Мұрағат: 29.03.2017


Шаруаларды әуре-сарсаңға салған демеуқаржы қайда?

Күні: , 48 рет оқылды

DSC_0054


Ауылдағы ағайынның бар байлығы қолындағы малы, онсыз күн көру қиын.  Нарықтық қатынастар салдарынан көп нәрсе өзгергенімен шаруа баққан адамның қам-қарекеті сол баяғыша: жаз шықса, қысқы мал азығын қамдайды, шөп шабады, қора-қопсысын сайлайды. Мемлекет те ауылды дамытуға, шаруалардың шаш-етектен болатын  шығынын азайтуға демеуқаржы бөледі. Мал өсір, оны асылдандыр деген мақсатта берілетін көмек-қолдау ауылдағылардың қоңыр тірлігіне қан жүгіртіп, қабақтарын жадыратқандай. Бірақ  сол демеуқаржысы түскірге кейбір шаруалардың қолы жетпей, шапқылап жүргені… Осыдан бірер апта бұрын екі шаруашылық жетекшісі  облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясына аяқтай келіп, арыз айтты.


Иманғали Сәрсековтің «Қай-Сар» шаруа қожалығы төрт түліктің төресі жылқы өсіреді. Оның мал қыстағы Сырым ауданындағы Тоғанас ауылында, яғни бұрынғы «Правда» совхозының №2 бөлімшесінде орналасқан. «2014 жылы желтоқсан айында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстағы филиалы арқылы «Құлан» бағдарламасымен 4,5 млн. теңге несие алдым. Бұл қаржыға қарапайым 14 бие, екі Көшім тұқымды айғыр сатып алдық. Жібек жалдының барлығы құлындады, қазір 30 бие, екі айғыр бар. 2015 жылдан бастап 10 жыл мерзімге алған несиемнің пайызын тоқсан сайын 160 мың теңгеден өтеудемін. Несиенің 14 пайыздық мөлшерлемесінің 7 пайызын мемлекет демеуқаржылауы тиіс еді. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары несиені 2014 жылдың аяғында алған соң, демеуқаржыны (субсидияны) 2015 жылдан бастап өтеледі деп түсіндірді. Демеуқаржы алуға қажетті құжаттарымды өткіздім. Корпорациядағылар ауыл шаруашылығы басқармасына жұмсайды. Басқармаға барсам, ондағылар бір айдан кейін кел дейді. Оператор жоқ, қаржыны беретін деді. Көндік, күттік. Қайтып барсам, тағы бірер айдан кейін келерсіз деп шығарып салады, – деді Иманғали Сәрсеков шаршаңқы үнмен. Оның айтуынша, өткен екі жыл демеуқаржыны күтумен жылыстап өте шыққан. Әуре-сарсаңға салған субсидияны сұрап, талай табалдырық тоздырды. Облыс халқына Елбасы Жолдауын түсіндіргелі келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсованың қабылдауында болып, мән-жайды айтып, шағымданған. Халық қалаулысы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы басшылығына мәселенің мәнісін анықтауды тапсырған. «Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жазған екі арызыма екі мәрте, биылғы жылдың қаңтарында және ақпан айында басқарма басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағанбетов, басшының орынбасары Жасұлан Халиуллин қол қойған мазмұны «егіз» жауапхат алдым. Онда демеуқаржы 2016 жылдан бастап есептелетіні, 2016 жылға 412,5 мың теңге, 2017 жылға 450 мың теңге демеуқаржы бағдарлама бойынша бюджеттен қосымша қаражат бөлінген жағдайда төленетіні жазылған. Бірақ 2015 жылы несие алғандар демеуқаржыға қол жеткізді. Ал маған бұл 2015 жылдың демеуқаржысы мерзімі өтіп кеткендіктен берілмейді дейді басқармадағылар. Сонда маған тиесілі 2015 жылғы демеуқаржы қайда? Қалай мерзімі өткен, сол жылы демеуқаржыны сұрап қаншама әуре-сарсаңға түстім. Үкіметтен бөлінетін демеуқаржы қайда?» – деп ашынады шаруагер. «Демеуқаржымды алсам, несиені жабар едім, сөйтіп қалған қаржыны мал өсіруге салар едім», – дейді ол.

Иманғали аға жыл сайын бие байлап, қымыз өндірейін десе, ауылдан жұмыс істеуге кісі таппай дал болады. Егер өзге ауыл-аудандардан, қаладан жұмыс істеймін деген адам табылса, сол адамның қалада оқитын студент балаларына Оралдағы пәтерін тегін пайдалануға беруге дайын. «Тоғанас ауылыннан өз алдыма үй керек десе, үй беруге де болады», – дейді. Ауылға бие сауамын деп жұмысқа келген адамға бастапқыда 60 мың теңге жалақы төлейтінін  айтады.

Демеуқаржыны күтіп жүргендердің бірі Зеленов ауданындағы Мичурин ауылдық округінің Зеленый ауылынан – Берікқали Тұқышев. Шаруа адамының айтуынша, 2014 жылы мамыр айында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалынан «Сыбаға» бағдарламасымен 6 млн. 550 мың теңге несие алды. Содан бері мемлекет тарапынан несие пайызының мөлшерлемесін демеуқаржылауға бөлінетін қаржыға қол жеткізе алмай пұшайман болған жайы бар. «Мемлекет қаржы бөлмей жатыр, қалай бөледі солай береміз десті. Тағы бірде оператор жоқ, әлі анықталмаған, биыл ақша жетпей қалды, тізімде барсыз десті. 2014 жылға оператор жоқ, демеуқаржы төлеудің мерзімі өткен деді, енді демеуқаржыны 2015, 2016 жылға сұраймын. Несиемді уақтылы өтеудемін», – дейді Берікқали Тұқышев. Оның айтуынша, шаруашылығы отбасылық негізде жұмыс істейді. Үш ауылдасын жұмысқа тартқан. Сиыр сауады. Өткен жылы Оралдан шағын дүкен ашты. Мал өнімдерін, еті мен сүтін тапсырыс бойынша қалаға өткізеді. Павлов ауылынан 1 гектар жер алған. Енді бордақылау алаңын салып, қасапхана ашу, шұжық цехын ашу жоспарда. «Екі жылға 1,5 миллион теңге демеуқаржымды алсам, несиемді жабар едім», — деді ол.

Оның айтуынша, шаруашылықты дамытуға қандай бағдарламалар бар екенін жөнді білмейді. Қазір 100 бас малға арналған бордақылау алаңы бар. «700 басты бордақылауға күшім жетер еді. Қыстақтан мал суаратын екі құдық қаздым. Мал қорасын салсаң, содан кейін құжатыңызды аламыз десті басқармадағылар. Құжаттарды жинап тапсырдым, мемлекеттен қандай көмек-қолдау алуға болатынын білмеймін. Қасымызда көктемгі су ағыны тасқынынан қорғайтын бөгет бар, жылда көктемде су қатты келеді. Трактормен бөгеттің жалын топырақпен көтереміз. Алайда оның жұмысын қалыпты етуге құбырлар керек. Осы жағына мемлекет тарапынан көмек болса дейміз», – дейді Берікқали Тұқышев.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Марат АБДУЛОВ,

«Аграрлық несие  корпорациясы» АҚ-ның облыстық  филиалы  басшысының орынбасары:

– ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2015 жылы демеуқаржылау бағдарламасы тоқтатылды. 2016 жылы 23 мамырда демеуқаржылау ережесіне өзгерістер енгізілді. Одан кейін конкурстар өткізіліп, демеуқаржылау операторы болып «ҚазАгроМаркетинг» АҚ танылып, тек 2016 жылғы 3 қарашада демеуқаржылауға тапсырыстар қабылдау басталды. Жаңа ереже бойынша, демеуқаржыны төлеу демеуқаржыға тапсырыстар қабылданған жылдың 1 қаңтарынан бастап төленеді делінген. Сондықтан демеуқаржы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептеліп, төленеді және одан бұрынғы жылдарға демеуқаржы қаралмаған. Ауылдық несие серіктестіктері де біздің ұйым арқылы несие береді. АШМ жанындағы жұмыс комиссиясы біздің ұйым арқылы берілген 257 заемды демеуқаржылауға шешім қабылдады. 73 несие келісімшарты бойынша 37 несие алушы 2016 жылға демеуқаржы алды. Несие алған шаруалардың барлығын демеуқаржылауға облысқа қаржы аз бөлінді.  Біздің ұйымнан басқа 12 несие серіктестігі, екінші деңгейдегі банктер, «ҚазАгроФинанс», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалдары бар. Енді 2016 жылға демеуқаржы алмағандарға және 2017 жылға демеуқаржы қаржысы (кесте бойынша) наурыз айында облысқа, ұйым шотына аударылады.  2017  жылғы  демеуқаржы  кесте  бойынша  төленеді.

Азамат  ҚУАНШӘЛИЕВ,

облыстық  ауыл  шаруашылығы басқармасының механизация, мемлекеттік техникалық инспекция және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бөлімінің бас маманы:

– Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы сыйақы мөлшерлемесін демеуқаржылау бағдарламасының әкімшісі ретінде 2016 жылдан бастап жүзеге асырды, бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі болды. 2016 жылы аталған субсидиялау бағдарламасы бойынша басқармаға 725 қарыз шарты бойынша қаржы институттарынан өтінімдер түсті және өңірге республикалық бюджеттен 2016 жылға 176 999,0 мың теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттың 2 088,0 мың теңгесі оператор қызметін төлеуге, 126 674,8 мың теңгесі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014-2015 жылдары мақұлданған өтінімдерді және 48 236,2 мың теңгесі 104 қарыз шартын демеуқаржылауға жеткілікті болды. Сонымен қатар демеуқаржы қаражатын бөлу жөніндегі комиссияның хатта-малық шешімдерімен демеуқаржы шамасы 2016 жылға 223 388,7 мың теңгені құрайтын 620 қарыз шарты бойынша қаржы институттарының  өтінімдері  мақұлданды.

Жоғарыда баяндалған негізінде 2016 жылы түскен жаңа өтінімдер бойынша қаралған өтінімдер және бұрын мақұлданған өтінімдерді толығымен қанағаттандыру үшін, сонымен қатар ағымдағы жылы түсетін жаңа өтінімдерді ескергенде  2017 жылы 842 263,9 мың теңге қаражатқа қажеттілік туындап отыр. 2017 жылға аталған бағдарлама бойынша жеткізілген лимитке сәйкес 339 160,0 мың теңге бекітілген, қосымша 503 103,9 мың теңге қаржы қажет. Сондықтан облыс басшылығы тарапынан жетіспейтін қаржыны толықтыру  бағытында тиісті министрлікке сұраныстар жолданды. Газет редакциясына демеуқаржы мәселесімен бас тіреген И. Сәрсековке, Б. Тұқышевке демеуқаржы қаржысы бюджеттен қосымша қаражат бөлінген жағдайда 2016, 2017 жылдарға төленетіні туралы ауызша түсіндірілді, жазбаша жауап та берілді. Демеуқаржылау ережесіне өзгерістер енгізілуіне байланысты 2015 жылға демеуқаржы қаралмайды. Ал мемлекеттік бағдарламалар  бойынша  түсінік,  кеңес  беруге  әрқашан  есігіміз  ашық.

P.S.: Отбасылық бизнесті дамытамыз, мал өнімдерін өндіріп, оны өңдейміз деп құлшынып жүрген шаруа адамдарына тиісті сала, аудандардың басшылығынан нақты қамқорлық, адами қарым-қатынас жетіспей жатқандығы сезіледі. Аудан әкімдерімен өткен үлкенді-кішілі жиындарда ауыл шаруашлығын өңдеу бағытында жоба жоқ деген сын жиі айтылады. Шаруагер Б. Тұқышевтің шұжық цехы жоба емес пе сонда деген ойға қалдық. Елбасы биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауды күшейтуді, агроөндірістік кешенді технологиялық модернизацияның драйвері жасауға нақты тапсырма бергені мәлім. Ендеше, шаруа адамдарының мұң-мұқтажына  сергек  қарасақ,  шешілмейтін  мәселе  жоғы  анық.


Қауіпті «олжа»

Күні: , 40 рет оқылды

снаряд


Наурыздың  28-і күні  сағат 10.30  шамасында  Ақжайық ауданының  Жайық  ауылынан (аудан  орталығы  аумағына  кіретін елді мекен) 500 метр қашықтықта  мал  бағып жүрген  осы  ауылдың  тұрғыны  жерден  жартылай  шығып  жатқан  снарядты  байқайды. Бұл туралы  ішкі  істер,  төтенше  жағдайлар  және  қорғаныс  істері  жөніндегі  бөлімдерге  хабарланады.


Ақжайық ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Рауан Көшкінбаевтың айтуынша, бұл Азамат соғысы кезіндегі артиллериялық снаряд екенін алдын ала байқастау көрсетіп берді, оның ұзындығы – 32 сантиметр, диаметрі – 7 сантиметр. Қауіпті «олжа» жатқан жер қоршалып, әскери бөлімнен саперлер шақырылды.

Бекем  БЕКҰЛЫ,

Ақжайық  ауданы


Бес медальді еншіледі

Күні: , 48 рет оқылды

IMG_0785


Таяуда байдарка  мен  каноэ  есуден  көктемгі  маусым  ашылды. Еліміздің  қазіргі  ауа  райы жағдайына байланысты  бұл  спорт түрінен жарыс  өткізуге мүмкіндік болмауына орай  жасөспірімдер мен  жастар  арасындағы  ел  чемпионаты  Ташкентте  өтті.


Жарыстан бұрын, яғни 1 наурызда Өзбекстан астанасында оқу-жаттығу шарасы басталды. Академиялық есу, байдарка мен каноэ есу бойынша облыстық федерацияның төрағасы Юрий Казаниннің айтуынша, жиырма күнге созылған бұл шараға республикамыздың он өңірінен 100 шақты жас спортшы шеберліктерін шыңдапты. Олардың 14-і – жерлесіміз. Ал Наурыз мерекесінен соң, яғни 23-26 наурызда жарыс болды. Чемпионатқа қатысқан 1999-2000 жылдары және 2001 жылдан кейін туғандар 200, 500, 1000 метр қашықтықта сынға түсті. Батысқазақстандықтар бес қола медальді иеленген. Оның үшеуін Диана Алмағамбетова еншілесе, қалғанын Антонина Казанина мен Аделя Искарова алды. ҚР-ның еңбек сіңірген бапкері В. Астафьев пен  К. Бахиревтің шәкірттері осылайша биылғы маусымды табысты бастап отыр. Айта кету керек, қоржынға медаль салған үш қыз спорт шеберлігіне үміткер болып табылады және ұлттық құрама резервінде  тұр.

Елге келгеннен кейін спортшыларымыз сәуірде Алматыда өтетін Қазақстан кубогы жарысына дайындалады. Былтыр бұл сайыста күміс жүлде алған жерлестеріміз биыл бас жүлдеге қол созбақшы. «Маусым айында IV жалпықазақстандық жастар ойыны болады, – дейді Юрий Викторович. — Байдарка мен каноэ есуден жарыстар Оралда өтпекші. Жерлестеріміз осы жарыста да намысты қолдан бермей, жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз».

Мәди  ЫҚЫЛАС


Өңірде биыл жаңадан 18,5 мың жұмыс орны ашылмақ

Күні: , 30 рет оқылды

DSC_1099


Осы бағыттағы жұмыстардың жай-жапсары жөнінде кеше  облысымызға іссапармен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша облыстық қазақ драма театрында өткен кеңейтілген кеңесте  мәлімдеді. Министрдің келуіне орай өткен жиынға облыстық басқармалардың басшылары, аудан әкімдері  және  қоғамдық  ұйымдардың  өкілдері  қатысты.


Аталған жоба министрлік пен облыс әкімдігі арасындағы меморандумға байланысты бекітілген. «Елбасы биылғы Жолдауында еңбек өнімділігін қамтамасыз етуге басымдық беру керектігін атап өтті. Еңбек нарығында қордаланған мәселелерді шешу және халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске қосылды. Министр бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіреді», – деді жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа бағдарламада жұмыссыздар санын азайту барысы және ауыл-аймақтағы тұрғындардың бизнеспен шұғылдануына мүмкіндік беретін тетіктер  әлдеқайда  жетілдірілген.

– Статистикаға сүйенсек, жыл сайын елімізде 21 мыңнан астам мектеп түлегі оқу орындарына түсе алмайды немесе жұмыспен қамтылмайды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша келесі оқу жылы осындай санаттағы жастар үшін техникалық-кәсіби білім алу тегін болады. Ал ересектер үшін қысқа мерзімді оқу курстары ұйымдастырылады. Негізінен, өңірге қажетті мамандықтарға көңіл аударамыз. Сонымен қатар  шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін мобильді оқыту орталықтары ашылады. Бұған дейін жылына 6 мың адамды кәсіби оқумен қамтамасыз етсек, енді олардың санын 100 мыңға жеткізетін боламыз. Бағдарлама аясында шағын қалалар мен ауылдарда тұратын азаматтарға бес  жыл мерзімге жылдық мөлшерлемесі 6 пайызды құрайтын 18 млн. теңгеге дейін шағын несие беріледі. Мал шаруашылығымен айналысатындарға несие беру мерзімі жеті  жылға дейін ұзартылды. Бұған дейін несиеге кепіл салу мәселесі едәуір қиындық тудырып келгені мәлім. Бағдарлама ауқымында кәсібін енді бастағандарға кепілдіктің 85, бизнес иелері үшін 50 пайызын Үкімет пен «ҚазАгроГарант» АҚ қамтамасыз етеді. Яғни несие үшін кепіл салу мәселесі шешімін табады. «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналасқан жастар үшін бастапқы еңбек өтілін жинауға жағдай жасау мақсатында жұмыс орнында тағы да 1,5 жыл қызмет етуге мүмкіндік беріледі. Биыл осы бағдарламаны жүзеге асыруға 85,3 млрд. теңге бюджет қаржысы бөлінсе, оның ішінде 3,6 млрд. теңге Батыс Қазақстан облысына бағытталған, – деді министр.

Тамара Дүйсенова зейнетақы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көбейетінін айтты. Оның мәліметінше, бұл өсім біздің облыстағы 85 мың зейнеткерді қамтиды. «Биыл отбасында төрт бала болса да, жалақысы жоғары азаматтарға беріліп келген арнаулы жәрдемақыны қысқартамыз. Нәтижесінде күнкөріс деңгейі төмен отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері көбейеді», – деді министр.

Меруерт   САНКАЕВА, «Бәйтерек»  қоғамдық бірлестігінің  төрайымы:

– Мобильді топтар жүргізетін курсқа қатысқандарға қандай құжаттар беріледі? Және олар оқытқан тұрғындарды мемлекеттік және басқа мекемелерге жұмысқа орналастыра  аламыз  ба?

 Тамара  ДҮЙСЕНОВА,

ҚР Еңбек  және  халықты әлеуметтік  қорғау  министрі:

– Аудандардағы жұмыспен қамту құрылымдары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалдарымен бірлесіп, мобильді топтарды ауылдарда оқыту курсын жүргізе алады. Кейін курстан өткен маманды біліктілігін бағалайтын  тәуелсіз ұйымға жолдап, олар мақұлдаса, арнайы сертификат береді. Егер сіздің бірлестік қосымша білім бере алатын болса, өздеріңіз куәлік бере аласыздар. Сонымен қатар қазіргі уақытта кәсіпкерлердің өздеріне қажетті мамандыққа оқыту курсын тәжірибе жүзінде ұйымдастыра алады. Оларға жергілікті атқарушы билік бағдарлама аясында қаржылай қолдау білдіреді.

Лавр  ХАЙРЕТДИНОВ, Жаңақала  ауданының  әкімі:

– Ауыл-аймақта кәсіпкерлікті дамытуға несиеге кепілдік салу мәселесі елеулі кедергі еді. Жаңадан құрылған «ҚазАгроГарант» АҚ арқылы түйткілдің оң шешімі табылғанына қуаныштымыз. Дегенмен 2012 жылдан бастап құрылған несие серіктестіктерінің кейбірі қаражатын уақтылы қайтара алмай, содан қиындықтар туындағаны белгілі. Кәсіпкерлікпен шұғылданатындарға 80 пайызға дейін «ҚазАгроГарант» АҚ тарапынан кепілдік берілгенімен, жауапкершілік мәселесін реттеу жайы қалай қарастырылған?

Тамара  ДҮЙСЕНОВА:

– «ҚазАгроҚаржы» АҚ несие қаражатын шағын несиелеу ұйымдары немесе несиелеу серіктестіктері арқылы ауыл тұрғындарына береді. Алдымен «ҚазАгроГарант» АҚ бизнес-жоспарды мұқият тексеріп, 85 пайыз кепілдікті қамтамасыз етеді. Бірақ кепілдіктің 50 пайызы жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылады. Егер кәсібін бастаған азамат нақты себеппен қаражатты қайтара алмаса, аталған ұйым өз есебінен кепілдік сомасын толығымен Үкіметке төлейді. Бірақ несиенің 15 пайызын жауапкершілікті мойнына алған адам міндетті түрде өзі қайтарады.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Кооперативтер келешегі кеңеймек

Күні: , 127 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (38)-с


Сәрсенбіде  облыстық  мәслихаттың  мәжіліс  залында өңіріміздегі  агроөнеркәсіп  кешені  саласының  дамуы  жөнінде кеңес  өтті.


Бұған ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы кооперациясы департаментінің директоры Берік Нығмашев және облыс көлеміндегі ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен шаруа қожалықтарының  басшылары  қатысты.

Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жүргізіп, жиналғандарға алдымен министрлік өкілдерін таныстырып, содан кейін меймандарға сөз берді.

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалануымыз  керек. Ол үшін ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту қажет. Қазіргі таңда елімізде сүт пен еттің 75-80 пайызын және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы ішкі өнімінің жартысын жеке қосалқы шаруашылықтар өндіреді. Сүт өнімдерінен сары майдың 35 пайызы және ірімшіктің 40 пайызы сырттан келеді. Елімізді азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, оларды нарыққа шығаруды қолға алу керек. Ауыл шаруашылығы  кооперативтерін құру дегеніміз, бұл – экономикалық жағынан бірігу.

Бүгінгі таңда елімізде осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүруде, – деген Берік Нығмашев одан әрі елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге оңтайлы жағдай жасалып отырғанын айтты. Оның сөзінше, кооперативтердің  инвестсубсидия  мен шығындарға жәрдемқаржы алуға, өткізілген өнім үшін субсидия алуға мүмкіндігі бар. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті сүт қабылдау орнын ашуға, оған қажетті құрал-жабдықтарды төмен несиемен алуға болады. Шаруаларды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несиелеуге дайын.

Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сөйлеп, өңірімізде «Агробизнес – 2017» мемлекеттік салалық бағдарламасының жүзеге асырылу  барысы  жөнінде  баяндады.

фото Рафхата Халелова (23)– 2016 жылы облыста жұмыс жасап тұрған 5000 шаруашылық тіркеліп, 2013 жылмен салыстырғанда 123%-ды  құрап, өсіп отыр. 2016 жылы 546 жұмыс орны ашылса, биыл 730 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Облысымызда агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлініп отырған қаржы көлемі жылма-жыл ұлғаюда. 2013-2016 жылдары мемлекет тарапынан өңірімізге 25 млрд. 700 млн. теңге бағытталды. Соңғы төрт жылда «ҚазАгро» холдингінің өкілдіктері арқылы 22 млрд. 225 млн. теңге несие ресурстары тартылды, соның ішінде лизинг бағдарламасы арқылы төрт жылда 4 млрд. 668 млн. теңгеге 1180 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырғысы сатып алынды. Нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылығы саласының  техника  паркі  жаңаруда.

2016 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен көрсетілген қызметі 123,4 млрд. теңгені құрады. Өңірімізде жыл өткен сайын бау-бақша мен егіс алқабының көлемі  ұлғайып, мал басы көбейе түсуде. Облыс бойынша 2017 жылдың көктемгі егісіне жаздық дәнді дақылдар тұқымының қажеттілігі 20 мың тонна болса, бүгінде 24,8 мың тонна немесе қажеттіліктің 125% дайындалды, майлы дақылдар тұқымы 122%, мал азықтық дақылдардың тұқымы 120,5% дайындалып отыр.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-қадамын жүзеге асыру мақсатында 2016 жылы 151 бас сүтті асыл тұқымды ірі қара малы сатып алынса, «Каверина» ЖК 2 тонна сүт өнімін экспортқа шығарды. Қайта өңдеу өнімі өндірісін арттыру мақсатында 2014-2016 жылдары облыста жалпы құны 16 млрд. теңгенің 272 инвестициялық жобасы іске қосылды.

Облыста жаңадан ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста 140 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс жасауда. Соның ішінде 139-ы мал шаруашылығы бағытында және біреуі өсімдік шаруашылығы бойынша жұмыстануда.

2016 жылы кооперативтерге барлығы 398 млн. теңге демеуқаржы төленді. Мал шаруашылығы бойынша 342 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы бойынша 3 млн. теңге, инвестициялық салымдардың шығынын өтеу бағдарламасы бойынша техника, жаңбырлатып  суару жабдығы, көкөніс қоймасы құрылысы шығындарына – 53 млн. теңге.

Бүгінде облыста мал бордақылаумен айналысатын 30 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы 4 437 бас ірі қара малын сатып алуға 305 жанұя 811 млн. теңге несие алды. Ағымдағы  жылы Ақжайық ауданында ауысымына 50 бас ірі қара соятын бір мал сою пункті, Тасқала ауданында «Тасқала сүт» ЖК ауысымына 1 тонна сүт өңдейтін цех іске қосылса, Зеленов ауданында «Каверина» ЖК күніне 40 тонна сүт өңдейтін кәсіпорынды сәуірде ашуды жоспарлап отыр. Облыста сүтті бағыттағы екі  кооператив жұмыс жасауда.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2017 жылғы 1 сәуірден 30 желтоқсанға дейін 12 ауыл шаруашылығы кооперативі, 505 мал бордақылау алаңы, бір сүт қабылдау пункті, сегіз мал сою пункті, 10 рефрижератор  алу және 10 мал сою орнын жабдықтау жоспарланып отыр, — деді Арман Кәрімұлы өз сөзінде.

Бұдан соң ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов сөйлеп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мен шаруаларға мемлекет тарапынан жасалып отырған оңтайлы жағдайлар жөнінде шаруаларға егжей-тегжейлі түсіндірді.

Жиын барысында шаруа қожалықтарының жетекшілері тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, тиісті  жауаптар  қайтарылды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Медициналық сақтандыру – заман талабы

Күні: , 30 рет оқылды

Изображение 019


Бұл  туралы  кеше  ҚР  Денсаулық  сақтау  министрі  Елжан Біртановтың   Батыс  Қазақстан  облысында  болған  іссапарында  кеңінен  талқыланды. Сапар  барысында  министр облыс  орталығындағы  бірқатар медициналық  нысандарды  аралап, денсаулық  сақтау  саласына  енгізіліп  жатқан  жаңа  үдерістермен  танысты.


Алдымен облыс орталығындағы №5 қалалық емхананы аралап, терминал арқылы электронды кезекті басқару жүйесі, Kazmedinform (аймақтық ақпараттық-талдамалық медициналық жүйе) жүйесі және облыс тұрғындарының түйткілді мәселелерін шешуге бағытталған арнайы Call-орталығының жұмыстарымен танысты. Нысанды аралау барысында сала басшысы емханаға жаңадан енгізілген электронды кезек жұмысын тексеріп көру мақсатында өзі де кезекке тұрды. Сөйтіп, электронды кезектің тиімділігін жоғары бағалады. Call-орталығына да арнайы бас сұғып,  бұл жүйенің біздің облыста қалай жүзеге асып жатқандығын бақылады. Айта кетелік, бүгінгі таңда өңіріміздегі 36 аурухана мен емханада бірыңғай Call-орталығы жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар министр 2016-2019 жылдарға арналған жіті миокард инфарктісі және инсультке, онкологиялық қызмет және босандыру қызметі, балаларды басқару бойынша денсаулық сақтаудың бірыңғай модельдерін енгізу үшін пилоттық аймақ ретінде Батыс Қазақстан облысы таңдалып алынғанын да жеткізді. Кездесу барысында белгілі болғанындай, алдағы уақытта әр түрлі медициналық ұйымдарда клиникалық және клиникалық емес үрдістерді автоматтандыруға арналған медициналық ақпараттық  жүйе (МАЖ) енгізілетін болады. Алдағы уақытта Kazmedinform жүйесіне тағы да жаңа өзгерістер енгізілмек. Енді кез келген тұрғын ұялы телефонына аталмыш қосымшаны жүктеп алу арқылы үйден шықпай-ақ оффлайн режимінде алдын ала дәрігерге тіркелуге мүмкіндік алады. Бұл жүйе алдағы сәуір айында іске қосылмақ.  Ал келер жылдан бастап дәрігерлеріміз қағазбастылықтан арылып, электронды медициналық картамен жұмыс жасайтын болады.

Одан кейін министр көп бейінді қалалық ауруханада болып, өңірдегі денсаулық сақтау саласының активімен кездесті. Кездесу барысында Елжан Амантайұлы Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі, денсаулық сақтаудағы ақпараттандыру, дәрілік заттардың бағасын реттеуді енгізу және өзге де көкейтесті мәселелерге тоқталып өтті. Министрдің айтуынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен  бастап елімізде мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) енгізіле бастайтынын жеткізді. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары және сақтандырылған тұрғындар МӘМС шеңберінде медициналық қызметтерді алатын болады. Сондай-ақ биылдан бастап дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамаларына өзгерістер енгізу жоспарланғанын  да  тілге  тиек  етті.

– Медициналық сақтандыру жүйесінде ел-жұртқа медициналық қызметтердің екі түрі ұсынылатын болады. Оның алғашқысы профилактикалық екпелер, жедел жәрдем, санитарлық авиация, аяқасты ауыр жағдайда түскен науқастарға алғашқы көмек, әлеуметтік сипаттағы ауруларға (онкологиялық аурулар, қант диабеті, туберкулез) мемлекет тегін медициналық көмекке кепілдік береді. Ал, екіншісі, МӘМС қатысушысы болып табылатын тұлға кез келген уақытта міндетті сақтандыру жарналары мен аударымдары есебінен қаржыландырылатын медициналық көмекке ие бола алады. Бұл қызметтерге амбулаториялық-емханалық көмек, қалпына келтіріп емдеу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық көмек көрсету, паллиативті көмек және мейірбике күтімі кіреді, – деген Елжан Біртанов, міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты жарналар мен төлем мөлшерлеріне де қысқаша тоқталып өтті.

Бұдан кейін Астанадан арнайы келген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басқарма төрағасы Елена Бахмутова медициналық сақтандыру жүйесіне көшу заман талабы екенін және оның маңыздылығын халыққа кеңінен түсіндіру керектігін тілге тиек етті.  Жиын соңында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысушылардың сұрақтарына  жауап  берді.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


Жұрт жадындағы жақсы адам

Күні: , 31 рет оқылды

10


Жақында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер, математик-ұстаз Қайыр Бектұрғановтың 80 жылдық мерейтойына байланысты «Жайықтың жадындағы жақсы адам» тақырыбында еске алу кеші өтті.


Шарада ардагер журналист Тихон Әліпқалиев, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Болатқали Төлебаев, жазушының зайыбы Надежда Жұбайқызы естелік-сыр шертті. «Қайрекең ойы мен бойы келіскен, парасатты адам болды. Мен оның талантының ерекше үш қырын атап өткім келеді. Біріншіден, ол кісілік қадір-қасиетін өмір бойы сақтай білді. Екіншіден, математика секілді күрделі пәнді игере білді. Үшіншіден, ол талантты жазушы болды»,  – деді Т. Әліпқалиев. Әдеби-сазды кеште Болатқали Төлебаев университетте өзіне Қайыр Құрақұлы білім бергенін, кейін әріптес ретінде бірге қызмет атқарғанын айтып, ұстазының бекзат болмысын қимастықпен еске алды.

– Студент кезінен әдебиет әлеміне терең бойлап, тынымсыз ізденумен болды. Алматыдағы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университетіндегі оқуымызды тәмамдағаннан кейін шаңырақ көтердік. Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да екеуміз де – жұбайым математика, мен физика пәнінен студенттерге сабақ бердік. Ол ұстаздық қызметін атқара жүріп, қаламгерлікке бет бұрды. Жазушылық міндетіне жауапкершілікпен қарады. Бір жазған әңгімесін мұқият өңдейтін. Қоғамдағы барлық мәселе оны толғандыратын. Әсіресе, жастардың сөйлеу мәдениетіне ерекше назар аударды. Баспасөз беттерінде жарық көрген әдеби туындылары мен мақалаларында жастар тәрбиесі мен тіл тазалығына қатысты түйткілдерді кеңінен талқылады. Жат діни ағым мәселелеріне де жаны қайысты, – деді  жазушының жары Надежда Жұбайқызы. Шара барысында қаламгер жайында шағын фильм көрсетілді. Жергілікті әншілер ән шырқады.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ


Кіндік шеше бар, кіндік әке қажет пе?..

Күні: , 51 рет оқылды

киндик аке


Кіндік шеше – дүниеге келген сәбидің анасымен байланысатын кіндік бауды қиған адам. Ертеректе кіндік шешеге  баланың екінші анасындай қарап, сый-құрмет көрсеткен. Бүгінде туысқандықтың алтын желісі саналған бұл дәстүр  сыйлық жасаумен ғана шектелгендей.


Ата-әжелеріміз  нәрестенің кіндігіне ерекше мән берген.  Ер баланың кіндігін «Елдің қорғаны болсын» деп атшаптырым жерге, қыз баланың кіндігін  «Үйдің құты, отбасының тірегі болсын» деп ошақ түбіне көмген. Ал  баласының бойынан иненің жасуындай жақсылық көрсе,  «Кіндік шешесіне тартқан ғой» деп әспеттеп отыратын. Кіндік аналық міндетке сөзі де, ісі де үйлесімді, сыйлы жандарды таңдаған. Олар  келіннің «ай толғақ», «апта толғақ» секілді босанғанға дейін болатын толғақтардың әр күнін санап, келіннің қай кезде босанатынын алдын ала болжаған. Сондай-ақ  бұрынғы кезде ауылда кіндік шешеден өзге «аққолды аналар»  болған. Қолы епті «аққолды аналар» бала дұрыс келмеген жағдайда жақсылап жуылған қойдың ұлтабарын қолына киіп, теріс келген нәрестені оңына келтіріп, келінді босандырып алған. Яғни қазіргі әйел босандыратын мейірбикенің (акушер) қызметін атқаратын жандар. Ана мен баланың жағдайының жақсы болуын, сәбидің аман-есен дүниеге келуін, сонымен қатар әр түрлі қауіп-қатерлердің болмауын, тіпті босанғаннан кейінгі күтіну жолдарын да осы «аққолды аналар» қадағалап, ем-домын жасап, жас анаға ақыл-кеңестерін айтып отырған.  «Аққолды аналардың» тағы бір көрегендігі толғатып жатқан келіннің аузына тары салған екен. Белі үзіліп кетердей бебеулеп, ащы толғақтан әлсіреген келінге тары әрі нәр береді, әрі тарыны қышырлатып шайнау арқылы жақтың қарысып қалуынан сақтаған. Тарыны құшырланып шайнаған келін дауысын шығарып айғайлай алмаған, ал айғайламаған  адамның күш-қуаты да кемімейді. Бұл, бір жағынан, дәтке қуат болса, екінші жағынан, тыста жақсылық күтіп жүргендерді үрейлендірмеудің амалы деп білген. Бір қызығы, «аққолды ана» атанған  кісілер ешқашан кіндік шеше болуға таласпаған.  Ал кіндік шеше болатын адамға  арнайы міндеттер  жүктелген. Болашақ кіндік шеше босанатын әйелдің жанында болып, оның белін, ішін  уқалап, ойын бөлетін әңгімелер айтып, толғақтың жеңіл болу қамын ойластырған. Сөйтіп, нәресте дүниеге келген соң  оның кіндігін өткір қайшымен немесе күміс сапты  шағын айбалтамен кесіп, сәби денесінде қалатын бөлігін байлап тастаған. Осы орайда айта кететін мәселе, жарық дүниеге жаңа келген нәрестенің  денесін қолымен ұстап, кіндігін кескенде,  адамның бойында болатын биоөріс белгілі бір мөлшерде балаға берілетіні ғылыми дәлелденген. Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері кіндік шешесіне тартады дейді. Сондай-ақ  кіндік шеше  нәрестенің жолдасын ешкімге көрсетпей, адам баспайтын жерге көмген. Оны кей өңірлерде ұрпағы «Жемістей көп болсын» деп жеміс ағашының түбіне көмеді екен. Ал  Оңтүстік Корея ғалымдары он жылға жуық сәбидің жолдасы мен кіндік қанын зерттеп, онда адам денесінің қан жасауы мен иммунитет жүйесінің қан жасауын қайта құрай алатын тек клеткасы (ген) барын дәлелдеп шыққан.  Бүгінде кіндік қаны мен нәрестенің дүниеге келгендегі жолдасын сүйек кемігінен бастау алатын қан ауруларын емдеуге пайдалануда. Алғаш рет кіндік қан арқылы омыртқа жарақатының әсерінен 19 жыл бойы жүру қабілетінен айырылған 37 жастағы америкалық әйелдің  жұлын миының жасушаларын  қалпына келтіру үшін қолданған. Мүмкіндігі шектеулі келіншекке  жаңа туған нәрестесінің кіндік қанының  тін жасушасын  алмастырған. Отадан сәби де дін аман шығып, әйел де жүріп кеткен екен.

Толғақты жеңілдету мақсатында кей өңірлерде «жарыс қазан» дәстүрін ұйымдастырған. Осыдан  бірнеше ондаған  жыл  бұрын еліміздегі перзентханалар саны аз болып, кей елді мекендерден орталықтағы перзентханаға жету бірнеше уақытты қажет еткендіктен,  жүкті келіншектер үйде босанғаны белгілі. Сондай толғақ келген уақытта  әйелдер жағы қазанға ас салып, «Қазан қайнағанша бала дүниеге келсін», «толғағы жеңіл болсын» деген тілекпен қазан мен толғақты жарыстырған. Дайын болған тамақты  жаңадан босанған ана мен қуанышқа жиналғандарға берген.

Ал қазіргі медицинаның дамыған заманында жүкті келіншек ақ халаттылардың қарауында ғана босанады. Кіндік шешесі перзентханадан ғана шығарып алады. Сәбиге киім-кешегін, ойыншығын, қоларбасын болмаса жататын төсегін алып барады. Бұрынғыдай қырық күн ана мен балаға қамқорлық жасап, ас-суына жәрдемдесуде бүгінгі аналардың уақыт жағынан мүмкіндігі жоқ. Алайда кіндік шешеге  сәби ер жетіп, ел қатарына қосылғанша өз назарынан тыс қалдырмай,  әрдайым қамқор болып жүру жүктеледі. Есесіне  сәбидің ата-анасы кіндік шешеге «кіндік кесер» кәдесін беруі міндеттеледі. Бұл кәде бойынша кіндік шешеге қалаған затын немесе бағалы бұйым беруі керек. Соңғы кезде христиан діні өкілдерінің  баланы шоқындырған адамға  айтылатын «крестный отец» сөзін  кіндік әке деп қолдануда.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман, кіндік әке қажет пе?

Гүлсезім БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”

Ұлжан АРЫСТАНОВА,

қала тұрғыны:

— Мен 1986  жылдың қақаған қаңтарында  дүниеге келдім. Біздің ауыл аудан орталығынан шалғай болатын. Анамның ай-күні жетіп отырған болса керек. Түнде  толғағы қысып, әкем байғұс ауылды шарқ ұрып жүріп, бір көлікті әзер тапқан екен. Ол кезде әрбір үйде көлік жоқ. Бір ауылдың өзінде салдырлаған бір-екі темір «тұлпар» болған. Әлгі көліктің аты ғана болмаса, жүргенінен тұрғаны көп екен. Содан боранды түнде аудан орталығына қарай жол тартқан әке-шешем мінген көлік орта жолда сынып, елсіз далада тоқтап қалады. Сабыры қашқан әкем әлгі жерде айғайға басып, жылағанға ұқсайды. Абырой болғанда, анамның әрі құрбысы, әрі құдайы көршіміз Бақыт  деген келіншек сол күні бірге ере жүріпті. Көліктің жуық арада жүре қоймасына көз жеткізген соң Бақыт  әпкем әкем мен жүргізушіні сыртқа шығарып, өзі көліктің ішінде анамның жанында қалады. Амал жоқ, анамды босандыруға бел буады. Сол сәттегі бойын билеген қорқыныш сезімі жайлы ол кісі маған үнемі айтып отыратын. Аман-есен дүниеге келген мені көргенде Бақыт  әпкемнің көзінен жас моншақтаған көрінеді. Оны байқаған анам сол сәтте «сәбиіме бір нәрсе болған екен» деп есі кете қорқыпты. Бірақ оның көз жасы қуаныштың көз жасы екенін байқағанда ғана көңілі орнына түскен.

Осылайша боранды түнде, елсіз далада дүниеге келген менің кіндігімді кесіп, «кіндік шеше» болған Бақыт  әпке бүгінде менің екінші анамдай. Есімімді де сол кісі Ұлжан  деп қойыпты. Қалаға оқуға жүретін кезімде ақ батасын беріп, ақжол тілеп, маңдайымнан құшырлана бір иіскеп еді. Менің сарғая сағынатын адамымның бірі де осы – Бақыт әпкем. Анам да әзілдеп: «Сенің нағыз анаң – Бақыт, мен сені жай бағып жатқан адаммын», – дейтін еді. Менің әрбір қуанышымда Бақыт  әпкем жанымнан табылады. Тұрмысқа шығып, сәбилі болғанда да арнайы келіп кетті. Менің тез ашуланып, тез қайта қоятын мінезім де сол Бақыт  әпкемнен берілген екен. Ал біздің отбасымызда кіндік әке деген түсінік жоқ. Өйткені дүниеге келген сәбидің басы-қасында болатын әйел адам. Сондықтан кіндік шеше құрметтелуі тиіс.

Жадыра  САПАРОВА,

қала тұрғыны:

— Менің алдымдағы 1976  жылғы Жадыра есімді әпкем шетінеп кеткен екен. Кейін анам маған жүкті болып жүрген кезде ауылдағы Әмина деген емші апайға қаралған. Сонда ол кісі  анама: «Құрсағыңда  қыз бала бар, есімін Жадыра қой» дейді.

Анам шошып кетіп, қайтыс болған перзентімнің аты да Жадыра еді дейді. Әмина апай ол сәбидің періште екенін және еш уайымдамауын айтады. Кейін мен дүниеге келгенде әкемнің апасы шығарып алған. Есімімді Жадыра қойды. Отбасын құрып, ана атансам да кіндік шешем хабарласып, хал-жағдайымды сұрап тұрады. Мен қайын інімнің баласына кіндік ана болдым. Сәбиге керек-жарақтарын алып бердім. Жыл сайын кіндік баламның туған күніне жиналып, отбасымызбен атап өтеміз.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика