Мұрағат: 11.04.2017


«Дүниеге адам қонақ ескен желдей…»

Күні: , 252 рет оқылды

16442757_627209294070508_1016388787_o


1993 жыл. Жаз айы. Ең алғаш Дәулеткерей атындағы мәдениет және өнер институтына емтихан тапсыруға келіп тұрған кезім.


Машинадан сұңғақ бойлы, үстінде ақ көйлек, қара шалбар киген, шашын жанына қайырған, кең маңдайлы, жарқын жүзді Амантай ағамыз бен аққұба келген, сымбатты Гүлнәр апамыз түсіп келеді. Жүрегіміз лүпілдеп, алғашқы емтиханымыз да басталды. Сол кезде емтихан қабылдаған ұстаздарымыз – режиссер Жамбылбек Есенбеков, Гүлнәр Жақыпова және Амантай Сұлтанғалиев ағамыз. Бұл тұңғыш рет кәсіби әртістермен жақын жүздесуім еді. Бәрі көз алдымда… Кейін осы оқуға түскеннен кейін театрға барып, сахнадағы кәсіби әртістердің ойынын көріп, Амантай ағамыздың актерлық шеберлігіне таңдандым. Шіркін!.. Домбыраны тартып, ән салғанда, бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай күй кешетінмін. Бала кезімде есімде, түстен кейін сағат үште ауылдық мәдениет үйіне киноға баратынбыз. Сол кезде режиссер Эльдар Оразбаевтың «Транссібір экспресі» фильмінде «Өмірге  аңсап туып, асыға өткен, Дүниеге адам қонақ ескен желдей…» деген ән айтылатын. Арқадан ән оздырған ақын Жұмабек Табынның сөзіне жазылған, Шәкен Айманов атамыз орындаған ән құлағымда қалып қойған. Осы әнді орындаушыны көзіммен көріп, тыңдасам деген арман қалған еді. Міне, содан кейін осындай керемет әннің шырқалуын Амантай ағамыздың орындауында естідім. Амантай ағамыз әнді қалай шырқап еді десеңізші!?. Жан дүниесімен, жүрегімен айтушы еді… Оны тыңдап отырып, орындау шеберлігіне сүйсінбеу мүмкін емес-ті.

Амантай Сұлтанғалиұлы 1947 жылы 1 мамыр күні Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылында дүниеге келген. Өз ауылында мектеп бітіріп, Жылыой ауданының Сарықамыс елді мекенінде еңбек жолын ішкі істер органында милиционер қызметінен бастаған. Өзінің туа біткен табиғи таланты, өнерпаздық қасиетімен көркемөнерпаз үйірмесінен бастап жеке ән айтып, аудан сахнасына шығыпты. 1964 жылы жазушы Б. Қорқытовтың «Ақбөбек» спектаклінде басты рөль Қайыптың образын сомдап, ауданға, облысқа танылыпты. Үлкен өнер жолын 1967 жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы – Атырау облыстық Махамбет Өтемісов атындағы драма театрына келіп, қатардағы әртістен бастаған. Театр майталмандары Қуат Төлеков, Құрманғали Доғалақов, Оңай Жақсыбаев, Әдиет Айтқалиев, Әбдір Теңелбаев сияқты сахна әке-ағаларынан өнеге, ақ батасын алып, бірге еңбек етіп, әуелі кіші рөльдерден бастап, кейін үлкен, ұлы тұлғаларды сомдаған. Сол жылдары, яғни 1967 жылдан 1992 жылға дейін Махамбет, Құрманғазы, Қайып, генерал Панфилов т.б көптеген ірі рөльдерді сомдап,  халық құрметіне, көрермен қошеметіне бөленді. Осы жылдары Қазақстан Республикасының құрмет грамотасымен марапатталып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды. Басқа да атақтары аз емес. Ол еңбек ете жүріп, өз білімін де көтере білді. Әуелі Гурьев педагогика институтының тарих мамандығын игеріп, кейіннен Мәскеудегі Бүкілодақтық мәдениет саласы басшыларын даярлайтын (Моссовет) институтты бітірген.

Амантай ағамыз 1993-1996 жылдары Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ашылған кезде директорлық қызметін атқара жүріп, сахнада өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Жас әртістерге өнерде тәлім-тәрбие берумен қатар өмірлеріне үлкен қамқоршы бола білді. Театр өнер саласында актерлық шеберлігімен бірге домбыра тартып, әуелете ән салуы кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалды. “Амантай Сұлтанғалиұлы Атырау сахнасында еңбек еткен кезде сахна аналары Алма Ахметова, Зәрина Сүлейменова, Жұпар Манапова апаларын үнемі аузынан тастамайтын”, — дейді құрбылары.  Шафхат  Әбуов, Темірболат Қыдырғалиев, Асқар Қаресов, Оспан Махамбетов, Гүлмаржан Махамбетова, інісі Төлеген Қуанышов т.б жолдастарымен үлкен сахнада ойнау бақытына ие болған еді.

Кейін ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды. Егер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амантай Сұлтанғалиев ағамыз арамызда болса, 70 жасқа толар еді. Осыған орай аға бейнесін еске алуды жөн көрдік.

Самал ӘБУОВ,

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актері әрі режиссері


«Ақтөбемен» тең түсті

Күні: , 221 рет оқылды


Футболдан премьер-лига командалары арасында ел чемпионатының бесінші турында Оралдың «Ақжайығы» Ақтөбеде жергілікті «Ақтөбе» командасымен жасыл алаңға шықты.


Қос команда турнир кестесінде қатар келе жатқанымен, бұл ойынның фавориті осының алдындағы турда Павлодарда «Ертісті» сан соқтырып кеткен «Ақтөбе» болғандығы анық. Дегенмен «Ақжайық» та биылғы маусымда ең көп гол соққан командалар қатарында келеді. Бұл жолы да Вахид Масудовтың шәкірттері сәті келсе, қарсыластың қақпасын нысанаға алуға тырысты. 9-минутта алаң иелері тәртіп бұзып, колумбиялық Джоан Аренас Дельгадоның пасынан кейін «Ақжайықтың» капитаны Мейрам Сапанов баспен дәл көздеді. Бұл – кезінде шабуыл шебінде де ойнап көрген Мейрамның биылғы екінші голы. Бұдан кейін алаң иелері қалайда таразы басын теңестіруге тырысқанымен, «Ақжайық» көпке дейін алдырмады. Өкінішке қарай, 80-минутта Руслан Валиуллин екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Осыны пайдаланған ақтөбеліктер шабуылды үдете түсті. 85-минутта бразилиялық Диас Морейра Кассиано баспен «Ақжайықтың» қақпасын дәл көздеді.

Сөйтіп ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Оралдықтар осымен қатарынан екінші ойында жеңіп тұрып, соңғы минуттарда қақпасына гол өткізіп алып, бір ұпайды қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Қазіргі таңда 5 ұпаймен бұрынғыша сегізінші орында келе жатқан «Ақжайық» келесі кездесуін 12 сәуір күні өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесімен» өткізеді. Бұл матч сағат 17.00-де басталады. Осының алдында өз алаңында «Ертіске» 0:2 есебімен есе жіберіп, 4 ұпаймен оныншы орында келе жатқан, ресейлік маман Владимир Муханов жаттықтыратын көкшетаулықтардың да жеңіске ұмтылары хақ.

Ғайса ҒАЛИ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика