Мұрағат: 05.05.2017


Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

Күні: , 65 рет оқылды

9 мая Колик


Қадірменді жерлестер!

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығымен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар.


9 мамыр – өшпес ерлік пен қаһармандықтың бүкілхалықтық ұлық мерекесі. Сонау 1945 жылы Жеңіс жалауы желбіреген күннен бері талай жылдар сырғып өтті, бірақ халқымыздың ұлы ерлігі жадымыздан ешуақытта өшпек емес. Бәріміз үшін Ұлы Жеңіс күні — ең қуанышты әрі Отанды шынайы қастерлеудің жарқын мерекесі. Бұл қастерлі күн Жеңіс жолындағы көп ұлтты елдің  ынтымақ-бірлігімен тығыз байланысты батырлығының, қайсар рухының белгісіне айналды.

Мамыражай мамыр күндерінде майдан шебінде қасық қаны қалғанша шайқасқан, тылда жанкешті еңбек еткен, зұлмат соғыстан кейін қираған елді мекендер мен халық шаруашылығын қайта қалпына келтірген барлық қаһармандарды еске аламыз. Майдангерлердің ерлігіне басымызды иіп, тағзым етеміз!

Біздің мақсатымыз — бейбіт күн мен тыныштық сыйлаған қаһармандарымызға  лайықты  ізбасар болу, бейбітшілікті сақтай отырып,  елімізді өркендету.

«Біз — Жеңіс сарбаздарының ұрпағымыз. Отанды қалай қорғау керектігін жадымыздан шығармасақ, ардагерлерімізге перзенттік қамқорлық жасай алсақ, біздің келешегіміз мықты болады», — деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Қазақстандықтар жыл сайын мамыр айының алғашқы онкүндігінде Жеңіс күніне қоса Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің кәсіби мерекесін де атап өтеді. Қазақстанның әскері фашизмді тізе бүктірген аға буынның үздік әскери дәстүрлерінің лайықты жалғасы болып табылады. Еліміздің қуатты қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздігіміздің маңызды басымдығы, Қазақстанның Қарулы күштері қатарында Отан алдындағы азаматтық барышын өтеу – әр ер жігіттің перзенттік парызы.

Құрметті соғыс және тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер!

Құрметті батысқазақстандықтар!

Сіздерді Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын!

Шын көңілден сіздерге мықты денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға бақ-дәулет, тума-туыстарыңыз бен жақындарыңыздың мейірім-қамқорлығын тілеймін. Аспанымыз ашық болып, Отанымыздың гүлдене беруіне тілектеспін.

Батыс  Қазақстан облысының  әкімі                         Алтай  КӨЛГІНОВ


Таксимен тегін тасиды

Күні: , 27 рет оқылды

сити 1


Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалы алаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне такси қызметінің тегін ұйымдастырылатыны туралы айтылды.


Облыстық «Такси» қызметі қауымдастығының президенті Марат Қайырғалиевтің айтуынша, 2015 жылдан бастап такси компаниясы қызметі ҰОС ардагерлерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды, ата-ана қамқорлығыныз қалған балаларды тегін тасымалдап келеді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай басталған бұл әлеуметтік жобаға қазіргі күнде өзге де такси компаниялары қосылды.

— Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, Сталинград шайқасына қатысушыларды, Ленинград құрсауында қалғандарды, соғыс тұтқындарын қала аумағында кез келген уақытта тегін тасымалдаймыз. Олардың бізде арнайы тізімдері бар. Осындай қайырымды іс арқылы бізге бейбіт өмір сыйлаған жандарға құрмет білдіргіміз келеді, — дейді ол.

Айта кету керек, мұндай ірі әлеуметтік жоба республика бойынша тек біздің өңірде ғана. Бұл игілікті шара тек 9 мамыр қарсаңында ғана емес, кейін де өз жалғасын таппақ. Сондықтан облыстық «Такси» қызметі қауымдастығы 222-000 (Азия), 240-240 (Империя), 249-249 (Адмирал) телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ


Теректіде қызу еңбек, қайнаған тірлік

Күні: , 23 рет оқылды

528813a7-3136-40f5-ae69-1f11d4f78a98


Кеше  облыс әкімі Алтай  Көлгінов  жұмыс  сапарымен  Теректі  және  Сырым  аудандарын  аралап,  бірқатар  құрылыс нысандарымен,  шаруашылықтардың  жұмысымен  танысты.


Өңір басшысы аудандарға сапарын Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылында іргетасы құйылып жатқан мәдениет үйінің құрылыс барысын көруден бастады.

Айта кетейік, бұл ауылда осы уақытқа дейін мәдениет үйі болмаған. 300 орынға есептелген мәдениет үйінің құрылысына облыстық бюджеттен  329, 901 миллион теңге қаржы бөлінген. Ғимарат құрылысын Сергей Потиченко басшылық ететін «Альтаир» ЖШС жүргізуде. Ағымдағы жылдың сәуір айында басталған құрылыстың аяқталу мерзімі осы жылдың шамамен  қыркүйек айына жоспарланған.

Құрылыс нысанында болған облыс әкімі мердігер компания басшысына сапаны және техника қауіпсіздігін қатаң қадағалау қажеттігін қадап айтты. Сонымен қатар нысанның құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды барынша тартуды тапсырды. Ал аудан әкімі Мұрат Мұқаевқа құрылыс аяқталған соң нысанның айналасын толықтай абаттандырып, жаяу жүргіншілер жолын төсеуді  мұқияттады.

Бұдаң соң өңір басшысы Теректі ауданы аумағында орналасқан «Жайық жасыл желек» ЖШС жұмысымен танысты. Арман Ғаббасов жетекшілік ететін кәсіпорын 2014 жылдан бастап  өсімдік шаруашылығымен айналысып келеді. Сонымен қатар кәсіпкер көлік жөндеу, жуу, жолаушыларға арналған қонақүйі, асханасы бар автокемпинг (автокешен) салуды да жоспарлаған. Шаруашылық иелігінде 11 гектар жер болса, соның 1,2 гектары жылыжайға, 7 гектары ашық жерге көкөніс егуге және автокешен салуға бағытталған. Бүгінде 2 гектар жерге қызанақ, 2 гектарға қарбыз, 1 гектар жерге қияр егу жұмыстары жүргізілуде. Серіктестік жұмыстарымен танысқан облыс әкімі жеке кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында  ауданның Новопавлов ауылына қарасты «Мәдиев» шаруа қожалығында болды. 1998 жылы құрылған қожалық егін және мал шаруашылығымен айналысып келеді. Аудандағы 32 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған қожалық иелігінде 6 мың гектарға жуық егістік жері бар. Несібесін жерден тапқан кәсіпкер күздік қара бидай, ақ бидай, ар-па, күнбағыс, сафлор секілді дақылдардан жылда мол өнім алуда. Сонымен қатар қожалық асыл тұқымды ірі қара,  қой өсірумен шұғылданады.

– Жеке шаруамен айналысқаныма 20 жылдай уақыт болды. Алғашқы жылдары егіс көлемі 1500 гектар болса, бүгінде 5500 гектарға жетті. Мемлекет тарапынан көрсетіп отырған қолдаулардың арқасында егіс көлемі ұлғайып, мал басы артып, қажетті техникалар сатып алдық, – дейді қожалық жетекшісі Сәлімбай Мәдиев.

Облыс әкімі жеке кәсіпкерге күздік қарабидай дақылы егісінің көлемін арттырып, мал бордақылауға ден қоюды ұсынды.

Сонымен қатар өңір басшысы Новопавлов ауылындағы ауыз су құбырын жаңғырту жұмысының барысын көрді. Өңіріміздегі «Ақбұлақ» бағдарламасымен жүргізіліп жатқан құрылыс ауылдағы 190 үйді таза ауыз сумен қамтитын болады.

Жұмыс барысын көрген Алтай Сейдірұлы мердігер кәсіпорын басшысына құрылысты сапалы және уақытынан бұрын аяқтауды тапсырды.

b06a7ca8-186c-4060-afa5-1096d65b0996Айта кетейік, аталған су құбыры 1976 жылы тартылып, осы кезге дейін жөндеу көрмепті. Ағымдағы жылдың жеті  айына есептелген құрылыс нысанында 20 шақты адам жұмыс жасауда. Барлығы 24 шақырым құбыр мен 4,8 шақырым электр желісі тартылатын болады.

Облыс басшысы Ұзынкөл ауылындағы «Барбастау» су қоймасында да болды. 85-90 миллион текше метр су қорын жинауға қауқарлы қойма 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен. Жөнделуіне 80 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған Барбастау су қоймасы бірнеше гектар суармалы егістіктер мен  алқаптарды суландырып қана қоймай, канал арқылы Шалқар көлін де сумен қамтуға арналған.

Теректі ауданындағы «Тұлпар LTD» ЖШС-да болған облыс басшысы егістік өңдеу, ылғал жабу жұмыстарымен танысты. Кәсіпорын басшысы Валерий Голоухов егіс басында  жаңа агротехниканы қолданудың, соңғы жылдары егістік алқаптарды өңдеуде пайдаланып жатқан заманауи технологиялардың тиімділігі туралы  баяндады.

Аталмыш шаруашылық көп жылдан бері өңір диқандарын бірінші, екінші, үшінші  сұрыпты, репродуктивті тұқыммен қамтамасыз етіп отыр. Шаруашылық әрдайым  егістік жұмыстарының агротехникасын сақтағандықтан, жыл сайын мол өнім алуға қол жеткізуде.

– Өткен жылы алынған жаңа техникаларымызға, тыңайтқышқа жұмсаған қаржымызға мемлекет тарапынан демеуқаржы төленді. Биылғы жылы да жердің ылғалы жақсы. Мол өнім аламыз деп отырмыз. Жерді алдай алмаймыз. Оған еңбек сіңіру керек. Мол өнім алу үшін әрдайым  жаңа техникалар алып, заманауи технологияларды қолдану керек. Уақтылы әрі сапалы жұмыс жасағанда ғана мол өнім алуға болады. Жалпы, облыс аумағындағы шаруалар мемлекет пен облыс тарапынан көрсетілген қолдауларға дән риза деп ойлаймын, – дейді қожалық жетекшісі.

Аталмыш қожалықта болған облыс әкімі осы ауданның шаруаларымен жүздесіп, жоспарларымен танысып, өзекті мәселелерін тыңдады.

Теректі ауданы Аңқаты ауылдық округінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз су құбыры тартылуда.  «Тасқала Транс Газ» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарына 187 миллионнан астам қаржы бөлінген. Нысан толықтай аяқталған күнде 1200-дей адам, 250-дей аула таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жаңартылған 18 шақырым құбырдың тәуліктік су  өткізуі 139 текше метр болса, жылдық нормасы 50,74 текше метрді құрамақ.

– Өткен жылдары ауылымыздағы мектеп, мәдениет үйі секілді нысандар жөндеуден өтіп, көгілдір отын тартылды. Облыс орталығына қатынайтын жолымыз жөнделді. Көп кешікпей таза ауыз суға қол жеткіземіз. Ауылымызда барлық жағдай жасалуда, – деп тілек білдірген ауыл ақсақалы Кеңес Сақбаев өңір басшысына алғысын білдірді.

Өңір басшысының жұмыс сапары одан әрі Сырым ауданында жалғасты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»,

Теректі  ауданы

Cуреттерді  түсірген Александр  КУПРИЕНКО


«Галактика сақшылары. 2 бөлім» қазақ тілінде көрерменге жол тартты

Күні: , 76 рет оқылды

посл кино


Бейсенбі күні шаһарымыздағы «City» орталығының «Ciпema рark»  кинотеатрында шетелдік «Marwin» компаниясының  Marvel киностудиясы түсірген галактика аралық  қаһармандардың  шытырман оқиғаға толы «Галактика сақшылары. 2 бөлім» фильмінің  қазақ  тіліндегі дубляждалған  нұсқасының арнайы  көрсетілімі  болды.


Фильмді тамашалауға  өңір басшысы Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов және аталмыш фильмдегі басты кейіпкер Питер Квиллді дубляждаған актер Тимур Пиязов  арнайы келді.

– Мереке қарсаңында шаһарымызда «Галактика сакшылары. 2 бөлім» блокбастерінің қазақ тіліндегі нұсқасы көрсетілгеніне қуаныштымын. Еліміздегі «Болашақ»  корпоративтік қоры 2011 жылдан бастап голливудтық туындыларды   қазақ тіліне аудара бастады. Бүгінгі таңда  голливудтық 19  кинотуынды  кәсіби түрде мемлекеттік тілімізге  сапалы  аударылды. Кино саласында дубляждау процесінің  талаптары өте күрделі.  Фильмнің басты актерлері кейіпкердің дауыс ырғағына сәйкес келетін дубляж актерлерін аудармашылардың арасынан өздері таңдайды. Дубляждау процесі Лондон қаласында бекітіледі.  Мұндай жұмысты жауапкершілікпен сапалы атқарған қазақстандық дубляж саласының мамандарына алғысым зор.  Бұл фильмді тамашалаған Елбасы оң бағасын берген болатын. Дүниежүзі тамашалап отырған фильмді ана тілімізде көргеніме қуаныштымын. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – біздің  парызымыз. Сондай-ақ біздің де төл туындыларымыз  шет тілге аударылып, әлемдік деңгейге көтерілуі тиіс. Бұл фильмнің негізгі аудиториясы жастар болғандықтан, әлемдік үздік мәдениетті, инновацияны меңгеретін ұрпағымыз көбейе берсін, – деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы жаңа фильмнің көрермендеріне  сәттілік  тілеп.

– Бұл салада еңбек еткеніме  алты жыл  болды. 2011 жылдан бастап  «Болашақ» қауымдастығы голливудтық 19 фильмді қазақ тілінде  сөйлетсе, оның 16-сына қатыстым.  «Галактика сақшылары. 2 бөлім» фильмінің басты кейіпкерінің дауысын дыбыстағаныма қуаныштымын.  Питер Квиллдің мінезі менің өмірдегі мінезіме сәйкес  келеді. Шытырманға толы блокбастерді  қазақшаға аударып  дыбыстау оңай болған жоқ. Жаргондарды, әзілдерді  менталитетіміздің ерекшелігіне қарай аудардық. Фильм бірде қорқынышты, бірде көңілді көріністерден тұрады.  Жұмыс барысында барлық шығармашылық топ  ынта-ықыласын, зейінін  салып еңбек етті. Көрермендер жылы қабылдайды деп сенемін, – деді дубляж актері Тимур Пиязов.

Алғаш 2014 жылдың жазында «Галактика сақшылары» атауымен шыққан фильмнің бірінші бөлімінде басты кейіпкер Питер Квиллдің анасымен қарым-қатынасы көрініс тапса, бұл бөлімде оның әкесімен танысуы және адал достарының арқасында ажалдан аман қалып, ғаламды жауыздықтан құтқарғандығы көрсетілген. Фильмдегі жаңа кейіпкерлердің бірі Питер Квиллдің әкесі Эго, Целестиал ғарыш жаратылысы болып келеді. Сондай-ақ фильмде «Оскар» жүлдесінің иегері, белгілі актер Сильвестор Сталлоне ойнады.  «Галактика сақшылары. 2 бөлім» фильмінің  саундтрегі Grammy сыйлығына ие болған және U.S. Billboard 200 чартты бастаған саундтректер тарихында бірінші болды. Сатылым бойынша альбом 1 миллионнан астам   таралыммен сатылып, әлем бойынша  бірінші орынға шыққан.

Фильмнің қазақша дубляжының режиссері – кино актері Шах-Мұрат Ордабаев. Бұл фильм оның мансабындағы алғашқы режиссерлік тәжірибе болса, ал жоба аясындағы  алтыншы жұмысы екен.

Режиссер атап өткендей, фильм ағылшын және қазақ тіліндегі нұсқасының бірегейлігімен ерекшеленуде. Дубляжға  35-тен астам актер қатысқан. Фильмдегі Гамора  Гүлназ Әуесбаеваның, Дракс Руслан Сенкебаевтың, Грут сәби Бауыржан Қаптағайдың, Рокет Ержан Жарылқасыновтың дауысымен сөйледі.

Фильмді тамашалаған көрермендер кеш соңында  тамаша әсерлерімен  бөлісті.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Биыл 43 ата-ана екпеден бас тартқан

Күні: , 15 рет оқылды

rzamu9y0t1s


Ағымдағы  жылдың сәуір аяғының  соңғы  аптасы облыста  еуропалық  иммундау апталығы  өтуіне  байланысты облыстық  қоғамдық  денсаулық сақтау департаментінде баспасөз мәслихаты өтті.


Барлық жастағы адамдарды аурудан қорғануға ықпал ету, тұрғындарды адам өміріндегі вакцинацияның маңыздылығы жөнінде ақпараттандыруды мақсат еткен баспасөз мәслихатына облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала бөлімі басшысы міндетін атқарушы Айнаш Ғұбайдуллина, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов, облыстық жұпалы аурулар ауруханасының басшысы Надия Ахметова қатысты.

Мамандардың айтуынша, вакцинация әлемде жұқпа аурулардан болатын өлім оқиғаларын 2-3 миллионға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі күнде екпе – ауа тамшылары арқылы жұғатын әр түрлі асқынулар мен өлім жағдайларының алдын алатын жалғыз шара. Иммундық профилактика – инфекциялық аурулардың алдын алуға, ал сырттан әкелінген жағдайда оларды шоғырландыруға және жоюға бағытталған.  Халықты вакцинациялау ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін жүргізіледі. Профилактикалық екпе жүргізу мерзімі мен жұқпа атауы ҚР Үкіметі қаулысымен бекітіледі. Халықты иммундау шаралары үшін Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өткен вакциналар қолданылады.

2016 жылы облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланды.  Сал, күл, сіреспе, қызылша, қызамық сияқты жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Көкжөтелдің төрт,   эпипароттит бойынша  бір оқиға  тіркелді. 2015 жылы облыста қызылша ауруының асқынуы байқалып, 12-19 жас аралығындағы жастарға жүргізілген қызылшаға қарсы қосымша иммундаудың нәтижесінде жағдай тұрақталып, өткен жылы ауру оқиғалары тіркелген  және 2002 жылдан бастап Қазақстан сал  ауруы жоқ  мемлекет болып  табылады.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша өткен жылы 160 ата-ана профилактикалық екпелерден бас тартқан. Вакцинацияның маңыздылығы жөнінде тұрғындар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 43 атаана екпеге келісім беріп, былтыр 11 бала екпе алған. Ал биыл жыл басынан бері 43 ата-ана екпеге қарсылық білдірген. Оларға қазіргі таңда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ


Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ: «Кәсіпкерлерді тексеру үш есе азайды»

Күні: , 25 рет оқылды

прокурор


Прокуратура органдары мемлекет атынан республикамыздың аумағында күші бар барлық заңның, Мемлекет басшысының Жарлықтарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің бұрмаланбай әрі біркелкі қолданылуын, әкімшілік және атқару саласындағы іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады. Сонымен қатар заңдылықтың кез келген бұзылу түрін анықтап, оны жою жөнінде шаралар қолданатыны белгілі. Осы  орайда өңіріміздегі атқарып жатқан жұмыстарды білу мақсатында облыс прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сапарбек Нұрпейісовпен сұхбаттасқан едік.


— Сапарбек Айтуұлы, Елбасының биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмыстарын күшейту қажеттілігі айтылған болатын. Бұл бағытта облыстық прокуратура тарапынан қандай іс-шаралар алынуда?

— Прокуратура органдарымен мемлекеттік органдарға тексеріс жүргізу барысында, тексеріс нысанына қарамастан, сыбайлас жемқорлық туралы заңнама талаптарының мүлтіксіз сақталуына назар аударылады. Өткен жылы облыс прокуратурасы жүргізген 16 тексеріс барысында 63 заңбұзушылық анықталып, 22 прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді, үш заңсыз акті бұзылды.

Прокурорлық ықпал ету актісімен осы санатқа жататын қылмыс жасағаны үшін үш лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 636 мың теңге айыппұл салынды. Ал 13 қылмыстық құқықбұзушылыққа байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, ол бойынша төрт тұлға сотталды. Атап айтқанда, бюджет қаражатын иемденгені үшін Орал қаласындағы «Балбөбек», «Золотой петушок» мектепке дейінгі ұйымдарының директорлары А. Төлегенова мен А. Нуруллина, Қазталов аудандық коммуналдық кәсіпорнының директоры А. Елеусінова және Жаңақала ауданы ауылдық округінің әкімі Е. Танзенов лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.

Бұдан бөлек мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекет жасаған 30 дерек анықталса, оның 13-ін мемлекеттік ұйымдардың басшылары жасағандығы белгілі болды. Алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлықтың кез келген белгілері мен себептерін анықтау, жою, алдын алу басты назарда болады.

— Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын жеделдету, қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту мақсатында түрлі мемлекеттік, салалық бағдарламалар қабылданып, іске асуда. Ал облысымызда олардың бәрі заң аясында орындалып жатыр ма?

— Бәрі заң талаптарына сай орындалуда деп айтуға болмайды, әрине. Мәселен, былтыр облыстық прокуратура қызметкерлері «Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын» жергілікті атқарушы құрылымдардың жүзеге асыру шараларына орай талдау жүргізді. Нәтижесінде оны жүзеге асыруда кемшіліктер бар екендігін анықтады.

Аталмыш бағдарламада инфрақұрылымды жетілдіру және дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану, елді мекендерді сумен қамту және су бұру жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ су ресурстарын тиімді басқару шаралары есебінен 2020 жылға қарай оның тапшылығын қысқарту көзделген. Оны жүзеге асыру туралы жоспарда жергілікті атқарушы құрылымдарға 17 ісшара жүктелген. Талдау жұмыстары кезінде соның бесеуінің уақтылы орындалмағаны, екеуінің тиісті деңгейге сай еместігі анықталды. Атап айтқанда, бірде-бір коммуналдық меншіктегі су нысандарына көпфакторлық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер су жинаудың барлық кезеңінде суды есептеу құралдарын орнату және су бөлуді автоматтандыру жұмыстары мүлдем орындалмаған. Өзге де маңызды іс-шаралар мерзімінде және сапалы түрде жүзеге аспаған. Көтеріліп отырған мәселенің маңыздылығына байланысты облыс әкімдігіне прокурорлық ықпал ету актісі енгізілді. Қазіргі таңда аталмыш мемлекеттік бағдарламаның орындалуы облыс басшылығының бақылауына алынды.

«Агробизнес — 2020» бағдарламасын іске асыруға орай жүргізілген тексеру нәтижелері заңдылықтың сақталуына, демеуқаржыландыруға қолжетімділікті арттырып, сондай-ақ демеуқаржыны бөлу туралы шешім қабылдау кезіндегі заңбұзушылықтарды едәуір азайтуға ықпал еткенін айта кету керек. Дегенмен, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, шаруашылықтарды демеуқаржыландыру кезінде заңбұзушылықтар, сондай-ақ арнайы комиссия жұмысында формализм орын алуда. Кейбір аудандарда осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдау туралы тиісінше ақпараттандыру жұмысы реттелмеген. Мысалы үшін Жәнібек ауданында өткен жылы өтініштерді қабылдаудың басталғандығы туралы хабарламалар мерзімді басылымға жарияланбаған. Мал шаруашылығы саласындағы ережелердің талаптарына сәйкес, демеуқаржы алатын шаруашылықтар тiзiмiн анықтайтын ведомствоаралық комиссия құрамына өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіруі тиіс. Ал Жанақала ауданында бұл ескерілмеген, сондай-ақ зейнеткерлікке шыққан жан комиссия тізімінде жүр, яғни комиссия құрамы жаңартылмаған. Демеуқаржыландыру кезінде Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Зеленов, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарының ауыл шаруашылығы бөлімдерімен де заңбұзушылықтарға жол берілген. Тексеру нәтижесі бойынша барлығы 54 заңбұзушылық анықталып, 10 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, 13 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Сонымен қатар тексеріс нәтижелеріне орай демеуқаржыландыру рәсімін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленіп, олар Бас прокуратураға жолданды.

— Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында қандай шаралар алынуда? Жалпы, кәсіпкерлер прокуратураға жиі шағымдана ма?

— Прокуратура органдары ҚР Кәсіпкерлік кодексі талаптарының жүзеге асуын қадағалап, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Тұрақты түрде кәсіпкерлердің, мемлекеттік құрылым басшыларының қатысумен түрлі жиындар, ведомствоаралық кеңестер өткізіледі. Әкімшілік кедергілерді болдырмау және оның алдын алу бойынша жоспарлы жұмыстар жүруде. 2014 жылдан бері өңірлік кәсіпкерлер палатасында «прокурор бөлмесі» жұмыс істейді, бұл жерге кәсіпкерлер туындаған мәселелері бойынша жүгіне алады.

2011-2016 жылдар аралығында кәсіпкерлерді тексеру 9998-ден 3279-ға, яғни үш есеге азайды. Былтырдың өзінде прокуратура органдары жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын сақтау бойынша 12 тексеріс жүргізіп, оның барысында 117 заңбұзушылық анықталды. Нәтижесінде 36 прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, 18 тұлға тәртіптік, бір тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартыл-ды, 16 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.

Бас прокуратураның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жол картасы тиімді жүзеге асырылуда. Бизнестің қалыпты дамуына теріс әсер ететін күрделі мәселелер мен кедергілер анықталып, Бас прокуратураға тиісті ұсыныстар берілді. Оған бұл бағытта жүргізілген әлеуметтік сауалнама да оң ықпалын тигізгенін айта кеткен жөн.

Өткен жылы мобильді топтармен мемлекеттік құрылымдардағы лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттеріне қатысты түскен 38 хабарлама тексеріліп, оның 22-сі расталды. Соған сәйкес прокурорлық ықпал ету актілері қабылданды. Мысалы, Жәнібек ауданындағы Қанат Нығметов деген жеке кәсіпкерге аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы ҚР ӘҚБтК-ның 269-бабының 3-тармағы бойынша (мемлекеттік кіріс органында тіркеу есебiне қою мерзiмiн бұзу) 16,6 млн. теңге айыппұл салған. Артынан оның заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту дерегі екені анықталды. Соған орай кәсіпкер прокуратура қызметкерілеріне өз ризашылығын білдірді. Осындай алғысты аталмыш аудандағы жеке кәсіпкер Арман Елемесов те айтқан болатын.

— Сапарбек Айтуұлы, жыл өткен сайын облысымызда мал ұрлығы дерегі жиілей түсуде. Бұл бағытта газетімізде биылдың өзінде бірнеше материал жарық көрді. Осы бағыттағы қылмысты барынша азайту, алдын алу үшін облыстық прокуратура тарапынан қандай іс-шаралар алынуда?

— Ұрлық қылмыстың жалпы құрылымында ең көп бөлігін алады. Сондықтан ол құқық қорғау органдарының жіті назарында. Облысымызда өткен жылға дейін ұрлық саны артып келді. Нақтылап айтқанда, жалпы қылмыстың 52%-на дейін жетті. Соған орай былтырғы тамыз айында облыс прокуратурасы мал ұрлығына қарсы жол картасын, меншік құқығын қорғау және онымен күресу жобаларын бекітті.

Қылмыстық істерді зерделеу барысында мал ұрлығына себеп болатын жағдайлардың бірі — үй жануарларының ұзақ уақыт қараусыз қалуы және меншік иелері тарапынан оларды күзетуге салғырттық танытуы екені анықталды. Сонымен қатар жайылымдардың аутокөлік жолдарына және елді мекендерге жақын орналасуына орай қосымша бақылаудың ұйымдастырылмайтыны да белгілі болды. Бұл осынау қылмысқа қолайлы жағдай туғызады. Мал ұрлығын болдырмау мақсатында халық арасында кең көлемде құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 500 мың үй жануары құжаттандырылды және жайылымдарды орталықтандыру жұмыстары мен алдын алу шаралары жүргізілді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың екі айында мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 32,7%-ға төмендеді.

— Қала көшелерінің бойынан, аялдамалардан киік мүйіздерін сатып алу туралы хабарландыруларды көруге болады. Мұндай жандарға қарсы күрес шаралары жүргізіле ме?

— Биылғы ақпан айында облыс әкімімен «Киік қорғау» жобасын жүзеге асыру шеңберінде іс-шаралардың жоспары бекітілді. Айта кету керек, бұл жоба облыс прокуратурасының бастамасымен және өзге мүдделі құрылымдармен бірлесе отырып әзірленді. Бұл жобаны іске асыру жануарларды қорғаудағы өзекті мәселені шешуге мүмкіндік береді. ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабына сай жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтiн жерлерін жою бойынша жазаға тарту шаралары қарастырылған. Нақтылап айтқанда, 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, болмаса үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру бағытында жазаланады.

Қазіргі таңда табиғат қорғау полициясы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мемлекеттік деңгейде киік мүйізін сатып алу, сату фактілерін жоюға бағытталған жедел шаралар жүргізіліп, олардың нәтижесі белгіленген тәртіпте жария етілуде. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 24 ақпанында облыстық прокуратурада ведомствоаралық жедел кеңес өткізілді.

Кеңесте қаралған мәселелердің бірі — мал ұрлығы және киіктерді заңсыз аулау бойынша профилактикалық шаралардың жүзеге асырылуы. Аталған шаралардың ұйымдастырылуы мен орындалуы прокуратура органдарының жіті қадағалауында болады.

Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Орынғали ата – ауданның Вестингаузі

Күні: , 27 рет оқылды

IMG_1609


Америкалық өнертапқыш, инженер Джордж Вестингауз 361 патенттің иесі болған екен. Ал қазақтарда да өнертапқыштар көптеп саналады. Алысқа бармай-ақ Нұрсай ауылының тұрғыны Амангелді Саматов ағамыз да Вестингауздан кем емес.


Енді бүгінде жасы 80-нен асқан әжібайлық Орынғали Мақашев атамыз да өнертапқыштардың бірі деуге болады. Ол осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын тракторшылар курсын бітіргеннен кейін өмірінің барлық жолы техникамен байланысты болды. Комбайн, трактор руліне де отырды. Темір пісіруші де (сварщик) болды. Темірден түйін түйген атамыз сол кездерде шаруашылықтың барлық техникаларын жөндеуге атсалысқан. Тіпті кейбір кездерде атамызға басқа жерден келіп те техникаларын жөндетіп алушылар болған… Орекең – жүруге жарамсыз болып қалған техникаларды құрастырып, автокөлік те жасай беретін шебер.

Мына суреттен көріп отырғандарыңыздай, бұл автокөлік түрлі маркалы автокөліктерден құрастырылған. Былайша айтқанда, бұл көліктің «тегінде» түрлі темір-терсектердің «қаны» бар.

Жұлдыз АСҚАР,

Қазталов ауданы


Қанатбайдың Қаресін көре қалған

Күні: , 42 рет оқылды

Канатбаев Каристің жеке карточкасы


Мен 1939 жылы дүниеге келдім. Қазталов ауданы Көктерек ауылының тұрғыны, зейнеткермін. Жоғары білімім жоқ, өмір бойы қара шаруа, механизатор болып еңбек етсем де, елдің тыныс-тіршілігінен хабардар болып, елдегі әр жағдайды өзімше бағалап, саралап, өзіндік көзқарасымды, ұстанымымды білдірдім. Соңғы 1-2 жылдан бері көзім көрмей қалды. Сонда да бұрынғы қалпымнан таймай, жаңалыққа жаным құмарлана, газет-журналдарды бала-немерелеріме оқытып отырамын.


«Орал өңірі» газетінің биылғы жылғы 12 және 17 қаңтар күндері шыққан сандарында жазушы-эссеист Мақсат Тәж-Мұрат пен Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы Ахмедияр Батырхановтың «Отан жерінде омарта біреу-ақ» атты 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде тағдыр талқысымен жау тұтқынында болған жәнібектік Қарес Қанатбайдың қиын да қилы тағдыры жөнінде құжатты деректер негізінде жазылған көлемді мақаласы жарық көрді.

Бұл мақаланың көзі қарақты оқырманға үлкен ой салары анық. Мен де осы төңіректегі ойымды кеш те болса, оқырман қауыммен бөлісіп, мақала авторларына алғысымды білдіру үшін, қызымның көмегімен қолыма қалам алдым (қызым бұл мақаланың аудионұсқасын «Орал өңірінің» сайтынан көшіріп алып, қалта телефоныма жүктеп қойды, қалаған уақытымда мақаланы қайта-қайта тыңдап, тыңдаған сайын, кейіпкердің ішкі жан дүниесін, болмысын түсінгендей боламын).

Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында еріксіз тұтқынға түсіп, бөтен елден пана табуға мәжбүр болған, еліне деген сарғайған сағынышының ащы запыраны мен сол кездегі солақай саясаттың сойылына төтеп берудің мүмкін еместігіне қынжылған өкініштері кеудесінде шер боп қатып, сол күйі елінің бір уыс топырағы бұйырмай, жат жерде жантәсілім еткен боздақтар қаншама?! Солардың бірі, мақалаға арқау болған, өзге елде жүріп, өз елінің ұлттық мүддесі үшін күрескен – Қарес Қанатбай.

Біз – ноғайқазақпыз. Қарес те ноғайқазақ, оның ішінде оразақай қояс. Ал біз – қостаңбалысы. Ойшыл ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараштың да оразақай қояс (Қ. Қанатбаймен аталас туыс) екенін жалпақ жұрттың көпшілігі білетін шығар. Әкем Әжкей Жүнісов Қарес Қанатбайды көрген және сол кездегі ағартушы-ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қарашевтың жақын балдызы саналып, оның қолдауымен (төрт арыс ноғайқазақтар бірінен-бірі қыз алысқан, Ғ. Қараштың әйелі қостаңбалы Жақыптың қызы Қанипа), Тасболат Сексенбаев басқарған отрядтың құрамында ақтарға қарсы соғысыпты. Лайош Винерман Қазталовкіге келгенде оған барып сөйлесіп, Жұматай ауылынан отряд құрып, оған қару-жарақ алып берген де Ғұмар.

1920 жылы Ғұмар әкемді милициялық жұмысқа кіргізіпті (бұған аса зор сауаты болмаса да, азды-көпті білетін орысшасы, тиянақтылығы әсер етсе керек).

«Сөйте-сөйте партияға кіріп, колхоз басқарып кеттім. Мен колхоз басқармасы болған тұста Қанатбай қажының кіші ұлдарының бірі Башут та (Нұрмұхамбет) 1930 жылдардан бұрынғы Фурманов ауданы «Пятимар» совхозында рабочком болып жұмыс істеді.

Ол кезде екінің біріне тие бермейтін пар ат шана, арнайы ат баптаушы орыстар тек Башутта ғана. Руласпыз, елден, бұрыннан танимыз, Қарес соғыста тұтқынға түсіп, «ана жақта» қалғасын ағайын-тумасы аяғын жинады», – дейтін әкем.

 Ол уақытта лажсыз қоршауда қалып, тұтқынға түскеніне аяушылықпен қарау жоқ, ол туралы әңгіме қозғау түгілі, ойлаудан қорқатын. Елде қалған ағайын-тумасы сол үшін қорланатын. Кеңестік әміршіл жүйе солай етуге мәжбүр етті… Күні кешеге дейін солай болды да.

Үлкен ағам Жүнісов Темірболаттың (Башуттың баласы Ғанимен құрдас) айтуынша, олар Қараөткелде (Көмекші, Жаңажол ауылының елді мекені Қазталов ауданы) тұрған кезде Башут «сатқынның туысқаны» саналып, өзіне тағылған айыптан жанына араша, басына пана іздеп, бұларға келіп тұрған. Ал Ғани көп жыл Талдықұдықта (Қазталов ауданы) мал дәрігері болып жасаған. Фурманов аудандық милиция бөлімінде қызмет істегендердің айтуынша, бұларға сексенінші жылдардың соңына дейін келген әрбір хатты тексеріп, бақылауда ұстап отырған.

Бұдан кейін де Серік Шәкібаевтың «Падение большого Туркестана», «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабынан Қарес Қанатбаев жөнінде оқып, біле түстім. Ол кезде кеңес адамдарының отансүйгіштік рухы биік, адамгершілік ұстанымдары мықты, өз бастарын қатерге тосса да, Отанына төнген қауіпті жою үшін жандарын пида етті. Мұны 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы дәлелдеп берді. Олар өз қалауларымен Қызыл әскер қатарына сұранып барып соғысқа қатысты. Бірақ әзірейілдей ажал отын шашқан неміс концлагерінің азабына өз еркімен берілген  жоқ. Бұл олардың пешенесіне жазылған тағдыр тәлкегі. Көндікпеске шара жоқ. Елге келсе, ұрпағына, тума-туыс, бауырына зияны тиетінін ойлап, әрі сол кездегі кеңестік саясаттың бастарынан сипамайтынын да айдан анық білген.

Қарестің елге қайтып келмеуіне оның сол кезде М. Шоқаймен бетпе-бет кездесіп, рухани туыс болып үлгергені, идеялық ой-пікірлерінің ортақтығы әсер еткен шығар?.. Немесе кеңес елінде жүріп, Алаш қайраткерлерінің мақсатын ту қылып ұстап жүре алмайтындығына көзі жеткендігі болар?.. Бұл Қ. Қанатбай жөніндегі өзімнің жеке пікірім.

Қорыта келе, оңай олжамен келмеген теңдессіз тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алашорданың 100 жылдығына куә, ұлттық намысты, ұлттық рухты жоғары қоятын ұрпақ тәрбиелеуде өткен тарихты дәріптеп, Ұлы Отан соғысы кезінде «Отан үшін отқа түсіп, толарсақтан саз кешкен» аталарымыздың ерлік істерін, өнегесін, өмірінің қилы кезеңдерін, жүріп өткен жолдарын архив құжаттары негізінде саралап, жас ұрпақ жадына сіңіріп, насихаттау барысындағы жазушы-эссеист Мақсат Тәж-Мұрат пен журналист Ахмедияр Батырхановтың еңбектеріне шексіз ризашылығымды білдіріп, шығармашылық табыстар тілеймін. Ұлы Отан соғысы – мәңгілік тарих, Мәңгілік елдің мәңгілік тақырыбы. Аталмыш тақырыпқа әзірге нүкте қойылмайды деп ойлаймын. Осы тақырыпта қаламдарыңыз мұқалмай ұштала берсін, елдің рухани даму, рухани жаңғыруына тың серпіліс әкелсін дегім келеді. Лайым, солай болғай!

Тельман АЖКЕЕВ,

Көктерек ауылы,

Қазталов ауданы


Берері мол көрме

Күні: , 9 рет оқылды

image


«ЭКСПО – 2017» көрмесінің басты бағыты – «Болашақтың энергиясы». Бұл, ең алдымен, баламалы энергия көздерін дамыту деген сөз. Яғни энергетикадағы сапалы өзгерістерге қоса, қуат көздерін тасымалдаудың тың тәсілдерін іздестіру де «ЭКСПО – 2017» көрмесінің негізгі нысанасы.


Қазақстанның бұл тақырыпты таңдауының басты негізі – еліміздің дәстүрлі энергиялық ресурстардың елеулі қорына ие бола отырып, баламалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі шараларды дәйекті түрде қабылдауда және «жасыл экономика» қалыптастыруға батыл қадам жасауда. Болашақта энергиядан тапшылық көрмеу үшін «Болашақ энергиясы» атты көрменің бізге берері мол.

Екіншіден, көрмеден түсетін қаржылай табыс. Мәселен, 2000 жылы Шанхайда өткен көрмеден түскен пайда 12 млрд. доллар болса, Ганноверде өткен көрменің пайдасы 350 млн. еуроға жеткен. Біздің мемлекет те айтарлықтай табыс табары анық.

Үшіншіден, өзге елдермен достық қатынастарымыз нығаяды.

Төртіншіден, көрме кезінде жастарымыздың көңілдері көтеріңкі болары анық. Себебі қазіргі таңда жастарымыз «Work and travel» бағдарламасы бойынша шетелге тіл үйренуге аттануда. Бұл бағдарламаға қыруар ақша кететіні өкінішті. Ендеше, «ЭКСПО – 2017» кезінде тегін тәжірибеден өтуге  мүмкіндік  туады.

Көрме Астананың инфрақұрылымына үлкен серпіліс әкеледі. Жаңа қонақүйлер салынып, жаңа жұмыс орындары ашылуда,  Жаңа жолдар төселіп, сауда-саттық дамиды. Шағын және орта бизнес өркендейді. Бұл көрме – елдегі новаторлық рухты жанудың, ғылымға ұмтылуға құлшыныс берудің таптырмас тетігі. Көрме өтіп біткен соң қалған павильондардың біразы ғылыми зертханалар, ғылыми орталықтар, зерттеу институттары  ретінде  қолданылады.

Өз шикізатымыздан қуат үнемдеп, жылуды жақсы сақтайтын жаңа құрылыс материалдарын шығару жобасының «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінде жаһан жұртшылығының назарына ұсынылатыны жергілікті ғалымдарға зор  жауапкершілік  жүктейді.

Осы орайда біздің университеттегі көбікшыны, көбікбетон, жылу сақтағыштығы өте жоғары кірпіштер мен жасанды қиыршықтастар шығарудың жаңа технологиясын өндіріске енгізу – кезек күттірмейтін өзекті мәселе.  Мұндағы әрбір өнім патенттелген және олар салмағы әдеттегі құрылыс материалдарынан екі есе жеңіл болып келеді. Аталмыш жоба 2013 жылы «Шапағат» республикалық өнертапқыштар байқауында жылдың ең үздік өнертабысы деп танылған болатын.

Сондай-ақ жас ғалымдарымыз ойлап тапқан жаңа мойынтіректер мен крестовиналар авиация, машина жасау, мұнай өңдеу, тау-кен өндірісі салаларында кең қолданысқа енуге әбден лайық.

Өйткені ішінде серіппесі бар мойынтіректер қазіргі қолданыстағыларға қарағанда бес есе ұзағырақ қызмет етеді. Желініп біткенде өздігінен тоқтап қалмайды. Соның арқасында қауіпсіздік артады.

Бүгінде Орал өңірінде мұнай өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар біздің ғалымдармен жұмыс істеуге ынта-ықылас  танытуда.

Қазыбай   БОЗЫМОВ,

ауыл  шаруашылығы ғылымдарының  докторы, профессор,  Қазақстан Ұлттық  жаратылыстану академиясының   академигі


Әжіғалиевтер әулетінің еңбек өтілі – 135 жыл

Күні: , 17 рет оқылды

IMG_2981


Ұрпақтар сабақтастығы, аға буынның кейінгі толқынмен еңбек тәжірибесін бөлісуі, жастарды еңбекке баулу Оралдағы «Зенит» зауытының күнделікті қам-қарекетінен, тірлігінен көрініс табады. Зауыттықтар еңбек өтілдері ғасырларды құрайтын, кәсіптері атадан балаға мирас болып кеткен еңбек әулеттерімен мақтанады.  Сондай әулеттердің бірі Әжіғалиевтердің (Бақтығазиевтердің) кәсіпорындағы еңбек өтіліне – 135 жыл.


Күлән апайдың әкесі Дүйіс Бақтығазиев К. Ворошилов атындағы «Зенит» зауытында 1943 жылы Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін 40 жыл бойы еңбек етті. Анасы Күміс те 30 жылға жуық зауыт цехтарында тазалықшы міндетін мінсіз атқарды. Марқұм әкесі мереке күндері соғыста алған медальдарымен бірге «Ерен еңбегі үшін» медалін жарқыратып тағып алатын. «Адал еңбек етсең, ел-жұртқа сыйлы боласың» деп отыратын.

— Бала кезден майдангер әкемді өзіме үлгі тұттым. Оқу бітірісімен ата-анамның ізімен зауытқа жұмысқа тұрдым. Зауыттан бақытымды таптым, ағаң Таңатпай Әжіғалиевті осында жолықтырдым. Бірге жұмыс жасай жүріп, перзент тәрбиеледік. Кеңес заманында, қазірде де зауытта жұмыс істейтіндердің күнкөрісі қалыпты, жалақылары тұрақты. Әрине, қиын кездер болды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарын айтамын. Бірақ біз жағдай қиын екен, кетеміз деп еш уақытта ойлап көрмеппіз. Вячеслав Валиев бастаған кәсіпорын басшылығы зауыттың тірлігінің бір күнде тоқтап қалмауы үшін жанын сала еңбектенгенін жақсы білеміз. Балаларымыз кішкентай кезін-де балабақша болмай қалады  деп еш алаңдамайтынбыз. Зауыттың өз балабақшасы, мәдениет үйі болды. «Зениттегілердің» ұл-қызы №3 мектепте оқитын. Бәрі бірін-бірі біледі. Бір сөзбен айтқанда, зауыт – біздің  екінші үйіміз. Түріміз бөлек болғанымен, тілегіміз бір болды. Әлі күнге солай, зауыттықтар бір-бірінің қуаныш-қайғысын бірге бөліседі, татулық, өзара сыйластық деген мұнда бірінші орында, — дейді Күлән Дүйісқызы.

Отағасы Таңатпай Елубайұлы училище бітіріп,  кәсіпорында  токарь болып еңбек етті. Волгоград қаласындағы техникумда сырттай оқыды. Осы зауытта 40 жыл бойы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Ал Күлән Дүйісқызы да еңбек жолын гальванисттің көмекшісі болып бастады. Жұмыс істей жүріп Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыр машина жасау техникумын сырттай бітірді. Одан кейін бақылаушы, жоспарлаушы-инженер, техник, №6 ұстаханалық-престік цехта диспетчер болып 43 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке аман-есен жетті. Қазір еңбек демалысында. Бүгінде зауытта Әжіғалиевтердің қос ұлы Өтеш, Ержан, келіні Татьяна жұмыс істейді. Әулеттегілер ел тәуелсіздігі жылдарында ел қорғанысы үшін зауыттан шығарылған 26 кемені жасауға өз үлестерін қосқандарын ерекше сезіммен айтады.

Өтеш пен Ержан нағашы ата-әжесінің, әке-шешесінің әңгімелерінен кәсіпорынның өміріне қанып өсті. Зауыттың биік дуалдарының арғы жағындағы тірлікті қанша көргілері келгенімен, кезекшілер оларды зауыт ғимаратының кіреберісінен кері қайтаратын.

— Тек «Ашық есік» күндері мен суға кеме түсіргенде ғана  зауыттың ауласына кіретінбіз. Мектеп бітіргеннен кейін зауыттағылардың балалары мамандық таңдап бас қатырмайтын. Біз де әке-шешеміздің ізімен байырғы кәсіпорында еңбек жолымызды бастадық. Осындай өндіріс ошағында жұмыс істейтінімізді мақтан етеміз, — деді күлімсірей сөйлетін мінезі ашық Ержан Әжіғалиев.

Ол №6 цехта металл табақтарды қиюшы болып еңбек етеді. Ағасы Өтеш №25 цехта кеме құрастыру жұмыстарын, соның ішінде дәнекерлеу жұмыстарының сапа бақылаушысы болып істейді. Оның келіншегі Татьяна №6 цехта еден жуады. Ағайынды жігіттердің айтуынша, кәсіпорын басшылығы бұқаралық спортқа үлкен мән береді, мерекелерде мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырады. Әдетте ондай шараларға зауыттағылар отбасылары болып түгелдей белсене қатысады. Зауыттың басшылығы жастарды жұмысқа тартып, оларды оқытуға көбірек көңіл бөледі. Өтеш өндірістен қол үзбей жүріп Ақтөбедегі индустриалдық колледжді, Ержан Оралдағы мұнайгаз салалық колледжін бітірді. «Зенитте» жастар кеңесі, ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымның ардагерлерге көрсететін материалдық және моральдық көмектері, мерекелік сый-құрметі жайында Күлән апа жыр қылып айтуға дайын.

Зауыттың бас директорының орынбасары Павел Букиннің айтуынша, еңбек әулеттерінің барлығы, соның ішінде Әжіғалиевтер әулеті де өз кәсіптері бойынша табысты еңбек етті және әкелерінің даңқты еңбек жолын жалғастыруда.

— Еңбек әулеттері кез келген кәсіпорынның тірегі, оның өткені мен болашағы деуге болады. Туыстық байланыстағы қызметкерлер өз әулеттерінің беделін түсірмеуге ұмтылады. Сондықтан барлық шаруаға асқан жауапкершілікпен, адалдықпен қарайды. Біздің өндірісте шыңдалған мамандар, жұмысшылар білім-біліктілігінің арқасында өзге кәсіпорындарда жұмысты еркін игеріп кетеді, — дейді Павел Букин.

Оның айтуынша, 76 жылдық тарихы бар «Зенитте» 30-дан астам еңбек әулеттерінің өкілдері жұмыс істейді. Мысалға, Стольниковтар әулетінің еңбек өтіліне 166 жыл болса, Дәулетияровтар әулетіне – 150 жыл. Одан басқа бұл тізімдегілер Мартасовтар, Антиповтар болып кете барады.

Биыл Елбасының жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеяларының аясында өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау мен жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ өткізетін дәстүрлі еңбек әулеттерінің байқауына «зениттіктерден» Ансимовтер әулеті қатыспақ. Қорыта айтсақ, еңбек әулеттері қарапайым жандардың өз ісіне деген адалдығының көрінісі іспеттес.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика