Мұрағат: 07.04.2017


Шәкірттеріміздің үлесі

Күні: , 61 рет оқылды

DSC_0145


Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернат кешені «Қазақстан – мейірімділік мекені» атты республикалық балалар бастамасы аясында көктемгі жыл құстарына арнап ұялар жасауда.


Мейірімді істерге үйір болып, қоғам мен қоршаған ортаға риясыз қызмет көрсетудің идеяларын кеңінен насихаттауды мақсат еткен бұл шараға мектеп оқушылары ынтамен атсалысуда.

Алты айшылық алыс жерлерден туған жерге іңкәр сағынышпен ұшып жететін қараторғайларға жасаған жәйлі ұяларының алдын балалар мектеп ауласындағы бақ ішіне орналастырып та қойды. Біраз жылдан бері облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясының ұжымы осы игі  бастаманың жаршысы атанып, өңір тұрғындарын маңызды да мағыналы шараға атсалысуға шақырып келеді. Былтыр бұл бастамаға өңіріміздің аудан-ауылдарындағы, облыс орталығындағы мектептердің оқушылары да көптеп үн қосқанын газет бетінен оқып, білдік. Облыс мектептерінің, қала берді біздің білім ошағының айтулы жетістіктерін қалың бұқараға жеткізуге асығатын сүйікті басылымымыз биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтпек. Біздің мектептің оқушылары осыны ескеріп, облыстық газеттің ғасырлық тойын жұртшылыққа насихаттап, аз да болса сыйлық жасау, құттықтау мақсатында жасалып жатқан ұялардың кезекті легіне «Орал өңіріне» – 100 жыл» деп жазуды ұйғарды. Бүгінде оқушылардың қолымен жасалған жайлы ұялар мектеп маңындағы ағаштарға жайғастырылып, балапан басатын қараторғайларын күтуде.

Меңсұлу ТАПАЛОВА,

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

Орал қаласы


«Бес қонақ» туралы не білеміз?

Күні: , 554 рет оқылды

0f9428bfa9bd264cbfc51f41b145f27a


Қазақ ежелден күн райының күрт құбылуынан сақтанып, шаруасын ерте қамдап отырған. Мал бағу негізгі күн көрісі болған соң, тілсіз табиғаттың тұспалын жіті бағдарлап,  жыл мезгілдеріне болжам жасаудың маңызы зор болды.


Негізсіз жорамалға сүйенбей, жер бедеріндегі өсімдіктің, топырақ түсінің өзгеруін, желдің бағытын, хайуанаттардың қимылынан бастап, ғарыш кеңістігіндегі аспан денелеріне ат қойып, олардың қозғалысын қырағы қадағалаған ғаламат зерде бертін келе көмескіленіп, нағыз атакәсіпке керек ежелгі ғұрыптардың біразы ұмытылды. Дегенмен әлі күнге санаға берік орныққан табиғат құбылыстары бар.

Міне, бүгіннен, яғни сәуір айының 8-інен бастап босағадан енген «бес қонақтың» қас-қабағына қараймыз. Қазақтың есебінше, осы айдың ішіндегі он күн жауын-шашынды болуы, тіпті қар жауып, бұрқасын болуы ғажап емес. Мал өріске шығып, төлдеу науқаны басталғанда, шаруаға жайсыз тиеді деп күтілетін шақ осы. Бұл кезеңді «бес ескі, бес жаңа» деп даралап атауының өзіндік зор мәні бар. Қанай бидің ұрпағы, математик-ғалым Мыңбай Ысқақов «Халық күнтізбесі» еңбегінде бұл жайында тарқатып жазған. Автордың сөзінше, күн мен айдың қозғалысына қатысы жоқ, негізінен, ауа райы мен шаруашылық маусымдарына байланысты қалыптасқан айлар азаматтық айлар деп аталған. «Жыл 12 азаматтық айға бөлінген. Жыл аяғында, айлардан тыс 5-6 күн қосылып отырған. Ол күндер «бес қонақ» деп аталған», – деп жазады ғалым. Ескере кету керек, еліміздің оңтүстік облыстарында «бес қонақ» амалы 17-21 наурыз күндері өтеді деп есептелінеді.

Ал біздің облыстың тұрғындары сәуірдің 8-і мен 18-і аралығында шаруа ыңғайын қамдап, күн ілгері бір-біріне ескертіп, ауа райы болжамдарына құлақ асады. Оңтүстік аудандарда «бес ешкі, бес жаңа» атауы кеңінен қолданылады. Бала күнімізден санада солай қалыптасқан түсінік. Дегенмен бұлайша атау Ресейдің көршілес облыстарына да тән секілді. 2005 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан (Ғ. Қалиев, О. Нақысбеков, Ш. Сарыбаев, А. Үдербаев) жарық көрген «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде»: «Бес ешкі. Сәуірдің сегізінен он үшіне дейінгі мерзім. Бес ешкіден соң «бес қонақ» келеді, содан соң күн жылиды (Ресей, Саратов)» деген анықтама берілген.

Тілші-ғалымдардың пікірінше, көкек айындағы он күнді «бес ескі, бес жаңа» деп қарастыру қисындырақ. Яғни қазақ күнтізбесіндегі артық қалатын бес күннің «көнеленіп», жыл басындағы бес күннің жаңадан басталуы заңдылық. Ескіше жыл санау мен ғасырлар бойы бірнеше мәрте «орны ауысқан» ресми күнтізбелердегі айырма салдарынан «бес қонақтың» мерзімі сәуірге жылжуы бек мүмкін.

Көктем кезінде сапарға шыққан «бес қонақтың» жолдағы үйге түнемей, өліара уақытта боран соғып, далада үсік шалып, дүние салғаны жөнінде аңыз халық арасында кеңінен тараған. Бір жағынан, бұл әпсана құбылмалы күн райының мал-жанға қатері мол екенін ескертіп, әлі күнге шаруа жайына сергек қарауға қамшылап тұратын танымдық зерде секілді.

 М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов халық «бес қонақты» табиғат құбылыстарының тосыннан мінез көрсетуін астарлап айтқан деп жорамалдайды.

– Ақпан аяғында қар күрт жіпсіп барып, қайтадан қатты. «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деп аталып кеткен мұндай кезде көктемнің шығуы баяулайды. Наурыздың аяғындағы жылымықта оқыстан қар жапалақтап жауды. Бұрын қазақтар бұл амалды «Құс қанаты» деп атаған. «Құс қанатынан» кейін мал төлдей бастайды. Соған қарағанда, «бес қонақтың» басында жауын-шашын кідіріп, жаймашуақ болады. Қазіргі күн райына қарап, жаздыгүні аңызақ соғуы мүмкін деген ойдамын. Ақтөбе облысының тұрғындары мұндай өліара шақты «отамалы» деп атайды, – деді саятшылықпен айналысқанды жаны сүйетін, табиғат аясына жиі шығатын ғалым өзіндік тәжірибесін бөлісіп.

Табиғат құбылыстарын жадына тоқып жүретін көнекөз қариялар бүгінгі күні сирек. Жәнібек ауданына қарасты Ақоба ауылында тұратын Төлеген Жүсіповтің өз тәжірибесіне сүйеніп айтатын ауа райы болжамдары кейде айна-қатесіз келетінін ауылдастары біледі. Қария айдың еңкектігі мен шалқақтығын, судың мұз болып қатып, кейін еріген мерзімін, желдің бағытын есепке алып және жаңа туған ай мен ескі айды салыстыру арқылы алдағы күн райын жобалауға болатынын айтты. «Суанша мал жайып, не істеп отырсың?» деген бұрыннан қалған сөз бар. Оның мәнісіне үңілсек, байдың малын баққан Суан есімді кісі көктемнің жаймашуақ күнінде кенет қар борап, аяз қарудың салдарынан киіз үйде төсегінен тұрмастан, қатып қалған екен.

«Бес қонаққа» қатысты аңыздың бір ұшығы осыдан шықса керек» деді ақсақал. Қарияның тәжірибесіне сүйенсек, жел қарама-қарсы бағытқа ауса, жазғытұрым жауын-шашын, қыста боран соғуын күтесің. Ай шалқақ күйінде бітіп, анық көрінсе, шаруаға жайлы, күн райы ашық болады. Шілдеде аптап аңызақ соқса, күзгі маусым керісінше салқын болады. Күзде тор сымдарды қырау түгелімен тұтып қалса, жазда егін шығымы жақсы болады.

Бұл ретте кәнігі мамандардың да пікірін білдік. «Қазіргі уақытта күндізгі ауа температурасы +3 пен +9 градустың аралығындағы жылылықты сақтауда. Биыл жауын-шашын түсімі қалыптағы мөлшерден әлдеқайда мол. Дегенмен сәуір айының ортасынан бастап күн райы жаймашуақтанып, жыли бастайды», – деді Батыс Қазақстан гидрометеорологиялық орталығы ауа райы болжамы бөлімінің басшысы Татьяна Шиллинг.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Салғырттықтың салдары

Күні: , 44 рет оқылды

Специальные розетки с защитой от детей


Бейсенбі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасында «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жол-көлік және тұрмыстық жарақатының алдын алу және міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында тіркеу науқанының басталуы» туралы дөңгелек үстел өтті.


7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай ұйымдастырылған шараға сала мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Айнаш Жұбанышқызының айтуынша, облысымызда балалар арасындағы тұрмыстық жарақаттар мен жол-көлік оқиғасы өзекті мәселенің бірі болып тұр.

Жыл басталғалы тұрмыстық жарақат 53 жағдайға жиілеп, төрт пайызға артқан. Әсіресе, бес жасқа дейінгі балалар арасында ұсақ нәрселерді (тиын, тас, ине, түйреуіш) жұтып қою жиі кездеседі. Электр сымдарын ашық қалдыру салдарынан балалардың жарақат алуы үш есеге көбейген. Өткен жылы дәл осы уақыт аралығында бес бала өлімі тіркелсе, биыл Қазталов ауданында түнде бесікке бөлеген бес айлық сәби тұншығып, қайтыс болған. Сондықтан түн мезгілінде де аналар жайбарақаттық танытпай, аса сақ болғаны жөн. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жиі өткізіп жүрміз, — дейді мамандар.

Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер арасында көшеден жарақат алу жағдайлары да азаймай тұр. Өткен жылы 458 жағдай тіркелсе, биыл жыл басынан бері 641 оқиға орын алған. Балаға ата-ана, туыстары, достары тарапынан қатыгездік, зорлық-зомбылық көрсету, күйік шалу, ит қауып, мысық тырнап алу жағдайлары да көп тіркелген. Бұл оқиғалардың басым бөлігі ата-ананың салғырттығынан орын алып отыр.

Жиында міндетті әлеуметтік сақтандыру шарасы аясындағы емханаға тіркелуді бекіту науқаны 5 сәуірден 31 маусымға дейін жүргізілетіндігі туралы да айтылды. Осы уақыт аралығында әр адам мекенжайы бойынша емханаға тіркелуі қажет.

Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Динара Әбдіхалықованың айтуынша, жыл басынан бері өңірімізде балалардың қатысымен сегіз жол-көлік оқиғасы тіркеліп, Бөкей ордасында бір бала көз жұмған. «Сондықтан ата-аналар, әсіресе, сәуір-мамыр айында жолдардағы көлік қозғалысының көбейіп кететіндіктен, аса мұқият болғаны жөн», — дейді ол.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Мал ұрлығына қарсы майдан!

Күні: , 65 рет оқылды


Қазақта «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөз бар. Бұл, сірә, кезінде мал ұрлығынан, барымтадан үсті-үстіне жапа шегіп, әбден запы болған адамның аузынан шыққан сөз болса керек. Өкінішке қарай, ел ішінде, облыстың біраз елді мекендерінде мал ұрлығы қазір де әбден дендеп тұр.


Ағымдағы жыл басталысымен редакцияға қылмыстың аталмыш түріне қатысты Сырым, Қаратөбе аудандарынан арыз-шағым ағылды. Айдың-күннің аманында, яки ел аман, жұрт тынышта ақ-адал малынан айырылған біраз кісі редакция басшылығына аяқтай да келіп жолықты. Аталмыш қос ауданға қоса, Ақжайық ауданының Тайпақ аумағынан да мал ұрлығына қатысты арыз-шағым түсті. Биылғы жыл басынан бері «Орал өңірі» газетінде баукеспе-барымташыларға малын алдырған ауылдағы ағайынның орынды ашу-ызасы өзек болған біраз сын мақала жарық көрді. Үшбу материалдар Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Әбіләзімовтың консультативтік-кеңесші құрылымның кезекті жиынының күн тәртібіне мал ұрлығы мәселесін қоюына негіз болды. Осы жиын барысында облыстық ІІД-ға қарасты өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Жасталап Сағадетов біздің басылымда жарияланған сын материалдарда көрсетілген фактілер толық дәлелденгенін, сол себепті Сырым аудандық ішкі істер бөлімі бойынша басшысы бар, қосшысы бар 17 полиция қызметкері, ал Қаратөбе ауданы бойынша 6 полицей, екі ауданнан ұзын-саны ішкі істер құрылымдарының 23 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын  мәлімдеді.

мал урлыгы

Ағымдағы жылдың алғашқы айының соңын ала ел-жұрт алдында есеп берген БҚО ІІД-ға қарасты жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин өз есебінде мал ұрлығы, әсіресе, Ақжайық, Теректі, Зеленов, Сырым және Қазталов аудандарында белең алып тұрғандығын тілге тиек еткен-ді. Ал біздің редакцияға ҚР Бас прокуратурасына қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша басқармасы жолдаған ақпаркестеге (инфографикаға) зер салсаңыз, мал ұрлығы облыстың қай-қай ауданында айылын жимай тұрғандығына көз жеткізе аласыз. Осы мәселеге журналистік зерттеу жүргізу барысында біздің түпкілікті көз жеткізгеніміз, түлік атаулыға жаудай тиетін ұры-қары алыстан келмейді екен. Баукеспе-барымташылар әдетте мал жоғалған ауылаймақтың төл тұрғындары болып шығады немесе ұрыларға нақты дерек беріп, бағыт-бағдар сілтейтін сыбайластар. Бұған қоса кейбір аудан-ауылдарда полиция қызметкерлерінің өздері малы жоғалғындығын айтып келген адамдардың арызын сексен сегіз сылтау, жетпіс жеті желеу айтып тіркемей, ит әуреге салатын көрінеді. Мұндай жағдай халықтың полицияға деген сенімін сұйылтып, «Осылардың өзі ұры-қарылармен ауыз жаласқан емес пе екен?» деген күдік-күмәнін күшейтпесіне кім кепіл? Міне, осындай жағдайлар мал ұрлығына қарсы ымырасыз майдан ашуға мәжбүрлеп тұрғандай көрінеді бізге. Бұл майданда халық – жергілікті билік – құқық қорғау құрылымдары және БАҚ өкілдері тізе қосып қимылдаса, жеңілмейтін «жау» жоғы кәміл. Егер үшбу төрт таған бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істесе, пәрменді күшке айналып, талай ауылдың ұры-қарысы мен тентек-телісін тәубесіне түсірері шүбәсіз. Енді «Орал өңірінде » әр айдың басында өткен айда облыс аумағында қанша мал ұрлығы тіркеліп, қанша адам жауапкершілікке тартылғандығын Орал қаласы мен әр аудан бойынша жіктеп-жіліктеп беретін боламыз. Бізді ай сайын осындай ақпар-мәліметпен қамтамасыз етуге уәде беріп отырған ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқармасының басшылығына алдын ала бек рақмет! Сөз соңында біз өз тарапымыздан облыс басшылығына аудан-ауыл әкімдерінің және жергілікті ішкі істер құрылымдары басшыларының жұмысына баға беру барысында олардың мал ұрлығын әшкерелеуге қатысты нәтижелі-нәтижесіз іс-әрекеттеріне жіті  назар  аударуды  ұсынамыз.

Редакция  алқасы


«Бекіре – 2017» басталды

Күні: , 47 рет оқылды

aefa8b7efe71fe91533d09482ded7ae8ae49da86


2017  жылдың  1 сәуірі  мен  31  мамыры  аралығында  облыс аумағында  бекіре тұқымдас  және  балықтың  басқа  да  барлық түрлерін,  олардың өнімдерін  заңсыз  аулауға, тасымалдауға  және сатуға  тыйым салынды. Осыған  байланысты «Бекіре – 2017»  жедел  профилактикалық  іс-шарасы  өтуде.  Бұл  туралы  бейсенбі  күні  БҚО  ІІД  жергілікті  полиция  қызметі  өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте  мәлім  болды.


Брифингте бұдан өзге жергілікті полиция қызметінің жыл басынан бері атқарған жұмыстары мен орын алған жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ жаңа заңға сәйкес көлік қозғалысын алатаяқсыз қолмен  реттеу ережелері түсіндірілді.

БҚО ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы бөлімінің бастығы Еламан Валиевтің айтуынша, «Бекіре – 2017» жедел профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері еш құжатсыз, ұсақ  тұқымдас  балық ресурстарын тасымалдағаны үшін алты адамға ҚР ҚК-ның 196-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Заттай айғақтардың нәтижесінде олардан 1500 келіден асатын  балық  тәркіленген.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің  2015 жылғы 24 шілдедегі  №190 бұйрығына сәйкес балықтың уылдырық шашу және көбеюі кезінде бірнеше аумақта балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауға тыйым салынған. Соған орай  Шалқар көлінде, Орал-Көшім суармалы-айналмалы жүйелері көлдерінде, Қамыс-Самар жүйесі өзен және көлдерінде  – 1 мамырдан 1 маусымға дейін,  Көшім, Киров, Бітік, Дөңгелек өзендерінде және Пятимар су қоймасында, облыстың өзге де басқа су қоймаларында – 1 мамырдан 16 маусымға дейін, сондай-ақ барлық жерде шаян аулауға 1 мамырдан 1 қазанға дейін тыйым салынып отыр.

Брифинг барысында жыл басынан бері 73 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, одан 85 адам жарақаттанып, тоғыз адамның көз жұмғаны белгілі болды. Ал балалардың қатысуымен орын алған сегіз оқиғадан бір бала мерт болған. Мамандар жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін көлікті дұрыс басқармау және жол ережелерін сақтамаумен байланыстырады.

– Жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің заң бұзушылығы салдарынан алты жол-көлік оқиғасы тіркеліп, үш адам ажал құшты. Ал  ауа райының қолайсыздығынан болған оқиғадан үш адам қаза тауып, 17 адам әр түрлі дәрежеде жарақат алды. Жалпы, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған  39 оқиға салдарынан төрт адам мерт болып, 36 адам жараланды. Ал жүргізушілердің кінәсінен 69 жол-көлік оқиғасы орын алды. Өкінішке орай,  жол ережесін сақтамау жолаушы тасымалдаушы қоғамдық көліктерде де тыйылмай тұр. Соның салдарынан 43 жол-көлік оқиғасының орын алуына жол берген.  Сондай-ақ қоғамдық көліктердің аялдамаларға тоқтау кезінде немесе тұрақта тұрған кездерінде өзге көліктердің қозғалысына кедергі келтірген (ҚР ӘК-ның 597-бабының 3-тармағы) әрекеттер бойынша 22 заңбұзушылық анықталып, оларға 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.  Әсіресе, автобустардың ішінде жиі көзге ілігетін №22 бағыттағы маршрут екенін де жасырмаймыз.

Әлеуметтік желілерде қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты арыз-шағымдар өте жиі келіп түседі. Ал біз өз тарапымыздан қалалық автобус парктері мен жеке жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеміз, – деп атап өтті жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының аса маңызды істері бойынша аға инспекторы, полиция полковнигі Виталий Гаршин.

Аға инспектордың мәліметінше, Орал қаласының аумағында 106 бейнекамера орналастырылған. Алғашқы тоқсанда бейнебақылау камераларының көмегімен 3128 әкімшілік құқықбұзушылық, оның ішінде 1499 жол-көлік ережелерін бұзу,  ҚР ӘК-ның 440-бабы (ішімдік ішу) бойынша – 669, ҚР ӘК-ның 434-бабы (ұсақ ұрлық) бойынша – 700 оқиға тіркелгені белгілі болды.

Бұдан кейін БҚО ІІД ЖПҚ жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Манарбек Нәжиев көшедегі жол қозғалысын реттеуші жөнінде мәлімет берді.

– Біздің қаламызда жол қозғалысын реттеушілер  көшелерге өте сирек шығарылатын болғандықтан, бағдаршамның басқаруына  үйреніп қалған кейбір жүргізушілер реттеушілердің іс-қимылдарын түсінбей жатады. Олардың бағыт көрсету қимылдары дәл бұрынғыдай көлік жүргізушілеріне де, жаяу жүргіншілерге де тең қолданылады. Реттеушінің  қол қимылдары, сондай-ақ қосымша қолданатын ым-ишаралары жол үстіндегі қозғалысқа тоқтау салады немесе қозғалуға рұқсат береді. Егер осыған дейін  реттеушінің белгісі ала таяқтары (жезл) арқылы көрсетілсе,  жыл басында  енгізілген жаңа заң нормаларына сәйкес, енді жол қозғалысын  реттеуші қызметкерлер  ала таяқтың көмегіне жүгінбейді.  Олар тек қолдың көмегімен ғана басқарады. Жуырда Үкімет басшысының облысымызға сапары кезінде оралдық көлік жүргізушілердің көпшілігі ала таяқтың көмегіне үйренгені соншалық, жол реттеушісінің қимылдарын түсінбей, көлік қозғалысына біраз қиындықтар туғызды. Сол күні оларға ешқандай айыппұл салмай, ескертумен шектелдік.  Дегенмен, жол реттеушісінің ым-ишарасын түсінбеген кез келген жүргізуші жол-көлік ережелерін бұзушы деп танылатындығын  ұмытпаған жөн. Олар ҚР ӘК-ның 599-бабы, 1-тармағы бойынша  («Бағдаршамның немесе жол реттеушісінің  тыйым салынған белгісінен бағынбай өтіп кету») жауапқа тартылып,  10 АЕК көлемінде, ал осы оқиғаны екі рет қайталайтын болса  20 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады, – деді Манарбек Қатиұлы.

Брифинг соңында лауазым иелері журналистердің сұрақтарына  жауап  берді.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


Сенбі сайын жәрмеңке!

Күні: , 34 рет оқылды


Құрметті  Орал  қаласының  тұрғындары  мен қонақтары!


Сіздерді 8 сәуір – 31  мамыр аралығында  Орал қаласы, Ықсанов (бұрынғы Батурин) көшесі мекенжайында әр сенбі сайын өтетін жәрмеңкеге шақырамыз.

8 сәуір күні «Облыс орталығындағы Зеленов ауданы күніне» арналған іс-шарада сіздің назарыңызға аудан шаруашылықтарының  ет және ет өнімдері, сүт және көкөніс нарықтық бағадан төмен құнмен  ұсынылатын  болады.

Жәрмеңке-көрмеге  келушілер қолайлы бағамен  қажет өнімдерді алып қана қоймай, сонымен қатар ауданның үздік шығармашылық ұжымдары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға,  спорттық ойындарға және басқа да мәдени-көпшілік шараларға  қатыса  алады.


Жамандықты жарнамалағандай болмайық

Күні: , 59 рет оқылды

PRI_2858


Таяуда  облыс  әкімі  жанындағы әйелдер істері  және   отбасылық-демографиялық  саясат  жөніндегі  комиссияның  кезекті отырысы  өтті.


Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен басқосуда жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу шаралары, Бөрлі ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында атқарылған шаруалар,  гендерлік теңдік мәселелері қозғалды. Шараға облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин, облыстық  жастар саясаты басқармасының басшысы А. Сакошев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова қатысты. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А. Сакошевтің мәліметінше, жастар мен жасөспірімдер арасын-дағы суицидтің алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс  күшейтілген. Атап айтар болсақ, www.zhastar-bko.kz, bko.gov.kz және www.zhastar-07.kz порталы ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен айналысуда. Салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әр сейсенбі сайын «Қазақстан-Орал» телеарнасында  «Замансөз» жастар токшоуы, әр жексенбі  сайын «Бәрекелді» танымдық ойын-сауық бағдарламасы, «ТДК-42» телеарнасында «Біз болмасақ», «Айтарым бар» телебағдарламалары тұрақты ақпарат таратуда. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жастардың түрлі әлеуметтік бағыттағы мәселелерді арқау ететін  бейнероликтер дайындалуда.

Шарада облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп атқарған шаралар тізбегін атап өтті. Cонымен қатар жасөспірімдер арасында суицидтік қылмыстың  алдын алу мақсатында жүргізілген сауалнамаға ата-аналардың нара-зылық танытқанын және оларға  түсіндіру жұмыстары  жүргізілуде екенін жеткізді. Ал БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллиннің мәліметінше, жасөспірімдер арасында суицидтік қылмыстың туындауына отбасындағы  ұрыс-керіс, қатарластарымен сөзге келу секілді жағдайлар түрткі болады екен. Бұған қоса полковник Ғабдуллин өз-өзіне қол жұмсау секілді мәселелердің себеп-салдарын ақпарат құралдарында, ғаламтор сайттарында таратпауды, яғни жамандықты  жарнамаламауды  ұсынды.

Кеңес отырысында қаралған келесі мәселе Бөрлі ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қолдау бойынша атқарылған шаруалар төңірегінде болатын.

– Бөрлі ауданында   мүмкіндігі шектеулі балалары бар 149 отбасы тұрады. Барлық отбасылар тиісті мемлекеттік әлеуметтік және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылармен қамтылған. Аймақтық психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық консультацияның қорытындысы негізінде  мүмкіндігі шектеулі 25 бала жеке оқытуға рәсімделді. Аудандағы 26 мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы жағдай жасалған, логопед, дефектолог  мамандары мен  10 логопункт қызмет атқарады. Мүмкіндігі шектеулі 14 балаға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі  39 бала  міндетті гигиеналық  құралдармен, үшеуі кресло-арбамен, үшеуі санаторлы-курорттық  емдеумен, 28 бала  протез-ортопедиялық  құралмен қамтылды. 2014-2016 жылдары мүмкіндігі шектеулі балалары бар бес отбасы тұрғын үй алды. Қазіргі уақытта 13-і кезекте тұр, — деді Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан  Ихсанов.

Жиын барысында отбасылық-демографиялық  жағдайды  жақсарту мақсатында сала мамандары  өз  ұсыныстарын  айтты.

Гүлсезім   БИЯШЕВА


Мақсат – өндірісті жетілдіру

Күні: , 38 рет оқылды

20170406_161031


ҚР  Қорғаныс  және  әуеғарыш  өндірісінің  министрі  Бейбіт Атамқұлов  пен  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай Көлгіновтің  Астанадағы  кездесуінде  өндіріс ошақтарын жаңғырту  мен  әртараптандыру  мәселелері  талқыланды.


Кездесуге сондай-ақ «Зенит» зауыты» АҚ, «Гидроприбор» ҒЗИ, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС сияқты батысқазақстандық өндірістік компаниялардың басшылары қатысты. Кәсіпорындардың маманданған салаларындағы өндірісті дамыту 3.0 Жаңғыртудың жаңа талаптарын ескеру, базалық салаларды технологиялық қайта жарақтандыру бойынша жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты кездесуге қатысушылар бірлескен жұмыстың жоспарын жасауға уағдаласты. Министр біздің өңірге кезекті сапарында оралдық кәсіпорындарды аралау ниетін  білдірді.

«Зенит» зауыты» АҚ-ның директоры Вячеслав Валиевтің айтуынша, қорғаныс және әуеғарыш өндірісінің  министрі Бейбіт Атамқұлов пен облыс әкімі Алтай Көлгіновтің кездесуі іскерлік сипатта өткен.

– Өнеркәсіп саласында күрмеуі күрделі мәселелер көп. Оның ішінде өзіміз шеше алатын да, сонымен қатар мемлекет қолдауын қажет ететіні де бар. Біз солар туралы айту мүмкіндігіне ие болдық және меніңше, ол тиісті лауазым иелерінің назарына ұсынылды,  – деді В. Валиев.

Өз   тілшіміз


«Батыс су арнасы» жаңғыруда

Күні: , 41 рет оқылды

PRI_3453


Биыл «Батыс су арнасы» ЖШС заманауи электролиз станциясын іске қосты. Бұл қала маңындағы Зашаған, Деркөл кенттерінің тұрғындарына санитарлық талапқа толық сәйкес келетін таза суды пайдалануға мүмкіндік берді. Яғни Оралдың тағы да 50 мың тұрғыны сапалы суға қол жеткізді.


Бұл жөнінде бейсенбі күні «Батыс су арнасы» ЖШС-да өткен баспасөз-турында аталмыш мекеменің басшылары мәлімдеді. Шараға «Батыс су арнасы» ЖШС директоры Есенжан Шоңаев пен оның қаржы және экономикалық мәселелері бойынша орынбасары Салауат Айбатов, «Су ресурстары Маркетинг ККЖ» ЖШС директоры Анатолий Прокудин, «Су ресурстары Маркетинг Орал ККЖ» ЖШС директоры Жасұлан Әбішев және аталмыш мекеменің қаржы директоры Әсем Ибраимова қатысты.

Мекеме басшыларының сөзінше, «Батыс су арнасы» ЖШС-дағы заманауи электролиз станциясында ауыз су бұдан былай қауіпсіз натрий гипохлоридіне көшу арқылы залалсыздандырылатын болды. Тазалаудың мұндай әдісі уақыт өте келе, Оралдың жер асты су жинау және су тазарту құбырларына да пайдаланылатын болады.

Баспасөз туры барысында кәсіпорын басшылары БАҚ өкілдерін су тазалау ғимаратына, айдамалы сорғылау стансасына, кәріздерді тазарту нысанына, сондай-ақ су сапасын тексеретін зертханаларға апарып, аталған орындардың жұмыс барысымен таныстырды.

Су тазалау нысаны басшысының айтуынша, бұл ғимарат 1963 жылы пайдалануға берілген. Су бұл жерге Жайық өзенінде орналасқан бірінші көтерімдегі сорғы стансасынан келеді. Бұл станса «Жайықжылуқуат» ЖШС-ның иелігінде, сондықтан «Батыс су арнасы» ЖШС суды олардан сатып алады. Су сорғысының өндірістік қуаты тәулігіне 30 мың текше метр. Осы жерде тазаланған су қа-ла тұрғындарына су құбырлары арқылы жетеді. Су тазалау нысанындағы санитарлық қорғау аймағы үш гектар. Сонымен қатар су жинаушы және суды сүзгіден өткізетін құрылғылар, су сақтайтын және оны хлорлайтын арнайы орындар бар. Бұл жерде санитарлық режім қатаң сақталады. Нысан жетекшісінің айтуынша, былтыр бұл ғимараттың шатыры жаңаланып, су жинайтын орындары жөндеуден өткен. Қазіргі уақытта хлорлау орны жөнделуде. Жалпы, жөндеу, жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүруде. Осы ғимаратта су сапасын тексеретін зертхана орналасқан, осы зертхана арқылы су құрамындағы көрсеткіштер тәулік бойы тексеріледі. Учаске басшысының айтуынша, осы жерде тазартылған судың құрамы нормаға толықтай сәйкес келеді, сондықтан тазартылған құбырлар арқылы келген залалсыздандырылған таза суды қала тұрғындарына қорықпай пайдалана беруге болады.

PRI_3040Бұдан соң айдамалы сорғылау стансасында болдық. Бұл жерде сорғы стансасы, әрқайсысы 1000 текше метрлік су сақтайтын төрт орын, электрподстанция, хлорлау құрылғысы және қуаты 250 квт болатын дизельді электр стансасы орналасқан. Су сорғысының өндірістік қуаты тәулігіне 12 мың текше метрді құрайды.

— Қазіргі уақытта сорғы стансасы арқылы тәулігіне 5000 текше метр су айдайды, қыс маусымында бұл 7000 текше метрге дейін барады. Сондықтан судан үзіліс жоқ, қала тұрғындары, соның ішінде Зашаған кентінің тұрғындары сумен үзіліссіз, толықтай қамтылып тұр. Сорғы стансасына арналған ғимарат 1986 жылы салынып, «Зенит» Орал зауыты» АҚ-ны сумен қамтамасыз етуге пайдаланылған. 1997 жылы бұл сорғы стансасы «Батыс су арнасы» ЖШС-на берілген. Соңғы кездері Зашаған кентінің тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесі көтеріліп, басшылық осы бағытта белсенді жұмыс жүргізді. Атап айтсақ, 2010 жылы бұл сорғы стансасы толық жаңғыртудан өтті. Сөйтіп, су сорғы стансасының жұмыс ауқымы кеңейіп, бүгінде Зашаған кентінің тұрғындары да тазартылған ауыз суға қол жеткізді. Биылғы қаңтардан бастап, суды электролиз арқылы залалсыздандыруды қолға алдық. Бұл кәдімгі ас тұзын пайдалану арқылы жүргізіледі. Өздеріңізге белгілі, залалсыздандырылған судан хлордың дәмі шығып тұрады, ал ас тұзы судың дәмін өзгертпейді. Осы үдерісті өткізетін хлораторлық құрылғы облыста тұңғыш рет пайдаланылып отыр. Мұндай тиімді құрылғыны басшылық алдағы уақытта өзге де жер асты сулары мен су тазалайтын нысандарға орналастыруды жоспарлауда, — дейді учаске бастығы Александр Неулыбин. Бұдан соң орталық зертханаға кіріп, зертханашылар жұмысымен таныстық. Су сапасын тексеретін зертхана тәулік бойы жұмыс жасайды екен. Зертханашылар Жайық өзені мен су асты скважиналарынан алынған суды күн сайын тексеріп отырады. Су құрамынан өзгерістер байқалған жағдайда, зертханашылар дереу технологтарға хабарлайды, ал технологтар өз кезегінде су құрамын реттеу мақсатында тиісті шараларды қолданады.

Келесі кезекте кәріздерді тазарту нысанына бардық. Бұл жерде учаске басшысы Талғат Орынбаев бізге кәріздерді тазарту ретімен таныстырды. Оның сөзінше, тазарту механикалық және биологиялық тәсілмен жүргізіледі. Механикалық тәсіл осы жерде, ал биологиялық тәсіл далада, биотоғандарда жүргізіледі. Кәріз тазарту нысанының өндірістік қуаты күніне 50 000 текше метрді құрайды.

— Осы жерге күніне 26 00027 000 текше метр кәріз суы келіп тазартылады. Бұл жерде су тазартуға арналған қондырғылар, темірторлар, су сақтайтын орындар бар. Кәріз сулары осы құрылғылар арқылы тазартылғаннан кейін сорғы арқылы далаға биологиялық тазалауға жіберіледі. Қатты қалдықтардан тазартылған суды даладағы шөптерді суаруға жібереді. Бұл жерде кәріз суын тазартуға арналған шведтік арнайы құрылғы жұмыс істеп тұр. Жұмыстың барлығы автоматты түрде жүргізіледі. Төрт машинист ауысыммен жұмыс істейді және бір электрик осындағы үдерісті бақылайды. Кәріз суларын тазарту кезінде шыққан қатты қалдықтар арнайы орындарға женелтіледі, — дейді Талғат Орынбаев. Оның сөзін жалғастырған «Су ресурстары Маркетинг ККЖ» ЖШС директоры Анатолий Прокудин кәріз суын тазартуға бес бірдей биотоған пайдаланылып отырғанын айтты. Басшының айтуынша, тазартылған кәріз суын ауыл шаруашылығына пайдалануға болады. Ол үшін қосымша залалсыздандыру құрылғысын алу керек. Ол сондай-ақ алдағы уақытта кәріз суларын табиғи тазалау құрылысын жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл жаңа жоба экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етпек.

Бейсенбі күні ұйымдастырылған пресс-турдың соңы баспасөз мәслихатына ұласты. Мұнда кәсіпорын басшылары мекемеде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, БАҚ өкілдерін алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Жиын барысында журналистер кәсіпорын жұмысына қатысты көптеген сұрақтар қойып, оған мекеме басшылары тарапынан тиісті жауаптар берілді. Бұл сипаттағы материалды гәзетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Домбыраға әуес ұрпақ көбейсе…

Күні: , 157 рет оқылды

Нұршат Исламғалиев


Қаратөбе десе, көз алдымызға ең әуелі сал Мұхит пен Ғарекеңнің бейнесі келері хақ. «Бүгінде ұрпаққа бай мұра қалдырып кеткен бабалар мұрасын толыққанды насихаттай алып жүрміз бе?! Ірілі-ұсақты мерекелік жиындарда дәстүрлі халық әндері шырқала ма?» деген сауалдардың жиі мазалап жүргені.


Жергілікті халық арасында дәстүрлі ән өнерінің кенжелеп қалғандығы туралы әңгіменің қозғалғандығына да біраз уақыт болды. Ағайынның бір тобы «Бүгінде дәстүрлі әндер класынан сабақ беретін арнайы мамандар жоқ» десе, енді бір топ «Бүгінгі жастардың көбі эстрадалық жанрға еліктейді» деген желеуді алға тартады. Сондықтан бұған өнердің құты дарыған өлкенің әр тұрғыны намыстануы тиіс. Өзекті мәселеден шығудың жолдарын қарастырғаны абзал. Өйткені алда ұлт болашағы, ұрпақ тағдыры тұр.

Біздің бүгінгі ұрпақ қандай әуен тыңдайды? Қандай бағытта ән шырқайды? Не себепті дәстүрлі өнерге әуес емес? Осы сауалдар домбыраның дауысы даланы шарлаған өңір тұрғындарын ойлантуы тиіс.

Турасын айту керек, біздің ауданда қазіргі таңда қазақтың ұлттық дәстүрлі ән өнері эстрадалық ән мен би өнерінің көлеңкесінде қалып қойған секілді. Олай дейтініміздің де жөні бар. Ауылда өтетін ірілі-ұсақты жиын-тойларда бірлі-жарым домбыра ұстаған жандарды ғана көресің. Тіпті кейбір тойларда оларды таппай қалатын кездер де болады.

Ал ауданға ат басын бұрған мәртебелі қонақтарды қарсы алуда жалғыз ғана Нұршаттың (Исламғалиев) өнеріне, көмегіне жүгінеміз кеп. Нұршат бауырымыз қандай күйде жүр, бабында ма? Қолдау көріп отыр ма? Бұл жағы да тиісті сала басшылығына ойланарлық дүние.

Домбырамен ән салу дәстүрі – ғасырдан-ғасырға, атадан-балаға жалғасын тауып келе жатқан ұлттық өнер.

Домбыра – ертеден келе жатқан қазақ халқының музыкалық аспабы, қазақтың қасиетті дүниесі. Өскелең ұрпақтың жан-жақты білімді болуы, эстетикалық талғамының жоғары болуына, жалпы адамгершілік, имандылық қасиетінің дамуына бұл аспаптың тигізетін әсері мен рөлі өте зор. Оны тарта алмаса да, қадірлей білу керек. Себебі баланың санасына халықтың рухани байлығын, дүниетанымын сіңіру домбырадан басталады.

«Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып, сая да болмайды, жеміс те бермейді», — деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі бүгін күн тәртібіндегі мәселеге шығуы тиіс.

Жергілікті жұртшылық, соның ішінде ақсақалдар жағы ертеңгі күнге алаңдаулы. «Аудан орталығында Нұршат Исламғалиев, Саралжында Сабырғали Есмырзин, тағы кім бар еді?!» — дейді олар.

Бұл – бізде дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы жоқ деген сөз емес. Бұл – домбырамен ән салу өнерін ауданда жоспарлы түрде, жоғары дәрежеде дамытудың жолдарын қарастыру, термешілердің беделін, мәртебесін көтеретін іс-шараларды қолға алу керектігін сезіну ғана.

Демек, біздің елдің баласы домбырамен ән салуға қабілетті. Тек ол жеткіншектермен жүйелі жұмыстануды қажет етеді. Терме өнерінде мықтап жұмыстанса, қаратөбелік қарадомалақтардың облысты, республиканы мойындатарлық қауқары бар.

Қазіргі таңда облыс орталығындағы оқу орындарында, жекелеген аудандарда терме кластары мен студиялары, үйірмелер бар.  Соның ішінде Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал өңірінде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, белгілі ұстаз, әнші-термеші Баян Қабиеваның дәстүрлі ән мектебін нақты мысалға алуға болады. Б. Қабиеваның жетекшілігіндегі «Қыз Жібек» тобы көпшілікті мойындатып отыр.

Олай болса, біздің өңірдің музыкант мамандары мен қосымша білім беру педагогтарының Б. Қабиевамен іскерлік қарым-қатынас орнатуына кім кедергі?

Әрине, ауданда дәстүрлі ән мектебінің жоқтығына біржақты қарауға болмайды. Бұл орайда мамандар мәселесін назарға алған жөн. Сол себепті дәстүрлі ән мектебін өскелең ұрпаққа үйретуші аға буын өкілдерінің, арнайы мамандардың болмай, табылмай тұрғандығы көңіл қынжылтады.

Кім білген, өнер жанашырлары арнайы шақырту жіберіп, қолдау көрсетсе, Орал шаһарындағы дәстүрлі ән мектебінің өкілдері Қатимолла Бердіғалиев, Сағадат Рахметжанов, Сәуле Таудаева секілді елге танымал өнерпаздар уақытша болса да, дәріс беруге келер ме еді?! Бұл үрдіс кейбір аудандарда қолға алынған. Ол үшін де жүйелі түрде жоспар жасалынып, келісімшарт жасақталуы тиіс.

Сөзіміздің төркіні төл өнерімізді дамытпай, әріге бармасқа саяды. Қаратөбеде туып, айналамызды заманауи музыкамен таңғалдыра алмайтынымыз және бар. Ендеше, дәстүрлі ән өнері үлкен қамқорлықты, қолдауды қажет етеді.

Бүгінде белгілі өнертанушылар, ел ағалары өз сөздерінде халықтық өнердің бірнеше дәуiрдi бастан кешкендігін, дәстүрлі ән өнерiнiң түп-тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алатындығын мақтаныш қылумен ғана жүр.

Жазира даланы әсем әнмен тербеген Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиев, Жақсылық Сәрсенғалиев, Асхат Оразов, Мереке Есқайыров, Армат Исламғалиев секілді өнер иелерінің ізін жалғастыратын жаңа, жас буынның қалыптасуына басымдық беретін уақыт келіп жетті.

«Кім білер, кімдер білмес, мейірім қанар,

Рухым сөнген менің қайта жанар.

Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп,

Кейінгі ұрпақтарым есіне алар», — деп жырлаған Мұхит бабамыздың осы бір шумағы ойға жиі оралады.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Әлфия КАРЕЙҚЫЗЫ,

Қаратөбе ауылының тұрғыны:

— Басқа өнер түрі секілді дәстүрлі ән өнері бірде дамиды, бірде құлдырайды. Ол – кез келген жанрға тән құбылыс. Қаратөбе – ән-күйдің ордасы. Сол тұрғыдан қарасақ, дәстүрлі ән өнеріндегі тәжірибелі мамандар ауданға көп шоғырлануы қажет. Бүгінде мамандар жоқтың қасы. Көбі қалада. Кейбіреулері басқа жаққа қоныс аударды. Сол себепті дәстүрлі ән өнеріне талпынған жастар әлі кәсібилікке жете алмай жүр. Қазіргі таңда дәстүрлі өнерден қол үзіп бара жатқандаймыз. Ұлттық терме өнерінде кенжелеп қалғандығымызды мойындауымыз керек. «Өнерліге – өріс кең». Бойға біткен дарын ештеңеге қарамайды. Басты мәселе – термешінің, термені үйрететін мамандардың жоқтығында. Негізі, үйретуші ұстаздарға көп нәрсе байланысты деп ойлаймын. Термешілер мектебін ашып, жұмыс жасайтын өнерге шын берілген энтузиаст табылса, еңбегі жеміссіз болмас еді. Бір сөзбен айтқанда, бүлдіршіндер арасында таланттар көп, соларды тауып, баулып, әрі қарай өнер жолына салу сол саладағы мамандардың ісі болмақ.

Ернар БИЯЛИЕВ,

Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры:

– Қаратөбенің қай-қай адамы да домбыраға, ән салуға бейім. Қазір балалардың термеге, домбыраға деген ынтасы жақсы. Бүгінгі таңда ауданымызда саз мектебі жұмыс жасайды. Өкініштісі, ауданда Мұхит, Ғарифолла әндерін насихаттайтын кәсіби мамандар жеткіліксіз, тіпті жоқ деуге де болады. Мықты мамандардың көбі – облыс орталықтарында. Мұхит сыныбын ашайық деген жоспар бар. Бірақ кәсіби маманның жоқтығы қолбайлау болып отыр. Аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі ән өнерін насихаттауда Нұршат Исламғалиев қызмет атқарады. Қуантатыны, қазір Нұршат арнайы білім алып жүр. Ол – біздің үлкен үмітіміз. Сонымен қатар аудандық балалар саз мектебінің басшылығы Нұршатты жұмысқа шақырып, арнайы сынып ашып бергелі отыр.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика