Мұрағат: 17.04.2017


Ортаға бейімдеу оңалмай тұр

Күні: , 34 рет оқылды

IMG_20170413_160620


Таяуда облыс  әкімінің  орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен  БҚО  әкімдігі  жанындағы  жазаларды  және  өзге де  қылмыстық-құқықтық  ықпал  ету  шараларын  орындайтын мекемелер  мен  органдардың  қызметіне  жәрдемдесу,  сондай-ақ қылмыстық  жазаларын  өтеген  адамдарға  әлеуметтік  және  өзге  де  көмекті  ұйымдастыру  жөніндегі консультациялық-кеңесші орган отырысы өтті.


Кеңес отырысында «Пробация туралы» ҚР заңы, 2016 жылдың 8 желтоқсанындағы ҚР Үкіметінің №387 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын сапалы орындау мақсатында, сондай-ақ аталған кешенді стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі жоспардың орындалу барысы талқыланды.

– Қылмыстық жазаларын өтеп шыққан адамдарға қолдан келгенінше әлеуметтік  және басқа да көмектер беріп, бос жұмыс орындарын ұсынуымыз керек. Ағымдағы жылдың үш ай мерзімінде 2039 адам бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған. Бүгінге дейін 1975 адамды жұмыспен қамтып, қоғамға бейімдеу туралы бағдарлама қабылданып жүзеге асуда. Ішкі істер департаменті берген ақпаратқа сүйенер болсақ, бостандыққа шыққан жандардың басым бөлігі қайта қылмыс жасап түрмеге түсуде. Бұның басты себебі олардың тұрғылықты жері, қолайлы жұмыс орнының болмауы деп білеміз. Күнкөріс үшін пайда табатын жерге орналастырылғанның өзінде жұмыс берушінің өздері  оларды қайта жұмыстан босатып тастау фактілері де аз емес. Оларды ортаға бейімдеу – тек қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің жұмысы ғана емес, қоғамның міндеті. Сондықтан облыс аумағындағы мекеме-кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді уақтылы беріп отырулары керек. Бостандыққа шыққан жандарға белгілі бір мамандық беріп, жұмысқа орналастыру жолдарын қарастыруымыз шарт. Осы жылдың үш айында жазасын өтеп шыққан жандарды жұмысқа орналастыру бағытындағы іс облыс аудандарында мардымсыз атқарылуда. Тек Бөрлі ауданында ғана бұл жұмыс біркелкі орындалған. Қалған аудан басшыларына бостандыққа шыққан жандармен әлі де болса қарқынды жұмыс жасауды тапсырамын. Себебі осы мақсатта атқарылған істер нәтижелі болуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

Аталған мәселелер турасында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Дидар Атантаев баяндама жасады.

Оның мәлімдеуінше, облыс орталығындағы РУ-170/3 бас бостандығынан айыру мекемесі жанынан биылғы жылдың өзінде алты өндіріс орындары ашылып, жыл басынан бері 39 сотталушы жұмыспен қамтылған. Ашылған өндіріс орындары негізінен балабақшаларға арналған төсек орындар, жұмысшыларға арналған киім-кешек тігуге, кәдесыйлар жасауға, жылыту жүйесіне қажетті темір бұйымдар жасауға бейімделген. Сонымен қатар РУ-170/2 мекемесі жанындағы кәсіптік колледжде 40-тан астам сотталушы дәнекерлеуші және ағаш шебері мамандығы бойынша білім алуда. Бостандыққа шыққан адамдарды жұмыспен қамту жағдайы да құзіретті мекеме мамандарының қатаң бақылауында екен. Сонымен қатар кеңес отырысында бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеп жатқан жандарды медициналық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


45 ауылдық округке дербес бюджет

Күні: , 39 рет оқылды

IMG_8306


Сырым ауданында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның төрағалығымен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша төртінші деңгейдегі бюджетті енгізуге әзірлік шаралары туралы мәселені талқылаған мәжіліс өтті. Жиналысқа облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, мемлекеттік сатып алу басқармаларының және ішкі мемлекеттік аудит, мемлекеттік кірістер департаменттерінің мамандары, сонымен бірге Сырым және Қаратөбе аудандарының әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері, ауыл әкімдері мен мамандары қатысты.


Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе төртінші деңгейдегі бюджет туралы. Қарапайым әрі түсінікті қылып айтқанда, бұқараға осы кезге дейін республикалық, облыстық және аудандық бюджеттің бар екені белгілі болып келді. Бұлар – үш деңгейлі қаржыландыру жүйесінің құрылымдары. Енді төртінші деңгей арқылы тұрғын саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтердің де дербес бюджеті болады. Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетіндігі жайлы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамында нақты көрсетілді. Айтылған мәселе айтылған жерде қалмай, жүзеге асқалы жатыр. Бұл туралы Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков кеңірек айтты.

Дербес бюджет ауылдық округтер үшін 2018 жылдан бастап енгізіледі. Сырым ауданы бойынша Жымпиты және Бұлдырты ауылдық округтері төртінші деңгейдегі бюджеттің игілігін көретін округтердің қатарына кіріп отыр. Қаратөбе ауданындағы төртінші деңгейдегі бюджеттің игілігіне іліккен округтердің саны да біздің ауданмен бірдей. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның сөзіне қарағанда, жалпы облыс бойынша 45 ауылдық округ келер жылы дербес бюджетке ие болатын көрінеді.

Жаңа бюджет өзімен бірге жаңа міндеттерді жүктейтіні мәлім. 2018 жылға дейін жергілікті билік төртінші деңгейдегі бюджет енгізілетін ауылдық округтер әкімдері аппараттарының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуінің шараларын бірінші кезекте жолға қоймақ. Осы сияқты округтерді сапалы ғаламтормен қамтамасыз ету, кадрлардың сапалық құрамын қайта қарап, білікті мамандармен толықтыру, соның ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджет процестеріне және коммуналдық меншікті басқару бойынша білімі жетілген мамандарды шоғырландыру мәселелерді шешуді де кейінге қалдырмаған дұрыс. Жиынға қатысушылардың пікір алысы осындай түйінге тірелді. Айтылған мәселелер жөнінде жауапты лауазым иелеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Сырым ауданында осы сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша тағы бір жиын өткізді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Елбасы мақаласын талқылады

Күні: , 39 рет оқылды

DSC_0198


Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылаған жиын М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да өтті. Жиынды шаһар әкімі Нариман Төреғалиев жүргізіп отырды.


Басқосуға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысып, еліміздің экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына байланысты жетістіктерді атап өтті. Ол Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасының маңызына тоқталып, қазақстандықтардың Отан алдындағы борышы туралы ой өрбітті. Өңір басшысы елдің рухани жаңғыруы жеке адамның санасын жаңғыртудан басталатынын айтты. Бұл орайда өскелең ұрпақ тарихты терең зерделеп, өткеннен үлгі ала білуі керек. Ал қазіргі заманда жан-жақты білімді болуға ерекше мән беруі тиіс. Алтай Сейдірұлы 1929 жылғы конституциямыз латын қарпінде жазылғанын және қазіргі уақытта латын қарпіне көшу заман талабы екеніне де тоқталды.

— Еліміздегі әрбір жасты «Қазақстанның рухани жаңғыруына қандай үлес қоса аламын?» деген сұрақ толғантуы керек, — деді келесі кезекте мінберге көтерілген М. Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры Асхат Иманғалиев. Асхат Сәлімұлы латын қарпіне көшу бағытындағы жұмыстарға өзі басқаратын білім ордасы бүгіннен бастап дайын екенін жеткізді.

Ал облыс әкімдігінің «Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығы» МКҚК директорының міндетін атқарушы Болат Жексенғалиев «Өзге ұлт тілін игеру арқылы сол ұлттың құндылықтарына ұмтылудың қажеті жоқ. Оны тек қарым-қатынас, ақпарат құралы ретінде қабылдау керек» — дейді. Ол латын қарпіне көшу мәселесіне байланысты Өзбекстандағы оң нәтижені мысалға келтірді.

— Біздің классикамыз, қазақ әдебиетінің бай мұрасы өзге тілдерге қайтадан аударуды, әлемдік деңгейде насихаттауды қажет етеді. Президентіміздің аталмыш мақаласы осы бағыттағы істерді де қолға алуға септігін тигізеді деп ойлаймыз, — деді кітапханашы Гүлнұр Алғазы.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 1-курс студенті Елена Полфунтикова әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аудару мәселесін аса қуанышпен қабылдағанын жеткізіп, барша қазақстандықты мемлекеттік тілде сөйлеуге шақырды. Активте сөз алған өзге де студенттер «Қазақстандағы 100 жаңа есім», латын қарпіне көшу жобаларын қуанышпен қолдайтындарын айтты. Жиын соңында мінберге көтерілген ардагерлер қауымының өкілдері де аталмыш мақаланың өзектілігіне жан-жақты тоқталды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Депо көпірінің 95 пайызы бөлшектенді

Күні: , 44 рет оқылды

PRI_5227


Қазіргі уақытта «Депо» шағынауданы аумағындағы көпір құрылысына дайындық қызу жүруде. Өткен сенбіде құрылыс учаскесіне барған облыс әкімі Алтай Көлгіновке «КА-Строй ЛТД» ЖШС өкілдері жұмыс барысын баяндады.


– Бүгінге дейін көпірді бөлшектеу жұмысының 95 пайызы аяқталды. Ескі көпірдің теміржол үстіне тартылған төрт төсем бөлігі ғана қалды. Көпір құрылысына қажетті темір бетонды конструкцияның 30 пайызы тасымалданды. «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығы құжат жүзінде келісім бергеннен кейін, келесі апта ішінде көпірді бұзуды аяқтаймыз. Қазіргі уақытта құрылыс аумағында 39 адам еңбек етуде. Серіктестік қарауында 13 техника бар. Жұмыс мерзімі тәулігіне 6 сағатқа ұзартылды, – деді учаске басшысы Бақыт Бектұрғанов.

Облыс басшысы Алтай Көлгінов Оралдан Астана мен Алматы қалаларына қатынайтын «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы іске қосылғанша, көпірді бұзуды ерте аяқтаған жөн екенін айтты. Әйтпесе, жұмыс кестесін реттеу қиындық тудырмақ. «Жоба бойынша автокөлік көпірін күрделі жөндеу мерзімі 24 айға жоспарланған. Бірақ шаһардың ортасында орналасқандықтан, көпір құрылысын ұзақ мерзімге созу қолайсыз. Сондықтан жыл соңына дейін құрылысты аяқтауды жоспарлаған жөн. Көпірдің тірек бағаналары мен негізгі төсемдері ерте салынса, қысқы маусымнан кейін автожолды асфальттауды бастаймыз, – деді облыс басшысы Алтай Көлгінов.

Жобаға сәйкес көпірдің ені төрт бағыттағы автокөлік қозғалысына лайықталып, 8 метрден 19,5 метрге дейін кеңейеді. Екі жағына жүргінші жолы тартылады. Көпір құрылысына қаржы көздерінен 2,3 млрд. теңге бөлінген.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Саяжайларды су басуы ықтимал!..

Күні: , 55 рет оқылды

056068f7-2e4c-43e1-9723-9bf6b2696487


Бұл жайында кеше Орталық коммуникация қызметі өңірлік филиалының ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Жасұлан Жұмашев айтты.


Оның мәліметінше, облыс орталығы тұсындағы Жайық өзені арнасындағы су деңгейі соңғы тәулік ішінде 10 см-ға, яғни 486 см-ға дейін көтерілген. «Бұл көрсеткіш 850 см-ға жетсе, қауіпті деңгей болып саналады. Қазіргі уақытта Жайыққа  Быков пен Рубежка өзендерінен су құйылуда. Алдағы уақытта Ресейдің Орынбор облысы аумағынан Сақмар суы келеді деп күтілуде. Егер Жайық суының көтерілу деңгейі 600-700 см-ға жетсе, Орал қаласы  маңындағы 1, 2-саяжайлар мен Бортау аумағына су жайылуы мүмкін», – деді Жасұлан Жұмашев. Су тасқынына қарсы облыстық штаб барлық жағдайды бақылауға алған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ертеңнен бастап Орал қаласы мен Бөрлі, Зеленов, Теректі аудандары аумағында су тасқынының алдын алу үшін жоғары деңгейдегі  дайындық  режимі  енгізіледі.

Төтенше жағдайдың алдын алуға 1946 жеке құрам, 76 құрылым, 920 техника бірлігі, оның ішінде 431 арнайы техника, 39 жүзу құралы, 125 су сорғысы даярланған. ҚР Ішкі істер министрлігі есебінен 59 техника, үш жүзу құралы, алты су сорғысы пайдалануға беріліп, 462 жеке құрам көмектесуге жіберіледі. Қажеттілік туындаса, көршілес Атырау, Маңғыстау аймақтарынан қосымша күш  жұмылдырылады.

– Қазіргі кезде облысымыздағы Шаған өзенінің төменгі ағысы бақылауға алынған. Егер су ағысы секундына 25 текше метрге жетсе, Шаған су қоймасының қақпасы жабылып, су жиналады. Сақмар өзенінен 3,5 млн. текше метр су келеді деп күтілуде. Ақтөбе облысынан келетін Елек өзенінің суы екі апта шамасында Жайық өзеніне жетеді. Сол кезде Шыңғырлау ауданы аумағындағы Шелек бекеті тұсынан қауіп төнуі мүмкін. Кейін Зеленов ауданындағы Январцев ауылдық округіндегі Жайық суының деңгейі 700 метрге дейін көтеріледі деп болжануда. Төтенше жағдайға дайындықты күшейтуге тура келгенімен, бір жағынан, мол су қорының пайдасы зор. Себебі Жайық өзенінің суы арнасынан он жылдан бері тасымаған.  Яғни өзен маңындағы су қоймалары мен жайылмаларға су молынан құйылады, – деді «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы  Ғалидолла  Азидоллин.

Брифингте «ҚазГидроМет» АҚ облыстық филиалының директоры Дәулет Оралымбетов биыл облыста Шежін-2, Деркөл Быков өзендерінде ғана су тасу деңгейі қалыпты мөлшерден жоғары болғанын атап өтті. Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин су тасқыны болуы мүмкін аумақта 26 саяжай қауымдастығы бар екенін айтты. Саяжайларда 850 отбасы, яғни 2971 тұрғын бар. Жергілікті атқарушы құрылымдары  төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге қауіпті болып саналатын учаскелерге кезекшілік қойылған. Қауіпсіздік шарасына  ішкі істер құрылымының 20 қызметкері мен бес  автокөлік тартылған.

Тұрғындарға су тасқыны болу қаупі жөнінде жазбаша хабарламалар жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, олардың көбі ескертулерді бейқам қабылдауда. Сондықтан саяжайлардағы тұрғындарды алдын ала қауіпсіз аймаққа көшіру және қажетті мүліктер мен жан-жануарларды тасымалдау жоспарлануда. Жалпы, Орал қаласы аумағында 28 қоныс аудару  қосыны  әзір  тұр.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал   өңірі»


Күшейтілген режиммен жұмыс жасау тапсырылды

Күні: , 39 рет оқылды

PRI_5425


Кеше  өңір  басшысы  Алтай Көлгіновтің  төрағалығымен облыс  әкімдігі  жанындағы құқықбұзушылықтың  алдын  алу  бойынша  ведомствоаралық  комиссияның  кезекті отырысы  өтті.


Комиссия отырысында көшелер мен қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар және өзгенің мүлкін ұрлау фактілерін болдырмаудағы алда тұрған міндеттер жайы сөз болды.

Жиынның күн тәртібіндегі мәселесі бойынша БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин баяндама жасады.

– Өткен жылы қоғамдық орындарда жасалған 4045 қылмыс тіркеуге алынса, олардың 2269-ы көшелерде орын алған. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда қоғамдық орындардағы қылмыс 8,9 пайызға, көшелерде орын алған қылмыстар саны 10,7 пайызға кемігенін көрсетеді. Ал өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ағымдағы жылдың үш айында құқықбұзушылықтың жалпы саны 17,8 пайызға төмендеді. Соның ішінде адам тонау фактісі 31 пайызға азайып, ауырлығы орташа қылмыстың ашылуы 81,3 пайыз, ауыр қылмыстың ашылуы 96,9 пайызды құрап отыр. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде біздің өңір қылмыстың ашылуы жағынан республика бойынша екінші орында тұр. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың ашылуы жағынан да өңіріміз алдыңғы шепте. Бұл тек полиция қызметкерлерінің ғана еңбегі емес, жергілікті басқарушы органдармен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп жасаған еңбегінің жемісі деп білемін, – деді Манарбек Серікқалиұлы.

Полиция қызметі бастығының мәліметтеріне сүйенсек, қоғамдық тәртіпті қадағалауға күніне 822 тәртіп сақшылары жұмылдырылады. Сонымен қатар күнделікті кезекшілікке 253 автокөлік шығарылса, соның 83-і жол сақшылары болып табылады. Оның сыртында қылмыс көптеп орын алатын облыс орталығындағы орындарда тоғыз стационарлы полиция бекеті, бес жылжымалы бекет тәулік бойына қоғамдық тәртіпті күзетеді. Ағымдағы жылдың үш ай мерзімінде облыс бойынша 976 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 545 ұрлық, 101 бұзақылық, 60 тонау фактілері, 270 басқа да құқықбұзушылық есепке алынған. Сондай-ақ Бөкей ордасы, Шыңғырлау, Сырым аудандарында қылмыс жасау фактілері көп тіркелген. Аталған қылмыстың дені сауда орындары мен дүкендерде, орталық базарда, түнгі клубтар мен ресторандарда, сонымен қатар қоғамдық көліктерде орын алуда. Сондай-ақ ағымдағы жылы қоғамдық орындардағы тәртіпті күшейту мақсатында облыстық бюджеттен қаралған қаржыға 10 патрульдік автокөлік, аулаларға арналған 100 бейнебақылау камерасы алынатын болады. Күні бүгін облыс аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 425 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың көмегімен 27 қылмыстық іс ашылды. Биылғы жылы мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі аясында «Ақылды қала» жобасымен облыс орталығында  160 бейнебақылау камералары, 40 дана жылдамдықты өлшеуіш құрылғылары алынатын болады. «Ақылды қиылыс» жобасы аясында бес көше қиылысы заманауи бақылау камерасымен қамтылады.

– Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау мақсатындағы соңғы жылдары қолға алынған игі бастамалар өз нәтижесін беруде.

Қылмыс деңгейінің едәуір төмендегенін де көріп отырмыз. Дегенмен олқы тұстары да байқалуда. Мысалға, қалта ұрлығы, соның ішінде ұялы телефонды қолды ету оқиғалары басылмай тұр. Деректерге сүйенсек, осы кезге дейін 1800 ұялы телефон ұрлау фактісі тіркелген. Бұл дегеніміз – 1800 тұрғынға материалдық шығын келтіріліп, құқығы бұзылды деген сөз. Сондықтан әр аялдамаға, қоғамдық көлікке бейнебақылау камераларын орнату жағын қарастыруымыз керек. Пәтер тонау қылмысының алдын алу үшін де көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісіне бейнебақылау камераларын орнату жолдарын қарастыруымыз қажет. Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Соны тиімді пайдаланып, нәтижелі жұмыс көрсетуіміз керек, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Комиссия отырысында сөз алған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов республикамыздың басқа аймақтарында қылмыстың алдын алу мақсатындағы атқарылып жатқан тың істерге тоқталып, сол тәжірибелерді біздің өңірде де  қолдануды  ұсынды.

*   *   *

Сонымен қатар жиында көктемгі су тасқынының алдын алу жайы да талқыланды. Жиын барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин  аталған тақырыпта сөз қозғап, нақты деректерге тоқталып өтті.

– Бүгінгі таңда Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі қалыпты жағдайда. Бүгінде судың келуі тәулігіне 14 сантиметрді құраса, ең көп көтерілу шегі 80 сантиметрге жеткен болатын. Сонымен қатар облыс аумағындағы Деркөл, Шаған, Утва өзендеріне келетін судың ағымы бәсеңдей түсті.

Қазіргі таңда Шаған су қоймасын жабу жағы қарастырылуда. Алдағы 4-5 күн шамасында Ақтөбе облысының Елек өзенінен су келеді деп күтілуде. Сонымен қатар Жайық өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан Орынбор облысы арқылы өтетін Сақмар өзенінен де мол мөлшерде су келетін болады. Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, Сақмар өзенінен 3,5-5,5 миллион текше метр тасқын су келеді деп күтілуде. Бұл тасқын су біздің өңірге 20-25 тәулікте жетеді деп жоспарлануда. Оған дейін Елек өзенінен келетін ағыс саябырсиды деп болжап отырмыз. Дегенмен екі өзеннен құятын су бір мезетке тап болса, Жайық өзенінің су деңгейі тез көтерілуі мүмкін. Бұл өзеннің Орал қаласындағы деңгейі 700 сантиметр шамасында болады деп болжануда. Егер судың көлемі біздің болжамымызға сәйкес келетін болса, Жайық өзені бойында орналасқан саяжайларға суға кету қаупі төнеді. Сонымен қатар келетін судың көлемін ескерсек, Шаған өзені де арнасынан тасуы ғажап емес, – деді Ғалидолла Азидуллаұлы.

– Су инспекциясы мамандарының бүгінгі келтірілген деректеріне немқұрайлы қарауға болмайды. Бір жағынан, Жайық пен Шаған өзеніне су көзі мол келіп, өзен суы мен арналары тазартылып, көлдіктерге су шыққаны – қуанарлық жайт. Дейтұрғанмен біздің басты міндетіміз тұрғындар мен олардың мүліктерін шығынсыз, аман-сау алып қалуымыз керек. Негізі көктемгі су тасқыны кезінде Жайық өзені бойында орналасқан саяжайларда адамдар тұрмауы керек. Амалсыздан саяжайларда тұрақтаған тұрғындарға су тасқыны туралы уақтылы және қатаң ескертуіміз қажет. Тұрғындарды да қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Егер қауіпті жағдай туындай қалса, тұрақтап қалған халықты мәжбүрлі түрде көшіруіміз қажет. Сондықтан барлық жауапты органдарға күшейтілген режимде жұмыс жасауды тапсырамын, – деді жиынды қорытындылаған Алтай Көлгінов.

 Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Ана бүйрегі періштесінің ғұмырын ұзартты

Күні: , 1 008 рет оқылды

а-436 5


«Бала – бауыр етің» деген екен қазекем. Өзектерін жарып шыққан құлыншағының шыбын жаны шырқыраған кездегі ата-ана қиналысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.


Мұратсайлық балғын Бақытнұрға аудан орталығында сүзек диагнозы қойылған. Дегенмен ақ халаттылар оның қан құрамынан кератин байқалғанын айтқан. Халі нашарлай бастағасын ол дереу санавиация арқылы облыстық көп бейінді балалар ауруханасына жеткізіледі. Бұл жерде  Бақытнұрдың бүйрек мүшесі толық жетілмегені анықталып, квота арқылы Астанадағы «Ана мен бала» ғылыми орталығына жіберіледі. Онда  балақайдың екі бөтекесі де семіп бара жатқаны дәлелденіп, дәрігерлер оның өміріне қауіп төніп тұрғанын жасырмайды.

Ал бұл ата-ана үшін сөзбен айтып жеткізе алмас ауыр жағдай еді. Кеше ғана жарық дүние есігін ашқан періште сәбидің денсаулығында мұндай кінәрат болады деп кім ойлаған?! Өлім мен өмір арпалысы… Ойлануға мұрша бергізбейтін әр минуттың сыртылы Бақытнұр үшін өте маңызды тұғын. Донор іздеу қажеттілігі туғанда, ата-аналарының денсаулықтары тексеріліп, бөтеке мөлшері кішкентай болғандықтан, тек анасы Сымбаттың сол жақ бүйрегі  ұлының оң жағына үйлесімділігі айтылады.

Осылайша, өте күрделі ота да сәтті аяқталып, қазір екеуі де аман-есен ауылға оралды. Балапаны үшін басын бәйгеге тіккен Сымбаттың ісін ерлік емес деп көр! Ол – өз алдына бөлек әңгіме. Қазіргі күні оларға аудандық аурухананың дәрігерлері де қолдан келген көмектерін ұсынып, ақыл-кеңестерін айтуда.

Иә, бәрі де Жаратқанның әмірі. Медицинаның қарыштап дамып келе жатқанын шалғайдағы ауыл адамдары да сезіне бастады. Тек Алла Тағала енді Бақытнұрдың өмірін ұзақ қылғай!

Елімізде ағза алмастыру оталары 30 жылдан астам бойы жасалып келеді. Жүрек, бауыр трансплантациясын жасау медицинада үлкен жетістік саналады.

Ал біздің ауданда ол – алғаш рет кездесіп тұрған жәйт. Несін жасырамыз, ай сайын Астана қаласына тексеріске баратын олардың алатын дәрі-дәрмектерінің құны да аспандап тұр.

Осындайда мейірімді де қайырымды жандар қолұшын созса ғой дейсің, шіркін… Ондай көмекке перзенттері үшін шырылдаған Сымбат пен Руфаттың өте мұқтаж екенін айтпасқа амалымыз жоқ.

Гүлнар ҚАДЫРОВА,

Бөкей ордасы ауданы


Аудан-ауылдарда «Көшпелі қабылдау» өтеді

Күні: , 26 рет оқылды

PRI_4853


Сәуірдің 15-і күні  облыстық қазақ драма театрының фойесінде өткен «Ашық әкімдік» қабылдауына 120-дан астам тұрғын келді. Олардың сауалына облыстық басқармалар мен коммуналдық ұйымдар және құқық қорғау органдарының мамандары жауап берді. Тұрғындардың көбі облыстық жер қатынастары басқармасы, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының өкілдеріне жолықты. «Ашық есік» күніне келген 12 адамды облыс әкімі Алтай Көлгінов  қабылдады.


– «Ашық әкімдік» жобасын үшінші мәрте өткізудеміз. Менің қабылдауымда болғандар тұрғын үй мәселесін жиі көтерді. Оларға «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында баспана алу жолдарын түсіндірдім. Ал жер телімін алуға кезекке тұрғандардың тізімін қайта қарастырып, саралаймыз. Себебі олардың арасында жер телімін алғандар, жеке баспанасын салып алғандар немесе қаладан қоныс аударғандар бар. Яғни нақты мұқтаж адамдарға беруді жоспарлаудамыз. Орал қаласы аумағындағы 200 гектар жерді шаруа қожалықтары иелігінен мемлекет меншігіне қайтарып алдық. Алдағы уақытта осы бос жер телімдеріне инфрақұрылым желілерін тартамыз. Оған бюджеттен қаражат бөлінді. Аудандарда үй салуға 3250 жер телімі беріледі. Орал қаласында 200-ден астам ескі үй болса, оның 43-і апатты деп танылған. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жаңа баспаналар салынып, апатты үйде тұрып жатқандарға қолжетімді бағамен ұсынылады, – деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген облыс әкімі Алтай Көлгінов.

«Ашық есік» күні 31 мемлекеттік мекеме мен 13 коммуналдық ұйым өкілдері қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Мамандар қабылдау кезінде 151 сауалға жауап берді. Тұрғындар арасында жаңа жобаларын қаржыландыруды сұрағандар да болды.

«Көпшілік «Ашық әкімдік» шарасының пайдасы зор екенін айтуда. Соған байланысты аудан-ауылдарда «Көшпелі қабылдау» ұйымдастыру жоспарлануда. Оған облыстық басқармалардың басшылары қатысады», – деді шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан  Нарымбетов.

Мұрат  ҒҰБАЙДУЛЛИН,

 Тасқала   ауданының   тұрғыны:

– Тасқала ауданы Мереке ауылдық округінен 500 гектар жер алғанмын. Шаруа қожалығын аштым. Асыл тұқымды жылқы өсіргім келеді. Былтырдан бері құжатымды ресімдей алмай жүр едім. Бүгін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының мамандарына жолықтым. Олар бизнес-жоспарымды тексеріп, құжаттарымды реттеуге көмектесетінін айтты. Мемлекет екінші деңгейлі банк арқылы 7 пайыз жеңілдікпен ұсынатын 20 млн. теңге көлемінде несие қаражаты қолыма тисе, бір үйір жылқы сатып аламын. Облыс әкімдігі осындай халыққа пайдалы «Ашық есік» күндерін  жиі  ұйымдастырғаны  жөн.

Жамал  ИМАМБЕКОВА,

Орал  қаласының  тұрғыны:

 – Орал қаласындағы А.  Пушкин атындағы көшеде орналасқан 11 пәтерлі екі қабат-ты үйде тұрамын. Үйдің ғимараты 1880 жылы салынған. Шатыры түгелімен ескірді. Қоғамдық қабылдауда облыс әкімі Алтай Көлгіновке осы мәселені жеткіздім. Облыс басшысы бүгін біздің мекенжайға жұмыс тобы келіп, тұрғындармен кездесетінін айтты. Арнайы сараптама жүргізіліп, апатты деп танылған соң, тұрғындар келісім берсе,   үйді   бұзу,   жаңа   баспана  беру  мәселесі  қаралмақ.

Андрей  ТОКАРЕВ,

 «ІТ Group  Казахстан»  ЖШС-ның  коммерциялық  директоры:

 – Орал қаласындағы мектептердің интернет-ресурстарын дамытуға ұсыныс жасадым. Мектептердің әкімшілігі бұл бағытта жұмыстануға мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Оған арнайы маман керек. Әр мектепке ақпараттық сайт ашып береміз.  Ол үшін компания шотына ай сайын 5 мың теңге аударса, жеткілікті. Қоғамдық қабылдауда  салалық  мекеме  басшыларына  осы  жобамды  қаржыландыруды  сұрадым.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Мерекемен құттықтады

Күні: , 24 рет оқылды

Изображение 005


Православ  христиандарының  басты  мерекесі  –  Пасха мейрамы  Орал  қаласында  да  аталып  өтті.


Михаил Архангел соборында өткен шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысып, жиылған жұртшылықты аталмыш мерекемен құттықтады.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, елімізде қалыптасқан достық қарым-қатынас, өзара түсіністік, сыйластық біздің мақтанышымызға айналды. Пасха мерекесі көпшілікті ізгі істерге, мейірімділікке, қоршаған ортаға деген қамқорлыққа шақырып, жүректерге үміт пен сенім, шынайылық ұялатады. Сіздердің әрқайсысыңызға денсаулық, амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Осынау мереке бірлігімізді нығайтып, жарқын болашаққа деген сенімімізді арттырсын! – деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Саид Забитов Пасха мерекесі жүректерді махаббат пен қуанышқа бөлейтінін, қайырымдылық, жақындарға деген жанашырлық секілді адамгершілік қасиеттерді еске салатынын атап өтті.

Ал архиепископ Антоний аталмыш мерекенің діни тұрғыдағы мән-маңызына тоқталды. Түн ортасында Пасха мерекесіне тән діни  рәсімдер  жасалды.

Өз  тілшіміз


Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей

Күні: , 25 рет оқылды

DSCN0231


Батыс Қазақстан облысы аумағында 2153 ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның 14-інің республикалық маңызы бар. Барлық ескерткішке «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы» ҚР заңының 5-бабына сәйкес, тарихи, ғылыми және көркемдік құндылығы бар мұра ретінде құқықтық мәртебе берілген.


Елімізде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына байланысты 2020 жылға дейін туристік саланы дамыту бойынша тұжырымдама жасақталған. Өңірдің осы мақсатқа арналған әлеуеті тарихи-мәдени мұраға бай. Мәселен, облыс орталығын алайық. Көне Оралдың тарихи қала ретінде қайталанбас бейнесі бар. Мұнда қала құрылысының ежелгі кешені сақталған. Соның екеуіне ғана тоқталып, қысқаша шежіресімен таныстыра кетейік. Яғни әңгімеміз орталық базар жанындағы мұсылман мешіті және көпке танымал Карев үйі хақында.

Мешіт ғимараты 1897 жылы Мұртаза Абдуллин сынды байдың қаржысына салынған. Сірә, ол сол кезде Орал қаласында тығыз қоныстанған түбі бір түркі бауырымыз – татар ұлтының өкілі болса керек. 1929 жылға дейін ғибадат орны болған мешітті соңынан Кеңес өкіметі өзіне тартып алды. Онда байланыс бөлімі мен әскери трибунал жұмыс істепті. Тек 1944 жылдың аяғында ғимарат мүміндерге қайтарылды. Ғимарат Шығыс сәулетінің негізінде тастан салынған. Оның қабырғасы әсем карниз және таспен безендірілген. Қазір ғимарат айрықша сәулеті үшін мемлекет қорғауында. Мешіттің шежіресіне келсек, өткен ғасырдың ортасында Тәжеддин Батыров сынды парасатты жан осында 19 жыл бойы имам болды. 1944 жылы Сталин мүміндерге қайтарған мешітті алпысыншы жылдары жергілікті билік жапқысы келгенде, сол Тәжеддин үкіметке арыз жазып, аман алып қалған.

Ал Карев үйіне келсек, 1917 жылғы төңкеріске дейін ғимараттың бірінші қабатында дүкен болса, екіншісінде сардар жиналысына арналған клуб орналасып, үшіншісі қонақүйге берілген. Кеңес өкіметінің тұсында мұнда баспахана, кәсіподақ кітапханасы, қонақүй жұмыс істеп, қызмет көрсетті.

Өткен ғасырдың 20-жылдары осындағы балконнан қазақтың аяулы ұлы Сәкен Сейфуллин, 1929 жылы орыс жазушылары А. Толстой, В. Правдухиндер сөз сөйлеген екен. Осы ғимараттың біздің басылым шежіресіне де қатысы бар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасынан бастап, 1984 жылдың қыркүйегіне дейін осында облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакциялары орналасты. Қазір мұнда Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония жұмыс істейді. Облыстық кітапхана демекші, аталмыш мекеме директорының орынбасары Сара Кенжебаеваның айтуынша, биыл ғылым-білім ұясының осында орналасқанына 65 жыл өтіпті. — Ең әуелі бізге екінші қабат берілген екен. Арада жылдар өткесін, бірінші және үшінші қабат еншімізге тиді. Қазір тарлау болса да, осында еңбек етудеміз, — дейді Сара Көшәліқызы.

Серік ИХСАНҒАЛИ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика