Мұрағат: 10.05.2017


Жас әншінің жаңа табысы

Күні: , 34 рет оқылды

Ержан Максим3


Батысқазақстандық Ержан Максим Италияның Сан-Ремо қаласында өткен жас орындаушылардың халықаралық фестивалінде бірінші орынға ие болды.


Оның ұстазы, Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солисі Дария Бақытованың айтуынша, Ержан Италияда үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен сол елдің тілінде ән салып, қошеметке бөленді. Енді ол Витебскіде болатын халықаралық «Славян базарында» өнер көрсететін болады.

Ержан Ерболұлы қазірдің өзінде көптеген байқаулардың жеңімпазы болып үлгерді. Атап айтқанда, тоғыз жасар Ержан Максим 2016 жылғы желтоқсанда Ригада өткен жас орындаушылардың бесінші «Riga Symphony 2016» халықаралық фестивалінде үш мәрте жүлдегер атанған болатын. Қазақстан атынан айтулы додаға түскен Ержан Максим авторлық ән мен әлемдік хиттен бірінші, халықтық әннен екінші орынды иеленіп, үш бірдей медальға қол жеткізген еді. Жеті жасында Мәскеуде өткен «Бегущая по волнам» фестивалінің, содан кейін өткен жылы жазда Алматыда халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының, қыркүйекте Грузияның Батуми қаласында “Дельфин Фэст” байқауының бас жүлдесін иеленген Ержан Максим Орал қаласындағы №34 орта мектепте оқиды.

Елжан ЕРАЛЫ


Туған жердің бір уыс топырағы

Күні: , 129 рет оқылды

d867d93b-e917-4e95-9141-a4d55d3ba6d2


1943 жылы 15 желтоқсанда Батыс Белорусь майданындағы Жлобин шайқасында жау қолынан қаза тапқан Хамсин Есмулдиновты ұрпақтары арада 70 жылдан аса уақыт өткенде Белорусь Республикасының Гомель облысы, бұрынғы Рогачев, қазіргі Жлобин ауданына қарасты Майское ауылындағы бауырластар зиратынан тапты. Жеңіс күні қарсаңында немерелері аталарының басына барып, туған жердің бір уыс топырағын салып, тағзым етіп оралды.


Хамсин Есмулдинов 1910 жылы қазіргі Сырым ауданының Жетікөл ауылдық округінің аумағын-да жарық дүниеге көрінген. Әкесі Есмолда атақты Сырым батырмен бір атадан тараған көрінеді. Ол Жетікөлде бой көтерген үлкен мешітті ұстаған белгілі молда болған. Есмолдадан Қажиахмет, Нәжмедин, Хамсин тарайды. Қажиахметтен тараған ұрпақтары Жымпитыны мекендеп қалған. Ал Хамсин мен жары Ақкенжеден 1932 жылғы Сәми (Самиғолла), 1935 жылғы Максим, 1937 жылғы Мақсот және 1940 жылғы Сайлау есімді төрт ұл өрбиді. Кенже ұлы әкесі cоғысқа кеткенде небәрі 5-6 айлық сәби екен. Ал үлкен ұлы Сәмиді баласы болмағандықтан, Нәжмедин өз бауырына басқан. Ортаншы ұлы Мақсот Хамсиннің айтуынша, аталары соғысқа дейін Қособа ауылында ауылдық кеңестің төрағасы болған көрінеді. Сонымен Хамзин Есмулдинов 1941 жылы 31 жасында Жымпитыдан әскер қатарына алынып, артынша майданға аттанған.

Өмірінің соңына дейін әкелерінен үш мәрте хат келген. Жас сарбаз бұл хаттарында екі рет жаралы болғанын, кейін госпитальда емделіп, кері соғысқа алынғандығын жазған екен. Үшбу үш хаттан кейін «қара қағаз» келіп, жесір қалған Ақкенже үш ұлын қайын ағасы Нәжмединнің қолында тәрбиелейді. 2008 жылы 95 жасында өмірден озған аналары Ақкенже өз ұлдарына әкелерінің адал жар, қызметте абыройлы, парасатты жан болғанын айтып өткен.

Хамсин Есмулдиновтың соңында бүгінде 19 немере, 36 шөбере, сегіз шөпшек тараған болса, олардың кейбірі бұл дүниеден озып кеткен. Аталарын іздеу шараларын алдымен Сайлаудың ұлы Асхат бастаған. Ол дүние салғаннан кейін Максимнің ұлы Марат қолға алып, одан әрі жалғастырады. Олар екі жыл бұрын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында аталары табылғанымен, басына баруға мүмкіндіктері болмағандығын айтады.

473245d5-2681-432c-a186-7222bf8eee6d0d24d7aa-0f1e-49af-8fd1-14294a6e02c9— Қазіргі таңда Ресейде, біздің елімізде де мемлекеттік архивтерде соғыстан оралмағандардың тізімі жасақталған арнайы интернет сайттар жұмыс жасай бастады. 2011 жылы Мәскеу мемлекеттік орталықтандырылған архиві Қазақстанға 250 мыңнан астам құжаттан тұратын соғыста іс-түссіз жоғалғандардың және олардың қай жерде жерленгендігі жөніндегі тізімді берді. Соның арқасында 2015 жылы Ресей Қорғаныс министрлігінің көмегімен құрылған obd-memorial.ru сайты арқылы атамызды іздеп таптық. Іздеу жұмыстары оңайға соққан жоқ. Өйткені атамның аты-жөні мен әскерге алынған жері әр жерде әр түрлі көрсетілген. Айталық, 2000 жылы Минскі баспасынан басылып шыққан «Белорусская энциклопедия» топтамасындағы Жлобин ауданына арналған «Память» кітабында «Есмульдиев Хамид, р.в Джамбейтинском р-не Западно-Казахстанской обл., Казахстан, рядовой, 244-сп. Погиб 15.12.1943 г.» деп көрсетілген. Ал тағы басқа жерде Жәнібек ауданынан аттанған делінген. Бірақ «Подвиг народа» сайтында аты-жөні Есмульдиев Хамид деп көрсетілгенімен, оның 41-атқыштар дивизиясының 244-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болғанын, Гомель облысының Рогачев ауданындағы Денисковичи деревнясында 1943 жылы 15 желтоқсанда қаза тауып, сондағы бауырластар зиратына жерленгендігі анық жазылған. Сондай-ақ осы сайттағы тағы бір мәлімет «Әйелі Есмулдиева Ақкенже, тұрғылықты жері Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданы, Жетікөл ауылы» деп жазылғандығы өз атамызды жазбай тануға мүмкіндік берді. Ал оның қандай марапаттарға ие болғанын білмейміз. Ол әлі де біраз ізденіс пен уақытты талап етеді, — дейді немересі Марат Хамсин.

Осылайша Хамсиннің үш баласынан тараған үш немересі Болат Сәмиұлы Нәжімов (атасының ағасы Нәжмединнің атына жазылған), Марат Максимұлы Хамсин және Самат Мақсотұлы Хамсин биылғы Жеңіс мерекесі қарсаңында Белорусь жеріне барып қайтқан.

— Атамыздың жерленген жері табылған жылы-ақ басына барғымыз келген. Бірақ сәті түспеді. Биыл Құдай қолдап, төрт мың шақырымды аман-есен артқа тастап, атамыздың туған жерінен бір уыс топырақ алып, бауырластар бейітіне салып қайттық. Зираттағы әр қорғанда екі мыңнан астам сарбаз жерленген болса, олардың арасында тағы бір қазақстандықты көзіміз шалды. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы Павлодар қаласының тумасы екен. Қазақы дәстүрмен аталарымыздың рухына Құран бағыштадық, — деген Болат Нәжімов Белорусь жеріндегі сапары туралы айта келе, аталарының алдындағы бір борыштарының орындалғанына шүкіршілік етіп, оны әрқашан мақтан тұтатынын жеткізді.

Хамсин атаның ұрпақтары мереке қарсаңында тағы бір мәрте бас қосып, әке-аталарын еске алды. Әрине, бұл жолғы басқосудың орны бөлек болатын. Өйткені аталарының басынан оралған ағайындылардың әңгімесін тыңдауға бәрі де асық еді…

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

6b16225e-03ca-4faa-85b4-586b9241a738 ed005afc-bc37-4897-96dc-ab85d3c22f8c d0d4877d-05f9-4734-ac2b-ed230d96a617


Ұлы ерлік жадымыздан өшпейді

Күні: , 34 рет оқылды

IMG_3261


Орал қаласында 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған мерекелік шаралар өтті.


Қастерлі Жеңіс күнгі шара алдымен өңір тұрғындарының бауырластар зиратына, Кеңес Одағының Батырлары Темір Масиннің және Мәншүк Мәметованың, Кеңес Одағының төрт дүркін Батыры, маршал Георгий Жуковтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жылдағы дәстүр бойынша «Қаһарман ұлт – Бессмертный полк» шеруіне де қалалықтар жаппай атсалысты. Қан майданда қыршыннан қиылған боздақтар мен соғыс ардагерлерінің фотосуреттерін ұстаған шерушілер Оралдың орталық көшелерімен жүріп өтіп, Жеңіс алаңына жетті.

Жеңіс алаңында өткен мерекелік жиынға соғыс және тыл ардагерлері, қала тұрғындары көп жиналды. Салтанатты митингте өңір басшысы Алтай Көлгінов барша батысқазақстандықтарды, ардагерлерді Ұлы Жеңістің 72 жылдығымен құттықтады.

IMG_3187IMG_3284– Бұл Жеңіс бізге оңай келген жоқ. Қан майданға Батыс Қазақстан облысынан 76 мыңнан астам азамат аттанды. Олардың тең жартысы елге оралмады. Соғыстан қайтқан батырлар қираған елді мекендер мен халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруге аянбай еңбек етті. Мыңдаған тыл ардагерлері күндіз-түні Жеңіс үшін тер төкті. Батырлықтың, бірліктің арқасында осындай Жеңіске жеттік, бірақ миллиондаған адам қаза тапты. Сондықтан бүгінгі күн – зұлмат соғыстан оралмаған ерлерді еске алу, Жеңісті, ашық аспанды сыйлаған ұлы батырларымызды ұлықтау күні. Осы алаңда біздің батырлардың есімдері жазылған. Ұлы Отан соғысында 40 батысқазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Оның ішінде екі дүркін батырлар да бар. Қаншама адам тылда еңбек етті. Зауыттарымыз ашық аспан астында майданға қару-жарақ шығарды. Бүкіл адамзат бейбітшілік үшін күресті. Барша соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Елбасының өзі ардагерлерді қамқорлауды тапсырып, қадағалап отырады. Мемлекет тарапынан жыл сайын көмек көрсетіледі. Биыл да мемлекет тарапынан барша көмек жасалды, — деді Алтай Көлгінов. Облыс басшысы барлық ардагерлерге, батырлықтары мен ерен еңбектері аңызға айналып, кеңес заманында ғана емес, қазіргі қазақстандық жас толқынға өнегеге айналған аға ұрпаққа алғыс айтып, зор денсаулық тіледі.

IMG_3136Облыстық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Сәтбаев өзі басқаратын компания ұжымымен бірге қаладағы соғыс ардагерлерін құттықтап, олардың әрқайсысына 20 мың теңгеден ақшалай сыйлық берді. Жиналғандар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарды үнсіздікпен еске алды және Мәңгілік алау басына гүлдестелер мен гүл шоқтарын қойды.

Бұдан әрі мерекелік шара Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасты. Қала әкімі Нариман Төреғалиев Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қала тұрғындарын қастерлі мерекемен құттықтады. «Сіздердің арқаларыңызда бейбіт өмір кешудеміз. Мемлекетіміз ардагерлер ештеңеден тарықпай өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Барлық ардагерлерге денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Барлығыңызға ашық аспан, жақсылық тілеймін», — деді қала басшысы.

Саябаққа мыңдаған қала тұрғыны Ұлы Жеңіс күнін тойлауға келді. Келушілерге «Солдат ботқасы» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда көркемөнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.

Өңір басшысы Алтай Көлгінов саябаққа келген қариялармен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, солдат ботқасынан дәм татты.

Жадымыздан өшпейтін ұлы ерлікке, Жеңіс күніне арналған мерекелік шара Абай алаңында өтетін концерттік бағдарламамен және жұлдызжауынмен түйінделді.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

“Орал өңірі”


Әскери қызметкерлер марапатталды

Күні: , 30 рет оқылды

PRI_7499


7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5517 әскери бөлімінде ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай «Ашық есік» күні жарияланып, салтанатты шеру өтті.


Айтулы шараға Ұлы Отан соғысы мен тәжік-ауған соғысының ардагерлері, ішкі істер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ұлттық гвардия жауынгерлері мен мектеп оқушылары қатысты. Мерекелік жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысып, Отанымыздың тыныштығын қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп жүрген жауынгерлерді төл мерекелерімен құттықтады.

— Қадірменді ардагерлер, салтанатты мерекеге жиналған сарбаздар, офицерлер мен құрметті генералдар! Баршаңызды Отан қорғаушылар күні және ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығы, Ұлы Жеңістің 72 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Ең алдымен, бізге ашық аспан, бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне шексіз ризашылығымды білдіріп, алдарында бас иемін! Қиын-қыстау күн түскенде, елімізді жаудан қорғадыңыздар. Бүгінде қатарымызда аман-есен жүрген барша ардагерлердің дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін! Алмағайып заманда азаматтармен бірге ақ жаулықты аналарымыз да Отан үшін жандарын пида етті. Батыр аталарымыз бен аналарымыздың ерліктері келер ұрпақтың есінде мәңгі қалары сөзсіз. Биыл қазақтың барша батыр қыздарына құрмет ретінде Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апаларымызға арнап ескерткіш орнатпақпыз. Сондай-ақ Елбасымыз, Жоғары Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана қаласында өткен ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған тарихи парадта барша қазақстандықтарды ұлы мерекемен құттықтады. Сол парадты біздің өңір жұртшылығы да тікелей эфирден тамашалады.

Расымен де, сардарлар (офицерлер) мен сарбаздар күні-түні ұйықтамай, Отанымыздың тыныштығын күзетіп, Тәуелсіздігіміздің жолында аянбай еңбек етіп жүр. Махамбет бабамыздың «Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай, Ерлердің ісі бітер ме?» деп айтқанындай, ерлердің ісі ел басына күн туғанда сыналады. Ал біздің әскерлеріміз қандай жағдайға да дайын деп нық сеніммен айта аламыз! Елбасымыз әскери парадта сөйлеген сөзінде «Бізде жау жоқ, біз бейбітсүйгіш елміз, достықты құрмет тұтқан мемлекетпіз! Алыс-жақын шетелдердің барлығымен жоғары дәрежеде әріптестік байланыстамыз» деп атап өткен болатын. Лайым, солай болғай! Отан үшін аянбай қызмет етіп жүрген барша сарбаздың еңбегіне жеміс тілейміз, — деді өңір басшысы.

Бұдан кейін Алтай Сейдірұлы Оралдағы қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында өз міндетін мінсіз атқарып жүрген бір топ әскерилерге І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын тапсырып, оларды арнайы алғысхаттармен марапаттады. Құттықтаудан кейін әскери бөлімнің сарбаздары сап түзеп, рота бойынша алаңда салтанатты шеру жасады. Жеке құрамның қатысуымен қолма-қол ұрыс бойынша әскери жаттығулар жасалып, 5517 әс-кери бөлімінің арнайы кинолог мамандары қызметтік иттердің қатысуымен түрлі көріністер көрсетілді. Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі бастаған топ әскери бөлімнің техникалары мен қару-жарақ көрмесін тамашалап, жауынгерлер ботқасынан дәм татты. Кеш соңында өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Елдің берік қорғаны

Күні: , 23 рет оқылды

IMG_3108


7 мамыр – ҚР Қарулы күштерінің күні. Биыл еліміздің берік қорғанының құрылғанына 25 жыл толды. Соған орай таяуда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының  мәжіліс  залында  атаулы мерекеге арналған салтанатты шара өтті. Оған әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еңбек ардагерлері, жастар қатысты.


— Құрметті қауым! Сардарлар мен сарбаздар! Бүгін — тарихи күн. Осыдан 25 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Отанымыздың Қарулы  күштерін құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Міне, содан бері ел әскері Отанымыздың тыныштығы мен бейбіт өмірін берік қорғап келеді. Енді санаулы минуттардан соң, бәріміз ұйымдасқан түрде Астана қаласында өтетін әскери шеруді көретін боламыз.

Отан қорғау – әр ер-азаматтың абзал парызы. Сондықтан сардарлар мен сарбаздар, құқық қорғау саласы қызметкерлерін мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Биыл «Алашорда» саяси қозғалысына — 100, атақты Сырым батырдың туғанына 275 жыл толады. Олардың да ел қорғау ісіне тікелей қатысы бар. Әрқашан еліміздің аспаны ашық, бірлігіміз берік болсын! — деді салтанатты жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов. Ол шара барысында бір топ әскери және құқық қорғау қүрылымдарының қызметкерлерін марапаттады. Содан соң жиналғандар назарына мерекелік концерт ұсынылды. Жиналғандар шара соңында еліміздің бас қаласы — Астанадағы мерекелік әскери шеруді тамашалады.

София ИМАНҒАЛИЕВА,

қалалық ардагер мұғалімдер кәсіподағының төрайымы:

— Астанадағы шеру өте жоғары деңгейде өтті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Отан қорғаушыларға арнаған сөзі қатты ұнады. Әскерилердің кәсіптік киім-кешегі қандай тамаша! Әсіресе, қыздардың киімі көңілге өте қонымды. Барлық ел қорғаушыларға жоғары әскери дайындық, денсаулық және адами бақыт тілеймін!

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,

облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

— Астанадағы әскери шеру бүкіл әлемге елдің әскери қуаты мен айбарлы күшін танытты. Мен соған жерлесім Нұржан Нәсиевтің де қатысқанын мақтан етемін. Бүкіл Отан қорғаушылардың қашанда Отан алдындағы антына адал боларына сенемінІ

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Сырым елі – әлеуеті мол, келешегі зор аудандардың бірі»

Күні: , 23 рет оқылды

AE3I7842


Өткен  апта  соңында  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов,  оның  бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов,  облыстық  мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар жұмыс  сапарымен  Сырым елінде болып, елді мекендердің көгілдір отынмен, таза ауыз сумен қамтылуы барысымен танысты.


Ағымдағы жылдың жаз айларында Сырым ауданының Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Жаңаөңір, Құспанкөл, Сасықкөл ауылдарына көгілдір отын тартылмақ. Бұл елді мекендерді газдандыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 240 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Ерте көктемнен қолға алынған жұмысты осы жылдың қазан айында толық аяқтау жоспарланған. Ұзындығы 103 шақырымды құрайтын құбыр тарту жұмысы іске қосылғанда, аталған елді мекендердегі 1800-ден астам тұрғын көгілдір отынның қызығын көрмек.

Сөйтіп, Сырым ауданы аумағындағы елді мекендер толықтай 100 пайыз газбен қамтылатын болады.

Ауданда болған облыс әкімі Жымпиты ауылындағы Асадуллин және Қолғанатов көшелеріне тас жол төсеу барысын да көрді. Қос көшенің жол жөндеу жұмысына жергілікті бюджеттен 176 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жол құрылысын Шамсудин Абылаев басшылық ететін «Проектжол» ЖШС жүргізуде. Сонымен қатар өңір басшысы Аралтөбе, Қоңыр, Тамды ауылдарына жүргізіліп жатқан ауыз су құбырларын тарту жұмысы барысымен танысты. 876 тұрғыны бар Аралтөбе ауылын таза ауыз сумен қамтуға жергілікті бюджет есебінен 275 миллион теңге қаражат қарастырылған. Жүсіп Қазиев жетекшілік ететін «Газстрой» ЖШС құбыр тарту жұмыстарын бастап та кеткен. Құрылыс ағымдағы жылы аяқталып, күз айларында пайдалануға  берілетін  болады.

AE3I7960Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қоңыр, Тамды елді мекендерінің тұрғындары да осы жылы таза ауыз сумен қамтылады деп күтілуде. Екі ауылда мыңға жуық тұрғын бар. Ауыз су тарту жұмыстарын Абылай Бақтығалиевтің «Жайық газ су құрылысы» ЖШС атқаруда. Жергілікті бюджеттен бөлінген 200 миллионға жуық қаржыға жалпы ұзындығы 14 шақырым жаңа құбыр тартылмақ. Сондай-ақ өңір басшысы Жосалы ауылындағы «Талап» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Ольга Дунаева басшылық ететін қожалық 2010 жылы құрылған. Қожалық иелігіндегі жер бұрын Былқылдақ қыстағы деп аталған. Кейін кеңшар тараған соң қыстақтағы үйлер бұзылып, жер иесіз қалған. Шаруаның кілтін таба білген кәсіпкер бүгінде бұл жерді шағын ауылға айналдыруда. Асыл тұқымды мал өсіріп, егін егетін шаруашылықта 33 адам жұмыс жасайды. Қожалық иелігінде 12400 гектар жер, 600 бас ірі қара малы, 30-даған жылқы, 1700-дей қой малы өсірілуде. Жаңадан бой көтерген шағын ауылда 23 пәтерлі 10 тұрғын үй, асхана, монша салынған. Қожалықтың кеңсесі, қоймалар мен азық-түлік дүкені, малды қолдан ұрықтандыру бекеті мен мал союға арналған орын бар. Бір сөзбен айтқанда, қожалық қарамағында жұмыс жасаймын деген жанға барлық жағдай жасалған. Шаруашылық алыс-жақын шетелдерден малдың асыл тұқымын әкеліп, селекциялық жұмыстар жүргізіп, сапалы да мол өнім беретін мал тұқымын шығаруда. Жаңадан бой көтерген ауыл ішінен мектеп, балабақша, дәріхана, көкөніс өсіретін кешен салу да қожалықтың жоспарында бар.

– Елбасымыз өз сөзінде өңірлерді дамытып, қарапайым халықтың жақсы тұрмыс кешуіне жағдай жасауды, кәсіпкерлікке кең жол ашуды тапсырып келеді. Осы бағытта өңірімізде бірқатар игі істер жасалуда. Атап айтқанда, биылғы жылы 55 елді мекенге орталықтандырылған таза ауыз су тартылып, 35 елді мекен газбен қамтылатын болады. Ағымдағы жылы Сырым ауданының алты ауылына көгілдір отын тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы ауылдарды газдандырған жағдайда бұл ауданның халқы толықтай көгілдір отынмен қамтылмақ. Сонымен қатар үш ауылға жүргізіліп жатқан таза ауыз су құрылысының барысын көрдік. Бүгінде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуға көп көңіл бөлінуде. Себебі өңірлерді сапалы сумен қамту адам денсаулығына тікелей оң әсерін тигізеді. Бұл жұмыстарды сапалы да уақтылы атқарсақ, осы елді мекенде тұратын екі мыңдай тұрғын таза ауыз сумен қамтылатын болады. Аудан орталығындағы маңызы зор екі негізгі көшеге қатқыл жол төсеуді де қолға алдық. Күрделі жөндеуден өткен көшелер абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы тартылып, жарықпен қамтылатын болады. Сондай-ақ біз болған «Талап» шаруа қожалығы – өңірімізде асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын белді қожалықтардың бірі. Бүгінде қожалықтарда еңбек ететін мал дәрігері, механизатор, тіпті қарапайым малшыны табудың өзі оңайға соқпасы анық. Ал егер сол мамандарға еңбек ақыларын уақтылы төлеу, баспанамен қамту секілді барлық тұрмыстық жағдай жасалса, олардың осы жерде тұрақтап қалары сөзсіз. Міне, осы қожалыққа келгенде, сондай жағдайдың куәсі болдық. Бұл жерде тұрмыс кешіп, жемісті еңбек етіп,  оның жемісін көруге барлық жағдай жасалған. Мұндай қожалықтардың болашағы да зор деп есептеймін. Осынау атқарылған игі істерден өңіріміздің басқа да кәсіпкерлері үлгі алса деймін. Жалпы, Сырым елі – әлеуеті мол, келешегі зор аудандардың бірі. Ағымдағы жылы бұл ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 24 тұрғын үй салынады. Бұл игі істер де ауданның әлеуметтік-экономикалық  жағдайына оң әсер етпек. Жақын күндері облысымыздың басқа да аудандарын аралайтын боламыз. Ондағы басты мақсатымыз мемлекет тарапынан қолдау тауып, қаржы бөлінген газ және сумен қамту, жолдар мен әлеуметтік нысандар салу жұмыстарын көзімізбен көріп, қадағалау болып табылады. Сол жұмыс сапарларынан соң алдағы уақытта қай ау-данда қандай жұмыстар атқару керектігі туралы жоспар құратын боламыз, – деді облыс әкімі Алтай  Көлгінов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді   түсірген  А.КУПРИЕНКО


Сталиннен алғыс алған

Күні: , 27 рет оқылды

Шапен Танжарыков


Шыны керек, бақытымызға орай соғысты көрмей өссек те, сол зұлмат туралы фильмді көруге құштар едік. Әсіресе, балалық балғын шақта.  1960-70 жылдары экранда Ұлы Отан соғысы жөніндегі кеңестік киноленталар жиі көрсетілетін.  Ал сол алапатты көзімен көріп, басынан өткерген талай майдангердің көркем фильм былай тұрсын, деректі кинолентаны қараудан үзілді-кесілді бас тартқанын бұрын да, кейін де көзіміз көрді, құлағымыз естіді.


Киелі Орда топырағында өсіп-өнген азамат, қаһарман майдангер, рота старшинасы Шәпен Таңжарықов та солардың қатарынан еді. Өмір бойы адал еңбек еткен ол өзі туралы да көсіле сөйлеуден тартынатын. Міне, оның өмірден өткеніне қырық жыл озса да, өнегесі ұрпағының жадынан өшкен жоқ.

— Меніңше, соғыстың салдарынан талай рет жараланып, үш рет есеңгіреу (контузия) алған адамның бұл дағдысы түсінікті ғой. Тәнге тиген оқтың жарықшағы қаншалықты ауыр болса да, есеңгіреу одан да зардапты емес пе?! Кезінде Жәнібек, Орда, Тасқала аудандарында танымал дәрігер болған Әпен Текебаев сан жыл бойы емдеп жазбағанда, әкем марқұм өле-өлгенше меңіреу болып қалар еді. Елдегі әулие Сағи қазіреттің де шипасы аз болған жоқ. Әйтеуір, сол жандардың емінің нәтижесінде өмірінің соңына дейін қалыпты ғұмыр кешті. Есту қабілетінің  қалпына келгеніне әкем өмір бойы қуанумен болды, — дейді бүгінде майдангер хақында сыр шерткен үлкен ұлы Қабен.

Шәпен Таңжарықов екі соғысқа қатысқан екен. 1916 жылы дүниеге келген оны 1938 жылы әскер қатарына шақырады. Бір жылдай жаттығып, оңы-солын енді тани бастағанда 1939 жылы қарашада орыс-фин соғысы бұрқ ете түсті. Қатардағы  қаруластарымен бірге саны аз, бірақ алпыс екі айлалы жаумен жанталаста қар жастанып, мұз төсенді. Көрмеген азабы да жоқ. Қысқы соғысқа етене бейімделген дұшпан шаңғының көмегімен белуардан қар кешкен қарсыласының күтпеген жерден ту сыртына шығып кетіп отырды. Әсіресе, мергендері талай кеңес жауынгерін баудай түсірді. Финдік әйелдер жасағы да жан аямай шайқасты. Шәпеннің бала кезінен қазақтың кең даласында ыстық-суыққа шыныққан тәні мен қайсар жаны барлық кедергіні қиналмай кесіп өтті. Әйтеуір, сол зұлматтан аман шықты. Есін енді жиып, елге қайтар шақты күтіп жүргенде, келесі соғыс басталып кетті…

Сұмдық алапатты басынан кешірген қазақтың қарапайым азаматының қасіретті соңғы қырғында да етігімен баспаған жері кемде-кем. Ол бірде солтүстікте болып, Литва қаласы  Шауляй мен орыстың көне шәһары Смоленскіні азат етудегі қиян-кескі шайқастарға қатысса, бірде Курск иіні, Керчь, Ялта, Севастополь қалаларын дұшпаннан тазарту үшін қаруластарымен бірге жан берісіп, жан алысты. Сөйтіп, жеті жылдан соң, 1945 жылы 24  қарашада өңіріне «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері мен медальдарын жарқырата тағып, еліне оралды. Сайқын стансасынан пойыздан түскен майдангерді ел-жұрты күтіп алып, аяғын жерге тигізбестен, ақ киізге көтеріп, елдегі санаулы «полуторканың» біріне отырғызып, сол кездегі аудан орталығы – Ордаға жеткізген.  Ал келесі жылы Шәпен оны жылдар бойы сарыла күткен, сүйген аруы Рахимамен шаңырақ құрды. Жылдар жылжып өтіп,  өмірге бірінен соң бірі үш ұл, үш қыз дүниеге келді.

— Таңданарлығы сол, марқұм әкеміз қан майданда жүріп, анамызға өлеңдетіп хат жазыпты. Ысқырған оқ, ұлыған снаряд, бомба, минаның арасында жүріп, соған қалай үлгерген, қалай шабыт шақырған?! Өзіме салса, тіпті бейбіт шақта да өлең жаза алмас едім. Ата-анамыздың бір-біріне өмір бойы сый-құрметін айтып жеткізе алмаймын. Ал Жеңіс мерекесі әкем үшін ең елеулі күн еді. Жалпы, бұрынғылардың той-думанға аса құштар болмағанын да білесіз. Бірақ кейде оның Жеңіс күнгі босаңсығанын байқап, естелігін сұрайтыным бар. Есімде бір қалғаны – қаруластарымен екі рет «тіл» әкеліп, жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындапты. Соның бірі үшін Жоғарғы Бас қолбасшы И. Сталиннің атынан алғыс алыпты, — дейді  Қабақаң бүгінде.

Үлкен ұлының айтуынша, екі тілге бірдей  жетік Шәпен соғыстан кейін түрлі лауазымды қызметтер атқарған.  Бес жыл бойы ауылдық кеңесті басқарса, артынан жетім балалар үйінің меңгерушісі болған. Орда ауылында кәсіптік-техникалық білім беру орнында жұмыс істеп, кейін Орда ауданы тарағасын, көршілес Жәнібектің Ақоба ауылына көшіп барды. 1961 жылдан бастап сол ауылда шаруашылық қызметтерде болып, кейін зейнетке шыққасын, орта мектепте механизаторлық курстан сабақ берді. 1977 жылы 61 жасында өмірден озды.

Көзі тірісінде сыпайы да ізгі адам болғандықтан, қай жерде де ел құрметіне бөленген. Кезінде талай адамды үйіне жатқызып, тәрбиелеп, үлкен өмір жолына аттандырған. Олардың ішінде ерлі-зайыпты Балмағамбетовтер, кейін атақты механизатор болған Павел Финогенов және басқасы бар. Әрі еңбекқор, әрі көпшіл жанды күні бүгінге дейін көзі көргендер құрметпен еске алады.

— Аяулы әкем ақсары, ұзын бойлы, сымбатты адам еді. Жүрісі ширақ болды. Сонысы әлі жадымда. Оның есімі осы Орал қаласындағы Жеңіс алаңындағы майдангерлер тізімінде жазылған. Біз, жұбайым Света екеуміз, қыз-күйеу, жиендермен бірге сол қасиетті орынға жыл сайын тәу етеміз. Сөйтіп, тек әкем ғана емес, онымен бірге Отан қорғаған барлық жеңімпаздың рухына құрмет көрсету – біз үшін қасиетті  парыз, — деді сөз соңында соғыс сарбазының ұлы Қабен Таңжарықов.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Майдангерге құрмет

Күні: , 16 рет оқылды

IMG_6736


Облыстық прокуратураның қызметкерлері ҰОС және прокуратура органдарының ардагері Иван Гапичке «Қазақстан прокуратурасына – 25 жыл» медалін табыстады.


1923 жылы дүниеге келген ардагер соғысқа өз еркімен сұранып барып, Украина, Польша, Чехословакия елдерін жаудан азат етуге қатысқан. Иван Степанович «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталды және 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеу қаласында өткен Қызыл алаңдағы Жеңіс парадына қатысты.

Соғыс аяқталғаннан кейін прокуратура органдарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 1966-1986 жылдары облыс прокурорының бірінші орынбасары болды. «Прокуратура органдарының құрметті қызметкері» төсбелгісінің, «Құрмет» және т.б. орден-медальдардың иегері.

Ардагерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаған прокуратура қызметкерлері бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан, олардың еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесінен үлгі алып, бой түзейтінін айтып, естелік сыйлық табыстады.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі


«Ерлігі ұрпағына аңыз болған»

Күні: , 17 рет оқылды

35101-e1441176887826-430x450


Жақында облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Жеңістің 72 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Темір Масиннің туғанына 110 жыл толуына орай «Ерлігі ұрпағына аңыз болған» атты көрме ашылды.


Бұған Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырова және ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Батыс құрамасының №5517 әскери бөлімінің сардар-сарбаздары қатысты. Шараға қатысушылар, ең алдымен, Темір Масиннің өмір жолына арналып жабдықталған  көрмені тамашалады. Көрмеге музей қорынан Темір Масиннің фотосуреттері, ҰОС жауынгерлерінің құжаттары, майданда тұтынған заттары, соғыс және жеңіс плакаттары қойылған. Шараны жүргізген экскурсовод Гүлбөбек Халелова жиналғандарға Кеңес Одағының Батыры Темир Масиннің өмір жолы жайында баяндап, батырдың әскери өмірінен тағылымды деректер келтірді.

IMG_2529Бұдан соң Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған іс-шара «ХХ ғасыр тарихы» залында жалғасты. Шарада Ұлы Жеңіске арналған бейнебаян көрсетіліп, соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Шара барысында ҰОС ардагері Хамза Сафин, ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырова және ардагер-журналист Тихон Әліпқали жас ұрпаққа тәлім боларлықтай тұшымды әңгімелер айтты. Ұлы Отан соғысы кезіндегі елдің ауыр жағдайы мен Кеңес жауынгерлерінің ерліктері жөніндегі әңгімелер мен Ұлы Жеңіске арналған бейнебаяндар жастарға үлкен әсер қалдырды.

Өз  тілшіміз


Ерназар мен Темірлан «Қазақстан Барысына» барады

Күні: , 38 рет оқылды

PRI_6891


Таяуда  Қадыр  Мырза  Әли  атындағы  мәдениет  және  өнер  орталығының  амфитеатрында Елбасы жүлдесі үшін  қазақ  күресінен  «Қазақстан  Барысы»  республикалық турнирінің облыстық іріктеу  сайысы  өтті. Тартысты  өткен  бұл  бәсекені  тамашалауға  облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары Арман  Өтеғұлов,  спорт  саласының  ардагерлері  қатысты.


Елбасы жүлдесіне арналған «Қазақстан Барысы» жобасының жыл өткен сайын мән-маңызы артып келеді.

Бұл қазақ күресінің қарқынды дамуына мүмкіндік туғызуда. Осымен жетінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған республикалық сайыс биыл «ЭКСПО – 2017» көрмесінің аясында өтпек. Бүгінгі жарыста топ жарған балуандар сол турнирде облысымыздың намысын абыроймен қорғап, жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты, соның ішінде ұлттық спортты дамыту бағытындағы тапсырмасына сәйкес елімізде, өңірімізде ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар қолға алынуда. Мұның бәрі саламатты ұрпақ, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға өз үлесін қосары анық, – деді жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Арман Кәрімұлы.

Сайысқа 14 балуан қатысса, олардың 12-сі аудандардан келді, екеуі Орал қаласынан. Бірінші болып бозкілемге қазталовтық Жасталап Мақсотов пен бөрлілік Темірлан Көлбай шықты. Жастары шамалас, салмақтары бірдей (100 келі) қос балуанның белдесуінде Темірлан жамбас ұпайымен жеңіске жетті. Одан соң өткен жылы «Қазақстан Барысы» жобасында облысымыздың намысын қорғаған жерлестеріміз, нақтылап айтсақ, Зеленов ауданының атынан шыққан Олжас Сүлейменов пен қаратөбелік Ерлан Сержан күш сынасты. Соқыр жеребе деген осы, былтыр олар дәл осындай сайыстың ақтық сынында кездессе, биыл алғашқы айналымда жұптасты. Бұл жарыстағы ауыр салмақты балуанның (125 келі) бірі болып табылатын Ерлан бабында болмай шықты. Екі жартылай жеңіспен Олжас келесі айналымға өтті. Артынан Сырымның қарымды балуаны Нұрымжан Ғаббасов оралдық Дәурен Еркебайды, Жәнібек ауданының намысын қорғаған Ерназар Хамзин шыңғырлаулық Ғарышбек Сайыновты оңай еңсерген соң, Жаңақаладан келген Иса Төленов өзімен көршілес бөкейлік Тұйғынбек Жұмағазиевке, теректілік Шотлан Мәжіков ақжайықтық Ринат Абатұлына жол берді.

Екінші айналымға шарболаттай ширығып шыққан Темірлан Көлбай былтырғы «Қазақстан Барысы» жобасының облыстық кезеңінің жеңімпазы болған Олжас Сүлейменовтің жауырынына жер иіскетті. Сырым барысы атанған Нұрымжан Ғаббасов жарыстағы аса ауыр салмақ (150 келі) иесі тасқалалық Қасымхан Оразалиевпен белдесті.  «Күш атасын танымас» деген рас, Нұрымжан өзінен алпыс келі ауыр  тасқалалық толағайды екі мәрте сұлатты. Әуелі жартылай жеңіс ұпайын алса, артынан таза жеңіске қол жеткізді. Ақжайықтық Ринат Абатұлы мен оралдық Бақтияр Ибрагимовтың арасындағы күресте оралдық жігіт  суырылып  алға  шықты.

Жартылай финалда Бақтияр Жәнібек ауданының атынан шыққан Ерназар Хамзинмен жолықты. Ширек финалда бөкейлік балуанның жарақатына байланысты жеңімпаз атанған Ерназар бұл жолы еңбектеніп жүріп, қарсыласынан айласын асырды. Ал екінші жұпта Темірлан Көлбай белдесу басталған бойда-ақ ұрымтал тұсты сәтті пайдаланып, сырымдық  жігіттің  аяғын  аспаннан  келтірді.

Ақтық сын Темірлан мен Ерназардың бір-бірін аңдуымен ерекшеленді. Бөрлілік балуанның шаршаңқырап қалғандығы аңғарылып тұрды. Ол Ерназарды жақын қашықтыққа жібермеу үшін барын салып бақты. Дегенмен жедел әрі шалт қимылдарының арқасында ұпайын молайтқан Е. Хамзин жарыстың жеңімпазы атанды. Бұл қос балуан шілде айында Астанада өтетін республикалық турнирде облысымыздың намысын қорғайтын болады. Ал қола жүлде үшін болған белдесуде Сырым ауданының өкілі Нұрымжан Ғаббасов  мықтылығын  көрсетті.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика