Мұрағат: 06.03.2017


Өнегелі өмір

Күні: , 215 рет оқылды

Копия IMG_2645


Бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Айжан Сатаева тек ұстаз болып қана қоймай, Шағатай ауылының қоғамдық өміріне белсене араласқан.  Ол жылдар бойы төккен тері мен адал еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін»  медалінің иегері атанып, «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі», «Қазақ КСР-ы оқу-ағарту ісінің үздігі» атағын алып, түрлі марапаттарға ие болды.


Кейіпкеріміздің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Олар Айжан, Күнжан деген бір үйдің егіз қыздары еді. Соңдарынан ерген Қанатқали есімді інісі бар. Сол кездегі Чапаев ауданының Мерген ауылында тұратын. Сол бір мұңды да, мұңсыз бала күндері жасы 80-ге таяған Айжан әженің есінде сол қалпы сақталыпты.

— Менің аты-жөнім Сатаева Айжан Ескендірқызы болғанымен, негізінде Нысанбай Қарасаев деген кісінің қызымын. Алайда анамның екі інісі бірдей соғысқа аттанып, нағашы әжеміз Алғабас деген ауылда жалғыз қалады. Соғысқа аттанарда Ескендір нағашым үйге келіп анама: «Екі қыздың бірін анамыздың қасына жіберерсің, жалғызсырамасын» деп аманаттап кетеді. Күнжан маған қарағанда ширақ, пысық, шымырлау еді. Соны ескеріп, анам оны өгіз арбаға отырғызып, шығарып салады. Алайда орта жолда өгіздері болдырып, арбасы сынып, Күнжан азып-тозып үйге келеді. Келесі күні жол азабын тартқан ол: «Мен енді бармаймын» деп әлек салады. Сосын:

«Сен барасың ба?» десе, «Барамын» дейтін көрінемін. Сөйтіп, мен нағашы әжеме келдім, — деп әңгімесін бастады Айжан әжей.

Осылайша қоңыр күзде бала Айжанның Алғабас ауылындағы жаңа өмірі басталады. Ол көрші қызға ілесіп, мектепке келеді. Қолына қалам ұстап көрмеген, жазу, сызу дегеннің не екенін білмейтін оған алғашында қатарға ілесіп кету қиынға соғады. Арада біраз уақыт өтеді. Бірде мұғалім аяқ астынан қағілез қара қыздан сабақ сұрайды. Әлі ешнәрсе ұғынып үлгермеген ол мұғалімнен қатты ұрыс естиді.

Үйге жылап келіп, бар мұңын айтқан оны әжесі: «Сен мектептен қалма. Ертең бармай қалсаң, балалар күледі. Мұғалімді мұқият тыңдап, бәрін үйреніп ал» деп жұбатады. Осы күннен бастап өз-өзін қайрап, алға ұмтылған алғыр қыз екінші тоқсанда оқу озаты болады.

0949d793-d84c-4b1a-a182-77b3e6406893— Өмірде кейде біз түсінбейтін тылсым жағдайлар орын алады. Бірде мұғалім менен құжаттарымды сұрады. Әжем екеуміз ауылдық кеңеске бардық. Әжем: «Мына қызыма құжат керек. Тегі Сатаева» деп айтып жатса, әлгі кісі: «Иә, Сатаева Айжан Ескендірқызы бізде бар ғой», — деді. Сонда Ескендір нағашым өзінің соғыстан оралмайтынын сезгендей, мені өз атына жаздырып кетіпті. Тылсым жағдай деп отырғаным, ол анама: «Екі қыздың бірін жібер» деп айтып кеткенімен, Күнжанға жол шықпай, менің барғаным еді. Марқұм нағашымның солай боларын сезгендей, мені жаздырып кеткенін қарашы, — деп еске алады әжей сол шақтарды.

Сөйтіп, нағашы әженің бауырында болып, жылдар жылжып өтіп жатады. Әже құшағы мейірімге толы болғанымен, 7-8 жасар қызды анаға деген, туған ауылға деген сағыныш мазалай бастайды. Ол кішкентай болса да, «Мамамды сағындым» деп айтса, әжесін ренжітіп алам ба деп қорқатын. Сондықтан іштей құса болып жүрген ол төбеге шығып, «мамалап» жылап алатын. Ол кезде жалғызілікті аналарға колхоз көмектесуші еді. Бірде колхоз жұмысшылары есік алдына шөп түсіріп кетеді. «Қандай керемет шөп?» деп таңғалған бала Айжанға әжесі: «Ол шөп емес, сабан ғой» деп қалады. Сол сәт-те оның санасына төмендегідей өлең жолдары орала кетеді.

Ойласам, шөп дегенім — сабан екен,

Горячкин — менің туған қалам екен.

Анамды көрмегелі үш жыл болды,

Қалама енді қашан барам екен? — деп алғаш рет өлең жазады. Әрі осы хатын поштамен ауылына салып жібереді. Содан бері Айжан әжей көкірегіне құйылып келген өлең жолдарын қағазға жазып қоюды әдетке айналдырған.

— Нағашы әжем Қайша өте ажарлы, қолы берекелі адам еді, жарықтық. Бір бұзаулы сиырымыз болды. Жалғыз сиырдың сүтінен май, қаймақ, сүзбе, құрттың түр-түрін жасайтын. Жұрт бізден келіп алып жататын еді. Бірде мен қызылша болып, қатты ауырдым. Ол кезде балалардың көбі қызылшадан қайтыс болатын. Есімді жисам, күбірлеген дауыс естіледі. Сөйтсем, әжем бөлменің ортасына ақ орамал жайып: «Ей, Алла! Қызымды алғанша, мені ал» деп мені айналып, Аллаға сыйынып жүр екен. Осы көрініс әлі күнге көз алдыма келеді. Әжем екеуміздің арамызды көзге көрінбейтін нәзіктік жалғап тұратын. Мен қайда жүрсем де, сол кісіні ойлап, алаңдап жүретінмін. Нағашы әжем 108 жасқа толып, өз қолымнан бақиға аттанды, — дейді әжесін сағынышпен еске алған Айжан апай.

Ол алғашқы еңбек жолын өз-өзіне қатал талап қоюдан бастайды. 36 жыл бойы Шағатайда ұстаз болып елге танылған Айжан Ескендірқызының кейінгі мұғалімдерге де өз айтары бар. «Мұғалім әр кез әдемі, таза киінуі керек. Өйткені бірнеше көз саған қадалады. Олар кішкентай бала болғанымен, бәрін сезеді. Мұғалім әдемі сөйлей білуі керек. Себебі бірнеше оқушы құлақ тігіп, сені тыңдап отырады. Сенің әр сөзің олардың біразының жүрегінде қалып қояды. Ешқашан балаға дауыс көтеруге болмайды», — дейді ол. Мұғалім Айжан шәкірттерінің талап-тілегін сол бойда орындауға тырысатын. Жазда оқушылармен маса-шыбынға таланып, тоғайға барса, қыс мезгілінде ауыл жанындағы жарқабақтан сырғанақ тебетін.

— Биік құздан төмен құлдилай жөнелгенде іштей: «Ей, Алла, төменге аман түссем екен» деп көзімді жұмып аламын. Бірақ балаларымның көңілін қалдырғым келмейтін, – деп күледі әжей. Белсенділігімен көзге түскен ұстаздың көздеген нәрсесін дәл атып түсіретін мергендігі де бір мақалаға жүк боларлық әңгіме. Таңнан кешке дейін физика, математика пәнінен қазақ, орыс сыныптарына сабақ бере жүріп, ол мектептегі партком хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметтерін қоса атқарды. Инженер-механик Сағынтаймен көңіл жарастырған біздің кейіпкеріміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Нұрлан бүгінде Бөкей ордасы ауданының әкімі, өзге ұл-қыздары жеке кәсіппен айналысып жүр. Бүгіндері өзі де әже атанып отырған Гүлнұр апай (үлкен қызы) Шағатайда қалған бақытты балалық шақтарын сағынышпен еске алады.

— Анамыз бізге өте қатал болды. Бірақ ол ешқашан дауыс көтеріп, айқайлап, ұрыспайтын. «Ананы, мынаны істе» деп те айтпайтын еді. Ол кісі бізді қабағымен тәрбиеледі. Бірақ сіңлім екеуміз үйдің ішкі жұмыстарын, ұлдар сыртқы жұмыстарды жасап қоятынбыз. Анамыз ылғи жұмыс, іссапармен жүгіріп жүретін. Аудан орталығына, қалаға, енді бірде Алматыға барып келіп жатады. Әкеміз апамыздың жоқтығын білдірмей, тамақты өзі дайындап қоятын. Үйде белгілі бір тәртіп бар еді. Әкеміз апамызды өте қатты сыйлайтын. Ол кісі шетелге шипажайларға жиі шығатын. Ал анамыздың әкеммен бірге баруға ылғи уақыты болмайтын. Әкем анама әр барған сайын әдемі көйлектер, туфлилер әкеліп беретін. Бізге ылғи: «Мамаларыңа ауыр зат көтертпеңдер» деп анамызға қамқорлық танытатын, — дейді Гүлнұр апай.

— Мұғалімге ол кезде де қатал талап қоятын. Қазіргі айтып жүрген қағазбастылық ол кезде де болатын. Әсіресе, математика, қазақ, орыс тілі әдебиеттерінен сабақ беретін мұғалімдер үшін қиындау еді. Мен сол кездегі Шағатайдағы мектеп директоры Ақлима Ахметованы өзіме үлгі тұттым. Сол кісідей еңбекқор, ізденімпаз болуға талпындым. Тағдырдың үлкен сыйының бірі – өмірлік жарым мені түсінетін өте жақсы адам болып кездесті. Ол менің тынымсыз қызметіме түсіністікпен қарады. Таңнан кешке дейін мектепте сабақ беремін. Ал үйде түнімен отырып, дәптер тексеремін. Бақылау жұмысы, үй жұмысы, сынып жұмысын тексеру, сабақ жоспарын жазу қарайған уақытты алатын. Түнімен шұқшиып, қағаздан бас алмай отыратын мені жұбайым аяды ма екен: «Бір-екеуін тексеріп, көрсетіп бер. Сосын мен саған көмектесейін» дейтін. Сөйтіп, ол арасында бақылау жұмыстарын тексеруге көмектесіп жүрді. Мен өз мамандығымды қатты жақсы көрдім. Сондықтан да бар күш-жігерімді салып, шәкірттерімнің тәрбиелі, білімді болуларына өмір бойы мүдделі болдым, — дейді ол.

Жастық жалын-жігерін ұрпақ тәрбиесіне арнаған кейіпкеріміздің ерен еңбегі үшін алған марапаты аз емес. Ол кісі өткен күндерден естеліктер айта отырып, бізге 1945 жылдан бері алған мақтау қағаздары мен медальдарын, дипломдарын көрсете бастады. Оқушы кезінде алған мақтау қағаздарын асқан ұқыптылықпен альбомдарға жапсырып, жинап қойған әженің мұқияттылығы тәнті етті. Бүгінде ауыл, аудан халқы ардагер ұстазды құрмет тұтып, әр түрлі жиындарға жиі шақырып, төрден орын беріп жатады. Осы құрметтің өзіне қарияның көңілі толып, риза болып қалатынын жасырмайды. Кейінгі ұрпағына өлеңдері мен өнегелі ғұмырын кітап қылып жазып қойған Айжан әжейдің айтары көп. Көкірегі қазына қария ұрпағының амандығын, елінің тыныштығын тілейді. Қазіргі күнде ол қол-аяғы жоқ болса да, өмірде үлкен жетістіктерге жетіп жүрген шетелдік Ник Вуйчичтің «Жизнь без границ» кітабын оқып жүр.

— Мен бұндай өмірді ешкімге тілемеймін. Бірақ қол-аяғы бүтін, дені сау адамдар осындай жандарға қарап, ойланса екен. Мүмкіндегі шектеулі мүгедек адам жетістікке жеткенде, мен неге жете алмаймын деп өздерін қайрап, алға ұмтылса деймін. Өйткені жақсы өмір сүруге талпынған адамға барлық мүмкіндік бар.

Бәрі де адамның өзіне байланысты, — дейді ардагер ұстаз.

Шаңырағы шаттыққа толы қария өткен күндерді сағынышпен еске алады. Бүгіндері ұл-қыздарынан тараған немере-шөберелеріне әже өмірі – үлгі-өнеге.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Білім беру бөлімдеріндегі заңбұзушылықтар

Күні: , 64 рет оқылды


Таяуда  облыстық  әдеп  жөніндегі  кеңесінің  кезекті  отырысы өтті.  Алдымен,  облыстық  экономика  және  бюджеттік  жоспарлау басқармасы  мен  облыстық  жастар саясаты  мәселелері  жөніндегі басқармасының  өкілдерінің  мемлекеттік  қызмет  және  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  бойынша  жұмыс  қорытындысы тыңдалып,  аталған  мекемелердің басшылығына бұл бағытта нақты  іс-шаралар  жоспарын жасақтау  тапсырылды.  Кейін Ақжайық  және  Сырым  аудандарының  білім  беру  бөлімдерінің басшылары  мен  Тасқала  ауылдық  округі  әкімінің  тәртіптік  істері  қаралды.


Кеңес отырысында Сы­рым аудандық прокура­турасы аталған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиеваның ҚР «Мем­лекеттік сатып алу туралы» заңы­ның талаптарын бұзғанын, яғни  жалпы білім беретін орта мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізілгенде орындалмаған жұ­мыстар бойынша актілерге қол қо­йып, бюджет қаражатын мердігерге заңсыз толық аударғанын анықтағаны мәлім болды.  Нәти­жесінде ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 50-бабының 1-тар­мағының 4 және 5-тармақ­шаларына сәйкес мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіп­тік теріс қылық жасағаны үшін бөлім басшысына «қызметіне толық сәй­­кес еместігі туралы ескерту» тү­ріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Сырым ауданы әкіміне ұсы­ныс беру жөнінде шешім қабыл­данды. Кейін Тасқала ауылының тұрғыны Б. Өтегеновтің арызы негізінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі­нің БҚО бойынша департаменті­нің мамандары жүргізген тексеру нәтижесі хабарланды. Тасқала ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының қызметіне сол округ әкімі Светлана Өтімесова­ның заңсыз араласуына байланысты ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 50-бабының 1-тар­­мағының 1-тармақшасымен   ауыл басшысына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Тасқала ауданының әкімі­не ұсынысхат жолданды. Ал Ақжа­йық аудандық білім беру бөлімі­нің басшысы Мереке Зиналиевтің балаларға арналған жаңажыл­дық шырша шарасын өткізуге қатыс­ты мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзып, конкурсқа қатысуға құқылы кәсіпкерлердің құқықтарын шектегені және заңсыз таңдау арқылы кей кәсіпкерге қолдау көрсет­ке­ні үшін аудандық прокуратура ұсы­нысы негізінде ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының 50-ба­бының 1-тармағының 4 және 11-тар­мақшаларына сәйкес шенеу­нік­ке «атқаратын мемлекеттік ла­уа­зымынан босату» түріндегі тәр­тіптік жаза қолдану туралы Ақжа­йық ауданы әкіміне ұсыныс беру жөнінде  шешім  қабылданды.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ


«Әлемнің мәні әйелде»

Күні: , 50 рет оқылды

IMG_0591-06-03-17-02-45


Қадыр  Мырза Әли атындағы  мәдениет  және  өнер орталығында халықаралық  әйелдер  күніне   орай   «Әлемнің мәні әйел­де» атты тәрбие  сағаты  өтті.


Шараға арнайы ша­қы­рылған қонақтар – мұ­ражай саласының ар­дагері Сара Танабаева, көп балалы батыр ана Зиба Шоңыраева және «Қазақ ағарту ісінің озық қызметкері» медалінің иегері, іс­мер Айдай Есқалиева қатысты. Олар жиналған қыз-келіншектер­ге қазақ қызының болмысы  қан­дай болуы керекті туралы ақыл-өсиеттерін айтып, өздерінің жас­тық шағынан сыр шертті.

– Мен 1941 жылы дүниеге кел­генмін. Соғыс кезінде аналары­мыз­дың жұмыстан қолы босама­ды. Дегенмен біз алған тәрбие қа­зіргіден мүлдем бөлек. Үлкен кі­сілердің суын апарып беру, есі­гінің алдын қардан тазалап, үйін жуып беру біз үшін әдеттегі шар­уадай көрінетін. Алды­мыздағы­лар­дың көпшілігі мектепті де бітіре алмады. Мектепке баруым үшін бірінші сыныптан бастап кі­сінің үйінде, жатақханада жатуыма тура келді. Әйтсе де білімге талпынып, өз еңбегіммен оқуға түстім. Сол кездегі қазақ халқы­ның күйбең тіршілігі өз ретімен бізді де тәрбиелеп отырды. Ал қа­ладағы қазақтың тәрбиесі өте осал. Бүгінгі ұрпақты көріп жаным ашиды. Тәрбиенің кемдігінен қанша­ма шаңырақ шайқалып жатыр. Бұл олқылықтардың орнын толтыру сендердің мойындарыңда, – деді Сара Танабаева.

Сырласу кешінде Айдай Есқа­лиева қыздарға ісмерліктің қыр-сырын айтып, оларға арнайы әкелген туындыларын көрсетті. Нәзік жандылардың құрметіне Ерлан Қуанышев, Гүлзада Ахметова, «АртМэн» тобы әдемі сазды әуендер орындады.

Айымгүл  ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»


Асыл әже

Күні: , 56 рет оқылды

Набира апай


Көзі қарақты оқырманның есінде шығар, жаңа ғасырдың басында «Асыл әже» атты ән көпке дейін теледидардан көп көрсетілді. Әннің әуездігі өз алдына, бейнебаяндағы асыл әженің аяулы да ардақты бейнесі кез келген көрерменді көңіл шуағына бөледі. Тап сондай әжелер, қазір сиректеу болса да әйтеуір бар. Соның бірі — Орал қаласының тұрғыны Нәбира Сайынова.


Ол Арқа өңірінде, Қостанай облысы, Жангелді ауданында дүниеге келген екен. Шопанның қызы болғандықтан, сары даланың табиғи болмысын бойына жиып өскен. Өзінің айтуынша, әкесі қайратты кісі болған. Соған тартқанға ұқсайды. Бойына біткен қайсарлығы мен пысықтығының күні бүгінге дейін септігі көп.

Сонау жылдары мектепті ойдағыдай бітіріп, арман қуған Нәбира жыр қала, гүл қала — Алматыдан бір шықты. Осында қазақ білім-ғылымының қара шаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ды аяқтады. 18 жасында тұрмысқа шығып, жерлесі Жақсымбекпен бірге отау тікті. Марқұм жұбайы Жақсымбек Мәскеудегі К. Тимирязев атындағы ауыл шаруа-шылығы академиясын бітірсе, Нәбира журналист мамандығының дипломын алып шықты. Жас жар және ана Алматыдағы «Кі-тап» баспасында корректор болып еңбек етті. Шағын үйде жұбайы мен балалары ғана емес, енесі Назым және қайын сіңлісі Бақытжамал бәрі бірдей тату-тәтті өмір сүрді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында отағасы Жақсымбек өзіне етене таныс, сол кездегі Орал обкомының бірінші хатшысы Мұстахим Ықсанов жұмысқа шақырғанда, көп іркіліп қалмады. Үйдің үлкені Назым әже де көрмеген-білмеген жеріне барудан жүрексінбей, келін-баласына ақ батасын берген. Сөйтіп, Сайыновтар отбасы Жайық бойына қоныс аударды. Жақсымбек облыс орталығындағы «Қаззапгипроводхоз» институтында әуелі бас инженер, соңынан директор болып еңбек етті. Жары Нәбираға да облыстық мәдениет саласынан лайықты қызмет табылды.

Бәрі сәнді, бәрі мәнді болып, ұйыған отбасы шат-шадыман өмір сүріп жатқан еді. Алайда 1989 жылғы Жақсымбектің тосын ажалы шаңырақты шайқалтып жібере жаздады. Нәбира апамыз жылады-сықтады, қатты қайғырды, жоқтады. Алайда әкенің соңында қалған екі ұл Серіжан мен Біржанның, қызы Сәуленің көңілін жүдетпес үшін белін бекем буып, жарының аманатын арқалап, көңілін бекітіп, барға шүкір жасап, өз-өзіне келді. Жұмыстан бір сәт те қалған жоқ. Арада жылдар жылжып өтіп, бұл отбасы да жаңа ғасырға етене енді. Жалғыз ұлдың қайғысын арқалап, Назым ене де өмірден озып кетті. Жар қайғысы енді сейіліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, қайрат жетегінде жүргенде, қос ұлынан айырылып қалды. Мұндай ауыр қайғы кез келген жанды қаусатып жібереді емес пе?! Өзегіңді жарып шыққан, бауыр етің баладан айырылу айтуға да оңай емес. Өмір бойы сыйласқан енесі мен жарынан кейінгі ауыр қазаны бұл жолы абзал ана, асыл әже жалғыз қызы мен немере-жиендерінің қамын ойлап, жылдар өте есеңгіреп барып, еңсеріп шықты. Еңсеріп қана қоймай, Лаура, Лианна, Бекхан, Альбина сияқты немерелерінің жастай жесір қалған анасына екінші рет тұрмыс құруына рұқсатын берді. Жан дүниесінің кеңдігі қандай десеңізші?! Өз ұрпағын өзгеге жаутаңдатпау үшін немерелерін алып қалып, ата-анасыз аялап бағып отыр. Алла Тағаланың мейірімі болса керек, әженің бауырында қалған немерелерді ауру-сырқау да көп мазаламаған. Қазір олардың алды жоғары оқу орындарын бітіріп, мынау өмірден тиесілі үлесін алып жатса, қолындағылары мектепте.

— Әлі күнге дейін өзіме-өзім таңданамын. Төрт кішкентай немере бағып жүріп, бір минутта себепсіз жұмыстан қалғаным жоқ. Бала бағу — сәбилік шағында ғана қиындау. Әрі қарай өсіп жетілгесін, бірін-бірі бағады ғой. Қазір жұмыстан үйіме барсам, немерелер, әсіресе, қыздың бірі аяқ киімді шешіп орнына қойса, екіншісі пальтомды не желбегейімді орнына іледі. Маған айтатындары тек екі сөз: «Әже», «Ақ әжем». Қонаққа бара қалсам да, әлсін-әлі телефон шалып, іздеп жатады. Айтпақшы, немерелерім білім алатын қалалық №22 орта мектепте ата-аналар комитетінің төрайымымын. Олар маған үнемі алғыс айтып, мереке сайын шақырады, сый-сияпатын ұсынады. Бәріне де мың да бір рақмет! — дейді бүгінде асыл әже Нәбира.

Мәдениет саласында қырық жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Нәбира Сайынова — қызығы мен қиындығы қайнаған жұмыстың ыстық-суығын әріптестерімен тең бөлісіп, шаттығы мен шапағатын бірге көріп, өнердің құдіретіне табынған жан. Қарап отырса, қаншама жолдан өтті, игі жақсылармен, өнер адамдарымен бірге болған сәттер, тамаша өткен сахналық шаралар мәдениетті шексіз сүюге, қайсарлыққа үйреткендігі туралы айтары мол, көргені көп. Кезінде қазақтың өнер саңлақтары Роза Бағланова, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешева, Айгүл Үлкенбаева, Елена Әбдіхалықова, Айгүл Қосанова және тағы басқаларына Ақ Жайық өңірін аралатқаны да бар. Сұрасаң, оны сағаттап айтады. 2006 жылы ҚР Мәдениет қайраткері құрметті атағын алды. Басқа да марапаты жетіп жатыр.

Ұзақ жыл бойғы облыс мәдениетін өркендету жолындағы еңбегінде Ж. Ақбаев, А. Берғалиев, М. Омарғалиев сынды білікті де білгір басшылармен қоян-қолтық еңбек етіп, ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпаққа насихаттауда жинаған мол тәжірибе мен көрегендігін ел игілігіне жұмсаудан жалықпай, бар ғұмырын осы салаға арнағанын мақтан тұтады. Нәбира апай үшін жарық дүниедегі ең маңыздысы, ұлдарынан қалған тұяғы, тіршіліктің сәні, өмірдің мәні – немерелері.

— Қаншама қиыншылық пен қайғы-қасірет көрсем де, өміріме өкпем жоқ. Сол шақта басымды сүйеген, қайғымды бөліскен жақын-жуық, дос-жаран және әріптестеріме әлі күнге дейін ризамын. Әрі осы ғұмырда салған ізім — немере-жиендерім бар. Әр немере мен жиеннің бойында қалдырған қолтаңбам бар десем де артық емес. Олардың осы өмірдегі кез келген сәтті қадамына қуанып, сәл сүрінсе, қынжылып қаламын. Аллаға шүкір, әзірге еш немере-жиенім көңілімді қалдырған емес. Үнемі қуантып отырады. Кез келген шақта ақылдасып жатады.

Осыдан артық қандай бақыт бар?! – деп сөзін аяқтады асыл әже.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Гаджеттен «алып қашқан» тай жарысы

Күні: , 57 рет оқылды

IMG_6017


Ат спорты – гаджеттерге байланған балалықты құтқарудың ең бір жақсы жолы. Соны түсінген «Қайсар» спорт клубы соңғы кездері ауданның басында ат спортына байланысты шараларды өткізуді жиілетіп отыр. Мәселен, осы кеше С. Датұлы атындағы орталық стадионда тай жарысы өтті.


Бәйгеге жалпы саны 18 тай түсті. Олардың ішінде Жымпиты мен Өлеңті ауылдарынан бөлек, Қособа, Бұлдырты ауылдық округтерінен арнайы қосылған тайлар бар. Біз бұл жерде тайдың көптігіне емес, оны жаратып, баптап әрі бәйгеге салатын, тіпті, тізгініне өзі отыратын балғын атбегілердің қатары артқанына қуандық.

Сонымен тайлар төрт шақырымға шапты. Бірінші болып жымпитылық Ербол Дауыловтың Ермекбай Жұбатов атты жас шабандоз тізгіндеген «Ноян» ныспылы тайы келді. «Ноян» өткендегі  тай жарысында да топ жарған болатын. Осы жолы да осы қарқынынан таймады. Тайлардың екінші жүлдесін де жаңағы Ербол Дауыловтың «Айқасқасы» алды. «Айқасқа» Мұхтархан Сайлау атты шабандоздың тақымында болды. Үшінші орынды Алмас Айдынов шапқан жымпитылық Сәбит Өмір-зақовтың «Айсұлу» атты тайы иеленді. Саят Ғабдрахимов шапқан «Лазер» «Жеңіске деген жігері үшін» марапатталды. «Лазер» — Қособа ауылындағы Әубәкіровтардың тайы. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Қайсар» спорт клубының қаржылай сыйлықтарына ие болды. Бәйгенің басынан келмесе де, шабысы ширақ болған тайлардың шабандоздарына аудандық мәслихаттың депутаты Серік Тоқмамбетов өзінің арнайы жүлде-лерін тапсырды. Негізінде, аудандағы ұлттық спорт, соның ішінде ат спорты осындай қаржылай демеушілікке зәру.

Тайлардан кейін құнандардың да бәйгесі болды. Жұртшылық жеті  құнанның жарысын тамашалады.

«Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсановтың айтуына қарағанда, басқа бұқаралық спорттың түрлерімен салыстырғанда, ат спортына аудан жанкүйерлерінің ықыласы ерекше көрінеді. Оны біз де байқадық. Елдің ықыласы болғасын, бұл шаралар дәстүрлі сипатқа айналатын шығар деп ойлаймыз. Олай болса, балаларды гаджеттен «алып қашатын» осындай шаралар көбейе берсін.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Байқау жеңімпаздары Байқоңырға бармақ

Күні: , 32 рет оқылды

WP_20170228_021


Облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Ғылым әлемін ашамыз» атты облыстық көрме байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету, жасөспірімдердің ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттыру, отандық және әлемдік ғарыш саласындағы жетістіктерді насихаттау.


Көрмеге Орал қаласындағы мектептер мен дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінен, облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығынан және аудандардан 75   оқушы қатысты.  Байқауға қатысушылар ғарыштық зерттеу аясында жаңа модельдер, құралдар, робототехника үлгілерін ұсынды. Мәселен, шалғайдағы Бөкей ордасы ауданынан келген Қ. Сағырбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 10-сынып оқушысы Бекарыс Ерес өзі құрастырған «марскезбесінің»  ғаламшар бетінде емін-еркін жүріп, зерттеу жүргізе алатынын айтты. «Оазис-шлем» жылыжайын ғарыш  кемесі арқылы халықаралық ғарыш стансасына жеткізе аламыз. Бірлескен  авторлық жоба мақсаты – ғарышкерлерге баламалы азық-түлік пен оттегі қорын жеткізу», – деп түсіндірді Теректі ауданындағы Шаған жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушылары Нұркен Ауғанов пен Алтынбек Қайырғалиев ішіне өсімдіктер орналастырылған алып шар тәріздес бұйым құрылысын. Ал Қазталов ауданы Қоныс ауылындағы мектепің 10-сыныбында білім алатын Санат Сағатов баламалы қуат көзімен қамтамасыз етілген зәулім үйдің жобасын ұсынды.

– Балалардың талабы зор. Білімді де зерек ұландарымыздың көп екеніне қуандым. Қазылар алқасы 49  ғылыми жобалық жұмыстан үздіктерін іріктеді. «Зымырандық техника, инфрақұрылым және экология», «Ғарыштық-ақпараттық технологиялар және модельдеу», «Әлем астрофизикасы мен эволюциясы», «Экология және ғарыштық қызмет», «Күн жүйесі» ата-лымдарында облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының өнертапқыштары Ақгүлім Самиғоллаева,  Ерболат Cайлыбаев Рамазан Сұлтанов, Теректі ауданы Шаған орта мектебінің оқушылары Нұркен Ауғанов пен Алтынбек Қайырғалиев, С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің оқушысы Мирас Сариевтің  жобалары жоғары бағаға ие болды. Байқау жеңімпаздары Байқоңырда өтетін халықаралық ғылыми жарысқа жолдама алды, – деді облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығы директорының  орынбасары Апуза  Сүлейменова.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Қашанға дейін жалғасар екен…

Күні: , 247 рет оқылды

Қашанға дейін жалғасар екен


Бір топ бала тасжолдың жиегіне тоқтаған қоғамдық көліктің есігіне жанталаса жабысып жатқанын  алыстан байқадық.


Уақыт кешкі жетінің шамасын көрсетіп тұр. Сөйтсек, бұл жер «№30 мектеп» аялдамасы екен. Дәл сол жердің аялдама екенін білдіретін не белгі, не ықтайтын арнайы пана қойылмаған. №7 қоғамдық көлікке 4-5 оқушы ғана мініп үлгеретінін байқадық. Соған қарағанда қоғамдық көліктің салоны лық толы болуы керек. Өзге кішкентай жолаушылар келесі автобусты күтуге мәжбүр. Күтуге шыдамағандары қос-қостан тас жолдың іргесімен үйлеріне қарай жаяу тартып бара жатты. Дәл осындай көріністі қыстың қақаған аязы мен ұйтқыған боранды күндерінде де байқағанбыз.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

Орал қаласы


Ләззаттың қуыршақтары

Күні: , 161 рет оқылды

IMG_9025


Ол бала кезінен қуыршақтары мен жұмсақ ойыншықтарының көп болғанын армандады.

Бірақ балалық шағы тоқырау жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен, қолындағы аз  қуыршағын қанағат етті. Ол 3-сынып оқып жүргенде-ақ, үйдегі ескірген биялай-шұлықтардан сол қуыршақтарына киім тігуді үйренді.


Тағы бірде анасы әкеліп берген  қуыршақтың көйлегі ұнамай, оған үйдегі қалдық маталардан әдемі жейде мен юбка тіккені  де есінде.  Осылайша  ине-жіп  ұстауға ептілігі қуыршаққа әдемі көйлектер тігуден басталды.

«Ине-жіп» бетінің  бүгінгі кейіпкері, әріптесіміз Ләззат Шағатай үшке таяған қызы Аяжанға қуыршақты өзі тігіп береді. Оның кішкентай бүлдіршініне бар мейірімін төгіп, өз қолымен тігіп, тоқып берген қуыршақтары жетерліктей екен.

– Қызымның жеті айлығында үлкен қызыл қуыршақ тоқыдым. Өзінен үлкен қуыршақты ол ылғи сүйреп жүретін. Үйде қалдық мата көрсем, бір нәрсе тігіп, пайдаға жаратқым кеп тұрады. «Қалдықсыз технологиямен» жұмыстанғанды жақсы көремін. Терезе жабындардың қиындылары, садақадан жыртысқа келген маталарды, киілмей қалған киімдерді босқа жатпасын деп, қуыршақ, түрлі ойыншықтар жасаймын.  Ең бастысы – мен  жасаған ертегі кейіпкерлерінің  бейнесіндегі қолөнер туындыларым қызыма қатты  ұнайды, – дейді ол.

Оның бала кезгі арманы біртіндеп орындалып келеді. Мектеп бітіргенше болмаған ойыншықтардың түр-түрін қазір қолдан өзі жасайды. Оның ертегі кейіпкерлерін сомдап тоқыған ойыншықтары да көз қызығарлықтай әдемі. Аяжанның самсаған көп қуыршақтарының басым бөлігі – өз туындылары. Бұған да кейіпкеріміздің өз айтары бар.

– Біріншіден, қазір базарда, ойыншық дүкендерінде қуыршақтар тым қымбат. Кіп-кішкентайының өзі кемі екі мың теңге тұрады. Екіншіден, өте сапасыз. Бірде қызым сыйлыққа әкелген қуыршақтардың аяқ-қолы мен шашын сол күні-ақ жұлып тастағаны әлі есімде. Сол күннен бастап-ақ, Қытайдың сапасыз қуыршақтарын қызыма сатып алып бермеспін деп ойладым.  Үшіншіден, боянып-сыланып, кеудесі шығып, бөксесі бұлтиған қуыршақтардың тәрбиелік мәні  төмен. Сондықтан да қызыма өзім жасап бергенім дұрыс деп шештім. Өйткені мен қандай материалдан жасағанымды өзім білемін. Бәрі табиғи, — дейді кейіпкеріміз.

Ләззат бала күтімі демалысында болған кезінде бұл іспен дендеп айналыса бастапты. Сол кездері ол тапсырыс алып, қуыршақтармен қатар, терезе жабындарын, көрпе, көпшік тыстарын тігіп, біраз табыс тауып жүрді. Бөпесін ұйықтатып тастаған бойы сү-йікті ісімен шұғылданғаннан ләззат алатын. Бір аптада екі-үш қуыршақ жасаған кездері де болды. Сөйтіп жүріп, жинаған ақшасына марқұм енесіне әшекей бұйымдарын сыйға тартқан. Сол сәттегі енесінің: «Келінімнің адал еңбегімен тапқан сыйлығы» деп қатты қуанғаны да дәл бүгінгідей көз алдында. Әңгіме барысында мен одан бір қуыршақты тоқу үшін қанша уақыт пен қаражат кететінін сұрадым.

– Бір қуыршақты тоқуға бар болғаны 300-500 теңге көлемінде ақша кетеді. Бір бума жіп 80-100 теңге тұрады. Оны түрлі-түсті қылып шығару үшін бірнеше түсті  жіп аламыз.  Кемі бір-екі сағатта тоқып, бітіруге болады. Ал тігу үшін кемі бір күн керек болады.  Оған мен көп қаражат шығармай, үйдегі қалдық маталарды кәдеге жаратамын.  Осыдан төрт-бес жыл бұрын менің іс тігуге ынта-ықыласымды байқаған нағашы ағам  іс машинасын сыйлаған еді. Сонда бар арманым орындалғандай қатты қуандым. Қазір сол іс машинаның арқасында арасында қосымша табыс тауып әрі өзімнің жақсы көретін ісіммен айналысып жүрмін, – деп жымияды кейіпкеріміз.

«Жақсыны көрмекке» демекші, мен Ләззаттың қолдан жасаған бұйымдарын көру үшін арнайы үйіне бардым. Қағылез, ісмер, үнемшіл келіншектің үйінің әр бұрышында қолдан жасалған бұйымдар көз тартады. Тіпті шыршаның ойыншықтарына дейін әдемі жылтыр маталардан жасап іліп, жайнатып қойыпты. Қуыршақтардан бөлек, жарға ілетін паннолар да оның еңбегінің жемісі. Көрпе тыстарын жүрек, ою,  гүл салып безендіріпті.

Ол маған өзінің қолдан жасаған әдемі қуыршақтарын көрсетті. Әр қуыршақтың өзінің жасалу тарихы бар. Шынында да, жұп-жұмсақ қуыршақтардан жылылық, шуақ-мейірім сезіледі. Кейіпкеріміз одан бөлек гүл өсіргенді, аквариумдағы балықтарын күткенді жақсы көреді. Үйінің үлкен бөлмесінің бір бұрышын әдемі гүлдермен көмкеріп қойыпты.

– Қолөнермен айналысу – менің сүйікті ісім.  Күндіз қол тимегендіктен, көбіне  түнде жұмыс жасаймын. Бір істі бастасам, ұйқыны ұмытып, көз ілместен бітіріп тастағым келіп тұрады. Көп идеяны ғаламтордан аламын.   Өзімді-өзім дамытып, осы ісімді кеңейту – алдағы жоспарларымның бірі. Қазір киім пішіп, тігуді арнайы шеберден үйренуді  бастадым, — дейді ол.

Қолы қалт еткенде, тоқыма тоқып, суырмадан ине-жібін алып, бірнәрсе тігіп отыратын әріптесіміз Ләззат Шағатайдың қаламмен бірге ине-жіпті қатар алып жүргені көпке үлгі боларлықтай-ақ!

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Қайран, біздің әжелер!..

Күні: , 236 рет оқылды

image_l


Қай халық болмасын өз ұрпағының жалғасуына, жан-жақты дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына, тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Соның ішінде, әрине, қазақ халқы да бар. Оған дәлел – қазағымыздың  «Баланы бес жасқа дейін еркелет, он беске дейін құлша жұмса, одан кейін досыңдай ақылдас» немесе «Атаңның баласы болма, халқыңның баласы бол» деген нақыл сөздері. Данагөй ата-бабаларымыздың бала тәрбиесіне байланысты ойлары мен мақал-мәтелдері мұнымен шектелмейтіні және белгілі.


Қазақ даласында жеті қаруын сайлаған батыр болсын, жан дүниенің әсемдігі мен ішкі тербелісті екі шекпен жеткізген күйші болсын, барлығының да тұлға ретінде қалыптасуында әже еңбегі өлшеусіз. Мысалы, Шоқан Шоқан болар ма еді, ел билеп, алты тілді меңгерген Айғанымдай әжесі болмаса, Абайдай ғұламаны ғалам білер ме еді, Зередей әжесі болмаса, құйындай өлеңдері өрілген ақиық ақын Мұқағали болар ма еді, Тиындай әжесінің тәрбиесін көрмесе. Міне, бұл – кимешек  киіп, қараңғы жерде фатихасын айтып, балаларының тілегін тілеп, фольклорды, салт-дәстүрді бесік жырымен жеткізген әжелеріміздің еңбегі.

Шіркін, ана жүрегіне жететін ештеңе жоқ қой. «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» деп қазағым бекер айтпаған. Өз баласымен бірге баласының баласын қойнына сыйдырған кең дүние, өшпес шырақ – әже жүрегі десек, артық айтқандық болмас.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, заман өзгеріп, еліміз егемендігін алып, көркейе түскенде, әжелердің жаңа толқыны қалыптасты. Кәрілікпен күресіп, ағарған самайын ақ жаулықпен емес, бояумен жасырған, фатиха мен жыр-дастанның орнына телехикаяларды жіліктеп айтатын әжелер пайда болды. Бұл – зайырлы  мемлекетіміздің дерті.

Әрине, көпшілікке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен жазу танымаса да, әдеби мұраны ауызекі үйреніп, өмір мектебінен тәлім алған қарт әжелеріміздің даналығы ұмытыла қоймас. Осы орайда Бауыржан Момышұлының көкірегіндегі қорқынышы санамызға дөп тиеді. Бірде атамызға «Сіз неден қорқасыз?» деп сұрақ қойса, «Бесік жырын айта алмаған келіннен, ертегі білмейтін әжеден, сәлт-дәстүрді ұқпаған болашақ ұрпақтан қорқамын» деген екен.

Қазіргі таңда халықтың әл-ауқатын жақсарту, қылмысты болдырмау, жемқорлықтың көзін жою, жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау, экстремизм мен терроризмнің және басқа кеселдердің алдын алу бағытында арнайы қаржыландыруды талап ететін мемлекеттік бағдарламалар жасалып,  қабылдануда. Бірақ қылмысқа, қандай ма болсын жат қылықтарға жас ұрпақтың баруы тәрбиенің жоқтығынан, санасына арнамыс, өжеттілік, қайраттылық сияқты құндылықтарды, салт-дәстүрді сіңірмегендігінен екенін ескермей жатамыз.

Заманның ағымына қарай күллі дүние өзгерсе де, салт-дәстүрді сақтай білетін ата-әжелеріміздің кейпі өзгермесе деген тілектемін.

Өзімнің де адам ретінде қалыптасуыма үлкен үлес қосқан, түбінде тұнып тұрған тарихты сақтаған, Еділ мен Жайық секілді екі әжемнің еңбегі өлшеусіз.

Қазір сексенді алқымдаған қос әжем ауылда тұрғанымен, ойларымен далада жүрген немере-жиендерінің қасында, күннің шуағымен Алладан біздің амандығымызды тілеп, жатарда әрқайсысымыздың есімін атап жатпаса, ұйқыға кетпейтіні анық.

Екеуі де  жоғары оқу орындарын бітірмесе де, өмірлік мектептен тәлім алып, жастайынан еңбекке араласқан жандар. Бірі (өз әжем Күләш Жармұханбетова) аудандық қонақүйде өмір бойы жұмыс жасай жүріп, алты құрсақ көтерсе, екіншісі (нағашы әжем Зәуреш Әшенова) әуелі колхозда, кейін аудандық әкімдікте шаруашылық қызметкер ретінде еңбек етіп, үш баланың анасы атанды.

Бала кезімізден екеуі де немере-жиендерін еңбекке баулып, жеті ата, жеті қазына, руымызды жаттатып, адами құндылықтарды ой-санамызға құйып, бірімізге ән, біріміздің қолымызға домбыра, баян ұстатып, үйретті.

Қалада тұрсақ та, жазғы, қысқы демалыстарымызда ауылға асығып тұратын едік, қазірде еңбек демалысымда сол екі әжеміздің аяулы алақандарына асығамыз.

Студенттік шағым Алматыда өткен кезде екі әжем әлсін-әлсін құрт-майларын, қазы-қарталарын жіберіп тұратын еді. Оның бейнеті аз емес, ауылдан қалаға, Оралдан Алматыға жіберу керек. Одан кейін шілде айларында ауылға келгенде қысқы дәм деп, сүрленген еттерін мен үшін сақтап, сыбағаң деп беретін еді. Міне, бұл да салт-дәстүрдің сақталғаны емес пе әрі одан немере-жиендеріне деген пейіл-ықыласты көруге болады.

Бұдан басқа жекелей өз басыма және әулетімізге рухани байлықты, тәрбиені сіңдірген тағы бір тұлға кішкентайымнан «Құдағай әже» атанған, көлденең қазаның кесірінен қара жердің қойнауына ерте түскен апамыздың (әкеміздің жалғыз қарындасы) енесі Сәуле құдағайымыз. Жүрекке ауыр болғанымен, айтпақ ойым, апамыз жоқ болса да, орнын жоқтатпай, артынан қалған екі балапанға анасындай, бізге әпкеміздей бола білді. Арада 18 жыл өтсе де, осы құдағай әжеміз өз отбасын, жаңа және байырғы құда-құдағайларын сүттей ұйытып, іріткі салмай, ұстай біліп, немерелерінің барлығын дерлік бізді нағашы деп түсіндіріп, бізді жоғары қойып өсірді.

Міне, мұны да тәжірибесі баға жетпес данагөй қарт әжелеріміздің ақылдылығы, ештеңемен өлшенбейтін еңбегі деп түсінемін.

Барлық әжелеріміздің амандығын тілей отырып, келешек ұрпақтың, түгелдей ұлттың, тілдің сақталуы осындай аяулы жандардың алақанында екендігін сезіне түссек деймін.

Алмас ОҢАЕВ,

Орал қаласы


«Судан тағы шу шықты»

Күні: , 676 рет оқылды

IMG_6502


Бөлмемізге рұқсат сұрап кірген ауылдың екі азаматы сарғыш су құйылған қолдарындағы құтыны үстеліміздің үстіне қойып, осылай деді.


  • Иісін қараңыз, сасып тұр, — деді жастауы өрекпіп.

Келгендерді сабырға шақырып, ауыз су мәселесіне өзімнің де алаңдаулы екенімді, зертханадан ауыз су сынамасының нәтижесін сұратып отырғанымды жеткіздім.

— Оларға мен де бардым, көңілім қалды, — дейді жас жігіт өкпелі екенін білдіріп.

Әлқисса, әңгіме төркіні ауыз су сапасының нашарлап кеткенінде еді. Құбырмен келетін судың түсі қазір сарғайып, лайланған судан сасық иіс шығып, мейір қандырып ішпек түгелі қайнатып ішуге де құлықты болмайсың. Бірақ басқа баламасы болмағасын ішпеске амалың жоқ.

Оқырманға түсінікті болсын, құбырмен берілетін су жөнінде толық мәлімет те бере кетелік.

Аудан орталығына берілетін ауыз су «Қазсушар» мекемесінің теңгеріміндегі Пятимар су қоймасынан алынады. Бірінші су сорғысы газ желілік-өндірістік мекемесінің құзырында. Одан шыққан су 32 километр темір құбыр арқылы аудан орталығындағы екінші су сорғысы бекетіне беріледі. Бұл 32 шақырым су құбыры да газ желілік-өндірістік мекемесінің теңгерімінде. Айта кететін бір жай – аталған мекеме ауданға техникалық су жеткізіп беруге ғана міндетті. Бұл мекемеге ауыз су жөнінде санитарлық талаптар қоя алмайтынымыз да сондықтан.

Темір құбырмен келген техникалық су аудан орталығындағы екінші сорғы бекетіндегі үлкен сыйымдылықты ыдыста жиналып, әуелі дискілі тұрпайы сүзгіден өтеді. Бұл сүзгі су құрамындағы ірі заттарды (тас, балдыр, құрт, топырақ, балшық, тағы басқа) айырып алып қалады. Бұдан сүзіліп шыққан суға арнайы реактив ерітіндісі қосылады. Ол су құрамындағы артық заттарды ұйытып жібереді. Кварцты құмды сүзгі суда ұйыған зиянды заттардан, бактериядан тазартады. Тазарып шыққан су «Санер-5» электролизді залалсыздандырғыш қондырғыдан өтеді. Яғни тазарған су гипохлоридтің 5 пайыздық ерітіндісімен тағы өңделеді деген сөз. Бұл тазарған су 1000 текше метрлік үлкен сыйымдылықты ыдыста жиналып, әрқайсысы 160 текше метр сыйымдылықтағы екі мұнара арқылы ауылға беріледі.

малБізді алаңдататыны – ауыз су сапасының нашарлап кетуі. Алдымен сапасыздығын анықтау үшін аудандағы тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысына қоңырау шалып, алынған ауыз су сынамасының хаттамасын сұраттық.

27 қаңтар күнгі бірінші сорғы бекетінен алынған сынамада судың иісі 2 балл, дәмі 3 балл, түстілігі 53,5 балл, майлылығы 1,39 мг\дм3, тотығуы 5,44 мг02\дм3, кермектігі 11,75 моль\дм3 екені көрсетілген. Демек, қалыпты шекті мөлшерден иісі 2 балға, дәмі 3 балға, түстілігі 33,5 балға, тотығуы 0,5 мг02\дм3-қа, кермектігі 4,75 моль\дм3-қа артық деген сөз. Ал сол күні аудан орталығындағы тазартылған резервуардағы судан алынған сынамада тек түстілігі ғана сәл жақсарған, басқа көрсеткіштері сол күйінде болып тұр. Сонда осыншама сүзгіден өткенде судың тазармауы көңілімізге күдік қалдырды.

10 ақпан күнгі тазартылған судан алынған сынамада иісі сол 2 балл күйінде болса, дәмі 4 балға, түстілігі 100 балға, майлылығы 6,67 мг\дм3-қа (қалыптысы 1,5 мг\дм3), тотығуы 7,84 мг02\дм3-қа, кермектігі 13,0 моль\дм3-қа жетіп, су сапасы күрт нашарлай түскен.

Су сапасының бұзылғанына көзімізді жеткізе түсу үшін 13 ақпан күні алынған сынамаларды да талдап көрдік. Пятимар су қоймасы басындағы бірінші сорғы бекеті мен Жаңақала ауылындағы екінші сорғы бекетіндегі (бұл сүзгілерден өтіп тазартылған су) сынамалардағы көрсеткіштер тағы бірдей. Тіпті тазартылған судың түстілігі мен кермектігі сәл де болса нашарлай түскен. Мұны қалай түсінуге болады? Бұлар судың химиялық құрамына қатысты сынамалар. Микробиологиялық сынамалар су зиянды бактериялардан таза деп беріп отыр.

Сонымен қазіргі құбыр суы ішуге жарамды ма? Бұл сұрақты біз аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысына қойдық.

— Судың микробиологиялық құрамы таза. Ал химиялық құрамы, яғни түсі, иісі, майлылығы, тотығуы, кермектігі қалыпты мөлшерден артықтау. Бізде ауыз судың басқа балама көзі жоқ. Сондықтан қайнатып ішуге кеңес береміз. Шүкір, судан ауырып жатқан ешкім жоқ. Әзірге ішпе деуге негіз жоқ, — дейді Р. Ибрагимов.

IMG_6365Су неге сасыды?

Біздің пайымдауымызша:

Біріншіден, Пятимар су қоймасын балдыр басты.

Екіншіден, қыс бойы қалың мұз бен жылымдарды бүркеген қалың қардан балық тұншығып қырылды. Мұны ешкім өтірік дей алмайды. Бұған кінәлі кім?

Алдымен, көлге қожа болып жүргендер. Олар қыс бойы көлге жақындаған жергілікті халықты айыппұлмен қорқытып, балық аулатқан жоқ. Олар тыйым салмаса, балықшылар ойық ойып, балық тұншықпас еді. Айыппұлмен пайда тапқысы келген егерлер қанша балықтың қырылып қалуына себепші болып отыр.

Екіншіден, шаян аулауды кәсіп еткендерге шектеу қояр ешкім жоқ.

Шаян – су санитары. Балдырды қыйып отайтын да, өлген балықты жеп, суды бұзылудан сақтайтын да шаян. Қазір шаян тым азайып кетті.

Үшіншіден, судың аз келуі. Ақпаған су сасиды. Мол келіп, Пятимар су қоймасын шайып, тазартып кетер су жоқ.

Сол сияқты ауылға құбыр арқылы су айдайтын бірінші сорғы бекетінде санитарлық талаптар сақтала ма? Жоқ! Күні бүгін сорғы құдықтары өлген балыққа толып, суы көпіршіп, иістеніп жатқаны даусыз. Өйткені Пятимар су қоймасы түгел балық сасып, иістеніп жатыр.

Бірінші сорғы бекетіндегі сорғы құдықтарын тазартуға газ желілік-өндірістік мекемесі құлықты емес. Себебі олар ауылға техникалық су беруге ғана құқылы.

Олардың қарамағындағы тартылғанына 30 жылдан асқан 32 километр темір құбыр да әбден ескірді. Таттанып, тесіліп, лай айдап тұрмағанына ешкім кепілдік ете алмайды. Су сапасының бұзылуына осы жайттар негіз сияқты.

Ал екінші сорғы бетіндегі жоғарыда біз айтқан сүзгілер неге суды тазарта алмайды? Екі сорғы бекетінен алынған, яғни сүзілген де, сүзілмеген де судың химиялық құрамы бірдейлігі көңілге осындай күдік ұялатады.

«Коммунал» мекемесі инженерінің айтуынша, кварцті құм сүзгілер үш жылда бір ауыстырылуы керек екен. Ауыстыру мерзімі асып кетіпті.

— Дискілі тұрпайы сүзгіні екі сағат сайын, кварцті құм сүзгіні күніне төрт рет тазалап, реактивті ерітіндіні 20 пайыздың орнына 80 пайыз қосып отырмыз. Қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Қаладан мамандар да шақыртып отырмыз. Солардан бір септік болмаса, — дейді қолдарынан келердің бәрін жасап, су сапасын жақсарта алмай пұшайман болған «Коммунал» мекемесінің басшылары.

Келген су мен тазарған су резервуарларындағы суды да көрдік. Келген судың ластығы көзге көрініп тұрды. Сүзілген су көзге таза көрінеді. Бірақ иісі мен сары түсі кетпеген. Десе де пайдалану мерзімі өте бастаған сүзгілерге де күмәніміз болды. Себебі үйіне келіп тұрған құбыр суына құны 300 мың теңге су тазарту қондырғысын орнатқан Қабдығали Текебаев ақсақалдың үйіне арнайы барып, сүзгіден өткен суды көрдік. Мөп-мөлдір, тап-таза, иісі де жоқ. Бұл сүзгі иісті, сары түсті суды тамаша тазартып тұр.

Сонымен, күні бүгін құбырмен келетін ауыз су иістеніп, сарғайып тұрғаны ақиқат. Темір таты да, лай да ыдыс түбіне шөгіп, тұнуы керек-ті. Бұл су тұнбайды, демек бояу ма деп те ойлайсың.

Жоғарыда келтірдік, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасындағылар су құрамы бактериядан таза, адам ағзасы-на зиянды зат жоқ дейді. Дегенмен химиялық құрамы нашар екенін жоққа шығармай, «Қайнатып, тұндырып ішіңдер» дегенді айтады.

Журналистік бағытта біраз зерттеп, судың бұзылуына негіз болар жайларды жоғарыда айтып өттік. Ал қаншама өңдеуден өтсе де, судың түсі мен иісінің тазармау себебін түсіне алмадық.

«Ауру – астан» дейді халық даналығы. Су – тіршілігіміздің нәрі. Ғасырымыздың басты қатеріне айналып отырған халықты таза сумен қамту – ең өзекті мәселеміз. Сондықтан ойға түйген біраз жайды бүккіміз келмейді.

Алдымен, Пятимар су қоймасындағы су жаңартылып тұруы керек.

Екіншіден, өзен-көл санитары – шаян аулауға тыйым салынса дейміз.

Үшіншіден, қыс мезгілінде балық тұншығып, су иістенбеу үшін балық аулауға рұқсат етілгені абзал. Суға қожалық ететіндер арнайы жасақтар құрып, мұз ойып тұруды ұйымдастыру керек.

Төртіншіден, Пятимар су қоймасындағы бірінші сорғы бекеті мен ауылға дейінгі 32 километр құбырды «Коммунал» мекемесінің қарамағына берсе, су тазалығына жауапкершілік, санитарлық жағдайы жақсарары даусыз.

Бесіншіден, Жаңақала ауылындағы екінші сүзгі бекетіндегі кварцті құм сүзгілер уақтылы ауыстырылып тұруы керек. Мүмкін сонда ауыз су сапасы дұрысталар.

Күні бүгін су сапасына алаңдаған аудан әкімдігі Орал қаласынан арнайы мамандар шақыртып отыр. Мүмкін сасыған сары судың нақты себебін солар айтар.

Қалай дегенде де Құлшықтан құбыр тартылмай, ауыз су қиындығынан құтылуымыз қиын шығар…

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика