Мұрағат: 24.04.2017


Алаяққа алдансаңыз…

Күні: , 70 рет оқылды

талблимов«Бүгіндері Орал қалалық ішкі істер басқармасына қарасты тергеу бөлімімен 1981 жылы туған күдікті Арман Талблимовқа (суретте) қатысты алаяқтық фактісі бойынша 35-ке тарта қылмыстық істер көтеріліп, тергелуде. Дәл қазір осы күдіктіге алданып, зардап шеккен облыстың бірнеше тұрғынынан арыз қабылданды. Алаяққа арбалып, жер соғып қалғандар әлі де болуы ықтимал. Себебі, ағымдағы жылдың 19 сәуірінде, яғни бір тәуліктің ішінде 15 кісіден арыз түсті. Әлгі әумесер жұртты жұмысқа орналастырамын деп алдап, өзгелердің сеніміне кіру арқылы 50 мың теңгеден бастап, 600 мың теңгеге дейін ақша алып, табанын жалтыратып отырған. Қарайған кісіні сан соқтырған суайт негізі Сырым ауданынан екен. Бірақ еш жерде жұмыс жасамаса да, соңғы кездері Орал қаласында тұрған. Ол алаяқтық әрекетін өткен наурыз айының басынан күні бүгінге дейін жалғастырып келген» делінген редакцияға Орал қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері Гүламан Есмағұлова жолдаған жазбаша мәліметте.

А. Талблимов Ақсайдағы «Шлюмберже» компаниясына жұмысқа орналастырамын деп біраз кісіден ақша алған. Тергеу барысында аталмыш азаматтың бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылып, алаяқтық фактілерімен заң алдында жауапталғаны мәлім болды. Орал қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Руслан Есетовтың мәліметіне қарағанда, күдікті Арман Талблимов ұсталып, соттың қаулысымен екі ай мерзімге абақтыға жабылған. Осы алаяққа алданып, зардап шеккендер болса, Орал қалалық ішкі істер басқармасына (Айталиев көшесі – 10) немесе «102» нөміріне хабарласқандары жөн.


«ДАИШ»-қа арбалудың ақыры

Күні: , 63 рет оқылды

Биыл 19 сәуірде соттың үкімімен Қазақстан Республикасының азаматы, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Руслан Бақтокерейұлы Хамзулинов дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталды. 1975 жылы туған бұл азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының бірінші тармағы (діни алауыздықты қоздыру), 24-баптың үшінші тармағы мен 257-баптың екінші тармағы (лаңкестік топтың іс-әрекетіне қатысу), 258-баптың екінші тармағы (лаңкестік ісәрекетті қаржыландыру), 259-баптың бірінші тармағы (лаңкестік ісәрекетке арбау) және 394-баптың бірінші тармағы (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша айыпты деп танылды. Ол 2016 жылдың қазан айында Украинаның аумағында ұсталды. Хамзулиновқа қатысты қылмыстық істің дерегіне қарағанда, оның Қазақстан азаматтарын алдап-арбап, Сирияда әрекет ететін халықаралық лаңкестік ұйымдардың лагерлеріне аттандыруға қатысы бар. Бұған қоса «ДАИШ» лаңкестік ұйымының Түркиядағы басшылығының тапсырмасымен Р. Хамзулинов Ресей мен Қазақстанда лаңкестік шабуыл дайындап, жүзеге асыру үшін ТМД елдерінің біріне табан тіреген. Ақыр соңында Хамзулинов заңға қайшы бүкіл әрекеті әшкереленіп, 10 жылды «арқалап», темір торлы тар қапасқа тоғытылды.


«Гүлдене бер, туған ел!»

Күні: , 25 рет оқылды

IMG_1380


Өткен сенбіде облыс орталығындағы қалалық мәдени және демалыс саябағында жалпықазақстандық ағаш егу күніне орай «Гүлдене бер, туған ел!» атты акция өтті.


«Туған ел» бағдарламасы аясында өткізілген шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, қала әкімі Нариман Төреғалиев, мекеме басшылары, ардагерлермен бірге жастар да қатысып, көптеген көшет отырғызды.

— Шаһарымыз әсем де таза қала болуы үшін осындай игі істерге жұмыла кіріскеніміз өте орынды. Елбасымыз айтқандай, патриоттық сезіммен адамдардың бір-біріне көмектесуі арқылы қоғамды ізгілендіріп, өмірді нұрландыра аламыз. Бүгін өңірімізде, яғни аудандар мен қаламызды қоса алғанда, 50 мыңға жуық тал-терек егілмек. Еліміздің дамуына үлестерін қосып жүрген азаматтарымыз баршылық. Бірлігіміз мықты болса, еліміздің әлі де қарқынды дамитындығына сеніміміз мол. Сондықтан бүгінгі шараға жиналған ардагерлер мен жастар қауымына рақметімді айтамын, — дейді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Қалалық мәдени және демалыс саябағынан кейін әуежайға барар жолдың жиегіне де тал-теректер отырғызу жалғасын тапты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Колледжде оқып жүр, талай қазақ баласы…

Күні: , 35 рет оқылды

IMG-20170421-WA0020


Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек.


ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге  қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

Амангелді Иманов атындағы жол-көлік колледжі – жол-құрылыс машиналарын пайдалану саласында  мамандар даярлайтын республикадағы бірден-бір оқу орны. Мұнда нарықтық сұранысқа  ие аутогрейдерші, аутожүргізуші, асфальттау машинисі, аутокраншы, бульдозерші, тығыздаушы-машинист, ілмектеуші (стропальщик), экскаваторшы секілді  кәсіби жұмысшы  мамандарын даярлайды.

Аталмыш білім ошағында теориялық және тәжірибелік оқытуға арналған қажетті жағдай баршылық. Колледждегі компьютерлік сынып, бейнесынып, кітапхана, оқу, акт, спорт және жаттығу залдары оқыту үдерісінің тиімділігін қамтамасыз етуде.  Кәсіптік  мамандарды 9 сыныптық білім негізінде  үш  жыл 10 ай, ал  жалпы орта білім бойынша екі жыл 10 ай оқытып даярлайды.  Бүгінде оқу ордасында 400-ден астам шәкірт тәрбиеленуде. Жыл сайын қабылданған 150-ге жуық талапкер кәсіби жұмысшы мамандықтарына  тегін оқытылады. Мұнда өңіріміздің шалғай аудандары  мен өзге облыстардан келетін  студенттерге арналған 120 орындық жатақхана бар. Үш қабатты жатақхананың әр бөлмесіне 2-4 студенттен артық қоныстанбайды.  Білім алушылардың тұрмыстық қажеттілігі үшін барлық жағдай жасалған. Жуынатын, кір жуатын, демалыс бөлмелері, тұрмыстық техникамен жабдықталған асүй, әр студенттің киім жинайтын арнайы шкафы, үстел мен отырғышы бар. Түстен кейін студенттер үшін вокал, драма, теннис секілді үйірмелер жұмыс жасайды.  «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы негізінде Қызылорда мен Маңғыстау облысынан келген  25 жас білім алуда. Колледжде оқитын оқу екпінділері 16 454 теңге, үздіктер 18 922 теңге шәкіртақы алады.

— Біздің колледжде студенттер сұранысына  қарай 100% жатақханамен қамтылады. Сондай-ақ оларды жатақханаға тіркеуге тұрғызамыз. Студенттер ауыр техникаға отырмас бұрын арнайы жаттығу залында көлік жүргізу дағдысын қалыптастырады. Өндірістік машықтан «Hyundai» сервисінен, «Агрореммаш», «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-лардан өтеді. Оқу орнына талапкерлерден маусымның 20-сынан бастап құжат қабылданады. Техник-механик, аутокраншы, экскаваторшы секілді сұранысқа ие мамандықтарға келушілер шілденің ортасында-ақ толып қалады. Студенттердің диплом алар шағында колледждің серіктес кәсіпорындарының басшыларымен бірлескен мемлекеттік емтихан ұйымдастырылады. Сол кезде болашақ мамандар  өз біліктілігін көрсетіп, көбі жұмысқа орналасып кетеді. Ал жұмыс таба алмаған жағдайда біз кәсіпорындарға өтініш жазып, қатынас хат жолдаймыз, — дейді аталмыш колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Таубаева.

IMG-20170424-WA0005Аталмыш колледжде білім алушылардың дені ер балалар екен. Олармен бірге білек сыбанып, нәзік болмысымен ауыр техниканы меңгеріп жүрген Торғын есімді бойжеткенді (суретте)  көріп, сөзге тарттық.

— «Серпін» бағдарламасы негізінде өткен жылы Қызылорда қаласынан келіп, жүк тиейтін машина машинисі мамандығы бойынша оқуға түстім. Бізге кран жүргізудің қыр-сырын жетекшіміз Гүлімай Шәмшенова үйретеді. Жүкті тиеу-түсіру әдістерін меңгеріп, ауыр мәшинелердің моторын ашып, бөлшектеп, содан кейін қалай жинауды үйрендім. Аутокранға отырмас бұрын аутодромда жеңіл және «КамАз», «Зил» секілді ауыр көлік түрлерін жүргізіп үйренеміз. Ең бастысы, техникалық қауіпсіздік ережесін сақтауымыз керек. Оқу бітірген соң аутокраншы дипломымен бірге В, С1 категориялы жүргізуші куәлігін алып шығамыз.  Қазір «Пятое колесо» көлік жөндеу орнында машықтан өтіп жүрмін. Бала кезімнен темір-терсекке үйір болып өскендіктен, ағаларым мәшине жөндегенде жанынан табылатынмын. Мен бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Бо-лашақта осы саладағы білімімді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінде жетілдірсем деймін. Ер-азаматтармен бірге мойнын көкке созған кранның «құлағында» ойнап, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткім келеді, — дейді Торғын Тұрсынова.

Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылынан  келген Ғалымбек Ерғазиев оқу бітірген соң Орал қаласында тұрақтап қалмақ.

— Ғани Мұратбаев ауылындағы мектепті бітірер кезде осы оқу орнының педагогтері бізге келіп, үгіт-насихат жүргізген еді. Сол кезде Амангелді Иманов атындағы жол-көлік колледжі туралы, яғни білім сапасы, жұмысқа орналасу деңгейі, жатақханамен қамтылуы секілді ақпаратты толық тыңдадым. Мектеп бітірген соң бірден осында келдім. Бұл қалаға алғаш келуім болған соң басында үйді, ата-анамды, тума-туысымды сағындым. Ал қазір мұнда достарым көп. Кәсіби маман болып қалыптасып келемін. Жол-құрылыс мәшинелерімен таныстым. Колледждің арнайы алаңында аптасына екі рет түрлі көліктерді жүргіземіз. Бос уақытымда көлік жуу салонында еңбек етемін. Болашақта осы қалада білімімді жалғастырып, отбасын құрғым келеді. Мамандық таңдау айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау деп түсінемін, — дейді болашақ техник-механик Ғалымбек Ерғазиев.

Темір «тұлпардың» тізгінін ұстап, «құлағында» ойнайтын жігіттердің арасында  поэзияға жаны жақын Ғасырбек есімді бозбала бар екен. Бос уақытында Мұқағалидың өлеңдерін оқығанды жақсы көретін ол бала күнгі естелігімен былайша бөлісті.

— Ата-анам Покатиловка ауылында тұрады. Тоғызыншы сыныпты қаладағы №22 мектепте оқыдым. Сенбі-жексенбі күндері үйге бару үшін Жайық ауылына дейін 52 шақырым қоғамдық көлікпен барып, әрі қарай Покатиловкаға дейін 10 шақырым жаяу жүретінмін. Бір күні қатты жаңбыр жауды. Үсті-басым балшық-балшық болып, үйге әрең жеттім. Содан кейін жол мәселесі туралы көп ойлай бастадым. Франция, Италия секілді Еуропа елдерінің жер көлемі  шағын болғандықтан, мемлекеттер бір-біріне жалғаса береді. Ал Қазақстанның жері кең байтақ. Егер жол салу саласында еңбек етсем, болашақта жұмыссыз қалмайтыныма сенімді болдым. Сол себепті жол құрылысына қатысты техникалардың бірінің машинисі болу керек деп ұйғардым. Жол салу барысында құрылыс материалдарын тиеу мен тегістеуге арналған арнайы мәшинені пайдаланамыз. Ауыр көліктің тізгінін ұстағанда қашықтықты нақты шамалай білуің керек, — дейді болашақ аутокраншы  Ғасырбек Болатов.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Біржан ТҰРСЫНОВ: «Мұқтаж жанның алғысына ештеңе жетпейді»

Күні: , 27 рет оқылды

IMG_1238


Қазір өңірімізде ауыл шаруашылығы тым-тәуір дамып келе жатқандығы белгілі. Бұрындары ішкі нарықты, әсіресе, көкөніс өнімдерімен толығымен қамтамасыз ету мәселесі еліміздің оңтүстігі мен алысты-жақынды шет мемлекеттерден тасымалданумен шешілетін. Бүгінде өзгеге жалтақтамай, қолдан келетін іске өзіміздің кәсіпкерлер білек түріп, кірісе бастады.


Орал қаласының іргесіндегі Круглоозерный кентіне қарасты, Серебряков ауылындағы «Нұр» шаруа қожалығы 15 жылдан бері көкөніс өсірумен айналысады. Облыс орталығы мен ауданауылдарды сапалы жергілікті өніммен қамтып отырған шаруашылықтың жетекшісі Біржан Тұрсынов есімді азамат. Бүгінде алпысты алқымдап қалған Біржан ағамыздың негізгі мамандығы — зоотехник. Кеңес дәуірінде Ақжайық ауданында, Круглоозерный кентінде мал маманы болып қызмет атқарған ол кейін нарық заманына бейімделіп, 2002 жылы қожалық ашқан. Алғашында көптің бірі болып мал өсірумен айналысқан кәсіпкер уақыт өте келе, көкөніс шаруашылығымен шұғылдануға бел буады. Бүгінде аталмыш қожалық иелігінде 43 гектар суармалы жер бар. Несібесін жерден іздеген кәсіпкердің жұмысы ерте көктемнен басталады. Бүгінде бау-бақша орнын жинау, көкөніс көшеттерін әзірлеу секілді тірліктер басталып та кеткен. Қожалық жаз бойы 15 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Сабағынан жаңа жұлынған көкөніс түрлерін таң сәріден орталық базарға жеткізу, оны саудалау жұмыстары күнделікті көп міндеттің бірі. Дәруменге толы сапалы өнімге сұраныс аз емес.

— Бұл кәсіппен біраз уақыттан бері шұғылданғандықтан, бүгінде оның қыр-сырын білемін. Мен секілді шаруалар адал термен шығарған өнімін жаз мезгілінде делдалдар арқылы арзан бағамен өткізуге мәжбүр. Себебі көкөніспен айналысатын шаруа қожалықтарының барлығының өнімі бір уақытта піседі. Өнім көп болған сайын баға арзандай береді. Ал егер өз қолымызбен шығарған бақша дақылдарын қоймаға сақтап, жыл бойына саудаға шығарса, сөйтіп дүкендерімізде сапалы, жергілікті өнім сатылса, қандай жақсы! Осыдан үш-төрт жыл бұрын сол кездегі облыс пен қала әкімдеріне бірнеше мәрте көкөніс сақтайтын қойма салу мақсатында Круглоозерный ауылынан жер телімін сұраған едім. Бірақ менің сұранысым еш қолдау таппады. Қазіргі облыс әкімі Алтай Көлгінов шаһар әкімі қызметіне кіріскен бойда қалаға қарасты шаруа қожалық басшыларын жинап, түйткілді мәселелер мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сол басқосуда ойымды айттым. Көп кешікпей қала әкімінен қолдау көріп, маған Зашаған кентінен жер телімі берілді. Сол жылы сауда орнының іргетасын құйып, қабырғасын көтердім. Бүгінде сол орыннан үш қабатты дүкен салдым. Өңір басшысы арнайы келіп, құрылыс жұмыстарының барысын көріп кетті. Сөйтіп, мемлекет пен жергілікті билік тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында кәсібімді дөңгелетіп, халыққа пайдамды тигізгеніме шүкіршілік етемін, — дейді Біржан ағамыз.

IMG_1222Мақтануды мақсат тұтпаған кәсіпкер түйінін шешіп айта қоймағанымен, Зашаған кентіндегі №6 емхана маңында орналасқан дүкеннің игі бастамасы турасында естіп, біліп жүрміз. «Нұр» сауда орнының астыңғы қабатында орналасқан азық-түлік дүкенінде күнделікті халық тұтынатын тауарлармен қатар жыл бойына сапалы әрі бағасы да арзан көкөніс түрлері саудаланады. Дүкен әр аптаның жұма күндері сол маңда тұратын зейнеткерлерге күнделікті тұтынатын нанды тегін беруді де үрдіске айналдырған. Екінші қабатта орналасқан «Биосфера» дәріханасында басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға арзан бағамен дәрі-дәрмек сатылады. Сонымен қатар сауда нысанында мектеп жасындағы оқушыларды ментальды арифметикаға, ағылшын тіліне оқытатын оқу орталығы орналасқан. Кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге қамқорлық танытып жүрген қаламыздағы «Бәйтерек», «Жұлдыз» қоғамдық қорларына да дүкен ішінен тегін орын беріп отыр.

— Адам баласы өзіне жасаған жақсылықты жақсылықпен қайыруы керек. Бұл орынды ашуға өңір басшысының қолдауымен ғана қол жеткіздім. Ендігі жерде мұқтаж жандарға көмек беруді өзімнің адами парызым деп санаймын.

Аптасына бір рет мұқтаж жандарға 40-50 бөлке нанды тегін таратқаннан менің ештеңем кетпесі анық. Жалпы, кәсіпкер қалтасын томпайтып, баюды ғана ойламау керек. Сенің тұрған зәулім үйің, мінген қымбат көлігің мұқтаж жанның айтқан бірауыз алғысына татымайды. Алла деніме саулық беріп, кәсібім жүріп жатса, өзім тұратын ауылдан мешіт салу немесе баларлар үйінен тәрбиеленіп шыққан жастарға тегін баспана тұрғызу ойымда бар, — дейді кәсіпкер.

Қожалық жетекшісі жоғарыда сөз еткен көкөніс қоймасын салу жоспарын да жүзеге асырған. Круглоозерный кентінен жеке үй-жай сатып алған азамат қоймаға қоса жылыжай да салыпты. Өмірлік жары Мергүл жеңгей жоғары оқу орнын бітіріп, ұстаздық жолды таңдағанымен, бүгінде отағасымен бірге жеке іске ден қойған. Жанұялық кәсіппен шұғылданған отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиеленді. Бүгінде Айнагүл, Әсел есімді қыздары тұрмыс құрып, ана атанған болса, ұлы Сұлтан Чехияда жоғары білім алуда.

IMG_1242Заман талабына сай кәсіппен шұғылданып, отбасының несібесін тауып қана қоймай, халықтың жайын ойлап, мұқтаж жандарға мәрттік танытып жүрген Біржан Тұрсынов секілді жомарт жандардың қатары көбейсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Қайтарымсыз гранттар кімге бұйырады?

Күні: , 62 рет оқылды

IMG_8800


«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалында мемлекеттік инновациялық гранттардан  үміткерлердің құжаттарын қарау комиссиясы онлайн режимде жұмыс істеуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз негізде берілетін мемлекеттік гранттардан үміткерлер саны жыл санап өсе түскен. Биыл өңірімізге республикалық бюджеттен мемлекеттік гранттарға  47 млн. теңге бөлінді.


Ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкерліктерге, жас кәсіпкерлерге (29 жасқа дейін), әйелдерге, мүгедектерге және 50 жастан асқан адамдарға экономиканың басым салалары шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру жөніндегі комиссия наурыздың 15-інен сәуірдің 14-іне дейін құжаттар қабылдады. Жобаға қатысуға 202 адам ниет білдірген. Аталмыш комиссияның төрайымы Наталья Портнягинаның айтуынша, сәуірдің 20-сында 40 жоба, 21-і күні және 40 жоба қаралды. Жобаларды қарау нәтижелері мамыр айының басында белгілі болады. Соның ішінде 4 балдан жоғары балл алған үміткерлердің грант алуға мүмкіндіктері болады.

— Ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және құрылыс салалары бойынша тартымды жобалар баршылық. Әлі 160-қа жуық жобаны қарауымыз керек. Ауылдық жерден және Орал қаласынан түскен жобалардың саны шамалас, 12 ауданнан да жобалар бар. 2016 жылы мемлекеттік грант алуға 70 адам құжат тапсырса, биыл олардың саны 200-ге жетті. Биыл жылдың басында ауыл-аймақ тұрғындарына инновациялық жобалар, конкурсқа қатысу тәртібі жайында жүргізілген түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарының нәтижесі деуге болады, — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибрагимов.

Онлайн режимде өтіп жатқан комиссия жұмысын облыс әкімдігінің, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ресми сайтынан қарауға болады.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Бізге тұрмыстық прагматизм жетіспейді

Күні: , 17 рет оқылды

IMG_1027


Таяуда облыс орталығындағы Достық үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласын талқылауға арналған зиялы қауым өкілдерінің басқосуы  өтті. Бұл жиында  Елбасы мақаласындағы келелі ой мен кесімді пікірлер талқыланып, алда тұрған мақсат-міндеттер жөнінде ой бөлісілді.


Аталмыш мақалаға орай  осы  кезге дейін облыс бойынша 180 кездесу ұйымдастырылса, оған 3400-ге жуық адам қатысқан. Дөңгелек үстелге облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, БҚО  ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі  Ғайса Қапақов қатысты.

Басқосудың модераторы БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов  маңызы зор мақаланың еліміздегі саяси, рухани және әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың алғышарты ретінде қабылданған  бағдарламалық құжат екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол  Елбасы мақаласында жазылған ұлы мақсатқа қол жеткізудің, яғни жаңғырудың басты алты құрамдас бөлігін түсіндірді. Сонымен қоса  күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңестіріп, үзеңгі қағыстыру мүмкін еместігін  жеткізді.

Марат  ТОҚЖАНОВ,

облыс  әкімінің орынбасары:

– Елбасының аталмыш мақаласында әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін саяси реформа және экономикалық дамумен зор рухани жаңғыру қажеттілігі баса айтылған. Мемлекеттік маңызы бар мәселелер көтерілген мақала баршаға ой салды. Осы орайда біз заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың алғышарттарына айналдыра білуіміз қажет. Жастарға білім беру жүйесінде баламасы жоқ бағдарлама іске асырылып, түрлі тілдегі ең жақсы 100 оқулық қазақ тіліне аударылмақ. Бұл жастардың дүниетанымы мен білімін әлемдік деңгейге көтеруге тың серпін беретіні сөзсіз. Мақалада көтерілген прагматизм мәселесі, латын әліпбиіне көшу, «Туған жер» бағдарламасы ұлтымыздың болашағы мен рухани әлеуетіне тікелей қатысты. Қазақ ұлты рухани жаңғыру арқылы өркениетті әлемнің ажырамас бөлігіне айналмақ. Бұл – біздің тарихи таңдауымыз.

Василий  БАЕВ,

облыстық  ҚХА  ақсақалдар кеңесінің  мүшесі:

– Нұрсұлтан Әбішұлының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласына педагог ретінде бейжай қарай  алмадым. Мақалада еліміздің жаңа технологияларға, жаңа әлемдік саяси-экономикалық ахуалға негізделген тарихи кезеңге аяқ басқанын айта келе, қазақстандықтар біртұтас ұлт болып қалыптасу үшін қандай қасиеттерге ие болып, қандай міндеттерді еңсеру қажеттігі  жөнінде кеңінен ой толғаған. Заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыра отырып, өзіміздің рухани кодымызға сүйену қажеттігін де баса айтқан. Бұл – мәңгілік ел үшін тарихи қажеттілік. Мемлекет басшысы әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін алға тарта отырып, бәсекелестікке барынша бейім ұрпақ өсіруге, оларды тұлға етіп тәрбиелеуге, қайраткер ретінде қалыптастыруға айрықша тоқталады. Мектеп оқушыларының, студенттердің білім деңгейін арттыруда ұстаздар қауымы алдыңғы шептен көрінеріне  сенімдімін.

Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН,

 «Орал өңірі»  газетінің бас  редакторы:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:

рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының алғашқы тарауы  «Күллі жер жүзі көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды…» деген жолдармен басталады. Осындай аласапыран уақытта, алмағайып заманда әр халық үшін өзінің әдебиетінен, мәдениетінен, тарихынан, ұлттық бітім-болмысынан, дүниетанымдық көзқарасынан  ажырап қалмау маңызды. Біз тарихымыздан, мәдениетімізден, әдебиетімізден тағылымды тәлім-тәрбиенің тамырын іздеуіміз керек. Осы бағыттағы тәрбиенің негізі отбасынан бастау алғаны ләзім. Сондай-ақ Елбасының үшбу мақаласында прагматизм мәселесі көтерілді. Прагматизм – қазаққа  жалпы жат ұғым емес. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, феодолизм кезіндегі атам қазақтың көшпелі мал шаруашылығы жүйесі бойынша жайлау, күзеу, қыстау деген ұғым-түсініктер болды. Осының  өзі жерді экономикалық тұрғыдан тиімді пайдалану механизмінің феодализм тұсында кең таралған форматы дер едім. Ал қазіргі қаракөз ағайындарымызға прагматизм жетіспейді. Өздеріңізге мәлім, той жасағанда немесе өмірден озған адамды ақырғы сапарға жөнелтерде  ысырапшылдыққа, астамшылыққа  жол беріледі. Менің ойымша, қоғамдық ауқымдағы, мемлекеттік масштабтағы прагматизмді берік қалыптастыру үшін санамызда, күнделікті тыныс-тіршілігімізде тұрмыстық прагматизмнің стандарттары нығаюы шарт. Мемлекет басшысы аталмыш мақаласында өткен ғасырдың басты үш идеологиясы коммунизм, фашизм, либерализмнің келмеске кеткенін айта келе, таяу онжылдықта реализм мен прагматизм салтанат құратынын ел-жұрттың назарына ұсынды. Қазір «көрпеңе қарай көсілу» күн тәртібіндегі «күйіп  тұрған»  мәселе.

Қазақстандық патриотизм туралы айтқанда, нақты мысалдар іздейтініміз белгілі. Өңірімізде шынайы патриотизмнің айшықты мысалдары шүкір, баршылық. Мәселен, былтырғы қараша айының суық күндерінің бірінде  зиялы қауым өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері тізе қосып, Оралдағы Тәуелсіздік алаңының айналасына ағаш отырғызған еді. Осы шара  барысында «Масис» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Аветик Амирханянның ұсынысымен «Бірлік» әзірбайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наджаф Маметов екеуі бірлесіп шырша көшетін отырғызды. Әдетте халықаралық деңгейдің өзінде  әзірбайжан мен армян халқы бітіспес жау іспетті қабылданады. Ал суық күнгі сенбіліктегі армян мен әзірбайжан отандастарымыздың ізгі ниеті, игі шарасы қара күздің өзін шуаққа айналдырды. Елбасының «Жаныңда жүр жақсы адам» идеясына орай отандастарымыздың осындай нақты достық қарым-қатынасын насихаттасақ, қазақстандық қоғам  үшін  ортақ  олжа  болмақ.

Дөңгелек үстел барысында Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің  директоры, педагогика ғылымдарының докторы Шалқыма Құрманалина білім саласының  алдында тұрған мақсат-міндеттерге тоқталып, ұлтымыздың алтын қорына енетін  «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы  төңірегінде ой толғады.

«Еділ-Жайық қазақтары» қауымдастығының төрағасы Аманжол Зинуллин латын қарпіне көшудің қазақстандық жастар үшін әлемдік білім мен ғаламдық жаңа технологияларды меңгеруде маңызы зор екендігін алға тартты. Сондай-ақ «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Есқалиева зейнет жасындағы жандар үшін  компьютерлік курстар ашудың маңызы мен мүмкіндігі жөніндегі  ой-пікірін  ортаға  салды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


«КITAPFEST – 2017»

Күні: , 21 рет оқылды

IMG_1474


Жексенбі  күні Орал қаласындағы  жаңа  алаңда  «Оқитын қала»  жобасы  аясында  «Сүйікті қалам – Оралым» тақырыбында «КITAPFEST – 2017»  фестивалі  өтті.


Шараның басты мақсаты – кітап оқуды насихаттау мен өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру. Безендірілген сахна, кітап көрмелері, инсталяциялар, баспа өнімдері мен кітап сатушы ұйымдар фестивальға сән беріп тұрғандай. Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында оқылған әдебиеттерден «Кітап шеруі» әдеби-поэтикалық слэмін ұсынса, Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапхана жанында жұмыс жасайтын қуыршақ театры қойылымдарымен көрермендерді тәнті етті. Сонымен қатар «Оралдық танымал тұлғалардың сүйікті кітабы» тақырыбы бойынша белгілі тұлғалардың қолтаңбасы жазылған әдебиеттер аукционға шығарылып,  қойылған сауалдарға үздік жауап берген оқырманға тарту ретінде тапсырылды.

– Бұл мерекені жыл сайын атап өтіп жүрміз. Қала халқының кітап оқуға қызығушылығы күннен-күнге артып келе жатқандығын байқаймыз. Соның ішінде оқушыларымыздың кітапқа бетбұрушылығы жақсарып келеді. «Кітап – адамның жан азығы» демекші, кітап оқу арқылы адам өзінің өмірін қалыптастырады. Сондықтан барлығыңызды кітап оқуға шақырамын, – деген Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев кітапханалардың белсенді оқырмандарын алғысхат және сыйлықтармен  марапаттады.

Қазір қала бойынша 19 кітапхананың есігі айқара ашық. Барлық кітапханалардағы кітап қоры 650 мыңнан асады. Кітаптармен қоса жыл сайын 200-ден астам газет-журналдарға жазылу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оқырмандар саны 47 мың болса, ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 22 мың оқырман қаламыздағы кітапханалардың табалдырығын аттап үлгерген.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ


Соттылық туралы анықтама қалай беріледі?

Күні: , 25 рет оқылды


Ағымдағы жылдың 18 сәуірінен бастап азаматтардың соттылығына қатысты берілетін  анықтама жаңа мазмұнда берілетін болды.


Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма қызметкерлері аталған мекемеде өткен кезекті баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Бұған Батыс Қазақстан облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма бастығы Жанат Нұрмағамбетова, басшының орынбасары Асқар Капулов, басқарманың арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Гүлнара Ибрашева және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды жүргізген Жанат Нұрмағамбетова азаматтардың соттылығы жөніндегі анықтаманың жиі сұратылатынын айтты.

— Бұрын азаматтардың соттылығы жөніндегі анықтама қағазды көбінесе мемлекеттік органдарға қызметке кірерде сұрайтын еді. Бүгінде мұндай анықтаманы барлық жұмыс берушілер талап ететін болған. Мысалы, біздің басқарма азаматтарға биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 20 000 осындай анықтама берген. Нақтырақ айтар болсақ, бір айда 7740, бір күнде 387 осындай анықтама дайындайды екенбіз. Бұл құжатты алу үшін азаматтар ХҚКО-да кезекке тұрып, алтын уақыттарын жоғалтады. Бұл ХҚКО-ның да жұмысын көбейтеді. Оның үстіне бұрынғы анықтамалардағы азаматтардың соттылығының көрсетілуі жұмыс берушілерге де, жұмысқа орналасушыларға да теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде талай азамат анықтамада көрсетілген соттылығы жөніндегі мәлімет үшін жұмыстан қағылды. Осы жағдайлардың барлығы азаматтардың соттылығы жөніндегі анықтаманың мазмұнын өзгертуге алып келді, — деген Жанат Нұрмағамбетованың сөзін оның орынбасары Асқар Капулов жалғастырды.

— Қазіргі жаңа мазмұндағы анықтамада азаматтардың сотталғандығы, яғни мерзімін өтеп жүргендігі және соттылығының толық өтелмегендігі жөніндегі ақпарат қана көрсетіледі. Мысалы, бір адам жақында ғана ұрлық жасады делік. Оған қатысты қылмыстық іс көтерілгенімен, ол жәбірленушімен татуласып, келтірген залалын толық өтеген жағдайда,сот істі қысқартып, тұлғаны қылмыстық жауаптан босатса, онда бұл жағдай анықтамада көрсетілмейді. Сондай-ақ қылмыстық істер түрлі себептермен сотқа дейін қысқартылған жағдайда да бұл жағдай анықтамада көрсетілмейді. Ал егер тұлғаны қылмыстық жазаға тарту туралы сот үкімі шықса, соның ішінде жазаны шартты түрде деп есептесе де, анықтамада бұл жағдай көрсетіледі. Айтпақшы, жаңа тәртіп бойынша шетелде сотталған ҚР азаматтарының соттылығы туралы анықтамада көрсетілмейді.

Тағы бір айта кететін жәйт, азаматтардың соттылығы жөніндегі мұндай анықтамалар біздің мекемеден тікелей берілмейді, анықтамаларды беру азаматтарға арналған Үкімет-мемлекеттік корпорациялар арқылы, яғни ХҚКО мен e.gov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Осындай анықтаманы қажет еткен азаматтар мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап, сондай-ақ порталға жүгінсе, анықтама 10 минут ішінде дайын болады. Ал қосымша тексеру жүргізу қажет болғанда және шетелге шыққан жағдайда, анықтама бес жұмыс күні ішінде дайын болады. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кездегі құжаттарды қабылдау күні мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет мерзіміне кірмейді, — деді Асқар Капулов өз сөзінде.

Бұдан кейін сөйлеген Гүлнара Ибрашева «Qamqor» мобильді қосымшасының маңызын түсіндірді. Оның сөзінше, «Qamqor» мобильді қосымшасы әр кәсіпкердің қалтасында жүруі керек. «Qamqor» мобильді қосымшасын тиімді пайдаланған жағдайда, бұл қосымша кәсіпкерлерді жалған тексерушілерден, бопсалаушылардан қорғайды. Ол үшін кәсіпкерлер оны өздерінің қалта телефондарына жүктеп алып, тіркелуі тиіс.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Оралда педофил шықты ма?

Күні: , 25 рет оқылды

IMG_4547


Сәуірдің 10-ы күні республика аумағында тұрғындардан заңсыз сақтаудағы қару, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция басталған еді. Аталмыш шараның алғашқы он күні ішінде батысқазақстандықтармен 50 шақты қару тапсырылды. Оларға мемлекет тарапынан 2,5 млн. теңге шамасында сыйақы төленді.


Бұл туралы таяуда БҚО ІІД-да өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Департаменттің әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Рашид Фазыловтың айтуынша,  бұл мақсатқа республикалық бюджеттен облысымызға 8 млн. теңгеден аса қаржы бөлінген. Комиссия сыйақы мөлшерін белгілеген кезде қару-жарақтың техникалық жағдайына қарап, оларды үш санатқа жіктейді. Нақтылап айтқанда, бірінші санатқа пайдалануда болмаған немесе пайдаланылғанымен, техникалық ақауы жоқ, тауарлық түрін жоймаған қарулар жатады. Мәселен, бұл санаттағы ойық ұңғылы автомат қаруы үшін 226900 теңге төленсе, мылтық пен карабинге 113450, тапанша, револьверге 90760 теңге беріледі. Егер аздаған техникалық, тауарлық ақауларға қарамастан, қару одан әрі пайдалануға жараса, ол екінші санатқа кіреді. Ақаудың салдарынан жарамсыз не пайдалану қауіпті болса, соңғы санатқа енеді. Есесіне мұндай қару-жараққа төленетін қаржы да аздау. Ал граната, мина, снаряд секілді жарылғыш құрылғыларға жеті АЕК (15883 теңге), әрбір 1000 грамм жарылғыш зат үшін алты АЕК (13614 теңге) көлемінде сыйақы тағайындалған. Сондай-ақ қару патрондарына да берілетін сыйақы бар.

Баспасөз мәслихатында сөз алған Орал қалалық ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция майоры Руслан Дүйсенғалиев 19  сәуірде облыс орталығындағы «Кардио плюс» дәріханасын тонау оқиғасы туралы баяндады. Оның айтуынша, кешкі сағат он бірдің шамасында белгісіз біреу дәріхана қызметкерін пышаққа ұқсас затпен қорқытып, кассадағы ақшаны алып кеткен. Хабарлама түскен бойда оқиға орнына дереу жеткен полицейлер көп кешікпей күдікті деп танылған 1986 жылы туған Ержан Саққазовты ұстады. Бұл дерекке орай ҚР ҚК 192-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімін жүргізуге енгізілді.

Таяуда WhatsApp желіcінде Орал қаласындағы №3 орта мектеп ауданында педофил пайда болғандығы жөнінде бейнетүсірілім шыққан еді. Онда жасы 20-25 шамасындағы азия ұлтына жататын жігіт күндіз айналада жүрген балаларға қарап мастурбация жасаған. Сол жердің тұрғындары оны бірнеше мәрте көріпті. Брифинг барысында бұл жайтқа қатысты да түсінік берілді. Орал қалалық ЖПҚ бастығының орынбасары Руслан Дүйсенғалиевтың сөзіне қарағанда, мұндай әрекет жасаушының кім екендігі әлі анықталған жоқ. Дегенмен де аталмыш дерекке байланысты ҚР ҚК 293-бабы бойынша (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды. Осы бапқа сәйкес заңбұзушы 2000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе сол мөлшерде түзету жұмыстарына тартылады, болмаса екі жылға дейін бас бостандығы шектеліп, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика