Мұрағат: Апрель, 2017


Құрметті батысқазақстандықтар!

Күні: , 42 рет оқылды

кульгинов алтай


Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!


Ықылым заманнан ұлты мен шыққан тегіне қарамастан, сүттей ұйыған Ақ Жайық өңірі тұрғындарының бірлігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстанған ұлтаралық татулық, достық саясатының нәтижесінде жыл сайын кемелденіп келеді.

Мемлекет басшысы жыл басынан бері саяси модернизацияға жол ашқан конституциялық өзгерістер жасау, Жолдау арқылы экономикалық жаңғыруға бастау сияқты маңызды саяси шешімдер қабылдады. Жүйелі түрде болашаққа бағдар сілтейтін бағдарламалық мақала жазып, рухани жаңғыруға жол ашты.

Еліміздегі қоғамдық тұрақтылықтың негізгі факторларының бірі болған Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясында ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев «Тұтас қоғам да, жеке азаматтар да бейбітшіліктің, тұрақтылық пен келісімнің өздігінен келе салмайтынын білуі тиіс» деп атап өтті.

Елбасы қойып отырған кез келген саладағы жаңғыруға ынтымақ пен жасампаз еңбектің арқасында жетеріміз анық.

Осы жолда аянбай еңбек ететін әрқайсысыңызға бақ-береке, жұдырық болып жұмылған қоғамға саулық тілеймін! Бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің торқалы тойы көп болсын!

Игі тілекпен,

Батыс Қазақстан облысының әкімі           А. КӨЛГІНОВ


Достыққа дәнекер

Күні: , 30 рет оқылды

фото Халелова Рафхата (180)


Бейсенбі  күні  Қадыр  Мырза  Әли  атындағы  мәдениет  және  өнер  орталығының амфитеатрында  «Достық-Дружба»  фестивалі  өтті.  Қазақстан  халқы  бірлігі  күніне  орай  ұйымдастырылған шараға  Орал  қаласының  орта  мектептеріндегі  достық клубтарының  мүшелері  қатысты.


Орал қаласындағы мектептерде біраздан бері достық клубтары жұмыс істеп келеді. Олар балаларды толерантты, бауырмал болуға, достықтың мән-мағынасын тереңірек түсінуге, салт-дәстүрлерді білуге тәрбиелеп, жарқын болашаққа деген сенімдерін арттыруға өз үлестерін қосуда. Біздің клубтарымыз республикамыздағы үздіктер қатарында деп мақтанышпен айта аламыз. Биыл осы достық клубтарына арнап алғаш рет фестиваль ұйымдастырып отырмыз.

Бұл шара олардың жаңа деңгейге көтеріп, тың белестерді бағындыруға жол ашады деп ойлаймыз. Осы фестивальдің ашылуымен және келе жатқан Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаймын! – деді шара барысында БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов.

Ресей Федерациясының Орал қаласындағы вице-консулы Юрий Пономарев қазақстандық өнерпаз өрендерге қашанда риза болып жүретіндігін жеткізді. «Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің де мәдениетін, салт-дәстүрін кеңірек насихаттауға жағдай жасалған. Бүгінгі шарада соған тағы да куә болудамыз, – деді ол. – «Көршің жақсы болса – тынысың» деген қанатты сөз бар. Тату көршілігіміздің арқасында екі елдің тұрғындары қоян-қолтық араласуда. Қазақстандық балалар, жастар, ересектер Ресейде өтетін түрлі сайыстарға қатысып, жеңімпаз болып оралып жатса, ресейліктер де Қазақ еліндегі додалардан топ жарып жүр. Міне, біздің осындай достығымыз алдағы уақытта да жан-жақты дамуына тілектеспін».

Өз кезегінде сөз алған Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова достық клубтары облыс орталығындағы барлық орта мектепте ашылғандығын мәлімдеді. Бүгінгі шара осы клубтарда атқарып жатқан жұмыстарды ата-аналарға, жалпы жұртшылыққа көрсетуді мақсат етіп отыр. Достық клубтары Елбасы Жолдауында айтылған адами капиталды дамыту бағытында іс-шараларды да қолға алуда.

Содан соң Достық пен этносаралық келісімді, мәдениет пен салт-дәстүрлерді, бірлік пен татулықты насихаттауға қосқан үлесі үшін көптеген қала мектебіндегі достық клубтары БҚО ҚХА-ның дипломдарымен марапатталды. Ресейдің Балаково қаласында өтетін балалар шығармашылығын насихаттауға арналған «Формат 64» атты халықаралық байқауға 38 оралдық өрен екінші мәрте қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Соған орай Орал қаласының мектептен тыс орталығының тәрбиеленушілеріне РФ-ның Орал қаласындағы консулдығының дипломдары табысталды.

«Көктем өрнектері» атты композициямен ашылған шара барысында достық клубтарының мүшелері елімізде мекендейтін ұлт пен ұлыстардың әндерін шырқап, билерін билеп, өз өнерлерімен жиналған жұртшылыққа қуаныш сыйлады.

Мәди  ЫҚЫЛАС

Cуреттерді  түсірген  Рафхат  ХАЛЕЛОВ


Туған жерді түлетейік!

Күні: , 40 рет оқылды

IMG_2896-с


Таяуда  Оралдағы  Достық  үйінде  Қазақстан  халқы  ассамблеясы  облыстық бөлімшесінің  кезекті жиыны өтті. Өңірдегі ұлттық-мәдени  орталықтардың жетекшілері мен мүшелері қатысқан дөңгелек  үстелде  жақында  Астана  қаласында  өткен  Қазақстан халқы  ассамблеясының  «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім»  атты  ХХV сессиясының  қорытындысы  талқыланды.


Басқосуды Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық бөлімшесі атқарушы хатшылығының жетекшісі Ғайса Қапақов жүргізді. – Біздің  өңір өкілдері  қатысқан аталмыш сессия өте жоғары саяси-қоғамдық деңгейде өтті. Елбасымыз осыған дейінгі жұмысымызды нақты түрде сараптап, алдағы жылдарға белгіленген тың міндеттерге бағыт берді. Енді біздің бұрынғы жұмысымызға қосымша адам құқықтарын қорғау және қадағалау ісі міндеттелді. Барлық жердегі ассамблея бөлімшелері алдағы кезеңде қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын одан әрі күшейтуге лайықты үлесін қосуы тиіс.  «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру да белсенділік танытатын боламыз. Демек, алда жұмыс көп, міндеттер маңызды. Енді тек ұйымдасқан түрде белсенді кірісуіміз керек, – деді Ғайса Қапақов  кіріспе  сөзінде.

Ал «Вайнах» шешен-ингуш  ұлттық-мәдени  орталығының жетекшісі Данилбек Саратов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саралы саясатына ризалығын білдіріп, бүгінгі заманда халықтар достығы мен отандастардың ынтымағын нығайтудың маңыздылығына айрықша мән берді. Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық бөлімшесі төрағасының орынбасары Вера Шохина Елбасының «Туған жер» жобасын жан-жақты қолдауға шақырды. Әсіресе, жас ұрпақтың  адами тәрбиесінде М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дағы Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының жұмысын одан әрі жетілдіру қажет. Сол арқылы жоғары және арнаулы орта білім беру оқу орындарында, орта мектептерде дәрістер ұйымдастырып, өскелең ұрпақты отаншылдық және өзге ұлттарға төзімділік, сый-ластық рухында тәрбиелеуге мүмкіндік мол. «Жайықжылуқуат» АҚ директорының орынбасары Вячеслав Солодилов те Елбасының Отанымыздағы ұлттар татулығы мен  ынтымағын  сақтаудағы  кемеңгерлігін  айрықша  атап  өтті.

IMG_2001-сКездесу соңында «БҚО Азаматтық альянс қауымдастығы» ЗТБ-ның  президенті Айгүл Түркина  «Мейірімді көктем» іс-шарасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға  қаржылай және кәсіпкерлікке қолдау ретінде ноутбук, түрлі-түсті принтер, тігін машинасын табыс етті. Аталмыш демеушілікке ие болғандар арасында сырымдық Е. Есмұханов, бөрлілік Ю. Сизова және басқасы бар. Сонымен қатар белсенді қоғамдық әрекеті үшін өңірлік еврей ұлттық-мәдени «Ламед» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Ф. Баюканский, кәріс ұлттық-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары  Е. Шек, беларус ұлттық-мәдени «Грамада» орталығының  мүшесі А. Сафина және басқасы марапатталды.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ


Жемқорлық келтірген залал – 236,7 миллион теңге

Күні: , 27 рет оқылды

adc24a0cdd58f8bd14ff1f441c789af0_XL


Облыстық мәслихаттың ұйымдастыру-құқық және жергілікті басқаруды дамыту бойынша тұрақты комиссиясы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының  өңірдегі жүзеге асырылуын талқылады.


Комиссия  төрайымы Ляна Тұрсынова жүргізген жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқар-масының басшысы Әсия Аманбаеваның аталмыш тақырып аясындағы баяндамасы, сондай-ақ  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және облыстық жергілікті полиция басқармасы өкілдерінің мәлімдемелері тыңдалды.

Әсия Рахымқызының баяндауынша, болашақта аталмыш ұжым қызметкерлерінің жемқорлыққа қарсы жауапкершілік сезімдерін арттыру бағытында басқармаішілік тестілеу жұмыстары ұйымдастырылмақ. Ол сондай-ақ спортшылардың іссапар құжаттарын рәсімдеуге қатысты жаңаша тәртіп енгізілетініне тоқталды.

— Бұрын қандай да бір спорт түрінен облыстың құрама командасы сайысқа баратын болса, ол жайында сол спорт түрінің аға жаттықтырушысы мәлімдеме жазып, кейін іссапар құжаттарын рәсімдеу үшін жаттықтырушы аяқтай, жарыс тақалғанша апталап жүретін. Оған қоса сайыс уақыты таяғанша жол қаражаты бөліне ме, жоқ па ол да белгісіз болып келді. Ал дұрысында, жаттықтырушы алаңсыз түрде спортшыларын сайысқа дайындаумен айналысуы керек. Біз қазіргі таңда аталған олқылықты реттеу жолын қарастырудамыз. Енді жаттықтырушы іссапар туралы ресми мәлімдемесін спорт бөліміне қалдырғаннан кейін құжаттарды рәсімдеумен өзге тиісті қызметкерлер айналысады. Алдымен аталмыш сапарды ұйымдастыруға қаншалықты негіз бар, сайысқа баратын спортшылар өңір намысын қаншалықты деңгейде қорғай алады – осының бәрі ескерілмек. Сапар мәлімдемесіне бір ғана талап қойылады. Аталмыш спорт түрінің федерациясымен келісілген болуы шарт. Өйткені осыған дейін аға жаттықтырушы мәлімдеме тапсырған кезде федерация қанша қаражат бөлінетінінен, сайысқа қандай спортшылар баратынынан бейхабар болып келді. Мысалы, алдымыздағы мамыр айында өтетін сайыстардың бә-ріне жазбаша мәлімдеме 10 сәуірге дейін қабылданды. Нәтижесінде сайысқа бармастан он күн бұрын іссапар құжаттары, жол жүру билеттері толықтай дайын болады. Бұл жайында спортшы балалардың ата-аналарына да хабарланады. Аталмыш талаптар оқу-жаттығу жиындарына да қатысты. Мұндай шаралар жемқорлық тәуекелін азайтады, — дейді басқарма басшысы.

Жиын барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті жедел басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Сәрсенбаевтың мәлімдегеніндей, 2016 жыл және 2017 жылдың үш айы бойынша облыста 128 жемқорлық қылмыс фактісі тіркелсе, оның жартысынан астамы пара алумен ұсталған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша шығын 236,7 миллион теңгені құрап, 94,3 миллион теңгесі кері өндірілген. Сот шешімімен белгіленген айыппұл көлемі 85,4 миллион теңге. Жемқорлық қылмыстардың көбі әкімдіктер мен оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлеріне тән болып отыр. Аталған бағытта тіркелген 78 қылмыстың 34-і дене шынықтыру және спорт саласына қатысты екені анықталған. Осыған қарап облыстың дене шынықтыру және спорт саласында жемқорлық індеті асқынып тұрғанын көруге болады.

Бүгінгі таңда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының осыған дейінгі басшысы Шаяхметовтың қылмыстық ісі сотта қаралуда. Ол бөлім басшысы Ишанов арқылы 2016 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында қалалық спорт мектептерінің жаттықтырушыларынан жүйелі түрде барлығы 670 мың теңге пара алған. Сондай-ақ 1 475 000 теңге көлемінде бюджет қаржысын жымқырған. Бұл облыс спортшыларының оқу-жаттығу жиындарын өткізу мақсатында іссапар шығындарына бөлінген қаражаттың 40 пайызы екені белгілі болған.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Аймақтық тестілеу орталығы ашылды

Күні: , 41 рет оқылды

63a5a484-2732-4302-ade5-ce2570fb376f


Бейсенбіде облыс орталығында Ustudy аймақтық тестілеу орталығы ашылды.


Шараға қалалық білім басқармасының басшысы Жансұлу Төремұратова және қала мектептерінің басшылары қатысты.

Аталмыш орталықтың бөлім бастығы Ұлан Батыровтың айтуынша, мұндай орталықтар еліміздің 19 қаласында ашылды.

Бұйырса, алдағы уақытта мұндай орталықтардың санын 50-ге жеткізу жоспарлануда және осындай орталықтарды шетелдерде де ашу көзделуде.

— Ustudy аймақтық тестілеу орталығы – еліміздің бүкіл аймағын қамтитын Ustudy білім бренді мен Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) бірлесе жүзеге асырып отырған жоба. Ustudy компаниясы 2009 жылдан бастап онлайн тест өткізумен айналысып келеді. Соңғы үш жылдың ішінде ҰБТ мен ТКТ емтихандары бойынша 1 миллионнан астам сынама онлайн-тест өткізді. 2015 жылдан бастап еліміздің бүкіл аймақтарында жеке білім орталықтарын ашуға белсене кірісті. Алғашқы орталық 2015 жылдың соңында Алматы қаласында ашылған болатын. Содан кейін 500 күн ішінде 18 орталық Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Қарағанды, Семей, Астана қалаларында ашылды. Қазіргі уақытта аталған қалаларда оқушылар Ustudy аймақтық тестілеу орталығы арқылы ҰБТ-ның жаңа форматында сынама тестілеуге дайындалуда. Енді бүгіннен бастап оралдық оқушылар да осындай мүмкіндікке ие болды. Заманауи инфрақұрылымдағы аймақтық тестілеу орталықтарында тестілеу барысында бұрын кездесетін көшіру әдеті енді болмайды. Бұл жерде тестілеу енді барынша әділ өтетін болады, бұған орталықтарда толық жағдай жасалған. Мұндағы заманауи жабдықтар тестілеуді тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде де өткізуге мүмкіндік береді. Мұндай орталықтарда оқушыларды тестілеуден басқа халықаралық TOEFL ITP тестін (магистратураға түсу үшін ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтау тесті) де өткізеді, — деген Ұлан Батыров пен жобаның бас директорының орынбасары Алжанбек Көшербаев орталықтың ашылу салтанатына келгендерге орталықтың ішін аралатып, арнайы оқыту бөлмелерімен таныстырды. Алжанбек Көшербаевтың сөзінше,  орталық 1000 шаршы метрден астам аумақты қамтыған және 150 отыру орындарына арналған технологиялық жабдықтармен және оқыту аудиториялармен жабдықталған. Ustudy-дың мынандай бес ерекшелігі бар, олар: бұл орталық білім саласындағы HI-Tech технологиясымен құрылған және Ұлттық тестілеу орталығымен тікелей жұмыс жасайды. Сондай-ақ оқушының осал тұстарын анықтап, сараптама жасайды және жекелеген сұрақтар бойынша ақыл-кеңес береді. Мектеп бағдарламасына сәйкес еліміздің үздік мұғалімдерінің қатысуымен түсірілген бейнесабақтар ұсынады.  Орталықта бұдан басқа 4, 5, 6-сынып оқушылары үшін логика, математика, ағылшын тілінен дайындық жүргізіледі. 7, 8, 9-сынып оқушылары үшін ағылшын, математика, таңдау (физика, химия, биология) пәндерінен қосымша сабақтар мен 10, 11-сынып оқушылары мен колледж студенттеріне ҰБТ мен кешенді тестілеуге дайындық жұмысы ұйымдастырылады.

Шараға қатысушы мектеп басшылары оқыту аудиторияларындағы жаңа технологияларға қызығушылық танытып, заманауи құрылғыларды өздері бас болып қолданып көрді.

Таныстырылымнан кейін Жансұлу Төремұратова жаңа орталықтың ұйымдастырушыларына батысқазақстандық білім саласы қызметкерлерінің атынан құтты болсын айтып, орталық жұмысына жеміс тіледі.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Мамыр мерекелері кең көлемде тойланбақ

Күні: , 30 рет оқылды

IMG_1245


Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалы алаңында өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов баяндады. Мамыр айындағы айтулы мерекелерді облыс көлемінде атап өту барысы туралы өткен баспасөз мәслихатына сондай-ақ БҚО облысы Қазақстан халқы ассамблеясының төраға орынбасары Ғайса Қапақов және облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова қатысты.


Брифинг барысында спикерлер 1 мамыр – Қазақстан  халқының бірлігі күні, 7 мамыр – ҚР Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – Ұлы  Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығын мерекелеуге арналған облыс көлемінде ұйымдас-тырылатын іс-шаралар туралы мағлұмат берді.

— Ағымдағы жылы ҚР Қарулы күштерінің құрылғаны мен ҚР Мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне 25 жылдығын, Ұлы Жеңістің 72 жылдығын, Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жылдығын атап өту жоспарлануда. 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Қарулы күштері құрылды. 25 жылдың ішінде Қазақстанның Қарулы күштері елдің тыныштығы мен мемлекет тұрақтылығының шынайы кепіліне айналып, кәсіби деңгейі мен әскери-техникалық әлеуетін айтарлықтай арттырды. Отан қорғаушы күнін мерекелеудің негізгі міндеті азаматтардың өз елі үшін мақтаныш сезімін, патриотизм мен Отанға қызмет етуге дайын болуын одан әрі нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығын мерекелеудің мақсаты  соғыс  ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, фашизмді жеңу ісіне үлес қосқан қазақстандықтарға құрмет көрсету болып табылады. Ұйымдастырылатын барлық іс-шаралар соғыс және еңбек ардагерлеріне ерекше құрмет-қошемет танытуға бағытталады. Бүгінгі таңда облысымыз бойынша Ұлы Отан соғысына 146 қатысушы мен мүгедегі бар. Сонымен қатар өңіріміздегі тыл еңбеккерлері 8397 адамды құрайды. Ағымдағы жылы ҰОС қатысушылары мен мүгедектерге, оларға теңестіріл-ген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне және Жеңіске үлес қосқан Қазақстан Республикасының өзге де азаматтарына біржолғы материалдық көмек беру үшін облыстық бюджеттен 118,6 млн. теңге қаражат бөлінді. Сол қаражат есебінен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әрқайсысына 150 мың теңгеден жәрдемақы берілмек. Сонымен қатар жоғарыда аталған, сұм соғыстың зардабын тартқан әр түрлі топтағы ардагерлерге де белгіленген мөлшерде көмектер көрсетілетін болады, — деді Бақытжан Нарымбетов.

Басқарма басшысы алдағы мамыр мерекелерінде өтетін іс-шараларға жеке-жеке тоқталып өтті. Оның мәліметінше, 4 мамыр күні өңірдегі барлық білім беру мекемелерінде «Ерлікке тағзым» атты жалпыреспубликалық акция ұйымдастыру жоспарланса, 5 мамыр күні Ю. Гагарин атындағы кинотеатрда «Отанның ішкі қуаты» атты деректі фильм көрсетіліп, П. Атоян атындағы стадионда мерекелік шеру өткізіледі. 7 мамыр күні «Нұр Отан» БҚО филиалының ғимаратында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен салтанатты шара өтіп, Астанадағы әскери парад тікелей эфирден көрсетілмек. Сол күні №5515 әскери бөлімінің мәжіліс залында ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдық мерейтойына орай үздік сардар-сарбаздарды марапаттау шарасы ұйымдастырылып, Жеңіс алаңында жас жауынгерлердің әскери ант қабылдау рәсімі өткізілетін болады.

9 мамыр – Ұлы Жеңістің 72 жылдығы аясындағы шаралар мамыр айының алғашқы күндерінен басталатын болады. Облыс және аудан орталықтарында, ауылдарда, білім ошақтарында, мұражай мен мәдениет үйлерінде ардагерді құрметтеуге арналған мерекелік іс-шаралар өткізілмек. 8 мамыр күні Салтанат сарайында облыс әкімінің қатысуымен Ұлы Отан соғысының ардагерлерін салтанатты қабылдау өткізіліп, «Ер есімі – ел есінде» атты мерекелік концерт қойылмақ. 9 мамыр күнгі мереке қаладағы бірқатар ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімінен басталады. Шара М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Қаһарман ұлт» атты акцияға ұласады. Кейін Жеңіс алаңында мерекеге орай митинг өткізіліп, қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Солдат ботқасы» атты шарамен жалғасады. Мерекеге келген қала тұрғындары мен қонақтары кешкісін Абай алаңындағы концерттік бағдарлама мен жұлдызжауынды та-машалайтын болады.

Баспасөз мәслихатында сөз алған Ғайса Қапақов күні кеше ғана Астана қаласында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясынан алған әсерімен бөлісіп, алда тұрған міндеттер және айтулы мерекелерде жоспарланған шаралар туралы баяндады.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова мерекелер барысында өтетін мәдени-көпшілік шараларға тоқталып өтті.

— Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шара қаладағы 6-ықшамауданында орналасқан Тәуелсіздік алаңында өтетін болады. Жаңа алаңға ақшаңқан киіз үйлер, этноқалашықтар құрылып, түрлі ұлт-ұлыстардың өкілдері өз мәдениеті мен өнерін паш етіп, дәм-тұздарын ұсынбақ. Салтанатты шеруге өңірдегі 100-ден астам мекеме-кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар мен этнобірлестіктер өкілдері қатыспақ. Мерекелік шара театрландырылған қойылымдармен, концерттік бағдарламалармен, спорттық ойындармен әрленетін болады. Барлық қала тұрғындары мен қонақтарды айтулы мерекені тамашалауға шақырамын, — деді Гүлмира Қауланова.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Туризм орталығы халықаралық «ЮНЕСКО» клубына мүше болды

Күні: , 49 рет оқылды

IMG_1682


Бұл туралы бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында «Білім. Туризм. Интеграция» тақырыбында өткен  халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда белгілі болды. «Юнеско» клубтары федерациясының вице-президенті  Ғани Бейсенбаев облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұжымын халықаралық «ЮНЕСКО» клубына  мүше болуымен құттықтап, орталық директоры Виктор Фоминге осы ұйымның жалауы мен сертификатын табыстады.


Балалар-жасөспірімдер туризмін, ТМД елдерінің туристік-өлкетану қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамыту, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті қалыптастырып, республикалық, ұлттық және аймақтық туристік-өлкетану  ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуды мақсат еткен шараға Қазақстан және ТМД елдерінің қоғамдық ұйымдары мен алыс-жақын шетелден келген өкілдер келді. Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ашты.

— Туризм – ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосатын сала. Елбасымыз «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне айрықша көңіл бөлу қажеттігі туралы айтқан болатын. Елбасы қойған міндеттерді орындау қоғамның әрбір мүшесіне жауапкершілік жүктейді. Бұл сөзбен емес, іспен жасалуы қажет. Сондықтан да біз жастарымыздың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың жауапкершілік сезімі мен белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруымыз қажет, — деді ол өз сөзінде.

«А. Остапец-Свешников атындағы халықаралық балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясы» халықаралық қоғамдық ұйымының президенті Дмитрий Смирнов аталмыш орталықтың жұмысы  Ресей елімен де жақсы жолға қойылғанын атап өтіп, орталық директоры Виктор Фомин мен орталық директорының орынбасары Гүлсім Усағалиеваны және туризм бағытында ерен еңбек етіп жүрген өзге аймақтың педагогтерін халықаралық қоғамдық ұйым атынан марапаттады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, елімізде балалар туризмін дамытудың 37 орталығы болса, соның 14-і біздің өңірде екен. Барлық орталықтар кәсіби деңгейде жұмыс жасауда.  Қазіргі күнде өңірімізде 136 мектеп музейі жұмыс жасайды. Бұл бағытта Ақжайық, Зеленов, Жәнібек, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарының мектептері белсенділік танытып жүр. Шыңға өрмелеуді дамыту бағытында қала мен 12 ауданда 22 скалодром орнатылған. «Батыс-Wesn» атты БҚО құрамасы туристік көпсайыстан республикалық жарыстарға қатысып, 2015-2016 жылдары бірінші орынды иеленді. Спорттық туризм және құзға өрмелеу республикалық федерациясының рейтингісіне сәйкес өңіріміздің оқушылар құрамасы көш басында тұр.

Халықаралық конференцияға қатысушылар ішкі және сыртқы туризмді дамытудың өзекті мәселелері, Қазақстанда балалар-жасөспірімдер туризмінің даму стратегиясы, мектеп музейіндегі іздестіру-зерттеу жұмыстары, музей педагогикасының білімділік кеңістігі тақырыбындағы ойларын ортаға салды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Стандарттауға салғырт қарамайық

Күні: , 49 рет оқылды

20170426_102510


Сәрсенбіде  техникалық  реттеу  және  метрология комитетінің  Батыс  Қазақстан  облысы  бойынша департаменті  қызметкерлерінің  ұйымдастыруымен  аймақтық  штаб отырысы  өтті.


Бұған облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин, «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Айман Удишева және басқа да штаб мүшелері мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Жиынды Игорь Стексов жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған департамент басшысының міндетін атқарушы Жанақын Тығынбаев жиналғандарға техникалық реттеу, метрология және стандарттау мәселелерінің маңызы жөнінде айтып, мекеме, кәсіпорындардың келбеті мен жұмысы, шығарып жатқан өнімдері бүгінгі күннің заманауи талабына сай болуы керектігін жеткізді.

– Өнеркәсіп саласының қажеттілігін ескере отырып, техникалық реттеу және метрология комитеті 2016 жылдың 26 желтоқсанында стандарттарды жасақтау және қабылдау бойынша жоспар құрып, оны бекітті. 2015-2017 жылдарға арналған мемлекеттік стандарттау жоспарына сәйкес машина құрылысы, жеңіл өнеркәсіп, газ-мұнай өнімдері, энергетика, құрылыс, қоршаған ортаны қорғау, металлургия, ауыл шаруашылығы саласы, көмір өнеркәсібі және басқа да бөлімдер бойынша стандарттар енгізілді. Осыған орай өнеркәсіптің басым секторының мамандарын Кедендік Одақтың нормативтік-құқықтық базасы мен стандарттар және басқа да маңызды мәселелерді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мысалға айтар болсақ, сәуір айының 17-19-ы аралығында Орал қаласында мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйесі бойынша кең көлемді семинар өткізілді. Нәтижесінде мұнай химиясы, машина жасау ісі, мұнай өндіруші және қайта өңдеуші өнеркәсіп орындарының 92 маманы кәсіби біліктілігін көтерді. Семинарда қатысушыларға техникалық реттеу, метрология және менеджмент жүйесіне енгізілген өзгерістер жөнінде айтылды. Сондай-ақ халықаралық, мемлекетаралық, ұлттық стандарттау, сәйкестік бағасы мен аккредитация, америкалық, қытай және немістердің стандарттау жүйесі түсіндірілді. Оқыту кезінде мамандар шетелдік нарықтарда қазақстандық тауарларды өткізу үшін қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық стандарттарды жасақтауға қатысу мүмкіндігі бар екендігі жөнінде хабардар болды. Оларға бұдан басқа «ҚР стандарттау туралы» заңы, артық қысыммен жұмыс істейтін құрылғылар мен құрылыс материалдарының қауіпсіздігі жөнінде  түсіндірілді. Бұл осы салада жұмыс істейтін мамандардың деңгейінің көтеріліп, өнім сапасының жақсаруына ықпал етпек. Облыс бойынша 2015-2017 жылдар аралығында барлығы 240 техникалық маман біліктіліктерін көтерді, – деген  Жанақын Тығынбаев бұдан әрі ҚР ұлттық стандарттарының қалай  жасақталатыны жөнінде баяндады. Оның сөзінше, стандарттар жобасының келісім мерзімі 60 күннен аспауы керек. Стандарттар жобасының сараптамасын құзырлы органдардың ведомстволық ұйымы 30 күн ішінде қарап болуы тиіс. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық стандарттарының саны 6842 бірлікті  құрайды.

– Дегенмен жергілікті кәсіпкерлер осы стандарттау мәселесіне әлі күнге дейін жөнді көңіл бөлмей келеді, – деді оның сөзін жалғастырған Игорь Стексов. – Соған қарағанда олар техникалық реттеу, стандарттау мәселелерінің маңыздылығын әлі дұрыс түсінбей жүр. Бұл мәселені шешу үшін осындай түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу керек. Дамыған Еуропа елдерінің мекеме, кәсіпорындарында жағдай мүлдем басқа. Оларға қызыға қарап отыра  бермей, өзіміз де солардың деңгейіне жетейік, – деген облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов «Стандарттау мәселесін өңірімізге тездетіп енгізу үшін тағы не істеуге болады?» деген сұрақты ортаға тастады. Осы мәселеге қатысты өз пікірін жеткізген «Стройкомбинат» ЖШС өкілі өңірімізде кейбір жекелеген кәсіпкерлердің шығарып жүрген өнімдері стандартқа мүлдем сәйкес келмейтінін айтты.

– Олар сертификат алу үшін аз көлемде әкелген сапалы өнімдеріне сертификат алып алады да, содан кейінгілерін қалай болса солай жасап, сапасыз құрылыс материалдарын арзан бағамен сатады. Халық әдетте арзан тауарды таңдайды. Сөйтіп, біздің барлық заңдылықты, талаптарды сақтай отырып жасаған сапалы материалдарымыз өтпей қалады, – деген ол облыс әкімдігі өкілінен осы жағдайды реттеуді өтінді. Бұған  жауап ретінде Игорь Стексов оларға БАҚ-қа жиі шығып, өздерінің сапалы өнімдерін насихаттау керектігін айтты.

Жиын барысында сөйлеген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Аға сеньорлар» және «Іскерлік байланыс» компоненттері туралы баяндады. Оның сөзінше, былтыр он шақты мекеме мамандары «Іскерлік байланыс» бойынша Алматы, Астана қалаларында оқып, білім алған. Тағы бір кәсіпкер Германияға барып біліктілігін көтеріп қайтқан. «Аға сеньор» компоненті бойынша шетелден келген тәжірибелі маман Бөкей ордасы ауданына барып, сүт өнімдерін өндіруші компания қызметкерлеріне өзінің ақыл-кеңесін беріп, еңбек өнімділігіне қалай қол жеткізуге болатынын үйреткен. «Аға сеньорлар» және «Іскерлік байланыс» компоненттерінің кәсіпкерлер үшін өте тиімді екенін жеткізген Нұрлан Қайыршин оларды осындай тамаша мүмкіндікті ұтымды пайдалануға шақырды. Бұдан кейін «Қазақстан стандарттау және  сертификаттау институты» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры Айман Удишева сөйлеп, биыл «Агрореммаш», «Механикалық зауыт»  ЖШС секілді бірқатар мекеме өнімдеріне  стандарттар енгізілетінін  мәлімдеді.

Жиынды қорытындылаған Игорь Стексов техникалық реттеу, метрология және стандарттау мәселелерінің халыққа әлі де дұрыс жетпей жатқанын айтып, департамент қызметкерлеріне бұл бағыттағы жұмысты ширатуды тапсырды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Төрт тіл білетін Алексей

Күні: , 46 рет оқылды

Фото0045


Жәнібектік Алексей Мисюрин — бірнеше тілді жетік меңгерген талантты жастардың бірі. Ол 1986 жылы Жәнібек ауылында дүниеге келген. «Қайда қарасақ та, қайда көз жіберсек те көретініміз – химия ғажайыптары» деген М. Ломоносовтың сөздерінің құпиясына бойлатып, химия пәніне ерекше қызықтырған ұстазым Тамара Ахметова мені мектеп жанынан ғылым саласына қарай баулыды. Аналитикалық химия институтта оқытылса, мен ұстазымның арқасында оны мектептен оқып бардым. 2004 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың машина жасау факультетінің химия және химиялық технология кафедрасының органикалық заттардың химиялық технологиясы бөліміне оқуға түстім. Болашақ мамандығымды жаңылыспай таңдауыма сеп болған Тамара Захарқызына алғысым шексіз. Өзге ұлттың өкілі болсам да, маған қазақ тілін терең меңгеруіме жәр-демдескен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әдемі Ахметоваға да зор құрметпен қараймын, — дейді ол.


Алексей қазақ халқының ұлтжанды қоғам қайраткері Нұртай Оңдасыновтың: «Қазақ тілі — аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамды десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, не бір алуан шекер, балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне… Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады…», — деген қанатты сөзін әр кез есіне алып отыратынын айтады. Қазақ тілін жетік меңгерудің арқасында бүгінде қарақалпақ, қырғыз тілінде шығатын басылымдарды еркін оқып, хабарларды қарап, татар, өзбек тіліндегі ақпараттарға оңай түсінеді.

2009 жылы университетті үздік аяқтаған Алексей Орал қаласындағы «Солтүстік Донецк ОРГХИМ» ЖШС-ның облыстық филиалында инженер болып еңбек жолын бастайды. Біліктілігімен көзге түскен жас маман 2011 жылы «Ақтөбе мұнай өңдеу» ЖШС-на бас технолог болып қызмет ауыстырады. Тіпті ол университет қабырғасында жүргенде, өз бетімен қытай тілін үйренген болатын. Зауыттағы қытайлық әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, екі елдің арасындағы байланыстың нығаюына Алексейдің де пайдасы тиеді. Зауытқа қажетті жаңа технологиялық қондырғыларды сатып алу, орнату, іске қосу барысында орыс тілін білмейтін қытай және қытайда тұратын қазақтардың Қазақстандағы әріптестерімен тіл табысуына дәнекер болады.

— Қытайлық екі қазақ Пәтеш Байшан мен Шалқар Тайлан орыс тілін мүлдем білмейтін, ал зауытта, өкінішке орай, ана тілін білмейтін қазақ жігіттері көп. Сөйтіп, екі қазақтың арасында мен аудармашы болып жүрдім. Техника мен бизнестің тілі болып табылатын ағылшын тілін меңгеруді мақсат етіп, 2015 жылы тіл курсында оқыдым. Қазіргі таңда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанындағы магистратураның соңғы курсында оқып жүрмін. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы «ТНС» мекемесінде инженер-технолог болып қызмет етудемін. Анам ұзақ жыл Жәнібек колледжінде оқытушы болған жоғары санатты, білікті ұстаз Татьяна Мисюрина қазақ балаларына кәсіптік білім беруде абыройлы қызмет атқарды. Кең жайылған дастарқанынан бауырсағы мен сары майы, сүзбесі мен айраны үзілмейтін, қазақша асын асып, қуырдағын қуыратын қонақшыл анамның араласатын достарының барлығы да қазақтар, — деп ағынан жарылған ол, тұғыры мықты, ынтымағы мығым елімен мақтанатынын жеткізді.

 Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Жәнібек ауданы


«Маған сыйлық алғаннан гөрі, берген ұнайды»

Күні: , 35 рет оқылды

IMG_0668


Өңірімізде облыс әкімі Алтай Көлгіновтің бастамасымен «Мейірімді көктем» акциясы басталғаны белгілі. Осы жобаның іске асуына ұсыныс айтқандардың бірі біздің кейіпкеріміз  еді.


Ол «Бақыт» дегеннің не екенін өзгелерден гөрі жақсы түсінеді. Сондықтан да әрбір атқан таңын қуанып қарсы алады. Әр кез жүрегінің соғып тұрғанына, мынау тіршілікті көзімен көріп, жанымен сезініп, өмір сүріп келе жатқанына тәубе етеді. Өйткені ол осыдан біраз жыл бұрын өмір мен өлім арасында арпалысқан сәттерді бастан кешіріп еді. Ол кезде 17 жаста болатын. Мектепті енді бітіріп, үлкен өмір сапарына аттанам ба деп жүргенінде, жол-көлік оқиғасына ұшырады. Отадан кейін үш ай ес-түссіз жатты. Есін жиғаннан кейін де қалпына келгенінше талай ұйқысыз түндер мен мазасыз күндерді бастан өткізді. Сондықтан да ол «Адамдардың бәрі өзінде бар нәрсенің қадірін білсе екен, соны бағалап алға ұмтылса екен» деп армандайды. Біздің кейіпкеріміз «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлованың өмір, қоғам, адам туралы өз айтары бар.

— Қазір көктем! Айналаға қараңызшы, көктен күн нұрын төгіп, тал-терек бүршік атып, енді бірер күнде жаппай жанырақ жаймақ. Әр жерден құстардың көңілді дауысы естіледі. Осыны сезіне білудің өзі бақыт емес пе?! Өмір деген керемет! Тек біз, адамдар бәрін қиындатып алғымыз келіп тұрады. Мен айналамнан тек жақсылық көруге ұмтыламын. Біреуді қуантқанды, сыйлық сыйлағанды жақсы көремін. Маған сыйлық алғаннан гөрі, берген ұнайды, — деп әңгімесін бастады ол.

Гүлмира ауыр апаттан соң Мәскеуде екі жылдай емделді. Тілі байланып, қол-аяғы жансыз жатқан оның екінші рет келуіне өмірге оралуына мәскеулік мамандар көп көмектесті. Олар оның көңілін аулап, әр қадамына бірге қуанды. Сөйтіп, ол екі жылда демеп болса да, отыра алатын қалге жетті. Тамақты төгіп-шашып болса да, іше алатын болды.

— Мәскеудегі оңалту орталығының қызмет көрсету сапасы өте жоғары деңгейде. Мамандардың біліктілігі мықты. Солардың арқасында мен өмірге қайта оралдым. Жүгіріп жүрген адамның аяқ астынан кіріптар болып қалғаны өте қиын. Маған бұл сәтте Переметныйдағы достарым қолдау көрсетті. Олардың көбі мектеп бітіріп, жан-жаққа аттанып кетті. Ал ауылда қалғандары менің жанымнан табылды, — деп кейіпкеріміз сол бір ауыр шақтарды еске алды.

Отбасындағы жеті баланың кенже қызы болып өскен Гүлмираның ата-анасы да оның өмірге қайта оралуына өз септігін тигізді. Марқұм әкесі Асқар ылғи салт атқа мінгізіп, иппотерапияны жиі қолданды. Таза ауада серуендеп салт атқа міну, арбаға таңылған жандар үшін өте пайдалы екендігін ұғынған кейіпкеріміз әлі күнге дейін салт атпен серуендегенді ұнатады. Ал анасы қызының біреуге күні түсіп, жаутаңдап отырғанын қаламады. Сондықтан ол легенге су құйып әкеліп «еденді жу» дейтін. Суды төгіп-шашып, еден жуатын шүберекті сығып, еңбектеп еден жуды. Ыдыс жуды, киімдерін өзі жуа бастады. Алғашында өз қолдары өзіне бағынбай, қатты қиналды. Тіпті «Неге мені аямайсыңдар?» деп ренжіп те жүрді. Бірақ көп кешікпей ол өз-өзіне қызмет жасай алатын дәрежеге жетті. Қазір ол өмірден өткен әкесі мен қасында жүрген анасына сол кездері сәл қаталдық танытқандары үшін алғысын айтады.

— Арбада отырып, сиыр да саудым. Бәрін өзім жасадым. Менің қолдарымның қалыпқа келуіне иппотерапияның көмегі зор болды. Тосыннан қиын жағдайға тап болғанда, өзіңмен бірге айналаңдағы адамдар, ата-анаң, бауырларың қиналады. Олардың ішкі күйзелісін сен де сезесің. Сондықтан алға талпынасың. Бірақ менің түсінгенім, мұндай сәтте – омыртқаң, аяғың сынып жатса да, рухың сынбау керек екен. Өйткені рухы жасып қалған адамды қалпына келтіру өте қиын. Тағы бір ұққаным — дәл осындай сәтте шектен тыс қамқорлық, аяушылық сезіммен қарау да адамды жалқаулыққа, масылдыққа үйретеді, — дейді ол.

Переметный ауылындағы кәсіптік мектепте білім алып, жатақханада өзі тұрып, қоғамдық ортаға бейімделіп қалған Гүлмира әрі қарай оқуын М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да жалғастырады.

Психолог-педагог мамандығы бойынша оқу себебін ол қиын жағдайдан соң өзін психология саласы қызықтырғандығымен түсіндіреді.

 — Біздің елде мүгедек адам болу ұят секілді. Біздің қоғам мүгедек адамға бейшара деп аяп қарайды. Сондықтан да арбаға таңылған жандар үйден шықпай, өмірлерін өзгелерден оқшау өткізеді. Олар кинотеатрға, сауда орындарына баруға өздерін лайықпыз деп санамайды. Мен алғашында көшеден өзім сықылды арбада отырған жандарды іздейтінмін. Бірақ арбамен жүрген Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен басқа жандар көрінбейтін. Сондықтан мен өзім сияқты жандарды көп қабатты үйлердің ауласын аралап іздедім. Сөйтіп, 2009 жылы 7 мамырда құрамында он адам бар «Арба» қоғамдық бірлестігі ашылды. Біз алғашында бір-бірімізді моральдық тұрғыдан қолдап, көмектесу үшін біріктік. Қазір қоғамдық бірлестікте 210 адам бар. Оның 17-сі осы жерде жұмыс жасайды, — дейді ол.

Бүгінгі таңда оларда арба жөндейтін, тігін цехтары, тоқыма үйірмесі, массаж, психолог кабинеттері бар. Олар мүмкіндігі шектеулі жандардың бәріне тегін қызмет көрсетеді. Ал өзге адамдардан сұраныс болып жатса, тапсырыс та қабылдайды. Талай жанның өмірге деген құлшынысын арттырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың өзгелермен тең құқылы өмір сүруі үшін қолдан келер бар мүмкіндікті жасап жүрген біздің кейіпкеріміздің ендігі арманы – мүмкіндігі шектеулі жандарға оңалту, бейімделу орталығын салу. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдар шетелдегідей еліміздің дамуына өз үлестерін қосса екен дейді.

— Мәселен, Германияда мүмкіндігі шектеулі жанға жәрдемақы төлегеннен гөрі, оларға қолайлы жұмыс тауып бергенді жөн көреді. Американың біраз штаттарында кір жуатындар — дауна сырқатына шалдыққан жандар. Сол сияқты біздің елде де мүмкіндігі шектеулі жандар қолынан келетін жұмысқа орналасып, қоғамдық өмірге көбірек араласса екен — дейді ол.

Дегенмен елімізде қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге араласуына көп жағдай жасалып жатқанын тілге тиек еткен кейіпкеріміз «Үш ай мейірім айы болса екен» — деген ұсынысын бірден қабылдаған облыс әкімі Алтай Көлгіновке дән риза екендігін жасырмады.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған «Арба» қоғамдық бірлестігінің алдында атқарылар көп іс тұр. Алға қойған мақсатына жетуге ұмтылған қайсар кейіпкеріміздің әр күні қарбаласқа толы. Күн сайын алдына келіп, мұңын шаққан мүмкіндігі шектеулі жандарға кеңес береді, қоғамдық жиындарға, әр түрлі рейдтерге қатысады, кездесулерге барады. Одан қалды ол отбасында да белсенді. Өсіп келе жатқан кіндік қыздары мен ұлдарына қамқорлық танытып, олардың тәрбиесіне де жиі араласып отырады. Қазір ең кішкентай кіндік қызы өзінің қолында.

— Мен оларды жақсы көремін. Сондықтан да бауырларым адами құндылықтарды санасына сіңірген мейірімді адам болып қалыптасса деймін. Әр адамның жүрегіне ұялайтын мейірім жоғалмаса екен. Ең бастысы, бір-бірімізді жақсы көрейік! Сонда бізде бәрі жақсы болады, — деп әңгімесін әдемі аяқтаған Гүлмираның барлық бастамасына біз де сәттілік тіледік!

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика