Мұрағат: 13.03.2017


Бүгін – Көрісу күні

Күні: , 65 рет оқылды

IMG_9340


Осы күнге орай редакцияның бір топ қызметкерлері газеттің бұрынғы бас редакторы, «Қазақстанның Құрметті журналисі» Мәжит Қайырғалиевтің шаңырағында болды.


Бүгінде еңбегінің зейнетін кө­ріп отырған Мәжақаң өзінің со­ңынан ерген ізбасарларын құшақ жая қарсы алып, Гүлмайра жең­гейдің әзірлеген дастарқанына шақырды. Ақ дастарқан басын­да­ғы жайдары жүздесуде еңбек ардагері естеліктерімен бөлісіп, қызмет атқарған жылдардағы қиын да қызықты сәттерден сыр шертті. Тоқырау жылдарында газет тізгінін қолға алып, редакция­ны ұзақ жыл басқарған ағамыз 80-нің сеңгіріне жақындаса да тың көрінеді.

— Ежелгі дәстүр бойынша, бұл күні жасы кішілер үлкен шаңы­раққа амандық сұрап кіреді. Ат­қарған еңбегімді елеп, амандық-саулық сұрай келгендеріңізге рақ­мет. Ақпарат саласындағы есе­лі еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Келер жылға аман жетейік, — деді қоштасар сәтте әріптес ағамыз.


23 полицей мал ұрлығына байланысты тәртіптік жаза алды

Күні: , 76 рет оқылды

IMG_3288 скотокрадство


Облыстық ішкі істер департаментінде консультативтік-кеңесші органның кезектен тыс отырысы болды. Оның бұлайша суыт өтуіне түліктерін ұрыларға жем етіп, полицейлерге арыздарын өткізе алмай, өткізгендері олардан тегеурінді көмек ала алмаған ауыл адамдарының облыстық «Орал өңірі» газетіне арыз-шағымының көбеюі және сол шағымдардың негізінде мал ұрлығына қатысты бір айдың ішінде газетте дүркін-дүркін жарияланған «Шаруалар сырымдық тәртіп сақшыларына неге өкпелі?..», «Қорамыз қаңырап қалды…», «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» атты сын материалдар басты себепкер болды. Кеңес отырысына БҚО ІІД-ның басшысы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Әбіләзімов қатысып, кіріспе сөз сөйледі, туындаған сұрақтарға жауап берді.


Полиция генерал-майоры сөзінің «піссімілләсін» де ауылдағы ағайынның қабырғасына аяздай батып отырған мал ұрлығы қылмысынан бастады:

— Бүгінгі отырыста қаралатын бір-ақ мәселе ол — мал ұрлығы. Ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі төрт түлікпен біте қайнасып жатыр. Сол себепті әрбір малдың ұрлануы олардың қолындағы барын қаққанмен бірдей. Мал ұрлығы бүгінгі күнде өзекті мәселеге айналып отыр. Сандық көрсеткіштерге жүгінсек, облысымызда 2016 жылы 568 мал ұрлығы оқиғасы тіркеліп, баукеспелер 2242 бас малды ұрлаған. Осылардан 1861 басы табылып, иелеріне қайтарылды. Ұрылардың 220-сы ұсталды. Биылғы жылдың екі айында мал ұрланған 66 оқиға тіркеліп, олардың ашылуы 67,2 пайызды құрап отыр.

Бұл қылмыстарды ашу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар баршылық, бірақ жеткіліксіз деп есептеймін. Бұған дәлел – бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалалар, менің қабылдауымда болған азаматтардың арыз-өтініштері. Облысымызда малдәрігерлік басқарманың мәліметі бойынша екі миллионнан астам мал бар екен. Мұндай көлемдегі түліктерді көзден таса қылмай бағу, ұрыға жем қылмай сақтап өсіру, оңай шаруа емес. Ауылдарда малды баяғысынша өріске айдап салып, өз бетінше жіберу әлі орын алып келеді. Ұрлықтың басым бөлігі өрісте өз бетімен қараусыз жүрген малдардың еншісіне тиеді, ал қорадан, ауладан айдап кету оған қарағанда аздау. Өрістен жоғалған малды іздеу полиция жұмысына кәдімгідей қиындықтар туғызып, кедергі келтіруде. Дегенмен, 2015 жылмен салыстырғанда мал ұрлығы 17,4 пайызға азайған.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин өз сөзінде құқықтық құрылымның құрылғаннан бергі уақытта жұмыс барысында орын алған мәселелерді шешуде тұрғындардың, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қосқан үлестерін атап өтті. Әрине, кемшілік те жоқ емес, әсіресе, мал ұрлығының алдын алу, азаматтардың арызына сергек қарау жөніндегі талаптардың орындалмауы жайлы «Орал өңірі» газетінде соңғы кезде сын мақалалар сериясы жарияланды. – Жасыратыны жоқ, бүгінгі отырысқа «Орал өңірі» газетінде жарияланған журналист Есенжол Қыстаубаевтың мал ұрлығына байланысты сын мақалалары мұрындық болды. Газет сыны жұмыстарында кемшілік жіберген қызметкерлерімізге тиісті шаралар алуымызға түрткі болды. Мал ұрлығына әзірге түпкілікті тосқауыл жасай алмай отырмыз. Мал ұрлығы жиі орын алған Бөкей ордасы (409 бас ұрланған), Сырым (316), Теректі (291), Ақжайық (208), Зеленов және Қазталов аудандарының әрқайсысында 179 түлік қолды болған. Әрине, оған толып жатқан себептер бар. Ең алдымен, малдардың өз беттерімен қараусыз, бағусыз жайылысқа жіберілуі олардың ұрлануына даңғыл жол ашып отыр. Бұл ірі қара малдарға қатысты, ал жиі қолды болатын жылқы мүлдем бағылмайды, қысы-жазы жайылыста жүреді. Сиыр малы бақташыға тапсырылмайды. Бұл жерде бағымға беретін малына төлейтін ақшасы болмайтын жандарды түсінуге болады, бірақ білдей шаруа қожалықтарының иелері бақташыға ақша төлеуді қымбатсынып, малдарын кездейсоқ, үйі-күйі, белгілі бір тұрағы жоқ жандарға бақтырады. Ал ондай адамдардан қандай жауапкершілік күтуге болады? Төрт түліктің амандығын тек полицияға жүктеп қоюға болмайды. Малды кезекпен бағатын ауылдарда, кооперативтерге біріккен жерлерде түліктердің қолды болуы сирек. Ұрлықтың алдын алудағы осындай шараларды қолға алу туралы талай жиындарда полиция қызметкерлері де, жергілікті басқару органдары да айтудай-ақ айтып келеді, үгіттеп келеді.

Бірақ нәтиже шамалы. Сосын малын жоғалтқан иесі түліктерін өз бетімен іздейді. Табанынан таусылып, әбден шаршағасын полицияға жүгінеді. Ал бұл кезде полицияға ең қымбат нәрсе уақыт жоғалады, ұрыларыңыз алты қырдан асып, ұрлығын жайғап, ізін жасырып үлгереді. Малдар таңбаланбайды, сырға салынбайды, өйткені тіпті, тіркеуге, есепке алынбайды. Ұрылар ұстала қалған күнде шығын өтеліп, мал иесімен мәмілеге келіп жазадан оңай құтылады. Ал ол ұры айналып беріп тағы біреудің малын ұрлайды, осылай жалғаса береді. Одан әрі Манарбек Ғабдуллин малдардың қолды болмауы үшін GPS-трекер қарғы баудың тиімділігіне тоқталды. Ол малдың қайда, қалай жүріп-тұрғанын біліп отыруға мүмкіндік береді. Бірақ мал иелері оны сатып алуды шығын көреді.

Криминалды полиция басқармасының басшысы Сергей Шевченко да кеңесші органның отырысына қатысушылардың назарын мал ұрлығын ашудың қиындығы ол жөнінде полицияға дер кезінде хабарланбауында жатқандығына аударды. – Мысалы, — деді ол – Сырым ауданының тұрғыны 2015 жылы желтоқсан айында аудандық ішкі істер бөліміне жылқыларының жоғалғандығы туралы арыздана келеді. Содан екі ай бұрын оның 74 бас жылқысы жоғалыпты. Сол уақыт бойы ол жылқыларын өзі аяқтай іздеп таба алмаған. Полицейлер көп ұзамай, жоғалған табынның ізіне түседі. Бірақ жылқылардың бәрі түгел табылмады, тек тең жартысын ғана, яғни 34 басын тауып, иесіне қайтарды. Ал қалғандарының қайда кеткені белгісіз.

Малдың жоғалғанын білгеннен кейін мал иесі бірден тәртіп сақшыларына келудің орнына бірнеше аптадан соң, кейде тіпті бірнеше айдан кейін келеді полицияға. Бұл кезде малдың да, ұрылардың да ізі де қалмайды ғой.

Осы арада консултативтік-кеңесші органның мүшесі, «Жайық-Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин отырыс мүшелерінің назарын полиция қызметкерлерінің азаматтардың арыз-шағымдарына жүрдім-бардым қарайтындығына, тіпті оларды арызшағым айта келгенде қабылдамай, қабылдаса да арыздарын тіркемей, әуре-сарсаңға салатындарына аударды.

— Әрі малын ұрлатып, әрі полицияға арыздарын өткізе алмай, барар жері, басар тауы қалмаған ауылдағы ағайын газетке шағымдануға мәжбүр болуда, – деді ол. — Мысалы, полицейлердің сондай жауапсыздығынан өткен қаңтар, ақпан айларында Сырым, Қаратөбе аудандарынан азаматтар «Орал өңірі» газетіне бірнеше арыз жолдаған, он шақты азамат арыз айтып аяқтай келді. Телефон арқылы арызданып жатқандары қаншама? Сарсаңға салған полицейлер туралы «Орал өңірі» газетінде журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Қаратөбелік полицейлерше сенделту» атты мақаласы жарияланғаннан кейін ғана барып, қаратөбелік полицейлерге «жан бітеді» Бірақ бұл мәселе әлі заңи тұрғыда аяқталмаған сияқты.

Ал Сырым ауданында малын ұрлатқан азамат полицияға арыз алып келгенде сырымдық тәртіп сақшылары оның өзіне дүрсе қоя беріп, «Малыңды бақпағаның үшін айыппұл төлейсің» — деп қорқытады. Сондықтан тәртіп сақшылары тарапынан жіберілген мұндай өрескелдіктердің болашақта орын алмауына аса қатаң мән беру керек.

«Орал өңірі» газетінде жарияланған сын материалдардың ізінде жүргізілген қызметтік тексерулердің қорытындысын ІІД-ның өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы Жасталап Сағадетов баяндады. Оның баяндамасына қарағанда қызметтік тексерудің қорытындысымен «Орал өңірі» газетіндегі сын мақалаларда сөз болған кемшіліктер толық дәлелін тапқан. Сол бойынша Сырым аудандық ішкі істер басқармасының ішінде басшысы-қосшысы бар 17 полицей, Қаратөбе аудандық ішкі істер басқармасы бойынша ішінде аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы бар 6 полиция қызметкері (барлығы 23) әр түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Мал ұрлығына байланысты оздырылған консултативтік-кеңесші органның мүшелері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ақұштап Бақтыгереева, профессор, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбеков және өзгелері аталмыш қылмысты болдырмау үшін барлық жұмысты тек полицияға артып қана қоймай, оның алдын алуға бұқара болып жұмылу керектігіне бірауыздан тоқтады.

Отырысты қорытындылаған облыстық ІІд-ның басшысы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Әбіләзімов кеңестің отырысын арыз-шағымдарға және «Орал өңірі» газетінде жарияланған сын материалдарға байланысты кезектен тыс өткізуге бастамашы болған Жайық Пресс ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллинге алғыс айта отырып, алдағы уақытта да ынтымақтаса еңбектенуге сенім білдірді.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Ұлттық әдебиеттанудың көшбасшысы

Күні: , 121 рет оқылды

Қажым


Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы, қазақ филологиясында ең алғаш болып 1941 жылы «ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихы» тақырыбында кандидаттық, 1946 жылы «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған көшбасшы ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, зергер жазушы, Қаратөбе өңірінің тумасы, академик Қажым Жұмалыұлы Жұмалиевтің туғанына биыл 110 жыл толмақ.


Құнды қолжазбалар жойылып кетудің аз-ақ  алдында…

Ол 1965 жылдың бірінші қаңтарында өз қолымен жазған өмірбаян дерегінде: «Мен, Қажығали Жұмалыұлы Жұмалиев, әдеби лақап атым Қажым 1907 жылдың жиырма сегізінші желтоқсанында қазіргі Аққозы ауыл советі Жымпиты ауданы (бұрынғы Қаратөбе) Батыс Қазақстан облысы, «Жалғыз ағаш» деген жерде туыппын. Әкем – Жұмалы Қазиев. Шешем – Жауқазын Мырзакелдіқызы.

Менің әке-шешем хат танымайтын жай шаруа адамдар болатын. Жұмалыдан: Ақмұқан, Балмұқан, Қайырмұқан, Қажығали төрт ұл, Зылиха, Қалау атты екі қыз. Екі үлкен ағамыз мұсылманша хат білетін, қисса, жырларды көп оқитын адамдар болатын да, үшіншісі мүлде оқымаған шаруамен ғана шұғылданатын кісі еді. Әке-шешем 12 жасымда 1919 жылы қайтыс болды да, мен аға-жеңгелерімнің қолында тәрбиелендім. Шешемнің сүт кенжесі болғандықтан, мен жасымнан қаққы көрмей, бұлалау өссем де, оқуға, өлеңге әуестігім ерекше еді. Тіпті хат білмей тұрып, ағаларымның оқыған жырларын тек тыңдау арқылы жатқа біліп, ауыл арасында айта беруші едім. 1923 жылға дейін ауылдық мектепте оқыдым да, 1923 жылы Орынбор қаласына келіп, «Ересектер мектебіне» түсіп, онда 1925 жылға дейін оқыдым. 1925 жылы Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына кірдім. 1929 жылы осы күнгі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтқа келіп түстім, оны 1932 жылы бітіріп шықтым» деп жазады.

Қажым Жұмалиев — өңіріміздегі ғылыми және әдеби-мәдени ортаның қалыптасуына тікелей ұйытқы болған тұлға. Ол — 1932 жылы Орал қаласында ашылған республикадағы екінші жоғары оқу орны бүгінгі Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-ға оқытушылық қызметке келіп, қазақ филологиясының іргетасын қалаған, яғни осы кафедраның тұңғыш меңгерушісі. Сондай-ақ Қазақстанның батыс аймағындағы ақынжазушылардың басын біріктіріп, шығармашылық орта қалыптастырған облысымыздағы жазушылар филиалының тұңғыш төрағасы. Бұл туралы жоғарыда айтылған өмірбаянда: «…Сонымен қатар алғаш облыстық жазушылар ұйымының бастығы жұмысын атқарып, облыс көлемінде әдебиет жұмыстарын ұйымдастыру, кадр даярлау тәрізді әр түрлі жұмыстар жүргізуге басшылық еттім. Ол жылдардағы Орал облысында жүргізген әдеби істеріміз нәтижелі болды деуге аузым бара алады. Өйткені кейін қазақтың белгілі ақын-жазушылары қатарына іліккен Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейітов, Хамит Ерғалиев, Абдолла Жұмағалиев, Қуан Тастайбеков т.б. ақынжазушылар сол Оралда тәрбиеленді» деген жазба қажымтануда ғана емес, облысымыздың жазушылар ұйымының негізін салушы кім деген сұрақта да тың тарихи мәлімет екені даусыз.

Азамат 11Қазақ әдебиеттану ғылымында ХVІІІ-ХІХ ғасырлар әдебиетінің білгірі, махамбеттанушы ғалым деп мойындалған Қажым Жұмалиев Махамбет өлеңдерін ел ішінен аяқтай жүріп жинап, текстологиялық қалыпқа түсіріп, ақынның құпия болып келген мәңгілік мекенін ақсақалдар көмегімен тауып, басына құлпытас орнатқан рухани шырақшысы. Бұған қоса ол — Махамбеттің көркем прозадағы әдеби бейнесін «Айқас» атты шығармасы арқылы алғаш сомдаған жазушы.

Қажым Жұмалиевтің өмірі мен шығармашылығын толығырақ білгісі келетіндердің қаперіне М. Атымовтың «Қажым Жұмалиев» атты кітабы барын саламыз. Шағын кітап «Жазушы. Ұстаз. Ғалым.» деген үш бөлімнен тұрады. Жетістігі қажымтануға жасалған алғашқы қадам, кемшін тұсы көп нәрсенің айтылмауы.

Бар саналы ғұмырын қазақ руханиятының өркендеуіне арнаған академик Қ. Жұмалиевтің әдеби мұрасының бір бөлігін 2010 жылы «Ақ Жайық қаламгерлер кітапханасы» сериясымен 7 том етіп шығардық. Мұнан кейінгі жылдардың зерттеу нәтижесі ғалымның жеке архивінде кеңестік идеология жариялауға мүмкіндік бермеген мол материалдар сақталып келгендігін көрсетіп отыр. Бұл материалдардың құндылығы қазақ әдебиетінің байлығын еселей түсері анық. Әбден тозығы жеткен қолжазбалар біржола жарамсыз болып қалудың, жойылып кетудің алдында. Әрі мұндағы деректердің басым бөлігі қазақ әдебиетіндегі ақтандақтарды тануға мүмкіндік беретін сирек жәдігерлер. Көлемі 10 томға жүк болғандай. Ендігі басты мәселе, «Баспадан шығаруға көмек қолын созатын бармысың бауырым?» болып тұр…

Әлқисса…

Оралдан Алматыға келгеніме төртінші күн. Шаруа академик Қажым Жұмалиевтің туғанына 110 жыл толу мерекесіне дайындық барысы. Сапардың үш күні Қажым ағаның қарашаңырағында сақталған жеке архивін парақтап, ғалымның қызмет жасаған жерлері мен кітапханаларға соғумен өтті. Елден шыққанда жоспарланған басты жұмыстың бірі Қажым Жұмалиевтің көзін көріп, дәрісін тыңдаған ғылым жолындағы шәкірті, бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымының ақсақалы, академик Серік Қирабаевпен сұхбаттасу болатын. Ғылым академиясындағылар «Ағай қазір көп ешкімді қабылдамайды, қайдам?..» деп көңіліме күдік ұялатты. Тәуекел деп телефон соғып, мән-жайды айтқаннан кейін Серік аға: «Достық» даңғылымен жоғары МВД санаториясына жетіп, оңға бұрыл, келесі көшемен төмен қайта оңға, содан Тайманов 222-ге жетіп, қораны жағалай 222Г деген үйге келесің» деп түсіндірген болатын. «Таба аласың ба?» — деп қайыра сұрады. Жауап: «Табамын, табамын» болды. Телефондағы дауыс жіңішке болғанымен, күш-қуат, бекзаттық байқалып-ақ тұр. «Қорасы» несі? Әлде… «Бұрынғы жазушылардың саяжайы» деген сөзі тағы бар, шалғай болды ғой» деген ойға келдім. Табамын дегенмен, табу қиынға соғатынына көзім жеткен соң екі адамға телефон соқтым. Бірі — Серік ағайдың шәкірті ескі танысым профессор Гүлжаһан Орда, екіншісі — санамалап сөйлеу сүйегіне сіңген құрдасым, әрі досым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Шоқан Шортанбай.

«Достықпен» көтеріліп келеміз, айнала қалың қар. Сұрай-сұрай бұралаңы көп, екі көлік әзер сыйғандай Тайманов көшесін де таптық. Үйлер санмен емес, әріппен таңбаланған. Әріптің шектелетіні сияқты, көше де түбектей тұйықталып қалды. «Қораның» мәнісін түсінгендей болдық. Таудың баурайындағы мекеннің табиғаты да, ауасы да ерекше. «Күзет» қызметкері үйді көрсетті. Есікті Серағаның өзі ашты. Иә, Алла сәтімен деп сағат 10.25-те ағаның үйінің табалдырығын аттадық. Ағаны 2004 жылдан бері көріп тұрғаным осы. Есіме Көтеш ақынның: «Сексен түгілі, тоқсанға болмас едім, Ұсақ турап, ет берсең балбыратып» деген өлең жолдары түсті. Толғау тұғырнамасы өмірдің өзінен алынғандығын бойы тік, көзі нұрлы, сөзі салиқалы, киімі, тұтынған бұйымы (ұя-лы телефоны) заманауи, тоқсанға тұсау бойы қалған академик Серік Қирабаевтың бабы мен бағы келіскен өнегелі өмірі дәлелдеп-ақ тұр.

Қонысқа құтты болсын айтып, Серағаға ұстазы академик Қажым Жұмалиевтің өзі өмірден озғаннан кейін алғаш рет жинақталып шығарылған 7 томдық еңбегін сыйға ұсындық. Аға еңбекті парақтап, «Елің, өзің үлкен іс тындырған екенсіңдер», — деп ұстазы туралы әңгімені бастап кетті. Алдын ала дайындап барған сұрақтың көп қажеті де болмай қалды.

— Мен өзім мектеп бітіргеннен кейін елде төрт жыл жұмыс жасап барып, 1947 жылы Абай атындағы педагогикалық институтқа оқуға түстім. Ол кезде бірінші курс студенттерінің сабаққа қызығушылығын арттыру үшін дәрісті тәжірибелі оқытушылар жүргізетін. Қыркүйектен таңдап алған орным бірінші парта. Мектептен кейін төрт жыл қарайып қалғаннан кейін бар ықыласым оқуда. Сабақ басталып, аудиторияға студент деген халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, қазақ әдебиеттану ғылымындағы жалғыз доктор, профессор Қажым Жұмалиев кіріп келді. Сол кезде Қажекең бар болғаны қырықта екен. Өзім Қа-жекеңнің аузынан шыққан әр сөзді қалт жібермей, дәптеріме жазып отырдым. Ұстазымыз сөзге шешен, теориялық білімі мол, жады мықты кісі еді. Сабақ барысында жыр үзінділерін түйдек-түйдегімен оқып, талдап отыратын. Студенттерден де соны талап етті, бізде «ондай болмақ қайда?» — деп қалғанымыз жоқ. Мен сабақ сайын жауап беруге тырысатынмын. Соны байқады ма, «Серік» деп даралап есіміммен атайтын болды. Қажекең дәріс оқып қана қойған жоқ, кафедра меңгерушілігіне қоса институттың әдебиет үйірмесіне жетекшілік жасады. Шығармаларымызды талдап, түзетіп, тәуір дегенін жариялап отыратын. Ол кез соғыстан кейінгі ел тұрмысының қиындау уақыты, бар болғаны, бір қазақ газеті шығатын. Қажекеңнің арқасында жазғандарымыз сонда басылып тұрды. Кейінгі толқынды қолдау, қанаттандыру үлгісін біз осылайша Қажекеңнен көрдік деп бір тоқтаған Серік ағаға, — Қолыңыздағы Қажым Жұмалиевтің 7 томдығының жетінші томы «Жайсаң жандар» авторлық нұсқада «Жайсаңдары қазақтың» деп аталғанын күні кеше ағаның архивінен табылған қолжазбасынан біліп отырмын. Әрі «Жайсаңдары қазақтың» көлемділеу көрінді. Са-лыстырғанымда текстологиялық жағынан тексеруді қажет ететіндігіне көз жеткіздім. Бұл өзі Қажым Жұмалиевтің көзі тірісінде жарияланбаған еңбек. Атауындағы «қазақ» деген сөзді, кейінгі бастырушылар «жандар» деп өзгертуі әділетсіз секілді, сондай-ақ қолжазбада Сәкен Сейфуллинді бақайдан қағушылардың іс-әрекеттері толық берілсе, бұл біз оқып жүрген кітапта мүлде жоқ, — дегенмін.

Серік ағамыз сәл ойланып, — Қажым Жұмалиевтің бұл еңбегі тұлға тануда жазылған алғашқы таңдаулы еңбектің бірі, ал қысқарту авторға қиянат. Қажекең кітаптағы «Сегіз қырлы, бір сырлы» әңгімесінде ұстазы Сәкеннің тұлғасын ғана емес, еліміздегі алғашқы жоғары оқу орнының қалыптасуын, қазақ сынының жай-күйін көркем шығарма тілімен қаз қалпында бере алған. Сәкенге шәкірттері қандай құрмет танытса, Сәкен де шәкірттеріне адал болғанын Сәкеннің ісімен танысқанымда білдім. 1937 жылы тергеу абақтысында «шәкірттеріңді ата» дегенде, Сәкен «Менде ізіме ерген шәкірт жоқ, аудиторияда дәріс оқығаным болмаса» деп жауап беріпті. Кер заманның кесірі кейінгіге тимесін дегені ғой…

Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығын өмір бойы зерттеген Серік аға үлкен кісілерге тән тақырыптан ауытқып, тоқтамай қояр ма екен деп қауіптеніп едім, олай болмады. Салқынқандылық танытып, басты тақырыптан тым ұзап, аса ауытқымады.

— Серік аға, Қажым Жұмалиевтің ұлы Махамбет, «Әкем ұсталған кезде үйден жеті қап кітап, қолжазбалар алып кетті» деп еді. Қалай ойлайсыз, соны құзырлы мекемелердің архивінен табу мүмкін бе?

 — Қай жылдары Сәкен Сейфуллин ұсталған кезде тәркіленген еңбектерін табам ба деген оймен Алматы қаласы ҰҚК-ның бастығына хат жазып, архивтерінен іздеуге өтініш білдіргенмін. Комитеттің басшысы Бейімбет Майлиннің елінен болып шықты. «Аға, онда Сәкен мен Бейімбеттің тәркіленген мұраларын бірге іздеуге тапсырма беремін. Нәтижесін күтейік» деген болатын. Үміт ақталмады. Өздерін бағаламаған қоғам қағазын сақтап қайтсін, гараждарға жинап, жағып жіберіп отырған. Қажекеңнің де қағаздарының табылуы қиындау болар.

— Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қажым Жұмалиев, тағы басқа қазақ зиялыларының істі болып, әуелі қуғындалып, артынан 25 жылға сотталуына не себеп болды?

— Бұған Мәскеудің соғыс жылдарынан кейін қайта оянған өктемдігі, әсіресе, 1950 жылы «Правда» газетіндегі «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» мақаласындағы «ұлтшылдық» жаласы түрткі болды. Мұның соңы қазақ ғалымдары Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов. Қ. Мұхамедханов еңбектерінде саяси өрескел қателіктер бар деген желеумен қуғын-сүргінге ұласты.

Қажым Жұмалиев 1951 жылы Алматыдан Қарағандыға жер аударылып, сол жердегі педагогикалық институтта қызмет істеді. Қажекеңнің айтуынша, Қараған-дыда ішкі істер құрылымдарында қызмет істейтін бір жерлесінің үйінде тұрған. Екінші қайтара ұсталып, «халық жауы» деген жалған жала жабылған кезде әлгі жерлесін «халық жауына» сыбайлас болды деп қызметтен шығарып жіберіпті. Мұндай жағдай жазушы Бердібек Соқпақбаевтың басында да болған. Тарихшы Ермахан Бекмахановты әуелі Нарынқолға, кейін Шуға жер аударады. Орта мектепте қызмет жасап көрмеген Е. Бекмаханов әріптесі Бердібектен әдістемелік көмек сұрап тұрады. Әңгімелері жарасқаннан кейін Бердібек үлкен кісіні үйіне шақырып, қонақ қылады. Мұны естіген мектеп директоры Бердібекті қауіпті адаммен жақын байланыста болып, мектебіміздің беделіне нұқсан келтірді деп қызметтен шығарады.

Сол кезде құзырлы органдар мерекелер мен атаулы күндері өздері сенімсіз деп таныған адамдарды тұтқындауды жиілететін. 1953 жылы Сталин өлген март айында Қажекеңді «халық жауы» ретінде қайыра ұстап, 25 жылға соттады. Қажекеңнің шәкірттері ретінде бізді де тергеудің астына ала бастады. Мұқаш Сәрсекеев, Мәлік Ғабдуллин және Айқын Нұрқатовты тергеушілер жеке-жеке шақырып, қыспаққа алған. «Ұстаздарыңыз Кенесары, Дулат, Ақан, Шернияз, тағы басқалар туралы не айтты? Қазақ халқының азаттығы үшін күрескен, тәуелсіз ел болуын жырлаған көшбасшылар депті. Әдебиет үйірмесі деген желеумен азатшыл жастар ұйымын құрыпты. Сендер сол ұйымның мүшесісіңдер» деп, әдебиет үйірмесі мүшелерінің тізімі мен дәріс дәптерлерді көрсетіпті. «Тізімде сен де барсың, Серік, шақыратын шығар» деп келді жігіттер. Бірақ мені шақырған жоқ. Барлығының жауабы бір деді ме екен? Жігіттер «Ұстазымыз кеңес үкіметіне қарсы еш нәрсе айтқан емес, үйірмеде шығармашылықпен айналыстық» депті. Расында да, солай болып еді.

— Серік аға, Қажым Жұмалиев — соңында мол рухани мұра қалдырған тұлға. Ұстазыңыздың зерттеу еңбектері мен көркем шығармалары туралы нендей пікірлер айтылды, сіз не дейсіз?

— Қажым Жұмалиев қазақ әдебиеттану ғылымында бірінші болып кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. Ғылым академиясы ашылғанда алғаш корреспондент мүшелікке өтті. Қажекең ғылым жолында шәкірт дайындағанда санға емес, сапаға жұмыс жасаған адам. Сондай-ақ ол туысқан өзбек, қырғыз, қарақалпақ халықтары ғылымының дамуына үлкен көмек көрсетті.

Ол кезде оларда ғылым докторлары жоқ еді. Орыс әдебиетіндегі Ломоносов шығармашылығының рухани күші туралы жазған еңбегі де көпшіліктің ықыласына бөленді. Қажекеңнің қай еңбегінен де оның терең білімділігі көрініп тұратын. Одақ көлемінде өзін де, өз ұлтының әдебиетін де өткір тіл, зерек зердесімен мойындата алған ғалымды өз ішімізде аяқтан шалғысы келгендер болды. Бір өкініштісі, бұл жағымсыз әдет әлі күнге дейін жалғасып келеді. «Жұмалиев әдебиетіміздің бастауын кейінге тартты» деген сөз үлкеннің де, кішінің де аузында жүр. «Толыққанды авторлық әдебиет критерийлеріне жауап беретін өкілдер қазақ жұртында XVIII ғасырдан бастап көріне бастады» деген пікірді айтқан бір ғана Қажым Жұмалиев емес. Мұны Бұқардан бастайық деген әңгімені Мұхаң да айтқан. Бұл мәселеде Қажым Жұмалиев Әуезовпен ақылдасып келісімге келген. Қазақ әдебиеті тарихын Бұқардан бастау керегін Қажекеңе Мұхтардың өзі айтқан. Бұл, шындығында, Мұхтар Әуезовтің концепциясы болатын.

Қажым Жұмалиев қазақ әдебиеті тарихының басы XVIII ғасырдан, Бұқардан басталады деген пікірді сол кездегі бар дереккөздерге сүйеніп айтты. Қажекеңнің қолында кейінгі табылған әдеби материалдар болған жоқ. Бұқарға дейінгі ақындардың бірлі-жарлы өлеңдері белгілі болғанымен, әркімге телініп айтылып жүрді. Мағауиннің «мен таптым» деп жүрген өлеңдері — кейінірек белгілі болғанындай, XX ғасыр басында Ғұмар Қараштың ел ішінен жинап жариялаған өлеңдері. Ал XV ғасырдың арғы жағындағы шы-ғармалар жалпы түркілік ортақ рухани мұра.

Қажекеңнің көркем шығармалары көп емес. Жазушылықпен отыруға ғылыми жұмыстары мүмкіндік бермеген болар. Қажекең оқырманға алғашында өлең, поэмалары арқылы ақын ретінде танылды. Махамбеттің көркем әдебиеттегі бейнесін сомдаумен қаламы қарымды жазушы екенін көрсетті. Ол — ақын, прозаик қана емес, әйгілі «Біржан-Сара» сияқты классикалық операның либреттосын жазған драматург. Бір таңғаларлығы, «ызғарлы жылдары» бұл шығарманың авторы Әбділдә Тәжібаев деп таныстырылып жүрді. Шығарма егесіне авторы «халық жауы» деген жалған жаладан арылғаннан кейін ғана қайтарылды. Әбділдә Тәжібаев Қажекеңнен кешірім сұрап, жақсы шығарма авторымен бірге қамаққа алынбасын деген ниетпен өз атынан жариялағанын айтты. Өз басым Қажекеңнің көркем шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі «Жайсаң жандар» деп білемін. «Жайсаң жандар» қазақ әдебиетіндегі тұлға танудың әліппесі десек болғандай. Эссе жанрындағы әр әңгіменің тақырыбы, мазмұны, сюжеттер желісі, деректер тізбектеліп келіп, XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ қоғамы мен алыптар тобы бейнесінің галереясын жасаған. Кітаптағы тұлғалардың сәтті сомдалуы автордың оларды көзбен көріп араласуынан, ұзақ жыл бейнелерін іштей қорытып толысқан шағында сағынышпен, құрметпен көркем дүниеге айналдыруынан ғой деп білемін. Қажекең Сейітқали Меңдешевті үлкен құрметпен атап, «менің өміріме жолдама берген адам» деп отыратын. Бірде мені Жұбан Молдағалиевпен бірге Сейітқали Меңдешевтің бәйбішесінің үйіне ертіп барып, мерейлі туған күнімен құттықтап, құрметін танытқан.

— Серік аға, Қажым Жұмалиевтей үлкен ғалымның шәкірті, әріптес інісі болдыңыз. Ол кісінің жеке өмірі, отбасы, мінезі туралы сізден артық білетін кісі болмас деп ойлаймын. Бізге белгілісі Қажым Жұмалиевтің әйелі орыс ұлтынан. Өзге ұлттан әйел алған бір ол емес. Кейбіреулер мұны сол кезде қазақтың оқыған қыздарының аз болғанымен түсіндіреді. Сіз не дейсіз?

— Көзі ашық қазақ қыздары болмады деген сөз қисынсыз. Қажекең ғылыми ізденіспен Мәскеуге жиі барған адам. Бірде досымен су жағасында серуендеп жүріп, екі орыс қызымен танысады. Досының атын ұмытып отырғаным. Қажекеңнің «Достық пен махаббат» поэмасында досының аты аталады. Содан әңгімелері жарасып, орыс қыздарымен бірнеше күн бірге жүрсе керек. Қажекең сөзіне берік кісі еді. Содан аламын деп айтып қойған сияқты. Ғылым жолында кездескен адам емес.

Қажекеңнің әйелін біз Шура дейтінбіз. Аты Александра. Екі бала тапты. Ұлы Махамбет, мамандығы — биолог. Қызы Тамара, мамандығы — өнертанушы. Екеуінің де қосылғандары өзге ұлттың өкілдері. Қажекеңнің екі баласының да үйлену, ұзатылу тойында болдым. Екі баласының да тойында әйелі болған жоқ. Шағын орта болмаса, қазақтар көп жиналған жерге Шура бармайтын. Жұмыс жасаған адам емес, Қажекеңнің табысы жететін. Ұстазымыз отбасы, айдауда болған жылдары туралы ештеңе айтпайтын. Жиындарда, ғылыми қорғауларда Қажекеңнің терең білімділігі, сөзге ұста екендігі көрініп тұратын. Өз ойын бүкпесіз тіке айтатын. Бұл біреулерге жақпайтын. Өмірде шындықты, тазалықты сүйетін. Команда құруды, жершілдікке бөлінуді білмейтін. Шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінен болатын. Менің шәкіртімсің, менің айтқаныммен жүріп тұр деп қысым көрсеткен емес. «Әдебиет адалдықты сүйеді» деп отыратын. Бізден де соны талап етті.

— Серік аға, өтінішімізді аяқ асты қалдырмай шаңырағыңызда қабылдап, сұрағымызға жауап бергеніңізге рақмет. Алда келе жатқан торқалы 90 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Кеше мен бүгінді жалғаған қазақ әдебиеттану ғылымындағы бәйтерегімізсіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз.

— Ардақты аға, академик Қажым Жұмалиев туған Қаратөбе өңіріне, жалпы Жайық жұртына дұғай сәлем! Ұлыларын ұлықтау өсер елдің ісі, осы бағыттағы жұмыстарың баянды болсын!

Сұхбаттасқан Азамат МАМЫРОВ,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық

университетінің доценті,

Орал қаласы


Зеленовта 25 үй салынбақ

Күні: , 28 рет оқылды

IMG_5760


Бұл туралы Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов азаматтарды қабылдау кезінде мәлімдеді.


«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында өткен қабылдауға келген Переметный ауылының тұрғындары Г. Мұхтарова мен Л. Толкуновалар баспанаға қол жеткізе алмай жүргендерін айтып, қынжылды.

— Біз әр тұрғынның мәселесіне бейжай қарай алмаймыз. Барлық өзекті мәселені қолдан келгенше шешуге тырысудамыз. Келер жылы ауданда 50 пәтерлік 25 үй салатын боламыз, — деді жүздесу барысында Кәрім Кәримоллаұлы.

Аудан басшысы қабылдауға келген барлық жанға толыққанды әрі нақты жауап қайтарып, олардың өтініштері ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Соған орай әкім қабылдауда көтерілген бірқатар мәселелерді өз бақылауына алып, қалғандарын жауапты мекеме басшыларына қадап тұрып тапсырды.

Айшабибі  МӘМЕТ,

Зеленов  ауданы


Өнер орталығының тың жобасы

Күні: , 40 рет оқылды

DSC_0226


Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта аудан әкімі Әділ Жоламановтың қолдауымен Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының «Қадыр жолымен…» жобасы аясында «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымының концерті өтті. Оны аудан әкімі Әділ Тауфиқұлы ашып, осы бір өнерлі ұжымның айтулы ақын мұраларын насихаттаудағы ел алдындағы орны мен рөлін бағалап, еңбектеріне шын жүректен алғыс білдірді. Ақын рухын көтерудегі жемісті жұмыстарына жақсылық тіледі, оларға ескерткіш сый табыстады.


Осы орталықтың директоры, халықаралық және республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Бауыржан Халиолла да шынайы қабылдауға ризашылық білдірді. Мұндай өнер орталығының республика бойынша санаулы екенін, ақын мұраларын зерделеп үлгі ету жолындағы әріптестерінің бірлескен өнер жолын бұдан былай да толықтыратынын баса айтты. Аудан халқын көктем мерекелерімен құттықтады.

Өнер көшінің тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин оралымды тіл шұрайы мен ой биігін қатар ұстай отырып, көрермендерді баурап алды. Оның сөзінен «дара дарын» атанған Қадекеңнің соңында қалған әдеби мұрасын қай қырынан көргіміз келсе, сол тұсы жарқырап тұрарына тағы да көзіміз жетті. Бұл жолы ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, оның көкірегінен шыққан, тапқырлығы мен талант тұтастығынан туған қадау-қадау ойлары ортадан орын алды. Адам әлемін танытатын көсемдік пен көріпкелдігі жамырасқан, ұшқыр қиялы мен ғажайып шешендігі шендескен жанның төрелік ойлары төріміздің көркін келтірді. Мәселен, республикаға танымал әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, сазгер Жаскелең Ғайсағалиев орындаған әні «Сыған серенадасы» (сөзі Қадыр Мырза Әли, сазы Шәмші Қалдаяқов) көкейімізден шықты. Жүргізуші Бауыржан Файзоллаұлы әннің тарихын баяндады. Арғы-бергі тарихымызда қазақ халқының да басынан өткен дәуір шыңдығын көз алдымызға әкелді. Сөйтіп, осы жүздесу жалаң концерт емес, жарастығын тапқан, тарихпен тағдырлас өрілген жайы да жадымызды жаңғыртты. Дәл осындай талдаумен орындалған «Тамды аруы» әні де (әнші Гүлзада Ахметова) шырайлы шақпен әп-әдемі үйлесті. Ақынның сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің әні «Ақжайықты» орындаған «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміров, талапкер ақын Мәрлен Ғилымхан оқыған өзінің «Ақынға арнау» өлеңі де, «Асыл әжемді» орындаған «Інжу» тобы да, ақын шығармаларын оқыған Асланбек Шығыров, Тимур Ниязбек, Жадыра Нысанова т.б. өнерлі жандар сөз зергерінің әлем алдындағы ақындық келбетін айшықтады. Сахнаға жетектесіп шыққан зағип жастар Ерлан Қуанышев пен Гүлзада Ахметованың орындаған «Ақ ерке — Ақжайық» әні де екі бірдей рухани дүниеміздің есігін қағып тұрғандай еді. Бірі — ұлы Қадырдың туған өлкеміздің келісті келбетін кестелеудегі ақындық айдыны болса, екіншісі — ән орындаудағы мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерге деген шынайы берілген қалыптарын қапысыз таныдық. Атақты әншілердей жұптасқан екі жанның көз жанарымызға жас әкелгенін де жасыра алмаймыз.

«Дала дидарында» өнер көрсеткен «Артмен» квартеті мен жас талант Мейірхан Аюповтың өнерлері де жүрегімізде қалды.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы


Келіңіз, көрісейік!

Күні: , 63 рет оқылды

1458603240_l


— Ассалаумағалейкум, ата! Есенсіз бе, әже? Бір жастарыңызбен!..

—  Айналайын, қарағым, өркенің өссін, бақытты бол!..


Әдетте, 14 наурыз — Көрісу мейрамында  айтылатын ақ тілектердің басы осылай басталады. Еліміздің батыс аймағы Наурызды елден ерек қарсы алатыны белгілі. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында, көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлері мен Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған жерлерінде Наурыз айы мерекесі ретінде осы айдың 14-інен бастап  Көрісу салты басталады. Кей жерлерде Амал деп те аталып жүр.  Көрісу дәстүрі тек батыста емес, барлық жерлерде де болған, тек бертін келе халық ұмытып кеткен, отаршыл саясат ұмыттыруға тырысқан. Десек те, осы батыс аймақтары бұл дәстүрді берік сақтап қалған.

Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi жұрт тоғыс атаған. Наурыздағы тоғыстың келер тұсы да осы күндерге сәйкес келетін болса керек. Халық сенімінде 14-інен 15-іне қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа санап, ырым еткен. 15-i күнi халық қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген екен. Бұл күн – «Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп адамның адаммен, жылдың жылмен қауышатын күні. Бұл күннің тағы бір ерекшелігі бар. Көрісу күні бұрын-соңды бір-біріне өкпе-назы бар ағайын-туыс араздастықты жойып, татуласып, табысады. Төс қағыстырып, мал-жанның амандығын сұрасып, қыстан аман-есен шыққандықтарына тәубе келтіреді.

Таң атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп жүрген әр отбасы мейлінше мол дастарқанын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарқанды тәттімен толтырады. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір-біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісу амалын жалғастырады. Халық арасында бұл күні міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек деген түсінік те қалыптасқан. Ал көрісуге кеткен балалардың қолдарына шағын дорба ұстатып жіберген. Сөйтіп, барған үйінің дастарқанынан ауыз тиіп, тәттілерін өздерімен алып қайтқан. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарқанымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған болса керек.

Бұл күн тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда ауылдағы үлкен кісілердің қолын алып, сәлем беруге тиіс.

Дастарқаның мол болсын…

Жағдайы бар адамдар бір малын сойып, қазанды толтырып ет асып, наурыздық жасайды. Ал соятын малы жоқ адамдар қыстан қалған сүр етін асады. Амалда адамдар көрісіп келер деп сақтап қойған шұжығын, үлпершегін асатындар бар. Үлпершек — мал жүрегінің сыртындағы қапшығы. Қазақтар үлпершектен шұжық сияқты дәмді тағам дайындайды. Оны дайындау үшін екі жағындағы құлақшаны кесіп алып, қаны әбден сорыққан жүректің жіңішкелеу жағын тіліп, ішіне ұсақтап туралған ет пен іш май тығылады. Содан соң тілінген жағы мұқият тігіледі. Қазанға салып үстіне су құйып, тұз қосып қайнатады. Суығаннан кейін қиялап турап, табаққа салып, бетін көк жуамен әсемдейді.

Амал күні қазан толы, қарын тоқ болсын деп салынатын сүбе қабырғасымен тұтас ішекке тығылған қазы да көрісіп келгендердің бір сыбағасы. Сонау күздің басында шыжғырып шыны ыдысқа құйып сақтаған, түсі сап-сары бояудай қанық сары майдың дастарқанға қойылатын күні де осы кез. Тары қайнатып, бидай қуырып, талқан, жент жасалады. Мұндай мүмкіндігі жоқ үйлер қазанға май қатып күріш, жармасын салып, «қазан толы болсын» деген ырыммен көже асып қояды. Көпшілік үйлер бұл күні жеті шелпегін пісіріп, иіс шығарып, бауырсағын пісіреді.

Амал деген не?

Наурыз мерекесіне байланысты «амал кірді», «амал келді» деген сөз тіркестері айтылып жатады. Сонда «амал» деген не? Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы болып табылады. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққан. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Ұлдай ЕРЖАНОВА, ғалым, ұстаз:

— Көзімді ашқалы білетінім, 14 наурыз күні – Көрісу күні. Бұны біздің ата-аналарымыз бен ата-әжелеріміз «Көрісер айт» деп атайтын. «Көрісер айт келді, жаңа жыл келді, жаз шықты» деп үлкендер жағы қуанып жүретін. Әкем үнемі «Көрісу күні барлық құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, тіршілік иелері тіріледі. Бір көшеде тұратын көршілеріңді күнде көрсең де, күнде қол алысып амандасып жүрсең де, Көрісу күні өзгелермен қол алысып көрісу — жаңа жылға аман жеткеніңді, жылдың берекелі болып, көрісу жалғасын таба берсін деген мағына береді» деп айтып отырушы еді.

Мен ес білгелі бұл күн біздің халық үшін үлкен мейрам болатын. Қарияларымыз жақын-жаран, тума-туысқандардан ертемен кім бірінші болып көрісер екен деп, елеңдеп күтіп отыратын. Ал біздер бірінші барып көрісу үшін көрші балалармен жарысушы едік. Ауыл балалары сабаққа дейін барлық туыстар мен көрші-көлем, араласып-сыйласып отырған үйлерді аралап, көше-көшеде жүгіріп жүретін. «Мәдина шешеге көрісіп келдік, Рәш атаға амандысып келдік» деп шуласып, қарттардан бата алуға асығатынбыз. Үлкендер жағы «Батаны бірінші алуға асығыңдар» деп одан әрі шабыттандырып қоюшы еді. Ол кезде бата алған керемет еді ғой, шіркін! Абыройың асқақтап қайтатын. «Айналайын, бақытты бол, Алла ғұмырыңды ұзақ еткей, таупиықты ғұмыр кеш» деген баталар құлағымызда жатталып қалды. Одан қалды, батасын беріп болып, міндетті түрде қалтамызды тәттіге толтырып жіберетін. Сондықтан жас балалардың бәрі аталардың ақ батасын алып, тәттісін жинап қайту үшін таңмен таласа тұрып, бар жақсымызды үстімізге іліп, күні бойы ауылды аралап, көрісіп жүруші едік. Ең шуақты, ең бақытты кездер балалықпен сол ауылда қалып кеткен секілді.

Кейін қалаға келіп, көргендерімізді барынша балаларымызға үйретіп жүрміз. Қазір жасымыз алпысты алқымдағасын бұрынғыдай емес, үйде етімізді асып, бауырсағымызды пісіріп, көжемізді қайнатып «кімдер келіп көріседі екен» деп күтіп отыратын болдық. Сонда да түске дейін күтемін де, түстен кейін бұрынғы әдетіме салып, өзімнен үлкендерге көрісуге шығамын. Астана қаласында тұрып жатқан Дария есімді қызым соңғы үш-төрт жылда 14 наурыз күні Астанадағы барлық батыстықтарды жинап, Көрісу мерекесін ұйымдастырып жүр. Өзге өңірлердің азаматтары да оң көзқарас танытып, бұл мейрамды мейлінше кең таратуға ықпал жасап жүр. Соның арқасында шараның ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп, қолға алған ісі біртіндеп дәстүрге айналып келеді.

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты:

— Сайып келгенде, көрісу күнінің тарих сахнасына қай уақытта көтерілгені туралы тарихшылар арасында ортақ пікір жоқ. Сондықтан оның шығу төркіні әлі де жан-жақты, егжей-тегжейлі зерттеулерді қажет етеді.

Кейбір әріптестеріміз, аталмыш дәстүрдің пайда болуын өңіріміздің географиялық ерекшелігімізден іздейді. Тарқатып айтсақ, Батыс Қазақстан аймағында өмір сүрген ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандығын алға тартады.

Қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған.

Осы орайда тағы бір назар аударарлық нәрсе, дәстүрдің тарихи мәнін бұрмалап, аталмыш ұлттық мейрамға айт сөзінің қоса айтылуының дұрыс еместігін көтеріп жүрген қаламгерлердің бар екендігі. Ашып айтсақ, көріс айт деп айтудың түбегейлі қате екендігі. Өйткені  айт бұл діни мереке. Дінімізде Оразадан кейін үш күн  айттайды, одан соң жетпіс күннен соң Құрбан айт өтеді. Айттың көріске еш қатысы жоқ. Сондықтан көрісті ел болып ұлттық нақышта, салт дәстүрімізге байланысты өткізуіміз керек.

Нұрғали ЖОЛДАСҚАЛИЕВ,

«Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:

— «Жас Отан» жастар қанаты әрдайым жаңа бастамаларды қолдап жүреді. Өткен жылдан бастап Көрісу күні ардагерлердің, қарттардың, мүгедектердің үйлеріне барып, амандық-саулық сұрасып, жақсы істі жалғастыруды бастадық. Қазақтың атаулы мерекесіне орай, алдағы 17 наурыз күні қазақтың ұлттық ойындарынан, оның ішінде асық ату, арқан тартыс, ләңгі тебуден сайыстар өткізу жоспарда бар.


«Болашақта олимпиада шыңынан қол бұлғасам деймін»

Күні: , 51 рет оқылды

20170312_140333


Наурыздың 11-інде Орал  қаласындағы  мұз айдынды  спорт сарайында  ҚР  бокс  федерациясының  құрметті  президенті  Бекет Махмұтовтың  жүлдесіне арналған  І  халықаралық  турнирдің соңғы кезеңі  өтті.  Бұл  жүлде  үшін  1999 және 2000 жылдары туған  жастар сынға түсті.


Рингте бес күн бойына Жапония, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің 11 аймағынан келген 130-дай  жас боксшы қолғап түйістірді. Финалдық жекпе-жектерді облыс әкімі Алтай Көлгінов пен бокстан олимпиада чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев және әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Галиб Жафаров тамашалады.

«Жас боксшылардың қарқынына риза болдым. Қимылдары ересек кәсіпқойлардан кем емес. Біздің орнымызды басатын толқын өсіп келеді.  Олардың арасынан еліміздің намысын қорғайтын олимпиада чемпиондары шығатындарына сенімдімін. Бекет Махмутовтың жүлдесіне арналған бокс кубогы жыл сайын кең ауқымда ұйымдастырылмақ. Халықаралық турнир дарынды жас спортшыларға жол ашады. Өзім басқаратын «Тарлан батырлары» ЖШС бірнеше жылдан бері Қызылорда, Түркістан, Семей, Шу, Қарағанды қалаларындағы спорт сарайларында бокс, еркін күрес, дзюдо, таеквондо және ауыр атлетикадан балаларды тегін жаттықтыруда. Облыс басшылығы қолдау  білдірсе, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында Орал қаласында да спорт кешенін ашқым келеді. Англиядан бір жыл ағылшын тілі курсына қатысып, кейін үш ай бойы бизнес-менеджмент саласы бойынша білім алып келдім»,  – деді олимпиада чемпионы Бақтияр  Артаев.

Жарыс қорытындысында он салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жеткен спортшыларға медальдар мен дипломдар салтанатты түрде табысталды. Қазақстан командасы алты, Өзбекстан мен Жапонияның боксшылары екі-екіден алтын медаль алды. Жеңімпаздар қатарында жерлестеріміз, батысқазақстандық Нұрсұлтан Нұриденов (49 келі) пен Әли Ақеділов  (64 келі) бар. Халықаралық турнирден кейін Қазақстан құрамасына спортшылар іріктелмек.

– Қарсыластарым өте жақсы дайындықпен келген екен. Бапкерімнің үмітін ақтағаныма қуаныштымын. Болашақта  отандастарыма олимпиада шыңынан қол бұлғасам деймін, – деді Ж. Досмұхаммедов атындағы педколледждің 2-курс студенті Әли Ақеділов (үстіңгі  суретте).

Изображение 158Айта кетейік, Бекет Сапабекұлы қазақ боксшыларының халықаралық дәрежеде  жеңіске жетуіне зор еңбек сіңірді. Ол 1993-1999 жылдары ҚР бокс федерациясын басқарды, 1996-2006 жылдары (АIBF) халықаралық бокс федерациясының бірінші вице-президенті қызметін атқарды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Күні: , 22 рет оқылды

курманов


Бейсенбіде Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалының алаңында облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов  баспасөз мәслихатын өткізді.


Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, өткен жылы облыста жекелеген жұқпалы дерттер бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болған. Оба, құтыру, іш сүзегі сынды қатерлі ауру деректері тіркелген жоқ. Тіпті жекелеген дерттер бойынша көрсеткіштердің кемігені байқалады. Оның ішінде қызамық (скарлатина), өкпе, сарып ауруы және басқасы бар. Сондай-ақ, былтыр 45 мың вакцина сатып алынып, 62794 адам тұмаудың алдын алу шарасынан өтті. Рас, сальмонеллез ауруы санының өсуіне былтыр Бөрлі ауданы мен Орал қаласындағы қоғамдық тамақтандыру нысандарындағы тамақтан улану деректері әсерін тигізді. Бұдан басқа бүйрек синдромы геморрагиялық қызба ауруының төрт оқиғасы тіркелген. Оның өзі кеміргіштердің кесірінен болған жағдай. Соған байланысты Ақжайық, Бөрлі, Теректі және басқа аудандарда кеміргіштерге қарсы күрес жүргізілуде.

Өкініштісі сол, өңір тұрғындарының арасында бала дертінің алдын алу екпесінен жалтару жағдайлары кемімей келеді. Оған бір жасқа дейінгі сәбилердің ата-аналары себепші болуда. Қарсылық білдірушілердің басым бөлігі-облыс орталығының тұрғындары (68,6 пайыз). Екпеден жалтаратындардың негізгі бөлігін діни сеніміне орай қарсылық білдіретіндер құрайды. Әрі олардың саны жыл өткен  сайын өсіп келеді.

Елімізде  кәсіпкерлікті қолдау, соның ішінде әкімшілік тосқауылдарды, әсіресе тексерісті азайту, рұқсат құжаттамаларын алуды жеңілдету жолында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Соған орай аталмыш департаментпен өткен жылы жүргізілген тексеріс саны 2,5 есеге азайған.

Жайдар Бисенбайұлы қазір студенттер арасында өкпе ауруының көбеюіне байланысты алаңдаушылығын жасырған жоқ. Осы әлеуметтік дертке қарсы барлық мүдделі тараптардың өзара күш біріктіруі қажеттігін атап өтті. Биыл 24 наурыз-24 сәуір арасында жарияланған туберкулезге қарсы күрес айлығының да студенттер арасындағы ауруды азайту және алдын алу шараларына серпіліс беретініне сенім білдірді. Қай ауруға да себепші жәйттің бірі-сапасыз су. Бұл орайда өңірдегі ахуал қалыпты.

Баспасөз мәслихатының соңында Жайдар Құрманов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап қайтарды. Оған қойылған сұрақ аз болған жоқ. Мысалы, «Надежда» газетінің тілшісі Самат Орынәлиев былтыр «Бургер стрит» дәмханасындағы адамдардың жаппай тамақтан улануы жайын тілге тиек етіп, оларға неге аталмыш департамент тарапынан шаралар қолданылмауының себебін сұрады. Жайдар Бисенбайұлы жоғарыдағы жағдаятқа байланысты полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалғанын айтып, соған байланысты әкімшілік шараларға жүгінбегенін мәлімдеді. «Приуралье» газетінің тілшісі Наталья Портнягина ата-аналардың екпеге қарсылығын азайту жолындағы жұмыс жайында сұрады. Департамент басшысы олармен тіл табу өте қиындығын, соның өзінде өткен жылы 43 адамды райынан қайтаруға мүмкіндік болғандығын қанағаттанарлық сезіммен баяндады. Әріптесіміздің екінші сұрағына орай: — Көп ұзамай шыбын-шіркейдің белсенді әрекет жасайтын уақыты басталады. Соған қарсы күреске биыл 49 млн. теңге бөлінген. Масаға қарсы күрес 1-15 сәуір аралығында өтеді. Қазір соған әзірлік жұмысы жүріп жатыр. Сөз соңында айтарым, біздің қашанда есігіміз ашық. Кез келген тұтынушы сұрағы немесе арыз-шағымы бойынша қабылдауға қашанда даярмыз, — деді Жайдар Бисенбайұлы.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Облыста 3 мыңнан астам адам бауыр циррозымен ауырады

Күні: , 26 рет оқылды

17270966_10208628691807143_679808029_n


Бұл жайында облыстық клиникалық аурухананың 150 жылдық мерейтойына орай созылмалы ішек аурулары мен бауыр гепатитінің алдын алу шаралары тақырыбында өткен конференцияда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржамал Жұмағұлова айтты.


«Облыста гепатологиялық орталық пен гастроэнтерелог бөлімі науқастарға сапалы қызмет етуде. Жергілікті мамандарға республикалық және шетелдік емдеу мекемелеріне барып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасаудамыз. Облыста тіркеуге алынған науқастардың 20 пайызы ішек ауруына, 14 пайызы бауыр циррозына шалдыққан. Әсіресе, ішекті зақымдайтын жаралы колит әйелдер арасында кең таралған. Бірнеше жыл бұрын бауыр гепатитімен ауыратын 1500 адам тіркеуге алынса, қазіргі уақытта олардың саны 3000-нан асты. Яғни, заман талабына сай диагностиканы жетілдіру арқылы ауруды ерте анықтауға қол жеткізудеміз. Өкінішке орай, гепатит балаларға да жұғуда. Аурулардың жаңа түрлері мен олардың алдын алу бағытында білікті мамандармен кеңес өткізудің маңызы зор. Конференцияға Астана қаласынан келген ғалымдар қатысуда», – деді Нұржамал Жұмағұлова.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гастроэнтеролог-гепатологы, Ұлттық ғылыми орталығының профессоры Күлпаш Қалиасқарованың айтуынша, министрлік вирусты гепатиттердің алдын алу мақсатында арнайы бағдарлама жасақтауда. Бағдарлама аясында Еуропа елдерінде 2014, Қазақстанда 2015 жылы қолданысқа енген С гепатитіне қарсы инновациялық дәрі-дәрмекпен емделушілерді толық қамту көзделуде. Сол арқылы науқастың 100 пайызға жуық сауығып кетуіне мүмкіндік туады. «Министрлік гастроэнтерология және гепатология саласына зор көңіл бөлуде. Мысалы, 2011 жылы еліміздің әр аймағында гепатологиялық орталықтар іске қосылды. Сол арқылы емделушілерге вирусты гепатиттерге қарсы дәрі-дәрмектерді тегін бере бастадық. Бүгінгі таңда жаңа дәрілер мен құрал-жабдықтарға қол жеткізудеміз. Алдағы уақытта оларды Орал қаласына әкеліп, осы жабдықтармен жұмыс істеуді жергілікті мамандарға үйретеміз. Жыл сайын республикалық бюджеттен вирусты гепатиттермен күресу үшін 4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінеді», – деді профессор. Оның дерегінше, елімізде отандық мамандар 100-ден астам бауыр ауыстыру отасын сәтті жүргізген. «Әрине, гепатит пен ішектің созылмалы ауруына қатысты статистика деректері бізді алаңдатады. Дегенмен қазіргі кезде отандық мамандардың біліктілігі жоғары деңгейде. Ауыр оталарды қазақстандық хирургтердің өздері жасай береді», – деді Күлпаш Қалиасқарова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гастроэнтерологы Гүлнар Мұқанованың сөзінше, бүгінде облыста бауыр патологиясына қатысты созылмалы вирусты гепатит пен қайта жұғатын криптогенді гепатит және цирроз ауруына шалдыққандар саны өткен жылы 5,4 пайызға өскен. 1980 жылдардың аяғында аймақтағы оңтүстік аудандарда А және Б вирусты гепатит кеңінен таралғаны мәлім. Соның зардабын тұрғындар әлі күнге тартуда. Әлемде аса қауіпті аурулардың арасында 6-орын алатын бауыр циррозының кесірінен 40 миллион тұрғын қайтыс болады. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2012 жылдан бері вирусты гепатиттер мен бауыр ісігінің алдын алу мақсатында скринингтік тексерулер белсенді жүргізілуде. Ауру белгілері бірден байқалмайтындықтан, диагноз кеш қойылып жатады. Гепатитке шалдыққандардың өңі сарғыш тартады, аяқ терісінің реңі өзгеріп, қарны ұлғаяды және ағзаның әлсіреуі байқалады. Жағдай күрделенсе, науқастың қан құсуы, ал әйелдердің жатырынан қан кетуі мүмкін. Алкогольдік өнімдер, өндіріс орындарынан және көліктерден ауаға таралған улы түтін, арнайы маманның тағайындауынсыз дәрі-дәрмектерді (мысалы, парацетамол, аспирин, темпалгин, кетаман) қолдану аурудың асқынуына себеп болады. Елімізде ауру белгілері ерте анықталған науқасқа вирусты гепатиттерге қарсы дәрілер тегін беріледі. Яғни, алдын ала тексеру науқастардың дертін ерте анықтап, ем-дом шараларының нәтижелі болуына оң әсер етеді. Цирроздан түбегейлі құтқарудың бірден-бір жолы науқастардың бауырын ауыстыру арқылы жүзеге асады. Біздің облыста соңғы 4 жылда 6 емделуші бауырын ауыстырған. Негізінен, науқастардың жағдайы нашар екені белгілі болса, туысқандары донор болуға әзір болуы керек», – деді Гүлнар Мұқанова. Оның айтуынша, әлемде ішек ауруларының кең таралуы да көпті алаңдатуда. Әсіресе, арнайы емес жаралы колит пен крон ауруына қазақстандықтар жиі шалдығады. «Науқастар дерті әбден асқынғаннан кейін жолығады. Бұл хирургиялық ота жасауға әкеледі. Дерт ағзаға дендеп енсе, ішек ұлпалары зақымданып, оның тесілуі немесе ішке қан кетуі мүмкін. Науқастар алдын ала ем қабылдап, дәрігер  кеңесін мұқият сақтаса, аурудың бетін қайтаруға болады», – деді гастроэнтеролог. Конференцияға қатысқан 80-ге жуық жергілікті маман білікті ғалымдардан нақты кеңес алды. Дөңгелек үтселде бауыр циррозы мен созылмалы ішек ауруына шалдыққан науқастарды емдегенде жүргізілетін фармакоэкономикалық талдаулар мен клиникалық зерттеулер жайы талқыланды.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


Конституциялық жаңғыртуды бірауыздан мақұлдады

Күні: , 52 рет оқылды

Копия Изображение 008


Таяуда  Орал  қаласындағы  Достық  үйінде  облыстық Қазақстан  халқы  ассамблеясы мүшелерінің  отырысы  болды.  Онда  еліміздегі  конституциялық  реформаны  талқылауды  қорытындылаудың  республикалық  бірыңғай   күні  атап  өтілді.  Басқосуға  облыстық мәслихаттың  депутаттары,  ұлттық-мәдени  орталықтардың  жетекшілері  қатысты.


Бүгін, 10 наурыз күні Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев конституциялық реформаға орай, Ата Заңымыздың түзетулер мен өзгертулер енгізілген жаңа үлгісіне қол қойды. Мұның өзі Отанымыздың алдағы жылдардағы саяси-экономикалық дамуына тың серпін береді. Соған байланысты сіздердің пікір білдіріп, мақұлдауға қатысуыңызды сұрағым келеді, – деді жиынды ашқан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы атқарушы хатшылығының жетекшісі  Ғайса  Қапақов.

Отырыс барысында М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың доценті, саясаттанушы ғалым Захот Көшкімбаева конституциялық реформаның ел өміріндегі айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, 1995 жылғы қабылданған Ата Заңда Президенттік билікке басымдық берілуі – сол жылдардағы қоғамдық-саяси ахуалдың күрделілігінен туған еді. Енді, міне, арада жиырма жылдан астам уақыт өтті. Енді елдегі билік беркіді, қоғамда тұрақтылық орнады. Сондықтан Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың жеке өкілеттілігінің бір бөлігін Парламент және Үкіметке беруі-әділ де қалыпты көрініс. Облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық кәріс ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Максим Пактың пайымдауынша, мұндай заңдылықтың жаңғыртылуынан мемлекеттің де, қоғамның да ұтары мол. Жиында сөз алған Орал қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Борис Чебаков, облыстық татар ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Флюра Миликеева және басқалары  конституциялық жаңғыртуға қатысты ой-пікірін білдірді, маңызды саяси қадамды бірауыздан мақұлдады. Отырыс соңында жиналғандар облыс жұртшылығына үндеу қабылдады.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Оксана  КАТКОВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика