Мұрағат: 15.02.2017


Өнер мен мәдениет – ырыс-ынтымақтың ұйытқысы

Күні: , 45 рет оқылды

DSC_0027


Елбасымыз биылғы Жолдауында «Қазақстан – жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет» деп атап өтті. Елдігіміздің баянды болуы үшін тұрақтылықты сақтаудың маңызы зор. Бірнеше ұлт өкілінің басы қосылған біздің ауданда өтетін мәдени шараларда ынтымақ пен бірлік салтанаты әрдайым насихатталуда.


Теректі ауданында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты іс-шаралар кеңінен аталып өткеніне тұрғындар куә. Мысалы, аудандық мекеме-ұйым қызметкерлері арасында «Еңбегіміз тәуелсіздіктің игілігіне» атты фестиваль ұйымдастырылды. Ауылдық округтерде өнерпаздар тәжірибе алмасу бағытында концерттер өткізді. Бұған аудандық мәдениет және демалыс орталығының жандандыруымен қолға алынған автоклуб жұмысы да оң әсер еткенін атап өткен абзал. Өткен жылдың тамыз айында облыстық Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында аудан жастарының қолөнер туындылары «Тәуелсіздікке тарту» тақырыбында ұйымдастырылған көрмеде көптің назарына ұсынылды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында облыстық қазақ драма театрында аудандық мәдениет және демалыс орталығының жанындағы «Дат» театрының ұжымы осетин драматургі Г. Хугаевтің «Қара шекпен» драмасын сахналады (суреттерде).

Былтыр «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты мегажоба аясында біздің өнерпаздар Қаратөбе ауданына концерттік бағдарламамен барды. Араға апта салып ауданымызға келген жәнібектік өнерпаздарды қош алдық. Екіжақты достық пейілдегі кездесулер, дөңгелек үстелдер отырысы болды. Ауданымыздағы этномәдени орталықтар мегажобаның сәтті өтуіне зор үлес қосты. Эстафета барысында бірлік пен татулық, мызғымас тұрақтылық көрінісі айрықша үйлесім тапты.

Ауданымызда ұлттық салт-дәстүрлерді дамыту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Мәселен, былтыр өткен «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!» байқауының іріктеу кезеңінде келіндер бойынан табылуы тиіс инабаттылық, ибалылық қасиеттер және келіндердің бала тәрбиесіне жауапкершілігі мен үй шаруасына ептілігі насихатталды. Атап өтерлігі, теректіліктер наурыз айындағы көрісу салтын дәстүрге айналдырған. Одан өзге ұлт өкілдері де тыс қалған емес. Тұрғындар ыстық ықыласпен қауыша амандасып, ақ тілегін ақтарудан жалықпайды.

444444Сондай-ақ бізде ардагерлер мен жастар арасында ұрпақ сабақтастығы берік орныққан. Талантты жастарды қолдау мақсатында бірқатар жобалар да  сәтті жүзеге асуда. Аудандық мәдениет үйінде «Жас әртістер» үйірмесі жұмыс істейді. Үйірме мүшелері ұсынған қойылымдарды көрермендер жылы қабылдады. Былтыр Орал қаласында өткен «Дала дарындары» байқауында вокал жанрында Аңқаты мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ерхат Жақашев лауреат атанса, жас ақын Әділет Орынбасаров халықаралық «Шабыт» конкурсына жолдама алды. Бұдан бөлек спорт саласында облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орын алған жас спортшылар жеткілікті.

Жалпы, қай өңірде болмасын, мәдени ошақтарды дамыту аса маңызды екені анық. Біздің ауданда бүгінге дейін мәдениет нысандарының 80 пайызына күрделі жөндеу жасалған. Аудан әкімдігінің қолдауымен жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, бұл бағытта жұмыстар жалғасатын болады. Алдағы уақытта Подстепный мен Шаған ауылдарына мәдениет үйлерін салу қарастырылуда. Жобалық-сметалық құжаттамалар даярлануда.

Былтыр аудандық мәдениет үйі ғимаратының іші жөнделіп, фойесі жаңғыртылды. Түрлі шаралар өткізуге арналған «грек залы», кино алаңы, басқа да бөлмелер әрленді. Енді музей бұрышын жасақтауды қолға алдық. Онда әзірше танымал тұлғалардың суреттері, ҰОС-на қатысқан майдангерлердің кеудемүсіндері қойылған. Енді тарихи мәліметтер мен жәдігерлер жинақталуда. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт саласына өткен жылы 496 млн. 500 мың теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған заманауи құрылғылар мен сахналық киімдер, әрлеу жабдықтары алынды және мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы төленді. Игілікті іс-шаралар биыл да жалғасын таппақ.

Қанат ӨТЕҒАЛИЕВ,

Теректі  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы


«Ашық әкімдік» көпшілік көңілінен шығуда

Күні: , 49 рет оқылды

IMG_6117


Өткен сенбі күні облыстық қазақ драма театрында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен «Ашық әкімдік» шарасының өткенін хабарлаған болатынбыз. Аталмыш шараға қатысқан өңір тұрғындары жеке мәселелері бойынша облыс әкімімен, облыстық, қалалық басқарма-бөлім басшыларымен тікелей жолығуға мүмкіндік алған еді. Көпшілікке қолжетімді ашық алаң жасақталғанына қуанған тұрғындардың пікірлері редакция поштасына әлі де келіп түсуде.


Айгүл  АХМЕТОВА, қала тұрғыны:

— Өткен аптада өңір басшылығының қолдауымен ұйымдастырылған «Ашық әкімдік» жобасы аясында облысымыздың біраз тұрғыны көкейінде жүрген түйткілді мәселелерін тікелей шешуге мүмкіндік алды. Әр сала бойынша басқарма басшылары тұрғындарды қабылдап, өтініштеріне сол жерде жауап берді.

1959 жылғы туған Ғабдрахим есімді қайын ағам бар, сүйек туберкулезі диагнозымен облыстық туберкулезге қарсы диспансерде ем алуда. Өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған, төсекке таңылған жан. Осыған дейін көзінен ІІ топтағы мүгедектігі тағы бар. Биылғы жылдың ақпан айында сол мүгедектігі жөніндегі комиссиядан өтуі тиіс еді. Дертінің ауырлығына байланысты комиссиядан өткізуге қажетті құжаттарды жинақтау оған да, бізге де қиынға соғуда. Осыған дейін көз дәрігерін жатқан емханасына шақыру бойынша өз тарапымыздан жасаған әрекетімізден еш нәтиже шықпады. Сондықтан осы жерге келіп, шағымымды жеткіздім. Өтінішімді мұқият тыңдаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржамал Жұмағұлова төсекке таңылған мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы көшпелі комиссияның жұмыс істейтінін айтты. Жауапты мекемелерге шұғыл хабарласып, мәселенің дұрыс шешілуін тапсырды. Сөйтіп, алдағы наурыз айында ем алып жатқан жерге көшпелі комиссия ұйымдастырылатын болып, қайын ағама қуанышты хабарын жеткіздік.

Рая КазиеваРая ҚАЗИЕВА, қала тұрғыны:

— Он алты жыл мейірбике болып қызмет атқардым. Бүгінде екі баланың анасымын. Кезінде перзенттерімді күтіп бағысатын адам болмай, тұрақты жұмысымнан босап қалған едім. Өткен аптада «Ашық әкімдік» шарасы туралы естіп, жұмыс мәселесі бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарына жолықтым. Олар мейірбике маманының сұраныста екенін айтты. Енді аталмыш басқармаға құжаттарымды тапсырып, сұраныс түскен емханаға жолдама алатын боламын. Шараға келіп, жұмыс тапқаныма қуаныштымын.

Кайрат ескендировҚайрат ЕСКЕНДІРОВ, Бортау ауылының тұрғыны:

—  «Ашық әкімдік» кездесуіне ауылдан арнайы келдім. Өңір басшысының іскер азамат ретінде танылып келе жатқаны бізді қуантады. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлына  жолығып, әлі күнге дейін ауылымызда балаларға арналған  спорт алаңының жоқтығын жеткіздім. Халықтың ұсынысына құлақ асқан облыс басшысы бұл  мәселенің аяқсыз қалмайтынын және жуырда шешімін табатынын айтты. Халық пен билікті жақындастыра түсетін ашық диалогтар әлі де жиі ұйымдастырылса екен деген тілегім бар.

ерболЕрбол ҒҰБАЙДУЛЛИН, қала тұрғыны:

— «Ашық әкімдік» шарасына барып, Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан Шабдаровқа жолықтым. Оған медколледж шағынауданындағы көп қабатты №71 және №69 үйлердің маңайында балалар алаңы мен автотұрақ жоқ екенін жеткіздім. Дүйсенбі күні аталмыш мекемеден хабар келіп, балалар алаңының жобасы жасалып жатқанын айтты. Бұйырса, мәселе оңынан шешілгелі тұр. Мұндай кездесулер билікке де, бұқараға да тиімді. Билік өкілдері халықпен жүзбе-жүз кездесіп, мұң-мұқтаждары мен ұсыныстарын тыңдай алады. Ал тұрғындар әр мекемеге шабылып, сенделіп жүрмей-ақ, сала басшыларына тікелей жолығып, көкейіндегі сауалдарын қоя алады.


Генералдың кителі

Күні: , 356 рет оқылды

Сардардан  сұхбат  ала  барғанда

img_724 рапа


Ғарифолла Көшенов 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп келгеннен  кейін «Орал өңірі» газетінде тілші,  бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.


1988-1991 жылдары  «Орал өңірі» газетінің бас редакторы болды. Ғарекең осы жылдар ішінде талай жас журналистердің томағасын сыпырып, жанашыр әріптес, аға, ұстаз бола білді. Бүгінде Алмагүл жеңгемізбен әсем қала Алматыда еңбектерінің зейнетін көруде. Ақпан айының 17  жұлдызы ағамыздың туған күні. Айбоз ағамызды сол туған күнімен құттықтай отырып, қаламы қолынан түспеген зейнеткер-журналистің жуырда жарық көретін «Сүмбіленің салқыны» кітабына енген шығармасын оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік.

Қаламдас інілері

Жетпісінші жылдардың басы болуы керек, Оралда облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі болып жұмыс істей бастаған жас журналист кезімде, бір жолы аяқ асты редакторым шақыртты. Негізі, Хабер ағамыз (Нұрмұхамедов) біздердей «рядовойларды» өзіне тікелей шақырта бермейтін. Ағымдағы тапсырмалардың бірі болса, ондай күнделікті істердің мәнісін әрі кеткенде орынбасар бастықтардың бірі шеше салар еді. Үлкен бастықтың өзі шақыртқанына қарағанда, жауапты тапсырма болды-ау, шамасы, деген бұлдыр болжаммен қобалжыған күйім редакторымның алдына бардым.

— Осы сен Бөкей ордасының тумасы емес пе едің? – деді бастығым салған жерден.

— Иә, — дедім әзірше ештеңені ұқпаған қалпым.

— Онда осы өңірден шыққан генерал Шәкір Жексенбаевты өзгелердей емес, сен жақсырақ білуің керек қой?

— Иә, бір адамдай білемін. Бірақ бұрын-соңды кездесіп көрген кісім емес.

— Ендеше, сол генерал жерлесіңмен кездесудің сәті түсіп тұр, — деп редакторым өзінің таңдауына көңілі орныққандай, орындығына шалқая жайғасып алып, маған бермек тапсырмасының мән-жайын сабақтады. — Генерал кезекті мерейжасы қарсаңында облыс басшылығының шақыруымен, жұбайын жанына алып, елге қыдырып келіпті. Қазір облыстық партия комитетінің резиденциясында тыныс алып жатыр. Қалай, барасың ба?

— Барамын! – дедім мен кідірместен.

— Бәрекелді! Ендеше, жаныңа фототілшіні ал да, орналасқан резиденциясына барып, генералмен біраз сұхбаттасып қайт.

Кабинетінен шыға бергенімде, редакторым қайыра тоқтатып:

— Сендерді сағат он бірде күтеді. Тәртіпке дағдыланған әскери адам ғой, кешігіп қалып жүрмеңдер, — деп қосымша ескертті.

Асыға аттанғанымызбен, бәрібір кешігіп қалдық.

Генерал тоқтаған обкомның резиденциясы қаланың сыртында, Деркөл өзенінің жағасындағы жасыл орманның қалың ортасында болатын. Айнала төңірегі — ат шаптырым қоршау. Сыртқы бас қақпаның алдында жұрт «пост номер один» деп атап кеткен күзет бар. Алдын ала арнайы хабарлап қоймаса, көлденең көк аттыны өткізбейді. Сол «пост номер один» бізді де біраз бөгеп қалды.

Генералдың бөлмесіне кірген бойда «Ассалаумағалейкүм» деген сәлемімді алдыма салып, аяғына жығылғандай болып кешірім сұрап жатырмын. Әскери адам, әрі анау-мынау емес, алтын оқалы генерал, әркімдердің жазып жүргеніндей, Бауыржан Момышұлы құсап: «Кру-гом! Марш!» деп қуып шықса, осынша жауапты тапсырманы өзіме сеніп берген бастығыма не бетімді айтамын деген оймен жанына жасқана жақындап барып, қос қолымды қабаттай ұсындым.

Қорыққаным бекер болды. Жеңіл спорттық костюм киіп, креслода жайбарақат отырған қалпында — кәдімгі өзіміз күнде көріп жүргендей жалтыр бас сары шал. Дауысы да әскери адамның әдетіне басып, арқырап тұрған жоқ. Бет-жүзінде бейтаныс адамды қапелімде ығыстырып тастайтындай ызғар да байқалмайды. Жаймен қозғалып, баппен сөйлейді.

Бірақ өзіміз кездестіріп жүрген кісілерде ұшыраса бермейтін бір ғадеті бар екен. Онысын орнынан жаймен көтеріліп, стол жанына барып жайғасқан соң, сол тұста дайын жатқан блокнотының бетін ашып жіберіп, қолына қаламын алған күйі мен жаққа тосын сауалдарды топырлата жаудырғанынан байқадым. Бір жақсысы, қазақша таза сөйлейді екен.

«Аты-жөнің кім болады? Қай жылы тудың?».

«Қандай оқу орнын бітірдің? Қайда жұмыс істейсің? Кім болып жұмыс істейсің?».

«Бастығыңның аты-жөні кім, жұмыстағы, үйіңдегі телефоныңның нөмірі қандай?».

«Менен алатын мағлұматтарыңды қандай мақсатқа пайдаланбақсың?»…

Қысқасы, анкета толтырып отырған адамдай, менің жеке басыма қандай да бір қатысы бар мәліметтерді тәптіштей сұрап, қойын кітапшасына асықпай түсіріп жатыр. «Мұнысы несі? Бізге сенбей отырғаны ма?» дегендей, жан-жағыма алаңдай қараймын. Осы қобалжулы қалпымды байқаған болуы керек, шкафқа ілінген киім-кешектерін ретке келтіріп жүрген ақ-сары әйел басу айтып жатыр:

— Бұл кісі сөйтеді енді, сөйлескен адамдарының өмір тарихын жіпке тізгендей жазып алатын әдеті ғой, — деп жылы жымияды апамыз. – Алаңдамаңыздар, қартайған шағында өзіне қалыптастырып алған тәртібі солай!

Осы кезде басын блокнотынан көтеріп алған генерал, есіне енді түскендей, бөлме ішін жиыстырып жүрген жаңағы ақ-сары әйелді таныстыра бастады:

— Айтқандайын, бұл кісі жеңгелерің. Аты-жөні Нина Ивановна. Так сказать, моя боевая подруга.

Жеңгеміз бізге қарап басын иген болды да, шаруасымен айналыса берді.

Менің жай-жапсарымды «тергеп» болған ағамыз енді маған ілесе келген фототілшіге шүйлікті: «Сенің аты-жөнің кім?»…

Қойған сауалдарына толық жауап беріп болып, енді келген шаруамды айтып, суыртпақтап сұрақтарымды қоя бастағанымда, генерал ағамыз жауап бермес бұрын, мен үшін тосын сауал тастады:

— Менің сөздерімді жазып алатын құралың бар ма?

Қайдағы құрал! «Айтады екенсіз сіз де!» деймін іштей. Қазіргідей диктофон деген ол кезде атымен жоқ. Бар құралымыз – блокнот пен қалам ғана.

Осы кезде барып есіме түсті – генерал ағамыздың дауысын жазып алудың реті келіп жатса, кейін радиоға да бермек ниетпен жолай облыстық радиостудияға соғып, радиорепортердің қолға ұстап жүретін ықшам қызметтік магнитофонын ала шыққанымыз сондай орынды болар ма! Фототілші жолдасыма жалт қарадым. Ол болса, менің үнсіз өтінішімді айтқызбай ұғып, тыста, машинада қалдырып кеткен магнитофонды алып келуге ұша жөнелді.

— Тілшінің магитофонына жазып аламыз! — дедім енді сеніммен.

— Соның дұрыс болады, — деді ағамыз көңілі көншіген кейіппен. – Бірқатар әңгіме әскери істерге, соғыс эпизодтарына қатысты болатын шығар, ал олардың сендер түсіне бермейтін, өздеріне ғана тән терминдері мен фразалары бар. Сонсоң таза әскери іс-қимылдарға қатысты жерлерінде әңгімемді орыс тілінде жалғастырып кетуіме тура келеді. Мұның барлығын шатастырып алмай, түсініп жазу үшін магнитофонды пайдаланғаның өзіңе ыңғайлы.

Сонсоң Нина Ивановна жеңгеміз әкеліп алдына қойған бүйірлі папканың бауын баппен шеше отырып:

— Менің туған жерім мына өздеріңнің Орда ауданындағы Шоңай ауылы, — деп бастады генерал әңгімесін…

Осылай басталған әңгімеміз сағат жарым шамасына созылды…

Генерал ағамыздың салмақтап сөйлеп, сабырлы баяндап айтқан әңгімесінің тап-тұйнақтай ұзын-ырғасы тап қазір есімде жоқ. Жадымда жадағайлау болса да жатталып қалғаны: ауылда кеңес өкіметінің орнауымен кедей-кепшіктерге ашыла бастаған кең мүмкіндіктердің арқасында алдағы арманына құлшына ұмтылған жас ұланның Қазақстанның тұңғыш ұлттық Қарулы Күштері болып саналатын Бірінші үлгілі атты әскер полкінен басталған ұзақ та жеңісті жорық жолы Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының әскери академиясы, Белорус әскери округі, Қызыл тулы Қиыр-Шығыс армиясы, Солтүстік армия тобы, Калинин қаласындағы Химиялық қорғаныс әскери училищесі арқылы өтіп, білімі мен әскери шеберлігі ең бір жетілген кемел шағында қаһарлы қырық бірдің қарбалас күндеріне келіп ұласатыны. Қазақтан шыққан тұңғыш жауынгер генералдың әскери өмір жолы, қысқа қайырғанда, осындайды.

Ағамыздың айрықша ықыласпен және көтеріңкі көңілмен әңгімелейтін әскери өмірінің үзіктері Отан соғысының отты жылдары екенін байқау қиын емес еді, өйткені оның инженер-химик ретіндегі кәсіби білімі мен әскербасы тұрпатындағы тактикалық шеберлігі нақ осы тұста барынша жарқырап көрінгенге ұқсайды.

Әңгімеміз аяқтала келе, генерал өзінің манадан бергі әңгімесін сусылдатып жазып жатқан шағын қара магнитофонды нұсқап:

— Мынауың офицердің планшетіне ұқсайды екен, — деп қойды.

Біз жолдасым екеуміз өзіміз қолымызға ұстай келген шағын аппаратты жаңа көріп отырғандай, оған тесіле қарап қалыппыз. «Ұқсаса ұқсайтын шығар, офицердің планшетін кім көріпті?» — деп қоямыз ішімізден.

Ағамыз кең креслоға жайғаса жантайған қалпы:

— Кәне, таспасын кері айналдырып, басынан бастап қайталап қосшы, — деп әмір етті, — ештеңені шатастырып алмай, дұрыс айттық па екен, тексерейік.

Анадай жерде, диванда біздің әңгімемізді үнсіз тыңдап қана тып-тыныш отырған Нина Ивановна жеңгеміз мырс етіп күліп жіберді – әскери адамның ішкі тәртібіне бола кей-кейде болмашы нәрсенің өзін басы артық тәптіштеп кететін зайыбының өзіне ғана белгілі әдет-дағдысына білдірген әлсіз ғана қарсылығы болар, әлде онсыз да сағаттан астам тоқтаусыз айтылған әңгімені қайтара тыңдау әлегінен жалтарғысы келгені болар:

— Бұл сөйтеді енді! Немене, магнитофон сенің айтқандарыңа көлденеңнен бірдеңелерді қосып жіберді деймісің? – деп күңк етті.

Генерал жұбайының ескертпесін құлағына да ілген жоқ – кейінгі уақытта, қартайған шағында жиі естіп жүрген мұндай жұмсақ ескертулерге әбден еті үйреніп кеткені көрініп тұр. Тек қана:

— Нина, түсінбейді екенсің, тыныш отыр! – деп зілсіз қарсылық білдірген болды.

Атақты әскербасы мен оның жұбайының арасындағы қадімгі ауылдағы өзіміз күнде көріп жүретін кемпір-шалдың, жастары ұлғая келе, біріне-бірі еркелегендей болып, жеңіл ғана «шарпысып» алатын қалыпты көрінісі көз алдымызға келгендей, әріптесім екеуміз бір-бірімізге қарап, дауысымызды шығармай, ішімізден күліп алдық. Шындығында да, бұл өзі көңілге алуға емес, қайта қызықтауға тұрарлық әдемі көрініс болатын.

Мен магнитофонды қостым. Әңгімесінің біраз жерін тыңдады да, генерал:

— Осы да жарайды, ендігісін тыңдамасақ та болар, — деп сұхбатына көңілі толғанын, сонымен қоса кемпірінің әлгі бір «ескертпесіне» де құлақ асқанын білдірген болып, әңгімесінің тізгінін тартты. Сосын маған назарын аудара қарап, күтпеген жерден:

— Әскерде болдың ба? – деп сұрап қалды.

— Жоқ, болғаным жоқ. Мен оқыған университеттің әскери кафедрасы бар еді, — деп әскери қызметте болмаған «айыбымды» жуып-шайғандай болып жатырмын.

— Тем более… Әскерде болмаған соң, мен айтқан әңгімелердің бірқатарының сипаты мен мазмұнын жете түсіне алмай қалуың мүмкін. Сондықтан ол әңгімелерді абайлап пайдалан. Тіптен дұрысы, жазатын мақалаңда әскери эпизодтарды амалын тауып айналып өтуге тырысқаның дұрыс, — деп ескертті ағамыз. – Бір газет мақаласына қалған фактілер де жетіп-артылады.

Сірә, өзімен әңгімелескен талай «гражданский» журналистердің жазғандарынан әлдебір ағаттық көріп, «аузы күйген» адамның ескертуі болар деп түсіндім. Сосын да генералдың көңілінде күмән қалдырмайын деген ниетпен:

— Жазғанымды газетке ұсынбас бұрын өзіңізге оқытып, келісіміңізді алам ғой, Шәкір аға! – деп едім:

— Білемін, бірақ үлгермейсің, — деді ағамыз жеңіл күрсіне. — Сенің мына ұзақ жазбаларды игеріп алуыңның өзіне кемі бір апта керек. Ал мен осында бір-екі күн боламын да, Хан ордасына жүріп кетемін. Сол жақта інімнің бала-шағалары бар. Әрі туған жерге ат ізін бұрмағалы көп болды. Кемпірім екеуміздің бұл жаққа келіп-кетіп тұруға ендігі жерде мұрсамыз бола ма, болмай ма, кім білсін.

— Қарсы болмасаңыз, өзіңізді генералдық формаңызда суретке түсіріп алсақ деп едік, — деп қасыма ере келген әріптесімнің шаруасын айтып жатырмын.

Ағамыз орнынан көтеріле бере кемпіріне қарады. Осындай өтініштің боларын күтіп тұрғандай, Нина Ивановна жеңгеміз бүйірдегі шкафты ашып жіберіп, ағамыздың кителін шығара бастады. Өңірі орден-медальдарға толы қара көк китель. Ауыр білем, жеңгеміз қинала көтеріп тұрғанын байқадым да, орнымнан ұшып тұрып, көмекке ұмтылдым.

— Оқасы жоқ, — деді жеңгеміз жымия күлімсіреп. – Атаның жанында ілесіп жүргендегі өзімнің негізгі бағып-қағатыным осы китель болған соң, үйрендім ғой…

Жеңгеміз қара көк кительді қағып-сілкіп, тазалап жатыр, ал менің екі көзім оның екі өңірінде бірдей жарқ-жұрқ етіп жалтылдап, жеңгеміздің қимыл-қозғалысына қосыла сыңғырлап тұрған марапаттарда. Жедел көзбен санай бастадым: тек ордендердің өзі жетеу еді — Ленин ордені, төрт бірдей жауынгерлік «Қызыл Ту» ордені, 1-дәрежелі Отан соғысы ордені және «Қызыл Жұлдыз» ордені, ал медальдарын санап үлгеру мүмкін емес. «Осы марапаттардың әрқайсысының артында бір-бір аласапыран соғыс операциясы жатыр-ау, — деп ойлап қоямын іштей. – Қанқұйлы Курск-Орел иініндегі сұрапыл ұрыстар кезінде табыс етілген анау Ленин орденінің өзі неге татиды!».

Нина Ивановна кара көк кительді сол, өзінен өзгеге ұстатпаған қалпы, ағамыздың иығына жауып, ерекше қамқор қимылмен киіндіре бастады. Сырт қарап тұрғанда, бірден көзге ұратыны – жеңгеміз ағамызды айрықша аялайды екен. Тура жас баланы күткендей өбектеп жүр.

Осы жерде сонау өткен ғасырдан бастап, ұлт-азаттық жолындағы ұлы күрестің көшбасында болған көптеген ұлттық лидерлерімізбен тағдырларын қосып, солардың сенімді серігі, адал жары болған, тарихтың тайғақ жолында сол азаматтарымен бірге небір қайғы-қасіреттерді бастарынан кешкен біздің атақты орыс жеңгелеріміз: Әлихан Бөкейхановтың адал жары Елена Севостьянова, Мұстафа Шоқайдың сенімді серігі болған Мария Горина, Жаһанша Досмұхамедовтың Құдай қосқан қосағы Ольга Колоссовская, Ахмет Байтұрсынұлының отбасын күтіп, ошағын ұстаған, есімін Бәдрисафа деп өзгертіп алған Александра Журавлева, тағы басқалары есіме түсті.

«Солардың қадірлі қатарына қарт генералдың бабын табу үшін бәйек болып жүрген мына Нина Ивановна жеңгемізді де қосуға болар еді-ау», — деп түйдім іштей…

Шәкір аға туралы араға жылдар салып қайта тірілген әңгіме осылай еді…

Ғарифолла КӨШЕНОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері,

Алматы қаласы


«860,2 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды»

Күні: , 38 рет оқылды

DSC_0058


Бұл жөнінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұқанбетжанова сейсенбі күні ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.


Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы бағытында 6 225 мың гектар жер бар. Соның 6 120 мың гектары жалға берілген, 23,7 мың гектары жекенің қолында, 75,9 мың гектар жерді мемлекеттік заңды тұлғалар тұрақты пайдалануда. Сондай-ақ 5,6 мың гектар жер бау-бақша өсіру үшін саяжай құрылысына бөлінген. Облыста 4985 фермерлер мен шаруа қожалығы тіркелген, соның 168-і мемлекеттік емес және 54-і – мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдары. Ауыл шаруашылығы бағытындағы жер телімінің 98,6 пайызы мемлекеттік емес шаруашылық иелігінде. 2061 га егіс алқабы шетелдіктер (Бөрлі ауданындағы «Ақсай нан өнімдері комбинаты» ЖШС) қатысқан заңды тұлғаларда. Мораторий жарияланғанға дейін 2016 жылы облыста 2,6 мың гектар жер (12115 мың теңге ) жеке шаруа қожалықтарына берілген. Қазіргі кезде жекелердің қолына ауыл шаруашылығы жерлерін беру тоқтатылып тұр.

— 2012 жылдан бері құзырлы органдар жер телімдеріне тексеріс жүргізіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда. Сол уақыттан бері ауыл шаруашылығы бағытындағы 1126,9 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Алынған шаралардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан осыншама жер телімінің 860,2 мың гектары мемлекетке қайтарылды және соның 444,6 гектар жері ауыл шаруашылығы айналымына тартылды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан алынған шаралардың нәтижесінде жер пайдаланушылар 253,8 мың гектар жерді игеруге кірісті. Өткен жылы біздің басқарма ҚР Жер қатынастары кодексінің 92 және 93-баптарына сәйкес 15 жеке және заңды тұлғалардан пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мәжбүрлеп қайтарып алды. Және оларды жерді дұрыс пайдаланбаушылар тізіліміне енгізу үшін бұл жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарлады.

Қазіргі уақытта аудандық әкімдіктермен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер пайдалану құқығын беру бойынша конкурстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Осыған орай биыл аудандармен жалпы көлемі 20,1 мың га құрайтын 39 жер учаскесі бойынша 21 конкурс өткізу көзделуде. Бұл ретте сауда-саттық өткізу бойынша дайындық жұмыстары және жерге орналастыру құжаттамасын дайындау үшін 7407 мың теңге көлемінде қаражат қажет болып отыр, — деген Әлия Бегалықызы биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін облыс аудандарында шамамен 3252 жер телімі бөлінетінін айтты.

Бұдан соң сөйлеген облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын қадағалау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиев 2016 жылы басқарма тарапынан жер заңдылықтарының сақталуына 304 тексеру жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 119 заңбұзушылық анықталғанын жеткізді. Осыған орай салынған айыппұл көлемі 11 млн. 789 мың теңгені құраған.

— Сондай-ақ тұрақты түрде жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде 2015 жылы жалпы көлемі 64,0 мың гектар құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік, жайылымдық және шабындық жерлерін тиісті мақсатында пайдаланбаған 133 шаруашылыққа игеру қажеттігі жөнінде нұсқамалар берілді және осы нұсқамалар заңға сәйкес құқық ауыртпалығы ретінде әділет департаментінде тіркелді. Салық кодексіне сәйкес өз қарамағындағы жер телімін дұрыс игермей отырған ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің тізімі мемлекеттік кіріс департаментіне жолданып, 133 шаруашылықтың жер салығының базалық мөлшерлемелері 10 есе ұлғайтылды. Нәтижесінде өз жеріне немқұрайлы қараған шаруаларға 1 млн. 169 мың 969 теңге көлемінде жер салығы салынды. Сондай-ақ жер телімін игермеген 19 шаруашылықтың жалпы көлемі 11,8 мың гектар құрайтын жер учаскесін мемлекет меншігіне алу жөнінде сот органының шешімдері шықты. Тағы 47 шаруашылық басқарма нұсқамасынан кейін 16,7 мың гектар жерден ерікті түрде бас тартып, мемлекет меншігіне қайтарды. Қорыта айтқанда, бүгінгі күні 66 шаруашылыққа қарасты жалпы көлемі 28,5 мың гектар ауыл шаруашылығы бағытындағы жер телімі дұрыс пайдаланбауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды, — деген Салауат Ғаббасұлы жердің әр телімін тиімді пайдалануға шақырды. Оның сөзінше, жерді неғұрлым ұтымды пайдаланса, оның қайтарымы да мол болмақ.

Жиын барысында БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, бұған тиісті жауаптар қайтарылды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Қайсар дарынға құрмет

Күні: , 38 рет оқылды

1 полоса Есенжанов


Кеше облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, танымал жазушы Хамза Ықсанұлы Есенжановтың есімі берілді.


Осы шараға орай «Қайсар талант арқалаған нар сенім, ұмытпайтын ұрпақтарың бар сенің» атты көрме, «Арманың үндес еді Ақ Жайықпен» атты әдеби-сазды бағдарлама ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға өңіріміздің ақын-жазушылары, мәдениет және өнер қайраткерлері, кітапхана оқырмандары қатысты.

— Бүгінгі күн — кітапсүйер қауымның мерекесі. Кітапхана мен мешітте төр мен босаға болмайды. Мешітке жиылған жамағат иманына жүгінсе, кітапханаға келген жан арына жүгінеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №827 қаулысына сәйкес Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы болып өзгертілді. Ақжайық ауданының Сарыөмір ауылында дүниеге келген Хамза Ықсанұлы 1938 жылы халық жауы деп темір торға тоғытылған болатын. Содан 1956 жылы ғана толық ақталып елге оралды. Қайсар қаламгер туған ауылына оралған соң шығармашылық жолын бастаған болатын. «Ақ Жайық» трилогиясы мен «Көп жыл өткен соң» роман-дилогиясы бес кітаптан тұратын тұтас эпопея іспеттес. Жазушы очерк, әдеби сын мақалалар жазумен қатар, аударма саласына да өнімді үлес қосты. Бұл шара туған елін шексіз сүйген ұлды ұлықтауға арналып отыр, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

Айта  кету керек, қайсар дарын өзінің сүйекті шығармасы «Ақжайық» трилогиясын темір тордың арғы жағында отырғанда жазды. Ал өмірінің соңғы жылдарында «Қарт қазақ», «Жайын ілерде», «Жар» секілді әңгіме, очерктер жазған болатын. Осы орайда сөз алған хамзатанушы, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының аға оқытушысы Сайлау Сүлейменов өз ойын былайша жеткізген еді.

Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Хамза Есенжановтың есімін береміз дегелі де  11 жыл уақыт өтіпті. 1966 жылы Алатаудың бөктеріндегі Алматыға білім алуға  бардым. Сонда Хамза ағамыздың үйіне барып бата алып, София жеңгеміздің қолынан дәм таттым. Кезекті мәрте Хамза ағамыздың үйіне барғанда қасымда ауылдасым,  «Ақ Жайық» трилогиясындағы кейіпкерлердің бірі Орынбек қажының немересі Аманкелді Сапарғалиұлы болатын. Екеуміз оқу бітірген соң Хамза Есенжановтың шығармашылығын зерттейміз деп бір-бірімізге уәде берген едік. Кейін оқу бітіріп, маман болдық. Уақыт өте келе, Хамза ағамыз да, София жеңгеміз де бақилық болды. Жан досым Аманкелді Сапарбекұлынан айырылып қалғаныма 16 жылдың жүзі болды. Содан бері Хамза Есенжановтың есімін осы кітапханаға беруді ұсынып келдім. Бүгінгі күн оқырмандар үшін мереке болып отыр. Болашақта Орал қаласында жа­зушының ескерткіші орнатылса екен дей­мін, – деді Сайлау Хамитұлы.

Сондай-ақ әдеби кеште Абылай хан атындағы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Хамза атамыздың келіні Дина Есенжанова мен жазушының немере інісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Айтқожа Бегалиевтің жеделхаты оқылды.

Салтанатты шара М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерінің дайындаған «Ақ Жайық» трилогиясынан келтірілген қойылымымен жалғасып,  мектеп оқушыларының дайындаған әуезді әуендерімен аяқталды.

Гүлсезім   БИЯШЕВА


10 көп қабатты тұрғын үй салынып, 8 миллиард теңгеге жолдар жөнделмек

Күні: , 131 рет оқылды

IMG_6259


Сейсенбі  күні  Орал  қаласының  әкімі  Нариман Төреғалиев өткен жылғы  атқарылған  жұмыстар  жөнінде  халық  алдында  есеп  берді. «Нұр Отан» партиясы  облыстық  филиалының ғимаратында  өткен  жиынға  облыс әкімі Алтай  Көлгінов  қатысты. Естеріңізге  салсақ,  осыған  дейін  Орал  қаласына  қарасты  Круглоозерный,  Зачаганск  кенттері  мен  Желаев  ауылдық  округінде қала басшысының  қатысуымен  есептік  кездесулер  өткен болатын.


Облыс орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шерткен бейнефильмнен соң Нариман Төреғалиұлы мінберге шығып, баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы жылдары қала тұрғындары саны өсуінің тұрақты тенденциясы байқалуда. Бүгінде қала халқының саны 291 мыңға жеткен. Бұл облыс тұрғындарының 46 пайызын құрайды. Көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары. Ал соңғы бес жылда облыс орталығындағы адам саны 32 мыңға өсті. Тұрғындардың тұрақты өсімі ішкі көші-қон және демографиялық ілгерілеу есебінен болып отыр.

Жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 19%-ға өсіп, 130 млрд. теңгені құрады, оның 66%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Аталмыш саланың өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Аталған саладағы өндіріс көлемінің артуы өнім өндіру көлемінің өсуімен тікелей байланысты.

Есепті кезеңде негізгі капиталға тартылған қала инвестициясының көлемі  52,4 млрд. теңге болған. Соның ішінде республикалық бюджет арқылы 5,6 млрд. теңге немесе 2015 жылдың 37%-ы. Ал жергілікті бюджет қаражатынан инвестиция көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 15%-ға  артып, 6,4 млрд. теңгені құрады. Банк несиелері мен басқа да қарыз қаражаты есебінен 2016 жылы инвестиция көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 24%-ға өсті. Жеке  инвестиция есебінен нақты құны 4,9 млрд. теңгені құрайтын 51 нысан іске қосылды.

Өткен жылғы қала бюджеті 31,2 млрд. теңгені құраған. Бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 18 пайызға артық. Бюджет қаржысы республикалық және облыстық бюджет есебінен 5 млрд. теңгеге өсіп отыр. Жалпы, өткен жылы қаланы дамыту мақсатына барлық қаржыландыру көздерінен 17 млрд. 117 млн. теңге қаражат жұмсалған.

Күні бүгін қалада 28 728 шағын және орта  кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, олардың 24 596 бірлігі немесе 86 пайызы белсенді жұмыс жасауда. Жалпы тіркелген  шаруашылық жүргізуші субъектілер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8%-ға артқан. Өндірілген өнім көлемі 68,5 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 6%-ға өскен. Кәсіпкерлік субъектілерінен мемлекеттік бюджетке 19,2 млрд, соның ішінде жергілікті бюджетке 6,9 млрд. теңге көлемінде салық түскен. Бұл – қалалық қазынаға түскен түсімнің 41%-ы (16,7 млрд. теңге).

IMG_6233«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы Орал қаласы бойынша құны 11,6 млрд. теңге болатын 73 жоба мақұлданып, күні бүгінге 9,3 млрд. теңге қаражат есебінен 60 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 2010-2016 жылдар аралығында жалпы құны 19,3 млрд. теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 1 192 жұмыс орны құрылған. 2016 жылға дейін Оралда 941 жұмыс орындарын құрумен құны 10,4 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жоба іске қосылды. Аталған жобаларды іске қосу нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 5 млрд. теңге көлемінде салық түссе, оның 1,4 млрд. теңгесі жергілікті бюджетті толықтырды. Былтыр 251 жаңа жұмыс орнын құрумен сомасы 8,9 млрд. теңге болатын алты  жоба жүзеге асырылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі өткен жылы 7,9 млрд. теңгені құрап, 2015 жылғы көрсеткіштен екі есе көбейді. 2016 жылы барлығы 6 мың гектар дәнді дақыл егіліп, 13,6 ц/га-дан 8,3 мың  тонна өнім жиналды. Былтырғы жылмен салыстырғанда жиналған дәнді дақылдар мөлшері 12,6 есеге өсті. Сүт өндірісі  2,6%-ға, жұмыртқа өндірісі  3,6%-ға өскен. Ірі қара мал бас саны 5,5%-ға көбейді. Қалада 44 мыңнан аса көкөніс-бақша өнімдері, соның ішінде 1343 гектар алқапқа картоп отырғызылып, 19,5 мың тонна өнім жиналды. Агроөнеркәсіптің ауқымын кеңейту жолында «Агробизнес – 2020» бағдарламасының үлесі зор. 2016 жылы аталмыш бағдарлама аясында аграрияларға жалпы құны 192 млн. теңгенің  демеуқаржысы  бөлінді.

Тұрғын үй құрылысын тілге тиек еткен қала басшысының мәлімдеуінше, өткен жылы мемлекеттік бағдарламалардың барлық бағыты бойынша Оралда құны 8 млрд. теңгені құрайтын 1247 пәтерлік 11 үй пайдалануға берілді. Соның ішінде 977 пәтерлік 9 үй  «Нұрлы жол» бағдарламасымен,  1 үй  жас отбасыларға, 1 үй  тұрғын үй кезегіндегілерге берілді. Инженерлік-коммуналдық инфра-құрылымды дамыту шеңберінде жалпы құны 1,8 млрд. теңгеге жеті жоба жүзеге асырылды. Қала бойынша 90 шақырымнан аса жаңа желілер салынды. Жаңа алаңның құрылысы аяқталып, екі әлеуметтік жоба – Оқушылар және жастар сарайы, көпбейінді 300 орындық қалалық аурухана қолданысқа берілді. Бұл жобалардың жалпы құны 11 млрд. теңгені құрады.

Өткен жылы жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын 18 көше жөнделді, оның ішінде тоғызы жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жүргізілді. Бүгінгі таңда сегіз көшенің жұмысы аяқталып, қалған шаралар ағымдағы жылы жалғасады. Былтыр мүліктік-техникалық базаны жақсарту мақсатында 19 коммуналдық техника сатып алынды. Осы мақсатта бюджеттен 307 млн. теңге бөлінді, – деген қала басшысы осы жылы жөндеуден өтеді деп жоспарланған бірнеше көше жолдарын да атап өтті.

Жоғарда аталған көрсеткіштерге тоқталған қала әкімі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы жеткен жетістіктерді де назардан тыс қалдырмады.

– Өткен жылдың басты оқиғалары ретінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясындағы эстафетаны, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы» шараларын айтуға болады. Қыркүйек айы Қала күніне орай кең ауқымды, мәнді шаралармен айшықталды. Шаһар келбетін одан әрі көркейткен бірнеше архитектуралық мүсіндер ашылды. Олардың қатарында Жайық өзенінің жағасында орнатылған, оралдықтардың символы іспеттес “Бекіре”, тәрбиелік мәні зор жаңа алаңдағы “Кітаптар” мүсіндері, Құрманғазы және Дина ескерткіштері бар. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қалада 500-ден аса спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша қалада спортпен айналысушылар 79 мыңнан асты, бұл – қала тұрғындарының 27,6%-ы. Өткен жылы төрт спорттық алаң және жалпы ұзындығы 2,7 шақырым велосипед жолы қолданысқа берілді. Қыста көпшіліктің мұзда сырғанауы үшін 25 алаңға мұз құйылды. 2016-2017 оқу жылында қала мектептерінде 45019 оқушы білім алуда. Ал 1-сынып партасында 5325 оқушы отырса, бұл көрсеткіш соңғы жылдармен салыстырғанда 40%-ға артты. Жаңа оқу жылында балалар тасымалын сапалы түрде ұйымдастыру мақсатында төрт автобус сатып алынды, жалпы паркте 19 автобус бар. Тасымалмен сегіз мектептің 2491 оқушысы қамтылған. Қаланың 48 мектебі де бірреттік ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1-4-сыныптардың 19 мың оқушысы және 2,5 мың аз қамтылған отбасының балалары бар. 2016 жылы 1399 түлектің 1032-сі ҰБТ-ға қатысты. «Алтын белгіге» үміткер  30 оқушының 19-ы өз білімдерін дәлелдеді. Түлектердің 42%-ы білім гранттарын ұтып алды, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, өткен жылғы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қалада ашылған Оқушылар сарайында бокс орталығы, жеңіл атлетика залы, бассейн, мұз айдыны, қысқы бақ бар.  Сарайда бір уақытта 1000 оқушы өз уақыттарын тиімді өткізе алады.

Қаланы абаттандыру мақсатында да бірқатар ауқымды істер атқарылған. Былтырғы жылы 17 аулалық аумақ абаттандырылып, қалған үш нысанның жұмыстары осы жылға көшкен. 10 жаңа  аялдама павильондары салынса, оның бесеуі қаламыздағы кәсіпкерлердің көмегімен орнатылған. Қала көшелеріне 150 дана пластикалық жәшіктер, 30 жәшіктер мен орындықтар, гүлдерді отырғызуға  құмыралар  қойылған.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен жолаушылар тасымалы саласында да оң өзгерістер байқалады. 2016 жылы төрт үй жаңғыртылса, оның біреуі  қайтарым қаражаты есебінен жөнделген. Қала бойынша күн сайын 35 қалалық маршрут арқылы 500-ге жуық автокөлік жолаушы тасымалымен айналысады. Оның ішінде сыйымдылығы жоғары 150, орта класты 210 қоғамдық көлік болса, қалғандары – шағын автобустар. Жолаушы тасымалымен алты кәсіпорын айналысады. Жыл соңына дейін шағын автобустарды сыйымдылығы жоғары қоғамдық көліктерге ауыстыру жөніндегі міндеттемеге сай кейбір қалалық маршруттарда нақты жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық көліктердің қызметін бақылау үшін 10 автобусқа спутниктік-навигациялық жүйе орнатылған.

– Құрметті оралдықтар! Елбасымыз биылғы Жолдауында: «Табысты өткен екі жаңғыру арқылы бағажетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізілмек» деген болатын. Біз уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындайтын боламыз. «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды» деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, болашағы жарқын, өз ісіне, күшіне сенген Қазақ елі – бақытты  ел! Ал сол елдің қарыштап дамуына өз үлесін қосу әрқайсысымыздың басты міндетіміз, – деді өз баяндамасын қорытындылаған  шаһар  басшысы.

Қала  әкімі  есептік баяндамасынан  кейін call-орталыққа  және  арнайы  жәшікке келіп түскен  сауалдарға  жауап  берді. Олардың дені  қалаішілік  жолдарды  жөндеу,  абаттандыру мәселелері жайында  болды.  Мұнан  кейін  тікелей  сұрақ-жауапқа  кезек  берілді.

 

Қобылан БАЛТАНҰЛЫ, қала тұрғыны:

– Құрметті қала әкімі, есептік баяндамаңыздан аңғарғанымыздай, қаламыздағы Депо бағытындағы көпірді күрделі жөндеу екі жылдай уақытқа созылғалы тұр. Бұл технологияның қарыштап дамыған заманы үшін тым ұзақ мерзім емес пе? Ұзақ уақыттық көлік кептелістері қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызбай ма?

Нариман  ТӨРЕҒАЛИЕВ:

– Сұрағыңыз өте орынды. Көпір – стратегиялық үлкен нысан. Сондықтан оны жөндеу жоба бойынша екі жылға созылмақ. Күрделі жөндеу кезінде сол аймақпен жүретін қоғамдық көліктерге, тұрғындарға қолайсыздықтар туындайтынын білеміз. Алайда бұл мәселені егжей-тегжейлі ойластырып, барынша ыңғайлы жағдай жасауға  тырысатын  боламыз.

Меңсұлу  МАҚСОТҚЫЗЫ, қала  тұрғыны:

– Қаламыздағы Құрманғазы және Пугачев көшелерінің қиылысында орналасқан ІІД ғимаратының қасындағы көп жылдан бері тоқтап тұрған құрылыс тұр-ғындардың қалдық төгетін орнына айнала бастады. Ол жерде жас балалар ойнайды. Осыны қаперге алсаңыз  деймін.

Нариман  ТӨРЕҒАЛИЕВ:

– Қаперге  аламыз.

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА, Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті:

– Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл толып отыр. Осы датаға орай Алаш аллеясын ашуды жоспарлап, 2015 жылы Зашаған кентінен арнайы жер алған едік. Қырық мың тұрғыны бар осы жерге демалатын орын ретінде аллея жасақталып, Алаш арыстарының ескерткіштері орнатылса  және оны Алаш аллеясы деп атасақ деген ұсынысым бар. Сонымен қатар биыл Күнбатыс Алашорданың көсемі болған Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдығы және Батыс Алашорда қайраткерлерінің он екісінің мерейтойы. Осыған орай «Күнбатыс Алашорда» атты музей ашуымыз керек. Себебі көптеген Алаш қайраткерлерінің құжаттары қаралмай жүр. Қаралғандарын сақтауға қоятын арнайы орын жоқ. Бұл екі ізгілікті іс жүзеге асса, болашақ ұрпақ үшін зор  тағылым  болар  еді.

Нариман  ТӨРЕҒАЛИЕВ:

– Айтылған мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз.

Ізімғали  ШИТАНОВ, зейнеткер,  қала  тұрғыны:

– Біз тұратын Ет комбинаты ауданында көше жарығы жоқ. Таң қараңғылығында сабаққа, жұмысқа шығатын ұл-қыздарымыз үшін қауіпті. Көшеде келе жатқан балаларымыздың сөмкесін тартып алған жағдайлар орын алды. Осы ауданнан көше тәртібін қадағалап жүретін полиция қызметкерлерін де кездестіре алмаймыз. Ал жолға шыға қалсаң немесе орталық көшелерге барсаң, тәртіп сақшыларынан аяқ алып жүргісіз. Бұл аудан неге осыншалықты  назардан  тыс  қалған?

Нариман  ТӨРЕҒАЛИЕВ:

– Қаламыз бойынша 280 шағын көшеде электр жарығы жоқ. 2016 жылы осындай жарығы жоқ жерлерге 600 электр шамы орнатылды. Сіз айтқан мәселені ескеретін боламыз.

Лунара ҚҰСАЙЫНОВА, қала тұрғыны:

– Құрметті әкім мырза! 2014 жылы жас отбасы ретінде Зашаған кентіндегі №14 дақтан үй алғандардың тізіміне еніп едік. Осы дақтың барша болашақ тұрғындары үйлеріне қашан қоныстанатынын білгісі келеді.

Нариман  ТӨРЕҒАЛИЕВ:

– Бұл үйдің құрылысы аяқталды. Енді ауласын абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Өзіңіз білетіндей, құжаттарды екінші рет тексеру жұмыстары басталды. Сондықтан жаңа қонысқа кіретін уақыттарыңыз таяу.

Оксана ДӘУЛЕТҚАЛИЕВА, қала тұрғыны:

– Құрметті Нариман Төреғалиұлы, мен тоғызыншы жаңа шағынауданның тұрғынымын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ашылған жаңа алаң тұрғындардың көңілді демалыс орнына айналып үлгерді. Осыған орай бір ұсынысым бар. Жаңа алаңға еліміздің көк байрағы орнатылса, жасөспірім балаларымызды патриоттық сезімде тәрбиелеуге зор септігі тиер еді. Ондай көк байрақты теледидар арқылы Астана, Павлодар қалаларынан көріп жүрміз.

Нариман  ТӨРЕҒАЛИЕВ:

– Рақмет, орынды ұсыныс. Еліміздің Туын орнату жаңа алаңның жобасында қаралған болатын.

Былтыр ол жобаға қаражат жеткіліксіз болған еді. Биыл бұл мәселе шешіледі. Жаңа алаңда көк байрағымыз желбіреп тұратын болады.

– Құрметті қала тұрғындары, сіздер әр кездесуде жол мәселесін көтеріп отырасыздар. Өткен жылы жолдарды жөндеуге 6 миллиард теңге бөлінген еді. Ал биыл тек облыс орталығындағы жолдарды жөндеу үшін мемлекет тарапынан 8 миллиард теңгенің үстінде қаржы қарастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстарда айтарлықтай ілгерілеу бар. Мәселен, 2010 жылы Орал қаласының жолдарын жөндеуге небары 500 млн. теңге бөлінген екен. Елбасы қабылдаған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткен жылы өңірімізде 1 500 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Қаламыз бойынша әлі 17 000 адам тұрғын үй кезегіне тіркеулі. Шаһарымызда апатты жағдайда тұрған 41 үй бар. Онда 350 жанұя, 1 500 қалалық тұрып жатыр. Бұл – өткір мәселелердің бірі. Осы орайда былтыр арнайы жобамен қаламыздағы Деповская көшесіндегі апатты үйдің орнына салынған тоғыз қабатты жаңа үй шамамен биылғы мамыр айының соңына таман тұрғындарға беріледі. Мұндай мәселелер жүйелі түрде шешімін таба бермек. Жылу желілерінің 52, су құбырлары мен кәріз жүйесінің 65-63 пайызы тозған. Аталған бағыттағы жөндеу жұмыстары үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы қаражат алдық. Коммуналдық мекемелер де өз қаржысы есебінен жаңғырту жұмыстарын жүргізуі тиіс. Спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер үшін тас жолдар салу жалғасын табады. Облыс орталығындағы өткен жылғы бюджет түсімі бұрынғымен салыстырғанда 35 пайызға артқан. Бұл – шағын және орта бизнестің дамығандығы. Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл және Сырым Датұлының 275 жылдығы лайықты түрде атап өтіледі. Біз «Ақылды қала» бағдарламасының тұжырымдамасын жасақтадық. Мұнда бейнебақылау жүйесі, адамдардың қауіпсіздігі, жол ережесін бұзбау немесе қылмыстың алдын алу, қоғамдық көліктер үшін электронды билет мәселелері қарастырылады. Алдағы уақытта қоғамдық көліктердің жүру кестелерінің нақты уақытын ұялы телефондағы интернет арқылы біліп отыру секілді жаңа технологияның жетістігіне  негізделген жұмыстарды ұйымдастыруымыз керек, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов  жиынды  қорытындылаған  сөзінде.

Жиын соңында Алтай Сейдірұлы көпшіліктің пікірін ескере отырып,  қала  әкімінің  атқарған  жұмысына  оң  баға  берді.

5-инф

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Уақыттан ұтылсақ, бәрінен ұтыламыз»

Күні: , 39 рет оқылды

IMG_6447


Кеше  облыс  әкімдігінде төтенше  жағдайлардың алдын  алу  және  жою бойынша  облыстық комиссияның  кезекті  отырысы  өтті.  Оған облыстық  жекелеген  басқармалар  мен мекемелердің  басшылары қатысты.  Жиын  барысында аудан әкімдерімен  де  онлайн  жүйесі  бойынша байланыс  жасалды.  Жиынды  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов ашып,  жүргізіп  отырды.


– Құрметті әріптестер! Бүгін біз аса маңызды мәселелерді талқылау үшін бас қосып отырмыз. Өйткені қыстың аяғы таяу, күн өткен сайын көктем жақындап келеді. Сондықтан өңірдің елді мекендерін тасқын су қатерінен сақтау, төтенше жағдайдың алдын алу, соған орай сақадай сай даярлық – бүгінгі жиынның өзегі болуы тиіс, – деп бастаған Алтай Сейдірұлы әрі қарай облыстық басқарма басшыларының есебін тыңдап, әлсін-әлі күн тәртібіндегі мәселе бойынша сұрақтар қойып, жағдаймен мұқият танысып отырды.

Кездесуде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтың, оның орынбасары Ақылбек Ахметжановтың, «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ның директоры Қуат Мусинның баяндамалары, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің есебі, «Казгидромет» РММ облыстық бөлімшесінің директоры Дәулет Оралымбековтың хабарламалары  тыңдалды.

Жасұлан Қыдырғожаұлы мен Ақылбек Қосаманұлының баяндамаларынан аңғарғанымыз, төтеншеліктер алдағы ықтимал табиғат сынына сақадай сай әзір. Оған дәлел, бүкіл өңірдегі су қоймалары мен өзен-көлдердегі ахуал  жіті бақылауға алынған. Тасқын қатеріне байланысты олар көршілес Ресейдің Орынбор және Сарытау облыстарындағы әріптестерімен жүйелі байланыста. Күні бүгінге дейін елді мекендер аумағынан аулаққа шығарылған қардың көлемі 500 мың текше метрді құрайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, алда-жалда төтенше жағдай қалыптаса қалса, 76 құрылым, 1946 адам, 548 техника, 27 жүзу құралы, 125 мотопомпа жұмылдырылмақ. Бес ұтқыр топ бар. Облыстың төтенше резервінен ықтимал күрделі ахуалға байланысты жұмсалуы тиіс 546,6 млн. теңге қаралып отыр. Бұдан басқа  құм, қапшық және басқа да қажетті заттардың қоры жасақтаулы. Жол, энергетика және байланыс қызметтері дайындыққа келтірілуде. Ауа райының ауанына байланысты келесі айдың екінші онкүндігінде арық желісі мен су құбырларын тазалау қолға алынады. Өңірдің хабарлау жүйесі жұмыс жағдайында және хабарлау дабылын жіберуге даяр. Төтенше жағдай қаупі төнсе, адамдарға ұялы телефон арқылы да хабарлама жіберілмек. Келесі айдың соңғы онкүндігінен бастап, коммуналдық меншіктегі су қоймаларына тәуліктік бақылау қойылады. Сондай-ақ облыстың су тасқыны қаупі бар аудандары мен облыс орталығында барлығы 3500 адамға арналған 25 эвакуациялық орын әзір тұр. Келесі айдың онынан бастап, су тасқынын апатсыз өткізуге арналған күштер мен құралдар дайындыққа келтіріледі.

Қала әкімі Н. Төреғалиевтің  мәлімдеуінше, аталмыш мәселеге орай ықтимал қауіптің бағыты мен салдары алдын ала зерттеліп, облыс орталығының Жұлдыз, Зашаған, Куренной шағынаудандарын және қаланың өзге де аймақтарын нөпір судан қорғаудың нақты шаралары белгіленген. Барлық арнаулы қызметтерге тиісінше тапсырмалар берілді. Қала бойынша арықтар тексерілуде. Арнаулы техника мен қажетті заттар жеткілікті. Әсіресе, саяжайлар аумағындағы тұрғындар басты назарда. Оларға алдын ала ескертулер таратылды. Егер сол жерді су басса, тұрғындар ұйымдасқан түрде қатерсіз орындарға көшірілмек. Әзірге үш мың адамға арналған орын сайлаулы. Егер қауіпке ұшырағандардың саны күрт көбейсе, мектептер мен басқа да қоғамдық орындар осы мақсатқа пайдаланылмақ. Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин күрделі жағдай күндерінде құқық қорғау қызметкерлерінің де ортақ істен тыс қалмайтынын, қазір олардың ел арасында түсінік жұмысын жүргізіп жатқанын айтты. Қазірдің өзінде 9 мың адамға табиғат қатеріне байланысты ескерту берілген екен. Дәулет Оралымбеков биылғы жауған қардың былтырмен салыстырғанда 70 пайызға артық екенін көрсете келіп, өзен-көлдердегі мұздың қалыңдығының 40 сантиметрге жеткенін, мұның өзі 2011 жылғы су тасқыны алдындағы ахуалға ұқсас екенін баяндады. Облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов те күн тәртібіндегі мәселеге орай ой-пікірлерімен бөлісті. Жиын барысында «Қоғамды төтенше жағдайлардан қорғау» қағидаты жобасының таныстырылымы  өтті.

Алдағы табиғи қатерге орай Тасқала, Теректі, Зеленов аудандарының әкімдеріне айрықша ескерту жасап, қатаң тапсырған облыс әкімі А. Көлгінов әлі де арқаны кеңге салудың ерте екендігіне тоқталды. – Тасқынға тосқын болу мәселесін ертеңге ысыра бермей, күні бүгіннен  бастап атқару қажет. Көшелер, аулалар және елді мекендерден қарды неғұрлым көп шығарсақ, соғұрлым ұтамыз. Әсіресе, аудандар мен қала аумағындағы жеке меншік үйдің иелері басқаның келуін күтпестен, өз үйінің маңын, ауласын қардан  тазартып қоюы тиіс. Егер оған құлақ салмайтындар болса, тәртіптік жазаға тартылуы керек. Осында «Қазавтожол» мекемесіне сын көп айтылды. Содан тиісті қорытынды шығарған дұрыс. «Өрт пен су – тілсіз жау» дейді халқымыз. Сондықтан өзендер мен су қоймаларындағы ахуалды кірпік қақпай, бақылау қажет. Уақыттан ұтылсақ, бәрінен ұтыларымыз анық. Демек, бәріміз күш біріктіріп, табиғаттың дүлей күшіне ынтымақты еңбекті қарсы қоюымыз керек, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Мұхтар МАНКЕЕВ, «Фин Бизнес Хаб» халықаралық инвестициялық компаниясының басшысы: «Көзірлері мықты жобалар – менің хоббиім»

Күні: , 813 рет оқылды

мухтар Манкеев


Әдетте біз жастарды қайрау үшін «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмас» деген мақалды жиі қолданамыз. Тегі, бұл ертеңің жас кезіңнен басталады, армандаған арманыңның, өмірлік мақсат-мұратыңның іргетасы жастық шақта қаланады дегенді білдірсе керек. Осы тұрғыдан келгенде, көкөрім студент кезінен жастар саясатына белсене  араласып, отыздан сәл асқан шағында облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған отты жастың бірі «Фин Бизнес Хаб» компаниясының басшысы, «Болашақ» қауымдастығының мүшесі, жерлесіміз Мұхтар Манкеевті жас толқынға үлгі етуге болады. Төмендегі сұхбатымызда оның  еңбек жолына, табыс сырына, инновациялық жобаларды іске асыру барысына үңілуге ұмтылдық.


— 2006 жылы Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетін мұнай-газ саласындағы жобалау және құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірдім. Студент кезімде «Заман» жастар қоғамдық бірлестігін құрып, жастар саясатына белсене араластым. Төраға ретінде 20-ға жуық әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға күш салдым. 2005 жылы Елбасының кезекті Жолдауына орай елімізде «Жасыл ел» бағдарламасы қолға алынып, мені өңірдегі штабтың жетекшілігіне сайлады. Сол жылы 11 мамырда Елбасы облысымызға іссапармен келіп, БҚАТУ-дың алдында 5000 студентпен үлкен кездесу өтті. Онда «Жасыл ел» жасақтарын құрғанымызды, жұмыс жоспарымызды баяндадым. Елбасыға «Жасыл ел» жасағының командирі деп құрмет көрсетіп, жұмыс киімін сыйға тарттық.

2005 жыл қорытындысы бойынша БҚО студенттерінің «Жасыл ел» штабы 1-орынға ие болды. 2006 жылы мені республикалық штабқа жұмысқа шақырып, республикалық деңгейде бірқатар жұмыстар атқарып, бір жылдай жұмыс істедім. «Жасыл ел» жасақтарына 38 мыңдай студент тартылды.

Студенттік өмірмен қоштасқан соң, Астанадағы «Самғау» ғылыми-техникалық холдингіне жұмысқа тұрдым. Ол кезде инновациялық жобалар, старт-аптар қолға алынып жатқан-ды. Инновациялық жобалар менің хоббиіме айналды десем де болады. Алайда бес жыл көз майымды тауысып оқыған мамандығым бойынша жұмыс істейін деп шештім. Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласына қайтып келіп, Қарашығанақ кен орнында үш жылдай еңбек етіп, үлкен өндірістік тәжірибеден өттім. Одан кейін ҚР Индустрия министрлігіне қарасты Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығына департаменттің директоры, «Астана Innovations» компа-ниясына басқарушы директор болып қызмет істедім. Финляндияның Оулу университетінде жыл жарым оқып, елге оралдым.

— Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болдыңыз. Мемлекеттік қызметтен неге кеттіңіз?

— «Фин Бизнес Хаб» компаниясын 2013 жылы құрғанбыз. Мені мемлекеттік қызметке шақырған кезде, бірқатар жұмыс нәтижелеріне қол жеткізген едік. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Хамзаұлы Сұлтановтан үйренгенім көп. Бірақ мен тікелей инвестицияларды тарту және инновациялық жобаларды іске асыру арқылы еліме пайдамды көбірек тигізетінімді түйсіндім. «Фин Бизнес Хаб» өз қызметін Финляндия Президенті Саули Ниинистенің Қазақстанға ресми сапары кезінде екі мемлекет Президенттерінің келісімдері нәтижесінде бастаған болатын. Біз инвестициялар және жаңа технологиялар тарту жолымен екі елдің компанияларына бизнесті дамыту, қолдау көрсету бағытында қызмет көрсетеміз.

— Мұхтар Наурызбайұлы, өңірімізге екі инновациялық жоба әкеліп, оны жүзеге асыруға бастамашы болдыңыздар. Олар қандай жобалар?

— «Ақылды қала» жобасы Астана, Алматыда іске асырылуда. Орал халықаралық тұжырымдама шеңберінде жаңа технологиялар іске қосылатын Қазақстандағы үшінші қала болмақ. Бұл жоба тек бір жеке инвестордың немесе финдік кәсіпкерлердің жобасынан тұрмайды, оның ішінде бірнеше тармақтары бар. Соның біреуінде біздің жобалар болса, екінші тармағында өзге инвесторлардың, үшіншісінде өзгелердің жобалары қолданылады. «Smart Uralsk 4.0» жобасының басты мақсаты — Оралды жасыл, адам өміріне қауіпсіз, қолайлы қала ету. «Ақылды қала» жобасының ішіндегі маңыздысы интеллектуалдық бейнетүсірілім немесе бейнежүйе деп атауға болады. Онда тек жолдағы камералар ғана емес, бүкіл ауладағы, қоғамдық орындардағы камералар бөлек-салақ жұмыс істемей, барлығы бір жүйеде жұмыстанады. Соның ішінде шетелдерде оқып келген қазақстандық сарапшыларымыздың бағдарламалық жүйелерін енгізудеміз. «Ақылды қала» жобасы 2017-2018 жылдары бітеді деу дұрыс емес, өйткені дүние жүзінде күн сайын жаңа технологиялар шығып жатыр. Бұл жобаның 70 пайызы жүйелер, оптикалық талшықтар, яғни ақпараттарды жеткізетін жүйені құрудан тұрады десек, көп нәрсе көзге көрініп жатпайды. Бірақ оның бәрін тұрғындар көру үшін дисплей, камералар арқылы көрсететін боламыз. Адамдардың өздерінің көмегі, қатысы дегенге тоқталсақ, әдетте жаңа технология келген кезде оған кедергі жасайтын өзіміз. Өйткені біз күнделікті тұрақтылықты қалаймыз, үйренген күнделікті тірліктен қол үзгіміз келмейді. Жаңа нәрседен үркеміз.

Жоба аясында Оралда бизнес-инкубатор құрып, студенттерді, оқушыларды, кәсіпкерлерді жобаға тартамыз. Жарты жылдың ішінде біраз шаруа атқарылды. Жылдың ортасына таман 2-3 жобаны жүзеге асыра бастаймыз, ал 5-6 айдан кейін жобаның нәтижелері нақты көріне бастайды.

Екінші жоба – Оралдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына тұңғыш биогаз қондырғысын орнату. Оралдағы полигонда зерттеу жүргіздік. Финдік инвесторлар зертхана әкеліп, полигоннан 42 ұңғыма жасадық. Осындай жұмыстардың нәтижесінде электр қуатын өндіруге биогаз мөлшерінің жеткіліксіздігі анықталды. Өкінішке орай, еліміздегі барлық полигондардың жағдайы біркелкі, қалдықтарды сақтау технологиясы сақталмайды. Қазіргі экологиялық кодекске сәйкес полигонға әкелінген қоқысты престеп, геомембрана материалымен жауып, содан кейін ғана келесі қоқыс қабаты түзелуі тиіс. Сондықтан полигоннан жаман иіс, өрт шығады, экологияға залалы тиеді. Финдік инвесторлар полигонды алып, одан әрі жұмыс істеуге дайын. Қатты қоқыстарды іріктейтін үлкен кешен саламыз деп жоспарлап отырмыз. Биыл құрылысты бастауға дайынбыз. Бір-екі жылдан кейін қоқыстарды өңдейтін кешенге көшеміз. Жаңа полигон салынғанда жаңа технологиялармен қоқыс жиналатын болса, бес жылдың ішінде биогаз пайда болып, сол жерде қуат өндіруді бастауға болады.

Шетелдерде, соның ішінде Финляндияда 300-400 мың тұрғыны бар қалалар биогаз, күннің сәулесі арқылы жылуын алып, ыстық сумен, электр қуатымен қамтамасыз етілуде. Қазақстанда «Жасыл экономикаға» көшу жөнінде Елбасы қол қойған тұжырымдама бар. Алда «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесі өтеді. Көрмеге биогаз қондырғысы және өзге де жоба-ларымызбен қатыспақпыз.

— «Қазақстан – 2050» жалпы ұлттық қозғалысы қандай шаруалар атқаруда?

– Ұлттық қозғалыс кеңесінің соңғы отырысында мені «Қазақстан — 2050» жалпы ұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы етіп сайлап, үлкен сенім білдірілді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған қозғалыстың басшысы болу маған үлкен жауапкершілікті жүктейді. Жалпы, ұлттық қозғалыстың негізгі міндетмиссиясы — ҚР тұңғыш Президентінің сарабдал саясатын қолдау жолымен әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды қамтамасыз ету. Бүгінде қозғалыс құрамында Қазақстанның барлық өңірінен сегіз мыңнан астам белсенді мүшесі бар. Бұл қозғалысқа орта таптың жас өкілдері, өз ісінің білгірлері, жоғары білікті мамандар, қоғамның интеллектуалды қоры біріккен. Енді экономиканың түрлі салаларында жаңа жобаларды іске асыру жұмыстарын бастаймыз.

— Әнебір жылдары неміс кәсіпкерлері мемлекетке салықты аз төлейміз, оның шамасын көбейтейік деп бастама көтерді. Қазақтар нарықтық экономикаға ден қойған тұста, шетелдерде жүрген дәулетті қытай азаматтары Қытайдың тұралаған экономикасын көтеруге ақыл-кеңесімен де, қаражатымен де атсалысты. Бізде ондай сана қашан қалыптасады?

— Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың, қолдаудың 70-тен астам тетігі бар. Экономиканың негізін шағын және орта кәсіпкерлік құрайтынын ескерсек, ол бізде енді-енді қалыптасуда. Сондықтан осындай қалыптасу кезеңінен өткеннен кейін кәсіпкерлеріміз де өз парыздарын өтейді деп сенемін. Еліміздің одан әрі дамуы үшін үлесімізді қосуымыз керек. Бізде де игі шаруалар жайымен қолға алынуда. Мысалға, бір замандасым бір студентке өз жанынан шәкіртақы төлейді. Өткен жылғы қыркүйек айында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алғысы келетін жас мамандардың (12 ауданның әрқайсысынан бір дәрігердің немесе бір мұғалімнің) «IELTS» халықаралық емтихан тапсыруға дайындайтын тілдік курсының шығынын өз қаражатым есебінен көтеріп аламыз деп жар салғанбыз, бірақ ешкім құжат тапсырған жоқ. Неге дейсіз бе, өйткені өзім ауылдық жерденмін. Шыңғырлау ауданында Тасмола ауылында 8-сыныпқа дейін оқыдым. Сол жерде анам мұғалім болды. Ауылдың мұғалімі не дәрігері Астанаға не Алматыға емтихан тапсыруға бару үшін қалтасынан 50-60 мың теңге шығаруы керек. Әрі тілдік курстар ақылы.

Бұл — олардың бір жалақысының көлемі. Сондықтан олар қаншама жерден оқығысы келсе де, қалтасы көтере алмауы мүмкін. Біз тілек білдірушілерді екі ай бойына өтініштер күттік. Енді өтініш беру мерзімін ұзартып отырмыз. Сондықтан шетелде оқығысы келетін мамандар облыстық денсаулық сақтау және білім басқарламаларына өтініш берсе дейміз.

— Бизнес-стратегияңызбен бөліссеңіз…

— Оның барлығы Қазақстанға бірінші рет келіп жатқан инновациялық жобалармен байланысты болмақ. Жеке дамуым осы бағытта өрбиді. Әдетте дәстүрлі бизнеспен айналысатын адамдар көп. Ал қалың көпшілік түсінбейтін бизнес жобалар бар, сондай «көзірлері» мықты жобалар менің хоббиім десе де болады. Негізі, старт-аптар жобалармен жұмыстанғанды ұнатамын. IT технологиясы саласындағы үш жобаны Финляндияға жібердік, сонда жүзеге асырылуда.

— Ауылға барып тұрасыз ба? Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…

— Ауылға барып тұрамыз. Ата-әжемнің басына соғып, бет сипаймыз. Отбасында әпкем екеуміз өстік. Қазір өзімнің отбасымда ұл-қызым бар. Зайыбым Назгүл — Оралдікі, Астанадан кондитерлік цех ашты. Ауылда 7-сыныпты бітіргенше қазақша оқыдым. Одан кейін Оралда №16 мектепті, университетті орыс тілінде бітірдім. Финляндияда ағылшын тілінде білім алдым. Үйде туған тілімізде сөйлесеміз. Әке-шешем қолымда, Астанада бірге тұрамыз.

— Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан  Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


«Тесік тамақ» Сабыр

Күні: , 37 рет оқылды

c55f724c-9dc8-4e80-ae81-b202584a924e


Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен күйші Сабыр Мұқатовтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Дәстүрлі күйдің дүлдүлі» атты сазды кеш өтті.


Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның кіші залында өткен шара еліміздің мәдени игіліктерін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және қорғау бағытындағы «Сиқырлы әуен әлемі» мәдени-ағарту бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Кешке Сабыр күйшінің қызы  Мұқсина Сабырқызы, мәдениет саласының ардагері Құжырғали Төлеуішов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері Қырымгерей Қажымов, белгілі домбырашылар Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев, саз мектебінің оқытушылары, студенттер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шараны жүргізген «Орал сазы» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Асқар Кенжеғалиев алдымен Сабыр күйшінің өмірі мен шығармашылығы туралы деректерге кеңірек тоқталып өтті.

Сабыр күйші 1937 жылы Астраханда домбыра тартып, ән айтып жүргенде, тамағына зақым келіп, тыныс алуы нашарлап, ауруханаға түседі. Сол кезде дәрігерлердің көмегімен тамағына ота жасалып, үлкендеу ілгек тәріздес тесігі бар темір қондырғы тағылған екен. Содан аман қалып, ел ішінде «Тесік тамақ» Сабыр атанып кетеді. Ол 1907 жылы Жаңақала ауданына қарасты Шалқар (26-ауыл) деген жерде дүниеге келген. Әкесі Мұқат, оның әкесі Ахмет Қызылқұрт руының Соба бөлімінен екен. Әкеден Мәнет, Қазима, Әміржан, Фазыл, Сабыр, Сағидолла, Салақи есімді ұл-қыздар дүниеге келеді. Сабыр бес жасынан қолына домбыра алып тарта бастаған. Кейін домбыраны жетік меңгеріп, Құрманғазы бабасының, өзге де өлкедегі атақты күйшілердің шығармаларын, көптеген ескілікті халық күйлерін орындап жүреді.

Кеш барысында күйшінің қызы Мұқсина Сабырқызы, немере ағайыны Айтқали Қаженов, «Тесік тамақ» Сабырдың көзін көре қалған Құжырғали Төлеуішов және Едіге Нәбиев естеліктерімен бөлісті.

— Мен «Тесік тамақ» Сабыр деген кісіні өмірімде бір рет бала күнімде көрдім. Тамағындағы темір ілгекті саусағымен басып, қырылдап сөйлейтін адам еді. Өзім Жаңақала ауданының Үштаған деген жеріненмін. Сол елде Сабыр күйшінің немере ағайындары, Мәнет деп аталып кеткен шешеміз тұрды. Мәнет шешей қайратты адам еді. Құмның арасында жалғыз үй – жалғыз кемпір тұрды. Бес-алты сиыры, төрт-бес түйесін бағып отыратын. Сол апасына келді ме екен, бір жылы жазда Үштағанға Сабыр күйші келді. Әкем молда болған, өнермен көп қатынасы жоқ кісі еді. Бірақ неге екенін білмеймін, күйші түс әлетінде біздің үйге түсті. Жұрт жиылып, шай ішіліп жатты. Бір мезгілде ауыл адамдары күй тартуын сұрады. Сабыр атай домбырасын матадан жасалған қабына салып жүреді екен. Қара домбырасын қолына алып тартты. Ол кезде баламыз ғой, қандай күй тартылғаны есімде қалмапты. Бір есімде қалғаны – ол кісі домбыраны жай отырып тарта алмайтын еді. Жорғалап отырады екен. Күйді сондай беріліп тартады. Ол кездегі қазақтың үйі оншалықты кең емес қой. Бір күйді тартып болғанша төрден ошаққа дейін жорғалап екі рет келіп кетті. Сол себепті халық арасында Жорға Сабыр да атанған. Ол кісінің елге зор еңбек сіңіргенін, талай атақты күйшілердің  одан бата алғанын кейін мұрағаттардан оқып біліп жатырмыз, — деді Құжырғали Төлеуішов.

Сабыр Мұқатов Жаңақала ауданы Новая Казанка (қазіргі Жаңақазан) ауылындағы жетімдер үйінде Шамғон Қажығалиев, Сұлтанғали Лұқпанов сияқты өнер тарландарына күй үйретіп, Азғырдағы Киров атындағы орталау мектепте домбыра үйірмесін ұйымдастырған. Белгілі күйшілер Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, сондай-ақ ақын Жұмекен Нәжімеденов Сабыр Мұқатовтан сабақ алған.

— Әкем өмірінің соңғы кездерінде қазіргі Қазталов ауданының Талдықұдық мекенінде тұрды. Тұяқберді Шәмелов Талдықұдықта әкемнің алдына талай келіп, күйлерін тыңдаған жігіт еді. Ол да бұл өмірден өтіп кетті. «Апырмай, енді әкемнің өнерін еске алатын күйшілер жоқ па екен?» деп ойлап жүруші едім. Бүгін төбем көкке жеткендей әсерде тұрмын. Әкемнің есімі ел есінде сақталған екен. 1952 жылы Капустин Яр аймағына жатқызылған бүкіл ұжымшарды көшіргені белгілі. Сонда Карл Маркс атындағы біздің ұжымшар Қазталов ауданына көшірілген. Мен сол жерден төртінші класты бітіргесін, оқуымды Талдықұдықта жалғастыруыма тура келді. Әкем «Қызымды интернатқа жатқызбаймын» деп, мені Талдықұдықта тұратын інісінің үйіне орналастырды. Екі жылдан кейін менің қамымды ойлап, Талдықұдыққа өзі де көшіп келді. Сөйтіп, 1965 жылы оныншы класты бітіріп, физика және математика факультетіне оқуға түстім. Оны ойдағыдай аяқтап, 38 жыл мұғалім болдым. 1977 жылы Мұрат Әуезов бастаған зерттеушілер біздің үйге келген.

Мен ауылда жоқ едім. Әкемнің біраз күйлерін жазып алып, «Алматыға шақыртамыз, келіңіз» деп кеткен. Әкемді Алматыға қаңтар айында шақыртты. «Тамағымның сырқаты бар, қыс ішінде бара алмаспын, жаз шыға мамыр айында апарарсыңдар» деді бізге. Бірақ мамыр айында әкемізді инсульт соқты. Содан үш айдан кейін қайтыс болды. Алматы ақыры бұйырмады. Осылайша, ата-анамды еске алып, сіздердің алдарыңызда тұрғанымды әкемнің, қала берсе, шешемнің арқасы деп білемін, — деп еске алды Мұқсина Сабырқызы.

Сабыр Мұқатов жайлы Жұмекен Нәжімеденовтің «Ақ шағыл» романында, Құжырғали Төлеуішов, Зұлқожа Шарафутдиновтың «Таубұйрат елі» кітабында, Өтепберген Әлімгереевтің «Құрманғазы» атты кітабында баяндалған. Ол туралы жазылған мақалалар бар. Ел аузында «Тесік тамақ» Сабыр туралы естелік әңгімелер де мол сақталған.

— Сабыр атамыз бен менің әке-шешем бір ауылда өскен. Менің әкем ұжымдастыру кезеңінде Ресей жеріне өтіп кеткен. Балалық, жастық шақтың достығынан ба, Сабыр атамыз Жалпақтал, Жаңақаланың қырынан атпен жетіп, Астрахан облысындағы біздің үйде жататын. Ол кез техниканың тарала қоймаған шағы ғой, Сабыр күйші әңгіме айтып, домбыра тартқанда, біз кино көргендей болып отырушы едік. Құрманғазының өмірбаянынан бастап, сол кісінің «Амандасар» деген күйін «Мынау келгені», «Үйге кіргені», «Амандасқаны» деп бөліп-бөліп тартатын. Ал осы күнде «Амандасар» деген күй бір минутқа жетпейтін шығарма болып қалды. «Қызыл қайыңды» тартқанда артынан қуғыншылар келе жатқанда қызыл қайыңның Құрманғазыны қалай аман алып қалғанын, Алатау, Сарыарқадан өткенін түгел әңгімелегенде, қиындыққа толы  күйші өмірі көз алдымызға сондай әсерлі түрде елестейтін. Осындай әсерлерден болса керек, менің әкем де Сабыр ата секілді әнші, жыршы, күйші болды. Сабыр күйші біздің ауылға Қошалақ, Үштаған деген жерлерден келіп, бір аптадай болатын. Жұрт жиылып, күйін тыңдайды. Сосын төмен қарай, Ганюшкин бетіне кетеді. Бір айдан кейін кері қайтатын. Оны 1962 жылдың жазында соңғы рет көрдім. Оның алдында бір рет қыста келіп кеткен еді, — дейді Едіге Нәбиев.

354c85ac-43f0-481c-87e0-830038ce619fШара барысында Едіге Нәбиев, белгілі жас домбырашы Ақылбек Бектасов, облыстық филармония қызметкері Берік Шаймарданов, Жаңақаладағы Қали Жантілеуов атындағы саз мектебінің оқытушысы Ертай Ғұбайдуллин домбыра шанағынан күй төгіп, тыңдарманды әдемі әсерге бөледі.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика