Мұрағат: 30.01.2017


Жартығасырлық жылнама

Күні: , 199 рет оқылды

IMG_4020


Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясынан талай дарын түлеп ұшып, шын дүлдүлдер шыңдалды. Оның киелі сахнасында атағы күллі әлемді шарлаған әйгілі әншілерге қоса, ұлы музыканттар да өнер көрсетті. Ұлылардың сол кезде берген оң бағасы ұжымның мерейін әлі де үстем етіп келеді. Ал бүгінде өнердің осы қара шаңырағына, хас таланттардың ордасына 50 жыл толып отыр. Осыған орай алдағы 2 ақпан күні облыстық қазақ драма театрында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының 50 жылдығына орай салтанатты шара өтпек.


Мерейтой қарсаңында өнер ордасының тарихына аз-кем тоқталып, алдағы мақсаттарын білмекке Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Қадырболат Мұсағалиевты сөзге тартқан едік.

— Қадырболат Қабдырұлы, алдымен өткен күнге сәл шегініс жасап, филармонияның тарихына көз жүгіртіп өтсеңіз?

— Ақ Жайық өңіріндегі жоғары кәсіби деңгейдегі дара шығармашылық ұжым саналатын облыстық филармония өткен жарты ғасыр ішінде үлкен әрі қиын жолдардан өтті. Бір қызығы, елу жылдың ширек ғасыры КСРО кезеңінде, кейінгі 25 жылы тәуелсіздікпен тығыз байланысты өрбіді.

1966 жылы құрылған ұжымға алғашқы директор болып Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі, кәсіби маман Уәли Кәрімов тағайындалған еді. Одан кейінгі жылдарда Ұлы Отан соғысының ардагері Сағын Есенәлиев, біраз жылдар Құрманғазы атындағы Орал музыка училищесінің директоры болған Махамбет Ержанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, режиссер Мақсот Омарғалиев пен әнші-композитор Донеділ Қажымов, ҚР мәдениет қайраткері Марат Қалиев сынды танымал тұлғалар басшылық етіп, ұжымның дамуына сүбелі үлестерін қосты. 1989 жылы филармонияның облыс орталығындағы ең көрікті ғимарат, 1900 жылы бой көтерген А. Каревтің үйіне көшірілуі сол кезде үлкен жаңалық болды. Ал еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, 1996 жылы батысқазақстандық филармонияға ақиық әнші, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі берілген еді.

Осы жылдар аралығында филармония сахнасында КСРО халық әртістері, Халық Қаһарманы Роза Бағланова, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішевке қоса, ХХ ғасырдың ұлы музыкант-пианисі Святослав Рихтер, Ресей Үлкен театрының әртістері Валентина Левко, Александр Ворошило, Леонид Сметанников, атақты биші Махмуд Эсамбаев өнер көрсетті. Тіпті атақты дирижерлер, КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиев пен Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев басшылық еткен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің өңірімізге жиі қатынауы қара шаңырақтың жұлдызын жарқыратты.

— Бүгінгі таңда филармонияда қанша шығармашылық ұжым қызмет етеді?

— Облыстық филармония түрлі жанрдағы мамандықтарды жете меңгерген, жоғары білікті кәсіби мамандардан құралған бірнеше шығармашылық ұжымды біріктіреді. Атап айтсақ, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Назерке» халықтық би ансамблі, «Классика» камералық ансамблі, «Орда» аспаптық триосы, «Ән қанатында» эстрадалық ансамблі, дәстүрлі және эстрадалық әншілер, күйшілер, дирижерлер мен режиссерлер, балетмейстерден құралған 163 адам қызмет етеді. Бұл ұжымның барлығы да республикалық, аймақтық, облыс деңгейінде өтетін айтулы шаралардың бәрінде көш бастап, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Әрқайсысының өзіндік қалыптасу жолы бар, қол жеткізген жетістіктері бір төбе.

— Ендеше, сол жетістіктерге де аз-кем тоқталып өтсеңіз.

— Шын мәнісінде, жартығасырлық тарихы бар филармонияның жетістіктерін бір ауыз сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Тынымсыз еңбек пен маңдайдан аққан ащы тердің арқасында біраз белесті бағындырып үлгерді. Қара шаңырақтың аясында ұзақ жылдар бойы үзіліссіз жұмыс жасап келе жатқан аға буын өкілдері қай құрметке де лайық. Олардың ішінен Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, әншілер Қ. Қожақов, Ж. Рахимова, С. Таудаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қ. Бердіғалиев, ҚР мәдениет қайраткері С. Рахметжанов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері М. Әмірханов, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Е. Қазиев сынды дарабоздардың өнерге сіңірген еңбектері өлшеусіз. Сондай-ақ көптеген халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаз-жүлдегерлері Ж. Хасанова, Д. Есентеміров, М. Сарбөпеев, әнші-композитор Ж. Ғайсағалиев, М. Хайдарова, Е. Өтегенов, А. Бердіғалиев және басқа да өнер иелерінің есімдері облысымызға ғана емес, республика жұртшылығына кеңінен танымал. Филармония ұжымы әлемнің көптеген елдеріне гастрольдік сапарға шығып, қазақ өнерін жаһан жұртшылығына паш етіп жүр. Әсіресе, Германия, Норвегия, Болгария, АҚШ, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері және Хорватияға сапары барысында жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, талайларды тамсандырған еді.

Облыстық филармония Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрімен мәдени-рухани тұрғыда тығыз байланыс орнатқан бірден-бір ұжым екенін ерекше айтқым келеді. Өткен жылы облыс орталығында Құрманғазы мен Динаға ескерткіш орнату шарасында еліміздің ең мықты деген үш оркестрі бас қосып, жүзден аса адам бір сахнада үлкен концерт қойған еді. Олар – атақты Құрманғазы атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі, Атырау облыстық Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі және батысқазақстандық Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі. Бұл біздің көрермендерге ерекше рухани тарту-таралғымыз болды. Өйткені филармония жылнамасында бұрын-соңды мұндай үлкен құрамда, бірнеше ұжымның басын біріктіріп, бір сахнада өнер көрсету болмаған оқиға еді. Елге сыйлаған бұл тартуымыз әрі Тәу-елсіздіктің 25 жылдығымен, әрі өнер ордасының 50 жылдығымен тұспа-тұс келді.

— Қадырболат Қабдырұлы, елу жылдыққа қандай әзірлікпен келдіңіздер, көрермендерге қандай жаңалықтарыңыз бар?

— Ең басты жаңалық деп ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай филармонияның алты бірдей әртісінің мемлекеттік марапатқа ие болғанын айтуға болады. Бұл біз үшін үлкен жаңалық болды. Былтырғы шараларымыздың барлығын егемендіктің 25 жылдығымен қоса, қара шаңырағымыздың елу жылдығына арнадық. Үлкен құраммен облысымыздың 12 ауданында 13 концерт бердік. Астана, Алматы қалаларына барып, толық құрамда өнер көрсеттік. Жарты ғасыр ішінде өнердің іргелі ордасы саналатын Алматы қаласында толық құраммен бірде-бір концерт қойылмаған екен. Бұл да біз үшін бағындырған айтулы жетістігіміз болмақ.

 Ал елу жылдықты атап өту бастамасын өзіміз көтердік. Былтыр тарихи даталарға байланысты шаралардың көп болуына орай уақыт тығыз болды. Сөйтіп, халық алдындағы есеп беру концертімізді жыл басына жоспарлаған едік. Бұйыртса, көрермендеріміз үшін жаңалық та, тосынсый да көп болмақ. Мархабат, келіңіз, қонағымыз болып, керемет кештің куәсі болыңыз!

Сұхбаттасқан Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»


Алғашқы медальдар

Күні: , 44 рет оқылды

1245itdxtyjr11-13


Кеше универсиаданың әйел­дер арасындағы бес шақырымдық шаңғы жарысында Анна Шевчен­ко қола жүлдеге ие болып, Қа­зақстан қоржынына алғашқы медальды салды.


Мәре сызығын үшінші болып аттаған Аннаның уақыт көрсеткіші 14 минут 23 секундты құрады. Ал бұл додадағы алтын және күміс медальдарды ресейлік қос спортшы Лилия Васильева мен Анна Нечаевская иеленді.

Шаңғы жарысына қатысқан Ирина Быкова есімді спортшы­мыз да үздік ондыққа енді.

Кеше түс ауа Қазақстан қоржы­нына тағы екі жүлде түсті. Оны фристайлдың акробатика түрі­нен Жанбота Алдабергенова мен Жібек Арапбаева жеңіп алды.

Спорттың бұл түрінен ақтық сын­ға Жанбота Алдабергенова, Жібек Арапбаева, Вера Ляшкевич (Бела­русь) және Чжу Иньинь (Қы­тай) шыққан болатын. Қорытын­дысын­да қытай қызы алтын жүлдені алса, Жібек Арапбаева күміс медальға, ал Жанбота Алдабер­генова қола жүлдеге қол жеткізді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Үндеудің мән-маңызын түсіндірді

Күні: , 38 рет оқылды

IMG_5061


Жақында  ҚР  Президентінің  билік  тармақтары  арасында  өкілеттіктерді  қайта  бөлу мәселелері  жөніндегі  Үндеуі  жариялағаны  белгілі. Осыған  орай  облыстық  мәслихат  депутаттары  кеше «Жайық Агро ЛТД» ЖШС-да болып, ұжым мүшелерімен  кездесті. Кездесу барысында облыстық  мәслихаттың  хатшысы  Мәлік  Құлшар аталған  мекеме  ұжымына Елбасы  Үндеуінің  мән-маңызын  түсіндірді.


— Ағымдағы жылдың 25 қаңтарында Елбасымыз билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуін жариялады. Елбасымыз бұл Үндеуінде мемлекеттік билік жүйесіне елеулі өзгеріс енгізуді ұсынды. Реформа екі бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Оның бірі – әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі бірқатар өкілеттіктердің Президенттен Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға ауысуы. Екіншісі – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Осыған орай 26 қаңтарда Елбасының Жарлығымен ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер газет беттерінде жарияланды. Бұл жұмыс 1 ай көлемінде, яғни 26 қаңтар-26 ақпан аралығында жүргізілмек. Заң бойынша еліміздің әрбір азаматы Конституцияға енгізілетін осы өзгерістерге байланысты өздерінің ұсыныс-пікірі болса, оны ҚР Президенті жанындағы арнайы құрылған топқа осы 1 ай ішінде жолдауына болады. Енді жаңа саяси реформаларға  тоқталайық.

Біріншіден, Елбасы өзінің 40 өкілеттігін Парламент пен Үкіметке бергісі келеді. Үкімет басшысын Елбасы бұрынғыша Парламентпен келісе отырып, өзі тағайындайды. Жаңа тәртіп бойынша Үкімет енді мемлекеттік бағдарламаларды өзі бекітетін болады. Баршаңызға белгілі, мемлекеттік бағдарламаның түрі көп, оны бақылап отырмаса тағы болмайды. Бақылауды күшейту үшін Елбасы бұл өкілеттікті Парламентке беруді ұйғарды. Болашақта Парламент тек Үкіметтің басшысын ғана емес, сонымен қатар әр министрдің өз саласы бойынша жүзеге асырылуы тиіс мемлекеттік бағдарламасы жөніндегі есебін тыңдай алады. Егер Парламент министрлердің жұмысына қанағаттанбаса, онда бұрынғыдай Президентке шықпай-ақ, министрді  жұмыстан босату жөнінде өздері шешім қабылдайды. Парламент бұрынғыдай Үкімет жұмысына бақылау орнатады. Бұрын Үкімет Парламент алдында жылына бір рет есеп берген болса, енді Парламент Үкіметті кез келген уақытта  шақырып алып, есеп бергізе алады. Бұл алдағы уақытта облыстық және аудандық деңгейде жалғаса бермек. Ал облыс әкімін  Президент облыс мәслихатының депутаттарымен келісе отырып, тағайындайды. Қала, аудан және ауыл әкімдерін сайлау немесе тағайындау деген функция бұрынғыша қалады, оған Президент араласпайды. Қазірдің өзінде ауыл әкімдері сайланады. 2013 жылдан бастап аудан әкімі сол ауылға барып, ауылдағы қоғамдық ұйымдармен, ақсақал, ардагерлермен кездеседі, олар ауыл әкімдігіне 2-3 үміткерін ұсынады. Сосын бұл мәселені аудандық мәслихаттың сессиясына салып, олардың біреуін сайлайды. Болашақта бұл жағдай аудандық деңгейге қолданылуы мүмкін. Қалаға да келуі ғажап емес. Мүмкін деуімнің себебі бұл жағдайлар жөнінде заңға енгізілмей,  нақты  айтуға  болмайды.

Тағы бір айта кететін жайт, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың міндеттері (функциясы) ұлғайтылмақ. 2018 жылдан бастап 2000-нан астам тұрғыны бар ауылдың өз бюджеті болады. Қазіргі уақытта ауылдарға бюджетті аудан бөліп отыр. Аудан белгілі бір ауылға қаражат бөлсе, сол ауылда жол салынады немесе мектеп жөнделеді, бюджет бөлінбесе, ол ауылда ештеңе де жасалмайды. Енді жаңа заң бойынша 2000-нан астам халқы бар ауылдарға жыл басында ақша бөлініп, ауыл әкімі оны қайда жұмсауды ауыл тұрғындарымен келісіп, шешеді. Халық нені шұғыл керек деп есептесе, соған дауыс беріп, бөлінген қаражатты соған жұмсайды. Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта олар бұрынғыдай өзінен жоғары тұрған органдардың шешімін күтіп отырмайды.  Бұл жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқаруды дамыта отырып, халықты мемлекеттік басқару процесіне тарту үшін қажет. 2020 жылдан бастап бюджет барлық елді мекендерге  бөліне бастайды. Сөйтіп,  жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жөніндегі заңға осы реформа деңгейінде өзгерістер енгізіле ме деп күтіп отырмыз. Осыған орай ауылдық жерлерде қоғамдық ұйымдардың, ҮЕҰ-ның дамуына мүмкіндік бере ме деп ойлаймыз, өйткені халықпен жұмыс жасайтын, оларға мән-жайды түсіндіретін бір ұйым керек болады ғой. Қазіргі таңда ауылда шаруа қожалықтары бытыраңқы күй кешуде. Соңғы кездері оларды біріктіріп, үлкен бір кооператив құру бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Әркім өзімен-өзі жүргеннен пайда жоқ, өйткені Үкімет жеке-дара жүргендерге қаражат бөле алмайды. Сондықтан бытырап жүрген шаруа қожалықтарына үлкен бір құрылымға бірігу тиімді, сонда ғана олар ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды сатып алуға немесе оларды жөндеуге Үкімет тарапынан қаражат ала алады, – деген Мәлік Иманқұлұлы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Үкіметтің алдағы уақытта егін егушілерге тұқымға демеуқаржы беруі  мүмкін екенін  жеткізді.

Бұдан соң «Жайық Агро ЛТД» ЖШС директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Темірғали Ескендіров сөйлеп, аталмыш мекеменің өткен  жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтағаны жөнінде баяндады. Ол сондай-ақ аталмыш кәсіпорынның алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Темірғали Ескендіровтің айтуынша, аталмыш кәсіпорын облыс халқын өзімізде өндірілген құс етімен қамтамасыз ету мақсатында Зеленов ауданында құс фабрикасын салуда. Жаңа құс фабрикасы жылына 6 мың тонна құс етін өндірмек. Құс етін өндіру бағытындағы бұл жобаның құны – 3,5 млрд. теңге. Жаңа кәсіпорын құрылысы биыл қараша айында аяқталып, пайдалануға берілмек. Қазірдің өзінде 150-ден астам шұжық өнімдерін өндіретін кәсіпорын алдағы уақытта 500 басқа арналған мал бордақылау кешенін ашуды жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорынның  өзін-өзі ет өнімдерімен қамтамасыз  етуі  үшін  қажет.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Жол түзелсе, ауылымыз қаладан кем емес»

Күні: , 39 рет оқылды

_DSC0029


Оқуын бітіріп, еңбек жолын бастағалы отырған жастарды ынталандыратын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үй мен көтермеақы алып, ауылда еңбек етіп жүрген жастар саны жыл санап артып келеді.


Бағдарлама жүзеге аса бастаған 2009 жылдан бері жүздеген жас баспаналы болды. Сондай жастардың бірі — Макаров мектебінде ұстаздық етіп жүрген Бекежан Нығметов. Жәнібек ауданында дүниеге келген Бекежан Ұзынкөл ауылындағы мектепті тәмамдаған соң Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Ол жердегі оқуын аяқтаған соң Зеленов ауданындағы Макаров ауылына келіп, ұстаздық жолын бастайды.

— Өзіме ұстаздық еткен қатты ұнайды. Мектеп өміріне араласып, біраз нәрсені үйрендім. Мемлекеттік бағдарлама бойынша үй де алдым. Өз басым «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жастарға берілген тамаша мүмкіндік деп білемін. Қалада қалып, бейтаныс біреудің қалтасын қампайтқанша, ауылдық жерге келіп, өз үйің үшін төлеген мың есе артық, — дейді Бекежан бағдарламаның тиімді жағын айтып. Осы күні отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан оның жұбайы да ұстаз. Мектепте психолог болып қызмет етеді.

— Бұрынғыдай отын жарып, күл шығару деген қазір жоқ, су да үйге кіріп тұр. Барлық жағдай жасалған, тек еңбек ет. Оның үстіне Макаров ауылы қаладан онша қашық емес. Қажет дегеннің барлығын облыс орталығынан алып келуге болады. Тек күз бен көктем айларында ауылға кірер жол түзелсе, ауылымыздың қаладан еш айырмасы болмайды, — дейді жас мұғалім.

Ал келесі кейіпкеріміз Айгүл Серғазиева бағдарлама бойынша үй алып, қызығын көре қоймағанымен, ауылдың қоғамдық өмірі мен мектеп ішіндегі түрлі шараларды жарқыратып өткізіп, макаровтықтардың ақ батасын алып жүр. Ол осы мектепте ауыл балаларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Айгүл — Қазталов ауданына қарасты Жаңажол ауылының тумасы. Мектептен соң әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, оқуын бітірген соң өңірімізге оралған. Макаров жұрты Айгүл ұстазды тек жақсы мұғалім ғана емес, тамаша әнші, мықты тәлімгер деп таниды. Мектептегі жұмысымен қатар, ауыл клубында да қызмет атқарып жүрген оның еңбекқорлығы мен дарындылығы ауыл тұрғындарына үлгі болуда. Кішкентай ғана ауылда талай қызықты шараларды ұйымдастырып жүретін ол ауыл тұрғындарының зор қошеметіне бөленуде. Әсіресе, Тәуелсіздік күніне орай қойған қойылымын макаровтықтар әлі күнге дейін тамсана әңгімелейді. Болашағын тек ауылмен байланыстыратын жас мұғалім өзінің Макаров ауылына келіп, еңбек етіп жатқанына еш өкінбейтінін айтады. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып жатса, оның осы жерде тұрақтап қалғысы келеді.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы


«Балықты рұқсатсыз неге аулайды?» – дейді шолақаңқатылықтар

Күні: , 35 рет оқылды

IMG_0039


Сырым ауданындағы ауыл әкімдерінің округ орталықтарындағы есептік кездесулері жалғасуда. Өткен бейсенбі күні аудан әкімі Абат Шыныбеков Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығындағы есептік жиынға қатысты.


Округте 49 шаруа қожалығы, бес сауда нүктесі, бір наубайхана, екі қымыз, бір май өндіру цехы жұмыс жасайды. Мал шаруашылығымен екі несие серіктестігі айналысады, бір ауылдық тұтыну кооперативі тіркелген. Өңірдегі бір шаруашылық осы көктемде балық шаруашылығының негізгі жұмыстарына кіріспек.

Бұл ауыл-аймақтың тұрғындары ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларға да үлкен құлшыныспен қатысуда. «Өрлеу» бағдарламасы аясында округтің кірісі аз отбасыларына барлығы төрт ірі қара, бес ұсақ мал алынып берілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы бір кәсіпкер 2 млн. теңгеге несие алып, өзінің кафесін жөндеуден өткізді. Шолақаңқаты ауылдық округінің аудан орталығы мен облыс орталығында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде ең көп өнім шығаратын бірден-бір округ екенін және айта кетелік.

Округтің осындай ерекшелігі мен алдағы мүмкіндіктері жайлы өзінің баяндамасында округ әкімі Тимур Айтқалиев те, аудан әкімі Абат Шыныбеков те айтты. Аудан басшысы шаруалар үшін нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағытында ұсынылған мемлекеттің жаңа мүмкіндіктері туралы да ақпараттарға тоқталып өтті.

Ауылдық округ аумағынан Аңқаты өзені өтеді. Ол облыстағы жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының тізбесіне кіреді. Өзеннің балық қоры мол, әрі тал-терек көмкерген жағасы да саялы, яғни туризмдік тартымдылығы бар. Сондықтан да болар, Аңқатының жағасы қысы-жазы қармақ, қайық арқалаған балықшылардан арылмайды. Олардың арасында көршілес Ресей Федерациясының да азаматтары жиі жүреді. Әрине, олардың бәрінде балық аулауға заңды рұқсат бола бермейді. Сондай балықшыларды неге тәртіпке салмайды? Неге тексермейді? Сырым ауданының табиғи ресурсын кім қорғайды? Біздің балықты бөтен адамдар неге аулайды? Ауыл тұрғыны Дина Құрмашеваның кездесуде көтерген мәселесі осы.

Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі Абат Шыныбеков те азамат ретіндегі алаңдаушылығын білдірді. Тиісті жауапты білмекке Сырым ауданының жергілікті полициясының басшысы Талғат Кенжеахметовті, жергілікті учаскелік полиция инспекторы Арман Тұмағалиевті орындарынан тұрғызды. Қанағаттанарлық жауап болмады. Аудан әкімі тексерісті атүсті жүргізетін, тыңғылықты жұмыс ұйымдастырмайтын полиция қызметін қауқарсыздығы үшін сынға алды. Мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Есептік кездесуде назарымызға іліккен негізгі мәселенің біреуі жаңағыдай. Кездесуге келген көпшілік әкімдердің жалпы жұмыстарына оң пікір білдіруде.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы Ұлыбританияны ірі есеппен ұтты

Күні: , 35 рет оқылды

2875278


Универсиадада хоккейден қыздар арасында Қазақстан құрамасы Ұлыбритания командасымен кездесіп, 11:0 есебімен тас-талқанын шығарды.


Кездесуде Карина Фельзинк (01:46), Мәлика Алдабергенова (06:20), Ажар Хамимулдинова (12:36), Ғалия Нұрғалиева (18:01), Бұлбұл Қартанбаева (22:54, 58:23), Меруерт Рысбек (29:50), Пернеш Әшімова (32:58), Анастасия Орлова (34:39), Мадина Тұрсынова (48:05) және Аида Олжабаева (53:34) шайба соқты.

Жерлестеріміз келесі ойынын 30 қаңтар күні Қытайға қарсы өткізеді.


Ақ универсиада алауын жақты

Күні: , 29 рет оқылды

AX__1574


Елбасы 2017 жылғы XXVIII дүниежүзілік қысқы универсиаданың ашылу рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы салтанатты іс-шараға қатысушыларды Алматыдағы ғаламат спорт мерекесінің басталуымен құттықтады.


– Бұл стадионда жер шарындағы жетекші жоғары оқу орындарының жүздеген өкілдері жиналып отыр. Сіздердің араларыңызда болашақ олимпиадашылар мен әлемдік сайыстардың жеңімпаздары бар. Сондай-ақ өзінің мансабын келешекте экономикамен, саясатпен, бизнеспен байланыстыратындар да жоқ емес, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің ұстанымы бірлік пен ынтымақтастық орнату, қауіпсіз болашаққа ұмтылыс болғанын атап өтті.

– Спорт, ғылым және мәдениет арқылы біз барлық құрлыққа тыныштық пен толерантты дамудың қазақстандық формуласын жеткізгіміз келеді. Сол үшін ұйымдастыру жұмыстары күн сайын қарқын алып, осы Мұз сарайы мен бұл ойындардың басқа да нысандары зор ықыласпен салынды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті универсиада қаланың спорт инфрақұрылымын дамытудың өзіндік локомотивіне айналғанын атап өтті.

– Алматы қазірдің өзінде даусыз рекордтар көрсетіп отыр. Қысқы универсиадалар тарихында алғаш рет мұнда Атлеттер қалашығы салынды. Бұл жобаға жұмсалған инвестиция қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін болады. Ареналар көпшілікті бұқаралық спортқа тартатын орталыққа айналады. Атлеттер қалашығы 1700-ден астам отбасыға арналған қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйі бар жаңа шағын ауданды құрайды. Универсиада әлемнің 80 мемлекетінде 43 телеарна арқылы көрсетіледі. Оның аудиториясы бір миллиардтан астам адамды қамтиды. Универсиаданың қанатын кеңге жайғанын, өзінің басталуының тарихи сәтіне дайын екенін көріп отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы универсиада өтіп жатқан орынның бірегейлігіне назар аударды.

– Алматы – 1000 жылдық тарихы бар қала, Қазақстанның жаңа дәуірі бастау алған алтын бесік. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан, заманауи қала, іскерлік орталығы және ел экономикасының қозғаушы күші. Жастар қаласы. Студенттер қаласы. Қазақстанның жоғары оқу орындарының үштен бірі осында орналасқан, оларда 137 мың студент білім алуда. Аты аңызға айналған және бәріміз жақсы көретін «Медеу» мұз айдыны бұрынғы даңқын қайта жаңғыртып, қайтадан ауқымды жарыстардың атмосферасын сезіндіретін болады. Іле Алатауы бөктерінде «Шымбұлақ» алмастай жарқырап тұрады. Универсиада саламатты өмір салтының рәмізіне айналады. Оның нәтижесін ұлтымыздың денсаулығын нығайту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалармен салыстыруға болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін осы жаһандық мерекені әзірлеуге атсалысқандардың бәріне, соның ішінде үш мың волонтерге, Халықаралық студенттік спорт федерациясына және оның президенті О. Матыцинге алғыс білдірді.

akorda.kz


Демеушінің өзі демеу мен көмекке мұқтаж

Күні: , 37 рет оқылды

IMG_4214


Өткен жылдың аяғы мен биылғы жылдың алғашқы онкүндігінде  «Ғибадат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сал ауруына шалдыққан ауыр науқасты балаларға арнайы құралдар шығарып, тегін таратып жатты. Оны республикалық, облыстық барлық БАҚ құралдары жабыла жазып, жарыса көрсетті. Бұл құралдарды өзі де І топтағы мүгедек Біржан Морякұлы Қожақов құрған  «Демеу» қоғамдық бірлестігі аясына топтасқан мүмкіндігі шектеулі жандар жасаған еді. Яғни мүгедек азаматтар өздері құсаған мүгедек  балаларға көмек қолдарын созып, жүрек тебірентерлік  сауапты  іс атқарды. Қол арбаға таңылса да, он екі мүшесі сау азаматтардың қолынан келе бермейтін іс тындырып жүрген Біржан Қожақовтың фирмасында 40-қа жуық адам еңбек етуде. Олардың 20-сы  — мүмкіндігі шектеулі жандар (Бұл жайында «Орал өңірі» газеті 2016 жылы 28 мамырдағы №62 санында «Бейбіт күннің Маресьеві» атты айқарма бет берген еді). Кең байтақ еліміздің кез келген облысында кездесетін мұңлық  балаларға тегін құрал тарататындай «Ғибадаттың» байлығы тасып, шекесі шылқып отыр ма? Әлде жекелеген аймаңдай азаматтар демеушілік жасап, мемлекет қаржылай көмектесіп, «Ғибадат» ақшасын қайда қоярға білмей, күрпіп жүр ме? Сөйтсек.., мүлдем олай емес екен. Ендеше, бұл мақаланы оқығандардың ішінен  Құдайға қараған жандар шығып, «Демеуге» демеушілік жасап жатса, мемлекет те мейірім танытса, төсекке таңылған талай мұңлықтың тән азабы мен жан азабы  жеңілдеп, өмірге деген құштарлығы арта түсер еді, шіркін…


— Өткен 2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мейрамы бар, Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы бар, біз, «Демеу» қоғамдық бірлестігінің ұжымы болып ақылдаса отырып, қос мерекеге біздер де өзімізше тарту жасайық деп шештік. Содан ойлана келе ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға арнайы хат жолдадық. Онда еліміз бойынша сал ауруымен ауырып, төсек тартып жатқан сырқат балаларға (ДЦП-мен ауыратын) арнап әр өңірге (әр облысқа) екі-екіден вертикализаторды тегін жасап береміз деп акция жариялайтынымызды, соған министрліктің рұқсатын, қазақша айтқанда батиқасын сұрадық, — дейді бізбен әңгімесінде Біржан Морякұлы. — Тамара ханымнан жауап көп кешіккен жоқ, біздің акциямызды қолдайтындықтарын, сауапты ісімізге ризашылықтарын білдіре отырып, рұқсат беретін-діктерін баяндапты (Әрине, ол аппараттарды жасауға Біржанның фирмасы бұған дейін ұзақ, жарты жыл бойы дайындалды. Талай рет мүгедек жандар жатқан интернаттарға өздері жасаған үлгілерді апарып, сынақтан өткізді.

Мамандармен кеңесті. Дәрігерлердің ұсыныстарына құлақ түрді. Кемшін, олқы соққан тұстарын жетілдірді. Ол да ештеңе емес. Бәрінен де аппараттарды жасауға рұқсат беретін тиісті құжаттарды жинауға қанша уақыт, қанша қаржы кеткенін, жүйкені әбден жұқартқанын айтпай-ақ қойыңыз… Орал өз алдына, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларын ақтап, талай кабинеттердің табалдырығын тоздырып, толып жатқан рұқсатнамаларды алуға төрт мүшесі сау адамның өзі қолын бір сілтеп кетер еді… Біржан Қожақов солардың бәріне төзді. Қысқасы, ұзақ дайындықпен небір қылкөпірлерден өтіп барып, қолға алды Мұны енді инновациялық жобаны қолға алғысы келген өзіміздің кәсіпкерлерді аяқтан шалу, діңкелетіп шаршату демеске амалың жоқ. Ред.). Сондай-ақ министрлік сол бойда әр облысқа ресми хат жолдап, науқас балаларға вертикализаторларға (екеуден) тапсырыс берулерін тапсырады. Көп ұзамай еліміздің барлық облыстарынан тапсырыс жауып кетті. Біз әу баста балалардың жасына, сырқатына, дене өлшемдеріне байланысты ақпараттарды тапсырыстарға қосып жіберулерін мұқияттаған едік. Сосын негізінен қалалардан гөрі, алыс ауылдарда, қиыр аудандарда жағдайы төмен, мұқтаждықтан қиналып отырған жанұяларда сал ауруынан азап шегіп жатқан балаларға ең бірінші кезекте жасайтынымызды айттық. Он төрт облыстан түгел келді тапсырыс. Сосын өзіміздің облысқа 7 вертикализатор жасайтынымызды қосқанда барлығы 35 құрал жасауға қызу кірісіп кеттік.

kP90xEАталмыш аппараттардың ресейлік және шетелдік түрлерінің нарықтағы құны 250 мың теңгеден 1 млн. 200 мың теңгеге дейін барады. Бағаларының әр түрлі болуы олардың түрі мен пішініне байланысты. Біржандар вертикализаторларды тиісінше 45 мың және 146 мың теңгеге жасаған. Тіпті 45 мың теңгені жоғарыда айтқан жағдайы төмен, кедей жанұялар сырқат балаларына қайдан тауып береді?.. Ауылдағы балаларға жасаймыз деп отырғаны сол. Өткен жылдың қазан айында басталған тапсырыстарды қабылдау жұмыстары қарашада аяқталады. Желтоқсанда аппараттарды жасауға «бисмилләй» деп кірісіп, сол айдың 30-ында барлық тапсырыстардың 80 пайызын орындап, әрі оны «Қазпошта» арқылы облыстарға жөнелтіп жатты. Біржанның жігіттері аппараттарды тегін жасағаны өз алдына, оларды поштамен жөнелтуге кететін шығындарды да өз мойындарына алуға тура келген. Тура келмеген, мәжбүр болған. Тапсырыстарын жіберуге келгенде «пысықтық» танытқан облыстар оның жол шығындарына мүлдем бастарын ауыртпаған. Амал жоқ, Біржандарға барлық аппараттарды «Қазпошта» арқылы жөнелту үшін 350 мың теңгені тағы төлеуге тура келді. Мына қызықты қараңыз, облыстардағы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері барып тұрған тапсырыстарды тиісті жеріне апаратын қаржы таппай, олар пошта бөлімшелерінде жатып қалған. Сондықтан Біржандар әр аппаратты мүгедек балалардың үйлерінің есігінің алдына дейін жеткізуге қажетті 9 мыңнан 11 мың теңгеге дейінгі шығынды өздері төлеуге мәжбүр болған. Тапсырыс бергендердің мұндай жайбасарлығына таңғалмасқа амалың жоқ! Сөйтіп, «Ғибадатқа» мұндай қайырымдылық шаралары 8 млн. 270 мың теңгеге түскен. Аз қаржы емес. Біржан айтады: «Бүгінде аппараттарымызды алған балалардан, олардың ата-аналарынан рақмет айтқан, алғыс арқалаған хаттар көптеп келіп жатыр. Осындай құрылғыларға зар болып, сұратып жатқандар тіптен көп. Қаржы болса, оларға да жіберер едік…» Өткен жылы Біржанның фирмасы туралы жазғанымызда олардың өндіріс цехын біреуден жалға алып отырғандығын баяндаған едік. Сол кезде бережақтары 7 млн. теңгеге дейін барған еді. Содан сәл кейін жеңіл машиналарын сатып, бережақтарының 3 млн. теңгесін жапқан. Бүгінде ол бережақтары қайтадан өсе бастаған. «Мына ғимараттың иесі Хамзат деген шешен азаматы. «Біржан, қысылма, жұмыстарыңызды жасай беріңіздер, мүмкіндіктеріңіз келгенде төлерсіңдер» — дейді. Азаматтық қой…»

 Иә, «Ғибадаттың» тоқтап қалмай, жұмысын жалғастырып отырғаны, халық тұтынатын жиһаздардың сан алуан түрін шығарады. Тапсырыс бар. Осында жұмыс жасағысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Тігін цехын ашқысы келеді. Оны ашса, үйлерінде отырған мүгедек қыздарға да жұмыс болар еді дейді Біржан. «Ғибадат» республикаға сауын айтып, сырқаты ауыр жасөспірімдерге 35 аппаратты тегін жасап, жеткізіп берді дедік. Оған дейін Рамазан айы кезінде облыстағы арнаулы төрт интернатқа 27 аппаратты тегін жасап бергенін қалай айтпаймыз. Өздері қаржыдан қиналып, қарызға батып отырса да, сауапты істе қақырата қимылдаған Біржанның жігіттеріне не деуге болады?.. «Мүгедек жандардың жәйін мүгедектер түсінеді.» Бұл сөзді Біржан әңгімеміздің барысында бірнеше рет қайталады. Айтып қана қоймай, қопара жұмыс жасап отырғанын айтсайшы… «Аға, — дейді бізге Біржан, – Облыста мүгедек жандарды бағып-күтетін интернаттарда жиі боламын. Сонда саржамбас болып жатқан мұңлықтарды көргенде көзіме жас келеді» — дейді. Шынын айтқаны ғой… Шаруалары шалқып, қалталары қалыңдаған екі-үш дүмді кәсіпкерге «Жігіттер, көмектессеңдерші, мүгедек балалардың сауабына қалайық» — дейді екен Біржан. Олар: «Әй, Біржан, елдегі мүгедек балаларға тегін аппарат жасаймын деп не жының бар, есің дұрыс па?» — деп мұның өзін кінәлапты. Бір қуанышы мен ризашылығын бізден жасырмады. «Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы қызметке кіріскен бойда бізге құны 5 млн. 600 мың теңге тұратын станок алып берді. Соған рақмет айтып, әлі күнге ризашылығымызды жаудырып отырмыз. Әлі де шамамыз келгенше көмектесеміз деді» — дейді ол.

Біржан Қожақовты мазалайтын басты мәселе – бұлар жасап, әзірге тегін таратып жатқан вертикализаторлар Қазақстанда шықпайды. Ресейде, Түркияда, Германияда шығады. Құны жоғарыда айтқан, шығандап тұр. Тап солардан артық болмаса, кем қылмай әрі әлденеше есе арзан қақпен шығаруды Біржанның шеберлері әбден меңгеріп алған. Сол аппараттарды мемлекеттік тапсырыспен шығаруға көмектесіңіздер деп ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрлігіне, Парламент Мәжілісі депутаттарына да өтініш хаттар жолдады. Әзірге тым-тырыс…

 Біржанның жігіттері қарап отырған жоқ, сал ауруымен ауыратын балаларға ходуноктар шығарғысы келеді. Ал ондай балаларды жүруге үйрету үшін сонау Астанадағы бейімдеу орталығына апару керек екен. Оның тек бір сеансы (ең аз дегенде он сеанс алу керек дейді мамандар) ата-анаға 10 мың теңгеге түсетін көрінеді. Жол, пәтер шығынын есептегенде, қаншама қаржы қажет. Сол аппараттарды жасап шығару «Ғибадаттың» қолынан молынан келеді. Қанша қаржы үнемделер еді. Бірақ оны шығару үшін қаржы болмай тұр, «көмектесейік» деп суырылып шығып жатқан демеушілер тағы жоқ…

 Зағип жандарға, аутизм, қояншық (эпилепсия) сырқаттарымен ауыратын балаларға арнайы құралдар шығару да Біржанның арманы. Құр арман ғана емес, қаржы, көмек болса, өндірісті сол бойда жолға қоюға дайын. Нақтылай айтсақ, Біржанның фирмасы сал ауруымен ауыратын балаларға арнап аппараттардың 34 түрін (!) шығаруды игерген. Денсаулығының кемістігінен үйлерінен қарға адым шыға алмай отырған жандарға арнайы үйірмелер ашып, оларды жоғарыда айтқандай түрлі аппарат, құралдармен жабдықтағысы келеді, «Ғибадаттың» оны айтудай айтып келеді, он екі мүшесі сау басшысы бар, қосшысы бар, байы бар, бағыланы бар, мұқият тыңдайды. Бастарын изейді. Болды.

 Сонымен, айтып-айтпай не керек, мүгедек балалардың ауыр жағдайын жеңілдетеміз деп шыр-пыр болған «Демеудің» өзіне демеу мен көмек қажет. Құдайға қараған азаматтар табылып қалар?.. Үкімет те қарап қалмас?..

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Мал ұрлығы басты назарға алынбақ

Күні: , 32 рет оқылды

IMG_2674


Қадыр Мырза Әли атындағы өнер және мәдениет орталығының концерт залында облыстық жергілікті полиция қызметінің басшылығы бір жыл ішінде атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.

Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жүргізіп отырды.


— Бес институционалдық реформа аясында Ұлт жоспарының отызыншы қадамын орындау үшін 2016 жылдан бастап жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастады. Жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеттері көше және басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу болып саналады. Жергілікті полиция қызметі туралы ережеге сәйкес, аталмыш қызметтің бастықтары атқарылған жұмыстар жөнінде жылына бір рет ел-жұрт алдында есеп беруі тиіс, — деді Арман Кәрімұлы жиынның ашылу барысында.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің есепті кездесу барысындағы баяндамасында алға қойылған тапсырмалар мен қылмыстардың жасалу себептері және оларға жол бермеу мақсатында атқарылып жатырған шаралар туралы кеңірек айтылды. Оң нәтиже ретінде қылмыстың ауыр және аса ауыр түрлерінің 22,2 пайызға төмендегенін атап өткен жөн. Тонау, мас күйде жасалған қылмыстар саны, кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстар, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс түрлері ай-тарлықтай азайған. Жергілікті полиция бастығы өзгенің мүлкін ұрлау қылмысына бөлек тоқталып, барлық қылмыстың 60 пайызын ұрлық фактілері құрайтынын мәлімдеді. Ол соңғы кезде белең алған мал ұрлығы фактілеріне ерекше тоқталып өтті.

— Өкінішке орай, бүгінгі таңда мал ұрлау қылмысына түпкілікті тосқауыл қоя алмай отырмыз. Бұл кемшілікті мойындауымыз қажет. Осы бағытта полиция қызметкерлерінің жұмысына бірқатар сын-пікірлер де түсіп жатады. Мал ұрлығының басым көпшілігі Ақжайық, Сырым, Зеленов, Теректі және Қазталов аудандарында орын алған. Ұрлықтың бұл түрінің басым бөлігі немесе 69,7 пайызы еркін жайылымдарда орын алған. Бұл полиция қызметкерлерінің жұмысын елеулі түрде қиындатады. Ауыл адамдарының басым бөлігі ұрының қайдан келетінін, кім екенін шамамен біледі. Бұл жағдайда полиция қызметкерлері халықпен тығыз байланыста жұмыс жасаулары керек. Ауыл әкімдерімен бірлесіп, мал бағымын ұйымдастыру қажет. Алдағы уақытта жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысы негізінен мал ұрлығының алдын алу, жолын кесу және ашуға бағытталатын болады, — деді ол.

Кездесу барысында БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин тұрғындар қойған сауалдарға жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады.

 

қала тұрғыны:

— Мен пәтер иелері коперативінің төрағасымын. Өткен жылы өзіміз тұратын үйдің тұрғындарының жиынына ІІД-нің бір қызметкері азаматтық киіммен, ішімдік ішкен күйінде көлігін басқарып келді. Жиын барысында дөрекілік танытып, тәртіп сақшысы үшін жат қылықтар көрсетті. Бұл жайында тиісті органға шағым түсірдім. Алайда әлі күнге дейін жауап жоқ. Қалалық ішкі істер бөліміне қатысты тағы бір сұрағым бар. Ішкі істер бөліміне хат тапсырғанда кеңсе қызметкерін шақырту тіптен мүмкін емес. Біріншіден, ол жерге ақаулы телефон аппараты қойылған. Оны ауыстыруға болмай ма? Кеңсе қызметкеріне хабарласқан күнде оны жарты сағаттап күтуге тура келеді. Бір күні шыдамым таусылып, кезекші қызметкерден сұранып, ішке енгенімде кеңсе қызметкерінің телефонымен ойнап отырғанына куә болдым. Осы мәселелерге назар аударуларыңызды сұраймын.

 

Манарбек ҒАБДУЛЛИН:

— Бірінші сұрағыңыз бойынша мән-жайды анықтап, сізге өзім жауабын беремін. Арыздың қараусыз қалуы – мүмкін емес жағдай. Екінші сұрағыңыз бойынша айтылған мәселелерді де өз бақылауыма алып, бұл жөнінде ІІД басшылығына мәлімдейтін боламын.

 

саяжай тұрғыны:

— «Елочка» саяжай аумағында 297 жанұя тұрады. Әр жанұяда екі-үш баладан бар. Саяжайда тонау фактілері көп кездеседі. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тәуліктің түнгі уақытында арнайы патруль ұйымдастырылса екен.

 

Манарбек ҒАБДУЛЛИН:

— Бұл бағыттағы жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін биыл атты взвод құрылады. Жылқылар бағылатын арнайы орынның құрылысы аяқтала келді. Қазіргі уақытта атты патрульге полиция қызметкерлерін іріктеудеміз. Патруль ұйымдастырылатын саяжай аумақтары белгіленді.

 

қала тұрғыны, зейнеткер:

— Московский көшесінен Желаев кенті бағытына қатынайтын тас жолға дейінгі аралыққа жақсы етіп екі бағытты жол салынды. Енді осы жолдың Әбілқайыр хан даңғылымен қиылысатын тұсы тұрғындар үшін қауіпті аймаққа айналып отыр. Бұл жерден өткен көліктер тиісті жылдамдықты сақтамайды. Бағдаршам немесе жасанды жол кедергісі қойылса деген тілегіміз бар.

 

Манарбек ҒАБДУЛЛИН:

— Айтылған жерге арнайы барып, мәселені анықтап, тиісті шешім қабылдайтын боламыз.

 

Светлана ӘЛМҰХАНОВА,

қала тұрғыны:

— Зашаған кентінің Қамбар батыр көшесіндегі 100 пәтерлік үйде тұрамын. Бірде бір көлік жүргізушісі мәшинесімен балалар ойнайтын алаңнан тікелей өтіп, бүлдіршіндерді басып кете жаздады. Дер кезінде тәртіп сақшысына хабарласу арқылы кінәлі жүргізуші ұсталып, өзі бұзған балалардың ойын алаңын қалпына келтірді. Аталмыш ойын алаңының қасында мәшине қоятын тұрақ бар. Сол тұраққа кешкісін ылғи жастар мәшинелерімен жиналып, тұрғындардың мазасын алады. Тағы бір мәселе — біз тұратын көп қабатты үйдің дәлізінде тұрғындар бір-бірінің ескертуіне құлақ аспай, темекі тартады. Мұны қалай қойғызуға болады?

 

Манарбек ҒАБДУЛЛИН:

— Тұрғындар мұндай мәселемен өте жиі хабарласады. Алдағы уақытта сіз тұратын мекенжайға айтылған мәселелер бойынша арнайы кезекшілік ұйымдастыратын боламыз.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Мемқызметке қойылар талап қатаң

Күні: , 38 рет оқылды

IMG_4529


Өткен аптаның соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті жанындағы Әдеп кеңесінің отырысы өтті.


Жиынның күн тәртібінде 11 мәселе қаралды. Алдымен, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары сөз болды. Аталмыш мекемеде анықталған олқылықтарды жою бағытында алынған шаралар жөнінде департамент бастығының орынбасары, подполковник Жақсылық Айтбаевтың есебі тыңдалды. Бірақ кеңес мүшелері бұл бағытта алынған шаралар түбегейлі жүргізілмегенін атап өтіп, бұл мәселеге қайта оралатындарын жеткізді.

Отырыста облыстық аумақтық мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялармен мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істерді қарау кезінде ҚР «Мемлекеттік қызметі туралы» заңы мен мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының кейбір талаптары сақталмайтындығы да айтылды. Соған орай БҚО ІІД, көліктік бақылау инспекциясының, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қазынашылық департаменттеріндегі тәртіптік комиссияларының  төрағалары баяндама жасады. Нәтижесінде мемқызметшілерге тәртіптік жаза қолдану мәселесі жөнінде жоғарыда аталған қағида талаптарын қатаң сақтау және тәртіптік комиссия жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыру бағытында аталмыш құрылым басшыларына ұсыныс жолдау турасында шешім қабылдады.

Бөрлі аудандық аумақтық инспекциясы басшысы қызметінің бос әкімшілік мемлекеттік лауазымына қабылдау бойынша конкурс өткізу барысында біліктілік талаптарына сай келмейтін үміткер қызметке алынып, конкурс өткізу қағидалары бұзылған. Яғни АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының конкурстық комиссиясы төрағасы мен мүшелері мемлекеттік қызметке алу үрдісіне кәсіби ұқыптылық танытпаған. Жиында осы дерек бойынша да тәртіптік іс қаралып, оларға қызметтеріне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы инспекция басшысына ұсыныс берілетін болды.

Отырыстың күн тәртібіндегі тағы бір мәселе Жаңақала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Бейісовке қатысты болды. Аудандық прокуратураның ұсынысы бойынша қаралған мәселеде аталмыш бөлім басшысы абаттандыру нысанына қатысты құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасын тиісті деңгейде мемлекеттік сараптамадан өткізбей, түзету енгізген. Сөйтіп, мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған. Алайда тәртіптік жаза қолдану мерзімінің өтуіне байланысты Н. Бейісовке қатысты тәртіптік іс тоқтатылды.

Мәди ЫҚЫЛАС


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика