Мұрағат: 10.03.2017


700 мемқызметкер аттестациядан өтуде

Күні: , 83 рет оқылды

PRI_8005


Облысымызда  мемлекеттік  қызметкерлерді аттестациядан  өткізу науқаны жалғасуда. Наурыз айының алғашқы күнінен бастап өңірдегі мемқызметкерлер  арнайы комиссиямен сұхбаттасып, атқарып отырған лауазымына лайықты екенін дәлелдеуде. Бейсенбі күні облыс әкімдігінде құзыреттілікті бағалау және аттестациялау комиссиясы Қазталов ауданынан келген 25 мемқызметкермен сұхбаттасу өткізді.


Айта кетейік, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер атқаратын қызметінің санатына байланысты үш кезеңде сынақ тапсырады. Ол — бағалау парақтарын құрастыру, жеке құзыреттілікті бағалау тестісін тапсыру және аттестациялық комиссиямен сұхбаттасу. Облыс көлемінде ұзын-саны 700-дей мемлекеттік қызметкер кешенді аттестациялаудан өткізілмек. Бұл ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігі мен білім деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Аттестациядан жалғызбасты аналар, зейнет жасына таяп қалған азаматтар мен еңбек өтілі алты айға жетпеген қызметкерлер босатылады.

– Наурыз айының бірінен бастап өңірдегі мемқызметкерлер аттестациялаудың үшінші кезеңінен, яғни әңгімелесуден өтуде. Бүгінгі күнге дейін қала және аудан әкімдері, олардың орынбасарлары мен аппарат басшылары аттестациялаудың үш кезеңінен өтті. Сонымен қатар бес ауданның басқарма басшылары мен ауылдық округ әкімдері аттестациялауды аяқтады. Өңіріміздің қалған аудандарындағы мемқызметкерлер мен басқарма қызметкерлері сәуір айының 18-не дейін аттестациялаудан толық өтуі тиіс. Құзыреттілікті бағалау және аттестациялау комиссиясының алдынан әңгімелесуден өткеннен кейін әр мемқызметші жөнінде қорытынды бағалау шығарылады. Сұхбаттасу кезінде тестілеудің нәтижесі де есепке алынады. Сұхбаттасудың нәтижесінде аттестациялық комиссия төрт шешім қабылдауы мүмкін. Аттестациялауды ойдағыдай тапсырған мемқызметшінің парағына мемқызметкердің атқарып отырған лауазымына сай және қызметте жоғарылатуға ұсынылатындығы жазылады. Сонымен қатар бағалауды орташа деңгейде тапсырған тұлғаның қызметіне сай екендігін анықтайды. Ал біліктілігін белгілі дәрежеде көрсете алмаған тұлғаның парақшасына лауазымына сай еместігі, қызметте төмендету керектігі немесе мүлдем қызметтен босату қажеттігі жазылады, — дейді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Арман Жалмағанбетов.

 Нұрбек  ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

Орал қаласы

Артур  АЙТЖАНОВ,

Қазталов  аудандық жер  қатынастары бөлімінің  басшысы:

– Бұған дейін облыстық тестілеу орталығында арнайы тестіден өткен болатынбыз. Яғни тесттің негізгі сұрақтары мемлекеттік қызметшінің түрлі жағдайда уақтылы шешім қабылдауы, ұжымда жұмыс істеу қабілеттілігі, сонымен бірге қандай да бір жағдай болмасын, шұғыл шешім қабылдау дәрежесін анықтауға бағытталды. Бүгін конкурстық комиссияда әңгімелесу түріндегі аттестациялаудан өттік. Өзім қызмет атқаратын сала бойынша қойылған үш сауалға да жақсы жауап бергендеймін. Енді комиссия шешімін  күтетін  боламыз.

Айбек  АҚМАЛИЕВ,

Қазталов  аудандық кәсіпкерлік бөлімінің  басшысы:

– Елбасының бекіткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде соның ішінде 15-қадамына сәйкес аттестациядан өтудеміз. Бұл сынақ өзіміздің жеке мүмкіндіктеріміз бен кәсіби біліктілігімізді тексеруге мүмкіндік береді. Бүгінгі сұхбаттасуда негізінен кәсіпкерлік саласына қатысты сұрақтар қойылды. Атап айтар болсақ, шағын және орта бизнесті дамыту, сол мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу секілді сауалдар қойылды. Әр сұраққа толыққанды жауап беруге тырыстым. Енді комиссияның бағалау парағын күтеміз.


Ақсайда қоныстой көбеймек

Күні: , 50 рет оқылды

<4D6963726F736F667420576F7264202D20E8EDF4EEF0ECE0F6E8FF20EFEE20C


Өңірдегі өзекті тақырыптарының біріне айналған Бестау және Березов ауылдарының тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру мәселесіне байланысты Бөрлі ауданында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Әр тұрғынның пікірімен санасып, талап-тілектерін назарға алған өңір басшыларына халықтың ризашылығы зор.


Өткен жылдың соңында екі ауылдың тұрғындарын аудан орталығына көшіру қолға алынып, бірінші кезеңде 82 отбасы, жалпы 416 адам Ақсай қаласындағы 5-шағынауданда орналасқан 80 және 75 пәтерлі тұрғын үйлерге көшірілді. Ең алдымен, әлеуметтік әлсіз топқа жататын және 2014 жылдың 28 қарашасындағы келеңсіз оқиғадан зардап шеккен балалары бар отбасылар қоныстандырылған болатын. Тұрғындардың өтініші бойынша аталмыш көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларына балалардың ойын алаңдары, егде адамдар тынығатын арнайы орындар да салынды.

Бөрлі аудандық әкімдігі мамандарының мәлімдеуінше, Березовка мен Бестау ауылдарынан қоныс аударатын тұрғындарға Ақсай қаласындағы көп қабатты үйлерге немесе Аралтал шағынауданындағы жер телімі бар жеке тұрғын үйлерге қоныстануларына не болмаса ақшалай өтемақы алуға мүмкіндік жасалды. Көп қабатты тұрғын үйлерге қоныс аударуға тұрғындардан 270 өтініш (Березовкадан – 253, Бестаудан – 17), ал  жер телімі бар жеке тұрғын үйлерге қоныстануға 95 өтініш түскен болатын (Березовка – 88, Бестау – 7). Оның сыртында Жарсуат ауылына қоныс аударуға бір өтініш, қаржылай өтемақы алуға үш өтініш қабылданды. Бір тұрғынның мұрагерлік құжаттың жасақталмауына және үш тұрғынның қоныс аудару туралы түпкілікті шешімінің болмауына байланысты күні бүгін төрт адамның өтініші қабылданған жоқ. Тұрғын үй құрылысы толық аяқталған соң 1455 адам баспаналы болады. Бүгінде Ақсай қаласының орталығындағы Қарашығанақ – 1 шағынауданында 153 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аталмыш екі үйдің құрылысын «Азия-ТехСтрой» және «АТК» компаниялары салуда. Одан бөлек Ақсай қаласының Аралтал шағынауданында бір қабатты 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Бас мердігер «Марасант» ЖШС үш бөлмелі 50, ал мердігер «Строительная Инициатива» ЖШС төрт бөлмелі 50 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын сапалы жүргізуде. Жоба бойынша тұрғын  үйлерге қоса қосалқы шаруашылық нысанның құрылысы да қаралған. Тұрғын үйлер барлық сәулет-құрылыс тарапына сәйкес жобаланған, жұмыстар  кестеге  сай  жүргізілуде.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

Бөрлі ауданы


«Жер телімі керек болса, күте тұрады…»

Күні: , 88 рет оқылды

молдашев марат


Осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.


Осыған орай биыл еліміздің түкпір-түкпірінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысы жүргізілмек. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру бағытындағы іс-қимылдар біздің өңірімізде де қолға алынуда. Мысалға айтар болсақ, биыл облыста тұрғын үй құрылысына «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 100 учаске (жер телімі) берілетін болды. Бұл жөнінде жақында өткен баспасөз мәслихатында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Молдашев мәлімдеді.

— Бұдан біраз уақыт бұрын тұрғын үй құрылысын Самара — Орал трассасы аумағында жүргізу жоспарланған болатын. Бірақ инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу жұмысы ол жерде көп қымбатқа түсетін болды. Сондықтан тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлуді Рыбцех аумағынан қарастырдық. Бұл жер Деркөл жақта, қаладан көп алыс емес. Аталған аумақ, негізінен ауыл шаруашылығы мақсатына бөлінген, қазіргі уақытта бұл аумақтың құжаттарын ауыстырып, тұрғын үй құрылысы мақсатына аударып алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Құжаттама жұмыстары аяқталғаннан кейін қажетті қаражат бөлінсе, ол жерге инженерлік желі жүргізу жұмысын бастаймыз. Әзірше ешнәрсе анық болмай тұр, қажетті қаражат бөлінгеннен кейін тұрғын үй саласына қатысты барлық мамандар жиналып, инфрақұрылым мәселесін талқылаймыз. Содан кейін тұрғын үй құрылысының жобасын жасамақпыз. Әзірге тек биыл аталған аумақтан 100 жер телімі бөлінгені анық. Тұрғын үй құрылысын жүргізген кезде үйсіз-күйсіз жүрген көптеген адамдарды баспанамен қамтамасыз ету үшін барлық амалды жасайтын боламыз. Мысалы, 10 сотық жерге коттедж тектес екі қабатты бір үй салып, оны екі немесе төрт адамға берсек, бір адамның орнына екі немесе төрт адамды баспанамен қамтымаймыз ба? Егер бір шағын коттедж үйді төрт адамға бөліп берсек, бізге берілген 100 жер телімінен 400 адам баспаналы болар еді. Бұл, бір жағынан, баспанасыз адамдардың санын азайтса, екінші жағынан, жекелеген азаматтардың артық жер телімдерін сатып, жерді бизнес көзіне айналдыруға тоқтау салар еді. Бұдан бұрын тұтас 10 сотық жерге қолын жеткізгендердің көбісі бүгінде жерлерінің жартысын сатып жіберіп, ақша жасаған. Алдағы уақытта осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін жоғарыда айтқандай, жобаны бір үйден бірнеше адам пәтер алатындай етіп жасайтын шығармыз. Жер телімін бөлу бұдан әрі де жалғасады. Биылғы қанатқақты жобадан соң алдағы жылдары аталған аумаққа көптеген көп қабатты тұрғын үйлер салу жоспарлануда.

— Марат Төлеуғалиұлы, Рыбцех аумағында биыл 100 тұрғын үй анық салына ма? Құрылыс жұмысы қай компанияға жүктелді? Және құрылыс компаниялары бір жазда 100 үйдің бәрін салып үлгере ме? Олар «Жоспар орындаймыз» деп асығып жүріп, үйдің сапасын ақсатып алмай ма?

— Қазіргі уақытта өңірімізде «Болашақ-Т» және «СВ плюс» ЖШС тәрізді тұрғын үй құрылысына қажетті материалдарды өзі шығарып, өнімдерін өз жұмыстарына қолданып жүрген бесаспап компаниялар бар. Мұндай компаниялар үшін тұрғын үй тұрғызу қиын емес. Неге десеңіз, олар жиналмалы ғимараттардың элементтерін кешенді түрде шығарады. Және бұл компаниялар құрылыс жұмысын жиналмалы-монолитті әдіспен жүргізеді. Ғимараттарды қаңқалы-монолитті тәсілмен салу, біріншіден, жыл мезгілі мен басқа да себептерге қарамастан, құрылыс нысандарын жедел тұрғызуға мүмкіндік береді. Әзірге тұрғын үй құрылысын қай компанияның жүргізетіні белгісіз. Құрылыс жұмысының басталуы қаражаттың бөлінуіне байланысты. Құрылыс жұмысы тек инженерлік желі жүргізілгеннен кейін басталады. Егер аталған аумаққа ала жаздай инженерлік желі жүргізілетін болса, тұрғын үй құрылысы күзге таман басталатын шығар деп ойлаймын. Мүмкін, мен ойлағаннан да ертерек басталуы мүмкін, бұл енді қаражаттың аударылуына және құрылыс компанияларының әлеуетіне байланысты болмақ.

— Сонда жаңағы сіз айтқан 100 үй кімдерге берілмек? Және бұл үйлерге ие болудың талабы қандай?

— «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын 100 үйге жер кезегінде тұрғандармен бірге қала әкімдігінде кезекте тұрған аз қамтылған отбасылар да қоныстанбақ. Және бұл үйлерден пәтерлер «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшыларына да бұйыруы мүмкін. Уақыты келгенде, біз мұның бәрін жергілікті атқарушы орган, қалалық құрылыс бөлімі мен жер қатынастары бөлімі және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ секілді құзырлы орган қызметкерлерімен бірігіп, шешетін боламыз. Әлсіз қамтылған отбасыларға пәтерлер сатып алу құқығынсыз, яғни жалға беріледі. Ал «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары мен жер кезегінде тұрғандарға өздері қоныстанған пәтерлерді сатып алуға болады. Сатып алынған пәтер төлемдері ипотекалық тұрғын үй төлемдері секілді банк арқылы кесте бойынша төленеді. Бұл үйлерді сатып алу үшін банктер несиені азаматтардың қалауы бойынша 10-20 жылға береді. Айтпақшы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын 100 үйдің әр шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайды. Бұл қазіргі нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Сондықтан бұл үйлердің бағасы қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болады деп ойлаймын.

— Жер кезегінде тұрғандардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғын үй алатын болды ма? Сұрағымды түсініктірек етіп қояр болсам, бұдан әрі ҚР әрбір азаматына берілуі тиіс тұрғын үй құрылысына арналған 10 сотық жер телімі берілмей ме?

— Жоқ, мүлдем олай емес. «Нұрлы жер» бағдарламасы баспанаға өте қатты зәру болып жүргендер үшін дайындалды. Ал жер телімін алғысы келгендердің кезекте одан әрі тұра беруіне қақы бар. Біз жер кезегі жетіп тұрған азаматтарға жаңа үйлер дайын болғанда хабарласып, ұсыныс жасаймыз. Егер олар дайын үйді алуға келіссе, онда тиісті құжаттарды толтырып, бізбен және банктермен келісімшартқа отырады. Ал егер кезегі жеткен азамат «Маған үйдің керегі жоқ, одан да жер беріңіздер» десе, онда инфрақұрылымы жасалған жер телімі пайда болғанша күте тұрады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Еділ суына тәуелділік азайып, 305 млн. теңге үнемделеді»

Күні: , 36 рет оқылды

СЦК Арман Утегулов


Елбасы биылғы Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» дегені белгілі. Осы бағытта облысымызда біраз іс-шара қолға алынуда, жоспарланып отырған жұмыстар да аз емес. Бұл туралы ОКҚ-ның өңірлік филиалы алаңында өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов мәлімдеді.


Нәзік жандыларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған соң Арман Кәрімұлы «Агробизнес — 2020» бағдарламасындағы мақсаттарға жету және ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін Үкімет тарапынан жылма-жыл айтарлықтай қаржы бөлініп келе жатқанын жеткізді. Мәселен, 2013-2016 жылдары облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан 48 млрд. теңге қолдау көрсетілді. Тек өткен жылы осы салаға 17,3 млрд. теңге бағытталған, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге көп.

— Елбасының тапсырмасына сәйкес былтыр аталмыш бағдарлама қайта қаралып, ҚР Президентінің 2017 жылғы 14 ақпандағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» болып бекітілді. Мұны Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласының дамуына деген үлкен қолдауы деп білеміз. Бұл бағдарлама нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өндіруді қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр. Бағдарлама аясында демеуқаржыларды бөлу қағидалары қайта қарастырылып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан нақты ұсыныстар дайындалуда. Дайындалған ұсыныстар мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және қайта өңдеу саласын қамтитын болады, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Жиын барысында белгілі болғанындай, ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңына сәйкес облысымызда да жаңадан ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірімізде 130 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасауда, оның 129-ы мал шаруашылығы және біреуі өсімдік шаруашылығы бағыттарында. Былтыр мемлекет тарапынан кооперативтерге 398,2 млн. теңге демеуқаржы төленген, соның ішінде мал шаруашылығы бағыты бойынша 342,2 млн. теңге. Биыл облыс бойынша тұқымдық түрлендіруге 143 мың аналық мал басын қатыстыру жоспарлануда. Оларға 2,4 мың бас асыл тұқымды аталық бұқа қажет. Үстіміздегі жылы 5,4 мың басқа жуық асыл тұқымды мал сатып алу көзделіп отыр. «Былтыр ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі арасында жасалған меморандумға сәйкес біз биылғы 1 сәуірге дейін өңірімізде мал бордақылау бағытындағы тоғыз ауыл шаруашылығы кооперативін, 261 мал бордақылау алаңын, екі сүт қабылдау, жеті мал сою пункттерін құрып, сегіз рефрижератор алып, бұрын құрылған жеті мал сою пунктін жабдықтауымыз керек, — деді Арман Кәрімұлы. — Соған орай қазіргі таңда облысымызда 23 аталмыш бағыттағы кооператив құрылды. Мал бордақылау алаңы да толығымен жасақталды. Тасқала ауданында биылғы ақпан айында сүт өңдейтін цех іске қосылды. «Тасқала сүт» ЖК-ға қарасты бұл кәсіпорында ауысымына 1 тонна сүт өңделіп, тетрапакеттегі сүт, қаймақ, йогурт және тағы да басқа өнімдер шығарылады. Ал Зеленов ауданының Дариян ауылында «Батыс сүт» ЖК күніне 40 тонна сүтті қайта өңдейтін құрал-жабдықтар сатып алып, монтаждық жұмыстарын жүргізуде. Оны осы айда ашу жоспарланып отыр. Ал мал сою пунктіне келсек, Ақжайық ауданында «Батыс нық» ЖШС-ның ауысымына 50 бас союға мүмкіндік беретін пункті жұмыс жасауда. Үкіметтің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысымен бекітіліген «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына байланысты аталмыш меморандум мерзімі жыл соңына дейін ұзартылды. Осы уақыт аралығында тағы да 12 ауыл шаруашылығы кооперативін, 505 мал бордақылау алаңын, бір сүт қабылдау пунктін, сегіз мал сою пунктін құрып, 10 рефрижератор алуымыз және 10 мал сою пунктін жабдықтауымыз керек. Осы берілген жоспарды орындау мақсатында облысымызға 1 474,0 млн. теңге бюджеттік несие қарастырылған. Бұл өз кезегінде ауылдық елді мекендердегі халықты жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға ықпалын тигізеді».

Брифингте көлтабан мен суармалы жерлердің, су шаруашылығы нысандарының жай-күйі турасында да сөз болды.

— Ресейдің Еділ суына деген тәуелділікті азайту және облыстың оңтүстік аудандарын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында 2010 жылы жалпы ұзындығы 180 шақырым болатын «Қазталов ауданы Ақпәтер ауылы маңындағы Үлкен өзенге Жайық-Көшім жүйесінен суды бассейнаралық жіберу үшін Киров-Шежін каналын қайта жаңғырту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталды. 2011 жылы оның 1-кезеңін жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар басталып, бірақ түрлі себептерге байланысты ол тоқтап қалды. Облыс әкімінің, Парламент депутаттарының және өзге де құзырлы құрылым басшыларының бірлескен жұмысының нәтижесінде ол жұмыс былтыр қайта жанданып, өткен жылдың соңында аяқталды. Ал 2-кезеңнің құрылыс-монтаждау жұмыстары 2016 жылдың тамызында басталып, оның негізгі бөлігі атқарылды. Ағымдағы жылы бұл жұмыстарды аяқтауға республикалық бюджеттен 61 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта құны 2 млрд. 401 млн. теңгені құрайтын жобаның 3-кезеңінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Ағымдағы жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл жоба толық іске асқан кезде Үлкен және Кіші өзендерді толтыру үшін жыл сайын Ресейден ақылы түрде алынатын 107 млн. текше метр суды 20 млн. текше метрге дейін кемітуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, Еділ суына тәуелділігіміз азайып, жыл сайын 305 млн. теңге үнемделетін болады. Әрі 36 мыңнан астам тұрғыны, 354 мың бас малы және ауыз сумен қамтамасыз ететін қолданыстағы 12 жергілікті су тазалау имараты бар Қазталов және Жаңақала аудандарының сумен қамтамасыз етілуіне септігін тигізеді, — деді Арман Өтеғұлов.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Наталья ГОРОХОВА, «Приуралье» газетінің тілшісі:

— Өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласының алыптары болып саналатын «Кроун Батыс», «Батыс Марқа Ламб», «Теректі май комбинаты» ЖШС-лардың бүгінгі жағдайларын айтып өтсеңіз…

Арман ӨТЕҒҰЛОВ:

— «Кроун Батыс» серіктестігінің жұмысы әзірше тоқтап тұр. Себебі, сот процестері жүруде. Яғни «ҚазАгроӨнім» АҚ серіктестік басшылығымен соттасуда. Біз өз тарапымыздан инвестор тартып, не басқа да жолдар арқылы бұл кәсіпорынға қайта жан бітіруді жоспарлап отырмыз.

Ал «Батыс Марқа Ламбқа» келсек, олар былтыр 300 тонна ет өндірді. Қазіргі уақытта ол өнімдер Ресейге шығарылуда. Жалпы, бұл өндірістің болашағы бар. Жыл сайын облысымызда орта есеппен 600 мыңнан аса қозы алынады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты — 250 мың тонна.

«Теректі май комбинатын» өңірімізге танымал кәсіпкер Мұрат Жәкібаев сатып алғаны белгілі. Ол кәсіпорында қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Биыл комбинат іске қосылады деп ойлаймын.

Екатерина ШМИДТ, «Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшісі:

— Ветеринарлық талаптар өңірімізде қаншалықты ескеріліп жүр, аса қауіпті аурулардан өлген мал молаларын жасақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

Арман ӨТЕҒҰЛОВ:

— Егер біз мал шаруашылығын дамытқымыз келсе, бірінші кезекте ветеринарлық талаптарды орындауымыз керек. Осы бағытта тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Жыл сайын көктемде өңіріміздегі барлық малға аса жұқпалы ауруларға байланысты екпе жасалады, өзге де шаралар алынуда.

Облысымыздың аумағында сібір жарасынан өлген мал  молаларның барлығын былтыр таптық. Бюджеттен 100 млн. теңге қаржы бөліп, оларды қоршап, 223 моланы бетондадық, арнайы тақтайша орнаттық.


«Көктем – 2017»: тасқынға дайынбыз ба?..

Күні: , 63 рет оқылды

PRI_8146


Кеше облыс аумағында «Көктем — 2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев басшылық етті.


Деркөл, Шаған өзендеріндегі судың қауіпті деңгейге көтерілуі себебінен «Ивушка» балалар санаторийіне су басу қаупі төнді. Сондықтан төтеншеліктер белгіленген тәртіп бойынша шұғыл эвакуация шарасын ұйымдастырды. Оқиға орнына азаматтық қорғау күштері мен құралдары жедел жұмылдырылды. Соның ішінде қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік, медицина қызметтерінің, энергетика, газбен қамту қызметтерінен электр, газ желілеріндегі апатты қалпына келтіру бригадалары мен техникалары, төтенше жағдайлар департаментінің тиісті құрамы, апаттық медициналық орталығының мамандары және БАҚ өкілдері тартылды. Оқиға орнына келген техника тізбегін ішкі істер департаментінің жол патрульдік полиция қызметі бастап келді. Төтенше жағдайлар департаменті жедел штаб құрып, күштер мен құралдардың іс-әрекетін үйлестірді.

Алдымен санаторий ғимаратынан  шығарылған балалар автобусқа отырғызылар алдында тізіммен тексерілді.  Абайсызда жарақат алған тәрбиеленуші жедел құтқару жасағымен  мамандандырылған медициналық көмек көрсету көлігіне жеткізіліп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Тиісті қызметтердің құрамдары әрқайсысы өз жұмыстарын мінсіз орындауға кірісті. Міне, осындай сүйкімсіз «қойылымды» ойнаған әрі ойнау арқылы жаттыққан төтеншеліктер мен тиісті қызмет құрамдары жаттығуды одан әрі Деркөл өзенінде жалғастырды. Өзеннің ағын арнасы бұрылысында мұз кептелісін болдырмау мақсатында төтеншеліктер мұз ою жұмыстарын жүргізуде.

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мұзды электрлі арамен кесіп жатқан бригада  жұмысымен  танысты.

– Оқу-жаттығуға облыс бойынша  10 мыңнан астам адам, 2 мыңдай техника жұмылды. Жаттығу барысында практикалық дағдыларды қалыптастырудың барлық шаралары өткізіледі. Көктемгі сең жүру кезінде су ағынына тосқауыл болмас үшін Деркөл, Шаған өзендерінен 5 мың шаршы метр болатын мұз  ойылды. Наурыз айының ортасына таман күн салқындайды, Сондықтан ойықтардың орнының жиі болуын қарастырудамыз. Одан басқа да жоспарлы шаруалар атқарылуда. Облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылған қызмет құрылымдары көктемгі су тасқынын аман-есен өткізуге дайын, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев.

PRI_8296Деркөл ауылындағы мәдениет үйі «Ивушка» санаторийінен эвакуацияланған балаларды қабылдауға дайындалған. Залға 16 кереует қойылған. Автобуспен әкелінген санаторий тәрбиеленушілері тіркелуден өтіп, қабылдануда. «2011 жылғы су тасқыны кезінде бұл жерде 100 шақты адамды қабылдадық. Бір залда – 40, екіншісінде, 60 адам орналасты. Биыл ондай қауіп жоқ. Бұл тек жаттығу ғана, — деді Орал қалалық әкімдігінің әкімшілік аумақтық даму бөлімінің басшысы Шынболат Теміржанов. Мәдениет үйінің бір бөлмесі медиицналық пунктке айналған. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бірінші кезектегі қажетті азық-түлік түрлерін әкеліп қойған.

Бұдан әрі жоспарлы шара Оралдан 16 шақырым жердегі Ветелки ауылы маңында жалғасты. Облыс әкімінің орынбасары қар суын ұстап қалуға арналған бөгетті көтеру жұмыстарының барысын көрді. 2011 жылы су тасқыны орын алған кезде оны су жырып кеткен-ді. Сол жағдай қайталанбас үшін оның осал тұсы нығыздалуда. Бұған 70 шақты адам, төрт техника жұмылған. Соның ішінде №5517 әскери бөлім жасағы, «Орал жасыл қала» мекемесінің жұмысшылары еңбек етуде.

– Биылғы көктемгі су тасқынынан келер қауіп жоқ. Алайда Орал қаласының тұрғындары тазартылған көшелерге аулаларындағы қарын шығарып төгуде. Енді сол қар төгінділері еріп, жеке үйлердің аулаларына толуы ықтимал екі-үш көше бар. Қазір сол көшелерді тазарту қолға алынған. Одан басқа көшедегі су жүретін арықтар да тазартылды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашев.

Сонымен, облыс аумағында өткен оқу-жаттығу көктемгі су тасқыны кезеңіндегі ықтимал төтенше жағдайларды жоюға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің, күштері мен құралдарының үйлесімді әрі жедел іс-әрекет жасай  алатындығын  байқатты.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Шырайлы кездесу

Күні: , 60 рет оқылды

PRI_7831


Облыс әкімі Алтай Көлгінов  8  наурыз – Халықаралық әйелдер күні  мейрамы  қарсаңында  қоғамдағы белсенді аналар мен қыз-келіншектерді  төл  мерекелерімен  құттықтады.


Қаламыздағы Салтанат сарайында өткен жиынға ҰОС ардагерлері, «Әжелер сәлемі» ансамбльдерінің өкілдері, түрлі салаларда жетістікке жеткен ардагер аналар мен танымал қыз-келіншектер қатысты.

– Елімізде алғыс айту күнінен басталатын наурыз – мерекелі ай.

Бүгін аналарымыздың, апа-қарындастарымыздың мерекесінде қауышып отырсақ, алда көрісу айты, одан кейін біздің жаңа жылымыз – Hаурыз мейрамы келеді. Сондықтан сіздерді, сондай-ақ барша батысқазақстандық аруларды, аналар мен қыз-келіншектерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Өткен жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік. Бұл орайда сіздердің, әсіресе, алдыңғы буын ардагер аналарымыздың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Тәуелсіздігіміздің келесі ширек ғасырына аяқ басқан сәтте өздеріңізбен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Арамызда отырған Ұлы Отан соғысының ардагерлері Алевтина Тимофеевна, Лидия Игнатьевна, сіздерге ерекше ықыласымды білдіргім келеді. Өңіріміздегі тұрғындардың саны 640 мың болса, олардың 330 мыңы әйел адамдар екен. Атқарушы және өкілетті органдарда басшылық қызмет атқаратын әйел адамдардың саны жылдан-жылға артып келеді. Осындай лауазымды қызмет атқаратын батысқазақстандық 134 әйелдің қатарында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары бар. Өткен жылдан бастап Бибігүл Қонысбаева Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Өңірде төрт аудан әкімінің орынбасары, 16 ауылдық округ әкімі нәзік жанды жаратылыс өкілдері. Облыстық басқармаларда жетекшілік қызмет ететін – 58, ал түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары қатарында 54 әйел адам бар. Облысымыздағы білім саласында қызмет атқаратын 20 мың педагогтың 17 мыңы – қыз-келіншектер мен аналар. Өңірдегі барлық кәсіпкерлік нысандардың жартысына әйел адамдар жетекшілік етіп келеді. Елбасымыздың Жарлығымен алтын алқа, күміс алқа иегері атанған көп балалы аналардың саны облысымыз бойынша 8 мыңнан асады. «Әйелдер жүрген жерде тәртіп болады» – деп Президентіміз айтқандай, билікте, кәсіпкерлікте, қоғамның өзге де түрлі салаларында әйел адамдардың белсенділік танытып отырғаны бізді қуантады, — деді Алтай Сейдірұлы құттықтау сөзінде.

Ақ дастарқан басындағы емен-жарқын кездесу барысында ардагер аналар мен қыз-келіншектер сөз алып, алғыс-тілектері мен ризашылықтарын білдірді. Түрлі өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы мерекелік шараның шырайын аша түсті. Өңір басшысы жиын соңында мереке иелеріне сый-сияпат табыстап, олармен естелік суретке түсті.

* * *

PRI_7618Түстен кейін облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов облыстық қазақ драма театрының фойесінде өңірдегі әжелер ансамбльдерінің мүшелерін мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Салтанатты шара облыстық филармония ұжымының концертіне ұласты.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Cуреттерді  түсірген Айбатыр НҰРАШ,

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Әкелер сайысы

Күні: , 28 рет оқылды

IMG_0268


Әке мен ағаның отбасында өзіндік орны бар. Әке өз алдына, талай ағалар әке-шешеден ерте айырылған іні-қарындастарына аялы қамқорлықпен қарап,  ұлды үйлендіріп, қызды  тұрмысқа берген. Таяуда сол дәстүрдің жаңғырығы ретінде қалалық жастар мәдениет үйінде тәрбиелік шара өтті. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету бойынша  аумақтық орталығы ұйымдастырған шараға қамқорланушы, мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары, тәрбиешілер, шақырылған қонақтар қатысты.


Шараны аталмыш мекеменің директоры А. Дәулетов ашып, жиналғандарды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, аталмыш басқосудың ерекшелігі хақында айтты. Мерекелік шарада өнер-білім бағытында қамқорлыққа алынғандардың әкесі мен ағалары да сайысқа түсті.

 Сайыс бес кезеңнен тұрды. Білім мен өнер, қабілет пен күш-жігер сайысында оған қатысушылардың ешқайсысы да аянып қалған жоқ. Әке мен ағалар ән салды, жыр-шумақтарын оқыды, қызықты ойындар ұйымдастырды. Қала берді, игі тілектер бойынша білім сынасты. Әсіресе, көйлекке екі түйме тігу, салат жасау, макияж салу сынды қызықты көріністер жиналғандар тарапынан қызу қолдау тапты.

«Жүзден жүйрік озады жарысқанда» дегендей, екі сағаттан астам уақытқа созылған доданың жүлдегерлері де анықталды Бас жүлде тәрбиеленуші Ихсанғали Мұстахимнің ағасы Жеңісбек Жанғалиұлына бұйырды. Екінші және үшінші орындар тиісінше қамқорланушы Аян Сұңғаттың әкесі Сұңғат Бақтыгерейұлының және қамқорланушы Бисек Нұрқанның ағасы Мағжан Нұрлыбекұлының еншісіне тиді. Жеңімпаздарға сый-сияпат табыс етілді.

Шара барысында мәдениет үйінің жас өнерпаздары өнерлерін көрсетті. Солармен бірге мүмкіндігі шектеулі балалар да ән салып, өлең оқыды. Сөйтіп, тәлімді шара мазмұнды да тартымды өтті.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ


Бұлдыртының «байы»

Күні: , 46 рет оқылды

DSC04790


Бұлдыртылық Әбділхамит Дабаров – өңіріміздегі ең бай адамның бірі. Нақтылап айтсақ, ол жеті баланың әкесі және 7 мың кітаптың иесі!


Әбділхамит Хасанұлы үшінші мүшел жасқа келгенде үйленген екен. Төртінші мүшелде сүт кенжесі өмір есігін ашқан. Сөйтіп, ердің жасы – елуге көп балалы әке ретінде аяқ басты.

Төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген кейіпкеріміз – педагог. Қырық екі жыл бойы Бұлдырты орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінен сабақ берді. Ауылда волейболдың, әсіресе, қыздар арасындағы бұл спорт түрінің дамуына барынша жағдай жасады.

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының соңында бұлдыртылық бойжеткендер облыстық жарыстарда аудан намысын абыроймен қорғап, жеңімпаз-жүлдегер атанып жүрді.

— Балаларымның бәрі спортқа бейім болды. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі спорт үйірмелеріне қатысты. Өскен соң мұның пайдасын көрді. Мәселен, 1992 жылы туған төртінші балам Айбек алдағы өмірін әскери саламен байланыстырғысы келіп, мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы әскери құрлық институтына құжаттарын тапсырды. Барлық сынақтан жоғары баға алып, оқуға қабылданғаннан кейін жас жауынгер курсынан өтті. Онда күннің шыжып тұрған уақытында 12 шақырым сынды алыс қашықтықтарға жүгіртетін. Айбек көп қиналмастан жүгіріп келетін. Ал өзімен замандас еңгезердей жігіттер ыссылыққа шыдай алмай, талай рет құлаған. Сол балам қазір Оңтүстік өңірлік қолбасшылығында рота командирі болып қызмет атқаруда. Салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану екінші балам Байсалға ішкі істер құрылымында жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды. Ер баланың кішісі Нұрбек менің жолымды қуып, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының дене тәрбиесі факультетін бітірді. Қазір Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеп жүр. 1999 жылғы кенже қызым Айлиза мектепте шахмат үйірмесіне қатысқан еді. Ол осыдан бес-алты жыл бұрын «Орал өңірі» газетінің бетінде ұйымдастырылған шахмат бәйгесінде жүлделі орын алды. Айлиза мен Азиза деген кенже қыздарым – қазір әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың студенттері. Бірі география және табиғатты пайдалану, екіншісі, механика-математика факультеттерінде оқуда. Орда бұзар жасқа келген тұңғышым Арман да Алматыда студент. Ол С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медуниверситетін биыл бітіреді. Ал қызымның үлкені Аида Оралдағы халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек етеді. «Балалы үй базар» демекші, бұрын балалар үйде жүргенде мәре-сәре болып жататынбыз. Қазір бәрі өсіп-өніп, жан-жаққа кетті, зайыбым екеуміз қалдық. Ара-тұра қаладан немерелеріміз келгенде қуанып, бір жасап қаламыз, — дейді Әбділхамит ағамыз.

Дабаровтар отбасынан өрген барлық баланың жоғары білім алып, көркем мінез-құлықтың иесі болуына ата-ана, ұстаздардың тәлім-тәрбиесімен қатар, бұл үйде сақталған 7 мың кітап қоры да өз үлестерін қосты. Бұл кітаптар – Хасан ақсақалдан қалған мұра. Ұлы Отан соғысының ардагері, жас ұрпақты жаратылыстану пәні бойынша білім нәрімен сусындатқан Хасан Ихсанұлы өмір бойы кітап жинап өткен. Ол кісінің жеке кітапханасындағы кітап саны 10 мыңға жеткен көрінеді. Біраз адам сұрап алып, кері қайтармауының салдарынан азайған. Олардың арасында Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды қазақтың біртуар ұлдарының көптеген еңбектері, шежіре кітаптар бар. «Әкем марқұм айтатын еді: «Ешкімге кітап берме, одан да қолына ақша ұстат.

Себебі ақшаны қайтаруы мүмкін, ал жақсы кітапты кері алу қиын» деп. Әкемнің осы өсиетін барынша орындап келемің, — деді кейіпкеріміз. — Талай адам сат деп келді, біреулері су жаңа көлік ұсынды.

Тіпті Алматы музейінің қызметкерлері де ат терлетіп келген болатын. Оларға әкемнің әдісін қолдандым. Яғни арнайы келген жандарға жақсы бір кітапты тарту ете отырып: «Бұл менің байлығым, оны ешкімге бере алмаймын, себебі қазір бұл кітаптар балаларыма рухани серік болса, ертең немерелеріме қажет» деп уәж айтамыз. Дегенмен де кезінде әкем республикалық, облыстық кітапханаларға, кітапқұмар ағайын-туысқа біраз кітаптарды сыйға тартты. Жалпы, осынау рухани дүниенің балаларыма пайдасы көп болды. Мәселен,  мектептен тапсырма бергенде, олар қажет кітаптарды іздеп әуре болмайды, бәрін үйден табады. Бізде үлкен кеңес энциклопедиясының 50 томдығы, оның екінші рет шығарылымының 30 томдығы, 10 томдық Бүкіләлемдік тарих энциклопедиясы, 5 томдық математика энциклопедиясы бар. Сондай-ақ орыс-қазақ, орыс-араб, парсы, ағылшын және өзге де тілдерінің түрлі сөздіктері сақтаулы. Әкем географ болғасын жаратылыстану бағытындағы кітап көп. Жалпы әкем – кітап түгілі, газетті жыртпаған, онымен қол сүртпеген адам. Ол газеттер оралып келетін сары қағаздарды ерінбестен поштадан алып келіп, оларды кесіп, қол сүртуге, әжетханаға дайындап қоятын. Газеттер тігіндісімен сақталатын. Кітап оқығанымызда, оның бетін бүктетпейтін. Оқыған жерлерімізден шатысып қалмауымыз үшін беттің арасына салуға арнайы қағаздар беретін. Осындай әкеміздің болғанына мың да бір шүкір деймін».

Бұл жанұяның отанасы Аққағаз Ғалиева – еңбекқор жан. Кеңес заманы тұсында сауда саласында қызмет атқарған ол ел тәуелсіздігінің елең-шағында қолына ала дорбасын алып, Алматы мен Бішкектен киім тасыды. Үй аумағындағы бес соттық жердің жартысын бақшаға айналдырып, жеміс ағаштарын, көкөніс екті. Бау-бақшаға арналған газет-журналдар алдырып, өнім түрлерін де, көлемін де көбейтті. Дабаровтар отбасы сондай-ақ денсаулық бағытындағы басылымдарға да тұрақты түрде жазылды. Салауатты өмір салтын ұстанудың, табиғи тамақтарды тұтынудың арқасында жеті баланың денсаулығы сыр берген жоқ.

— Біздің үйдің отағасының бойында азаматқа тән қасиеттің бәрі бар. Ең бірінші, оның сабырлылығын, төзімділігін, қайсарлығын қадір тұтамын. Алғаш танысқанда осындай қырларымен баурап алды десем, артық айтқандық емес. Егер мұндай қасиет болмаса, мені жеті жыл бойы күтпес еді ғой. Айта кетейін, оқимын, мамандық аламын деп оның ұсынысын жеті жылға шегерумен болдым. Өмірде маған сенімді серік болды. Соның арқасында алға қойған мақсаттарымызға жеттік, — дейді Аққағаз Ғалиева.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Сырым ауданы


Аналарға гүл сыйлады

Күні: , 127 рет оқылды

IMG_8456


Наурыздың 8-і күні облыстық перинаталдық орталығының мәжіліс залында «Шабыт» шығармашылық бастамалар орталығы қоғамдық бірлестігінің ұжымы болашақ аналарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.


— Осындай шараны алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Алдағы уақытта кең көлемде өткізгіміз келеді. Бізге өмір сыйлап, мейірім шуағын шашқан аналарымызға алғысымыз шексіз және осы шараны ұйымдастыруымызға қолдау білдірген облыстық перинаталдық орталықтың басшылығына рақметімді айтамын, — деді шараны ұйымдастырушы Тілек Бақтыгереев.

Аталмыш шарада әр түрлі оқу орындарынан құралған студенттер ән шырқап, аналардың қошеметіне бөленді. Кейін  қолындағы раушан гүлдерін сәбиін күтіп жүрген аналарға ұсынып, көңілдеріне қуаныш ұялатты. Шара барысында қазақтың қара домбырасымен тартылған күйдің әсем әуені облыстық перинаталдық орталықтың ішін шаттыққа толтырды.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика