Мұрағат: 17.02.2017


Биыл жол құрылысына 24 млрд. теңге бөлінбек

Күні: , 46 рет оқылды

IMG_6632


Жұма күні  ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Роман Скляр өңірімізге іссапармен келді.  Осыған орай  облыс әкімшілігі   облыстық мәслихаттың  мәжіліс  залында  кездесу  ұйымдастырды. Бұған мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен  құрылыс компанияларының  басшылары  және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ Орал жол бөлімшесінің  өкілдері  қатысты.


Жиынды жүргізген облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов  министрлік өкілін жиналғандармен таныстырып, оған сөз кезегін берді.

Роман Скляр ең алдымен жиынға қатысушыларды Елбасының жаңа Жолдауымен таныстырды.

Содан соң осы Жолдау аясында мемлекет басшысының ел Үкіметіне жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуды және 2020 жылға дейін транзиттік тасымалдың жылдық көлемін ұлғайту жөнінде тапсырма бергенін айтты.

– Бұл ретте контейнермен тасымалданатын жүк көлемін жеті есеге, яғни 2 млн. контейнерге, транзиттік тасымалдаудан түсетін табыс көлемін 5,5 есеге (жылына 4 млрд. доллар)  дейін, әуе көлігі арқылы жасалатын жолаушылар тасымалын төрт есеге (1,6 млн. транзиттік жолаушы) дейін ұлғайту керек.  Бұл бағытта қазірдің өзінде бірқатар жұмыстар  жүзеге асырылуда. Мысалы, биыл 4,4 мың шақырым республикалық маңыздағы автокөлік жолының құрылысы мен жолдарға жаңғырту  жұмыстарын жүргізу басталды. Жыл аяғына дейін 600 шақырым жол құрылысын жүргізу көзделуде. Бұл ретте ақылы жол тәртібі біртіндеп енгізілмек. Өйткені жолды ақылы пайдалану бағытындағы қанатқақты жоба мұның тиімді екенін дәлелдеді.  Сондай-ақ құрық порты құрылысының екінші кезеңі  жүзеге асырылмақ.

Әлемдік экономиканың  жаһандану жағдайында  транзиттің әлем елдері арасындағы сауда-саттық қатынасында маңызы зор. Мысалы, бұрын «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның  жалпы кірісі 3 пайызды құрайтын, қазіргі таңда ел аумағынан өтетін контейнерлік пойыздардың транзиттік тасымалы нәтижесінде бұл 25 пайызға артты. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 913 шақырым республикалық маңыздағы автокөлік жолы ашылып, бұл жобаны жүзеге асыруға 75 мың адам қатысты. 2017 жылы 100 мың адамның қатысуымен  4,4 мың шақырымдық жол құрылысын жүргізу көзделуде. Жыл аяғына дейін 600 шақырым жол пайдалануға берілмек.

2020 жылға таман 6 мың шақырым жол ақылы пайдалануға көшірілмек. Биылдың өзінде 700 шақырым жол ақылы болмақ, – деген вице-министр өңіріміздегі автокөлік жолының  көп бөлігінің сын көтермейтінін айтты.

Оның сөзінше, облыстағы автокөлік жолының 72 пайызы жөндеуді қажет етіп тұр. Осыған орай биыл облыстың  автокөлік құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 24 млрд. теңге бөлінбек. Соның ішінде 16 млрд. теңге республикалық бюджеттен және 8 млрд. теңге жергілікті бюджеттен бөлінеді. Қазіргі  таңда «Орал – Тасқала» автокөлік жолына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл соның 50 шақырымы жаңғыртылып болады. Аталған жолды жаңғырту жұмысы 2018 жылы  толықтай  аяқталмақ.

Ағымдағы жылы Чапаев ауылынан Жалпақтал ауылына дейінгі  және Қазталов – Жәнібек автокөлік жолдарындағы  күрделі жөндеу  жұмысы аяқталмақ. 133 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілмек. Жергілікті маңыздағы автокөлік жолдары бойынша 126 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Соның ішінде Бөрлі – Ақсай – Жымпиты автокөлік жолына жаңғырту жұмыстары және Орал – Кирсанов, Чапаев – Жаңақала – Сайқын, Барбастау – Ақжайық – Индер бағытындағы  жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жиын соңында құрылыс компанияларының өкілдері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, бұған тиісті жауаптар қайтарылды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Жаңарудың даңғыл жолы

Күні: , 38 рет оқылды

PRI_3598


Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында Қазақстан Республикасының Әділет министірі Марат Бекетаевтың және облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен Елбасының халыққа Жолдауын насихаттау мақсатында актив жиналысы өтті.


Жиналыс барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жылғы Үндеуін және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қаблеттілік» атты Жолдауын халыққа түсіндіріп, насихаттауды мақсат еткен арнайы топтың жетекшісі Марат Бекетаев аталған тақырып турасында баяндама жасады.

— Өздеріңізге белгілі осы жылдың 25-і қаңтарында Мемлекет басшысы конституциялық реформа туралы Үндеу жариялады. Бұл реформаның басты мақсаты Республика Президентінің жекелеген өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беру болып табылады. Мемлекет басшысының өкімімен мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу мәселесі бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының жұмыс қорытындысы бойынша мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттікті қайта бөлудің негізгі шегі анықталды. Президент ұсынған реформа екі бағыттан тұрады. Бірінші – бұл Конституцияда белгіленген өкілеттікті қайта бөлу мәселесі. Бұл түзетулер жалпы халықтық талқылауға шығарылды және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Екінші – Президенттің заң деңгейінде бекітілген әлеуметтік-экономикалық процестерін реттеу өкілеттігін беру. Республика Президенті Үкіметке тиісті заң жобасын әзірлеуді және Парламенттің ағымдағы сессиясының соңына дейін оны қабылдау үшін Парламенттің басым жоспарына енгізуді тапсырды. Үкіметтің құзыретіне берілуі мүмкін экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік қызмет саласындағы Мемлекет басшысының ұйымдастырушылық-құқықтық өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған түзетулердің тұтас кешені әзірленді. Функцияларды осылай ауқымды түрде қайта қарау тұтастай Үкіметтің және оның мүшелерінің жеке алғандағы жауапкершілігін арттыру мәселесін басты назарға алуға себепші болады. Осылайша Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмыс істейтін жаңа нақты ахуал туындайды. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы Үндеуінде айқындалған бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы қалыптастыруда және дамытуда мемлекеттік саясаттың қисынды жалғасы болып табылады, — деді Марат Бақытжанұлы.

Бұдан соң Әділет министрі сөз арнасын Елбасының Жолдауында айтылған нақты тапсырмаларға бұрды.

— Елбасымыздың биылғы Жолдауы жаңа жаһандық жағдайда еліміздің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Президенттің саясаты арқасында елімізде тұрақтылық орнап, нарықтық экономика тұрақталды, аса ірі инвестициялар тартылып, азаматтардың әл-ауқаты жақсарды. Елбасы Қазақстанды ауқымды экономикалық және саяси жаңғырту бойынша реформа жүргізудің жаңа кезеңін жариялады. Перзидент өз Жолдауында «Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек», — деген болатын. Ұлт жоспарының жиырма жетінші қадамында жеке сот орындаушылар инситутының дамуы мен мемлекеттік сот орындаушыларының санын кезең-кезеңімен қысқарту қарастырылған. Әділет министрлігі қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып сот шешімдерін орындау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру болып табылғандықтан, Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда маңызды рөлді әділет органдары атқармақ. Президент «Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді» деп атап өтті. Сондықтан біз үрдістерді барынша автоматтандыруды тұтас енгізіп, рәсімдерді жеңілдетуіміз керек. Еліміз жаңғырудың үшінші кезеңіне жол ашып отыр. Қазіргі заман және қоғам талаптарына сәйкес даму — бұл Елбасының Жолдауына және тапсырмаларына сәйкес атқарылатын біздің ортақ мақсатымыз, — деді Марат Бекетаев.

Актив жиналысында сөз алған Әділет министрлігінің департаменті директорының орынбасары Марат Елемесов, Зеленов ауданындағы «Шоңайбеков» шаруа қожалығының жетекшісі Сергей Шоңайбеков, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева Жолдаудың басым бағыттары туралы өз ойларын жеткізді.

PRI_3886Өңір басшысы білім саласын бақылайтын мемлекеттік құрылымның басшысы ретінде С. Бахишеваға Елбасы Жолдауында айтылған ауылдағы және қаладағы мектептердің білім беру сапсындағы айырмашылықты азайту үшін жұмысты неден бастаған дұрыс деген сауал тастады. «Екі мәселе бар, біріншісі, ауылдық мектептерге педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі. Өйткені шағын мектептерге химия пәнінен алты сағаттық, жағырапиядан сегіз сағаттық жүктеме үшін мұғалімдер келмейді. Сондықтан бір мұғалімге ұқсас мамандықтарды беруге мәжбүр. Білім сапасы да осыған байланысты болады. Екіншісі, материалдық-техникалық әлеует, облыста шағын білім ошақтары көп. Сол мектептердің зертханалармен, пәндік кабинеттермен жасақталуы маңызды. Кейбір жерлерде интернеттің жоқтығынан жұмыстар жүрмейді», — деді Светлана Меңдіғалиқызы. Облыс басшысы биыл 200 мектепке қаражат бөлініп, зертхана жабдықталатынын, соған орай білім беру саласының басшылығына бірінші кезекте қай мектептерге зертхана жасалатынын анықтауды тапсырды. «Аудан орталықтарында  талшықты-оптикалық байланыс желісі бар. Өңірдегі 390 мектептің 60 пайызы шағын мектептер болса, олардың барлығы интернетпен қамтылған дей алмаймыз. Ақпарат министрінің айтуынша, 1200-ден астам елді мекен интернетке қосылмақ. Министрден біздің облыстан неше елді мекен интернетке қосылады деп сұрағанымызда, талшықты-оптикалық байланыс желісі бар республикалық жол  бойынан 20 шақырым жердегі бір мыңға жуық тұрғыны бар елді мекендердің қосылатынын айтты. Сол ауылдарға және ондағы мектептерге интернет барады», — деген Алтай Көлгінов білім беру саласының басшылығына «Қазтелеком» мекемесімен бірге ондай елді мекендерді анықтауды тапсырды.

Алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Әділет министрі Марат Бекетаевқа дағдарысқа қарсы штабтың жұмысы барысында белгілі болғанындай, алимент өндіру мәселесі бойынша сот шешімдерінің орындалмайтынын, алимент төлеушілердің жұмысымыз жоқ дегендерімен 40 мың теңгенің қоғамдық жұмысына бармайтынын айтты. «40 мыңды азсынатын олардың жасырын табысы барын сот та, біз де дәлелдей алмаймыз. Сондықтан  қабылданатын заңдарда оларды қоғамдық жұмысты мәжбүрлеп жасату талабы енгізіле ме? Осындай талап болса, алимент төлеуден жалтаратындардың жауапкершілігі артар еді», —  деді ол. Алимент төлеушілердің табысы жоқтығын алға тартқан министр еліміздің Бас прокуратурасының көмегімен «Алимент төлеуді жақсартудың 30 қадамы» жоспары жасақталғанын айтып, сот орындаушысының алимент өндіру мүмкін болмаған жағдайда, ондай істі ішкі істер органдарына жолдап, іс қозғау мүмкіндігін алға тартты. «Сіздің ұсынысыңызды мақұлдаймыз. Мұндай өзгерістер енгізу үшін алдымен кейбір заңнамалықтарға өзгерістер енгізуіміз керек», — деді министр.

Жиында еңбек ардагері Асқар Атаев сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, жемқорларға қатысты қолданылатын жазаларды қатайтуды және мемлекеттік сатып алулардың үрдістерін Қаржы министрлігінен алып, атқарушы органдарға беруді ұсынды. Зейнеткер Қазихан Жаймұқанов министрге Конституцияның 26-бабына енгізілген өзгеріске байланысты түсінік беруін сұрады. «26-бап бойынша ұсыныстар көп түсті. Қазір осы ұсыныстар талқылануда. Онда Қазақстандағы мүліктің бәрі қорғалады деген. Жерді ешкім көтеріп алып кетпейді. Мемлекет кімнің мүлкі болса да қорғайды деген бағытта айтылған. Жерді сату деген мәселе жоқ, ешкім жерді шетелдікке сатпайды», — деді облыс басшысы.

Ал министр: «26-бап жерге қатысты емес. 6-бапта жерді қорғау мәселелері реттелген», — деп түйіндеді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


«Атқарылған ауқымды істердің астарында әрбір батысқазақстандықтың еңбегі бар»

Күні: , 49 рет оқылды

PRI_3496


Кеше Орал қаласындағы теннис орталығында облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен биылғы жоспарлар, алда тұрған міндеттер туралы халықтың алдында есеп берді. Жиынға ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Байзатов, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр қатысты.


— Ұлы Абайдың «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» дегені бар. Ендеше, жақсылыққа ұмтылған мемлекетте де билік пен халықтың арасын жақындата түсетін осындай емен-жарқын есептік кездесулердің ұйымдастырылуы заңдылық.

2016 жыл аса маңызды екі үлкен оқиғамен ерекшеленді. Біріншіден, ел болып тәуелсіздіктің ширек ғасырына талдау жасап, қол жеткізген толайым табысты бірге бөлістік. Екіншіден, дамуымыздың келесі кезеңін айқындайтын Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге аса бастады. Біз биыл даму мен өрлеудің келесі ширек ғасырына еңсесін тіктеген, экономикасы қалыптасқан мемлекет ретінде қадам бастық. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде жылды бастаған еліміз жаңа жылдың алғашқы айын Дүниежүзілік универсиаданы абыроймен өткізді. Бұл табыстардың басты кілті – Елбасының әу-баста таңдаған саяси жолы мен Президентке тіреу болған халқымыздың мығым бірлігі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы «Жаңа елдің іргесін қалаған бүгінгі замандастардың ерен еңбегі уақыт өте келе, тіпті мың жылдан кейін де ұрпақтарымызға Отанымызды одан әрі ілгерілету жолында демеу болады» деп атап өтті.

Біз сіздермен бірге 2016 жылды өнімді тірлікпен, мызғымас бірлікпен қорытындыладық. Өңірімізде өткен жылы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды істерге тоқтала кетейік. Жұмыстарымызды жүйелі атқару мақсатында былтырғы жылдың басында 12 аудан мен Орал қаласының 2020 жылға дейінгі даму жоспары әзірленді. Осы құжаттардың негізінде «Батыс Қазақстан облысының 2020 жылға дейінгі даму жоспары» бекітілді. Даму жоспарлары аудандық және облыстық қоғамдық кеңестер мен депутаттардың талқылауынан өтті.

Өткен жылы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң нәтижені көрсетті. Облыстың аймақтық жалпы өнімі 2,6 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімі 1 триллион 620 миллиард теңгені құрады, ол 2015 жылы 1 трлн. 302 млрд. теңге болды. Қарашығанақ кенішіндегі жоспарлы жұмыстарға байланысты ондағы өндіріс көлемі 1,2%-ға төмендеді. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көлемі 2,5%-ға, еңбек өнімділігі 37,5%-ға артты. Еңбек өнімділігінің артуына кәсіпорындардағы жоғары технологиялы өндірістердің өсуі әсер етті. Олардың қатарында Орал трансформатор зауыты, «Конденсат» сынды кәсіпорындар бар. Ал «Квант» жиһаз фабрикасы 2,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, 585 млн. теңгеден астам салық төледі. Өнімдері қазір экспортталуда. Сондай-ақ осындай мысалды Батыс Қазақстан машина жасау компаниясына, «Зенит» зауыттарына, «Кублей», «Батыс Нық» кәсіпорындарына да қатысты айтуға болады. Жалпы, өткен жылы 520-дан аса жұмыс орнының құрылуымен 10 жаңа индустриалды жобаны іске қостық. Ал индустриялизациялау картасы аясында 335 млрд. теңгенің 47 жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі.

PRI_3470Агроөндірістік кешенде өндіріс көлемі 17 пайызға артты. Егін шаруашылығы 42, мал шаруашылығы 2 пайызға өсіп, өндіріс қаржысы 123 млрд. теңгені құрады (2015 жылы 106 млрд. теңге болды). Бұл өсімге мемлекет тарапынан бөлінген 9 млрд. теңгеден астам қаржы үлкен көмек болды. Мемлекеттен ауыл шаруашылығын қолдау үшін бөлінген бұл  қаржы 2015 жылмен салыстырғанда 27 пайызға артық. Нәтижесінде былтыр егін бітік шығып, өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп өнім жиналды. Мал басы 2 пайыздан 11,5 пайызға артты. Ет өнімдерінің экспорты 2 мың тоннаны құрады. Облыста шаруа қожалықтарының қатары 155-ке дейін көбейіп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 21 пайызға артты.

Өткен жылы 105 бас мал әкелінді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген 4 млрд. теңгеден астам қаржыға 25 мыңнан астам мал және 343 техника сатып алынды.

Құрылыс саласындағы атқарылған жұмыс көлемі 5,5 пайызға артып, 96 млрд. теңгеден артық соманы құрады. 275 мың шаршы метрден аса тұрғын жай іске қосылып, көп қабатты 15 үй қолданысқа берілді. Соның нәтижесінде 1500 отбасы қоныстойларын тойлады. Ал аудандарда 25 бір пәтерлі үй салынды.

Инвестиция көлемі 3,6%-ға (394 млрд. теңге) артты. Бұл, әсіресе, өңдеу (12%), тау-кен (10,5%), өндіріс және ауыл шаруашылығы (2,5 есе) салаларында байқалуда. Салық 36%-ға немесе 254 млрд. теңгеге жоғарылады, ол есепті кезеңнен 93 млрд. теңгеге көп.

Автокөлік жолдарының сапасы біздің негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Былтыр 290 шақырымнан аса жол жөнделді. Оған қазынадан 23,5 млрд. теңге бөлінді, бұл алдыңғы жылдан 5 млрд. теңгеге артық. Оның 96 шақырымы республикалық маңызды жол болса, 146 шақырымы – облыстық және аудандық маңызды жолдар. Ақсай – Бөрлі жолы да жаңғыртылды. Осы жұмыстар барысында Қаратөбе, Шыңғырлау, Жаңақала, Зеленов аудандарының орталықтарын Орал қаласымен байланыстыратын жолдарға асфальт төселіп, олардың сапасы жақсарды.

Инженерлік желілер, газ бен электр қуатымен қамту  бағытында да біраз жұмыс атқарылды. 20 нысан немесе 350 шақырым инженерлік-коммуникациялық желілер пайдалануға берілді. Бүгінде батысқазақстандықтардың 93,6 пайыздан астамы, яғни 275 ауылдағы 593 мың тұрғын газбен қамтылған. Өткен жылы Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Теректі аудандарының 17 ауылына газ тартылып, 8 мыңнан астам жерлесіміз от жағу машақатынан құтылды. Индустрияландыру картасы аясында «Батыс Пауэр» компаниясы 200 МВаттық ГТЭС-ты іске қосқаны аян. Сөйтіп, облысымыз сырттан келетін электр қуатына тәуелсіз өңірге айналды. Тиімді деп саналуына орай қазір тек Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарының кейбір елді мекендері электр қуатын Ресейден алып отыр. Мұның өзі 3 пайыздың көлемінде.

Әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдарды жаңарту бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалды. Мемлекет басшысының шешімімен өткен жылы жұмыспен қамту мақсатына қосымша 5 млрд. теңге бөлінген еді. Соған орай өңір бойынша 200-ден астам әлеуметтік нысан мен инфрақұрылым жаңартылды. Мысал ретінде айтар болсақ, Ақжайық аудандық ауруханасы 370 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Теректі, Зеленов аудандарының орталығындағы мектептер де жаңа кейіпке енді. Барлық бағыт бойынша 22 мыңның үстінде тұрғын жұмыспен қамтылып, олардың 6 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа тұрды.

Қол жеткізген табыстарымыздың бәрі – Елбасы ұсынған «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» және тағы басқа бағдарламалардың нәтижесі, – деген Алтай Сейдірұлы одан әрі Елбасының биылғы Жолдауында айтылған міндеттер мен соған сәйкес атқарылатын жұмыстардың  жоспарымен  бөлісті.

Технологиялық жаңғырту бойынша бірінші басымдық ретінде «Smart сity – Ақылды қала» тұжырымдамасына мән беріліп отыр.

Бұл тұжырымдаманы қолға алу урбанизацияға байланысты облыс орталығындағы мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандарға деген сұраныстың туындауы себеп болуда. Соған орай жергілікті атқарушы билік өңір тұрғындары өздерін жайлы сезінулері үшін қажет жағдайларды жасамақшы. Бүгінде аталмыш тұжырымдаманың негізгі бағыттары айқындалды. Мәселен, «Қауіпсіз қала» шеңберінде 300 бейнекамера орнату турасында инвесторлармен келісімдер жүргізілуде, ал жол бойындағы жарық жүйесін жаңғыртуды көздейтін «Электр қуаты тиімді қала» бағыты да мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі негізінде жүзеге аспақшы. Ал онлайн жүйесіндегі мобильдік қосымша «2 GIS» жобасы қалалық қоғамдық көлікті бақылауға мүмкіндік береді. Жұмысқа орналастыру бағытында да бос орындар бойынша сандық онлайн тұғырнама іске қосылады.

Екіншіден, мұнайгаз саласына «ҚПО б.в.» мен «Жайықмұнай» компаниялары арқылы тартылатын инвестиция көлемін арттыру көзделуде. Бұл жерде «ҚПО б.в.» компаниясының Қарашығанақты кеңейтуі мен «Жайықмұнайдың» газды кешенді дайындау қондырғысы жобалары жүзеге асқанда өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, агроөндірістік кешен технологиялық модернизацияның драйвері болуы тиіс. Бұл сала бойынша мемлекеттер бағдарламалар арқылы несиелеу күшейтілетін болады. Асыл тұқымды мал санын 150 мың басқа  жеткізу көзделуде. Облысымызда жалпы мал басын, сүт өнімдерінің көлемін көбейту жоспарлануда. Елбасының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, биыл жылына 6 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын іске қосып, ет және ет өнімдерінің экспортын 2,5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Аудандарда 30-дан астам ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, 505 шағын мал бордақылау алаңдарын салуды көздеп отырмыз. Ветеринарлық стансалар мен пункттер қалпына келтіріліп, мал көметін 50 жаңа орын әзірленеді  және  мал соятын сегіз пункт ашылады.  Суармалы жерлерді қалпына келтіруге баса мән берілетін болады. Алдағы бес жыл ішінде 145 мың гектар тұрақты және көлтабанды суармалы жерлер қалпына келтірілмекші. Бүгінгі таңда облыс аумағында 38 су қоймасы, 91 ірі гидротехникалық құрылыс және 1,7 мың шақырымды құрайтын каналдар бар. Олардың көбінің техникалық жағдайы мәз емес. Сол себепті былтыр кешенді шаралар алынды. Мәселен, Сырым ауданында 2 мың гектарды құрайтын Өлеңті көлтабанды суармалы жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды. Күрделі жөндеу жұмыстары Тоғанас ауылындағы Шолақ-Аңқаты каналында да биыл аяқталады. Теректі ауданындағы Жайық-Шалқар каналына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жәнібек ауданындағы Әбділман және Соркөл көлтабанды суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша құжаттамалар дайындалды. Облысымызда бұл бағытта басымдыққа ие жобаның бірі – Киров-Шежін каналын жаңғырту. Жаңғырту жұмыстарының екі кезеңі аяқталды. Биыл үшіншісі басталады. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан таяуда 1,5 млрд. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде төрт ауданның аумағынан өтетін Киров-Шежін каналы ауылдағы шаруалар жағдайының жақсаруына өз  септігін  тигізбек.

Төртіншіден, логистикалық инфрақұрылымды дамыту көзделуде. Бұл Жолдауда көрсетілген бағыттың бірі екені белгілі. Облыстың жағырапиялық жағынан оңтайлы орналасуы транзитті жүк тасымалын жақсартуға  мүмкіндік береді. Сол себепті бизнес-сервиспен жалғасатын өңірлік көліктік-логистикалық орталық салу жоспарлануда. Қазір Орал қаласы аумағында бұл жобаны жүзеге асыру шарасы қолға алынды. Жеке инвесторлар арқылы жүзеге асатын жобаға мемлекет тарапынан да тиісті қолдау шаралары көрсетіледі. Мәселен, өңіріміздің көкөніс сақтау қоймасына деген  сұраныс көлемі 50 мың тоннаны құрайды. Ал салынған қоймалардың сыйымдылығы – 10 мың тонна. Бүгінгі таңда Орта Азия елдерінен жеміскөкөніс өнімдерін тасымалдаумен айналысатын ресейлік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да қызығушылық жоқ емес.

– Құрылыс саласы экономиканы дамытудың мықты драйвері болып табылады. Биыл біз 300 мың шаршы метрден аса тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл былтырғы көрсеткіштен 10 пайызға жоғары. Соның ішінде Ақжайық, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Шыңғырлау аудандарында 160 тұрғын үй бой көтереді. Бұл – өзге аудандар қамтылмай қалды деген сөз емес. Егер осыған қатысты мәселе  туындаса, оны аудандардағы менің әріптестерімнен сұрау керек.

Олар қандай сұраныс жасады, біз соларды қолдадық. Нақтылап айтсам, өткен жылы біз аудан әкімдерімен, басқарма басшыларымен кездесіп, ең маңызды мәселе қандай, қайсысына басымдық беру керек деп сұрадық. Соған сәйкес жоспарланды. Осы жерде екпін түсіріп айта кететін жайт, кейбір аудан басшылары жол мәселесін көтерген жоқ. Негізінен біздің жақтың жолдарының сапасы мәз емес екендігін  білеміз. Бұл жерде әріптестерім бір жылды жіберіп алды. Биыл сол кемшіліктердің орнын толтыру керек. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мемлекет 65 шаршы метрге дейін арендалық арзандатылған үй ұсынатын болады. Мұндай үйлерді Орал мен Ақсай қалаларында ғана емес, аудандарда да салатын боламыз. Жеке тұрғын үй құрылысы бойынша айта кетейін. Біз тұрақты түрде азаматтарды қабылдауды жүргізіп келе жатырмыз. Қабылдауда көбінің көтеретін мәселесі – тұрғын үй мен жер телімін беру жайы. Бұл – күрделі мәселе. Биыл тоғыз ауданда жеке үй салу үшін 3417 жер телімі беріледі. Сөйтіп, аудандардағы осыған қатысты біраз мәселе шешілетін сияқты. Ал облыс орталығында жағдай басқа. Қазіргі таңда жер кезегінде 70 мыңдай адам тұр. Соңғы рет жер телімі 2011 жылы берілген. Нақтылап айтқанда, 1700 жер учаскесі. Ол кезде заң басқа болды. Сол себепті ол жерлерге инфрақұрылым тартылмаған еді. Артынан заң өзгеріп, егер инфрақұрылым тартылмаса, ол жерлерді беруге тыйым салынды. Тәжірибе де көрсетіп отырғандай, тиісті инфрақұрылымсыз жерді бермеген дұрыс. Мәселен, соңғы рет жер телімін алғандар қуанышпен үй салып тастаған соң, артынан электр қуаты, газ, су, жол керек деп мәселе көтерді. Төрт жыл бойы  сол жерлерге инженерлік желілер тартылды. Болашақта мұндай мәселе болмауы үшін біз қаланың бас жоспарын, тұрғындарға ыңғайлы жерлерді қарап, тиісті жұмыстар жүргізудеміз. Біраз шаруа қожалықтары жерлерді қайтаруға келісімдерін берді. Ол жерлер алынғаннан соң, оған инфрақұрылымдар тартатын боламыз. Сонымен қатар біз жаңадан алты мектеп саламыз, оның төртеуі қалада болса, екеуі аудандарда. Білім және ғылым министрлігімен келісілді, тиісті қаражаттар аударылды. Теректі ауданының Подстепный ауылында мәдениет үйі бой көтереді.

Облысымыз республика көлемінде газбен жақсы қамтылған өңірлердің бірі болып саналады. Дегенмен, кейбір аудандарда бұл мәселе бар. Сол себепті биыл Бөкей ордасы ауданының 11 елді мекеніне, Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек және Сырым аудандарынан 23 елді мекенге газ жеткізіледі. Яғни бес аудандағы 34 елді мекенге газ тартуды бастаймыз. Орал жылу электр орталығына резервтік газ құбырының құрылысын аяқтаймыз.

Ал ауыз сумен қамту жағынан республикада көштің соңғы жағындамыз. Өңіріміздегі 440 елді мекеннің 36 пайызы орталықтандырылған таза сумен қамтылған. Таза су ана мен баланың, жастардың, орта және аға буынның денсаулығымен тығыз байланысты. Аудан-ауылдарда болған кезімізде, бұл мәселе жиі көтеріледі. Мысалы, жаңақалалықтардың 70 пайызы сапасыз суды ішіп отыр. Соған байланысты мамандармен тиісті зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Аудан аумағында жеткілікті қоры бар су көзін таба алмадық. Бірақ Бөкей ордасымен шекарадағы Құлшық деген жерден су көзін таптық. Осы жерден су құбырын тартуға байланысты жоба жасалып, он күн бұрын ол жобаны қолымызға алдық. Жоба құны – 2,5 млрд. теңге. Бұл мәселеге байланысты Үкіметтен қолдау таптық. Бұйыртса, биыл су құбырын тарту жұмыстары басталады. Сонымен қатар ағымдағы жылы барлық аудандағы 52 елді мекенді таза сумен қамту бағытындағы жұмыстар қолға алынады. Оған 5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Автокөлік жолдарын жөндеу биыл да жалғасатын болады. Республикалық бағыттағы «Орал – Тасқала», «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов», «Қазталов – Жәнібек» жолдары күрделі жөндеуден өтсе, «Ақсай – Жымпиты», «Чапаев – Жаңақала», «Орал – Кирсанов», «Барбастау – Ақжайық – Индер» және «Үлкен Шаған – Переметный» сықылды жергілікті маңызы бар жолдар да қалпына келтіріледі. Сонымен қатар қалаішілік жолдар да назардан тыс қалмайды және облыс орталығындағы Депо көпірі жаңғыртудан өтеді.

Жолдаудағы екінші басымдық бизнес ортаны түбегейлі жақсартуға арналған. Президент 2025 жылға дейін елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 50 пайызды құрау керек деп тапсырған болатын. Қазір ол аймақтық жалпы өнімнің 39 пайызына жетті. Өңірімізде бұл салада 100 мыңдай адам, яғни тұрғындардың экономикалық белсенді бөлігінің үштен бірі еңбек етуде. Ал мемлекеттік бюджетке түсетін барлық салық түсімінің бестен бірін құрайды, бұл 53 млрд. теңге шамасында. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар өз жемісін беруде. Бизнесті одан әрі өркендетуге басқа да мүмкіндіктер бар. Мәселен, биыл «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірге ауылдағы бизнесті көтеруге жете мән бермекпіз. «Атамекен» 300 млн. теңге бөлсе, бюджеттен біз 300 млн. теңге бөлеміз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, банктер ауылдағы мүлікті кепілдікке алғысы келмейді. Ал бұл бағдарлама бойынша барлық мүлікті кепілдікке қоюға болады. Жалпы, биыл барлық қаржы көздері арқылы жеке бизнесті қолдау үшін 4,5 млрд. теңге қаралып отыр. Жыл басының өзінде бізде жүзеге асыруға болатын 1 млрд. теңгеден астам соманың 115 жобасы бар. «Атамекен» палатасы, «Даму» қоры, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», әкімдік – бәрі де бизнесті қолдау бойынша жұмыс істейтінін есте ұстау қажет.

Инвестиция – біз үшін өте маңызды бағыт. Елбасы тапсырмасына сәйкес өткен жылы әріптестерімізбен еліміздің біраз өңірінде болдық. Соның нәтижесінде облысымызда өндірілген ауыл шаруашылығы бағытындағы өнімдер көрші өңірлерге шығарылуда. Отандық инвесторлармен өзге де жобалар қолға алынды. Сонымен қатар шетелдік инвесторлармен де жұмыстар жүруде. Мәселен, «Lammin» фин компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрылып, ол құрылыс саласында қажет өнімдер  шығарып жатыр. Швейцарлық «АВВ» компаниясымен бірге оралдық кәсіпкерлер электр құрылғыларын шығаруда.  Ал ирандық «Falizan» компаниясымен серіктес болған жергілікті кәсіпкер мұнай-химия саласында еңбек етуде. Еуропалық қайта құру және даму банкінен 7 млрд. теңге шамасында қаржы алып, жылу жүйелерін жаңырту жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар облыс орталығындағы автобус паркін де жаңартқымыз келеді. Жалпы, біз инвестиция есебінен жаңғырту жұмыстарына жете мән бермекпіз, – деген өңір басшысы одан әрі білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында қол жеткізген табыстарға тоқталып, бұл бағыттарда биыл жүзеге асырылатын іс-шараларды да баяндап өтті.

Әкім жергілікті атқарушы билік тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарды жан-жақты қолдау, олардың жобаларының жүзеге  асуына барынша жәрдем көрсетіліп жатқанын да атап өтті. Соған орай биылғы көктемнің үш айын облысымызда «Шуақты көктем» мейірімділік айлары ретінде атап өтуді ұсынды. Мәдениетті қоғам қай кезеңде де мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көмек қолын созатыны анық. Осы мерзім ішінде мұндай қолдау айқын сезілеріне сенім мол. Қазірдің өзінде азаматтар тарапынан бұл бағыттағы түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға деген ниет байқалып отырғандығы қуантады.

– Құрметті батысқазақстандықтар! 2016 жылда атқарылған істер бойынша есеп беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қатысты жоспармен бөлістім. Бұл бір адамның ғана еңбегі емес. Атқарылған ауқымды істер мен тыңғылықты жоспардың астарында барлық батысқазақстандық азаматтардың еңбегі бар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бізге күнделікті еңбек ету керек. Шындығына келсек, бүгінде тынымсыз еңбектену жеткіліксіз, бұған қоса тиімді жұмыс істеген жөн. Қазір заман  ағымы солай» деп атап өтті. Мемлекет басшысы «Еліміздің ақмаржаны» деп бағасын берген өңіріміздің гүлденуі жолында бірлесе қызмет етейік! – деп сөзін қорытындылады  Алтай  Сейдірұлы.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Сәлімбай  МӘДИЕВ, Теректі  ауданының  тұрғыны:

– Соңғы кездері ауылымызға  газет-журнал уақытымен жетпейтін болды. «Қазпошта»  АҚ-ның қызметкерлері бұл мәселені қызметкерлердің жетіспеуімен түсіндіреді. Бір пошта қызметкері жарытымсыз ставкамен жұмыс жасайды. Тұрғындарға газет-журнал уақытымен жету үшін штатты көбейтуге немесе 0,25 ставкада жүрген қызметкердің жұмысын толық ставкаға жеткізуге болмай  ма?

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– Мен ауыл тұрғындарының газет оқитындығына қатты риза болып тұрмын.  Бұл мәселе бойынша «Қазпошта» АҚ мамандарымен хабарласып, өзіңізге жауабын жеткіземін.

Әлия  АХМЕТОВА, қала  тұрғыны:

– Баспасөз беттерінде қоғамдық көлік жолақысы көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Бұл қаншалықты рас?

Бағдат  АРЫСТАНҒАЛИЕВА,

– Қоғамдық көліктердің іші лас, тайғақ. Автобустың ішіне линолеум төсеп қояды.  Баламен кіргенде, тайып, құлап жатамыз.

Бұл  қаншалықты  дұрыс?

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– Қоғамдық көлік саласына қатысты көптеген өзекті мәселелер жиналып қалды. Соңғы рет 2013  жылы  жолақы бағасын 50 теңгеден 60 теңгеге көтердік. Тасымалдаушылардың  бәрі – жеке. Күніне 600-ге жуық автокөлік жолаушы тасымалымен айналысады. Олардың мәлімдеуінше, экономикалық жағдай қиын. Қазіргі күнде көп адам сыймайтын шағын автобустарды үлкен автобустармен алмастырудамыз. Оның өзі – ескі, тозығы жеткен автобустар. Олар «Көліктерді жаңартуға қаражатымыз жетпейді, тарифті көтеру керек»  деген уәжді алға тартады. Осы мәселе бойынша екі жылдан бері жұмыстанып келеміз. Былтыр шағын автобустарды «ГАЗельдерді» 80 пайызға ауыстырдық.  Енді қалалық маршрутты өзгертуіміз керек. Өйткені қаланың шет жағына Зашаған, Деркөл, Серебряков ауылдарына баратын автобустар экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сондықтан да біз субсидиялау мәселесін қарап жатырмыз. Бұл мәселенің шешімін БАҚ арқылы  жеткізетін  боламыз.

Бағдаттың сұрағы бойынша қоғамдық көліктер туралы сынды қабылдаймыз. Бұл мәселе жақсы таныс. Қоғамдық көліктің жағдайымен танысу үшін өзім де бірнеше рет автобусқа міндім.  Бұл ескертулер орынды. Автокөліктердің ластығы өз алдына, кондукторлардың да мәдениеті төмен. Билет берілмейді, кейде аялдамалар да алдын ала хабарланбайды. Сондықтан бұл мәселемен  біз кешенді түрде айналысамыз.

Алмас  САБЫРОВ, қала  тұрғыны:

– 9-шағынауданының тұрғындары атынан  біздің шағынауданда  ауыз судың сапасы өте төмен екендігін айтқым келеді. Көшелерде жарық жоқ, тротуар жоқ. Ауданымызда бала көп. Көп қабатты бір үйдің өзінен 50-60 бала шығады.  Балаларға спорт алаңы керек.

Алтай  КӨЛГІНОВ,  облыс  әкімі:

– 9-шағынаудан – Орал қаласының үлкен шағынаудандарының бірі. Судың сапасы туралы біз «Батыс су арнасына» тапсырма  береміз. Мамандармен бірге қарап, тексеру керек. Өйткені соңғы кездері 9-шағынауданнан суға қатысты шағым көбейіп кетті.

Жарық, тротуар, спорт алаңы бойынша біз абаттандыру жұмыстарын күшейтеміз.  Биылдың өзінде Орал қаласында 30-ға жуық  спорт  алаңы салынады.

Венера   ЖҮСІПОВА, Орал  қаласының  тұрғыны:

– Қазіргі кезде Ескі әуежай шағынауданындағы қар тазалау жұмысының қарқыны өте баяу. Көктем кезінде жер балшық болып, көшеде  жүріп-тұру  қиындайды.

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс әкімі:

– Аталған шағынауданда асфальт салынбағандықтан, жол қатынасына қатысты қиындық бар екендігін білеміз. Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевке аудан аумағындағы қарды тазалауға тапсырма бердім. Нәтижесін  өзім  тексеретін  боламын.

Сәлімгерей  НҰРТАЗАЕВ, Зашаған  кентінің  тұрғыны:

– Қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің қызметі нашар.

Кооператив жиналысына тұрғындар белсенді қатыспайды. ПИК әкімшілігі тұрғын үйлерге қатысты мәселелерді шешуге құлықты емес. Бірақ жылма-жыл тарифті көтереді. Есесіне, өз қызметкерлерінің жалақысын жоғарылатады. Кооператив әкімшілігінің құжаттары да түгел емес. Мәселен, тұрғындармен келісімшарт жасамайды. Сондықтан ПИК-терді бақылауға алу үшін қала әкімдігі жанынан орталықтандырылған жүйе жасақтауды ұсынамын.

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– Қала тұрғындарының өзі кооператив жиналысына белсенді қатысып, оң шешімді талап етулері тиіс. Бір үйдің ішіндегі пәтер иелері бір-бірімен араласпайды. Кооператив қызметінің жандануы тұрғындардың белсенділігіне де байланысты. ПИК-тердің жұмысын жүйелеуге қатысты ұсынысыңызды талқылап, бұл мәселемен шұғылдануға Орал қалалық тұрғын үй инспекциясына тапсырма беремін.

Меңсұлу ТАПАЛОВА, дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Биыл «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтеді. Бұл – еліміз үшін маңызды оқиға болмақ.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған зияткерлік байқауларда жүлделі орын алып жүрген, талантты, зерек оқу озаттары көп. Сондай алғыр да талапты оқушыларымыздың Астанада өтетін көрмені тамашалауына жағдай жасалса  дейміз.

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінде ғылыми жаңалықтар талқыланады, дамыған елдерден келген делегация жаңа технологияларды көрсетеді. Мұндай маңызды оқиғадан жасөспірімдер тыс қалмауы керек. Көрмеге баратын оқушылардың тізімін жасаңыз. Оларға міндетті түрде қолдау  білдіреміз.

Құбай  ӨТЕСЕНОВ, Орал  қаласының  тұрғыны:

– Орал қаласында ескі үйлер көп. Кейбірінің салынғанына 100 жылдан асып кетті. Үйлердің сыртқы қабырғасына сызат түскен.

Қаладағы Дәулеткерей көшесіндегі 29-үйдің тұрғындары атынан ортақ баспананы жөндеуге  көмектесуді  сұраймын.

Алтай  КӨЛГІНОВ, облыс  әкімі:

– Шаһарда апатты деп танылған 41 үй бар. Яғни 350 отбасы осындай баспанада тұрып жатыр. Былтыр Деповская көшесіндегі бірнеше апатты үйді бұзып, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында тоғыз қабатты үй тұрғыздық. Биыл да осы бағытта жұмыстанатын боламыз. Жоба аясында үш құрылыс компаниясымен келіссөз жүргізудеміз. Облыстық әкімдік белгіленген аумаққа инфрақұрылым желілерін тартып, абаттандыру жұмысын жүргізсе, құрылыс мекемелері баспананы тұрғызып, нарық бағасымен сатып алуды ұсынады. Жеке инвестор болған соң, олар да пайда табуы керек. Сіз айтқан үйге қатысты ахуалды сараптап, жоба аясында қажетті шараларды қарастырамыз.


«Ғарыштан келген» Алтынбек

Күні: , 52 рет оқылды

WhatsApp Image 2017-02-16 at 07.57.17


«Адамның тәні топырақтан болғанымен, жаны ғарыштан. Біздің үнемі биікке, ғарышқа, сұлулыққа ұмтылуымыз содан».

(Талаптан  АХМЕТЖАН)


Латын тілінде таңбаланған музыкадағы жеті нота атауының түсіндірмесі – Do – Dominus – Құдай; Re – rerum – Материя; Mi – miraculum – Таңғажайып; Fa – familias рlanetarium – Күн системасы; Sol – solis – Күн; La – lactea via – Құс жолы; Si – siderae – Аспан–Құдай мен оның жаратылысының барлық элементтеріне негізделген. Тәңір тарту еткен ерекше талантымен жер бетіне сұлулық нұрын шашатын өнер иелері де маған ғарыштан келгендей болып көрінеді. Сондай ерекше жаннан өнеге алғанымды да мақтан етемін. Ол – үлгі тұтар ұстазым, хореограф Алтынбек Ермұханов.

Алтынбек Ермұханов – ерекше дарынымен Еуропа мен Американы айтпағанда, шалғайдағы Африка мен Австралия сахналарында Қазақстанның намысын қорғап, халықаралық додаларда жүлделі орындар алған жан. 1984 жылы Ақжайық ауданының Бударин ауылында қарапайым тракторшының отбасында туған баланы әлемге мәшһүр болады деп ешкім ойламаса керек. Бала кезінен әсемдікке, сұлулыққа жаны құштар Алтынбек сыныптастарының концерттік нөмірін дайындап, костюміне дейін тігіп берген екен. Есейгенде модельер не актер боламын деген Алтынбектің арманын күлкіге айналдырып, әжуалағандардың аз болмағаны да рас. Десе де, өз ісіне шын ғашық жандар үшін алып қамалды алу да түк емес. 2002 жылы мектептен түлеп ұшқан талантты жас би мамандығы бойынша оқуға түседі.

Сұңғақ бойлы, аяқ-қолы ұзын, талдырмаш жігіттің биге икемі келіп-ақ тұр. Әйтсе де, қаланың үздік мектептерінен шыққан өзге студенттердің биін көріп қымсынып қалғаны. Содан намысқа тырысып, күндіз-түні тынбай еңбектенеді. Көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді демекші, үшінші курс оқып жүргенде облыстық филармония жанындағы «Назерке» би ансамблінің белді мүшесі атанады. Ал 2004 жылы өзінің туған ауылы Будариннің мәдениет орталығында «Ай нұры» би ансамблін құрып, жас буынға би өнерінің қыр-сырын үйретуді бастады. Сол кезде мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болған, марқұм Құрмантай Стамғазиевтің көрсеткен қолдауы ерекше болды. Осы мақаланың авторы да кезінде «Ай нұры» би ансамблінің мүшесі болған.

WhatsApp Image 2017-02-16 at 08.36.22Әлі есімде, мектептегі сабақтан келе салып, түскі асымызды ішер-ішпестен, би үйірмесіне асығатынбыз. Сондай сәттерде әжем: «Сол бидің не қажеті бар? Одан да кітап оқы, жұрттың қыздары секілді үй тірлігіне көмектес» деп, биге қатысқанымды тәуір көрмей тұратын. Ал концертіміз болғанда, алдыңғы қатарда отырып, «Менің немерем!» деп мақтанып, марқайып отыратын. Мұғалімдер де:

«Ертең емтихан кезінде сынақты би билеп тапсырмақсың ба?» деп ұрысып алып, концерт ұйымдастыру керек болса, алдымен би орындауымызды қалайтын.

Алтынбек ағай Астанадан еңбек демалысына келгенде, ұжымды жинап, міндетті түрде концерт беріп жүрді. Кез келген бидің сюжеті, шарықтау шегі, түйіні болады. Әр ұлтқа тән ерекшелікті бір бидің сюжетіне сыйғызу да асқан шеберлікті талап етеді. Бидің әр қалтарысы, әр қимылы мағынаға толы екенін байыппен түсіндірген ұстазды біз – сол кездегі мектеп оқушылары жете түсінбей, жүйкесін талай жұқарттық. Қойылымға қажетті би костюмдерін тігіншілер ойдағыдай тіге алмас дей ме екен, күндіз балаларға би үйреткен ұстаз түні бойы сахналық костюм тігетін. Шәкірттері сахнаға шыққанда, демін ішіне тартып, қойылым соңына дейін дегбірсізденіп тұратынын үнемі байқайтынбыз. Шалғайдағы ауылда өтетін концертке мұндай жанкештілікпен дайындалатын жанды, әрине, көпшілік түсінбейді. Өз ісіне деген махаббат, жалқаулықтан ада болу ұғымдары, өкінішке орай, біздің қоғам үшін әлі де жат.

2008 жылы Астана қаласындағы «Наз» би театрының басшылығы Жайықта жүрген Алтынбектің өнерін байқап, қызметке шақырады. «Наз» би театрында жүріп, ол әлемнің түкпір-түкпірінде өнер көрсетті. 2013 жылы Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінен І орын, 2013 жылы Грекияның Афины қаласында өткен ORIENTAL FALK, 2014 жылы Римде өткен MASSAGET FESTIVAL байқауларынан І орын алды. Қазір аталған би театрында жоғары санаттағы балет-артист қызметін атқаруда. Сонымен қатар белгілі әнші Қарақат Әбілдинаның мектеп студиясында хореографиядан дәріс беріп, өзінің жеке «Алтын би» студиясында шәкірттеріне қазақ биінің қыр-сырын үйретіп жүр.

Бір күні пошта арқылы Астанаға Франциядан хат келіпті. Ашып қараса, Алтынбектің Франция сахнасында образға беріліп билеп жатқан суреті. «Осы жігіттің өнеріне тәнті болдым, онымен қалай хабарласуға болады?» деп жазыпты бір көрермен. Содан бері Жаклин Дегиляж әжеймен Алтынбек жақын достарға айналды, күні бүгінге дейін бір-біріне қонаққа барып тұрады. Жаклин әжей жылына екі рет Астанаға келіп, жаңа өнер туындыларымен танысып қайтады екен. Өнерде шек болмайды деген осы шығар.

Мамандық таңдаудан қателеспеген ол болашақ жарын да таңдап үлгерген екен. Оның таңдауы Астана қаласындағы мемлекеттік «Шалқыма» ұлттық би ансамблінің бишісі, өзіміздің Ақсай қаласының қызына түсіпті. Ақжайықтан шыққан жас өрен қазақтың атын әлемге танытқан өнерлі оғланға айналды. Оның болдым-толдым деп марқайғанын көрген емеспіз, үнемі оқып-ізденіп, қабілет-қарымын шыңдап жүргені. Шынымен, бізге беймәлім жат әлемнен келген бе дерсіз…

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Балдырған жүр, ауыр сөмке арқалап…

Күні: , 75 рет оқылды

IMG_6625


Бастауыш сыныпта оқитын қызымның сөмкесін көтеріп көрген сайын таңғаламын. Сөмкенің ауырлығынан бала тұрмақ, ересек адамның белі бүгіліп, қолы талардай. Шынымен де, бүкшеңдеп бара жатқан бастауыш сыныптың оқушыларын көргенде жаның ашиды. «Әлі бойы өсіп, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған балақайлар қазірдің өзінде ауыртпалықты сезініп, болашақта ауруға ұшырамай ма?» деген ой кім-кімнің де санасына әлденеше рет оралары кәміл.


Бұл жерде «Ауылдың қара жұмысына бейімделген балаларға сөмке деген немене?» деушілер де кездесіп қалары анық. Мұндай пікір де дұрыс болар. Кішкене күнінен құдықтан қауғалап су тартып, малдың қиын сүйреп өскен ауыл балаларының шымыр болатыны анық. Ал қазіргі баланың екі иығын жерге тигізетіндей рюкзакты кезінде тек аңшылар мен жолаушылардың арқасынан көретін едік. Бұрын мектепке бір қалыптағы, шап-шағын ғана сөмке ұстайтынбыз. Оған оқулық та, дәптер де, қалам-қарындаш та да сыятын. Ол кезде таңдау жоқ. Дүкен сөрелеріндегі бірдей сөмкені алып, ата-аналарымыз ауысып кетпеу үшін ішкі бетіне атымызды жазып қоюшы еді. Сол сөмке балалықпен алысып-жұлысуға да, қыста сырғанақ тебуге де шыдайтын. Сол кездегі табиғи таза тамақ ішіп өскен ұрпақ пен қазіргі ұрпақты, сол уақыттағы білім мен қазіргі білімді, тіпті сол кездегі оқулық пен қазіргі оқулықты салыстыруға келмейтіндей. Аралары жер мен көктей.

Хош, сонымен, тақырыпқа байланысты ғаламтор деректеріне сүйенсек, мектеп оқушылары арқалап жүрген сөмкелердің салмағы бала салмағының 15 пайызын ғана құрауы керек екен. Ортопед-дәрігерлердің талабы осындай! Мысалы, балаңыздың салмағы 30 келі болса, оның сөмкесі 4,5 келіден аспауы тиіс. Егер сөмке салмағы одан асып кетсе, бара-бара баланың арқасына, омыртқасына түскен ауырлық ұлқызыңызды ауруға ұшыратып, дене-бітімін бұзады.

Жалпы, мектеп оқушылары арқалап жүрген сөмкелердің салмағы оқулықтардың салмағына да тікелей байланысты. Бұл мәселені зерттеген ресейлік санитар-мамандар бастауыш сыныпқа арналған оқулықтардың салмағы 300 грамнан, 5-6-сыныптарға арналған оқулық 400 гр, 7-9-сынып оқушылары үшін 500 грамнан аспауы керек деген пікір білдіріпті. Бұл – құптарлық бастама. Ал енді біздің еліміздегі бастауыш сынып оқушыларының бір кітабын алып, салмақтап көріңіз?! Осыған орай жуырда ұлы бірінші сыныпқа баратын Салтанат Тәжиева өз дәйегін дәлелдеп, әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жариялағанын фейсбук қолданушылардың барлығы дерлік көрді. Бүгіндері бұл бейнеүндеуді 155 мың адам ашып қарап, 11 мыңға жуық адам өз пікірлерімен бөліскен. Қазіргі таңда бастауыш сыныпта оқитын ұл-қызыңызды жалғыз өзін сабаққа жіберу – қиынның-қиыны. Мұны мектепке баласын жетелеп апаратын әрбір ата-ана жақсы түсінеді. Өз кезегінде Салтанат Тәжиева да қарап қалмай, бейнеүндеу арқылы күнделіктегі барлық пәндерді сөмкеге салып, оны электронды безбенде (таразыда) өлшеген кезде оқушы сөмкесінің салмағы 5 келі 235 грамм болатынына көз жеткізеді. Одан бөлек дене шынықтыру сабағына қажетті киімкешектері бар қосалқы сөмкесінің салмағы – 1 келі 120 грамм. Сонда 1-сынып оқушысының мектепке көтеріп баратын «жүгінің» жалпы салмағы 6 келіден асып кетті. Сұмдық!

IMG_6172Қазіргі заманның талабына сай оқушылар тек оқу құралдарын ғана тасымайды. Төменгі сынып оқушылары мектепте ішетін сусынын, дене шынықтыру сабағына қажетті спорттық киімі мен аяқ киімін, тіптен қайсыбірі мектептің ішіне киетін аяқ киімдерді де күн сайын өзімен бірге алып жүреді. Күні бойы осыншама жүк арқалап жүрген қаршадай ұл-қыздың денсаулығына кім жауапты? Ғаламтор арқылы медициналық анықтамалықты ақтарып, ондағы сколиоз деген аурудың суретіне көзіміз түсті. Сол суреттерде қисайып, бүкірейіп тұрған адамдардың кескін-келбеті қорқынышты көрінеді. «Бұл ауру неден пайда болады екен?» деген сұрақтың жауабын іздегенімізде, негізінен балалардың партаға дұрыс отырмауынан, үнемі ауыр зат арқалап жүруден осындай дертке душар болады екен. Сүйектің үгітіліп, жарық қабының пайда болуынан туындайтын аурулар кезінде балалардың тыныс алуы да қиындайды. Арқадағы шамадан тыс жүк балалардың омыртқааралық сақиналарының (дискілерінің) қимыл-қозғалысқа икемділігін бұзып, соның салдарынан остеохондроз, сколиоз пайда болады екен. Ал омыртқасы дұрыс емес баланың жүрісі қандай болатынын көз алдымызға елестетудің өзі қорқынышты.

Мектептерде әр оқушыға арналған жеке шкаф болуы керек. Тек төменгі сыныптарда сыртқы киім ілетін шағын шкафтар бар, ал жоғары сынып оқушылары арнайы киім ілгіш бөлмесіне шешінеді. Бір өкініштісі, осындай аумағы ат шаптырым жерді алып жататын мектептерде балалардың артық заттарын сақтайтын арнайы орындардың болмағаны… Арқасына түскен ауырлық баланың қан қысымының көтерілуіне, әлі қатая қоймаған кеуде сүйектерінің қисаюына, ол аз болса, мидың дұрыс жұмыс істемеуіне әкеліп соғатынын естігенде, еліміздің болашағын қандай ұрпаққа тапсырамыз деген ой мазалайды бізді.

— Жұмысыма қанша асықсам да, сөмкесі ауыр болғандықтан, ұлымды сабаққа өзім апарып саламын. Осы орайда менің көмегім оған әбден қажет-ақ. Мектепке ата-анасыз қатынап жүрген кішкентай оқушылар қаншама? Соларды көріп, жаным ашиды. Кітабы мен дәптерінің өлшемі бірдей болғандықтан, мектеп сөмкесіне әрең дегенде сыйғызамыз, — дейді қала тұрғыны Сырым Тілегенұлы.

— Қызым бірінші сыныпта оқиды. Мектебі мен үйіміздің арасы – біраз жер. Арқасындағы сөмкесі мен қосалқы заттарын есептегенде, ауыр салмақ тартатыны көрініп-ақ тұр. Оқулықтардың ауырлығында сөз жоқ. Сөмкесінің ауырлығынан қызымның денсаулығына зиян келе ме деп алаңдаймын, — дейді қала тұрғыны Бағдагүл Қуанова.

Оқушы сөмкесі қандай талапқа сай болуы керек?

Мамандардың пайымдауынша, мектеп оқушысына сөмке таңдағанда оның иыққа ілер тұстағы жолағының жалпақ болуына мән беру керек екен. Олай болмағанда баланың иығы ауыр салмақтан қиылып, тез шаршайды. Мектеп сөмкесінің ені бала жауырынынан шығып тұрмауы керек, ал астыңғы жағы бөксеге 5 сантиметрдей жетпей тұруы тиіс. Ауыр кітаптар арқаға тығыз тиіп тұрғаны жақсы екен. Негізінен қаражаттың тапшы екеніне қарамастан, ата-аналар арзан сөмкеге құмартпағаны жөн. Әсіресе, Қытайда жасалатын сөмкелердің сапасы ғана емес, стандарты да ешқандай өлшемге сай келмейді. Қазір сауда орындарын жаулап алған осындай қытайлық сөмкелерді Ресей мен Қырғызстанның сөмкелері ығыстырып келеді. Сонымен, мектеп оқушыларының сөмкесін жеңілдету үшін не істеуіміз керек? Бұл орайда мектептерде оқушылардың артық затын сақтайтын арнайы орындар қарастырудың маңызы зор. Оқушылардың ауыр салмақтан пайда болатын ауруларға шалдықпас үшін мұғалімдер мектепте омыртқаны босаңсытуға арналған дене жаттығуларын жүйелі түрде жасатуы керек. Үйде де балаға ұзақ уақыт үздіксіз сабақ оқытпай, әрбір 40 минут сайын оның секіріп-жүгіріп ойнауына баса мән берген жөн. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

“Орал өңірі”


Ә. Көшекбаеваның шағымындағы дәйектер расталмады

Күні: , 33 рет оқылды


Таяуда облыстық прокуратурада Ә. Көшекбаеваның арызы (қаңтар айында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған РУ-170/2 мекемесінің қызметкерлері ұлы Ж. Көшекбаевты ұрып-соғуда деген) бойынша брифинг өтті.


Оған облыс прокурорының аға көмекшілері Ғани Мыңтай, Тимурлан Исмаилбаев, БҚО бойынша РУ 170/2 мекемесінің бастығы Сағындық Өтешқалиев, Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы филиалының директоры Павел Кочетков және уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандары қатысты. Облыс прокурорының аға көмекшісі Ғани Мыңтайдың айтуынша, 2017 жылдың 12 қаңтарында бұқаралық ақпарат құралдарында Ж. Көшекбаевтың анасы Ә. Көшекбаеваның РУ-170/2 мекемесінің қызметкерлерін өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ баласына қатысты заңсыз әрекеттері үшін оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ҚР Президентіне жолдаған бейнежазбасы жарияланды. Осыған орай облыс прокурорының өкімімен өтініште көрсетілген уәждерді тексеру үшін топ құрылды. Арызда бірқатар мәселелердің көрсетілуіне байланысты тексеріс екі бағытта жүргізілді.

Бірінші бағыт бойынша БҚО ҚАЖД-ның қызметкерлерімен қылмыстардың жасалуын анықтау үшін сотталушы Ж. Көшекбаевтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы прокурордың қаулысымен ол Орал қалалық тергеу абақтысына ауыстырылды. Екінші бағыт – сотталушыны ұстау бойынша жағдайдың жасалуын тексеру үшін прокуратурамен бірге арыздағы уәждерді анықтауға уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандары тартылды.

Барлық тергеу және тексеру әрекеттері Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы филиалының директоры П. Кочетковтың қатысуымен өтті. Бірінші бағыт бойынша жүргізілген тексерістің нәтижесінде облыс прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасымен Ж. Көшекбаевқа қатысты азаптау әрекеттері және сотталушылардың өз-өзіне қол жұмсауына жеткізу деректері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (азаптаулар, адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.

Жауапталған Ж. Көшекбаев өзіне қатысты азаптау әрекеттері болмағандығын және басқа сотталушыларға қатысты азаптау әрекеттерін көрмегендігін айтты. Тек сотталушы Ж. Үсенов, А. Богамаз атты сотталушылардан сотталушы Н. Бекбергенов мекеме қызметкерлері М. Есенгелдин мен А. Мырзашевтың жүйелі түрде азаптауын көріп, кейін ол бұл әрекеттерге шыдай алмай, 2016 жылдың тамыз айында өз-өзіне қол жұмсағандығын естіген. Қаңтар айының 16-сында жүргізілген сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес Ж. Көшекбаевтың денесін қарау кезінде ешқандай жарақат анықталмаған. Мекеменің әкімшілігіне шағым жазуға оның анасы мен мекеме қызметкерлері арасындағы келіспеушілік себеп болған. РУ 170/2 мекемесінің бастығы Сағындық Өтешқалиев Жеңіс Көшекбаевтың РУ 170/2 мекемесіне келгенге дейін төрт рет сөгіс алғандығын айтады.

— Жеңіс Көшекбаев ірі көлемдегі мүлікті ұрлау мақсатымен қарақшылық шабуыл жасағаны үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған. Ол біздің мекемеге 2016 жылдың наурыз айында келді. Бұған дейін Тараз, Павлодар қалаларындағы түзету мекемелерінен ол бізге төрт сөгіспен келді. Біздің мекемеде де тәртіпке бағынбағаны үшін екі рет сөгіс алды. Ол жазасын өтеу кезінде ішкі тәртіп пен режимнің талаптарын орындамай, дөрекі мінезімен «ерекшеленуде», — дейді Сағындық Серікұлы.

Тергеу барысында бірнеше сотталушыдан жауап алынып, сотталғандарға қатысты азаптау әрекеттерін жасау деректері анықталмады. Сондықтан да облыс прокуратурасының арнайы прокурорымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚПК-ның 35-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына (қылмыс құрамының болмауына байланысты) сәйкес тоқтатылды.

Екінші бағыт бойынша жүргізілген тексерістің нәтижесінде сотталған Ж. Көшекбаевтың асханада санитарлық талаптардың сақталмауы, сапасыз тамақтандыру, тиісті түрде емдемеу, арнайы киімді бермеуі жөніндегі уәждері де расталған жоқ.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Қар қалың, қауіп те бар…

Күні: , 45 рет оқылды

DSC_0009


Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында көктемгі су тасқынын зардапсыз өткізу тақырыбында баспасөз мәслиxаты өтті. Брифингке БҚО ТЖД басшысы Жасұлан Жұмашев, “Қазгидромет” РМК облыстық филиалы директоры Дәулет Оралымбеков, “Жайық таза қала” ЖШС директоры Болат Әмірғалиев қатысып, өзекті тақырып төңірегінде сөз қозғады.


Төтенше жағдайлар департаменті басшысының мәлімдеуінше, өңірімізде су тасқыны кезінде апатты жағдайларды болдырмау мақсатында кешенді шаралар атқарылуда. Тасқынның алдын алуға байланысты облыстық, қалалық және аудандық жерлерде комиссиялар құрылған. Бұл шараларға облыстың төтенше резерві есебінен 546,6 млн. теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар осы мақсатқа 335 тонна жанар-жағармай, 23 мың тонна инертті материал, 137 мың дана қапшық дайындалған. Мұз жару жұмыстарын жүргізетін бригадаларды тартуға 11,8 млн. теңге, тікұшақпен әуеден шолып тексеру жұмыстарына 13,7 млн. теңге, ғарыш мониторингіне 6,5 млн. теңге қаржы қарастырылған. Өңір аумағында 200-ге тарта өзен-көлдер болса, соның ішінде Жайық, Шаған, Деркөл, Қараөзен мен Сарыөзен ірі трансшекаралық өзендер қатарына кіреді. Көктемгі тасқын қатеріне байланысты Ресейдің Орынбор және Саратов облыстарымен жүйелі байланыс орнатылған. Болуы ықтимал төтенше жағдайға орай 76 құрылым, 1946 адам, 548 техника, 27 жүзу құралы, 125 мотопомпа жұмылдырылмақ. Сонымен қатар облыстың су тасқыны қаупі бар аудандары мен облыс орталығында барлығы 3500 адамға арналған 25 эвокуациялық орын әзірленген. Су басу қаупі бар аумақ тұрғындарына алдын ала ескерту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Айта кетейік, Орал қаласы аумағындағы Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің жайылмаларында 72 саяжай орналасқан, оларда 2329 отбасы (11502 адам) тұрақты тұрып жатыр, соның 3718-і – балалар.

Ауа райын болжау орталығының басшысы Дәулет Оралымбековтің мәліметіне сүйенсек, облыс аумағындағы шағын өзен-көлдер мен жабық су қоймаларындағы мұздың қалыңдығы 30-40 см болса, Жайық өзенінде ол көрсеткіш 40-45 см-ға жеткен. Қыс бойы түскен қардың қоры жылдағы қалыпты мөлшерден жоғары. Мысалы, Жайық өзенінде 84 мм (қалыпты мөлшері 63 см), Деркөл мен Шаған өзендерінің қалыпты мөлшері 48 мм болса, биыл 58 мм қалыңдықта қар түскен. Сондай-ақ облыс аумағындағы Қараөзен, Сарыөзен, Өлеңті, Қалдығайты өзендеріндегі қардың мөлшері мол.

Облыс орталығында су тасқынын болдырмау мақсатында “Жайық таза қала” ЖШС бірқатар ауқымды істер атқаруда. Аталмыш мекеме ұжымы күндіз-түні жұмысын тоқтатпай, күні бүгін 543 мың текше метр қарды елді мекендерден аулаққа шығарған. Қар шығару жұмыс-тары одан әрі жалғасуда.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Қоғамдық кеңес алдындағы есеп

Күні: , 45 рет оқылды

PRI_3080


Бейсенбі  күні  облыс  әкімдігінде  өңір  басшысы  Алтай Көлгіновтің,   облыстық  мәслихаттың  хатшысы  Мәлік  Құлшар  мен облыстық  қоғамдық  кеңестің  төрағасы  Ербол  Салықовтың  жыл бойы  атқарылған  жұмыстары  туралы  қоғамдық  кеңес алдындағы  есептері  тыңдалды.


Жиынға қоғамдық ұйымдар мен  саяси партияның өкілдері, қоғамдық кеңестің мүшелері, басқарма басшылары  мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен өңір басшысы Алтай Сейдірұлы Елбасының бес институционалдық реформасы 2016 жылдан бастап «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына сәйкес жүзеге асырыла бастағанына тоқталды. Қоғамдық-саяси реформаға сәйкес, қоғамдық кеңестер құрылып, кез келген бастаманы қоғамдық кеңесте талқылаудан өткізіп, қоғамдық мәселелерге қатысты жиі ақылдасып тұратынын жеткізді.

Бұл да Президентіміздің ашықтықты қамтуға байланысты берілген тапсырмасы  екенін  атап  өтті.

– Мемлекет басшысы қабылдаған бағдарламалардың өңіріміздің әрбір елді мекенінде жүзеге асқанына куә болып келесіздер. Ширек ғасырда өңірлік өнім 2 мың есе, өндіріс өнімдері 3 мың есе өскен. Осы жылдар ішінде тек біздің облысымызда ғана 103 денсаулық сақтау нысаны, 60 мектеп, 17 балабақша және тоғыз мәдениет нысаны бой көтерді. Өңірімізде  «100 нақты қадам», «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы – 2020» және басқа да бағдарламалар арқылы 15 көп қабатты үй тұрғызылып, 1500 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді. 290 шақырымнан аса жолдар жөнделсе, оның 15-і облыс орталығына, 16-сы – аудан орталығына тиесілі жолдар. 350 шақырым инженерлік жүйелер жасақталды. Бүгінгі таңда облысымыздың 164 елді мекеніне орталықтандырылған таза су жеткізілген. Алайда  таза суы бар елді мекендердің саны 40 пайызға да жетпейді. Соңғы бес жылда «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы 66 жоба жүзеге асты. 2016 жылы Қазталов ауданының Нұрсай ауылына таза ауыз су жеткізілді. 36 шақырым су құбыры тартылып,  800-ге жуық тұрғын ауыз сумен қамтылды. Биыл және келесі жылы барлық 12 аудандағы 62 мың тұрғынды қамтитын 54 елді мекенге ауыз су тартылады. Осы жұмыстарға 11 млрд. теңге қаржы қажет. Биыл 5,3 млрд. теңгеге сегіз ауданның 19 ауылы таза сумен қамтылады. Яғни осы жылы 19 мыңнан астам тұрғынға орталықтандырылған ауыз су жеткізіледі.  Ал өңірімізде тұрғындардың 93 пайыздан астамы, яғни 275 ауыл, 593 мың тұрғын газбен қамтылған. Өткен жылы Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарының 15 ауылына газ тартылып, сегіз  мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылды. Бұл аудандарда жұмыстар жалғаса береді. Тағы бес аудандағы 34 елді мекенге газ тартылады, – деп атап өтті өңір басшысы өз есебінде.

Сондай-ақ облыста шаруа қожалықтарының қатары 155-ке дейін толығып, 21 пайызға артқандығын атап өтті. Яғни «Ірі қара етін экспорттау әлеуетін арттыру» бағдарламасы аясында 3,5 мың асыл тұқымды мал сатып алынған. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы 206 шаруа қожалығы 3 млрд. теңгеге  жуық қаржыға 25 мыңнан астам мал сатып алған. Несиелеу ресурстарынан 8 млрд. теңге қаржы тартылса, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Лизингпен 1,4 млрд. теңгеге 343 техника сатып алынып, іске қосылған.

– Облыста 38 су қоймасы, ұзындығы 1 700 шақырым болатын 91 ірі гидротехникалық құрылымдар мен каналдар бар. Әбден тозығы жеткен құрылымдардың көпшілігі жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы бұл сала бойынша жүйелі жұмыстар атқарылды. Сырым ауданындағы 2 мың гектар жерді қамтитын Өлеңті көлтабан (лиман) жүйесін қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл жобаны биыл аяқтау жоспарымызда бар. Тоғанас ауылындағы Шолақ-Аңқаты су қоймасы жөнделуде. Бұдан сәл ертерек Қаратөбедегі Қалдығайты көлтабан жүйесі қалпына келтірілген болатын.

Теректі ауданында Жайық-Шалқар арнасы (42 км), Ақжайықта Солянка  –  Азынабай – Тайпақ (65 км) және Азынабай – Тайпақ көлтабанды суару жүйесін қалпына келтіру жоспарлануда. Жәнібек ауданындағы Әбділман, Соркөл  (1,8 га 409 млн. теңге) көлтабанды суару жүйелерін қалпына келтіруге құжаттар әзірленді.  Басымдық беріліп отырған жобалардың бірі – Киров – Шежін арнасын (180 км) қалпына келтіру. Бұл жоба төрт ауданның аумағының жайылымдық жерлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Биыл екінші кезеңін толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Алтай Сейдірұлы.

Бұдан кейін Зеленов аудандық қоғамдық кеңесінің  төрайымы Любовь Шмарина, Жәнібек аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекет Әліпқалиев, облыстық мүгедектердің ерікті қоғамының төрағасы  Жұмажан Қожжанов, орыс мәдени орталығының төрағасы Сергей Погодин әкім жұмысына оң бағасын беріп, бірқатар өзекті мәселелердің шешу жолдарына ұсыныстар жасады. Күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланып, кеңестің қарары қабылданды.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген Айбатыр НҰРАШ


Күніне екі әйелдің өмірін жалмайтын дерттен сақтаныңыз!

Күні: , 39 рет оқылды

рак шейки матки


Бүгінде жатыр мойнының ісігі — әлемдік медицинадағы ең өзекті  мәселенің  бірі. Бұл дерт жиілігі жағынан дүниежүзіндегі әйелдерде кездесетін обыр түрінен екінші орын алады.  Әлем бойынша жыл сайын жарты миллионға жуық  қыз-келіншек осы дертке шалдығып, шамамен 288 мыңы ажал құшады. 2015  жылы Қазақстан бойынша  аталмыш ауру 1826 әйелден анықталса, ал асқынған  және таралған формасы 233 әйелден табылған. 600-ден аса нәзік жанды осы кеселден көз жұмған. Қазіргі таңда жатыр мойны ісігімен есепте тұрған әйелдердің саны 12 мыңға жуықтаған.


Жуырда республика көлемінде әйелдер арасындағы жатыр мойнының ісігінен хабардар болуға арналған апталық өткен болатын. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты, денсаулық сақтау басқармалары және  еліміздегі аймақтық онкологиялық орталықтары барлық жастағы әйелдерді тегін гинекологиялық  тексеруден өткізіп, пап-тест (атипиялық жасуша бар-жоқтығын тексеру үшін жатыр мойнынан жағынды алу) жүргізген болатын.

Пап-тесттен өту мүмкіндігі  Қазақстанда  бес жылда бір рет 30 бен 60 жас аралығындағы әйелдерге беріледі.

Жалпы, жатыр мойны ісігі дегеніміз не, ауру белгілері және оның алдын алу жолдары қандай, пап-тесттен кімдер өтеді деген сауалдарға жауап іздеу мақсатында облыстық онкологиялық диспансердің бірқатар мамандарын сөзге тартқан едік.

— Пап-тест жатыр мойны обырының алдын алудың тиімді әдісі болып табылады. Жатыр мойнынан алынған жағынды атипикалық жасушаларды анықтауға мүмкіндік береді, мұндай жасушалар сәйкесті ем болмаса, уақыт өте келе, обырға айналуы ықтимал. Дамыған елдерде скринингтің тұрақты түрде жүргізілуі жыл сайын анықталатын  жаңа аурулардың санын екі есеге  қысқартуға мүмкіндік  береді. Жатыр мойнының қатерлі ісігі алдын алуға болатын ауру түрі, дер кезінде профилактикалық  тексеру өткізіп, өлімнен құтқаруға болады. Дәлелденгендей, дұрыстап ұйымдастырылған популяциялық  скрининг арқылы  сырқаттану жағдайларының  80%-ның алдын алуға болады.

Бұған қазіргі медицинаның құдіреті жетеді. Жалпы, аталған аурудың пайда болу себептері көп. Жыныстық өмірді ерте бастау, ерте жүктілік пен босану (18 жасқа дейін), кеш жүктілікпен босану (28 жастан кейін), жатыр мойнының жалақ жаралары, жыныстық жолдардың инфекциялары, жыныстық тазалықты сақтамау, темекі шегу, гормондық концратептерді жиі пайдалану қатерлі дертке шалдықтыруы әбден ықтимал. Өткен жылы облысымыз бойынша 57 әйелден аталмыш дерт анықталып, 466 нәзік жанды есепке алынды. Ал жоспар бойынша скринингтен 15337 әйел өткізілді. Нәтижесінде 17 әйелден ауру белгісі табылып, оның 15-і ерте сатыдағы ауру екені анықталды, — дейді облыстық онкологиялық диспансердің директоры Есенгелді Рабаев.

Қатерлі ісік ауруына шалдықтыратын себеп-салдардың отыз пайызынан салауатты өмір салтын ұстану мен осы ауруды қоздыратын инфекцияларды иммунизациялау арқылы құтылуға болатынын медицина дәлелдеп отыр. Әлемдегі қатерлі ісік дертінің бестен бір бөлігі созылмалы инфекциялардың салдарынан пайда болады. Айталық, адамның папиллома вирусы жатыр мойны қатерлі ісігіне әкеледі. Әйелдердің дені қатерлі ісік дертінің мынадай бес түрінен: кеуде обыры, өкпе, тоқ және тік ішек, жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмады екен. Еуропада қатерлі ісіктің салдарынан бір жылда 30 мың әйел көз жұмса, Қазақстанда жатыр мойны обырынан күніне екі әйелдің өмірі қиылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  деректеріне сүйенсек, Қазақстан жатыр мойны қатерлі ісігі дерті бойынша Еуроодақ елдерінен кейін төртінші орынға шыққан.

— Қазақстанда аурудың бастапқы кезеңін анықтайтын онколог мамандары бар мықты клиникалар жеткілікті. Алайда көптеген әйелдер бұл дерт  туралы ештеңе білмейді. Оның үстіне дәрігерлік профилактикалық қадағалауға немқұрайлы қарайтын әйел заты әлі де аз емес. Жатыр мойны қатерлі ісігі өте баяу пайда болады. Нақты белгілері де жоқ.

Оның пайда болуының нақты белгілері ұзақ уақытқа дейін сезілмей жүреді. Міне, бұл дерттің қауіптілігі де осында. Дерттің белгісі ретінде, әдетте, әйелдер қансырап дәрігерге көрініп жатады. Қан белгілері жыныстық қатынастан соң, кейде етеккір кезінде байқалып жатады. Ауру меңдеп бара жатқанда және қатерлі ісік жайылғанда, құйымшақтың төменгі жағы, бел, аяғы ауырады, кейде аяғы ісіп кетеді, дәрет сындыру қиынға соға бастайды, минструалды цикл бұзылады, түрлі қоймалжың сұйықтықтар бөліне бастайды. Жатыр мойнының қатерлі ісігі – бүгінде алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық дерт. Әсіресе, бірінші, екінші дәрежеде болған жағдайда ем оңайлықпен қонып, әйелдің денсаулығы қайта қалпына келеді. Мемлекет те дерттің бұл түрін ерекше нысанаға алып отыр. Бүгінде 20-55 жас аралығындағы  әйелдер скринингтік әдіспен тексеруден өткізіліп, онкоцитологиялық мазок алынады. Мұндай тексеруден жергілікті жердегі әйелдер кеңесіне барып кез келген уақытта өтуге болады. Дерт уақытында анықталғандықтан, олардың барлығы да тиісті емін алады. Сондай-ақ жатыр мойнының эрозиясы мен дисплазия, яғни жатыр мойнының жасушалары (клеткалары) өзгеріске ұшырағандығы анықталса, ондай әйелдер екі жылға дейін есепке қойылып, тұрақты бақылауда болады. Осы уақыт аралығында емделіп шықса, тіркеуден шығарылады. Жалпы, кез келген 20 мен 55 жас аралығындағы әйел жылына екі рет жергілікті әйелдер кеңесіне барып, тексерістен өтіп, жоғарыда аталған дерттің бар-жоқтығын анықтаулары тиіс, — дейді облыстық онкологиялық диспансердің химиятерапия бөлімінің меңгерушісі Роза Есенғалиева.

Роза Берікқызының айтуынша, ісік қатерлі және қатерсіз болып екіге бөлінеді. Аурудың 90 пайызы қатерсіз ісікке жатады. Оның асқынған, асқынбағанын дәрігер тек пункция жасап, оны цитологиялық тексерістен өткізу арқылы ғана анықтайды. Егер цитология қатерлі ісік деп тапса, онда ол адам шұғыл түрде есепке алынып, мемлекеттік бақылауға тіркеліп, диспансерге емделуге жіберіледі. Бірінші, екінші дәрежесінде операция арқылы жарақат жатыр мойнымен қосып кесіп алынады. Ол ары қарай қан тамырлары арқылы ағзаға жайылмас үшін тоқпен де емдеу әдісі қолданылады. Содан соң бес жылға дейін онкологиялық мамандардың бақылауында болады. Қазір барлық жергілікті емханаларда  жасөспірім дәрігерлері, гинеколог мамандары жұмыс жасайды. Облыстық онкологияда «Болашақ» бағдарламасымен бітірген түлектер де қызмет етеді. Одан бөлек шетелдің белді клиникаларынан тәжірибеден өткен мамамандар да бар. Сондықтан  өзінің болашағы үшін әрбір әйел адам денсаулығына баса назар аударып, жылына кем дегенде екі рет тексерістен өтіп, маман кеңестеріне жүгіну артық етпейтінін алға тартады.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика