Мұрағат: 20.02.2017


Кешірімнің кесірі ме?..

Күні: , 424 рет оқылды

1 мал колик


Сырым ауданында өткен жылы 12 айдың ішінде 191 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді.

Осының 75-і – мал ұрлығы. Кейінгі кездері баспасөз бетінде Сырым ауданындағы мал ұрлығы туралы мақалалар жиілеп кетті.  Мәселе болғасын, мақала да жазылады.


Мақала дегеннен шығады, «Орал өңірі» газетінің 2017 жылғы №19 санында журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Шаруалар сырымдық тәртіп сақшыларына неге өкпелі?» атты мақаласы жарық көрді. Автор бұл мақаланы жәбірленушілердің дерек-дәйегімен жазған. Сырым ауданындағы мал ұрлығы мәселесінің өршіп бара жатқаны жайлы әріптесіміз Қыстаубаев «Қорамыз қаңырап қалды…» — дейді Егіндікөл ауылының тұрғыны Бисенғали Сыдықов» деген кезекті материалында тағы да көтерді. Материалдардың мазмұны Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысына сыннан салмақ салып отыр.

Жақында Сырым ауданының Бұлдырты ауылдық округінің орталығында аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Арман Әлмұханов шаруалармен кездесті. Күн тәртібінде – баяғы мал ұрлығы мәселесі.

Кездесуге аудандық жергілікті полиция бөлімінің бастығы Талғат Кенжеахметов, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев және жергілікті қоғамдық кеңестің мүшелері мен ақсақалдар алқасы қатысты.

«…Жуырда Бұлдырты ауылында аудан әкімі Абат Шыныбековтің есебі болып өтті. Мұнда да мал ұрлығы жайлы әңгіме көтерілді… Соған байланысты аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Әлмұхановқа бұлдыртылықтардың қоятын сұрағы шаш-етектен еді, бірақ полиция бастығының оларға қайтаратын уәжі болмады ма екен, тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына келмеді». Облыстық газетте жарияланған мақалада осындай жолдар бар. Арман Әлмұханов әп-дегеннен өзіне қатысты осы сөздің басын ашып алды. Әлмұханов мырзаның айтуынша, ол Бұлдырты ауылдық округіндегі есептік жиналыс болатын шамада сырқаттанып қалыпты. Ауруханадан ем қабылдағаны жөнінде дәйек қағазы да бар екен.

IMG_4763Хош, сонымен, жиналыс басталды. Келген мақсатының шаруалармен пікірлесу, жағдайды бетпе-бет талқылау екендігін айтып, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов сөйледі. Сөйлеп болғасын, шаруалардың мал ұрлығы мәселесіне қатысты шағымдарын өз ауыздарынан тыңдады.

Облыстық газетте мал ұрлығы жайлы мақаланың жариялануына аяқтай барып, арызданып мұрындық болған Бұлдырты ауылының тұрғыны Ермек Бекайдаров осы жиналыста да алғашқы болып сөйледі. Ол Сырым ауданындағы мал ұрлығына қатысты қылмыстық істерді тергеудің қалай жүріп жатқандығы жайлы білгісі келді. Бұл кісінің де мал ұрлығынан жапа шеккенін айта кетейік. Ермек Бекайдаровтың тағы айтқаны сол, Бұлдырты ауылдық округіндегі мал ұрлығы оқиғаларына күдікті деп танылып, тұтқындалған Армат Әлиев деген азаматқа аудандық ішкі істер бөлімі «жұмсақтық» танытып отырған көрінеді. Тұтқындалады, кейін қайтадан босатылады. Ермек Бекайдаров полиция бастығынан осы «жұмбақтың» жауабын сұрады.

Бұл «жұмбақ» «Орал өңірі» газетінде де сөз болған еді.

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұхановтың берген жауабына сүйенсек, расымен де, жаңағы Армат Әлиев мал ұрлығына қатысы бар деген айыппен 2012 жылдан бермен қарай бес мәрте жауапқа тартылған. Бірақ Әлиевке қатысты істің барлығы жәбірленушілердің кешірім беруі есебінен қысқарып қалған. Кеше тағы да қолға түскен Әлиев осы жолы кепілге дүние-мүлкін қою мүмкіндігін пайдаланып, тағы да уақытша бостандыққа шыққан. Бірақ БҚО ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бас болуымен Сырым ауданының ішкі істер бөлімі тиісті орындарға жаңағы жерлесімізді сотқа дейін қамауда ұстау жөнінде қайтадан ұсыныс даярлап жатыр.

Кешірім берді деп айттық… Жәбірленуші мен күдіктінің арасындағы осы кешірім мәселесі – мал ұрлығының ізін кесуге кедергі келтіріп отырған фактордың біреуі. Мәселен, А. деген азамат малы ұрланғаны жөнінде аудандық ішкі істер бөліміне шағым түсірді делік. Ішкі істер бөлімі өзінің тікелей мүмкіндігінің шеңберінде жұмыс жасады, әріптестерін ұйымдастырды, ақыры күдіктіні анықтады. Б. деген ауыл тұрғынының қылмысқа қатысы бар екені дәлелденді. Енді жазалау керек. Жазаланса, ол азамат ендігәрі қылмыс жасамауы мүмкін, бастысы Б. деген қылмыскерді тұтқында ұстау арқылы оның сыбайластарының ізіне түсуге де мүмкіндік бар. Ал малын ұрлатқан А. деген азамат не істеді? Өзінің шығынын өндіріп алды да, Б. деген қылмыскерге кешірім берді. Біздің ауданда солай. Қылмыскерге кешірім береміз. Яғни қылмыскерге қылмыс жасауға тағы бір мүмкіндік береміз. Оның кесірі біреуге тимесе, біреуге тиеді. Полицияның еңбегі зая кетеді де қалады. Сосын кім жаман? Баяғы полиция жаман. «Адамдар бірін-бірі ойламайды!» деп күйінді Әлмұханов мырза осыны айтып.

Кешегі жылдың қарашасында Бұлдырты ауылдық округінің тұрғындары Ермек Бекайдаров пен Нұрбек Жалмұханбетовтің иелігіндегі малдары жоғалды. Кесапат ұрыдан келген екен. Қазіргі күні жаңағы малдардың ұрлығына қатысты қылмысты жасады деген күдікпен сегіз бірдей азамат жауапкершілікке тартылып жатыр. Жалғыз Армат Әлиев емес, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов жаңағы «сегіз серінің» арасында Сырым ауданына қатысы бар деген Ринат Мәжитов, Сержан Берікқалиев, Серік Дарғожиев және Дәурен Молдашевтың да есімдерін атады. Бұл азаматтардың қылмысқа 100% қатысы бар екендіктері анықталды. Қылмыскерлердің қылмыстық «картасы» негізінен Ақжайық, Сырым, Теректі және Тасқала аудандарының аумағын құрап отыр. Қазір жаңағы азаматтардың үстінен қылмыстың 11 фактісі бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан полициясы қылмыскерлердің ұйымдасқан қылмыстық топ болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Мал ұрлығына қатысты тергеу-тексеру жұмыстарымен Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Мақсұтхан Әбіләзімовтің бұйрығымен арнайы құрылған 14 адамнан тұратын тергеу тобы айналысуда. Топтың жұмысын Әбіләзімов мырза өзінің ерекше бақылауында ұстап отыр. «Қылмыстық істің жай-жапсарынан оқыр-мандарымызды алдағы уақытта да хабардар етіп отырмақпыз» деп жазған еді журналист Есенжол Қыстаубаев.

Бұл ақпарат облыстық газеттегі мақаланың қылмыстық істің жай-жапсары жайлы сауалына да жауап болатын сияқты.

Айтпақшы, Бұлдыртыдағы бірнеше бас ірі қара малды «алып қашу операциясы» «жүзеге асқан» күні қызметте болған тәртіп сақшылары түгелдей қызметтен шеттетіліпті. Бірақ уақытша. Бұл туралы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов айтты.

Аймағамбет Қадыров – малын ұрыға алдырған адамның біреуі. Ұры алыстан келмеген. Өзінің ауылдасы болып шықты. Мінбені ұрғылап тұрып, «Ұрыны ұстау керек! Шығынды өндіру керек!» деп кешегі жиналыста дау бастаған адамның біреуі жаңағы Аймағамбет Қадыров еді. Сөйтсек, оның есебі түгел екен. Қылмыскер өзінің жасаған ісін толық мойындапты әрі ұрланған төрт бас ірі қараны жәбірленуші Аймағамбет Қадыровқа екі есе қылып қайтарып берген. Біз оны ұры деп танылған Ж. деген азаматтың өз аузынан естідік. Ж. деген азамат елдің алдына аяқтай келіп, қылмысқа шарасыздықтан барғанын және ол үшін қатты өкінетінін айтып, ауылдастарынан кешірім сұрады. Осының бәрі – кешегі жиналыста болған жағдай.

Өңірдегі мал ұрлығы малдың ғана емес, адамның да берекетін кетіре бастады. Тәртіп сақшыларының жұмысына қанағаттанбаған жәбірленуші тұрғындар ұрлықтарды ашуға өздері де әрекеттеніп бағуда. Мамандарға қиын соғып жатқан шаруа тұрғындардың қолынан келеді деп айту қиын. Содан да болар, бәтуасыз болжамдар, басы мен аяғы жоқ алыпқашпа әңгімелер, нақақ жалалар елдің ішінде өріп кетті қазір.

«Осылардың кейбірі тіпті облыстық басылымның бетіне жарияланып жатыр» дейді, мысалы, Мақсот Бисенғалиев деген азамат. Бұл азаматтың айтуынша, бұлдыртылық Ермек Бекайдаров оны мал ұрлығына тікелей қатысы бар тұлға деп көрсеткен. Аудан әкімі А. Шыныбековтің Бұлдырты ауылында өткен есеп беру жиналысында Бекайдаров көтерген бұл әңгіме газетке басылған. Мақсот Бисенғалиев бұл айыптауға ашық келіспейтіндігін әрі жеке басына қатысты болғандықтан, өзінің заңды наразылығын білдіретінін айтып отыр.

— Жаланың бір құрбаны – менің балам, – дейді Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылының тұрғыны Хабиболла Сәрсенов. Хабекең жасы ортадан жоғарылаған кісі екен. Сөйлегенде ашынып, тамағына қайғы тығылып тұрып сөйледі. Оқиға 2012 жылдың желтоқсанында Көгеріс ауылында болған. Ауыл тұрғыны Әлібек деген кісінің өгізін ұрлады деген күдікпен Ғаламат Сәрсеновті жергілікті учаскелік полиция инспекторы аудан орталығына алып кетеді. Айыпталушы айыпты толық мойындайды. Жаза белгіленеді, жазаға сәйкес қара жұмысқа салынады. Кейін жұмбақ жағдайда жаңағы жігіт өзіне-өзі қол жұмсап, өмірін қияды. Мә, саған бір өгіздің құны! Марқұм жігіттің әкесі ұлының тікелей кінәлі екеніне сенбейді, сондықтан баласының азаматтық арын ақтағысы келеді. Оны қылмысқа итермелеген адамдар бар деп есептейді. Жазаны солар тартса дейді. Жағдай солай.

Мал ұрлығына қатысты қылмыстардың мұқият тергелуін ауыл тұрғындары Боранбай Сарбөпеев, Тайман Төреғалиев, Хамит Бахтияров, Аймағанбет Қадыров және Болат Рамазанов талап етіп отыр. Бәрі де әділдіктен үмітті.

Мал ұрлығының «бағын» ашып отырған тағы бір мәселе – ауыл тұрғындарының малдың бағымына салғырт қарауы. Қарауындағы малдарына бақташы бекітпейтін тұрғындардың бар екенін округтің ветеринар маманы Замира Қорғанбаева да айтты. Расымен де, 20-30-дан ірі қарасы бар тұрғындар өзінің дүниесін өзінен қызғанып, малының бағымына бақташы бекітпейді. Жоғалып кетсе, полицияны кінәлайды келіп. «Өздеріңіз бақпаған малды полиция бағуға міндетті ме?» деген сауалды қойды Арман Әлмұханов. Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев ауылдастарын ауылдық тұтыну кооперативтерінің игілігіне сүйенуге шақыруда. Себебі жаңағы мәселелерді кооперативтер арқылы шешіп отырған ауылдар бар. Аудан бойынша бүгінгі күні 19 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды.

Жалпы жиналыстың барысы осылай өрбіді. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұхановтан осындай кездесу өткізуді Көгеріс ауылының тұрғындары сұрап отыр. Аудандағы қылмыстық ахуалдың жалпы сипаты күрделі деп айта алмаймыз. Көрсеткіштерді сөйлетсек, жыл басынан бері 17 қылмыстық іс тіркеліп, оның 13-і ашылған. Әнеугүні ауданның басында өткен қоғамдық кеңестің отырысында аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан бойынша мал ұрлығына қарсы жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауды тапсырды. Бұл жоспар облыс әкімінің өкімімен бекітілген. Жасалып жатқан жұмыстар бар, енді сол жасалмай жатқандарды жасау керек. Елдің талабы да, тілегі де осы!

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


«Қазір еңбек ет» десе де, қашпаймын…»

Күні: , 34 рет оқылды

IMG_3350


Мерей ауылдық округінің әкімі Қазихан Тәшімов Айнабұлақ елді мекенінің тұрғыны Мырзағали Хасановтың шаңырағында болып, еңбек ардагерін 80 жасымен құттықтады. Мерейтой иесіне аудан әкімі С. Әлиевтің алғысхатын салтанатты түрде тапсырған округ басшысы Мырзағали ағаның иығына шапан жапты.


Мырзағали Сүлейменұлы 1937 жылы Камен ауданының Родник ауылында дүниеге келген. Төрт кластық бастауыш білім алғаннан кейін, кейін жетіжылдықты сырттай тәмамдады. Сөйтіп, 15 жасында еңбек жолын бастаған ол араға жылдар салып, ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінде білімін жалғастырды. Трактор, комбайн сияқты күрделі техниканың жай-жапсарын жетік меңгеріп, жыл сайын егістік алқабынан мол өнім жинауға атсалысты. Жас кезінен өндіріс озаты атанған Мырзағали Сүлейменұлы кейін «Шипов» кеңшарында ширек ғасырға жуық трактор бригадасына жетекшілік етті. Жер өңдеу, егін ору, техника мен құралдарды уақтылы іске қосып, әр науқанды ойдағыдай өткізуді дағдыға айналдырды. М. Хасанов жетекшілік жасайтын бригада шаруашылықтың алға басуына қомақты үлес қосты. Ол қасындағы әріптестеріне, қала берді кейінгі жастарға үлгі көрсетті. Еңбек озатының төккен тері елеусіз қалмады. Үкімет тарапынан тиісті марапаттарға ұсынылды.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне толса да, ағамыздың жұмысын жанындай жақсы көретіні байқалып-ақ тұр.  «Әттең, тек жасым асып кетті ғой», — деп қынжылады ақсақал. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Мырзағали аға қарап жатпады. 1997 жылы «Ақбидай» шаруа қожалығын құрып, соған жетекшілік етті. Балаларына техниканың қыр-сырын үйретті.

— Құдайға шүкір, әкемнің денсаулығы жаман емес. Көзі бізден жақсы көреді. Газет-жорналдарды оқып, жаңалықтармен бөлісіп отырады. Тіпті, бір қызығы,  бригадир болған жылдардағы трактор мен комбайнның бөлшектерінің нөмірлерін әлі күнге дейін жатқа біледі, — дейді ұлы Мәулет.

Мырзағали аға – өмірдің қиындығын бір кісідей көрген жан. Тағдырдың маңдайына жазғаны сол, алғашқы жарынан ерте айырылды. Одан төрт ұл, бір қыз қалды. Тірі адам тіршілігін жасайды, уақыт өте келе Мағзия апай екеуінің дәм-тұзы жарасты. Екінші қайтара шаңырақ құрып, екі ұл мен екі қызды өмірге әкелді. «Бар байлығым – балаларым» деп отырған ақсақал қазір тоғыз ұл-қызынан жиырма немере-жиен, алты шөбере сүйіп, бақытқа бөленіп отыр.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала ауданы


Фельдшер Мират

Күні: , 45 рет оқылды

мират (2)


«Дипломмен ауылға» бағдарламасы уақыт өткен сайын  тиімділігін дәлелдеп келеді. Аталған бағдарлама аясында жастарды ауылға тарту ісі жаңа қарқынға ие. Шалғай ауылдарға жол тартқан жастар қатары қазірдің өзінде жетерлік.


«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға бет бұрған жас маманның бірі – Мират Тарғынов. Еңбек жолын ауылдан бастаған ол болашақ көп жоспарын ауылмен байланыстырып отыр. Қаладан гөрі ауылда жұмыс істеген тиімді екендігін айтады.

— Батыс Қазақстан медициналық колледжін емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдап, 2010 жылы жолдамамен туған ауылым Борсыға оралдым. Қазір ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктте мамандығым бойынша қызмет атқарамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Келгеніме еш өкінбеймін. Мұнда толымды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік мол. Бұл – жоғары деңгейлі маман болудың алғашқы баспалдағы, — дейді жас маман.

Фельдшерлік-акушерлік пунктте Мираттан басқа бір акушер және бір санитар қызмет істейді. Ғимаратта екпе жасау, акушерлік және балалар бөлмесі бар. ФАП толықтай медициналық құрал-жабдықпен қамтылған. Науқастарды аудандық орталық ауруханаға дер кезінде жеткізу үшін ұжымға 2014 жылы жаңа көлік берілген.

– Науқастардың ауруын анықтау үшін скрининг жүргіземіз. Ауыл тұрғындары көбіне жүрек, асқазан, қан тамыры дерттеріне шалдығады. Оларды емдеу шараларын жүргізіп, науқастарды бақылауда ұстаймыз. Сондай-ақ барлық тұрғынды жылына бір рет флюорографиядан өткіземіз, — дейді Мират.

Жас фельдшер кенеттен ауырып қалған тұрғын болса, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Науқастың жағдайы ауырласа, аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіп, дәрігерге тапсырады. Уақытпен санаспайды, өйткені адам өмірі бәрінен қымбат. Жылы сөз де жанға шипа. Мираттың жанға жайлы сөзі мен дәрігерлік ақыл-кеңестері науқастарды жігерлендіріп, күш-қуат береді. Бойшаң әрі қапсағай денелі жас жігіттің спортқа да жаны құмар. Гір тасын көтеру, үстел теннисі, ережесіз жекпе-жектен өткен аудандық турнирлерде бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр.

— Оқуымды аяқтап, ауылға келгенде Үкімет тарапынан түрлі көмек көрсетілді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша біржолғы көтермеақы алдым. Жас маман ретінде басқа да жеңілдіктер  қарастырылуда. Өз тарапымнан ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту бағытында бұдан былай да бар күш-жігерімді саламын, — дейді Мират фельдшер.

Данияр  ОСПАН,

Жәнібек  ауданы


Қаржыны қадағаламаса, болмайды…

Күні: , 34 рет оқылды

Лукпанов Мендихан


Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыс атқарып отыр. Аталмыш мекеме жыл сайын мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде қаржылық есеп аудитін жүргізіп, аудит сәйкестігі мен камералдық бақылауды жүзеге асыруда. Бұл туралы БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Меңдіхан Лұқпанов былайша әңгімелейді:


-Баршамызға белгілі, Мемлекет басшысы 2015 жылдың 20 мамырында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын белгіледі. Елімізді жаңаша дамыту бағытында жасақталған Ұлт жоспарында аудиттің жаңа жүйесін енгізу, яғни «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау» заңын қабылдау межеленді. Осыған орай 2015 жылдың 12 қарашасында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау» туралы ҚР заңына қол қойылды және күшіне енгізілді. Аталмыш заңның аясында ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 3 мамырдағы №264 қаулысына сәйкес қаржылық бақылау мемлекеттік аудит болып ауысты. Және облыстық қаржылық бақылау инспекциясы облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті болып қайта құрылды. Сөйтіп, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін жаңа мекеме пайда болды.

Жұмысымыз бұдан бұрын да қаржылық бақылау ісімен байланысты болатын, енді жаңа тәртіп бойынша жұмысымыздың ауқымы бұрынғыдан да кеңейді. Мемлекеттік аудит субъектіге байланысты ішкі және сыртқы мемлекеттік аудит болып бөлінеді. Ішкі мемлекеттік аудит бойынша уәкілетті орган жыл сайын мемлекеттік мекемелерде және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде қаржылық есептілік аудитін жүргізеді, аудит сәйкестігі және камералдық бақылауды жүзеге асырады, қаржылық бақылау және мемлекеттік аудит органдарының жүйесіне кіретін ішкі аудит қызметтерін үйлестіреді. Мемлекеттік аудиттің негізгі мақсаты – бюджет қаражатын мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру.

Жоғарыда аталған заңның 18-бабы 5-тармақшасына сәйкес ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның жоспардан тыс аудиті ҚР Президентінің және ҚР Үкіметінің тапсырмасы бойынша және бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнының ұлғаюына байланысты жүргізіледі. Сондай-ақ заңбұзушылықтар анықталған жағдайда және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ақпараттық жүйесі деректерінің қорытындысы бойынша, кейде тіпті жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне байланысты да ұйымдастырылады. Бұдан басқа біздің департамент камералдық бақылауды да жүзеге асырады. Камералдық бақылау дегеніміз – ақпараттық жүйелер деректерін, сондай-ақ мемлекеттік аудит нысандарының қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау және салыстырып тексеру негізінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нысандарында (бұдан әрі – мемлекеттік аудит нысаны) жүзеге асырылатын бақылаудың өзге нысаны. Камералдық бақылау мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасқанға дейін белгілі бір заңбұзушылықтарды анықтау және оларды түзетуге мүмкіндік береді. Камералдық бақылауды жүзеге асыру арқылы заңбұзушылықтардың жолын дер кезінде кесуге болады. Мысалы, былтыр камералдық бақылау нәтижелері бойынша 1 892 сатып алу (лоттар) бойынша 650 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы хабарламалар жіберілді. Осының ішінде есепті кезеңде мемлекеттік сатып алудың күшін жою жөніндегі 650 хабарлама 6 988 772,3 мың теңге мөлшерінде орындалды.

Өткен жылы біздің мекеме екі бағытта аудит жұмысын жүргізді. Оның бірі – республикалық және жергілікті бюджетті орындау барысында аудиттің ҚР заңдылықтарына сәйкестігі және мемлекеттік сатып алу заңдылығының сақталуы, екіншісі – бухгалтерлік және қаржылық есеп бойынша аудит. Мысалы, 2016 жылы департамент 30 бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріндегі 119 бақылау нысанына 161 бақылау жұмысын жүргізді. Бұл ретте барлығы 6 088 123,4 мың теңгенің пайдаланылуы тексерілді. Аудит жүргізудің нәтижесінде 3 335 123,9 мың теңге көлемінде бюджеттік және басқа да заңдылықтардың, сондай-ақ 2 577 813,3 теңге мөлшерінде мемлекеттік сатып алу заңдылығының бұзылғаны анықталды. Есепті кезеңде жүргізілген бақылау шараларының қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар мен оған ықпал ететін себептерді жою мақсатында 116 ұсыным жіберілді. Осы ұсынымдардың негізінде 21 бақылау нысанында мемлекеттік сатып алу қорытындысы өз күшiн жойды. Сөйтіп, департамент қызметкерлері былтыр мемлекеттің жоғарыда көрсетілген қыруар қаржысының заңсыз жұмсалуына жол бермеді.

Өткен жылы жүрізілген аудиторлық іс-шаралар қорытындысы бойынша бюджетке өтелуге және қалпына келтіруге жататын қаражаттың жалпы көлемі 2 631 967,1 мың теңгені құрады. Бүгінде аталған қаражат толығымен өтеліп, мемлекет бюджетіне түгелдей қайтарылды. Бұған қоса тексерілген бақылау нысандарының 118 қызметкері заңдылықты бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Аудит жұмысының нәтижесінде 114 лауазымды және 27 заңды тұлға 22 058,4 мың теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соның 20 187,2 мың теңгесі бюджет кірісіне аударылды. Бұдан басқа құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін барлығы 1373,0 мың теңгені құрайтын үш материал жолданды.

Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Меңдіхан Лұқпановтың сөзінше, мемлекеттік аудитке ауысуына байланысты департамент қызметкерлері ҚР Ұлттық комиссиясынан аттестациядан өтіп, “Мемлекеттік аудитор” сертификатын алды. Бұдан басқа «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестациялаудан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл қызметкерлердің білім деңгейін көтеріп, біліктіліктерін арттыруға ықпал етпек.

Әңгімені жазып алған

Айша ӨТЕБӘЛІ


Шолпан жұлдыз

Күні: , 56 рет оқылды

5831d8f1e943b


Бүгін қазақ театрының көрнекті өкілдерінің бірегейі, Кеңес Одағының халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл толды.


Арнайы төлқұжатындағы туған күні мен айы 1 қаңтар болғанымен, Х. Бөкеева бұл мерзімді 21 ақпанда тойлайтын. Оның өзіндік құпиясы болатын. Ол 1937 жылы 21 ақпанда Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас режиссері, Кеңес Одағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Байғали Досымжановпен тұрмыс құрды. Сондықтан екеуінің ұзақ және бақытты некесінің құрметіне байланысты 21 ақпанда туған күнін тойлайтын. Х. Бөкееваның өзі бұл кезеңді былайша еске алады: «1937 жыл болатын. Бірде Байғали үйге еттартқыш алып келді де, тұрақтап қалып қойды. Арамызда сұлу сөздер болмаса да, біз өте бақытты өмір сүрдік. Ол адал, ерекше байсалды, биязы, мейірімді және сенімді жар болды».

Қаршадайынан жетімдіктің зарын, тағдырдың теперішін көп көрген Хадиша Бөкейқызы өнердегі де, өмірдегі де серігі Байғали ағамызбен отбасын ерекше қадірлеп өткен жан.

Сонымен, Хадиша Бөкеева 1 қаңтар (21 ақпан) 1917 жылы Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында шаруаның отбасында дүниеге келген. Алайда әкесі Бөкей қызының өмірге келгенін көре алмай, ерте қайтыс болды. Ата-анасынан ерте айырылған Хадиша Қызылорда облысының Шиелі  ауылында балалар үйінде тәрбиеленді. Жас қыз өзінің  шығармашылық жолын көркемөнерпаздар үйірмесінде бастады. Хадиша Бөкеева өзінің әртістік қабілетін 12 жасында қазақ халқының ән-күйлерін жинаушы, профессор Б. Ерзаковичтің басқаруымен балалар әндерін жаттап, радиодан орындаған кезде ашты. «Мен балалар үйінде тәрбиелендім. Маған біздің көпұлтты мемлекет отбасым болды. Ал менің ең алғашқы досым кітап еді. Әсіресе, Л. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» шығармалары маған қатты әсер етті» деп актриса балалығын еске алатын.

Х. Бөкеева орта мектепті бітіргеннен кейін 1932-34 жылдары Алматыдағы дәрігерлік институттың дайындық бөліміне оқуға түседі. Дәл осы жылдары оның шығармашылығына зор мүмкіндік туды.

626502С. Кировтың тікелей басшылығымен Ленинградтың көрнекті сахна шеберлері мен театр ұстаздары республиканың алыс ауылдарынан талантты жастардан топ құрып, сахна өнері техникумына арнайы қабылдау жұмыстарын жүргізді. 1934 жылы олардан арнайы емтихан қабылдайды. Емтихан тапсырып қабылданғандар қатарында Әмина Өмірзақова мен Хадиша Бөкеева бар еді.

Хадиша Бөкееваның студиялық рөлдеріне көз жүгіртетін  болсақ, оның  шығармашылығында ерекшеліктер көп болғандығы аңғарылады.  Мәселен, Ф. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясындағы Луизаны ойнағанда жас актриса сезім мәнерінен айнымады. Хадиша шынайы трагедиялық мінезді жасады.

Ленинградтың шеберлерінен дәріс алу Х. Бөкеева үшін актерлік шеберліктің күрделі құпияларын ашты. 1967 жылы Алматыда өзінің ұстазы В. Меркурьевпен кездесуде Х. Бөкеева «…Біздің бәрімізге, жекелей алғанда, маған қаншама тамаша әртістер мен режиссерлер көмектесті. Завадский мен Товстоногов, Пыжова мен Бибиков… Осындай жаны жомарт талантты адамдардың сабағы жүректе ешқашан да көмескіленбейді… Сіз, Василий Васильевич, сұлу сөздерден қорқасыз. Мен де оны жаратпаймын. Бірақ сіздің бізге, қазақ әртістеріне, бүкіл қазақ өнеріне жасаған қамқорлығыңызға алғыс білдіреміз» деген болатын.

1938 жылы Хадиша Бөкеева Ленинград мемлекеттік сахналық өнер техникумының қазақ студиясын (қазіргі Санкт-Петербург өнер институты) аяқтады. Институтты тәмамдағаннан кейін бірнеше жыл Шымкенттегі Ж. Шанин атындағы облыстық драма театрында еңбек етті. Осы театрдың сахнасында Ф. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясындағы Луиза,  А. Островскийдің «Кешіккен махаббат» спектаклінде Людмила рөлдерін ойнады. Ұлы Отан соғысы жылдарында А. Афиногеновтің «Қарсаңда» пьесасында Жамал рөлін сомдады.

«Еңлік-Кебек» спектакліндегі Еңлік рөлінде ойнаған Хадиша Бөкеева Еңлікті табанды, қайратты және өзінің бақыты үшін белсенді күресе алатын бойжеткен етіп көрсетуге тырысты. Әртіс Әуезов пьесасындағы көріністерді шиеленістіре түсіп, соңында қай-ғылы шиеленіске алып келетін үрейлі ахуалды көрсете білді. Өзіне жүктелген қауіпті және қиын тапсырманы актриса оңай орындады.

Ол рөлдермен жұмыс істей жүріп өзінің шеберлігін жетілдірді. Х. Бөкеева «Асауға тұсау»  қойылымындағы кейіпкері Катаринаның Петруччиоға (Ш. Айманов) ғашық екенін көрсетеді. Ол Петруччионы сүйе тұра, өзінің намысын қорғады.

Бұл қойылымда басты рөлді сомдаған Х. Бөкеева мен Ш. Айманов туралы белгілі театр сыншысы, Х. Бөкееваның шәкірті Әшірбек Сығай былай деп баға берді: «Қайта өрлеу дәуірінің өкілдері Катарина мен Петруччио арасындағы ыстық сезім, шынайы махаббат – жер бетіндегі жарқын сезімнің ғажап символы. Петруччио – Шәкен Айманов пен Катарина – Хадиша Бөкееваның «дуэті» шын мәніндегі өнер жарысына айналды. Дегенмен негізгі мәселе рөл үлестіруден басталатындығына «Асауға тұсаудың» сахналық ғұмыры куә. Оған көп жылдағы сан мың көрермендердің іңкәр көңілі кепіл. Катарина да, Петруччио да болмыстарының күрделілігімен оқшауланады.

Әлемдік драматургияның алыбы Уильям Шекспирдің комедиясы өзінің елу жылдық кезеңін қазақ сахнасында кеңінен тойлады. Қазақ өнерінің мәртебесі жолында өлшеусіз үлес қосқан аталмыш туындыға дән ризамыз. Әлемдік деңгейде көрінгендігіміздің айғағы – ол 1966 жылы ұлы драматургтың 400 жылдық мерейтойында аталмыш комедиядан (Англия жұртшылығы алдында) үзінді ойнаған Айманов – Петруччио мен Бөкеева – Катарина шабыты әлі де талай ұрпаққа демеу, жас орындаушыларға медеу, көрермендерге рухани азық».

Хадиша Бөкеева тек қазақ пьесаларында ғана емес, сонымен қатар көпұлтты және шетелдік драматургиялық шығармалармен жұмыс істеуде де ірі жетістіктерге жетті. Бұлардың қатарына Аниканы да (Э. Раннеттің «Адасқан ұл»), Наталья Ковшикті де (А. Корнейчуктың «Шәңгішті орман») және Вьетнам анасын да (И. Куприяновтың «Вьетнам жұлдызы»), Элизаны да (Мольердің «Сараңы») Маргарита ханымды да (У. Шекспирдің «Ричард ІІІ»), Беатричені де (Гольдонидің «Екі мырзаның қызметшісі») жатқызамыз.

Х. Бөкееваның Л. Вивьен, В. Меркурьев, И. Мейерхольд сияқты тамаша ұстаздардан дәріс алуы оның шығармашылығына зор ықпал етті. Х. Бөкееваның театрда ойнаған рөлдерінің тізімі өте көп және сан алуан. Ол 1957 жылы Қазақ ССР халық әртісі, ал 1964 жылы Т. Ахтановтың «Сәуле» спектакліндегі Сәуле рөлі үшін Кеңестер Одағының халық әртісі атағына ие болды.

Хадиша Бөкеева көпшілік сахналық кейіпкерлерінде  басы бос және тәкаппар әйелдің бейнесін ойнады. Бөкеева ол әйелдерді тағдырдың ауыр соққыларына шынықтырып, өмірлік күреске бейімдеді.

Х. Бөкееваға үлкен табыс М. Әуезовтің «Абай» романы бойынша қойылған спектакльден кейін келді. Актриса бұл қойылымда Әйгерім бейнесін жоғары деңгейде көрсетті. Соған қоса ол жекелеген сахналық көріністерді тұтастырып байланыстыратын мәтінді мәнерлеп оқыды. Ол Абайды көрермендердің замандасы ретінде қабылдауына әсер етті. 1952 жылы бұл жұмыс Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

Актриса бірқатар киноларда да басты рөлдерді сомдады. 1940 жылы техникум бітірген жас актрисаны «Райхан» фильміндегі басты рөлге шақырды. Осы рөлі үшін Хадиша Бөкеева 1942 жылы Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі атағын алды.

«Райханнан» кейін Хадиша «Даладағы қайыңдар» (1956 жыл), «Біздің сүйікті дәрігер» (1957 жыл), «Дауыл» (1958 жыл), «Жабайы Ертіс жағасында» (1959 жыл), «Іздер көкжиектен асып барады» (1964 жыл) фильмдеріне түсті. Бұ-лардың барлығы танымал қазақ актрисасының үлкен шығармашылық мүмкіндіктерінің айғағы болып табылады.

1965 жылдан бастап Хадиша Бөкеева педагогикалық қызметпен айналысты. Ол Құрманғазы атындағы консерваторияда (кейін кино және театр академиясында) өзінің актерлік шеберлік  сыныбын ашты.

Ол өзінің шәкірттеріне қатал және талапшыл болды. Студенттер консерваториядағы дәрістен басқа спектакльдерде, театрдағы дайындық кезінде де көп сабақ алды. Оның шәкірттері 3-курстан бастап М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының спектакльдеріне қатысты, ал оқу бітіргеннен кейін көпшілігі сол театрда жұмыс істеуге қалды.

Хадиша Бөкееваның шәкірттерінің қатарында ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Әшірбек Сығай, Тұңғышбай Жаманқұлов, Құман Тастамбеков, Досхан Жолжақсынов, Тілектес Мейрамов, Рахила Машурова, Меруерт Өтекешова секілді театр және кино саңлақтары бар.

2011 жылғы қаңтар айының соңғы күні өмірден озған Хадиша Бөкеева туған халқының жадында сахна өнерінің Шолпан жұлдызы ретінде қалды.

Тұяқбай РЫСБЕКОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті  мүшесі, ҚР еңбек сіңірген

қайраткері


Отан қорғаушы – мерейлі мамандық

Күні: , 41 рет оқылды

IMG-20170215-WA0001


Батысқазақстандық бозбалалар шымырлығымен, шыдамдылығымен, батылдығымен ерекшеленеді. Сол себепті дені сау, зерделі жастар болашағын әскери саламен байланыстырғандары жөн. Өйткені әскери ЖОО-ларда оқып жатқандар арасында жас жерлестеріміз көп емес. Мысалы,  ҚР Ұлттық ұланының Петропавл әскери институты курсанттарының 2-3 пайызын ғана батысқазақстандықтар құрайды.


Бұл жөнінде ҚР Ұлттық ұланының Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімінде өткен «Ашық есік» күні шарасы кезінде сала мамандары мәлімдеді. Облыс орталығындағы мектептердің 9-11-сыныптардың оқушылары қатысқан шара барысында сөз алған аталмыш әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник В. Пактың айтуынша, бүгінгі таңда ІТ технологиясы, мұнайгаз саласы сынды табысты мамандықтардың қатарына әскери қызметшілер де кіреді. Себебі оларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Курсант болғаннан бастап киетін киімі, ішетін тағамы бәрі мемлекет есебінен өтеледі. Зейнетке шыққанша тұрақты түрде жақсы еңбекақы төленеді. Егер инфляция болған жағдайда, көп кешікпей пайыздық индекстеу шаралары жүргізіледі. Зейнетке 47 жастан бастап шығуға болады. Әлеуметтік жағынан қолдау шаралары да аз емес. Мәселен, қазір Үкіметте әскерилерді тұрғын үймен қамту жөніндегі заңна-маларға толықтырулар енгізу бағытында жұмыстар жүруде. Бұйыртса, алдағы уақытта әскери қызметшілерді үймен қамту толығымен шешіледі. Әскери оқу орындарына түсу үшін тапсырылатын тесттің балдық көрсеткіші азаматтық бағыттағы ЖОО-ларға қарағанда төмендеу.

— Отан қорғаушы мамандығының мәртебесі бұрыннан жоғары болған және ешқашан төмендемейді. Мысалы, Қазақ хандығы құрылған кезден бері елімізді қорғаған қаншама батырлар өтті. Халқымыз оларды ешқашан ұмытқан жоқ, қайта жыл өткен сайын батырларға деген құрмет артып келеді. Түрлі оқу орнын бітіріп, ертең жұмыс таба алмай, біресе бір кәсіптің, соңынан жүгіріп, біресе басқа кәсіпке ұмтылып, жөнді жалақы ала-алмай жүргенше, әскери мамандық иесі болған әлдеқайда артық емес пе. «Ашық есік» күні аясында әскери өмірмен таныса отырып, бұл салаға деген қызығушылықтарыңыз артады деп сенеміз, — деді подполковник Вячеслав Пак.

Шара барысында мәлім болғандай, әскери бөлімде 100-ден аса әскери техника, 30-ға жуық қару-жарақ түрі бар. Күннің салқындығына байланысты оның бәрін көру мүмкін болған жоқ. Сол себепті көктемде тағы бұл бағытта «Ашық есік» күні ұйымдастырылмақшы. Оқушылар сондайақ сарбаздар асханасы мен казармада болып, жауынгерлердің өмірімен кеңірек танысты.

Ал әскери бөлімнің мәдениет үйінде болған шараның қорытынды бөлімінде ҚР Ұлттық ұланының Петропавл әскери институтының курсанттары Отан қорғаушы мамандығының қыр-сыры, әскери ЖОО-ларға түсу тәртібі, курсант өмірі жөнінде әңгімелеп, бейнеролик көрсетті.

Шарадан үлкен әсер алған он беске жуық оқушы алдағы өмірлерін әскери саламен байланыстырғысы келетіндерін айтып, аталмыш оқу орнының курсанты болуға ниетті екендерін жеткізді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Юнус САТҚАНОВ,

Круглоозерный орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

— «Ашық есік» күні шарасынан жақсы әсер алдым. Осы казармада тұрып, күнделікті мына әскери киімдерді киіп, қару-жарақты қолдануды жетік меңгергің келеді. Бұрын теледидардан, ғаламтордан Қазақстанның әскери күші зор екенін көріп-білсем, бүгін соны өз көзіммен көргендей болдым. Бронды кеудеше, каскаларды кию кезінде бойымызды ерекше  бір сезім кернеді. Әскери киімдердің бәрі ыңғайлы, жеңіл. Жалпы, өзім бала кезден әскери саланың маманы болуды армандаймын. Бұйыртса, жазда Санкт-Петербургтағы әскери институтқа құжаттарымды тапсырғым келеді.

Эркольд ИБРАГИМОВ,

№16 орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:

— Осы шараны алғашқы әскери дайындық пәнінің тәжірибелік сабағы деп айтуға болады. Себебі оқушылар мектепте кітап, көрнекі құралдар арқылы оқып-білгендерінің бәрін мұнда көздерімен көріп, қолдарымен ұстады. Сондай-ақ шәкірттеріміз жауынгер мен сардарлардың күнделікті өмірі, рота бойынша тәуліктік кезекші деген кім, оның міндеттері қандай болатындығымен танысты. Сарбаздардың төсекті қалай теп-тегіс қылып жинайтынын, қандай тамақ ішетіндерін көріп риза болды. Алдағы көктемде оқушылармен бірге далалық оқу-жаттығу шарасына шығамыз. Сонда олар осында көргеннің бәрін өздері жасап, машықтанатын болады.


«Таң» мен «Жайманы» Бостоннан көрдім

Күні: , 42 рет оқылды

DSC_0003


Өңірімізге ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Серік Егізбаев бастаған  ақпараттық-насихаттық топ Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауға келді. Кеше облыстық мәслихаттың залында аталмыш топ басшысы  агроөнеркәсіп саласының қызметкерлерімен кездесті.


Ауыл шаруашылығы саласына көптеген жаңалықтар енуде.  Елбасының Жолдауында айтылғанындай,  ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болуға тиісті. Бұған толық мүмкіншілігіміз бар. Облысымызда мал шаруашылығы жылма-жыл дамып келеді.  Төрт түлік мал басы өсуде. Осы саланың дамуына үлес қосып келе жатқан өздеріңізсіздер. Өткен жылы ауа райының қолайлы болуына байланысты егіннен мол өнім алынды. Биыл да молшылық болады деген сенім бар, — деді кездесуді ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Серік Егізбаев Елбасы Жолдауының басты басымдықтарына кеңінен тоқталып, мемлекеттік қызметкерлердің маңызды құжатты алдымен өздері оқып, түсініп, айналасындағы адамдарға егжей-тегжейлі түсіндіруге міндетті екендігін еске салды. «Елбасымыз Жолдауында «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі», – делінген. Жолдаудың алғашқы бағытында экономика салаларын жаппай цифрлық  модельге көшіру және соған орай Елбасы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» деген  бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Маңызды құжатта өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика, құрылыс секторы мен басқа да салалардағы еңбек өнімділігін арттыруға баса мән берілген», – деді С. Егізбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан – аграрлық ел, сондықтан Елбасы «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін» Жолдаудың 4-бөлімінде көрсеткен. Бұл ретте АШМ алдына бірқатар міндеттер қойылған және ол міндеттер «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында іске асырылмақ.

– Әзілдеп айтатын болсақ, ауыл шаруашылығы саласының басты түйткілі – қыс, көктем, жаз, күз. Бірақ әзілдің астарында шындық  жатыр. Өйткені ауыл шаруашылығы жұмыстары ауа райына, табиғатқа тікелей байланысты. Озық 30 елдің тәжірибесі көрсеткеніндей, жоғары агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу мәдениеті, инновацияларды қолдану әлгіндей табиғи факторлардың әсерін төмендетуге мүмкіндік береді, – деді Серік Рахметоллаұлы. Оның айтуынша, Елбасы ауыл шаруашылығын әртараптандыруды, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырды. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілетті, сапалы азықтүлік өнімдері өндірісін ұлғайту арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылған. – Еуропалық стандарттармен үйлестірілген Қытайдың стандарттарының талаптары өте қатаң. Біздің зертханада бір өнім төрт көрсеткіш бойынша, қытайлықтарда 17 көрсеткіш бойынша зерттеледі. Сондықтан бұл бағытта да жұмыс істеуіміз керек. Еліміз ДСҰ-ға мүшелікке өтер кезде, 20 млрд. теңгеге 126 зертхана салдық. Оның 11-і – облыстық, өзгесі аудандық. Солардың жүктемесіз тұрғаны, бұрынғы кездердегідей тек серологиялық зерттеу жүргізетіні ойлантады. Мал азығына зерттеу жасалмайды.

Кәсіпкерлер ондай зерттеу жұмыстары үшін Барнаулға, Новосибирскіге, Орынборға барады. Ендеше, ондай зертханаларды неменеге салдық? Осының барлығы біздің бәсекеге қабілеттілігімізге келіп тіреледі, – деді вице-министр.

Басқосуда кәсіпкер Валерий Голоухин Қазақстанды «Джон Дир» техникасымен жабдықтаушы «Евразия» фирмасының сервистік қызметінің тек адам күшімен атқарылатындығын, заманауи технологиясының жоқтығын, қосалқы бөлшектерді ұзақ  күтуге тура келетіндігін баян етті. Бұл фирма техниканы мемлекеттің көмегімен өткізеді. Ал кәсіпкер Темірғали Ескендіров ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жобаларына берілетін екінші деңгейдегі банктердің несиелік қаражаттарының мерзімінің қысқалығын айтып, жаңа технологиялы жобаларға қажетті мамандардың жоқтығын, соған орай сырттан шақырылатын мамандарға жұмсалатын шығынды мемлекет тарапынан өтеу мәселесін көтерді. Ал Қатауолла Ашығалиев Жәңгір хан атындағы агротехникалық университет жанындағы аккредиттелген дайын зертхананы өңірлік етіп ашуды ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттен бөлінетін несиелік қаржының қарыз алушыға делдалсыз беру тетігін іске  асыру  қажеттігін  айтты.

*  *  *

Түстен кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Серік Егізбаев пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов республикалық ветеринариялық зертхананың өңіріміздегі филиалы қызметкерлерімен  кездесті.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған  Жолдауын түсіндіру, насихаттау мақсатында бірнеше топтар құрылып, еліміздің барлық өңірлеріне шықты. Өзімнің қызметіме тікелей қатысты болғандықтан, сіздің ұжыммен кездесуді жөн санадым. Сіздердің ойларыңызды тыңдап, ұсыныс-пікірлеріңізді білу де — біз үшін маңызды. Президенттің Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытудың айқын жолдары көрсетілген. Елді мекендердегі мал өсірумен айналысатын шаруалардың басын біріктіріп, ұжымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Ет және сүт өнімдерін өндіретін шаруаларға өз тауарларын өткізгені үшін жеңіл пайызбен несие беріп, демеуқаржы төленбек. Бұл жерде айта кету керек, өнімнің басым бөлігін сол ауылдық жердегі шаруалар өндіреді. 20 пайызын ірі қожалықтар өндірсе, қалған 80 пайызы ұсақ шаруалардың өнімі. Ал демеуқаржы тек ірі қожалықтарға ғана төленеді. Осы жүйені түбегейлі өзгертудің түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы іске қосылуда. Елбасымыз халық тұтынатын тауарлардың өз жерімізде өндірілуін де қатаң бақылауда ұстауда. Дүкен сөрелерінде «Қазақстанда жасалған» деген атаумен өзіміздің сапалы әрі құнарлы тауарларымыз жайнап тұрса, тамаша емес пе? Мысал ретінде айтайын, осыдан бірер жыл бұрын Американың Бостон қаласында болдым. Бір азық-түлік дүкеніне кірсем, өзімізден өндірілетін «Таң» сусыны мен «Жайма» саттықта тұр. Соны көргенде қуанышымда шек болмады. Міне, біздің әр тауарымыз брендке айналуы тиіс. Ал дастарқанымызға келген әр өнімнің сапасына бақылау жасайтын өздеріңіз. Сондықтан сіздердің жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді Серік Рахметоллаұлы.

Елбасы Жолдауын талқылауға арналған басқосуда ветеринария саласының қызметкерлері өз ұсыныс-пікірлерін айтып, көкейдегі сауалдарына  жауап  алды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Өмір сүр, сәби!»

Күні: , 26 рет оқылды

d758cbd6-18d9-40ce-be00-7ae0d5d5d0af


Өткен  сенбі  күні «Сити центр» сауда үйінде «Аялаған алақан» қоғамдық  қорының  ұйымдастыруымен  «Өмір сүр, сәби!» атты  акция өтті. Акция шеңберінде еріктілер тобы шала туған  және  анасы  бас тартқан  сәбилерге жүннен қолғап, шұлық, кеудешелер тоқыды.


«Аялаған алақан» қоғамдық қорының жетекшісі Рада Хайрушеваның айтуынша, акцияға қала тұрғындары мен қонақтары белсенді түрде қатысқан.

— Бірі тоқыма жібін, енді бірі сәбиге арналған киім-кешегі мен ойыншықтар әкеліп жатты. Еріктілер тобы үш сағаттың ішінде сәбилерге арналған бірнеше шұлықтар, бас киім, кеудешелер тоқыды, — дейді ол.

«Өмір сүр, сәби!» акциясына шамамен 100-ге жуық адам қатысты. Аялы алақандардың жылуы сіңген сәбиге арналған заттар кейіннен перинаталды орталық пен бөбектер үйіндегі сәбилерге табысталды.

—  Қаламызда  қайырымды жандар өте көп. Сәбилерді  қорғау  бағытындағы ұсыныстарымызды қабыл алған  Руслан Ғабдуллин, Деннис Володинға, «Сити центрдің» Play, Happy kids, Daniel бутиктерінің иелеріне және ылғи өзгелерге көмек көрсетуге дайын тұратын біздің командаға айтар  алғысымыз шексіз. Сонымен қатар «Бөбектер үйінде» 24 сәбидің  өз ата-анасын күтіп жүргенін қайырымды жандардың қаперіне салғым келеді. Біздің қаламызда жүрегі мейірімге толы кәсіпкерлер, қолындағысын қиналған жанға бөліп бергісі келіп тұратын қарапайым адамдар, қоғамдағы түйткілді мәселеге сергек қарайтын қоғамдық бірлестіктер аз емес. Мені осындай мейірімді жандардың көп болғаны қуантады,  — дейді Рада Хайрушева.

«Аялаған алақан» қоғамдық қоры наурыз айының басында мүмкіндігі шектеулі балғындармен концерт беруді жоспарлауда. Осы концерттің өтуіне қолұшын созып, көмек берем деген жандар 8 777 245 86 72 телефонына хабарласуларына болады.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ


Ынтымақ алауын маздатқан

Күні: , 24 рет оқылды

теректиночка


Наурыз айының 1-інде қазақстандықтар Алғыс айту күнін тойлайды. Елбасымыз өзара сенім мен құрметтің нышаны болып есептелетін атаулы мерекенің маңызы зор екенін айтқаны мәлім. Шуақты көктем қарсаңында Теректі ауданының тұрғындары да Алғыс айту күнін бір кісідей атап өтуге қамдануда.


– Былтыр тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты «Біздің күшіміз – бірлікте» атты Астана қаласында өткен республикалық форумға қатысқан облыстық делегация құрамында болдық. Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған түрлі іс-шаралар көңілімізден шықты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген диаспора өкілдерінің бірлік пен татулықты нығайту жолында өте ықыласты екені жайдары жүзінен, ақжарқын пейілінен анық  аңғарылып тұрды. Әрине, мұндай игі мақсатты жүзеге асыруға бәріміз де айрықша атсалысамыз. Өткен ғасырдағы тың игеру науқанында әке-шешем Белоруссиядан келген. Олар барша ұлт өкілін құшағына сыйдырған қазақ халқының ақжарқын пейіліне риза болып өтті. Отандастарымыздың көңілін қатықтай ұйытып, әрдайым бейбіт өмір сүруге үндейтін Елбасыға, түсіністік пен татулық жолында игі істерді жүзеге асырып жатқан барша қазақстандыққа айтар алғысым зор, – деді Теректі ауданындағы «Сябры» белорус ұлттық  мәдени орталығының жетекшісі Мария Плетеная.

Теректі ауданында дүние есігін ашып, балалық шағын өткізген Мария Матвеевна кейін туған жерінде еңбек жолын бастап, түрлі мекемеде бухгалтер, экономист ретінде қызмет еткен. Жайдары жүзінен шуақ төгілген  бірлестік төрайымын бүгінде зейнет жасында деп бірден кесіп айту қиын. Мария Плетенаяның есімі аудандағы Құрмет тақтасына жазылғаны – оның қоғамдық шараларда белсенді екенін әйгілейді. Оның айтуынша, ұлтаралық татулық пен береке-бірліктің ұйытқысына айналған Теректі ауданындағы ассамблеяның мәдени ошағы – Достық үйінің ашылғанына былтыр бес жыл толыпты.

Сәулетті ғимарат ішіндегі қазақтың «Алтын бесік», орыстың «Русская изба», украинның «Еднання», белорустың «Сябры», татардың «Алтын гюль» кәрістің «Өркендеу» ұлттық этномәдени орталықтарының шағын көрмелері әсем қақпамен безендірілген.  Достық үйінде өтетін игі шаралар легі жыл бойы толастаған емес. Славян халықтарына тән мерекелер кеңінен аталып өтілуде. Тұрақтылық, татулық, ұлтаралық ынтымақты насихаттау мақсатында дөңгелек үстелдер отырысы, мәдени шаралар, семинарлар тұрақты ұйымдастырылуда. Облыс орталығы мен көршілес аудандардан келетін қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері жыл сайын тәжірибе алмасады. «Сябры» қоғамдық бірлестігінің «Теректиночка» халықтық-вокалдық ансамблі бүгінде көрермендер көзайымына айналған. Қырық жылға жуық тарихы бар ансамбль мүшелері қазақ әндерін де шырқайды.

Достық үйінің ауласында Құрмет тақтасы, саяси куғын-сүргін  құрбандарына  арналған  ескерткіш  орнатылған. Және ғимарат жанында жазғы демалыс кештері өтетін сахна бар. Достық үйінің ішінде 150 орындық көрермен залы да тұрғындар үшін ыңғайлы. Мәдени ошақтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға аудандық бюджеттен былтыр 1758,1 мың теңге қаражат жұмсапты. Ел бірлігінің еселене түсуіне үлес қосып жатқан Достық үйі келісім мен ынтымақ алауын маздатып отырған үлкен шаңыраққа айналуда.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


60 азамат жолда қалыпты

Күні: , 24 рет оқылды

IMG-20170216-WA0012


Ақпан айының 16-сы күні Шымкент қаласынан бері қарай шыққан жолаушылар автобусы Самара – Шымкент тас жолының 512 шақырымына жете бергенде, шұғыл тоқтауға мәжбүр болды. Көліктің қозғалтқышы істен шығыпты. Сөйтіп, Өзбекстан Республикасының 60 азаматы жолда қалған.


Сырым ауданы әкімдігінің төтенше жағдайларға жауапты маманы Жандос Дүйсенғалиевтің айтуына қарағанда, өзбек бауырларымыз ақауды қалпына келтіруге әуелі өз беттерінше әрекет жасап көріпті. Болмағасын, Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің кезекшілік бөліміне қоңырау түсірген. Қоңырау бойынша тиісті тапсырма алған Сырым ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бас маманы Ерген Тасқалиев бастаған топ жолда қалған жолаушыларға қарай шұғыл аттанды.  Жағдайды бақылауына алған аудан әкімшілігі тиісті көліктерді жұмылдырып, эвакуациялық тасымалды мұқият ұйымдастырып берді. Сөйтіп, екі жүргізушіден басқа 58 өзбек азаматы Жымпитыдағы №39 жол пайдалану бөлімінің жылыту  бекетіне жеткізілді. Көп кешікпей жаңағы жолаушылар үшін Шымкент қаласынан келесі автобус жолға шықты деген хабар алынды.

Сырым ауданының үстімен өтетін Самара – Шымкент тас жолының бойында орын алған бұл бірінші жағдай емес. Мәселен, Сырым ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімі жуырда адасып кеткен испаниялық саяхатшыларды құтқару жұмыстарын да өте сауатты жүргізген еді. Сол жолы испан азаматтары Хосе мен Патрисия аудан басшылығына, әсіресе, Сырым ауданы әкімдігінің төтенше жағдайларға жауапты маманы Жандос Дүйсенғалиевтің шет тілін еркін білетіндігіне қатты разы болған-ды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика