Мұрағат: Февраль, 2017


Аудан әкімдері мен басқарма басшыларының байланысы сынға алынды

Күні: , 66 рет оқылды

PRI_5128


Облыс  әкімдігінің  кіші  залында  облыс  әкімі  Алтай  Көлгіновтің төрағалығымен  өткен  кеңесте  Елбасының  «Қазақстанның  үшінші жаңғыруы: жаһандық  бәсекеге  қабілеттілік»  атты  Жолдауынан  туындайтын  міндеттердің  орындалуы  жөнінде  облыстық басқармалардың есептері  тыңдалып,  нақты  тапсырмалар  берілді.  Онлайн  тәртібімен  өткен  жиынға  аудандардың  басшылары да қатысты.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағамбетовтің айтуынша, Жолдауда айтылған аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру үшін Елбасы алты міндет жүктеді. Облыста 122 кооператив мал шаруашылығын, бір кооператив өсімдік шаруашылығы бағытында құрылуда. 122-нің 98-і тұқым түрлендірумен, алтауы мал бордақылаумен, біреуі сүт бағытында, 12-сі мал бордақылаумен әрі тұқым түрлендірумен айналыспақ.

Есеп бойынша бүгінде сегіз ауданда 12 кооператив құрылып, төрт аудан қамтылмай отыр деген ақпарат шындықтан алшақтау болып шықты. Кооператив құрылмай отыр деген Жәнібек ауданында 10 кооператив құрылып, тіркеуден өткен, бірақ олардың құрамы 20 адамға жетпегендіктен, толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Бөкей ордасы ауданында екі кооператив құрылған, екі мал бордақылау алаңы ашылмақ. Бөрлі ауданында бір, Шыңғырлауда 10 кооператив құрылған. «Ауыл шаруашылығы басқармасы есепке дайын емес, Жәнібекте нөл дейсіз, онда 10 кооператив ашылды дейді. Басқарма жұмысына – екі. Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болу керек деген, сіздер әлі «ауа жайлап» жүрсіздер. Аудандардың әкімдерімен неге жұмыстанбағансыз? «Жұмыстанып жатырмын» дегенді қабылдамаймын, маған нақты жұмыс нәтижесі керек», – деген облыс басшысы басқармаға бір күнде аудандармен байланысып, ақпараттарды нақтылауды тапсырды.

Ауыл шаруашылығы мен ауыл бизнесін дамытуға мүмкіндік беретін жаңа жобаларды дайындауға  бір  ай  мерзім  берілді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Миржан Сатқановтың есебіне сүйенсек, биыл облысқа жол жөндеуге 6 млрд. 734 млн. теңге бөлінген. Биылғы жұмыс ауқымы белгілі. Облысқа жол құрылысына 1 млн. 200 мың тонна қиыршық тас керек болса, соның  200 мыңы дайын. Биыл жеті ауданға көше жолдарын жөндеуге 1 млрд. 100 млн. теңге қаржы бөлінген. Өзге бес ауданда жобалар жасалуда. Бөкей ордасында төрт көше жолына  207 млн. теңге керек, Жәнібек ауданында 10 шақырымдық ішкі жолдарға жөндеу жасалады. Қаратөбе ауданының әкімі Асхат  Шахаров үлкен көшелердің жолдары асфальтталғанын, енді 2-деңгейдегі көше жолының құжаттамасы түзетуге жіберілгенін айтты. «Сонда Қаратөбеге тек бір көше керек, өзгесі қажет емес пе? Басқа көшелерде адам тұрмай ма? Өзге жобалар қайда?» – деді  аудан әкіміне Алтай Сейдірұлы. Ал «ақшалы» Бөрлі ауданы аудандық бюджет есебінен 1 млрд. теңгеге биыл 12 көше жолына жөндеу жасамақ. «Қалған аудандар, Бөрлі ауданы сияқты жұмыс жасаңыздар. Ақжайық ауданында өткен жылы  жоба болмады. Бір жыл бойы онда бірде-бір көше жолы жасалмады. Аудан әкімі құжаттарды дайындамаған. Биыл 12 ауданның барлығында жолдар жасалуы тиіс», – деген өңір басшысы  аталмыш басқарманың есебінің қабылданбайтынын айтып, жоспарды әлі де пысықтауды тапсырды.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевтың есебінше, биыл алты мектеп салынады. Қала әкімі бір мектеп құрылысына жобалық құжаттама дайындалып жатқанын айтты.

PRI_5117Облыс әкімі басқарма басшысына сала басшыларымен, аудандардың басшыларымен жұмыстанып, құрылыстардың жобалық құжаттамаларына қанша көлемде қаржы керектігін бюджетке салу үшін анықтауды тапсырды. Сонымен қатар көлтабанды суармалы жерлерді қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар пысықталып, бір жұма уақыт ішінде аудандардың басшыларына нақты жұмыс жоспарын жасау қажеттігі ескертілді. «Ирригациялық жүйелерді жасау – Елбасы тапсырмасы. Шаруашылықтарға мал басын өсіруге септігін тигізетін жүйелерден бастайық», – деді А. Көлгінов.

Басқосуда есеп беруші «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», елді мекендерді ауыз сумен қамту бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Облыс басшысы аудандарға алдағы жылы атқарылатын жобалар бойынша құжаттама дайындауды тапсырды. Жиында жемқорлық фактілері болуы ықтимал жағдайлар талқыланып, құрылыстың сапасына, қаржының игерілуіне, құрылыстардың сәулеттік келбетіне  назар аударылуы талап етілді.

Кеңесте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, облыстық сатып алулар, облыстық энергетика және  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, облыстық қаржы, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау,  облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, облыстық денсаулық сақтау және облыстық білім басқармаларының басшыларының есептері тыңдалды. Басқарма басшылары тарапынан айтылған орынды ұсыныстар пысықталып, ескерілетіні мәлім болды. Облыс әкімі барлық басқарма және аудандардың басшыларына, қала әкіміне биылғы жылға  жоспарланған жұмыстардың басы-қасында жүріп, олардың орындалуын бақылауды, қаржының игерілуін қадағалауды шегелеп тапсырды. «Жауапкершілік сұралатын болады», — деп  ескертті  облыс  әкімі.

*   *   *

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс, қоғамдық-саяси ахуалды талдау, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар аясында орындалатын іс-шаралармен таныстырып, БАҚ саласында қолға алынатын жаңа жобалар жөнінде баяндады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Мәтенқожа мемлекеттік тіл саясатын дамыту, ономастикалық мәселелерді шешу жайын тілге тиек етті. «Мемлекеттік органдардың сайтында ақпараттардың тиянақты берілуі қаншалықты қадағалануда? Әсіресе, ғаламтор кеңістігінде ағылшын тіліндегі контентті дамытуға көңіл бөлу керек. Қазақ тілінің рөлін жастар арасында насихаттауды басты назарда ұстап, бұл бағытта жаңа жобаларды қолға алған жөн. Жаһандану үдерісіне сай облыс тұрғындарының бірнеше тілді меңгере білуі маңызды», – деді  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

– Былтыр өндіріс орындарында 63 жазатайым оқиға орын  алып, соның салдарынан 76 жұмысшы зардап шекті, оның ішінде сегізі көз жұмды. Қыс кезінде тайып құлау мен жол-көлік оқиғасына байланысты 23 адам өндірістік жарақат алды. Мәселен, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның жеті қызметкерінің зардап шегуі, соның қатарында екеуінің дүние салуы да – алаңдарлық жайттар, – деді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Азамат Айтуев.

«Аталған кәсіпорын жұмысшыларын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етпейтінін көріп жүрміз. Еңбек қауіпсіздігін қадағалау мақсатында осындай салғырттыққа жол берген кәсіпорындардың жұмыс барысын бақылауға ал. Техникалық қауіпсіздік инспекторын қасыңа ертіп, оларға нұсқау бер, құрылыс нысандарында қызмет ететін, коммуналдық желілерді жөндейтін жұмыс тобын арнайы  киіммен, құрылғылармен қамтамасыз етуді талап ет», – деген облыс басшысы Алтай Сейдірұлы еңбек дауына қатысты жұмысшылардың жалақысын бермей отырған мекеме ұйымдармен нақты жұмыстанып, көзбояушылыққа жол бермеуін қадағалауды  тапсырды.

Есеп беру барысында облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов діни салада білікті мамандар тарту, оларға жағдай жасау жағы өзекті болып отырғанын жеткізді. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваға өңір жетекшісі спорт саласына жұмсалатын қаражаттың жаратылуына мұқият болып, талантты спортшыларға жағдай жасауға шақырды.

Есеп  барысында жастардың арасындағы жұмыссыздыққа жол бермеу мәселесі де өзекті екені айтылды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев бұл бағытта бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылатынын және «Ақжайық жастары» ақпараттық порталында жаңа жұмыс орындары туралы мағлұматтар жарияланатынын баяндады. Алтай Сейдірұлы оған аудан әкімдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, жастарға жағдай туғызудың маңызды екенін жеткізді.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ахмет Ғұбайдуллин құрылыс нысандарын салу барысында сапаны бақылау өзекті екенін айтты. «Мысалы, «Домостроитель» ӨК үйдің бірінші қабатын салып, қайтадан бұздырды. Оған қыруар қаражат пен уақыт жоғалтты. Неге құрылыс сапасы уақытында қадағаланбады?», – деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы. «Құрылысшылардың былтырғы желтоқсан айында іргетасына құйған бетоны қатып қалған. Бетонды қыздыратын құрылғының сапасы нашар екені анықталды», – деп жауап берді басқарма басшысы. Өңір жетекшісі жобалық-сметалық құжаттамаларды тапсырғаннан кейін, толықтырулар мен түзетулер енгізу қажеттігі туындайтынын ай-тып, бұл мәселенің алдын алу үшін  арнайы эксперттік топты іске қосуды тапсырды.

Есеп беру барысында мәлім болғанындай, облыста өнеркәсіп саласында ірі жобалар қолға алынбақ. 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру картасында биыл құс фабрикасын, тері өңдейтін цех, макарон фабрикасының жобалары іске қосылатыны көрсетілген. Бұл жайында облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы  Руслан Сапарғалиев айтты. Сонымен қатар жиында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайы талқыланды. Бұл бағыттағы жаңа жобаларды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен «Атамекен» ҰКП қаржыландырмақ. Облыс басшысы Алтай Көлгінов аудан басшыларымен онлайн-байланыс арқылы бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту аясында жаңа жобаларды қолға алу ісін мардымсыз жүргізіп отырғанына сын айтты. «Аудан әкімдері шағын және кәсіпкерлікті дамытуға салғырттық танытуда. Ертең бөлінген қаржыны қалай игереді? Екі ай уақыт өтті. Бұл бағытта қолға алынатын жұмысты ширату керек», – деп облыс басшысы аудан әкімдері мен басқарма басшыларының өзара байланысын сынға алды, кәсіпкерлікті дамытуды қатаң тапсырды. Одан кейін есеп берген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжановаға өңір жетекшісі Алтай Көлгінов мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерін ауыл шаруашылығы мақсатында шаруаларға беру тетіктерін оңайлатуды, конкурс тәртібін ашық жүргізуге көңіл бөлуді тапсырды.

«Ол жерлердің кімге берілгені, қалай пайдаланылып жатқандығы БАҚ пен қоғамдық кеңестердің назарында болып, халық біліп отыруы тиіс», – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Cуреттерді  түсірген Айбатыр   НҰРАШ


«Қолайсыз отбасындағы балалардың жағдайы қалай?»

Күні: , 53 рет оқылды

нур отан барс


Дәл  осы  сұрақпен қолайсыз  отбасында  өсіп  жатқан  кәмелет­тік  жасқа  толмаған  балалар­дың мұң-мұқтажымен  танысып,  оларға  қолдан  келгенінше көмек  көрсету үшін  облыстық мәс­лихаттың  депутаты Ляна  Тұрсынова,  облыстық  білім  басқармасы, қалалық  білім  беру бөлімі және  ішкі  істер  бөлімдерінің  мамандары  рейдке  шықты. «Нұр Отан»  пар­тиясының «Бақытты отбасы – бақытты  балалық шақ»  жобасы  аясында  өткізілген  рейдті  партияның облыстық филиалы ұйымдастырды.


Рейдке қатысушылар әуелі табан тіреген отбасында төрт бала өсіп келе­ді. Олардың алды 14 жаста. 31 жа­сар көп балалы ананың сөз саптауынан шағымданып, әлеу­меттік жағдайының төмендігін айт­қан­ды аса көп жақтырмайтынын байқа­дық. Ол кісі «Жұмысым бар. От­басылық қиындықтарға байла­ныс­­ты біраз уақыттан бері пәтер жалдап тұрып жатырмыз.  Балала­рымның тамағы тоқ. Тек киімдері ғана жетіспейді. Сондықтан киім-кешектен көмектессеңіз­дер» деген өтініш айтты. Облыстық мәс­лихаттың депутаты Ляна Тұрсы­нова киім-кешектен көмектесуге уәде берді.

Солтүстік-шығыс шағын­ауда­нын­дағы 19-үйдің тоғызыншы қа­батында тұратын 34 жасар жұмыс­сыз  ана мен төрт жасар қызының жағдайы тіптен қиын. «Шаңырақ» жастар үйінің тәрбиеленушісі болып табылатын ол бұл үйді 2009 жылы алыпты. Алайда алғанына әлі он жыл бола қоймаған үй кү­тім көрмегендіктен, әбден азып кеткен. Электр жарығы, жылуы жоқ, уақытымен жуып-тазаланба­ған­дықтан, жағымсыз иіс жайла­ған үйде тұрып жатқан сәбидің жағ­­дайына бәріміз алаңдадық.  Бір­не­ше рет мемлекеттік құры­лым қызметкерлері орналас­тыр­ған жұмыс­тан шығып кете бер­ген  әйелдің айтар сылтауы көп. Бірақ ол қазіргі таңда өзінің жұ­мыссыздықтан әб­ден шаршағанын, таңертеңнен кеш­ке дейін жа­сай­тын жұмыс болса, еден жуушы болып, еңбек еткісі келетінін айт­ты. Учаскелік инспектор мен көршісінің айтуын­ша, ол кісінің ішім­дік­ке әуес екендігі белгілі болды. Сондықтан рейд қатысушылары бұл отбасына қай­та оралып, 34 жа­сар ана өз-өзін қолға алмаған жағ­дайда аналық құқығынан айыру­ға ұсыныс берген жөн деген ой-пікірлерін айтты.

Шараны қорытындылаған Ляна Тұрсынованың сөзіне қарағанда, аталмыш жоба аясындағы рейд сәуір айында өз жалғасын тауып, қолайсыз отбасындағы балаларға нақты  көмек  көрсетілмек.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


«Кәрі құданы» шығарып салды

Күні: , 30 рет оқылды

IMG_7127


Өткен жексенбіде Орал қалалық демалыс және мәдениет саябағында Қысты шығарып салу мерекесі өтті.


Халқымыздың «Ырыс ал­ды – ынтымақ» деген қа­­­­нат­ты сөзінің астарында үлкен мән бар. Қазақстандық қо­ғам­ның темірқазығындай ең бас­­ты құндылық – бірлік, ол – біздің ба­­ға­­ жетпес байлығымыз. Елба­сы­мыз айтқандай, «Қазірде қазақ елі – өзіндік бет-бейнесі бар, өзін­дік ұс­танымы мен бірлігі жарас­қан та­­бысты мемлекет». Өңірі­мізде­гі барлық ұлттар дос­тығы­­ның ар­­қа­сында Наурыз, Жаңа жыл, Са­­­бантой мерекелері кең көлемде той­­­ланып келеді. Сондай мере­ке­лер­дің бі­рі Маслени­цаны да орал­дық­тар асы­ға күтеді.

Ұлы Абай бір өлеңінде қыс мезгілін кәрі құдаға теңегені мәлім. Айтса айтқандай, алты ай қыс, яки жарты жыл жатып алатын «кәрі құдадан» мезі болған әлеумет көктемді аңсап күтеді.

— Қысты ойдағыдай шығарып салып, зор үмітпен көктемді күт­пек­­піз. Бүгінгі мерекеге бар­ша­ңыз да қош келдіңіздер! Дос­ты­ғы­мыз мәңгілік болсын. Алғыс айту күнінің де ауылы алыс емес. Елбасымыз айтқандай, «Ол күні ата-анамызға және жанымызда жүрген адамдарға алғысымызды айтуымыз керек». Сондықтан та­ғы да мерекелеріңізбен шын жү­­ректен құттықтаймын! Биылғы жыл әрбір от­ба­сыға жақсылық әкелсін, — деді Қа­зақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов.

IMG_7154Қысты шығарып салу мереке­сі бір күндік мейрам емес. Мереке   апта бойына жалғасады. Жалпы, Мас­леница аптасындағы әр күннің өз атауы болған. Дүйсенбі – «Кездесу», сейсенбі – «Ойынның қызығы», сәрсенбі – «Тәтті тамақ», бейсенбі – «Серуен, қыдыру», жұма – «Қайын ене үйіндегі кеш», сенбі – «Қайын апа отауындағы отырыс» және ең соңғы күн «Кешірімді жексенбі» деп аталған. Масленица мейра­мының бітетін соңғы жетін­ші күні араздасқан адамдар бір-бі­рінен кешірім сұрасып, емен-жарқын араласып кетуіне себеп болады екен. Концерттік бағдарламалар­ды тыңдап, әр түрлі ойындар ой­нап және тәтті тағамнан ауыз тию­ден бас тартпаған жұртшылықтың көңіл күйі тамаша екенін аңғардық.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Максим Өтебалиев: «Ел намысын қорғау – арманым»

Күні: , 130 рет оқылды

IMG_8752


Биыл «Ақжайық» командасы допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында үздік атанып, бірінші орынды иеленді. Осыған орай  команда капитаны, шабуылшы Максим Өтебалиевпен сұхбаттасқан едік.


— Максим, табыстарың құтты болсын! Жеңісті жолдарың жалғаса берсін. Енді өзің туралы «Орал өңірі» газетінің оқырмандарына әңгімелеп берсең?

— Допты хоккейге мен алты жасымда келдім. Ағам Меңжан жетелеп әкеліп, топқа қосты да жіберді. Содан бері допты хоккеймен айналысып келемін. Әрине, менің өмір белестеріне көтерілуіме алдымен отбасым қолдау көрсетті. Анам Гүлжан жеке кәсіпкер, сосын әжем бар. Ағам өз отбасын құрды. Кәсіби спорт жолына мен ғана түскеннен кейін бәрі тілекші болып отырады. «Еуразия» тілдер және менеджмент институтын қаржыгер мамандығы бойынша бітірдім.

— Отау тіккеніне қырық жылдан асқан «Ақжайық» клубы үшін биылғы маусым сәтті болды деуге қазірдің өзінде негіз бар, солай ғой?

— Иә, команда финалға шығу мақсатын орындады. Жалпы, алдыңғы маусыммен салыстырғанда, командада біраз өзгерістер болды. «Ақжайықтың» тізгінін Саратовтан келген ресейлік маман Владимир Юрьевич Кожевников қолға алса, жаңа ойыншылар да келіп, тың леп қосты. Осы маусымда біздер өз айдынымызда ешкімге дес берген жоқпыз. Кездесулердің бәрінде жеңіске жеттік. Сырт айдындағы ойындардан да барынша ұпай ала білдік. Мұның бәрі команданың айқын бағыт-бағдар ұстанғандығын көрсетеді.

— «Ақжайықтың» сұрмергені, ресейлік шабуылшы Сергей Башаев осы бір ғана маусымда 65 гол соққан екен. Өзің де аянып қалған жоқсың. Сенің есебіңде қанша доп бар, командада жақын досың кім?

— Иә, жеңіске барлық ойыншылар да үлес қосады ғой. Мен қарсыластар қақпасын 24 рет дәл көздедім. Алда финалдық сайыстар бар, онда да қарап қалмаспын. Капитан болғаннан кейін бәрімен жақсы қарым-қатынастамын, бір-бірімізді түсініп, ортақ мақсатқа жұмылып отырамыз.

Дегенмен 2011 жылы Алматыда өткен қысқы Азия ойындарының чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еламан Әліпқалиевты ең жақын досым деп санаймын.

— Биылғы үлкен табысыңның бірі мамандардың көзіне түсіп, допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасына алынып, әлем чемпионатына қатысуың деп ойлаймын. Бұл да серпін берген шығар?

— Әрине, әлемдік доданы көзбен көрудің өзі бір ғанибет қой.

Әзірге ойнай қоймасам да, біраз тәжірибе жинақтадым. Әлі жаспын, биыл 22-ге толамын, сондықтан басты табыстарым алда деп ойлаймын. Осы мақсатымнан танбай, допты хоккейден Ресей чемпионатының суперлигасында ойнап, дүниежүзілік додаларда Қазақстан намысын қорғасам деймін.

Ғайса БӘЙМЕН

Екінші топта «Ақжайық» 49 ұпаймен бірінші орынды иеленсе, үздік үштікке сондай-ақ «Знамя-Удмуртия» (Воткинск, 48 ұпай), сосын «Маяк» (Краснотурьинск, 47 ұпай) командалары енді. Сыктывкар қаласында 28 ақпан – 6 наурыз аралығында өтетін финалдық турнирде «Строитель» (Сыктывкар), «Мурман» (Мурманск), «Ақжайық», «Знамя-Удмуртия», «Маяк»,  «Саяны» (Абакан), «Енисей-2» (Красноярск) командалары суперлигаға берілетін қос жолдаманы сарапқа салады.

Оралдықтар финалдық сайыстарға өз тарихында осымен он екінші  рет қатысқалы отыр.

Азамат ШАЙХЫ,

«Ақжайық» спорт клубының директоры:

— Максим Өтебалиев биыл өзін жақсы қырынан көрсетті, көшбасшылық қасиеті де бар. Ұлттық құрамаға алынды. Енді алдағы жылы өтетін әлем чемпионатына да қатысады. Оның арғы жағында 2019 жылы Красноярскіде өтетін ХХІХ дүниежүзілік қысқы универсиадаға, бұйырса, допты хоккейден Қазақстан құрамасын капитан ретінде бастап баратын болады. Өйткені құраманың қазіргі капитаны, 2011 жылғы Азиада чемпионы, төрт мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері Рауан Исалиевтің жасы келмейді. Сондықтан оның орнын жас-тар баспақ. Жалпы, «Ақжайықтан» ұлттық құрамаға алынатындай хоккейшілер бар. Мысалы, қақпашы Нариман Такировты келесі әлем чемпионатына қоспақшымыз. Қорғаушы Павел Чебаков пен жартылай қорғаушы, Азиада чемпиондарының бірі Самат Аманшинді байқап көруге болады. Еламан Әліпқалиев те тұғырдан тая қойған жоқ. Сол секілді қаулап өсіп келе жатқан жастар бар. Мысалы, 1998 жылғы Андрей Гущин қорғаушы болса да, айдынға шығып, қарсыластар қақпасына гол салып үлгерді. Одан бірер жас үлкен Бекзат Батырхан, Болат Мұхит, Андрей Малышевтерден де үміт күтеміз. Бір атап өтетін жайт, 2016 жылы командаға ресейлік легионерлердің қосылуы оралдық ойыншылардың ширығып, ширауына әсер етті. Сонымен қатар келісімшартқа қол қояр кезде ресейліктерге кейінгі жеткіншектерге де білгендерін үйретіп, шеберлік дәрістерін өткізу жөнінде талап қойдым. Бұл да балалардың қызығушылығын арттырып, алдарына үлкен мақсат қоюына септесуде. Оның үстіне «Жастар» стадионында «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы есебінен жасанды мұз айдыны салынып жатқаны белгілі. Мердігерлер алдағы мамыр айында бітіреміз деп отыр. Жасанды мұз айдыны іске қосылса, күн ілгері дайындала алатын ойыншылардың шеберлігі артады, мүмкіндік те молаяды. Санаулы күндерден кейін Сыктывкарда басталатын финалдық ойындарда жақсы өнер көрсетіп, алғашқы үштікке ілігуді көздеп отырмыз. Түпкі мақсат – Ресейдің суперлигасына шығып, Қазақстанның мықты командасына айналу.


Сауда орындары пандус орнатуға неге құлықсыз?

Күні: , 34 рет оқылды

IMG_3299


«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Партияның облыстық филиалында өткен жиынға мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.


Алқалы жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Г. Құлжанова жүргізді. Ол күн тәртібіндегі келелі мәселенің өңірде біртіндеп шешімін тауып жатқаны және оған «Нұр Отан» партиясының да белсене қатысып, үлесін қосқаны туралы баяндады.

Жиын барысында кәсіпкер Біржан Қожақов осы санаттағы жандарға қала әкімі Нариман Төреғалиевтің тарапынан түсіністік пен қолдау барын айта келіп, олқылықтар жайына кеңінен тоқталды. Қанша рет айтылғанына қарамастан, қаладағы үлкен сауда орындарына мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы пандус пен жеделсаты орнату жөніндегі талап-тілектер толық орындалмай келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көлігі орналасуы тиіс орынтұрақты өзгелердің пайдалануы тыйылар емес. Қанша ескертілсе де, қол-аяғы сау адамдар міз бақпайды. Демек, айыппұл салу сияқты тәртіптік шара қолдану қажет. Мейрамхана мен дәмханалар да пандус орнатуға ықылассыз. Сөзінің соңында Біржан Морякұлы көліктерге арбалы адамды орналастыруға арналған гидравликалық көтергішті жасау Оралдағы «Зенит» зауыты ұжымының қолынан келетіндігін айтып, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалынан көмек сұрады. Гүлназ Мағжанқызы ұсынысты құп алып, аталған өтінішті орындауға сол зауыттағы бастауыш партия ұйымы басшылығын жұмылдыратынын мәлімдеді. Сонымен бірге мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан, аянбай еңбек етіп, ел игілігі жолында қажырлы жұмыс істеп келе жатқан Б. Қожақовқа алғыс айтты. Мүгедектердің облыстық ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов «Инватакси» қызметіне ризалығын білдірді. Егер мемлекет тарапынан қаржыландыру болса, жұмыс көлемінің артатынын да мәлімдеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Нұрғуатов түсінік жұмысын әкімшілік шаралармен нығайта отырып, түйінді мәселелерді жедел де нақты шешуді ұсынды.

— Біздің санаттағы адамдар қоғамдық көлікке отырса, қатты қиналады. Өйткені айналаны, әсіресе, автобус маршрутының нөмірін, аялдаманы дұрыс көре алмайды. Қыстың аязды күндері терезені қырау жапса, тіпті қиын. Сондықтан кондукторлар аялдаманы үнемі хабарлап тұрғаны жөн, — деді зағиптар қоғамы облыстық басқармасының төрағасы Данияр Қадырбеков. Ал «Диабет» қоғамдық ұйымының төрайымы Тамара Истомина, соңғы кезде сусақ дертіне шалдыққандардың күрт өскенін айтып, оларға қамқорлықтың бір сәт те бәсеңдемеуін сұрады. Қоғамдық тыңдауда есту қабілеті бұзылғандардың облыстық қоғамының төрайымы Манара Түйінбекова, Орал қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрсәуле Елеуова және басқалар сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге орай ұсыныс-пікірлерін айтты.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ


Қамқорлық жалғаса береді

Күні: , 39 рет оқылды

DSC00457


Мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көмектесу,  жанашырлық таныту кім-кімге де парыз. Өйткені олар мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан өмірге мейлінше құштар, сары уайымнан аулақ, тіпті ең ауыр сәттерінің өзін де ешкімге сездірмеуге тырысады. Бұл жандардың қалыпты өмір салтымен шектеліп қана қоймай, жасампаз еңбекке ұмтылуы да құрметке әбден лайық.


Қазір өңірімізде 24036 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олар облыс халқының 3,8 пайызын құрап отыр. Соның ішінде 2510-ы бірінші топ санатында. Екінші топқа 9965 адам жатады. Үшінші топтағысы — 9185 адам. Солардың ішіндегі 16 жасқа дейінгі балалар — 2200, зағип саны — 1935, есту қабілеті нашары 715 адам және арбамен жүретіндердің саны — 819 адам.

Біздің ерікті қоғамның мақсаты мен міндеті — жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, осы санаттағы жандардың заңды құқығын, мүддесін қорғау, алаңсыз еңбек етіп, қабілетіне қарай білім алуына, кәсіпкерлік және шығармашылықпен айналысуына, спортпен шұғылдануына, өмірге етене араласуына ықпал жасап, қолдау көрсету.

Өңірде осы әлеуметтік санаттағы адамдарға барынша қамқорлық көрсетілуде. Ең әуелі, оларды медициналық оңалту жайына тоқталсақ. Өткен жылы 750 мүмкіндігі шектеулі жан «Алмаз» шипажайында медициналық оңалтудан өтті. 474 адам протездік-ортопедтік құралмен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 77-і көру қабілеті кем жан болса, 12-сі мүмкіндігі шектеулі бала, 474 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Бұдан басқа 144 есту қабілеті нашар жанға тыңдау аппараты берілген. Осы санаттағыларды әлеуметтік оңалту бағытында да нәтижелі істер атқарылды. Дәлірек айтсақ, 159 мүмкіндігі шектеулі жан сурдотехникалық, 240 адам тифлотехникалық құралмен қамтылған. 162 жанға арнайы жүріп-тұру қондырғысы бар кресло-арба берілді. Сондай-ақ жүріп-тұруы қиын 1300 мүмкіндігі шектеулі жанның көмекшісі болса, 1248 адам міндетті гигиеналық құралмен қамтамасыз етілді. Есту қабілеті нашар 220 жанға 21 ымдау тілінің маманы қызмет көрсетті. Облыста 1518 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы бар. Оның 1287-сіне құжаттау жүргізіліп, өңірлік орташа пайыздық көрсеткіш 85 пайызды құрады. Құжатталған нысанның ішінен 895-і бейімдеуге мұқтаж. Әлі де осы бағыттағы жұмыс көп. Ол алдағы кезеңде жүргізіле бермек.

Бұдан басқа адамдарды ақпаратпен тұрақты қамту мақсатында «Қазақстан-Орал» телеарнасының ұжымы күніне екі рет жоспарлы түрде телебағдарламаларды сурдоаудармамен сүйемелдеуді ұйымдастырған. Бұл да — осы әлеуметтік санаттағы ақпаратқа аса ділгер жандар үшін зор қолдау. Сонымен қатар олардың толыққанды орта, арнаулы орта және жоғары білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін де барынша жағдай жасалған. Үйден 259 бала оқиды. Балабақшаға 216 бүлдіршін орналастырылған. Сонымен бірге 58 жастың арнаулы орта білім беретін оқу орнында білім алып жатқанын, жоғары оқу орындарының қабырғасында 47 жігіт пен бойжеткен жүргенін айтсақ та жеткілікті. Бұл аз десеңіз, бес көлік бағыты бойынша аталмыш жандарға облыс орталығы мен Бөрлі ауданында «Инватакси» қызмет көрсетіп жүр. 21 көліктің екеуі Ақсай қаласына тиесілі болса, қалғаны Орал қаласында. Рес-публикалық бюджеттен қаржыландыру нәтижесінде былтыр 17 мың адамға көлік бойынша қызмет көрсетілді. Әрине, 2014 жылы 22, 2015 жылы 20, былтыр 18 мүмкіндігі шектеулі жанның кезек бойынша үй алып, қоныстойын атап өтуі де мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықтың жарқын мысалы. Жоғарыда көрсетілген пәтер иелері тек облыс орталығының тұрғындары ғана. Бірлі-жарым жаңа үй алып жатқандар аудандар да да бар. Олардың саны жыл өткен сайын артуда.

Әрине, мүмкіндігі шектеулі жандарды тек үнемі қоғам мен мемлекет тарапынан қамқорлық күтіп отыратындар ретінде қабылдау дұрыс емес. Олардың өзі де сарсылған масылдыққа салынбастан, барынша күші келетін іспен айналысып, таланты мен қабілетін пайдалы жұмысқа бағыттауда. Дәлеліміз — бүгінде өңірде 500-ден астам осы санаттағы адам еңбек етеді. Соның ішінде 237-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Мәселен, Жаңақалада — 16, Сырымда 17 кәсіпкер бар. Арасында мемлекеттен несие алып, шаруасын дөңгелентіп отырған да, өз қаржысымен кәсібін ашқан да бар. Мәселен, бір ғана Шыңғырлау ауданында 83 мүмкіндігі шектеулі жан еңбек етіп жүр. Келешекте мұндай жандардың саны өсеріне сенім бар.

Мәдениет-спорт саласында оңды істер мол. Барлық ауданда облыстық фестивальге дайындық барысында түрлі конкурстар, байқаулар өтіп жүр. 1998 жылдан өткізіліп жатқан өнер фестиваліне қолдау көрсетілуі, көрме, жәрмеңке ұйымдастырылып, қайырымдылық айлықтары жергілікті биліктің қолдауымен жұмысын ширата түсті. Сондай-ақ 250-ден аса адам республикалық, халықаралық жарыстарда жүлде алған.

Облыс әкімінің осы санаттағы адамдарға арналған қаулысының арқасында спортпен айналысушылардың қатары көбейе түскені сөзсіз. Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы сан алуан спорт түрінен үш республикалық жарыстың Орал қаласында өтуі соған дәлел. Аудандық бөлімшелердің жәйіне келсек, Ақжайық, Жаңақала, Тасқала аудандарының Зеленов, Бөрлі сынды аудандарға үлгі болғанын қалар едік.

Сөз соңында биыл екінші рет атап өтілетін Алғыс айту күніне орай біздің қоғамға негізгі демеуші болып табылатын «Мирлан» ЖШС (басшысы Роза Молдашева), «Конденсат»-Келешек» АҚ-ы (басшысы Валерий Жүнісов), «Желаев» АҚ (Роберт Барсигян) және мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Біржан Қожақовқа су жаңа автобусты сыйға тартқан «Құс фабрикасы» ЖШС (басшысы Таймас Оразғалиев) ұжымдарына шын жүректен алғыс айтамыз.

Мемлекет 2014 жылдан бастап, біздің қамқорланушыларды жүйелі түрде назарында ұстайды. Аталмыш жандардың қолынан шыққан бұйымдар жәрмеңкесінің жыл өткен сайын көбеюі, кейбір адамдардың кәсіпкерлікке қызығушылық танытып, белді бекем байлап, нақты іске кірісуі — осының айқын айғағы. Осындай жағымды көріністер келешекте де жарасымды жалғасын табарына сенеміз.

Жұмажан  ҚОЖЖАНОВ,

мүгедектердің облыстық ерікті  қоғамының  төрағасы


Қаражатты игерудің тиімділігі жете тексерілмек

Күні: , 29 рет оқылды

SAMSUNG CSC

SAMSUNG CSC


Елбасының  биылғы  Жолдауы еліміздегі  үшінші  жаңғыртуды  жүзеге асыруға  бағытталғаны  белгілі.  Осыған орай Мемлекет  басшысы  Қазақстанның  қабілеттілігін  қамтамасыз  ететін  эконо-микалық дамудың  жаңа  моделін  құрудың қажеттілігі  туралы  мәселе  көтеріп  отыр.


Президент көрсетіп отырған негізгі басымдықтар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге мүмкіндік беруі тиіс. Мұнда қамтылатын негізгі бағыттар экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адам капиталы сапасын жақсарту, институттық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске басымдық  беру  болып  табылады.

Бірінші кезекте цифрлы технологияларды қолдану арқылы құрылатын индустрияны, басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті, кен металлургиясын және мұнай мен газ кешендерін дамыту қолға алынбақ. Елбасы ерекше назарды бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру қажеттілігіне, сонымен қатар министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеруге аударады.

Елдің оңтайлы әлеуметтік-экономикалық дамуы бірінші кезекте жоғары дәрежелі кадрларды дайындаудың сапасымен анықталады. Елбасы негізгі міндеттердің бірі қазіргі заманғы экономикалық жағдайға бейімделе алатын білім беру жүйесінің әрі қарай жаңғыртылуы деп есептейді. Сондықтан Мемлекет басшысы білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдырудың маңыздылығын атап өтті.

Жолдауда Президент ұлттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударып, қауіпсіздік ахуалын қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшемі ретінде қарастырады. Діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын жүргізу, соның ішінде ғаламтор мен әлеуметтік желілер де назарға алынды. Ал ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық көп жағдайда көрсетілген стратегиялық жоспарларға кедергі жасайды. Сондықтан оның себептері мен алғышарттарын анықтау бойынша жұмыстардың күшейтіліп жүргізілуі мәселесі  күн  тәртібіне  қойылды.

Елбасы өзінің халыққа Жолдауында елдің жетістігін ғана емес, сонымен қатар жүйелік мәселелерін дер кезінде орнықты шешу жайына да кеңінен тоқталды. Сондықтан Үкімет алдында тұрған міндеттерді тиімді жүзеге асыру өте маңызды  шара  болып  табылады.

Дархан ҚУАНЫШЕВ,

БҚО бойынша қазынашылық департаментінің басшысы


Мақсат – ынтымақты нығайту

Күні: , 31 рет оқылды

IMG_3107


Шыңғырлау ауданындағы «Березка» орыс ұлттық-мәдени орталығына көп жылдан бері Татьяна Кишкина жетекшілік етеді. Сан ұлт пен ұлыстардың татулығына дәнекер болып келе жатқан орталықтың оралымды істері мол. Оның басы-қасында әріптесіміз, журналист Татьяна Кишкина жүр.


Қоғамдық ұйым ауданда 1995 жылы құрылған екен. Оған алғашқыда Александра Шевцова басшылық етіп, құрамына негізінен мұғалімдер енген. Олар орыс мәдениетін насихаттаумен шұғылданып, аудандағы қоғамдық шараларға белсене қатысты. Орыстың ұлттық дастарқан мәзірі мен қол өнері көрмесін де өткізді. Талай жыл аудан әкімдігінің қолдауына сүйенген бірлестіктің кейін жұмысы қожырап, ақыры тарап кетті. Тек 2000 жылы ғана аудандық мәдениет үйінің әдіскері Надежда Әлиеваның жанашырлығымен бірлестік жұмысы қайта жанданды. Бұл жолы да оның құрамына ұстаздар еніп, сол кездегі мекеме басшысы Татьяна Карташова, музыкант Валентина Рузаева секілді қоғамдық жұмысқа белсенді жандар да іске тартылды. Олар сан түрлі мерекелік шараларға қатысып, өнерлерін танытудан аянған жоқ. Сол жылдың 22 наурызында бірлестік мүшелері концерт қойып, тек қазақтың ұлттық мейрамы ғана емес, сонымен қатар орыстың ұлттық дәстүріне сай Бозторғайлар мерекелік рәсі-мін атап өтті. Орталықтың төрайымдығына шыңғырлаулық журналист Татьяна Кишкина сайланды. Ал 2009 жылдың аяғында сол кездегі аудан әкімі Марат Тоқжановтың ұсынысы бойынша орталық ресми түрде тіркеліп, бүгінгі қоғамдық мәртебесін алды.

Жыл өткен сайын орталықтың жұмысы жақсара түсті. Бірлестік жыл сайын орыстың ұлттық және діни мерекелерін жерлестерінің жаппай қатысуымен өткізіп жүр. Оның ішінде Рождество, Масленица және басқасы бар. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз және Бозторғайлар мерекелерін атап өту әдетте аудан орталығымен шектеліп қалған емес. Ұйым мүшелері ерікті көмекшілерімен бірге ауданның жекелеген ауылдық округтерін де аралап, өнер көрсетеді. Әсіресе, шыңғырлаулықтар бірлестік жанындағы «Сударушка» әншілер тобына ерекше тәнті. Олар орыстың ұлттық және кеңес сазгерлерінің әндерін тамылжытып орындайды. Қазақ тілінде ән шырқайтындар да бар. Жалпы, бірлестікте ән өнерін насихаттауға айрықша көңіл бөлінеді. Өйткені әнде шекара жоқ. Тамаша әнді барлық адам бірдей сөзін түсінбесе де, мағынасын жанымен сезінеді. Мәселен, қазақтың біртуар ұлы Шәмшінің әндерін тілін түсінбесе де, ықыласпен тыңдайтын өзге ұлт өкілдері жеткілікті ғой. Сол сияқты шыңғырлаулық бірлестіктің мүшесі, ұлты қазақ Татьяна Көбекова әсем даусымен орыстың ұлттық әндерін әуелетіп шырқағанда, құлақ түрмейтін жан кемде-кем. Әсіресе, ол орыстың танымал халық әншісі Надежда Кадышеваның орындауындағы әндерге ерекше әуес. Сондықтан оны жерлестері «Біздің Кадышева» деп сүйсініп атайтын көрінеді. Оның қатысуынсыз бірде-бір концерт өтпейді.

Жоғарыда атап көрсетілгендей, мемлекеттік тілді де сан алуан әдіспен насихаттау – қоғамдық бірлестік жұмысының бір бағыты. Оның мүшелері қазақ тілін насихаттауға арналған барлық шараға белсене қатысуда. Аудандық шараларға олар басқаларымен қатар қазақ тілінде ән, өлең немесе өзге де өнер түрлерін даярлайды. Соның ішінде «Менің Қазақстаным» және «Қырманға кел, қалқатай» сынды орындалған әндерге көрермендер ықыласпен қол соғады. Әрине, ән өнеріне жастардың жақын жүретіні белгілі ғой. Ал бірлестік қатарына жігерлі жастарды тартуды қалыпты дағдыға айналдырған. Көп жыл бойы бірлестік құрамында Сергей Зарипов, Елена Иваненко, Екатерина Сырица, тағы басқа мектеп оқушылары белсенділік көрсетті. Қазір олар мектеп бітірген. Енді Шілік орта мектебінде оқитын жоғары сынып оқушыларынан жаңа көмекшілерді ұйым қатарына тарту көзделген.

Шыңғырлау көршілес Ресеймен шекаралас болғандықтан, екі арадағы достық байланыстар берік. Әсіресе, көршілес орыс ауылы Линевка және аудан орталығы Тұзқаламен (Соль-Илецк) байланыс тұрақты. Екі аудан әлсін-әлі өзара құрметті қонақтармен алмасып тұрады. Мәселен, шыңғырлаулық «Сударушка» әншілер тобы талай рет көршілерге концерт көрсетіп қайтса, аталмыш қаланың бишілері мен «Гармония» ансамблі шығармашылық сапармен келіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Айта берсек, мысал көп. Мәселен, бірлестік төрайымы Татьяна Геннадиевна өткен жылы 22 сәуірде Орынбор қаласында болған Ауыл әйелдері қозғалысының бірінші Еуразиялық форумына қатысып қайтты. Оған сол облыс пен Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан елдерінен өкілдер қатысқан еді. Мұның да әр ел әйелдерінің өзара ынтымағы мен түсіністігіне берері мол.

Былтыр аудан тұрғындарының жалпы жиынында бірлестік атынан сөйлеген Т. Кишкина сол елді мекеннің жанындағы орыс және мұсылман зираттарын тәртіпке келтіру және оған мықты қоршау орнату жөнінде ұсыныс жасады. Оның ұсынысы қабылданды. Ел ортақ қорға ақша жинап, сауапты жұмыс қолға алынды. Нәтижесінде жарты миллион ақша жиналды. Биыл сол жұмыс әрі қарай жарасымды жалғасын табуы тиіс. Тағы бір айтарымыз, бірлестік әрекетіне оның мүшелері ғана емес, отбасылары да белсене араласып, ортақ іске лайықты үлесін қосуда. Сондай-ақ қоғамдық ұйымға демеушілердің де көмегі көп. Т. Кишкина Шыңғырлауда өмір сүрген, осыдан екі жыл бұрын өмірден озған, ресейлік кәсіпкер Олег Құсайыновтың есімін құрметпен еске алады. Оның кезінде көрсеткен көмегін бірлестік ұжымы ешқашан ұмытпайды. Қазір Виктор Сафонов, Вера Федорова, Рамзан Хамзаев және басқа да демеушілер қолдау мен көмек көрсетуде.

Биыл да бірлестік жұмысын одан әрі жалғастырады. Алда «Достық-Дружба» фестивалі, ұлттық Яблочный спас мерекесі мен Татьяна Көбекованың шығармашылық кешін өткізу және басқа да шаралар тұр. Татьяна Геннадиевна сынды тынымсыз, тегеурінді жетекшісі бар қоғамдық ұйым үшін биыл да сәтті боларына сенеміз. Басқасы былай тұрсын, өзінің отбасын да көпке ортақ іске белсенді түрде тарта білген Татьяна әріптесіміздің ұлттар арасындағы ынтымақты нығайту жолындағы еңбегі тек құрметке лайық. Сол үшін ризалық сезіммен алғыс айтсақ та, артық емес.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Немерелерімнің есімін қазақша қойдық»

Күні: , 34 рет оқылды

DSC_0010


Қазақстанға келіп қоныстанғанымызға да 60 жылдай уақыт болыпты. Мен Кафарова Жейран Агземқызы және өмірден өткен жолдасым Касумов Журыш Ырзалоглы Әзірбайжанның астанасы Бакуде дүниеге келдік.


Сол елде 1959 жылы шаңырақ көтердік. Тағдырдың бұйырғаны шығар, 1960 жылы Қазақстанға келдік. Алғаш келген жылдары Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында құрылысшы болып еңбек еттік. Кейін Жалпақтал ауылына қоныс аудардық. Осы ауылға келген жылдары Өтеген Қуанышев есімді жалпақталдық азаматтан көп қолдау таптық. Ол адам бізге қамқоршы болып, алғашында өз шаңырағына алып, соңынан бөлек үй салғызып беріп, осы жақта тұрақтап қалуымызға зор ықпал етті.

Сөйтіп, осы шағын ауылға тұрақтап, табысты еңбек етіп, ұрпақтарымыз қазақ балаларымен қатар өсіп, кейін құда-құдандалы болдық. Ауылдастармен, көршілермен мидай араласып, ауыл арасында Алик-Жанна аталып кеттік.

Осы жылдарда отбасымызда Таня, Тамара есімді екі қызымыз, Қажымұрат, Шахмұрат, Баймұрат, Мұрат атты төрт ұлымыз өмірге келді. Бүгінде тұңғыш қызым Таня ресейлік Хайдар атты қазақ жігітімен шаңырақ көтеріп, ұл-қыз, немере-жиен сүйіп, өз алдарына бақытты ғұмыр кешуде. Ал Тамара өз бақытын көршілес Жәнібек ауданынан тауып, Нұрболат есімді жігітпен отбасын құрды. Бір өкініштісі, жолдасым Алик пен  Қажымұрат, Шахмұрат,  Мұрат есімді ұлдарым өмірден ерте кетті.

Бүгінде бала-келінім Баймұрат-Жаңылсынмен бір шаңырақта ғұмыр кешіп, немере-жиеннің қызығына бөленудемін. Берекесі мен бірлігі жарасқан ұлымның шаңырағында алты бірдей ұл-қыз өсіп келеді. Келінім Жаңылсын – «Күміс алқа» иегері. Немерелерімнің есімдерін Ермұхан, Нарғыз, Ермұрат, Жүсіп, Ернар, Ернұр деп қазақша қойдық. Жалпақталдай шағын ғана қазақи ауылда дүниеге келіп, қазақ қызымен отбасын құрған Баймұратымның да ұрпағы көрші-көлемнің балаларымен ойнап-күліп, бірге өсіп,  қазақ мектебінде білім алуда.

Қазіргі таңда жасым сексеннен асты. Қарап отырсам, ғұмырымның 60 жылын осы ауылда, қазақ бауырларыммен бірге өткізіппін. Осы ауылда ел қатарлы жұмыс жасадық. Ауылдың қиын-қыстау уақыттан өтіп, көркеюінің куәсі болдық. Өзге елде туып-өссек те, бар саналы ғұмырымызды осы жерде, осы халықпен өткіздік. Түріміз өзге болса да, тілегіміз бір болғандықтан шығар, бізді ешбір жан шеттеткен емес. Қайта төрлерін ұсынып, бауырларына тартты. Сол үшін қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. Ынтымағы артып, бірлігі жарасқан қазақ елі көркейе берсін деп тілеймін.

Жанна КАФАРОВА,

Жалпақтал ауылы,

Қазталов ауданы


Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: «Ол кездері қалам ұстағанды жұрттың бәрі құрмет тұтатын»

Күні: , 58 рет оқылды

baq_back


Биыл «Орал өңірі» газетіне 100 жыл толмақ. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева да  «Орал өңірі» газетінің редакциясында еңбек жолын бастаған тұлғалардың бірі. Біз мерейлі мереке қарсаңында ақын апамызды редакцияға  шақырып, сол жылдардан естелік-әңгіме айтып беруін өтінген едік.


— Бұл 1966 жыл болатын. Мен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетін қызыл дипломмен аяқтадым. Маған сол білім ордасының басшылығы аспирантураға қалуға кеңес берді. Республикалық басылымдарға өлеңдерім жарияланып, «Өрімтал» атты тұңғыш жинағым шығып, «ақын қыз» деген атқа ілігіп қалған кезім еді бұл. Алайда әу бастан «Жайығыма барамын, әкеме барамын»  деген алаң көңілім мені Алматыда қалдырмай, Оралыма алып келді, — деп әңгімесін бастады ақын.

Туған жерге деген тылсым тартылыс пен әкеге деген сағыныштың жетегінде келген жас ақын Оралға келіп, бірден қызмет іздейді. Сол кезде Оралда жалғыз қазақ мектебі мен қазақ редакциясы ғана бар еді. Қазақ аз тұратын, қазақ тілді маманды қажет ете бермейтін кездер еді бұл. Біздің кейіпкеріміз де Карев көшесіндегі 47-үйде орналасқан (әйгілі Карев үйінің үшінші қабаты) редакцияға бағыт ұстайды.

— Редакцияда менің өлең жазатынымды мектептен білетін, әр қадамымды қадағалап жүрген ағаларым бар еді. Сол кісілердің ықпалымен мен газетке әдеби қызметкер болып орналастым. Оралда тұратын жерім де жоқ еді. Менімен қатар Алматыдан оқу бітіріп келіп, үй алып жатқан жақын апа-жездеммен бірге тұрдым. Ол кезде оқуды жаңа бітірген жас әрі ұяң қызбын. Кабинетте хат қорытып, хаттарға жауап беріп қана отырамын. Поэзия әлемінде жаңа танылып келе жатқан жас ақынды көргілері келе ме, журналист ағалар өздері келіп, менімен танысып, әңгіме айтып кететін. Ол кезде журналистикада да, поэзияда да қазақ қыздары аз еді, — деп ақын апамыз сол шақтарды еске алды.

cf08abe1-ced0-4fa8-914a-318ca07119feАқұштап ақынның әкесі Бақтыгерей қызының оқу бітіріп, елге оралғанына қатты қуанады. Әке көңілінің бірленгеніне ақын қыз да риза еді. Сол кездегі көбіне өндіріс, ауыл шаруашылығы бағытында әр аудан, ауылдардан келіп жататын хаттарды қорытып, жұмысын жасап жүреді. Алайда Алматының шулаған әдеби ортасынан алыстап кеткен ақын жиындарының бәрі орыс тілінде өтетін, орыстанған қалада тұн-шығып бара жатқандай күй кешеді. Сол жылдардағы «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Хабир Нұрмұхамедовтің өлеңге деген көзқарасы мен жас ақынның көзқарасы әу бастан-ақ сәйкес келмейді. Жас ақынға сол жерде жұмыс жасайтын Болат Қалиев, Әмин Фатихов сынды жаны жайсаң журналист ағалар қамқорлық танытады. Олар оны «Қарлығаш қыз» деп қыздарындай еркелетіп отыратыны әлі күнге дейін ақын жадында сақталыпты.

Поэзия айдынына ақ желкенін енді керген шағында күні бойы өзіне түк қызық емес хаттарды қорытып, жауап жазып отыру жас ақынға қиынға соқты.

— Өйткені мен Алматыда күн сайын түрлі кездесулер мен кештер өтіп, қайнап жататын әдеби ортаны көріп келген едім.

Мен алыстан болса да, Мұхтар Әуезовты көріп қалдым. Сәбит Мұқановпен кездесуде болдым. Көп жылдар сталиндік қуғынсүргіннің зардабын тартса да, мойымаған Хамза Есенжановтың әңгімесін тыңдадым.

Оқытушылардың жасырын әңгімелерінен Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін естіп келген адаммын. Сол кездің өзінде санамда ұлттық рух мықтап беки бастаған еді.

Алайда менің ұлттық рухым бұл жерге қажет болмады. Тек ана тілінде шығып жатқан жалғыз басылым болғандықтан, сол жерді паналап жүрдім, — деп еске алды ақын.

Бірде өңірімізге Жұбан Молдағалиев келіп, сол кездегі А. Пушкин атындағы пединститутта студенттермен кездесу кеші өтетін болады. Кездесуден хабар жазып келуге редакция басшылығы жас ақынды жолдайды. Ақын өміріне өзгеріс алып келген бұл күнді кейіпкеріміз сағынышпен еске алады.

IMG_4129— Ол кездерде кездесулердің басым бөлігі орыс тілінде өтетін. Бірақ Жұбан Молдағалиев, Берқайыр Аманшин, Николай Корсунов сынды қазақ-орыс ақынжазушыларымен өткен кездесу қазақ тілінде басталып, орыс тілінде жалғасты. Мен студенттерден айырмашылығым жоқ, жас қызбын ғой. Солардың ортасында тымпиып отырып, ағалардың әңгімесін тыңдадым. Сол кешті, ұмытпасам, Мәтжан Тілеужанов жүргізді. Кездесудің соңында Мәтжан ағамыз «Сіздердің орталарыңызда өлең жазатын қыз бар ғой» деп қалды. Мен өзімді айтып тұрғанын сезіп, ұяла басып, ортаға шықтым. Алматыдан көріп келгенім бойынша ағаларға ұяң ғана тілегімді айтып, өлең оқыдым. Орныма отыра бергенімде, Жұбан аға маған отты көздерімен жалт қарап: «Сен мұнда қайдан жүрсің?» деді.

«Мен Алматыдан оқу бітіріп келіп, қазір газеттемін…» деп едім. «Сенің орның негізі Алматы екен» деді. Осы кездесуден кейінбіраз уақыт өткен соң Қазақстан Жазушылар одағы бөлімшесінде жұмыс жасайтын Берқайыр Аманшин редакцияға телефон соғып, Жұбан ағамның мені Алматыға шақыртқанын айтты. Мен әкемнен рұқсат сұрадым. Әкем: «Сенің айтысқаныңды да, өлең жазғаныңды, радиодан, теледидардан сөйлегеніңді де көрдім. Бақтыгерей деген атымды айтқызып жүргенің үшін саған ризамын, қызым. Қайда жүрсең де, жолың болсын!» деп батасын берді, — деп сол шақтарды еске алған ақын маған күлімсірей қарап, терең күрсінді.

Әке батасын алған ақын қыз өзі сағынған әдеби орта – Алматыға оралады. Әр түрлі қиындықтарды көре жүріп, поэзияның шырқау көгіне көтеріліп, «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап ақынның облыстық газетте аз да болса қалған өз қолтаңбасы бар.

— Ол кездері қалам ұстағанды жұрттың бәрі құрмет тұтатын. «Жұлдыз» деген журналды жұрт қолынан тастамай оқитын. Әр үйдің ас бөлмесіндегі серванттарда «Қазақстан әйелдері» тұратын еді. Ол кезде журналист болып қызмет жасау қызық әрі қорқынышты еді. Әр жазған сөйлем мен сөздің астарына үңіліп, шұқшиып қарап, тексеріп отыратын. Өйткені сондай сақтықты қажет ететін кездер еді. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Бәрі қолмен жазылады. Журналистер кезекші болған күндері май-май болып, газет біткенше әр сөйлем мен сөзді тексеріп, таңға дейін жүретін еді. Олардың тексергенін таңға жақын «қырағы көз» (свежий глаз) келіп, тағы тексеретін. Бірақ мені көбіне «Қыз бала ғой» деп қамқор ағаларым үйге ерте жіберуші еді, — деп сол шақтарға бойлаған ақын ол кездерде газет бетіне шыққан сын мақаланың нәтижесіз қалмайтынын, ал қазір жазылған сынның көбіне сол күйі жауапсыз қалатынын да жасырмады.

Өткен күннің бәрі – тарих. Бүгіндері Ақұштап айдынына бойлағысы келетін қалың оқырманы қалыптасып, поэзия падишасы атанған ақынның алғашқы еңбек жолының бастауы болған басылым – «Орал өңіріне» де бір ғасыр толмақ. Тарих қатпарына үңіліп, сәл мұңдылау басталған алғашқы еңбек жолын еске алған ақын: «Сіздер егемендіктің арқасында еркін тыныстап, еңбек етіп жүрген бақытты ұрпақсыңдар! Өз ана тіліңде ойыңды еркін жеткізіп, мінберлерден ана тіліңде сөйлеу нағыз бақыт қой! Олай айта алмай, тұншыққан сәттер өтті басымыздан. Осы күннің қадірін біліңдер, айналайындар!» деді ақын сұхбатымыздың соңына таман…

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика