Мұрағат: 27.01.2017


Журналиске құрмет

Күні: , 32 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (428)


Облыс орталығындағы «Достық» үйінде «Казахстанская правда» газетінің өңіріміздегі меншікті тілшісі, «Қазақстан Республикасының құрметті журналисі», «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Людмила Коринаны зейнетке шығарып салуға арналған шара өтті.


Шара кеш иесінің еңбек жолынан сыр шертетін слайдты тамашалаудан басталды.

Людмила Корина сонау 1966 жылы орта мектепті алтын медальмен тәмамдап, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Университетті тәмамдағаннан кейін өзінің туған қаласы Оралдағы телевидение студиясына балалар бағдарламасының редакторы болып қызметке қабылданады. Аталмыш салада табан аудармастан қызмет еткен ол 2001 жылдан бастап осы күнге дейін «Казахстанская правда» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болды.

Салтанатты кеште алғашқы құттықтау сөз облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар және облыс әкімінің кеңесшісі Айгүл Есекеноваға берілді.

— Людмила Михайловнаны бүгінгі мерейлі кешімен құттықтай отырып, кеше оны облыс әкімі Алтай Көлгінов салтанатты жағдайда қабылдап, қоғамға сіңірген зор еңбегі үшін алғысын жеткізгенін атап өткім келеді. Бүгінгі кеш иесімен соңғы бес жылда қоян-қолтық әріптестікте жұмыс жасадым. Ол газет бетінде қандай мәселені көтерсе де, оны шешу жолдарын бірге ұсынып отырды. Тәжірибелі журналистің осындай қасиеті жас тілшілерге әрқашанда үлгі болуы тиіс деп ойлаймын. Людмила Корина өз саласының майталман маманы ретінде меншікті тілшілік қызметтің деңгейін жоғары көтере білді. Оның кейінгі ізбасарлары да бұл қызметті абыройлы жалғастырады деп сенеміз, — деді Айгүл Оразқызы құттықтау сөзінде.

ҰОС ардагерлері Иван Гапич, Хамза Сафин және қалалық ардагерлер қоғамының төрағасы Кенжебай Нығмет, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова, облыстық, қалалық және бірқатар аудандық мәслихаттардың депутаттары мен басқарма басшылары, еліміздегі іскер әйелдер қауымдастығының облысымыздағы мүшелері, Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов бастаған этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ журналистер кеш иесін құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ғасырдан ұзақ ғұмыр

Күні: , 44 рет оқылды

IMG_20170124_124738


Жақында аудан әкімі Абат Шыныбеков Қосарал ауылының тұрғыны Талап Ырысовтың шаңырағында болды.


Бұл үйде 103-ке келген ауыл тұрғыны Қамида Балтеменқызы тұрады. Қамида әже – ғұмыр бойы еңбектен ерінбеген адам. Жерлестері әжені қатты құрметтейді, өмір жолын өздеріне өнеге тұтады.

Кейуанаға саулық пен ұрпақ қызығын тілеген аудан басшысы Абат Шыныбеков қарияға сый-сияпат ұсынды.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Мәуліт – мейірімділік мерекесі

Күні: , 52 рет оқылды

DSC_0134


Бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында Мәуліт мерекесі, яғни сүйікті Пайғамбарымыз, Аллаһтың елшісі Мұхаммедтің туылған күнін ұлықтау шарасы өтті. ҚМДБ-ның облыстық бөлімшесі ұйымдастырған рухани басқосуға имамдар, зиялы қауым өкілдері және мұсылман жамағаты қатысты. Шарада  облыс әкімінің орынбасары Марат  Тоқжанов  жиналғандарды Мәуліт мейрамымен құттықтады.


Риясыз көңіл күй жағдайында өткен мерекеге халық көп жиналып, көрермендер залына сыймай кетті. Кеш сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолына қатысты «Көз жасымен жазылған сағыныш хаты» және «Омар ибн Хаттаб» атты көркем фильм және өзге де туындылардан үзінді берілген бейнебаяндармен ашылды. Жалпы алғанда, Мәуліт тойының басынан аяғына дейін Алла Тағаламызға және оның соңғы елшісіне (с.ғ.с.) мадақтау айтылған әндер шырқалып, жырлар оқылды. Отан мен ата-ана алдындағы парыз, бауырға құрмет, елге ізет көрсетуге шақыратын сазды туындылар мен әдеби шығармалар да орындалды. Орал мұсылман медресесінің шәкірті Баубек Бектұрғанов қасиетті Құран-Кәрімнің «Фатиха» сүресін мақамына келтіре оқып, көпшілікті ұйытты.

— Құрметті жамағат! Мұсылман қауымы жыл сайын атап өтетін Мәуліт тойы құтты болсын! Осыншама залға сыймай тұрған халықтың қарасы – қасиетті дінімізге шынайы құрметтің айқын белгісі. Әр ұлттың да негізі: дін, тіл, діл және мәдениет. Ислам – қазақтың ата-бабасы ұстанған рухани мұра. Әлі де талай ұрпақ мұсылман болып, өздеріне ата-бабасынан мұраға қалған рухани бағытты ұстай бермек. Біз соның ішінде исламның Әбу Ханифа бағытын ұстанамыз. Әрине, бүгінгі күрделі жағдайда исламның жаулары түрлі бүлдіргі әрекеттерін қоймай келеді. Солай болса да, қазақ ұлтының өзінің адами бет-бейнесін сақтап қаларына сенемін. Тағы бір айтарым, арамызда республикалық үгіт-насихат тобының мүшесі Арман Қуанышбайұлы отыр. Ол — Жайық өңіріне Әбу Ханифа мазхабын уағыздап, жұртты, соның ішінде жастарды жат діни ағымдардан сақтандыру үшін келген азамат. Мықты дінтанушы, сұңғыла білімдар Арманның уағызына құлақ түріп, естігенімізді қажетімізге жаратайық, — деді Марат Лұқпанұлы.

Келесі сөз алған Арман Қуанышбаев Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезі, діни түсінік бағыттарында уағыз айтып, жиналғандарды ұйытып тастады.

Елең етерлік бір жәйт — медресе шәкірттері «Соқыр ана» қойылымын сахнаға шығарып, талайлардың жан дүниесіне ізгілік шуағын септі. Баласы үшін бір көзін қиып берген анаға көрсеткен тасбауыр ұлдың қатыгездігі мен тәкаппарлығы, кейін оның өз ісіне кеш опынуы кей көрерменнің көзіне жас үйірді. Сонымен қатар теректілік бүлдіршін оқушылар, егіз ұл Бейбарыс пен Сұлтан Ғарифуллиндердің «Әке мен ана» әнін шырқауына қол соқпаған көрермен қалмады. Әрі кештің өне бойына қасиетті Құран-Кәрім аяттарынан үзінділерді көркемдеп беріп тұруы көңілдерде жағымды әсер қалдырды.

Мәуліт кешінің соңында ҚМДБ-ның өңірдегі өкіл имамы Руслан Сұлтанов жамағатты ұлық мерекемен құттықтап, халықты ынтымақ пен бейбітшілікті нығайтуға шақырып, бәріне де отбасылық бақыт, табыс және денсаулық тіледі.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Ермек МОМЫНОВ, «Ораз» шаруа қожалығының жетекшісі: «Мемлекеттің көмегімен асыл мал өсір»

Күні: , 140 рет оқылды

IMG-20170125-WA0003


Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылдық округіндегі «Ораз» шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Момынов мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен мал басын асылдандыруды алғашқылардың бірі болып қолға алған болатын. Ол төрт түлікті мыңғыртып өсірумен қатар мал бордақылау алаңын ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр.


«Ораз» шаруашылығы қағаз жүзінде 2000 жылы құрылғанымен, өз жұмысын іс жүзінде 2012 жылы бастады. Ата-әжесінің мейірімді құшағында бұлғақтап өсіп, жеңгелері есті жігіт атандырған Ермек атасының есімімен аталатын әрі әкесі Мәлік негізін салған шаруа қожалығының жұмысын «жандандыруға» бел шеше кіріседі. Мал өсіремін, соның ішінде асыл тұқымды ірі қара өсіремін деушілерге «Сыбаға» бағдарламасының ұсынылғанын естиді, танысады. Содан кейін бұл бағдарламаның игілігін көрмекке бекінеді.

— Нарықтық қатынастар өмірімізге енген кезде мұндай жеңілдіктер болған жоқ. Сондықтан «Сыбағадан» өз сыбағамды алу үшін тиісті құжаттарымды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстағы бөлімшесіне өткіздім. Кепілдікке жылжымайтын мүліктерімді салдым. 2012 жылы аталмыш қордан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 13 миллион теңге несие алып, оған қарапайым мал сатып алдым. Ресейдің Орынбор облысынан қазақтың ақбас тұқымды 50 малын жеке қаражатыма әкелдім. Бұл менің қорқасоқтап алған ең алғашқы несием болатын. Оған қоса тұрғындардан өз қаражатыма мал сатып ала бастадым, — деп еске алады Ермек Мәлікұлы.

«Малдың жайын баққан білер» демекші, мал өсірген соң, оның қыстық жемшөбін дайындауға техникаң болмаса тағы қиын. Сондықтан шаруагер сол жылы «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның облыстағы бөлімшесі арқылы 4 пайыз жеңілдікпен лизингке екі «МТЗ-82» тракторын, екі «КУН», екі шөп тайлағыш секілді ауыл шаруашылығы техникаларын алды. 2014 жылы тағы бір трактор мен орақ, одан кейінгі жылдары жеңілдікпен бір трактор алуға қол жеткізді. Қазір шаруашылықтың техника паркінде төрт «МТЗ-82» тракторы бар. Биыл да «ҚазАгроФинанс» арқылы екі трактор тіркемесімен және «КУН» алғысы келіп, құжаттарын дайындауда.

«Мал балағынан өседі» демекші, жылдар алға жылжыған сайын мал басы да артты. Шаруа адамының айтуынша, несиелік қаржыны қайыру қиынға түспеген. 2014 жылы қазақтың ақбас тұқымды малын өсіретін шаруашылық мәртебесін алған «Ораз» шаруа қожалығы қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының мүшесі болды. Шаруашылық содан бері асыл тұқымды малын сатып отыр. Палатаға мүше болу малды асылдандыруға көп көмегін тигізетін көрінеді. Әрі асыл малға баға береді.

— Төрт түліктің төресі саналатын жылқы өсіремін, оны асылдандырамын деушілерге “Құлан” бағдарламасының көмегі зор. 2015 жылы «Құлан» бағдарламасымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстағы бөлімшесі арқылы 14 пайызбен 9 миллион теңге несиелік қаржы алдым. Бұл қаржыға Көшім жылқысының төрт айғырын «Сәбит» шаруа қожалығынан сатып алып, үйірге қостым. 2016 жылы 400 басқа арналған мал бордақылау алаңын салдым. Қазір онда 200-ден аса бұқа және жылқы, қой бордақылануда. Мал етін сұраныс түскен жерлерге апарып өткізудеміз, — деді Ермек Мәлікұлы.

Енді іскер жас биыл бордақылау алаңын 1000 басқа арнап ұлғайтуды жоспарлаған. Жаз шыға құрылыс жұмыстарын бастамақ. Малдың жәйін, шаруаның қамын білетін, ұсынықты шаруаның мал қоралары да жаңа, тіпті жасыл түсті қаңылтырмен көмкерілген төбелері алыстан көз тартады. Қа-зір Ораз қыстағында 350 бас асыл тұқымды ірі қара, 200-дің үстінде жабы жылқысы, 1,5 мыңдай уақ жандық қыстатылуда. Мал азығы жеткілікті.

— Малды асылдандыру бір күнде болатын жұмыс емес. Оған ондаған жыл керек. Ал іс жүзінде асыл мал мен қарапайым малдың арасында айырмашылық үлкен. Мал асыл болса, одан алынатын өнім де мол, табыс та көп. Мемлекет асыл тұқымды бұқаға, аналық малға субсидия береді. Бұл да — көмек. Жерлестеріме, ауыл-аймақтағы ағайындарға айтарым, мемлекеттік бағдарламаларға қорықпай қатысып, атакәсібімізді дамытуға, мал өсіріп сол арқылы тұрмыс-тірлігімізді бақуатты етуге ұмтылайық дегім келеді. Өзім де шағын шаруашылықтан бастадым, мемлекеттің көмегімен асыл тұқымды мал өсіруге қол жеткіздім. Қазір ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағытында екі шаруашылық ашуға қам жасаудамын. Жалпы, бұл жерде аудандық кәсіпкерлер палатасының тұрғындар арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарының оңды жолға қойылғандығын палата басшысы Бибігүл Жұмағұлованың көмегі зор екенін айтуға тиіспіз. Сондықтан мал өсіремін, кәсіпкерлікке ден қоямын дейтін азаматтарға палатадан тегін кеңес алуға болатынын айтқым келеді. Сонымен қатар Ақжайық, Жаңақала аудандарындағы ірі шаруашылықтардың басшылары, шаруагер Ақылбек Сағитов, Айдар Испембетов, Қанат Қауметов, Бекболат Жағыпаров, Зайдок Нығметов, Ерболат Құрманғалиев, Қанат Досқалиев сынды ағаларымның ақыл-кеңесін алып, бағыт-бағдар алып отырамын, — деп ой бөлісті Ермек Мәлікұлы.

Бүгінде 10 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруагер Ермек Момынов мал өсіруден түскен кірісін тек мал басын көбейтуге жұмсап отыр. Ресейдің бірқатар қалаларында, Татарстанда, Башқұртстанда болып, сүт өңдеу кешендері мен мал бордақылау алаңдарының іс-тәжірибелерімен өз бетінше танысқан оның жоспары көп. Бастысы, «Әкем, әкемнің әкесі Ораз атам мал өсірген құтты атақоныстың ажары таймаса екен», — дейді ол.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Бөкей ордасы ауданы


Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының ҮНДЕУІ

Күні: , 39 рет оқылды

Құрметті  қазақстандықтар!

Біз, барлық әлеуметтік топтар мен өңірлердің мүдделерін білдіретін демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, еліміздің жетекші саяси партияларының, Қазақстан халқы ассамблеясының, ірі қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері:

Еліміздің Тұңғыш Президентінің көшбасшылығын және жалпы әлемдегі мықты, табысты және құрметті мемлекет ретінде тәуелсіз Қазақстанды құрудағы президенттік институттың тарихи маңызын мойындай отырып;

Елбасымыздың  мемлекеттілікті нығайтуға, республикамызды одан әрі саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыртуға арналған мемлекеттік бағытын толығымен  қолдай  отырып;

Мемлекет басшысының қазіргі заманның жаһандық және өңірлік қауіп-қатерлеріне әрекет ету қажеттілігі туралы ұстанымын қолдай  отырып;

Қазақстан Президенті саяси жүйені одан әрі демократияландыру үшін мемлекеттік билік тараптары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, сондай-ақ «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру және еліміздің әлемдегі 30 жетекші мемлекеттің қатарына кіру бойынша «Қазақстан – 2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу жөнінде ұсынып отырған  реформасының  ерекше  маңызын  ескере  отырып;

заманауи қоғамдық процестердің жылдамдығы мен күрделілігін және Қазақстан азаматтары мен болашақ ұрпақ алдындағы өзіміздің жауапкершілігімізді түсіне отырып;

Қазақстанның барлық азаматтарын Елбасымыздың мемлекеттік билік тараптары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша бастамасын талқылауға белсенді қатысып, қолдауға шақырамыз.

Елбасымыздың мемлекеттік басқарудың тиімді және үйлестірілген жүйесін қамтамасыз ету бойынша ұсынып отырған жаңа реформасы Қазақстанды саяси трансформациялаудың эволюциялық кезеңі және қазақстандық мемлекеттілік пен демократияны дамыту жолының қисынды жалғасы  болып  табылады.

Үкіметтің экономика саласындағы атқарушылық өкілеттіктері мен дербестілігін кеңейту және оның жауапкершілігі мен Парламент алдындағы есептілігін күшейту еліміздің алдағы бірнеше жылға саяси тұрақтылығын қамтамасыз  етуге  негіз  жасайды.

Парламенттің бақылау функцияларын күшейту Үкіметтен ағымдағы және стратегиялық жұмысының сапалы жаңа деңгейін, айқындылығы мен жоғары заңнамалық органға, яғни Қазақстан халқына есептілігін арттыруды талап етеді.

Парламенттің рөлін күшейту саяси процестің белсенді субъектілері, қоғамдық пікірталас пен дебаттардың негізгі орталықтары, кең әлеуметтік топтардың мүдделерін атқарушы ретінде Қазақстанның барлық саяси партияларының дамуына жаңа мүмкіндік тудырады.

Күтіліп отырған реформалар Қазақстанның әрбір азаматының қатысуын талап етеді. Халқымыздың рухани байлығы, ұлтымыздың сапасы, оның заман талаптарын қабылдау және тек алға даму қабілеттері біздің мемлекетіміздің жетістігін айқындаушы факторы болған және болады да.

Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері қазақстандықтардың болашақ ұрпақтары үшін барлық азаматтарды Елбасымыздың бастамаларын қолдауға шақырады.

«Нұр Отан»  партиясы,  «Ақ жол»  демократиялық  партиясы,  «Ауыл»  халықтық-демократиялық  партиясы, Қазақстан  Коммунистік  халықтық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Қазақстан кәсіпкерлері  форумы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылымдар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар  бірлестігі,  Қазақстан  кәсіпкерлерінің  «Атамекен»  ұлттық палатасы, «Жасыл»  экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан ардагерлері» Ауғанстан соғысы ардагерлерінің қауымдастығы, «Қазақстан украиндары радасы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан мүгедектерінің конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық  қоғамдық  бірлестігі,  «Жұлдыз»  балалар  қоғамдық  ұйымдарының  одағы»  қоғамдық  бірлестігі.

2017  жылғы  26  қаңтар

инфо 10


Оралдағы алау эстафетасы

Күні: , 46 рет оқылды

IMG_4826


Кеше ХХVІІІ дүниежүзілік қысқы универсиаданың алауы Орал қаласында жағылды.


Таң қараңғылығы сейіле сала, жастар легі Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бас ғимаратына қарай ағылды. Шыңылтыр аязға қарамастан, универсиада құрметіне ұйымдастырылатын шараны тамашалауға келген көрермендердің қарасы көбейе түсті. Әсіресе, эстафетаға қатысушылар мерекелік көңіл күйге бөленген. Олар қаз-қатар тізіліп, маңызды міндетіне кірісуге сақадай сай тұрды.

Университет ғимараты алдында алау эстафетасы салтанатты түрде ашылып, ән шырқалып, батырларша киінген жігіттер би биледі. Көрермендер назарына ұсынылған шағын көріністе егемен еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың нышаны ретінде түрлітүсті лентамен көмкерілген шаңырақ пен өзге ұлт өкілдері бейнеленді. Ақ тілегін ақтарған кейуана қолымен аялай, аманат қып берген отпен екі батыр тұғырға орнатылған ұстын ішіне алауды тұтатты. Сосын облыс әкімі Алтай Көлгінов сөз алды.

– Елімізде осындай дүбірлі доданың өтуі – қазақстандықтар үшін зор абырой, тарихи оқиға. Екі күн бұрын алау эстафетасын бастаған Елбасымыз осы универсиада Тәуелсіз Қазақстанның тарихында баршамызды біріктіретін бүкілхалықтық мерекеге айналады деп сенім білдірген еді. Универсиадаға қатысатын спортшыларымыз қазір дайындық үстінде. Оларға сәттілік тілейміз. Біздің өңірде эстафета тарихи оқу ордасында бастау алуы тегін емес. Барша жастарды спортпен шұғылдануға шақырамыз, – деді облыс басшысы.

IMG_4852Кейін ақ шымқай спорттық киім киген, оттың өшпеуін қадағалайтын топ мүшелері тұғыр үстіндегі оттан тұтатып берген алауды облыс әкімі Алтай Көлгінов Рио олимпиадасының жүлдегері, жерлесіміз Екатерина Ларионоваға табыстады. Салтанатты эстафетаны бастаған танымал спортшыға қала тұрғындары дем бере қошемет танытты. Одан әрмен отызға тарта қатысушы Достық және Еуразия даңғылымен 200 метр сайын бір-біріне алауды табыстап, эстафета тізбегін қаладағы мұз айдыны спорт сарайында тәмамдады. Айта кетерлігі, көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыстық ішкі істер департаменті 400-дей полиция қызметкерін жұмылдырды.

Түс қайта мұзсарайдан шыққан екінші топ эстафета алауын теннис орталығына жеткізді. Сол кезде спорт зал әсем әуен әсерінен жаңғырып тұрды. Сахнаға облыс басшысы Алтай Көлгінов пен алауды алғаш қабылдап алған Екатерина Ларионова көтерілді.

Кейін 12 шақырымды жүгіріп өткен эстафетаға қатысушыларды барша көрермен қошеметпен қарсы алды. Жастар эстафета жоралғысын аяқтауы тиіс даңқты палуан, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Ерболат Байбатыровқа қақ жарыла жол ашты. Палуан облыс әкімі Алтай Көлгіновке алауды табыс етті. Алауды қабылдаған облыс әкімі бүгін батысқазақстандықтар үшін тарихи күн екенін айта келіп, эстафетаны ұйымшылдықпен өткізгендерге алғыс айтты. Сонымен қатар облыс басшысының қасындағы танымал қос спортшы да ізгі лебіздерін жеткізді.

Өңір басшысы Алтай Көлгінов универсиада рәмізін отты қорғаушыларға берді. Олар алауды сөндіріп, шыны ыдысқа салды. Универсиаданың басты рәмізі Алматыға жөнелтілетіні салтанатты түрде хабарланды. Кейін туған елге арналған әндер шырқалып, жастардың би кеші басталды.

Еске сала кетсек, Алматыда өтетін универсиадаға әлемнің 56 елінен 2181 спортшы спорттың 12 түрі бойынша сайысқа түседі. Біздің облыстан бес шорт-трекші – Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжанов, Анита Нагай, Нұртілек Қажығали қатысады.

IMG_4726IMG_4926

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

“Орал  өңірі”

Артур ҮМБЕТҚАЛИЕВАртур ҮМБЕТҚАЛИЕВ,

грек-рим күресінен жастар арасынан әлем чемпионы:

– Эстафета тізбегінде Екатерина Ларионовадан кейін қолыма алау тиген екінші қатысушы болдым. Көңілім қуанышқа толы күн болды мен үшін. Мұндай шаралар, әлбетте, жастардың спортпен тұрақты айналысуына зор әсерін тигізеді. Универсиада – нағыз бәйге алаңы. Эстафетаға қатысып, жанкүйерлік танытуға мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын.

Екатерина ЛАРИОНВАЕкатерина ЛАРИОНОВА,

әйелдер күресінен Қазақстанның 16 дүркін чемпионы, Рио олимпиадасының қола жүлдегері:

– Эстафета алауы алдымен маған берілгенде, олимпиадаға тағы жолдама алғандай әсерде болдым. Біздің өңірден универсиадаға қатысатын спортшыларға сәттілік серік болсын деген тілектемін.

Эстафета шарасы баршаға жоғары көңіл күй, ерекше жігер сыйлады.

Жанат САЙЫНЖанат САЙЫН,

шахматтан оқушылар арасынан әлем чемпионы:

– Универсиаданы өткізу құрметіне ие болу еліміз үшін зор мәртебе екені анық. Бұл оқиға – мемлекетіміздің жан-жақты даму үстінде екенін әлемге әйгіледі. Бүгін Орал қаласында өткен эстафета шеруі көңіл толқытарлық сәттерді сыйлады, қуаныштымын!

Александр ТКАЛИЧ,Александр ТКАЛИЧ,

алау қорғаушысы:

– Алау эстафетасында бізге зор жауапкершілік жүктелген. Себебі құтыдағы от сөніп қалмай, мәреге жетуі тиіс. Әріптестерім эстафетаға қатысушылармен бірге жүгіріп отыратын болады. Қолайсыздықтың алдын алу үшін бұл маңызды. Қысқы думан да тамаша өтуде. Алға, Қазақстан!

Еламан ӘЛІПҚАЛИЕВЕламан ӘЛІПҚАЛИЕВ,

допты хоккейден қысқы Азия ойындарының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Биылғы қыс спортшылар үшін жаңалыққа толы екені анық. Міне, біздің шаһар универсиада құрметіне ұйымдастырылған эстафета шеруіне үн қосуда. Қысқы спорт түрімен шұғылдану оңай емес. Ол үшін ерекше ерік-жігер, зор қайратқа ие болу керек. Біздің елдің спортшылары намысты қолдан бермес. Жалпы, қазақстандық хоккейшілердің қарқыны жақсы екенін көптеген ел мойындайды.

Әйгерім ТӨЛЕНӘйгерім ТӨЛЕН,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті, ҚР Президенті атындағы шәкіртақы иегері:

– Эстафета алауын ұстау құрметіне ие болғаныма қуаныштымын. Елбасымыз жастарды білім-ғылым жолына түсіп, түрлі мәдени-спорттық шараларға белсене қатысуға үндеп отырады. Мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты айқын сезінген соң, біз болашағымызға сеніммен қараймыз. Өзім спортпен белсенді айналысамын. Қыста шаңғы тепкенді ұнатамын. Универсиадаға қатысатын спортшыларымыз Отанымыздың абыройын асқақтатады деп сенемін.

Ержан ҚАЙЫРЛИЕВЕржан ҚАЙЫРЛИЕВ,

Орал қалалық №26 мектептің 7-сынып оқушысы:

– Сыныптастарымызбен Достық даңғылында салтанатты түрде алау ұстап бара жатқан эстафета қатысушыларына қызыға қарадық. Бәрі де әсем киінген, көңілдері көтеріңкі. Спорт – денсаулық кепілі. Спортпен айналысқандардың денсаулығы мықты болады, қысқы аязды елең қылмайды. Универсиадаға қатысатын қазақстандық спортшыларға сәттілік тілеймін!

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВОлжас СҮЛЕЙМЕНОВ,

ҚР спорт шебері, дзюдо күресінен жастар арасынан ел чемпионатының жүлдегері:

– Жаңа жылда жақсы жаңалықтарға, жарқын сәттерге куә болудамыз. Ең алдымен, атаулы мерекемен барша жерлесімді құттықтаймын! Дүниежүзілік қысқы универсиада біздің елде өтіп жатқанына қуаныштымын. Ақ қар, көк мұз үстінде өтетін аламанға 56 мемлекеттен екі мыңнан астам спортшы қатыспақ. Қазақстандықтардың биіктен көрінуіне әрдайым тілекшімін, әрине. Қысқы спорт түрлерінен шаңғы мен биатлон ұнайды. Болашақта еліміздің көк Туын желбіреткісі келетін жастар спортпен тынымсыз айналысуы қажет.


Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Үндеуін қолдау туралы Қазақстан халқы ассамблеясының МӘЛІМДЕМЕСІ

Күні: , 34 рет оқылды


Құрметті  отандастар!

2017 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері туралы Қазақстан халқына Үндеу жариялады.


Қазақстан халқы ассамблеясы Мемлекет басшысының елдің мүддесі мен заманның талабына сай келетін, биліктің барлық тармақтарының өкілеттіктерін және жауапкершілігін арттыру бастамасын толық қолдайтынын білдіреді.

Елбасының басшылығымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдық жетістіктері, бес институттық реформаны іске асыру, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту жұмыстарының жүргізілуі, «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің қабылдануы – Президенттің өз құзыретінің бір бөлігін Парламентке, Үкіметке және атқарушы билік жүйесіне беру туралы тарихи шешіміне мемлекет пен қазақстандық қоғамның толығымен дайын екендігінің сөзсіз дәлелі.

Үкіметтің және атқарушы биліктің Парламент пен жергілікті өкілді органдар алдында есеп беруін күшейту – Қазақстанның демократия жолындағы одан әрі орнықты да бұлжымас жаңа қадамы.

Бұл Үкіметке де, Парламентке де Қазақстан халқының алдында зор жауапкершілік жүктейді.

Елбасының бастамасы Қазақстанның дамуына соны серпін қосатыны сөзсіз.

Қазақстанның әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылу, болашағы біртұтас ел болу жолындағы міндеттері ұтымды шешімді талап етеді.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдаған шешімі аса пәрменді саяси жаңашылдық және қоғамдағы әлеуметтік ахуалдың күрделенуіне, әлемдік саяси үдерістің жаңа үрдістеріне жауап болып табылады.

Өкілеттіктермен бөлісу – Президенттің баршаға белгілі саяси қолтаңбасының, бүкіл әлем мойындаған «қазақстандық жолдың» жарқын көрінісі.

Бұл қадам Қазақстанның бейбітшілік пен келісім стратегиялық саясатына, сенім саясатына толығымен үндес және қоғамның мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейтеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігері заң шығарушы биліктің рөлін арттыру арқылы халқымыздың бірлігі мен келісімін нығайтуға бағытталған және Қазақстандағы демократиялық үдерістерді жалғастыруға тың серпін беріп отыр.

Қазақстан халқы ассамблеясы бұл тұрғыда ассамблеядан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттарына, мәслихаттардағы ҚХА депутаттық топтарының мүшелеріне, қоғамдық келісім кеңестеріне, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдарының барлық өкілдеріне зор жауапкершілік артады және саяси реформаларды әзірлеу мен іске асыру үдерістерін қолдау үшін жоғары азаматтық борышын  өтеуге  шақырады.

Біз, Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшелері, президенттік жаңа реформаны талқылауға қатысушылардың барлығын – саясаткерлерді, сарапшыларды, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдерін, жастарды, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін осы мәселеге ерекше азаматтық жауапкершілік тұрғысынан қарауға шақырамыз.

Біз Президенттің Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға және өркендеуі үшін жүзеге асырылатын жаңа бастамасының табысты жүзеге асатынына кәміл сенеміз!

Қазақстан  халқы ассамблеясының  кеңесі

Астана қ., 2017 жылғы 26  қаңтар


Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі ҮНДЕУІ

Күні: , 60 рет оқылды

25-01-DSC_2353+


Құрметті  қазақстандықтар!

Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын.


Бұл – Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу.

Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр.

Қазір заманның дидары өзгерді.

Біз де өзгеруге тиіспіз.

Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді.

Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым.

Арнайы құрылған жұмыс тобы атқарылған  істерді  баяндады.

Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады.

Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн.

Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады.

Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады.

Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сессияның аяғына дейін Парламентке  енгізуі  тиіс.

Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету.

Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеміз.

Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады.

Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады.

Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді.

Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді.

Жұмыс тобы барлық сұрақтарды жан-жақты зерттеп, қоғамдық талқылауға шығару үшін ұсыныстар жиынтығын әзірлеуі қажет.

Құрметті қазақстандықтар!

Мен сіздерге еліміз үшін қағидатты мәселе  бойынша  қайырылып  отырмын.

Бұл – мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу.

Менің өкіміммен арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар жаман жұмыс істеген жоқ.

Мен топтың жұмысы туралы есепті тыңдадым.

Алдағы реформа біздің дамуымыздың қисыны мен тұтастай қазіргі заманғы даму қисынына  арқа  сүйейді.

Негізгі мәні – Президент өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке береді.

Күшті президенттік вертикаль бізге мемлекет қалыптастырудағы орасан қиындықтарды  еңсеру  барысында  қажет  болды.

Бұл уақытында өзін ақтады. Біздің барлық жетістіктеріміз дәл осы жүйе кезінде жүзеге асырылды.

Бұл реформа басқару жүйесінің тиімділігін  арттыруды  көздейді.

Біз жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрдық.

Біз іргесін қалаған даму траекториясының дұрыстығын тарихтың өзі қуаттап отыр.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өткен кезде біз өзіміздің табыстарымыз туралы, оның ішінде билік құрылымдарының, президенттік жүйенің жұмысы туралы айттық.

Алайда әлем бүгінде көз алдымызда өзгеріп жатыр.

Қоғамдық үдерістердің жылдамдығы мен күрделілігі Қазақстанда да артып келеді.

Қазірдің өзінде біз алдағы кезең алдымызға міндетті түрде көлденең тартатын жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге қалай қарсы тұратынымызды ойластыруға тиіспіз.

Ұсынылып отырған реформаның мәні билік өкілеттіктерін сарабдалдықпен қайта бөлуде, тұтастай саяси жүйені демократияландыруда жатыр.

Президент үшін жаңа жағдайларда стратегиялық функциялар, жоғарғы арбитрдің биліктің тармақтары арасындағы қатынастардағы рөлі басым болады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетіне күш-жігер жұмылдырады.

Бұл ретте Үкімет пен Парламенттің рөлі  айтарлықтай  күшейеді.

Аталған жұмыс екі шешуші бағыт бойынша жүргізілетін болады.

Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеу жөніндегі заңымен бекітілген өкілеттіктерінің айтарлықтай бөлігін Үкімет пен басқа да атқарушы органдарға беру керек.

Аталған салаға толық көлемінде Үкімет, министрліктер мен әкімдіктер жауап беруі тиіс.

Өкілеттіктерді беруді тиісті заңдарға өзгерістер енгізу есебінен қамтамасыз етуге болады. Үкіметке немесе Парламентке беруге болатын 40 шақты өкілеттік бар.

Бұл түзетулерді қабылдау үшін Үкімет Парламентке үстіміздегі сессияның аяғына дейін  басым  ретпен  енгізеді.

Екіншіден, бұдан да күрделірек міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды конституциялық деңгейде теңгеру.

Парламенттің Үкімет жасақтаудағы рөлін күшейту, Министрлер кабинетінің депутаттар корпусы алдындағы жауапкершілігін арттыру маңызды.

Парламенттік сайлауларда жеңіске жеткен партия Үкіметті жасақтауға шешуші түрде ықпал ететін болады.

Осыны басшылыққа ала отырып, Үкіметтің өкілеттігін бұрынғыдай Президенттің емес, жаңадан сайланған Мәжілістің алдында тоқтатуы заңды болмақ.

Үкімет мүшелеріне Парламент палаталары тарапынан сенімсіздік білдіру тәртібін оңайлату қажет.

Ол биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы тармаққа бақылау жасауын күшейтпек.

Үкіметке, ол сол үшін толық жауапкершілікте болатындай, мемлекеттік бағдарламаларды бекітуді тапсыру орынды болмақ.

Үкіметтің өзіне оның құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру мен тарату құқығын беруге болады.

Президент Үкімет пен Премьер-Министрдің актілерінің іс-әрекетінің күшін жою болмаса тоқтату құқығынан бас тарта алады.

Мұның бәрі атқарушы мемлекеттік органдар мен оның басшыларының жауапкершілігін арттырып, қажетті өкілеттіктер береді.

Заң күші бар Президент Жарлықтарын қабылдау мүмкіндігі туралы норма көкейтестілігін жойды.

Жергілікті атқарушы билікке қатысты Парламенттің  рөлін  күшейту  ұсынылады.

Оның сыртында Конституциялық кеңестің, сот жүйесі мен прокуратураның қызметін жетілдіру туралы мәселені қарастыру талап етіледі.

Сонымен бірге бізге өз конституциялық құрылысымыздың бұлжымастығына сөзсіз кепілдік қажет.

Жұмыс тобы одан әрі де жұмыс істей беретін болады, олардың осы мәселелерді жан-жақты зерттеп және одан арғы қоғамдық талқылау үшін ұсыныстар пакетін дайындауы қажет.

Ұсынылып отырған бағдарлама үш міндетті шешуге жағдай жасайтын болады.

Біріншіден, көптеген жылдарға күні бұрын саяси жүйе тұрақтылығының қорын жасау.

Екіншіден, Үкімет пен Парламенттің рөлін арттыру қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге жауап қайтарудың неғұрлым тиімді  механизмін  бермек.

Иә, бұл басқарудың неғұрлым күрделі жүйесі, бірақ қоғам да неғұрлым күрделі бола түсті.

Мен Президент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын.

Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи  жүйесін  құру  үшін  жасап отырмын.

Үшіншіден, әлемде мемлекеттік құрылыстың әмбебап моделі жоқ. Бәрі де ізденіс үстінде.

Халықаралық тәжірибе шеңберінде іс-қимылдар жасайтын мәселелер бола тұрса да, біз өзіміздің, кейде ерекше шешімдерімізді таба отырып, мемлекеттік құрылыстың бөгде модельдерін көшіріп алумен ешқашан  айналысқан  емеспіз.

Біз ұсынып отырған реформа ең алдымен өз тәжірибемізге және Қазақстанның өзінің  қажеттіліктеріне  арқа  сүйейді.

Реформалар бағдарламасы – ол Қазақстан қай бағытта жүреді деген сауалға біздің  жауабымыз.

Жауап айқын және дәйекті – демократиялық даму жағына қарай.

Ұсынылып отырған шаралардың маңыздылығын ескере отырып, мен жарияланатын конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну жөнінде  шешім  қабылдадым.

Тиісті  Жарлық  шықты.

Мұның бәрі елдің болашақ дамуына жауап береді және бес институттық реформаға сәйкес келеді.

«Ашық Үкімет» атты бесінші пункт дәл осы өкілеттіліктерді елеулі түрде қайта бөлуді қарастырған болатын. Биліктің барлық тармақтары тиімді және жауапкершілікті жұмыс істеуі үшін олардың арасында тиісті тепе-теңдіктер мен арасалмақтар құру маңызды.

Олег  ЮРОВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы стратегиялық даму және сапа жөніндегі департаментінің директоры, саясаттану ғылымының кандидаты:

– Қазақстандағы қоғамдық және саяси жүйені оңынан дамыту – Елбасы саясатының басты бағыттарының бірі. Президент өз Үндеуінде мемлекеттік билік жүйесіне елеулі өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұған дейін де Елбасы қоғам мен оның саяси құрылымдарына жауапкершілікті жүктеу керектігін айтқан еді. Яғни азаматтық қоғам мемлекеттік билікті жетілдіруге белсенді араласуы тиіс. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары осы үдерістерді жетілдіруге мүмкіндік туғызды. Билік тармақтарына өкілеттіктерді үлестіру арқылы шынайы демократияны қалыптастыруға негіз жасалуда. Аталған өзгерістерге қарамастан, мемлекеттік саяси құрылымдар берік, орнықты күйінде қалуы тиіс. Жаңа реформалар жалпыхалықтық талқылаудан өтпек. Қазақстандағы тұрақтылықты сақтау, атүсті шешім қабылдаудан, уақытша саналатын саяси ұстанымдардан аулақ болу – бәрімізге басты міндет. Ашығын айту керек, сындарлы кезеңде, негізінен, Президентке арқа сүйеумен келеміз. Енді күрделі міндеттерді атқаруға қоғам болып жауапкершілікпен  қарайтын  кезең  жетті.

Айгүл ТҮРКИНА,

«Азаматтық  альянс қауымдастығы» облыстық филиалының төрайымы:

– Елбасы Үндеуі – біздің елімізде қабылданған реформалардың сәтті жүзеге асып жатқанының кепілі. Президент арқасында бүгінге дейін жаңа мемлекет, жаңа экономикалық саясат, жаңа қоғам қалыптастырдық. Әлем қазір даму үстінде. Соған орай мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа өзгерістер қажет. Еліміздегі билік тармақтары арасында, яғни Үкімет пен Парламент өкілеттіктерін күшейтуі қоғам ашықтығын қамтамасыз етуге оң әсер етеді. Менің ойымша, аталған реформаға өзінің бағасын беретін, орнықты шешім қабылдануына үлес қосатын қоғамның да жауапкершілігі күшейеді. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік сақталса, мемлекетті дамыту жолында маңызды шешімдер қабылданатыны анық. Сондықтан біздің қоғам бұл саяси өзгерісті жылы  қабылдайтынына  сенімдімін.

Ербол  САЛЫҚОВ,

облыстық  қоғамдық кеңестің  төрағасы:

– Бұл саяси қадам еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Тәуелсіздіктің 25  жылында қалыптасқан билік жүйесі осындай оң қадам жасауға мүмкіндік беруде. Яғни мәні зор реформаны жүзеге асыратын кезең келді. Үндеуде айтылғандай, Үкіметке және жергілікті атқарушы билік органдарына әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеу үшін 40-қа жуық өкілеттік берілмек. Парламентке үкіметті қалыптастыру немесе мемлекеттік басқару жүйесіндегі кейбір өкілеттіктерді реттеу мәселелері тапсырылады. Яғни халықтың алдында, заң шығарушылардың алдында Үкіметтің жауапкершілігі артпақ. Еліміздің болашағы үшін демократиялық даму жүйесін мейлінше  жетілдіру  аса  маңызды.

Елбасы атап өткендей, бес институционалды реформа негізінде «Ашық Үкіметті» қалыптастыруға баса назар аударылғаны мәлім. Сондықтан былтыр тұрғындар алдында есеп беретін Үкіметті қалыптастыру бағытында қоғамдық кеңестер құрылды. Сол арқылы азаматтық қоғам өкілдері жергілікті атқарушы биліктің тиімді шешім қабылдауына ықпал ете алады. Конституцияға және басқа да заңдарға өзгерістер енгізуге негіз болатын саяси қадам мемлекеттік органдарға ғана емес, азаматтық қоғамға, қоғамдық ұйымдарға зор жауапкершілік жүктейді. Бұл мүмкіндікті жүзеге асыруға қоғам болып белсене араласуымыз керек. Байыппен ойланып, нақты ұсыныс-пікірлерімізді ортаға салған жөн.

Нұрлан  СЕРҒАЛИЕВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Президент өкілеттілігінің күшті болуы тәуелсіздіктің 25 жылында елдің дамуы үшін аса маңызды рөл атқарды. Заман талабына орай мемлекеттің ішкі саяси даму жүйесіне өзгерістер енгізу маңызды шешім болмақ. Қазіргі уақытта қоғам жауапкершілігін арттыруға мән берілуде. Сондықтан еліміздің болашағына алаңдайтын әрбір азамат жалпыға жүктелетін ортақ міндетке сергек қарауы, ашық талқылауларға белсенді қатысуы тиіс. Мемлекеттік басқару жүйесіне енетін өзгерістерге мұқият  дайындалғанымыз  абзал.

Мария   ЖҰМАҒАЛИЕВА,

М. Өтемісов  атындағы БҚМУ-дың  аға  оқытушысы, экономика   магистрі:

— Жаһандық үдерістер мен әлемдегі түрлі жағдайлар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын тигізбей қоймасы анық. Елбасының билік жүйесіне өзгерту енгізу туралы үндеуін заманның талабы мен ұрпақ болашағы үшін жасалып отырған тарихи маңызды қадамы деп түсінгеніміз жөн.

ҚР Президентінің кейбір құзыреттіліктерін Үкімет пен Парламентке сеніммен тапсыруы демократияландырудың тағы бір қадамы екені анық. Бұл қадам саяси тұрғыдан ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді. Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі экономиканың тұрақтануына  оң  әсер  етеді.

Сергей  СКИТОВИЧ,

Чапаев  аудандық  электр  жүйесінің  басшысы, Ақжайық   ауданы:

— Мемлекет басшысы өз халқына тағдырлы мәселені ұсынды. Бұл – Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. Яғни билік тармақтарының өкілеттіліктері заманның өткір талабына сай қайта бөлінеді. Мұның бәрі мемлекеттік басқарудың заманауи үлгісін қалыптастыру мақсатындағы қисынды қадам екенін жұртымыз бірден-ақ айтуда.

Осы орайда Елбасымыздың 2005 жылғы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауы жадымызда жаңғырды. Осы ерекше құжаттан кейін мемлекетті реформалаудың кезең-кезеңге негізделген жаңа үдерісі басталғанын, соған байланысты ерек істер, бекем беталыстар өмірімізге енгенін көпшілік біледі. Міне, аталған Үндеу осы құтты қадамдарды жаңа дәуірдің өте салмақты да жауапкершілігі  айрықша талабына сай жалғастырудың заңды жалғасы болып табылатыны өте айқын.

Демек, өз тәуелсіздігінің небары ширек ғасырында-ақ саяси тұрақтылық пен   экономикалық ілгерлеуде әлемге танылған еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Бұл – игі өзгеріс, тағдыршешті өзгеріс, «Қазақстан – 2050» стратегиясына сай мығым бағыт болып табылады.

Флюра  МИЛИКЕЕВА,

татар  этномәдени  бірлестігінің  төрайымы:

— Біз тарихи сәтке куә болып отырмыз. Елбасының Конституциялық реформалары туралы Үндеуі елді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Билік тармақтары өкілеттіктерінің ауысуы мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер етеді деген үміттемін.

Себебі Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдаған шешімі аса пәрменді саяси жаңашылдық және қоғамдағы әлеуметтік үдерістердің күрделенуіне, әлемдік саяси процестің жаңа үрдістеріне жауап болып табылады. Елбасымыздың жаңа реформасын талқылауға қатысушылардың барлығын осы мәселеге ерекше азаматтық жауапкершілік тұрғысынан қарауға шақырамын. Біз Президенттің Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру және өркендеуі жолындағы  жаңа  бастамасының  табысты  жүзеге  асатынына  кәміл   сенеміз!

Саялбек  ҒИЗЗАТОВ,

тарих  ғылымдарының  кандидаты:

— Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу жөніндегі бастамасы бүгінгі күн тұрғысынан алғанда өзекті болып табылады. Тарихи деректерге сүйенсек, ата-бабаларымыз хандық жүйе үстемдік құрған кезеңнің өзінде де халық құрылтайын, билер алқасын құру арқылы елдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешіп отырған. Үш жүздің басын қосқан Күлтөбедегі жиынды білмейтін қазақ жоқ шығар. Тіпті Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлы 1827 жылы 12 биден тұратын хандық кеңесті құрған болатын. Жоғарыда келтірілген деректерден қазақ даласында билік жүйесі заманына сай түрлі реформаларды бастан өткергенін білеміз. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа бастамасы қазақ елінің демократиялық құндылықтарын одан әрі арттырады деп сенім  білдіреміз!


173 көлік ұрланған…

Күні: , 59 рет оқылды

krazha-avto1


БҚО ІІД облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция майоры Кенжебек Құспаевтың берген мәліметіне қарағанда, өткен жылы өңірде 24 көлікті ұрлау және рұқсатсыз  айдап кету дерегі тіркелген.


Соның ішінде көлікті айдап әкету жайына тоқталсақ, оның жетеуі гараждан, 152-сі көп қабатты үйлердің ауласы мен көше бойынан ұрланыпты. Ұрлау дерегінің бірі гаражда  және 23-і көлік тұрағында, көше бойында болғаны анықталған.

Былтыр жаңағыдай қылмыстың 128-і ашылған екен. Алдыңғы жылы, яғни 2015 жылы 157 көлік ұрлығы мен айдап кету фактісі тіркеліп, соның 119-ы ашылған. Сонымен, екі жылдағы көрсеткіштерді салыстырсақ, алдыңғы жылға қарағанда, былтыр көлік ұрлығы мен оны айдап әкету көбірек болса да, қылмыстың ашылу саны  алдыңғы жылға қарағанда 15 дерекке артық. Республика бойынша рейтинг жөнінен біздің облыс төртінші орында.

Біздің құқық қорғау саласының қызметкерлері ұрланған көлікті іздестіру, табу, қылмыскерлерді құрықтау ісінде көршілес өңірлермен тығыз қарым-қатынас жасап отырады. Мәселен, өткен жылы облыс орталығындағы С. Тюленин көшесі, №43 үйдің ауласынан С. Мамаеваның иелігіндегі «Тойота Раф-4» және Қ. Есмұқановтың жеке меншігіндегі «Тойота Камри» маркалы көліктері осы аумақтағы  көлік тұрағынан ұрланды. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде көліктер Атырау қаласынан табылып, заңды иелеріне қайтарылды. Жалпы алғанда, көлік ұрлығымен айналысатын қылмыстық топтар да, жеке адамдар да бар. Былтыр көлік ұрлаумен жүйелі айналысатын сегіз қылмыстық топ ұсталып, заң алдында жауапкершілікке тартылды. Әдетте, жоғарыдағы жағдаяттар көрсеткеніндей, көлік негізінен көп қабатты үйлер мен көше бойынан ұрланады. Жеке үйлердің  ауласынан да жоғалу кездеседі.  Көлік ұрлау мен оны айдап кетудің көбіне түн, қала берді, таңғы және кешкі уақытта болатынына таңдану қиын.

Облыс аумағындағы жағдайды тұрақтандыру, көлікті ұрлау және оны айдап әкету қылмысын ашу, жолын кесу, анықтау мақсатында жергілікті полиция қызметі өңірдегі автосервис нысандарын, жеке шеберханаларды, гараж кооперативтерін тексеруді жүйелі жүргізеді. Ұрланған мүлікті қабылдау және өткізу нүктелерін анықтау үшін көлік базарында және оны бөлшектеп бұзу орындарында арнайы іс-шаралар өткізілуде.

Аталмыш үдерім кезінде табылған көлік, нөмірлік тораптар, агрегаттар облыстық жергілікті полиция қызметіндегі және БҚО ІІД ақпараттық талдау орталығындағы «Криминалдық көлік есебі» бойынша тексеріледі. Күдікті жәйт анықталса, дереу шара алынады. Нәтижесінде қазір көлік ұрлау көрсеткіші бойынша біздің облыс Батыс Қазақстан аймағында ең төмен деңгейде. Айтпақшы, өңірде ұрланған көліктің басым бөлігін аса қымбат «Лексус», «Мерседес» және тағы басқасы емес, салыстырмалы түрде құны арзан, Ресей мен шетелдің жеңіл көліктері құрайды екен.

Көлік неге және қалай ұрланады? Құқық қорғау қызметкерлерінің жүйелі сараптамасынан аңғарғанымыз, көлік көп қабатты үй ауласында, үлкенді-кішілі сауда нысандарының алдында қараусыз қалған жағдайда баукеспе машинаның есігін ашу немесе терезесін сындыру арқылы көлікті “көрсетпей” айдап кететін көрінеді. Дабылқаққыш құрылғылары орнатылмаған көлік те кейде қолды болады. Осы жерде қандастарымыздың жайбарақаттығы мен бейқамдығына еріксіз сын айтуға тура келеді.

Тағы бір жәйтке тоқталайық. Көлікті кейде ұрлау үшін емес, сайран салу үшін айдап кету мақсатында оның тізгінін ұстайтындардың арасында бозөкпе жүгермектер басым. Албырт және ата-анасының еркесі болып табылатын кейбір жасөспірімдер ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ, көлікпен көшеге атып шығады. Осындай бассыздықтың салдарынан осыдан екі-үш жыл бұрын жаңақалалық жасөспірімдердің бір отбасының бүлдіршіндей қыздарын қайғылы қазаға ұшыратқаны бар. Демек, осы арада тағы бір мәселенің  құлағы қылтияды. Яғни көлікті жалға беру. Отанымыздың рухани астанасы – Алматыда көптен бері  жүргізуші куәлігі бар, айдауға рұқсат берілген кез келген жан жалдамалы көліктің қызметін пайдалана алады. Мүмкін мұндай қызмет бар болғаны 300 мыңдай тұрғыны бар Орал қаласына артық та шығар.

Алайда көлікті шетелдегідей жалға (прокат) беру келешекте көлік ұрлығы, айдап кетуді  азайтудың бір тиімді жолы болса керек.

Көлік ұрлығының қатері қашанда ықтимал және күтпеген жерден туады. Олай болса, көлігіңді сақтай да, қорғай да біл, ағайын!

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Тақырыпқа  тұздық

Республикалық БАҚ-тардың жазуынша, ел бойынша ұрланған көліктің басым бөлігі Ресейдің «Ладасының» үлесіне тиеді. Өйткені олардың көбінде дабылқаққыш құрылғылары орнатылмаған.  Әрі оны тұтату да оп-оңай. Екінші орында «Тойота» көлігі тұр. Оның ішінде «Камри», «Королла» түрлеріне қызығушылық басым. Өткен жылы біздің елде 890 көлік ұрлығы орын алған.


«Қоңыр қобыз»

Күні: , 23 рет оқылды

IMG_4628


Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның 50 жылдығына орай белгілі қобызшы Айгүл Аужанованың «Қоңыр қобыз» атты жеке  концерті өтті.


Сахна шымылдығы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Серпер» күйімен ашылды. Одан әрмен қобызшы жеке орындауда Ахмет Жұбановтың «Ария», Ғазиза Жұбанованың «Мерекелік күй», Еркін Нұрымбетовтің «Ақеркем», шетелдік  Камиль Сен-Санстың «Хаванез» және  Мануэль де Фальяның «Испанский танец» шығармаларын ерекше нақышта орындады. Өнер кешінде жаңа туындылардың  тұсауы кесіліп, кейбір шығармалар көпшіліктің тыңдауына  алғаш рет жол тартты. Олардың ішінде Қорқыттың «Қобызы», Тәттімбеттің «Саржайлауы», Нағым Меңдіғалиевтың «Романсы», Арман Жайымның «Қобызға арналған үш бөлімді концертімен» қатар  Евгений Брусиловскийдің «Бозайғыр» сюитасынан Скерцо, Зекинья де Абреудің «Тико-тикосы» сәтті  шықты. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртістері қобызшыға қолдау көрсетіп, бірге өнер көрсетті. Күй кеші Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқасымен» жабылды.

Айта кетелік, Айгүл Аужанова бүгінде Қарағанды облыстық Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестігі Тәттімбет атындағы академиялық оркестрінің концертмейстрі болып қызмет атқарады.

Ол – Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын қобыз прима мамандығы бойынша тәмамдаған өнер магистрі. Алғашқы еңбек жолын Құрманғазы атындағы  академиялық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінде  әртіс болып бастаған. Көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

“Орал өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика