Мұрағат: 30.03.2017


Көзді қуантқан, жүректі жылытқан ауқымды істер

Күні: , 47 рет оқылды

PRI_1167PRI_1925


Кеше ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған бірқатар үкімет мүшелері өңірімізге арнайы іссапармен келді.


Үкімет басшысының сапары «Орал» халықаралық әуежайының даму жоспарымен танысудан басталды. 2014-2015 жылдары әуежайдың жасанды ұшып-қону жолағына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ол барлық түрдегі заманауи әуе көліктерін қабылдауға қажетті санатты алуға мүмкіндік берді. Орал қаласының әуежайы ел ішіндегі әрі халықаралық әуе қатынастары бойынша да маңызды көлік-логистикалық мәнге ие.

Үкімет басшысы осы сапарда ірі жоғары технологиялық өндіріс кешені – Батыс Қазақстан машина жасау компаниясында болды. Бұл өндіріс ошағында Бақытжан Сағынтаевқа газ турбиналарын General Electric компаниясымен бірлескен түрде жөндейтін және мұнай-газ жабдықтарын өндіретін цехтың жұмысы туралы баяндалды. Аталмыш машина жасау компаниясы – металл құрастырылымдарын, тұрғын мобильді ғимараттарын, құрылыс жабдықтарын және ауыл шаруашылығы жабдықтарын шығарумен айналысатын жоғары технологиялық өндірістік кешен. Сонымен қатар зауыт еліміздің қорғаныс өнеркәсібінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын әскери және азаматтық маңызға ие авиациялық қозғалтқыштарды жөндеу жұмыстарын да жүргізеді.

Мұнан кейін Премьер-министр Орал қаласындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлерді аралады. Ол нысандарды аралау барысында тұрғын үйлердің сапасын тексеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру бойынша жоспарлар туралы есепті тыңдады. Сондай-ақ Премьер-министрге Орал қаласының ескі апатты үйлерін құлату бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары таныстырылды. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетінің шешімін табуға бағытталған.

PRI_1038PRI_1216PRI_1573PRI_1674Үкімет басшысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілдерімен де жүздесті. Кездесуде өнеркәсіптік кәсіпорындарды несиелендіру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын дамыту, мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру, әкімшілік кедергілерді төмендету және бизнеске несие қаражаттарының қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Бақытжан Әбдірұлы Үкімет жұмысы еліміздің экономикалық өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиісті бизнес ұстанымдарын нығайтуға негізделгенін атап өтті.

— Мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру мен ондағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға байланысты жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда отандық жиһаз және жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінен өнімді сатып алу жұмыстары ретке келтірілді, — деді ол.

Үкімет басшысы кездесуге қатысушылардың назарын мемлекеттік-жекешелік әріптестікті, әсіресе, әлеуметтік салада дамытудың маңыздылығына аударды. Оның сөзінше, агроөнеркәсіп кешені саласында отандық тауарларға жаңа нарықтарды игеру мен экспорттық өндірісті дамыту қажет.

Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-на аялдап, мұндағы өндіріс тынысымен танысты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бөлінген 2014 жылдың желтоқсанында іске қосылған зауыт трансформаторлар жасап шығарады. Бұл жобаға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бөлінген 2,6 млрд. теңге несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша 140,9 млн. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілген. Сонымен қатар 12,3 млн. теңгеге газ құбыры тартылған. Жобаның жалпы құны – 3,1 млрд. теңге. 2016 жылы 2,57 млрд. теңгеге 3694 дана трансформатор шығарылса, соның 3124-і (2,3 млрд. теңге) Ресейге жөнелтілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 98,5 млн. теңге салық төлеген зауыт «Alageum Electric» компаниялар тобының құрамына кіреді. 2016 жылы түрік инвесторлармен бірге «URAL ELECTRIC» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылып, 100 жұмыс орнын ашып, 1,5 млрд. теңгеге электр техникалық жабдықтар өндіру жөнінде меморандум жасалды. Биылғы бірінші тоқсанда 500 млн. теңгеге электр қалқанды жабдықтар өндірісі іске қосылуда. Бұл жоба жөнінде кәсіпорын басшысы Эльдениз Маммедов әңгімелеп берді. Бақытжан Әбдірұлы «Орал трансформатор зауыты» ЖШС жұмысшыларымен емен-жарқын тілдесіп, мұнда олардың өнімді еңбек етуіне барынша жағдай жасалғанына көз жеткізді. Премьер-министрге сонымен қатар «Батыс Пауэр» ЖШС бас директоры Жасұлан Жақыпов үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қуаты 200 МВт газтурбиналы электр стансасының бірінші кезеңі іске қосылғаны жөнінде айтып берді. Бұл өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етумен бірге алдағы уақытта Ресей Федерациясына электр қуатын экспорттауға мүмкіндік бермек.

Премьер-министр өңірдегі ет өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі «Жайық ет» ЖШС-ға да ат басын бұрды. Нысанды аралау барысында ол өндірістік корпус пен дайын өнім бөлімімен танысты және азық-түлік өнімдерін шығаруда қолданылатын технологиялар туралы баяндаманы тыңдады. «Жайық ет» кәсіпорнының негізі 2003 жылы бұрынғы Орал ет комбинаты базасында қаланған. Мұнда 2009 жылы өндірісті жаңғырту жұмыстары басталып, ол 2013 жылы аяқталған. Қазіргі таңда зауыт 100-ден астам ет, шұжық және қалбыр (консерві) өнімдерін шығарады.

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында сондай-ақ жиһаз шығаратын «Квант» ЖШС және «Жәңгір хан» жеке балабақшасының жұмысымен танысты.

*     *     *

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-министр түстен кейін Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың мәжіліс залында мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерде орындалуына арналған жиын өткізді. Компаниялар, мемлекеттік және салалық құрылымдар басшыларымен өткен кездесуде Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының іске асырылу барысын және ел экономикасының, жалпы құрылыс саласының келешегін талқылады.

— Бүгінгі жұмыс сапарымызда еліміздегі бірқатар мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынып, іске қосылып, халық игілігі үшін қызмет етіп жатқан бірнеше нысандарды араладық. Бұл өңірде де көзді қуантатын, жүректі жылытатын ауқымды істердің қолға алынғанына көз жеткіздік. Облыс аумағында Елбасының тапсырмасына сәйкес бірқатар игі істер атқарылып жатқандығын көрдік. Әрине, өңірлерде өзекті мәселелер де аз емес. Осы жұмыс сапарымызды қорытындылап, шешімін табуға тиісті түйткілдерді бір жүйеге келтіріп, бақылауға алатын боламыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен 2016 жылдың соңында Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. Бүгінгі басқосуда осы бағдарламалардың өңірлердегі атқарылу барысын талқылайтын боламыз, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан соң сөз алған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру жолындағы еліміз бойынша атқарылып жатқан істерге тоқталып өтті.

Оның айтуынша, өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 10,5 млн. шаршы метрді құраған және бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артыпты. Сондай-ақ 89 мыңнан астам тұрғын үй, оның ішінде 36 мың жеке тұрғын үй салынған. Іске қосылған тұрғын үйдің ең көп үлесі, яғни 22 пайызы Астана қаласына, 18 пайызы Алматыға, 7 пайызы Маңғыстау облысына және 6 пайызы Ақтөбе облысына тиесілі екен. Ағымдағы жылы еліміз бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді, соның ішінде мемлекеттік  инвестиция есебінен 1,6 млн. шаршы метр тұрғын үйді іске қосу күтіліп отыр. Сонымен қатар ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы алаңы 2,3 млн. шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылғы осындай кезеңдегі көрсеткіштен 44,7 пайызға артып отыр. Жылдық жоспар бойынша тұрғын үйді іске қосу 22,3%-ды құрайды екен.

Жиында мінберге көтерілген облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысына тоқталып өтті.

— Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы оң нәтижелер көрсетуде. Өндірістік өнім өндіру көлемі 480 миллиард теңгеден асады деп болжап отырмыз. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артық. Өңдеу саласындағы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 34 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде. Мұнай өңдеу өнімдері, машина жасау, құрылыс және дайын металл бұйымдарын өндіру көлемін арттыру арқылы нақты көлем индексі 107%-ды құрайды. Индустрияландыру картасы бойынша 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аграрлық сектор саласы бойынша да облыстың әлеуеті жоғары. Ауыл шаруашылығы саласына келетін болсақ, биыл егін алқаптарының көлемі 32 мың гектарға ұлғаяды, өңірдегі егіс алқаптары 500 мың гектарға жуықтайтын болады. Тиісті министрлікпен біріге атқарған жұмыстардың нәтижесінде суармалы жер көлемі осы кезге дейін 33 мың гектар болса, биыл 75 мың гектардан асады деп жоспарлануда. Суармалы жерлердің кеңеюі ауыл шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау туралы тапсырмасына сәйкес жұмыстар басталды. Осы жылдың І тоқсанындағы инвестициялар бойынша, өңір экономикасына түсім 48,2 млрд. теңге көлемінде болады деп күтілуде. Жылдың басынан бері құрылыстың барлық бағыттары бойынша 60 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, өсім 53%-ды құрады. Бұл ретте 8,2 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, 12%-ға артып отыр. Дегенмен, тозығы жеткен және апатты жағдайдағы үйлердің саны көбейіп келеді. Облыс орталығында көп қабатты 1187 үй бар. Орал қаласында өткен ғасырда салынған үйлердің көбінің тозығы жеткен. Жалпы, 202 ескі үй болса, соның 43-і апатты жағдайда. Биыл олардың тоғызы бұзылады. Орнына мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі аясында жеке инвесторлардың есебінен көп қабатты тұрғын үйлер салуды бастадық. Алғашқы үйді бірінші жартыжылдықта тапсыратын боламыз. Жалпы, облыс бойынша үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 22 мыңнан асты. Орал қаласында пәтер кезегінде тұрған азаматтардың саны 19 мыңға жетті. Бұдан 4 жыл бұрын 13 мың болатын. Жер кезегінде тұрған азаматтар саны 97 мың, ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының саны 40 мыңды құрап отыр. Бұл мәселелерді біртіндеп шешу жолында «Нұрлы жер» бағдарламасы үлкен қолдау болады. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылысқа барлық қаржыланды-ру көздерінен 11 млрд.-тан астам теңге қаржы қарастырылды. Оның 9 млрд. теңгесі тұрғын үй құрылысына, 2 млрд. теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға бөлінді. Биыл 280 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, бұл өткен жылғыдан 3,5 пайызға көп. Сонымен қатар бағдарлама аясында Орал қаласында 8 көп қабатты тұрғын үй, Ақсай қаласында бір көп қабатты үй және жеті ауданда 178 тұрғын үй салынуы керек. Тұтастай алғанда, биылғы жылы 1585 отбасы өз баспаналарына қол жеткізеді деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 14 нысанына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты көктемде ерте бастап кету үшін конкурстық жұмыстар қаңтар айынан басталды. Жуық арада конкурстық жұмыстар толық аяқталып, құрылысқа кірісетін боламыз. Биыл жеке тұрғын үй құрылысына 9 ауданда 3252 жер учаскесі кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Ол жерлерге толықтай инженерлік желілер тартылды. Республикадан, жергілікті бюджеттен және КПО б.в. компаниясынан бөлінген қаржыға биыл өңірде жаңа 8 мектеп, біреуі интернат салынады. Оның төртеуі Орал қаласында, төртеуі аудандарда бой көтеретін болады. Бұл құрылыстар арқылы апатты жағдайдағы бір мектептің және үш ауысымда оқитын бірнеше мектептің мәселесі шешілетін болады. Сонымен қатар 33 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Мемлекет басшысының елді мекендерді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, өзіңіздің қолдауыңызбен биыл өңірімізді ауыз сумен қамтуға ерекше көңіл бөлінді. Бөлінген қаржыға 54 елді мекенге таза ауыз су жеткізілмек.

Батыс Қазақстан облысы жолдарының сапасы сын көтермейді. Былтырғы жылы облыстық және аудандық жолдардың 26 пайызы ғана қанағаттандырарлық дәрежеде болды. Өткен жылы 23,5 млрд. теңгеге 292 шақырым жол жөнделді. Былтыр Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолдың едәуір бөлігі Елбасы қабылдаған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында күрделі жөнделді. Ағымдағы жылы да бұл жұмыстар жалғасатын болады. Биыл 400 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарлануда. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын тұрғын үй құрылыстарына 15 мыңнан астам адам жұмыс істейтін жергілікті ірі компаниялар тартылатын болады. Жұмыстарға облыстағы шағын құрылыс кәсіпорындары да қатысатын болады. Бұл құрылыс материалдарын шығаратын отандық кәсіпорындарға орасан қолдау. Бағдарламаның жүзеге асуы облыс экономикасына едәуір ықпал етіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне көмегін тигізеді, — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өз баяндамасында.

Бұдан соң аталмыш бағдарламаның өз өңірлерінде іске асырылу барысы туралы Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары есеп берді.

Нақты деректерге тоқталған өңір өкілдерінің баяндамасын тыңдаған Бақытжан Сағынтаев Атырау облысындағы бағдарламаның орындалу қарқынының төмен екендігін айтты. Сонымен қатар оларға мемлекет тарапынан бөлінген қаражатты ғана игеріп қоймай, мемлекеттік және жеке меншік серіктестік аясында жеке инвесторларды көбірек тартуға жұмыстануды тапсырды. Сондай-ақ Премьер-министр бағдарламаның іске асырылуы тек құрылыс саласын дамытып қоймай, бұған қоса экономиканың сабақтас секторларының да дамуына ықпал ететінін алға тартты.

Жиында сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөз сөйледі. Олар білім беру мен денсаулық сақтаудың заманауи жүйелерін қалыптастыру барысы, сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы баяндады.

Кеңес барысында, сондай-ақ «Болашақ-Т» ҮҚК ЖШС жетекшісі Б. Сахаров, БҚО Жәнібек ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы Б. Әліпқалиев, «Ақас агрофирмасы» ЖШС-ның басшысы Қ. Ашығалиев және Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы З. Сисенғали сөз сөйледі. Олар кәсіпкерлікті дамытуда кездесетін қиындықтар, Жаңақала ауданындағы ауыз су мәселесі, оңтүстік аудандардағы жол қатынасының қиындығы туралы ойларын ортаға салып, тұшымды жауаптар алды.

Кездесуді қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жиналғандарды ел игілігі үшін қолға алынған бағдарламаларды жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Нұртас САФУЛЛИН,

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Мектептерге медиация кабинеттері керек

Күні: , 44 рет оқылды

20170328_153529


Осы мәселе  жайында  Орал  қаласындағы  Достық  үйінде  «Медиация – азаматтық қоғам  негізі»  тақырыбында  өткен  семинарда  айтылды. Оған кәсіби  медиаторлар  мен  білім  беру  ұйымдарының  өкілдері  қатысты.


Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова басқосуда мектептерде медиацияны пайдалану жайы талқыланатынын айтты. Аталған мекеменің әлеуметтік бастама және қоғамдық келісім бөлімінің басшысы Алуа Рақышеваның сөзінше, «Медиация туралы» заңның 2011 жылы қолданысқа енгізілгенімен, басқа өңірлерге қарағанда біздің облыс тұрғындарының көпшілігі бітімгерлік жайында  толыққанды  білмейді.

– Ақпан айында медиацияны қолдану санаттарын, яғни түрлі салада қолдану жайын талқылағанбыз. Мәселен, мектептерде жиі дау туып жататыны жасырын емес. Мен оны білім беру саласында істеген өз тәжірибемнен білемін. Сондықтан сотқа дейін дауды өршітпей, бітімгер арқылы ерте шешкен жөн. Медиация арқылы қос тарапқа да пайдалы шешім қабылдауға болады. Қазіргі кезде кәсіби мамандарды дайындауға көңіл бөлінуде. Мұғалімдерді де осы іске белсенді тарту керек. Себебі мектеп әкімшілігі дауды реттеуге тырысқанымен, әрдайым нәтижелі бола бермейді,   – деді Алуа Рақышева.

Семинарда халықаралық құқық қорғау орталығының өкілі, кәсіби медиатор Мейірхан Жанбозова еліміздің басқа өңірлерінде білім беру және ішкі саясат  құрылымдары медиация орталықтармен бірлесіп, дауды  шешуге арналған кабинеттер ашуға пилоттық мектептерді бөлгенін баяндады. Кәсіби медиаторлар оқушыларды да дайындап, дауды шешуге қатыстырған. Олармен бірге психолог мамандар мен әлеуметтік педагог тығыз қарым-қатынас жасаған. Нәтижесінде оқушылардың жауапкершілігі артып, тәрбие саласында жағымды үдерістердің пайда болғаны байқалған, сынып жетекшілерінің жұмысы жеңілдеген.

Семинарда кәсіби медиаторлар тәжірибелерімен бөлісіп, қысылтаяңда шешім қабылдау жолдарын көрсетті. Мамандардың айтуынша, облыста бірнеше медиация орталығы бар. Сонымен қатар  Астана, Алматы қалаларындағы оқыту курстарына қатысуға болады. Бітімгерден заңгерлік білім болуы талап етілмейді, дегенмен даудың оң шешімін табуға, қос тарапты татуластыруға қабілетті, өмірлік тәжірибесі мол болғаны жақсы. Дөңгелек үстелде жасөспірімдер тәрбиесіне көңіл бөлу жайы да талқыланды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»


Министр мұғалімдермен кездесті

Күні: , 57 рет оқылды

DSC_0073


Өңірімізге  жұмыс  сапарымен  келген  Үкімет делегациясының  құрамында  болған  ҚР  Білім  және ғылым  министрі  Ерлан Сағадиев   білім  саласының қызметкерлерімен  кездесіп,  Елбасы  Жолдауындағы  орындалуы  тиіс  тапсырмалар  мен  алдағы  жұмыс  бағыты туралы  айтып  өтті.


Министрдің айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – балаларды 100% мектепке дейінгі біліммен қамту. Бұл бағытта мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясындағы  жұмыстарды күшейту қажет.

– Біз жеке кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында жеке балабақшаларға «Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыс бөліп, әр балаға қаржы төлейміз. Сондай-ақ балабақша кезегіндегі қажетсіз ережелер мен жемқорлықты жойып, тәртіп орнату қажет. Ол үшін балабақшалардағы барлық кезекті республикалық бірыңғай кезекке біріктіріп және балабақшаға жолдама алуды «электронды үкімет» арқылы автоматтандырған жөн. Бұл бағытта еліміздің төрт қаласында қанатқақты жоба жұмыс жасауда. Біз соның ішіндегі ең тиімдісін таңдап, биыл іске қосамыз, — деді ол.

Қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – білім  саласының жаңартылған мазмұнға көшуі. Жаңартылған мазмұнның мәні – функциялық сауаттылық, оны біліп қана қоймай, меңгеру қажет, – деген Білім министрі жаңартылған мазмұнға кешігіңкіреп енгенімізді тілге тиек етті.

–  Біз жаңартылған мазмұнды енгізуді кешірек бастасақ та, төрт жылда бұл мәселені шешуге тиіспіз. Былтыр жаңа бағдарлама бойынша 1-сынып оқушылары  оқытыла бастаса, биыл кезек 2, 5, 7-сынып оқушыларына келді, – деді Ерлан Сағадиев.

Сондай-ақ Білім министрі қазақ тілін деңгейлі оқыту бірнеше мектепте қанатқақты әдіспен жүргізіле бастайтынын айтты. Осы бағытта тіл мамандарымен бірлесе отырып, тіл білімі саласында қазақ тілінің жиілік сөздігі құрастырылған. Аталмыш кітапқа тұрмыста ең жиі қолданылатын сөздер енгізілген.  Ағылшын тілін оқыту бойынша биылдан бастап 12000 пән мұғаліміне арнап, 9 айлық курс ұйымдастырылмақ. Бұл кезеңде мұғалімдердің жалақысы толықтай сақталып, курстан өтіп келген соң жалақылары тағы көбеймек. Сондай-ақ балаларды ағылшын тілінде оқыту биылдан бастап ата-ананың келісімімен жүзеге асатын болады.  Жиында оқушыларға берілетін үй тапсырмасы да Білім министрінің назарынан тыс қалған жоқ.

DSC_0077– Біздің оқушылар үй тапсырмасын орындауға жұмсайтын уақыт көлемі  жөнінен 65 мемлекеттің ішінде төртінші орын алып отыр. Халықаралық сарапшылар үй тапсырмасының тым көп берілуі балаларымыздың білім алуда табысқа жете алмайтынын алға тартуда. Бұл жағдайда екі нұсқа бар. Біріншісі – үй тапсырмасын аз  көлемде беру, екіншісі – мүлдем бермеу. Екі жағдайда да оқушыға берілетін үй тапсырмасы азайып, демалыс күндеріне үй тапсырмасы мүлдем берілмейді. Оқушының күнделікті сабақта алған  бағасын бақылайтын электронды күнделік жүйесі былтырғы оқу жылында  4000 мектепке енгізілді. Бүгінгі басты міндет – Прокуратура  құрылымдары  Білім және ғылым, сондай-ақ Қаржы министрліктері  бірігіп, ортақ бұйрық шығарып, заң алдында электронды және қағаз журналдарын теңестіру. Бұл жұмыс алдағы айларда нақты шешілмек. Екінші мәселе – әр  мектепте, әр сыныпта ғаламтордың (интернеттің) болмауы. Мұны тез арада шешу қажет. Сол себепті де Елбасы атап өткен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша мектептер алдыңғы кезекте тұр. Біз алдағы жаз маусымында   ғаламторы бар әр сыныпқа Wi-Fi орнатуымыз қажет. Бүгінгі күннің басты мәселесі – алыс  ауылдардағы мектептерді электронды күнделікпен, сапалы бейнесабақтармен қамтамасыз ету, – деді министр.

Мұғалімдер үшін ең басты қуанышты жаңалық – енді олар үйлерді аралап, өздеріне тиісті емес міндеттерді атқармайтын болады. Бұл мәселе бойынша да Білім министрі ілкімді істер жүргізілуде екендігін баяндады.

–  Тағы бір маңызды мәселе, мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартуға тыйым салмақпыз. Бүгінде олар медициналық анализдер жинап, «Оңай» карточкаларын тарату сықылды жұмыстарды істейді, үй-үйді  аралайды. Заң бұған тыйым салады. Біз алдымен бұл мәселені ведомствоаралық деңгейде көтеріп, сондай-ақ құжат жүзінде бәрін реттеп, мәселені түпкілікті шешу жолын таппақ ниеттеміз. Алдағы үш айда мұғалімдердің өз міндетінен тыс шаруаларға алаңдамауына қатысты қатал тәртіп белгілеп, біріккен ереже бекітуді жоспарлап отырмыз.  Министрлік тек үш жүйені ғана қалдыруды  мақсат етуде. Олар: Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰББДҚ), электронды журнал, («Күнделік») және бухгалтерлік есеп. Мектептерде  бұдан басқа ешқандай есеп толтырылмауы тиіс.

Біздің елімізде балаларымыздың жоғары білім алу мүмкіндігін жеңілдету үшін бар жағдай жасалуда. Биыл грант саны бакалаврлар үшін 31 мыңнан 36 мыңға, магистранттар үшін 7000-нан 10 мыңға дейін, докторанттарға 1100-ге дейін көбейді, – деді министр.

Кездесу соңында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім саласы қызметкерлерінің  сұрақтарына  жауап  берді.

Наталья  ГОРОХОВА


Көшербай АЙҒОЖАҰЛЫ: Машина жасау саласын дамыту үшін кәсіпорындарды жаңғырту керек

Күні: , 45 рет оқылды

20160217_170222


Кеңес дәуірі кезінде Батыс Қазақстан облысы машина жасау саласы бойынша еліміздегі әлеуетті  өңірлердің бірі болды.


Облыс қазіргі таңда да өнеркәсібі дамыған аймақтар қатарында, дегенмен машина жасау ісінде кедергі келтіріп тұрған түйткілді мәселелер жоқ емес. Бұл жөнінде бізге таяуда «Машзавод» машина жасау компаниялары консорциумының операторы — «Зениттехсервис» ЖШС директоры, «Құрмет» орденінің иегері Көшербай Айғожаұлы баяндап берді.

 — Мен машина жасау саласына ғұмырымның 45 жылын арнадым. Сонау 1971 жылы Мәскеудің Губкин атындағы мұнай-газ институтын бітіріп, инженер-механик мамандығын алғаннан бергі өмірім осы саламен тығыз байланысты. Осы салада ұзақ уақыт жұмыс жасағандықтан, машина жасау ісінің Кеңес дәуіріндегі өркендеу кезеңін, одан кейінгі тоқсаныншы жылдардың тоқырауында қандай күй кешкенін және қазіргі уақыттағы ахуалын бір кісідей білемін десем, артық айтқаным болмас. «Машзавод» машина жасау компаниялары консорциумын 2011 жылдан бері басқарып келемін. Бүгінде консорциум құрамына 12 мекеме кіреді. «Зениттехсервис» ЖШС аталған консорциумның операторы болып табылады.

Кеңес дәуірі кезінде өңіріміздегі «Зенит» Орал зауыты» АҚ, «Батыс Қазақстан машина құру компаниясы» АҚ, «Орал механикалық зауыты» ЖШС, «КазАрмаПром» ЖШС, «Оралагрореммаш» АҚ, ««Омега» прибор жасау зауыты» АҚ секілді (ол кезде бұл кәсіпорындар басқаша аталған) зауыттардың атағы алысқа тарап, олардың өнімдерін көптеген одақтас республикалар пайдаланатын. Кейін Кеңес Одағы тараған уақытта аталған зауыттар сол кездегі көптеген кәсіпорындар секілді тұралап қалды. Еліміз егемендік алып, өз бетінше тірлік ете бастағаннан бері бұл зауыттар қайтадан қалпына келтіріліп, жұмыс істей бастады. Мысалы, соңғы үш жылда консорциумға кіретін кәсіпорындар индустриалдық-инновациялық бағдарлама бойынша мынандай жұмыстарды атқарды: «Орал механикалық зауыты» ЖШС жаңа технология бойынша иінді біліктің екінші түрін жасап шығара бастады. Бұйырса, бұл технология зауытқа біршама қаржы әкелмек. Сөйтіп, кәсіпорын өндірісінің өсіп-өркендеуіне мүмкіндік бермек. «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ «Гидроприбор» ҒЗИ АҚ заманауи талаптарға сәйкес жаңа құрал-жабдықтар алып, соның нәтижесінде дәнекерлеу технологиясын өзгертті, сондай-ақ жаңадан мұзжарғыш кеме жасады. Ал «Зенит Орал» зауыты» АҚ егемен ел атанған 25 жыл ішінде 25 кеме жасап шығарды. Бүгінгі күні оралдық «Зениттің» кемелері (катерлер) Каспий теңізінің жағалауында шекараны қорғау ісіне қолданылуда. Оралдық тағы бір зауыт — «ҚазАрмаПром» ЖШС соңғы екі жылда жаңа технологияға сәйкес жабдықталған заманауи екі электр пешін сатып алып, жаңа қалып бойынша құрыш пен шойыннан бұйымдар жасап шығаруда. Зауыттардың сапалы өнімдері тапсырыс берушілердің көңілінен шығуда. Бұдан басқа «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ американдық «Lancair» фирмасымен бірлесіп, «Lancair IV» ұшағын жасап шығарды және оны Орал әуежайында сынақтан өткізді. Турбовинтті қозғалтқышы (двигателі) бар, көмірсутегі материалынан жасалған бұл ұшақ ұшу қабілетінің жақсы екенін, отандық өнімнің өзге ел ұшақтарынан еш кем түспейтінін сынақ кезінде дәлелдеп берді. Бұл Қазақстандағы ең алғашқы ұшақ екенін ескерсек, оралдық кәсіпорындардың қандай күрделі техника болмасын, жасап шығаруға қабілетті екенін аңғаруға болады. Сондай-ақ «Оралагрореммаш» АҚ-ның өрт сөндіру және коммуналдық шаруашылық қызметіне арнап жасап шығарған техникалары да елімізде үлкен сұранысқа ие. Олар бүгінгі таңда түрлі шаруашылықтарда кеңінен пайдаланылуда. Елімізде, соның ішінде өңірімізде машина жасау ісін қазіргіден де жақсы деңгейге көтеруге болады, — деген Көшербай Айғожаұлы осы бағыттағы бірқатар кедергілерді атап көрсетті.

«Кедергілер көп…»

IMG_3698— Машина жасау саласындағы ең басты кедергілерінің бірі – шетелдерден тасымалданатын металл өнімдерін кеденнен өткізу мәселесі, — дейді Көшербай аға әңгімесін әріден бастап. — Біздің елімізде өндірілетін металдардың құрамы 25 пайыз күкіртсутегіне шыдамсыз, сондықтан біз өндіріске қажетті металл өнімдерін Англиядан, Германиядан аламыз, кейбір қажетті заттарды өзге де шет елдерден аламыз. Алайда кедендік қызметкерлер СКУР (Система коэффициента управление рисками — Тәуекелдерді басқару коэффициентінің жүйесі) бағдарламасы бойынша оларды өткізгенше біршама қиындықтар туғызуда. Бұлай дейтінім, олар аталған бағдарлама бойынша тексергенде, тауар кедендік қоймаларға түсіріледі де, тексеріліп болғанша оларды алуға болмайды. Немесе біз сол өнімнің салығы мен кедендік мөлшерін депозитке ақшалай аударуымыз керек. Бұл дегеніңіз – қыруар қаражат. Сөйтіп, келіп тұрған металл өнімдерін алу үшін қаражат іздеп жүргенімізде, көп уақыт өтіп кетеді. Міне, нақ осы жағдай біздің жұмысымызға өте үлкен кедергі болып тұр. Біздің ойымызша, СКУР (Система коэффициента управление рисками — Тәуекелдерді басқару коэффициентінің жүйесі) бағдарламасы өте үстірт дайындалған, бұл жеке кәсіпкерлердің талабына сәйкес келмейді. Машина жасау саласының дамуына үлкен кедергі келтіріп отырған осы бір тәртіпті өзгерту жөнінде біз тиісті орындарға талай рет ұсыныс жасадық, бірақ осы мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді.

Біздің салаға қатысты тағы бір түйткіл бар. Ол – Қазақстанда өндірілген өнімдерді шетелдік компанияларға өткізу мәселесі. Біздің елдегі шетелдік компаниялар отандық өнімдердің еуропалық және американдық стандарттарға (америкалық API Q6, ASME, ASTM, ANSI және еуропалық DIN, ENI стандарттарына) сәйкес дайындалғанын талап етеді. Тап қазіргі уақытта біздің консорциумға кіретін мекемелерде ондай стандарттар жоқ, яғни біздің еліміздің стандарттары жоғарыдағы стандарттарға сәйкес емес. Нақ осы мәселені шешпей, біздің өнімдерді шетелге шығару мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселе өзінің оң шешімін жедел тапса дейміз.

Өңірімізде машина жасау ісінің дамуына кедергі келтіріп тұрған тағы бір нәрсе, ол – жергілікті зауыттардың қазіргі заман талабына сай жарақтандырылмауы, кәсіпорындардың жаңғыртылмауы. Бұл жағдай да біздің аяғымызға мықты тұсау болып тұр. Бұл мәселені шешу үшін де қыруар қаражат керек. Ал тоқырау жылдарында тоқтап қалып, басын жаңа көтеріп келе жатқан біздің зауыттарымызда ондай қаржы жоқ. Қарапайым автоматтандырылған жүйенің өзі өңіріміздің барлық кәсіпорындарында бірдей енгізілмеген, тек кейін ашылған шағын зауыттарда ғана автоматты жүйе бар. Нақтырақ айтар болсам, облыстағы кәсіпорындардың тек 5 пайызы ғана автоматты жүйемен жұмыс істейді. Сондықтан біздің кәсіпорындарымыз шетелдіктер сұрап отырған американдық және еуропалық стандартқа сәйкес өнім шығара алмай отыр. Халықаралық стандартқа сәйкес келмейтін өнімдерді шетелге шығару қиын. Алыс шетелді айтпағанда, біздің отандық өнімдерді мына тұрған «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» мұнай компаниясына өткізу қиын болып тұр. Біздің ел аумағында жұмыс жасап жатқан бұдан басқа да шетелдік компаниялар халықаралық стандартқа сәйкес келмейтін жергілікті кәсіпорын өнімдерін сатып алуға онша ықылас білдірмейді. Бұл үшін оларға ренжудің қажеті жоқ. Кейбір кәсіпорын басшылары «Отандық өнімдерді шетелдік компаниялар да, жергілікті кәсіпорындар да сатып алмай жатыр. Оларға біздің өнімдерді сатып алыңдар» деп талап қойыңыздаршы, біз кәсіпорын әлеуетін көтерейік», – деп жоғары жаққа шағымданады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Егер жергілікті компания өнімдері талапқа сәйкес келмесе, шетелдік кәсіпорындар олар оны қалай сатып алады? Үкімет қанша жерден талап қойса да, кім болса да шаруасына сәйкес келмейтін нәрсені істемейді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін кәсіпорындарды қазіргі заман талабына сәйкес етіп, қайта жаңғыртып, жарақтандыру керек.

Осы жерде айта кететін бір нәрсе, жоғарыда айтылғандарға қарап, «Біздің жергілікті кәсіпорындар сапасыз өнім өндіріп жатыр екен» деген ой туындамауы керек. Халықаралық стандартқа сәйкес келмесе де, отандық компаниялар сапалы өнім өндіруде деп сеніммен айта аламын. Өйткені жергілікті компаниялар өндірген өнімдер өзіміздің зертханаларымызда сынақтан өтеді.

Сол жерде олардың өндіріске жарамдылығы және жұмысқа қабілеті әбден тексеріліп, оларға сәйкестік сертификаты беріледі.

Сондай-ақ зауыт өнімдеріне кәсіпорын белгілері соғылады. Яғни Қазақстанның өнімдерге өз стандарты бар, – деген тәжірибелі маман қазақстандық стандартпен жасалған отандық өнімдердің еуростандартталған өнімдерден еш кем түспейтінін айтты.

«Отандық көліктің «өкпе-бауыры» да өзіміздікі болуы тиіс…»

—  Елімізде машина жасау саласын өркендету үшін ірі кәсіпорындар санын көбейтудің қажеті жоқ, — дейді Көшербай Айғожаұлы әңгімесін одан әрі жалғастырып.

— Ірі өндіріс ошақтарымен жұмыс істеу өте қиын. Бұған еліміздегі көптеген ірі зауыттардың күрделі жағдайы дәлел. Қазіргідей бүкіл әлемді дағдарыс жайлаған заманда ірі кәсіпорын ашқаннан гөрі машинаны құрастыруға қажетті қосалқы бөлшектер дайындайтын шағын кәсіпорындар құрған әлдеқайда тиімді. Бүгінде Қазақстандағы көптеген машина жасау зауыттары шетелден келген қосалқы бөлшектерді құрастырып, «Міне, біз машина жасап шығардық» деп жүр. Бұл дұрыс емес. Нағыз отандық көліктің сыртқы қанқасы да, оның ішкі ағзасы, яғни «өкпе-бауыры» да жергілікті болуы керек. Міне, сондай көлік қана нағыз қазақстандық өнім болып есептеледі. Мұны мен ойдан шығарып отырған жоқпын, бұл жөнінде Елбасымыз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында үнемі айтып жүр. Қосалқы бөлшектер жасайтын шағын кәсіпорындар жұмыс барысында көп қиналмайды. Өйткені олар қосалқы бөлшектің белгілі бір түрін ғана шығарады да, оны машина жасау саласымен айналысып отырған кәсіпорындарға тез таратады. Ал бұл жағдай жұмыс өнімділігін арттырып, жұмыстың үздіксіз жүруіне ықпал жасайды. Жұмыстың тоқтамауы өз кезегінде жұмыссыздықты азайтып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына себепші болады. Сондай-ақ таза отандық бөлшектерден құралған көліктің бағасы да  арзан болады. Ал қазіргідей көліктің ішкі-сыртқы бөлшектерін сырттан тасып, оны құрастырғаннан машина жасау компаниялары көп пайда таппайды. Өйткені олар көлікті құрайтын бөлшектерді сатып алу үшін қарайған қаражат жұмсайды, осының өзі кәсіпорындарға әжептәуір шығын әкеледі. Сондықтан Елбасымыздың осы бағытта айтқан тапсырмасын орындауға жедел кіріскен жөн.

«Оқыту орталығын ашу керек…»

— Еліміздегі машина жасау саласының дамуына мүмкіндік бермей тұрған тағы бір нәрсе, бұл – кадр мәселесі. Машина жасау ісімен айналысатын кәсіпорындар бүгінде білікті инженерлерге зәру. Мысалы, біздің облыстағы зауыт-фабрикалардың бірқатарында өңкей бұрынғы мамандар отыр. Зейнет жасына жеткен мамандарды зауыттар азын-шоғын жалақы төлеп, ұстауда. Жасы келген қарт мамандар шетелге барып, заманауи талапқа сай біліктілігін арттыруға ықыласты емес. Ал жастар мардымсыз жалақы үшін ол жерге жұмыс істеуге бармайды. Осы себептен машина жасау саласында ілгерілеу үдерісі сылбыр жүруде. Бұл проблеманы облыс әкімдігі мен жергілікті компаниялар, білім басқармасы және біздің жерімізде жұмыс жасап жатқан үлкен компаниялар бірігіп шешуі тиіс. Яғни жергілікті өнеркәсіп нысандарын білікті инженер-техникалық қызметкерлермен қамтамасыз ету үшін оларды даярлайтын арнайы қосымша оқыту орталығын құру керек.

Әр өңірдің өзінің келешекке арналған даму жоспары болады.

Міне, осы жоспар арқылы жаңағы айтқан орталық облыс аумағында жұмыс істеп жатқан компаниялардың іс-жоспарымен танысып, инженер мамандар даярлайтын ЖОО-мен байланысуы тиіс. Немесе түйіндемесін тапсырып қойып, жұмыссыз жүрген жергілікті жас мамандарды шақырып, оларды қажет болып отырған мамандыққа өзімізде немесе шетелде қосымша оқыту жұмысын ұйымдастыруы керек. Осылайша заманауи құрылғылармен жұмыс жасай алатын, кәсіпорын жұмысына маманданған білікті инженерлерді ақырындап даярлай беру керек. Сөйтіп, уақыт өте келе біздің жергілікті кәсіпорындар да заман талабына сай, білікті мамандармен толығып, халықаралық талаптарға сай өнімдерді ешкімнің көмегінсіз-ақ, өздері шығара бастайды. Әрі қолдары пайдалы жұмыстан босамайтын жастар ешқандай лаңкестік іс-әрекеттерге бармайды, — деген Көшербай Айғожаұлы ел Үкіметінің осы бағытта арнайы бағдарлама жасақтағаны жөн деген пікірін жеткізді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика