
Таяуда облыс әкімінің атына ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне қарасты нысандарды қорғау қызметінің (республикалық «Ұлан») «Айбын» президенттік полкі №0112 әскери бөлімінің командирі Т. Сәрсекеевтен хат келді. Онда жерлесіміз, яғни Теректі ауданының тумасы Нұрхан Хахармановтың Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүргені жазылған. Өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындап, түрлі әскери сайыста топжарып жүрген қатардағы жауынгер Н. Хахарманов – көпшілікке үлгі. Осындай сарбазды өсіріп-тәрбиелеп, іріктеп әскерге жібергені үшін әскери бөлім басшылығының Хахармановтың ата-анасына, мұғалімдеріне, қорғаныс істері құрылымдарына, жергілікті атқарушы билікке айтар алғысы зор.
Алдыңғы қатарлы әскери құрылым
Хатта жазылғандай, аталмыш әскери бөлімінің жеке құрамы Елбасының қауіпсіздігін тікелей қорғайтын және Қазақстан Қарулы күштерінің алдыңғы қатарлы әскери құрылымы болып табылады. Әр мемлекет үшін сыртқы қорғаныс пен ішкі қауіпсіздік өте маңызды. Әлемде болып жатқан лаңкестік жағдайлар біздің де еліміздің қауіпсіздігін күшейтуді талап етеді. Соған орай Ел-басының жыл сайын әскер қатарына шақырылатын жастарды өнегелі тәрбиелеп, саналарына Отанға деген перзенттік парызды біржола сіңіру бағытында нақты тапсырмасы бар. Осы мақсатта ҚР Мемлекеттік күзет қызметі көктемгі және күзгі шақырылымның үміткерлерін бірінші болып іріктеп, қазақстандықтарға және Мемлекет басшысына адал қызмет ететін ер-жігіттерді «Айбын» президенттік полкіне қарасты №0112 әскери бөлімінің қатарына жасақтайды.
— Мемлекеттік күзет қызметіне екінің бірі өте алмайды. Себебі оған іріктеу қатаң. Біріншіден, денсаулықта ешқандай кінәрат болмауы керек. Яғни осынау әскери қызметке баратын жігіттер өзгелермен бірге жалпы медициналық тексерістен өткеннен соң, тереңдетілген медбақылауға жіберіледі. Ал бойы 180 сантиметрден кем болмауы тиіс, салмағы да тиісті талапқа сәйкес келуі шарт. Одан кейін әскерге шақырылушының ата-ана, тума-туыстарынан бастап, ата-тегіне дейін тексеріс жүргізіледі. Нақтылап айтқанда, олардың атқарған қызметі, қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктерге тартылғандығы немесе тартылмағандығы, осының бәрі ескеріледі. Сондай-ақ әскерге шақырылушылардың зерделілігі, білімі, оқудағы, спорттағы жетістіктері де назарға алынады. Президенттік полк болғасын, ондағы сарбаздар Елбасының қасында жүретіндіктен, кейде шетелдерге шығатындықтан, оларға осындай қатаң талаптар қойылады. Егер әскери қызметте жақсы жағынан көрінсе, онда келісімшарт (контракт) негізінде қызметін одан әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік мол. Өзге әскери құрылымдармен салыстырғанда мұнда жалақы жоғары, түрлі жеңілдіктер бар және қажетті әлеуметтік жағдай жасалады.
Шақырылым сайын облысымыздан орта есеппен 800-дей жас әскерге алынса, соның жиырмаға жуығы мемлекеттік күзет қызметіне кетеді. Құдайға шүкір, біздің жақтың жігіттері жерге қаратып көрген емес. Әскери қызметін мінсіз атқаруына байланысты ондағы әскери бөлімдерден жылына 5-6 алғысхат келеді. Жалпы әскери құрылымдарда өтетін алқалы жиындарға барғанымызда жерлестеріміздің батылдығы, өжеттігі, төзімділігі, шымырлығы, дүниетанымының кеңдігі туралы жылы сөздер естіп, бір жасап қаламыз. Бұл енді бірінші кезекте ата-анасының және мұғалімдерінің тәлім-тәрбиесі екені анық. Содан кейін ұлтымыздың тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін мұрат еткен батыр бабаларымыздың қанымен берілген қасиет деп білеміз, — дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті әскерге шақыру бөлімінің бастығы, подполковник Бауыржан Алтыаяқов.
Орындалған арман
Енді кейіпкерімізге келейік. Нұрхан өткен жылы Теректі ауданының Ақсоғым ауылдық округіндегі Үлкен Еңбек елді мекеніндегі орта мектепті бітіріпті.
Алдағы өмірін әскери саламен байланыстырғысы келіп, Алматыдағы әскери академияға құжат тапсырған. Әкесі Серік Сисенғалидың айтуынша, тек физика пәнінен төмендеу балл жинауына байланысты конкурстан өте алмай қалады. Өзге сынақтың бәрінен жоғары нәтиже көрсетіпті. Сөйтіп, былтыр Нұрханға курсант болу бұйырмаса да, күзгі шақырылымда ол әскер қатарына алынып, қатардағы жауынгер атанды.
Айта кетейік, Серік Хахарманұлы да әскери салаға қатысы бар жан. Он бес жылдай ауыл мектебінде алғашқы әскери дайындық (АӘД) пәнінен сабақ берген. Одан тәлім алған төрт-бес шәкірті бүгінде еліміздің Қарулы күштері қатарында қызмет етуде. Оның бірі – өзінің ұлы, Нұрханның ағасы Мерхан. 2012 жылы Алматыдағы әскери академияны тәмамдаған ол – қазір Мемлекеттік күзет қызметі президенттік полктегі қарауыл ротасы командирінің орынбасары. «Үш ұлым бар, — дейді Серік Хахарманұлы. — Тұңғышым Дархан БҚАТУ-ды эколог мамандығы бойынша бітірді. Қазір өзіммен бірге Атыраудағы Теңіз кен орнында жұмыс істеуде. Мектепте мұғалім болғанымда, Дархан мен Мерханға сабақ бердім. Нұрхан жоғары сыныпқа келгенде, басқа жұмысқа ауысып кеттім. Ізбасарларымның бәрі ер бала болғасын үйдегі бір бөлмеге спорттық құрылғылары бар швед қабырғасын орнаттым. Ауланың ішіне де белтемір және өзге спорттық құрал-жабдықтар жасадым. Содан болса керек, балаларымның бәрі салауатты өмір салтын ұстанатын, шымыр болып өсті. Сабақта да қатарының алды болды. Мәселен, Нұрхан 9-сыныпқа дейін биологиядан олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрді. Өскесін дәрігер боламын деп армандайтын. Артынан ағасы Мерханға еліктеді ме, әскери қызметке аңсары ауды. 11-сыныпта жүргенінде маған осы ойын айтып, әскери оқу орнына барғысы келетін жеткізді. «Егер шын жүрегіңмен әскери қызметкер болғың келсе, біз қарсы емеспіз. Бірақ медтексерістен өтуге, қажет құжаттарды жинауға өзің жүресің» дедім. Айтқандай, аудан орталығына, Оралға қатынап, барлық құжатын реттеген соң, Алматыдағы әскери академияға өзі барып қайтты. Таяуда хабарласқанда келісімшарт бойынша әскерде қалғысы келетінін айтты. Ортаншы балама қыдырып барған кезде оның үйде болатын уақытының аз екенін көрдім. Күн демей, түн демей, дабыл деп қызметке шауып бара жатады. Апталап, айлап полигонға кетеді. Нұрханға осының бәрін айттым. Ол «Бәріне шыдаймын», — деді. Сөздің шыны керек, қазір жұмыс табу оңай емес қой. Оны ауылға шақырғаныммен, ертең өзіне сай кәсіп табыла ма, жоқ па?! Ал әскери салада барлық жағдай жасалған. Толықтай мемлекет қамқорлығында боласың. Жалпы, өзім кеңес заманы кезінде Мурманск қаласында әуе қорғанысы күшінде Отан алдындағы борышымды өтедім. Сол кезде әскери бөлім басшылығы маған «Қал, осы салада қызмет жаса» деген ұсыныс айтқан еді. Бірақ ата-анам елге қайт дегесін, олардың сөзін жерге тастаған жоқ едім. Менің арманымды балаларымның орындап жатқанына қуаныштымын».
АӘД кабинеті жоқ мектептен де әскерилер шығады
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Үлкен Еңбек елді мекенінен түлеп ұшқан азаматтардың біразы бүгінде әскери-құқық қорғау құрылымдарында жемісті еңбек етіп жүрсе, біразы осы бағыттағы оқу орындарында тәлім алуда. Биыл төрт-бес оқушы әскери оқу орындарына құжат тапсырмақ. Ал әскери борышын абыроймен атқарып жүргендері қаншама. Осыған қарап біз бұл ауылдағы мектептің алғашқы әскери дайындық, дене тәрбиесі пәндері бойынша материалдық әлеуеті керім шығар деп ойлағанбыз. Алайда олай емес екен. Серік Сисенғалидың сөзіне қарағанда, ол 1997 жылы мектепке мұғалім болып келгенде, АӘД пәні сол жылдан бастап оқу бағдарламасына енген. Яғни бұрын бұл білім ұясы негізгі мектеп болуы себепті ешқандай оқулық, құрал-жабдықтар болмаған. Бұрынғы кеңшардан қалған газтұтқыштарды (противогаз) тауып, мектепке алдырды. Аудандық әскери комиссариатқа қайта-қайта барып, сабаққа ең керекті деген құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Осылайша жоқтан бар жасап, балаларға алғашқы әскери дайындық пәнін жүргізді.
— Сол кездегі жағдай қазір жақсарып кетті деп айта алмаймын. Арнайы кабинетіміз жоқ. Құрал-жабдықтар жетіспейді. Мәселен, ашық сабақ, сайыстар ұйымдастырылатын болса, автоматтың макетін көрші Ақжайық мектебінен сұрап аламыз. Спорт залымыз өте тар. Мектебіміз ескі әрі бір қабатты болғасын, оның жағдайын бағамдай беріңіз. Дене шынықтыруға қажетті құралдармен қамтылып отырмыз деп те айта алмаймын. Көлік мәселесіне байланысты аудандық түрлі байқау, жарыстарға баруға мүмкіндігіміз бола бермейді. Дегенмен де өз тірлігімізді жасап келеміз. Жыл сайын «Мен әскерге дайынмын!» атты оқушылар арасында мектепішілік сайыс өткіземіз. Онда шәкірттер автоматты бөлшектеп жинаудан, мергендіктен, спорттық дайындықтан сынға түседі. Нұрхан осы сайыстардан бас жүлде алып жүрді. Көктемде, күн жылынғасын үш күн далалық оқу жиынын өткіземіз. Осы шараларда да Нұрхан ептілігімен, шымырлығымен, төзімділігімен көзге түсетін, — дейді аталмыш ауылдағы орта мектептің дене тәрбиесі және АӘД пәндерінің мұғалімі Нұржан Сұлтанов.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»
Бұл қанатты сөзді біздің кейіпкерімізге қаратып та айтуға болады. Кеше ауылда, мектебінде топ жарып жүрген Нұрхан – бүгінде президенттік полктің мақтанышы! Ол әскери сайыстарда «Үздік маман» деп танылып, «Үздік атқыш» атанып жүр.
Облыс әкімінің атына келген хатта жазылғандай, Нұрхан Серікұлы әскери бөлімге келген күннен бастап әскери өмірдің қыр-сырын тез меңгеруге үлкен ынта-ықылас танытқан. Отанға деген жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге болуда. Жүктелген міндеттерді уақтылы әрі сапалы атқарады, жауынгерлік дайындық бағдарламасын өте жақсы меңгерген. Әскери жарғыларды жетік біледі, оларды қызметінде дұрыс қолданады. Үлгілі әскери тәртібі және жауынгерлік дайындықта, әскери қызметте қол жеткізген жетістіктері үшін рота және батальон командирлері тарапынан бірнеше рет марапатқа ие болды.
«Нұрханның осындай жетістіктерге қол жеткізуінің себебі, ең алдымен, отбасында алған өнегелі тәлімі, мектептегі мұғалімдерінің берген сапалы білімі мен саналы тәрбиесі және жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлерінің іріктеу жұмысын ыждағаттылықпен өткізуі деп білеміз.
Алтай Сейдірұлы, сізге және сіз арқылы осындай сарбаздарды өсіріп-тәрбиелеуге, Отан қорғаушылар қатарына жіберуге атсалысқан тиісті құрылым басшыларына, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне алғысымызды білдіреміз» деп хатын қорытындылаған «Айбын» президенттік полкі №0112 әскери бөлімінің командирі Т. Сәрсекеев.
Сәкен МҰРАТҰЛЫ,
«Орал өңірі»