Мұрағат: 03.04.2017


Ұлттың ұлы ұстазы ұсынған қағидаларды ұмытпайық!

Күні: , 56 рет оқылды

Baitursynuly


ХХ ғасыр басындағы өлара кезеңде аспан астындағы өмір сүру құқығыңды қорғау үшін найза мен білектің күші жетпейтінін біліп, күрестің саяси-ағартушылық бағытын ұстанған Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары «Алаш» саяси партиясын құрып, Алаш Орда үкіметі жұмысын жүргізді. Өмірі қысқа болса да, Алаш қозғалысы ұлттың ұлы арман-мақсаттарын бағдарламаларында көрсете білді. Алаш қозғалысы – бүгінгі тәуелсіздіктің бастауы, қайнар көзі.


Биыл құрылғанына 100 жыл толатын Алаш қозғалысының, оның көшбасшыларының саяси-құқықтық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын, тұжырымдарын зерделеп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мұраттарымен сабақтастығын қарастыру өте маңызды. «ХХ ғасырдың басында ұлттың зиялылары азаттық үшін болған көп ғасырлық күресте маңызды рөл атқарды. Қазақ сахарасында «Алаш» алғашқы саяси партиясы және Алаш Орда үкіметінің пайда болуы азаматтық кемелденген және халықтың болашақ тағдырын шеше алатын қазақтың саяси зиялыларының жоғарғы әлеуетін көрсетті», — деп атап өтті кезінде ұлт зиялыларының бірі Иманғали Тасмағамбетов. Алаш арыстарын айтқанда ұлттың ұлы ұстазы, рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновты алдымен еске аламыз. Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасы мол, сан салалы. Ол – тілші, әдебиеттанушы ғалым, ұстаз, аудармашы, ақын, жидашы, өткір тіл, ақиқат сөзбен сананы оятқан көсемсөзші, ел үшін күрескен ердің сойы.

 Ахмет Байтұрсынов 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай атырабындағы Аккөл жағасында дүниеге келген. 1886-1881 жылдары екі кластық Торғай орыс-қазақ училищесінде оқыған. Ал 1891-1895 жылдары Орынбор орыс-қазақ мектебінде тәмамдап, ауылдық мектептерде, бастауыш училищелерде мұғалімдік қызмет атқарған. ХХ ғасырдың басында саяси қозғалыстарға араласа бастайды. 1905 жылғы 17 қазанда жарияланған патша манифесінен кейін қалың қазақтың мүддесі үшін күресуді мақсат еткен қайраткердің біріне айналды. Патша заманында-ақ қуғын-сүргін көріп, 1938 жылы жазықсыз атылғанға дейін «Асыл адам айнымас» дегендей, ұлт мүддесі үшін саяси, ағартушылық күрес жүргізді. Ақаңның ізін басып, көптеген іс атқарған қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің Ахаңа қаратып айтқан «Оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі» деген сөзі – нақ шындық. Ол қазақ тілінің әліппесін түзіп, негізгі грамматикалық жүйесін реттеп, ұлттық мектептің іргесін қалады. 1923 жылы 28 қаңтарда Орынборда қазақ зиялыларының арасында тұңғыш рет А. Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы өткізілді. Мәжілісті Қазақ АССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин ашып, ол өз сөзінде: «Ахмет Байтұрсынұлы – қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан заманында патшаның арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі. Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртып, арын бірге жоқтады. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын сүюдің зорлығынан «Алаш» партиясында болды, сол ұлт қамы үшін коммунист партиясына да кірді. Байын, кедейін айырмай, қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл, жазушысы аз, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына «Оқу һәм құралдарымен» қылған қызметі таудай», — деп баға береді.

Әр халықтың дербес білім жүйесі болуы керек. Әлемдік тарихта дербес білім беру жүйесінен айырылу кейбір ұлттық мемлекеттердің жойылуына әкеліп соғады. Оған тарих куә. Елдің болашағы, оның оқу жүйесіне тікелей байланысты.  Сондықтан да Ақаң: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстықта, билікте, халыктық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» деген еді (Қазақша оқу жайынан. «Қазақ», 1913, №14»). Кешегі өткен кеңестік білім жүйесі қазақ ұлтының кәсіби мамандарын даярлауда, ғылым-білімді игеруде сапалы қайнар көзі болғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен кемшін тұстары да жоқ емес еді. Ал «Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы білім беру саласындағы сансыз реформалар не берді?» деген сынды күрделі сұраққа білім беру саласындағы атқа мінгендер бір сәт ойланды ма екен?! Жас ұрпақтың алдында бәріміз жауаптымыз. Педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың пікірі ащы шындық: «…Алдымен білім беру саласын дамытудың ғылыми жүйесін жасауымыз керек еді. Өкінішке орай, ондай жұмыстар дер кезінде атқарылмады. …Өкінішке орай, одан кейінгі жылдарда жүргізілген барлық реформалар да ғылыми негізсіз жүргізілетін болды» («Аbai.kz», 13.01.2017). А. Құсайынов әлемдік тәжірибелерді сараптай келе, оқушылары үнемі жоғары нәтиже беретін Шанхай (Қытай), Сингапур, Гонконг (Қытай), Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Канада және Жаңа Зеландия елдерінің ғылыми негізде дайындалған білім беру саясатына тоқталады: олардың басты мақсаттары – ұлттық ерекшеліктер мен мәдениетті, ана тілін сақтап дамыту, рухани бай адам тәрбиелеуді іске асыру және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеру. Бір сөзбен айтар болсақ, басты мақсат – адам тәрбиесі. Осы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, мемлекет құраушы ұлттың санының өсуі экономикаға, ал сапасы білім беру жүйесіне тәуелді екенін есте ұстаған жөн. Ақаң айтқан бала оқыту ісін әлі түзете алмауымыз – елдігімізге сын.

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында – адами капитал сапасын жақсартуға басымдық беріп отыр. «Ол үшін білім беру жүйесінің рөлін өзгертіп, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға,  ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек». Ұлттың сапасын жаңғырту – білім беруге тығыз байланысты екенін әу бастан білген А. Байтұрсыновтың бір ғасыр бұрын жан айқайын білдірді: «…Әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек… Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек». Ұлт ұстазының осы сөздерін қазіргі ана тілінің уызына жарымағандар не түсінбейді, не мүлде оқыған жоқ. Елбасы «Ұлттық тілмен ұлттық сана қалыптасады» деп отыр. Балабақшадағы сәбиге, бастауыштағы бүлдіршінге үш тілді үйрету – дүбәрә азамат қалыптастыру, ұлттың тамырына балта шабу. Науқаншыл халықпыз ғой. Кейбір балабақшалар үш тілді үйретуге кірісіп кетті. Бүгінгі кей ата-аналар соның нәтижесін көріп жатыр. Мысалы, баласы анасына «Мама, сенің көзің бұлу (ағылшыннан аударсақ – көк) екен ғой», — депті. Әжесіне келіп, немересі: «Әже, есік алдында уайд (ақ) жатыр», — деп қоймаған соң, әжесі «Бұл не айтып жүр?» деп қараса, есік алдында ақ балшық жатыр екен. Бұл — үш тілді ғылыми негізсіз оқытудың нәтижесі. Баланың ойлау санасындағы бытысып жатқан ақпараттар жүйесі жаһанданудың алғышарты. «Жаһанданудың басты міндетінің бірі – ұлттық тамырынан ажырап қалған мәңгүрттерді, ұлтынан жеріген, өздерін ұлттан жоғары санайтын дүбәраларды, ешқандай ұлтқа жатпайтын «жаңа адамды» тәрбиелеп шығару. Қазір Батыстың бүкіл ақпарат құралдары, білім, тәрбие  беру жүйелері осы мақсатқа жұмылдырылған» (Дандай Ысқақов, филология ғылымының докторы, профессор).

Мәжбүрлі түрдегі қостілділік (қазақ-орыс, орыс-қазақ емес) қазақ қоғамында ұлттың тұтастануынан гөрі, қарама-қайшы топтарды қалыптастырғанын көріп отырмыз. Үстем тіл бір ұлттың екінші бір ұлттан басымдығын жүзеге асырады.  Демек, қостілділік ана тілінен екінші бір тілге, яғни өз ұлтынан басқа бір ұлттың рухани әлеміне өткеріп жіберетін көпір рөлін атқарады. Ағылшынның лингвист ғалымы Дэвид Кристал «Тіл ажалы» атты кітабында «Бір тілді немесе ұлтты жоқ қылып жіберу үшін оларға қостілділікті енгізсе, жетіп жатыр» деп жазыпты. Сонда сөйлеушілерінің саны көп басым, яғни басқыншы тіл өзінен әлсіз тілді жұтып жібереді екен.

Біз қанша тіл үйренсек те, ана тілді бірінші орынға қоюымыз керек. Елбасының соңғы Жолдауындағы «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді» деген сөзі – көңілімзге зор медеу. Ақаңа тағы жүгінсек: «…Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы» (Бастауыш мектеп. «Қазақ», 1914, №61). Осы ұлағатты ойларды ескерместен, жоғары сыныптарда жаратылыс пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. Кейбір жоғары оқу орындарының ректорлары үш тілде оқытуға дайынбыз деп қол көтеріп отыр. Бұл да науқаншылдық, «ләббай құлдық» деп жалған ақпарат беру. «Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз» деген-ді математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев. Кешегі кеңестік заманда да қазақ мектебінде жаратылыстану ғылымдары қазақша оқытылып, ғылыми ақпарат қалыптасты, қаншама ғалымдар шықты. Өткеннің бәрін жоққа шығарып, қазақ тілін ғылым саласынан ығыстырсақ, Қаныш Сәтпаев сияқты ғұламалар қайдан шығады?! Ғылым өз тіліңде болғанда ғана жұғымды, түсінікті болады. Қазақ тілінің ғылыми әлеуеті ұшан-теңіз.

«Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» (А. Байтұрсынов). Ұлт қамын ойлаған Елбасы Жолдауында «Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін», — деді. Ұсыныстар әзірлейтін болсақ, Ақаң айтқан тұжырымдарды ескеруіміз керек: «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. қазақ сөздерін алып, орыс немесе ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз».

Осы тұжырымдарға сүйенсек, он екі жасқа дейін бала орта мектепте қазақ тілінде оқып, сәби санаға ұлттық тәлім-тәрбиенің дәні себілуі шарт!

 Мұрат САБЫР,

филология ғылымдарының докторы,

профессор,

Орал қаласы


Талғат НЫҒМЕТОВ: «Діни сауаттылықты арттыру қажет»

Күні: , 225 рет оқылды

фото


Елбасы биылғы Жолдауында дін мәселесіне де көңіл аударғаны белгілі. Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, ғаламтор мен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмыстарын жүргізу, қоғамда радикалды көзқарасқа қатысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керектігін айтты. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасауға тапсырма берді. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажеттілігіне тоқталды. Соған орай өңірімізде қандай шаралар қолға алынатынын білмек мақсатта облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовті әңгімеге тартқан едік.


— Елбасымыз Жолдауда әлеуметтік және экономикалық жайттармен қатар, еліміздегі дін мәселесіне де назар аударып, қазір адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп тұрғанын атап өтті.

Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу негізгі мәселе екендігін баса айтты. Мемлекет басшысы мұның барлығын жаңадан әзірленіп жатқан «2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада» ескеру керектігіне тоқталып өтті.

Айта кету керек, «2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның» арқасында еліміз дін саласында көп жетістікке қолжеткізді. Бұл мемлекеттің осы бағыттағы саясатының, оны жүзеге асыруда оңтайлы тетіктерді пайдалана білуінің нәтижесі екендігі анық. Оған барлық өкілетті мемлекеттік құрылымдармен қатар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар да атсалысты.

Аталмыш мемлекеттік бағдарламаның арқасында облысымызда да дәстүрлі емес діни бағытқа бет бұру азайды. Халықтың, соның ішінде жастарымыздың діни сауаты көтерілді. Сәйкесінше ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасы да жылдан-жылға артып келеді.

Қазіргі таңда өңіріміздің әр ауданында дін мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйым, деструктивтік ағымдағылардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы, жастар ресурстар орталығы бар және алты аудандатеолог мамандар жүйелі қызмет етуде. Сонымен қатар биыл үкіметтік емес ұйымдар арасында әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс арқылы жергілікті бюджеттен бөлінген 47 млн. теңгеге байқау жарияланбақ. Ұтқан ұйым бөлінген қаржының көмегімен жұмыс ширата түседі. Мұндай жоба алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы жоба аясында еліміздің өзге өңірлерінен беделді теологтарды шақырып, өзіміздің мамандардың да сауатын көтеруді көздеп отырмыз.

Біз зайырлы және деструктивті бағыттағы топтармен және азаматтармен де жұмыс істейміз. Зайырлы топпен кез келген маман немесе ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі тиісті жұмыстар жүргізе алады. Ал деструктивті топтармен діни ортаға үгіт-насихат жасай алатын, діни сауаты бар мамандар жұмыс істеуі керек. Ондай жандар бізде тапшы. Сондықтан облысымызға дінтану-шы мамандарды тарту жұмысы ерекше назарымызда.

IMG_9890Өткен жылдың ақпанында біздің басқарма мен “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университеті арасындағы конфессияаралық қатынастар және өзара ынтымақтастықты арттыру туралы меморандумға қол қойылды. Соған орай былтыр мекемеміздің және ҚМДБ БҚО бойынша өкілдігінің қызметкерлері жүргізген кәсіби бағдар беру жұмыстарының нәтижесінде өңірімізден 25 азамат аталмыш оқу орнына құжаттарын тапсырды. Олардың 11-і мемлекеттік грантқа ие болса, ал 2 талапкер облыс әкімдігінің қолдауымен ақылы оқуға түсті. Осы жерде айта кетейін, бұл университеттің 3-курсында оқып жатқан ерлі-зайыптылар да облыс әкімдігінің грантымен білім алуда. Сонымен қатар өткен жылы РФ Қазан университетінің теология факультетіне грант бойынша түскен ерлі-зайыпты Азамат Төлепов пен Динара Мұхамбетова 2018 жылы оқуын тәмамдап, елге оралады. Осылайша алдағы уақытта облысымыз орыс тілді теолог мамандармен толығады. Ал биыл мемлекеттік грантқа түскендердің төртеуі – имам.

Зерттеулер мен талдау жұмыстары көрсеткендей, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары негізгі пәрменді әдіс-тәсіл болып табылады. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы қоғамда терроризм идеяларына қарсы иммунитетті, тағатты діни сананы қалыптастыру және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтарымызды жастардың санасына сіңіру. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында облыс тұрғындарының әр түрлі санаттарын қамтитын бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың арасында «Дін және әйел» тақырыбында республикалық форум, «Қызыңды тәрбиелегенің – ұлтыңды тәрбиелегенің» атты облыстық форум бар. Дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне, зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің мұғалімдеріне, журналистерге, құқық қорғау құрылымдары қызметкерлеріне, мешіт имамдарына арналған 54 оқыту семинары ұйымдастырылды. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы арқылы «Жәннат» қойылымын көрсету ұйымдастырылды. Оны мектеп оқушылары, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері, аудан тұрғындары, түзету мекемелерінде отырғандар (барлығы 10 мыңға жуық көрермен) тамашалады.

Оңалту ісі бойынша да біраз іс-шаралар атқарылды. Яғни басқарманың, дін мәселелерін зерттеу орталығының, ҚМДБ БҚО бойынша өкілдігінің теолог мамандары құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті әкімдік арқылы теріс ағымдағы жамағатпен, соның ішінде әйел жамағатымен, түзету мекемелерінде жазасын өтеушілермен арнайы жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде діни экстремистік бағыт бойынша сотталған көп азаматтың радикалды көзқарастары өзгерді. Биылдан бастап теологтар сотталған азаматтармен ұлттық патриотизм және тарих туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізбекші.

Ағымдағы жылға жоспарланып отырған іс-шаралар да аз емес.

Мәселен, Елбасы Жолдауында айтылғандай, әлеуметтік желілерде діни экстремизмнің және терроризмнің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруға 2 млн. теңге қаражат бөлініп отыр. Облысымызға А. Қуанышбаев, Е. Әміре, А. Сабдин, Б. Мырзаев, Е. Қарақұлов, А. Сманов сияқты республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, теологтарды ұзақ мерзімге шақыру жоспарлануда. «Дін және тарих» тақырыбында республикалық және барлық ауданда облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияларын өткізу көзделуде. Сондай-ақ оқушылар арасында сәуір айында «Дініңді сатпа, салтыңды сақта, сенімді ақта! Ел болашағы – жастар!» шығармашылық байқауы өткізілмек. Онда «Үздік сурет», «Үздік авторлық өлең», «Үздік монолог», «Үздік театрландырылған көрініс», «Үздік әлеуметтік жарнама», «Үздік бейнеролик» сынды аталымдар болады. Осы іс-шаралардың бәрі халықтың діни, құқықтық сауаттылығын бұрынғыдан да жоғарылатады деп ойлаймын.

Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясының «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» тарауында: «Мемлекет пен азаматтар радика-лизмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрі мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс» деп әділ атап өтті. Осыған орай барлық тұрғынды дінаралық келісімді нығайтуға және жалған діни ағымдардың таралуына қарсы жұмыла күресуге шақырамын.

 

— Талғат Рахметұлы, дәстүрлі емес дін ұстанғандар қоғамның қай салаларында өзгелерімен салыстырғанда жиі байқалады, ондағы жағдайды оңалту үшін қандай шаралар алынуда?

 

— Облысымызда дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылар қатарына студенттер, базарда саудамен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, қоғамдық-көлік ұйымдарының жұмысшылары, діни экстремизм мен терроризм үшін сотталған, сондай-ақ әскери қақтығыстар аймағына кеткен жандардың отбасы мүшелері, жұмыссыздар, интернаттарда, балалар үйлерінде тұратын жасөспірімдер, күмәнді шетелдік діни оқу орындарында оқитын адамдар кіреді. Отандық сарапшылардың зерттеуі экстремистік әрекетке барған азаматтардың 70%-ы жұмыссыз, оның ішінде басым бөлігі 17-ден 29 жасқа дейінгі жастар екенін көрсетті.

Дәстүрлі емес діни ағым ұстанушылардың оқшаулануына, коммуникативті мүмкіндіктерінің шектелуіне байланысты олардың арасында әлеуметтік бөлектену жүйесі бар. Мұндай фактор экстремистік ағым идеяларының таралуына жағдай туғызады.

Теріс діни ағым өкілдерімен жұмыс жасаудың қиын қырларының бірі олардың діндарлығының деңгейін анықтау болып табылады. Өйткені мұндай ортада экстремистік идеологияның қандай да бір қолдаушыларының болуы жалпы қоғамға қауіп төндіреді. Теріс діни ағым өкілдері бір-бірімен үнемі қарым-қатынаста болады, сол себепті олар сыртқы ықпалдан, соның ішінде радикалдық бағыттардың ықпалынан неғұрлым қорғалмаған топ ретінде сипатталады.

Жастар ортасы радикалдық көзқарасқа өте осал болып келеді. Жастардың діни сауатсыздығы, шынайы діни құндылықтар туралы нақты түсінігінің болмауы дәстүрлі дінді өздігінше бұрмалайтын радикалды ағымдардың пайда болуына негіз болады.

Жұмыссыздық халықтың едәуір топтарының тек материалдық кедейленуіне ғана емес, сонымен қатар рухани, моральдық құлдырауына да алып келеді. Сондықтан халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу кез келген өркениетті елдің ең маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Соған орай жұмыспен қамту орталығының материалдық базасының негізінде өзекті діни мәселелер бойынша кездесулер, әңгімелесу, пікірталас сынды шаралар өткізіліп келеді. Жоғары оқу орындарының, колледждердің, мектептердің түлектерімен кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шара барысында теологтармен жеке кездесулері ұйымдастырылып, сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары, сауалнамалар өткізіліп, ақпараттық-танымдық материалдар таратылады. Біздің басқарма, дін мәселелерін зерттеу орталығы, жастар ресурстық орталықтары мамандары бірлесіп, дәстүрлі діни бірлестіктер өкілдерімен ғибадат орындарына барып, діндар адамдар өмірі мен олардың еңбекке араласуы туралы дәрістер оқып, бос жұмыс орындары туралы ақпараттар таратады.

Қазір халықпен, оның ішінде теріс діни ағым ұстанушылармен жұмыс дәстүрлі және жаңашыл бағытта жүреді. Яғни діндарларға және зайырлы орталарға арналған көрнекі материалдар таратылып, әңгімелесу, кеңес беру шаралары (сенім телефондары/қауырт желі), спорттық сайыстар өткізіліп, табиғат аясында бейресми кездесулер, отбасыларды аралау, сауалнама жүргізу, ата-аналар жиналысы, дөңгелек үстелдер, әлеуметтік және материалдық көмек көрсету ұйымдастырылады. Оңалту жұмысы азаматтардың қалыпты өмір сүруіне негіз болып, деструктивті діни ағымдарға өтуіне кедергі жасайтынын, әлеуметтік-экономикалық түйткілдерді шешуге атсалысатынын айтып өткен жөн. Кешенді әлеуметтік-психологиялық және практикалық көмек анағұрлым тиімді болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізетін боламыз.

 

— Облысымызда ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының баптары жиі бұзыла ма? Көбіне қандай діни ұйымдар заңды «белден» басады? Мысалы, соңғы үш жыл ішінде заңнама талаптары қанша рет бұзылып, мұндай әрекетке барғандар қандай жауапкершілікке тартылды?

 

— Бүгінде құзырлы құрылымдар тарапынан Қазақстан Республикасының дін саласындағы заңнамаларының бұзылуының алдын алу мақсатында тиісті шаралар жүзеге асырылып келеді. Облысымызда 2013-2016 жылдар аралығында діни заңнамаларды бұзу бойынша 56 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Оның көбі 2013 жылға тиесілі, яғни осы жылы 33 дерек болса, 2014 жылы – 19, 2015 жылы – 3, ал былтыр тек бір дерек тіркелді. Яғни жыл өткен сайын құқықбұзушылық саны азайып келе жатыр. Осы мерзімде көбінесе заңсыз миссионерлік қызметті жүзеге асырған және заңсыз діни әдебиеттерді таратқаны үшін заңбұзушылықтар орын алды. Мәселен, өткен жылы заңды «белден басу» әрекеті заңды түрде тіркелмеген «Евангельдік христиан баптисттер шіркеуі» діни бірлестігінің тарапынан болды. Осы бірлестік мүшесі С. Құмарғалиев Орал қаласының көшелерінде діни мазмұндағы әдістеме материалдарды таратып, «Діни бірлестіктер және діни қызметі туралы» заңын бұзғандығы туралы «Орал өңірі» газеті жазды. Мұндай әрекетке барғандар сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жалпы айтқанда, қазір жастардың жаппай радикалдану үрдісі тоқтатылды және көшеде заңсыз діни әдебиеттер тарату дерегі азайды.

 

— Қауырт желі, сенім телефондарына хабарласушылар көп пе? Мәселен, соңғы жылдардағы көрсеткіш қандай? Хабарласатындар негізінен қандай мәселе көтереді және олардың шешілуі қалай?

 

— 2015-2016 жылдары «114» қауырт желісі және дін мәселелерін зерттеу орталығының сенім телефонына (24-46-46) 154 азаматтан сауал түсті. Олар талақ, орамал, неке туралы, сонымен қатар ораза ұстау, садақа үкімдері, діни кітаптардың қаншалықты дұрыстығы жөнінде және тағы сол сияқты сауалдар. Бұл сауалдарға теолог мамандары тарапынан тиісті жауаптар берілді.

Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Ершовтағы Наурыз

Күні: , 50 рет оқылды

539974_1910152002594476_6617711774407370220_n455887


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған өңір делегациясы Ресейдің Саратов облысына қарасты Ершов ауданында өткен  Наурыз мейрамына қатысты. Сондай-ақ екі облыс арасында кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы және су мәселелері талқыланды.


Саратов өңіріндегі қандастарымыздың басын қосқан мерекелік шарада өзге ұлттың өкілдері қазақтың салт-дәстүрімен танысып, спорттық ойындарын тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Жалпы Саратов облысында  екі  миллионнан астам халық  тұрса, оның 80 мыңнан астамы – қаракөз қандастарымыз. Біздің өңірден барған делегацияны Саратов облысының басшылығы арнайы қабылдады. Жылы шырайлы кездесуден соң өңір басшылары мен қонақтар орталық алаңдағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған  Мәңгілік алауға  гүл шоқтарын қойып, боздақтарды  бір минут үнсіздікпен еске алды.

Саябақ ішіне қаз-қатар тізілген жиырмаға жуық ақшаңқан киіз үйлерде наурыз көже пісіріліп, ет асылды. Мейрамға қатысушылар жәрмеңке аралап, көрмелерді тамашалады. Ақшаңқан киіз үй алдында қолдарына найза мен қалқан ұстаған қазақ батырларының кейпіндегі өнерпаздар, құндыз бөрік пен шапан киген ақсақалдар, тайқазаннан көже сапырған, жүн түтіп, ұршық иірген, қол диірмен тартып, бесік тербеткен әжелер, алтыбақан тепкен жастар мерекенің ажарын аша түсті. Әр киіз үйді аралаған өңір басшылары жайылған ақ дастарқаннан дәм татып, ізгі лебіздерін білдірді.

Мәдениет үйінде өткен концерттік бағдарламада жиналған көпшілік әр ұлттың нақышына келтіре шырқаған әндерін ұйып тыңдап, өңірімізден барған «Назерке» би ансамблінің өнеріне тәнті болды.

фото Рафхата Халелова (158)— Наурыз мерекесі – Ресейде қоныстанған халықтардың ынтымағын арттыратын ортақ мейрам. Қазақстан Республикасынан арнайы келген қонақтарды және түркі тілдес барша халықты Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтаймын. Біз көршілес Батыс Қазақстан облысымен мәдениет, экономика, бизнес саласында етене араласып келеміз. Саратов облысында орыстармен бірге татар, қазақ, шешен, өзбек, украин ұлтының өкілдері тұрады. Біз әр ұлттың мерекелерін бірге атап өтеміз. Ұлыстың ұлы күні жайылған дастарқандағы ұлттық тағамдардың мол болуы еліміздегі ырыс-ынтымақтың белгісі деп білемін, — деді мерекеге жиналған халықты құттықтаған Саратов облысының вице-губернаторы Игорь Пивоваров. Сондай-ақ салтанатты шараға жиналғандарды БҚО әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

— Ұлыстың ұлы күнімен құттықтау мақсатында Батыс Қазақстан мен Атырау облысынан арнайы делегация келіп отырмыз. Әз-Наурыз – ынтымақ пен бірлік салтанат құратын тарихи мереке. Бұл күні адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, игі тілегін білдіреді. Батыс Қазақстан облысында 80-нен астам ұлттың өкілдері тұрады. Біз де олардың тарихи-мәдени мейрамдарын атап өтіп тұрамыз. Өздеріңізге белгілі, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен еліміздегі этносаралық қатынастарды нығайтып, сенім мен өзара түсіністікті қалыптастыру мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған болатын. Осы орайда өткен жылы ақпан айында облысымызда Достық үйі ашылды. Мұнда әр ұлтқа арналған концерт, мәжіліс залдары, концерттік бағдарламаға дайындық бөлмелері, тіл үйрету сыныбы бар. Жыл сайын ынтымақ пен тиімді әлеуметтік-экономикалық байланысты нығайта түсу мақсатында форум өткізіп, жасампаз істерге ұйытқы болып жүрген Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары бізге басты үлгі болып келеді. Достығымыз еселеніп, береке-бірлігіміз, ырыс-ынтымағымыз арта берсін, — деді Алтай Сейдірұлы.

Концерттік бағдарламада Саратов өңірінің шығармашылық ұжымдарымен қатар облысымыздан барған өнерпаздар да ән-жырдан шашу шашты.

Сән-салтанаты жарасқан мереке жергілікті халық үшін үлкен тойға ұласты. Әз-Наурыз мейрамы арқылы ресейлік қазақтар ұлттық салт-дәстүрлерін берік ұстанатындықтарын көрсете білді.

 Гүлсезім БИЯШЕВА,

Орал – Ершов – Орал

Руслан БИСЕНҒАЛИЕВ,

Саратов облысындағы қазақ  ұлттық-мәдени  автономиясының  тең төрағасы:

— Саратов облысында Наурыз мерекесі 1988 жылдан бері тойланып келеді. Өткен жылы Ұлыстың ұлы күнін Саратов облысының Алғай ауданында қарсыладық. Жергілікті қазақтар ұлттық салт-дәстүрін, жөн-жоралғысын бекем ұстап келеді. Жуырда Энгельс ауданында қазақша тіл үйрететін курстар ашылмақ. Мерекеге арнайы құрылған киіз үйлер мен жабдықтар әр ауданның мәдениет үйінде сақталады. Сондай-ақ жыл сайын Қазақстаннан қазақы нақыштағы аспаптар мен кәдесыйлар әкеліп, жаңартып тұрамыз.

Наталья АЛЕКСАНДРОВА,

Саратов облысындағы Новоузенск ауданының тұрғыны:

— Бүгінгі бүкілресейлік Наурыз мерекесіне түркі тілдес халықтардың қуанышымен бөлісуге арнайы келіп отырмыз. Салтанатты шарада ұлттық ансамбліміздің сүйемелдеуімен  орыс әндерін шырқадық. Осы жерде тұратын  жергілікті қазақ ұлтының  салт-дәстүрін, қонақжай қасиетін ерекше  сыйлаймын. Ұлыстың ұлы күні жергілікті тұрғындар мен көршілес Қазақстан халқына бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін.

Шынғали АРЫСТАНОВ,

Саратов қаласының тұрғыны:

— 1964 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданынан Ресейдің Волгоград облысындағы Палласов ауданына көшіп бардым. Сонда  білім алып, үйлендім. Жұбайым Ершовта дүниеге келген. Қазір Саратов қаласында тұрамыз. Зейнетке шықтым. Спорт саласының ардагері болғандықтан, қолым босағанда балаларға футбол, хоккей, теннис сықылды спорт түрлерінің қыр-сырын үйретіп жүрмін. Бажаларыма келіп, Наурыз мейрамын қарсылап жатырмыз. Орал қаласында құдаларым тұрады. Олармен жиі араласамын. Бүгінгі Ұлыс күнінде немеремнің тұсауын кестік. Барша мұсылман қауымының дендеріне саулық, отбасына амандық тілеймін.


Қарқын жақсы, сапа бақылауда

Күні: , 40 рет оқылды

Берёзов ауылынын тұрғындарының көшкен үйі


Экологиясы нашарлап кетуіне байланысты өмір сүруге қауіпті аймақ деп танылған Бестау және Березов ауылы тұрғындарын көшіру жұмыстары 2015 жылдың аяғында басталған болатын.


Содан бері халық пен билік арасында көптеген келіссөздер жүріп, екі жаққа да қолайлы шешім қабылданды. Облыс басшысы Алтай Көлгінов әр тұрғынның талап-тілегін тыңдап, арыз-шағымын қараусыз қалдырмады. Аталмыш ауылдарды аудан орталығына көшіру бағытында жасалып жатқан жұмыстар қарқынды. Бүгінде қос ауылдың тұрғындарына баспана мен қосалқы шаруашылық нысандары салынуда. Қыркүйек айына дейін қоныстойын тойлайтын ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза. Бүгінде қызметкерлерге арналған жатақханада отбасымен тұрып жатқан олар салынып жатқан үйлердің сапасына күмән келтірмейді.

 

Гүлсім НАЗАРОВА, ауыл тұрғыны:

— Әр айдың соңында ауылдан арнайы құрылған комиссия тобы Ақсай қаласына барып, үйлердің сапалы салынуын қадағалап келеді. Комиссия мүшелерінің көңілінен шыққан құрылыс жұмыстары барлық ауыл тұрғындарының көңілінен шығады деген ойдамын. Облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Бөрлі ауданы әкімі Алдияр Халелов жиі-жиі ауыл халқымен кездесіп, талап-тілегімізді назарға алып отырады.

 

Павел БУЛЬДИН, ауыл тұрғыны:

— Әзірге ешқандай шағымым жоқ. Себебі аудан басшылары мен ауыл тұрғындарының арасында байланыс бар. Жұмыс жасалып жатыр. Комиссия үйлердің сапалылығын үнемі қадағалауда. Қандай да бір сұрақ туындаса, жазбаша түрде арыз жазамыз. Әрине, біздің арызымыз аяқсыз қалған емес. Себебі аудан әкімі Алдияр Халелов үнемі сөзінде тұрып, істі аяғына дейін жеткізеді. Облыс және аудан басшылары осы жылдың қыркүйек айына дейін Ақсай қаласына көшіреміз деген сөздерінде тұратындығына сенім мол.

Айта кету керек, көшірудің бірінші кезеңінде жалпы 82 отбасы, яғни 416 адам Ақсай қаласындағы 5-шағынауданда салынған қос үйге қоныстанған болатын. Бұл кезеңде ең алдымен әлеуметтік әлсіз топқа жататын және 2014 жылдың 28 қарашасында орын алған келеңсіз оқиғадан зардап шеккен балалар көшірілді. Бұл отбасыларына барлық жағдай жасалғанымен, олар үнемі аудан басшыларының назарында. Тұрғындардың өтініші бойынша балаларға ойын алаңдары мен егде адамдар тынығатын арнайы орын да жасақталды.

«Березов ауылында орын алған жағдайдан кейін балалар үнемі біздің бақылауда. Әсіресе, жеті бала дәрігердің қабылдауына бас ауырып, басы айналуымен жиі келеді. Жоспарлы тексерістерден өтіп, қажетті ем-домын алып тұрады. Мәселен, жақында бұл балалар өз қаражаттарымен Ақтөбе қаласына барып, тексеріліп келді. Ол жердегі дәрігерлердің ем-домға қажетті жазып берген дәрілері мемлекеттің тегін беретін дәрілерінің тізімінде жоқ болып шықты. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі Алдияр Халеловтің қолдауымен демеушілер тауып, қажетті дәрілерді қажетінше сатып алдық. Әлі де бұл балаларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, еліміздің өзге қалаларындағы медициналық орталықтарға тексеріске жіберетін боламыз» — деді аудандық педиатр Азиза Орасаева. Азиза Болатқызының айтуынша, балалар Орынбор қаласындағы «Солнечная страна» және «Ақжайық» шипажайларына барып тынығып қайтқан. Онымен қоса көп бейінді облыстық балалар ауруханасындағы дәрігерлерге көрініп, «Ақсай» республикалық балалар клиникалық емханасына барып ем алды.

«Біздің аудан үшін Березов ауылының мәселесі ең басты назарда. 82 отбасы бірінші кезеңде көшірілген болса, қазіргі күні оларға барлық жағдай жасалып, талап-тілектері орындалды. Бүгінде Березов, Бестау ауылдарындағы 393 отбасы аудан орталығына көшуге әзірленіп отыр. Аралтал ауылынан салынып жатқан 100 үйдің құрылысы мамыр айының соңында аяқталады деп күтілуде. Осы шағын ауылда 300 орындық мектептің құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталды. Бас мердігер аталмыш нысанды 2017 жылдың тамыз айында тапсырып, мектеп 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдайды. Ал «Қарашығанақ-1» шағынауданында салынып жатқан қос үй шілде айының аяғында, тамыз айының басында тапсырылады деп жоспарлануда. Одан бөлек аталмыш шағынауданда 320 орындық балабақша құрылысы аяқталды. Бұл нысан 1 маусым күні пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Аралтал шағынауданы мен Ақсай қаласының тұрғындары үшін аудан орталығының солтүстік бөлігінде балабақша салу жоспарымызда бар», — дейді аудан әкімі Алдияр Халелов.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы


«Гамлет» — театр табысы

Күні: , 51 рет оқылды

6RUgjPyyNh0


Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында атақты ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы қойылды.


Спектакльді режиссер Жігер Мырзалиев сахналаса, суретшісі – мәдениет саласының үздігі Қайыр Оразғалиев. Премьераның алғашқы күні Гамлет рөлінде театрдың жас әртістерінің бірі Думан Омаров ойнаса, король Клавдийді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов, Гертруданы мәдениет саласының үздігі Хорлан Шамелова сомдады. Сондай-ақ Талиғат Жігеров, Манас Кенжетаев, Ренат Сабырғалиев, Әйгерім Сағаденова сынды әртістер де рөльдерін алып шықты деуге болады.

Шекспир «Гамлет» трагедиясын 1601-1602 жылдары жазса да, содан бері бұл классикалық шығарма әлемдік сахналарда талай рет қойылды. Соның ішінде қазақстандық театрлар бұл тақырыпқа барды. Әлемдік деңгейдегі туындыны меңгеру үшін, әрине, үлкен шеберлік пен кәсіби біліктілік керек. Бұған дейін көптеген пьесаны сахналап, халықаралық байқаулардың бас жүлдесіне дейін алып үлгерген батысқазақстандық театрдың «Гамлетке» қол созуы орынды. Әкесін өлтірген Клавдийдің шешесіне үйленіп, таққа отырғанын білген Гамлет ақыры кек алып тынады. Оған арналған уды ішкен Гертруда да, жекпе-жекте уланған рапирадан қарсыласы Лаэрт те, өзі де өледі. Бұл іріп-шіріген қоғамның түбі жақсылыққа апармайтынын білдіреді. Жалпы, патша сарайы төңірегіндегі сатқындық пен азғындық, енжарлық пен жалғандық, былық атаулының бәрі ойландырмай қоймайды. Мұндай сұм жалғанның адал адамға қай кезде де түрме көрінетіні анық. Соның бәрімен күрескен Гамлет өзі тірі қалмаса да, сол іс-әрекетімен көпке үлгі қалдырып кетті. Ең бастысы, көрерменге ой тастай білсе, қойылым мақсатының орындалғаны.

«Гамлетті» қос құрамда сахнаға шығарған қазақ театры өзінің ұдайы ізденіс үстінде екендігін, мүмкіндіктерінің молдығын бұл жолы да көрсетті.

БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың айтуынша, «Гамлетке» екінің бірі бара бермейді. Адам болып қалу не қалмау күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Ол жеке адамнан бастап, ұлт, мемлекет, жалпы адамзатқа дейін көкейкесті сұрақ болып есептеледі. «Гамлетті» қою үшін де, оны көріп, бағалау үшін де үлкен дайындық керек. Атақты орыс сыншысы Виссарион Белинский актер Петр Мочаловтың ойынын тоғыз рет барып көрген екен. Тек содан кейін ғана «Гамлеттің» тереңіне бойлап, актердің шеберлік қырларын ашыпты. Ал «Гамлет» 1963 жылы кинофильм ретінде экранға шыққан кезде Әбіш Кекілбаев төгіле мақала жазған екен. Сондықтан спектакльді әр көрген сайын жаңалық табуға болады. Бұл батысқазақстандық театрдың тарихи табысы деуге болады. Жас режиссер Жігер Мырзалиевтің төңірегіне топтасып, «Гамлетті» сахнаға шығара білу театрдың кемелденіп келе жатқандығын танытады.

Елжан ЕРАЛЫ


Жолдаудың жарқын жолымен

Күні: , 46 рет оқылды

IMG_4114


Елбасымыз өзінің Жолдауында халқымызды  жаһандық бәсекеге қабілеттілікке шақырумен қатар, оған жетудің жолы мен шарттарын да жан-жақты баяндап, ұсынды.


Бұл маңызды құжат бізге жаңа бағыт беріп, жоспарымызды айқындады. Осы Жолдауға сүйеніп, біздің БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы да жұмыс жоспарын бекітті. Қазір басқарма Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау бағытында жұмыстануда.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жаһанның жаңа жаңғыру ерекшелігін ескеріп, еліміздің алдына бес басымдықпен ерекшеленген ең негізгі мәселелерді алға тартты. Жолдаудың алғашқы басымдығында Елбасы ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері болуы тиіс деп атап көрсетіп, жерді пайдалану тиімділігін арттыруды тапсырды.

Осыған орай біздің басқарма жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылап қана қоймай, шаруашылықтардан пайдаланбайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтарды және жер пайдаланушыларды тиісті әрекет етуге түрткі жасап, жерді игеруге ықпал ету жұмысын жүргізді. Мысалға айтар болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жеріне жүргізген тексеру нәтижесінде жалпы көлемі 148,9 мың гектарды құрайтын егістік, жайылымдық және шабындық жерлерді тиісті мақсатында пайдаланбаған 196 шаруашылыққа Жер кодексінің нормаларына сәйкес дұрыс игеру жөнінде нұсқамалар берілді және осы нұсқамалар заңға сәйкес құқық ауыртпалығы ретінде әділет департаментінде тіркелді. Мұны аудандар бойынша тарқатып айтар болсақ, Ақжайық ауданында – 8,0 мың га, Бөрлі ауданында – 5,4 мың га, Жаңақала ауданында – 17,6 мың га, Жәнібек ауданында – 7,5 мың га, Зеленов ауданында – 47,2 мың га, Тасқала ауданында – 8,9 мың га, Қазталов ауданында – 9,9 мың га, Бөкей ордасы ауданында – 3,4 мың га, Теректі ауданында – 13,6 мың га, Сырым ауданында – 9,2 мың га, Қаратөбе ауданында – 0,3 мың га, Шыңғырлау ауданында – 11,3 мың га және Орал қаласында – 6,6 мың га.

Бұдан басқа кәсіпкерлік мақсатта берілген жерді тексеру нәтижесінде көлемі 35,0 гектар құрайтын 72 жер учаскесінің иесіне бір жыл мерзім ішінде тиісті мақсатында пайдалану қажеттігі туралы нұсқамалар берілді. Олар аудандар бойынша Бөрлі ауданында – 10 учаске (14,4 га), Зеленов ауданында – 18 учаске (9,4 га), Тасқала ауданында – алты учаске (1,2 га) және Орал қаласында – 38 учаске (10,0 га).

Салық кодексіне сәйкес пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және құры-лыс салуға берілетін жерлерге жер салығының базалық мөлшерлемесі 10 есеге дейін жоғарылайды. Салық кодексінің нормаларын басшылыққа ала отырып, басқарма жерлерін игермей отырған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен құрылыс салу үшін берілген меншік иелерінің тізімін мемлекеттік кіріс департаментіне жолдады. Нәтижесінде шаруашылықтардың жер салығының базалық мөлшерлемелері 10 есеге ұлғайтылып, 1 млн. 170 мың теңге жер салығы салынды. Сондай-ақ Жер кодексінің 92-94-баптары негізінде жерді мәжбүрлеп алып қою жөнінде сот органына жүгіну нәтижесінде 22 шаруашылықтың жалпы көлемі 14,7 мың гектарды құрайтын жер учаскесін мемлекет меншігіне алып қою жөнінде сот органдарының шешімдері шықты. 47 шаруашылық басқарманың нұсқамасынан кейін 16,7 мың гектарды құрайтын жер учаскелерінен ерікті түрде бас тартып, мемлекет меншігіне қайтарды. Сөйтіп, басқарманың тексеру жұмыстарының нәтижесінде бүгінде 69 шаруашылық жалпы көлемі 31,4 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарды.

Бұдан басқа құрылыс нысандарына берілген жалпы көлемі 9,0 гектар игерілмеген 19 жер учаскесі сот органына жүгіну арқылы мәжбүрлеп алынды. Мысалы, Зеленов ауданы Мичурин ауылдық округінде тұрғын үй құрылысын салуға берілген жер учаскелері (көлемі 4,1 га), Бөрлі ауданында өндіріс базасын салуға арналған жер учаскесі (көлемі 2,5 га) қолданыстағы заңнамада белгіленген уақытта пайдаланбағаны үшін басқарманың талап-арызы негізінде ауданаралық мамандырылған экономикалық сотының шешімімен жер учаскелері қайтарылып алынды. Осы тектес жұмыстар әлі де жалғасуда. Басқарманың заңбұзушылықты жою туралы берілген нұсқамасынан кейін 42 жер учаскесінің меншік иесі жалпы көлемі 13,0 гектар құрайтын жерлерін қайтадан  игеруге  кірісті.

Жолдаудың екінші басымдығында бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және оны кеңейту жөнінде айтылған. Бұл ретте отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар жүргізілуде. Ауылдардағы отбасылық кәсіпкерлікке шаруа қожалықтары жатады. Тексеру барысында шаруа қожалықтары тарапынан заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, қолданыстағы заңмен ескерту немесе айыппұл қарастырылғанымен, өз тарапымыздан әкімшілік жаза ретінде ескерту жасаумен шектеліп жүрміз. Сондай-ақ басқармада кәсіпкерлерге жер заңнамасындағы болып жатқан өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында және кәсіпкерлік тарапынан заңбұзушылықты болдырмау, алдын алу үшін «Ашық есік» күндері әрдайым өткізіліп тұрады.

Елбасының бастамасымен елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылуда. Басқарма өз тарапынан Жұмыспен қамту орталығы және жергілікті оқу орындарымен бірігіп, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту және студент жастардың біліктілігін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Басқармада өткен жылы өндірістік практикасы бойынша үш маман, «Жастар тәжірибесі» бойынша төрт жас маман оқудағы теориясын қызметтегі тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды.

Жолдаудың бесінші басымдығында жемқорлыққа қарсы күрес ісін заман ағымына сай жетілдіру қажеттігі айтылған. Осыған орай «Нұр Отан» партиясының облыстық бөлімшесі мен басқарма арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте және азаматтардың құқықтарын қорғауда бірігіп қызмет ету жөнінде меморандум жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және азаматтардың осы сала туралы пікірлеріне мониторинг жасау үшін басқармада «Кәсіпкерлерге жер саласындағы туындаған сауалдар бойынша түсініктеме жүргізу» тақырыбында «Ашық есік» күні өткізіліп, аталған шарада кәсіпкерлердің қойған сұрақтарына заңға сәйкес түсініктемелер берілді.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті, облыстық сот органы өкілдерінің қатысуымен басқармада «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік бағытында дыбыстық және бейне материалдар арқылы түсіндірме үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Алдағы уақытта басқарма ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімсіз пайдалану немесе пайдаланбау бойынша жалпы көлемі 78,0 мың гектарды құрайтын жер учаскелеріне тексеру жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ өткен жылы пайдаланылмаған 84,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін үстіміздегі жылы игермеген жағдайда, сот органына жүгіну арқылы мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтару бойынша жұмыстар жүргізу көзделуде. Сонымен қатар Бас прокуратура Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп бекітілген «Жер заң негізінде – басып алуды тоқтатайық» жобасы бойынша жерлерді өз бетінше басып алу жағдаяттарын анықтау және 2017-2019 жылдар аралығында белгіленген барлық санаттағы меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың жерлеріне жүргізілетін түгендеу жұмыстарының сапалы өтуін қамтамасыз ету де  жоспарда тұр.

Салауат  НҰРҒАЛИЕВ,

БҚО  жердің  пайдаланылуы мен  қорғалуын  бақылау басқармасының  басшысы


Экологтар форумы

Күні: , 61 рет оқылды

DSC_1109


«ҚазИИТУ» ғылыми-білім  кешенінде «ЭКСПО – 2017» халықаралық  көрмесіне орай «Қазақстан – менің елім»  атты  жас  экологтардың  облыстық  форумы  өтті. Оған  Орал  қаласындағы  мектептерден, облыстық  көру  қабілеті  бұзылған  балаларға  арналған  мектеп-интернатынан  және  тоғыз  ауданнан  келген  70  оқушы қатысты. Шараны  облыстық  экологиялық-биологиялық орталығы  ұйымдастырды.


– Жасөспірімдерді табиғатты қадірлеуге, жан-жануар мен құстарды қамқорлауға үндейміз. Жыл сайын ұйымдастырылған форумға қатысушылардың қатары артып келеді. Республикалық сайысқа жолдама алатын жас экологтар, өлкетанушылар, табиғатты зерттеушілер алдағы сынға мұқият дайындалуы тиіс, –  деді облыстық экологиялық-биологиялық орталығының директоры  Фатима  Кержикова.

Форумда оқушылардың жекелей және команда болып қорғаған зерттеу жұмыстары мен көрмеге қойған шығармашылық туындыларын қазылар алқасы сарапқа салды. Нәтижесінде туған өлкеде орналасқан табиғи қорықтар мен ескерткіштер туралы зерттеу жұмыстарында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Альнур Кариннің, фотобайқауда Ақжайық ауданындағы М. Әуезов атындағы мектептің оқушысы ГауҺар Бауыржанның, құстар үйшігі көрмесінде Орал қалалық №31 мектептің оқушысы Роман Смаглыйдың, табиғи ресурстар мен қалдықтарды тиімді пайдалануға қатысты жоба қорғауда Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Талғат Молдаштың еңбегі үздік деп бағаланды. Ал «Табиғатты қорғаушы шеңбері» тақырыбында болған экологиялық байқау талабы бойынша тест сұрақтары мен  тапсырмаларды орындаудан Бөкей ордасы ауданының командасы ешкімге дес бермеді. «Қазіргі уақытта баламалы қуат көздерін табу өзекті мәселеге айналды. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі соған байланысты өтетіні белгілі.

Мен ауадағы иондардан электр қуатын алуға болатынын дәлелдегім келеді. Тік және көлденең орналасқан  цилиндр пішінді екі құрылғы арқылы атмосферадағы иондардан қуат өндіруге болады. Осы жобаны көптеген жарыстарда қорғағанмын. Жоба жетекшісі – Әмірғали Бекешев», – деді «Жасыл экономика» аталымының жеңімпазы Талғат Молдаш. Форумда үздік шыққандар алдағы 2-5 маусым күндері Орал қаласында өтетін республикалық кезеңге дайындалады.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ


«Оқырман отбасы – 2017»

Күні: , 35 рет оқылды

IMG_0702


Қазталов аудандық кі­тапханасында «Оқырман отбасы – 2017» байқауы өтті.


Кітапхананың тұрақты оқыр­мандарынан құрылған байқауға қатысушы бес отбасыға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Дәулетова сәттілік тіледі.

Байқау барысында «Тегін білу – тектілік» бөлімінде отбасылар өз­дерін таныстырып, «Біздің сүйіп оқитын кітабымыз» атты көрме ұйымдастырды. Ал «Ертегілер еліне саяхат» бөлімінде көрініс көрсетіп, «Отбасының сүйікті кітабы» тақы­рыбына эссе жазды.

Нәтижесінде Бостандық ауылынан қатысқан Жүсіповтер отбасы бас жүлдені иеленіп, байқаудың об­лыстық  кезеңіне жолдама алды.

Әсем БОЛАТ,

Қазталов ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика