Мұрағат: 01.02.2017


«Алтын асықты» алшысынан түсірген аудан

Күні: , 223 рет оқылды

IMG_6013


Бұған  дейін  аудандағы  барлық  мекеме,  бөлімдердің,  ауылдық  округ  әкімдерінің  есептерін  тыңдап,  жыл  ішінде  атқарған жұмыстарын  саралап,  алдағы  міндеттер  мен  оны  іске  асырудың жолдарын  айқындап  алған  Жаңақала ауданының  әкімі  Лавр  Хайретдинов 1  ақпан күні  аудан  тұрғындары  алдында  есепті  мерзім ішіндегі  ауданның  экономикалық-әлеуметтік  дамуы  туралы қорытынды  есебін  берді.


Алқалы жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бастаған облыс өкілдері қатысып отырды.

– Ел Президентінің сара саясатының арқасында небір ауыр жылдарды артқа тастаған еліміз бүгінде қалыпты даму жолына түсіп келеді. Республикамыздың бір бөлшегі саналатын ауданымызда да Президент тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда облыс басшысының қолдауымен өткен мешін жылы аз жұмыс атқарған жоқ, – деді Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов қорытынды есебінде жасаған баяндамасында. Мұнан кейін аудан басшысы атқарылған істерді нақты көрсеткіштермен әңгімеледі.

Аудан бюджеті 2015 жылы 2970,2 млн. теңге болса, 2016 жылы 3911,6 млн. теңге болып, 131,7 пайызға өсті. Жергілікті салық түсімі де 106,3 пайызға көбейген. Ауданның жалпы жер көлемі 2,1 млн. гектар болса, ауыл шаруашылығының жер көлемі – 1,4 млн. гектар. Оның 2015 жылы 60 пайызы игерілсе, өткен жылы 66 пайыз болыпты.

Ауыл шаруашылығы құрылымдар саны 2015 жылы 457 болса, 2016 жылы 477-ге жеткен, шартты мал басы да 71275-тен 75251-ге өскен. Аудан бойынша әр тұрғынға шаққанда 3,1 шартты мал басынан келеді. Бұл – облыс бойынша тәуір көрсеткіш.

Ауданның негізгі өндірісі – мал шаруашылығы. Осыған орай мал басының сақталып, сапасының жақсаруына да мән беріліп келеді. Биылғы жыл басында сиыр саны – 48 600 бас, қой мен ешкі — 166473, жылқы — 18853, түйе 871 бас болды.  Аудан бойынша асыл тұқымды мал өсіріп отырған 25 шаруашылық бар. Оның төртеуі еділбай қойын, үшеуі көшім жылқысын, қалған 18-і асыл тұқымды сиыр малын өсірсе, оның 12-сі қазақтың ақ бас сиыры, үшеуі герефорд, екеуі ангус, біреуі қырдың қызыл сиырын өсіреді.

Асыл тұқымды мал басы үлесі қойда облыс бойынша 2,9 пайыз болса, аудан бойынша 12 пайыз, жылқыда облыс бойынша 5,7 пайыз болса, аудан бойынша 8,5 пайыз, сиырда облыс бойынша 5,7 пайыз болса, аудан бойынша – 6 пайыз.

2016 жылы аудан бойынша асыл тұқымды 485 бас ірі қара, 170 қой,  25 бас жылқы сатып алынса, 432 сиыр, 2094 қой, 94 бас жылқы сатылды. Асыл тұқымды мал сатып алу көрсеткіші азайғанмен, сату көрсеткіші өсіп келеді. Жыл ішінде 942 бас ірі қара алынып, «Сыбаға» бағдарламасы 147 пайызға, 2882 бас қой алынып, «Алтын асық» бағдарламасы 214 пайызға, 233 бас жылқы алынып, «Құлан» бағдарламасы 60 пайызға орындалды.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының жоспары 22 қосалқы шаруашылық құрып, 40,0 млн. теңге несие алу болса, бүгінге дейін 24 қосалқы шаруашылық құрылып, несие көлемі 71,4 млн. теңге болып асыра орындалды.

2016 жылы аудан шаруалары 478,0 млн. теңге субсидия алуға қол жеткізген. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке және өз қаржыларына 50 ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Жалпы, соңғы бес жылда ауданда 295 ауыл шаруашылығы техникасы жаңадан алынған. Бұл да – облыс бойынша жақсы көрсеткіш.

Мал шаруашылығын дамыту мал азығына тәуелді. Осы бағытқа өткен жылғы қолайлылықты пайдаланған аудан тұрғындары жоспарланған 125,4 мың тонна орнына 177,3 мың тонна мал азығын дайындады.

Өткен жылы да барлық ветеринарлық-профилактикалық шаралар және бірдейлендіру жоспары уақтылы орындалды. Бюджеттен бөлінген 61,5 млн. теңге толық игерілді. Осы жүйелі жұмыс нәтижесінде бруцеллез мал саны 2015 жылғыдан айтарлықтай азайды. Десе де, ауру мал саны әлі де көп, сондықтан бұл жұмыстар жалғаса береді.

Бүгінгі күннің басты талабы – шағын және орта кәсіпкерлік саласын жақсарта беру. Осы мақсатта алдыңғы жылмен салыстырғанда, шағын субъектілер саны 5,2 пайызға, жұмыспен қамтылғандар саны 5,9 пайызға, бюджетке түскен түсім 1,5 пайызға, өндірілген өнім көлемі 34,5 пайызға өсті.

Аудан бойынша соңғы бес жылда несиелік ұйымдардан алынған несие көлемі 3323,5 млн. теңге, бұл да – облыс бойынша құптарлық көрсеткіш.

Өткен жылы ауданда бір наубайхана, бір ет комбинаты, бір газ құю бекеті, бір жиһаз цехы, бір ауыл шаруашылығы техникаларына қосалқы бөлшек сату, екі бөлшек сауда дүкені, бір шаштараз ашылды. Үстіміздегі жылы да тандыр нан өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру, сүт өнімдерін өндіру, шұжық цехы, құс фермасын ашу, қымыз өндірісі, зергерлік цех, бір мал бордақылау алаңын салу және 11 қызмет көрсету орындарын ашу жоспарланып отыр.

Әлеуметтік қорғау саласын жетілдіру де басты басымдыққа ие.

2016 жылы 497 жұмыс орны жаңадан ашылды, 645 адам тұрақты жұмысқа тартылды. Әлеумет-тік көмек алушылар 126 адам, жұмыссыздар – 74 адам.

Өткен жылы ауданда республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру арқылы 2700,5 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары  атқарылды. Бұл да – ауқымды  жұмыс.

7154 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Дегенмен әлі де аудан бойынша 238 адам баспанаға мұқтаж. Оның 137-сі  әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататындар мен жетім балалар болып отыр.

Аудан тұрғындарының 33,2 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен, 83,8 пайызы табиғи газбен, 98,0 пайызы электр қуатымен қамтылған.

Жалпы, өткен жылғы есепті кездесуде облыс әкіміне үш өтініш айтылып, үшеуі де орындалған. Аудан әкіміне 14 ұсыныс түсіп, 13-і орындалған.

Есепті мерзім ішінде ауданда атқарылған жұмыстарды слайдтар арқылы көрсетіп, саралаған аудан әкімі алда атқарылар жұмыстарды да атап шықты.

Осы арада айта кетер жайт, аудан әкімі тұрғындар арасында пікір-сауалнама жүргізуді тәжірибеге енгізген еді. Биылғы сауалнамаға қатысқандардың 89 пайызы аудандағы әлеуметтік көңіл күйді, 94,2 пайызы аудан әкімінің  қызметін  оң  бағалапты.

Есепті баяндамадан кейін бірінші болып сөз алған аудандық мәслихат хатшысы, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы З. Сисенғали Елбасының кемеңгер көшбасшылығымен бүгінгі қол жеткізген жетістіктерді шешен тілмен сөз ете келіп, өткен жылы кездесуде облыс басшысынан Құлшық құмынан ауыз су тартуды сұраған тұрғындар тілегін ескерусіз қалдырмағаны үшін өңір басшысына ел алғысын жеткізуді  сұрады.

Сондай-ақ ол ұзындығы 56 километр Мұқыр өзеніне су түсіруді, аудандық өлкетану музейіне қосымша ғимарат салып, жәдігерлермен толықтыру үшін қаражат бөлуді мәселе етіп ұсынды.

Жыл ішінде атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

– Жаңақала ауданының халқы қай кезде де, қадір-қасиетін кетірмеген еңбекқор ел-жұрт, – деген зейнеткер Калимулла Зинуллин өзінің осы жиынға Орал қаласынан арнайы келгенін,  ауылдастарының сонау соғыс жылдардағы жанқиярлық еңбегін, бүгінгі өзі риза болып отырған ауқымды жұмыстарды айта келіп, елді ынтымаққа шақырған аталық сөзін жеткізді.

«Наурыз» шаруа қожалығының басшысы Н. Бекмашев өткен жылы кездескенде, су келетін арналар мен қақпаларын жөндеу жөнінде айтқан шаруалар өтініштерін аяқсыз қалдырмаған облыс басшысы А. Көлгіновке ризашылығын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Шапихов аудан орталығында  сұраныс көптігіне орай балабақша  салуды, жаңа құрылыс ауданына инфрақұрылым тартуға және ауыліші жолдарын асфальттауға қаржы бөлуді сұрады.

Ал Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Б. Әметов ауданда атқарылған жұмыстарға көңілі толғанын айта келіп:

– Қоғам дамыған сайын адамдар арасында  түрлі шиеленіс, даудамай да көбейеді. Қаймағы бұзылмаған  қазақы ауыл саналатын сіздердің аудандарыңызда қаншама құқықбұзушылық тіркеліп  отыр. Соларды сотқа жеткізбей шешетін медиаторлар, ауыл ақсақалдары, беделді азаматтар қайда? – деп өткір сұрақ тастады. Медиаторлар жұмысына орынды сын айтты.

Еркін сұраққа ерік берілгенде сөйлегендер жеке мәселелерін ғана айтып, өнбейтін даудың отын көседі.

– Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген жетістіктерімізге ешкім күмән келтіре алмайды. Ол Елбасымыздың кемеңгерлігінің арқасы, – деген Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов облыста атқарылған  жұмыстарды әңгімелеп, ауданда атқарылған ауқымды істерге ризашылығын білдіріп, тұрғындар сұрақтарына жауап беріп, есеп беру жиынын қорытындылады.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


«Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар…»

Күні: , 44 рет оқылды

IMG-20170131-WA0006


Түрлі себептермен қиындыққа тап болған белгілі тұрағы жоқ жандарға жедел әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету – қаламыздағы «Әлеуметтік бейімделу орталығының» басты міндеті.


Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты бұл мекеменің көмегіне жүгінушілердің қатарында өмірден баз кешіп, психологиялық күйзеліске ұшырағандар, ішкілікке салынып, азып-тозған, үй-күйсіз, ешбір құжатсыз қалғандары да бар.

Жуырда аталмыш мекеменің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, ондағы әлеуметтік көмек алушыларды әңгімеге тартудың сәті түскен еді.

— Әлеуметтік бейімделу орталығына келушілердің қатарында КСРО кезіндегі қызыл паспорттан өзге құжаты жоқ, кей жағдайда соның өзін жоғалтып алған жандар болады. Менің қызметтегі тікелей міндетім – осындай жандарды құжаттандыру. Бұл міндетті атқару көпшілік жағдайда оңайға түспейді. Өйткені олардың дені Ресейде, Украинада немесе Белоруссияда дүниеге келген. Қолдарында ең болмағанда туу туралы куәлігі де болмайды. Оларды алдымен медициналық тексерістен өткіземіз. Содан кейін өмірбаянын аламыз. Гигиеналық тұрғыдан қалпына келтіреміз. Сөйтіп, орталыққа қабылдаймыз. Мұнда олар жылы төсек-орын және төрт мезгіл тамақпен тегін қамтылады. Орталықта 70 кереует бар. Бүгінгі таңда 60 адам тұрып жатыр. Күн суытқанда, орталыққа келушілер қатары көбейеді. Олардың басым көпшілігі – орыс және өзге де ұлттың өкілдері. Алайда мекемеміздің көмегіне жүгінуші қазақтар да баршылық. Біз оларды құжаттандырумен қатар жұмысқа орналастыруға барынша ықпал жасаймыз. Орталыққа қабылданушылардың шамамен 80 пайызы – ішкілікке салынудың кесірінен азып-тозған жандар, — дейді аталмыш мекемедегі әлеуметтік мәселелер жөніндегі маман Арайлым Шынтемірова.

Аты-жөнін жазбауды өтінген қазақ қартының «Әлеуметтік бейімделу орталығын» мекендегеніне бірнеше айдың жүзі болған. Өзінің баяндауынша, мамандығы – тракторшы. Қазталов ауданында туып-өскен. 1975 жылы қалаға келіп, ет комбинатына жұмысқа орналасады. 1980 жылы үйленеді. Әйелі екеуі бір мекемеде қызмет еткендіктен, үкімет тарапынан берілген бір бөлмелі үйге ие болған екен. Екі ұл, бір қызы бар. Әйелі 2010 жылы жол апатынан көз жұмады. Кешікпей тұрып жатқан үйіне талас басталады. Орыстан әйел алған үлкен ұлы «Бұл үй маған тиесілі, қалғандарың қайда барсаңдар, онда барыңдар!» депті. Үйді заң бойынша үлеске салған кезде көп бөлігі қайтыс болған әйеліне тиесілі болып шығады. Бүгінде жасы тоқсан сегізге келген көзі тірі енесі таласқа түскен үйді әлгі үлкен ұлының атағына жазып беріп тынады. Кейіпкеріміз сол күннен бастап баспанасыз тірлік кешіп, 1985 жылы дүниеге келген екінші ұлымен бірге көпқабатты үйлердің дәліздерін паналауға дейін мәжбүр болған. Өзінің айтуынша, қазір екінші ұлы Ақсай қаласында құрылысшы болып жұмыс жасайды. 1991 жылы дүниеге келген қызы болса, ол да орыс ұлтының өкіліне күйеуге шығып, қызды болған. Бірақ орыс күйеу Астана қаласына кетіп, жанұясына мүлде оралмай қойған. Бүгінгі таңда қызы сәбиін жетелеп, бірде құрбысының, енді бірде өзге таныстарының үйін паналауға мәжбүр болып қаңғырып жүр. Кейіпкермен әңгімелесе келгенде оның отбасы, бала тәрбиесі деген мәселеге әуелден басын ауыртпаған жанға ұқсайтыны аңғарылды. Үлкен ұлы бала күнінен нашақорлыққа ұрынып, өзге ұлт балаларына ілесіп, ұрлық жасаған. Үш рет сотталып, сегіз жылын түрмеде өткізген екен.

— Әлеуметтік бейімделу орталығы мекемесінде үш жылдан бері диспетчер қызметін атқарып келемін. Түрлі мекеме немесе жеке кісілердің тарапынан түскен телефон қоңырауларын қабылдаймын. Олар белгілі тұрағы жоқ, құжатсыз жандардың көшеде жатып қалғанын немесе көпқабатты үйлердің дәліздерін мекендеп жүргенін көргенде, жанашырлықпен 21-15-29 телефон нөміріне хабарлайды. Мұндай қоңыраулар орыс ұлты өкілдерінің тарапынан көбірек соғылады. Көмекке мұқтаж жандарды орталыққа алып келуге «Жедел жәрдем» мәшинесімен арнайы патруль жолға шығады. Оның құрамында медициналық қызметкер, мәшине жүргізушісі, орталық маманы және қажет жағдайда психолог болады, — дейді белгілі тұрағы жоқ тұлғаларға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің диспетчері Гүлсара Ілиясова.

Аталмыш орталықты мекендеуші Әлия есімді орта жастағы келіншек арақ пен темекіге еш уақытта үйір болмағанын және қазір де ондай уытты дүниелерді татып алмайтынын айтады. Ол Ресейдің Қазақстанға шекаралас ауылдарының бірінде туып-өскен. Оны он тоғыз жасында Қазталов ауданына құрбысымен бірге қыдырып келгенде, өзінен он жас үлкен сақа жігіт алып қашыпты. Сөйтіп, ойламаған жеріне келін болып түседі. Әйтсе де түскен шаңырағына барынша адал қызмет етіп, жанұясымен бірге ел қатарлы күн кешеді. Барлық сәтсіздік қайын апаларының қалаға тұруға шақырғанынан басталған көрінеді.

— Тоқсан бес жасқа келіп қайтқан енемді о дүниеге аттанған шағына дейін ықыласымды салып бағып-қақтым. Оның көзі жұмылғаннан кейін қайын апаларым жолдасыма қалаға келіп тұруға кеңес берді. Қайын апаларымыз бізге құс фабрикасы аумағынан жер беріп, өз еңбегімізбен үй салып алдық. Жолдасым ауылда тұрған кезімізде отбасылық жағдайына қарамай, өзге қыз-келіншектерге баруға құмар еді. Сол жеңіл мінезінен қалаға келгеннен кейін де тыйылмады. Ол аз болғандай, отбасы ретінде өз билігіміз өзімізге тимеді. Қайын апаларым жанұялық шаруаларымызға киліге берді. Жолдасым болса елуден асқан жасына қарамай, бірде-бір мәселе бойынша өз бетімен шешім қабылдай алмады. Апа-жезделерін орынсыз жерге араластырумен болды. Күндердің күнінде күйеуімнің апалары тұрып жатқан үйімізге ауыз сала бастады. Жанұялық кикілжің туындаған кездерде мені жабыла тұқыртып, үйді босат деген әңгіме айтатын болды. Ақырында төзімім таусылды. Жиырма екі жыл бойына көкірегіме қатқан шер қолымды бір сілтеп, басымның ауған жағына кетуіме соқтырды. Алғашында пәтер жалдап тұрып, әр жерде қол жұмысын жасап, нәпақамды таптым. Кейін әлеуметтік бейімделу мекемесі туралы естіп, осында аяқтай келдім. Үйде жолдасыммен бірге қалған екі қызым бар. Екеуі де оқуларын бітіріп, мамандық алған, жұмыс жасайды. Тәртіптері жақсы. Менен қол үзген емес, халімді білуге келіп тұрады. Солар бақытты болса екен деп тілеймін. Жас күнімде сөз байласқан жігітім болып еді. Ол әскерге кеткенде мені өзге адам алып қашты. Тағдырдың жазуы деп көнген едім. Менің сондай жағдаймен тұрмысқа шыққаныма артымда қалған анам да риза болмап еді. «Бәлкім, бақытсыздығыма алып келген осындай жағдайлар емес пе екен?» деп ойға қалатын кездерім болады. Қалай болғанда да баянсыз тірлігім үшін ешкімді кінәлай алмаймын. Қазіргі уақыттағы мақсатым – тезірек жұмыс тауып, еңбек етіп, үй алу үшін ақша жинау. Қыздарым өмірлік жарларын адаспай таңдар, алда мені бақытты күндерім күтіп тұрған шығар деп үміттенемін, — дейді Әлия.

— Әлеуметтік бейімделу мекемесінде психолог қызметін атқарып жүргеніме екі жылдай болды. Орталықтың көмегіне жүгінушілердің әрқайсысымен жеке әңгімелесіп, олардың басынан өткерген жағдайларын біліп, тиісінше психологиялық көмек көрсету – менің негізгі міндетім. Мұнда мінез-құлқы әр түрлі жандар келеді. Олардың ішінде табиғи тұйықтары да, қарым-қатынасқа бейім тұратындары да, ашушаңдары да бар. Біреулері психолог көмегіне өз еркімен жүгінсе, енді бірі мұндай әрекетті мүлде қаламайды. Орталыққа келушілер көп жағдайда ұзақ тұрақтай бермейді. Өйткені бұл – ашық мекеме. Көмекке жүгіне келген жандар қалаған уақытында бұл жерден шығып та кетеді. Біздің жүргізетін жұмысымыздың көп жағдайда нәтижесіз болуы осы жәйтпен тікелей байланысты шығар, — дейді жас маман Анаргүл Қайыпова.

Әлеуметтік бейімделу орталығын мекендеушілер қатарынан белгілі бір іске ерекше икемді талантты жандарды жолықтыруға да болады. Мысалы, Татьяна Федотова есімді келіншектің қолөнер туындыларын таңданбай тамашалау мүмкін емес. Ол – сурет салу, дизайнерлік жұмыстар және тігіншілікті жоғары дәрежеде меңгерген жан. Татьяна Александрқызы саңыраулар қоғамының өндірістік цехында киім жөндеуші болып қызмет етеді екен.

Аталмыш орталықтағы мамандардың айтуынша, олардың көмектеріне жүгінген жандардың қатарында қалыпты әлеуметтік ортаға оралғандары, өкінішке орай, аз. Әйткенмен о баста мұнда жалғыз-жарым келгендердің бір-бірімен көңіл жарастырып, кейін мағыналы ерлі-зайыптылық өмірге қадам басқандары сирек те болса кездескен. Әлеуметтік бейімделу орталығының көмегін алған Орал қаласының тұрғыны Елемес Қайырханов (аты-жөні өзгертілді) есімді қарт бүгінде отбасына оралып, тату-тәтті ғұмыр кешіп отыр. Ол – өліп қайта тірілгендей ерекше жағдайды басынан өткерген жан. Олай дейтініміз тума-туыстары Елемес қартты жер қойнына тапсырып, қырқын беріп жатқан шағында ол отбасына оралып, жиылған жұртты таң-тамаша еткен. Оқиға былай болған. Егде жасына қарамай ішкілікке әуестігін тоқтатпаған кейіпкеріміз отбасымен жиі ренжісіп, ақырында қарым-қатынасын үзіп, көше кезіп кетеді. Мүлде хабарсыз кеткен оны үй-іші полицияға хабарлап, іздеу салады. Полиция қызметкерлері тас жолдың жанындағы тал арасынан бет-әлпеті танылмайтын деңгейде өзгеріске ұшыраған мүрдені тауып, Елемес қарттың бұрынғы отбасы мүшелеріне көрсетеді. Олар анық тани алмағанымен, мүрде мен іздеу салған адамының сыртқы пошымындағы ұқсастықты жоққа шығара алмайды. Сөйтеді де қартымыздың сүйегін тауып тұрып көмусіз қалдырамыз ба деген қауіппен мүрдені алып, жерлейді. Басына белгі орнатып, «Елемес Қайырханов» деп аты-жөнін жаздырады. Оның өлімі туралы арнайы орыннан анықтама да алады. Елемес қарт қаңғыбастыққа салынып жүріп, тірі адамдардың тізі-мінен осылайша шығып қалады. Ол өзінің осы өмірде бар екендігін растайтын ешқандай құжаты жоқ, бұрынғы ренішіне қоса «тірілей жерлегендері» үшін отбасына деген өкпесі тіптен қара қазандай болып, ішкіліктің салдарынан азыптозған күйде әлеуметтік бейімделу орталығына жетеді. Аталған мекеменің қызметіне жүгініп, ІІД қызметкерлерінің көмегімен құжаттарын әупірімдеп қалпына келтіреді. Орталықта бір жылға жуық тұрақтап, ішімдікпен біржола қоштасады. Алғашында отбасы туралы әңгімелеуді жақтырмайтын ақсақал кейін Орал қаласында тұратын ұлына барып келуді жиілетеді. Сөйтіп жүріп, зайыбымен де татуласады. Бүгінде ол отбасына оралған. Немерелерінің қызығына бөленіп, бақытты ғұмыр кешуде. Шаруаларымен олай-бұлай өткен сәтінде өзінің оңалған орталығына ат басын бұрып, халі мүшкіл кезінде тұла бойындағы жараларын таңып беріп, сол жараларынан бүлінген төсек орындарын тазалаудан жалықпаған мекеме қызметкерлеріне алғысын жаудыруды ұмытпайды…

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Жолдаудағы басым бағыттар еліміздің жаңаша дамуына жол ашады»

Күні: , 68 рет оқылды

PRI_1699


Елбасының  «Қазақстанның  үшінші  жаңғыруы:  жаһандық бәсекеге  қабілеттілік»  Жолдауын  түсіндіру  және  жүзеге  асыру шараларына  орай  облыс  әкімі  Алтай  Көлгіновтің  төрағалығымен облыс  активінің  жиыны  өтті.  Оған  облыстық  мәслихаттың депутаттары,  мемлекеттік  құрылым  басшылары, қоғамдық  ұйымдар мен  саяси  партиялардың  жетекшілері  қатысты.


Елбасының елге серпін беретін жыл сайынғы Жолдауын қазақстандықтар асыға күтіп отыратыны  мәлім. Өзінің негізділігімен, тереңдігімен  ерекшеленетін бұл құжатта еліміздің алдында тұрған өзекті мәселелердің шешімі де көрініс табады. Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы БАҚ беттерінде жарияланды. Осыған орай Жолдауды насихаттау және одан туындайтын мұрат-мақсаттарды жүзеге асыру шараларын белгілеу үшін жиналып отырмыз, – деді  жиынды  ашқан  Алтай  Сейдірұлы.

Алғашқы баяндаманы облыстық ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйербаев жасады. Ол Жолдауда аграрлық секторға жете мән берілгенін атап өтті. «Елбасы бұл саланы экономиканың жаңа драйверіне айналдыруды ұсынды, – деді ол. – Әсіресе, экологиялық таза тағамдар өндіруде «Мade in Kazakhstan» бренді эталон болу керектігін жеткізді. Бұл бағытта облысымызда да біраз жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, «Кублей», «Агропродукт ЛТД», «Желаев» кәсіпорындарының өнімдері бүгінде шетел нарығынан өз орындарын табуда. Енді олардың қатарын кеңейтуіміз керек».

«Орыс мәдени орталығы» БҚО қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сергей Погодин Елбасы Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайына терең талдау және болашаққа бағдар жасалатынын жеткізді. Биылғы Жолдау инновация, жаңа технологияны өндіріске, қоғамдық өмірге кеңінен енгізумен ерекшеленеді. Себебі жаңа дәуір инновациялы технологиялар дәуірі  болмақшы.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің проректоры Гауһар Қайырғалиеваның айтуынша, Жолдауда көрсетілген басымдықтар ел экономикасының қарқынды дамуына негіз болып, Қазақстанның әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің ішіне енуіне мүмкіндік бермекші. ІТ саласын дамытуға ерекше назар аударылуда. «Президентіміз «ЭКСПО – 2017» нысандарының бірінің базасында ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырды, – деді Гауһар Еркінғалиқызы. – Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторларды тартудың платформасы болмақ. Жалпы алғанда, бұл жоба, біріншіден, инновация процесін басқаруға, жаңа индустрия құруға септігін тигізеді. Екіншіден, арасы алшақтап кеткен негізгі базалық салалардағы  үдерісті дамытпақшы. ІТ ақпараттарды басқаруға және қызметкердің уақытын үнемдеп, жаңа инновациялық шешім табуға мүмкіндіктер ашады. Бұл бағытта ҚазИИТУ кешенінде біраз жобалар қолға алынды. Олар студенттік-конструкторлық бюро арқылы жүзеге асуда. Мысал ретінде екі жыл бұрын шығарылған электромобильді айтуға болады.

Қазір оны дамытып, оған қар жинау құрылғысын салды. Одан бөлек студенттеріміз робототехника саласы бойынша әлемдік  сайыстарға қатысып, еліміздің намысын  абыроймен  қорғап  жүр».

Жолдауды тұшына оқыған «Нұржанар» АҚ-ның директоры Рустам Ахметов алдағы уақытта республикамызда бизнес ортаның түбегейлі жақсаратынына сенімді.

«Нұржанар» да өзге кәсіпорындар секілді несие мөлшерлемесіне демеуқаржыландыру сынды мемлекет тарапынан қолдау алды. Бұл өндіріс көлемін екі есе арттыруға, жаңа өнім түрлерін шығаруға, 30-дан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы да жәрдем көрсетілді. Соның арқасында маркетинг бойынша шетелдік сарапшылар тартылды. Мұның бәрі «Нұржанар» өнімдерінің жақын шетелдердегі және еліміздің өзге өңірлеріндегі нарықтағы бәсекеге төтеп беруге жағдай туғызды. Елбасының Жолдауда қойып отырған міндеттеріне орай кәсіпорында жаңа технология, инновацияларға  жете мән  берілетін  болады.

– Жолдауда әлемнің көптеген мемлекетпен бәсекеге түсудің, жаһандық құбылыстарға төтеп берудің жолдары көрсетілген. «Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыру тетіктері айқындалған. Мұны жаңа баяндама жасаған қоғамның әр түрлі саласының өкілдері айтып өтті. Осыдан-ақ Жолдауды көпшілік бірауыздан қолдап отырғанына көзіміз жетіп отыр. Құжатта бес басымдық белгіленген. Олар экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту мен институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Бұл басымдықтар еліміздің жаңаша дамуына жол ашады. Бізге Үкімет деңгейінен Жолдауды жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Енді Ұлттық жоспар бекітіліп, өңірлерге жіберіледі. Сол жоспарды негізге ала отырып, өңірлік жоспарды жасақтаймыз. Әрбір басымдық бойынша өзімнен бастап, орынбасарларыма, басқарма басшыларына және өзге мемлекеттік құрылым өкілдеріне жауапкершілік жүктелетін болады. Осы бағытта бәріміз жұмыла жұмыс атқаратындығымызға сенімдімін, – деп облыс әкімі Алтай Көлгінов жиынды қорытындылаған соң актив жиынының  қарары  қабылданды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Мұхит  БИСЕНҒАЛИЕВ,

 «Әділет»  құқықтық  қорғау  орталығының  басшысы:

– Жолдауда бес бағыт бойынша алдымызға көптеген міндеттер қойылып отыр, оның барлығын халық қолдайды деп ойлаймын. Себебі бұл құжаттың астарында елдің тыныштығы, әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайдың тұрақтылығы, халықтың әл-ауқатын көтеру жатыр. Жаңа облыс әкімі атап өткеніндей, Жолдауды жүзеге асыру бойынша өңірлік жоспар жасақталады. Оған біз де, яғни қоғамдық ұйымдар да өз үлесімізді қосатын боламыз. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік маңызы бар қызметтерден  сырт қалмақ  емес.

Айгүл  ТҮРКИНА,

«Заман»  БҚО  өндірушілер қауымдастығының  төрайымы:

– Бүгінде республикамыздағы 10 мыңнан аса ҮЕҰ қоғамымыздың заман талабына сай, ізгілікті, берекелі болуына атсалысуда. Алдымызға қойылып отырған жалпыхалықтық міндеттің бірі ҮЕҰ-ның қоғамдық бақылауы мен азаматтардың ел дамуына өз үлестерін қосуы болып табылады. Иә, қоғамдық мониторингтің өзі – біз үшін инновация. Бұл азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға серпін берері анық. Халық пен билік арасын нақты байланыстырушы буын болып табылатын ҮЕҰ Жолдаудағы үшінші басым бағыт – макроэкономикалық тұрақтылықты жүзеге асыруға, яғни бюджет  шығындарының  тиімділігін  түбегейлі  көтеруге  болыса  алады.

Жолдаудың бесінші басымдылығында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылған. Қоғамдық ұйымдарды бұл іске де кеңінен тартуға болады. Сөйтіп, мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп халық пен мақсатты топтар арасында ақпараттық түсіндіру  жұмыстарын  кең  көлемде  жүргізіп,  қауіпсіздікке  өз  септігін  тигізері  анық.

Александр  ГУБАРЬ,

Орал  мұнай-газ  және  салалық  технологиялар колледжінің  2-курс  студенті:

– Ұлтым украин болғанымен, бала кезден қазақтармен дос болып, мемлекеттік тілді жетік меңгердім. Бұл маған оқуда да, қоғамдық жұмыстарда, жалпы өмірде де көп жетістікке жетуіме жол ашты. Мәселен, өткен жылы «Тәуелсіздік және тіл» атты облыстық байқаудың бас жүлдесін иелендім.

Елбасы өз Жолдауында қазақ тілінің басымдылығын көрсете  отырып, жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономиканың тілі – ағылшын тілін меңгеруге шақырды. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық, күллі адамзаттық прогреске жете алмайтынын да айтты.  Сондықтан  біздер,  яғни  жастар  ағылшын  тілін  үйренгеніміз  жөн.

Биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастағаны белгілі. Осы тегін оқумен жұмыссыз жастар қамтылады. Мен білім алып жатқан колледж экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға жете мән беріп отыр. Мәселен, мен өзім оқып жатқан өрт қауіпсіздігін сақтау мамандығына қоса, көлік жүргізуші және газ қазандығы операторы кәсіптерін де игерудемін. Бұл алдағы уақытта өзіме де, мемлекетке де тиімді мамандықпен қамтылуыма мүмкіндік  берері  сөзсіз.


Жетістікке жұрт разы

Күні: , 49 рет оқылды

IMG_0235


Өңірде өтіп жатқан әкімдердің халыққа есеп беруі бағытындағы Алмаз ауылдық округіндегі жиын әдеттегідей округ әкімі Ғаббас Қайырғалиевтың есебімен бастау алды.


Өткен жылдың Алмаз ауылдық округі үшін аса табысты болғаны осы баяндамада атап өтілді. Алдымен мал басы былтырғымен салыстырғанда 1160 басқа өсіп, бүгінде 3209 басты құрап отыр. Таратып айтқанда, ірі қара 637, қой-ешкі 1274 басқа өскен. Бір кәсіпкер өз шаруашылығын құрған, бұл үшін 3 млн. теңге несие алған. Қазір округте бір наубайхана, бес сауда нүктесі тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бұдан басқа 14 шаруа қожалығы, бір ЖШС, екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс жасайды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша несиеге екі шаруа қожалығы лизинг әдісімен шөп тайлайтын техника алған. «Ахан» шаруа қожалығы 175 тонна түрлі көкөніс өсіріп шығарған. Осы шаруа қожалығы Сегізсай елді мекенінде 400 басқа арналған бордақылау алаңын ашып, келер күндерде аталмыш нысанның бордақылау қуатын 1500 басқа дейін өсіргелі отыр.

Округ орталығы Алмаз ауылындағы мектеп ғимараты «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізілген. Жаңа мектеп сәнді, салтанатты, жылы және жарық, заманауи үлгіде жөнделген, бұл жақсылыққа тұрғындар разылығы шексіз.

Ауылға көгілдір отын тартылып, әлеуметтік орындар, тұрғын үйлер осы игілікке қол жеткізіп, көп жылдар күн тәртібінен түспеген мәселе оң шешімін тапқан.

Жергілікті фельдшерлік-акушерлік пунктке жаңа «УАЗ» автокөлігі берілген. Жаңа «Нива» көлігімен және тұрғын үймен жергілікті полиция инспекторы да жуырда қамтылыпты. Бүгінде қос көлік те халық игілігіне жұмыс жасауда.

Округтегі халық саны 718 адамды құрайды, өткен жылда сегіз сәби дүниеге келген. Былтыр тұрақты жұмысқа үш адам, уақытша жұмысқа 62, қоғамдық жұмыстарға 30, «Жастар тәжірибесінен» өтуге бір адам тартылған.

IMG_0250Өткен жыл халық арасында «Алмаз ауылының жылы» аталып кетті, бұлай деуге негіз болған жоғарыдағы жетістіктерге қоса, ауыл клубының күрделі жөндеуден өтіп жатқандығы да себеп. Бүгінгі таңда еден, төбе, шатыр, есік-терезе, жылу жүйелері толық жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған нысанның қазіргі келбеті бұқараны қуантуда.

Жиында сондай-ақ аудан әкімі Альберт Есәлиевтің есебі, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Арман Есқалиевтың уақытша тіркеу төңірегіндегі түсіндірмесі, жергілікті полиция инспекторы М. Қазекеновтың баяндамасы тыңдалды. Тұрғындардан «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылды таза сумен, электр қуатымен қамтудағы соңғы уақыттардағы орын алып жүрген ақаулар, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне жер телімін беру, шаруа қожалықтарының мал басын ауылда ұстауын ауыздықтау, жол қатынасы жөнінде сұрақтар түсіп, нақты жауаптар берілді.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау ауданы


Мәдіғали ҚАРСЫБЕКОВ: «Алтын медаль күтеміз»

Күні: , 51 рет оқылды

Мадыгали Карсыбеков на досье_caspionet_kz


Қазіргі кезде күллі ел назары Алматы қаласында өтіп жатқан ХХVІІІ дүниежүзілік қысқы универсиадаға ауғаны белгілі. Осыған орай газет тілшісі шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбековпен тілдескен еді.


— Мәдіғали Әбдіғалиұлы, негізін батысқазақстандықтар құрап отырған шорт-трек командасынан қандай жүлде күтеміз?

— Әрине, алтын медаль! Универсиададағы басты үмітіміз – батысқазақстандықтар Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов және атыраулық Денис Никиша. Осы төрттік 5 мың метрлік эстафеталық сында топ жарады деп ойлаймын. Сондай-ақ жеке қашықтықтарда жігіттеріміздің біреуі алтын алады деп үміттенемін. «Қос алтын болса, шіркін!» деп отырмыз. Одан басқасын көре жатармыз.

— Айтқаныңыз келсін, содан кейін де жарыстар бар ғой, оған дайындық қалай?

— Универсиада біткен бойда, 8 ақпан күні Минск қаласына аттанамыз. Сонда әлем кубогының алтыншы кезеңі өтеді. Одан соң 10-11 наурызда Голландияның Роттердам қаласында әлем чемпионаты кезек күтіп тұр. Әуелі универсиада, сосын әлем біріншілігінде жақсы нәтиже көрсетсек, алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін олимпиадаға да үміт артуға болады. Жалпы, айта кетейік, спортшыларды даярлауда республикада барлық жағдай жасалуда. Қаржы жағынан кемдік көріп жатқанымыз жоқ. Басты мақсатымыз – ел сенімін ақтасақ, болғаны.

— Жуырда Оралдағы жабық мұз айдыны сарайының ашылғанына 15 жыл болды. Сарай пайдалануға берілгеннен кейін Оралға келіп, осы уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі шорттрекшілерді даярлап үлгердіңіз, енді осы спорт түрінің болашағы жөнінде не айтасыз?

— Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Алдағы олимпиададан кейін бірқатары спорттан кетуі мүмкін. Сондықтан олардың орнын басатын ізбасарларды күні бұрын дайындамаса болмайды. Мен өзім Оралдан Астанаға 2011 жылы көштім. Сол кезде болашағы бар-ау деген жасөспірімдерді елордадағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатқа орналастырдым. Атап айтқанда, Анита Нагай, Әділ Ғалиахметов, Нұртілек Қажығали, Әділ Қырымгереев Нұрберген, Абзалдардың орнын басады деп ойлаймын. Оралдағы шорт-трек бапкері Максим Лозовоймен: «Балаларды үзбей жаттықтыра беріңдер, араларынан үздіктерін таңдап алып, әрі қарай шыңдаймыз» деп келістім. Жасыратыны жоқ, бұрын қазақ жігіттері қысқы спорт түрлерінен өте сирек көрінетін. Енді, міне, Оралдың шорт-трегі арқасында  дүние жүзіне таныла бастады. Тіпті өткен жылы Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанғанда, таңғалғандар да болмай қалған жоқ. Демек, бағытымыз дұрыс, жүйелі дайындалсақ, әлі талай асуға қол жеткізеріміз анық.

— Еңбегіңізге табыс тілейміз. Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ғайса БӘЙМЕН


Қоғамды демократияландыру қадамы

Күні: , 38 рет оқылды

Брифинг1


Сейсенбі күні Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалының алаңында «Президент ұсынған конституциялық реформа – қоғамды демократияландырудың шынайы қадамы» тақырыбында баспасөз брифингі өтті.


Оған ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, облыстық кәсіподақ орталығының, сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың стратегиялық даму және сапа департаментінің директоры, саяси ғылымдар кандидаты Олег Юров қатысып, елдегі жаңа саяси өзгерістер мен бағыттар турасында өз ойларымен бөлісті.

— ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесі қоғамда қолдау тауып, облыс жұртшылығының арасында қызу талқылануда. Елбасының бұл шешімі мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды қадам болады деп сенеміз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі 25 жылда Елбасының көреген саясаты арқасында көптеген реформалар кезең-кезеңмен сәтті  жүзеге асып келеді. Соның арқасында біздің мемлекет өзінің тұрақты жүйесін қалыптастырып үлгерді. Ал жүзеге асқалы отырған конституциялық реформа мемлекет пен қоғам үшін жаңа белес болмақ.  Елбасы өз Үндеуінде 40-қа жуық өкілеттік Үкімет пен Парламенттің құзырына өтеді деп атап өтті. Сәйкесінше өкілеттіліктерді бөлу тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске аспақ. Әзірге қай сала қай органның қарауына берілетіндігі белгісіз, бірақ бұлардың барлығы тиісті жұмыстар атқарылып, халықтың пікірлері талқыға салынғаннан кейін ғана шешілетін болады. Осыған орай  елімізде түсіндіру жұмыстары қолға алынып, түрлі іс-шаралар жүзеге асатын болады. Соңғы жылдары  бес институционалдық  реформаға сәйкес, ашық Үкімет құру арқылы халық алдында тікелей есеп беретін жүйені қалыптастыру көзделген еді. Бұл орайда биліктің әр деңгейінде қабылданатын шешімдерге азаматтық қоғам мүшелерін қатыстыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Өткен жылы елімізде қоғамдық кеңестерді құру мәселесі осыдан туындаған еді. “ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасы барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Өз басым өзгеріс енгелі отырған Конституцияның 18-бабымен толық танысып шықтым. 26 ақпанға дейін нақты шешім қабылдауға уақыт беріліп отыр. Аталған реформа Үкіметтің де, Парламенттің де халық пен ел алдындағы жауапкершілігін арттыруға сеп болмақ. Халықтың талқысына салынып отырған өзгерістер мемлекеттік органдарға ғана емес, қоғам мен әрбір тұрғынға тиімді болмақ, — деді Ербол Ғұмарұлы.

Бұдан кейін сөз алған Елена Тарасенко мемлекеттік билік жүйесіндегі елеулі өзгерістер жаңа экономикалық саясат пен жаңа қоғамды қалыптастыруға зор мүмкіндік туғызатынын атап өтті. Ал саяси ғылымдар кандидаты Олег Юров жаһандық үдерістер мен әлемде болып жатқан түрлі өзгерістер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізіп, тарихи маңызды қадам болатынына тоқталды.

Жиын соңында спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


«Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан»

Күні: , 54 рет оқылды

IMG_5074


Осындай тақырыппен Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай кең көлемді кітап көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.


Аталмыш шараға облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшылары, зиялы қауым өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері, кітапханашылар және оқырмандар қатысты. Қазақтың санғасырлық тарихының ең жақын беттерін арқау еткен ұлтжанды азаматтардың игі істері, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің рухы ұрпақтар  жадында. Қазақ халқының тарихында  азаттықты аңсап, өз елінің тәуелсіздігін қорғаған тарихи тұлғалар аз емес. Осындай қайраткерлерімізді жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында көрмелердің ұйымдастырылуы заңдылық.

— Ағымдағы жыл – тарихи датаға толы. Ақ Жайық өңірінде Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай жақсы бастамалар қолға алынуда. Көрмені ұйымдастырып отырған кітапхана  ұжымына алғысым шексіз. Алаш қозғалысы жөніндегі зерттеліп-зерделенген ғылыми жұмыстарды жастардың назарына ұсынуымыз үшін осындай көрмелер әбден қажет. Осы бағытта менің екі ғылыми монографиям бар. Бұған дейін «Жаһанша елі» деген әдістемелік оқулығым жарық көрді. Жаһаншаның әкесінің қыстауы мен Алаш милициясы құрылып, олардың әзірлік жасаған жерлері табылды. Жақында үшінші монографиям жарыққа шығады, — дейді Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Дәметкен Сүлейменова.

Аталмыш көрме — оқырмандар үшін таптырмас дүние. Өйткені мұнда Алаш қозғалысы туралы тың деректер мол.

Темірболат  ӘНУАР


Заман талабына сай әрекет етуге шақырады

Күні: , 43 рет оқылды

ДузбатыровНұржан  ДҮЗБАТЫРОВ,

«Нұр Отан»  партиясы  Зеленов  аудандық  филиалы  төрағасының  бірінші  орынбасары:

– «Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде қиын, әлемдік сипаты бар трансформация кезеңінен өтіп келеміз.

Елбасы халықты үнемі сынқатерді күтіп отырмай, оған табанды қарсы тұруға жұмылдырып  келеді.

Жаңа Жолдауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезекті төртінші өнеркәсіптік революцияның басталуына орай Қазақстанды үшінші жаңғырту жөнінде өзекті міндет қойып отыр. Елбасы атап өткендей, бұл жаңғырту – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа «Қазақстан – 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ». Ал оны тиімді іске асыру үшін бізде Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бар.

Жолдау негізінде Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы  және  басқа  салалар.

Жолдаудың маңыздылығы – аграрлық кешенге ерекше көңіл бөлінуі. Агроөнеркәсіп – ел дамуының негізгі тірегі. Демеуқаржыны бөлу мәселесі өнімді сақтандыруға бағытталса, одан ұтарымыз орасан болмақ. Бұдан сапалы азық-түлік экспорты артып, ырысымыз еселене түспек. Сондай-ақ Жолдау жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасына старт беріп отыр. Бағдарлама тұрғын-үй нарығын дамыта отырып, халықтың ең өзекті  баспана  мәселесін  шешеді.

Тағы бір ескерер тұс, мемлекет пен жекенің серіктестігі нәтижесінде нақты нәтиже болғанын Елбасы шегелеп атаған. Енді әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды іске асы-руда кәсіпкерлердің қызығушылығы мен белсенділігі артады деп ойлаймын. Мемлекетпен серіктесе атқарған жұмысқа тұтастай кепілдік берілді.

Нақтылай айтсақ, Жолдау елдің түбегейлі жаңғыруына, жаңа заман талабына сай әрекет етуге шақырады, осы жолмен дамуға зор мүмкіндік береді.

Рита БекжановнаРита  СҰЛТАНҒАЛИЕВА,

 М. Өтемісов  атындағы  БҚМУ-дың  баспасөз  қызметінің жетекшісі,  филология  ғылымдарының  кандидаты:

– Елбасы биылғы Жолдауын жаңа дәуір қарсаңында жолдап отыр. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық тарихында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, халықаралық аренада өзінің  беделін асырғаны айқын. Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы.

Осыған орай Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. Цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуді маңызды міндет санаған 3D-принтинг, цифрлық қызмет көрсету секілді бағыттарды білім беру ісінде де қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту қажеттігі айтылды.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да мультимедиялық сыныптармен, электронды және қашықтан оқытуды қамтамасыз ететін жаңа компьютерлермен жабдықталған «Махамбет» ақпараттық технологиялар орталығы жұмыс жасауда.

Университетіміз қазірдің өзінде білім беру жүйесін оңтайландыруда инновациялық авторлық бағдарламаларға ие.

Университет сайтының «Білім беру сапасын қамтамасыздандыру» тәуелсіз қазақстандық агенттігінің ЖОО интернет-ресурстарының 2015 жылғы рейтингісінде 60 жоғары оқу орнының арасында 8-орынды иеленіп отырғаны да үлкен жетістік.

Білім беру жүйесінің рөлін өзгерту – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажеттігі айтылған тұсты да қолдаймын. Келелі проблеманың біріне айналған үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеу керектігі айтылды. Ең бастысы, қазақ тілінің басымдығы сақталатындығы көңілге қонымды. Білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру аясында университетімізде нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жасақталып, білім беру модульдерінің құрамы кеңеюде. Оқу үрдісінде инновациялық технологияларды қолдану шеңберінде оқытушылар арасында жыл сайын инновациялық жобалар байқауын өткізу де дәстүрге айналып отыр.

Жолдауда жоғары білім беру жүйесінің сапасы да назардан тыс қалмады.  «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бес институционалдық реформаны жүзеге асыру  бағдарламасы аясында университетіміз білім беру бағдарламаларын жасақтау мен материалдық-техникалық базаны нығайтуды арттырған жоғары оқу орындарының қатарына кіріп отыр. Алдағы оқу жылында құны 40  млн. теңге қаржыны құрайтын физика зертханасы іске қосылмақ. Сонымен қатар жаңа материалдық базамен қамтылатын оқу ғимаратын тұрғызу да жоспарланып отыр. Оқу орнының биылғы жылы Университеттердің еуропалық қауымдастығына толық мүше болуы еуропалық білім мен ғылым кеңістігінде отандық білім мен ғылымды  шетелде танытуға өз үлесін қосары анық. Осы оқу жылында «ҚР 2016-2019 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында жоғары оқу орнының топ-менеджерлігіне шетелдік мамандар тартылып отыр. Университетіміздегі көп тілді білім беру орталығының басшылығына оңтүстік кореялық маман Ли Джонг Хюннің шақыртылуы – аталған сала бойынша шетелдік тәжірибе алмасудың тағы бір мүмкіндігі. Университетімізде 100-ге жуық шетелдік студенттердің де білім алуына жағдай жасалынды. Олардың арасында алыс шетелден АҚШ-тан, Германиядан, Қытайдан келген студенттер бар. Біздің университет ұжымы да бірлікпен, нақты іс-әрекеттермен Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмалар мен межелі міндеттердің орындалуына үлкен үлес қосары айқын.


Бегайдардың бір ұлы

Күні: , 167 рет оқылды

Қазан қаласында өткен көрмеге қатынасушылар - Ішкі Орданың қазақтары (солдан оңға қарай) сұлтан Ибрагим Букейханов Қалмақ қисымының әкімі


Осыдан  екі-үш жыл  бұрын  жұмыс  бабында  Нарынның Исатай  ауданына қарасты  ой-қырын көктей өтіп, арғы-бергі заманғы тарихи  орындарын  армансыз  аралағанымыз  бар.


Көне суреттер көз алдыңа келеді. Алдымен айтулы адамдарын ойлайсың, олардың өз халқының болашағына бола істеген игі істерін еске аласың. Әр ғасырдың өз төлі, маңғаз марқасқалары бар. Оларды ұмыту мүмкін емес, қайта жаңғырып, жақсы істері жадыңда көрініс табады. Бегайдар құмын белден басып, әрі асқанда есімізге осы араның тумасы – ХIX ғасырдың соңғы ширегінде Бөкей ордасының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан белгілі қайраткер Өтешқали Атаниязов оралды.

Кеңес дәуірі кезінде өңірдің өткен шақтағы оқыған азаматтары, олардың қоғамның дамуы, елі, жері үшін атқарған азды-көпті абыройлы еңбегін естен шығарып, ұмытып кеттік. Есесіне бәрін кеңес өкіметі әкелді, сол жарылқады дегенді алға тарттық. Шындығында, кеңес кезінің жақсылықтары аз емес. Бірақ оған дейін де таң атып, күн батты, шуақты сәттері де жетерлік. Ілім-білім жолында оқыған, еліне жан-тәнімен қызмет еткен адамдары да болды. Солардың арасында әлгі айтқан Өтешқали ағаның да орны зор.

Ол 1855 жылы, бұрынғы жер бөлінісіне сай Бірінші Теңіз жағалауы округіне қарасты Бегайдар құмында дүниеге келген. Әуелгіде ауыл молдасынан сауат ашқан оны тұрмыс-тіршілігі біршама жақсы әкесі баласының оқу-тоқу зеректігін ескеріп, Ордадағы 1841 жылы Жәңгір ашқан орыс-қазақ училищесіне (ол кезде училище) береді. Оны ойдағыдай аяқтаған соң Орынбордың Неплюев кадет корпусын тәмамдап, 1882 жылы Бөкей ордасының Уақытша кеңесінде түрлі қызметтер атқарады. Біраз уақыт Қамыс-Самар қисымының әкімі Мұхамбет-Салық Бабажановтың хат жүргізушісі болып еңбек етеді. Кейін ол өз естелігінде: «Менің Салық ағадан естіп-біліп, үйренгенім кейінгі өміріме көп азық болды. Салық аса білімді, ел басқару ісінде өте қабілетті адам-ды. Өмірлік қалыптасуым, тіпті депутат болуыма да ол кісіден алған тәлімім көмектесті» — деп айтқан еді.

Алғашқы күннен өзінің озық ойлы, орысша-қазақша сауаттылығы, ел басқару ісіне икемділігін байқатқан оны кеңес басшылығы арада бір жыл өткенде, Тарғын қисымына әкім (управитель) етіп жібереді. Артынша, Қалмақ қисымын басқарады.

XIX ғасырдың екінші жартысы Кіші жүз халқы, Торғай бойы тұрғындары үшін аумалы-төкпелі аласапыран заман болды. Патшалық Ресей империясы Қазақстанды уысынан шығармай, өздерінің азықтүлік базасына айналдыру, ол үшін отар елді өз ішінен қырқыстырып, аяқтарына құлап, мәжбүрлі өмір сүруін қалыптастыру саясатын ұстады. 1868 жылдың 21 қазанындағы «Орынбор генерал-губернаторының далалық өңірді басқарудың уақытша ережесі» негізінде тұрғындарды біртекті басқару жүйесін енгізу тәртібі қолға алынып, Орал әскери казачествосының билігі Орынбор генерал-губернаторының құзырына берілді. Қос өзен аралығындағы әкімшілік-аймақтық басқару өз қолына тиген губернатор енді жергілікті тұрғындарды жұмса жұдырығында ұстап, бұрыннан казачество күшін бұратана халықты басып-жаншуға жұмсайтын әдетін одан әрмен күшейтті. Әсіресе, жер дауы бұл тұста тіптен өршіп тұрды. Осыған сай жаңа, жас әкім Өтешқали Атаниязовқа билікпен де, бұқарамен де тіл табысып, ортақ шешімге келуіне тура келді. Сонымен қатар қисым тұрғындарының әлеуметтік-рухани ахуалын жақсарту, отырықшылықты орнықтыру, тұрмыс күйі, мәдениетті өсіру, оқу-ағартуға назар аударылды. Оның соңғы саладағы оңды ісі Орынбор округіндегі инспектор Муравьев атынан жоғары бағаланып, ауызға ілікті. Әсіресе, мектеп ісін жолға қоюдағы еңбегі үшін  Ішкі ордадағы қазақ мектептерінің инспекторы Н. Муравьев Өтешқали Атаниязовтан Тарғын және Қалмақ қисымдары мектептеріне «Құрметті бақылаушы» болуын өтінеді.

Оның осындай жаңашылдығы Уақытша кеңес басшылығын тағы да елең еткізді. Соған сай Өтешқалидың табанын жерге тигізбей, бір қисымнан екінші қисымға ауыстырып, ел еңсесін көтеру, тұрмыстарын жақсарту тапсырылды. Осындай талаппен Ө. Атаниязов 1882-85 жылдары Бөкей орданың Тарғын (қазіргі Жәнібек ауданы  аумағы), Қалмақ бөліктерін басқарса (қазіргі Сайқын округінің аумағы), 1886-87 жылдарда Нарын (қазіргі Орда округінің аумағы) бөлігінде, 1888-94 жылдары Қалмақ, 1895-96 жылдары қайтадан Нарын қисымдарының әкімі қызметін атқарады.

1895 жылы Өтешқали әріптесі Бақтыгерей Құлмановпен бірге Мәскеуге император II Николайдың таққа отыруын ұлықтау салтанатына қатысады.

1897 жылы ол Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңес төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалады.

Қандай адам да өз қоғамы, оның саясатынан тыс өмір сүре алмайды. Өтешқали да солай, басшылық қызметте жүріп, Ресей өкіметінің империялық саясатынан аттап кете алған жоқ. Бірақ ол өз халқының мүддесін ешқашан естен шығарған емес. Сондықтан да ол жаңа заман лебіндегі прогрессивтік бағыттағы үлкен тұлға болды және соның бір мысалы, патша өкіметі XIX ғасырдың орта тұсынан бастап Ішкі Бөкей ордасы қазақтарына христиандық православ дінін енгізуді, яғни шоқындыруды қатты қолға алды. Ресейге шекаралас мекендерге орыстарды көптеп қоныстандырып, сауда-саттықты дамытты, шіркеулер салып, тұрғындар арасында қолына крест ұстаған дін таратушылар көбейді. Әсіресе, Жайық, Еділ өзендері бойларында – Ганюшкин, Кордуан, Новая Казанка, Таловка селоларында шіркеулер салынып, тағы да осындай төрт елді мекенде Құдай үйін салу жоспарланды. Бұл қазақтар арасындағы оқыған, ұлт зиялыларын ойландырмай қоймады. Олар өткен ғасырларда осындай шоқынудан бас тартқан 500-600 мың ноғайдың орыстар қолынан ажал құшқанынан да хабардар болатын. Ендеше, солар кешкен кепті көп кешікпей қазақтар да киюі мүмкін екендігін естерінен шығармады. Әйтсе де, өз қандастарын оған жеткізбей сақтап қалу керек.

Міне, осы кезде Өтешқали Атаниязов қазақтар арасында және Уақытша кеңес, губерния басшылығы алдында ел басқару ісі, қайраткерлік тұлғасымен зор беделге ие болған Мақаш ағасының (Бекмұхамбетов) көптен бері айтып жүрген әңгімесіне еріксіз құлақ түрді. Ол – патшалық Ресейдің қазақ халқын өз діндеріне енгізіп, шоқындыру, яғни түпкілікті орыстандыру саясатына қарсы әрекетті күшейту ісі болатын. Мақаш оны орыс патшалары алдында бұған дейін де екі рет болып (1881 ж. Александр III, 1894 ж. Николай II), өзекті мәселе ретінде көтерген, наразылығын білдірген. Бірақ биліктің бүйір қаққан бірі жоқ, бәрі де аяқсыз қалды. Оны айтасыз, алғаш Александр үшіншінің қабылдауында болған Мақаш оған Екінші Теңіз жағалауы округі тұрғындарының 1879-1880 жылдардағы табиғат қуаңшылығына орай малдарының жұтқа ұшырап, көп өлгендігі, осыған орай тұрғындардың тұрмыс күйінің нашарлап кеткендігі, болашақта қазақтардың қыс кездерінде теңіз жағалықтарындағы аралдарды  мал қыстатуға пайдалану, жазда қыстық мал азықтарын дайындап алуға мүмкіндік туғызуын сұрағанда, патша Мақаш аузындағы сөзін жұлып алып, «Сіздерге барлық көмек болады, егер қол астындағы халқыңды шоқындырсаң ғана» деп қайыра сұрақ қойғаны бар. Әкім аузын аша алмай қалды.

Екінші рет 1894 жылы патшаның үйлену тойы салтанатына қатысу барысында да, Мақаш Тарғын, Қалмақ қисымдарының әлді азаматтары Зұлқаров, Бажақовтармен бірге Николай II-нің қабылдауында көптен көкейтесті  болған шоқындыру жайын тағы да көтерген. Бұл жолы да мәселе аяқсыз қалды.

Енді, міне, жауыр болған түйінді жайтты Алаштың арлы азаматы Өтешқали Атаниязов тағы да қозғап отыр. Бұл күн өткен сайын арға тиіп отырған ащы мәселе.

Дін – әр халықтың сенімі, бірлігі, өмір сүру қалпы. Бірақ әр халықтың өзіндік дәстүрлі діні бар. Одан бездіріп, жаңа дінге бейімдеу оңай емес. Бұл – зорлық, адамдар арасына сына қағу, тату-тәтті көршіліктерді бұзу. Мақаш бұл жайды ағзамдар алдында екі рет болып, жайып салған, екеуінен де аузы күйді. Ал үшінші сапар қалай болмақ. Бірақ бас тартуға болмайды. Әйтсе де, жауыр болған мәселені қайтып жеткізу керек.

Мақаш әріптесіне бұл жолғы сапарға мұқият дайындалу керектігін қатты ескертті. Өйткені қазақтың қамын асыңды ішіп, аяғыңды тебейіннің керімен отырған Патшалы Ресей бұрын тері бәсіндегі азық-түлігіңе (мал) қызықса, енді сенің жеріңдегі өзге де байлықты тезірек игеру үшін өзіңді арзан жұмыс күші – құл ретінде пайдаланудан әрі аспайды. Тұрмысыңды дұрыстап, мәдениетіңді өсіру, экономикасы дамысын деген олар жоқ. Олай болса, қазақ қашан да өз қотырын өзі қасығаны дұрыс. Бұл ретте тағы да теңіз деп, тегін жатқан шөп бар деп аралдарға араласпаған жөн, қашан да қазақты малдан айырып болмайды. Ендеше, жылдар бойғы түлік тұяғынан тозып, топыраққа айналып бара жатқан құм шағылдар көшкінін тоқтату, жерді шұрайландыруды негізгі мәселеге айналдырып, содан соң ғана күні бүгін ұлттың ең жанды түйініне айналған – Ресейдің қазақтарды христиан дініне енгізу сынды ең сорақы әлеуметтік саясаты үзілді-кесілді тоқтатуды маймөңкелемей батыл көтеру керектігін айтты.

Бірақ бұл арада патша алдында әлгіндей әлеуетті мәселе көтеру үшін оны алаңдатып, көңілін жібітетін жайды да ұмытпау керек. Өйткені адамзат қауымдасқаннан бері әлді әлсіздің қолына қарайды. Бұл пара емес, сыйлық. Сыйлық сырт көзді сындырады, темірдей төрені иліктіреді.

Мақаш бұған дейінгі екі қабылдауында да, Ресей патшасы алдына құр қол барған жоқ. Бұл жолы да солай. Әйтсе де, қазақ атынан барған соң сыйдың да қадірін сұйылтпай, бағасын түсірмей, ұлықты ұйытқан дұрыс.

Бұл жайлы бұрынғы әкім мен бүгінгі әкім көп ойланды. Ақыры, алтыннан қазақтың кішкене ғана киіз үй макетін соқтырып, оны мақпал-мауытпен қаптатып, әспеттеген күйі ұсынса, тақсырың таңырқамағанда, кім таңырқайды. Бірақ іс оңды, тарту тамаша болғаны дұрыс. Маңызды істі Мақаш өз қолына алды. Бұл жайлы ол кезінде былай деп жазыпты: «… Жертөледе  он жеті құмық саф алтыннан киіз үйдің тұрқын бек көңілімдегідей етіп соқты. Осылай бір ай іс қылды. Алтынның сыртын мақпалмен тыстаттым…

Өтешқали Атаниязов екеуміз Орынбор арқылы Петромпор (Петербург) шаһарына сапар шектік. Халық үшін қылған бір істі тәңір оңғарып, патша ағзамның алдынан өттік. Сыйымызға ағзам мен маңайындағы хакімдер бек ырза болды. Артынан бізді шоқындырып, мұсылмандық үлгіден айырмаңыз деп тілек қылдым. Жауабын хакім арқылы естисің деді. Екінші аптаның сәрсенбі күні оң тілек тілеп жатқан бізге екі хакім келіп: «Патша саған резиденция салсын деп ақша бөлді» — деді. Осымен қайыр-қош айтысты. Өтешқали екеуміз ауылға көңіліміз күпті оралдық».

Әйтсе де, ұлтжанды қос арыстың аталған соңғы өтініші кейін Құдай сәтін салды ма, әлде патша ағзамның өзі бір шешімге келді ме, қалай дегенде де, қазақтар христиан дінін қабылдаудан аман қалды. Бұл қандастарымыздың бақыты, ұлт болып қалыптасуымыздың негізі болса керек. Сонымен бірге аталған істе Өтешқали Атаниязовтың да белгілі дәрежеде үлесі бар екенін естен шығармағанымыз дұрыс.

1890 жылы Қазан қаласында өткен Бүкілресейлік мемлекеттік ғылыми-өнеркәсіптік көрмесіне сұлтан Ибрагим Бөкейханов, Аякем Өмірзаков, Ильяс Мамутовтармен бірге қатысып қайтты.

Қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Мақаш Бекмұхамедов өзінің «Астрахан хабаршысы» газетінің 1898 жылғы 3 мамырында жарияланған «Қазақ даласындағы қайырымдылық» атты мақаласында «Атаниязов қыстың соңғы күндерінде қиын сәттерде қандастарына шөпті тегін үлестіріп, көмек көрсетті» – деп жазған. Осындай халқының қашанда шын жанашыры, әрі қамқоршысы бола білген Өтешқали Атаниязов патшалық әкімшіліктен екі рет күміс медальмен марапатталып, әскери ротмистр, кейін штабс-капитаны шенін иеленді.

Әңгіме орайында айта кетейік, өмірде Өтешқалидың өзі де мұсылманшылық жолына түскен діндар адам болатын. Ұстанымы жоғарыда айтқанымыздай, мұсылманшылық жол – ислам діні. Ол 1901 жылы өзімен ниеттес, қандас  80 мүридпен Астрахан қаласынан «Эллада» кемесімен жолға шығып, Сауд Арабиясындағы Мекке-Мәдинаға қажылыққа барған. Кейін әр күндегі бес уақыт намазын қаза қылмай, жаны таза, имандылық жолымен дүниеден өтті.

Өтешқали Атаниязов өмірде өзінің ауылдасы, Жәңгір ханның ұлы, патша армиясының генералы (атты әскер генерал-лейтенанты, әскери жанама аты Сұлтан Шыңғысхан, Ғұбаш) Ғұбайдолла Жәңгіровпен өте жақын дос болған. Ғұбайдолла да мұсылмандық дін жолын қатты қадірлеген. Екеуінің достығын Өтешқалидың немере күйеу баласы (інісі Нұрғалидың қызын алған), Атырау өңіріндегі алғашқы арнаулы білімді фельдшерлердің бірі, Кронштадт қаласындағы Николаев теңіз госпиталының жанындағы медициналық мектептің түлегі Қажығали Мәмеков (1883-1974) өзінің «Есімдегі есімдер» (Атырау, 2015 ж.) атты естелігінде баяндайды.

Бір өкініштісі, бұл күнде Өтешқали Атаниязов жайлы, оның Бөкей ордасын қалыптастыру – ел басқару ісі, Уақытша кеңестегі атқарған қызметтері жайлы тіпті де жазылмайды. Мүмкін ол жоқтаушысы жоқтықтан да шығар. Ал, шындығында, оның есімі XIX ғасырдың екінщі жартысы, ғасыр тоғысында Бөкей ордасына қатысты тарихи құжаттарда жиі кездеседі. Тіпті ел ішінде өзі туған ауылдан төрт баланы Ордаға алып кетіп, Жәңгір мектебінде оқытып, кейін олардың бәрі де елі үшін еселі еңбек еткен айтулы азаматтар болғаны белгілі.

Өтешқали Атаниязовты елдегі ағайын-туыстары жастай туған жерден жырақтап, орысы көп билік арасында өскендіктен бе, көбіне жалғыз жатақ тұрып, бөлектеніп жүрді, орыс қолды өмір сүрді дейді. Ол рас, Өтешқали аға кезінде қоғамның қандай қызметіне араласса да абыройлы болды. Басшылықтан да, бұқарадан да алғыс алды. Соның белгісіндей оның өңірінде патшалық Ресейдің екі күміс медалі жарқырады. Елде Кеңес үкіметі орнап жатқан кезде, ол жасының ұлғайғандығына байланысты өзінің қоғамдық қызметтерін қойып, зейнеткер атанды. Орда жанындағы Ахон көлі жағасынан үй салып, қалған өмірінің бар тірлігін сонда өткізеді. Өзінен өрбіген ұл-қыздары, немерелерін имандылыққа ұйытқан күйі бұл пәниде 69 жыл ғұмыр кешіп, 1924 жылы дүниеден өтеді. Оны көргендер, жұмыстас, сыйлас болғандардың бәрі терең ойлы, білімді, халқы үшін адал еңбек еткен зиялы жан еді деп айтып отырады. Сондай жанды ұмытпай еске алу, ұрпақтар ал-дында ұлығылау абыройлы борышымыз болса керек.

…Артымызда Бекайдар құмы қалып барады. Біз сол құмның қымбат ұлдарының бірі Өтешқали Атаниязов жайлы ойлап отырмыз. Осындай еңбек еткен азаматқа Орал шаһарының бір көшесінің атын берсе, құба-құп болар еді.

Өтепберген  ӘЛІМГЕРЕЕВ,

өлкетанушы,

Атырау  қаласы


Көпсайыстан жеңімпаз атанды

Күні: , 38 рет оқылды

IMG_2812


Оралда Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Коровинді еске алуға арналған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында қысқы президенттік көпсайыстан ҚР чемпионаты мәреге жетті.


БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, біріншілікке қатысушылар пневматикалық винтовкадан нысана көздеу, күш гимнастикасы және шаңғы жарысынан сынға түсті.

Чемпионат қорытындысында облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (ОБЖСМ) спортшыларынан құралған БҚО командасы жеңімпаз атанса, қарағандылықтар екінші, қостанайлықтар үшінші орынды иеленді. ОБЖСМ-дан Вячеслав Грицкевич ҚР спорт шебері, тағы жеті спортшы ҚР спорт шеберлігіне үміткер талабын орындады.

«Александр Коровин өмір бойы облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еңбек етіп, қысқы президенттік көпсайыстан балаларды жаттықтырды. Бұл жолы біріншілікке БҚО, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе облыстарынан барлығы 45 спортшы қатысты. Жылдың басында қаржыландыру болмағаннан кейін кейбір облыстардың командалары келе алмады. Енді 1-5 ақпан аралығында қысқы президенттік көпсайыстан облыстық біріншілік өтіп, таңдаулылар анықталады. Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында мұндай жарыстар алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ», – деді қысқы президенттік көпсайыстан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрбек Иманғалиев.

Елжан ЕРАЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика