм ренішті сезім қатар билейді. Одан әрі қара жерді төсеніштей, ашық аспанды жамылғыдай көрген көшедегі кезбелердің көбеюі жаныңызға мұң ұялатары кәміл. Әсіресе, өзіміздің қандастарымызды көргенде…

Темірболат ӘНУАР,

«Орал өңірі»


6 506 шетел азаматы тіркелген

Күні: , 25 рет оқылды

DSC_0515


ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы алаңында БҚО ІІД бөлініс басшылары қатысқан брифинг өтті.


Жиында БҚО ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы Ертас Бисенов және БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жанболат Жаншин өздері басшылық ететін мекемелердегі мемлекеттік қызмет көрсету мәселелеріне тоқталса, БҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Ерген Төлемісов ішкі істер органдары жеке құрамы арасындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар туралы әңгімеледі.

Ерген Төлегенұлының айтуынша, 2017 жылдың алғашқы төрт айы бойынша облыстың ішкі істер, қылмыстық атқару жүйесі, төтенше жағдайлар департаменттері қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы 336 арыз-шағым түскен. Оларды өзіндік қауіпсіздік басқармасының тексеруі нәтижесінде жеті қылмыстық іс қозғалса, оның үшеуі жемқорлық сипатта болған. Бүгінгі таңда барлық бөлімшелер бойынша 98 полиция қызметкерінің заң бұзу ықтималдығы жоғары деп танылған. Полиция қызметкері алты айдың ішінде қызметтік тәртібіне қайшы екі немесе одан да көп әрекет жасаса, мысалы, жұмыстан кешіксе, қызметке жеңіл мастықпен келсе, жол қозғалысы ережелерін бұзса немесе оның үстінен тұрғындар тарапынан арыз-шағым түссе, мұндай қызметкерлер заң бұзу ықтималдығы жоғарылардың тізіміне алынады. Олар ескертулерден алты айдың ішінде оң қорытынды шығармаса, жұмыстан босатылу мәселесі қарастырылады. Мұндай қызметкерлердің тәртібін өзіндік қауіпсіздік басқармасы арнайы бақылауға алады.

Брифингте облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығы келтірген мәлімет бойынша, өңірімізге ТМД елдері аумағынан жұмысқа келушілердің саны былтырғымен салыстырғанда артқан. Басқарма басшысы мұның себебін жергілікті әкімшілік жанынан шетелдіктерге арнайы жеңілдік жасалып, биылдан бастап бақша егу секілді маусымдық жұмыстарды атқаруға рұқсат берілгендігімен байланыстырады. Жалпы, қазіргі таңда өңірлік көші-қон полициясы басқармасы арқылы тіркелген шетелдік азаматтар саны 6 506 адамды құрайды. Оның 3 755-і – бұрын Қазақстанда тұрған, қазіргі таңда тума-туыстарына келген Ресей азаматтары. Тәжікстаннан — 102, Өзбекстаннан 1 632 адам тіркелген. Жалпы, 1 987 шетелдік азамат қызметін заңдастыруда. Бүгінде олардың 955-і рұқсат қағазын алса, қалғандары енді тіркелуде. Әрбір тіркелген азамат көші-қон полициясының бақылауында болады.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


КТИ-да оқығым келеді!

Күні: , 26 рет оқылды

DSC_0090


Орал қаласындағы «Зенит» мәдениет сарайының залында ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтынан жоғары білім алғысы келетін, өрт сөндіруші, құтқарушы мамандықтарына құштар болып жүрген әскери жастағы облыс мектептерінің оқушылары мен БҚО ТЖД ардагерлерінің кездесу кеші өтті.


— Ардагерлеріміз азаматтық қорғаныс органдары қызметінен алшақтаса да, өздері қызмет еткен салаға әрдайым қызығушылық танытып, алаңдап жүреді. Себебі олар өмірінің айтарлықтай бөлігін адамдарды тілсіз жаудан, өзге де төтенше жағдайлардан қорғауға арнады. Оқу жылының аяқталуы жақындаған сайын көптеген оқушыларды «Қайда барып оқысам, кім болсам?» деген маңызды сұрақтар мазалайды. Осы орайда талапкерлерге құтқарушы мамандығының қыр-сырын кеңінен таныту, Көкшетау техникалық институтына (КТИ) түсу үшін қажетті ақпараттарды тарату үшін бүгінгі шараны ұйымдастырдық, — деді БҚО ТЖД бастығының орынбасары, подполковник Ақылбек Ахметжанов.

Кездесу барысында КТИ курсанттарының өмірінен алынған бейнесюжеттер мен патриоттық бейнероликтер көрсетілді. Залда отырған жас ұрпақ азаматтық қорғау саласындағы барлық бейнероликтерді аса қызығушылықпен тамашалады.

Кеште жас офицерлер өздерінің ҚР ТЖК КТИ-да өткізген курсанттық кездері туралы әңгімеледі.

Көкшетау техникалық институтындағылар «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» қағидасын берік ұстанады. Басқаша болу тіпті мүмкін емес. Себебі курсанттарды даралыққа, стандарттыққа емес, ыңғайды қажет ететін жұмыстарға даярлайды. Мұндай жерде дос көмегінсіз нәтижеге жету мүмкін емес.

Аталған іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қызметкерлер өрт сөндіру, адам өмірін құтқарудан басқа да өнерлерінің бар екендігімен көрермендерді тәнті етті. Олар сахнада патриоттық әндерді нақышына келтіре орындады.

Оқуға үміткерлер шара концерттік бағдарламамен аяқталды деп санаса керек, үйлеріне тарауға ыңғайлана бергенде үшінші кезең – арнайы және жауынгерлік техника көрсетілімі басталып кетті. Жас буын құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің арнайы құтқару құралдары мен техникаларын көрсетуін ерекше қызығушылықпен тамашалады.

Азаматтық қорғаныс органында қызмет ету – ардақты әрі абыройлы іс. Қазіргі кезде әлемнің әр жерінде техногенді, табиғи апаттар жиілеуде. Құтқарушы мен өрт сөндіруші мамандығы әр кез сұранысқа ие. Қауіп төнген кезде алғашқы болып адам өмірін құтқаруға құтқарушылар мен өрт сөндірушілерден өзге кім келеді?! Олар азаматтарды құтқаруға бағытталған шешімдерді жедел әрі дұрыс қабылдап, нақты көмек көрсетеді.

Қазірдің өзінде көптеген облыс, қала мектептері түлектерінің КТИ-ға түсуге қызығушылықтары артып, азаматтық қорғау батыры атануды армандауда.

Азамат НҰРПЕЙІСОВ,

БҚО ТЖД ӨҚСБ және ПҚБ халықты оқыту және

ақпараттандыру тобының бас маманы


Райымбек ЗАЙДАҒАЛИЕВ: «Арманым алдамады»

Күні: , 140 рет оқылды

райымбек


Бала кезінде көкке самғап, ақша бұлттар жүзген биіктікті бағындыру үшін ұшқыш болуды кім армандамады дейсіз? Бірақ өскесін бұл мамандықты мықтының мықтысы ғана меңгере алады. Сол бір балалық арманы алдамай, ұшқыш болудан тайсалмаған ер жігіттердің бірі Райымбек Зайдағалиев бүгінде Шымкент қаласындағы авиациялық әскери бөлімде борт инженері қызметін атқарып жүр.


Күні кеше Астана қаласында ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына орай әскери шеру өтіп, оған 5000-нан астам әскери мен 300 техника және 70 әуе көлігі қатысқаны бәрімізге белгілі. Осы парадта әуе техникалары Қазақстан Қарулы күштерінің мерейтойына орай ашық аспанда 25 санын, сондай-ақ елордамыздың басты көрікті нысандарының бірі – «Бәйтерек» монументі түріндегі жоғары пилотаж бейнесін берген болатын. Әскерилердің қатарында жерлесіміз Райымбек те әуе шеруіне қатысып, «Ми-171» және «Ми-35» соғыс және әскери-транспорттық тікұшақтарын басқарып, әуедегі көрініске дайындады.

Бүгінде Шымкент қаласындағы авиациялық әскери бөлімде қызмет атқаратын жас капитан Райымбек Берікұлы өз ісімен көпке үлгі боларлықтай өнеге көрсетіп жүр. Қарапайым отбасында тәрбиеленген ол алдына үлкен мақсат қойып, қалай да ұшқыш болуды армандайды.

Ол Қазталов ауданының Әжібай ауылында 1989 жылы дүниеге келген. Әкесі Берік Қарабалин – энергетика саласының ардагері, туған ауылында электрик-монтер болып адал қызмет етуде. Ал анасы Мақпал жол-көлік апатынан ертеректе көз жұмып, Райымбек әкесі мен ата-әжесінің тәрбиесін алған.

2006 жылы Әжібай ауылындағы Бірік орта мектебін ойдағыдай аяқтап, өз арманына қол жеткізу үшін Қазталов аудандық қорғаныс жөніндегі бөлімге өтініш білдіреді. Сан түрлі сынақтардан сүрінбей өтіп, жолы болған бозбала авиация мамандарын дайындайтын Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің Ақтөбе қаласындағы әскери институтына оқуға түседі. Осылайша осы білім ордасының І курсына курсант болып қабылданады. Ал 2010 жылы осы институттың авиациялық радиоэлектронды жабдықтау бөлімінің инженер-радиотехник мамандығы бойынша лейтенант шенін алып шығады. Артынша борт инженері мамандығына қайта даярлықтан өтеді.

— Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтын бітірісімен, бір топ жас сардар (офицер) ҚР Қарулы күштерінің Бас қолбасшысының бұйрығымен мамандықтарымыз бойынша республикалық деңгейдегі әскери бөлімдерге жұмысқа бөліндік. Мен сол жылы Шымкент қаласындағы авиациялық әскери бөлімге жолданып, күні бүгінге дейін осы жерде қызмет атқарып келемін. Әскери адам болу оңай емес, бірақ ер адам түзде жүріп шыңдалады. Арманым алдаған жоқ. Ал бала арманының ойдағыдай жүзеге асқанынан артық бақыт бар ма? — деген Райымбек өзінің кәсіби тұрғыда өсуіне, әскери өмірде шыңдалуына осы жердегі әріптестерінің қосқан үлесі зор екенін айтады.

арманым алдамадыӘріптестерінің алдында сыйлы, жастарға үнемі үлгі-өнеге болып жүрген жас офицер өткен жылы капитан шеніне ие болған. Бұл абыройға әбден лайық еді. Өйткені осыған дейін сеніп тапсырылған республикалық деңгейдегі барлық шараларды аса жауаптылықпен атқарып шыққан ол әскери өмірдегі белсенділігінің арқасында көзге түсіп, бірнеше мәрте салтанатты әскери шерулердің бел ортасынан табылады.

2009 жылы Астана қаласында ҚР Конституциясы күніне орай ұйымдастырылған бірінші әскери парадқа шақырту алады. Осы шарада жастар арасында патриоттық тәрбие беру жұмыстарына атсалысып, бірінші әскери парадты дайындағаны және қатысқаны үшін ҚР Қорғаныс министрінің алғысхатымен және мерекелік медальмен марапатталады. 2010 жылы Астана қаласына екінші мәрте ҚР Конституциясы күніне арналған шеруге шақырылады. Ал 2011 жылы Шымкент қаласындағы 55652-әскери бөлімінің құрылғанына 60 жыл толуына орай әскери бөлім командирінің бұйрығымен «Әскери бөлімге – 60 жыл» төсбелгісімен, 2012 жылы ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «ҚР Қарулы күштеріне – 20 жыл» медалімен марапатталды.

Жас сардар өткен жылы Ресейдің Торжок қаласында «Жаңа типтік ұшақ» түрін меңгеру мақсатында бір айлық курстан өтіп, арнайы сертификатқа ие болды. Кейін Ресейдің Рязань қаласында өткен халықаралық «Авиадартс – 2016» әскери ойындар байқауына Қазақстанның әскери командасының құрамына қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты. Жас болса да, әскери өмірдің барлық қиындықтарын абыроймен атқарып жүрген Райымбек Зайдағалиевтің Отан алдындағы мінсіз қызметі ескерусіз қалмай, 2016 жылы ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.

Ал шалғайдағы ауылдастары мен ұстаздары болса, Райымбектің өз мақсатына қол жеткізгенін мақтанышпен айтады. Бүгінде бір жанұяның отағасы атанып отырған ол – ұл-қыздарына сүйікті әке, зайыбына адал жар, ата-анасы мен бауырларының жанашыр қолдаушысы. Отбасындағы екінші анасы Раушанның ілтипат-қамқорлығын сезініп өскен Райымбек оған ризашылық сезімін білдіруден жалыққан емес.

Қазақ елінің абыройын асқақтатып, Отан тыныштығын күзетуде адал қызмет атқарып жүрген Райымбектің әскери өмірдегі қызметіне толағай табыстар тілейміз.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Кірісті қалай көбейтеміз?

Күні: , 21 рет оқылды

IMG_2644


Таяуда облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева  бастаған  үгіт-насихат тобының  мүшелері Қазталов ауданында болып, аудан активімен кездесті.


Кездесуде  облыс әкімінің орынбасары  «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту шеңберінде төртінші деңгейдегі бюджетті енгізуге әзірлік», «Мемлекеттік және жеке әріптестіктің  даму мәселелері», «Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу  туралы» мәселелер төңірегінде әңгімеледі.

– Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту экономикалық өркендеудің, әлеуметтік әл-ауқатты және азаматтық қоғамды қалыптастырудың міндетті шарттарының бірі болып табылады. Өйткені негізінен оны халық қалыптастырады, оның бақылауында болады және халықтың негізгі өмірлік қажеттілігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жергілікті өзін-өзі басқару ұтымды ұйымдастырылса, жергілікті ресурстарды тиімді пайдалануға, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің төмендеуіне және тұрғындардың билікке деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Жергілікті жердің түйінді мәселелерін шешу барысында тұрғындардың өздерін тартуға мүмкіндік береді, күнделікті тұрмыстық және маңызды мәселелерді шешу белсенділігін арттырады. Бұл орайда, әрине, ауылдық округтердің  өзіндік бюджеті болмаса, жергілікті өзін-өзі басқару құр әңгіме болып қалған болар еді.

Сондықтан әрбір округтердегі мүліктерді есепке алу, олардан пайда көзін құрау және салық түсімін арттыру арқылы белгілі бір бөлігін жергілікті жерде қалдыру мәселелері тұр,  – деді облыс әкімі-нің  орынбасары  өз  сөзінде.

Сонымен қатар мемлекет пен  жеке меншік иесінің арасында әріптестік орнағанда ғана белгілі бір нәтижелерге жетуге болады. Бұл бағытта  елімізде жинақталған тәжірибелер молшылық. Соны жүзеге асыратын  уақыт та келіп жетті. Міне, осындай және басқа да мәселелерге  үгіт-насихат тобының мүшелері кеңінен тоқталып өтті.

Әсем  БОЛАТ,

Қазталов  ауданы


Төрт бас жүлдені жеңіп алды

Күні: , 14 рет оқылды

Кыз жибек


Қазталов ауданы Жалпақтал ауылының балғын өнерпаздары Алматы қаласында мәреге жеткен «Жеті өнер» І халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестиваль-байқауының төрт бірдей бас жүлдесін жеңіп алды.


Жас өнерпаздардың жетекшісі, белгілі әнші-ұстаз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиеваның айтуынша, «Жеті өнер» шығармашылық орталығы (директоры, жоба авторы Сандуғаш Құрманова) бұл байқауда Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес өнерлі өрендердің өзара сайысуына мүмкіндік беріп, шеберліктерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырған. Аталмыш байқауға республика қалалары мен өңірлерінен барлығы

700 оқушы қатысып, бақ сынады. Оған қоса Қытайдан домбырашы балалар келді. Үш күнге созылған фестиваль дәстүрлі ән, эстрадалық вокал, хореография, аспапта орындау, шебер қолдар, көркемсөз, қолданбалы өнер, барлығы жеті аталым бойынша өткізілді. Оның «Жеті өнер» деп аталуы да сондықтан. Әндер мен шығармалар үш тілде орындалды.

Сайыс қорытындысында Жалпақталдан барған «Қыз Жібек» термешілер ансамблі, Асқаровалар триосы, Мөлдір Нұғманова және Кәмила Рамазанова дәстүрлі ән аталымы бойынша төрт бас жүлдеге ие болды. Оған қоса Сымбат Нығметуллина екінші орын алып, лауреат атанды.

«Сапарымыз Жеңіс күнімен тұспа-тұс келгендіктен, 28 Панфиловшылар паркінде «Қыз Жібек» ансамблі бір сағат бойы концерт қойды. Жиналған жұртшылық ансамбльге ерекше қошемет көрсетіп, риза болды. Оған қоса фестиваль аясында «Жаңартылған өнер-білім» бірінші республикалық семинар-тренингінде «Термеде ақыл да бар, нақыл да бар» деген тақырыпта шеберлік сағатын өткіздім. Осы сапарға демеушілік жасаған аудан әкімі Нұрлан Бекқайырға алғысымды білдіремін», – деді Баян Қабиева.

Айта кетейік, «Қыз Жібек» термешілер ансамблі бұдан бұрын да бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған болатын.

Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика