Мұрағат: 22.02.2017


Пайдасы зор кездесулер

Күні: , 41 рет оқылды

IMG_9685


Үгіт-насихат тобы мүшелері Теректі ауданында болды. Аудан әкімдігінің үлкен залында өткен басқосуға мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес төрағасы, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және жастар жиналды,  үлкен басқосуға төрағалық жүргізген аудан әкімі Мұрат Мұқаев кездесуге келгендерге  ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуаныш Асылов, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановты таныстырып өтті.


Жиында сөз алған Қуаныш Асылов Жолдаудың «Индустрияны өркендету, дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, жер қойнауын тиімді пайдалану, аграрлық секторды, әсіресе, экологиялық таза тағамдар өндіру қолға алынады» деген жолдарына және өзі жетекшілік ететін тіл саласына байыппен тоқталды.

Теректі ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Досмақов экономикасы аграрлық салаға бағытталған ауданымыздағы шаруашылық жайын баяндады. Соның ішінде мал бордақылауға бағытталған «Береке» бағдарламасының ірі қара мал өнімін алудағы тың серпініне көңілі толып айтты. Елбасының «Made in Kazakhstan» бренді таза өнімдердің эталоны болуға тиіс деген сөзін ұрандай ұстанып, еңбек етуге шақырды баршаны.

Мінберге көтерілген аудандық білім беру бөлімінің басшысы Дайыр Сапаров Жолдауда білім беру саласына қойылған талап-міндеттер мен оларды орындау үшін істеліп жатқан іс-шаралар барысынан мәлімет берді.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Жолдаудың ел әлеуетін еселеуге арналған жаңғырту құжаты екендігін айтты. Осы жерде Елбасының ҚР Конституциясына ұсынған өзгерістері жайлы да түсінік берді.

Бағыт-бағдар берген Жолдау жолдарын халыққа жеткізіп, түсіндіруді мақсат қылған жиын соңын аудан әкімі қорытындылады. Теректіліктердің Елбасы бастамаларын әрқашан да қолдап, жүзеге асыруда үлестерін қосып жүргенін жеткізген аудан басшысы алдағы уақытта да солай болады деп сендірді.

* * *

Сол күні ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуаныш Асылов аудан әкімдігінде жеке қабылдау жүргізді.

Азаматтарды қабылдауға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, Теректі ауданының әкімі Мұрат Мұқаев қатысып отырды.

Қабылдауға кірген Аягүл Омарова тіл дамыту мен қолдану аясын кеңейту бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік тілді қашықтықтан онлайн оқыту мүмкіндігі туралы сұрақ қойды. Мейрамгүл Нұрсұлтанова өзі еңбек ететін Федоров қазақ мектебіне жергілікті танымал тұлға С. Байарыстановтың есімін беру жөнінде сауал салды.

«Қазтест» жөнінде сұраған Мирхат Ибраев емтиханның маңыздылығын түсінетінін айтып, оған қай салалар міндетті түрде қатысуы тиіс деген сұрағына Қуаныш Жұмабекұлынан жауап алды.

Елімізде мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында жүргізіліп жатқан «Қазтест» – қазақ тілін бағалаудың ғылыми жолға қойылған Қазақстандағы бірден-бір тетігі. Үштілділікті жолға қоюды тапсырған Елбасы мемлекеттік тілге басымдылық берілуі тиіс екендігін баса айтқан болатын. Қазақ тілі – бүкіл қазақстандықтарды біріктіретін, жұмылдыратын тіл. Ендеше, бұл емтиханның қажеттілігі айтпаса да түсінікті.

Камелия ӨТЕУ,

Теректі ауданы


Былтыр 184 әлеуметтік жоба жүзеге асты

Күні: , 35 рет оқылды

3орпаеп


Әдетте көп адам үкіметтік емес ұйымдардың мән-маңызын түсіне бермейді.  Қоғамдық ұйымдар — өзінің жарғысы бар және белгілі бір салада әрекет етуге заңды құқық иеленген  адамдардың ортақ мақсат жолында жұмылған ұжымы. Олар тікелей мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Қаржыландырылса да, нақты қоғамдық  және экономикалық жобалар бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Ал түрлі саяси партиялар көбіне қаржылық жағынан тәуелсіз. Олардың бәрін біріктіретін мақсат біреу — қолдауға мұқтаждарға қолұшын беру, мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтаса отырып, Отанымыздың гүлденуі мен алға басуына лайықты үлес қосу.


Осы орайда мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара тиімді де жемісті ынтымақтың маңызы ерекше. Өйткені мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір іспетті үкіметтік емес және саяси ұйымдар, жұрттың мұң-мұқтажы мен қиыншылықтарын жақсы біледі, оны шешу жолдарымен де таныс. Сондықтан Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партияларды бүгінгі қоғамның ішкі өміріне тереңірек еніп, мемлекетке қолғабыс етуге шақыруы тегін емес.

Былтыр өңірде өткен үкіметтік емес ұйымдардың форумында облыс әкімі Алтай Көлгінов те аталмыш ұйымдарды белсенді әрекет етіп, мемлекетке тиесілі кейбір міндеттерді өз еркімен мойнына алып, соны шешуге атсалысуға үндеді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің бас маманы Ерген Рахматуллиннің айтуынша, қазір өңірде 669 үкіметтік емес ұйым мен партия бөлімшесі бар. Соның жүзден астамы ғана белсенді әрекет жасайды. Қалғандары іс жүзінде белсенділік танытпай отыр. Үкіметтік емес ұйымдармен алты мемлекеттік басқарма өзара тығыз қарым-қатынаста.

Өткен жылы осындай өзара тиімді ынтымақтың нәтижесінде маңызды 184 әлеуметтік жоба орындалып, сол мақсатқа бөлінген мемлекеттік қаржы толық игерілген. Үкіметтік емес ұйымдардың өткен жылғы облыстық форумында өңір басшысы А. Көлгінов басқа мақсаттармен қатар, өңірде құқықбұзушылыққа нөлдік төзімсіздік қалыптастыру жөнінде ҮЕҰ-лардың алдына да міндет қойды.

— Жалпы, өткен жылы облыстық, қалалық және 12 аудандық ішкі саясат басқармасы, бөлімдері үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жүріп, 113 шара ұйымдастырып, 7 мыңға жуық адамды қамтыды. 25 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Меніңше, қазір ішкі саясат құрылымдары мен үкіметтік емес ұйымдар арасында толыққанды, өзара тиімді қарым-қатынас қалыптасты, — дейді Ерген Рахматуллин.

20170222_102551Енді айтылған жақсы істі одан әрі дамытып, алға бастыру мақсатында облыс әкімдігінің жанында ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимыл және ынтымақ жөнінде кеңес құрылған. Кеңестің құрамында аталмыш ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер және басқа да сала өкілдері бар. Аталмыш кеңестің ықпалымен азаматтық қоғамның дамуына игі әсер ететін шешімдер қабылданып, ол жүйелі орындалып келеді. Бұдан бұрын ашылған саяси клубтың да қоғамдағы өткір де өзекті мәселелерді талқылаудағы маңызы өте зор.

— Мәселен, өткен жылы клубтың үш отырысы өтті. Отырыста өңірдегі алты саяси партияның облыстық бөлімшесінің өкілдері мен клуб мүшелері ресми билікпен бірге түрлі қоғамдық мәселелерді талқылап, пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ былтыр қоғамдық кеңестердің құрылуы да өмірге тың серпін берді. Өткен жылдың ішінде облыстық қоғамдық кеңестің 11 отырысы оздырылып, онда жер, мемлекеттік бюджеттің орындалуы және тағы басқа мәселелер талқыланып, тиесілі шешімдер қабылданды. Биыл да бірлесіп атқарылатын іс көп. Оның ішінде Сырым батырдың туылғанына 275 жыл толуы, «Алаш» қозғалысының 100 жылдығы және басқасы бар.

Қазірдің өзінде Сырым бабамыздың мерейтойына қатысты шаралар басталып та кетті, — деді сөзін сабақтаған Ерген Рахматуллин.

Енді жекелеген үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерінің сөзіне құлақ түрейік.

— Біз 2005 жылдан бері облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауы және көмегімен түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға тұрақты түрде қатысып келеміз. Атап айтқанда, содан бері мүгедектерді сауықтыру, әлеуметтік оңалту, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту және басқа да жобалар ойдағыдай атқарылды. Бұл істен Орал қалалық, 12 аудандық бөлімше де тыс қалған жоқ. Олар да жергілікті әлеуметтік қамту, денсаулық сақтау бөлімдері және өзге де мүдделі тараптармен бірге нәтижелі істер тындырды. Бір ғана мысал келтірейін. Өткен жылы «Инватакси» қызметі облыс көлемінде 8095 адамға, яғни түрлі әлеуметтік санат өкілдеріне қызмет көрсетті. Аудандағы барлық ішкі саясат бөлімдерінің ісімізге оң қабақ танытуы қуантады, — дейді облыстық мүгедектердің ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов. «БҚО «Азаматтық қауымдастығы» ЗТБ ұйымының төрайымы Әлия Сәлиеваның айтуынша, былтыр олар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша құны 11 806 428 теңгені құрайтын жеті түрлі жобаны жүзеге асырыпты. Тапсырыс бергендердің ішінде облыстық ішкі саясат басқармасы да бар. Әрі төрт жыл бойы облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасы бойынша обыр ауруына қарсы бағытталған «Бізбен бол! Бізбен бірге күрес!» атты әлеуметтік жобасын атқаруда. Тек өткен жылғы іске асырылған жобаның құны 1330 мың теңгені құраған екен.

 — Көпке ортақ істегі ынтымаққа ризамын. Биыл да бірлескен істерді атқаруға әрі ынталымыз, әрі мүдделіміз, — дейді Әлия Өтемісқызы.

Әрине, біздің қоғамды алға бастыру, оны одан әрі дамыту жолындағы өзара ынтымақты істің бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Тек айтарымыз, осындай өзара мүдделі тараптардың ортақ іс-қимылдары болашақта да жалғасын таба бергей.

Тамара ИСТОМИНА,

«Диабет» облыстық қоғамының төрайымы:

— Осы салада істегеніме 15 жыл болды. Келешекте өз орныма бір белсенді көмекшімді қалдырмақпын. Осы жылдар ішінде жетістік те, түрлі қиындық та болды. Соның бәрінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшылығы мен ұжымының көмек-қолдауын сезініп отырдым. Оларға өте ризамын.

Гүлнәр ӘЛЖАНОВА,

облыстық тілдер басқармасы ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпаратты бақылау бөлімінің басшысы:

— Біздің басқарма ҮЕҰ-лармен үнемі іскерлік қарым-қатынаста. Мәселен, былтыр «Жаңа толқын» жастар қоғамдық бірлестігінің күшімен ересектер үшін мемлекеттік және ағылшын тілін оқыту курсы ұйымдастырылды. Сондай-ақ әлеуметтік тапсырыс бойынша «Евразия» әлеуметтік ғылыми-зерттеу орталығының күшімен ономастикалық мәселелер талқыланған дөңгелек үстел отырысы да өтті. «Қыздар әлемі» электронды порталының жұмысы жарасымды жалғасын тапты. Айта берсе, жұмыс көп. Биыл «Алаша Байбарақ» қоғамдық қоры, «Алтын тамыр», «Құтадғу білік», облыстық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесе отырып, мемлекеттік тапсырыс бойынша жекелеген әлеуметтік жобалар жүзеге асырылмақ.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Ақ Азиада «қыза түсуде»

Күні: , 25 рет оқылды

1 полосараопапрв


Өткен аптаның соңында Жапонияның Саппоро қаласында VІІІ қысқы Азиада ойындары басталғаны белгілі. 19-26 ақпан аралығында өтетін байрақты додада 31 елден келген спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салуда.


Ақ Азиадада ел намысын 153 спортшы қорғауда. Олардың арасында халықара­лық деңгейдегі түрлі жарыстарда жеңімпаз болған мәнерлеп сырғанаушылар Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева, конькишілер Роман Креч, Денис Кузин, Екатерина Айдова, шаңғышы Николай Чеботько, шорт­трекші Анита Нагай бар.

Айта кетейік, 1986 жылы алғаш рет қыс­қы Азиада ойындары ұйымдастырылып, дәл осы Саппорода 1-8 наурыз аралығында өткен еді. Қазақстандықтар 1996 жылы 4-11 ақпанда Харбин (Қытай) қаласында өткен үшінші қысқы Азиада ойындарына алғаш рет қатысып, спортшыларымыз 14 алтын медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады.

Сайыс кезінде ел қоржынына алғашқы жүлдені шаңғыдан әйелдер арасында клас­сикалық стильдегі спринттік жарыстан Еле­на Коломина салды. Артынан Лена қола медальді де еншіледі. Ал жарыстың үшін­ші күні солтүстікқазақстандық шаңғышы Ри­нат Мухин жекелей сында барлық қар­сы­ласын шаң қаптырып, бас жүлдеге ие болды. Отандасымыз Денис Кузин 1000 метр­ге конькимен жүгірушілер сайысында мәре сызығын екінші болып қиса, трамплин спорты бойынша тұғырдан секіруден Сергей Ткаченкоға, жерлесіміз Анита Нагайға қола медаль бұйырды.

Осылайша отандастарымыз жалпы есепте Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайдан кейінгі төртінші орында келеді.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ


Анита Нагай қола жүлдегер атанды

Күні: , 35 рет оқылды

Анита Нагай1


Батысқазақстандық шорттрекші Анита Нагай Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.


Анита Қазақстан құрамасы сапында Ким Йонг А, Анастасия Крестова, Мәдина Жанбосынова және Ольга Тихоновамен бірге 3 мың метрлік қашықтықта эстафеталық жарыс финалында Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония командаларымен сынға түсті. Жарыс барысында төртінші келе жатқан қазақстандықтарға сәттілік жолдас болды. Өйткені жапондық қыздар құлап қалып, оларды қазақстандықтар басып озды. Осылайша оңтүстіккореялықтар алтыннан алқа тақса, қытайлықтарға күміс, Қазақстан құрамасына қола жүлде бұйырды. Ал ерлер арасында қазақстандықтар ерекше табысқа қол жеткізе қойған жоқ. Мұның себебі Саппороға шорттрекшілердің екінші құрамы барғандығында деуге болады. Негізгі құрам Голландияның Роттердам қаласында өтетін әлем чемпионатына әзірленуде.

Сонымен, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде оқитын Анита Нагай кезекті қола медалін еншілеп отыр. Бұған дейін ол өткен жылы Лиллехаммерде өткен жасөспірімдердің қысқы олимпиадасы және биыл Алматыдағы қысқы универсиаданың қола жүлделерін  жеңіп  алған  болатын.

Ғайса  БӘЙМЕН


БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасында жаңа басшы

Күні: , 65 рет оқылды

1981 - Copy 1


Облыс әкімінің  бірінші  орынбасары Арман  Өтеғұлов  Батыс Қазақстан  облыстық  дене  шынықтыру  және  спорт  басқармасының  ұжымына  жаңа  басшыны таныстырды.


Әсия Рақымқызы Аманбаева конкурстық негізде және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ә. Аманбаева 1969 жылы туған, білімі жоғары, Орал педагогикалық институтын орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Бирмингем университетінде магистратураны аяқтаған.  Спорт ғылымдарының магистрі.

Ол 1995-2005 жылдары Батыс Қазақстан облыстық жастар істері, туризм және спорт басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, «Балалар-жасөспірімдер бокс спорт мектебі» МКҚК директорының орынбасары болып істеді.

2005-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі  Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Спорттық резерв және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының бөлім басшысы, басшысы болып істеді.

Әсия Рақымқызы Аманбаеваның дене шынықтыру және спорт жүйесінде, мемлекеттік қызметте, басқарушылық жұмыста іс-тәжірибесі, ұйымдастырушылық  қабілеті бар.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Іске сәт, «Мың бала»!

Күні: , 31 рет оқылды

PRI_4215


Таяуда  қаламыздағы  Достық  үйінде  халықаралық Ана тілі күніне орай  дәстүрлі   «Мың бала» жобасы  бастау  алды. Қазақстан халқы ассамблеясының  бастамасымен  ұйымдастырылған  шараның мақсаты өзге  ұлт  өкілдеріне  мемлекеттік  тілді  үйрету  арқылы  қоғамдық келісім мен  ұлттық  бірлікті  нығайту  болып  табылады.


Шараға қатысқан облыстық ассамблея төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов жиналғандарды Ана тілі мерекесімен құттықтап, өткен жылғы жобаға белсенді қатысқан мұғалімдер мен оқушыларды алғысхаттармен марапаттады.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, 2015-2016 жылдары еліміздегі өзге ұлт өкілдері балаларына мемлекеттік тілді үйрету үшін түрлі жұмыстар жүргізілген. Аталмыш жоба аясында елімізде 20 мыңнан астам шара өткізіліп, оған 585 мың жас қатысқан екен.

–«Мың бала» жобасы біздің облыста екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы жүргізілген жоба өз нәтижесін берді. Биылғы жоба бойынша өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында түрлі олимпиадалар, байқаулар және ашық сабақтар өткізілмек. Жылдың соңына дейін мыңға тарта баламыз мемлекеттік тіл біліктіліктерін ұштауға мүмкіндік алады, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлжайна  Бисенғалиева.

Мемлекеттік тілді үйренуге ниеттенгендердің бірі №20 мектептің 7-сынып оқушысы Мария Демяшева шарада әнші Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Тентегім» әнін орындады.

– Мен қазақ тілін әлі жетік меңгере қоймадым. Алайда «Мың бала» жобасының арқасында жыл соңында жоғары нәтижеге қол жеткізгім келеді. Мемлекеттік тілді меңгеруіме жәрдемдесіп, түрлі қызықты шаралар өткізіп жатқан аға-әпкелеріме алғыс айтамын, — дейді Мария.

PRI_4257Жобаның ашылуына қатысушылар «Үш тұғырлы тіл – заман  талабы» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында «Мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытудың инновациялық әдістері», «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын жастар санасына сіңіру» тақырыптары бойынша  баяндамалар  тыңдады.

–Үш тілде оқыту – заман талабы. Оның мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті мәдениетті тұлғаны қалыптастыру. Облыстық білім басқармасы 2020 жылға дейін жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді үш тілде оқытуды енгізудің кестесін бекітті. Алдағы уақытта пән мұғалімдеріне арналған тілдік курстар, оқушыларға арналған онлайн сабақтар өткізілмек. Назарбаев зияткерлік мектебі, қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей интернаты мұғалімдері өзге мектеп ұстаздарымен үздік іс-тәжірибелерімен бөлісетін болады, – деді өз баяндамасында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары  Зәуре  Ғұмарова.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі»

Cуреттерді   түсірген  Айбатыр   НҰРАШ


Жайық жұртына дән ризамыз

Күні: , 21 рет оқылды

Ершат1


Оралда тұңғыш рет бұдан екі жыл бұрын болдым. Оған себеп болған – осы қалада ұйымдастырылған ұйғыр мәдениетінің күндері. Біз үшін өте маңызды үшбу шараға Алматыдағы республикалық ұйғыр этномәдениет орталығынан 15 адам бардық.


Мерекелік шара Батыс Қазақстан облыстық А. Островский атындағы орыс драма театрының ғимаратында өтті. Ақ Жайықтың жағасындағы әсем шаһарда ұйымдастырылған ұйғыр мәдениетінің күндері аясында құтты мекен, ортақ Отан – Қазақстанда өмір сүріп жатқан әр түрлі ұлт-ұлыстардың ән-билері орындалды, ұлттық қолөнер және дәмтағамдар көрмесі көптің назарына ұсынылды. Бұл достық мерекесін тамашалауға келген адамдар өте көп болды. Бәрі де шат-шадыман көңіл күймен, ду қол шапалақтаумен өз өнерін ортаға салған өнерпаздарға ризашылығын білдіріп отырды. Осылайша көпшіліктің қолдауымен ұйғыр мәдениетінің күндері нағыз халықтар достығы мерекесіне, отандастарымыздың ортақ мейрамына айналып, осы ынтымақ пен достықты паш еткен шара бірнеше телеарнада  көрсетілді. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газетінде «Ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда тұрады», «Приуралье» газетінде «Дали жару уйгуры в Уральске» деген жүрекжарды мақалалар жарияланды. Мерекелік шараның соңында сөз сөйлеген республикалық ұйғыр этномәдениет орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшесі Шаймардан Нурумов (қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты) барлық ұйымдастырушыларға, әсіресе, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Орал қалалық әкімдігіне, Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығына  шексіз  алғысын  айтты.

Ертеңіне біз, алматылық ұйғырлар, Ақ Жайықтың табиғатын тамашалап және Орал қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, ұмытылмас әдемі әсер алдық. Жалпы, Жайық жұртының қонақжайлылығы, татулығы мен адамгершілік қасиеттері рухани тұрғыдан біздің жан дүниемізді байыта түсті. Еліміздің Батыс өңіріндегі бауырларымызды, Жайық жұртын 1 наурыз – Алғыс күнімен шын жүректен құттықтап, баршаңыздың отбасыңызға амандық, дендеріңізге саулық және еліміздің  мүддесі үшін үлкен-кішіңізге бірдей  жемісті  еңбек  тілеймін.

IMG_0581IMG-20151108-WA0027

Ершат  АСМАТОВ,

республикалық  «Ұйғыр авази»  газетінің  бас редакторы,

Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі,

Алматы қаласы


Алашорданың 100 жылдығында он томдық ғылыми жинақ жарық көреді

Күні: , 34 рет оқылды

DSC_0036


Жуырда Сырым ауданы әкімдігі, Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық кітапхана және Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы қосылған онлайн конференция өтті.


Сырым ауданы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған шара Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына арналды.

Конференция барысында аталмыш ауданның әкімі Абат Шыныбеков Батыс Алашорданың Отаны болған Сырым елінде Алаш қайраткерлерінің ел тәуелсіздігі жолында атқарған саяси қызметтерін кеңінен насихаттау туралы, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессорлары Алашорда үкіметі құрылуының негізгі мақсаттары, зерттелуі, жинақталуы жайында әңгімеледі. Сондай-ақ Жаһанша Досмұхамедовтің өмірі туралы кітап жазған өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің профессоры, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, тарих ғылымдарының кандидаттары Бақтылы Боранбаева, Есқайрат Хайдаров Жұбан Молдағалиев атындағы кітапхана алаңынан сөз алып, Алаш тақырыбына қатысты нақты деректер мен ой-пікірлерін ортаға салды.

— Семейде он жылдан бері Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы жүйелі түрде жұмыс істеуде. Мұндай орталық Батыс Қазақстан облысында да ашылар деген үмітіміз бар. Бұл орайда шығысқазақстандықтар бар қолдау-көмегімізді көрсетуге дайынбыз. Мен нақтылы ғылыми-әдістемелік тұрғыдан арнайы маман ретіндегі пікірімді білдірейін. Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы болғаннан кейін ол бір мерейтойдың алдындағы шапқылап жүріп атқаратын жұмыстармен айналыспайды. Нақтылы ғылыми жүйемен, концепциямен жұмыс істей-ді. Ол жұмыстар Семейді ғана емес, тұтас Қазақстанды қамтиды. Алаштың 100 жылдығы қарсаңында Алашорданың астанасы болған Семейде көптеген еңбек жасалып жатыр. Атап айтқанда, ғалымдардың атсалысуымен «Алаштану мәселелері» сериясымен он томдық ғылыми жинақ даярлану үстінде. Оның алғашқы томдарында белгілі ғалымдардың мақалалары топтастырылған. Алдағы жаз айларында жарыққа шығатын он томдық Алаш және дін, Алаш және мәдениет, Алаш және тарих, Алаш және философия секілді тақырыптарды қамтитын тұтас ғылыми концепция бойынша жүйеленуде. Екіншіден, Мәскеу қаласынан «Алаштың пассионарлық қуаты» атты үлкен еңбек шықпақ. Одан басқа Алаш тақырыбына байланысты мыңдаған құжаттарды екі томға жинақтап шығардық. Біздің орталықтың негізгі қанатты сөзі – «Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан». Алашты зерттеуге келгенде, ешкім біздің қолымызды байлап отырған жоқ. Шәкәрімнің тілімен айтқанда, «Еріншектен салақтық, салақтықтан надандық, жоғалар сөйтіп адамдық» дейді. Мектептерде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевсыз ешнәрсе оқылмайды. Сондықтан құр байбаламға жол жоқ. Бірлесіп еңбектенсек деген ниетіміз бар, — деді онлайн конференцияда сөз алған Семей қаласындағы Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбай.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Қоғамдық көліктің қызметі көпшілік көңілінен неге шықпайды?

Күні: , 502 рет оқылды

IMG_6885


Өткен  жұма  күні облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  ел-жұрттың алдында  былтыр  өңірде  атқарылған  істерге  байланысты  есеп  бергені  белгілі.  Баяндамасынан соң  өңір  басшысы  тұрғындардың  сұрақтарына  жауап  берді.  Сол  сұрақтардың  арасында  облыс  орталығындағы  қоғамдық  көлікке  қатысты  да  мәселелер  көтерілді.  Осыған  орай  газет  тілшілері  Орал  қаласындағы түрлі  бағыттағы  қоғамдық  көліктерге  отырып, жолаушыларды,  автобус  жүргізушілерін,  автопарк  басшыларын,  құзырлы  мемлекеттік құрылым  өкілдерін  әңгімеге тартқан еді.


«36»  неге кешігеді?

Нөмірі 36-маршруттың жүру жиілігін бақылау мақсатында Л. Толстой аялдамасына сағат 14.45-те келген едік. Күткен көлігіміз он сегіз минут өткенде зорға келді. Келесі 36 онша көп күттірген жоқ. «ПАЗ» ныспылы автобус алдыңғысынан кейін тоғыз минут өткенде келіп жетті.

– Біз қазір алдымызда келе жатқан 36-маршруттың шағын жол апатына ұшырағаны себепті кешігіңкіреп келеміз. Негізі, сегіз минут сайын жүруіміз керек. Қаламыз бойынша бұл маршрутта  20 автобус болса, соның үшеуі сынып тұр. Жұмыс аяқталар қарабалас сәтте жолаушы көп мінеді. Автобусқа әрең сыйысады. Сол себепті кейде бір-екі аялдамаға тоқтамай өтіп кетуге тура келеді, — дейді  кондуктор  Сұңғат  Қуанов.

– Осы маршрут аялдамасы бағытына қоныстанғаныма жеті жылдай уақыт болды. Бұрын «ГАЗель» тасымалдайтын уақытта мұндай «шикіліктер» болмаушы еді. Уақытынан кешігу дегенді білмейтін. Араға 5-10 минут салып, жүре беретін. Ал қазір күн сайын аялдамада жарты сағаттай күтіп тұрамыз. Кондукторларға айттық, диспетчерлеріне де бардық, біреуі де қайғырмайды. Жуырда қатты аязда №36 маршрутты сағат 18.30-дан 19.30-ға дейін күтіп тұруға мәжбүр болдық. Осындай жағдайлар бойынша диспетчерлермен күнде дауласамыз. Жұмысқа барарда қай уақытта шығып тұру керектігін де білмейміз. Аязды күндерде бензинді үнемдей ме екен, көлік іші суық болады. Ескертсек, «Осыған рақмет айт» деп жекіп тастайтындары да бар. Жақсылап жазшы, көкем, кімге айтарымызды білмей жүрген едік. Жақсы болды ғой, – деді жолаушы Гүлсім Меңдіғалиева.

Плодоовощной ауылына жеткенде, «Баня» деп хабарланған аялдамадан түстік. Аялдама деген аты болмаса, заты жоқ. Жолдың арғы бетінде үш адам тұр екен. Дәл сол тұстың аялдама екенін өздерінен сұраған соң білдік. Әйтпесе, ықтасын белгі де жоқ, кәдімгідей ашық жолдың жаны. Мектеп жасындағы қыз бала, сәбиін көтерген жас ана және бір мосқалдау келіншектің жанына төртінші болып қосылдым. Бәрі де №36 маршрутты күтіп тұр екен. Олар арнайы мақсатпен жүрген газет тілшісі екенімді білген соң шағымдана жөнелді. Олардың жанына келгенімде, сағат 15.35-ті көрсетіп тұрды. Ал олар бұл жерде сағат 15.00-ден бері тұрғандарын айтты. Қабақтарын шытып, тоңған аяқтарын бір-біріне соғып әлек.

Күткен көлігіміз сағат 15.57-ні көрсеткенде келді. Автобусқа мінген бойда, кондуктордан мәнжайды сұрайын десем, жаңағы өзіміз келген автобус, тура сол кондуктор екен.

– Біздің алдымыздағы автобус сынып тұр екен, – деді ол тағы да.

– Ендеше,  сол автобустың уақытымен неге шықпадыңыз?

– Біз де пенде емеспіз бе, тамақтануымыз керек, – деп ренжіген кейіп танытты.

– Бұл автобусты аялдамада кемінде жарты сағат күтеміз. Таңда да, кеште де бір ән. Кейде тіпті тоқтамай кетеді. Бұрын «ГАЗель» болғанда,  5-10 минут сайын жүре беретін еді. Ал қазір жолаушылар ылғи диспетчерлермен дауласады, – деді Күләш Оразова есімді келіншек алдыңғы кейіпкеріміздің әңгімесін қайталап.

– Иә, аялдамада кем дегенде жарты сағат міндетті түрде тұрамыз. Диспетчеріне де, кондукторына да ескерту жасаудан кенде емеспіз. Алайда «Сынып қалдық, көлік жетіспейді» деген сықылды сылтауларын айтудан жалықпайды. Мүмкін рас та шығар. Бірақ осы мәселені шешетін жауапты тұлғалар жоқ па?

– Осыдан екі апта бұрын екеуі бір мезгілде шыққандары үшін екі жүргізуші телефон арқылы сөзге келіп қалды. Автобус сол жерде тоқтай қалып, бәрімізді түсіріп кетті. «Келесі автобус бір минуттан  соң келеді» – деп еді, бір минуты жиырма минутқа ұласты, – деп көліктің алдыңғы жағына жайғасқан екі келіншек жарыса сөйледі.

«Школьник» аялдамасынан түсіп, келесі автобус келгенше тағы да уақыт есептеуге кірістік. Әдеттегідей өзге автобустар бірнеше қайтара келіп-кетіп жатты. Ал 36-маршрут он бес минуттан соң келді. Жолаушыға лық толған «ГАЗельдің» ішінен бірінші болып шыққан кондуктор түсетін жолаушыларға орын беріп тұр. Ол қайтадан иін тіресе мінген жолаушыларын «тиеп» алды да, өзі көлікке шақ ілігіп тұра қалды. «ГАЗельдің» есігі зорға жабылып, әрмен қарай қозғалып бара жатты…

Бір  сағатқа  созылатын  7  минут

Дәл осындай рейдті қаламыздағы №4 автобус маршруты бойынша да жүргізген едік. Бұл маршрут жолаушыларының өздері тақым артқан көліктеріне айтар назы төмендегідей болды.

Динара  АЙТАСОВА,

Трекин  ауылының  тұрғыны:

– Трекиннен қалаға дейін таксимен келемін. Әрі қарай жұмысқа дейін №4 маршруттағы автобусқа мінемін. Маршруттың біреуінен кешіксең, екіншісін ұзақ күтуіңе тура келеді. Сол келгеннің өзінде ішіндегі лық толы кісіні көріп, мінгің келмей қалады. Жұмысқа киімің қыртысталып, адамдардың «Әрі тұр, бері тұр» деген айқайынан шаршап жетесің…

Сәбила  БЕКҚАЛИЕВА,

қала  тұрғыны:

– Таңғы және кешкі қарбалас уақытта №4 автобустың іші жолаушыға лық толады. Олардың кейбірінің ішіне линолеум төселген. Аяқ киіммен ілесе келген қар ерігендіктен, линолеумның беті жылтырап, тайып кеткен кездерім де болды. Кей маршруттық көліктердің ішінде газдың иісі шығып тұрады. Осы бағыт бойынша қызмет көрсететін автобустардың көпшілігінің дерлік тазалығы сын көтермейді. Кейбірінің іші салқын болады.

Рейд барысында біз «Орал дүкені» аялдамасында тұрып L 675 BC мемлекеттік нөмірлі 4-маршрут көлігінің сағат 15.13-те өткенін белгілеп алдық. Аталмыш маршруттың мұнан кейін келетін автобусын 26 минут күттік. Сағат 15.39-да келіп жеткен автобустың кондукторын  әңгімеге  тарттық.

– Жүру кезінде арнайы белгіленген арақашықтық кестесін сақтаймыз. Қозғалыс жиілігіміз – 7-9 минут. Жолаушыларға сағат 21.30, кейде 22.00-ге дейін қызмет көрсетеміз. Сенбі-жексенбі күндері арақашықтық жиілігіміз 10-12 минутқа дейін ұзарады, – деді кондуктор.

Тапжылмастан жарты сағатқа жуық уақыт тұрып көлік күткен сәтімізде, суық желден бүрсең қаққан бүлдіршіндердің жылынар таса іздеп, аялдаманың жан-жағына шыққанына куә болдық. Ал өзіміздің тоңғанымыз соншалық, қызмет бабына қажетті құрылғыларымызды қолданғанда, біразға дейін қолымызды икемге келтіре  алмадық.

«Автопаркті  жаңарту арман…»

– Естіп жүрмін, «Біздің әріптестер жарысады» – деп. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ ол дұрыс емес. Өзім ондайдан аулақпын. Машина күнде жуылады, өзімізде онымен айналысатын орын бар. Жол жүру ырғағының арасы – шамамен он минут. Көлік бірінің ізін бірі ала, аялдамаға келіп тұрады. Айтарлықтай қиындық жоқ. Ең бастысы, жалақыны уақытында аламыз. Рас, кейбір «харам суға» тойып алғандар жолақысын бермей кетеді. Тек сол болмаса, — деді №22 маршруттың жүргізушісі Болат Ғаббасов.

Көбіне №22 және 5-ші қоғамдық көліктің қызметіне ділгермін.

Өкініштісі сол, көліктің іші лайсаң күндері кейде лас болып кетеді. 22-нің ұнайтыны – көбіне түнгі сағат 11-12-ге дейін тоқтамайды. Ал №5-автобустың көбіне сағат кешкі тоғыз-да жұмысын доғарып жатқанын көресің. Жазда мұның өзі жолаушылар, әсіресе, жастар үшін қолайлы емес, – дейді көлікте отырған жолаушы, ғалым және ұстаз Дәметкен Сүлейменова.

№7  және №6 көлікті жиі пайдаланатын өзге екі жолаушының пікірін алғанбыз.

– Автобустың жүруі сирек. Аталмыш екі көлік те кейде тоқтамай кетеді. Тілегім – №6 автобустың маршрутында сыйымдылығы үлкен көлік шығарылса, ал 7-маршруттың жүру жиілігі қатаң бақылауда болса, – дейді Зашаған кенті, Балауса шағынауданының тұрғыны  Гүлмайра  Берғалиева.

– Осы екі көліктің «жыры» бітпейтін болды. Кісі толы автобусқа талай рет сыймай қалып жүрдік. Ашулансаң: «Ұнамаса, отырма. Таксимен жүр!» — дейді.

Айтарым, біздің жаққа тағы да үлкен автобус шығаратын уақыт жетті. Әрі оның кеште жүретін уақыты ұзартылсын! – дейді сол кенттің тағы бір тұрғыны Жәннат Молдағалиева.

– Біздің кәсіпорында 33 көлік №22 автобустың маршрутында жүр. Күн сайын жұмыс барысында кейбіреуі істен шығып, 28-24-і ғана қалады. Себебі – қосалқы бөлшектің жоқтығынан не аздығынан. Ал оның құны жылдан-жылға өсуде. Әр автобус екі сағат 20 минутта маршрут бойынша бір айналымнан шығады. Қозғалыс JPS жүйесі арқылы үнемі тексеріледі. Кондуктор бар да, жүргізуші жетіспейді. Өйткені жарытымсыз жалақыға ешкім де еңбек еткісі келмейді. Ал көлікті заман талабына сай жарақтандыру, паркті жаңарту жөнінде армандаудың өзі мүмкін емес. Өйткені қаржы жоқ, жолақының өспегеніне де төрт жыл өтті. Бара-бара жұмыстың тоқырауы да ықтимал. Ащы шындық  осы. Соған қарамастан еңбек етіп келеміз. Жұмысымызға арыз-шағым бар. Жазықтыларды әкімшілік жолмен жазалап, шара қолданып та жатырмыз, – дейді «Батыс Қазақстан автомобиль паркі» ЖШС-ның директоры Нұрлыбек  Бірманов.

– Ең әуелі, ел сынына жауап қайтарсам. Әңгімені көлік еденіне төселген линолеумнен бастайын. Әдетте, ол автобус ішін жуғанда, тап-таза болуы үшін төселеді. Көп болса, қыстың үш-төрт айында тайып құламаса, басқа уақытта одан қандай зиян? Екіншіден, дөрекі жүргізуші мен кондуктордың барлығын жоққа шығармаймыз. Ондайларға жаза да қолданамыз, түсінік жұмысын да назардан тыс қалдырмаймыз. Билетке келсем, енді ол ертеңнен бастап, жолаушыға берілуі тиіс. Себебі басқа жерден тапсырыс беріп, автобус билетін алдырдық. Сондағы әр билеттің бағасы 4 теңгеге түсіп тұр. Ал қозғалыстың уақытын қала әкімдігі белгілейді. Әкімшілік кестесінен тыс әрекет жасауға құқымыз жоқ. Басқа жолаушы тасушылар сияқты жолақының тым төмендігі, қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармайының жыл сайын өсуі қабырғамызға аяздай батады. Тілге тиек етсем, үш жылдың ішінде жанар-жағармайдың бағасы екі есеге дейін өсті. Мұны, әрине, ешкім білмейді, тіпті ескергісі де келмейді. Тек жазғыра салады. Тіпті қысқа жіп күрмеуге келмейтініне қарамастан, паркті жаңартып алдық. Былтыр жаңа төрт «Пазик» және «Пежо», «Ситроен» сынды көліктер сатып алуымыздың өзі неге тұрады?! Түгелімен алғанда, парк сегіз  машинаға жаңарды. Онсыз да біздің теңгерімде №7-ден басқа, №36 маршрутқа жүретін 34 көлік бар. Бұған №6, №51, №53 маршрутқа қоғамдық көлікті қосыңыз. Соңғы көліктердің бәріне жеке-жеке тоқталып кетуге уақыт тығыз. Жалпы айтарым, әр көліктің қозғалыс жиілігі 6-8 минутты құрап отыр. Арыз-шағым әрине, бар. Бірақ түскен дабыл дереу  тексеріліп, тиісті шара қол-данылғаны туралы қалалық билік орындарына міндетті түрде   жазбаша хабарлап отырамыз, – деді «Ақжол-Авто» ЖШС директорының орынбасары  Төлебай  Сатқұлов.

Сұлушаш  ОРАЗОВА,

Серебряков  кентінің тұрғыны:

– Біздің ауылымызға баратын №51 автобус бұрын үлкен еді. Қазір екі ортада ПАЗ автобусы жүр. Бұған Круглоозерный, Серебряков ауылдарының халқы сыймайды, сол себепті кейбір адамдар қалып қояды.  Ал әзер деп мінгендер, әсіресе, егде жастағы, ауру, мүмкіндігі шектеулі адамдар, балалар жеткенше қиналып барады. Кейде автобустан жанармайдың иісі шығады. Біреулер оны көтере алмай жатады… Осылайша қысы-лып-қымтырылып тұрғанда, ақшаң да, ұялы телефоның да ұрланатын кездер болады. Автобусқа қатысты жағдайды құзырлы құрылымдарға айтып-жазып жатырмыз. Әзірше бұл мәселе шешілген жоқ.

Сергей  ЕМЕЛИН,

Орал  қаласының  тұрғыны:

– Мен №3, 35, 39 автобустардың соңғы аялдамасы болып табылатын Жайық жағалауы ауданында тұрамын. Біздің жақта №3 автобус жөнді жүрмейді. Біраз күтуге тура келеді. Сол себепті уақтылы келетін №35 немесе №39 автобустарға отыруға тырысамын.

Жалпы, өзім қоғамдық көлікке қатысты көп сын айта алмаймын. Техника болғасын, кей уақытта сынып қалып жатады. Сол себепті кешігу болады. Кондукторлар аялдаманы айтып отырады, адамдармен дөрекі сөйлескенін, ұрысқанын көргенім жоқ. Ал билет мәселесіне келсек, №3, 39 автобустардан билет алып көргенім жоқ.

Владимир  ШУРУГИН,

№39  автобустың  жүргізушісі:

– Өзім айдайтын L395 АА автобусының техникалық жағдайы жақсы. Күн сайын таңмен маршрутқа шығар алдында парктегі механигіміз көлігімізді тексерістен өткізеді. Көлігіміз паркке қарайды, сол себепті техникалық ақау, жанармайдың иісі шығу сынды олқылықтар бізде болмайды. Мәселен, мына автобусқа бес жыл бұрын су жаңа кезінде міндім. Әлі де жағдайы жақсы. Іші жылы,  жел, жауын-шашын өтпейді. Жолаушылар үшін қолайлы.

Жолаушылар негізінен таңмен және кешкі уақытта автобустағы кісі санының көптігіне байланысты реніштерін айтып жатады. Минут сайын автобус жүре алмайды ғой. Жұмысқа кешігетін болса, ертерек шығу керек. Ал басқа уақыттарда автобустың салоны толмайды.

Бізде билет жоқ. Парк басшылығы бізге неге билет бермейтінінен хабарсызбын. Жолаушылар тек түсер кезде ғана жолақысын төлейді.

Жұмабек  АМАНТАЕВ,

кондуктор:

– Кейбір жолаушылардың ішінде «Неге аялдамаларды дауыстарыңызды шығарып айтпайсыңдар?!» деп наразылықтарын білдіретіндер бар. Ал өздері, соның ішінде жастар, орта жастағылар құлаққап киіп, әуен тыңдап отырып, естімей қалып, аялдамаларынан асып кетіп жатады. Мұны қанша рет айтып жүрміз. Еш нәтиже жоқ.

Автобусты күн сайын кешке паркке барғаннан соң жуамыз.

Әйтпесе күндіз тазалап үлгермейміз. Себебі біздің №39 маршруттағы автобустардың арасындағы жүру арақашықтығы (интервал) бес минутты құрайды. Қоғамдық көліктің еденіне линолеум сынды тайғақ, қолайсыз материал төсемейміз. Тағы бір айта кетер жайт, кейбір ата-аналар жолақы төлемеуі үшін балаларының жастарын төмендетіп өтірік айтады. Ал балалардан сұрасаң, олар шынын айтып, әке-шешесінің бетін қызартады. 30 теңгені үнемдеймін деп, мұндай тәрбие берген дұрыс  деп  ойламаймын.

Гүлайым  НҰРӘЛИЕВА,

Асан  ауылының  тұрғыны:

– Асандықтардың №30Д автобусына деген өкпесі қара қазандай. Себебі көп автобустың іші лас, орындықтар жыртылып, «ішекқарны» ақтарылып жатыр. Кейде жүргізуші де, кондуктор да темекі тартады. Мен өзім тазалықты жақсы көретін және темекінің иісін көтере алмайтын адаммын, соған орай автобустың ішіне кірсем, жүрегім айнып, ауырып, үйге әзер жетемін. Жаз мезгілдерінде қоғамдық көліктің іші шаң болады, ақ немесе ашық түсті киімдермен кіру мүмкін емес. Оның үстіне автобустардың арасындағы жүру арақашықтығы – 17 минут. Егер біреуі сынып қалса, 35 минут күтуге тура келеді. Өткенде екеуі қатар болмай, бір сағат бойы күткеніміз бар. Мен осылардың бәрін жүргізушілерге де, кондукторларға да айттым. Тіпті «ОралТехСервис» ЖШС-ға звондадық. Одан ештеңе өзгерген жоқ.

Сергей  ШАБАЛИН,

№30Д  автобусының жүргізушісі:

– Мен өзге әріптестерім үшін жауап бере алмаймын, ал өзімнің автобусым таза, ішкі-сыртқы жағдайы жақсы. Кондуктор болып отыратын жолдасым жолаушылардың орындықтарды жыртпауын, тазалықты сақтауды бақылайды.

Біздің Асан ауылының басшыларына деген ренішіміз үлкен. Ауылда тек бір ғана аялдама бар. Қалған жерлерге жолаушылардың сұранысы бойынша тоқтаймыз. Жол тар, автобустың тоқтап, жолаушыларды түсіру үшін жол бойынан арнайы орын жасалмаған. Біз тоқтасақ, арттағы, алдағы барлық көлік тоқтауға мәжбүр. Жалпы, ауыл ішіндегі жол жағдайы да мәз емес. Қыс бойы бұл жол жөнді тазаланған жоқ. Өзі жіңішке жол тіптен тарылып кетті. Қарсы көлік келсе, не ол жанына қарай ығыса алмай, не сен бұрыла алмай тұрасың. Аялдаманың жоқ болуынан жауын-шашынның астында, желдің өтінде тұрған жолаушыларды, әсіресе, балаларды аяйсың, оларды қалайша тастап кетесің?! Тоқтасаң, апатты жағдай туындайды. Маршрутқа шыққан сайын «Ешқандай жол-көлік оқиғасы болмаса екен, салондағы адамдарды аман-есен жеткізсем екен» деп уайымдап бітесің.

Қала әкімдігі ойнатқан тендер талабына сәйкес Асан ауылына біздің маршруттың тек төрт автобусы жүруі керек, ал қазір маршрутта алты  қоғамдық көлік қызмет көрсетуде. Көпшіліктің ұсы-ныс-тілегін ескеріп, аса тиімді болмаса да, біздің басшылық осын-дай қадамға барып отыр. Жалпы, бұл маршруттың шығыны көп.

Жолаушыларды билетпен қамтамасыз ету бізде жүйелі жолға қойылған. Жолақы төлегеннен соң ересектер үшін де, балалар үшін билеттер береміз.

Саян НҰРМҰХАМЕДОВ,

«№1 жолаушы  автокөлігі кәсіпорны»  ЖШС-ның  басқарма  төрағасы:

– Жолаушылар тарапынан жүргізушілерімізге, автобустарға қатысты түрлі шағымдар түседі. Біз өз тарапымыздан ондай олқылықтарды жоюға тырысудамыз. Автобус паркімізді жаңарту жағы қиындау болып тұр. 2012 жылы «Даму» қоры арқылы біреуінің құны 18 млн. теңге тұратын 10 МАЗ автобусын несиеге алдық, ал қазір олардың құны 45 млн. теңгені құрайды. Сол кезде алынған ПАЗ-дардың бағасы 4,5 млн. теңге болса, бүгінде 12 млн. теңге. Есесіне қосалқы бөлшектер, коммуналдық төлемдер қымбаттауда. Мәселен, аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын жақсы боксымыз бар. Қыс бойы автобустарымыз сонда тұрады. Соны жылыту үшін тұтынған газға  желтоқсан айында 426 мың теңге төлесек, ал қаңтарда көгілдір отынның бағасының қымбаттауына орай ол 530 мың теңгеге шықты. Маршруттардан түсетін ақша шығындарымызды ақтап жатқан жоқ. Сол себепті Үкімет тарапынан қоғамдық көлік мекемелерін қолдау керек деп ойлаймын. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдары техника алса, оны лизингке береді, демеуқар-жымен көмектеседі. Осындай көмек болмаса, біздер көп кешікпей  жабыламыз.

Айымгүл  ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Серік  ҮБІШЕВ,

Орал қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Иә, басқа саладағы секілді бізде де кемшілік бар. Бірақ бір нәрсені түсініп алуымыз керек, аты айтып тұрғандай, қоғамдық көлікке қатысты әңгіме – жалпыға ортақ әңгіме. Саладағы олқылықтарға тек құзырлы мекемелер мен тасымалдаушы кәсіпорындар кінәлі деп айтуға болмайды. Оралдықтардың көбі осы қоғамдық көлікті пайдаланатыны белгілі. Яғни жолаушылардың да бұл жерде жауапкершілігі бар екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін әркім өз құқығын біліп,  ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңының баптарынан хабардар болғаны жөн. Тұрғындарымызда құқықтық мәдениет болмай, кемшілік жойылмайды. Нақтылап айтқанда, орын алған олқылықтарды өзіміз тәртіпке келтірмесек, оны басқа қаладан, шетелден келіп, ешкім реттеп бермейтінін түсінуіміз қажет. Мен бұл жерде біреуді ақтауды мақсат тұтып отырғаным жоқ. Иә, тасымалдаушылардан да қателіктер кетеді. Мұндай қателіктерді жою, оларды болдырмау бағытында тиісті жұмыстар жүруде. Егер бір олқылық орын алған кезде, тасымалдаушы кәсіпорын өкілдерін құр кінәламай, оларға ақыл қосып, білмейтін жерлерін үйреткен жөн. Кейбір жерлестеріміз жүргізушімен, кондуктормен бетжыртысып айқайласып жатады. Бірден айту керек, мұндай әрекет өркениетті қоғамға жат әрі одан ешнәрсе өзгермеуі де мүмкін. Босқа жүйкеңізді жұқартып, өзге жандарға кері әсер туғызасыз. Одан да орын алған жайтты сауатты түрде қағазға түсіріп, құзыретті құрылымдарға  беріңіз.  Сонда  нәтиже  шығады.

Облыс, қала басшылығымен Оралдағы қоғамдық көлік саласын модернизациялау бойынша жобалар қолға алынып жатыр. Оған Еуропалық даму және қайта құру банкінен инвестиция тарту көзделуде. Егер ол жоба сәтті жүзеге асса, онда қоғамдық көлікке қатысты  көптеген  кемшілік  жойылады.

Аслан  КӨПБАЕВ,

БҚО  бойынша  көліктік  бақылау  инспекциясының бас  маманы:

– 2013 жылға дейін біз жолаушы тасымалдап келе жатқан қоғамдық көлікті тоқтатып, олар билет беріп жатыр ма және өзге де заңнама талаптарын орындауын бақылау бағытында тексеріс жүргізетін едік. Шағын және орта кәсіпкерлік салаларын тексеруге мораторий жариялануына орай бізден мұндай өкілеттіліктер алынды.

ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңының 22-бабындағы 2-тармағының 6-тармақшасына сәйкес қоғамдық көліктерде билет міндетті түрде берілуі керек. Егер олай болмаған жағдайда, нақты автобус маршрутын, мемлекеттік нөмірін көрсетіп, бұл дерек қай уақытта орын алғанын баяндап, бізге шағым түсіруге болады. Соған орай біз тексеру шараларын жүргіземіз. Осы жерде тағы бір айта кетер жайт, біз бір тәулік бұрын кәсіпорын басшылығына тексеру шараларын жүргізетінімізді ескертіп, оның себебін баяндап хат жолдаймыз. Содан кейін мән-жайды білген автопарк басшылары бұрын билетсіз жүрген автобустарына билет таратуы мүмкін ғой. Тексерген кезде автобуста билет болса, шағымдағы  дерек  анықталмай  шығады…

Айбек  АСАБАЕВ,

Орал  қалалық  ішкі  істер  басқармасының көлік  және техникалық  бақылау  инспекторы,  полиция  капитаны:

– Қоғамдық көліктерге қатысты тоқсан сайын республикалық «Автобус» атты жедел-алдын алу шарасы және жылына бір рет қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, прокуратура құрылымдарымен бірлесіп іс-шаралар өткіземіз. Бірақ біз көліктің жол ережесіне қатысты техникалық жағдайын қараймыз. Нақтылап айтсам, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5 және 9-тармақтарына сәйкес көліктің жол жүрісі қауiпсiздiгi қағидаларына сай келуі мен олардың техникалық тексеруден өткендігін қараймыз.

Осы салада жеті жылдан бері жасап келе жатырмын. Егер өзге қалалармен салыстырып қарайтын болсақ, біздегі қоғамдық көліктер негізінен ескіргенін байқауға болады. Қаламыздағы кейбір жолдардың сапасының төмендігі, автобусты бірнеше жүргізуші кезектесіп айдауы және өзге де жағдайлар оның уақытынан бұрын тозуына әкеліп соқтыратыны белгілі. Жанармай иісінің шығуы, өзге де ақаулар содан деп ойлаймын. Оралдағы автопарктердің ішінде «ОралТехСервис» ЖШС-ның автобустарының техникалық жағдайы өзгелермен салыстырғанда  жақсы  деуге  болады.

Ал егер қоғамдық көлікте қара түтін атқылап бара жатса, жанармайдың иісі қатты шығып тұрса, жүргізуші ұялы телефонмен сөйлессе, 102 телефонына қоңырау шалып, осы жағдай қай автобуста, қай уақытта орын алғаны туралы кез келген жолаушы шағым түсіре алады. Біз өз тарапымыздан тиісті шаралар қолданамыз.

Мысалы, техникалық ақауға байланысты автобусты жолаушы тасымалы  қызметінен  алдырған  кездеріміз  болды.


«ҰРАН» газетінің түркі тілдес халықтардың тағдырына көзқарасы

Күні: , 33 рет оқылды

(Жалғасы. Басы газеттің №15 санында)

16817


«Ұран» газетінің қолға тиген сандарындағы жарияланымдарды түгел оқып, араб қарпінен қазіргі қаріпке көшірген журналист-зерттеуші Қазбек Құттымұратұлы мынадай дерек ұсынады. Ордалық өлкетанушы Ғұмар Зарипов тапсырған ақын Бисен Жәнекешовтің өлеңдерінің арасынан «Бисеннің Ғабдулғазиз Мұсағалиевке айтқаны» деген бір шумақ табылыпты. Қ. Құттымұратұлы мұны Орда большевиктері мен «Ұран» газетін шығарушылар арасындағы тартыстан хабар беретін мәлімет ретінде бағалайды.


 «Ұраның» біз қосылар ұран емес,

Біздерге ондай «Ұран» құрал емес.

Алысқа бұл «Ұранмен» бара алмайсың,

Күн туып екі талай басталса егес! [16, 19].

Шынында да, большевиктік ұран көтеріп, атты әскер полкінің эскадронын басқарған Бейсен Жәнекешов сынды азаматтың ұстанымы мен ұлттық басылым шығарушылардың көзқарасы қабыса қоймайтыны анық.

«Ұранның» шыққан күніне байланысты екі түрлі мерзім көрсетіліп келеді. «Алаш» қозғалысы» анықтамалығында алғашқы саны 1917 жылы 14 мамырда жарық көрген делінсе, оралдық басылымды кітап етіп бастырған зерттеушілер: «Біз аударған «Ұран» газеті сандарының алғашқы бетінде газеттің 1917 жылғы 28 шілдеден бастап шыққаны анық жазылып тұр. Бірақ жалпы Ордада газет шығару туралы шешім ертерек, яғни 1917 жылдың сәуір айында өткен Ішкі ордалықтардың зиялылар съезінде қабылданғаны байқалады» [16, 17], – деп нақтылай түседі. Сонымен қатар олар «Ұран» газетінің қолға тиген №38 санының 1918 жылғы 16 мамырда жарық көргендігіне сүйеніп, басылым сол жылдың ортасына дейін шығып тұрған болуы мүмкін деп топшылайды. Оралдықтар бүгінде бұл басылымды облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттердің бастауы деп таниды.

«Ұран» газетінің ең басты тақырыбы ел бірлігі, ұлт ұйымшылдығы болды. Басылым жиырмасыншы ғасыр басындағы аласапыран уақытта жолын таппай дағдарған қарапайым халыққа жөн сілтеп, бағыт-бағдар берді. Жұртты ес жиюға шақырып, ел болудың үлгілерін көрсетті. Өнері өрге жүзіп, іргесін кеңейткен өзге халықтарды өнеге етті. Осы мазмұндас жарияланымдардың ішінде соңына Ғұмар Қараштың қолы қойылған «Ішкі орданың атқа мінген адамдарына» деген үндеу түріндегі мақала айрықша назар аудартады. Бұл жарияланымда алмағайып заманда қазақ ұлтының қандай қам-қарекет жасау қажеттігі жөнінде сөз болады. Айналадағы аласапыран оқиғалар кезінде халықты сақтау мақсаты алға қойылған.

Ұран газетіСонымен қатар бұл жазбаның тағы бір ерекшелігі, сол кездегі халықаралық оқиғаларға біліктілікпен талдау жасалған. Қай елге қандай қауіп төніп тұрғаны, әлемдік жанжалдардың аяғы неге соқтыратыны, бұдан қазақ елінің де тысқары қалмайтыны анық көрсетілген. «Дүниені тегіс өрт алғандай заман болып тұр: әр жұрт та жұртшылығын айтып жан сақтау, бас қорғаудың қамын істеп жатыр. Жан сақталып, бас қорғалар ма, жоқ па, ол екінші сөз, оны келешек көрсетеді. Кеше Орынборда жалпы Алаштың азаматтары бас қосып, әр нәрсе туралы тоғыз күн толғандырып кеңес жасап еді: сол тоғыз күн кеңескендегі съездің мүдде-мақсұты: ен далада жайылып жатқан малдай, өзінен басқаның бәрі жау, құралдан бос, өнерден кеш қалған қазақ-қырғыз жұртын мынау келе жатқан өрттен қалай аман алып қалу жайы еді» [17, 117], – деген ойтұжырым осының айқын дәлелі. Сондай-ақ бұл мақаладан қазақ зиялыларының ұлтты сақтап қалу үшін ұжымдық әрекет жасағаны, осы мәселені жоғары деңгейдегі жиында талқылағаны жөнінде мәлімет аламыз.

Жарияланымда қамсыз қазақтың санасына сәуле түсіріп, айналаға назарын аудартып, келер күнге алаңдап, дабыл қағу мақсаты көрініс тапқан. Автор әзірге ешкімнен қағажу көрмей, ұлт болып ұйысып отырған қазақ халқының бейқам күйі де тұрақты емес екенін аңғартып, мәселенің мәнісін тереңірек түсіндіреді: «Бұл жаһан соғысында біз сияқты талай жұрт қаза тауып, жоқ болып кетіп отыр. Біздің бұл күнге дейін аман қалып отырғанымыз жұрттан озған жүйріктігімізден не болмаса жасанған қолды бұзған батырлығымыздан емес, соғыс шалығы біз тұрған жерден аулақтығынан еді» [17, 117].

Мақалада шалғайда болып жатқан соғыс өрті қазақ жерін бір-ақ сәтте шарпуы мүмкін екендігі де ескертіледі. Яғни ұлтқа төніп тұрған қауіп ашық айтылады. Оның дәлелі ретінде көрші Ресей жерінде басталған азамат соғысы іргелес отырған қазаққа кесірін тигізбес пе екен деген күдік білдірілген. Осы орайда жарияланымда келтірілген «гражданская войнаның» қазақша баламасы ретінде алынған «халық соғысы» деген сөз тіркесіне назар аударуға болады. Автор ұлтқа залалын тигізетін қауіп – азамат соғысының анықтамасын береді. Сол тұстағы халықаралық ахуалды әскери саланың маманы секілді біліктілікпен талдайды. «Бұл соғыс анау соғыстан қорқыныштырақ, жаманырақ. Мәнісі, анау соғыста аз да болса, тәртіп болады, бас болады. Онда басшылары «Ал, соғысайық» десе, соғысады. «Құрталық» десе, құртады. Бұл халық соғысында бас та, аяқ та болмайды. Мұнда кім күшті, сол күшсізді өртейді, өлтіреді, малын, шаһарын тартып алады. Әлпештеген мағсұм (ару) балаларын көз алдында зая қылады (Құдай басқа бермесін) [17, 118], – деп туындап келе жатқан алапат қатерді халықтың қаперіне салады.

Әлемдік дүрбелеңнің барысын қарастыра отырып, оның қазаққа тигізер зиянын ұқтыру – мақала авторының негізгі мұраты. Ел басына күн туса, ұлттың іс-әрекеті қандай болмақ? Жерін соғыс өрті жайласа, қазақ халқы не істемек? Ұлт болып басын көтеріп, етең-жеңін жиып, елін, жерін қорғайтындай шамасы бар ма? «Ішкі орданың атқа мінген адамдарына» атты үндеуде осы мәселенің бәрі қамтылады: «Бұл соғыс хүкімет күшсіз, тәртіпсіз болуы себепті жылдам басылмайды, бұл неше жылдарға кетуі ықтимал. Жаман айтпай жақсы жоқ, осы өрт, осы қырғын ертең қазаққа да келсе, сонда біздің қазақтың етер не амалы, не қаруы бар?» [17, 118].

Халқымыздың о бастан қауіп-қатер мен зардап-залалға қарсы қояр тәсілі сабырлылық мен ауызбіршілік. Мақала авторы бұл жолы да халық даналығына жүгінеді. Ол ертеңгі күнін ойлай бермейтін бейқам қазақты айналадағы ахуалдан сабақ алып, бірлесіп іс-қимыл танытуға шақырады. Алдағы күннің қазақ үшін де қатері мол екенін ұлттың санасына сіңіреді. Сөйтіп, ол халыққа: «Бүгін басым аман, ертеңгіні есептеп не қыламыз» деу адамшылық емес. Ел ішіндегі таққа таласуды биылша қоя тұрсақ та болар. «Алаш» деп ұран салып, Аллалап іс басталық, бөлініп жарылмалық, қашан да бөрі бөлінгенді жейтін» [17, 118], – деп ой салады. Осы ма-қаладағы: «Ел ішіндегі таққа таласуды биылша қоя тұрсақ та болар» деген басалқы сөз ұлт болмысындағы тарихи шындықты еске салғандығымен бағалы. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан алабөтен алауыздығынан хабар береді. Билік таласының ешқашан бітпейтінін, ұлттың тіршілігімен тамырласып кеткенін жоққа шығара алмайтын мақала авторы ең болмаса «биылша қоя тұралық» деп, тілегіне шарасыздығын қоса аңғартады. Үндеу Ғұмардың Алашты бірлікке бастаған әйгілі өлеңімен аяқталады:

Екі талай іс болып,

Елге қиын күн туды.

Аспанда ай, күн тұтылып,

Жер жиһанды қан жуды.

Көзі ашық елдер қам етіп,

Ертерек бекем бел буды.

Тіршілік керек бізге де,

Қоялық енді наз қууды.

Үрім-бұтақ хақы үшін,

Қорғалық, Алаш, жер-суды.

Көрінетін ерлігің,

Білінетін бірлігің,

Күн туды, Алаш күн туды! [17, 118].

Сонымен қатар бұл мақалада съезде көтерілген өз алдына дербес ел болу, ішкі тәртіпті нықтайтын милиция құру мәселелері де сөз болады. Осының бәрі ұлтты әлемдік зобалаңнан аман сақтау талабынан туындап жатқаны даусыз.

«Ұранда» қазақ ұлтының мұң-мұқтажы туралы айтылғанда онымен бауырлас түркі жұртының мүддесіне қатысты жайттар қоса қозғалып отырды. Тегі мен ділі бір, тілі ұқсас халықтардың басындағы ахуалды тұтас қарастыру сол тұстағы Алаш қайраткерлерінің бірқатарының ортақ мақсаты болды. Түркі тілдес елдердің басылымдарында ағайын жұрттың бәрінің сұранысын қанағаттандыратын мақалалар үздіксіз жарияланып тұрды. Бұл үрдістен «Ұран» да шет қалған жоқ.

«Ұранда» қамтылған тақырыптың бірі – жұма күнді мереке ретінде тойлау жайы. Түркі тілдестердің талабынан туындаған бұл ұсыныс кейін жаппай қолданысқа ене қоймағаны белгілі. Дегенмен, әр халық бағдарын іздеген елең-алаң шақта мұндай мәселелер жиі қойылған. Осыған орай газеттің «Ғ. С.» деп қол қойған авторы былай деп жазады: «Жұма күнді байрем (мейрам – ауд.) ету керек. Бұрынғы Николай заманында барлық орыс праздниктерінде байрем жасап, жұмыстан тоқталып, өзмилы бирамдарымызда көңілсіз оздыратын едік. Оның себебі, екі хүкіметтің мұсылмандардың діни уа милли істерін аяққа салып таптау үшін еткен қысаңшылықтары еді. Енді бостаңшылық болып, ерік өзімізге тиген соң мұсылман камитеттеріміздің жексенбіні қойып, жұма күнді байрем етуі тиіс. Бостаңшылықтан бері 8-9 ай болды. Сонан бері камитеттеріміздің бұрынғы етіп келе жатқан әдеттерін тастамай келе жатуы таң қаларлық іс» [18, 111].

Басылым дүниежүзілік соғыстың барысы, ұрыс қимылдары туралы үнемі шолу мақалалар жариялап, оған қатысып жатқан түркі халықтарының тағдырына алаңдаушылық білдіріп отырды.

Мәселен, «Бітім сөйлесу» деген хабарда Түркия мен Ресей арасындағы келісім мәселесінің жай-жапсары сөз болады. Атап айтқанда, «екі мемлекеттің жігін соғыстан бұрынғы күйінен өзгертпеу», «арадағы бітімнен соң сауда ісін жүргізу һәм екі жақ соғыс уақытындағы қозғалып һәм қозғалмайтын зияндарын төлеу» және басқа мәселелер қамтылады. Келісім жайы «Жалпы бітім болғанша Русия түрік шегіне бір дивизиядан артық әскер жимасын. Түркия Англия, Франциямен соғыс үшін әскерін таратуға болмайды. Түркия осы шарттармен бітуге разы болуын білдірген» [19, 111] деп қорытындыланады.

(Жалғасы бар)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Құттымұратұлы Қ. Алаштың «Ұраны» //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.
  2. Қарашұлы Ғ. Ішкі Орданың атқа мінген адамдарына. «Ұран», 16 ақпан 1917 ж. //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.
  3. Ғ.С. Жұма күнді байрем ету керек. «Ұран», 31 желтоқсан 1917 ж. //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.
  4. Бітім сөйлесу. «Ұран», 31 желтоқсан 1917 ж. //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика