Мұрағат: 14.04.2017


ҚазИИТУ-дың кереметтері

Күні: , 32 рет оқылды

экспо-2017

БиогазБиогаз өндірудің тиімді әдісі

Бұл биогаз алу технологиясы өте қарапайым. Малдың қи-тезегін арнайы орында жинап, ашытудың нәтижесінде биогаз пайда болады. Осындай қарапайым үрдіс (процесс) нәтижесінде 500 ккал/м3 жылу беруге қабілетті газ алуға болады. Биогазды үй радиаторларын жылытуға, машиналар мен тракторлардың жанар-жағармай отыны ретінде, стационарлық іштей жану қозғалтқыштары (двигательдері) үшін, генераторлардың роторларын қозғалтатын қуат көзі ретінде пайдалануға болады. Құрамы жағынан биогаздың табиғи газдан айырмашылығы аз. Биогаз айналымының қалдығы жанғыш өнім ретінде пайдаланылады.

IMG_0133«Экосмартферма»

Жаңаша бағытпен жасақталған ауыл шаруашылығы фермасы жобасының ерекшелігі – қажет қуат (энергия) көзін күн сәулесі мен желден алуында. Сонымен қатар малдың қи-көңінен табиғи газ өндіру, одан қалған қалдықты құнарлы тыңайтқыш ретінде ферма ішіндегі жылыжайға пайдалану қарастырылған.

Ұсынылған жобаның тағы бір ерекшелігі – «Смарт» (ақылды) цифрлық шешімдерге негізделген инновациялық технологияларды енгізуді көздейтін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына инвестицияларды тартуға және өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттыруда ғана емес, болашақ энергиясын пайдалана отырып, «жасыл экономиканы» дамытуға да ықпалын тигізеді.

Автономдық электр сатансасыДербес электр станса

Бұл станса электр қуатын балама көздерден, яғни күн сәулесі мен желдің екпінінен алады.

Электр қуатын өндіруге арналған құрал-жабдықтар мен қондырғылар белгілі бір себептердің әсерінен істен шығып қалған жағдайда нысандарды электр тоғымен қамту үшін пайдаланылады. Сонымен қатар электр энергиясымен қамтылмаған аймақты тоқ көзімен қамтамасыз етуге есептелген станса күндіз күн көзі мен желден бойына қуат жинақтайды. Түнгі мезгілде бірнеше нүктеге үзіліссіз қуат бере алады.

Дербес (автономдық) электр станса құрылыс, ауыл шаруашылығы және коммуналдық шаруашылықта, өнер-кәсіпте пайдаланылады.

Экосфералық киіз үйЭкосфералық киіз үй

Қазақтың киіз үйі пішінінде жасалған жобаның құрылысы қарапайым. Инновациялық бағытпен жасалған киіз үй құрылысы көп материалды да қажет етпейді. Кәдімгі ағаш немесе темір қаңқадан тұрғызылған киіз үй сыртына күн сәулесінен қуат алатын қондырғы орнатылған. Сонымен қатар табиғи конвекцияға есептелген жылыту жүйесі де өте тиімді. Яғни үйдің ортасында орналасқан пеш кез келген отынның күшімен тез жылиды және біркелкі тарайды. Аталған киіз үйді далалық жағдайда бір-екі адам тез құрастырып ала алады.

Трансформаторсыз қоректендіру блогыТрансформаторсыз қоректену блогы

Қазіргі кезде барлық қоректену блоктары 220 вольттан 12 вольтқа төмендейтін түрлендіру кезінде ішкі трансформаторлар қолданылады. Бұл қоректену блогы трансформаторсыз жұмыс істейді.

Бұл құрылғының құрамына резисторлар, кондинсаторлар, диоттар мен светодиодтар енгізілген. Кондинсатор мен резистор 110 вольт электр қуатын беріп, диотты көпірге келіп өзін тұрақты тоққа айналдырып, 12 вольт арқылы электр қуатын үздіксіз беруге есептелген. Сонымен қатар беріліп тұрған тоқтың қуатын анықтап беріп тұрады.

IMG_0141Биомодульды тәуелсіз түзету мекемесі

Аталмыш түзету мекемесінің жобасы ешқандай электр жүйесі және көгілдір отын желісіне қосылмайды. Жобадағы ғимараттар күннен және желден қуат алу арқылы өз-өзін толық қамтиды. Еліміз бойынша мұндай түзету мекемелері әзірге жоқ. Қазақстанда түзету мекемелерінің шығындары үшін жылына 60 миллиард теңге, ал әр сотталушыға күніне 2000 теңгеден астам шығын жұмсалады екен. Бұл мектеп оқушыларына жұмсалатын шығыннан төрт есе, балабақша бүлдіршіндерінің шығынынан 3,5 есе көп.

Бұл жоба түрмелердің электр жарығы мен көгілдір отынына, жылу қуаттарына жұмсалатын қаражатты үнемдеуге таптырмас мүмкіндік береді. Жобада сонымен қатар сотталушыларды жұмыспен қамту мақсатында арнайы жұмыс цехтары мен жылыжай қарастырылған.

Дайындаған Нұрбек ОРАЗАЕВ


«Білім мен ұлттық рух ұштаса келе жаңғыртуды жеделдетеді»

Күні: , 48 рет оқылды

PRI_4637


Кеше  облыс  әкімдігінің  «Астана»  залында  Елбасының  «Егемен  Қазақстан»  газетінде  жарияланған «Болашаққа бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты  бағдарламалық мақаласын  талқылауға  арналған  облыс  активінің  жиыны өтті.


Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына жан-жақты тоқталып, оның өзектілігі және тарихи мән-маңызын атап өтті. «ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар  болды. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы – заңдылық.  Бұл құжат – өткенмен сабақтаса жаңашылдыққа бастайтын жол.  Елбасы жаңа ғасырдағы ұлттық санамызды жаңғыртудағы бірнеше бағыттарды айқындап берді. Онда бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, еліміздің революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы сөз етілді. Сонымен қатар сананың жаңаруы жолында таяу жылдардағы негізгі міндеттерге тоқталды», — деп атап көрсетті Алтай Көлгінов. Сонымен қатар өңір басшысы Елбасы мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және «Туған жер» бағдарламасын қолға алу, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын іске асыру секілді нақты тапсырмалар берілгеніне тоқталды.

– Елбасы модернизация ұлттық санадан, яғни өзімізден басталу керектігін айқындады. Рухани жаңғыру, заманауи сананы қалыптастыру және озық білімді игеру арқылы ғана инновациялық, технологиялық, экономикалық модернизацияға қол жеткіземіз. Жарқын болашағымыз, ұлт ертеңі – интеллектуалды әлеуетпен тікелей байланысты. Ал оның діңгегі – білім. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек.

Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап өтті Елбасы.  «Ұлтқа қызмет ету тек білімнен емес, мінезден» деп тура бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, Мемлекет басшысы ұлттық рух мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл – ұлттық сана-сезім мен болмысты жаңғырту, көкжиегін кеңейту. Білім мен ұлттық рух ұштаса келе модернизацияны жеделдетеді, — деді облыс әкімі.

Актив жиынында сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар Елбасы мақаласын Отанымыздың рухани жаңғыруының стратегиялық құжаты деп бағалап, барлық қазақстандықтардың Елбасының көрегендігіне тағы да тәнті болғанын айтты. «Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алып, оны кеңейтіп, «Туған ел» бағдарламасына ұластыруды ұсынып отыр. Бәріміз де ауылда өстік. Орта мектепте білім алдық. Әлі күнге дейін баршамыздың туған жерге деген ыстық ықыласымыз басылған емес.

Сол себепті де мақалада: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салтдәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген Елбасының сөздері әр қазақстандықтың жүрегіне жететініне сенемін», – деген Мәлік Иманқұлұлы ауылдық округтер мен аудан орталықтарындағы мектептер жанындағы музейлер өлкетану жұмыстарының орталығы болуы керектігіне тоқталды. Сондықтан жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін мектеп музейлеріне қажетті жер, сәулетті орындар бөліп, оларды жөндеуден өткізу, жүйелі түрде тарихи жәдігерлермен толықтыру жөніндегі ойларымен бөлісті. Сонымен қатар өңірдегі мектептердің әр жылдардағы түлектері туған ауылына, оқыған мектебіне қамқорлық жасау бағытындағы жұмыстарын жергілікті қоғамдық кеңеспен, тұрғындармен ақылдасып, үйлестіруді, бұл жайында БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы насихаттау  керектігін айтты. «Бұл бағыттағы жұмыстарға атқарушы органдармен, жергілікті депутаттармен бірлесіп жұмыстанатын боламыз», – деп қорытты сөзін Мәлік  Құлшар.

– Тіл маманы ретінде Елбасы мақаласында айтылған мемлекеттік тілді латын әліпбиіне біртіндеп көшіруді қолдаймын. Егеменді елдің ертеңін ойласақ, бірауыздылық танытып, латын әліпбиіне көшкен елдердің қателіктерін қайталамай, жұмысқа жұмыла кірісуіміз керек, уақыт жетті. Шөжені көжеден айырмай жүрміз. Билікте отырып, «былдырлайтындар» көбейді, халықтың ортасынан қаһарман шығып, қайда барса да, қақылдайтындар көбейді. Біз осыдан арылуымыз керек, – деді жиында еңбек ардагері Шолпан Қыдырниязова. Ол мақалада айтылған «Туған жерге туыңды тік» жобасын «кіндігімізден байланған, қимасымызға айналған, адамзаттың бесігі, адалдықтың есігі, төзімнің төбесі, көңілдің көбесі, өнегенің өресі ауылды ұрпаққа ұлықтап», еліміздегі барлық ұлт-ұлыстың патриоттық сезімін оятатын ауылдарды дамытуды, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруді көздейтін жоба екендігін айтты. Айтып қана қойған жоқ, ақын апа «Жайықтың жауһарлары – балбал  тастар, ескерткіштер» деген облыстық, аудандық жобалар  жасауды  ұсынды.

М. Өтемісов атындағы БҚМУдың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев мақалаға қатысты өз ойын былай бөлісті:

– Бұл мақаладағы Президенттің айтқысы келген негізгі ойы не? Осы ретте Президент ұлт зиялыларына қандай міндеттер жүктеп отыр? Біз Президент ұсынған рухани жобаның тұңғиығына бойлай алдық па? Елбасы мақаласының негізгі алтын арқауы «ұлттық санаға» арналған. Президент былай дейді: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық теңестіру мүмкін емес».

Ал «Грамада» белорус этномәдени орталығының мүшесі Анастасия Сафина «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы екендігіне тоқталды.

– 2016 жылы Оралда республикалық «Ұлы дала құндылықтары» атты жоба басталды. Экспедиция мүшелері әрбір ауданнан тарихи және ел дамуына үлес қосқан тұлғаларға қатысты материалдар жинақтады. Сонда ел тәуелсіздігінің 25 жылы бойына еліміздің дамуына үлес қосып, жыл санап жаңа жетістіктерге жеткен аға буын өкілдері жайында қызықты материалдар жинал-ды. Мемлекеттің қалыптасу жылдарында абдырап қалмаған аға буынның еңбекқорлығының арқасында Қазақстан әлемге таныла түсті. Мұндай адамдардың есімін күллі еліміз білуі керек. Жас толқын соларға қарап бой түзеуіміз керек. Өзімізден кейінгілерге туған жерді қалай сүю керектігін, үлкендерді қалай құрметтеу керектігін көрсетуіміз керек, – деп ой түйіндеді Анастасия Сафина.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Кәсіпкерлікті көк тиынсыз да бастауға болады

Күні: , 36 рет оқылды

тиынсын касипкерлдик


Қымбатшылықтың  қыспағынан  өзінің  төл  кәсібі  ғана құтқаратынына  көзі  жеткендер  мемлекет  қолдауын  пайдаланып,  өздерінің  жеке  жұмыстарын  баяғыда-ақ  бастап кеткен.


Ал кәсіпкерлікпен айналысуға жүрексінгендер күнделікті тапқан азын-шоғын нәпақасын қанағат тұтып, әлі күнге әрі-сәрі күй кешіп жүрген сыңайлы. Олардың бірқатары мүмкіндігі бола тұра, өздеріне өздері сенбей, жеке жұмысқа кірісіп кете алмай жүрсе, мал-мүлкі мен жиған-тергені жоқтар жеке кәсіппен айналысу жөнінде мүлдем ойламайды да. Өйткені олар жеке кәсіппен тек жағдайы барлар ғана, яғни қалталы азаматтар ғана айналысады деп ойлайды екен. Сөйтсек, кәсіпкерлікті қаражатсыз да бастауға болатын көрінеді. Бұған біздің жақында облыстық кәсіпкерлік палатасында өткен семинар барысында көзіміз жетті. «Бизнескеңесші» жобасы бойынша өткізілген семинарға жеке кәсіппен айналысқысы келетін көптеген жастар қатысты. Бизнес-тренингті тәжірибелі оқытушылар Нұрлан Әбдірахманов пен Зүлфия Халелова жүргізді.

– Қарапайым халықты кәсіпкерлікке үйрету мақсатында біз мұндай семинарларды 2011 жылдан бері өткізіп келеміз. Бұл жолы біз семинарды облыстық кәсіпкерлер палатасының тапсырысымен ұйымдастырып отырмыз. Семинарларда біз жеке кәсібін ашқысы келген адамдарға бизнесті қалай және неден бастау жөнінде кеңес береміз. Сондай-ақ оларға бизнес-жоспар жасауға көмектесіп, жеке кәсіпті дамытудың құпиялары мен табысқа жетудің қыр-сырын, салық төлеу тәртібін және есеп-қисап жүргізу амалдарын үйретеміз. Сәуір айынан бастап «Бастау-бизнес» жобасы бойынша Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Теректі және Зеленов аудандарына барып, осы аудандардың әрқайсысында бір-бір айдан болып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында семинар өткізбекпіз. Оқып болған соң семинарға қатысушыларға арнайы сертификат беріледі. Осындай сертификаты бар адамдар мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, тың жобаларға берілетін қайтарымсыз қаражатқа ие болады. Осы жолы мемлекеттік грантты ұтып алуға үміткер 300 адам біздің семинарларымызға қатысуға тілек білдіруде. Бұл жұмыс облыстық кәсіпкерлік палатасымен және жұмыспен қамту басқармалымен, олардың аудандардағы бөлімшелерімен бірігіп атқарылады. Аудан орталықтарына алыс ауылдардан келгендерге стипендия төленеді деп жатыр.

Бұдан басқа жобалық оқыту деген де бар. Яғни сіздің жаңа жобаңыз болса, оның жүзеге асырылуына көмектесеміз, – деген Нұрлан Әбдірахманов қазіргі уақытта банктерден несие алып, кәсібін бастағысы келген адамдардың осындай семинарларға қатысқаны жөн екенін жеткізді. Оның сөзінше, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бизнесте бақтарын сынағысы келгендерден банк қызметкерлері міндетті түрде «Бизнес-мектебінен» өткендігі жөнінде сертификат талап етеді.

Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, жеке кәсіппен айналысу үшін тек қана қаражат емес, сонымен қатар адамның өзінің ниеті, ынта-ықыласы және белгілі бір мақсаты болуы керек.

– Жеке кәсіппен айналысатын адам, біріншіден, еңбекқор және өзіне сенімді болуы керек. Екіншіден, қиялы ұшқыр, дүниетанымы кең, жан-жағында болып жатқан өзгерістерді қалт жібермейтін және соған сәйкес тез әрекет жасайтын, жедел қимылдайтын адам болуы тиіс. Үшіншіден, оның ұйымдастыру қабілеті мол болуы керек және ол ақшаны тек қажетті жерге жұмсайтын үнемді адам болуы тиіс. Төртіншіден, кәсіпкер өз әріптестерімен және қарамағындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білгені абзал. Міне, сонда ғана кәсіпкердің жолы болып, жасаған жұмысы жемісін береді.

Көп адам жеке қаражаты болмаған соң кәсібін бастау үшін банктерді жағалайды. Олардың кейбіреуі банктің талабынан өте алмайды. Сөйтіп, жеке кәсібін бастау туралы ойынан айнып, әр жерден тапқан нәпақасын қанағат қылып жүре береді. Шындығында, ақшаға қарап қалған ештеңе жоқ. Кәсіпкерлікті көк тиынсыз да бастауға болады. Ол үшін әр адам өзінің ақыл-ойын, білімі мен біліктілігін, қол күшін, бойындағы күш-қайратын түгел пайдалануы керек. Мысалы, қазіргі кезде мұғалімдер репетиторлықпен айналысып, білімін пайдаланып ақша табады, дәрігерлер ақылы кабинеттер ашуда, есепшілер де ақылы қызмет көрсетуге көшті, әншілер мен актерлар тойдан табыс табуда. Біліміңіз жоқ болса, біреудің үйін салуға немесе бақшасын өсіруге көмектес. Тіпті біреудің балаларын бағып та қаражат тауып жүргендер бар.

Мен жеке жұмысын қаражатсыз бастаған талай адамды білемін. Мысалы, Жәнібек ауданындағы ІІІ топтың мүгедегі Молдашева дейтін азаматша жеке кәсіпкерлігін қара бақырсыз бастады. Ол кәсіпкерлікке қол жеткізу үшін өзінің қабілетін және мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланды. Бұл әйел заманның қиын кезінде қолдан көрпе-көпшік жасап сатқан. Бұған шикізат ретінде ауыл-ауылдарда текке шашылып жатқан қой жүнін пайдаланған. Ал көрпенің сыртқы тысын тігу үшін матаны бұдан бұрын сатылған көрпелердің ақшасына сатып алды. Оның қолынан шыққан бұйымдар көпшілікке ұнап, уақыт өте келе оған тапсырыстар көптеп түсе бастады. Кейін ол жеке кәсібінің өрісін кеңейтуді ойлап, көрпе тігетін жүнді жуатын және оны тазартатын құрылғылар сатып алуды ойластырды. Сөйтіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысып, демеушілер арқылы жүн жуатын құрылғыға ие болды. Одан кейін мемлекеттік грант арқылы жүн түтетін және тазартатын құрылғылар алды. Жаңа құрылғылардың арқасында оның қол жұмысы жеңілдеп, уақытын үнемдеді. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде көрпе-көпшікті бұрынғыдан да сапалы, бұрынғыдан да көбірек даярлауға мүмкіндік алды, – деген Нұрлан Әбдірахманов жеке кәсібін көк тиынсыз бастаған тағы бір кәсіпкерді мысалға келтірді.

-Қаланың көп қабатты үйлерінің ауласынан сіздер пластикалық шөлмектерге арналған контейнерлерді көріп жүрген шығарсыздар. Бұл контейнерлер тектен тек тұрған жоқ, олар бір жағынан, экологиялық қауіпсіздіздікті қамтамасыз етіп тұрса, екінші жағынан, осы жұмысты ұйымдастырған адамға ақша жасауда, – дейді ол әңгімесін одан әрі жалғастырып.

– Мен осы жобаның иесімен бұдан біраз уақыт бұрын кездесіп, одан шығынсыз табыс табудың амалын қайдан тапқанын сұрадым. Ол жігіт бұл жобаны бір жерден шала-пұла естігенін және соны қалай жүзеге асырғанын асықпай айтып берді. Сөйтсек, жобаны өмірге енгізу бар да, оны сәтті жүзеге асыру өзінше бір бөлек жұмыс екен. Бейтаныс жігіттерден естіген бұл жобаның тиімділігіне көз жеткізген ол ең бірінші кезекте қала әкіміне барады. Сөйтіп, қала басшысына әлгі жобаның жан-жақты тиімді екенін жеткізіп, бұған арнайы контейнерлер қажет екенін айтады. Бұл жоба қала әкіміне де ұнайды. Содан қала әкімі тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің мамандарын шақыртып, кәсіпкер жігітке контейнер жасатуға және оны қаланың көп қабатты үйлерінің аулаларына қойып беруді тапсырады. Қала басшысы араласқан соң бұл жұмыс тез-ақ тындырылады. Енді әлгі кәсіпкер жігітіміз бұл контейнерге таза пластикалық шөлмектер ғана салынуы керектігін тұрғындарға түсіндіру бағытында жұмыстанады. Ол үшін кәсіпкер жұрт көп баратын жағажайларға және басқа да демалыс орындарына барып, пластикалық шөлмектерді тегін жинап, оларды үлгі ретінде қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан арнайы контейнерлерге апарып салады. Және бұл контейнерді өзге қатты тұрмыстық заттар салуға арналған контейнерлерден айыру үшін контейнер қабырғасына «Жасыл қала үшін» деген жазуы бар жапсырма жапсырып қояды. Бұл жапсырма да белгілі бір дәрежеде пластикалық шөлмектердің әлгі контейнерге тез жиналуына ықпал етті. Кәсіпкер мұнымен де қоймай, аулада кешке қарай қаз-қатар тізіліп отыратын үлкен кісілерге барып, әр жерде шашылып жататын пластикалық шөлмектердің зияны жөнінде әңгімелейді. Сөз арасында үлкен кісілердің ең жанды жеріне тиіп, мұндай лас шөлмектерді балалар байқамай аузына салып қойса, жұқпалы аурулармен ауырып қалуы мүмкін екендігін де айтады. Немерелерін жанындай жақсы көретін үлкен кісілер сол жерде пластикалық шөлмектерді әр жерге лақтыруға болмайтынын, оны тек арнайы контейнерге ғана жинау керектігін айтып, балаларына нұсқау беруге көшеді. Нәтижесінде тұрғындар түрлі сусындардан босаған ыдыстарды пластикалық шөлмектерге арналған контейнерлерге бөлек салуға үйреніп, кәсіпкердің жұмысының тез жүруіне көмектескен. Сөйтіп, бұл жобаның иесі көк тиынын шығар-май-ақ, көпшіліктің көмегімен қыруар пластикалық ыдыс жинап, оны тиісті орындарға тапсырып, қала тұрғындарына да, өзіне де пайда қылуда, – деген Нұрлан Әбдірахманов дәулетті адамға айналу үшін табысқа жетудің осындай ұңғыл-шұңғылын шебер меңгеру керек екенін айтты.

Әріптесінің бұл пікірін толықтай құптаған Зүлфия Рашидқызы жеке кәсіпті бастауға мемлекеттік бағдарламалардың да көп көмегі тиетінін жеткізді. Оның сөзінше, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алу үшін халыққа тиімді жоба ойластыру керек.

— Бүгінде мемлекет кәсіпкерлікті кеңінен қолдауда. Тың жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп отыр. Жаңа жоба ойлап тапқан адам мемлекеттік грантты ұтып алса, 3 млн. теңге көлеміндегі қаражатты сол жобасын жүзеге асыру үшін мемлекетке қайтармай, тегін пайдаланады. Бизнес-тренингті бізден өткен бірнеше адам осындай мемлекеттік грантты ұтып алып, бүгінде олар өздерінің жеке кәсіптерімен айналысып жүр. Солардың бірі — ақсайлық кәсіпкер Дәулет Жамсатов. Ол бұдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік грантты ұтып алып, өзінің жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Ақсай қаласында ортопедиялық құрылғылар жасайтын нысан ашқан Дәулет бүгінде тапсырыс бойынша жұмыстануда. Оның өнімдерін сколиоз, остеохондроз ауруларымен ауыратын немесе туабітті жамбас кемшілігі бар адамдар пайдаланады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі – Өмірболат Сейітқалиевтің қайсарлығына таңғалмасқа шараң жоқ. Туғалы сал ауруымен ауыратын Өмірболат өзінің төзімділігінің, еңбекқорлығының нәтижесінде бағдарламашы мамандығына оқып, жоғары білім алды. Және мамандығын терең меңгерді. Онымен қоймай, баспа қызметін ашып, ыдыс-аяқтар мен жейделерге сурет салып, жарнамалық көрнекі құралдар шығарумен де айналысып жүр.

Ол да жеке кәсібін жүргізу үшін банктерден несие алмай-ақ, өзінің еңбегімен тапқан қаражатты тиімді пайдаланды. Айта берсек, мұндай мысалдар баршылық, – деген Зүлфия Халелова өздерінен дәріс алған жастар арасында жұртқа қолынан келетін қызметті ұсыну арқылы қаражат жинап, жеке кәсібін бастағандардың да жетіп-артылатынын жеткізді. Оның сөзінше, мұндайлар, әсіресе, ауылдарда көп. Олардың көпшілігі бүгінде шаруа қожалығын құрып алған.

Семинар барысында қатысушыларға бизнес-жоспар жасау бойынша тапсырма берілді. Кәсіпкерлікке ниет еткендер арасында жоспарын жұртшылыққа жария еткісі келмегендер де, бұған керісінше, жоспарының тиімділігін айтып, өзінің тәжірибесін әріптестерімен бөліскісі келгендер де болды. Олар өз жобаларының тиімділігін дәлелдеп, әріптестерін жобаны бірігіп жүзеге асыруға шақырды. Мұны дер кезінде байқаған Зүлфия Рашидқызы оларға интернет арқылы арнайы топ құруды ұсынды. Бизнес-кеңесшінің сөзінше, кәсіпкерлікке қабілетті жастардың бір-бірімен тығыз байланыста болуы олардың жұмыстарының тезірек жүруіне ықпал етпек.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Өтініш қабылдау басталды

Күні: , 36 рет оқылды

20170413_111057


Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік бөлімшесі алаңында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Самал Қабесова мен Орал қалалық тұрғын үй, коммуналды шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің меңгерушісі Арман Бисембалиев БАҚ өкілдері алдында күн тәртібіндегі мәселе туралы баяндап, соңынан журналистердің сұрақтарына жауап берді.


Самал Әжігерейқызының айтуынша, көп қабатты төрт тұрғын үйдегі пәтерге өтініш қабылдау биылғы 12 сәуірден бастап 12 мамырға дейін жүргізіледі. 481 пәтерлі үйдің үшеуі Орал қаласында, біреуі Ақсай қаласында салынуда. Осыған орай тиісті ынтымақтастық туралы облыс әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасындағы меморандумға өткен жылдың 17 қазанында қол қойылған.

Әлеуметтік тұрғын үйлерді банктің ішкі нормативтік құжатына сәйкес, тұрғын үй, аралық тұрғын үй, алдын ала тұрғын үй заемдары бойынша сатып алуға болады. Мұнда несиенің жылдық мөлшерлемесі бес пайызды құрайды және несиелік бағдарламаға қатысушының шотында тұрғын үй құнының 30 пайыздан кем емес қаржысы жиналған жағдайда беріледі. Сондай-ақ биыл 3 сәуірден бастап, тұрғын үй құрылыс жинағы шартын жасау, оның сомасын арттыру тегін жүзеге асырылады және комиссиялық төлемнің қажеті жоқ. Аталмыш шешім банк директорларының жиынында бекітілген.

Несиелік тұрғын үй алуды іске асыру үшін алдымен жергілікті атқарушы билік желісі арқылы салынған несиелік тұрғын үйдің жартысынан кем емес бөлігі банктің салымшылары әрі сол органның пәтер алу кезегінде тұрған азаматтар арасында бөлінеді. Екіншіден, үйге арыз беру немесе дауыс беру уақыты бір ай мерзімде жүргізіледі. Арызды банк салымшылары және банк салымшысы аталған жергілікті биліктің үй кезегінің тізімінде тұрған азаматтар банктің ресми сайтының интернет-банкинг бөлімі арқылы береді. Ал, үшіншіден, оған қатысушыларды таңдау тәртібі аталмыш банктің балдық жүйесі арқылы анықталады. Балдық жүйе екі көрсеткіштен тұрады. Атап айтқанда, есептік көрсеткіш, яғни салымшы қанша және қандай көлемде жинағын жүргізу тәртібін анықтайды және шарттың жасалған мерзімі. Ережеге сәйкес, балдың есептелуі арыз қабылдау мерзімі аяқталған күннен кейінгі келесі жұмыс күні жүргізіледі. Балды есептеу қорытындысы, арыз қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін бес күннен соң банктің интернет ресурсында жарық көреді. Сондай-ақ егер берілуі тиіс пәтер санынан екі есе көп өтініш (арыз) қабылданса, бұл нысан келісілген болып есептеледі. Әрі қарай банк екі тізім – негізгі және резервтік тізімді бекітеді. Банк жергілікті билік нысанының құрылысы толық аяқталғасын, бір ай ішінде барлық негізгі және резервтік тізімге енген қатысушылардың төлем қабілетін тексереді. Осы мерзімде үміткерлер пәтер нөмірін анықтау үшін «Пәтер таңдау» тізімін толтырады. Әрі қарай дауыс беру қорытындысы мен пәтер таңдау кезеңі өткен соң, банктің тұрғын үй комиссиясы пәтерді сатып алушылардың тізімін бекітіп, облыс әкімдігіне жолдайды. Әкімдік азаматтармен сату-сатып алу алу келісімшартын жасақтайды. Ең соңында банк несиені рәсімдеу жұмысына кіріспек.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ


Қос елдің ғалымдары бас қосты

Күні: , 22 рет оқылды

IMG_0184


«Нұр  Отан»  ХДП  БҚО  филиалының  мәжіліс  залында «Еуразиялық  өзенаралық:   өндіріс,  ғылым  және  білім  беру ықпалдастығы»  атты  VII  халықаралық  ықпалдастық  форумы  өтті.


ҚР Білім және ғылым министрлігі, БҚО әкімдігі, «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы мен «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені бірлесіп ұйымдастырған форум  Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының іске асырылуына, Батыс Қазақстан зымыран тарихының 70 жылдығына және ҚР ғылыми қызметкерлерінің күніне арналды.

Пленарлық отырыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, ҚР ІІМ ардагері, профессор, доғарыстағы әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, Ресей Федерациясының жергілікті өзін-өзі басқару және әлеуметтік технологиялар академиясының президенті Владимир Патрушев, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, академик Ақсерік Әйтімов, ресейлік және жергілікті ғалымдар қатысты.

Айта кетейік, осыдан жеті жыл бұрын «ҚазИИТУ» кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик  Ақсерік Әйтімов бастаған ғалымдар тобы «Еуразиялық өзен аралығы» атты халықаралық қоғамдық қозғалыстың өмірге келуіне мұрындық болған еді. Содан бері «ҚазИИТУ» кешенінде ғарыштық технологиялар мен автоматтандыру, радиоэлектроника мен салааралық технологиялар бағыты  бойынша ғылыми конференциялар мен конгрестер ұйымдастыру ісі дәстүрге айналды. Осындай ықпалдастық сипатындағы үрдіс «ҚазИИТУ» ғалымдарына Кеден одағына кіретін мемлекеттер мен Еуропаның мәртебелі ғылыми орталықтары және инновациялық көрмелеріне қатысуына мүмкіндік берді. Аталған ғылыми-білім  кешенінің ұжымы Ресейдегі Пенза мемлекеттік университетімен бірге интеллектуалдық және инновациялық идеялар трансфертін жүзеге асыруда.  Бұл жұмыстарды бір жүйеге түсіруде көршілес Ресей мемлекетіндегі «Дубна» халықаралық  табиғат, қоғам және адам университетімен бірлесіп құрылған «Бірқалыпты инновациялық даму» деп аталатын консорциумдық жобаның да ықпалы зор болып отыр.

«Еуразиялық өзен аралығы» атты халықаралық қоғамдық қозғалыс жұмысының нәтижесінде Мәскеу, Дубна, Самара, Тольятти және Орынбор мен Саратов қалаларының жетекші ғалымдары интеллектуалдық байланысқа тартылып, ҚазИИТУ кешенінің ғылыми қызметкерлері олармен іс-тәжірибе алмасуда.

Бұл жолғы форум да осы бағыттағы жұмыстардың заңды жалғасы десек болады. Ұйымдастырылған пленарлық отырыс барысында Ресей Федерациясының және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының басшылары мен жетекші мамандарының форум тақырыбына орай жасалған баяндамалары тыңдалды.

– Бүгінгі форумның мән-мағынасы өте зор. Екі ел өкілдері бас қосқан шарадағы маңызды мәселенің бірі – Елбасының биылғы халыққа Жолдауын талқылау болып отыр. Сонымен қатар білім және ғылым саласындағы инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізу барысы да осы форумда талқыланбақ. Сондай-ақ зымыран тарихының 70 жылдығы аясында зерттеуші ғалымдардың баяндамаларында айтылатын деректер әлемдік бейбітшілікті қамтамасыз етудегі біздің облыстың қосқан үлесі зор екендігін көрсетеді. Аталмыш форум тақырыбына сай жүзден астам баяндама келіп түсті. Екі күнге жоспарланған шара барысында бес бағыттағы секциялық жұмыстар жүргізілді, – деді аталмыш ғылыми-білім кешені ректорының міндетін атқарушы  Әліби  Баяхов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Бірлікті бекемдейтін бағдар

Күні: , 19 рет оқылды

сисенгалиЗакария  СИСЕНҒАЛИ,

Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы:

– Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шынтуайтына келгенде, қалғып бара жатқан санамызды сергітіп, бүкіл жан  дүниемізді  дүр  сілкіндірді.

Елбасымыз мыңдаған, миллиондаған адамдардың көкейінде жүрген күмәнді ойларын дөп басып, ұлтымызға, жастарымызға жарқын жол ашты. Бұл жаңа мыңжылдыққа  бастайтын  тарихи  жол  болмақ.

Елбасы осы кезге дейінгі даму үлгісінің болмысындағы кемшіліктер мен жетістіктерді саралай отырып, жаңа мыңжылдық адамының қандай болуы керектігін айқындап берді. Бұл орайда Елбасының «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» – деген сөзі алдағы атқарылар барлық істердің Темірқазығы болу керек.

Елбасы бәсекелікке қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелерінде де ойсананы жаңғыртатын және түбегейлі қалыптастыратын толғамды ойларын ортаға салған. Бұл орайда мінез-құлықты өзгерту,  ұлттық мәдениетті сақтау, білімді дамыту, тілімізді әлемдік деңгейге жеткізу мәселелеріне де айрықша көңіл бөлініп, оны іске асырудың танымдық міндеттері айқындалған.

Байтақ Отанның туған жерден басталатынын да Елбасы назардан тыс қалдырмай, Үкіметке «Туған жер» бағдарламасын жасау жөнінде тапсырма беруі, адамдардың, әсіресе, жас ұрпақтың бойына шынайы патриоттық сезім қалыптастырудың, рухани жаңғырудың басты шарты болмақ. Ал рухани жаңғыру – ұлттық идеологияның өзегі.

Ел дамуының жаңа мыңжылдық тарихының табалдырығында тұрып тілеріміз, ұлтымызды әлемдік деңгейге көтерер өрелі ісіміз өрісті де жемісті болғай.

эльмираЭльмира  ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ,

Қаратөбе  аудандық орталықтандырылған  кітапхана  жүйесінің библиографы:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын үлкен ықыласпен  қабылдадым.

«ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екі бөлімнен тұратын еңбекте Қазақстан мемлекетінің даму тарихы, болашақ бағдары, даму перспективасы тереңнен сөз етіледі.

Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында айқын көрініс тауыпкеле жатқан «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени  және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» екендігін осы жолы да  атап  көрсетіп  отыр.

Бүгінгідей бәсекеге қабілетті қоғамда озық ой, рухани дамуды мақсат еткен әр қазақстандыққа Елбасы ұсынған тың бастамалар серпін беріп, қанаттандырары сөзсіз.

Елбасы өз мақаласында елге деген құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік мәселесін де тереңнен қаузайды. Мағыналы ой, келелі кеңес арқылы елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілігімізді арттырып, патриоттық сезімімізді оята түседі.

Елбасы мақаласында: «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» — дейді.

Сөз жоқ, әр адамзат баласы кіндік қаны тамған елге үлкен құрметпен қараса, бар қажыр-қайратын туған өлкесіне арнаса, содан асқан  бақыт  болмасы  анық.

бисекеноваГүлжан  БИСЕКЕНОВА,

Бөкей  ордасы  аудандық «Нарын шуағы»  әйелдер қоғамдық  бірлестігінің төрайымы:

– Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқығанда Елбасының «Туған жер» бағдарламасын қолға алу туралы ұсынысы  еріксіз  қуантты.

Шынымен де, патриотизм неден басталады? Ол кіндік қаның тамған жеріңе, Отаныңа деген зор  сүйіспеншіліктен,  махаббаттан басталады емес пе? «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген сөздің де астары тереңде жатыр. Әлемнің қай шетінде жүрсеңіз де, мейлі, жұрт тамсанатын Эйфель мұнарасы бар Париж болсын, көне пирамидалар тізілген Египет болсын, Бигбэнді көруге құштар жандар  асығатын Лондон болсын,  бәрібір өз жеріңді аңсап тұратының рас қой. Ұлтжанды азаматтың жүрегі әманда «Туған жерім» деп соғады. Бұл ақиқат. Аталмыш бағдарламаның да негізгі мақсаты – ата-бабамыз аманаттап қалдырған ұлан-ғайыр жерімізді көркейтуге әрқайсымыздың үлес қосуымыз,  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірлесіп жұмыстануымыз. Ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына  келтіруді  көздейді.

Елбасы айтқандай, бүгінгінің жастары ел үшін жан беріскен ұлыларын біліп, ұлықтап жүруі тиіс дегенге қосыламын. Тарихтан тәлім алып, құрметтеуі тиіс! Сондай-ақ осы бағдарлама арқылы өзге елде не облыстарда қызмет етіп жүрген кәсіпкер, шенеуніктер болсын, жалпы туған жерінің  ертеңіне алаңдаушылық білдірген  азаматтардың  қолғабыс қылсам деген қарекеттеріне қолдау білдіріп, ынталандыру қажеттігі де тілге тиек етіліпті. Өте орынды.

Мектептерді компьютермен, басқа да техникалармен қамтамасыз етуге, спорт зал, мәдениет ошақтарының бұйымдарын алып беруге және  т.б. жайларға демеушілік танытқан жерлестер көп болса, ауыл ажары айшықтала түсері анық. Осы орайда атымтай жомарттарымыз аянып қалмас деген ниетім бар.

Қорыта келгенде,  «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.  Еліміз  жасай  берсін!

Амирханян А.Р. для газетыАветик АМИРХАНЯН,

облыстық мәслихаттың депутаты,

Батыс Қазақстан облысындағы армяндардың «Масис» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мән-мазмұнымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таныстым. Менің ойымша, өзін нағыз қазақстандық санайтын әрбір отандасымыз қазақ халқының тарихы мен дін-діліне, әдебиеті мен мәдениетіне құрметпен қарауы тиіс. Бұған қоса әр ата-ана жаңағындай құрмет сезімін өзінің өнегелі тәлім-тәрбиесі арқылы перзенттерінің санасына сәби кезінен сіңіргені ләзім. Мұндай көзқарас Қазақстан халқының бірлігін бекемдеп, ынтымағын нығайта бермек. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған қазақ елі тәуелсіздікке ие болғалы үлкен-кішінің бәрі сүйсінерліктей нәтижелерге қол жеткізген отандастарымызды насихаттайтын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы да ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулықты жетілдіруге  қызмет  етері  шүбәсіз.

Зулфия Набиуллина (1)Зүлфия НАБИУЛЛИНА,

облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның баспасөз  хатшысы:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қоғам жылы қабылдады. Себебі  онда  біртұтас ұлт болудың нақты бағыт-бағдары көрсетілген. Расында, байтақ даланың нағыз егесі – қазақ ұлты үшін рухани жаңғырудың кезеңі  келді. Елбасы  мақаласының барлық қазақстандық үшін маңызы зор. Бәсекелестік заманында немқұрайлылықтан ада болып, ұстамдылыққа, үнемшілдікке бет бұрғанымыз абзал. Саламатты өмір салтын ұстанып, білімімізді жетілдіру, кәсіби маман болып қалыптасу,  қоғамды кертартпалыққа итермелейтін радикалды көзқарастардан аулақ болу – бәрімізге ортақ қағидат. Атап өтерлігі, Елбасымыз «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты жаңа жоба қолға алынатынын мәлімдеді. Яғни елімізді дамытуға атсалысқан этнос өкілдерінің жетістік тарихы назарға алынатын болады. Мемлекет басшысы тұрақтылық пен татулықты ту еткен жұрттың озатынын әрдайым айтып отыратынына бек разымын. Тәуелсіздік жылдарында жемісті еңбек етіп, түрлі салада зор жетістікке жеткен қазақстандықтар баршылық. Сондықтан біртұтас болып жұмылып, ұлттық мәдениетімізді насихаттауға бел шеше кірісіп, бұл бағытта нақты іске  көшкеніміз   жөн.

Жалғас ҰЗАҚБАЕВЖалғас ҰЗАҚБАЕВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың  студенті:

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы әлемге әйгілі 100 кітапты қазақшаға аудару төңірегінде айтылған жобаларын өте жақсы бастама деп айтар едім. Бәсекеге қабілеттілік тек экономикаға байланысты емес. 550 жылдық тарихы бар қазақ хандығының, яғни біздің мыңдаған жылғы тарихымыздағы құндылықтардың барлығы біздің бойымызда болуы керек. Ал Елбасының мақаласындағы ең соңғы сөйлемге назар аударсақ, «Өмір сүре білу үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген еді.  Яғни заман талабына сай ағылшын тілін меңгеріп, латын әліпбиіне көшуіміз қажет. Латын әліпбиіне көшу ағылшын тілін еркін меңгеруге жол ашады. Алайда латын әліпбиіне көшу барысында осыған дейін жинаған үлкен мәдени мұрамызды жоғалтып алмай, жоба тыңғылықты  жүзеге  асуы  қажет  деп  есептеймін.


«Кәсіпкерлікке кедергі келтіргендер жауап береді»

Күні: , 55 рет оқылды

IMG_0241


Бейсенбіде облыс әкімдігінің үлкен залында облыс әкімдігі мен облыс прокуратурасының алқа мәжілісі және облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша кеңес отырысы өтті.


Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша уәкіл Болат Палымбетов, ҚР «Атамекен» ҰКП қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілерді азайту департаментінің директоры Ербол Үстеміров қатысты. Онлайн режімінде өткен бұл шарада кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілер мәселесі көтеріліп, оларды жою жағдайы талқыланды.

—  Баршаңызға белгілі  Елбасы өзінің биылғы Жолдауында да кәсіпкерлік саласын дамытуды басты назарда  ұстап, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту  және кеңейту, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру  жөнінде тапсырды. Елбасының тапсырмасы бойынша елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуы керек.

Өңірімізде 2016 жылдың қорытындысы бойынша салықтық түсімдердің жалпы көлемінде шағын және орта бизнестің үлесі 52,6 млрд. теңгені құрады (24,4%) (бұл көрсеткіш 2013 жылы 42,7 млрд. теңге (15,5%) болған. Салыстырмалы түрде өңір бюджетіне түсетін салықта шағын және орта бизнестің үлесі жылдан-жылға көбейіп келеді. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру үшін біз қазіргі уақытта жұмысты мынандай негізгі үш бағытта жүргізудеміз. Олар кәсіпкерлікті қорғау, әкімшілік кедергілерді жою, сыбайластық  жағдаяттарын болдырмау. Біз бүгінгі жиынымызға осы бағытта атқарылған жұмыстарды талқылап, оны шешу жолдарын бірігіп қарастыру үшін бизнес қауымдастығы мен құқық қорғау органдарының өкілдерін шақырдық. Облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында апта сайын сейсенбі күні «Бір терезе» ұстанымы (принципі) бойынша жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық  қызмет көрсетуші мекеме өкілдері құжат қабылдауы  керек. Осы аптада мен сол орталықта арнайы болдым, өкінішке орай, халыққа қызмет көрсетіп отырған аталған сала адамдарын көре алмадым. Бұл, әсіресе, қалалық әкімдіктің, жер қатынастары бөлімдерінің, тұрғын үй коммуналдық қызметінің өкілдеріне қатысты. Сол себепті жоғарыда аталған мекеме өкілдері мен аудандардағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметі ерекше бақылауда болатынын ескерткім келеді. Апта сайын өзім облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерді қабылдап жүрмін. Осыны қала және аудан әкімдері де жасауы керек, олар да апта сайын кәсіпкерлерді қабылдап, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстануы тиіс. Кәсіпкерліктің дамуына әкімшілік кедергі жасаған барлық мемлекеттік құрылым қызметкерлері өз істеріне жауап беретін болады. Бұл жөнінде мекеме басшыларына ескертілді. Сондай-ақ аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына, басқа да мемлекеттік мекемелерге қағазбастылықты жою туралы нақты тапсырма берілген. Тағы да айтамын, қай салаға болмасын, қаржы салуға ниетті кәсіпкерге өзіміз көмек беруіміз қажет.

Әкімшілік кедергілерді жою мақсатында ҚР Ұлттық экономикалық министрлігімен бірге кәсіпкерлік саласында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру үдерісі енгізілуде. Сондай-ақ пилоттық  режімде «Таза қолдар» атты бағдарламаны жүзеге асыра бастадық. Кәсіпкерлер тарапынан түсетін арыз-шағымдардың көбісі жер бөлу, мемлекеттік сатып алу, салық, бәсекелестік, тариф және рұқсат қағаздарына қатысты.

Қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстың  ашықтығын қамтамасыз ету үшін өңірлік үйлестіру кеңесі отырысының жұмысы бейнетаспаға түсіріледі және бұған БАҚ өкілдері қатысып жүр.  Бұл жұмысты одан әрі жетілдіріп, онлайн-режімге түгелдей көшуді жоспарлап жүрміз.

Онлайн режімге көшу, әсіресе,  ауыл шаруашылығы саласының  жобаларын субсидиялау, мемлекеттік сатып алу секілді жұмыстарды орындау кезінде аса қажет. Сондай-ақ  тұрғын үйлер құрылысын және бизнес жүргізу үшін жер телімдерін бөлуде жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін облыс орталығы мен аудан әкімдіктерінің интернет ресурстарына осы жұмыстардың жүру барысы жөніндегі ақпараттарды тұрақты түрде салып отыруды тапсырамын. Мысалы, балаларды балабақшаға кезекке қою реті, игерілмей бос жатқан жерлер туралы мәліметтер сайтқа салынып отырса, бұл туралы халық дер кезінде біліп отырар еді. Бұл жағдай жасалып жатқан жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, халық пен биліктің бір-біріне жақындаса түсуіне ықпал етер еді, — деген өңір басшысы Алтай Көлгінов келесі сөз кезегін облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовке берді.

Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, облыстық прокуратура кәсіпкерлікті қорғау бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, қоян-қолтық жұмыс жасауда. Нәтижесінде экономикалық қылмыстардың тіркелуі екі есеге кеміп, соңғы бес жылда бизнесті тексеру үш есеге азайған. Өткен жылы прокуратура органдарымен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бойынша 12 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 117 заңбұзушылық анықталған. Оны жою мақсатында 36 прокурорлық ықпал ету актілері енгізіліп, тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке 19  тұлға тартылды.

146 кәсіпкерлердің құқығы қорғалды.

— Кәсіпкерлік саласындағы кедергілерді жоймай, бизнесті дамыту мүмкін емес. Сондықтан  еліміз бойынша осы бағыттағы жұмыс қарқынды жүруде. Елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызу керек. Ол үшін кәсіпкерлерді тексеруді азайтып, оларға қойылатын талапты жеңілдету керек. Жеке кәсіпті ашуға қажетті құжаттар санын қысқартып, несие алу жолын оңтайландыру қажет, — деген Сапарбек Нұрпейісов мемлекеттік қызметкерлердің санасын оятып, олардың кәсіпкерлікке деген көзқарасын өзгерту керектігін жеткізді.

Бұдан соң Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша уәкіл Болат Палымбетов сөйлеп, еліміздің әр өңірінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру қажеттігін айтты.

— Бизнес-омбудсмен аппаратына келіп түсіп жатқан шағымдар мен өтініштерді сарапқа сала отырып, мен кәсіпкерлікті дамыту саласындағы проблемаларды  екіге бөлер едім. Біріншісі – республика деңгейінде шешілетін жүйелі мәселелер. Кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар тарапынан 28 мың талап қойылады. Талаптардың осыншалықты көп болуы бизнесті жүргізуде айтарлықтай қиындықтар тудырып, сыбайлас  жемқорлыққа жол ашады. Сондай-ақ бізде 61 бақылау-қадағалау мекемесі бар. Кәсіпкерлер 41 санитарлық  ережені орындауы тиіс, оның ішінде 11 543 талап және бар. Міне, осыларды іріктей келе 9 172 (шамамен 80%) талапты алып тастау керек деп шешілді. Нәтижесінде барлығы 2 371 (20%) ғана қалды.

Сондай-ақ Президент Бас прокуратураның, Ұлттық экономика министрлігінің және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бақылау-қадағалау қызметтеріне ауқымды ревизия жүргізуді тапсырған болатын. Осы жағдайды шешу үшін жедел топ құрылды. Оның құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Бас прокуратураның және Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері кірді.

Екінші мәселе, бұл – өңірлік деңгейде шешілетін мәселелер. Бұған салық, жер телімдерін бөлу, құрылыс және мемлекеттік сатып алулар мәселесі жатады. Меніңше, өңірлік палаталармен және Ұлттық палатаның өзімен өңірлердегі кәсіпкерлер  арасындағы  байланыс дұрыс жолға қойылуы керек.

Сонда жергілікті билік органдары бизнестің барлық мәселелерін шешуде көмектесе алады. Кәсіпкерлердің Бизнес-ортаны анықтауда ең қолайлы құралы «Іскерлік климат» рейтингі болып табылады. Бұл рейтингті бизнес дамуының барометрі десек те болады. Ол бізге бизнестің әлсіз тұстарын және бизнестің жағдайы жақсарғанын немесе нашарлағанын анықтауға көмектеседі. Бұл рейтинг Ұлттық экономика министрлігінің және ҰКП-ның сайтында ашық түрде жарияланған, — деді ол өз сөзінде.

Оның сөзін жалғастырған Ербол Үстеміров «Іскерлік климат» рейтингі жөнінде баяндады. Оның сөзінше, біздің облыс 2015-2016 жылдардың қорытындысымен республика бойынша 13-орында. Рейтинг бойынша алдыңғы үштікте Алматы, Астана, Оңтүстік Қазақстан облыстары тұр. Бағалау бес белгі бойынша жүргізіліпті. Біздің облыс әкімшілік  реттеу бойынша 13-орында, мемлекеттік қолдау бойынша 12-орында, Тұрғын үй мен инфрақұрылым бойынша 14 — орында, адам ресурсы бойынша 2-орын, қаржылық ресурстар бойынша 8-орында екен.

Бұдан соң сөйлеген облыс прокуроры орынбасарының міндетін атқарушы  Жаннұр Ахметбек облыс кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыс жайында баяндады. Оның сөзінше, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, заңбұзушылықтар тыйылмауда және кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерінің шешілу қарқыны төмен. Бұған нақты мысалдар келтірген ол бизнестің одан әрі дамуын тежейтін кедергілерге тоқталды. Прокуратура өкілінің сөзінше, облыста кәсіпкерлерді 65 мемлекеттік орган тексереді екен. Кәсіпкерлерді ең көп тексеретін органдар қатарына облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мен өрт қауіпсіздігі қызметі және фискальды органдар қызметінің өкілдері жатады. 2016 жылы тұтынушылар құқығын қорғау саласының қызметкерлері кәсіпкерлерді нормадан үш есе артық тексерсе, төтенше жағдай саласының өкілдері 1,5 есеге көп тексерген. Тексерістердің 40 пайызы нәтижесіз аяқталған. Кәсіпкерлерді былтыр еңбек инспекциясы бойынша басқарма қызметкерлері 19 рет және  тұтынушылар құқығын қорғау саласының қызметкерлері 14 рет негізсіз тексерген. Сондай-ақ облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын қадағалау басқармасы 56 рет тексеріп, оның 20-сы нәтижесіз болған.

Бұдан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша кеңес төрағасы Қайдар Қапанов сөйлеп, кәсіпкерлік төңірегіндегі түйткілді мәселелер мен оны шешудің жолдарын ай сайынғы кеңесте талқылайтындарын, бірақ соның өзінде бұл бағыттағы түйінді мәселелердің азаймай отырғанын жеткізді.

Ол сондай-ақ «Іскерлік климат» рейтингі бойынша алға жылжу үшін белсенді жұмыс жасап, Бизнес-климатты жақсартатын Өңірлік жол картасын жасауды ұсынды. Болат Палымбетовтің сөзінше,  Өңірлік жол қартасын жасамас бұрын әр өңір бизнес мәселелерін толық анықтап алуы керек.

— Өткен жылы осы Батыс Қазақстан облысы ең бірінші болып елді мекендердің бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлауын әкімдіктердің сайтында ашық жариялаған болатын. Бірақ 2015 жылы және былтыр да облыс бойынша жер телімдерін сату жөнінде бірде-бір аукцион өткізілмеді. Бұл жағдайда біз қала мен аудан орталықтарының аймағынан жер телімдерін алғандардың толық тізімін жариялауды ұсынамыз. Яғни қандай серіктестік, қай жерден жер телімін қандай мақсатқа алды және ол жерде қандай құрылыс нысандарын жүргізеді? Міне, бұл қоғамдық бақылаудың нағыз үлгісі болады. Осыдан кейін әділетсіз жер бөлінді деген алыпқашпа сөздер де сап тыйылады, — деді ол өз сөзінде.

Жиын соңында облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов бірқатар мекеме басшыларынан заңбұзушылықтың не себепті орын алғанын сұрап, оларға ескертпелер жасады. Мәжілісті қорытындылаған өңір басшысы Алтай Көлгінов кәсіпкерлік саласының ел экономикасындағы маңызын тағы бір қаперге салып, жиналғандарды кәсіпкерлікті қорғауға шақырды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Ақын жүрегіндегі арман»

Күні: , 32 рет оқылды

20170413_151349


Ж. Молдағалиев  атындағы  облыстық  кітапханада ақын, ҚР-ның еңбек  сіңірген  қайраткері,  республикалық  ұлттық-этнографиялық «Дәстүр»  журналының  бас  редакторы Қасымхан Бегмановпен «Ақын  жүрегіндегі  арман»  атты  кездесу  кеші болды. Оған жергілікті қаламгерлер, әдебиет зерттеушілері мен жастар қатысты. Шараның ашылуында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттері ақынның «Қараойдағы Махамбет қабірінің басындағы ойлар» атты өлеңін  оқыды.


Ақ Жайық өлкесі өте қасиетті. Көзі тірісінде Қадыр Мырзалиевпен еменжарқын араластым. Жалпы, жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын назардан тыс қалдырмай,  әдеби басылымдардан және әлеуметтік желілерден оқимын. Бұл сапарымның басты мақсаты – батысқазақстандық этнографтармен, өлкетанушылармен, ғалымдармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, ұлттық салт-дәстүрімізге қатысты тың деректер жинау, – деді Қасымхан Бегманов.

Ақын халық этнографиясының аса көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына байланысты «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» ғылыми-көпшілік  жобасын қолға алғанын айтты. Соның аясында еліміздің бірнеше өңірінде этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, салт-дәстүр жанашырларымен, өлкетану зерттеушілерімен кездесу өткізіп, қазақ ғұрпына қатысты тың деректер мен құнды мағлұматтар жинақтауда. Жоба нәтижесінде төрт томдық дайындауды жоспарлапты. Бүгінге дейін бірнеше өлеңдер жинағын жарыққа шығарған Қасымхан Бегманов Алаш қозғалысын да жете зерттеп, «Мұстафа Шоқай» жолымен» тақырыбында кітап пен төрт сериялы фильмді ел кәдесіне ұсынған. Ұлт қайраткерінің ізімен сапарға шығып, бейітін көрген ақын Алаш алыбы жайында біраз сыр шертті. Сонымен қатар  әдебиет әлеміндегі белгілі қаламгерлермен шығармашылық байланысы жөнінде әңгімеледі. Әдеби кеште Қасымхан Бегмановтың сөзіне жазылған әндер шырқалды.  Шарада ақын өз өлеңдерін оқыған талантты жастар Мәрлен Ғилымхан, Азамат Бақиев, Жанерке Ғинаятқа ризашылық білдіріп, оларға ақ жол тіледі. Кездесуде жергілікті ақындардан Ғайсағали Сейтақ, Айсұлу Қадырбаева, ардагер-журналист Тихон Әліпқалиев сөйлеп,  қаламгердің еңбегіне лайықты баға берді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ


Зеленовтық 540 оқушы көрмеге бармақ

Күні: , 24 рет оқылды

экспо-2017


«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмені насихаттайтын облыстық ақпараттық топ жақында Зеленов ауданында болды.


— 2017 жылы елімізде өткізілетін ең маңызды оқиғалардың бірі «ЭКСПО – 2017» халықаралық  мамандандырылған көрмесінің маңыздылығын түсіндіру  жұмыстары жүргізілуде. Переметный, Дариян, Мичурин, Белес, Трекин, Зеленый, Железнов, Көшім және тағы басқа округтерде кездесулер өтті. Сондай-ақ   көрмеге   аудан бойынша  540 оқушы  жіберіледі деп жоспарлануда. Әзірге жергілікті бюджеттен  205  аз қамтылған, көп балалы, жетім балаларға көрмені тамашалап келуі үшін 10 млн. теңге қаржы бөлінді, — деді аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов.

Одан әрі БҚО туризм және сыртқы байланыс басқармасының маманы Ерлан Әдиев биылғы жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астана төрінде өтетін көрменің жобасымен таныстырса, облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлдана Аргенова «ЭКСПО» көрмесінің тарихы мен ел үшін маңыздылығына тоқталды.

Динара БЕРІШ,

Зеленов ауданы


Абайдың әндерін әуелетті

Күні: , 20 рет оқылды

IMG_0082


Жақында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыргөзовтің жеке шығармашылық кеші болып өтті.


Әнші көрермендер алдында қазақтың халық әндері мен Абайдың, отандық, орыс сазгерлерінің романстарын шырқады. Танымал өнер иесін концертмейстер, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, жерлесіміз Анар Қажымова сүйемелдеді. Концертке өнерсүйер қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, студенттер  қатысты.

Өнер саңлағы – Талдықорған қаласының тумасы, 1987 жылы дүниеге келген. 2001-2009 жылдары Қазақ ұлттық музыка академиясында оқыған. 2010 жылғы мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері. 2011 жылы оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген. Ол – сан алуан халықаралық және республикалық  байқаулардың жүлдегері. Әнші репертуарында халық әндері, қазақ, орыс, шетел сазгерлерінің ариялары мен романстары бар. А. Жылтыргөзов 2009 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетінің кафедра меңгерушісі.

Жас әнші концерт барысында тек өнер көрсетіп қана қоймай, жекелеген әндердің шығу  тарихына қысқаша тоқталды. Жалпы, саз шығармасының қай түрін де бабына келтіріп шырқаған Азаматқа зал толы тыңдарман ризалықпен қол соқты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған концерт  соңында облыстық мәдениет және  архивтер, құжаттамалар басқармасының атынан құрметті қонаққа сый-сияпат табыс етілді. Өнер иесі де оралдық тыңдармандарға ризашылығын білдірді.

Серпін САЯҚ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика