Мұрағат: 10.02.2017


Адалдықтан аттамаған азамат

Күні: , 63 рет оқылды

Кайыр Куракулан-с


Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі, ұлағатты ұстаз  Қайыр  Бектұрғанов  ұзақ жыл біздің университетте жоғары математикадан сабақ берді.  Өзім  де  білім  саласында қызмет  еткендіктен  қаламгер  азаматтың  оқытушылық,  ұстаздық  қырына  үңілгім  келеді.


Қайыр Құрақұлы Алматыдағы  Абай атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін үздік бітіріп, ауыл мектебінде мұғалім болып, педагогикалық еңбек жолын бастайды. 1963 жылдан бастап, зейнет жасына шыққанға дейін бұрынғы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты, қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да абыройлы қызмет етті. Абитуриент ретінде табалдырығын аттаған осы жоғары оқу орнында менің де жемісті жылдарым өтіп, құрметті еңбек демалысына шықтым.

Танымал академик-ғалымдар Орынбек Жәутіков, Мүбәрәк Ятаев сынды тұлғалардан дәріс алған Қайыр Құрақұлы қырық жылға жуық еңбек жолында жоғары математикадан сабақ беріп, соңынан ерген шәкірттерінің санасына білім мен ғылымның нәрін сіңірді. Жалғыз менің ғана емес, қазіргі таңдағы мүйізі қарағайдай көптеген ғалымдардың математика ғылымына ықыласы артуына, өмірге икемделуіне, жалпы ғылымға бет бұруына тікелей ықпал етті. Студент кезімізде Қайыр Құрақұлына еліктейтінбіз, қатты ұқсағымыз келетін. Өте қатал болмаса да, бірде-бір дәрісін қалт жібермеуге, берген тапсырмасын уақытында орындауға тырысатынбыз. Сірә, мұның бәрі ұстазымыздың мінезінің сабырлылығы, байыптылығы, мәдениеттілігіне қоса, асқан білімділігі мен тыңдаушыны тақырыпқа қызықтыра білу шеберлігіне байланысты болса керек. Біздің топтағы студенттердің басым көпшілігі қандастарымыз еді. Қайыр Құрақұлы тілдің майын тамызып тұрып,  құлақ құрышын қандырып дәріс оқығанда тапжылмай отырып тыңдайтынбыз. Зеріге бастағанымызды байқаса, өзінің студенттік шақта бастан кешкен қызықты оқиғалары туралы  әңгімелейтін.

Қайрекеңнің айтуынша, болашақ жарымен он тоғыз жасында Алматыдағы институттың үшінші курсында оқып жүргенде танысқан. Ол кезде Надежда Жұбайқызы – екінші курстың студенті. Қолдарына диплом тиген соң, екеуі де өз ауылдарына беттеген.

4-кайыр агайСонда да қос ғашық үзбей хат алысып, бірер жылдан соң барша жөн-жоралғысымен отбасын құрған. Біз, шәкірттері, Қайрекеңнің әңгімесін есілдертіміз кете тыңдап, ұстаздарымыздың уәдеге беріктігіне, бір-біріне адалдығына, ата-анаға деген шексіз құрметіне риза болатынбыз. Екеуінің арасындағы ерекше сыйластыққа, керемет жарасымға сүйсінетінбіз. Университеттің жоғары математика кафедрасында бірі математикадан, екіншісі физикадан сабақ беретін ерлі-зайыпты қос ұстаз әріптестері мен студенттердің алдында үлкен құрметке, биік беделге ие болды. Надежда Жұбайқызы Қайрекеңе шаңырағының шырағы, ошағының ұйытқысы, адал жар, балаларының анасы ғана емес, өмірдің сан түрлі бұралаңында сенімді серік, ағайын-туыс пен дос-жаранының арасына  дәнекер  бола  білді.

Біздің топта кілең ауылдан келген қыз-жігіттер оқитын. Ал математика оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Қайыр Құрақұлы математикадан, ал Надежда Жұбайқызы физика пәнінен қосымша факультатив сабақтар алып, бар білгенін бізге үйретуден жалыққан жоқ. Қайыр ұстаз тақтаның бетін түрлі күрделі формуламен толтырып тастап, шешу жолдарын әрқайсымызға жеке-жеке түсіндіретін. Сондай сәттерде мен оның жанарынан жарқыраған ұшқынды байқайтынмын, содан қуаттанып, болашаққа жалын-жігер алатынмын. Надежда Жұбайқызы менің білімге құштарлығымды, ұйымдастырушылық қабілетімді елеп, «Бозымов, түбінде білдей совхоз директоры боласың» деп жиі айтушы еді.

Екеуі – ұстаз ретінде де, әріптес ретінде де, кәсіби маман ретінде мен үшін аяулы жандар. Университетте бірге қызмет атқарған жылдары «сен біздің шәкіртіміз едің» деп еш бәлсінген емес, керісінше мейіріммен қарап, ізімізді басып келе жатқан жас әріптесіміз  деп  қолдау  білдірді.

Қай кезде болмасын, Қайыр Құрақұлымен әңгімелескенде, ерекше әсер алып, рухани байып, жан дүниеміз демалып қалушы еді. Ол ата-баба шежіресін жатқа айтатын. «Бектұрған – әкемнің ұлы бабасы, үшінші атасы. Қапияда мерт болған Махамбет батырды өз қолымен жерлеген» деп айтқаны жадымда. Қайрекеңнің әкесі Құрақ ақсақал ұлы ақынның мүрдесінің қайда жерленгенін өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында ғана жария қылды. Сондай-ақ аяулы азаматтың өзім талай мәрте дидарласқан, аса құрметті ақсақал,  танымал қаламгер-публицист Бисен Жұмағалиевтің інісі екенін білген кезде Бектұрған ұрпағының тектілігіне тағы қайран қалдым.

Мен Қайыр Құрақұлының, ең  алдымен, туған жерге деген перзенттік адалдығын айтқым келеді. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітірген жас маманға Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің аспирантурасында білімін жалғастыру туралы ұсыныс түседі. Бұл сол заманда екінің біріне, тіпті таңдаулылардың өзіне бұйыра бермейтін бақыт. Әйткенмен, Қайыр Құрақұлы бұл ұсыныстан жүрек қалауымен бас тартып, «еліме барып, жазушылықпен айналысамын» деп туған жерге қайтып оралады.

Екіншісі, еңбек ұжымына адалдық. Қайрекең жұбайы Надежда апай екеуі – 1963 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты құрылғанда қызметке қабылданып, оқу орнының қалыптасуына тікелей атсалысқан жандар. Қайрекең облысымызға танымал ұстаз болған, кейін Орал педагогикалық институтының ректоры болып қызмет ауыстырған Қайролла Кенжеғұловпен бірге математика кафедрасын, ал Надежда Жұбайқызы физика кафедрасын құруға атсалысты. Батыс аймақтағы жалғыз ауыл шаруашылығы институтының дамуының барлық сәулелі сәттеріне куә болып, әр тынысын жүрегінен өткізді. Ұстаздық Бектұрғановтар үшін ең қалаулы, абыройлы іске айналды. Әйтпесе, бәрі жекенің қолына ауысып, жоғары оқу орындары қаржылай тапшылық көрген жылдары есеп-қисапқа шебер мамандар қай мекемеге болса да ауадай керек еді…

Үшіншіден – әдебиетке адалдық. Өзінің айтуынша, «әдебиет  дерті» студент шағында жұққан екен. Ең алғашқы «Арман» деген әңгімесі 1965 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланған. Міне, осы уақыттан бері жазушы ақтық демі үзілгенше қолынан қаламын тастамады. Университетте сабақ берген кезінде, республикалық басылым беттерінде әңгімелері мен повестері үзбей  жарияланды. Қазақтың салт-дәстүріне, тілі мен діліне, дініне қатысты мәселелерді басты назарға алды. Ол – әдебиетке адалдығын өзінің шығармаларымен, шынайы талантымен дәлелдеді, соңына рухани мұра ретінде он шақты әңгіме-повестер жинағын қалдырды. Міне, осындай шуақты жан, ардақты азамат, аяулы ұстаз егер арамызда жүрсе, биылғы наурыздың бесінші жаңасында Қайыр Құрақұлының жасы  80-ге толар еді. Көңілге медеу болатыны – ағамыздың соңында қалдырған жасындай жарқыраған сөз өнері. Саясы  мол әрі мәуелі алып бәйтерекке айналған шаңы-рағының шырағын асыл жары Надежда Жұбайқызы мен ұл-қыздары, үрім-бұтағы өшірмесі кәміл.

Қазыбай  БОЗЫМОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың құрметті ректоры,

ауыл  шаруашылығы  ғылымдарының докторы,

профессор


Арнайы шәкіртақының алғашқы иегері

Күні: , 46 рет оқылды

IMG-20170209-WA0015


Өткен күзде мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде ҚазССР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Мұстақым Ықсановтың атындағы арнаулы шәкіртақы тағайындалған болатын. Жалғас Ұзақбаев – аталмыш шәкіртақының алғашқы иегері.


Атаулы шәкіртақы оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ғылыммен жүйелі айналысатын күндізгі бөлім студенттеріне беріледі. Қазақстанның іргелі ел, берік мемлекет болуына үлес қосып, ұзақ жыл Дінмұхаммед Қонаевқа сенімді серік болған тұғырлы тұлғаның атындағы шәкіртақыға ие болған Жалғас болашақта құрылыс саласының маманы болуды қалайды. Ол – бүгінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне қарасты машина жасау факультетінде құрылыс мамандығы бойынша 4-курс студенті.

— Мұстақым Біләлұлы Жәнібек ауданының Борсы ауылында дүниеге келсе, әкем осы ауданның Талов ауылында туған. Әкем жерлес ағасын жиі айтып, мақтанып отыратын. Арнаулы шәкіртақыға ие болу арқылы әкемнің қуанышын еселей түскендеймін. Еліміздің бірқатар қалаларында көк тіреп тұрған биік ғимараттарда және Алматыны селден қорғау құрылымында, сондай-ақ еліміздің оңтүстік облыстарының суландыру жүйесін қалыптастыруда Мұстақым атамыздың айшықты қолтаңбасы бар десем, қателеспеймін. Отыз мың теңге көлеміндегі шәкіртақымды қосымша білім алу курстарына жұмсаймын. Кейде анама сыйлық алып, қуантып тұрамын. Болашақта бірнеше тіл үйреніп, құрылысты жобалау саласында шетелдер-де тәжірибе жинағым келеді, — дейді кейіпкеріміз.

Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Жалғас білім алып жүрген университет қабырғасында біраз жетістіктерге жеткен. Сондай-ақ БОКУ Вена аграрлық университетінде өткен «Жастар ұйымдары мен студенттік өзін-өзі басқару құрылымдарының біліктілігін Еуропа үлгісінде арттыру» тренингіне қатысып, аталмыш оқу орнының студенттерімен тәжірибе алмасқан. Ал Литва Республикасындағы Александрас Стульгинскис атындағы университетке семинарға қатысуға барғанда, студенттердің еңбекқорлығы мен шығармашылық еркіндігіне тәнті болған.

Спортқа жаны құмар Асұланның Жалғасы волейбол, баскетбол, футбол, гандбол десе, ішкен асын жерге қоюға бар. Қалыңдығын екінші курста кездестірген жас жігіт келешекте көп балалы әке болуды да армандайды. Тіпті болашақ үйінің де жобасын сызып қойған.

Қазір «Орал жобалау» ЖШС-да дипломдық тәжірибеден өтіп жүрген Жалғас аталмыш кәсіпорынның мамандарымен құрылыс алаңдарына жиі барады. Сала мамандарынан әр құрылғы мен құралдың атауын, оларды өз қажеттілігіне сай пайдалануды, құжаттағы сызбаларды оқуды, құрылыс тастарының жасалу жолын үйренген.

— Былтыр жаз мезгілінде студенттік құрылыс жасағымен көп қабатты тұрғын үйдің қабырғаларын тұрғызған едік. Құрылыс нысанында үлкендердің айтқандарымен жүрсең, көп нәрсені үйренесің. Осы кезге дейін үй құрылысына қажет керамзит тасының қалай жасалатынын білмейтін едім. Енді бетон араластырғышқа цементті, құмды, суды,  керамзит ұнтағын қанша мөлшерде салу қажеттігін біліп алдым. Құрылыс нысанында құрылысшылардың іс-әрекетін өз көзіммен көргеннің өзі – мен үшін өндірістік тәжірибе. Құрылыс саласының инженері болу зор жауапкершілікті талап етеді. Егер құрылыс нысанын уақытында аяқтамасаң, өзің бережақ болып қалуың мүмкін. «Орал жобалау» ЖШС-да дипломдық тәжірибеден өту барысында сәулет құрылыс бөлімінің бас инженері Ирина Шидаевадан құрылыс материалдарының сапалысы мен қолжетімді бағамен қайда сатылатындығы жөнінде біраз мәлімет білдім, — дейді болашақ инженер.

Сондай-ақ Жалғас бос уақытында Autocad компьютерлік бағдарламасы арқылы зәулім ғимараттың үлгісін жобалап-сызғанды жақсы көреді.

Autocad-ты құрылыс мамандары үшін таптырмас графикалық бағдарлама санайтын ол құрылыс нысандарын, тұрмыстық техниканы, медициналық құралдардың моделін, дизайнын жасауда дәл нәтиже көрсететіндігіне сенеді.

Сонымен, студент-инженер болашақта елімізді көркейтуде, әсіресе, байырғы Оралды Қазақстанның ең әсем қалаларының біріне айналдыруда орасан үлес қосқан Мұстақым Ықсанов секілді азаматтың жасампаз ісін жалғап, келешекте өңірімізде бой көтере-тін ғимараттарға өз қолтаңбасын қалдыратын дәрежеге жетуді армандайды.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Алаш музейі жаңғыртылады

Күні: , 346 рет оқылды

PRI_4245-2


Облыс әкімі Алтай Көлгінов Сырым ауданына жұмыс сапарымен барған кезде Жымпитыдағы кәсіпкерлік және әлеуметтік бағыттағы нысандарда болды.


Өңір басшысы алдымен «EVEREST» супермаркетіне ат басын бұрды. Самара – Шымкент күре жолының бойында орналасқан бұл нысанды Мэлс Сапаров пен Медет Кәкімов жеке қаражаттарына салған. Кейін  «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысып, сауда орнын дамытып, заман талабына барынша сәйкестендірген. Қазір мұнда 5000-ға жуық тауар түрі бар. Кейбір азық-түлік түрлерін өздері өндіреді. Мәселен, ет өз иеліктеріндегі шаруа қожалығындағы малдан алынады. Сол себепті бағасы өзгелермен салыстырғанда арзандау. Бұл нысанда ауылдың 20 адамы тұрақты еңбек етеді.

Мұнан  кейін облыс басшысы Алаш музейіне келді. Музей меңгерушісі Айгүл Ойшыбаева мұндағы жәдігерлермен таныстырған соң, соңғы жәдігерлердің баршасы да сыйға берілгенін айтты. Музей ережесіне сай соңғы елу жылдағы немесе одан да бұрынғы деректер өте құнды болып саналады. Ал мұнда ондай дерек көп. Сол себепті оқушылар, мұғалімдер, студенттер жиі келеді. Кезінде Алаш-орда үкіметінің Батыс бөлімшесінің жетекшілері Жаһанша мен Халел Дос-мұхамедовтардың жұмыс кеңсесі болған ғимарат қалпына келтіруді қажет етеді. Мемлекеттік қорғауға алынған тарихи ғимаратқа газ желісі де тартылмаған. Аудан әкімі Абат Шыныбековтің сөзіне қарағанда, 2007 жылы бұл ғимаратқа жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Ал биылғы Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай елге танымал ғалымдардың қатысуымен конференция және тағы да басқа республикалық, облыстық іс-шаралар өткізу жоспарланған.

– Биыл музейді жөндеу, газ тарту жұмыстарын қолға алайық.

Тиісті есеп-қисаптарын беріңіздер. 100 жылдық мерейтойға ғимаратты жақсылап қалпына келтірейік. Мерейтойлық шараларды жоғары деңгейде өткізу керек, — деді Алтай Сейдірұлы.

PRI_4276Аудандық мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейімен танысу барысында мұндағы залдар ешқандай стандартқа сай келмейтіні айтылды.

Жалпы, музейді кез келген ғимаратқа көшіруге болмайды. Сол себепті осы жайтты ескерген жөн. Өңір басшысы бұл мәселе де шешімін  табатынын  жеткізді.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Сырым  ауданы

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҮРАШ


Үлкен-кішінің ортақ қуанышы

Күні: , 44 рет оқылды

k4OcLU0e5RU


Теректі  ауданының  орталығы  Федоров  ауылының тұрғындарына  ауылішілік  қоғамдық  көліктер  қызмет  көрсетеді.


Аудан орталығында 34 көше бар. Қыстың сақырлаған сары аязында және көктемгі-күзгі лайсаңдарда ауылдың бір шетінен екінші қиырына жаяу жету қарттарға, балаларға  қиынға соғатын. Сондықтан ауыл тұрғындары ауылішілік жолаушылар тасымалын ұйымдастыруды ауылдық округ әкімдігінен сұрап жүрген. Жерлестерінің өтінішін естіген оралдық кәсіпкер Сержан Идиятов тауық жылының басында ауылдастарына тамаша тарту жасады. Ол өз қаражатына екі «ПАЗ» автобусын қоғамдық көлік ретінде ұсынды.

Қазіргі уақытта 32 орындық автобустар бекітілген маршруттар бойынша ауыл көшелерімен жолаушылар  тасымалдауда.

– Енді кәсіпкер үшінші автобусты айналымға қосады және көлік санын алты автобусқа жеткізбек. Негізі, Федоров кентінің тұрғындары бір айдан бері қоғамдық көліктің игілігін көріп жүр. Қоғамдық көліктің қызметіне жүгінетіндер, негізінен, үлкендер жағы мен мектеп оқушылары. Жерлесіміз Сержан Идиятов өз қаражатына алты  аялдама және сол аялдамалар жанынан шағын дүкендер салады. Ол ауылдағы жастардың арасында кәсіпкерлік жоба-жоспарға байқау өткізіп, тиімді жоспар ұсынған алты жасты іріктеп алуға ниетті. Содан кейін байқау жеңімпаздарына сауда орындарын алты айға тегін бергісі келеді. Сөйтіп, бизнестен өз орнын тапқан жерлесіміз артындағы жас толқынды кәсіпкерлікке баулып, оларға бағыт-бағдар сілтемек, – деді Федоров ауылдық округінің әкімі Максим Энгелов.

Теректі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сүлеймен Бақытовтың айтуынша, ауылішілік жолаушылар тасымалын әлеуметтік маңызы бар маршрут ретінде демеуқаржы мәселесі облыстық тиісті басқарманың алдына қойылған. Қазір соған құжаттары  жинақталуда.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»,

Теректі  ауданы

Сержан  ИДИЯТОВ,  кәсіпкер:

– Кәсіпкерлікпен айналысқаныма  20 жылдай болды. Алдағы уақытта әдемі аялдамалар жасап, оның жанынан  шағын дүкендер ашу жоспарланды. Қоғамдық көліктегі билет құны үлкендерге – 60 теңге, балаларға – 30 теңге. Сондай-ақ ауданымыздағы табыс-кірісі аз, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі жандар отбасыларына билет құнын 15 теңгеге  төмендету  жағын  қарастырудамын.

Жұмабай  ҚҰТЛЕЕВ,  автобус  жүргізушісі:

– Автобуспен қатынайтындардың басым көпшілігі – оқушылар мен аға буын өкілдері.  Болашақта көлігіміз жолаушыларға толып, сыймай жататын күнге де жетерміз деген сенімдемін.

Гүлбаршын  ШАРАПИЕВА, ата-ана:

– Мектепте оқитын үш қызым бар. Бұрындары қыстың суығында және жер балшық болғанда, мектепке жаяу қатынау қиындық тудыратын. Енді автобус шыққалы балаларым мектепке қуанып барады. Осындай қоғамдық көлік шығаруға ұйытқы болған аудан басшылығына, кәсіпкерге атааналар  атынан  алғыс  айтамын.


Шалғайдағы қыстақ ғаламторға қосылды

Күні: , 45 рет оқылды

IMG_6299


Қазақстан  Республикасының  Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның  үшінші  жаңғыруы:  жаһандық бәсекеге   қабілеттілік»  атты  Жолдауында   «Бірінші  басымдық –  экономиканың  жеделдетілген  технологиялық  жаңғыртылуы. Біз  цифрлық  технологияны  қолдану  арқылы құрылатын жаңа индустрияларды  өркендетуге  тиіспіз.  Жаңа  индустриялар қалыптастырудың  маңызды  шарты  инновацияны  қолдану  және оларды  өндіріске  тезірек  енгізу  болып  саналады»  деген  еді.


Бұл – жаңа заман талабы. Сондықтан бұл өміршең міндет ел ішінде қолдау тауып, жүзеге асуда десек, қателеспейміз. Міне, соның бір көрінісі – шалғай құмдағы екі қыстақ ғаламтор байланысына қосылды. Мұны жүзеге асырған тағы да «Муса» шаруа қожалығы.

Қожалық басшысы Тілеген Мусин – жаңалыққа жаны құмар және оны тиімді пайдалануға аса ықыласты жан. Ауданда да бірінші болып жел мен күн көзінен электр энергиясын өндіретін құрылғы қондырып, игілігін көрген Тілеген  еді.

Жаңалықты естіп, аудан орталығынан 70 шақырым жердегі Сәдір қыстағына атбасын тірегенімізде, алматылық «ASTEL» компаниясының жігіттері үй шатырына «KAZSAT-3»  спутнигі арқылы сигнал қабылдайтын «Daraline» антенін қондырып жатыр екен.

– Бұл – отандық құрылғы. Біреуінің құны – 285 мың теңге, әкеліп құрып беру ақысы – 69 мың теңге. Мен екі қыстаққа екеуін қондыртпақпын. Біреуін ақысын төлеп, біреуін бес айға өсімсіз несиеге алдым. Және екеуін қатар алғасын әкеліп қондыру ақысына 32 мың теңге жеңілдік берді, — дейді Тілеген Мусин.

Бұл қондырғы бір телефон мен  ғаламтор байланысын қамтамасыз етеді екен.

– Сәдір – інім Ербол Мусиннің қыстағы. Екіншісін өзімнің Жиекқұм қыстағына қондыртамын. Осы аппараттар арқылы ғаламтор байланысы орнап, кез келген жермен телефонмен сөйлесу қамтамасыз етіледі. Бұл шалғай қыстақтарымыздағы жағдайды сәт сайын біліп отыруға мүмкіндік береді, –  дейді қожалық басшысы.

Иә, Тілеген – асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысатын шаруа. Ал інісі Ербол Мусин – «Ақбота» шаруа қожалығының басшысы.

«Ақбота» шаруа қожалығы 2011 жылы құрылса, күні бүгін 365 бас сиыры, 300 бас қой мен 100 жылқысы, 40 бас түйесі бар, осы малды екі қыстаққа қыстатып, 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Биылға дейін жергілікті сиыр тұқымын өсіріп, шаруасын түзеп алу үшін жұмыстанса, енді ағасы Тілеген сияқты мол өнім беретін текті тұқымды мал өсіруді қолға ала бастаған екен. Биыл 65 бас асыл тұқымды қашар алып, өсіруде. Сонымен қатар Ербол биылғы Елбасы Жолдауында айтылған жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту ісіне мұрындық болып, селолық тұтыну кооперативін құруға кірісіпті. Құптарлық іс емес пе?

Біз ауылға беттеп, Қаттықұдық қыстағына жеткенімізде, Сәдірде қалған Тілеген телефон шалды. Шалғай қыстақтан жеткен бұл қоңырау сол қыстақтың ғаламтор байланысына қосылғанының белгісі еді.

Міне, Елбасы міндеттеген жаңа технологияның шалғайдағы малшылар тұрмысына қолжетімді  болғаны  осы.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


«Ауылға келемін деген жастарды біз қашан да қолдаймыз»

Күні: , 113 рет оқылды

PRI_3986


«Қаратөбеліктер  көгілдір  отынмен,  балабақшамен  100  пайыз  қамтамасыз  етілген.  Атқарылған  басқа  да  жұмыстар  аз  емес. Қаратөбенің  осы  жетістіктерін  таратып,  басқа  аудандарға  үлгі ету керек». Бұл  туралы  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Қаратөбе ауданы  әкімінің  есептік  кездесуі  кезінде  мәлімдеді.


Облыстық құқық қорғау құрылымдары мен кейбір басқармалардың басшылары қатысқан жиын былтыр ауданда атқарылған іс-шараларға, қол жеткізген табыстарға шолу жасаған  бейнероликпен  ашылды.

Содан кейін аудан әкімі Асхат Шахаров мінберге көтеріліп, Қаратөбенің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алда тұрған міндеттерді баяндады.

– Бюджеттің орындалуы, сонымен қатар кіріс түсімдерінің тұрақты оң қарқынмен сипатталуы аудан экономикасының даму көрсеткішінің бірі болып табылады.

2017 жылдың 1 қаңтарына аудандық бюджеттің барлық түсімдері 100,4 пайызға орындалды. Аудан экономикасының негізін мал шаруашылығы құрайтын болғасын, бұл бағытта да көптеген жұмыс атқарылуда. «Агробизнес – 2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында көптеген шаруа қожалығы асыл тұқымды ірі қара, жылқы, қой алды. «ҚазАгроҚаржы» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-лар арқылы аудан бойынша 19 шаруашылық қосалқы техника, құралдар сатып алып, 31 788,2 мың теңге көлемінде демеуқаржыға қол жеткізді. Сөйтіп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқасында техникалық парк 18 пайызға жаңарды.

Аудандағы 22 елді мекеннің  10-ы таза ауыз сумен қамтылған, яғни қаратөбеліктердің 78,7%-ы сапалы су тұтынуда. 10 елді мекеннің халқы жер асты суларын пайдалануда (13,9%). Тек екі елді мекенге, яғни аудан халқының 7,4 %-на ауыз су тасымалдану арқылы жеткізіліп берілуде. Биыл Қаратөбе ауданының су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы басталады. Жоба құны – 960 млн. теңге. Ағымдағы жылға 187897,0 мың теңге қаражат бөлінді. Аудан бойынша барлық елді мекенге көгілдір отын жеткізілгенін де айта кеткен жөн.

4-каратобеОблыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында үш жоба іске асырылмақшы. Олар құны 20 млн. теңгені құрайтын газ құю бекеті («Тілеу» ЖК), 80 млн. теңге болатын мал сою цехы («Қоржын» ШҚ), 85 млн. теңгенің «Орал – Ақтөбе жолына автокемпинг салу» («Феруза» ЖК) жобалары. Өткен жыл ішінде екінші деңгейлі қаржы институттары да  аудан аумағына бет бұрғанын да айта кеткен жөн. Мәселен, «Еуразиялық банк» АҚ аудан орталығына банкоматын орнатып, тұрғындарға несие беру бағытында қызмет көрсетуді бастағаны тұрғындар үшін тиімді болып отыр, – деген Асхат Берлешұлы одан кейін әлеуметтік, білім беру, денсаулық, мәдениет салаларына, ішкі саяси ахуал мен қоғамдық тәртіпке тоқталды.

Есептік жиында Қаратөбе аудандық балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Меңдешов сөз алды. Ол ауыл халқы  ел болашағына сеніммен қарайтынын жеткізді. «Аудан бойынша ауыз суды тасымалдаумен ішіп отырған Үшағаш және Үшана деген екі елді мекен бар, – деді Нұрлан Меңдешов. – Өзім Үшана ауылында қызмет атқарған соң бұл мәселемен жете таныспын. Кезінде ауыз судың тасымалына қол жеткізіп, оны тасуға жаңа трактор берілгенде, қалай риза болдық десеңізші! Ол кезде бұл мәселені шешудің өзі үлкен жетістік болып есептелген болса, бүгінгі заманның талабы басқа. Ауылдағы ағайын енді тасымалсыз су ішкісі келеді. Шөптікөл – Үшана бағытындағы ауыз су құбырының ЖСҚ-сы дайындалып, артынан қаржыға байланысты мәселе туындаған еді. Осы істің түйінін тарқатып, үзіле жаздаған үміттің отын, Алтай Сейдірұлы, сіз жақтыңыз. Сол үшін тұрғындар атынан сізге ризашылығымызды жеткіземіз».

Жиынды өңір басшысы қорытындылап, тарихы терең, мәдени әлемі бай Қаратөбе ауданының облысымызда, республикамызда алатын орны қашанда ерекше екенін  айтты.

– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында той тойлауды мақсат етпей, өткеннен үлкен сабақ ала отырып, ой түйген жыл болып тарих қойнауына енді. Мұхит бабамыздың 175 жылдығын кең көлемде атап өттік. Өнері мен өткен жолын саралап, жас ұрпаққа ұлағатты өмірін үлгі еттік. Ғарифолла салған сара жолға адалдық танытып келе жатқан Ескендір Хасанғалиев ағамыздың Орал қаласында дәстүрлі «Атамекен» фестивалі өтті. Бұл біздің мәдени салада атқарылған шараларымыздың  бір  парасы  ғана.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үшінші жаңғыруға бастайтын Жолдауын арнады. Бұл стратегиялық бағдарламада біздің алдағы даму жолымыз айқын көрсетілген. Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз ескеріле отырып, болашаққа өршіл жоспар құрып отырмыз. Жолдауда көрсетілген меже – халқымыздың ауызбіршілігі мен еліміздің әлеуеті толық ескеріліп, бекітіліп отыр. Еліміздің дамуы өңірлердің қуаттылығына байланысты. Батыс Қазақстан облысы да өз әлеуетіне сай дамып келеді. Оған сіздер де зор үлес қосудасыздар. Сол үшін алғыс айтқым келеді.

Қаратөбе ауданы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы әкімнің есебінде жан-жақты айтылды. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі бес ауылдық елді мекеннің (Үшана, Үшағаш, Соналы, Шөптікөл, Сулыкөл) сумен қамту жүйелерін салу жұмыстары басталатын болады. Сонымен қатар Жусандыой ауылының сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту бойынша жобаға түзету енгізгеннен кейін оны облыстық деңгейден қаржыландыру мәселесі қаралады. Бұл мәселені ауыл тұрғындары өткен жылғы есепті кездесу кезінде көтерген еді.

Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен экономиканың жаңа драйверіне айналуы қажеттігін атап көрсеткені белгілі. Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты міндеттерді айқындап берді, біз оларды жергілікті жерлерде іске асыруымыз қажет. Олар үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіру, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру және еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және суармалы жерлер алаңдарын 40 пайызға ұлғайту қажет. Қазіргі таңда Қаратөбе өңірінде 200 мың гектарға жуық игерілмеген жер бар. Бұл жерлер қолынан іс келетін адамдарға бері-леді. Көлтабандық суару жүйесін кезең-кезеңмен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, соның ішінде Қаратөбе ауданының аумағында бұдан екі жыл бұрын 6 мың гектардан астам Қалдығайты жүйесін қайта жаңғырту жүргізілген болатын. Таяудағы бес жыл ішінде ұдайы және көлтабанды суару жерлерінің көптеген аумағын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа көптеген ауылдық сумен қамту нысанының техникалық жай-күйі күрделі жаңғыртуды қажет етеді. Өткен жылы алты сумен қамту нысанын қайта жаңғырту жұмыстары басталды, биылғы жылы тағы 31 нысанды салу және қайта жаңғырту  жоспарлануда.

Елбасының алдымызға қойған міндет-мақсаттары ауқымды, бірақ оларды табысты жүзеге асыру үшін алдыңғы жылдары іргесі қаланған ресурстар да бар деуге болады. Осы мақсаттарға қол жеткізу біздің бірлескен жұмыстарымызға байланысты болмақ. Ал Асхат Берлешұлының өткен жылғы жұмысына оң баға беремін, – деді Алтай  Сейдірұлы.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Қаратөбе  ауданы

Мұхтар  ШАЙЖАНОВ, студент:

– Мен 2013 жылы Қаратөбе мектеп-гимназиясын бітіріп, Елордамыздағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне жерге орналастыру мамандығына ауылдық квотамен оқуға түстім. Қазір ауылда өндірістік тәжірибеден өтудемін. Осы сәтті пайдаланып, аудан әкімінің есеп беру жиынына арнайы  келдім.

«Ауылдың гүлденуі – еліміздің гүлденуі» демекші, Қаратөбем жылдан-жылға гүлденіп, дамып келеді. Елбасы Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытуға жете мән берілуде. Жалпы, еліміздің болашағы да аграрлық саламен тығыз байланысты. Сол себептен жастар ауылға келіп, оны дамытуға үлес қосқандары жөн. Алдағы уақытта «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, педагог, дәрігер және ветеринардан өзге де мамандарға жеңілдіктер қарастырылса, нұр үстіне нұр. Жалпы, әр адам өз еңбек жолын туған жерінен бастағаны дұрыс деп санаймын. Ертең диплом алғасын,  ауылымда  мамандығым  бойынша  еңбек  еткім  келеді.

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Мұхтардың патриот екендігі оның әңгімесінен-ақ көрініп тұр. Ауылға келемін деген жастарды біз қашан да қолдаймыз. Мұхтар дұрыс айтты, диплом алған жастардың көбі қалада қалғысы келеді.

Десек те, бүгінде ауылдағы жағдай қаладан кем емес. Жаңа баяндалғандай, Қаратөбе ауданы толықтай газбен қамтылып отыр, ол – мұндай көрсеткішке жеткен облысымыздағы бірден-бір аудан. Бұрын жол мәселесі өткір тұрған-ды. Қазір ол да шешілді. Жаңа Жымпитыдан бері жарты сағаттай ғана жол жүрдік. Жастардың жоғары білім алып, ауылда жұмыс істеуге құлшыныс танытқаны бізді қуантады.

Мұхтар, егер шынымен де, ауылға келемін десең, саған мұнда жұмыс дайын. Асхат Берлешұлы, Мұхтарды түртіп алыңыз, ертең дипломын алғаннан соң оның жұмысқа тұрғандығы жөнінде баяндайсыз. Егер бірінші кезекте облыс орталығында жұмыс істеп, тәжірибе  жинап  барып,  ауылға  келем  десең,  оған  да  жәрдемдесеміз.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы меритократия жөнінде айтады. Бұл дегеніміз – қызметкердің атқарған ісіне баға беріп, қолдау дегенді білдіреді. Яғни жұмыс істейтін жандарды қолдау – біздің міндетіміз. Қазір заман басқа, бұрынғыдай директордың баласы директор, бастықтың баласы бастық боладының уақыты емес. Бүгінгі таң – бәсекенің кезі. Жастардың істің көзін тауып, еңбек етуі, елге  танылуы – соның бір  көрінісі. Оған  елімізде  толық  мүмкіндік  бар.


Жаңа реформаға жаңа көзқараспен

Күні: , 31 рет оқылды

IMG_6051


Бейсенбі  күні қаламыздағы  Салтанат  сарайында «Қазақстандағы  конституциялық  реформалар  –  тұрақты дамудың  негізгі  факторы»  тақырыбында  конференция өтті.  Облыс әкімінің  орынбасары  Марат  Тоқжановтың  төрағалығымен өткен  жиынға ҚР  Парламенті  Сенатының депутаты Ерболат  Мұқаев қатысты.


Елбасының Үндеуі де, Жолдауы да елді одан әрі жаңғыртуды көздейді. Жиында бас қосқандар саяси құжаттағы негізгі бағыттарды тереңнен талқылап, күтілетін нәтижелерге тоқталды.

– Президенттік билік орнаған 25 жылда қазақ елін әлем мойындады. Биылдан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болды. Бұл – үлкен жетістік. Тарихта осы күнге дейін басқару жүйелеріне ешқандай өзгерту енгізбеген  бірде-бір мемлекет жоқ. Әлемдік жағдайлардағы түрлі үдерістер Қазақстанға да жаңа өзгерістер қажет екенін дәлелдеп отыр. Біз мұндай қадамдардан қорықпауымыз керек. Өйткені әлемнің алпауыт мемлекеттеріне айналған елдердің бәрі де осындай реформаларды түрлі жолдармен жүзеге асыру арқылы жетістікке қол жеткізді. Конституцияға осы кезге дейін 59 өзгеріс пен түзету енгізілген болса, соңғы ұсынылған реформалар түбегейлі болмақ. Сондықтан жаппай және жан-жақты талқылаудан өтуде. Президент өзінің 40-қа жуық өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке бергенімен, Президенттік билік өзінің күшін сақтап қалмақ. Тек басқару жүйесіндегі кейбір өзгерістер атқарушы және заң шығарушы биліктердің жұмысын бұрынғыдан да ширата түспек. Жаңа реформаға қатысты көптеген ұсыныстар түсуде. Тіпті пікір қайшылығы да кездеседі. Елбасының тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы Конституциялық заңдарға қайшы келмейтін, халыққа пайдалы ортақ шешім қабылдайтын болды, – деді сенатор Ерболат Мұқаев.

Ал М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова «Конституциялық реформалар – тарихи талдау тұрғысынан» атты баяндамасында қазақ елінің қалыптасу жолында, хандық жүйеде көптеген реформалардың жүзеге асқандығына тоқталды. Оның ішінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты дала конституциялары кезінде заман талабына сай қабылданып, қоғамдық-саяси жүйені  реттегенін  атап  өтті.

Бұдан кейін «Саяси жүйені жетілдіру – тұрақты дамудың кепілі» тақырыбында  «Қазақстан коммунистік халық партиясының» облыстық филиалының екінші хатшысы Сұлтанбек Сұлтанғалиев, «Конституциялық реформа – бизнесті жаңғыртудың жаңа бағыты» тақырыбында «Евразия Лайн» ЖШС директоры Сергей Хегай, «ҚР Конституциясының болашағы» тақырыбында облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов баяндама жасап, билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесін кеңінен талқылады.

Жаңа реформаға сай билік тармақтары арасындағы өкілеттілікті бөлу екі бағытты қамтымақ. Алғашқысы – Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі бірқатар өкілеттілігін Үкіметке беру. Екіншісі – билік тармақтары арасындағы қатынасты конституциялық деңгейде реттеу. Бұл бағытта Парламенттің, соның ішінде Мәжілістің рөлі күшеймек. Яғни елдегі саяси жүйені жетілдіру тұрақты дамудың кепілі болмақ.

Жиын соңында тыңдаушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар талқыға салынды.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


Сырым ауданы «Сыбаға» бойынша көшбасшы, енді жергілікті билік мал ұрлығының алдын алуға ерекше мән бермек

Күні: , 51 рет оқылды

PRI_4454


Сырымдық шаруалар «Сыбаға» бағдарламасы басталғалы 1 млрд. 29 млн. теңгеге 5496 ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 401,6 млн. теңгеге 1167 жылқы алып, облыс бойынша көш бастап келеді. Сондай-ақ «Алтын асық»  бағдарламасы аясында 129,1 млн. теңгеге 4000 қой сатып алып, жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Абат Шыныбеков тұрғындар алдындағы есептік кездесуі кезінде айтып өтті.


Жиын алдында облыс әкімі Алтай Көлгінов аудандық мәдениет үйінің фойесінде ауылдық округ әкімдерімен кездесіп, ауылдағы ағайынның жағдайымен танысып, шаруашылықтардың жай-күйін, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын сұрап білді.

Есептік жиында баяндама жасаған Абат Шыныбековтің сөзіне қарағанда, сырымдық атқамінерлер аудан экономикасының негізі болып саналатын ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейін арттыру бағытында бел жазбастан жұмыстануда. Нәтижесінде өсімдік шаруашылығындағы өнім өндірісі 7,3 және мал шаруашылығындағы өнім өндірісі 12,5%-ға артқан.  Солардың есебінен аталмыш саладағы өндіріс көлемі 7,7 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылғы деңгейден 10,7%-ға көп.

— Былтырғы ауа райының қолайлы болуы ауданда соңғы жылдары тұралап қалған егін шаруашылығы саласының қайта көтерілуіне мүмкіндік туғызды. Егіс алқаптарынан 5514 тонна астық бастырылды, орташа өнімділік әр гектарына 10,2 центнерді құрады. Ауданда төрт түлік мал басының өсу қарқыны сақталып, олардан алынған өнімдердің өскені байқалады. Бұл нәтижеге қол жеткізуге шаруашылықтарымызға Үкімет  қабылдаған мемлекеттік бағдарламалардың көп көмегі тиюде. «Береке» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын кооперативтерге тартып, ауылдық жерлерде жұмыспен қамту мәселесін шешуге басымдық берілуде. Күні бүгінге 42 жеке кәсіпкер бірігіп, «Береке-Болашақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрды, 20 жеке кәсіпкерге 42,3 млн. теңге көлемінде несие беріліп, олар ірі қара, жылқы малдарын бордақылауға қойып отыр, сондай-ақ 27 жеке қосалқы шаруашылықта 800 бас ірі қара малдары өз қаржыларына бордақылануда. Аудандағы мал шаруашылығының дамуы сапалы мал азығының берік қорын жасақтау үшін суармалы жерлерді айналымға енгізуді қарқынды жүргізу қажет екендігін көрсетіп отыр. Өткен жылы осы мақсатта Өлеңті көлдетіп суармалау жүйесін қалпына келтіру және Шолақаңқаты су қоймасы жөндеу жұмыстары облыс басшылығының қолдауымен басталып, 38,6 млн. теңгеге біршама жұмыстар атқарылды. Биылғы жылы да осы жұмыстар жалғасын табады.

Ауданның шағын және орта кәсіпкерлік саласында көрсетілген қызмет пен өндіріс көлемі 5,8 млрд. теңгені құрап, есепті кезеңнен 22,4%-ға артқанымен, салық түсімдері 2015 жылмен салыстырғанда азайып кетті. Ол осы саладағы заңды тұлғалардың жұмыс көлемінің азаюына байланысты болып отыр, ал жеке субъектілерден түсетін салық түсімдері көбейді. Сондықтан да біздің басты міндетіміз  жаңа бизнес нысандарының құрылуына, нарыққа сапалы өнім беретін жаңа жобалардың іске асырылуына, дамуына толыққанды қолдау жасау болып табылады. 2016 жылы ауданымыз бойынша кәсіпкерлік субъектілері мен жеке кәсіппен айналысуға ниет білдіргендерге «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы және басқа да қаржылық ұйымдар арқылы 727 млн. теңге несие берілді. Нәтижесінде ауданымыздың шағын кәсіпкерлік картасына енгізілген жалпы құны 113,0 млн. теңге болатын жеті жоба жүзеге асырылып, 42 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жаңадан 167 кәсіпкер тіркеліп отыр.  2012 жылы 35 несие серіктестігі арқылы 215,0 млн. теңге несие алынған болатын. Қазіргі уақытта несиенің қайтарылуы 40 пайызды құрап отыр. Жеке сот орындаушылар арқылы 17 несие серіктестігінен 11,5 млн. теңге өндірілді. Алайда үлкен бережақтары бар «Сырымские продукты» (32,9 млн. теңге), «Қадыр-Арман» (14,6 млн. теңге), «Ғабиден-96» (14,5 млн. теңге), «Айдәурен» (10,1 млн. теңге), «Темош» (22,9 млн. теңге) несие серіктестіктерімен заң аясында қатаң шаралар алу қажет.

Бүгінде аудан тұрғындарының 80%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Бұлан, Қазақстан ауылдарына қосымша су құбырларын тарту арқылы берілетін су мөлшері көбейтілді. Тасымалмен су ішіп отырған Қосарал ауылын сумен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық құжаттарын аяқтауға 3,0 млн. теңге қаржы бөлінді.

Өткен жылы аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылды. 6300-ден астам тұрғынды қамтитын 10 елді мекенге газ құбыры жеткізілді, 36 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылды. Нәтижесінде аудан тұрғындарының 92%-ы көгілдір отын пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Шолақаңқаты, Алғабас ауылдық округтерінің алты елді мекеніне газ тарту құрылыстары басталды, — деген Абат Абайұлы  автомобиль жолдары, электр қуатымен қамту бағытындағы мәселелерді және әлеуметтік, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы ахуалдарды да баяндады.

Аудан басшылығының биылғы жылы жүзеге асыруды көздеп  отырған жұмыстарының ішінде сы-рымдықтар үшін өзекті мәселенің бірі болып отырған электр желілерін жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Бірінші кезекте Қоңыр, Тамды, Қазақстан, Қызылағаш, Қарақұдық, Көгеріс, Талдыбұлақ, Тасқұдық елді мекендері бағытындағы желілер жөнделмекші. Бұл бағытта «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-мен бірлескен іс-шаралар кешені жоспарлануда. Жөндеу жұмыстарына 5,6 млн. теңге жоспарланып отыр. Қылмыстың алдын алу және құқықбұзушылықты болдырмау бағытындағы жұмыстарда негізінен мал ұрлығына баса мән берілмек. Яғни «Мал ұрлығы» жол картасының тиісті деңгейде жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін болады.

Айта кету керек, кейбір аудандарда есептік кездесулер бір-екі сағаттың ішінде, көп ешкім пікір айтпастан өте шықса, Сырымда олай емес. Мұндағы жиын қашан да жанды өтеді, халық белсенділік танытады. Сырым Датұлы сынды дала реформаторының ұрпақтары да бұйығы болмасы анық. Оның үстіне Жымпиты Батыс Алашордасының орталығы болғандығы тағы бар. Сөйтіп, бұл жиында да аудан тұрғындары ішінен өткен жылы атқарылған істерге баға берген, аудан-ауылдың мәселелерін көтерген жандар аз болған жоқ.

Солардың бірі – Тасқұдық ауылының тұрғыны Сайлау Үкиев. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі болып табылатын ақсақал Ақсай – Жымпиты бағытындағы ауданаралық жолдың, әсіресе, екі ауданның шекаралас бөлігі қардан жөнді тазаланбайтынын айтты. Соның салдарынан қазіргі таңда Елтай ауылдық округі тұрғындары жол азабын тартып отыр. Сол жерде өңір басшысы Алтай Көлгінов облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығына осы мәселені жедел шешуді тапсырды. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Қазбек Меңеев бұл мәселе жуық арада шешімін табатынын жеткізді. Ардагер-ұстаз Ахмет Батыршин аудан әкімінің жұмысына жақсы баға беріп, алпыс жылдық тарихы бар Сырым колледжінің жатақханасы ескіргенін, тар екенін айтып, жаңасын салу туралы мәселе көтерді. Себебі ауылдардан келіп оқып жатқан колледж студенттерінің көбі оған зәру. Аудан басшысы да, облыс әкімі де бұл мәселе назарға алынатынын айтты. Өйткені Елбасы Жолдауында тегін кәсіптік-техникалық білім беруді ұйымдастыру бағытындағы міндеттеме бар. Әріптесіміз, «Сырым елі» газетінің тілшісі, белгілі айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы облысымызда Наурыз мейрамына жаңаша сипат беріп, Жаңа жылдағыдай балалар үшін де бір ерекше шаралар ұйымдастырылып, оларға жәрдем көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді. Облыс әкімі бұл ұсынысты толығымен қолдайтынын білдірді. Жаңа жылдағыдай Наурыз мерекесі қарсаңында жәрдемге мұқтаж балаларға көмек ұйымдастырылатын болды.

— Бұрындары осындай жиында халық азық-түлік, жалақы мәселелерін көтеретін еді. Кейінгі жылдары көгілдір отын, жол мәселесі өзекті болды. Ал қазір сапалы ұялы байланыс, жоғары жылдамдықта жұмыс жасайтын интернет әңгіме өзегіне айналуда. Халықтың әлеуметтік мәселелері жылма-жыл шешімін тауып келе жатыр. Шүкір дейтін жағдай бар. Мұндай жетістікке жетуге, сырымдықтар, сіздердің де қосқан үлестеріңіз зор. Жалпы аудан бойынша өткен жылы атқарылатын істер аз емес.

Жымпиты – Қаратөбе автожолының 55 шақырымы жөнделді. Бұлдырты ауылының кіреберісіне 12 шақырым жол жасалды. Жымпитының ішкі көшелерінің біразы жаңа кейіпке енді. Қособа елді мекеніндегі білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Аралтөбе, Жамбыл, Қарақұдық, Көздіқара, Қызылағаш, Тамды, Бұлдырты, Көгеріс, Қоңыр және Бұлан ауылдарының әлеуметтік нысандарына газ қосылды. Биыл Тоғанас, Аңқаты, Карағанды, Құспанкөл, Жаңаөңір және Сасықкөл ауылдарына  көгілдір отын тартыла бастайды. Келесі жылы олар толық аяқталады. Қоңыр ауылының су құбыры жаңартылады. Жымпитының ішкі көшелеріне жолдар салынады. Көлтабанды (лиманды) суару жүйесін кезең-кезеңмен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Сырым ауданындағы 2 мың гектардан астам жерді қамтитын Өлеңті көлтабандық суармалы жүйесін қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Жақын арадағы бес жыл ішінде өңірде көптеген суармалы жерлерді қайта қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа көптеген ауылдық сумен қамту нысандарының техникалық жайкүйі күрделі жаңғыртуды қажет етеді. Өткен жылы алты сумен қамту нысанын қайта жаңғырту жұмыстары басталды, биылғы жылы тағы 31 нысанды салу және қайта жаңғырту жоспарлануда.

Елбасы алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Ауыл шаруашылығын жаңа экономиканың драйверіне айналдыруымыз қажет. Ол үшін мемлекеттік қолдауларды пайдаланып, мал, техника алып істі бастаған жөн. Сондай-ақ өнімді қайта өндіруді, технологиялық жаңғыртуларды игеру керек. Бұл бағыттағы басқа да жұмыстарды сіздермен бірлесе атқаруға жазсын. Айтылған ұсыныс-пікірлерді түртіп алдым. Бәрі де жөнді мәселе. Жоспарға бекітіп, кезең-кезеңмен іске асыратын боламыз, — деген Алтай Сейдірұлы аудан әкімінің жұмысына оң бағасын берді.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

Сырым ауданы

Суретті түсірген А. НҰРАШ


Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажы ескерілуде

Күні: , 53 рет оқылды

IMG_5996


Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Жүздесу барысында өткен жылғы жұмыс талқыланып, биылғы міндеттер белгіленді. Кездесуге облыстық және қалалық әлеуметтік қызмет  құрылымдарының басшылары, ҮЕҰ жетекшілері қатысты.


Жиынды ашқан қала әкімінің айтуынша, қазір облыс орталығында аталмыш санаттағы азаматтарды қабылдау күнде өткізіліп, оларға ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған стандарттар мен регламент бойынша сегіз түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілуде.  Өткен жылы Орал қаласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жалпы құны 236,2 млн. теңге тұратын 12 әлеуметтік жоба аясында шаралар оздырылып, барлығы 3500 адамды қамтыды. Соның ішінде 253 адам протез-ортопедиялық көмекпен қамтылып, 61-іне орынтақ-арба ұсынылды, 478 мүмкіндігі шектеулі жанға санаториялық-курорттық емдеу жолдамасы берілген. Былтыр 163 адам әлеуметтік қолдау шарасымен қамтылып, тұрақты жұмысқа 50 жұмыссыз қала тұрғыны бағытталса, қоғамдық жұмысқа 91 адам тартылды. Сол санаттағы жекелеген жандардың өмірге құлшынысы мен әлеуетін пайдаға асыруға ұмтылуы да көңіл қуантады. Мысалы, былтыр әлеуметтік қолдау шарасының аясында шағын несиеге ие болған бес адам кәсібін ашыпты. Біреуі шаштараз ашып, шаруасын дөңгелентсе, екіншісі 50 орындық дәмхана арқылы біраз адамды жұмыспен қамтуда. Мал өсіруге, ұстахана ашуға кіріскені де бар.

Н. Төреғалиев хабарламасының соңында жақсы істерге мұрындық болған мекеме басшылары мен ҮЕҰ-лардың жетекшілеріне алғыс айтып, бір топ үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерін марапаттады.

Содан соң Н. Төреғалиев былтырғы қыркүйектегі кездесулерден кейінгі атқарылған істерге тоқталды. Әкімнің әңгімесінен көңілге түйгеніміз, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуға бағытталған талай ілкімді істер атқарылған. Мәселен, Орал қалалық көп бейінді ауруханасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орын жұмыс істейді. Жалпы, облыс орталығының көптеген ауруханасында оларға бейімделген бөлмелер ашылған. Осы санаттағы адамдардың сұрауымен «Астана – Орал» пойызында арнайы екі купе қызмет көрсетуге даяр. Әзірге өзге жолаушы пойызында мұндай орын жоқ. Келешекте мәселе шешімін табуы тиіс. Орал әуежайының бірінші қабатында олар үшін демалыс бөлмесі жұмыс істейді. Мүгедектердің көптен сұрап жүрген бір бұйымтайы – өздеріне қолайлы банкомат. Әзірге «Каспийбанк», «Еуразиялық банк», «Цеснабанк» арнайы банкоматтарды іске қосты. Мәселен, «Цеснабанктың» қаланың әр жерінде орналасқан үш банкоматы сол мақсатқа үйлестірілген. «Қазпоштаның» бөлімшелері де аталмыш санаттағы жандардың қозғалысын ыңғайластыру үшін пандустар орнатып, өзге де іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Пандус демекші, кейбір қалалық мекемелерде мүгедектерге аса қажетті құрылғыны жәй қондыра салып, тапсырманы талапқа сай орындамағандарды әкім сынға алды.

Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша Чернобыль мүгедектері мен ардагерлері облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. Тайманов, Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ж. Төремұратова, «Демеу» мүгедектерді қолдау ұйымы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақов және басқасы сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті, ұсыныстарын айтты. Олардың сұрақтарына Н. Төреғалиев, тиісті сала басшылары жауап қайтарды. Қала әкімі Елбасының соңғы Жолдауындағы адам капиталын сақтап, оның сапасын арттыру жөніндегі бес басымдықтың біреуіне айрықша тоқталып, оның әлеуметтік маңызын атап өтті.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

“Орал өңірі”


Өңірге 1474,0 млн. теңге несие бөлінбек

Күні: , 61 рет оқылды

PRI_4674


ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы өз алаңын бейсенбі күні ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне арнады.


Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту тақырыбына арналған жиынға ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті стратегия және талдау басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағамбетов және Жәңгір хан атындағы БҚАТУдың экономика және бизнес факультетінің деканы Айгүл Қазанбаева қатысты.

— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауы арқылы  Үкіметке және облыс әкімдеріне бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіру  үшін жағдай жасау жөнінде тапсырма берді. Осыған орай қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және жеке қосалқы шаруашылықтарда отбасылық бордақылау алаңдарын құру жұмысына баса назар аударылуда. Уақыт көрсеткеніндей, жеке қосалқы шаруашылықтар үшін бөлек-бөлек өмір сүру тиімсіз болып отыр. Сонымен қатар сүт қабылдау орталықтарының жүйесін құру, отбасылық бордақылау және мал сою алаңдарын ашып, олардың жұмыстарын орталықтандыру жұмысы қолға алынуда. Яғни ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мен өткізу қызметтерін бір жерден ұйымдастыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру қажеттігі туындап отыр. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігімен «ҚазАгро» еншілес ұйымдары арқылы модульді сүт қабылдау және мал сою орталықтарын алғашқы жарнасыз лизингке беру сызбасы әзірленді. Бұл ретте алғашқы жарна ретінде инвестсубсидия (50%) және кепіл ретінде сатып алынған қондырғылар алынады.

Биылдан бастап 2017-2021 жылдары АӨК дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін мал шаруашылығы өнімдерін субсидиялаудың жаңа бағыттары қарастырылған. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтерінде өндірілген сүттің бір литріне 10 теңге, бордақыланған өгізшелердің әр басына 20 мың теңге, қозылардың бір басына 1500 теңгеден төленеді. Және құрама жем өндірісін арзандату қарастырылған. Сонымен қатар мал шаруашылығын қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында гектарлық субсидия шеңберінде біржылдық және көпжылдық жемшөп дақылдарын субсидиялау көзделген. Биылдан бастап ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау мақсатында олардың сатып алған құрал-жабдықтарына жұмсалған шығынның 50 пайызын қайтару қарастырылған. Осы ережелерді, жаңалықты ауыл тұрғындарына жеткізу үшін облыстың он ауданында болдым, — деді Нұрболат Абылайханұлы жиында сөйлеген сөзінде.

Оның мәлімдеуінше, Үкімет тапсырмасы аясында кооперативтерді қосымша қаржыландыруға бағытталған жаңа «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы әзірленді және бекітілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы малдарын көбейтуге бағытталған «Игілік», сүт қабылдау орталықтарын құруға арналған «Бірлік» және отбасылық бордақылау алаңын құруға арналған «Береке» бағдарламаларының да ауыл тұрғындарының оң жамбасынан келетіні анық. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған шағын несие көлемі 18 млн. теңгені құрайды және бұл қаражат жеті  жылға берілмек.

Нұрболат Абылайханұлының айтуынша, бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауарлық өндірісіне 500 мың жеке қосалқы шаруашылық пен шаруа қожалықтарын тарту, 70 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру және қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелуін 80-85 пайызға арттыру көзделіп отыр. Кооператив сұрақтары бойынша Call-орталығымен (88000808010) тегін хабарласуға болады.

Бұдан соң сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағамбетов өңірімізде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Оның сөзінше, бүгінгі таңда өңіріміздің Ақжайық, Қазталов және Сырым аудандарында ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, жұмыс істеуде. Ақжайық ауданында ауысымына 50 бас соятын бір мал сою пункті ашылған. Сондай-ақ Зеленов ауданы Дариян ауылындағы «Каверин» ЖК наурыз айында күніне 40 тонна сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорын ашып, 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Сондай-ақ Тасқала ауданындағы «Балашова» ЖК  ақпан айында сүт өнімдерін өңдейтін цех ашуды көздеп отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды пайдалану арқылы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуге бағытталған Үкімет бағдарламасын орындау мақсатында облысқа 2017 жылы 1474,0 млн. теңге бюджеттік несие бөлу көзделуде.

Жиын барысында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың экономика және бизнес факультетінің деканы Айгүл Қазанбаева жиналғандарды ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы заңмен таныстырды. Шара соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика