Мұрағат: 24.02.2017


Қадыр орталығының төрінде Жанғали ақынның мұрасы

Күні: , 45 рет оқылды

DSC_0430


Кеше Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын Жанғали Нәбиуллин атындағы оқырман бөлмесі мен мүмкіндігі шектеулі зағип жандарға арналған кітап бұрышы ашылып, ақынның құрметіне әдеби шара өтті.


Салтанатты шараның тұсаукесер рәсімін ақынның жары Ағиба Ғинаятқызы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ атқарды.

Жанғали Нәбиуллин Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылында 1936 жылы дүниеге келген. Ұялы жетіжылдық және С. Киров атындағы орта мектептерінде білім алып, 1954 жылы Фурманов орта мектебін тәмамдаған. 1960 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін 43 жыл бойы аудандық, облыстық және республикалық басылымдарда еңбек еткен. Әсіресе, өмірінің көп жылын Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетіне арнаған. Ақынның алғашқы өлеңдері 1961 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта жарияланады. Жанғали ақынның тырнақалды жырларын Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дүлдүл ақыны жоғары бағалап, ақ батасын берген. Оның әр жылдары орталық баспалардан «Ақ жаңбыр», «Таныс әуендер», «Ақ сөйле, жүрегім», «Жырлайды жылдар», «Жетінші перне», «Жоғары кернеу» секілді ұзын-саны 14 кітабы жарық көрді.

Ал ең таңдаулы өлеңдері 1977 жылы «Қазақ совет поэзиясының антологиясына» енген. Жанғали Нәбиуллин 1969 жылдан бері КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандары және Орал қаласының құрметті азаматы атанып,  Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған.

— Өмірде Қадыр Мырза Әли мен Жанғали Нәбиуллин – сыйлас, сырлас болған жандар. Бүгін Қадыр Мырза Әли атындағы  мәдениет пен өнер орталығында Жанғали ағаның рухы жаңғыруда. Өткен жылы ақынның 80 жылдығы  кемшін тойланып еді. Бүгін сол олқылығымыздың орны толғандай. Жанғали ақынға арнаған оқырман бөлмесінде оның пайдаланған заттары, кітаптары қойылып отыр. Біз кітап жинауды сол кісіден үйрендік, — деген Ғайсағали Сейтақ Жанғали Нәбиуллинге арнаған өлеңін оқыды.

Сондай-ақ  әдеби кеште сөз алған ардагер-журналист Тихон Әліпқали, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы Жанғали Нәбиуллин туралы жылы естеліктерімен  бөлісті.

Ағиба  ҒИНАЯТҚЫЗЫ,

ақынның  жары:

— Жәкең  кітапты көп жинайтын және қадірлейтін еді. Ол кітаптың бетін де бүктемейтін. Жылы өткен соң көзінің қарашығындай сақтаған кітаптары әр жерде шашылып қалмаса екен деп Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиоллаға  келіп айттым. Ол ойымды құп алып, бүгін, міне, оқырман бөлмесі ашылды.  Жас ұрпақ осы кітаптардан рухани нәр алса екен деп тілеймін.

Гүлсезім  БИЯШЕВА


«ҰРАН» газетінің түркі тілдес халықтардың тағдырына көзқарасы

Күні: , 38 рет оқылды

(Соңы. Басы газеттің №15, №21 сандарында)

16817


Соғыстағы түрік әскерінің өзге де іс-қимылдары «Ұран» газетінің назарынан тыс қалмайды. Басылым бауырлас халықтың әлемдік қақтығыстағы ахуалы жөнінде жұртты тұрақты құлақтандырып тұрды. Түрік қалаларының қоршалуы немесе азат етілуі туралы хабарлар жиі берілді. Мысалы, «Соғыс һәм бітім хабарлары» деген шағын мақаладағы «Түркия әскері һәм күрдтер Қара теңіз жағасындағы «Қарабзун» қаласын (бұрын түрік қаласы еді) һәм ондағы елу мыңдай орыс әскерін қорғаннан қамап алды. Рус әскерлері жәрдемге кеме сұратып жатыр» [20, 122] деген мәлімет ұсынылады. Мұндай ақпараттарда халықты дүниеде болып жатқан оқиғалармен жан-жақты таныстырып отыру әрі түркі халықтарының бұл қақтығысқа қаншалықты қатыстылығын көрсету мақсаты көзделген.


Бүгінгі өлшеммен қарасақ, «Ұран» газетінде халықаралық шолу жанрының үлгілері барынша қалыптасты. Сараптаманы дайындаушылар әлемдік оқиғалардың барысын талдай келіп, жеке елдердің тағдыр-талайы, келешектегі келбеті туралы болжам айтады. Белгілі бір халықтың алдағы ахуалы қандай болатындығы жөнінде тұжырым жасалады. Әсіресе, түркі тілдес халықтардың жағдайы басылымның назарынан қалыс қалған емес. Мысалы, «Қырымның өз алдына хандық болып қалуы иәки Украина мен Түркияның біреуінің қол астында қалуы әзірге белгісіз» [21, 173], – деген байлам-байыптама осыны аңғартады.

Ішкі және сыртқы соғыстарды саралаған материалдарда Түрік елінің майдан даласындағы әр қимылына баға беріліп отырады. Алапат шайқасқа араласып жатқан түріктердің қай қаланы алғаны, қай тұсқа жылжығаны, оларды алдағы уақытта не күтіп тұрғаны жөнінде ұдайы жазылды. Бұл тұрғыдан қарасақ, «Ұран» газеті өз тұсындағы дүниежүзілік қақтығыстардың шынайы хроникасын жасаған басылым екені анық. Сол материалдардың ішінен бауырлас түріктердің майдан шежіресі хақында жеткілікті мәлімет алуға әбден болады. «Түркия әскері Батум, Нарс, Ардаһанды алып, Закапказ иәки астанасы Тифлис қаласына қарай келе жатыр. Закапказия халқы Русиядан құйрығын кесіп, өз алдымызға патшалық болдық деп иғлан тартып отыр» [21,173], – деген мәлімет сол кездегі түрік елінің әскери ахуалынан хабар береді.

Жалпы, жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлт басылымдарында сол мезгілдегі Түрік елінің тарихына қатысты деректер мейлінше көрініс тапқан. Әсіресе, «Қазақстан» және «Ұран» газеттерінде бұл елдің соғыстағы іс-қимылының жылнамасы жасалды. Осы ақпараттық мәліметтер сол мезгілде, сол сәтте жазылғандығымен құнды. Сондықтан бір кезде қазақ газетінде жарияланған «Капказияны бір жағынан түрік, бір жағынан неміс әскері ортаға алуға айналды. Әрнешікте Капказ Русиядан айырылды. Ол анық. Бірақ Капказдың патшалық болып қалуы иәки Германия, Түркия біреуінің қол астында автономиялы бір мемлекет болып қалуы әзірге белгісіз» [21, 173], – деген сипаттағы талдаулар аталған дәуірді зерттеушілердің назарын аударуға тиіс.

Газет әлемдік мәні бар оқиғалар туралы мақала ұсыну барысында түрік жұртының мүддесін танытатын, болмысын көрсететін құндылықтарды естен шығарған жоқ. Халықаралық оқиғаларға шолу жасаушылар өзге мемлекеттің саясатын жіліктеп талдап отырса да, бауырлас түрік елді мекендері сөз бола қалса, оған ерекше мән береді. Басылымның 1918 жылы №28 санында жарық көрген «Бостандық жылы» атты редакциялық мақаласы негізінен қазаққа көрші елдің ахуалы туралы жазылған. Солай бола тұрса да, жарияланымда Түркияға қатысы бар тұстар аталып қалады. Мәселен, онда «Кадет хұкіметі Ыстанболды ауызға алды, Англияның Николайға құрған тұзағына бұлар да түсті. Соғысты қайта қозғады» [22, 130], – делініп, ағайын жұрттың бас қаласының тағдырына алаңдаушылық білдірілген.

Жалпы, тарихы терең түрік жерінде сан ғасырлардан тамыр тартатын ежелгі құндылықтар жеткілікті. Оның әрқайсысы дүние жүзінде өзіндік орны бар мемлекеттің әр кезеңдегі тарихынан сыр шертеді. Осы тұрғыдан алғанда, әлемге әйгілі Айа-София мешітінің орны бөлек. Жоғарыдағы мақалада бұл ғибадат орнының да аты аталады: «Ыстанболдағы Айа-София мешітін шіркеу қылуға ындық болған кадет партиясынан құралған жаңа хүкімет, жаңа министрлер соғысты тоқтатуға риза болмады» [23, 86], – делінеді. Айя-Софияның кейінгі тарихымен, бүгінгі көрінісімен жақсы таныс қазіргі ұрпақ үшін жиырмасыншы ғасыр басындағы осындай деректер бағалы болары сөзсіз.

Ұран газеті«Ұран» газеті өзінің кез келген мақаласында түркі тілдес елдердің өміріндегі қандай да бір ақпаратқа үнемі ден қойып отырды. Олардың әрекеті жағымды немесе жағымсыз болғанына қарамастан, оқырманға жеткілікті түрде мәлімет берілді. Басылымда өзбектер мен әзербайжандар, қырғыздар мен түрікмендердің тіршілігінен хабар беретін мәліметтер жиі пайдаланылды. Аласапыран уақыттың тынысын аңғартатын мына хабарлама – осының айғағы: «Жақын арада Ташкент, Уфа һәм тағы да бірнеше үлкен қалаларда үлкен бастақтық болды. Жұрт жиналып, магазин-лавкаларды талады. Талауға солдаттар да қатысты. Зиян көп. Хиуа хандығында түрікпендер қала-қаланы шауып, өртеп, жұртты талап қоюмен жүр. Тыйым жоқ» [24, 94]. Басқа түркі тілдес халықтардың да түрлі әрекеті «Ұранның» бірқатар жарияланымдарына арқау болды.

Түркі халықтары тек тілдік тұрғыдан туыс қана емес, негізінен діндес екені де баршаға белгілі. Басылым бұл халықтардың діни басқармаларының және мұсылмандар мешіттерінің жұмысын қаперден шығармай, оқырманды тұрақты құлағдар етіп тұрды. Әсіресе, қазақ пен татар арасындағы мұсылман істеріне қатысты атқарылатын шаруалар бөлінісін жіктеген бірқатар материал жарияланды. Қай жұмысты татардың, қайсысын қазақтың тындыратыны туралы жан-жақты түсіндірілді. Ғұмар Қараштың қолы қойылған «Ішкі ордалық имамдарына» деген құлақтандыру мақалада бұл мәселе былайша тұжырымдалды: «Қазақ баласы Алаш туы астына кіріп, автономия алып отыр. Татар қандастарымыз топырақты мұхтарет иғлан етіп, шектерін созып отыр. Бұ себепті Ішкі ордалықтың рухани істері діни назареті хұзырындағы қазақ бөлімінде қаралатын болды. Енді жіберілген махала талуғтары ау ғайри агенттер ау басқа да істер жіберілгенде айырым қазақ бөлімінде деп жіберілу керек. Әйтпесе, шатақ болады. Моллалар осыны мұқият ескерсін. Қазір қазақ бөлімінде төрт қазақ қазы һәм Ғалымжан Баруди іс басқарады. Расход шығындары татардан айырым» [25, 108]. Осылайша жаңа бастамаларға сәттілік тілеу үрдісі басылымның басқа жарияланымдарында да үнемі көрініс тапты.

Сонымен қатар газетте түркі тілдес елдердің мәдени және діни мәселелеріне байланысты елдің жоғын жоқтап, дабыл қаққан мақалалар да жарық көріп тұрды. Түркі халықтарының қолы жеткенін өз жетістігім, жоғалтқанын өз кемшілігім деп білетін «Ұран» жылт еткен жаңалықты халыққа дер кезінде хабарлауды ұмытқан емес. Бұдан бұрынырақта руханият орындарының ашылғаны жөнінде жедел жазып, елді қуантқан газет ұжымы ол мекеме жұмысын тоқтатқан тұста да үнсіз қалмай, бұл туралы жұртқа ескертті. Сол мәселе бойынша бүкіл түркі тілдестердің мүдделі екенін баршаның қаперіне салды. Осындай тақырыптағы құлақтандырудың бірі мынау: «Мәскеудегі мұсылман камиссариатының әмірімен татар ағайындардың оқудағы милли адаралары 2-інші апрельде жабы лыпты, һәмиде әр қалаға, үйездердегі милли адаре бөлімдері де жабылажақ. Милли адеренің бүтін мүлкі, ақшасы Мәскеу камиссариатының қарауына тапсырылажақ. Қазір Уфадағы муғариф һәм мәлбе назараттары жалғыз диние назараты (дін ісін басқаратын бөлім) орнында қалыпты. Сонда да қазіргі мықты Ғалымжан хәзірет һәмиде бірнеше қазылар қызметтен шығарылып, олардың орнына басқа адамдар қойылады екен деген хабар бар» [26, 172-173]. Сөйтіп, түркі әлемінің жоқ-жітігін түгелдеген, ұпайын арттыруға тырысқан, жетістігіне сүйінген, кемшілігіне күйінген мұндай мақалалар басылым шығып тұрған мезгілде тұрақты түрде беріліп келді.

«Ұран» газетінде жарық көрген мақалалардағы түркі тілдес халықтар туралы деректер мен мәліметтер сол елдердің зерттеушілері үшін де қызықты боларына дау жоқ. Себебі, әр ел өзінің тарихына қатысты материалдарды там-тұмдап жинайды. Қазақ тарихының деректері шетелдердің жылнамасынан табылып жатқаны сияқты, өзге жұрттың тарихына байланысты дүниелердің қазақ баспасөзінен ұшырасуы заңды нәрсе. Мұның бәрі тұтастай алғанда, жиырмасыншы ғасыр басындағы әлемдік ахуал, халықаралық оқиғалар аясындағы түркі халықтарының тағдыры туралы ой қорытуға мүмкіндік береді.

Ұлттың мүддесін көздеп, ұлағатты бастамалар көтерген «Ұран» газетінің түркі халықтарының тағдырына қатысты материалдарын саралай келіп, мынадай тұжырымдар жасауға болар еді:

Біріншіден, бүгінгі көзқараспен қарасақ, басылымда жиырмасыншы ғасыр басындағы түркі халықтарының тарихы түзілгенін айтуға тиіспіз. Одан Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі түркі тілдес елдердің ахуалы туралы нақты мәлімет алуға болады.

Екіншіден, басылымның түркі халықтары туралы материалдарынан олардың тағдырына, тұрмыс-тіршілігіне деген жанашырлық айқын аңғарылады. Ағайын елдің өзгеге үлгі болатын өнегелі істерін баршаға кеңінен таныстыру ниеті сезіледі.

Үшіншіден, газеттің бұл тақырыптағы барлық мақалаларынан түркі халықтарының бауырластығына мән беру үрдісі байқалады. Бір кезде тарихы ортақ болған елдердің сол тұстағы тіршілігін тұрақты көрсетіп отыру мақсаты көзделген.

Қорыта келе айтарымыз, зерттеушілер көп жылдан бері іздестіріп жүрген, жақында ғана табылып, кітап болып басылып, оқырман қолына тиген «Ұран» газеті түркі дүниесі тарихының кем-кетігін түгелдеуге аз да болса, үлес қоса алады.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

20. Соғыс һәм бітім хабарлары. «Ұран», 31 желтоқсан 1917 ж. //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.

21. Ішкі соғыстар. «Ұран», 16 мамыр 1918 ж. //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.

22. Татар милли адаресінің жабылуы. «Ұран», 16 мамыр 1918 ж. //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.

23. Бостандық жылы. «Ұран», (№28, күні белгісіз), 1918 ж. //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.

24. Мемлекет халі. «Ұран», 7 қазан 1917 ж. //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.

25. Соңғы хабарлар. «Ұран», 7 қазан 1917 ж. //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.

26. Қараш Ғ. Ішкі Ордалық имамдарына. «Ұран», 31 желтоқсан 1917 ж //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.

27. Татар милли адаресінің жабылуы. «Ұран», 16 мамыр 1918 ж //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.


Дау-дамайды шешудің тиімді тетігі

Күні: , 30 рет оқылды

IMG_6948


Бейсенбіде  Достық  үйінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен  «Даулардың  жекелеген  санаттары  бойынша  дауларды (жанжалдарды)  медиация  тәртібімен  сотқа  дейінгі  реттеуді енгізу  бойынша  пилоттық  жобаны  іске  асыру»  тақырыбында дөңгелек  үстел  өтті.


Дөңгелек үстел отырысына БҚО сотының төрағасы Бек Әметов, азаматтық істерді қарауға мамандандырылған судьялар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, коммуналдық қызметтердің, банктердің, сақтандыру компанияларының, кәсіби медиаторлар орталығының медиаторларының және кәсіби емес медиаторлардың және басқа да мүдделі құрылымдардың өкілдері қатысты.

Шараға қатысушыларға татуластыру рәсімдерін және оны қолдануға қатысты мәселелерді әрі қарай дамыту мақсатында Жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің осы жылдың 26 қаңтарындағы өкімімен бекітілген пилоттық жобасы ұсынылды.

– Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылдың қаңтар айында медиация институтының құрылғанына алты жыл болды. Медиация заңы көптеген шет мемлекеттерде кеңінен қолданылады. Мысалға, Германияда бұл заң бізден бір жыл кейін қабылданған болатын. Қазіргі таңда бұл елде медиация институты кеңінен дамыған. Өткен жылы Қазақстанда медиацияны дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Осы бағытта біздің өңірде облыс әкімі мен облыс соты арасындағы меморандумға қол қойған болатынбыз. Облыс көлемінде бұл заңның орындалуы туралы іс-шаралар жоспары жасақталып, бекітілді. Өңірдегі барлық аудан-ауылдарда медиация кабинеттері ашылды. Сонымен қатар тұрғындарға бұл заң туралы кеңінен насихат жүргізу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде облыс аумағында 200-ге тарта кәсіби және 40 шақты кәсіби емес медиаторлар халыққа қызмет етуде. Алайда өткен жылы облыс тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша азаматтардың медиаторлардың қызметін жете білмейтіні анықталды. Бұл мақсатта әлде де түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл тек азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, соттардың жүктемесін төмендетеді. Ақпараттық жұмыстарға атқарушы билік органдары мен құқық қорғау жүйесі белсенді қатысуы тиіс, – деді Алтай Көлгінов.

Өңір басшысының айтуынша, өткен жылы медиаторлардың 145 кабинеті ашылды. 1700-ден астам азаматтық іс  медиаторлардың қатысымен шешілген. Сонымен қатар орташа ауыр дәрежесіндегі қылмыстық істердің 44 пайызы келіссөздердің нәтижесінде тоқтатылған.

Сот төрағасы Бек Әметов өз сөзінде: «Медиация – үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Аталған  үшінші тарап ретінде медиаторды танимыз, ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады, медиаторлардың қызметі – екі жақты тыңдап, ортақ шешім табу. Сондықтан баршаңызды татуластыру рәсімдерін әрі қарай дамытуға арналған Жоғарғы соттың пилоттық жобасын қолдап, тұрғындар арасында дұрыс түсінік беруге шақырамын», – деді.

Сонымен қатар сот төрағасы медиация институтының қазақ тарихында болған билер соты институтына  ұқсастығын атап өтіп, қазақ даласындағы құқықтық нормаларды тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен реттеген билер беделінің үстем болғандығын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған «Қазақстан медиаторлар ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры Жәнгелді Жакупов, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, облыстық соттың судьясы Ерлан Идиров аталмыш жобаның маңыздылығы мен атқарылу жолдарына тоқталып өтті.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Тұрақтылық пен татулық жолында

Күні: , 29 рет оқылды

PRI_4570


Өткен жылы тәуелсіздіктің  25  жылдығына  орай облысымыздың  әр  түкпірінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мұрындық болуымен 2000-нан аса шара ұйымдастырылған. Бұл туралы  Достық  үйінде  өткен  облыстық ассамблея  қоғамдық келісім кеңесінің отырысында мәлім болды.  Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Басқосуда өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, Елбасы тапсырмаларын орындауда мониторинг жүргізу, этносаясатты жүзеге асыруда әлеуметтік сауалнамаларға сүйену мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қоғамдық келісім кеңесінің биылғы іс-жоспары бекітілді.

Алдымен сөз алған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы ассамблеяның өткен жылғы жұмыстарына тоқталып, Елбасының ұстанған саясатын дұрыс насихаттап, халықтар достығы мен ұлтаралық татулықты сақтау жолында еңбек етіп жүрген ұжым мүшелеріне алғысын жеткізді.

– Инвестор татулығы жарасқан, экономикалық дамуы тұрақты елге ғана келеді. Олар алауыздық орнаған жерге келіп, қаржы салмайды. Осы орайда елдегі тұрақтылықты қамтуда ассамблеяның орны ерекше. Өйткені оның мүшелері – елге сыйлы, сөзі өтімді жандар. Беделімен халықты бір мүдде аясында ұйыта біледі. Осы арқылы елдің өркендеуіне үлес қосып отыр. Әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға кәсіпкерлер де үлестерін қосып, үкіметтің жауапкершілігін сезінуде. Мәселен, жуырда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырған Біржан Қожақовтың өтініші қабыл алынып, оған жергілікті кәсіпкер автобус сыйлаған еді, – деген Алтай Сейдірұлы, осы орайда ассамблеяны қайырымдылық шараларына белсене араласуға шақырды. Әсіресе, бұл іске әлеуметтік әлсіз жандарға бейжай қарамайтын азаматтар мен кәсіпкерлерді  тарту  көзделуде.

Тұрақтылық пен татулықты сақтауда өңірде өткен жылы маңызды істер атқарылғаны белгілі. Қала және ауылдағы ірі кәсіпорындарда қоғамдық келісім кеңестерін құру жалғасты. Бүгінде 239 кеңестің құрамында 14 клубтың өкілі 4500-ден астам адам бар. Олар  ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтап, әлеуметтік-экономикалық дамуға қолдан келгенше үлес қосуда. Жиында бірқатар сын да айтылды. Соның бірі облысымыздағы діни ахуалға байланысты  өрбіді.

– Мәліметтер базасы статистикалық мәнге ие. Терең талдау  жоқ, сарапшының терең қорытындысы жасалмаған. Әлеуметтік сауалнама жүргізілмейді. Алдын алу шаралары қолға алынбаған. Теріс ағымдарға тартылғандардың немен шұғылданатыны, кіммен араласатындығы анықталмайды. Ақпараттық насихат жұмысы өте төмен, – деген  жұмыс тобының жетекшісі Максим Пак кеңесте діни ахуалға қатысты мониторинг қорытындысын жариялады. Оның мәлімдеуінше, облыстағы учаскелік инспекторлармен бірге ауыл әкімдері террористік қауіптіліктің сары деңгейіне дайын болмай шыққан. Әдістемелік құралдар жетіспейді, жауапты мамандардың біліктілігі төмен екендігі де айтылды.

Бұдан кейін «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Бірегейлік пен бірлік» атты төртінші реформаны жүзеге асыру бойынша шаралар жоспарына мониторингті қамтамасыз ету жөніндегі аталмыш мекеме басшысының орынбасары  С. Шәуеновтің есебі тыңдалды. Жиын барысында  облыстық ассамблея мен Достық үйлерінің даму тұжырымдамасы, 2017 жылға ар-налған  жұмыс  жоспары  бекітілді.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Саяжай тонау тыйылмай тұр

Күні: , 38 рет оқылды


Таяуда облыстық жергілікті полиция қызметінің ғимаратында баспасөз мәслихаты өтті. Онда БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Манарбек  Нәжиев, учаскелік инспекторлар қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы, полиция майоры Сергей Киселев, жергілікті полиция қызметі іздеу бөлімінің бастығы, полиция майоры Бекзат Қуанов, жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі арнаулы тапсырмалар тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Виталий Гаршин қатысып, хабарлама жасады және БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.


Жиын барысында олар қылмыстың үш түрі – саяжайларды тонау, көлік ұрлау және айдап кету, жол бойындағы құқықбұзушылық туралы баяндады. Олар ең алдымен Орал қаласының Деркөл  кентінде саяжайларды тонау ахуалына кеңінен тоқталды. Өткен жылдың аяғы және биылғы екі айда саяжайларда, соның ішінде Деркөл ауылы аймағында ұрлықтың саны артты. Осыған орай құқық қорғау қызметкерлері түрлі іс-шаралар өткізуде. Шаралар түнде рейдтік тәсілмен жүруде. Нәтижесінде биыл 17 ақпан күні «Заря» саяжайының аумағында белгісіз, күдікті көлік тоқтатылды. Сол кезде көліктен қашқан екеу бой тасалап үлгерді. Жүргізуші ұсталып, оның көлігінен ұрланған техникалық, тұрмыстық және ас үй құралдары табылды. Жауап алу кезінде жүргізуші құқық қорғау қызметкерлеріне мардымды жауап бере алған жоқ. Дереу дабыл қағылып, қосымша күш жұмылдырылған соң, қашқан екеу сол аумақтан табылып, құрықталды. Аталған екеуінің Зеленов ауданы Махамбет ауылының 19-25 жастағы жұмыссыз тұрғындары екені анықталды. Ұсталғандардың өзге де саяжайларда жасалған жеті ұрлыққа қатысы бары анықталды. Тергеу жұмысы жалғасуда.

Өңірде көлікті айдап кету немесе ұрлау жағдаяттары да азаймай тұр. Тек жыл басынан бері 18 көлік айдап әкетілген. Айдап әкету әдеттегіше көп қабатты үйлер маңында жиі қайталанады. Солардың бәрі дерлік табылып, заңды иелеріне қайтарылған. Ал осы айдың 21-і күні ұрланған көліктердің қосалқы бөлшектерін сатуға байланысты күдікті деп танылған Орал қаласының екі тұрғыны қамауға алынды. Оларға байланысты да тергеу жұмысы басталды. Құқық қорғау қызметкерлері журналистерге көліктің есігін ашуда жиі қолданылатын, қылмыскерлерден тәркіленген құрал-саймандардың да суреттерін көрсетті.

Биыл 16-18 ақпан аралығында өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» атты шара өткізілді. Іс-шара барысында жергілікті полиция қызметінің инспекторлары 1303 ереже бұзушылықты анықтап, тиісті шаралар қолданды. Жазаланғандардың ішінде көлікке мас күйінде отырғандар, жүргізуші куәлігі болмағандар, қауіпсіздік белдігін тақпағандар және басқасы бар. Алдын алу шарасы барысында жергілікті полиция қызметкерлеріне студенттердің полиция мен қоғамға қолғабыс беру жасағы белсенді көмек көрсетті.

Серпін САЯҚ


Ата-ана қадағаласын!

Күні: , 26 рет оқылды

IMG_0345-24-02-17-09-41


Көп бейінді облыстық балалар ауруханасында «Балалар жарақаттануындағы ата-ананың рөлі» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті.


Шараға аталмыш аурухананың науқастарды қолдау және ішкі бақылау қызметінің басшысы Александр Гехман және аурухананың штаттан тыс бас травматологы Марат Жұмабаев қатысты.

– Балалардың жарақат алу көрсеткіші жыл сайын ұлғаюда. Жарақаттың 50-60 пайызы тұрмыстық жағдайда орын алады. 2016 жылы жарақат бөліміне 9200 бала әкелінді. Олардың арасындағы биіктіктен құлап, жарақаттанғандардың жағдайы ең ауыр болып есептеледі. Былтыр тоғыз бала осындай жарақатпен түсті. Бүлдіршіндердің пластикалық терезелердің москиттік торынан құлап кету оқиғалары жиі орын алуда. Биыл да қаңтар айында бір бала терезеден құлады. Келесі ауыр жарақаттың түрі – күйік шалу. 2016 жылы күйгендердің саны 180 болса, соның ішінде 34-і – үш жасқа дейінгі балдырған. Биылғы жыл басталғалы да күйік шалған 34 бала келіп үлгерді, — деді Александр Гехман.

Мамандардың хабарлауынша, бір баланы ауыр деңгейлі күйік жарақатынан емдеу үшін миллион теңгедей қаржы жұмсалады екен. Сондай-ақ дәрігерлер көктем, жаз мезгілдерінде көшеде бұралқы иттерінің көп жүретінін ескертті. Жылына 350-дей бала итке қабылатын көрінеді. Ал ит қапқаннан кейін құтыруға қарсы егілетін бір ғана екпенің өзі 250 мың теңге тұрады екен. Әрине, мұндай көлемдегі қаражат мемлекет есебінен қарастырылған.

– Балалар уақ ойыншық немесе басқа да қатты заттарды жұтып қойып, олар асқазан-ішек жолдарында, жұтқыншақта тұрып қалады. Ертеректе мұндай жағдай жылына көп дегенде бес рет кездесуші еді. Ал өткен жылы бұл мәселемен 52 бала келді. Ата-анадан мән-жайды сұрасақ, «Бақылап үлгермедік» деген сылтауды айтады, — дейді Марат Хамидоллаұлы.

Дәрігерлер жыл сайын 15-20 бала жол-көлік апатына ұшырайтынын журналистерге жеткізді. Көлік жүргізушілер балаларды көбіне жолақжолда қағады екен. Ал мектепте, жазғы лагерьде балалардың жарақаттану жағдайы аз кездеседі. Сәйкесінше баланың денсаулығы ата-анасының жанында жүрген кезінде көбірек қауіпке тігілген. Сонымен қатар сырқаттанған балалардың мейрам немесе демалыс күндері ауруханаға жеткізілу жайттары да басым көрінеді. Оның үстіне ата-аналар балаларын алдымен дәрігерге алып келмей, бақсыға апаруды әдетке айналдырған. Мамандар жарақаттың қай түрі болмасын, ол алдымен ата-ананың жауапсыздығынан деп отыр. Дәрігерлер ата-аналарды бөбектеріне мұқият болып, оларға  сақтық шараларын үйретуді талап етті. Әсіресе, үш жасқа дейінгі нәрестелерді мұқият қадағалау керектігін қадап айтты.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Бюджет 12 млрд. 900 млн. теңгеге молайды

Күні: , 25 рет оқылды

IMG_6969


Кеше  облыстық  мәслихаттың  кезекті  ІХ  сессиясы  өтті.  Оның жұмысына  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  қатысты.


Облыстық мәслихаттың депутаты Аманкелді Таспиховтың төрағалығымен өткен сессияда күн тәртібіне 18 мәселе шығарылып, соның барлығы да мақұлданды. Облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 9 желтоқсандағы «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасады.

Оның айтуынша, бюджетті нақтылау жоғары тұрған бюджетке  2016 жылы пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) мақсатты трансферттерді қайтарумен және жылдың басындағы бос қалдықтарды бөлумен байланысты болып отыр. 2017 жылға арналған облыстық бюджетті жалпы шамасы 12 млрд. 900 млн. теңгеге дейін ұлғайту ұсынылады. Денсаулық сақтау саласына 525,3 млн. теңге (соның ішінде Зеленов, Қаратөбе, Теректі аудандарындағы үш нысандағы күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға), білім саласына 1788,4 млн. теңге (соның ішінде Ақжайық, Қазталов, Сырым, Теректі аудандарында төрт білім беру нысанын күрделі жөндеуге және құрылыс жұмыстары жалғасатын екі білім беру нысанының құрылысын қоса қаржыландыруға), мәдениет саласына 548 млн. теңге (соның ішінде мәдениет саласының бес нысанын күрделі жөндеуге),  әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру саласына 151,9 млн. теңге, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласына 227 млн. теңге (соның ішінде үш қоршаған ортаны қорғау нысандарының құрылысын бастауға және қайта құруға), газбен жабдықтауға 179,4 млн. теңге (мысалға, Қаратөбе және Сырым аудандарындағы 12 әлеуметтік нысанды газбен жабдықтауға, Жаңақала, Бөкей ордасы, Сырым аудандарында тоғыз нысанның жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауға), жолдарды жөндеуге  1189,2 млн. теңге (соның ішінде Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Қазталов, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында ауылішілік және Орал қаласында қалаішілік аутожолдарын орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға, сонымен қатар Сырым ауданының екі ауылішілік аутожолдарын салуға), тұрғын үй құрылысына 2453,7 млн. теңге (соның ішінде Орал қаласында және Бөрлі ауданының Ақсай қаласында төрт несиелік тұрғын үй құрылысын аяқтауға) бағытталады. Аталған өзгерістерді ескерсек, облыстық бюджет кірістер мен шығындар бойынша 124,2 млрд. теңгені құрады.

«Мемлекет агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға мол қаржы бөлуде. АҚШ-та, Германияда, Польшада және өзгелерінде несиелік қаржының пайыздық мөлшерлемесі – 1%, Белоруссияда – 0,15%, іргеміздегі  Ресей де биылдан бастап ауыл шаруашылығын дамытуға несиені 1%-бен ұсынбақ. Бұл елдерде кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымдар мемлекет есебінен салынады. Жақында агросаланы несиелейтін «ҚазАгро» холдингінің өкілдерінен несиенің 17,3%-бен берілетінін сұрап білдім. Салыстырыңыз, 1 және 17%», —  деді бәсекелестік  жағдайында ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету жәйін алға тартқан депутат Қатауолла Ашығалиев. Оның айтуынша, БҚАТУ-дың жанындағы зертхананы төрт облысқа ортақ етіп, әлемдік стандарттарға сәйкес жабдықтаса,  шаруалардың маңдай терімен өндірілген өнімдері қолайлы бағаға өтер еді.

Сонда тауар өндірушілер өнімдердің сараптамасы үшін қыруар ақша шығарып, АҚШ-тың зертханаларының көмегіне жүгінбес еді. «Ауылдың жағдайын көтеру басты назарда болуы керек», – деген Қ. Ашығалиев тарифтердің, әсіресе, газдың қымбаттығын, «Жайықжылуқуат» кәсіпорнында әлі күнге газды сараптау (газанализатор) қондырғысы қойылмағанын айта келіп, қысқы уақыттағы қолайсыздықтарды азайту үшін ауылдардың кірме жолдарын көтеруді,  шалғайдағы қыстақтарды сұйық газбен қамту мәселесін шешуді ұсынды. Сонымен қатар ауылдарды газбен қамтуға бірнеше мердігерлердің, бірі ауылға дейін газ құбырын, екіншісі ауылішілік газ құбырын, үшіншісі үйге газ кіргізумен айналысып, әрқайсысының   пайда табуға ұмтылатынын, осының барлығы ауыл тұрғындарына қымбатқа түсетінін, сондықтан осы жұмыстардың барлығын атқаруды тек бір мердігерге тапсыру жөнінде ұсыныс білдірді.

Халық қалаулылары «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі  2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы» мәселені қарап, мақұлдады. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтің айтуынша, 2016 жылы өңірде тоғыз конфессияны құрайтын 75 діни нысан  тіркелді. Облыс аумағында алыс және жақын шетелдерден келген облыстық дін істері басқармасында есептік тіркеуден өткен жеті миссионер жұмыс істейді. Конфессияаралық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында аталмыш басқарма жанынан облыстық діни бірлестіктері басшыларының клубы құрылды. «Ақпараттық түсіндіру жұмыстары арқылы қоғамда терроризм идеяларына қарсы иммунитетті, тағатты діни сананы қалыптастыру және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтарымызды жастардың санасына сіңіру бағытында жұмыстанудамыз», – деді Талғат Нығметов. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен 4022 шара ұйымдастырылып, 415 мыңнан астам адам қамтылған.

Сондай-ақ сессияда  облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 27 маусымдағы «БҚО-ның шекара маңындағы аудандарын дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған ісшаралар жоспары туралы» шешімінің орындалуы, «БҚО-ның аудан орталықтары мен тіректі ауылдық елді мекендерін дамытудың 2014-2018 жылдарға арналған жеке кешенді жоспарларын және ауылдық округтердің орталықтарын дамыту бойынша 2014-2018 жылдарға арналған облыстық ісшаралар жоспары туралы» шешімін жою, облыстың су нысандарында ортақ су пайдаланудың қағидаларын белгілеу туралы мәселелер қаралып, мақұлданды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы-ның басшысы Қ. Маңқараевтың айтуынша, облыстың жеті ауданы шекаралас аймақта орналасқан және оларға қарасты 98 елді мекен – шекаралас ауылдар. Осы ауылдарды одан әрі дамытуға өткен жылы барлық қаржыландыру көздерінен 16 млрд. 475 млн. теңге қарастырылған. Бұл қаржы ауылдардың экономикасын әртараптандыруға, көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға, шекарадан өту орындарын жайландыруға, трансшекаралық өзендерді пайдалануға, табиғатты қорғауға, аудандардың туристік инфрақұрылымдарын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге жұмсалған. Шекаралық ауылдарды дамыту жұмыстары алда да жалғасады.

Халық қалаулылары бұдан бұрын облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірқатар бірлескен қаулылары мен шешімдерінің күшін жойып, облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың, кеңестердің құрамы туралы мәселелерді қарап, мақұлдады. Сонымен қатар  депутаттар еліміздің, өңіріміздің дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімдерін облыстағы әлеуметтік, мәдениет нысандарына беру туралы ұсыныстарды қарады. Соның ішінде облыстық қазақ драма театрына ұлттық сахна өнерінің корифейі, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хадиша Бөкееваның, облыстық мәдениет және өнер орталығына  ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің, Оралдағы №30 ЖОББ мектепке Ұлы Отан соғысының қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқышы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың, Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханаға белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есламғалиұлының есімдерін  беруді  жөн  деп  тапты.

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрайымы болып  депутат Ляна Тұрсынова сайланды. Сессия тиісті шешімдер қабылдады.

Сессия жұмысын облыс әкімі Алтай Көлгінов қорытындылап, жеті аудандағы жолдарды жөндеуге 1 млрд. теңгеден астам, Оралдағы Жұлдыз шағынауданында тасқын суды ағызу арнасы, тас  жол салуға 500 млн. теңге бөлінгенін, қаржының игерілуі қажеттігін еске салды. «Биыл 50 елді мекен сумен қамтылады, сонымен қатар 22 елді мекенді орталықтандырылған сумен қамтудың жобалық құжаттамасы жасалады. Бес мәдениет ошағы жөндеуден өтеді. Оның бірі – А. Островский атындағы облыстық орыс драма театры, оның құралжабдықтары тозған, төбе шатырынан су ағады», – деген өңір басшысы өңірдің дамуы үшін маңызды шешімдер қабылдаған халық қалаулыларына алғыс айтып, нысандарға ұлт мақтаныштарының, белгілі тұлғалардың есімдерінің берілуіне орай құтты болсын айтты. Ал Қ. Ашығалиевтің ауылды дамыту жөніндегі ұсыныстарының АӨК қызметкерлерімен өтетін алдағы кездесуде пысықталатынын айтып, депутаттар корпусына алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс атқаратындарына сенім  білдірді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Cуреттерді  түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Жаңа тарифтік бақылау

Күні: , 38 рет оқылды

20170223_113223


Жақында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары Рустам Ахметов «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның ұжымымен  кездесті. Жиында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауында белгіленген негізгі бағыт-бағдарды әңгімеледі.


Әлем сәт сайын өзгеруде. Соған байланысты бәсекелестік те артуда.

Доллардың нарықтағы бағасы тұрақсыз. Жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекет басшысы Жолдауда экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғырту жайына тоқталды. Соған байланысты жаңа жоспарлар жасақталуда. Мәселен, елімізде кәсіпорындар үшін жаңа тарифтік бақылау енгізілмек. Ол қолданыстағы  тарифтік жүйеден өзгеше болады. Алдағы уақытта кәсіпорындар жыл соңында үнемдеген қаржысын өз керегіне жаратады. Сол арқылы табиғи монополия субъектілері үшін кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа технологиялармен жабдықтауға немесе қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру үшін еңбекақы мөлшерін көтеруге мүмкіндік туады, – деген Рустам Нұрланұлы Жолдауда  көрсетілген басқа да басым бағыттарды баяндады.

Жиында «БҚО энергетиктері» кәсіподақ ұйымының төрағасы Асқар Жәнібеков қолданыстағы тарифтің  өсуіне  бес жылға дейін шек белгіленуіне байланысты кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жаңғырту, қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесі туындағанына   алаңдаушылық білдірді. «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров кәсіпорын жабдығын күтімге алуға мол қаражат  жұмсалып жатқанын, оған дағдарыс ықпалы да елеулі әсер етуде екенін жеткізді. Кездесуде компания қызметкерлерінің  өзге де өзекті сауалына ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің БҚО бойынша департаментінің бас-шысы Мұрат Оспанов жауап берді. Сонымен қатар жиында ҚР «Табиғи монополиялар туралы» заңның жаңа жобасы дайындалып жатқаны айтылды.

Елбасы Жолдауына қатысты дәл осындай кездесу «Батыс су арнасы» ЖШС ғимаратында да өтті. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Рустам Ахметов кәсіпорын ұжымына табиғи монополия реттеу тетігіне енетін өзгерістерді түсіндірді. Кейін сала мамандары қойған сауалдарға министрлік өкілі толыққанды жауап берді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Бесінші күні бес медаль

Күні: , 31 рет оқылды

ян


Жапонияның  Саппоро қаласында өтіп жатқан  VІІІ қысқы Азиа ойындарында ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыз қарқындарын үдете түсті.


Байрақты бәсекенің бесінші күні еліміздің құрамасы екі алтын, екі күміс, бір қола медальды еншіледі. Нақтылап айтсақ, биатлоншыларымыз Галина Вишневская мен Ян Савицкий бас жүлдегер атанса, Василий Подкорытов пен Елена Коломина екінші орын алды. Айта кетейік, бұл – Ленаның Саппородағы үшінші жүлдесі. Ал Алина Райкова қола медальға қол жеткізді. Хоккейші аруларымыз Гонконг құрамасымен кездесіп, оларды 19:0 есебімен ойсырата ұтып, қола  жүлдеге  жақындай  түсті.

Ян Савицкий кеше де жақсы өнер көрсетіп, алтынға қол созды, бірақ бас жүлде бұйырмады. Сөйтіп, ол биатлоннан 12,5 шақырым қашықтықта із қуып жарысу бағдарламасында мәре сызығын екінші болып кесті.  Ал Г. Вишневская болса, діттеген мақсатына жетті. Галя 10 шақырымдық із қуу жарысында топ жарып, Азиаданың екі дүркін чемпионы деп танылды. Бұл сайыста қытайлық Ян Чжаннан айласын асыра алмаған Дарья Усанова 3-орын алды.

Азиаданың бесінші алтын медалін фристайлшы Юлия Галышева сыйлады. Ерлер арасында фристайлдың жұп могул жарысында Дмитрий Рейхерд, трамплин спорты бойынша тұғырдан секіруден Марат Жаппаров қола медаль еншіледі. Ал эстафеталық шаңғы жарысынан жігіттеріміз екінші орын алды. Хоккейден ерлер құрамасы қытайлықтарды 8:0 есебімен тізе бүктірді.

Ақ Азиаданың жарыс кестесінде әзірге «үй иелері» көш бастап тұр. Екінші орында Оңтүстік Корея құрамасы болса, үштіктің соңындағы Аспанасты елін отандастарымыз өкшелеп қуып келе жатыр.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ


Тіркеу туралы түсіндірді

Күні: , 36 рет оқылды


Мекенжайы  бойынша  уақытша  тіркеуге тұрмағандар  әкімшілік  жауапкершілікке  тартылмайды.  Осы  бағыттағы  заңға  қосымша өзгерістер  мен  толықтырулар енген  жағдайда  көші-қон полициясы  басқармасы  тарапынан  хабарланады.


Бұл жайында облыстық ішкі істер департаментінде өткен брифингте белгілі болды.

– Облыс орталығы мен аудандарда орналасқан халыққа қызмет көрсету орталықтарында көші-қон полициясы бөлімшелерінің қызметкерлері уақытша тіркеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Орал қаласында Жамбыл көшесі, 81/2 мекенжайындағы №1 және Құрманғазы көшесі, 173 мекенжайында орналасқан №2 халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс кестесі дүйсенбі, сенбі күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін деп белгіленген. Ағымдағы жылдың 7 қаңтарынан бастап 13 ақпанына дейін облыс бойынша 34 135 азамат тіркеуге тұрды, оның ішінде тұрақты түрде 18 030 азамат, уақытша тіркеуге 16105 адам өтініш берді. Азаматтарды тұрақты тіркеу және уақытша тіркеу жұмыстары одан әрі жалғасуда. Қазіргі уақытта облыс тұрғындарына  наурыз айына дейін түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Уақытша тіркеуге тұрмағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Заңда қосымша өзгерістер мен толықтырулар болған жағдайда көші-қон полициясы басқармасы тарапынан хабарланады, – деді БҚО ІІД көші-қон полициясы басқармасы халықты құжаттандыру және тіркеу бөлімшесінің басшысы Жанаргүл Қадырбекова.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика