Мұрағат: 05.04.2017


Сандық технология жаңа индустрияны өркендетпек

Күні: , 33 рет оқылды

SCS-picture-for-website


Сейсенбі күні қаламыздағы Салтанат сарайында «Smart City Uralsk» атты І халықаралық форум өтті. Оған Финляндия, Франция, Австрия, Ресей елдері мен  отандық компаниялардың өкілдері,  ғалымдар қатысты.


Жиынға арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов смарт және сандық технология бойынша дайындалған өнімдермен және қызметтермен танысып, оларды жоғары бағалады.

— Құрметті форум қонақтары және қатысушылары! Жаһанданудың басты талабы – қоғамның барлық саласының жаңаруы. Үздіксіз жүріп жатқан процестерге ілесудің және дамудың жаңа кезеңіне қадам басудың бірденбір жолы – модернизация. Ғаламдық сынақтарға төтеп беру мақсатында алдымызға экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғырту міндеті қойылды. Елбасы биылғы Жолдауында «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы.

Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды, кешенді міндет» деп атап өтті. Бұл тапсырмаға сәйкес біз денсаулық сақтау саласында цифрлық қызмет көрсетулерді бастадық. Қазір облыс орталығының тұрғындары денсаулық сақтау мекемелерінде электронды кешенді қызмет көрсетуді пайдаланып келеді. Ендігі кезекте білім, онлайн сауда ісі сияқты салаларды қолға алмақпыз. Білім беру саласына цифрлық қызметтерді енгізу бойынша электронды оқыту ресурстары көмегімен алыс елді мекендерде орналасқан мектептердің оқушылары физика, химия, биология, математика сияқты пәндер бойынша цифрлық лабораториялармен жұмыс істейді. Биыл 200 мектепте осы жаңа инновациялық жүйе іске қосылады. Орал қаласында «Smart City – Ақылды қала» атты жаңа кешенді жоба жасақталуда. Бұл тұжырымның басты мақсаты – тұрғындар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен жол ережелерін сақтау, қоршаған ортаны қорғау. Біздің бірлескен жұмысымыз инновациялық технологияларды пайдаланып, өмір сапасын жақсартудан басқа әр түрлі салада экономикалық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

IMG_9801Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, «Ақылды қалаларда» әлеуметтік-экономикалық жағынан тиімділік көп. Біріншіден, энергия ресурстары үнемделеді. Мәселен, жылуды пайдалану 30, көшелерді жарықтандыру үшін электр қуатын тұтыну 60, қалалық коммуналдық желілерге қызмет көрсету шығыны 30 пайызға дейін төмендейді және басқа да пайдалы тұстары аз емес. Екіншіден, қоғамдық қауіпсіздік артады. Мысалы үшін айтсақ, болжамды талдау құрылғыларын іске қосудың арқасында АҚШ-тың Мемфисе қаласында ауыр қылмыстар 30 пайызға төмендесе, Лондонда қылмысты ашу 50 пайызға артқан. Үшіншіден, жол апатын төмендетеді. Италияда мұндай жағдай 20 пайызға кеміп, адам өлімімен аяқталатын жол-көлік оқиғалары екі есе қысқарған. Сондай-ақ бұл еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға әрі шағын және орта бизнес субъектілері санының өсуіне мүмкіндік береді. Осының бәрі облысымыздың орталығы үшін де маңызды. Бүгінде Орал қаласы қарқынды дамып келеді. Құрылыс, сервистік инфрақұрылым салу белсенді жүруде. Сол себепті «ақылды қалалардағы» шығыны аз технологияларды пайдалануға біз де біртіндеп көшуіміз керек. Әзірге біз өзімізге төрт бағытты айқындадық. Оның біріншісі, «Қауіпсіз қала» деп аталады. Онда қаланың маңызды бөліктеріне, аулаларға, әлеуметтік сала нысандарына, автожолдарға бейнекамералар орнатамыз. Осы форумға келген «Сергек» компаниясымен мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі аясында 200, қала бюджеті есебінен тағы да 100 бейнекамера қойылады. Екіншісі, «2 GIS» жобасы смартфон мен планшеттегі қосымшалар арқылы оралдықтар мен қала қонақтарына қоғамдық көліктің жұмысын бақылауға және керек мекенжайларды табуға жәрдемдеседі. Үшіншісі – шаһар көшелері мен аулаларын заманауи жарықтандыру. Яғни ендігі уақытта электр қуатын аз пайдаланатын, есесінен жарықтандыруы күшті жаңа шамдар орнатылады. Төртінші – «электронды кезек». Бұл бағыттағы медициналық мекемелердегі жұмыстар жөнінде жоғарыда баяндап өттім. Қалалық жылу мекемесін модернизациялау жобасын қаржыландыру бойынша «Еуропалық қайта құру және даму» банкімен келіссөздер жүргізудеміз. Алдағы уақытта ПИК жұмысын да жаңғырту ойда бар, — деді Алтай Сейдірұлы.

Форумға сарапшы ретінде әрі тәжірибесімен алмасу мақсатында  «Бизнес Оулу» фин компаниясы шақырылған. Айта кету керек,   Финляндияның Оулу шаһары «Ақылды қала» жобасы бойынша  Еуропада  екі мәрте үздік деп танылған. Ол жобаның операторы «Бизнес Оулу» компаниясы болып табылады. Жиында баяндама жасаған аталмыш компанияның директоры Джуха Ала-Мурсуланың айтуынша, олар «Ақылды қала» смарт технологияларды енгізуді, өнеркәсіп құруды,  адам капиталының дамуын және қала өмірін өзгертуді көздейді.

Батысқазақстандықтармен «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша, яғни интеллектуалды көлік жүйесі, қоғамдық қауіпсіздік жүйесі, электронды билет және тағы да басқалар бойынша жұмыс істеуге әзір. «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысатын Финляндия елінің құрамында «Бизнес Оулу» да бар. Сөйтіп, халықаралық көрме кезінде өздерінің жаңа технологияларын кеңінен насихаттап, басқа да компаниялармен тәжірибе алмаспақшы. Жалпы Қазақстанда, соның ішінде Батыс Қазақстан өңірінде жақсы жобалар болса, оларға инвестиция салуға дайын. Осы елден келген тағы бір мейман, «VTT Finland» техникалық зерттеу орталығының өкілі Илька Кайстро энергия үнемдеу технологиялары, оларды пайдалану жайы турасындағы зерттеулерді баяндап, өздері шығарған әрі «Ақылды қала» жобасына енгізілген шағын әрі кез келген жерде тұтынуға ыңғайлы күн панельдері, LED шамдары сынды құрылғыларды көпшілік назарына ұсынды.

Жиын барысында сөз алған «Астана Innovations» АҚ-ның департамент директоры Бақтияр Хакимнің айтуынша, олар «Астана смарт сити» жобасының операторы болып табылады. Аталмыш бағдарлама үш бағытта жүзеге асуда. Біріншісі – қоғамның барлық саласындағы «ақылды технологиялар». Оған қауіпсіздік, денсаулық, білім, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, транспорт, ашық әкімдік сынды бөлімдер кіреді. Екіншісі стартаптарға қолайлы жағдай туғызатын Астананың акселерациялық бағдарламалары деп аталады. Соңғысы қалалық инфрақұрылым деп белгіленген. Мұнда астаналықтар мен қала қонақтарына сервистік қызмет көрсету тетіктері қарастырылмақшы. Бұл жобаны қаржыландырудың үш көзі белгіленді.

Олар: бюджет арқылы инвестициялық жобалар аясында, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік және тікелей жеке инвестиция. «Астана смарт сити» жобасының арқасында елордамыз 2015 жылы әлемдегі «Ақылды қалалар» тізіміндегі ТОП-21 рейтингісіне енген. Биыл «ЭКСПО – 2017» көрмесіне орай көптеген жаңа жобалар қолданысқа енуде. Яғни аталмыш рейтингте Астананың бәсі биіктей түсетіні анық.

Форум барысында көпшіліктің назарын аударған жобалардың бірі  «Bilim Media Group» ЖШС-ның өнімдері болды. Отандық компанияның «Bilim Lend», «Twing Bilim», «iTest», «iMektep» сынды бағдарламалық жүйелері республика бойынша 6 мыңға жуық мектепке қосылған. Оның ішінде батысқазақстандық білім ұялары да  бар. Бұл жүйенің бір ерекшелігі, мұнда үш тіл қатар қолданылады. Сол себепті баланың білім бағдарламаларын түсінбей қалу қаупі жоқ. Жалпы аталмыш компа-ния кез келген бала, соның ішінде ауылдағы жеткіншек сапалы білімге қолжеткізуін мақсат тұтады. Халықаралық талаптарға сай келетін бағдарламалар ғаламторға тәуелді емес. «Облыс әкімдігінің қолдауымен биыл жазда «Орал білім лабораториясы» деп аталатын жобаны бастаймыз. Ондай жоба тек Астанада бар. Бұл мұғалімдердің жаңа технология бойынша жұмыс істеп, заман талабына сай болуына қосымша мүмкіндік береді, – дейді серіктестіктің атқарушы директоры Нартай Әшім. – Сондай-ақ біз «Қазақстанның ашық кітапханасы» деген жоба дайындадық. Коммерциялық бағыттағы емес бұл жобамыз аясында халқымыздың мәдениетін, ұлттық құндылықтарын дамытуға бағытталған.  Осы жоба аясында электронды нұсқада кітаптар шығарудамыз. Қазір 10 мыңнан аса кітап дайындалды, олар ғаламтор арқылы қолжетімді. Біз осындай контенттерімізді білім, мәдениет орындарында ғана емес, емхана, ХҚО, аялдама сынды адамдар көп жиналатын жерлерге қоюды жоспарлап отырмыз. Әрбір электронды әдебиеттің QR коды белгіленген. Соны ұялы телефонға сканерлеп алып, кітап оқуға болады. Егер Орал қаласының әкімдігі біздің бұл жобамызға қызығушылық танытса, бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Жалпы, «Ақылды қалада» кітап оқитын ақылды адамдар тұруы  керек  деп  ойлаймыз».

Жиында 15 баяндамашы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, қоғамдық көліктердегі қызмет түрлерін жақсарту, ондағы ашықтықты қамтамасыз ету, шығындарды азайту бағытында өз қызметтерін ұсынып, идеяларымен бөлісті. Олардың ішінде оралдық «ZB Invest» ЖШС-ның бас директоры Біржан Жанғалиев те бар.

Форумды қорытындылаған Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев шақыртуды қабыл алып келген мәртебелі меймандарға ризашылығын білдіріп, шаһар басшылығы әрбір жоба бойынша жұмыс жасауға дайын екенін айтып, мұндай жиын енді дәстүрлі түрде өтетінін жеткізді.

Содан кейін облыс әкімдігі «QAZAQ SMART SYSTEM»,  «Advantage Kazakhstan» ЖШС-лармен және Самара әуе ғарыштық кластері кәсіпорнымен, «Pow Aero» (Франция) компаниясымен, ал Орал қаласы әкімдігі «Бизнес Оулу»  фин компаниясымен меморандумға қол  қойды.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ


Жанардың «Жұлдызы»

Күні: , 38 рет оқылды

DSC06042


Теректі ауданындағы «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі көпшілікке кеңінен танымал. «Халықаралық байқауларға жиі қатысамыз. Оның алдында міндетті түрде шәкірттерімді қазақ биіне дайындаймын. Себебі шетелдіктерді өзге ұлт биімен таңғалдыра алмайсың. Репертуарымызда ұлттық бағыттағы «Дайдидау», «Ақбаян», «Мереке» билері бар. Соның қатарында әнші-сазгер Гүлнар Дәукенованың «Жаса, Қазақстан!» күйіне қойылатын «Салтанат» биінің орны ерекше. Жалпы, жергілікті билік ансамбльді қаржыландыруға зор көңіл бөледі. Бишілеріміздің сахналық киімдері жыл сайын жаңарып тұрады. Және іссапар шығындарына тұрақты түрде бюджеттен қаржы бөлінеді. Демеуші іздеп, әуре-сарсаңға түспейміз», – дейді ансамбль жетекшісі Жанар Тайшыбаева. Би ансамблінің құрылғанына 15 жылдан астам уақыт өтіпті. Қазіргі кезде аудандық мәдениет үйінде жүргізілетін би үйірмесіне 80-ге жуық оқушы қатысады. Ансамбль жетекшісі қатысушыларды жас ерекшелігіне сай төрт топқа бөліп дайындайды.


Жанар Тайшыбаева М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дан кәсіби білім алған соң, еңбек жолын Қазталов ауданының мәдениет үйінде «Қарлығаш» үлгілі би ансамблінің жетекшісі ретінде бастаған. 2001 жылы арнайы шақыртумен білікті маман Теректі ауданында қызмет етуге ауысады. Сол жылы «Жұлдыз» үлгілі би ансамблін құрып, балаларды биге дайындай бастайды. Негізінен, халықтық бағытта жұмыстанғанымен, ансамбль репертуарында заманауи шоу-билер де бар. Өнерлі өрендердің хореография әліппесін меңгерулеріне өмірлік тәжірибесі мен біліктілігін ұштастыра қолданатын Жанар Тайшыбаеваның еңбегі еш кеткен емес. «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі 2012 жылы Алматы қаласында халықаралық деңгейде өткен «Ғұмырдария» байқауында бас жүлде алды. 2014 жылы Қырғызстанда өткен балалар шығармашылығына арналған «Ыстықкөл толқындарында» атты І халықаралық байқауда топ жарса, сол жылы Ресейдің астанасы Мәскеуде ұйымдастырылған «Бегущая по волнам» халықаралық фестивалінде хореография саласы бойынша ешбір елдің өнерпаздарына дес бермеді.

Екі жыл бұрын «Жұлдыздың» бишілері облыстық қазақ драма театрында есеп беру кешін өткізді. Бұған қоса ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне байланысты облыс бойынша «Үздік би тобы» аталымын иеленді. Білуімізше, мұндай бақ аудандардағы би ансамбльдерінің ешбіріне бұйырмаған. «Әрбір ата-ана өзінің баласынан зор үміт күтеді. Бидің қыр-сырын білгісі келген өренге қатаң талап қоямын. Дайындыққа балалар уақтылы, тұрақты қатысып жүрсе, зор жетістікке жете алады», – дейді «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің жетекшісі.

Айта кетерлігі, Жанар Жеңісқызы келін болып түскен әулет мүшелері шетінен өнерлі. Құрылғанына 20 жыл уақыт болған Тайшыбаевтар отбасылық ансамблі облысқа кеңінен танымал. Отбасында жезтаңдай әнші жұбайы Берікпен бірге тәрбиелеп отырған аяулы қыздары Фариза мен Фатима – бүгінде өнер жолына түскен өрендер.

P.S. Бет қатталып жатқанда, теректілік бишілерге қатысты жағымды жаңалық естідік. Өткен жұмада Орал қаласында облыстық жастар шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Биле, биле!» облыстық байқауынан «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі бас жүлдені жеңіп алыпты.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»,

Теректі  ауданы


Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

Күні: , 36 рет оқылды

IMG_0074


Облыстық  кәсіпкерлер  палатасында  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  өңір  кәсіпкерлерін  қабылдады.


«KREISS ASIA» ЖШС-ның директоры Нұрболат Жұмағалиев көлік-логистикалық кәсіпорындардың еліміздің батыс өңіріндегі мұнайгаз саласындағы өндірісшілермен, жер қойнауын пайдаланушылармен бірге тығыз жұмыстану бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті. Өз жұмысын бес жүк көлігімен бастаған компания бүгінде 106 көлігі бар іргелі компаниялардың біріне айналған. Үш жылдан бері Еуропадағы жүк тасымалдаушылармен қосалқы мердігер ретінде жұмыс істейді. Орталық Азия елдеріне де қатынайды. Сонымен қатар еліміздегі «Қазавто» қоғамдық бірлестігінің өңіріміздегі өкілі ретінде жүк тасымалдаушылардың түйінді мәселелерін шешуге үлес қосуға дайын. Нұрболат Жұмағалиевтің айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылар жобаларын кеңейтуге бағыт ұстап отыр. Сондықтан ондай ірі компаниялармен кездесу ұйымдастырып, жергілікті кәсіпкерлердің кеңейтілетін жобаларға қатысуын қамтамасыз етумен шұғылданатын  жұмыс тобын құру қажет.

Өңір басшысының қабылдауында болған «Оралмедрегион» ЖШС-ның басшысы Андрей Павлов денсаулық сақтау саласындағы жергілікті мазмұнды ұлғайту, «Олимп» клиникалық диагностикалық зертханалар желісінің директоры Ерлан Сүлейменов денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікке қолжетімділік мәселелеріне қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Ал «Жайық парағы» ЖШС-ның директоры Асланбек Сүндетов Оралда А-4 форматтағы қағаз өндірісімен айналыспақ. Оның жобасын іске асыруға 40 млн. теңге қаражат керек. Сондықтан оған мемлекет тарапынан несиелік қаражаттан, несиелік пайызды субсидиялаудан, кепілдік жағынан қолдау-көмек қажет.

Облыс басшысы қабылдауда болған кәсіпкерлерді мұқият тыңдап, іскер жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Кәсіпкерлермен түрлі жиындарда кездесеміз. Бүгінгі қабылдауға кәсіпкерлер өздері сұранып келді. Енді аптасына бір мәрте өңіріміздегі іскер жандармен жүздесіп, қабылдау өткіземін. Елбасының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес әкімшілік кедергілерді азайту, мағұлмат тапшылығын болдырмау мақсатында ұйымдастырылған қабылдауға келген кәсіпкердің біреуін қазіргі уақыттағы өзекті мәселе – көлік-логистикалық орталық, Еуропа мен қазақстандық кәсіпкерлердің байланысы, жүк тасымалы жөніндегі мәселелер алаңдатады. Көптеген тараптармен кездесіп, мұнайгаз саласындағы ірі компаниялардың жобаларды кеңейту жоспарларына жергілікті кәсіпкерлерді, өндірісшілерді, жүк тасымалдаушыларды қатыстыру мәселесін шешуіміз керек. Екі кәсіпкер денсаулық саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту және әкімшілік кедергілерге қатысты пікірлерін білдірді. Кедергілер дегенде денсаулық сақтау министрлігінің №850 бұйрығына қатысты ұсыныстар айтылды. Егер сондай ұсыныстардың халыққа медицина саласындағы қызметтердің сапасын көтеруге, кәсіпкерлікке тартымды жағдай жасауға септігі тиер болса, тартынатын реті жоқ. Бұл мәселені министрлікпен талқылайтын боламыз. Енді олардан нақты ұсыныстар күтеміз, бірге жұмыстанамыз. Жергілікті кәсіпкер қағаз өндірісін жолға қоймақшы. Бизнес жобасы дайын, оның жобасымен танысқаннан кейін мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайын екенімізді айттық. «Даму» қоры арқылы 50 пайызға дейін мемлекет тарапынан кепілдеме беріліп, несиелік қаржысы субсидияланады. Қабылдауда болған кәсіпкерлер өзекті сұрақтармен келген. Оларды біз қолдаймыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов журналистерге берген сұхбатында.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Cуретті  түсірген  Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Облыс делегациясы Оңтүстік Қазақстанда

Күні: , 35 рет оқылды

26


Батыс  Қазақстан  облысының  делегациясы  ауыл  шаруашылығы  мен  индустриалды  аймақ  саласында  атқарылып  жатқан жұмыстарымен  танысу  және  тәжірибе  алмасу  мақсатында  Оңтүстік  Қазақстан  облысына  жұмыс  сапарымен  барды.


БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов  бастаған делегацияны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. «Оңтүстік Қазақстан негізі аграрлы аймақ болып саналады. Мұнда ауыл шаруашылығы мен шағын орта кәсіпкерлік саласы жолға қойылған. Сонымен қатар әлеуеті мол 11 индустриалды аймақ болса, Шымкент қаласының өзінде жеңіл және ауыр өнеркәсіп ошақтары  орналасқан үш индустриалды аймақ бар. Және де республикадағы фармацевтика кластері дамыған бірден-бір аймақ сол Оңтүстік Қазақстан болып табылады», – деді ОҚО әкімі Ж. Түймебаев.

Біздің облыс делегациясының құрамында кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдері, сондай-ақ ауыл әкімдері болды. Олар Оңтүстік өңірдегі ірі шаруа қожалықтардың жұмысымен танысып, кооперативтерді құру бойынша тәжірибе алмасты.

Өз кезегінде сөз алған БҚО әкімінің бірінші орынбасары А. Өтеғұлов ресми сапар облыс әкімі А. Көлгіновтің өзге өңірлермен тәжірибе алмасу тапсырмасы аясында ұйымдастырылып отырғандығын айтып,  «Агроөнеркәсіп бағыты дамыған бұл аймақтан үйренеріміз көп деп білемін», – деді.

«Батыс Қазақстанда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бүгінде асыл тұқымды мал шаруашылығы мен ет экспортының әлеуетін өрістетудеміз. Мәселен, өткен жылы Оңтүстіктегі мал сою бекеттеріне 7800 бас мал жібердік. Сондай-ақ осы облыстағы «Қайып ата» шаруа қожалығы мал сатып алуға ықылас танытып отыр. Ресейдің бес өңірімен  шектесетін  біздің облыс өткен жылы көрші елге 2100 тонна ет экспорттады», – деді  А. Өтеғұлов.

Оңтүстік Қазақстанға екі күндік жұмыс сапарымен барған  батысқазақстандықтар агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін бірлесе жұмыс атқару мақсатында  Ордабасы мен Төле би аудандарындағы бірқатар шаруа қожалықтарын аралап, жұмысымен танысты. Сонымен қатар өңір кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, өзара келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр.

Өз  тілшіміз


Тың жобаларға жол ашылады

Күні: , 28 рет оқылды

IMG_0586


Наурыздың 29-ы күні Алматы қаласында «Арал – Каспий өңірінiң мұсылмандық мұрасы» атты жоба бойынша ғылыми семинар өтті. Семинар қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысындағы үш қорым (Ақжайық ауданындағы Мәулімберлі, Теректі ауданындағы «Хан зираты», Бөкей ордасындағы Жәңгір хан мазары, жалпы саны 800-дей құлпытас) қамтылған кітап IRCICA-ның қаржыландыруымен шығатын болады.


Аталмыш шараға Түркиядан Ислам әріптестiк ұйымы жанындағы Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеудің ғылыми орталығының (IRCICA, OIC) бас директоры Халит Эрен мырза, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Әбсаттар Дербiсәлi, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшiрбек Мүминов, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Қабжан, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, тарих магистрі Айболат Құрымбаев, Зеленов ауданы Асан ауылындағы мешіттің бас имамы Мұратбек Жахатов, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова мен Дина Медерова қатысты.

Семинарда талқыланған басты мәселе Батыс Қазақстан облысы аумағында сақталған көне қорымдардағы араб жазулы құлпытастарын кешенді түрде зерттеу және кітап етіп бастырып шығару болатын. Шараға қатысушыларға Ақжайық ауданындағы Мәулiмберлi қорымы туралы Жантас Набиоллаұлы бейнебаян арқылы таныстыра келе: «Дәл осы қорым маңында мешіт болғаны белгілі. Халық «Мәулімберлі мешіті» деп атап кеткен. Бұл мешіттің Орал мен Гурьев қалаларының нақ орта тұсында, Жайық жағасынан 10 шақырымдай тұста ішкі бетке орналасуының мәні өте зор. Жайықтың сыртқы бетінде жағалай әр елді мекенде казак-орыстар шіркеу салып, орыс патшасының жарлығымен Жайықтың жағасына қазақтарды жуытпай қойған. Зиратты мүмкіндігінше Жайыққа жақындата қою, мешітті де маңайына салудың артында отарлау саясатына қарсы тұру күресі жатқандығы анық. Яғни мемлекеттің шекарасын сақтау, дінімізді сақтау арқылы отарлауға қарсы тұру. Қорыта айтқанда, Мәулімберлі қорымы шекарамызға қорған болған», — деді. Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіндегі «Хан зираты», нақтырақ айтқанда, Кіші жүзді билеген Жантөре хан жерленген қорым туралы баяндаған Қазбек Құттымұратұлы әлі де зерттеу жұмыстарымен айналысып жатқандығын тілге тиек етті. Ал тарих магистрі Айболат Құрымбаев Бөкей ордасы ауданындағы Жәңгір хан мазары мен оның маңында орналасқан құлпытастар жөнінде бейнебаян көрсетіп, семинарға қатысушыларға тың деректерді таныстырды.

Шара барысында «Ғарифоллаһ Яр Истанбуле Абдолла бин Мұхаммад, лақап есімі Күшікбаси 83 жасында опат болған стамбулдық азаматтың көзі тірісінде көп жылдар бойы Орда жерінде қызмет жасағанын қабіртастағы жазудан байқадық», — деген өлкетанушы Мұратбек Жахатовтың баяндамасы түрік профессорын елең еткізді. Осындай құнды дүниелердің зерттеліп жатқандығына және болашақта да талай жұмыстардың жүргізілетініне көз жеткiзген профессор Халит Эрен мырза оралдық зерттеуші топқа ризашылығын білдіріп, болашақта да бірігіп жұмыстанатынын айтты.

— Бұл жәдігерлер бұған дейін жергілікті ғалымдардың жұмыстануымен зерттеліп жатты. Кейін мұндай құнды қазына, бағалы дерек туралы хабар Алматыға да жетті. Батыс Қазақстан өңіріндегі қабіртас ескерткіштерін зерттеу жобасы Шығыстану институтында үш жыл бұрын басталған еді. Бүгінде бұл құнды дүниелерге әлем қызығушылық танытуда. Арал – Каспий өңіріндегі ислам жәдігерлерін зерттеу жөнінде өткен ғылыми семинарға Астана, Алматы және де басқа өңірлерден мамандар қатысты. Семинар қорытындысында жинақталған материалдарды әлемге мәлім болуы үшін ағылшын және қазақ тілінде басып шығарамыз деген келісімге келдік. Кітапқа құлпытастар, архивтік құжаттар, ауызекі деректер және шежірелер енгізілетін болады. Мұсылман әлеміне қолға алынып отырған жаңа жобамыз қызықты болатынына сеніміміз мол. Бұрын-соңды зерттелмеген және еш жерде айтылмаған тың деректердің бірінші нұсқасын әлем үшін ағылшын тілінде, көршілес елдер үшін орысша нұсқасын және өзіміз үшін ана тілімізде басып шығармақ ойдамыз. Халықаралық «IRCICA» басшылық жасап жатқан жобаға Орал қаласынан бес адам және Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің мамандары қатысқалы отыр, — деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, «IRCICA»-ның зерттеушісі Әшірбек Мүминов аталмыш шарадан кейін берген сұхбатында.

*  *  *

IMG_1143Келесі күні Философия, саясаттану және дінтану институтының конференц-залында «Қазақстандық деректану мен тарихнама мәселелері» атты Тимур Қасымұлы Бейсембиевтің (1955-2016) рухына арналған ғылыми оқулар ұйымдастырылды.

Шараны тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Мүминов жүргізіп отырды. Аталмыш жиынды Қазан федералдық университеті, Халықаралық қатынастар мен шығыстанудың жоғарғы мектебінің директоры Э. Хабибуллина, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты А. Нұрманова, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Р. Камарова, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы ғылыми зерттеу орталығының маманы Қазбек Қабжан, өлкетанушы Мұратбек Жахатов, тарих магистрі Айболат Құрымбаев және Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты  Д. Медерова («Құлпытас бетіндегі жоқтау сарыны: Батыс Қазақстан облысы материалдары бойынша») мен Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Б. Дюсенов қатысты.

— Зерттеуші тобымыздың дайындаған баяндамалары бір-бірімен байланысты. XVIII-XIX ғасырларда орыс қазақтардың арасында күрделі кезеңдер көп болған. Соңғы ізденістердің нәтижесінде Кіші жүзді билеген Есім хан, Нұралы хан, Жантөре хан Айшуақұлының, Қаратай сұлтан Нұралыұлы секілді тұлғалардың жерленген орындары табылып жатыр. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Есім хан мен Жантөре ханның басына ескерткіш тақта орнатылды. Кейін Астанадан келген «Ұлы дала экспедициясы» сол жерлермен жүріп өтті. Жантөре ханның қорымынан 141 құлпытас табылды. Сол қорымнан ру басылар, билер мен батырлардың қабіртастары табылды. Олардың барлығы жеке жинақ болып шығуға әзірленіп жатыр. Осы жиынға арнайы шақырып отырған Шығыстану институтының басшыларына алғысымызды айтамыз, — деді Қазбек Қабжан.

— Тұңғыш рет Тимур Бисембиев оқулары кең көлемде атап өткізілді. Оған Батыс Қазақстан өңірінен зерттеуші топ келіп, өздерінің жұмыстарымен таныстырды. Болашақта да бірлесіп жұмыстану ойымызда бар. Көнеден қалған ескерткіштерді қалпына келтіру және оларды насихаттау біз үшін үлкен парыз деп санаймыз. Шығыстану институтының қолдауымен үш жылдық жоба әрі қарай жалғасын табатын болады. Содан кейін тың деректердің көзін тауып, ғылыми айналымға енгізуге болады, — дейді Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының орынбасары Ғалымжан Дүйсенов.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, кездесу барысында алматылық ғалымдар әлі де талай зерттеу жұмыстарына араласып, қолұшын беруден аянбайтындарын сездірді.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

Алматы – Орал


«Жайық өңірінің жылнамасына 100 жыл»

Күні: , 30 рет оқылды

IMG_0880


Өткен аптада Алматы қаласындағы ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК орталық ғылыми кітапханасының мәжіліс залында «Жайық өңірінің жылнамасына 100 жыл» атты жиын өтті.


Жиын барысында модераторлық қызмет атқарған ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қарлығаш Қаймақбаева Жайық өңірінің азаматтарымен екі жылдан бері бірлесіп жұмыстанып жүргендіктерін және «Ғылым ордасының» кітапханасына олардың атынан бұған дейін де бірнеше ұсыныстар түскендігін, осындай игі бастама нәтижесінде бүгінгі күні бас қосып отырғандығын айтып, шараға қатысушы зиялы қауым өкілдеріне қонақтарды таныстырды.

Өңірімізден шыққан басылымдардың тарихын зерттеу кезінде өзге де аймақтармен байланыс жасау арқылы біраз құнды дүниелерге қол жеткізуге болады. Құпиясын ішіне бүгіп жатқан деректердің кілтін ашу негізінде суреттер мен бейнетаспаға түсіріп алып, артынша өзге тілден ана тілімізге аудару арқылы жинақ етіп басып шығару біраз уақыт пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Алатаудың баурайындағы кездесуге зерттеуші топты бастап барған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин басқосуда алғашқы сөз тізгінін ұстады.

— Зерттеу жұмыстарымен айналысу барысында қолұшын беріп жүрген жандар баршылық. Соның бірі Алматы қаласындағы «Ғылым ордасының» басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Өңіріміздегі газет тарихы алдымен «Қазақстан» газеті 1911-1913 жыл, кейін «Хабар-Известия» 1918 жылы аз ғана уақыт шығарылғанымен, «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда» газеті деген атпен жалғасын табады. Басылым ғұмырының үзілмеуін әу бастан ойлаған сол кездің зиялы қауым өкілдері ақылдаса келе «Дұрыстық жолы» деген атаумен басып шығаруға шешім қабылдайды. Бұл туралы Ресейдің Химки қаласындағы архивте сақталған мәліметтер арқылы анықтадық. Сонымен қатар өңірдегі газетіміздің 95 жылдығын тойлаған кезде «Қос газеттің тарихы» атты анықтамалық жинағын кітап етіп басып шығарған едік. Аталмыш кітапта 1917 жылдардан газетті басқарған тұлғалардың «Алаш орданы қолдады» деген айыппен ату жазасына кесілгендігі немесе түрлі жазаларға тартылғандығы жайлы баяндалады. 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газетінен бастауды жөн көріп, әлі де ашылмай жатқан сырлардың кілтін іздеуге кіріскен кезімізде, Алатаудың баурайындағы әсем Алматыға келіп, Ғарифолла Әнес, Светлана Смағұлова сынды білікті адамдардың жол көрсетуімен Алматы және Мәскеудегі архивтерде сақталған «Қазақстан» газетінің 16 нөмірін араб әліпбиінен кириллицаға аударып, кітап етіп басып шығардық. Ақ Жайық өңіріне кезекті іссапармен келген Елбасының қолына «Қазақстан» газетінің тарихы жөніндегі жинақты табыстаған кездегі, кітап мазмұны мен оның ішіндегі айтылған әңгімелерге ерекше ықылас білдіріп, кітаптың таныстырылуын Астана қаласындағы Ұлттық кітапханада өткізу жөніндегі тапсырмасын орындадық. Газетіміздің бастауында тұрған Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйриннің еңбегі зор. Қазіргі облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газетінің басында, сонау 1917 жылдың 28 шілдесінен шыға бастаған «Ұран» газетінің тұрғандығына көз жеткіздік. Ғұмар Қараштың еңбектерін топтап шығару жолында Мәскеу қаласында тұратын атамыздың туған немересі Надежда Қарашева өзінде бар құжаттарды бізге табыстап тұрып «Енді менің мойнымнан ауыр жүк түскендай болды. Атамыздың еңбектері далада қалмайтынына сенімім мол» деп, көзіне жас алған еді. Сол кісінің де аманатын алдарыңызға әкеліп отырмыз. Ғұмар атамыздың проза және поэзиядан құралған екі томдық жинағын дайындап, ғалымдардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, артық-кемшілігі болса, оны да ескереміз. Егер осы жинаққа кіргізетін қосымша деректеріңіз болса, авторлық құқықтарыңызды сақтай отырып, кітапқа енгізуді жоспарлап отырмыз, — деген Жантас Набиоллаұлы кі-тапхана меңгерушісі Қарлығаш Ескендірқызына жинақталған деректердің электрондық нұсқасын табыстады.

«Ат аунаған жердің түгі» деген осы шығар…

IMG_0844Жиын барысында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, жазушы Бейбіт Қойшыбай, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай, ҚазҰУ оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Аманқос Мектеп сияқты зиялы қауым өкілдері сөз алып, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған тың деректерді жинақтап, оны бірнеше кітап етіп шығарып, еліміздің болашағына қажетті жұмыстармен айналысып жүрген Жайықтан келген ізденімпаз топқа ризашылықтарын білдірді. Дөңгелек үстелде айтылған ұсыныстар мен ақыл-кеңестерді байыппен тыңдап отырған «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес те өз ойымен бөлісті «Оралдан келген бауырларымыздың жасап отырған шаруалары бір институттың жұмысы деп айтуға әбден болады. Осы кезге дейін зерттеліп келген жұмыстардың бірнеше пайызын орысша жазбалардан (источник) ғана алып келдік. Бірақ арабшадан аударуға ешкім құлшыныс білдірмей келді. Бұл азаматтардың өздерінің ынтасымен жасап жатқан жұмыстарына көңіліміз тояды. Жасаған еңбектеріңізді көрсеткеннен кейін осындағы бүкіл ғалымдардың қызығушылығын оятып, әрі қарай бірлесіп жұмыстануға жол ашылады деп сенемін», — деді ол жиын барысында.

— Қазақта «Ат аунаған жерде түк қалады» деген сөз бар. Бұл жігіттерді сол ат аунаған жердің түгі деп түсініп отырмын. Халық үшін еңбек сіңіріп жүрген азаматтарға неге қолдау білдірмеске. «Істің аяқталуынан емес, басына қарап бағала» демекші, осындай құнды дүниелерге назар салып қозғағандарыңыз үшін алғыс айтамын, — деп тілегін жаудырған журналист Сара Ләтиеваның сөзін Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова да іліп әкетіп, «Шығарылған кітаптардың мазмұны ерекше. Оралдық бауырларымыздың жасап жүрген еңбектері кереметтей диссертацияға тең келетіндей екен. Сол көне газеттерімізбен араб тілді деректерді салыстыра келгенде бірдей болып шығатындығына күмәнім жоқ. Баспасөз тарихымен айналысудың өз машақаты бар. Оны тек сол іске үңілгендер ғана түсіне алады. Құнды дүниелерді жолда қалдырмай, келешек жастарымыз ізденіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырса деген тілегім бар», — деді ол.

— Ғалымдардың ақыл-кеңесіне құлақ түріп, бірлесе жұмыстанып отырғандарыңыз ұтымды жағдай деп ойлаймын. Жүйелі және мол мұраларыңыз алдағы уақытта зерттеушілерге жол салатынына кәміл сенемін. Біз орта буынға келгеннен кейін, соңымызда жастар бар ма екен деп алаңдайтынбыз. Бүгінгі жиынымыз сол алаңдаушылықты жойды деп сенемін, — дейді филология ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлжаһан Орда.

Жиын соңында «Ұран» газетінің шығарылуы жөнінде деректі бейнебаян көрсетіліп, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жиынға қатысқан түрлі мекеме өкілдеріне бірнеше кітапты сыйға тартты. Мәні-мазмұны терең басқосуға жиналғандар естелік суретке түсті.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

Алматы – Орал


«Мұғалімдердің мәртебесін көтерсем бе деп едім»

Күні: , 537 рет оқылды

Жанбол Галиев


Ол 2010 жылы көлік апатына ұшырап, мүгедек арбасына таңылады. Аяқ астынан  І топтың мүгедегі атанып, ауыр күндерді бастан кешіреді. Бірде облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінде ем алып жүріп, дәрігерлерден: «Жинап жүрген азғантай қаржым бар, не істесем болады?» деп кеңес сұрайды. Олар біздің кейіпкерімізге өзінің жеке кәсібін ашуға кеңес береді.


Сөйтіп ойланып, мұғалімдердің мәртебесін көтермек мақсатта «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несие алып, «Ел және мұғалім» атты жаңа газет ашады. Бұрындары өзі де мұғалім болып еңбек еткен кейіпкеріміз, бүгінде «Ел және мұғалім» атты облыстық қоғамдық-педагогикалық газетінің редакторы Жанбол Ғалиевтің алға қойған өз мақсаты бар.

— Апатқа ұшырамас бұрын Сырым ауданындағы «Сырым» колледжінде дене тәрбиесінен сабақ бердім. Сол кездерде «Жайық ұстазы» газетіне жіберген мақаламыздың жарияланғанын ай жарым, екі айлап күтіп жүретінбіз. Сондықтан да мұғалімдерге арналған осы газетті ашуға бел байладым, — дейді ол.

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап оқырманға жол тартқан басылым әр апта сайын 1000 данадан айына төрт рет шығады. Алайда 500 данасы таратылып, 500 данасы қолында қалып қойып, көбіне қиналып қалатынын да жасырмайды. Жас басылымға қазіргі күнде облыстық ішкі саясат басқармасы, қала әкімдігі, облыстық білім басқармасы қолдау көрсетуде.

— Газетіміз басында ашылып, кейіннен бір жағдайлармен бір айдай тоқтап тұрды. Қаңтар айынан бастап «Ел және мұғалім» газетінің сыртқы дизайнын өзгертіп, қайтадан жұмысқа кірістік. Қазіргі күнде газетіміз ел арасында біртіндеп танылып келеді. Елбасымыздың өзі мүмкіндігі шектеулі жандардың тек жәрдемақы алып отырмай, қоғамның белсенді мүшесі болуы қажеттігін жиі айтып жүр. Сондықтан да газетім ел көңілінен шықса екен деймін. Әзірге жаңа басылым туралы мұғалімдердің пікірі жаман емес. Алдағы уақытта газетімізге мұғалімдер көптеп жазылса екен. Газетке жазылған мұғалімдердің сабақ жоспары мен мақаласы газетке тегін жарияланады, — дейді Жанбол Серікұлы.

Бұл газетте тек мұғалімдердің ғана емес, аты айтып тұрғандай, ел ішіндегі өнер адамдары, кітапхана, медицина саласы мамандарының да мақалалары жарияланады.

— Қазіргі күнде Сырым ауданындағы екі бөлмелі үйімді жауып, қаладан 50 мыңға үй жалдап тұрып жатырмын. Газеттің макеті де сол үйде дайындалады. Одан бөлек газетті басып шығару үшін баспаханаға апта сайын 40 мың теңге төлеймін. Сондықтан дәл қазіргі уақытта ісіміздің алға басып кетуіне бізді демеп, қолдап жіберетін кәсіпкерлер болса, нұр үстіне нұр болар еді, — дейді кейіпкеріміз.

Біз де өз тарапымыздан кейіпкеріміздің ашқан жаңа басылымының оқырманы көп болсын деп тілейміз!

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ


Қарудан құтылып, сыйақы ал!

Күні: , 23 рет оқылды

KONICA MINOLTA DIGITAL CAMERA

KONICA MINOLTA DIGITAL CAMERA


Өткен апта соңында облыстық ішкі істер департаментінде құқық қорғау құрылымдары басшылары мен мамандарының қатысуымен брифинг өтті.


Баспасөз мәслихатында заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде тапсыруы, әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеудегі жауапкершіліктері, жастардың еліміздегі құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлайтын жоғарғы оқу орындарында білім алу жолдары жөнінде айтылды.

БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жанболат Жаншиннің мәлімдеуінше, облыс тұрғындарынан атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы 10 сәуірден басталады. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерін және жарылғыш заттарын ерікті түрде тапсырған азаматтарға ақшалай сыйақы төленеді. Осы мақсатта республика бюджетінен біздің облысқа 8 млн. 034 мың теңге бөлінген. Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде қару-жарақ түрлерінің техникалық жай-күйі және оның атуға жарамдылығы ескеріледі. Барлық аумақтық ішкі істер органдарында заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ дәріні және жарылғыш заттарды қабылдау жөнінде арнайы комиссия құрылды. Ауыл тұрғындары қару-жарақтарды жергілікті аудандық ішкі істер бөлімдері-не, ал оралдықтар Орал қалалық ішкі істер басқармасына тапсырады.

Ал криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттар болып табылмаған, ҚР ІІМ-ның АБДБ-да «Криминалдық қару» және «Тіркелген қару» есебінде тұрған бұйымдар мен заттарға, қолдан жасалған оқ-дәріге, тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын қаруға арналған патрондарға сыйақы төленбейді.

Баспасөз мәслихатында сөз алған аталмыш департаменттің кадр жұмысы басқармасының инспекторы Айгүл Барасова еліміздегі әскери білім алу туралы түсінік берді.

003-5— Облыстық ішкі істер департаменті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына 2017 жылға талапкерлерді іріктеу жұмысын жүргізеді. Оқуға орта немесе кәсіби орта білімі бар, дене-күші дайындығы жағынан шыңдалған, дені сау, интеллектуалды дамыған 16-25 жас аралығындағы жастар шақырылады. Жігіттердің бойы 170, қыздардың бойы 160 сантиметрдан төмен болмауы тиіс. Қазақстан Республикасы ІІМ-ның жоғары оқу орындарына 4 жылдық оқу мерзімі бойынша Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары жатады. Сонымен қатар 2 жылдық оқу мерзімі бойынша Ақтөбе заң институтына жоғары заңгерлік емес мамандығы бар 25 жасқа толмаған тұлғаларды оқуға қабылдаймыз. Оқуға түсу үшін таңдаулы пән дүниежүзі тарихы немесе физика пәні болуы шарт. Курсанттың оқуы, тамақтануы, киім-кешегі және жолақысы мемлекет тарапынан толық қамтылады. Оқу орнын аяқтағаннан кейін бітіруші курсант полиция лейтенанты атағын алып, қызметке міндетті түрде орналастырылады, — деді Айгүл Барасова.

Сала маманының айтуынша, оқуға түсуге ниет білдіргендер өздерімен бірге жеке куәлігі мен туу туралы куәлігінің түпнұсқасын және нотариалды расталған көшірмелерін, отбасы мүшелерінің әрқайсысының жеке куәлік және туу туралы куәліктерінің көшірмелерін міндетті түрде алып келулері талап етіледі. Анықтама алу үшін БҚО Орал қаласы, Пугачев көшесі, 45-үй, №435 бөлмесіне жолығулары сұралады. Байланыс телефондары: 98-42-37, 98-41-99, 98-42-79. Интернет ресурсының мекенжайы: http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/zko/ ZKO.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында азаматтардың әкімшілік айыппұлдарды уақтылы төлеудегі жауапкершіліктері туралы департаменттің әкімшілік практика бөлімшесінің инспекторы Олжас Ибрагимов баяндады.

— Күні бүгін айыппұл тұрағында 500 мың теңге әкімшілік айыппұл төлемеген 27 автокөлік тұр. Белгіленген мерзімде берешегінен құтылмаған автокөліктер сот орындаушылардың шешімімен аукцион арқылы саттыққа шығарылатын болады. Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілікті орындамаған тұлғаларға 22 690 теңге көлемінде айыппұл төлейді немесе бес күн қамауға алынады. Сондықтан заң бұзған өңіріміздегі автокөлік жүргізушілерін берешек айыппұлдарын уақтылы төлеуге шақырамыз, — деді Олжас Ибрагимов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


1585 отбасы баспаналы болмақ

Күні: , 26 рет оқылды

DSC_0144


Биылғы жылы облысымызға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 11 млрд.-тан астам теңге қаралып отыр.  Оның 9 млрд. теңгесі тұрғын үй құрылысына, 2 млрд. теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға бөлінетін болады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мәлімдеді.


Баспасөз мәслихатында өңір басшысының орынбасары облыстағы энергетика және тұрғын үй коммуналдық саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар, алда тұрған міндеттер туралы баяндап берді.

Бағдат Азбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Орал және Ақсай қалаларында сегіз көп қабатты тұрғын үй салынбақ. Ол үйлердегі 985 пәтер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына берілмек. Ал облыс орталығынан бой көтеретін екі көп қабатты тұрғын үйдегі 360 пәтер кезекте тұрған әлеуметтік тұрғыдан қолдауға мұқтаж жандарға несиеге беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар 12 ауданның жетеуінде 240 пәтерлі 178 тұрғын үй бой көтермек.

Айта кетейік, облыс бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының саны 40 мыңға жетсе, пәтер кезегінде тұрған азаматтардың саны 19 мыңды, жер кезегінде тұрған азаматтар саны 97 мыңды құрап отыр.

Биыл тоғыз ауданда инженерлік желілер тартылған 3252 жер телімі тұрғын үй салу мақсатында кезекте тұрғандарға берілмек. Оған қоса Орал қаласы аумағынан бөлінген 200 гектар жерге инженерлік желі тартып, жер кезегінде тұрған 1000 отбасына беру жоспарланған.

— Өткен жылдан бастап облыс орталығындағы апаттық жағдайдағы үйлердің орнына жаңа үйлер салу қолға алынды. Жалпы, облыс орталығында апатты жағдайдағы 43 тұрғын үй бар, оларда 1 500 адам тұрып жатыр. Депо аумағында 48 пәтерлі, төрт апатты жағдайдағы үй бұзылып, орнына көп қабатты екі тұрғын үй бой көтеруде. Алғашқы үйді бірінші жартыжылдықта тапсыратын боламыз. Ағымдағы жылы осындай тоғыз тұрғын үй құлатылып, орнына мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі аясында жеке инвесторлардың есебінен көп қабатты тұрғын үйлер салынатын болады. Құрылыс компаниялары салған көп қабатты тұрғын үй алдымен бұзылған үйдің пәтер иелеріне беріледі. Ал қалған пәтерлерді мердігер компания өздері қала тұрғындарына сатады. Инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстарын жергілікті билік мойнына алады. Жалпы апатты жағдайдағы үйлерді алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен жаңалау жоспарланды. Әлеуметтік нысандар салу бойынша республикадан, жергілікті бюджеттен және «ҚПО б.в.» компаниясынан бөлінген 6 млрд. теңге қаржыға биыл өңірде жаңа сегіз мектеп пен Подстепный ауылында мәдениет үйі салынатын болады. Білім ордасының төртеуі Орал қаласында, төртеуі аудандарда бой көтереді. Бұл құрылыстар арқылы апатты жағдайдағы бір мектептің және үш ауысымда оқитын бірнеше мектептің мәселесі шешілмек. Мемлекет басшысының елді мекендерді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес биыл өңірдегі елді мекендерді ауыз сумен қамтуға 6,2 млрд. теңге қаражат бөлінді. Сол арқылы 39 жоба жүзеге асырылып, 12 аудандағы 54 елді мекенге таза ауыз су жеткізілмек. Бұл жобалар сәтті іске асқан жағдайда өңірдегі ауыл-аймақты сапалы сумен қамту көрсеткіші 37 пайыздан 42 пайызға көтерілетін болады. Елді мекендерді газбен қамту жұмысына ағымдағы жылы 3,7 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұл қаражаттың көмегімен Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөкей ордасы, Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек аудандарындағы бірқатар елді мекендерге көгілдір отын тартылатын болады. Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы тоғыз  жобаны іске асыру мақсатында 2,5 млрд. теңге қаражат бөлінді. Ағымдағы жылы төрт аудандағы 28,8 шақырым жылу жүйесі, 185,7 шақырым ауыз су құбырлары қайта жөнделмек. Осы жұмыстар арқылы 12 мыңнан астам тұрғыны бар сегіз елді мекен таза ауыз сумен, Ақсай қаласындағы 15 мыңнан астам тұрғын жаңа жылу жүйесімен қамтылатын болады. Сонымен қатар 2017-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңмен Орал қаласындағы орталықтандырылған жылу қазандығын жаңалау да жоспарлануда, — деді Бағдат Азбаев.

Баспасөз мәслихатының соңында облыс әкімінің орынбасары БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.

Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Гүл шоқтарын қойды

Күні: , 20 рет оқылды

PRI_2810


Орал қаласының  жастары  жуырда  Ресейдің  Санкт-Петербург қаласында  болған лаңкестікке байланысты қаза тапқандар  мен жапа шеккендердің  қайғысына  ортақтасып, шаһарымыздағы Ресей  елшілігінің ғимаратының  алдына гүл  шоқтарын қойды.


— Санкт-Петербургты көрнекті тарихи жерлерге, мәдениетке  бай қала деп білеміз. Жазығы жоқ жандардың мезгілсіз мерт болғандары қабырғамызды қайыстырады. Әлемнің ешбір елінде лаңкестік болмасын деп тілейміз. Біз бейбіт елде өмір сүргіміз  келеді, – дейді қаланың  жас  тұрғыны  Мержан  Әбілқас.

Айта кетейік, 3 сәуірде Санкт-Петербург қаласының метросында жарылыс болды. Соның салдарынан оннан астам адам мерт болып, елуден астам жолаушы жарақаттанған.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика