Мұрағат: 17.03.2017


Пайдасы зор кеңес

Күні: , 52 рет оқылды


Зеленов  ауданында  мемлекеттік-жеке меншік  серіктестікті  дамыту  бойынша  кеңес  өтті. Жиынға  облыс әкімінің орынбасары  Бибігүл  Қонысбаева қатысты.


Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаев төрағалық еткен жиынға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алтай Құлқаев, аталмыш басқарманың жергілікті бюджеттің кірістерін болжау және талдау бөлімінің басшысы Ғалым Жұбанышев, өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиева, облыстық қаржы басқармасы коммуналдық меншікті басқару бөлімінің басшысы Жеңіс Нығметуллин, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы әкімшілік бөлімінің бас маман-заңгері Ильдар Ғайнутдинов, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мемлекеттік сатып алу аудит бөлімінің басшысы Бақтияр Раджапов және ауыл әкімдері, есеп мамандары  және  басқалары  қатысты.

Басқосу барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары  Бибігүл  Қонысбаева:

– Бүгінгі іссапарымыздың басты мақсатына тоқталатын болсақ, біздер желілік кесте жасап, әр ауданға жұмыс бабымен шығуды жөн көрген едік.

Міне, сол жоспарымыз бойынша Зеленов ауданынан бастадық. Баршаңызға белгілі, 2018 жылдан бастап жаңа деңгейде бюджет құрылып, бюджеттік кодекс өзгеретін болады. Осы орайда егжейлі-тегжейлі түсіндіру, көмегімізді көрсету және жаңа деңгейде жасақталған бюджетке мамандарымыз әр кез  дайын болуы керек, – деді.

Одан әрі кеңесте жергілікті бюджетті, қаржылық жоспарды қалай жоспарлау қажеттігі, бюджеттің кірістерін болжау, талдау жөнінде әңгіме өрбіді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу хақында да біраз жайттар айтылды. Жалпы, қаржы ресурстарын басқарудағы бюджеттік жоспарлаудың рөлі өте зор, өйткені ол тек қана бюджеттің кірісі мен шығындарының жоспарын құруы және оларды атқаруы, яғни төлемдер бойынша міндеттемелерді тағайындау мен бюджеттік қаржыландыру көлемін анықтаумен  шектелмейді. Кеңеске қатысушылар осы тақырып төңірегінде өздерін толғандырып жүрген сауалдарын  жолдап,  мағлұмат  алды.

Айшабибі  МӘМЕТ,

Зеленов  ауданы

IMG_1915Теректі ауданының  Достық  үйінде  ірі  ауылдық  округтерде  төрт  деңгейлік бюджет  және  мемлекеттік  сатып  алулар  рәсімін  жүргізу тақырыбында  семинар-кеңес  өтті.

Оның жұмысына облыс  әкімінің  орынбасары Бибігүл Қонысбаева,  облыстық экономика және бюджеттік  жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары  Алтай Құлқаев, БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің  мемлекеттік  аудиторы Асылбек Арыстанов, облыстық мемлекеттік  сатып  алулар  басқармасының бас маман-заңгері Ильдар Ғайнутдинов, облыстық қаржы басқармасының коммуналдық меншікті басқару бөлімінің  басшысы  Жеңіс  Нығметуллин және  аудан  әкімі  Мұрат Мұқаев, оның  орынбасарлары қатысты. Ауылдық округ әкімдері  мен  бас  мамандар, аудандық  бөлім  басшылары  да  осы  жиынға  тартылды.

Семинар-кеңес барысында жергілікті басқарудың жеке меншігін басқару, дербес бюджеттерін жоспарлау және бекіту мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару концепциясын бекіту туралы» Жарлығына сай, Үкімет  2018 жылдың  1 қаңтарынан бастап  тұрғындарының саны 2000 адамнан астам ауылдық округтерде дербес бюджет енгізуді жоспарлап отыр.  Бұл санатқа Теректі ауданы бойынша Федоров, Подстепный, Ақжайық, Шаған, Ақсуат, Шағатай  ауылдық  округтері  жатады  екен.

Кеңес жұмысы аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында, дөңгелек үстел түрінде өз жалғасын тапты. Оны облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева жүргізіп отырды. Отырыста мемлекеттік сатып алу рәсімі мен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік мәселелері қозғалды.

– Облыста бүгін МЖС бойынша балабақша құрылысын салу жөніндегі бес  жоба бар. Осындай жобалар сіздің ауданда да қолға алынуы әбден мүмкін. Өйткені сіздерде де балабақша қажеттігі күн тәртібінен түскен  жоқ, – деген Б. Қонысбаеваның айтуынша, облыста екі заңды тұлға осы мәселемен нақты айналысуда. Бірі – МЖС жобаларына қолдау көрсету бойынша заңды тұлға «Орал» АШКК ҰК АҚ. Екіншісі –  сараптама бойынша заңды тұлға «Алгоритм» технопаркі. Олар әрқайсысы өз саласында түскен  ұсыныстар негізінде жобаларды сараптап, дайындау жұмыстарын жүргізеді. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті әр салада жүзеге асыруға болады. Мемлекет тарапынан қолдау да, серіктестік қаржыландыру түрінде  де  көмек  болады.

Аудан әкімі Мұрат Мұқаев өз сөзінде мемлекет балабақша салуды жеке кәсіпкерлерге беріп отырғанын айта келіп, аудан бойынша 400 бала мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесіне кезекте тұрғанын жеткізді. Мемлекет бизнеске бұл істе көмек көрсетеді. Аудан бойынша ірі елді мекен – Подстепный ауылында осындай мемлекеттік-жеке меншік  серіктестігімен екі балабақша салу жобасы бар.

IMG_1922Дөңгелек үстелге қатысып отырғандар осы іске қатысты «Егер жеке үйді бейімдесе, мемлекет көмегі қандай болады? Сенімді басқару кезінде қандай талап қойылады? Серіктестік арқылы салынған балабақшаға бүлдіршіндерді кезектен тыс қабылдай беруге бола ма?» деген сұрақтарын қойды.

Аудан басшысы Мұрат Мұқаевтың айтуынша, ауданда мемлекет-жеке меншік серіктестігі әлі күш алып кете қойған жоқ.

Әлі де «бос сөрелер» бар. Дегенмен халық осы жобаның пайдалы екендігіне көзі жетісімен, іс ашуға талаптанушылар қатары күрт артады.

Бұдан әрі қаралған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарының орындалуы туралы мәселе өте қызу талқыланды. Әсіресе, өз қызметін немқұрайлы атқарып, уақтылы шот есебін шығармайтын «Қазақтелеком» АҚ жұмысы сынға ілікті. Аудан аумағынан өтетін облыстық маңыздағы жолдар бойынша мердігерлер жөнінде де сын сөздер естіліп қалды.

БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мемлекеттік аудиторы Асылбек Арыстанов, облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасының бас маман-заңгері Ильдар Ғайнутдинов  кездесу барысында  қойылған  сұрақтарға  жауап  берді.

Теректі ауданында өткен семинар-кеңес жайлы өз пікірін білдірген облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева:

 – Мен осы жерде шешімін күткен алты мәселе барын анықтадым. Осындай семинарларды біз барлық аудандарда өткіземіз. Сол отырыстардың қорытындысы бойынша түйткілді жерлерді анықтаймыз. Жүйелі қарауды қажет ететін мәселелерді жоғары тұрған министрліктер алдына жеткіземіз.

Өйткені қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуді солар атқарады. Енді жұмыс барысында шешілетін сұрақтардың шешімін табу үшін әдістемелік көмек көрсететін тиісті уәкілетті органдар  жұмыс  істейтін  болады.

Нұрзия  СИСЕНБАЕВА,

Теректі  ауданы


Құтқарушы парамедик болуға міндетті

Күні: , 49 рет оқылды

IMG_6604


Құтқарушылардың жұмысы баршамызға жақсы таныс. Олар күн сайын емес, сағат сайын қауіп-қатерге бастарын тігіп, қиын жағдайда қалғандарды құтқаруға ұмтылады.


Құтқарушылардың ерлігі мен азаматтық істерін табиғи апаттар мен жол-көлік оқиғасына ұшырағандар, боранды күндері адасып кеткендер, жеделбаспада қамалғандар мен от-жалын арасында қалғандар, тіпті есіктері кілттеніп, үйіне кіре алмай қалғандардан жиі естіп жүрміз. Қиындықта қалғандарды құтқаратын болғандықтан да, олардың жұмысы дәрігерлермен және психологтармен тығыз байланысты. Қиын кезде алғашқы көмек көрсетудің маңызды екені даусыз. Өйткені зардап шегушінің одан арғы жағдайы, денсаулығы, тіпті өмірінің өзі құтқарушылар көмегінің жеделдігіне және сапасына байланысты болады. Дер кезінде көрсетілген алғашқы дәрігерлік көмек зардап шегушінің жағдайының тез жақсарып, денсаулығының жедел қалпына келуіне септігін тигізеді. Сондықтан бұл саланың мамандары жедел құтқаруға қатысты барлық амал-әдістерді шебер меңгерген бесаспап болуы керек. Соның ішінде құтқарушылар үшін парамедик мамандығын игеру өте қажет.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жеделқұтқару жасағының жеке құрамы жыл сайын парамедиктер даярлау бағдарламасы бойынша оқытылады. Биыл құтқарушылар «Астана оқу-клиникалық орталығы» БҚО филиалында «Госпитальға дейінгі дәрігерлік жедел жәрдем көрсету» бойынша қайта даярлаудан өтті. Құтқарушылар алдымен теориялық және практикалық курстардан өтіп, содан кейін оқу қорытындысы бойынша сынақ тапсырды.

Даярлықтан өту кезінде құтқарушылар адам өміріне қауіп төндіріп тұрған жағдайды диагностикалау әдісімен, жарақат алғанда, күйіп қалғанда, уланғанда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету жағдайларымен, қансыраудың алдын алу және жарақатты таңу секілді жедел көмек көрсету түрлерімен танысты. Практикалық тағылымдамаларды өту кезінде құтқарушылар адам ретінде манекенді, заманауи дәрігерлік құрал-жабдықтарды пайдаланды.

Оқу курсы аяқталған соң құтқарушылар сынақ тапсырып, парамедик куәлігін алды. Оқу барысында алған білімдері мен біліктіліктерін одан әрі тереңдету үшін құтқарушылар қалалық жедел жәрдем стансасының қызметкерлерімен кезекшілікке бірге шығып, тәжірибеден өтпек.

Л. ӘБДІРАХМАНОВА,

облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы


Көктемде құс атпаңыз!

Күні: , 32 рет оқылды

6b18c2a99077f6d070d66332202aac4f


ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2016 жылғы 24 қарашадағы бұйрығымен биылдан, яғни 2017 жылдан бастап, 16 ақпан – 14 маусым аралығында аң-құс аулауға тыйым салынды.


Тыйым салу неге қажет болды? Осы уақытқа дейін көктем кезінде үйректің аталығын атуға рұқсат етіліп келді. Бірақ қорықшылар тарапынан барлық аңшының іс-әрекетін қатаң бақылау мүмкін болмағандықтан, көктемгі аңшылық маусымында кейбір аңшылар үйректің аталығына қоса, аналығын да, тіпті тыйым салынған аққу-қаздарды да атудан тартынбайды. Иә, бұл тек қазақстандық аңшыларға ғана тән керітартпа әдет емес, мұндай жағдай басқа елдерде де болып тұрады. Сірә, Еуроодақ құрамында енетін елдерде тегістей көктемгі саятшылыққа тыйым салынуына осы фактор әсер етсе керек. Егер экологиялық-экономикалық көзқараспен қарайтын болсақ, құстарды көбею маусымына дейін аулау тиімсіз. Себебі көктемде бір ересек құсты ату күзде кем дегенде бес құсты қанжығаға байлағанмен пара-пар. Ал енді адами-жанашырлық көзқараспен қарайтын болсақ, алты ай қысты өткере сала, ұзақ жолдан арып-ашып, ұя салып, жұмыртқа басып, балапан өрбіту үшін жылы жақтан туған жерге оралған құстарды оқпен қарсылау адамгершілікке жатпайды. Енді мына дерек-дәйектерді ақыл-ой елегінен өткізіп көргейсіз.

Көктем сайын жылы жақтан біздің облыстың аумағына оралып, балапан өргізетін аққу, қаз, үйрек секілді жыл құстарының жалпы саны өткен жылдардағы санақтармен салыстырғанда екі еседен аса кеміген.

Үйректердің көптеген түрінде некелік жұп қыстау кезеңінде қалыптасады. Демек, бұл құс ату кесірінен көктемде жұп құстың біреуінің өлу қаупін күшейтіп, үйрек атаулының көбеюіне кері әсерін тигізеді.

Әдетте көктемгі аңшылық кезінде белсенді аталықтардың ең алдымен қарауылға ілінуі, белгілі бір биологиялық түрдің тектік қорын әлсіретіп, көбею әлеуетін күрт кемітеді. Сонымен қатар көктемде жыл құстарынан құс тұмауын жұқтыру ықтималдығы жоғары.

Жыл сайын көктемгі құс атуға ресми түрде жылдық мөлшерден (квотадан) тек 5 пайыз ғана бөлініп келді, мысалға, үйректерді атып алуға. Яғни аңшылық шаруашылықтардың табысындағы көктемгі аң аулаудың заңды үлесі өте төмен. Сайып келгенде, квотаға ешкім тыйым салмақ емес, мәселен, көктемде құс атуға тыйым салынғанымен, есесіне күзге квота молаяды. Демек, көктемгі тыйым салдарынан аңшылық шаруашылықтардың кірісі күрт кеміп, оларға жабылу қаупі төнеді деп сары уайымды сапырушылардың уәжі негізсіз.

Ресейдің бір облысында 1970 жылдан бастап 1990 жылға дейін көктем айларында аң-құс аулауға тыйым салынған екен. Осы аралықта су құстарының жалпы саны 3,2 есе артқан.

Аңшылық шаруашылықтар мемлекетпен отырған шарт бойынша табиғатты, соның ішінде жануарлар дүниесін қорғауды жүзеге асыру тиіс. Ал табиғаттың игілігін пайдалану бөлінген квота аясында ғана жүзеге асуы шарт. Мемлекет ешқандай жалға алу төлемін алмайды, тек квота үшін ғана төлем алады. Яғни аңшылық шаруашылықтар табиғатты қорғайды және пайдаланады, ал мемлекет аңшылық шаруашылықтардың жұмысын қадағалайды. Егер аңшылық шаруашылық табиғат қорғауды тиісті дәрежеде орындай алмаса, ол иесінен алынып, табиғатты ретке келтіруге мүдделі басқа азаматқа беріледі.

Қазақстанда ХХ ғасырдың ортасында суда жүзетін құстардың жылдық саны 50 миллионның шамасында болған екен. Яғни біздің елдің аумағында суда жүзетін жыл құстарының саны қазіргіден үш есе артық болған. Мамандардың бағалауы бойынша біздің республикада қазтұқымдас құстардың (аққулар мен қаз-үйректер) қазіргі жылдық жалпы саны 14 миллионнан аспайтын көрінеді. Ал ХХ ғасырдың соңғы онжылдығының орта шамасында Қазақстан аумағында 33,7 миллионның о жақ, бұл жағында қазтұқымдастар болған. Алайда табиғаттың үшбу перзенттері өткен 20 жыл ішінде екі еседен аса сиреген.

Туған жердің табиғатын қорғауға тікелей жауапты үлкенді-кішілі мекемелер жыл сайын 16 ақпан – 14 маусым аралығында аң ауламау, құс атпаудың мән-маңызы жөнінде күні бүгінге дейін аңшылармен біраз жиын-кеңес өткізіп үлгерді. Аңшы атаулы аталмыш шараға түсіністікпен қарауға ниет танытып отыр.

 Қайрат ҚАДЕШЕВ,

облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы


Құрметті батысқазақстандықтар!

Күні: , 52 рет оқылды

кульгинов алтай


Баршаңызды әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!


Биылғы жаңа жылды Қазақстанымыздың үшінші жаңғыруының тарихи куәгерлері ретінде бас қосып қарсы алудамыз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей, «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады!». Мұндай қарышты қадамға жақында ғана Елбасы қол қойған мемлекетіміз үшін мәні зор дәуірлік шешім Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жол ашады. Сөйтіп, Отанымыздың басты құжаты кемелдене түсті.

Биылғы Наурыз баршаға бүкілхалықтық серпін әкелді. Өйткені халықтың, мемлекеттің жүрегі – Астана бүкіл дүниежүзіне құшағын айқара ашып, «ЭКСПО» арқылы еліміздің атын тағы да бір рет айдай әлемге паш етеді. Осындай бастамалардың өзінен-ақ мемлекетіміздің болашағы жарқын, тұғыры берік екенін аңғаруға болады.  Осы береке-бірлік, ырыс-ынтымақ Наурыз мерекесінде жарасымды көрінісін тауып келеді.

Наурыз мерекесінде адамдар бір-біріне құшақ жайып көріседі, өкпе-назды кешіріседі. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп көшет отырғызады. Осы күні тілеген тілек түгел қабыл болады деп кәміл сенеді.

Әрбір отбасына, әрқайсысыңызға сарқылмас бақыт тілеймін. Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Құрметпен,

Батыс Қазақстан облысының әкімі                                             А. КӨЛГІНОВ


Асық ойнаған да озады…

Күні: , 44 рет оқылды

SAM_4164


Тасқала ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі Қазбек Көшәлиев – асық ойынын жаңартып, қазіргі заманға сәйкестендіріп жүрген жан. Оның бұл бағыттағы іс-тәжірибесі облысқа таратылуда.


Жасы төртінші мүшелге таяп қалған Қазекең бала кезден ұлттық спорт түрлеріне жақын өсті. Асық ойнады, тай, құнан жарыстарында сынға түсті, аударыспаққа қатысты, қазақ күресінен боз кілемге шықты. Содан болса керек, өскесін спортшы болуға бел буды. Сол арманына жетті. Алматы қаласындағы Қазақ дене шынықтыру және спорт институтына оқуға түсті. Студент кезінде еркін күрестен КСРО спорт шеберлігіне үміткер атанды. Аталмыш күрес түрі бойынша облыстың бес дүркін чемпионы деп танылды, респбуликалық сайыстарда топ жарды. Дипломын алған соң ауылына оралды. Міне, отыз жылдан астам уақыттан бері Тасқала ауданындағы мектептерде дене тәр-биесі пәнінен сабақ беріп келеді.

— Дәл бір жыл бұрын мектебіміз аттестациядан өтті. Тексеріс кезінде облыстан келген комиссияның бір мүшесі бізге қарата «Осы дене шынықтыру пәні мұғалімдері тығылады да жүреді, сіздерді де тексереміз» демесі бар ма. Сөздің шыны керек, бұл сөз намысыма тиіп кетті, басқа әріптестеріміздің қылықтарын бізге қарата айтуға болмайды ғой. Дегенмен атышулы комиссия емес пе. Сол себепті іштей «кімнің тығылғанын көрерміз әлі» дедім де, бұларды таңғалдыратын ерекше нәрсе жасағым келді. Ойыма асық ойыны сап ете түсті. Өзім бұрыннан бері оқушыларға асық ойыны турасында кеңірек мағлұмат беруді, мектебімізде осы ойынды барынша жандандыруды іштей ойлап жүргенмін. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дәл келді. Ұлттық ойынға қатысты жинаған материалдарымды арнайы папкаға жасақтадым, үйдегі асықтарды мектепке әкелдім. Қолымнан келгенше көрнекі құралдар дайындадым. Бәрін реттеген соң, манағы комиссия мүшесін сабағыма шақырдым. Бір рет жолы түспеді, қолым тимей жатыр деп екінші мәрте келмеді. Үшінші барғанымда, тағы бір сылтау айтты. Сонда «Сіз өткенде бізге қарап намысқа тиетін сөз айттыңыз, физруктар емес, сіз өзіңіз бізден қашып жүрген сияқтысыз ғой» дедім. «Ұят болды, кешірерсіз, міндетті түрде біреуміз барып, сабағыңызға қатысамыз» деді. Сабағыма өзге бір мұғалім қатысты. Ол қазақы ауылдың тумасы екен, ұлттық ойын тақырыбындағы сабағыма бірден ден қойды. Нәтижесінде ең жоғары баға алдым. Артынан көрнекі құралдарымды, құжаттарымды манағы комиссия мүшесі де келіп қарап, ол да өз ризашылығын білдірді. Асық ойынын жүйелі түрде зерттеу бағытындағы жұмыстарым осылай басталды, — дейді Қазбек Нәбиоллаұлы.

Қазекеңнің бұл ізденісі туралы облыстық білім басқармасының жауапты қызметкерлері де хабардар болып, оны дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасында өтетін облыстық байқауға шақырады. Кейіпкеріміз бұл байқауға «Асық – қазақтың ұлттық ойыны», «Бәйге — асық ойыны туралы» көрнекі құралдар жасайды. Сайыстағы қазылар алқасы тасқалалық педагогтың осы еңбегінің бәрін ескерсе керек, оны бас жүлдеге лайық деп тапты. Артынан Бурабайда өткен республикалық байқауда облыс намысын абыроймен қорғады. Байқау соңында қазылар атап өткендей, Қазбек Көшәлиевтің тың ізденісі көпшіліктің көңілінен шықты, алайда осынау еңбектер өзінікі екенін дәлелдейтін құжаттың, яғни оқу-әдістемелік құралдардың болмауына байланысты ол жүлделі орынға қол жеткізе алған жоқ. Дегенмен де, Көкше өңірінен қанаттанып оралды. Келген бойда осынау олқылықтың орнын толтыруға бел шеше кірісті. Соның нәтижесінде былтырғы желтоқсанда «Асық ойнаудың әдіс-тәсілдері» атты әдістемелік құралы жарыққа шықты.

— Асық ойындары үйішілік және далалық деп екіге жіктеледі. Хан немесе ханталапай, құмар, қақпақыл, бәйге, төрт асық, бес тас немесе бес асық сынды ойындар бірінші түріне жатады. Олар қазіргі жағдайға икемделіп, тақта ойыны деп аталады. Ал алтыатар, омпы, алшы, бес табан, көтеріспек секілді далалық түрлері алаң ойыны болып есептеліп жүр. Тақта ойындарына арнап екі үстел жасап, мектепке апарып қойдым. Сегіз қырлы үстелдерде ханталапай, бәйге сынды асық ойындарымен қатар, шахмат пен дойбы ойнауға да мүмкіндік бар. Үзіліс кезінде, не түс қайта қосымша сабаққа келген оқушылар осы жерге жиналып, ұлттық ойынның қыр-сырын меңгеріп әрі өз уақыттарын барынша тиімді өткізеді. Қазіргі үшінші тоқсан дене тәрбиесі пәні бойынша ұлттық ойындар кезеңі болып саналады. Сол себепті қазір бұл үстелдердің бос тұрғанын көрмейсіз. Жалпы, ауданымыздағы мектептердің елу пайызында асық ойынына қатысты үйірме сабақтары жүреді. Осы наурыз айының соңында аталмыш ойынға қатысты аудандық семинар, артынан сайыс өткізу жоспарда бар. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Асық – үлкен халықтық тәрбие», соған орай оған бәріміз де қал-қадерімізше үлесімізді қосқанымыз жөн, — дейді Қазбек Көшәлиев.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Тасқала ауданы

Ақтолқын ШӘРІПДАНОВА,

облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері:

— Жыл өткен сайын ұлттық ойындарға байланысты мұғалімдеріміздің еңбектері көптеп жарық көруде. Мәселен, асық ойынына қатысты биылғы оқу жылында облысымызда төрт әдістемелік құрал шықты. Соның бірі – Қазбек Көшәлиевтің «Асық ойнаудың әдіс-тәсілдері». Бұл кітап облысымыздағы барлық мектепке үлгі ретінде ұсынылды. Кейбір білім ұялары осы әдістемелік негізінде үйірме жұмыстарын бастап та кетті.

Бисенбай НӘБИДОЛЛИН,

Ж. Досмұхамедов атындағы педколледжінің дене тәрбиесі және спорт кафедрасы меңгерушісі:

— «Асық  ойнаудың  әдіс-тәсілдері» әдістемелік жұмысы тек оқушылардың емес, студенттердің де шығармашылық, ізденімпаздық, ойлау қасиеттерін дамытуға, шыдамдылықтарын арттыру, ұлттық ойынға деген қызығушылығын қалыптастыруға үлес қосары сөзсіз. Сол себепті мен бұл еңбекті колледж, ЖОО-лардың да оқу бағдарламаларына енгізу керек  деп құзырлы құрылымдарға ұсынысымды жасадым.


18 борышкерге рақымшылық жасалды

Күні: , 37 рет оқылды

dsc_1495_0


Кеше  Батыс  Қазақстан  облысы әділет департаментінде департамент басшысының орынбасары Мұрат Өмірәлиевтің қатысуымен брифинг өткізілді. Бұл жолғы баспасөз мәслихаты Елбасы  Жолдауының және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңының кейбір қағидаларын түсіндіруге арналды.


Айта кетейік, аталмыш заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылық және ауыр емес қылмыстар жасаған, орташа ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер,  кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар әйелдер, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, 50 және одан жоғары жастағы әйелдер, 60 және одан жоғары жастағы ерлер жазаланудан босатылады.

– Қазіргі таңда әділет департаментінің өндірісінде рақымшылыққа  жататын 64  борышкерге қатысты атқарушылық іс бар. Осыған орай сот орындаушыларымен рақымшылық туралы заңды борышкерлерге қатысты қолдану туралы сотқа ұсынымдар жолдануда, нәтижесінде борышкерлердің қарыздары сот үкімімен есептен шығарылады. Қазіргі таңда әділет департаментімен жасалған жұмыс нәтижесі бойынша 18 борышкерге рақымшылық жасалды, сегіз  борышкер өз еркімен қарыздарын төледі, үш өндіріс аймақ бойынша орындалуға жіберілді, алты  борышкерге іздеу жарияланды, бір өндіріс борышкердің қайтыс болуына байланысты қыс-қартылды. Сотқа ұсынымды жолдау үшін борышкердің келісімі талап етілгендіктен, олардың тұрғылықты жерін анықтау қиындықтар туғызып отыр. Бүгінгі таңда сот орындаушылармен құқық қорғау органдары арқылы борышкерлердің тұрғылықты жерін анықтау немесе оларға іздеу жариялау бойынша процессуалдық іс-әрекеттер жасалуда, — деді Мұрат Өмірәлиев.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Ұрлыққа тосқауыл»

Күні: , 23 рет оқылды

PRI_9279


Бейсенбі  күні  ҚР  Орталық коммуникациялар  қызметінің облыстық  филиалы  алаңында  өткен  баспасөз  мәслихатында  «Ұрлыққа  тосқауыл»  атты жоба  талқыланды.


Брифингке облыс прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық саланы  қадағалау басқармасының бастығы Жаннұр Ахметбек пен қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысын қадағалау басқармасының бастығы Азамат Сәтбаев қатысты.

Жаннұр Ахметбектің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша облыс прокуратурасы мен облыс әкімдігі және басқа уәкілетті органдардың бірлескен сегіз  жеке жобасы  және Бас прокуратураның 10 жобасы жүзеге асырылуда.

– Ақсай технология колледжінің жұмысшылары апатты жағдайда тұрған жатақханадан вахталық қалашыққа көшірілді. Бөрлі ауданының Бестау және Березов ауылдарының 82 отбасы Ақсай қаласындағы жаңа көп қабатты екі үйге орналастырылды. Магистральный ауылының тұрғындарының өтініші бойынша  «Western Munai Gas LTD» ЖШС-ның қызметімен байланысты әлеуметтік шиеленіс жойылып, облыс орталығында қоғамдық көлікке тарифтің өсуіне жол берілмеді, — деді Жаннұр Ахметбек.

Сондай-ақ  брифингте «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл» жобасы  шеңберінде атқарылған  шаруалар сөз болды. 2016 жылдың тамызынан бергі мезгілде 140-тан астам бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Тағы екі жүзін орнатуға бюджеттен 360 млн. теңге бөлінген. Сексеннен астам үйге үйфон қойылды. Жол-патрульдік қызмет толықтай жасақталып,  күзетілетін бес  автотұрақ ашылды. Осындай жұмыстар нәтижесінде ұрлық жасау бес пайызға  азайған. Көшедегі ұрлық – 18, сауда орындарында 40 пайызға қысқарды. Ұрлықтың ашылуы 45-тен 58 пайызға жоғарылады.

Ал «Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл» нәтижесі бойынша  500 мыңға жуық мал паспортталып, орталықтандырылған жайылым ұйымдастырылған.

Сонымен  қоса  «Киік қорғау» жобасы  бекітіліп,  жүзеге  аспақ.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


«Ақ Жайықта айым оңынан туды»

Күні: , 51 рет оқылды

IMG_9567


Жайықтың жағасына орын тепкен Орал қаласы – игі жақсылардың мекені. Cондай қайырымды жанның бірі, қиын сәтте қысылғанның қолтығынан демеп, алдына көмек сұрап келгендердің тауын қайтармаған Адил Бехчатоглы бүгінде кәсібінің нәсібін көруде.


«Ай луна» атты кафе мен ресторан желісінің директоры Адил Бехчатоглы – Қазақстан халқы ассамблеясының белді мүшесі. Әзірбайжан Республикасының кедей отбасында туып-өскен ол бала күнінен білімді азамат атануды армандайды. Әкесі дүниеден ерте озған соң анасы үш перзентін жетілдіру үшін тынбай еңбекте-неді. Ал Адил Галиев арманына жету үшін бар ынтасын сабаққа қойып, орта мектепті «өте жақсы» бағаға тәмамдайды. 1974 жылы өз білімімен Әзірбайжан мұнай-химиялық институтына оқуға қабылданып, инженер-химик-технолог мамандығы бойынша білім алып шығады. Сол жылы Кеңес Үкіметінің жолдамасы бойынша Әзірбайжан Республикасының Мангечевир қаласындағы резина өнімдерін өңдеу зауытына инженер болып барады. Кейін цех меңгерушісі қызметіне көтеріледі. Ал зауыттың бас инженері атанғанда жасы небары 25-те болатын. Уақыт өте Мәскеуден оны зауыт директорының орынбасары қызметіне ауыстыруға бұйрық келеді. Алайда Адил Бехчатоглының партия мүшесі болмағандықтан, жаңа қызметке тағайындалмай қалады. Бұл оқиғадан кейін еңбек демалысын алып, Мәскеуге жол тартады. Бұл 1985 жыл болатын. Мәскеуден Оралда тұратын әзірбайжан танысын кездестіріп, қыдырып Оралға келеді. Ақ Жайық табиғатының сұлулығына тамсанған жас жігіт тұрғындардың бауырмалдылығы мен қонақжайлылығына тәнті болады. Кейін осы қалада тұрақтап қалғысы келген ол Ворошилов зауытына, яғни қазіргі «Зенит» зауытына сырлаушы-әктеуші болып орналасады. Екі жылдай қатардағы жұмысшы болып жүрген соң 1987 жылы Орал қаласындағы жалпы білім беретін орта мектептерге күрделі жөндеу жүргізетін құрылыс фирмасын ашады. Үш жылдан соң нарықтық қатынасқа көшудің аумалы-төкпелі сәттері басталады. Тағдырдың талайын тартқан 90-жылдардың тоқырауы тұсында кейіпкеріміз қосымша жұмыс орнын іздей бастайды. Қазіргі «Ай луна» кафесінің орнында бұрын газет сататын дүңгіршек орналасқан екен. Адил Галиев әлгі дүңгіршектің жартысын жалға алып, сусындар сата бастайды. Саудасы жүріп, кәсібі дөңгеленіп, біраз ақша жинайды. Кейін сол жерді сатып алып, қазіргі «Ай луна» кафесінің құрылысын бастайды.

— Алғаш Орал қаласына келгенде, анамнан, бауырларымнан жырақта жүргесін біраз қиналдым. Жанымда демеушім де болған жоқ. Өз адал еңбегіммен нәпақа таптым. Күні-түні еңбек еттім. Менің түсінігімде сенбі-жексенбі немесе еңбек демалысы деген жоқ. Шетелге шығып, қала аралап көрген емеспін. Жылына бір рет 2-3 күнге ғана Бакудегі туғандарыма барып келемін. Сауда саласын меңгере бастағанда, Орал қаласы бойынша 1990 жылдары дәмді кәуап жасайтын жер жоқ екенін білдім. Сол үшін арнайы Әзірбайжан Республикасынан кәуап жасайтын маман алдырдым. Ал кафенің атауын қоярда біраз ойландым. Бала кезімнен кеш бата аспандағы айға қарап ұйықтағанды жақсы көретінмін. Ай атауы менің бойтұмарым деп білемін. Жұлдызнамаға қатты сенемін. Тоқтылар – жұлдызнама бойынша принципшіл жандар. Адам басына түрлі сынақтар беріледі. Мен өткен нәрсе өтті, артқа жол жоқ, болашақты ойлау керек деген ұстаныммен жүремін, — дейді Адил Бехчатоглы.

Бүгінде кейіпкеріміз «Ай луна» кафесі мен мейрамханасында 75 адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Бұл жерге келгенше әр түрлі қаладағы мейрамханада қызмет атқардым. Алайда Адил мырзадай қайырымды жанды кездестірмедім. Ол – қатал талап қойғанмен, жүрегі жұмсақ жан. Қызметкерлерінің басындағы қуанышына бірге қуанып, қайғысына ортақтасып, қолдан келген көмегін аяған емес, — дейді «Ай луна» мейрамханасының әкімгері Ольга Скачкова.

Өткен жылы «Лотос» жарнама агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Ең дәмді кәуап» фестивалінде «Ай луна» қызметкерлері Р. Гусейнов пен Л. Байрамовтың дайындаған кәуаптары бас жүлдені иеленген. Сондай-ақ облыстық қазақ драма театрында өткен «Халық таңдауы» сыйақысын «Ең үздік кәуап өнімі» аталымы бойынша жеңіп алды.

Адил Бехчатоглы өз жетістігінің сырымен бөлісе отыра, жас кәсіпкерлерге кеңесін айтып өтті.

— Егер мейрамхана, сауда үйі, дүкен ашуды жоспарласаңыз, халықтың тығыз орналасқан аумағын таңдаңыз. Сондай-ақ ұсынатын өніміңе бұл жерде бәсеке болмауы тиіс. Қызметкерлер мен тұтынушылардың тілін тауып, бабын жасау да сауданың дамуына зор ықпал етеді. Ұсынатын өнім мен қызмет көрсету сапасын жиі қадағалау қажет, — дейді.

Алпысты еңсерген кәсіпкер – бес перзенттің әкесі. Бүгінгі күнге дейін бірнеше қайырымдылық шарасына қатысып, көмек сұраған тұрғындардың өтінішін аяқасты етпей, әл-ауқаты жеткенше көмектескен. Алайда жасаған жақсылығын жар салғанды ұнатпайтын Адил Галиев еңбек етіп, кәсібін бастауға мүмкіндік берген Қазақстанға алғыстан басқа айтары жоқ.

— Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бұл жерде ұлтқа, нәсілге бөлінбей, бейбіт өмір сүрудеміз. Ел тәуелсіздігін алған жылдары тұрғылықты халықпен бірге болдым. Отыз жылдан астам уақыттан бері осы мемлекетте адал еңбек атқарып, ұрпағымды өсіріп, тәрбиеледім. Осы елге, Ақ Жайыққа келіп, айым оңынан туды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында тәуелсіз елімізде тұрғындар бейбіт өмір сүруде. Отбасымның Отанына айналған Қазақстанға алғысым шексіз… — дейді кейіпкеріміз.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


«Инвесторларды кабинеттер арасында сандалтуды доғару керек»

Күні: , 53 рет оқылды

20170317_112435


Мемлекеттік  және  жеке  меншік  серіктестігін  дамыту бойынша  аудандармен  өткен селекторлық  жиында Батыс Қазақстан  облысының  әкімі  «Инвесторларды  кабинеттер арасында  сандалтуды  доғару  керек» – деді.


Оның айтуынша, өңірде қазірдің өзінде апатты үйлердің орнына жаңа үйлер салу, балабақшалар құрылысын жүргізу, «ақылды қала» концепциясы бойынша бейнекамералар орнату сияқты нақты 10-ға жуық жоба бар. «Кәсіпкерлердің талабы мен құжаттар жағынан дұрыс жүргізілуін қамтамасыз етеміз деп мемлекеттік органдар бюрократияға жол беріп жатады. Қай салаға болмасын, қаржы салуға ниетті кәсіпкерге өзіміз көмек беруіміз қажет. Кабинеттер арасында бос сандалтып қоймаңыздар» – деді өңір басшысы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына.

Айта кетейік, Орал қаласында мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі аясында апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары басталып кетті. Өткен ғасырда бой көтерген екі қабатты ескі үйлердің орнына пәтерлерінің аумағы кең тоғыз қабатты тұрғын үйлер салынбақ.

«Құрылыс компаниялары салған көп қабатты тұрғын үй алдымен бұзылған үйдің пәтер иелеріне берілетін болады. Ал қалған пәтерлерді мердігер компания өздері қала тұрғындарына сатады. Инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстарын біз мойнымызға аламыз. Өткен жылды қоса есептегенде, осындай апаттық жағдайдағы он үйдің орнына жаңа үйлер бой көтеруде. Жалпы, облыс орталығында апатты жағдайдағы 41 тұрғын үй бар. Алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен сол үйлерді жаңалаймыз деп жоспарладық», – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов. Облыс  орталығындағы  бұл  жұмыстар  аудандарға  да  қозғау  салып  отыр.

Облыс орталығында мемлекет және жеке меншік серіктестігі аясында 550 млн. теңгеге 200-ден аса бейнекамералар орнатылмақ. Бұл «Қауіпсіз қала» бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Қуат үнемдеу мақсатында «Жайық жылу қуат» пен «Батыс су арнасының» қондырғыларын жеке инвесторлар есебінен жаңартылу көзделуде.

Аудан әкімдерінің жобаларын тыңдаған облыс әкімі Алтай Көлгінов: «Айтқандарыңыз, әрине құлаққа жағымды естіледі, алайда нақты нәтижелі жұмыстарыңыз керек. Әрбір аудан нақты жобаларын бекіту қажет, Орал мен Ақсай қалаларында одан да көп жобалар болу қажет» – деді.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


«Асқар шыққан асқар шың»

Күні: , 22 рет оқылды

IMG_0957-17-03-17-10-57


Көрісу күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында әсерлі кеш өтті. Бұл айтыстың мәні де, мағынасы да бөлек болды. Самбо күресінен әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, КСРО чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиевті еске алуға арналған шара «Асқар шыққан асқар шың» деп аталды.


Кешті ҚР Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізді. Шара басында көрермендер назарына Асқар Шайхиевтің өмірінен сыр шертетін бейнебаян ұсынылды. Асқар Тастайұлы 1963 жылы Сырым ауданының Қызылтаң ауылында дүниеге келген.

Ол самбодан көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.

Спортшылық карьерасын аяқтаған кезінде жаттықтырушы, Батыс Қазақстан облыстық дзюдо федерациясының атқарушы директоры болып қызмет істеді. 2000 жылы 37 жасына қараған шағында кісі қолынан қаза болған.

Еске алу кешіне қатысқан әйгілі палуанның ағайын-туысының атынан ағасы Самат Шайхыұлы барлық жиналғандарды Көрісу күнімен құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Адуынды ақындардың қатарында Орал қаласынан Жансая Мусина, Теректі ауданынан Эльдар Ықсан, Жәнібек ауданынан Мұрадым Мирланов, Ақжайық ауданынан Айнабек Бисенғалиев, Бөкей ордасы ауданынан Талғат Мықи, Сырым ауданынан Бауыржан Ширмединұлы болды. Ақындар өзара жарасымды әзіл-қалжың, қағытпалар мен орамды ой, толғақты түйіндерге тоқталып, сұлу сөздің кереметін көрсетіп, естір құлақтың құрышын қандырып, айтыс десе, ішкен асын жерге қоятын өлеңқұмар қауымды бір желпінтіп тастады.

Шара барысында Жаскелең Ғайсағалиев «Айлар мен жылдар» әнін, «Батыс стар» тобы «Батырлар ұраны» әнін әуелетті. Сонымен қатар көрермендер Ерлан Қуанышев пен Гүлзада Ахметованың орындауындағы «Уақыт» әнін, «Інжу» тобының орындауындағы «Той думан» әнін тыңдады. Айтыс соңында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы, танымал айтыс ақыны Бауыржан Халиолла Шайхиевтер әулетінің атынан әр айтыскерге 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыстады.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика