Мұрағат: 08.02.2017


Өрт оқиғаларының 71,4%-ы тұрғын үйлерде болған…

Күні: , 36 рет оқылды

le-pompier-s-teint-un-feu-54639373


«Өрт – тілсіз жау». Оның кесірінен қаншама жан баспанасынан айырылып, қаншама адамның өмірі мерзімінен бұрын үзілуде?! Өрт өзінің соңынан тек қайғылы оқиғалар мен орасан зор шығындарды ғана қалдырады. Сондықтан оның алдын алған жөн. Ал ол үшін не істеу керек?


Жақында біз БҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және алдын алу қызметі басқармасының басшысы, азаматтық қорғау майоры Ерлан Төрегелдиевпен хабарласып, осы сұрақты қойдық.

— Өрт, әсіресе, қазіргідей салқын уақытта көбейіп кетеді. Өрт оқиғасының көпшілігі тұрғын үйлерде болады. Оның орын алуына көбінесе тозған байланыс, ақаулы электр сымдары, рұқсат етілмеген жерлерде шылым шегу және қараусыз қалдырылған электр құрылғылары себепші болады.

Біздің мекеме өрт қауіпсіздігіне қатысты алдын алу шараларын үздіксіз өткізіп келеді. Өкінішке орай, өрт оқиғасының тіркелуі азаймай отыр. Мысалы, облыс аумағында 2014 жылы 698 өрт оқиғасы орын алып, 10 адам қаза болды, 53 адам жарақат алды. 2015 жылы болған 803 өрт оқиғасында 14 адам қаза болып, 28 адам жарақаттанды. Ал 2016 жылы 635 өрт оқиғасы тіркеліп, өрт салдарынан тоғыз адам қаза тауып, 23 адам әр түрлі дәрежедегі ауыр жарақат алды. 2014 жылғы өрт оқиғаларының нәтижесінде 328 млн. 119 мың 387 теңге, 2015 жылы 152 млн. 464 мың 48 теңге және 2016 жылғы өрт оқиғаларынан болған шығын көлемі 23 128 мың теңгені құрады. 2016 жылы өрт оқиғаларының 71,4%-ы, яғни 454 өрт тұрғын үй секторларында орын алды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өрт оқиғаларының 90%-ы адамдардың салғырттығынан, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан болады. Бұған нақты мысалдар келтірер болсақ, өткен 2016 жылы Орал қаласындағы бір тұрғын үйде өрт оқиғасы орын алып, Т. есімді азаматша газдан уланып, қаза тапты. Өрт пешті қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағандықтан орын алған. Сондай-ақ Зеленов ауданында болған өрттен А. есімді азамат қайтыс болған. Ол электр қондырғыла-рын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары мен ережелерін сақтамаған. Осындай жайттар Сырым, Бөрлі және Теректі аудандарында да кездесті.

Ал енді өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында өткізілген шараларға тоқталар болсақ, өткен жылы жылыту маусымына дайындық барысында 15 қыркүйектен бастап департамент қызметкерлерінің күшімен 58679 тұрғын үй мен саяжай алқаптарына шолу жүргізілді. Шолу барысында 120 959 тұрғынның назарына пештер мен электр және газбен жылыту бұйымдарын қауіпсіз жағдайға келтіру жайы түсіндірілді. 161 мыңнан астам жадынамалар таратылып, 3865 тұрғынның қатысуымен 89 жиын өткізілді, — деген Ерлан Төрегелдиев одан әрі өрттен сақтану жолдары мен оны тез ауыздықтаудың амалдарына тоқталды.

 

Судан гөрі топырақ тиімді

 

— Өрт шыға қалған жағдайда, бірден өрт күзетін шақыру керек. Өрт қызметі көмекке келгенше, қарап отырмай, өртті өз бетінше сөндіруге тырысу керек. Әдетте, өртті судың көмегімен ауыздықтауға тырысамыз. Бірақ, шын мәнінде, бұл тәсіл өрт жағдайында онша тиімді емес. Ең тиімді құрал ретінде өрт сөндіргішті, ал бұл құрылғы болмаған жағдайда дымқыл шүберекті, құмды немесе гүл өсірілген қыш құмырасының топырағын қолданған дұрыс.

Егер өрт тұрмыстық электр құрылғысынан шыққан болса, онда оны ток көзінен жедел ажырату керек. Мысалы, өрт теледидардың жанып кетуінен болды делік. Мұндай жағдайда ең алдымен теледидар шанышқысын розеткадан жұлып немесе электр тұстамасын токтан ажыратыңыз. Жанып жатқан теледидар көптеген улы заттарды бөледі, сондықтан да бөлмеден адамдарды бірден шығарып жіберу керек. Ауаның келуін тоқтату үшін теледидарды кез келген қалың матамен жабыңыз. Егер бұл әрекет көмектеспесе, артқы қабырғасындағы тесік арқылы теледидарға су құйыңыз. Бұл кезде сіздің теледидардың қасында болмағаныңыз жөн, өйткені кинескоптың жарылуы мүмкін. Барлық терезелер мен желкөздердің жабықтығын тексеріп алыңыз, әйтпесе, таза ауаның болуы отты күшейтеді. Егер басқа электр құрылғылары мен сым жанып жатса, онда өшіргіш, сөндіргіш немесе электр сақтандырғыштарын сөндіру керек және осыдан кейін өрт сөндірушілерді шақыру қажет.

Өрт бөлмелердің бірінен шыққан жағдайда, оның басқа бөлмелерге немесе баспалдақтарға тарап кетпеуі үшін жанып жатқан бөлменің есіктерін қатты жабу керек. Басқа бөлмелерге түтін кіргізбеу үшін есікті дымқыл шүберектермен қалыңдатыңыз. Бөлмеге түтін толып кеткен жағдайда еңбектеп немесе бүгіліп қозғалу қажет.

Егер сіз өртті өз күшіңізбен сөндіре алмайтыныңызға көзіңіз жетсе, ол жерден тез арада кетіп қалыңыз. Құжаттарыңызды, ақшаларыңызды алып, пәтер есігінен шығуға тырысыңыз. Ал егер ол жер түтінге толып, отқа оранып жатса, онда сіз сыртқа балкон арқылы шығып кетуге тырысыңыз. Өртеніп жатқан пәтердегі ең қауіпсіз жерлер – балконда немесе терезе жанында. Бұл жерде өрт сөндірушілер сізді тезірек табады. Балкон арқылы сыртқа шығуды ойласаңыз, оның есігін ақырындап ашыңыз. Өйткені таза ауаның қатты ағынынан от өршіп кетуі мүмкін. Сыртқа шығып алған соң балкон есігін дұрыстап жабуды ұмытпаңыз. Сөйтіп, төменгі қабатқа немесе жапсарлас балкон немесе балкон люгы арқылы көршілерге өтуге тырысып көріңіз. Бірақ есіңізде болсын, балконнан жіптер, жаймалар және су ағызатын құбырлар арқылы түсу өте қауіпті. Сонымен қатар төменге секіруге болмайды. Сондай-ақ өрт кезінде осы әдіс-тәсілдерді қолданып, терезеден де шығуға болады. Бөлме іші көк түтінге толса, түтін келесі бөлмеге өтпеу үшін есікті шүберектермен бітеңіз. Әдетте, түтін төменгі жақта аздау болады. Сондықтан иіс тиіп қалмау үшін түтіні аз еденге жату керек. Осылай жатып, жарты сағаттай шыдауға болады. От пен түтін жоғарыға тез тарайды, сондықтан жоғарғы қабаттардың тұрғындары өрт кезінде аса сақ болуы керек.

 

Жеделсатыда қалып қоймаңыз…

 

— Егер сіз кездейсоқ түтінге оранған кіреберіске тап болсаңыз, қабырғаларды ұстап, шығатын есікке қарай барыңыз (таяныштар көбінесе тұйық жерге апарады). Биік үйде тұрып, оттың арасымен төменге жүгірмеңіз. Одан да ғимараттың шатырында қорғану мүмкіндігін пайдаланыңыз, өрт баспалдағын қолдануды ұмытпаңыз. Өрт кезінде жеделсатыны пайдалануға болмайды, өйткені өрт кезінде жеделсаты ойламаған жерден тоқтап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда сіз жабық жеделсатыда қалсаңыз, сізге ешкім көмектесе алмайды. Оның үстіне сіз жанып жатқан қабаттардың арасында тұрып қалсаңыз, тұншықтырғыш газбен уланып қалуыңыз мүмкін. Кіреберістен сыртқа шыққан кезде таза ауаны көбірек жұтып, мұрныңыз бен аузыңызды дымқыл мойынорағышпен және орамалмен қорғағаныңыз жөн, — деген Ерлан Абылайұлы азаматтарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға шақырды. Оның сөзінше, азаматтар өрт кезінде үрейленбеуі керек. Өйткені бойын үрей билеген адам, әдетте, не істерін білмей, қандай да бір әрекет жасау мүмкіндігінен айырылады. Ал бұл өз кезегінде өрттің өршіп кетуіне әкеліп соқтырады.

 Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Екпінді еңбек ел еңсесін көтеруде

Күні: , 33 рет оқылды

PRI_3192


Аптаның  алғашқы  жұмыс  күні  Шыңғырлау  ауданының  әкімі  Альберт  Есалиев халыққа  есеп  беру  жиынын  өткізді.  Кездесуге  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  пен облыстық  деңгейдегі  бірқатар  сала  басшылары  қатысты.


Шыңғырлау ауданында болған өңір басшысы алдымен өткен жылы пайдалануға берілген «Болашақ» балабақшасының жұмысымен танысты. Аудан орталығындағы 290 орындық балабақша бүгінде халық игілігі үшін толыққанды жұмыс істеуде. Бүлдіршіндерге арналған тәрбие орны 76 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, соның басым  бөлігі  –  жас  мамандар.

Аудандық мәдениет үйінде өткен есеп беру жиыны барысында өткен жылғы атқарылған істер жұртшылыққа бейнебаян арқылы көрсетілді. Бұдан соң аудан әкімі Альберт Есалиев алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті.

– Өткен жылғы аудан тұрғындары алдындағы есеп беру кездесулерінде көтерілген Алмаз, Белогор ауылдарының фельдшерлік-акушерлік пункттеріне автокөлік алу, Ақсуат ауылының ауыз су құбырын жөндеу секілді мәселелер өз шешімін тапты. Күрделі мәселелердің бірі саналатын Шыңғырлау – Сегізсай ауылдары бағытындағы жолды жөндеу, Қайыңды ауылына ауыз су тарту сияқты көтерілген ұсыныстар бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар ауданымыздың тарихын бейнелейтін аудандық өлкетану музейін жаңғырту мәселесі көптен бері айтылып келеді. Бұл түйткіл де облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен шешімін тапты. Ағымдағы жылдың соңына дейін аудан орталығында өлкетану музейі ашылады, – деді аудан әкімі Альберт Есалиев өз баяндамасында.

 PRI_3189Аудан әкімінің мәлімдеуінше, Ащысай және Шыңғырлау мектептерін күрделі жөндеуден өткізуді жоспарға енгізіп, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Сондай-ақ «Дән» мәдениет үйін күрделі жөндеуден және алдағы кезеңде Тасмола ауылы мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау үшін қаржы қарастырылған. Ағымдағы жылы Алмаз және Тасмола ауылдарының фельдшерлік-акушерлік пункттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып, Белогор, Қарағаш, Полтава, Аманкелді, Шоқтыбай ауылдарындағы медициналық нысандарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға қаржы  қарастырылған.

Бүгінде ауданның көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95 пайызды құрайды. Осы кезге дейін газбен қамтылмаған Ақсуат ауылын биыл көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Ал республикалық бюджет есебінен «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы Тасмола, Лубен ауылдарына таза ауыз су жүргізілмек.

Былтыр аудан орталығындағы 108 жер теліміне инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталды. Ағымдағы жылы Шыңғырлау ауылының орталық бөлігінен 203 жер телімін инфрақұрылыммен қамтуға жобалық-сметалық құжаттама  жасақталған.

Есеп беру жиынында аудан орталығындағы кәсіпкерлерді бір орынға шоғырландыратын бизнес орталығын, заман талабына сай әмбебап сауда орнын қолданысқа беру де осы жылдың еншісінде екендігі айтылды. Бүгінгі күні Ақсай қаласынан келген инвестор жер телімін алып, аудан орталығында фармацевтикалық кешеннің құрылысын жүргізуде. Шыңғырлау ауылында салынып жатқан көгілдір отын құю стансасының құрылысы да осы жылы аяқталмақ.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң зейнеткер, ауданның құрметті азаматы Бақытжан Сапаров, облыстық мәслихат депутаты Мадияр Байжанов, Алмаз ауылының тұрғыны Айгүл Көпболова, Ащысай ауылының тұрғыны Сәулежан Сәрсенғалиева, жас маман Самат Байболатов мінберден сөз алып, аудандағы атқарылған игі істерге тоқталып, өз ризашылықтарын білдірді.

Өз кезегінде  облыстық сот төрағасы Бек Әметұлы бүгінгі таңда қоғам тыныштығының ең тиімді тетігіне айналып отырған медиациялық кабинеттер жұмысы туралы бірқатар түсінік беріп өтті.

Сонымен қатар Шыңғырлау ауданындағы кәсіби және кәсіби емес 15 медиатордың өткен жылда ешқандай мәмілеге келтіру жұмыстарын атқармағандығын сынға алды.

Есепті кездесуді облыс әкімі Алтай Көлгінов қорытындылап, жыл ішінде атқарылған жұмыстарға оң баға  берді.

– Ел тәуелсіздігінің ширекғасырлық мерейтойымен ерекшеленген жыл біздің өңір үшін де табысты болды. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде қаншама істер тындырылды. Ауыл халқы үшін барлық жағдай жасалуда. Жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, жолдар жөнделді. Әр аудандағы білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтті. Өздеріңіз көріп, біліп отырғандай, атқарылған істер аз емес, ол істер биыл да жалғасын таппақ. Өткен аптада Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Елбасымыз өз Жолдауында ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынды.  Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттілігін айтты. Ол үшін экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты ілгерілеуге лайықталған негізгі бес басымдықты белгіледі. Олар экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту және институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Болашақ дамуымыз бен өсіп-өркендеуімізге бағытталып, ұсынылып отырған шараларды біздің өңір тұрғындары қолдайтынына сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Баршаңызды алдағы үлкен жұмысты бірлесіп, бір-бірімізді қолдап атқаруға шақырамын, – деді  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»,

 Шыңғырлау  ауданы

2016  жыл

Ауданның жылдық бюджеті 3 млрд. 194 млн. 191 мың теңгені құрады. 2017 жылдың 1 қаңтарына бюджет кірісі 3 млрд. 212 млн. 54 мың теңгеге жетіп, жоспар 100,6 пайызға орындалды. Соның ішінде, ауданның өз кірістерінің жылдық жоспары 300,0 млн. теңге болып жоспарланса, жыл қорытындысы бойынша 317 млн. 512 мың теңгеге толықты. Бюджеттің  шығыс  бөлігі  99,9  пайызға  орындалды.

Негізгі капиталға инвестиция көлемі 40,4 пайызға артып, 1 млрд. 330 млн. теңгені құрады. Соның ішінде республикалық бюджеттен 766,4 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 342,7 млн. теңге, жеке қаражат есебінен  161,5 млн. теңгені құраған.

Ауданда 588 шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Олар 929 адамды  жұмыспен қамтып отыр. Бөлшек сауда көлемі 4 млрд. 505 млн. теңгені құрап, 139,8%-ға артты. Көтерме  сауда көлемі 214 млн. теңгеге жетіп, 2015 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 174,6%-ға  өскен.

«Битимбаева» жеке кәсіпкерлігі «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алып, бетондық бұйымдар өндіретін цехты іске қосты.

Аудан аумағындағы ірі қара 7 пайызға артып, 23224 басқа жетті. Соның ішінде аналық мал басы 17,5 пайызға көбейіп, 12283 басты құраса, ұсақ мал басы 0,2%-ға  артып, 30667 басқа жетті. Сондай-ақ жылқы малы 4,9 пайызға, 4791 басқа,  құс  29844  басқа  жетіп,  1,5  пайызға  артқан.

«Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында «Сыбаға» арқылы 143,2 млн. теңге қаржыға 720 аналық ірі қара, 23 асыл тұқымды бұқа, «Құлан» бағдарламасы арқылы  20 млн.  теңгеге  65 бие  және  бес  айғыр  сатып  алынды.

Алмаз, Белогор елді мекендеріндегі фельдшерлік пункттер көлікпен қамтылды. Тасмола ауылындағы медпункттің жөнделуіне 17 млн. теңге бөлінді.


Парламент депутаттары ел ішінде

Күні: , 41 рет оқылды

IMG_5836


Орал  қаласына  іссапармен  келген  ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаты  Ерболат  Мұқаев  мемлекеттік  қызметкерлермен  кездесті.


ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінде өткен шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Елбасы саясаты, оның биылғы Жолдауындағы басым бағыттар туралы кеңінен  әңгімеледі.

– Еліміз тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде Елбасымыздың саясаты өзін-өзі ақтады. Қазақстанды әлем таныды. Биылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақсыз мүшесі атандық. Қазіргі таңда әлемдік жағдай бір қалыпта тұрған жоқ. Тіпті алып мемлекеттердің басқару жүйелерінде түрлі өзгерістер орын алуда. Президент  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз Қазақстан 25 жыл, яғни екі мүшел уақыт дамуды сәтті өткергенін, енді үшінші мүшелге басқарудың заманға сай жаңа сипатымен аяқ басу керектігін айтқан болатын. Бұл орайда еліміздің тұрақты дамуын сақтау мақсатында Елбасы өзінің қырық өкілеттігін Парламент пен Үкіметке бергелі отыр, – деді Ерболат Рахметұлы. Ол сондай-ақ бұған дейін орын алған әлемдік дағдарыстар, Елбасының биылғы Жолдауында айтылған жаңа технологияның қолданыс көкжиегін кеңітудің маңыздылығы мен көлік-логистикалық жүйенідамыту жайында да әңгіме  өрбітті.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

*  *  *

Дүйсенбі  күні  облыстық  әділет  департаментінің  мәжіліс залында  Елбасының  халыққа  Жолдауының  негізгі  бағыттары  мен  билік  тармақтары  арасындағы  өкілеттіліктерді  қайта  бөлу  мәселесіне  арналған  Үндеуін  түсіндіру  мақсатында  жиын  өтті.

Оған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева, облыстық әділет департаментінің басшысы Алмат Нарқұлов  қатысты.

– Еліміз егемендікке қол жеткізгелі бері Елбасы осымен 21 рет халыққа Жолдауын арнап отыр. Ал біздің мақсатымыз – маңызды құжатты еліміздің әрбір азаматы мен отбасына жеткізіп, кеңінен түсіндіру. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында Үкіметке Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын жүргізу туралы міндеттерін қойған болатын. Оның алғашқы бағыты экономика салаларын жаппай сандық модельге көшіруді көздейді. Осы ретте Президент 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларды дамыту керектігіне ерекше тоқталды. Яғни аталған міндеттер арқылы экономика құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салалардың сапасы артатынын атап өтті. Соған орай Үкіметте «Цифрлық Қазақстан» деген атаумен жаңа бағдарлама әзірлеу және ІТ саланы дамыту қолға алынды, – деген  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Тоғанбайқызы сонымен қатар адами капитал сапасын жақсартуды, әлеуметтік қамтамасыз ету көрсеткішін арттыру бойынша да бірақатар тапсырмалар берілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол әділет департаментінің қызметкерлерімен кездесу барысында Елбасы Жолдауының бесінші басымдығы – институционалдық  өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты мәселелерге де кеңінен тоқталып өтті. Бұдан кейін депутат Кесебаева билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесіне арналған Үндеуіне қатысты өз пікірін білдіріп, халықтан түскен ұсыныстар қараусыз қалмайтынын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Жолдаудың халық арасында кеңінен қолдау табатынын және насихат жұмыстары алдағы уақытта да  жалғасатынын атап өтті.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»


«ҰРАН» газетінің түркі тілдес халықтардың тағдырына көзқарасы

Күні: , 30 рет оқылды

16817


Қазіргі тәуелсіздігімізге негіз болған рухани құндылықтарды іздегенде, өткен тарихымыздың бедеріндегі ұлт мүддесін көздеген ұмтылыстар мен қадамдарды ойға алатынымыз анық. Бұл орайда жиырмасыншы ғасыр басында жарыққа шығып, елдің бағыт-бағдарына айналған ұлттық баспасөздің орны бөлек. Осы газеттерде жарияланған мақалаларда көтерілген мәселелер елдің еркіндікке қол созған, өз алдына ел болуға тырысқан арман-ниетімен толық үндестік тапты. Бүгінгі баршаға танылған тәуелсіз мемлекетіміздің мұраттарына орайлас ой-пікірлер де сол тұстағы баспасөзге арқау болды.


Жиырмасыншы ғасыр басында елдің санасын оятып, халықты бірлікке бастаған ұлттық басылымның бірі – «Ұран» газеті. Бұл газет ұзақ уақыт бойы қолға тимегендіктен, зерттеушілер ол туралы мардымсыз мәліметтермен ғана шектеліп келді. Бірқатар еңбектерде әр кездегі көзқарас тұрғысынан аты аталып қалғанымен, бұл жөнінде толық деректер бола қойған жоқ.

Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында оқырманды «Ұран» газетінің қалай шыққанынан хабардар етеді: «Бөкей ордасының біраз «Алашшыл оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген» газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды. Тырбанып бұларға қарсы болған Жақыпұлы Серіктер ғана жүрді. Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» еді. Кітапшасында Әлекеңді мақтайды… «Ту ұстаған топтың Әлекем жүр басында.

Сұр кепкасы қасында: гимназистер қасында…» – дейді» [1, 159].

Әрине, сол кездегі саясаттың ыңғайымен баяндалған «Тар жол, тайғақ кешудегі» осындай деректер басылым жөнінде нақты түсінік қалыптастыра алмаса да, жұрттың санасына ой салатыны анық. Осыған орай «газетті кімдер шығарды, қай кезде, қандай мақсатпен шығарды?» деген сауалдар туындай бастайтын еді. Кейін еліміз тәуелсіздікке бет бұрған жылдарда бұл мәселені жан-жақты қарастыруға жол ашылды.

Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеген ғалым Мақсат Тәжімұратов аталған мәліметке орай бірқатар түсініктеме береді [2, 147-177]. Ол «Тар жол, тайғақ кешудегі» деректі өзінше түйсінген кейбір тарихшылардың Ғұмар «Алаш» ұранын жазған деген ұғым қалыптастырғаны туралы айтады. Зерттеуші бұған дәлел ретінде П. Пахмурныйдың: «Так, Карашев Гумар… голосовал за немедленное объявление буржуазно-националистической автономии Алаш-Орды. Ее поддерживала и редактируемая Г. Карашевым газета «Уран» (Букеевская орда). Им же составлен гимн Алаш-Орды, а в изданной книге «Терме» («Ритмы») восхвалялся Алихан Букейханов – лидер «Алаш-Орды» [3, 176], В. Григорьевтің: «Тон антисоветской направленности в работе съезда задавали… один из идеологов партии «Алаш», автор национального гимна – Г. Карашев» [4, 177], – деген пікірлерін мысалға келтіреді. Сондай-ақ М. Тәжімұратов Сәкен Сейфуллин романында Ғұ-мардың Орынборда 1917 жылғы желтоқсанның 5-13-і күндері аралығында өткен ІІ Жалпықазақ съезінен қайтқан соң баспадан шыққан «Тұрымтай» жинағындағы «Түсімде» деген өлеңі сөз болып отырғанын, әлгі тарихшылардың «Алаш» ұранын жыр қылып» деген автор сөзінің астарына үңілмей, қате ұғынғанын баяндайды.

М. Тәжімұратовтың айтуынша, «Сейфуллин «Алаш» ұранын айтқанда, Ғ. Қараш атымен «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 28-нөмірінде жарияланған «Ұран» атты өлеңді есте ұстауы мүмкін» [2, 177]. Бұл орайда да ол бірқатар мәселенің басын ашып алады. Алдымен «Сарыарқа» газетінде Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұран» деген өлеңі Ғұмар өлеңдерінің қатарына қосылып кеткенін Қайым Мұхаметқановтың дәлелдегенін мысалға келтіреді [5, 177]. Сонымен қатар мұрағат деректеріне сүйеніп, «Ұран» газеті Ордада 1917 жылдың көктемінен 1918 жылдың көктеміне дейін әуелі Нұғыман Манайұлының, кейін Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлығымен шыққанын [6, 177], Ғұмардың бұл басылымға автор ретінде ғана қатысып тұрғанын еске салады.

Ұран газетіБелгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы 2008 жылы шыққан «Алаш» қозғалысы» атты кітапта аталған басылымды былайша таныстырады: «Ұран» газеті – Ішкі ордада (Бөкейлікте, Астрахан қаласында) 1917 жылы 14 мамырдан бастап шыға бастаған қоғамдық-саяси бағыттағы басылым. Редакторы – Ғабдолғазиз Мұсаұлы (Ғ. Мұсағалиұлы). Ол – «Қазақ» газетінде басылған тарихи-танымдық мақалаларымен белгілі қаламгер. Қазандағы Апанаев медресесін, Мысырдағы әл-Азхар университетін бітірген, Жетісудағы Мамания медресесінде ұстаздық еткен. Алаш қозғалысының жандануына сәйкес, бұл басылым бірте-бірте Батыс Алашорданың үніне айналған. Белгілі тағы бір дерек, «Ұран» газетінің №2 саны 1917 жылы 28 шілдеде шыққан. Соған қарағанда басылым тұрақты жариялана алмаған» [7, 267].

Бірқатар ғалымдар мен зерттеушілердің ұзақ жылғы бірлескен ізденістерінің нәтижесінде «Ұран» газетінің біршама тігінділері табылып, араб қарпінен қазіргі қаріпке көшіріліп, кітап болып жарыққа шықты. Кітапты шығару ісіне басшылық жасаған Жантас Набиоллаұлы «Ұранның» шамамен 40-50 нөмірі жарық көргенін айта келіп, газеттің қолда бар сандары жөнінде мынадай мәлімет береді: «Нақты айтсақ, мына нөмірлер:

№6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28, (датасы белгісіз); №30, 28 (10) наурыз, 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16 (3), мамыр, 1918 жыл, бейсенбі» [8, 9]. Оның баяндауынша, бұл басылымды ұзақ жыл бойы іздеген ғалым Мақсат Тәжімұратов басылымның бірнеше санын Алматы қаласындағы республикалық кітап мұражайынан тапқан. Бұл тігінділер халық ақыны Андаш Надралиевтің жеке қорында сақталған, мұражайға 1978 жылы тапсырылған. Бірқатар нөмірлер Батыс Қазақстан облыстық мұражайынан, ескі басылымдарды зерттеген ғалым Мұстафа Ысмағұлов тапсырған қордан табылған [8, 8-9].

Осы орайда  жоғарыда аталған Ғұмар Қараштың «Ұран» атты өлеңіне келер болсақ, бұл туралы кеңестік дәуірде пікір айтқан-дардың қателесетіндей реті болған секілді. Себебі, Ғұмар Қараштың «Ұран» газеті туралы» деген өлеңі бар. Бұл өлең «Ұран» газетінің 1917 жылғы 1 қыркүйектегі №6 санында жарияланыпты [9, 44]. Онда елдің ықыласына бөленген ұлт басылымының қадамдарына сүйсінген ақынның шынайы көңіл күйі көрініс тапқан. Ол сонымен қатар газеттен үміт күткен халықтың мақсат-мұратын да қапысыз жеткізеді. Оқырманды жаңа басылымның бағыт-бағдарынан, өзіндік ұстанымынан да хабардар етеді:

«Ұранды» көз талдыра қарап едік,

Әр сөзін мың ділдәға балап едік.

Жиылып неше дүркін қарсы алуға –

Ақыры келмеген соң тарап едік.

Түбінде ер боларын жан сезді ме,

Төзе алмай келер күнді санап едік.

Мінеки, келді сабаз күтіп жүрген,

Еңіреп, ел қайғысын жұтып жүрген.

Сал бөксе, шабан жүріс, жалқауларға,

Қабағын қарс жауып, шытып жүрген.

Қабыл ал, құшақ жайып «Ұраныңды»,

Астана, арманың жоқ, мұны көрген [9, 44-45].

Ал «Қазағым, қақтықпа, қамалма! Ел болар қамыңды амалда!» деп басталатын Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұраны» зерттеушілердің (Д. Қамзабекұлы, С. Аққұлыұлы, Б. Байғалиев, Н. Қуантайұлы) түсініктемесінде көрсетілгендей, «Патша өкіметі құлаған кезде, 1917 жылғы февраль революциясы жеңісінен кейін жазылған. Өлең Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағанға дейін ұлттық гимн рөлін атқарды. Жиын-топтарда, салтанатты жиналыстарда, мереке-мейрамдарда әнмен айтылған. Өлеңнің тексі алғаш «Абай» журналының 1918 жылғы 1-санында жарияланды» [10, 378].

С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында сөз болған Ғұмар Қараштың «Түс» деген өлеңінің толық нұсқасында «Жолдасым жөн сілтейді маған енді: «Сөз жалған жазушылар бұлар» дейді. «Сарыарқа», «Ұран», «Қазақ», «Бірліктерден», Шығарып жол көрсеткен солар дейді» [11, 141] деген жолдар бар. Сөйтіп, Ғұмар шығармашылығында «Ұран» газеті ара-тұра аталып қалып отырды. Сәкен Сейфуллиннің мемуарлық романы да көзқарасына қарамастан осы басылым туралы бірқатар дерек ұсынғандығымен бағалы дер едік.

«Ұран» газеті туралы сөз болғанда ойға алдымен түсетін тұлғаның бірі – Ғабдолғазиз Мұсағалиев (1880-1933). Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақтың ең білімді азаматтарының қатарынан орын алған ол Каирдегі әл-Каһира университетін бітірген. Бірнеше шығыс тілдерінде еркін сөйлеген. Академик К. Нұрпейіс оның алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, медреседе, одан соң арнайы ақсүйектер мектебінде оқығаны, университет қабырғасында жүргенде Мысырдың бай кітапханасын сүзіп, халифат дәуіріндегі қолжазбалармен танысқаны, түркі халықтарының ежелгі тарихын зерттегені, шетелдің сегіз тілін білгені туралы жазады [12, 133]. «Ұраннан» басқа «Дұрыстық жолы» газетін, «Мұғалім» журналын шығаруға қатысқан.

Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің ағартушылық болмысы мен қайраткерлік тұлғасына бірқатар ғылыми еңбектерде нақты баға берілді. Соның ішінде Батыс Қазақстан өңірі білім беру саласының тарихы туралы зерттеулердің орны бөлек. Мұндай еңбектерде осы аймақтан шығып, революцияға дейін әлемдік деңгейдегі іргелі оқу орындарында білім алған айтулы азаматтардың қатарында Ғ. Мұсағалиев есімі мақтанышпен аталады: «Батыс Қазақстанның көптеген көрнекті қайраткерлері әдепкі білімді мұсылмандық оқу орындарында алды. Олардың арасында Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, Ғұмар Қараш пен Мұрат Мөңкеұлы, Нұғман Манаев, Аяпберген Науанов, Хасан Нұрмұхамбетов, Бөкей ордасынан шыққан Ғабдолғазиз, Махмұд Мұсағалиевтер және басқа көптеген азаматтар болды» [13, 138]. Сонымен қатар қаламгер-қайраткердің шығармашылық тұлғасы жөнінде И. Кенжәлиев [14], Т. Муттайрова [15] еңбектерінде талдау жасалды.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Сейфуллин С. «Тар жол, тайғақ кешу»: Тарихи-мемуарлық роман. Төртінші басылым. Алматы: «Жазушы», 1977. – 388 бет.
  2. Тәж-Мұрат М. Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы. Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖСШ, 2004. – 384 бет.
  3. Пахмурный П. Большевики Казахстана в революции 1905-1907 годов. Алма-Ата: «Наука», 1976. – 232 стр. // Тәж-Мұрат М. Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы. Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖСШ, 2004. – 384 бет.
  4. Григорьев В. Противостояние. (Большевики и непролетарские партии в Казахстане, 1917-1920 гг.) Алма-Ата: «Казахстан», 1989. – 252 стр. // Тәж-Мұрат М. Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы. Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖСШ, 2004. – 384 бет.
  5. Мұхаметханов Қ. Әдеби мұраға абай болайық. Қазақ әдебиеті, №18, 1992, 1 мамыр // Тәж-Мұрат М. Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы. Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖСШ, 2004. – 384 бет.
  6. БҚОМА, 312-қор, 2-тіз., 30-іс, 1-бума, Н.Манаев анкетасы // Тәж-Мұрат М. Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы. Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖСШ, 2004. – 384 бет.
  7. Қамзабекұлы Д. «Ұран» газеті // «Алаш» қозғалысы (құраст: Тілешов Е., Қамзабекұлы Д., Нұрахмет И.). Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2008. – 324 бет.
  8. Набиоллаұлы Ж. «Ұран» қалай табылды? //«Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.
  9. Қараш Ғ. «Ұран» газеті туралы. «Ұран», 1 қыркүйек 1917 ж. // «Ұран» газеті. 1917-1918. Орал, 2014. – 400 бет.
  10. Аймауытов Ж. Алты томдық шығармалар жинағы. Т.1., Алматы: «Ел-шежіре», 2013. – 384 бет.
  11. Қараш Ғұмар. Замана. Алматы: Ғылым, 1994. – 194 бет.
  12. Нұрпейіс К. Ғабдолғазиз Мұсағалиев // «Алаш» қозғалысы (құраст: Тілешов Е., Қамзабекұлы Д., Нұрахмет И.). Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2008. – 324 бет.
  13. Абдрахманова Р. История становления и развития народного образования Западного Казахстана (1841-1941). Диссертация на соискание ученой степени кандидата исторических наук. Уральск, 2010. – 152 стр.
  14. Кенжәлиев И. Ғұмар Қараш. Орал, 2004. – 136 бет.
  15. Муттайрова Т. ХХ ғасырдың басындағы ұлттық демократиялық ағымдағы қазақ зиялыларының бірі Ғабдулғазиз Мұсағалиевтің қызметі // ҚазҰУ хабаршысы, заң сериясы, №2 (54), 2010 ж.

Түтіні түзу ауыл-аймақ

Күні: , 27 рет оқылды

DSC_1281


Бөрлі ауданына қарасты Пугачев ауылдық округінің 2600-ге жуық тұрғыны бар. Бұл ауыл-аймақтың құрамына округтің орталығы Пугачев елді мекеніне қоса, Бесағаш, Бестау, Пепль атты ауылдар кіреді. 2010 жылдан бері үшбу округтің әкімі Талғат Қазжановтың (суретте) айтуынша, 13 ұлт-ұлыстың өкілдерінен құралған аталмыш ауыл-аймақтың халқы тату-тәтті ғұмыр кешіп, іске ілкімділері кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейте түсуде.


Ең бастысы, бұл округте 359 оқушысы бар қазақ-орыс тілдерінде білім беретін мектеп, 50 балдырғанға арналған балабақша, мәдениет үйі мен отбасылық-дәрігерлік амбулатория секілді әлеуметтік нысандар жүйелі жұмысынан жаңылған емес.

Пугачев ауылдық округі Бөрлі ауданының орталығы һәм Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кен орнының «астанасы» Ақсай қаласына таяу орналасқандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп-өткізуге бек қолайлы. Әсіресе, ет-сүт пен бау-бақша өнімдеріне сұраныс жоғары. Сол себепті Игорь Шайдецскийдің «Premium Foods» жеке кәсіпкерлігі мен «Агровик» ЖШС (жетекшісі Виктор Колесников), «Овощевод» шаруа қожалығы (жетекшісі Виктор Гуренко) секілді агрокәсіп нысандары әлгіндей сұранысты қанағаттандыруға әбден төселген. Тіпті «Premium Foods» жеке кәсіпкерлігі сиыр етімен «ҚПО б. в» компаниясының сұранысын қанағаттандыруға қоса, өз өнімдерін Атырауға дейін жөнелтіп отыр. Қазірдің өзінде тілге тиек болып отырған ауыл-аймақтың аумағында 22 шаруа қожалығы мен екі ЖШС қалыпты жұмыс істеп, округтің біраз тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Ал енді биыл

Пугачев ауылдық округінде және бес шаруа қожалығы ашылмақ. Олардың үшеуі мал шаруашылығымен, біреуі картоп егумен айналыспақ ниетте болса, енді біреуі алма бағын қолға алмақ. Мәселен, Дмитрий Брагин биылғы көктемде 6 гектарға алма көшеттерін егіп, болашақта ауылдың алма бағының аумағын 30 гектарға дейін ұлғайтпақ. Әрі оның таяу келешекте алма шырыны мен алма пюресін шығаратын шағын цех ашпақ ойы бар. Ал Бөдеров Талғат тамшылатып суару арқылы қияр-қызанақ, қауын-қарбыз және картоп сықылды бақша өнімдерін өсіріп, ең әуелі жергілікті тұтыну нарығына ұсынбақ. Жаңадан шаңырақ көтеретін шаруа қожалықтары бірнеше кісіге тұрақты жұмыс ұсынары кәміл. Осының өзі – әжептәуір әлеуметтік жетістік.

СВА в Пугачево (прием)Кар тазалау1Әрине, Пугачев ауылдық округінде де өзіне тән мәселе-проблемалар баршылық. Мысалы, округ орталығына жаңа мектептің керектігі мен электр желілерінің ескіргендігі, ауылішілік жолдарды жөндеу және аудан орталығына аутобус қатынасын жүйелі жолға қою секілді көкейкесті шаруалар жақында Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов қатысқан ауылдық округ әкімі Талғат Қазжановтың ауылдастары алдында есеп беру жиынында айтылды.

Өткен қараша айында Пугачев ауылында болғанымызда, ауылдық қоғамдық кеңестің төрайымы Майра Селбаевамен әңгімелесудің сәті түсті. Педагогика саласының ардагері Майра апай өз сөзінде 13 ұлт-ұлыстың өкілдерінен құралған ауылдастарының ынтымағын нығайтып, ырысын молайтуда ауылдық қоғамдық кеңестің айтулы әсер-ықпалы бар екендігін атап өтіп, өзінің медиациялық үдерістерге де атсалысып жүргендігін айтқан еді. Бәлкім тентек-телісі мен ұры-қарысын өздігінен тия алмай отырған кейбір ауыл-аймақтарға пугачевтықтардың үшбу іс-тәжірибесіне назар аудару артықтық етпес. Біз іссапар барысында жергілікті жұрт пен ауылдық билік арасында түсіністіктің, өзара сыйластықтың қалыптасуына уақтылы ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларының да оң әсерін байқадық.

— Наурыз мейрамы, Құрбан айт, Жеңіс күні, Жаңа жыл секілді үлкен-кішіге бірдей ортақ мереке және Қайырымдылық айлығы кезінде өзіміздің кәсіпкер ауылдастарымызға қоса, аудан орталығындағы «Қарашығанақтехсервис» ЖШС (директоры Марат Иғамбергенов), «Шапағат» ЖК (жетекшісі Балзия Көшова), «Ақсай астық өнімдері комбинаты» АҚ (басшысы Роман Герасимчук), «Конденсат» АҚ (бас директоры Эдуард Жүнісов) сияқты мекеме-кәсіпорын басшылары жиі демеушілік танытады. Өткен күздегі қайырымдылық айлығы кезінде 150-дей ардагер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсеттік, — дейді ауыл ағасы Талғат Кенжеғалиұлы.

Пугачев ауылдық округінің әкімдігі 2016 жылы аяқталған жария ету (легализация) науқаны бойынша да аудан көлемінде алдан көрініп, былтырдың өзінде 22 нысанның жария етілуіне ұйытқы бола білді. Бұған қоса осы округте аумағы 10 сотықтан 198 жер теліміне күні бүгін электр жарығы, көгілдір отын мен су секілді инфрақұрылымдық игіліктер жеткізілулі. Бұл – Бөрлі ауданы мен аталмыш ауыл-аймақ басшылығының Елбасының тапсырмасына сәйкес жүзеге асуы тиіс «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына күн ілгері қамданысын айғақтайтын айшықты мысал.

Бауыржан САЛЫҚҰЛЫ,

Бөрлі ауданы


Емен-жарқын пікір алмасты

Күні: , 52 рет оқылды

Ел  дамуына  тың  қарқын  беретін  құжаттар  талқыланды

PRI_39036


«Қазақстан – 2050»  жалпыұлттық  қозғалысының  бастамасымен,  Жәңгір  хан атындағы  Батыс  Қазақстан  аграрлық-техникалық  университетінің  залында  саяси  реформа аясында  іске  асырылатын конституциялық  өзгерістер мен Елбасының  «Қазақстанның  үшінші  жаңғыруы:  жаһандық  бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының  маңыздылығын  талқылаған  басқосу  болды.  Дискуссиялық  алаңға  жастар,  ардагерлер, ғылым  және  шығармашылық,  бизнес  өкілдерімен  пікір алмасуға  облыс әкімі Алтай Көлгінов,  ҚР Парламенті  Сенатының депутаты  Бірғаным  Әйтімова,  ғалым Қазыбай  Бозымов, облыстық  кәсіпкерлер  палатасының  аймақтық  кеңесінің  төрағасы, «Конденсат»  компаниялар  тобы  директорлар  кеңесінің  төрағасы  Валерий  Жүнісов, «Қазақстан – 2050»  қозғалысының облыстық  филиалының жетекшісі  Айгүл  Түркина келді.  Еркін пікір  алмасу  сипатында өткен  жиынды  «Қазақстан – 2050»  жалпыұлттық  қозғалысы  кеңесінің  төрағасы  Мұхтар  Манкеев  жүргізіп  отырды.


Елбасының белгілеген саясаты – Қазақстанды алға қарай жаңғырту.  Жолдауда елдің кезекті жаңғыруына, технологиялық жаңғыруына басымдық берілген.  Жастарға мысал ретінде айта кетейін, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жүргенімде, кейбір жоқ кітаптарды онлайнмен, тіпті бір кітапты Австралиядан сатып алғанмын. Қазір бізде осындай жағдай бар ма? Біз көптеген нәрседен қалып қойған жайымыз бар. Елбасы соны айтады. Жаңғырту керек, электрондық банкинг, электронды қызметтерді көрсетуді өзімізден бастағанымыз жөн.  Біз тұтынушыға, яғни азаматтарға сапалы қызметтерді көрсетуіміз керек. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 1-қадамда мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру көрсетілген. Бұл да – жаңғыру, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Өңір басшысы Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай өңірде атқарылатын алдағы экономикалық жаңғырту жұмыстарының жай-жапсарын әңгімеледі. «Елбасы Жолдауда ауылды дамыту, әрбір кәсіпкерге 16 миллион теңгеге дейін төмен пайызбен несие беруді нақты көрсетті. Нарықта шектеу жоқ, өйткені біз Еуразиялық экономикалық одақтамыз, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеміз. Іргемізде нарығы ауқымды Қытай тұр, етті апара берсең де жетпейді. Алысқа бармай-ақ, сол елге экспортымызды бағыттайтын болсақ, сондай-ақ Ресейге өткен жылы 2 мың тонна ет шығардық. Ол көлем де әлі аздық етеді. Негізі, өңірдің әлеуеті одан жоғары.  Осы мүмкіндіктерді пайдалансақ, бұл да жаңғыруға септігін тигізеді», – деген облыс  басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелерін атап көрсетті. Жолдауда көрсетілгеніндей, адами капиталды дамыту мәселесіне байланысты күллі еліміздегідей өңірде де бірқатар шаруалар атқарылған.

– Биылдың өзінде 200 мектепке техникалық сабақтарда жаңа форматтағы сандық зертханаларды қолдануға  жоспарымызды бекіттік, қаражатты бөлдік. ҚР Білім және ғылым министрлігімен, тиісті орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай жұмыстарды атқармақпыз. Өте өзекті мәселелерді қамтитын, заманауи талаптарды алдымызға қойып отырған – Жолдау. Өткенде Елбасы әлемге танымал кәсіпкер  Джекманмен кездескенін білесіздер. Өз күшімен үлкен дәрежеге қол жеткізген Джекман: «Таңертең тұрмай, ұйықтап қалсаң, артта қалып қоясың. Таңертең тұрдың ба, жүгіруің керек,  қазіргі заманда жай жүрсең, өзгелер озып кетеді»,  – дейді.  Сондықтан жастарға айтарым, бірлесіп атқаратын жұмыстарымыз көп», – деді Алтай Көлгінов.

Басқосуда Жолдаудың басым бағыттары сөз болды.  Сенат депутаты  Бірғаным Әйтімова Мемлекет басшысының Жолдауының жастарға бағытталғанын айта келіп, жас толқынның ІТ білімді, қаржылық сауатты, елжанды болулары керектігіне екпін түсірді.

Өйткені осының  барлығы жастардың санасында мемлекетіміздің жаңа даму кезеңінде қажетті, өмір үшін маңызды жаңа дағдылар мен қабілеттерді қалыптастырады. Сонымен қатар жастарға тегін кәсіптік білім беру жайы да қозғалды. Облыс басшысының айтуынша, биылдан бастап облыстағы 22 колледжде 2700 жас тегін техникалық білім алмақ.

Ашық алаңға қатысушылар Жолдаудың төртінші бөліміндегі Елбасының «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген тапсырмасына орай алдағы міндеттерді саралады. Өткен жылы өңірден 60 мың тонна астық, 2 мың тонна ет  экспортқа шығарылды.  Облыстың ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті бұдан да мол жетістікке жетуге болатынын айқындайды. Жалпы, елімізде ғылым мен өндірістің байланысын тереңдету, ғылым жетістіктерін өндірісте батыл пайдалану, ғалымдардың еңбегін коммерцияландыру мәселе-лері  сөз  болды.

– Өңірімізде экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімдерін шығара аламыз. Бұл жайында Елбасының алдында өңір басшысы Алтай Көлгінов нақты баян етті. Екіншіден, біз шикізат өндіреміз. Ал шикізатты өндіріп,  халықаралық  нарықта орын табамыз деу бекер. Сондықтан оны өңдеуден өткізіп, сапасын көтеріп,  сақтап, оны  тасымалдап, қалай сатуымыз керек деген сұрақтарға Жолдауда бағыт-бағдар көрсетілген, – деген ғалым Қазыбай Бозымов Жолдаудағы агросаланы дамытудың міндеттеріне кеңінен тоқталды. Оның ішінде субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастыру, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің жүйесін құру, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттыру, жерді пайдалану тиімділігін көтеру, суармалы егіс алаңын бес жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, екі миллион гектарға жеткізу, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми-зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін ұлғайту мәселелерін жіліктеп түсіндіріп берді.

«Университет жанынан Ақжайық тұқымды  етті-жүнді 3 мыңнан астам қой өсірілуде. Жылына 35-40 тонна ет тапсыра аламыз. БҚАТУ-дың 10 мың гектар жері, 350 млн. теңгенің техникасы бар. Бекіре өсірілуде, оның уылдырығын өндіруге патент алынды», – деген ғалымның сөзіне орай облыс басшысы батысқазақстандық ғалымдардың ғылыми идеяларын іске асыру бағытындағы пилоттық жоба  жасауға  ұсыныс  тастады.

– Кәсіпкерлік қауымдастығы болып, ауыл шаруашылығын, өңдеу саласын дамыту жайында пікірлестік. Бұрында атақты Орал ет комбинаты жұмыс істеді. Студент кезімде Сібірде, Иркутскіде жүріп, осы комбинаттан шыққан ет қалбырын көргенімде, кеудемді қуаныш кернеді. Оралдың халқының жартысы жұмыс істейтін,  100 мың тонна ет өңдейтін бұл комбинат құрыды. Сонымен бітті десек, «Кублей», «Жайық-ет», «Батыс Марка Ламб» кәсіпорындарының басшылары өндірісті даңғазасыз жолға қойды. Олар мемлекетті көп мазалаған жоқ. «Кублей»  шағын кәсіпкерліктен бастады, ал бүгінде 10 мың тонна ет және балық өңдейтін  үлкен кәсіпорынға айналды.  Бүгінгі күні оның әлеуеті 35 мың тоннаға жетуге қалды. «Жайық ет» те құлашын кеңге жайды. Сөйтіп, өңдеушілер  және өзгелері бар кеңестік замандағы ет өндіру көлеміне жеттік. «Белес-Агро» компаниясының басшысы Мұрат Жәкібаев мемлекеттің қолдауын көрді, оны орынды пайдаланып, шаруасын тез көтеріп алды. Ол нарықтан орнын тапты. Қытаймен келісім жасап, өнімдерін сертификаттап, ол жаққа дән емес, астық, макарон өнімдерін өткізуде. Мұрат өзінің алғырлығының арқасында өңірден бірінші болып, Еуропаға емес,  Азияға терезе «ашты». Осы ашылған тереземен өзге де кәсіпкерлер барады деген ойдамын, – деді шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайындағы ойымен бөліскен облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы  Валерий  Жүнісов.

Ал «Қазақстан – 2050» қозғалысының облыстық филиалының жетекшісі Айгүл Түркина билік, кәсіпкерлік және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы үш жақты байланысты нығайту мәселелерін зерделеді. «Егер кәсіпкерлік азаматтық бастамалар алаңы ретінде мемлекетпен қатар ҮЕҰ-ларды дамытуға гранттар бөлетін болса, біздердің арамызда әлеуметтік әріптестік қалыптасады», – деді ол. Ашық алаңға жиналғандар екі саяси құжатқа қатысты өз ой-пікірлерін айтып, орынды ұсыныстарын да білдірді. Жастар жағы өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып,  тиісті  жауаптарын  алды.

«Біз бұл басқосуда өңірлердегі, аудандардағы тұрғындар, жалпы қоғам осы болатын өзгерістерге дайын ба, іске асырылатын конституциялық өзгерістер, саяси реформалар  қоғамға  қалай жетті, олар бәрін біледі ме деген сұрақтарға жауап беру үшін ұйымдастырдық. Қазір осы жиыннан нақты 3-4 жоба туындады. Солармен әрі қарай  жұмыс жасаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді   «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев. Оның айтуынша, мұндай басқосу елімізде бірінші рет Оралда өтті. Ал өзге өңірлерде ақпанның 25-іне дейін өтеді. Талқылау барысында айтылған ұсыныс-пікірлер Президент  әкімшілігіне  жолданады.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Тұрғындар назарына!

Күні: , 26 рет оқылды


Ақпанның 10-ы  күні жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00 мен 12.00 аралығында Батыс Қазақстан облысы ІІД кіші порталында /http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/zko/ZKO/ «Азаматтардың уақытша тіркелуі жөніндегі мәліметтер» тақырыбында интернет-конференция өтеді.


ІІД кіші порталына онлайн режимінде келіп түскен сұрақтарға БҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері жауап береді.

Егер сұрағыңыз болса, сізге алдымен кіші порталға тіркеле отырып, «Тіркелу» сөзін басып (кіші порталдың оң жақ бұрышында орналасқан), берілген тиісті нысандағы сауалнаманы толтыру қажет. Тіркелгеннен кейін «Мультимедиа» бөліміне кіріп, «Конференция» бөлімін таңдау арқылы аталған конференцияға қатысты сауалыңызды қалдыра аласыз.

БҚО ІІД баспасөз қызметі


«Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 100 жер телімі бөлінбек», — дейді Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Молдашев

Күні: , 66 рет оқылды

DSC_0039


Сейсенбіде өңіріміздегі құрылыс саласының мамандары ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Брифингте облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиев пен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Молдашев құрылыс саласы бойынша өңірімізде былтыр атқарылған және биыл жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде баяндады.


— Өткен жылы «Өңірлерді дамыту – 2020» және «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін көп пәтерлі 16 үйге және бір пәтерлік 25 тұрғын үй құрылысына, сондай-ақ 39 нысанның инженерлік-коммуника-циялық инфрақұрылымына 16,7 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде тұрғын үй құрылысына 11 883,8 млн. теңге, нысандардың инфрақұрылымы құрылысына 4 835,3 млн. теңге бөлінген. Жоспар бойынша өткен жылы 189,3 шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілуі тиіс болатын. Бірақ 2016 жылы барлық қаражат көздері-нен бөлінген қаржыға 275,4 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бұл жоспарланған жұмыстан 45 пайызға артық. Жоғарыда 39 нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатқанын айттық, соның 20-сы немесе 335,5 шақырымдық инженерлік желі құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 19 нысан 2017 жылға өтті. 5 178 жер теліміне инженерлік желілер тартылды. Ал енді әлеуметтік нысандар құрылысына келер болсақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шыңғырлау ауданы орталығында 290 орындық балабақша құрылысы жүргізіліп, ол аяқталды. Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа тұрғызылған бұл нысанның құны – 531,235 млн. теңге. Биыл екі мектеп, атап айтсақ, Зашаған кентінде 900 орындық және Деркөл кентінде 600 орындық мектеп салынбақ. Бұл нысандардың құрылы-сына Ұлттық қордан 293,2 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ Зеленов ауданына қарасты Озерный ауылында 48 орындық мектеп салынып, пайдалануға берілді. Құны 216,3 млн. теңгені құрайтын бұл мектеп жергілікті бюджет қаражатына салынған. Сонымен қатар Қазталов ауданы орталығында 100 орындық мектеп-интернат құрылысы жүргізілуде. Құны 286,5 млн. теңгені құрайтын бұл нысанның құрылысы биыл аяқталмақ. Денсаулық саласы бойынша өткен жылы 300 орындық көп салалы қалалық аурухана салынып, пайдалануға берілді. Жоба құны 8,2 млрд. теңгені құрайды. Ағымдағы жылы Сырым ауданындағы Өлеңті көлтабандық суармалау жүйесін қайта құру жұмысын бастауға жергілікті бюджеттен 18,0 млн. теңге қаражат бөлініп, ол толықтай игерілді. Нысан құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Бұдан басқа аудандық бюджет қаражатына Сырым ауданы Шолақаңқаты өзенінің су жіберу құрылғысын қайта жаңарту басталды. Жоба құны – 103,6 млн. теңге.

Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілді. Мысалы, былтыр «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша алты ауылдық елді мекенді сумен қамту үшін жергілікті бюджеттен 378,9 млн. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа Қазталов ауданы Нұрсай ауылындағы және Қазталов ауданының орталығындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта құру, Қазталов ауданы Жалпақтал ауылындағы, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылындағы, Жәнібек ауданы орталығындағы, Жаңақала ауданы Пятимар ауылындағы су құбырларын қайта құру жұмысы жүргізілді.

Ал енді ағымдағы жылы жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарға тоқталар болсам, биыл әлеуметтік нысандар құрылысына барлығы 5 632,811 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған, соның ішінде Ұлттық қордан – 4 305,799 млн. теңге, республикалық бюджеттен – 401,403 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 925,609 млн. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа бір мәдениет нысаны және үш мектеп салынбақ. Атап айтсақ, Теректі ауданы Подстепный ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілмек, бұған ағымдағы жылға 163,8 млн. теңге (ЖБ) бөлінді. Және үш мектеп құрылысы, нақтырақ айтсақ, Деркөл кентінде 600 оқушыға арналған мектеп құрылысы (2-кезең), 2017 жылға бөлінген қаражат – 1 062,5 млн. теңге (ҰҚ). Орал қаласында №4 жалпы білім беретін мектептің құрылысы жүргізілмек. 300 орындық бұл мектеп құрылысына 2017 жылы 605,0 млн. теңге (ҰҚ) бөлінді. Сондай-ақ Зеленов ауданы Дариян ауылындағы 100 оқушыға арналған интернаты бар мектеп құрылысы да қолға алынбақ. Бұл нысанға 401,4 млн. теңге (РБ) бөлінді. Мектеп құрылыстары 2018 жылға ауыспалы, – деген облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиев ағымдағы жылы «Өңірлердің дамуы – 2020» бағдарламасы аясында «Ақбұлақ» бағыты бойынша тағы 31 жобаның жүзеге асырылатынын айтты. Оның сөзінше, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін барлығы 3,4 млрд. теңге бөлінген. Соның ішінде республикалық бюджеттен 2,8 млрд. теңге (25 сумен жабдықтау нысанының құрылысына) және жергілікті бюджеттен 0,6 млрд. теңге (алты сумен жабдықтау нысанының құрылысына) бөлінген.

Жиын соңында журналистер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, бұған сала басшылары нақты жауап қайтарды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Клара ҚАМБЕТОВА,

«Қазақстан – Орал» телеарнасы:

— Биыл жер кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімі беріле ме? Бұрын Северный аумағынан 900 гектар жер телімі осы мақсатқа беріледі деген ақпарат бар еді, сол хабар не болды?

Марат МОЛДАШЕВ,

қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

— Бұдан біраз уақыт бұрын осындай хабардың болғаны рас, бірақ қазіргі уақытта жер телімі берілетін аумақ өзгерді. Бұрын тұрғындарға жер телімін бөлуге жоспарланған Самара – Орал трассасы аумағы инфрақұрылым жұмыстарын жүргізген кезде көп қымбатқа түсетін болды. Сондықтан тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлуді Рыбцех аумағынан  қарастырдық. Бұл жер Деркөл жақта, қаладан көп қашық емес. Аталған аумақ негізінен ауыл шаруашылығы мақсатына бөлінген, қазіргі уақытта бұл аумақтың құжаттарын ауыстырып, тұрғын үй құрылысы мақсатына аударып алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Құжаттама жұмыстары  аяқталғаннан кейін ол жерге инженерлік желі жүргізу жұмысы жоспарлануда. Бұған әлі біраз уақыт керек. Содан кейін белгіленген жер теліміне тұрғын үй құрылысын жүргізуді бастаймыз. Әзірше анық болып тұрғаны – биыл аталған аумақтан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 100 жер телімі бөлінді. Бұйырса, сол жерлерге тұрғын үйлер салынбақ. Жер телімі бұдан әрі қарай да осы аумақтан берілмек. Бұл жөнінде БАҚ-та қосымша хабарланатын болады.

Бағдат ІЗМАҒАНБЕТ,

модератор:

— Ипотекалық несиеге салынған кейбір үйлердің сапасына тұрғындар  наразы. Мұны біз БАҚ арқылы көріп, біліп жүрміз. Осы бағытта арыз-шағым болған жағдайда сіздер қандай іс-шара қолданасыздар және мердігерлер тарапынан қандай амалдар жасалуда?

Марат МОЛДАШЕВ,

қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

— Соңғы кездері несиеге салынған үйлер сапасына тұрғындар тарапынан наразылықтардың болғаны рас. Біз тұрғындардың шағымы бойынша мердігер хабарласып, жұмыстанамыз. Ал мердігерлер өз кезегінде үй құрылысында кеткен кем-кетіктерді түзеп, тұрғындардың ризашылығын алып жатады. Бұған нақты мысалдар келтіруге болады.


Сақ болыңыз! Сақылдаған сары аяз!

Күні: , 39 рет оқылды

gradusnik


«Қазгидромет» РМК-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының мәліметіне қарағанда, осы аптаның сенбі-жексенбі күндері Орал қаласы мен облыстың көптеген ауданында күн қатты суық болады. Облыс орталығы мен өңіріміздің көптеген бөлігінде түнгі уақытта ауа температурасы -27 градусқа, тіпті кей жерлерде -32 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіздің өзінде кей  жерлерде, соның ішінде Орал қаласының аумағында да -25º сақылдаған сары аяз салтанат құрмақ. Сол себепті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ел-жұртты қатты аяз кезінде өте сақ болуға және қауіп-қатердің алдын алу үшін мына қауіпсіздік шараларын мүмкіндігінше орындауға шақырады:


— Қатты аязда аса бір қажет болмаса, далаға шықпаңыз. Балаларыңызды ойнауға жібермеңіз! Сыртқа шықсаңыз, барынша жылы киініңіз. Егер көшеде тоңған бала мен қарияны байқасаңыз, олардың жылы жерге жетуіне жәрдемдесіңіз;

— Үйді жылыту кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз, электр желісінің, қолдан жасалған электр жылытқыштарының шамадан артық жүктелуіне,  пештің балқуына жол бермеңіз. Үйдегі жылуды сақтаңыз!

— Жолға шыққанда мұқият болыңыз! Негізі, күн қатты суық кезде алыс жолға шықпағаныңыз жөн!

Ал жеке аутокөлігіңізбен жолға шығу аса қажет болған жағдайда:

— аутокөлігіңіздің төмен температурада жұмыс жасауын қадағалаңыз;

— көлікті басқару кезінде қауіпсіз қашықтықты сақтаңыз, барынша тежегішті күрт баспаған, кілт бұрылмаған ләзім;

— жылдамдықты күн райына қарай таңдаңыз;

— бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкін ТЖД, ІІД құрылымдарының ұсынымдарына құлақ асыңыз;

— егер де сіз алыс жолға шығуға жиналған болсаңыз, өзіңізбен бірге жылы киім-кешек, тағам мен сусын, қажетті құрал-жабдықтарды алуды ұмытпаңыз.

Егер қиын жағдайға душар болсаңыз, 112 және 101 телефондарына қоңырау шалыңыз.

БҚО төтенше жағдайлар департаменті,

Мемлекеттік  тіл  және  ақпарат тобы


Ел-жұрт алдында есеп бермек

Күні: , 32 рет оқылды

IMG_9712


Қазақстан Республикасы Президентінің  «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығын орындау мақсатында облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгінов 2017 жылдың 17 ақпанында сағат 10.00-де жұртшылық өкілдерімен есеп беру кездесуін өткізеді.


Бұл шара облыс орталығындағы теннис орталығы ғимаратында өтеді. Мекенжайы: Орал қаласы, Астана шағынауданы, «Құрылыс 17».

Облыс тұрғындары облыс әкімінің есебі бойынша өздерінің ұсыныстарын, ескертпелері мен үнқосуларын Орал қаласы мен аудандарда орнатылған арнайы жәшіктерге салуларына болады. Сондай-ақ ұсыныстарды kense@bko.gov.kz электронды поштасы және облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің редакцияларына жолдауға болады.

Ұсыныстар мен ескертпелерді жолдағанда жіберушінің аты-жөні, тұратын мекенжайы мен байланыс телефоны көрсетілуі керек.

Облыс әкімінің аппараты


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика