Мұрағат: 12.04.2017


«Бәйге» тізгін қақты

Күні: , 26 рет оқылды


Сейсенбіде  облыстық  дене  шынықтыру  және  спорт  басқармасында   облысымызда  «Бәйге»  қауымдастық  бірлестігін құру  туралы  жиын  өтті.


Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде ұлттық спортты дамытып, ұлттық брендке айналдырып, халықаралық мәртебе беру көзделіп отыр. «Біздің өңірде көкпар мен саятшылықтан өзге спорт түрлері біртіндеп дамып келеді. Алайда ұлттық ат спорты түрлерінің ерекшелігіне байланысты жазатайым оқиғалар жиі орын алып жүр. Кейбір балалар жарыс ережелерін сақтамау, ат спорты әдістерін білмеу себептеріне байланысты қайғылы жағдайға тап болып жатады. Сондықтан ұлттық ат спорты жарыстарының мәдениетін көтеру, жарыстардың ережелерін нақты әзірлеу, қатысушыларды тиянақты дайындау және өз өмірінің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті арттыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Аталған міндеттерді іске асыру үшін бірінші кезекте ұлттық ат бәйгесі қауымдастық бірлестігін  құру маңызды болып табылады.  Осы орайда ат жарысы кезіндегі  келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында «Ат бәйгесі жарыстарын өткізу ережесі» әзірленіп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетімен және ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен  бекітілді», – деді Әсия Аманбаева.

Жиында облыстық «Бәйге»  қауымдастық бірлестігінің төрағасы болып бастамашыл топтың мүшесі Мүтәлі Төреғалиев сайланды.

Мүтәлі Төреғалиев өз кезегінде «Бәйге» қауымдастық бірлестігінің ат бәйгесі жарыстарын өткізу жөніндегі ережесімен таныстырды. Ат жарысы әдеттегідей   тұйық шеңбер бойынша тегіс алаңда өткізіледі. Жарысқа тиісті дайындықтан өтіп, жүйрікті басқарудың дағдыларын жақсы меңгерген 10 жасар (ата-ананың нотариалды рұқсаты болған жағдайда 8 жасар) және одан  жоғары жастағы спортшылар қатыстырылады. Төрешілер алқасы жарысқа қатысатын әр аттың, оны жарысқа қосатын ұйым мен ветеринарлық бекеттің қолы мен мөрі басылған анықтамасы болуын қатаң қадағалауы тиіс. Анықтамада аттың фотосуреті, тұқымы, жынысы, туған жылы, түсі, ныспысы жазылып, аттың жарысқа қатысуына берілетін ветеринар дәрігердің рұқсаты болуы қажет.

Ветеринарлық қосыннан анықтамасы жоқ аттар жарысқа жіберілмейді. Жарыс кезінде шабандоз өзгелерге кедергі жасамауы керек. Бәйге барысында алаңдағы төрешілерден басқасына қашықтық бойымен шабандоздармен бірге еріп отыруға рұқсат етілмейді. Ат жарыстың ережеге сай өтуіне тиісті қауымдастық бірлестігінің басшысы мен жергілікті әкімдік  жауап  береді.

Тартысты өткен жиында тұлпарды құлынынан танитын, қылқұйрықты жануардың қыр-сырын жақсы білетін атбегілер өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олар өңірімізде өтіп жүрген ат жарыстарына көңілі толмайтындықтарын, ат спортының біздің өңірде дамымай жатқандығын, республика көлемінде өтетін ат жарыстарына облыстан көп ешкім қатыспайтындығына намыстанатындықтарын жасырмады.

Ат баптап, жүйрік жаратып бәйгеге қосып жүрген атбегілер құрылып жатқан «Бәйге» қауымдастық бірлестігі өңіріміздегі ат спортын дамытып, ат жарыстарының мәдениетін көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында жүйелі түрде жұмыстанса  деген  ұсыныстарын  білдірді.

Гүлжамал  КЕНЖЕҒАЛИЕВА


18 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ

Күні: , 49 рет оқылды

PRI_4421


Сәрсенбі күні  орталық  коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы алаңында облыс әкімінің  орынбасары  Марат Тоқжановтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Бұл шара барысында Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша әлеуметтік салаға қатысты  даму  бағыттары  туралы  айтылды.


Марат Лұқпанұлының айтуынша, өңірімізде қоғамдық ұйымдармен мемлекеттік  құрылымдар арасында іскерлік қарым-қатынас орнату бағытында тиісті жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Өткен жылы облыстың үкіметтік емес ұйымдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 14 бағыт бойынша 184 әлеуметтік маңызды жобаны іске асырған. Ал биыл ұлттық тарихымызды ұлықтау бағытында азаматтық қоғам институттары және мемлекеттік құрылымдардың араласуымен Алашорда қозғалысының құрылғанына  100 жыл, қоғам қайраткері Ж. Досмұхамедовтың  130, Сырым Датұлының  275 жылдығы, ҚР Мемлекеттік рәміздерінің  25 жылдығына арналған және өзге  де іс-шараларды жүзеге асыру бойынша 181 әлеуметтік маңызды жоба жоспарлануда. Халық арасындағы ақпараттық жұмыс өзекті тетік болып табылады. Осыған орай ағымдағы жылы  мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге  асыру үшін бөлінген қаражат 31,4%-ға артып отыр. Бұл бағытта мемлекеттік саясат, дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және өзге де маңызды мәселелерді жүйелі насихат жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ облыстық телеарналарда өңірдің маңызды мәселелері, «2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында жоғары сынып оқушыларына арналған зияткерлік сайыс және тарихи оқиғалар жөніндегі телебағдарламалар  ашу жоспарланды.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы үшінші кешенді міндет – еңбек нарығын жаңғырту бағытында өңірімізде биылғы жылдан бастап  «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны іске асыруға облысқа 3539,8 млн. теңге қаражат қарастырылды. Аталмыш бағдарламаның 1-бағыты «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» аясында техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша 800 адамды оқыту жоспарлануда. Сонымен бірге еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша 677 адамды қысқа мерзімді оқыту көзделуде. Бүгінгі күні өңірлік еңбек нарығындағы жұмыс күшіне талдау жасалып, сұраныс пен ұсыныс негізінде оқыту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қысқа мерзімді курстарға оқытылатын контингент санын 1077 адамға дейін (қаражат 202,4 млн. теңге) ұлғайту бойынша ұсыныс енгізілді. Бағдарлама бойынша өңірімізде техникалық және кәсіптік біліммен 4 мың (жыл сайын 800 адамнан), қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 5 мыңға жуық адам қамтылатын болады. Бағдарламаны іске асыру үшін жұмысшы мамандықтарын даярлайтын колледждердің мүмкіндігін пайдалану қажет. ҚР Білім және ғылым министрлігімен жоғарыда аталған жобаны енгізу жөніндегі бекітілген жол картасына сәйкес 2017 жылы жергілікті бюджет есебінен 3498 орын бөлінеді. Былтырғы жылы жұмысшы мамандықтарына сұраныс болғандығын ескере отырып, техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс көбейтіліп,  2948 орын жергілікті (оның ішінде 1889 орын жұмысшы мамандықтар бойынша) және 800 орын республикалық бюджеттен бөлінбек. Аталмыш  бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атты екінші бағыты бойынша да өңірімізде оң істер атқарылуда. Қазіргі таңда  «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бес ауданнан (Ақжайық, Жаңақала, Қазталов, Зеленов, Теректі) жеке кәсіп ашсам деген 937 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізілуде. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысамын деп ниет білдірген 374 (ауыл, қала) азаматқа  1768,7 млн. теңге бөлу мәселесі қарастырылуда. Бағдарламаның 3-бағыты «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» аясында 7008 адамды  жұмысқа тарту жоспарланып, қазіргі күнде 1772 адам жұмысқа жолданды. Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдігі арасында жұмыс орындарын жасақтау бойынша меморандум жасақталды. Меморандумға сәйкес, облыс бойынша ағымдағы жылы 18 мыңнан астам жұмыс орындары ашылмақ. Сондай-ақ  биыл облыс халқын жұмыспен қамтудың кешенді жоспары жасақталып, 17035 адамды жұмыспен қамту көзделсе, қазіргі күнде 3634 адам жұмысқа орналасып үлгерді. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес жыл басынан бері 1223 жас жұмысқа орналасты. Биылғы жылы  «Жасыл ел» еңбек жасағы қатарына 800 сарбазды, студенттік еңбек, құрылыс жасақтарына 250 сарбазды тарту жоспарланып отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 1,2 млрд. теңге қаражат көлемінде 380 адам бюджеттік несие алуға, 474 жас 75,2 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алу құқығына ие болып отыр. Жастарды жұмыспен қамтуға ықпал ету, оларға түрлі бағытта тегін кеңестер беру бағытында бір облыстық және 12 аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтары  жұмыс  жасайды.

Жылдан-жылға атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының біртіндеп азайып келе жатқаны көңіл қуантады. 2017 жылдың 1 наурызына дейін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 261 отбасына, оның ішінде 1048 адамға (9,3 млн. теңге) төленген. 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы 6045 отбасына, оның ішінде 15 419 балаға (72,0 млн. теңге) берілген.  Өңірімізде «Өрлеу» жобасы бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш жоба негізінде қарапайым халық ақшалай көмекпен қатар жұмыспен де қамтылмақ. Әлеуметтің әлеуетін көтеретін жобаға  ағымдағы жылы 421 отбасы, яғни 1661 адам қатыспақ. Наурыз айына дейін 445 адамнан тұратын 90 отбасымен әлеуметтік келісімге қол қойылған.

Баспасөз мәслихатын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов өңіріміздегі білім беру саласын дамыту, жаңа форматқа көшу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жұмыстарына тоқталып, қоғам бірлігін нығайтатын    патриоттық шаралар мен азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталған жобалар жалғаса беретіндігін  мәлімдеді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Жаңа экспорттық нарықтар шақырады

Күні: , 44 рет оқылды

1 фото оапррправл


Оралдағы  Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-дың  мәжіліс  залында  «Облыстың  агроөнеркәсіп  кешені  өнімдерінің  экспорттық болашағы»  тақырыбында  алқалы жиын  өтті.  Басқосуға облыс әкімі  Алтай  Көлгінов, «Атамекен»  Ұлттық  кәсіпкерлер  палатасы  басқарма  төрағасының  орынбасары  Нұржан  Әлтаев, аталмыш  палатаның сыртқы  сауда  палатасының  басқарма  төрағасы  Аян Еренов,  облыстағы  ет  өңдеуші кәсіпорындардың,  шаруа  қожалықтарының,  ауыл  шаруашылығы саласына бет бұрған өзге салалардағы  кәсіпкерлік  нысандарының  басшылары  қатысты.


Өңір басшысы алдымен өңірімізге арнайы шақыртумен келген астаналық қонақтарға алғыс айтып, Елбасының биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы секторы экономиканың драйвері болуы керектігі айтылғанын, соған орай мұның облыс экономикасын дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашатындығына тоқталып өтті. «Өңіріміздің әлеуеті зор және дамуға барлық жағдайлар жасалған. Елбасы 2021 жылға қарай экспорттық әлеуетті 40 пайыздың үстінде өсіруді тапсырды. Мемлекет те кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға шығуына қажетті жағдайлар жасауда. Демеуқаржылау (субсидиялау) бойынша тетіктер қарастырылған. 2011-2016 жылдары сыртқа 5 мыңнан астам тонна ет экспорттау міндеті қойылған болса, мұны өңіріміз 7 800 тонна етіп орындады. Бұл мүмкіндіктеріміздің шегі емес», – деген Алтай Көлгінов басқосуға қатысушыларды ашық  пікір алмасуға шақырды.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, соңғы жылдардағы дағдарыс жағдайында экономиканың тек  ауыл шаруашылығында және тамақ өнеркәсібінде өсімі бары байқалды. Ресейдегілер де осыны айтуда. Өткен жылғы Елбасының Қытайға ресми іссапары арқасында Қытай нарығының Қазақстанға есігі ашылатыны белгілі болды. «Бұл өзі үлкен саяси шешім болды деуге болады. Қытай жартылай коммунистік режімдегі ел болғандықтан,  мемлекет басшылығының оң көзқарастарынан кейін қытайлық көтерме-сауда және өзге компаниялар елімізге ат басын бұруды жиілетті», – деді Нұржан Әлтаев. Оның айтуынша, бүгінде  бұрынғы екі ел арасындағы кедергілер біртіндеп алынып жатыр. Бұрын Қытайдың нарығы қазақ еліне жабық болатын. Өткен жылғы үкімет басшылығының ресми іссапарларынан кейін еліміздің тоғыз өңіріне, соның ішінде БҚО да бар, ет экспортына қойылған шектеу  алынды.

– Сәуірдің 19-ында Қазақстанға Қытайдан ветеринарлық инспекция келеді. Өзге өңірлермен қатар БҚО-дағы ет өңдейтін кәсіпорындарда болып, жағдайларымен танысады. Содан кейін оң шешім қабылданатын болса, онда Қытай нарығына «қақпа» ашылады. Жыл соңына дейін сиыр етіне қатысты барлық шектеулерді алып тастауға жұмыстанамыз. Биылғы жылдың басында шектеуді алуға болатын, алайда Атырау облысындағы нодулярлық дерматит ауру анықталғаны жайындағы ақпарат БАҚ-тарда жарияланып кетті. Қытай жағы біздің ақпарат кеңістігіндегі мәліметтерді мұқият қарап отырады, – деді Нұржан Әлтаев. Қытай нарығы ауқымды, алдағы бес жылда бұл елге 5 трлн. доллар  шамасында өнімдер импортталады, соның 60 пайызын тамақ өнімдері құрайды. Мұның өзі қазақстандықтар үшін экспортты ұлғайтуға зор мүмкіндік береді. «Бүгінде еліміздегі өзге салалардағы кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына бет бұрды. Белгілі құрылысшы-кәсіпкер Александр Белович Шығыс Қазақстан облысында 55 млн. доллардың тауық сирақтары өндірісі жобасын қолға алды. Қытайда бұл өнімге сұраныс күшті», – деген Н. Әлтаев кәсіпкерлер палатасымен экспортты ұлғайту бағытындағы жасалып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Бүгінде ШҚО және Алматы облысының бал өндірушілері кооператив құрып, бал салынатын қорап шығаратын ортақ цех ашқан. Алдағы мамыр айында Астанада Қытай компанияларының қатысуымен үлкен  форум өткізілмек. Өңір кәсіпкерлері сол форумға қатысуға шақырылды. Қытайлық көтерме-сауда желісінің кәсіпкерлері қазақ елі жағынан шекарадан кедргісіз өту, виза мәселесін жеңілдетуді сұрап отыр.

Н. Әлтаевтың айтуынша, қазақстандық өнімдерге Иран, Парсы шығанағы елдерінен сұраныс зор.

Өткен жылдан бастап араб елдеріне қойды тірілей жеткізу жұмыстары басталды. Енді қосымша құн салығы қосылған өнімдерді, сиыр, қой етін шығару жағы ойластырылуы керек. Қазір ол жақтың талаптары бойынша өнімге халал сертификаты болуы тиіс.

Сонымен қатар Израильда қазақстандық қой, сиыр етіне және тауық жұмыртқасына сұраныс бар.

Бұл туралы Н. Әлтаевқа Израильдің ауыл шаруашылығы министрінің өзі айтқан. Сонымен қатар салқындатылған сиыр, қой етіне сұраныс жоғары. Қазір онда ет Австралиядан әкелінуде. Өнімдердің бағасы да қолайлы. Израильдағылар ветеринарлық талаптарға қатты мән береді, олардың талаптары еуропалық мемлекеттердің талаптарымен үндес, қытайлықтардың талаптарынан жұмсақтау. Араб елдерінде  бұршақ тұқымдас дақылдарға, соның ішінде жасымыққа жоғары бағаға сұраныс бары айтылды.  Қазірдің өзінде 500 мың тоннаға тапсырыс бар. Елімізде мұндай дақылды өсірумен 2-3 компания шұғылданады. Қытай өсімдік майына, қораптағы  сүтке сұраныс  зор.

– Батыс Қазақстан облысы мал шаруашылығымен айналысады.

Климаттық жағдай, жер қоры бар.

Көрші нарықтарда осындай өнімдерге сұраныс жоғары. Мамыр айында Израильде Тель-Авивте бизнес форум өтеді. Соған ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді делегация құрамында бірге барып, қатысуға шақырамын, – деді Нұржан Әлтаев. Оның айтуынша, палатадағы сауда палатасы арқылы кәсіпкерлермен қай елге қандай өнім өткізуге болатыны жөнінде мәлімет беріп, бірге жұмыстанбақ.

«Атамекен» ҰКП сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Ереновтың айтуынша, сауда палатасы қазақстандық өнімдерді экспорттау мәселесімен айналысады. Бүгінде  экспортерлер базасы жасақталған. Сондықтан Ресейге, Қытайға және өзге елдерге өнім экспорттауға қатысты өнімді сертификаттау, қораптарға салу сықылды өзге де мәселелерге байланысты ақпарат беріп, көмектесе алады. «Кәсіпкерлер жеке дара өзге нарыққа кіре алмайды, ондағылар сіздерді түсінбеуі мүмкін. Сондық-тан «Атамекен» палатасымен бірге жұмыстаныңыздар», — деді ол.

Жиында қытайлық «JUMORE» электронды сауда алаңы жайында мағлұмат берілді. Н. Әлтаевтың айтуынша, бұл онлайн желісіне қазақстандық кәсіпкерлер де «Атамекен» палатасының көмегімен тіркеле алады. Аталмыш сауда алаңы арқылы түрлі елдерден келетін сатып алушылар мен жеткізушілер ауыл шаруашылығы, мұнай өнімдерін және тағы басқасын  көтерме бағада сатып алады, ұсына алады.

Басқосуда өңір кәсіпкерлері экспорт мәселесіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Мысалға, Талғат Берекешов сыртқа шығарылатын ет бағасын бір деңгейде ұстау қажеттігін ұсынды. Бұған Н. Әлтаев ет өндірушілерді бір кооперативке біріктіру қажеттігін айтты. Сонда ғана сұранысқа сай өнімнің ауқымды көлемімен қамту, бір баға ұстау мүмкін болмақ. Мысалға, Израильға күніге бір мың тірі қой қажет. Кәсіпкер Темірғали Ескендіров те кооперациясыз іргедегі нарықтарды бағындыру қиындығын алға тартты. «Казкон» кондитерлік фабрикасының директоры Марат Қаженов маркетингтік зерттеу жүргізудің қымбаттығын, сондықтан кондитерлік өнімдерді Қытайға өткізу мүмкіндігіне зерттеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Ал  Мұрат Жәкібаев салыққа  қатысты түйткілдерді, Талан Оразғалиев еліміздегі құс фабрикаларына берілетін демеуқаржының түрліше екендігін ортаға салды.

Өңір басшысы А. Көлгінов Елбасы тапсырмасына орай өңірлер арасындағы кооперацияны дамыту мақсатында біздің облыстың делегациясы Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында болғанын, олардан үйренетін нәрселердің барын айтты. Бүгінде аудан әкімдері бос жатқан және игерілмей жатқан жер қоры жөніндегі картаны жасақтауда. Ол жерлер мал жайылымына, бордақылау алаңдарын салуға кәсіпкерлерге ұсынылады. «Кәсіпкерлермен және құрылысшылармен келісудеміз.

Сауда саласындағы табысты кәсіпкер ауыл шаруашылығына инвестиция салмақ. Біз ондай кәсіпкерлерге көмектесеміз. Игерілмей жатқан жерлердің басым бөлігі кері қайтарылды. Ендігі мәселе суда, ирригациялық құрылыстарда. Өткен жылдан бастап суландыру жүйелерін жөндеуді қолға алдық. Суармалы жерлер екі есеге көбейеді. Мұның өзі ауыл үшін керек. Күні бүгінге дейін су жайылманың (лиман) жалпы аумағы 33 мың гектар болса, биыл оны 70 мың гектарға жеткіземіз. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Әрі қарай кооперацияланып, жаңа нарықтарға шығатын боламыз», – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы кәсіпкерлерге сыртқы нарықтарға шығуға мол мүмкіндік ашылып отырғанын айтты. «Израильдан тауық жұмыртқасына ұзақ мерзімді сұраныс болса, кәсіпкерлерімізге неге осымен айналыспасқа? Иранда ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс бар. Қытайда да бар. Сондықтан осы жайды ойласайық. «Атамекенмен» бірге мақсатты түрде жұмыстанамыз», – деді облыс басшысы. Сондай-ақ Алтай Сейдірұлы Қытайдан келетін инспекция алдында «жер шұқымас» үшін дайындалу қажеттігін ескертті. «Атамекендік» өкілдер ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлеріне қарай еліміз бойынша ортақ пул,  яғни кәсіпкерлер тізімін жасауды қолға алатындарын айтты.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Cуретті  түсірген  Александр  КУПРИЕНКО


Жаңақаланың барысы анықталды

Күні: , 45 рет оқылды

IMG_8639


Жаңақала ауданында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы» жарысының аудандық іріктеу турнирі аяқталды. Турнирге аудан орталығы мен ауылдық округтерден жеті  палуан қатысты.


Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айзада Шүкірғалиева құттықтау сөз сөйледі. Ол палуандарға сәттілік тілеп, «Аудан абыройын асқақтата беріңдер!» деген тілегін білдірді. Мұнан соң жарыстың бас төрешісі Замир Батыров додаға қатысушы палуандарды таныстырып, алғашқы жұпты ортаға шақырды.

Сонымен, үшінші орын үшін өткен белдесуде жаңақалалық Иса Тілегенов Жаңақала ауылының палуаны Жасқанат Сыралиевті таза жеңіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Келесі бәсекеде аудандық жасөспірімдер және балалар спорт мектебінде дзюдо бапкері болып еңбек ететін Ақжол Қатапов пен №3 мектептің мұғалімі Ақжол Әділғалиев белдесті. Финалда қарсыласының ебін тапқан А. Қатапов әдіс жасап, белдесуді өз пайдасына шешті. Жарыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен ақшалай сыйақылар табыс етілді.

Алтынбек ЫСҚАҚ,

Жаңақала ауданы


Музей төріндегі шапан

Күні: , 33 рет оқылды

ата


Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебінің музейінде ілулі тұрған осы бір шапан өзіндік ерекшелігімен бірден көзге  түседі.


Мектеп музейінің жетекшісі Әділет Мусағалиевтің айтуынша, шапан ХХ ғасырдың қиын-қыстау кезеңінде өмір сүрген, Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Қиыл ауылында 1900 жылы дүниеге келген Ғабдісалам Келметовке тиесілі.

Ұлы Отан соғысының ардагері Ғабдісалам атамыз Кеңес үкіметі тұсында өз қаражаты есебінен мешіт салдырған дін адамы екен. Осы әрекеті үшін НКВД-ның есебінде тұрған.

2010 жылы қазан айында Мәскеу қаласынан этнограф-ғалым, профессор Елена Ларина және Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов Егіндікөл ауылына сапарлап келеді. Олар ауыл тұрғыны, Ғабдісалам Келметовтің қызы Ұштап Ғабдісаламқызына жолығып, дидарласады.

Елге сыйлы Ұштап әжей шапан мен малақайды 2013 жылдың 11 сәуірінде мектеп музейіне аманаттап тапсырады. Содан бері киелі дүние музейдің құндылығын арттырып-ақ тұр.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы


Тұқым бар, жанар-жағармай болады

Күні: , 29 рет оқылды

2016_04_2013_16_031


Биыл өңірдегі дәнді дақылдар егістігі 253 мың гектарды құрайды, оның ішінде өткен жылдың күзінде 72,2 мың гектар алқапқа күздік дәнді дақылдар егілді. Өткен жылы егістік алқаптарының аумағы 215,6 мың гектар болды.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, жаздық дәнді дақылдар 180,8 мың гектар алқапқа егіледі. Оның құрылымында жаздық бидай 119,1 мың гектарды (65,9%), арпа 53,0 мың гектарды (29,3%), тары 4,2 мың гектарды (2,3%) және басқа дәнді дақылдар 4,5 мың гектарды (2,5%) құрауы тиіс. Майлы дақылдардың егіс алқабы 52,0 мың гектар болады деп күтілуде.

Соның ішінде күнбағыстың егіс алқабын 40 мың гектарға дейін жеткізу межеленіп отыр. Ал картоп және көкөніс-бақша дақылдарының егіс көлемін 9000 гектарға жеткізу жоспарлануда. Соның ішінде картоп 3,9 мың, көкөніс дақылдары 3,5 мың, бақша дақылдары 1,6 мың гектарға егіледі.

Мал шаруашылығында тұрақты мал азықтық базаны құру – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта биыл мал азықтық дақылдардың егісі 168,1 мың гектарды құрамақ. Соның ішінде біржылдық шөптер 31,1 мың гектарға, сүрлемдік жүгері 0,4 мың гектарға, көпжылдық шөптер 15 мың гектарға егілуі тиіс. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптер егісі 121,6 мың га құрайды.

— Облыс бойынша биылғы көктемгі егіске қажетті жаздық дәнді дақылдар тұқымы 19,83 мың тоннаны құрайды. Әзірге соның 24,76 мың тоннасы немесе қажеттіліктің 124,9%-ы дайын. Майлы дақылдар тұқымына қажеттілік 460 тоннаны құраса, бүгінде тұқымның 560 тоннасы (121,7%-ды) дайындалды. Егіске мал азықтық дақылдар тұқымының 782 тоннасы қажет және соның 942 тоннасы (120,5%) дайын. Дайындалған жаздық дақылдар тұқымының 17,4 мың тоннасын шығымдылыққа тексеру үшін «Казагрэкс» АҚ зертханаларына тапсырылып, әзірге 16,7 мың тонна тұқым тексерілді. Зертханалық зерттеу жұмыстары тексерістен өткен тұқымның 100% егістік сапасына сәйкестігін көрсетті, — деді аталмыш басқарманың астық және тұқым инспекциясының басшысы Кеңес Қайдашов. Сондай-ақ өңірімізде тұқымдық картопқа қажеттілік 11,7 мың тоннаны құрайды, бүгінде қажетті көлемдегі тұқым толықтай дайын.

Биыл көктемгі далалық жұмыстарға 4173 трактор, 4965 дәнсепкіш, 793 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы жоғары өнімді 46 егіс кешені қатысады. Бүгінде тракторлар 86%-ға, дән сепкіштер 86%-ға, қопсытқыштар 96%-ға жөнделіп, егістік жұмысына дайын тұр.

Өңір диқандарына көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 12 мың тонна дизель отыны бөлінді. Наурыз айына 5 мың тонна, сәуірге 3 мың тонна, мамырға 4 мың тонна жеткізілетін болып белгіленді. Жанар-жағармайды жеткізуші оператор болып «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС анықталды. Наурыз айында шаруашылық құрылымдарына 1 литр дизель отынының бағасы 122 теңгеден беріледі. Қазіргі таңда диқандарға 225,6 тонна дизель отыны жеткізілген.

Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кеңдала» бағдарламасы арқылы 600 млн. теңге қарастырылған (6%-дық мөлшерлемемен). Бұл қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының аудандық несие серіктестіктері арқылы беріледі. «Көктемнің әр күні – жылға азық» демекші, өңір диқандары көктемгі жердегі ылғалды тиімді пайдаланып, көктемгі далалық жұмыстарды уақытында аяқтауды көздеп отыр.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Тасқыннан қауіп жоқ

Күні: , 30 рет оқылды

IMG_1842IMG_1886


Сәуірдің 11-і  күні  Қазталов  ауданының  әкімі  Нұрлан  Бекқайыр  Қараөзен  мен  Сарыөзен  өзендерінің  бойында  орналасқан  бөгеттер  мен  көлдердің жағдайымен танысты.  Мамандардың айтуынша,  күні  бүгінгіге  Ресейден  Қараөзенге  секундына  50-ден  90 текше метрге дейін  су  жіберіліп  жатса, Сарыөзенге  секундына  1,5 текше метр су  келуде.


— Жоғарыдан келіп жатқан судан қауіп жоқ. Су деңгейін жіті бақылауға алдық. Ауданымызда төтенше жағдайларды қадағалайтын және құтқару жұмыстарымен айналысатын арнайы мамандар да кезекшілік етуде. Қараөзенге су молынан келуде. Осы мүмкіндікті пайдаланып,  барлық шабындықтарға су жіберудеміз.  Сарыөзенге де судың келуі  жаман емес, – деді аудан басшысы.

Аудан әкімі іссапар барысында «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Төлеген Ғұмаровпен кездесіп, Қараөзен өзенінің су жүйесінің бойында орналасқан суармалы шабындықтарға және Қарасу ауылдық округіне қарай су жіберу жұмыстары туралы кеңесті. Сондай-ақ бұл кездесуде аудан әкімі мен сала маманы Қараөзен бойындағы «Гүрілдеуік» бөгетінің қазіргі жағдайымен де танысты.

Қайрат  ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы


Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин: «Туындаған мәселені шешуде құр сөз, құрғақ уәдеге жол бермейміз»

Күні: , 37 рет оқылды

Наурызбай ҚАРАҒОЙШИН 1


– Наурызбай Қадырбайұлы, аман-саулықты «Мал-жан аман ба?» деп бастайтын халықпыз ғой. Жәнібектіктер биылғы қыстан жақсы шықты ма?


 

– Шүкір, шаруа адамының арқасы кеңитін шаққа аман-есен жеткендейміз. 2016-2017 қысқы жылыту науқанын ұйымшылдықпен өткізу мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесінде биылғы қысты қапысыз өткіздік. Өткен жылғы жаз-күз мезгіліндегі ауа райының қолайлы болуының нәтижесінде, сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар қыстақ кезеңіне тыңғылықты әзірленуіне орай былтыр мал азығын дайындау жоспары орындалып, барлығы 149 812 тонна шөп жиналды.

Ауданның әлеуметтік нысандарының басым бөлігіне газ тартылған. Сол себепті қыс мезгілінде әлеуметтік нысандарда қандай да болсын төтенше немесе апаттық жағдайлар орын алған жоқ.

Биылғы қаңтар-ақпан айларында көп мөлшерде жауған қардың салдарынан бірқатар елді мекендер мен қыстақтар арасындағы жол қатынасы қиындағаны рас. Дегенмен, қар басып қалған жолдар барынша тездетіп аршылып, қарым-қатынас қалпына келтіріліп отырды. Бұл жұмыстарға жолды күтіп-ұстау бойынша мердігер мекеменің және шаруа қожалықтарының, жеке тұлғалардың техникалары жұмылдырылып, адам күштері тартылғанын да айта кету керек.

 

– Сіз басқаратын аудан бойынша биыл қай ауылдарға таза су, көгілдір отын жеткізілмек? Тұрғын үймен қамту, жол жөндеу мәселесі қалай шешілуде?

 

– Жалпы, біз өткен есеп беру кездесулерінде көтерілген мәселелерді шешуде құр сөз, құрғақ уәдеге жол бермей, қандай мәселе қозғалса да, оның нақты шешімдерімен көрініс табуын алдымызға мақсат етіп қойдық. Өйткені тұрғындар үшін ең алдымен жеке шаруа емес, ел-жұртқа ортақ шаруаның оң шешім табуы маңызды.

Аудан бойынша сегіз ауылдық округтің орталығы орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылған. Осындай жүйеге қосылмаған бірден-бір округ орталығы – Ақоба ауылы. Бұл ауылға ауыз су құбырын жүргізу мақсатында оның жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, қазіргі кезде құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Тұрғындардың тарапынан үнемі көтерілетін аталмыш өзекті мәселенің шешілуіне облыс басшылығы айтарлықтай ықпал жасады. Соның нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстар 2018 жылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұдан басқа облыс басшысы Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің ықпалымен «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде былтыр Жәнібек ауылындағы ауыз су құбырын қайта жөндеу жұмыстары басталып, ағымдағы жылы белгіленген жұмыстарды аяқтау үшін қажетті қаражат бөлінді. Айта кетейін, құрылыс жұмыстарының жалпы құны 494,0 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар аталмыш бағдарлама бойынша Қамысты ауылындағы су құбырын жаңалап-жаңғырту жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 272,0 млн. теңге қаржы бөлініп, бұл жұмыстар биылғы жылдың соңына дейін аяқталып, нысан іске қосылады.

Аудан бойынша 18 елді мекеннің 13-і газдандырылған. Енді үш елді мекенді газдандыру арқылы табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі толық шешіледі деп күтілуде (қалған екі елді мекенде тұрғын саны аз болғанымен, ол жерлерде болашақта мал шаруа-шылығын дамыту мақсатында оларды жаптырмай ұстап отырмыз). Осы бағытта былтыр Жұмаев және Майтүбек елді мекендерін газдандыруға 47,654 млн. теңге қаржы бөлініп, бұл жұмыстарды жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланды. Ал Өнеге елді мекенін көгілдір отынға қосу Бөкей ордасы ауданының елді мекендерін газдандыру кезінде жүргізіледі.

Аудан тұрғындарының өзекті мәселелерінің бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің нәтижесінде тиісті бағдарламалар шеңберінде аудан орталығында 40-тан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз етілген жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған жер телімін бөлу арқылы кезекте тұрған 157 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды. Бұдан басқа 104 пәтердің тиісті жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, осы жобалар шеңберінде биылғы жылы әрқайсында үш пәтерден бар 8 тұрғын үйдің, яғни 24 пәтердің құрылысын жүргізуге және осы үйлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесін жайластыруға 152,0 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстары басталды, жыл аяғына дейін аяқталады.

Жол жөндеу күрделі әрі өзекті мәселе екені белгілі. Осы орайда облыс басшылығының көмегімен Жәнібек-Қазталов республикалық маңызы бар жолының 20 шақырым бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары басталып, қазіргі кезде осы жолдың 11,2 шақырым бөлігі бітті. Жоба аясында өткен жылы Ұзынкөл ауылының маңында асфальт зауыты іске қосылды. Белгіленген жұмыстар биылғы жылы жалғасын табады. Бұдан басқа биыл Жәнібек ауылы ішіндегі 10 шақырым жолды орта жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Осындай көңіл көншітер істермен қатар, әлі де болса шешімін табуын күткен жайттар да бар. Соның бірі — кәсіпкерлікті дамыту. Бұл түйткілді тарқатуға «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» негіз болмақ. Сондықтан осы мәселеге біз баса назар аудармақпыз.

 

– Жәнібек – өңіріміздегі шалғай аудандардың бірі. Осы жайттың өзі-ақ, ауданда маман тапшылығы барын аңғартқандай. Қандай салалар бойынша қанша маман жетіспейді? Ал келген мамандарға қандай жағдай жасаудасыздар?

 

– Иә, алыс ауданға кез келген маман бара бермесі анық. Сол себепті мамандарды, соның ішінде жас кадрларды тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жан-жақты қарастырылуда. Қазіргі кезде ауданның мекеме-кәсіпорындарындағы кадр тапшылығы белгілі бір салаларда ғана жұмыс жасауға құқығы бар мамандардың жетіспеушілігінен туындауда. Мәселен, мекеме-кәсіпорындарға жоғары білімді есепші, заңгерлер, білім беру ұйымдарында математика, химия, физика секілді пәндердің мұғалімдері, медицина мекемелеріне кардиолог және акушер-гинеколог қажет. Осы мәселені шешу үшін тиісті іс-шаралар алынуда. Яғни әр саладағы бос жұмыс орындарына талдау жасалып, мамандар қажеттілігі анықталады. Кейін оларды ауданға тарту мақсатында жоғары және арнаулы оқу орындарымен келіссөздер жүргізіледі. Ал бірқатар жағдайларда жұмыс жасап жүрген мамандар қайта даярлықтан өткізіледі.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауданға жұмысқа келген жас мамандар белгіленген көлемдегі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып, олар көтермеақы алып, тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиемен қамтылуда. Жалпы алғанда, бағдарлама қолға алынған кезеңнен бастап, аудан бойынша 294 жас маманға 34,932 млн. теңге көлемінде көтермеақы төленген болса, 122 жас маманға тұрғын үй сатып алуға 288, 929 млн. теңге бюджеттік несие берілген. Биылғы жылдың өзінде бюджет қаражаты есебінен 6,353 млн. теңге көлемінде 40 жас маман көтермеақыға қол жеткізп, тұрғын үй сатып алу үшін 20 адам 68,070 млн. теңге бюджеттік несиеге ие болмақ.

 

– Наурызбай Қадырбайұлы, аудандағы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру барысы сізді қанағаттандырады ма?

 

– Ауданымыз мал шаруашылығын өрістетуге қолайлы өңір екені белгілі. Сол себепті ол аудан экономикасының негізі болып саналады. Төрт түлік мал өз төлі есебінен, сонымен қатар Үкіметтің ауыл шаруашылығына арналған бағдарламаларының нәтижесінде көбеюде. Оның өсімі өткен жылдармен салыстырғанда 100 пайыздан асып түсті.

Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында айқындалған, сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында белгіленген жауапты міндеттердің бірі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылданып, бұл құжаттарда көзделген ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында аудан аумағында ауыл шаруашылығы тұтынушылар коо-перативтерін құру жұмыстары жүзеге асырылуда. Әр ауылдық округте жүргізілген түсінік-насихаттық жұмыстары нәтижесінде бүгінгі таңда малды бордақылау бағытындағы үш және тұқымдық түрлендіру бағытындағы жеті кооператив құрылып, жұмыс жасауда. Қазіргі кезде бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, кооператив мүшелерінің санын ұлғайту, осы құрылымдар иелігіндегі мал басын көбейту мен жер көлемін арттыру бойынша шаралар қолға алынуда. Сол арқылы ауданның ауыл шаруашылығы саласы өз дамуының жаңа сатысына көтеріліп, ауылдық жерлерде қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға, асыл тұқымды мал басын арттыруға мүмкіндік жасалатын болады.

 

– Кірісі аз, тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу үшін қолға алынған «Мейірімді көктем» жобасы бойынша Жәнібекте қандай іс-шаралар қолға алынды?

 

– Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің тұрғындар алдындағы есеп беруі кезінде өңіріміздегі мұқтаж жандарға көрсетілетін қайырылымдылықты өрістету жөніндегі бастамасы аудан жұртшылығы тарапынан да қолдау табуда.

«Мейірімді көктем» қайырылымдылық акциясы аясында ауданда шараны өткізу жөніндегі комиссия құрылып, тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сай наурыз айынан бастап аудан көлемінде қайырылымдылық және демеушілік шаралар ұйымдастырылып, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түрлі көмектер көрсетіліп, оларға арналған мәдени-көпшілік шаралар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Алғыс айтамын» киім-кешектерді тегін тарату жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шара барысында 160 адамға 872,0 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұдан басқа «Асар», «Жылу», «Алғыс пен бата ал» шаралары аясында кәсіпкерлік нысандарымен 40 адамға түрлі қызметтер тегін көрсетілген болса, білім беру ұйымдарында, мәдениет ошақтарында мерекелік концерттер, кездесулер, сынып сағаттары өткізілуде.

«Жақсылық жаса» акциясы кезінде еріктілер күшімен жалғызбасты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға аулаларын қардан тазартуға көмек көмек көрсетіліп, Қамысты ауылында өткізілген қайырылымдылық концерттен түскен қаражат есебінен науқас сәби Азалия Құсенованың ем-дом қабылдауы үшін қаржылай көмек берілді. 22 наурыз – Наурыз мейрамына орай өткізілген мерекелік шаралар барысында ұлттық тағамдарды тегін ұсыну арқылы 1700 адамға 780,0 мың теңге көлемінде қайырымдылық және демеушілік көмек көрсетіліп, аудан бойынша тоқсан жастан асқан 25 қарияға аудан әкімінің «Құттықтау хаты» мен сый-сияпаты табыс етілді. Жалпы алғанда, «Мейірімді көктем» барысында бастау алған барлық игі іс жыл бойы өз жалғасын таба беретін болады.

Сұхбаттасқан

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


Фитосанитариялық есеп тапсыруға міндетті

Күні: , 22 рет оқылды

news_1335183400


Егер сіз өсімдіктен өнім алатын болсаңыз, немесе сізде арнайы бүріккіш  және дәрілегіш техника болса, немесе сіз пестицидтерді сақтап, оны қолдансаңыз, онда Қазақстан Республикасының «Өсімдіктерді қорғау туралы»  2002 жылғы 3 шілдедегі заңының 13, 14-5-баптарына сәйкес, сіздің қызметіңіз мемлекеттік фитосанитарлық бақылау объектілерімен  байланысты. Бұл сізге фитосанитарлық есептілікті жүргізуді және есептілікті тапсыруды міндеттейді.  Яғни сіз жерге дән ексеңіз, оған пестицид қолданылғаны немесе қолданылмағаны жөнінде есеп беруіңіз керек.


Пестицидтер (улы химикаттар) – зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдерге қарсы, сондай-ақ егiндi жинау алдында құрғатып алу, жапырақтарды түсiру және өсiмдiктердiң өсуiн реттеу үшiн пайдаланылатын химиялық, биологиялық және басқа да заттар болып табылады.

Фитосанитариялық есепке алу нысандары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 19 маусымдағы №225 бұйрығымен бекітілген 8 нысан бойынша тапсырылады.

  1. Пестицидтерді, биопрепараттарды және энтомофагтарды өндіру және өткізу;
  2. Пестицидтердің, биопрепараттардың және энтомофагтардың қозғалысы;
  3. Пестицидтерді, биопрепараттарды және энтомофагтарды сақтау;
  4. Бүріккіш техникалардың бар-жоғы;
  5. Пестицидтерді, биопрепараттарды және энтомофагтарды

қолдануды жүзеге асыратын химиялық өңдеулер жүргізу;

  1. Химиялық өңдеу жөніндегі қызметтер;
  2. Тыйым салынған және жарамсыз пестицидтерді және олардан босаған ыдыстарды залалсыздандыру;
  3. Қоймалық үй-жайлардың бар-жоғы.

 Есептіліктің ұсыну мерзімдері:

Жылдық есеп – жыл сайын, қаңтар айының 20-сына дейін;

Жартыжылдық есепті жылына екі рет – қаңтар айының 20-сы және шілде айының 20-сына дейін;

Айлық – наурыз-қыркүйек аралығында ай сайын, әр айдың 20-сына дейін.

Фитосанитариялық есептiлiктi уақытында тапсырмағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 403-бабымен жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 15, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Фитосанитариялық есеп Орал қаласы, Қасым Аманжолов көшесі, 75 мекенжайында орналасқан Орал қалалық аумақтық инспекциясына тапсырылуы керек.


Қаратөбеде мал ауруы қайдан шықты?

Күні: , 29 рет оқылды

PRI_4367


Орталық  коммуникациялар  қызметінің облыстық  филиалында  өңірдегі  ветеринариялық  қамтамасыз  ету барысындағы  атқарылған  жұмыстар  жөнінде  брифинг  өтті. Онда Қаратөбе  ауданында  малдың  неден  өліп  жатқаны  айтылды.


Облыстық ветеринарлық басқармасының басшысы Қазыбек Тәшімовтің айтуынша, бүгінде облыста жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының екі ошағы тіркелген. Соның ішінде қарасанға шалдыққан бір ірі қара Бөкей ордасы ауданында, пастереллезбен ауырған бір ірі қара Қаратөбе ауданында анықталды. Қазіргі уақытта Қоскөл ауылында 1003 мүйізді ірі қара, 4600 ұсақ мал бар. Облыстық ветеринариялық зертханаға 26 патологиялық материал зерттеуге жолданды, күні бүгінге бірінші патматериалдардан пастереллез анықталды, қалғаны зерттелуде. Зерттеу қорытындылары осы аптаның аяғында шығады.

– Қолымызда ветеринарлық зертхана нәтижесі болғандықтан, аудандық бас мемлекеттік санитарлық инспекторы өз ұсынысын ауылдық округ әкіміне ұсынады. Соның негізінде ауылдық округ әкімінің шешімімен шектеу шаралары енгізіледі.

Шектеу шаралары бойынша аталған ауылдық округте мал қозғалысы тоқтатылады. Бұл уақытша 14 күндік шара.

Сондықтан облыстағы республикалық эпизоотияға қарсы отряд мекемесі өкілдері ауру ошақтарында, яғни елді мекендерде дезинфекциялау жұмыстарын және лажсыз вакцинациялау жұмыстарын жүргізеді. Облыста жоспарға сәйкес келген вакцинамен мал егу жұмыстарын бастадық, – деді Қазыбек Тәшімов.  Оның айтуынша, пастереллез – қоздырғышы ауру немесе ауырып жазылған жануарлар ағзасында болатын пастерелла бактериясы болып табылатын жұқпалы ауру. Бұл ауру қыстақтан әлсіреп шыққан малдың иммунитетінің төмендеуінен шығып отырғанға ұқсайды.

PRI_4375Қ. Тәшімовтің мәлімдеуінше, бүгінде Қаратөбенің Қоскөл ауылдық округінде алты ірі қара, 20 бұзау, 12 ұсақ мал, 23 қозы-лақ  өлгені  тіркелген.

Биыл өңірдегі ветқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 838,5 млн. теңге қаражат бөлінді, соның ішінде эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 744,3 млн. теңге, бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен ауыл шаруашылығы жануарларының мал иелеріне өтемақысын төлеуге  94,2 млн. теңге бөлінді. Бүгінде облысқа жалпы көлемі 2,8 млн. доза вакцина алынып, соның ішінде 304,9 мың доза нодулярлы дерматитке қарсы вакцина, жануарларды вакцинациялау жұмыстары басталған. Биылғы 10 сәуірдегі жағдай бойынша диагностикалық шаралар нәтижесінде бруцеллез ауруына зерттелген 95 мың ірі қара малының 1,1 мың басы оң нәтиже көрсетті, зақымдану 1,2%-ды құрады, бұл өткен жылы 1,2% болды. Бруцеллезге зерттелген 8,5 мың ұсақ малдың 112 басы оң нәтиже көрсетті. Облыста ірі қара бруцеллезінен қолайсыз төрт ошақта (үшеуі  Жаңақала, біреуі  Теректі аудандарында), ұсақ мал бруцеллезінен қолайсыз төрт ошақта (біреуі Жаңақалада, біреуі Бөрліде, екеуі Қазталовта) және ұсақ мал хламидиозынан қолайсыз бір ошақ Ақжайық ауданында сауықтыру  шаралары  жүргізілуде.

Облыс бойынша бұралқы иттер мен мысықтарды жоюға жергілікті бюджеттен 47,4 млн. теңге қаражат бөлініп, күні бүгінге  6  мың  ит,  157  мысық  ауланған.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Наталья  ГОРОХОВА,

«Приуралье»  газеті:

– БҚО ылғи ет экспорттауға шектеу салынатын өңірлердің тізімінен табылады. 2015 жылы қой шешегі, өткен жылы Атырау облысындағы нодулярлық дерматитке байланысты, өткен жылы Ақжайық ауданында жұқпалы ринотрахеит, биыл пастереллез ауруы дегендей. Неге бізде аурулар  тұрақты   тарайды?

Қазыбек  ТӘШІМОВ,

БҚО ветеринарлық  басқармасының басшысы:

– Кез келген аурудың таралу фактісі бойынша халықаралық эпизоотиялық бюро немесе Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Ресей Федерациясы жағдайды анықтағанға дейін ет экспортына уақытша шектеу қояды. Өткен жылы көршілердегі нодулярлық дерматитке байланысты қойылған уақытша шектеу облыстан алынды. Пастереллезден биыл шектеу болады деп ойламаймын. Өйткені ол – жергілікті ошақты жұқпалы ауру, өткен жылы да мұндай екі жағдай орын алды. Биыл нодулярлық дерматитке қарсы 305 мың доза вакцина сатып алынды. Қазір Ақжайық, Теректі, Қаратөбе, Жаңақала аудандарында мал егу жұмыстары жүргізілуде. Мал ауруларының таралуы күре жол арқылы өзге өңірлерден тасымалданатын малдан дер едім. Өйткені жол бойында жергілікті мал жайылып жүреді. Сондай-ақ мал иесі басқа жерден сатып алған малы жөнінде  ветинспекторға  мәлімет  бермейді.

Гүлбаршын   ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

 «Орал  өңірі»  газеті:

– Егіндікөл ауылындағы бір ауыл шаруашылығы кооперативі Қоскөл ауылдық округінен асыл тұқымды бұқа сатып алу туралы келісімшарт жасағаны жөнінде мәліметіміз бар. Мал ауруы ошағына шектеу қойылғанша сатып алынған бұқа өзге ауылға пастереллез ауруын таратып жүрмей ме?

Қазыбек ТӘШІМОВ,

БҚО  ветеринарлық  басқармасының басшысы:

– Шектеу әлі ресми түрде қойылмағанымен, ветеринарлық мамандар тұрғындарға малды ешқайда шығармау жөнінде ескертті. Мал сол ауылдың ішінде тұрады, тек шектеу алынғаннан кейін малды алуына  болады.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика