Мұрағат: 06.02.2017


Ел экономикасын дамытуға қажетті әлеует бар

Күні: , 97 рет оқылды

94рапвпаорвлда


Өткен жұма күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда еліміздің 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары талқыланды.


Алқалы жиынды Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жүргізіп отырды. Ол алдымен биылғы жылдың басы маңызды оқиғаларға толы болғанына тоқталып, Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет саяси реформаны іске асыруды бастағанын баяндады.

Осыған орай қазіргі күні мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өкілеттіліктерді бөлу бойынша заң жобасы әзірленуде. «Әлем экономикасындағы күрделі жағдайларға қарамастан, өткен жылды біз оң нәтижелермен аяқтадық, ішкі жалпы өнім өсімі 1 пайызды құрады. Оған бірінші кезекте сіздің дағдарысқа қарсы бағдарламаларды қабылдау жөніндегі тапсырмаңыздың арқасында қол жеткіздік. Жалпы, Үкімет экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған барлық тап-сырмаларыңызды орындады», — деді Б. Сағынтаев.

Үкімет басшысы сонымен қатар Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларды мүлтіксіз орындау биылғы жылы Үкіметтің негізгі міндеті болып табылатынын атап өтті.

 

Өткен жылға өкпе жоқ

 

Бұдан әрі елдің экономикалық ахуалы жайында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов есеп берді. Министрдің мәліметінше, өткен жылы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер сыртқы жағымсыз факторлардың ықпалына қарамастан, жақсы деңгейде сақталды.

Өткен жылдың басында тауарлық нарықтарда әлемдік бағалар біршама төмендеді. Соған қарамастан, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының, салалық бағдарламалардың, Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы жоспарының аясында қабылданған шаралар еліміздегі экономикалық өсім мен макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өткен жылы экономиканың өсіміне ауыл шаруашылығы, көлік, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс тәрізді салалар оң ықпалын тигізді. Сонымен қатар 2016 жылдың қорытындылары бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі 5,1 пайызға, яғни 7,7 трлн. теңгеге дейін артты. Инвестициялардың айтарлықтай өсімі ауыл шаруашылығында, таукен өнеркәсібінде, саудада, жылжымайтын мүлікпен операцияларда байқалды.

Министр биылғы жылы ведомствоның Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының аясында берілген тапсырмаларды, басымдық берілетін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға басты назар аударатынын, сонымен қатар бизнесті жүргізу үшін жағдайларды жақсарту жұмыстарын әрі қарай жалғастыратынын баяндады. «Біздің болжамдарымызға сәйкес, ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша экономиканың 2%-дан кем емес өсіміне үміт артып отырмыз. Салалар бойынша машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, азық-түлік өнімдерін өндіру едәуір өсім береді. Сонымен қатар ауыл шаруашы-лығында, құрылыс секторында, көлік пен логистикада одан әрі өсім болады деп болжап отырмыз», — деді Т. Сүлейменов.

 

Игеретіндерге ғана ақша беру керек

 

Ал өткен жылдың бюджетінің орындалуы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Былтырғымен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірістері 1,3 трлн. теңгеге немесе 25 пайызға өскен. Бұл Ұлттық қордан ақша алуды 370 млрд. теңге сомасына азайтуға мүмкіндік берді. Шығыстар 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн. теңгеге артық жүргізілген. Жыл қорытындысы бойынша, республикалық бюджеттегі үнем 110 млрд. теңгені құрады.

2016 жылы республикалық бюджеттің де, жергілікті бюджеттердің де барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды. Сонымен қатар өткен жылы 472 млрд. теңге бөлінген «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жылдық бөлігі толық жүзеге асырылды. «Заңдастыру науқаны аяқталды. 5,7 трлн. теңге заңдастырылды, бұл бастапқы болжамдардан біршама артық. Өткен жылы жалпы сомасы 31 млрд. теңгеге 147 нысан жекешелендірілді», — деді Б. Сұлтанов. Әрине, министрдің баяндамасына сүйеніп, жұмысында мін жоқ дей алмаймыз. Мәселен, өткен жылы бюджеттегі 36 млрд. теңге игерілмеген. Осы ретте Мемлекет басшысы бұл қаржыны әйтеуір игеру керек екен деп, «қалай болса, солай» жұмсауға болмайтынын қатаң ескертті.

«Игеру деген термин бар. Жыл бойы ақша алынбайды. Сосын жыл соңында әйтеуір игеру керек деп ол ақшаны оңды-солды шаша бастайды. Бюджетті қорғау кезінде министрліктер ақша сұрайды. Соңында ақшаны игере алмайды. Яғни олардың сұрауы негізсіз болған. Ендеше, ол ақшаны игеріп жатқандарға беру керек. Бәрі тек ақша алуды ойлайды. Ал сен бәріне таратасың. Саған мемлекеттің қазынасы тапсырылған. Сен мемлекет ақшасын қорғап, үнемдеуің керек», — деді Н. Ә. Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы Б. Сұлтановқа мемлекет қаржысын тиімді пайдалану жолын іздеу қажеттігін бұған дейін де бір мәрте айтқанын еске салды. «Енді, міне, екінші ескертіп отырмын. Байқа, үшіншісі жаман болады», — деді Елбасы министрге.

«Біздің барлығымыз мемлекеттік қызметшіміз. Мемлекетке, халыққа қызмет етуіміз қажет. Ендеше, қызмет етейік. Мемлекеттің әрбір тиынын үнемдеу керек.

Ысырап болмауы тиіс. Сіздерге бюджет берілді. Сіздер қалай үнемдеу керектігін ойлауға тиістісіздер. Егер үнемдейтін болса, онда оларға бөлу қажет», — деді Мемлекет басшысы.

 

Кедергі келтіргендер жазаланады

 

Еліміздің қаржы секторындағы жағдайды Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев баяндады. Бас банкирдің мәлімдеуінше, Қазақстанның қаржылық ахуалына алаңдаушылық жоқ. Жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Мысалы, еркін айырбас бағамы режиміне көшіп, экономика субъектілері жаңа жағдайға бейімделгеннен кейін теңгенің айырбас бағамы тұрақтанған. Ол объективті факторларға сәйкес келеді және өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. «Мұның барлығы да Ұлттық банктің валюта нарығына араласуынсыз жүріп жатыр. Біз 2016 жылдың қыркүйегінен интервенция жүргізбейміз. Бұл саясат алтын-валюта қорын сақтауға жағдай туғызады. Осы жылдың қаңтар айының соңында елдің Ұлттық қорының валюталық активтерін қоса алғандағы алтын-валюта резерві 92 млрд. долларға жетіп қалды. Бұл – 2015 жылдың соңындағы деңгейден жоғары. Ол кезде 91,3 млрд. доллар болған еді. Іс жүзінде бұл өзіміздің алтын-валюта қорымызды сақтауға мүмкіндік береді», — деді Д. Ақышев.

Елбасы Ұлттық Банктің жұмысына жалпы көңілі толатынын білдірді. «Өткен жыл өте ауыр болғанына қарамастан, Ұлттық Банк жақсы жұмыс істеді. Енді Банктің мүмкіндіктерін заң арқылы күшейтуді тапсырып отырмын. Осындай құқық беру керек. Ұлттық Банктің жұмысына килігуді елдің қаржы саласына килігу деп санап, жазалау керек. Көріп отырмын, Ұлттық Банк тәртіпке келтірілген сайын Ұлттық Банктің төрағасына шабуыл күшейіп жатыр», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы банк жұмысын ретке келтіруге кедергі жасаушыларға шара қолданылатынын айтты.

Мемлекет басшысы сондай-ақ елдегі екінші деңгейлі банктердің біріктірілуі туралы да пікірімен бөлісті. «Банктер әлсіз. Солай емес пе? Әлемде дағдарыс болған кезде «Exxon» және «Mobil» сияқтылар бірігіп кетті. «Shell» мен «British gas» бірікті. Біріктірілсін. Акционерлер өздерінің банктерін сақтағысы келсе, қаржыларын салады. Банктерді құтқарудың басқа жолы жоқ. Олар өмір сүре алмаса, экономикаға керек емес», — деген Президент Ұлттық Банк төрағасын батыл әрекет етуге шақырды.

 

Ауылдың даму болашағы – кооперативтер

 

Өткен жыл еліміздің аграрлық секторы үшін табысты болды. Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, биылғы және алдағы жылдарда да біраз биіктерді бағындыруға мүмкіндік бар. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз Жолдауда алға қойған тапсырмаларды орындау үшін тиісті шаралар атқарылды. Бірінші тапсырма – субсидиялау принциптерін қайта қарау. Осыған орай 11 тиімсіз субсидиялау түрі алынып тасталып, 35 субсидиялау түріне нормативтік өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларының қамтитын ауқымы 7,5 есеге ұлғайды. Әсіресе, ұсақ шаруашылықтар мен кооперативтер көбірек қамтылды. Басты назар соңғы нәтижеге, яғни өнімділікке және өңдеу қуаттарына аударылды», — деді А. Мырзахметов.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қосалқы және шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, тиісті инфрақұрылымы бар өнімдерді қайта өңдеуді арттыру жұмыстары да жолға қойылыпты. Соның арқасында 15 мың қосалқы шаруашылықты қамтитын 157 кооператив құрылған. Олардың базасында жүзден астам сүт қабылдау пункті мен жеті мың бордақылау алаңы ашылған. Асқар Мырзахметовтің айтуынша, кооперативтердің қатары екі есеге дейін ұлғаймақ. Жалпы, ауылдың болашағын кооперативтермен байланыстырсақ, артық емес.

Асқар Мырзахметов Елбасы жүктеген еңбек өнімділігін арттыру мен өндіріс шығындарын азайту, жерді тиімді пайдалану және суармалы жерлерді кеңейту, аграрлық ғылым саласына салынатын инвестицияны ұлғайту, азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайту жөніндегі жұмыс та нәтижелі жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Министр жайылымдарды суландыру үшін 700 құдық қазу жоспарланып отырғанын, алдағы уақытта бас-аяғы 3500 құдық салынып, 18 млн. гектар жайылымдық жер суландырылатыны туралы айтқан болатын. Осы тұста Мемлекет басшысының өзі сөзге араласып: «Қазір елде 150 млн. гектар жайылымдық жер бар. Әкімдермен әрбір құдықты қадағалап, соның төңірегінде бірнеше отар қой ұстасаңдар, еліміз үшін үлкен табыс болады», — деді Ауыл шаруашылығы министріне қаратып.

 

Инвесторларды иліктіру керек

 

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өткен жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 0,7%-ға артқанын жеткізді. Оған түсті металлургия, қара металлургия, фармацевтика және электртехникадағы өсімнің арқасында қол жеткізілген. Машина жасау саласында төмендеу байқалады. Себебі, біріншіден, тұтынушылардың сұранысы азайған. Екіншіден, өңдеуші компаниялардың жөндеу жұмыстарына сұранысы төмендеген.

Өткен жылы индустрияландыру картасының аясында жалпы құны 878 млрд. теңге болатын 13 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылған болатын. Карта аясындағы жобалардан бір жылда 2,2 трлн. теңгенің өнімі өндіріліпті. «Биыл жалпы сомасы 700 млрд. теңге болатын жүзден астам жоба жүзеге асырылады, оның 25-і алғашқы жартыжылдықта іске қосылмақ. Соның арқасында тағы 10 мың жұмыс орны ашылуға тиіс. Жалпы, өнеркәсіп жаңа ахуалдарға, теңгенің жаңа бағамына бейімделді. Жыл қорытындысы бойынша, өңдеу секторының өсімін 2%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді министр.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанда шетелдік инвесторларға барлық жағдай жасалғанын, оларға түсіндіретін адам жоқтығын Жеңіс Қасымбектің есіне салды. «Менің былтыр берген тапсырмам бар. Экспортқа, инвестицияға кім жауап береді дегенде, сен басқаратын министрлік деп айттық. Өзің де барлық елдердің «бизнес капитандарымен» кездесулерге қатыстың.

Таяуда ғана Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде болдық, осы елдердің ірі бизнесмендерімен кездестік. Оның алдында Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Америкада болдық. Олар әрқашан Қазақстанға қызығушылық танытады, бірақ осында келгенде олармен кездесетін ешкім жоқ, ешкім мәселелерін шешпейді. Не істеуіміз керек?» – деп сұрады Мемлекет басшысы.

Жеңіс Қасымбек министрлікте Инвестиция комитеті бар екенін тілге тиек еткен. «Қазір біз инвестицияны дамыту стратегиясын әзірлеп жатырмыз. «Бір терезе» принципін айқындап, Үкіметтен әрбір инвестормен келіссөз жүргізушіні белгіледік, ол – «Қазақин-вест» ұлттық компаниясы», — деді министр.

«…Маған керегі – инвесторлардың «Қазақстан өзгерді, барамыз» деуі. Бұл – бірінші. Екінші – экспортпен кім шұғылданады?» деп сауал қойды Елбасы. Бұл сауалға Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жауап берді. «Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіз айтып өткендей, Жарлығыңызға сәйкес өкілеттіктің барлығы осы министрлікке (Инвестициялар және даму министрлігі) берілді. Соған байланысты министрлікте құрылымдық өзгерістер болып жатыр», — деп түсіндірді Премьер-министр.

Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан көлік кешенін дамыту арқылы логистиканың тиімділік көрсеткіші бойынша халықаралық рейтингте 88-орыннан 77-орынға көтеріліпті. Биыл өндіріс пен экспорттың арту қарқыны басталуға тиіс.

 

Облыс әкімдерінің есебі тыңдалды

 

Кеңейтілген отырыста бірқатар облыстың әкімдері сөйлеп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер мен қабылданған бағдарламалардың қалай атқарылып жатқаны туралы хабарлады. Мәселен, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, облыстың атқарушы органдары Елбасының жуырда жариялаған Жолдауындағы міндеттерді іске асыруға кірісіп кеткен.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өнеркәсіп өндірістеріне озық технологияларды енгізуге көңіл бөлініп жатқаны туралы айтты. Шығыс Қазақстан облыстық университетімен бірлесіп, 8 млрд. теңгенің тәжірибелік-конструкторлық жобалары өндіріске енгізілген. Соның арқасында өнім түрлері көбейіп, мұнай-газ, фармацевтика салаларына қажетті жаңа құрылғылар шығарыла бастапты.

«Шығыс Қазақстанның экономикалық өсімін қамтамасыз ететін салалардың бірі – аграрлық сектор. Ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен қатар, қосалқы шаруашылықтарды дамытуға да басымдық беріледі. Біздің басты міндетіміз – өзін-өзі жұмыспен қамтуды заңды түрде табысты бизнеске айналдыру, ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру», — деді Даниал Ахметов.

 

Өсімге мүмкіндік бар

 

Баяндамалар тыңдалып, талқыланған соң, Мемлекет басшысы отырысты қорытындылап, сөз сөйледі. Жиында қаралған мәселелердің өзектілігіне тоқталып, Үкімет мүшелеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Өзінің биылғы

Жолдауында айтылған тапсырмаларды да тағы бір таразылап, 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезінде «Қазақстан – 2050» стратегиясының мақсатты индикаторларын назарға алуды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын одан әрі дамыту үшін қажетті әлеует бар екенін айтып, ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсімін 5 пайыз деңгейінде сақтау қажеттігіне тоқталды. «Таяу жылдары импорт алмастыру ішкі жалпы өнімнің 5 пайызға дейінгі өсімін бере алады. Экспортқа белсенді түрде мемлекеттік қолдау көрсету жағдайында өнеркәсіптің басымдығы бар секторларындағы өсімнің өзі ғана 6 млрд. доллар болады. Бұл экспорттың көлемін 20%-ға дейін, ішкі жалпы өнімнің көлемін 5%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етеді.

Орта мерзімді перспективада тек Қашағанның үлесі ішкі жалпы өнімнің 2-2,5% деңгейінде болады деп жобаланып отыр», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өңірлерде дамудың индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында қолға алынып, тұралап қалған жобаларға назар аударды. Елбасы әкімдерге даму институттарымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалыптасқан жағдайды түзеуді тапсырды.

Арнұр АСҚАР,

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан» газетінен ықшамдалып алынды,

№24, 4 ақпан 2017 жыл


Жылды безбендеген есеп

Күні: , 41 рет оқылды

IMG_9984


Ақпанның 3-і күні Қазталов ауданы әкімі Нұрлан Бекқайыр атқарған жұмысы мен алдағы міндеттер туралы халық алдында есеп берді. Есеп беру жиынына облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар және кейбір салалық басқарма басшылары қатысты.


— Өткен жыл біз үшін табысты болды. Елбасы тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда біршама жұмыстар атқарылды.

Күні кеше мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу бойынша Елбасы Үндеу жариялап, халыққа Жолдауын жолдады. Үндеу саяси жүйенің мемлекеттілікті нығайтуға, билік тармақтары қызметінің тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Жолдауда айтылған үшінші жаңғыру – бұл мемлекетіміздің өркендеуі мен әлемнің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қарқынды ену үшін болашаққа бастайтын сенімді көпір. Сол себепті біз бұл Жолдау мен Үндеуді үлкен үмітпен және сеніммен қабылдадық, — деп бастады баяндамашы өз сөзін.

Аудан әкімінің баяндамасындағы нақты деректерге тоқталсақ, аудан бюджеті 2017 жылғы 1 қаңтарға 6 131 043,3 мың теңгені құраған. Ауданнның өз кірісі 819 761,0 мың теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға көбейген. Трансферттер түсімі – 4 831 237,0 мың теңге.

Ауыл шаруашылығы саласына келсек, бүгінде аудан бойынша 21 заңды тұлға, 572 шаруа қожалықтары тіркелген. Ірі қара малы – 69309 бас, қой мен ешкі – 219413, жылқы – 19929, түйе 196 басты құрайды. Төрт түлік малдан төл алу көрсеткіштері бойынша да өсім бар екен.

Бүгінде ауданда асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен тоғыз шаруашылық, қой өсірумен екі шаруашылық және жылқы өсірумен үш шаруашылық айналысып, олар өздері өсірген асыл тұқымды мал төлін саттыққа ұсынуда.

Өткен жылы «Агробизнес – 2020» салалық бағдарламасының бес шебер-жоспары бойынша 36 жобаға 28 агроқұрылымдар қатысып, 420 млн. теңгеге жұмыстаныпты.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі көтерген шығыстар бөлігін өтеу бағыты бойынша 93 инвестициялық жобаға 83 шаруашылық өтінім тапсырып, 161,0 млн. теңге демеуқаржыға ие болған, яғни қаржыландыру деңгейі бес есеге жуық өскен.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша да ауданда жұмыс қарқынды жүруде. Бүгінде бағдарлама игілігін 274 ауыл шаруашылығы құрылымдары пайдалануда.

Тек 2016 жылдың өзінде ғана ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 607,1 млн. теңгеге суб-сидияланған. Облыс бойынша төленген субсидия көлеміндегі ауданның үлес салмағы 14,1 пайызды құрап, облыс аудандары арасындағы ең жоғарғы көрсеткішке ие.

Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 20 шаруашылық 192,6 млн. теңге, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 10 шаруашылық 123,9 млн. теңге, «Құлан» бағдарламасы бойынша төрт шаруа қожалығы 65,7 млн. теңге несие алған.

«Береке» несиелік бағдарламасы бойынша отбасылық мал бордақылаумен айналысатын бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, бүгін оның 15 мүшесі несиелендіріліп, кәсіптерімен айналысуда. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақшы. Биыл үш ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін, тоңазытқыш көліктерімен жарақ-тандырылған үш мал сою пунктін және 80 отбасылық мал бордақылау алаңын құру жоспарда тұрғаны айтылды.

Ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер машина-трактор паркін жаңғырту мақсатында өткен жылы 203 млн. 376 мың теңге қаражатқа 29 трактор және 25 түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын лизинг арқылы сатып алыпты. Сондай-ақ қаражаттары есебінен тоғыз трактор, 11 ауыл шаруашылығы техникаларын алуға қол жеткізген.

 Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – су тапшылығы. Бұл мәселе де рет-ретімен шешімін табуда. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, аудан аумағы арқылы өтетін «Киров – Шежін» су арнасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар бүгінде Талдықұдық ауылына дейін жеткен. Жобаның екі кезеңіне 764 млн. теңге қаражат жұмсалса, жұмыстарды одан әрі жалғастыру үшін 2017 жылға 100 млн. теңге бөлініпті.

Аудан аумағын суландыру жүйесіндегі осы бағытта жалғасын тауып, жүргізіле берсе, табиғи мал азығымен қамту, экологиялық ахуал және ашық су көздерінің тапшылығы жөніндегі өзекті мәселелер өз шешімін табар еді дейді баяндамашы.

Өткен жылы 250 000,0 мың теңгеге Нұрсай ауылын сумен жабдықтау нысаны толықтай аяқталып, іске қосылған. Ал Қазталов, Жалпақтал, Қараөзен ауылдарын «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сумен қамту жұмыстарына облыстық бюджеттен 72 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар басталып та кеткен.

Биыл аталған нысандардың жұмыстарын аяқтауға 349 млн. теңге және Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа, Ақпәтер, Бостандық, Жаңажол, Қайыңды ауылдарындағы су құбыры желілерін қосуды бастап кетуге республикалық және облыстық бюджеттен 817 млн. қарастырылып отыр.

Көптен бері шешімін таппай жүрген Қазталов ауылындағы 100 орындық мектеп жатақхана құрылысына өткен жылы 58 709, 0 мың теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Құрылыстың жалпы құны 286 485, 0 мың теңге болмақ. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен бөлінген 33 млн. теңгеге үш ауылға техникалық су тартылып, ауылішілік жолдар ағымдағы жөндеуден өтіп, жаяу жүргінші көпірі жөнделіпті. Жергілікті бюджет қаражатынан Жалпақтал ауылындағы бұрынғы аудандық қорғаныс істері бөлімінің ғимараты жөнделіп, төрт пәтерлі тұрғын үй ретінде әр салада еңбек етіп жатқан мамандарға берілген. 33 жеке тұрғын үй салынған.

Жылдың басты жаңалығы – олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және футбол алаңы салынады деген жоспар.

Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол қартасы – 2020» бағдарламасымен 314 млн. 339 мың теңге қаражат бөлініп, Қазталов, Жалпақтал ауылдарында ұзындығы 4,3 шақырым ауылішілік аутожолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге аудан бюджетінен бөлінген 5 млн. теңгеге ұзындығы жеті шақырымды құрайтын 11 көшенің жолдарын көтеру жұмыстары жасалды.

Кәсіпкерлік саласына келсек, ауданда 1354 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.

Кәсіпкерліктің өсуіне бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ісін ұйымдастыру үшін үш кәсіпкерге 2 млн. 220 мың теңгеге мемлекеттік гранттар беріліпті.

Өткен жылы ауданда жалпы жұмыссыздық деңгейі 6,0 пайызды немесе 1025 адамды құрады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының І бағыты бойынша 22 жобаға барлығы 411 079,0 млн. теңге бөлініп, жергілікті жерден 126 адам уақытша жұмысқа тартылған.

Есептік жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішев, А. Хұсайынов атындағы орта мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Өтеп Төлеуов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сисенғали Нығметов және аудандық мәслихаттың депутаты Марат Тоясов көршілес Ресеймен арадағы шекара бекетін ашу, Қазталов және Жалпақтал ауылдарындағы ауылішілік жолдарды жөндеу, Жалпақтал колледжіне жаңа ғимарат салу, Жұлдыз ауылына жаңа мектеп салу, аудан орталығынан саз мектебі мен 22 пәтерлік тұрғын үй салу жөніндегі мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары Қараөзен арқылы өтетін Қайыңды, Жалпақтал ауылдарындағы көпірлердің сапасыздығы, Талдықұдық ауылында ұялы байланыс желісінің жоқтығы, азық-түлік бағасының қымбатшылығы, тұрғындар арасында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруда насихат жұмыстарының төмендігі, тағы басқа толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салды.

Есеп беру жиынында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Кәрімов облыста атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп, тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, жиынды қорытындылады.

Мөлдір ӘНУАРБЕК,

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы


Көңіл тоғайтар іс қайткенде көбейеді?

Күні: , 29 рет оқылды

DSC_0301


Өткен мерейтойлық жыл барлық жердегідей, Ақжайық ауданындағы қарымды нәтижелер «қоржынын» салмақтандыра түсті. Әрине, уақыт талабының тегеуріні, жылдамдығы және күрделілігі кезек күтпейтін істерді алға тосуда. Мұны еңсеру үшін қолда бар әлеуетті, тәжірибені жұмылдырған жөн. Өткен жұма күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың қатысуымен өткен аудан әкімі Әділ Жоламановтың қорытынды есебінде осы туралы бәтуалы әңгіме болды.


Алыс-жақын өңірлер секілді Ақжайықтың бүгіні мен ертеңі мал шаруашылығына байлаулы. Салада бірсыпыра межеге қол жеткізіліп отыр. Мысалы, егер 2014 жылы қазақтың ақбас сиырын өсіретін не бары бес шаруашылық болса, қазір бұлардың саны 22-ге жетті. Аталған түліктің аталығын ауданнан тыс жерлерге көбірек сатуға мүмкіндік жеткілікті. Асыл тұқымды жылқы өсіретін бес шаруашылық бар.

Салада селекциялық және асылдандыру ісіне қатысатын шаруа қожалықтарының саны артуда. Былтыр тұқымдық түрлендіруге 211 шаруа қожалығы мен 21 кооператив ірі қараның 15658 бас (алдыңғы жылдан 19,2%-ға артық) аналығымен қатысты. Жалпы, инвестициялық бағдарламаны қоса алғанда, қыр еңбеккерлері 1,2 млрд. теңге жәрдем ақшаға ие болды.

Алайда жоғарыда айтылғандай, жылдар тың міндеттерді көлденең тартуда.

– Өткен кезеңде бізде ұсақ мал және ірі қара соятын кешендер іске қосылды. Әлбетте, ізденістің өрісін кеңейтуге тиіспіз. Ауылдарымызға сүт өнімдері, жұмыртқа, қысқы кезеңде көкөніс сырттан тасымалданады. Сондықтан биыл 20 мың құс өсірілетін тауық фермасын, аумағы 3000 шаршы метр жылыжай, сонымен қатар сүт өңдеу цехын салу жөнінде көзделген үдеден шығуымыз керек. Сөйтіп, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы жүктеген тапсырмаларға сай, серпіліс жасауға тиіспіз, — деді баяндамасында Ә. Жоламанов.

Ел Президенті Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіруге, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға қатысты қандай ерек міндеттер қойғаны көпшілікке мәлім. Аудан әкімі сөзінде осыған байланысты мүмкіндіктер көзі аз емесіне тоқталды. Ақжайық, мәселен, «Өрлеу» бағдарламасына республикада алдыңғылар қатарында кірісті. 58 отбасы (292 адам) соның нәтижесінде қосалқы шаруашылығына мал, құс сатып алып, өздерінің қалаулы кәсіптеріне кірісті. Бұрын атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларынан алған көмекті мақсатты түрде пайдалануын талап ету қиын еді, ал «Өрлеу» бойынша тағайындалған шартты ақшалай көмек нақты мақсатқа ғана беріліп, белсенді отбасыға айналдырады. Міне, осы тәжірибені байыта түсу керек. Бұл тиісті мекемелерге аса бір сынақ болып табылады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қатарын көбейтіп, нығайту жөніндегі жұмыс та еш бәсеңдемеуі керек. Көпжылдық шөп алқаптарының көлемін ұлғайтуға қатысты да солай.

Сала мамандарының тұрғындармен, кәсіп иелерімен байланыс жасай отырып, батыл бастамалардың жиі көрінуі талай нәрсені шешетінін айтқан аудан басшысы ауыл-ел тағдырына қатысты басқа да мәселелерді саралады. Суармалы танаптарға жан бітіру өте көкейкесті, әлеуметтің үлкен бір тілегі болып табылады. Былтыр облыс басшылығының қолдауымен 52,0 млн. теңге бөлініп, Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіндегі бес арна мен 23 көлтабанның құжаттары, Ащы-Азынабай-Тайпақ арналарының жер актісі жасақталды.

Ауылдықтар тілегі демекші, бүгінде тұрғындардың 76,6%-ы таза сумен қамтылған, жұрт өтінішіне сай осы бағыт жалғасады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бірнеше елді мекенге, сондай-ақ «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Ақсуат ауылына таза су жеткізу басты назарда тұр.

Аудан әкімінің баяндамасынан мәдениет мекемелерінің тынысы да кеңінен көрініс тапты. Бұл таңда халықтық атағы бар сегіз көркемөнерпаздар ұжымы халық шығармашылығын шыңдауда. Халық ұлт-аспаптар оркестрі, драма театры, «Сымбат», «Балауса» би топтары, «Толқын» вокалды-аспаптар ансамблі, «Жайық сазы» фольклорлық ансамблі, «Жайдарман» әжелер ансамблі және Сәндібековтер жанұялық ансамблінің жастар тәрбиесіндегі орнын неғұрлым өрістету керек. Осы ретте барлық ауыл, мекемелер жетекшілері мәдениеттегі ілгерілеудің бүкіл елді мекенге жұғысты болуына мүдделілік танытса, нұр үстіне нұр.

Рухани байлыққа қатысты істі, әрине, басқа тірліктен бөле-жара қарап, кейінге ысыруға болмайды. Соңғы кезде кітапханалар тынысында игі өзгеріс әлдеқайда қанаттанып, заманауи жабдықтармен қамтылуы ілгерілей түсті. 2008 жылдан бері ауданның ғасырлар қойнауынан бермен шежіре-баянын энциклопедиялық үлгіде баяндайтын тоғыз басылым жарық көрді. Ұлы даламыздың қалың тарихына қосылған осындай үлес үшін де халықтың ризашылығы шексіз. Енді Алаш қозғалысының арыстары туралы баяндайтын кітап баспаға дайындалуда.

Алқалы жиында мінберден сөз алғандар атқарушы биліктің жұмысын бағалай келіп, еліміздегі, аймақ-атырабымыздағы жетістіктерге қуаныштарын жеткізді. Алғабастық байырғы белгілі шаруа Нәсіпқали Қайырқомов елді мекендерге көгілдір отын, таза су жеткізілуі әлеуметтің тұрмысын түлете түскенін тілге тиек етті. Тайпақ ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғайнолла Садыров «Қайсыбір салада болмасын, қарымды қозғалысқа сөзсіз куәміз, облыс басшылығының қамқорлығын сезініп келеміз», — деді. Ол өңірдің бір қиырында жатқан Тайпаққа жуырда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен жүздесуі өздерінің көңіл-қошын көтергенін ризашылықпен жеткізді. Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты Дәулетжан Жақсыбаев аудан орталығында көп жылдан бері ірі ғимарат құрылысы жүргізілмегенін, мысалы, жаңа балабақша әбден қажеттігін баяндады.

Жылдың осы басты жиылысына қатысқан облыстық сот төрағасы Бек Әметов аудандағы берекелі беталыстарға шынайы қуанышын жеткізе келіп, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының саласына қандай бетбұрыстар әкелгеніне кеңінен тоқталды.

— Ауқымды жұмыс атқаруда, судьяларға талап күшейтілуде. Бүкіл жақсылығымыз тыныштықтың, түсіністіктің арқасында келетіні мәлім. Осы ретте назарды күшейтетін бір мәселе – «Медиация туралы» заңның жүзеге асырылуы. Медиация – әлдебір дау-дамайды немесе болар-болмас кикілжіңді сотқа жеткізбей, бітімге келтірудің тәсілі. Ауылдарда мұны насихаттау әлі күнге әлсіз, басшы-қосшылардан қолдау қажет-ақ, — деді ол.

Мемлекет басшысының билік тармақтарын қайта үйлестіруді көздейтін Үндеуі және еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін шыңдауды жіті айқындаған Жолдауы өсіп-өркендеуіміздің кепілі, ұрпақтың бақыты болып табылады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов осы туралы сөз саптап, өңіріміздің өткен жылғы даму қорытындыларын, таяудағы ауқымды меже-міндеттерді баяндады. Қай салада болмасын, көңіл тоғайтар нәтижелер көрініп, ертеңгі табыстар үшін негіз қалануда. Мәселен, газдандыру басқа өңірлер қызығатын қарқынға ие. Автожолдар жайландырылуда, таза сумен қамтудағы «Ақбұлақ» бағдарламасы жүйелі түрде орындалуда. Немесе су арналарының, тоғандардың жай-күйіне байланысты қозғалыс бар. Осы аудандағы Киров су қоймасынан бастау алатын Киров – Шежін тармағын жаңғырту да облыс әкімі Алтай Көлгіновтің ең басты бір қаперінде. Оны жөндеп, жаңалаудың екі кезеңі ойдағыдай мәреленді. Енді үшінші кезеңде 18 километр арнаны жаңадан қазу, басқа да қам-қарекет орындалады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары атқарушы биліктің бүкіл қызметі тұрғындардың, еңбек ұжымдарының қолдауымен ғана жемісті болатынын айтып, жетістіктерді жоталандыру, олқылықтардан арылу әркімнен парасат, пайымды талап ететінін айтты.

Қорытынды есепте облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық басқарма, бөлімшелердің өкілдері болды.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық ауданы

 

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН

 

2016 жылы

2015 жылмен салыстырғанда бруцеллезге шалдыққан мүйізді ірі қара басы 1,7 есеге, уақ жандық басы 2,5 есеге азайды.

Ауданның 11 елді мекенін табиғи газбен қамту мақсатында қам-қарекеттер жүзеге асырылып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары орындалуда. Сөйтіп, аудан бойынша ауылдарға көгілдір отын жеткізу алдағы кезеңде то-лық мәреленеді.

Аудан орталығы – Чапаевтың оңтүстік аумағында инженерлік желілермен қамтылған 149 жер телімі тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін кезекте тұрған азаматтарға берілді. Аталған аумақты электр қуатымен жабдықтау мақсатында республикалық бюджеттен 85,7 млн. теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.

«Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен ауданға 21 жас маман келді. Бірақ кадр жетіспеушілігі әлі бар. Мәселен, мектептерге химия, физика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдері, екі дәрігерлік амбулаторияға жалпы тәжірибе дәрігерлері қажет.

Денсаулық сақтау саласына өткен жылы төрт «Жедел жәрдем» көлігі, 19,0 млн. теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды.

Шаруалар лизинг бойынша және өз жинақтарына барлығы 71 ауыл шаруашылығы техникасын алды, оның 20-сы – трактор.

Жерлері пайдаланылмай немесе тиімсіз пайдаланылған 35 шаруашылық нысанының 39 мың гектар алқабы мемлекет меншігіне қайтарылды.

 


Елбасы саяси мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсіміне қатысты

Күні: , 51 рет оқылды

36-4


Қазақстан  халқына  және  Президентіне  Ұлттық  Банк  төрағасы  Д. Ақышев,  Жоғарғы  сот  кеңесінің  төрағасы А. Смолин,  Бас прокурор  Ж. Асанов, «Сырбар»  сыртқы  барлау  қызметінің  директоры  Ғ. Байжанов, сондай-ақ  Президент әкімшілігінің  басшылық лауазымдағы  бірқатар  тұлғалары, Үкімет мүшелері,  облыстардың және  Алматы  қаласының  әкімі  салтанатты  түрде  ант  берді. (Ант қабылдаған лауазым иелерінің қатарында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те болды. Ред.)


Қазақстан Республикасы Президенті мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап арта түсетінін атап өтті.

– Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану жағдайлары жиі кездесіп жатады. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын құқық бұзу жайттары мемлекеттік қызметтің ғана имиджіне емес, жалпы мемлекеттік басқару жүйесіне теріс әсерін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

kulgСондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев жиналған мемлекеттік қызметшілердің бәріне алдағы цифрлық дәуір талабы жаңашыл шешімдерді, оларды тиімді іске асыра алатын жетекшілерді қажет ететінін айтты.

Қазақстан Президенті ел дамуының жаңа кезеңінде маңызды орын алатын өңірлік кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталды.

– Бұл жұмысты атқару әкімдерге жүктелген. Оларға тиісті өкілеттіктер мен мүмкіндіктер берілді. Біз жұртты бизнеспен айналысуға үйретуге  тиіспіз, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саланың ұдайы назарда болатынын жеткізді.

– Экономика мен әлеуметтік саладағы түбегейлі өзгерістер саяси жаңғырумен қатар жүреді. Алдағы уақытта билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу Парламенттің, Үкіметтің және жергілікті мемлекеттік органдардың рөлін арттыратын болады. Сондықтан кешіктірмей, мүлде жаңаша жұмыс жүргізе бастау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Елбасы елдің басқарушы корпусы алдында тұрған міндеттердің ауқымдылығы мен күрделілігін, ол саяси мемлекеттік қызметшілерден жоғары жауапкершілік талап ететін атап өтті.

– Сіздер халықтың мүддесіне мінсіз қызмет етіп, өз міндеттеріңізді абыроймен атқарады деп сенемін. Біз тәуелсіздігімізді нығайту жолында және Қазақстанның жарқын болашағы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, – деп түйіндеді Қазақстан Республикасының  Президенті.

www.akorda.kz


«Ақжол» партиясы – кәсіпкерлік палатасында

Күні: , 31 рет оқылды

IMG_5434


Жуырда  облыстық  кәсіпкерлер  палатасының   мәжіліс  залында   Елбасының  Жолдауын  қолдауға  арналған  тағы  бір  жиын  өтті.


Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары  Азат Перуашев, Кеңес Әбсәтіров, облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов  және «Ақжол» партиясы облыстық бөлімшесінің өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

– Елбасы биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көптеген өзекті мәселелерге көзқарасын  білдіріп, бұған қатысты нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы бұл жолы да кәсіпкерлік саласын дамытуды басты назарда  ұстап, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру  жөнінде тапсырды. Елбасының тапсырмасы бойынша елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуы керек. Біз, «Ақжол» партиясының мүшелері, Елбасының бұл бағыттағы ұсыныстарын толық қолдап, тапсырмаларын жүзеге асыруға дайынбыз. Жаңа Жолдауда  Елбасымыз «Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл, әсіресе, энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты» деді. Осыған орай мен монополистердің электр қуатын, су мен газдың тұтыну құнын жөнсіз көтеріп, кәсіпкерлердің жұмыс жасауына кедергі келтіріп отырғанын айтқым келеді. Нақ осы мәселе жөнінде бізге кәсіпкерлер жиі шағымданады. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің бизнесті қолдауға ықылассыздығы да айтуға тұратын мәселе, – деген  Азат Перуашев мемлекеттік сатып алу ісінде де түйткілді мәселелердің жетіп-артылатынын алға тартты. «Ақжол» партиясының  Парламенттегі өкілі  саяси реформа мәселесіне тоқталып, өзі басқаратын партияның тек Елбасы Жолдауын жоғары бағалап қана қоймай, оны жүзеге асыруға дайын екенін де жеткізді.

IMG_5402Жиын барысында  кәсіпкерлер  өз жұмыстарында жиі кездесіп қалатын кедергілер мен құқықбұзушылықтар жөнінде айтып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарынан мұндай жәйттерді заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы шешіп беруді сұрады. Мысалы, «Отделстрой» құрылыс-коммерциялық фирмасы» ЖШС директоры Валентина Михно екінші деңгейлі банктердің несиені жеке кәсіпкерлерге 7-14 пайызбен беретінін айтып, Үкімет құрылыс компанияларын қаржыландыруды «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға жүктесе деген тілегін жеткізді. Ол сондай-ақ құрылыс нысандарын коммуналдық қызмет жүйесіне қосудың өте қымбат екенін айтып, халық қалаулыларынан мұны арзандату жолын қарастыруды сұрады. «Василец» ЖШС-ның басшысы Алексей  Василец мемлекеттік сатып алу ісінде заңбұзушылықтардың жиі орын алатынын айтты. Оның сөзін мақұлдаған «Стекло-Сервис» ЖШС жетекшісі Аркадий Рубцов заңбұзушылықтың кесірінен ел аумағында тұрғанымен, компаниясының әлеуеті бола тұра, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі бойынша өткізілген тендерде жеңе алмағанын айтып, қынжылды.

Жиынды қорытындылаған Азат Перуашев ҚР Ұлттық Банкінің тек инфляцияға ғана емес, сонымен қатар ел экономикасының өсіміне де жауапты екенін айтып, «Ақжол» партиясының ел экономикасын көтеру үшін бар күш-жігерін  салатынын  жеткізді.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Арман ҚУАНЫШБАЕВ: «Жүйелі насихат адасқандарды райынан қайтарады»

Күні: , 205 рет оқылды

DSC_0024


Арман Қуанышбаев 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Өзбекстандағы медреседе діни білім алған. 1999-2004 жылдар аралығында Иемендегі Ислам институтында оқыған. Келгеннен соң «Нұр Мәбәрәк» институтында оқытушылық қызмет атқарды. Соңғы үш жылдан бері ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі. Жанұялы. Төрт баланың әкесі.


 

Елімізге танымал теолог, ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі Арман Қуанышбаев таяуда облысымызға келіп кетті. Осы сапары кезінде онымен кездесіп, дін саласында осы кезде орын алып отырған өткір мәселелер жайында әңгімеге тартқан едік.

 

— Республикалық ақпараттық түсіндірме тобы осыдан үш жыл бұрын ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастамасымен құрылды. Оның басты мақсаты – еліміздегі дәстүрлі дінімізді дұрыс насихаттау. Топ құрамында отыздан аса адам бар. Олардың көпшілігі – Мысыр, Иемен сынды мемлекеттерде жоғары діни білім алып келгендер. Топ мүшелері еліміздің облыстарын аралап, халықпен кездесіп, олардың көкейіндегі діни бағыттағы сұрақтарына толыққанды жауап береді. Өңірлерде дәстүрлі дінімізге байланысты кереғар пікірі бар бауырларымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазір қоғамымыздағы өзекті мәселенің бірі – кейбір жастарымыздың осы бағытқа қарай бетбұруы. Бұл құбылыс, әсіресе, еліміздің батыс өңірлерінде белең алуда. Дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері халық арасына түрлі күмәнді пікірлер таратып жүргені белгілі. Соған байланысты түрлі көзқарастар қалыптасады. Түсіндірме тобының мүшелері көпшіліктің көкейіндегі түрлі сауалдарға дін тарапынан, білім-ғылым тұрғысынан жауап беріп, тұрғындарды діни тұрғыдан сауаттандыруға үлестерін қосып жүр. Біздің де Батыс Қазақстан облысына келу мақсатымыз осындай.

Сапарымыздың барысында өңірдегі діни ахуалмен танысамыз. Жергілікті дін істері басқармасының мамандарымен сұхбаттасып, имамдарға халықтың алдында қолдау көрсетеміз. Студенттермен, дін ұстанатын қызметкерлері бар кейбір мекеме ұжымдарымен кездесіп, дін мен дәстүр, бұл бағыттағы еліміздің саясаты турасында насихат айту да міндетімізге кіреді. Түзету мекемелеріне барып, онда отырған діндар азаматтармен жолығамыз. Егер олардың арасындағы теріс діни ағымдар өкілдері болса, олармен жекелей сөйлесіп, дәстүрлі дінімізді түсіндіріп, адасқан жерлерін көрсету де біздің парызымыз.

Жалпы, теріс ағымға бетбұрған жанды райынан қайтару оңай емес. Себебі олар сол ағымның қағидаттарын ақыл-ойына тоқып, санасына орнықтырып алады. Тек жүйелі түрде жұмыс жүргізудің нәтижесінде жеңіске жетесің. Құдайға шүкір, осындай іс-шаралардың арқасында ханафи мәзһабына бетбұрған жандар жетерлік. Айта кетейін, біз бұл жұмыстарымыз жөнінде үкіметке есеп береміз.

Елбасымыздың «Дәстүрлі емес діни ағымдармен күресеміз деп жүріп, өзіміздің асыл дінімізбен күресіп кетпейік» деген сөзі бар. Өз жұмысымызда бұл сөзді ұран қылып ұстап жүреміз. Бүгінгі қоғамда ислам дінін қатыгездікпен байланыстырып, адамдардың санасына қорқыныш, үрей сезімін ұялататындар бар. Исламды қаралаушылар «исламо-фобия» ұғымын орынды-орынсыз тықпалап, оны соқыр түсінікке негізделген дін ретінде көрсеткісі келеді. Соның кесірінен халық мешітке баруға, өзінің дәстүрлі дінін ұстануға қорқып қалғаны жасырын емес. Біз осы күрделі мәселенің түйінін тарқату бағытында да жұмыс істеудеміз. Көпшілікке түсінікті болу үшін бір мысал келтірейін. Егер адам ауырғанда екпе алса, оның басқа мүшелерге зияны тимес үшін артынан дәрумен ішуі қажет. Дәл сол сияқты біз де барған жерімізде радикалды діни ағым, терроризм деген не екенін түсіндіріп қана қоймай, асыл дініміз, оның құндылықтары турасында да кең мағлұмат береміз. Өйткені екі жаққа бірдей көңіл аудармасқа болмайды.

 

— Арман Баймаханұлы, облысымыздағы діни ахуалды қалай бағамдап отырсыз?

 

— Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазір облыста кереғар бағыттағы азаматтар саны азайғандығы, дәстүрлі дін ұстанушылар қатарының артқандығы байқалады. Бұл енді жергілікті атқарушы билік, дін істері басқармасының, мешіттердің, қоғамдық ұйымдардың бірігіп атқарған қызметінің нәтижесі деп білеміз. Дінге қатты беріліп кеткен кейбір жандардың сотталғандығы да оң әсерін берді деп ойламын. Облыста діни ахуал тұрақты. Дегенмен де атқарылатын жұмыс әлі де көп. Мәселен, спорт кешендеріне, қоғамдық ұйымдарға барып жұмыс жасау керек. Кейбір адамдар бұл бағыттағы жұмыстарды мешітте де жүргізу қажет деп есептейді. Жоқ, мешітте ешкім астыртын жұмыс жүргізбейді. Мешіттердегі жұмыстар толық бақылауда. Сол себепті мешіттен қорқып, шошынудың қажеті жоқ. Қайта мешіт – тыныштыққа толы мекеме. Көптеген ата-ана баласының спорт үйірмесіне барып жүргенін мақтан тұтады. Не оқуын бітірген соң бір ұйымға, не мекемеге жұмысқа тұрды деп қуанады Ал ол жерде ахуал қалай? Оны көпшілігі ойлай бермейді. Міне, осындай жерлерде кері бағыттағы азаматтар жұмыс жасап жатыр. Бірге жаттығу жасағасын, не бір ұжымда жұмыс істегесін араласпай тұрмайды ғой, сөйтіп, олар жастарымыздың санасын улайды. Әрине, жоғарыда айтып өткен мекемелерде, басқа жерлерде де алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Алайда осы жұмыстарды жүйелі түрде, яғни тұрақты жүргізбесе болмайды.

 

— Жаңа баланың, жастардың санасының улануын айттыңыз. Ата-ана, болмаса тума-туыс және өзгелер олардың «уланғанын» қалай біле алады?

 

— Біріншіден, ондай жанның мінез-құлқы өзгереді, тұйықталады. Себебі олар ата-ананың, өзін қоршаған жандардың намаз оқымағандары үшін кәпір деп санай бастайды. Екіншіден, қазақтың ұлттық салт-дәстүріне қарсы шыға бастайды. Яғни «Әумин!» дегенде бет сипау, тойдағы беташар, келіннің сәлем салуы, өмірден өткен адамға Құран бағыштауға байланысты наразылықтарын танытады. Артынан мұндай жөн-жоралғыларға қатыспайтын болады. Сосын ет тағамдарын талғай бастайды. «Мына малды кім сойды, оны неге алып келдіңдер?» деп реніш білдіреді. Одан бөлек оның жан дүниесінде ұлтжандылық қасиет көмескіленеді. «Қазақ болу міндет емес қой, араб та, түрік те жақсы емес пе?!» деген сықыл-ды әңгіме айтып, үйде солардың киімдері пайда болады. Осындай белгілерден-ақ сананың уланғаны байқалады. Барлық нәрсені дінге апарып тірей береді. Міне, мұндай жайттарды байқаса, ата-ана не тума-туыс ойланулары керек. Әйтпесе ертең кеш болады. Олар дереу мешітке барғандары жөн. Имамдармен жолығып, жағдайын айтып, оларға баласын не бауырын жүздестіріп, оның қандай жолға түскенін білгендері дұрыс. Жергілікті имамдар олардың қай бағытқа түскенін бірден ажыратып береді. Егер дәстүрлі емес бағытқа түссе, имамдармен, дін істері басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп, сауықтыру шараларын жүргізу қажет.

 

— Баланың дәстүрлі емес ағымдардың шылауына кетуіне ата-ананың діни сауатының төмендігі де үлкен әсер ететіні белгілі. Мемлекет, мүфтият тарапынан жүрзілетін ақпараттық-насихаттық бағыттағы жұмыстармен негізінен балалар, жастар қамтылады. Ал ортаңғы толқын және аға буын өкілдері не істеу керек сонда? Олар діни сауаттарын қалай жетілдіре алады?

 

— Бірінші кезекте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптамасынан өткен кітаптарды алғандары жөн. Мәселен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаяны туралы шығармалардан бастап оқыса деймін. Соңынан Құран, намаз оқуға арналған кітаптарды алу қажет. Кей отырыстарда ақсақалдарымыз жөнді әңгіме айта алмай, дастарқаннан соң бата бере алмай жататынын көріп жүрміз. Рухани әдебиеттермен танысу, газет-журналдар оқу, Мәуліт мерекесі сынды кештерге қатысу арқылы осындай діни-рухани олқылықтарды жоюға болады. Сосын жұма намазға барғаны жақсы. Жұма намазда имамдар түрлі тақырыптарға арналған, соның ішінде теріс ағымдар туралы, олармен күресу турасында көп уағыз-насихат айтады. Мешітке барғаннан соң имамдарға, ұстаздарға жолығып, сауалдарына жауап ала алады.

 

— Бір ғасырлық тарихы бар газетіміздің басшылары, тілшілері ауыл-аудандарға барып, оқырмандармен кездескен кезде де осы мәселе әңгіме өзегіне айналады. Егер ауылда мешіт, молда болмаған жағдайда тым құрығанда Рамазан айында ораза ұстаған жандарды ауызашарға шақырып, дастарқан басында елдегі ақсақалдардың, дәстүрлі дінді ұстанып жүрген жандардың әңгімесі де үйдегі балаларға оң әсерін бе-ретінін айтамыз…

 

— Өте дұрыс. Арапа немесе басқа да қасиетті күндері молданы шақырып, Құран оқытып, уағыз тыңдаса, бұл да пайдалы іс. Жалпы, мұндай жұмыстарды осылайша жан-жақты әрі жүйелі түрде жүргізген жөн.

 

— Арман Баймаханұлы, қазіргі таңда дін қызметкері болуы оңай ма?

 

— Әрине, оңай емес. Қазір дін қызметкеріне қойылар талап қатаң. Біріншіден, халықтың талабы жоғарылады. Бұрын Құраннан екіүш сүре білсе, жоғары бағалайтын. Қазір ол заман келмеске кетті. Бүгінде діни шараларда, садақаларда көпшілік уағыз айтуды сұрайды және жай уағыз емес, сауатты уағыз талап етеді. Халық арасында молданың айтқан сөздері, Құранды оқуы кәдімгідей сынға түседі. Екіншіден, мемлекет тарапынан да талап бар. Дін қызметкерінде тиісті білімінің болғанына мән беріледі.

Дін қызметкері турасында сөз қозғап отырып, олардың әлеуметтік жағдайларын да айтпай кетуге болмайды. Мысалы, аудан-ауылдардағы имамдардың айлық, үй мәселелері жөнді шешілген жоқ. Сол себепті жоғары діни білімді азаматтар ауылдарға тұрақты жұмыс істеуі үшін бара алмауда. Ал жергілікті жерлерде жеткілікті білімі жоқ молдалар жүр. Олар тұрғындардың рухани сұраныстарын қанағаттандырмай отыр. «Дүмше молда дін бұзар» демекші, кейде осы бағыттағы халықтың наразылығын да естіп жатамыз. Мысалы, «Ауылымыздың молдасы ақшақұмар болып кетті, садақадан, жаназадан қолы босамай, мешіттің жұмысы тұрып қалды немесе қосымша жұмыс істеп, ақша табады» деген сөздер бар ел ішінде. Неге мұндай жағдай орын алды? Себебі ол – маман емес, кітап, ұстаз көрмеген адам, мешітте жұмыс жасауға түбегейлі бағытталмаған жан. Бұл, біріншіден, оның сауатсыздығынан болса, екіншіден, халықтың сол молдаға талап қоя алмағандығынан. Талап қою деген оны сынап, мінеу емес. Оған құрмет көрсете отырып түзету. Өйткені халқымызда молданың алдынан қарсы шықпайтын дәстүр бар. Десек те, елдің ішінде түрлі адам бар ғой, бірі «Мен университет бітірдім, ал сен не бітірдің?» деп жергілікті дін қызметкерлерін менсінбесе, екіншісі «Менің жағдайым бар, сенде жөнді айлық та жоқ» деп отыратын кісілерді көргенде қынжылатын жағдайлар да ұшырасады. Кейбір саржағал, жеңілтек басылымдар молдаға қатысты, мешіттің ішіндегі кейбір жағдайларды дабырайтып жазып, арзан сенсация жинағысы келеді. Ал ол түптің түбінде қазақтың беделі, Алланың жердегі үйінің абыройы екенін ойламайды.

 

— Жаңа ауылдағы имамдардың әлеуметтік мәселесі жөнінде баяндап кеттіңіз. Бұл біздің облыста да өзекті мәселе болып отыр. Сіз республикамыздың түкпір-түкпірін аралап жүрсіз ғой. Ауылға арнайы діни білімі бар мамандарды шақырып, олардың жағдайларын жасап отырған өңірлер бар ма? Сосын имам-молдаларға үй-жайды кім беруі керек? Мемлекет береді десек, дін мемлекеттен бөлек. Әлде кәсіпкерлер көмектесуі қажет пе?

 

— Жалпы еліміз бойынша бұл мәселе өткір тұр. Дегенмен де кей ауылдардың жамағаты ұйымшылдық танытып, имамдарға қажет жағдай жасап отыр. Сондай-ақ кейбір аудан-ауыл әкімдері жергілікті іскер азаматтар арқылы үй мәселесін ғана емес, қызметтік көлігін де, айлығын да шешіп отыр. Енді бір әкімдер «Өз күнімізді әрең көріп отырғанда, ондай жағдайды қалай жасаймыз?» деп қолын жаяды. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселе аудан-ауыл басшылығының саяси сауаттылығына, іскерлігіне, жергілікті халықтың ынтымақ-бірлігіне және барған имамға да байланысты. Имамға деп отырғаным, ол барған жеріне «тастай батып, судай сіңе білуі» керек.

Оның елге деген жанашырлығын, білімділігін, адалдығын көргесін көпшіліктің ықыласы артып, бұл имамды жібергісі келмейді. Сөйтіп, жағдайын жасайды. Бұл ауыл-аймақтың діни-рухани бағыттағы түлеуіне әкеледі. Ол өз кезегінде өңірдің, тұтастай еліміздің бақ-берекесінің артуына себепші болады.

 

Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

 

Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек.

Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек.

 

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан


Жастарға қолдау көрсетілмек

Күні: , 38 рет оқылды

IMG_3581


Сенбі күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесті.


«1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымызға 2007 және 2011 жылдары аз ғана өзгерістер енгізілген еді. Бірақ олардың саяси бағытқа әсері болған жоқ, — деді Бірғаным Сарықызы. — Ал қазір Конституцияның 18-бабына өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Егер ол қабылданса, 40 шақты заңға өзгеріс енеді. Бұл — бүгінгі заманның талабы. Өздеріңіз білесіздер, Президент өкілеттілігінің біразы Парламент пен Үкіметке берілмек. Әсіресе, Парламенттің құзыреттілігі артады. Мәселен, бұрын бір заңды немесе бағдарламаны талқылау барысында депутаттар бір нәрсеге шүйлігіп қалғанда, Үкімет мүшелері бұл Президентпен келісілген деп одан сытылып кететін. Енді олар ондай әрекет жасай алмайды.

Сенатор Жолдауда экономикамыздың жеделдетілген технологиялық жаңғырту ісіне жете мән берілгендігіне тоқталды. Соған орай Үкімет “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасын дайындамақ. Бұл инновациялық жүйеден бастап агроөнеркәсіп кешеніне дейінгі барлық саланы қамтымақшы.

— Биылдан бастап тегін кәсіптік білім беру бағдарламасы жүзеге асады. Бағдарлама негізінен жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген 15-24 жас аралығындағы жастарға арналған. Жыл сайын 21 мың осындай жасты оқыту жоспарлануда. Мемлекет есебінен олар тегін оқумен, күніне бір мәрте ыстық тамақпен және шәкіртақымен қамтылады. Оқу мерзімі — 2,5 жыл. Оны бітіргеннен соң, екінші мамандыққа оқуларына болады. Бұл жолы алты ай оқиды. Жоғарыда айтып өткен жеңілдіктер сақталады. Мұндай оқулар мекеме-кәсіпорындар мен өңірлік кәсіпкерлік палаталары жанындағы оқу орталықтарында, колледждерде ұйымдастырылады. Осылайша алдағы үш жыл ішінде 166 мыңнан аса қыз-жігіт жұмысшы мамандығын алып шығады, — деді Бірғаным Әйтімова.

Жиын барысында сөз алған мәдениет саласының қызметкерлері Елбасының Үндеуі мен Жолдауын қолдайтындарын жеткізді.

Мәди ЫҚЫЛАС


Сталинград шайқасы ұмытылмайды

Күні: , 27 рет оқылды

IMG_5351


Ақпанның 2-сі күні ел тарихында терең ізі қалған Сталинград шайқасының жеңіспен аяқталғанына 74 жыл толды. Екінші дүниежүзілік соғыстың шежіресіне қанды әріппен  жазылған алапаттың қазақ еліне де  қатысы бар. Аталмыш шайқастың ең жақын тылы (майдан даласына шамамен 150-200 шақырым қашықтықта жатқан) Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын  алапат қырғынның отты жалыны шарпыды.


Соған орай Орал қаласындағы Гагарин атындағы балалар кинотеатрында шара өтті. Оған мектеп оқушылары мен студенттер, мұғалімдер қатысты. Келушілерге арнап Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың кітапханашысы Ләззат Берғалиева алдын ала ұйымдастырылған «Ұлы ерлікке тағзым» атты кітап көрмесіне шолу жасады.

Тәлімдік шараны тарихшы магистр, «Саят» ұлттық-туристік орталығы» ЖШС-ның директоры, ғылыми зерттеулерді қолдау қорының жетекшісі Айболат Құрымбаев ашып, кездесудің мән-мағынасына тоқталды. Содан соң сөз кезегі «Белес Агро» компаниялар тобының бас директоры, «Сайқын. Орда. Штаттарды қысқарту», «Жәнібек. Соғыстың іздері» және өзге де деректі фильмдер шығарған продюсер М. Жәкібаевтың кинотуын-дыларының сценарийін жазған, аударма жасаған, мәдениет саласының ардагері Құжырғали Төлеуішевке тиді.

— Өткен соғысты ұмыту қиын. Әсіресе, сол алапаттың ызғары шалған біз секілді соғыс кезіндегі балаларға. Сондықтан сендерді, жас ұрпақты арамызда күн өткен сайын сиреп бара жатқан соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне айрықша құрмет көрсетуге шақырамын. Ең болмағанда, оларға танысаңдар да, танымасаңдар да, иіліп сәлем беріңдер!  Кәрікөздер соған да бір қуанып қалады, — деді кәнігі мәдениет қызметкері. Әрі қарай Қ. Төлеуішев кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты  М. Жәкібаевтың қаржылық қолдауымен түсірілген фильмдердің жасалуы  хақында кеңінен баяндады.

Жоғарыда аталған деректі фильмдердің көрсетілуі барысында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева жиналғандарға шайқас туралы шағын хабарлама жасады.

— Өткен ғасырдағы ең қанқұйлы соғыстағы Сталинград шайқасы қазақ халқының санасында ауыр салдарын қалдырды. Одан бұрын 1916 жылдың алапатын, азамат соғысы мен 1919-1921, 1929-1931 жылдардағы аштықтың қанды лаңын, 1937-нің  қиян-кескісін басынан өткерген ұлтымызға жаңа зобалаң өте ауыр тиді. Қазақ ер-азаматтарының 70 пайызы майданға алынды. Солардың белгілі бір бөлігі Мәскеу түбінде, Ржев қаласының маңында, Харьков төңірегінде мәңгілік мекенін тапты. Сталинград шайқасында да қандастардың талайы жан тапсырды. Біз тек майдан ғана емес, соғыс өрті шарпыған Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында жау бомбасынан қаза тапқандарды да ұмытпауымыз керек. Олардың да жанқиярлық еңбегі мен ерлігі жас ұрпақ үшін нағыз отаншылдықтың, туған жерді сүюдің жарқын үлгісі болып қалуы тиіс! — деді тарихшы ғалым.

Кездесу соңында А. Құрымбаев шараға келгендерге, кинотеатр директоры Әсия Стародубцева мен құрметті қонақтарға алғыс айтты.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ


Болаттың «неміс» зауыты

Күні: , 55 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Ақ  Жайық  өңіріндегі отандық өндіріс орындарының қатары жыл санап толыға түсуде. Сондай  жаңа өндірістік  ошақтардың бірі – ұсақ бетон бұйымдарын шығаратын зауыт.


Индустрияландыру картасы аясында «Спецстройсервис» ЖШС-ның ұсақ бетондық бұйымдарды шығаратын зауыт құрылысы жобасы сәтті жүзеге асты. Зауыт құрылысы 2015  жылы аяқталғанмен, оны іске қосу 2016 жылға кейін ысырылған еді. «Hess-Oral» ЖШС-ның директоры Болат Шәкімовтің айтуынша, құны 870 млн. теңге тұратын жобаны «жандандыруға» одан көбірек, яғни «Сбербанк» АҚ-ның еншілес банкінің Оралдағы филиалынан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстағы филиалының кепілдігімен несиелік және қомақты жеке қаражат  жұмсалған. Кәсіпкер қолындағы сағаты мен ұялы телефонынан басқа мүліктерінің барлығының кепілдікке салынғанын айтып, әзілдеп қойды.

— Орал шаһарының басшысы болған кезімде кәсіпкерлерге өндіріс ашыңыздар, өңірді  дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосыңыздар деуші едім. Озық өндірістік технологияны таңдауда көп ойланып, толғандым. Құрылыс индустриясы саласына құрал-жабдық шығарудан әлемдік үздіктердің қатарынан табылатын неміс компаниясын қолайлы көрдім. Ауызбен айтуға оңай, іс жүзінде банктерден қолдау табудың, қағазбастылықтың қиындығын көрдім. Бірақ бастаған шаруамды аяғына дейін апарайын деп намысымды жаныдым, — дейді Болат Әдиетұлы.

Орал қаласының Желаев өндірістік аумағында орналасқан оның жаңа зауытында ұсақ бетон бұйымдарының сегіз түрі шығарылуда. Өнім түрлерін өндіруге жергілікті және көршілес Ақтөбе облысынан әкелінетін шикізат пайдаланылады. Қазіргі уақытта кәсіпорын күніне 1 мың шаршы метр өрнектас, жол плиталарын, екі шақырымдық жиектас (бордюр), 8 мың дана қабырғалық блоктарын өндіреді. Зауыттағы технологиялық жабдықтардың барлығы «Hess-GROUP» компаниясынан, өндірісшінің өзінен тікелей сатып алынып, орнатылды. Ол — әлемге танымал, Еуропа, Солтүстік Америка, Азия елдерінде еншілес фирмалары бар бетондық индустрия жабдықтарын шығаратын немістің машина жасау компаниясы. Сондықтан жаңа зауыттың өнімдері еуропалық технологиямен, неміс сапасымен жасалған деу орынды. Әдеттегі бетон өнімдерінің «өмір сүру» жасы үш жыл болса, жаңа кәсіпорынның өнімдеріне 25 жылға кепілдік беріледі.

Өндіріс автоматтандырылған, барлық жұмыс үдерісі компьютермен басқарылады. Неміс компаниясының мамандары қашықтықтан жұмыс барысын, технологиялық жабдықтардың қызметін бақылап отырады. Қазір зауыт өнімдері облыс аумағына шығарылуда.

Сонымен қатар көршілес облыстарға да шығару жайы шешілуде.

Өндірісшінің мамандары келіп, зауыттағыларды жабдықтармен жұмыс істеуге үйретті. Алты жігітті операторлыққа оқытуға 27 миллион теңге қаражат жұмсалды.

Қазір кәсіпорында ұзын-саны 30 адам нәпақасын тауып жүр. Ал соның ішінде өндірістік цехта 20 адам жұмыс істейді. Конвейерінен дымқыл бетон блоктарын «балапандатып» жатқан машинаға екі оператор басшылық жасаса, өзгесі өнімнің сапасын қарайды және дайын өнімді әрі қарай кептіруге әкетеді. Дымқыл блоктар инфрақызыл сәуленің көмегімен арнайы жабдықталған бөлек орында кептіріледі. «Бізде Оралдың және қалаға жалғас Желаев, Құс фабрикасы шағынаудандарының тұрғындары жұмыс жасайды. Жұмысымыз ырғақты. Жұмысшылар жасалған жұмыс ауқымына сай жалақы алады», — деді өндіріс басшысы Сергей Чечиков.

«Hess-Oral» ЖШС директоры Болат Шәкімовтің айтуынша, Оралда Зашаған кентіндегі саябақта, облыстық мәслихат ғимараты алдына зауыттың өрнектасы төселген. Немістің технологиясымен жасалған жиектастар өзге технологиялы өнімдерге қарағанда сапалы. Сондықтан жаңа кәсіпорынның өнімін пайдалану бюджет қаржысын үнемдеуге жол ашатыны кәміл. Сондай-ақ шаһардың шағын көшелеріне осы зауытта өндірілген жол плиталарын төсеудің артықшылығы айқын. Өйткені олар әдетте төселетін асфальтты қабатпен салыстырғанда, ұзақ мерзімге мұрты бұзылмай, сапалы күйінде сақталады.

Немістің сапасына қызыққан кәсіпкер Болат Шәкімов «төл туындысы» немістің зауытын салып алып тоқмейілсіп жүрмеген сыңайлы. Енді ол Тасқала ауданы жағындағы опока кен орнының шикізатынан сапалы құрылыс материалын өндіргісі келеді. Сондықтан инвестор іздейді. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, бұл шаруаны бірлесіп бастап, аяқтауға бір жақсы табылар деген үмітте.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті түсірген  автор


«Ашық әкімдік» көпшіліктің көңілінен шықты

Күні: , 37 рет оқылды

20170204_113358


Ақпанның 4-і күні «Ашық әкімдік» қабылдауына барған 300-ден астам тұрғын жеке мәселелері бойынша облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің басшыларымен тікелей жолығуға мүмкіндік алды.


– Бұл шараны жергілікті атқарушы құрылымдардың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында ұйымдастырдық. Тұрғындар көбіне жер телімі және тұрғын үй кезегіне байланысты мәселелерді көбірек көтеруде. «Ашық есік» күнін өткізу үшін тұрғындарға қолайлы уақыт – сенбіні таңдадық. Қабылдаудан кейін сараптама жұмыстары жүргізіледі, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов шара барысында.

«Ашық есік» күні жөнінде құлағдар болғандардың легінен облыстық қазақ драма театры фойесіндегі бірнеше қабылдау орны алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Біраз тұрғынға Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевпен көзбе-көз сөйлесуге мүмкіндік туды. Болмысы қарапайым шаһар басшысы оларға байыпты бағыт-бағдар берумен болды. «Елбасы Үндеуінде айтылғанындай, ел алдында есеп беретін Үкіметті қалыптастыру белсенді қолға алынбақ. Саяси реформалар қарсаңында мұндай қоғамдық қабылдаудың маңызы ерекше. Маған жолыққандар көбіне жеке үй салу, жұмысқа орналасу мәселесін алға тартады. Қалада тұрғын үй кезегінде 17 мың, жер телімін алуға 70 мың адам есепке алынғанын, барлық мәселе заң аясында шешілетінін түсіндірудемін. Былтыр 1500 пәтер пайдалануға берілді. Биыл шаһарда жеті үйдің құрылысы басталды. Қосымша төрт үйді салуды жоспарладық. Ал қала төңірегіндегі жер телімдерін инфрақұрылым желілерін жүргізгесін барып тұрғындарға береміз», – деді Нариман Төреғалиев.

Көпке қолжетімді ашық алаң жасақталғанына ризалық білдіріп, мұндай бағыттағы қоғамдық қабылдауларды жиі өткізуді өтінгендер де баршылық. Ал Орал қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Әнуарбек Қабашев жұмысқа орналасу, балалар жәрдемақысын және зейнетақы алуға қатысты сауалдарға жауап беріп жатқанын жеткізді.

«Ашық әкімдік» қабылдауына келгендердің 58-і облыстық жер қатынастары басқармасының, 43-і облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, 20-сы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, 16-сы денсаулық сақтау басқармасының өкілдеріне жолықты. Бұл шараға 34 мекеме-ұйым қатысты.

Айта кетсек, былтыр облыста жергілікті атқарушы құрылымдар арқылы көрсетілген мемлекеттік қызмет саны 2,2 миллионды құраған. Оның ішінде 281 мыңы электронды жүйе арқылы атқарылған. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 58 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Темірлан ЕСЕНҒАЛИЕВ, Орал қаласының тұрғыны:

– 2014 жылы баламның шаңырағында үшем дүниеге келгенде, сол кезде облыс әкімдігі пәтер сыйлап, екі жылдан кейін жекешелендіріп алуға болатынын айтып еді. Екі жылдан бері жекешелендіру жүргізілмеді. Пәтерақысын төлеп отырмыз. Бюджеттік қызметте істейтін ұлымның жалақысы аз. Жалақысы жоғары қызметке ауысса, баспананы әкімдік қарауына кері қайтарады.

Үш немерем жеке балабақшаға барады. Қабылдауға кеңес алу бағытында келдім.

 Лаура БИШАЕВА, Орал қаласының тұрғыны:

– Былтыр тамыз айынан бері ақылы қоғамдық жұмыстарды істедім. Биылдан бастап жалғызбасты ана ретінде балама жәрдемақы тағайындату үшін қалалық жұмыспен қамту орталығына жолығып едім, кіріс көзі күнкөріс қамына жетеді деп өтінішімді қабыл алмады. Негізі тұрақты жұмысым жоқ. Сондай-ақ 2008 жылы әкем өмірден озғанда, жер телімінен бес балаға теңдей үлес бөлінді. Қалалық жер қатынастары бөлімінің қызметкері жеке үлесім бар екенін айтып, жер телімі берілмейтінін айтты. «Ашық есік» қабылдауында осы мәселелер бойынша тиісті мекемелерге жолықтым. Мамандар бұл түйткілдерді шешу жолдарын түсіндірді. Мәселен, жер мәселесі бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жолығуымды ұсынды. Балама жәрдемақы тағайындату да оңынан шешілетін түрі бар.

Рүстем ИСКАКОВ, Орал қаласының тұрғыны:

– «Ашық есік» қабылдауында қала әкімі Нариман Төреғалиевке жолықтым. Отбасылымын, баспанамыз жоқ. Қала әкімі заң аясында көрсетілген белгілі бір әлеуметтік санат иелері ғана тұрғын үй кезегіне тұра алатынын айтты. Жұмыссыз екенімді де жеткіздім. Алдағы аптаның дүйсенбісінде әкімнің жеке қабылдауына баратын болдым.

Нұрсұлу ЖҰБАЕВА, зейнеткер:

– Мен ауыл шаруашылығы, еңбек қатынасы, тұрғын үй құрылысы салалары бойынша кеңес алдым. Шараның ұйымдастырылу барысы жақсы. Дегенмен, ендігі уақытта «Ашық есік» күндері өтетінін тұрғындарға ерте ескертіп, кезек алу мәселесін реттесе екен деймін.

Жұмағиза ЖҰМАҒАЛИЕВА, зейнеткер:

– Күйеу балам диабетпен ауырады. Бір жыл күтіп, Орал темір жол ауруханасына портал арқылы емделуге келді. Емхананың бас дәрігері одан азық-түлік пен жатын орын ақысын төлеуді талап етуде. «Ашық әкімдік» қабылдауына соның мән-жайына көз жеткізу үшін келдім. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері телефон нөмірімді, мекенжайымды жазып алып қалды. Мәселенің анық-қанығын білген соң хабарын бермек.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика