Мұрағат: 10.04.2017


Жақсылық жалғасады

Күні: , 26 рет оқылды

Жаксылык


Жақында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының өкілдері   “Бақытты отбасы — бақытты балалық шақ” жобасы аясында  әлеуметтік қолдауды қажетсінетін отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға  әлеуметтік көмек көрсетті.


Биылғы жылдың басында аталмыш жоба аясында кірісі аз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайын білу мақсатында арнайы рейд ұйымдастырылып, мониторинг жұмыстары жүргізілді. Ақпан айында болған рейдте 31 жасар Наталья Кожевникова төрт баласының киім-кешектен қиналып жүргенін жеткізген еді.

Бұл жолы облыстық мәслихаттың депутаты Ляна Тұрсынова төрт балаға қажетті көктемгі күртешелер мен аяқ киім сыйлады. Әрі күні кеше ғана жұмыссыз қалған Натальяға сол жерде жұмыс ұсынып, №26 мектепте оқитын екі баласын тегін тамақпен қамтамасыз ететінін айтты. Бір сәтте көл-көсір қуаныштың иесі болған жас ана «Нұр Отан» партиясына, халық қалаулысы Ляна Тұрсыноваға шексіз алғысын білдірді. Келесі маңдай тіреген әскери қызметкерлердің жанұясында жеті бала өсіп келеді. Бізді ақ дастарқанын жайып, қарсы алған көп балалы ана Мәдина Ақылбаева осы күніне шүкіршілік етеді.

— Жұбайым — әскери қызметкер. Өзім де осы әскери салада қызмет жасаймын. Әзірге бала күтімімен үйде отырмын. Ақтау қаласынан қызмет бабымен тамыз айының аяғында көшіп келдік. Жеті баламның үлкені 14-те, кішісі екі жаста. Қазақта «Бай болып көрген жоқпын, кедей болып өлген жоқпын» деген сөз бар. Сол айтқандай, біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешудеміз. Бүгін біздің қал-жағдайымызбен танысып жатқан «Нұр Отан» партиясының мүшелеріне мың алғыс, — деді көп балалы ана. Мәдина Ақылбаеваның балалары да көктем мезгілінде киетін киім-кешекпен қамтамасыз етілді.

«Қуантсаң, баланы қуант!» демекші, балаларды қуанышқа бөлеген «нұротандықтар» мұндай сауабы тиер шараны алдағы күндері де жалғастыра бермек.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Мақсат – тасқынды болдырмау, суды тиімді пайдалану

Күні: , 24 рет оқылды

PRI_4305


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгіновтің ресми қабылдауында болған БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев қаладағы және аудандардағы су тасқыны бойынша жағдайды баяндады.


Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Осы аптадағы демалыс күндері ТЖ департаментінің тобы Быковка, Рубежка өзендерінде, Ветелки ауылында болып, жағдайды зерделеді.

— Қазіргі уақытта Хамино және Жалпақтал ауылдары бақылауға алынды. Жалпақталдағы Қараөзен өзенінің су аңғарына су толған, соның кесірінен бес тұрғын үй ауылдан бөлініп, оқшау қалды. Төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері күн сайын осы оқшау үйлердің тұрғындары мен оқушыларын ауылға судан қайықпен өткізуде, — деді Ж. Жұмашев.

Ж. Жұмашевтің айтуынша, облыс әкімі А. Көлгіновтің тапсырмасы бойынша осы аптада төтеншеліктер көршілермен, Орынбор облысының үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Сергей Балыкинмен жеке кездескен. Ресейлік көршілер негізгі суды Ириклин су қоймасынан емес, Бузулук өзенінен келеді деп күтуде. Биыл ол жақта өткен жылғымен салыстырғанда қар қоры әлдеқайда аз.

«Қазсушар» РМК БҚО филиалының мәліметтеріне қарағанда, Ресейдің Ириклин су қоймасы су жіберу секундына 25 текше метрді (өткен жылы сәйкес мерзімде бұл көрсеткіш 90 текше метрді, 2015 жылы 30 текше метрді құрады) құрайды. Ресейдің Варфоломеев су қоймасынан су жіберіліп жатқан жоқ.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов тасқынды болдырмаудың, сонымен қатар көктемгі суды ауыл шаруашылығы қажеттілігіне пайдалану үшін сақтап қалудың маңыздылығына тоқталды. Осыған байланысты өңір басшысы БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ж. Жұмашевқа осы аптада Қазталов, Жаңақала аудандарына барып, көктемгі су қорын жинақтау жұмыстарымен танысуды тапсырды. Сонымен қатар Қараөзен, Сарыөзен өзендеріне, барлық су қоймаларына судың толуы жайын көріп, жағдайды баяндау қажеттігін ескертті.

Ж. Жұмашев өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты ахуалмен таныстырды. Оның айтуынша, Деркөлдегі су деңгейі көтеріліп, соның салдарынан Шаған өзені суға толыққан, яғни 57 сантиметрге көтерілген. Ал Жайық өзені бойынша су деңгейінің көтерілуі әдеттегідей мамырдың бірінші онкүндігінде емес, ертерек сәуір айының соңына таман болады деп күтілуде. Жайық өзені бойынша қауіпті деңгей 8 метрді құрайды, алайда биыл өзендегі су 600-ден 650 сантиметрге көтеріледі деп болжануда.

Су тасқыны мерзіміне орай 82 жедел топ құрылып, 28 эвакуациялық пункт дайындалған. Барлық саяжай қоғамдары бойынша қауіптің алдын алу шаралары жүргізілген.

Лучия КУРАРАРУ


«Биыл 57 көшенің жолы жөнделеді»

Күні: , 34 рет оқылды

PRI_4066


Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев «Қазақстан-Орал» телеарнасының тікелей эфирінде журналистер мен телекөрермендердің сауалдарына жауап берді.


Бағдарлама кезінде оралдықтар тарапынан әдеттегідей тұрғын үй, аулаларды абаттандыру, көшелерді тазалау, жолдарды жөндеу, сондай-ақ медициналық қызмет жөнінде көптеген сұрақтар келіп түсті. Қала әкімі сұрақтарға жауап бере отырып, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттары туралы әңгімеледі. Қала әкіміне сұрақты студияға тікелей қоңырау шалып, сондай-ақ Twitter, Instagram, Facebook, Vkontakte әлеуметтік желілері арқылы жолдаудың мүмкіндіктері жасалды. Қойылған сұрақтардың басым бөлігі қаладағы құрылыс және жол жөндеу сапасына қатысты болды. Мәселен, М. Ықсанов көшесі бойындағы №7 мектеп аумағында қар мен жаңбырдан пайда болған су арнайы жасалған арыққа ақпайды. Қарапайым тұрғыда еңіс жасалмаған. Мұндай жағдайда жаңадан төселген асфальттың ұзаққа шыдамасы түсінікті. Қала көшелері бойынша осыған ұқсас мысалдар көптеп келтірілді. Тұрғындар, әсіресе, Зашаған кенті, ПДП-1, Жұлдыз шағынауданындағы жолдардың жөнделуіне қызығушылық танытты.

Облыс орталығындағы жол инфрақұрылымы дамуының әлеуметтік маңызын ескере отырып, Орал қаласының әкімдігі жыл сайын шаһардағы автомобиль жолдарын күтіп ұстауға, жөндеуге және жаңадан салуға бюджеттік қаражат бөледі. Алайда жұмыс көлемінің көптігі және қаржыландырудың жеткіліксіздігі мәселені түпкілікті шешіп тастауға мүмкіндік бермей келеді.

Қазіргі таңда Орал қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы 582,3 шақырымды құрайды. Оның 288,4 километріне ғана асфальтбетонды жабын төселген. Ал асфалть жолдардың 46 пайызы жөндеуді және қайтадан салуды талап етуде. М. Ықсанов көшесіндегі жолдың жөнделуіне келер болсақ, аталмыш жоба әзірге аяқталмаған. Ол нысанды қаржыландыру ҚПО б.в. компаниясы есебінен жүргізілуде. Жоғарыда айтылған еңістің дұрыс жасалмауына қатысты кемшіліктерді жою туралы құрылыс жүргізетін компа-панияға ресми түрде жеткізілетін болады.

Шаһар басшысының мәлімдеуінше, биыл өткен жылмен салыстырғанда жол жөндеу қарқыны үш есеге жуық артпақ. Атап айтқанда, 2015 жылы 25, 2016 жылы 23 шақырым жол жөнделген болса, ағымдағы жылы 72 шақырымды құрайтын қаладағы 57 көшенің жолдары жөнделмек. Сонымен қатар салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған, жылма-жыл жөндеуді қажет ететін Депо көпірін қайта салу жұмыстары басталып кетті. Ені бұрынғыдан кеңірек болатын көпірді жаңартып-жаңғырту жұмыстары екі жылда тәмамдалуы тиіс.

Жұлдыз шағынауданында 15 көшенің, ПДП-1 ауданында 22 көшенің жолдары көтеріліп салынбақ. Сондай-ақ жақын күндері Зашаған кентіндегі Балауса шағынауданының жолдарын жөндеу жұмыстары басталады.

Қала әкімінің айтуынша, егер жыл сайын қаладағы 80-100 шақырым жолдар жөнделетін болса, бас-аяғы 5-6 жылда шаһардың көше жолдары түгел жаңартылады.

Тікелей эфирге қала тұрғындарының қойған сауалдарының дені тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың салынуына қатысты болды.

— Жыл сайын облыс орталығында 8-10 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді. Осыған қарамастан тұрғын үй кезегіндегілердің саны азаяр емес. Бүгінде қала бойынша 17 909 адам баспана кезегінде тұр. Өткен жылы 11 көп қабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы салынып жатқан сегіз көп қабатты тұрғын үйдің жетеуі «Нұрлы жол» бағдарламасымен, біреуі мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі бойынша бой көтеруде. Сонымен қатар қаланың Солтүстік-шығыс ауданында 2018-2019 жылдар аралығында көп қабатты 27 тұрғын үй салу жоспарланып, бүгінгі таңда инженерлік желілер тартылуда. Қала бойынша апатты жағдайдағы 40-тан астам көне үй бар. Ол жерлерде 1500 адамды құрайтын 300-дей отбасы тұрып жатыр. Алдағы үш жыл ішінде мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі бойынша осы үйлерді құлатып, орнына көп қабатты тұрғын үй салатын боламыз. Депо ауданында апатты жағдайдағы екі үй бұзылып, орнына жаңа көп қабатты үй салынуда. Ағымдағы жылы Гагарин көшесі бойындағы бір үй бұзылып, жаңа баспана бой көтеруде. Оның сыртында Деркөл ауданындағы екі мектептің, Сарытау ауданындағы және №4 орта мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде, — деді Нариман Төреғалиев.

Тікелей эфирге қоңырау шалған Светлана Серікқызы есімді қала тұрғыны аулаларды абаттандыруға қатысты сауалын қойды. «Гагарин көшесі №36 үйде көп жылдан бері тұрамын. Біз тұратын үйдің ауласы бірде-бір рет жөндеу көрген жоқ. Балаларға ойын алаңдары, үлкен адамдарға тынығатын орындар салынса екен дейміз. Біздің ауланы осы жылы абаттандыру жоспарланған ба?» — деді қала тұрғыны.

— Ағымдағы жылы аулаларды абаттандыруға 54 миллион теңге қарастырдық. Ол қаражатқа 19 аула абаттандырылатын болады. Солардың ішінде сіздің аула да бар, — деп жауап берді қала әкімі. Сондай-ақ қала әкімі шаһар тұрғындарын абаттандыру жұмыстарына атсалысуға, сенбіліктер ұйымдастырып, аулаларды таза ұстауға шақырды.

Қала әкімінің қатысуымен өткен тікелей эфир барысында call-орталығына шаһар тұрғындарынан 100-ден астам сауал келіп түсті. Бір жарым сағатқа созылған эфир барысында хабарласқан оралдықтар қала тазалығы, сенбіліктер өткізу, жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру бағытындағы сауалдарын жолдаумен қатар түйткілдің шешілу жолдары туралы ұсыныстарын да жеткізді.

Лучия КУРАРАРУ,

Нұрбек ОРАЗАЕВ


«Сау болу оңай!»

Күні: , 20 рет оқылды

IMG_0961


7 сәуір — Дүниежүзілік денсаулық күніне орай салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелерінің облыстық орталығы, қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы және басқа да мүдделі ұйымдардың бастауымен «Сити центр» сауда орталығында «Сау болу оңай!» атты іс-шара өтті.


Дүниежүзілік денсаулық ұйымының қозғау салуымен белгіленген бұл атаулы күн 1948 жылдың 7 сәуірінен бастау алады. Әрі жылма-жыл әлемде кеңінен атап өтілуде. Тәуелсіздік жылдарында атаулы күнді ұлықтау елімізде де қалыпты дәстүрге енді.

Аталмыш іс-шара күндізгі 12-14 сағат аралығына белгіленсе де, оған келушілер сағат он бірден бастап толып кетті. Біреулер қан қысымын өлшетсе, екіншілер ағзадағы холестерин мен қант мөлшерін анықтатуда. Сусақ (қант диабеті) және басқа да бүгіндері халық арасында көп таралған дерттердің алдын алуға арналған тегін кеңестер берілді. Бойының ұзындығы мен дененің салмағын өлшетіп, дәрігерлерден тиісті кеңес алғандар да аз болмады. Әсіресе, көздің ішкі қан қысымын өлшеуші маманға сұранушылар да жеткілікті.

— Шыны керек, әдетте кез келген адамның денсаулығына мән беруге мұршасы келмейді. Міне, сондайда осы іс-шараның маңызы зор. Шараға белсене қатысып, тексеру шараларына бірінші кірісіп кеткен БАҚ өкілдеріне ризамын. Бізде тек денсаулықты тексеру шараларымен шектелмей, салауаттандыру бағдарламалары бойынша фитнес, брейк-данс, зумба, тағы басқа мәдени-спорттық шаралар бойынша шеберлік сыныптары өтеді. Бір сөзбен айтқанда, тегін медициналық кеңес беру және басқа да адам денсаулығын жақсартуға бағытталған іс-әрекет халық тарапынан тек қолдау таппақ, — дейді Орал қалалық тұтынушылар қорғау басқармасының басшысы Мәдениет Танауов.

— Мені халықтың көп келуі қуантады. Өйткені біздің мақсатымыз, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттаумен ұштастыра отырып, ел-жұрттың денсаулығын нығайту бағытында жұмыстанудамыз, –  деді салауатты өмір салтын қалып-тастыру мәселелерінің облыстық орталығының маманы Ләззат Қожагелдина.

С. ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Колледж студенттерінің туристік шараларға қатысуы төмен

Күні: , 32 рет оқылды

20170406_113300


Бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин хабарлады. Сонымен қатар бұл салаға қатысты қордаланған мәселелер де ашық айтылды. Мәселен, аудандардағы туризм орталықтарының балалар тасымалдайтын көліктердің әбден тозығы жеткен. Негізінен, оларды пайдалану мерзімі он жылдан аспауы керек. Аудандар арасында Жәнібек пен Ақжайықтағы туризм орталықтарының көліктері ғана талапқа сай.


Директордың мәліметінше, республикада 37 туристік орталық болса, оның 14-і біздің облыста екен, яғни өңіріміздегі мектеп оқушыларының 12,6 пайызы орталықтарға қарасты үйірмелерге барады. Ал Ақжайық пен Жәнібек аудандарында мектеп жасындағы балалардың 30 пайыздан астамы қамтылған. Виктор Павловичтің сөзінше, Орал қаласы мен Тасқала және Теректі аудандарындағы мамандар бұл бағытта көрсеткішті жоғарылату бағытында жұмыстанулары қажет.

Туристік үйірмеге қатысушылардың жоғары деңгейде дайындығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін туристік орталықтардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту бағытында қажетті шаралар алынуда. Дегенмен Шыңғырлау мен Ақжайық аудандарындағы орталықтардың ғимараттарын жөндеу өзекті күйінде тұр. Облыстағы тоғыз орталықтың жанында балаларға арналған туристік қоныстар (базалар) орналасқан. Орал қаласында және Бөрлі, Бөкей ордасы, Зеленов аудандарында жыл бойына жұмыс жасайтын базалар болғанымен, олардың құрал-жабдығын толықтыруға және жаңалауға көңіл бөлу қажет-ақ. Ал Теректі ауданында әлі күнге балалар демалатын туристік кешен салынбаған.

Атап өтерлігі, туристік сайыс түрлерінен облыста шыңға өрмелеу мен спорттық бағдарлау жақсы дамыған. Орал қаласы мен аудандарда 22 шыңға шығу жабдығы пайдалануға берілген. Облыстық «Батыс-West» құрамасы соңғы жылдары республикалық туристік көпсайыстарда жеңімпаз-жүлдегер атануда. Спорттық туризмнің республикалық федерациясы рейтингі көрсеткіші бойынша облыс командасына жоғары баға беруде. Жергілікті қатысушылар дайындықты жылмажыл күшейтетіні анық. Себебі шыңға өрмелеу спорт түрі 2020 жылы өтетін Токио олимпиадасының бағдарламасына енген.

Облыста оқушыларды спорттық бағдарлауға дайындайтын 57 үйірме бар. Бөрлі мен Зеленов аудандарында ғана арнайы спорттық бағдарлау бөлімдері ашылған. Атап өтерлігі, жерлесіміз Нарқыз Ерқосаева бұл спорт түрінен ел біріншілігінде жеңімпаз атанып, Гонгонг қаласында өткен І Азия чемпионатына Қазақстан құрамасының сапында қатысып, жүлделі орынға ие болған.

Виктор Фоминнің айтуынша, өңірімізде колледж студенттерінің туристік-өлкетану бағытында өтетін шараларға қатысу деңгейі төмен. Орал қаласындағы санаулы колледжден ғана қатысатындар белсенділік танытады. Сонымен қатар аудандардағы мамандар оқушылардың арнайы санаттарды иеленуін қамтамасыз етуге көңіл бөлулері керек. Бұған бір жағынан туристік орталықтарда қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі әсер етуде.

– Облыстың жас өлкетанушылары «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициясының республикалық кезеңінде былтыр бірінші орын алды. Экспедицияға қатысушылар тапқан жәдігерлер мен құжаттар мектеп музейлеріне жинақталуда. Өңірімізде облыстық білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес «Барлық білім мекемесінде – музей» атты акция қолға алынған. Қазіргі уақытта өңірімізде 136 мектеп музейі жұмыс істейді. Соның ішінде Бөрлі ауданындағы музейлердің жетекшілеріне жақсы жағдай жасалған, яғни олар тұрақты жалақымен қамтамасыз етілген, – деді директор.

Виктор Фоминнің айтуынша, туристік-өлкетану бағытында экспедициялар, веложорықтар, түрлі іс-шаралар уақтылы ұйымдастырылуда. Әсіресе, еліміздің өзге облыстарындағы және Ресейдің шекаралас өңірлеріндегі әріптестермен өзара тәжірибе алмасу мақсатында балалардың қатысуымен семинарлар, ғылыми конференциялар, бірлескен туристік жорықтар өтуде.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Айгүл ЛОГАШКИНА, «Қазақстан-Орал» телеарнасы:

– Биыл елімізде «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтпек. Көрме аясында ұйымдастырылатын туристік жорыққа дайындық қалай?

Виктор ФОМИН:

– «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне баратын оқушылар мен студенттердің жорығын «Гермес Тур» компаниясы қамтамасыз етеді. Ал біздің облысқа саяхаттайын қонақтар үшін қажетті бағыт-бағдарды әзірлеумен ұзақ уақыт жұмыстандық. Маршруттардың бағытбағдары біздің мекеменің сайтында орналастырылған. Қазіргі кезде шетелдік туристер өздері қалаған бағытты таңдаулары үшін арнайы жинақ құрастырудамыз.

Оксана ДЕМЕНТИЕВСКАЯ,

«Литер» газеті:

– Бірнеше жыл бұрын облыста жаңа туристік кешеннің жобасы салынуы мүмкін екені белгілі болған еді. Сол жөнінде айтсаңыз.

Виктор ФОМИН:

– Шалқар көлінің маңынан әлемдік деңгейдегі балалар мен жасөспірімдер үшін жаңа туристік лагерь ашуды жоспарлағанымыз рас. Бірақ дағдарыс уақытына тап келгендіктен, ҚР Білім және ғылым министрлігі біздің жобамызды қаржыландырудан бас тартты.


Алаяқ азаматша

Күні: , 37 рет оқылды

alajak-2-с


Жуырда өзгенің сеніміне кіру арқылы алаяқтық жолмен көп мөлшердегі қаржыны олжалап, ізін жасырған азаматша ұсталды.


1965 жылғы Орал қаласының тұрғыны 1976 жылғы азаматшадан жер сатып алуға жәрдемдесемін деген желеумен 1 миллион 500 мың теңгесін алып кеткен. Зардап шеккен Ақсай қаласының тұрғыны жердің де, ақшаның да жоқтығын сезіп, полицияға хабарласты. Абай полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері алаяқ азаматшаны іздестіру нәтижесінде тапты. Ол барлық алдау қылықтарын мойындап, ешқайда кетпейтіні туралы қолхат жазып берді. Абай полиция бөлімінің жауапты қызметкерлері  алаяқтыққа қатысты істі тексеріп, тергеу амалдарын жүргізуде.

Орал қаласының ІІБ баспасөз қызметі


«Тұрғындардың сұранысына сәйкес үш жылдық жоспар жасау керек»

Күні: , 28 рет оқылды

IMG_4704


Жақында Шыңғырлау  ауданының орталығында барлық ауылдық округтердің әкімдері, аудан әкімдігінің  құрылымдық бөлімшелері мен мекеме басшылары  қатысқан  жиын өтті.


Оны аудан әкімінің орынбасары  Тілепберген Каюпов  ашып, жүргізіп отырды. Жиынға облыс  әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева қатысты.

  Жиында екі мәселе қаралып, оған нақты  түсініктеме берілді.

– Жергілікті  мемлекеттік басқару және өзін-өзі  дамыту мәселесіне қатысты ауданда  бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде  әрбір округ әкімі  аппаратының өзінің қолма-қол бақылау шоттары бар. Аталған шоттарға  мүлікті жалдау ақысы, демеушілерден көмек қаржысы да түсіп отырады.  Және де  аудан бюджетінен трансферттер аударылып тұрады.  Қаражатты мақсатты жұмсауда қоғамдық келісімдер алдына қойылып, мақұлданып отырылады.  Мысалға алсақ, өткен КСН шоттарында 17  млн. 262 мың теңге болса,  соның ішінде 14  млн. 463  мың теңге бюджеттік  трансферттер, жұмсалынғаны  12 млн. 682  мың теңгені құрады. Аталған қаржыға  ауылдарды абаттандыру жұмыстары жүргізілді, көшелерге қосымша жарық көздері  орнатылды. Қыста қардан тазарту жұмыстарына да қаражат осы жерден бөлінді. Ал  биылғы жылы  аудан бюджетінен трансферттер ретінде 31 млн. 122 мың теңге  қарастырылды. Биылдан бастап  жаңа сипатты бюджет қалыптасуына байланысты дайындық жұмыстарын қолға алдық, – деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары  Тілепберген  Каюпов.

Осы жиында сөйлеген облыс әкімінің орынбасары  Бибігүл Қонысбаева жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселесін түсіндіру барысында алдағы болатын өзгерістерге сақадай сай болу үшін ең алдымен дайындық жұмыстарын жүргізу  керектігін айтты. Оның сөзінше,  ендігі кезекте ауылдық округ  әкімшілігі халықпен тығыз жұмыс істей отырып, қаражатты  тиімді пайдалану жөнінде өздері дербес шешім қабылдайды. Тұрғындардың сұраныстарын ескеріп, әр округ үш жылдық жұмыс жоспарын жасауы керек. Ол сондай-ақ ауылдағы мүліктерді есепке алып, одан пайда көздерін құрау, салық түсімін реттеу туралы түсіндірді. Облыстық экономика және  бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алтай Құлқаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау  басқармасының, жергілікті  бюджеттік кірістерін  болжау және талдау бөлімінің басшысы  Ғалым  Жұбанышев, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік  қызмет көрсету басқармасының  басшысы  Тимур Төлепов кезегімен сөз алып, күн тәртібіндегі мәселені әрқайсысы өз саласы бойынша түсіндірді. Облыстық мемлекеттік сатып алу  басқармасының әкімшілік бөлімінің бас маман-заңгері Ильдар Ғайнутдинов ауылдық округ әкімдерін мемлекеттік сатып алу  жұмысының алдағы уақыттағы  өзгерістерімен таныстырып, мемлекеттік сатып алу  заңдылықтарын, оларға қойылатын талап-міндеттер жөнінде баяндады. Жер-жерде әзірлік жұмыстарының қызу жүріп жатқанын айтқан ол халқы мен мекеме-кәсіпорындарының көптігіне қарамастан, Ақсай қаласында жергілікті өзін-өзі басқару талаптарына  әзірлік қазірден-ақ тиянақты  басталып  кеткенін  жеткізді.

Жиын барысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Абзал Сапаров, Шыңғырлау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жанғабыл Сағынов, Алмаз ауылдық округінің әкімі Ғаббас Қайырғалиев, аудандық экономика  және қаржы бөлімінің басшысы  Сағидолла Тұрғалиев, Шыңғырлау ауылдық округі әкімінің орынбасары Сағат Шағыров және тағы басқалары мәселенің мәнісін бағамдап, көкейлерінде жүрген көптеген ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар жұмыстарына байланысты  сұрақтар қойып, жауаптар алды. Ауыл әкімдеріне үлкен жүк артылып, жауапкершіліктің салмағы ауырлайтындығын ескерткен Бибігүл Тишанқызы қазірден бастап мамандарды әзірлеу керектігін айтты. Оның сөзінше, әрбір ауылдық округ аппаратында ең заманауи екі компьютер, заңгер, тіпті  тәжірибелі әрі мемлекеттік сатып алу бағдарламасын жақсы білетін заңгер болуы  қажет.

Семинар-жиынды  қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов жиынға қатысушыларды мемлекеттік-жеке меншік әріптестік  жоспарларымен таныстырды.

Айсұлу  АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау  ауданы


Таяуда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов кездесті

Күні: , 29 рет оқылды

17795997_1414189768620339_623395954025108376_n


Таяуда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов кездесіп, «Смарт Астана» жобасы аясында атқарылып  жатқан жұмыстарды  талқылады.


Жүздесу барысында Астанадағы е-кск, смарт-медицина сияқты тың жобалар бойынша тәжірибе алмасылды.

«Бізді Астанадағы жобалар қызықтырды. Смарт сити аясындағы Астананың тәжірибесін Оралда пайдалану ойымызда бар», – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Әли – спорт шебері

Күні: , 36 рет оқылды

DSC_0137


Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің 2-курс студенті Әли Ақеділов жуырда Орал қаласында өткен ҚР бокс федерациясының құрметті президенті Бекет Махмұтовтың жүлдесіне арналған I халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған еді. Ол туралы «Орал өңірі» газетінің 14 наурыз күнгі №28 санында жазылған болатын. Әли араға ай салмай Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған XVI халықаралық турнирде кезекті мәрте топ жарып, жарыс ережесіне сай ҚР спорт шеберлігінің талабын орындады.


30 наурыз — 4 сәуір аралығында Түркістан қаласында өткен аталмыш турнирге барлығы 198 спортшы қатысса, Әлидің салмағында (64 келі) 27 үміткер бақ сынаған.

— Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық жарыстың жеңімпаздары спорт шебері деген атаққа ие болады. Яғни бұл сайысқа ҚР бокс федерациясының келісімімен, бокстан жастар арасындағы Қазақстан құрама командасы аға бапкерінің арнайы шақыртуымен кілең сайдың тасындай іріктелген, спорт шеберлігіне үміткерлер ғана қатысады. Бұл жолы біздің облыстың бес спортшысына шақырту келді. 46 келі салмақ бойынша Қазталов ауданының Бостандық ауылынан барған Тұрарбек Қалиев финалдық сында өнер көрсетіп, жеңіске қол созым қалғанда ұтылғаны өкінішті-ақ.

Әлидің ең басты ерекшелігі – оның еңбекқорлығы. Ол айтқаныңды қалт еткізбей орындайды және жаттығуды еш уақытта жібермейді. Әлиден таланты артық балалар көп. Бірақ олар жаттығуды жіберіп алады. «Талант өз алдына, еңбек ету керек. Кім тер төксе, жаттығудан қалмаса, өзін қинаса, сол жетістікке жетеді» деп шәкірттеріме үнемі айтып отырамын. Соңғы 35 күннің ішінде Әли қатарынан үш жарысқа қатысты. Негізі ересектердің өзіне бір айда бір жарыс жеткілікті. Бірақ қазір елімізде сайыс көп. «Спорт шебері» деген атаққа қол жеткізу, ел құрамасына ілігу секілді әр түрлі міндеттер бар. Сол себепті жағдайға бейімделу керек болды, — дейді бокстан ересектер және жастар арасындағы БҚО құрама командасының аға жаттықтырушысы, Әлидің жеке бапкері Саттар Сұлтанғалиев (суретте).

Туған жеріне жеңіспен оралған жас спортшыны әңгімеге тартып, аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.

 

— Әли, бокспен қашаннан бастап айналысасың?

 

— Боксқа екінші сыныптан бастап қатыса бастадым. Бапкерім Саттар ағай мені ойнап жүрген жерімнен жолықтырып, спорт залға өзі шақырды. Бірақ ол жолы жаттығуға бір айға жетер-жетпес уақыт қатысып, кейін бармай кеттім. Жаттығуды балалықпен іш пыстырарлық дүние секілді қабылдадым.

Есейе келе, теледидардан өзіміз секілді қазақ балаларының әлемдік деңгейдегі сайыстарда топ жарып жүргенін көріп, боксқа деген шынайы құлшынысым оянды. Сөйтіп, алтыншы сыныпқа келген кезімде жаттығуға ақыл тоқтатып бардым.

 

— Осыған дейінгі спорт жолыңда қандай да бір қиыншылықтар кездесті ме?

 

— Қазір бокспен шұғылданып жүргеніме алты жылдан асты. Әр жаттығудың өзін бір қиындық десе, болады ғой. Қиындықсыз жетістік келмейді. Бірақ бүгінде спорттың бұл түріне бойым әбден үйренген, көңіліме ерекше ұнайды.

 

— Мектептегі сабақ үлгерімің қандай болды? Қай пәндерді ерекше ықыласпен оқыдың?

 

— Сабақ үлгерімім орташа болды. География пәнін ұнатып оқыдым. Әсіресе, әлем елдері туралы мағлұмат, олардың картадағы орналасуы қызықтырды. Бала күнімнен спорт жолында жүріп, әлемді шарласам деген арман санамда қылаң берді.

 

— Туған жерің, жанұяң туралы әңгімелеп берсең?

 

— Өзім Орал қаласында туып-өстім. Әкемнің туған жері – Теректі ауданының Абай ауылы. Отбасында төрт адамбыз. Әкем, анам және менен сегіз жас үлкен ағам бар. Бәрі де жұмысбасты адамдар.

 

— Ата-анаң спорт жолын таңдағаныңды құптай ма?

 

— Иә, олар кешегі жетістігіме ерекше қуануда. Ата-анамның және бапкерімнің үмітін ақтап жүргенім үшін өзім де қуаныштымын.

 

— Алға қойған мақсатыңыз, жоспарларың туралы әңгімелеп берсең?..

 

— Жалпы, бапкеріммен ақылдаса келе педагогикалық колледждің спорт факультетіне түскенде түпкілікті түрде спорт жолын қуамын деп шештім. Болашақта бокстан Қазақстан құрама командасының мүшесі болып, көптеген биіктерді бағындырсам деймін. Олимпиада жеңімпазы атанып, барша қазақ-стандықты қуантқым келеді.

 

— Өмірдегі басты ұстанымың қандай?

 

— Бапкеріміз ұдайы жаттықтырумен қатар бізге ата-тек, ру-шежіре, қазақтың батырлары туралы жиі әңгімелейді. Ондай әңгімелер спорттағы жеңіске деген жігерімізді жанып қана қоймай, күнделікті өмірде де пайдаға асады. Біздің өмірлік ұстанымымызға бағыт-бағдар сілтейді. Сондықтан спортта қандай биік шыңға шықсам да, қарапайым қазақы қалыпты сақтау менің өмірлік ұстанымым десем болады.

 

Су жаңа спорт шеберімен сұхбаттасқан: Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

 

P.S. Әлидің таудай талабына бармақтай бақ тіледік. Енді ол 26 сәуір күні Ақмола облысының Шортанды қаласында өтетін ел біріншілігі «Жастар ойынында» бақ сынамақ.


Қос редакцияның құрметіне

Күні: , 25 рет оқылды

IMG_9996


Балалардың  «Қазақстан  — мейірімділік  мекені» атты республикалық бастамасына Орал қаласындағы  зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының  шәкірттері де алғашқылардың бірі болып  үн қосты.


Табиғатты қадірлеуге, құстарға қамқорлық жасауға шақыратын бұл бастамаға  аталмыш мектептегі еңбек пәнінің ұстазы Самал Қазиев ерекше мән берді. Ол бір кездері ағаш шебері болып еңбек еткен әкесінен ағаш кесуді, шабуды, қиюды, жонуды, оюды және оймыштауды үйренсе, бүгінде бұл өнерді өз шәкірттеріне үйретіп жүр.

— Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатында 11 жылдан бері еңбек пәнінен сабақ беріп келемін. Балалар өз еңбектерімен кәдесыйлар, түрлі ойыншықтар жасайды. Сондай-ақ қалыптасқан дәстүр бойынша құстарға арнап жәйлі ұя жасадық. Оны мектеп ауласындағы талтеректерге жайғастырмақпыз. Сонымен қоса, біздің мектептің оқушылары өңіріміздегі жаңалықтың жаршысына айналған «Орал өңірі» газетінің ғасырлық тойына арнап ұялардың бірқатарына «Орал өңіріне» – 100 жыл», ал енді екі-үшеуіне «Айқын» газетіне – 13 жыл» деп жазды. Бұл біздің қос редакцияның мерейтойына көрсеткен құрметіміз, — дейді Самал Орынбайұлы.

IMG_9990IMG_0001Мүмкіндігі шектеулі болса да, ізгі ниетті жасөспірімдердің аялы алақандарымен жасалған жәйлі ұялар тал-теректерге орнатылып, өздеріне қоныстанар қос қанатты иелерін күтуде.  Ал екі бірдей редакцияның мерейтойын ескеріп, бізге тосынсый жасаған балаларға біз дән ризамыз.

Болашақтарың жарқын, келешектерің кемел болсын, айналайындар!

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика