Мұрағат: 23.01.2017


300 бейнекамера орнатылмақ

Күні: , 48 рет оқылды

камера


Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен ел-жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Smart City» жобасы бойынша облыс орталығына бейнебақылау қондырғыларын орнату жөнінде жиын өтті.


Облыс прокуроры, қала әкімі, ІІД басшысы мен өкілдері қатысқан жиында бұған дейін Астана қаласында қондырғылар орнатқан «Сергек» компаниясының ақпараттық, техникалық әлеуеті талқыланды.

«Ақылды қала» жобасының нәтижелі жүзеге асуы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ықпалын тигізіп келеді. Алдағы уақытта облыс орталығына тағы 300 бейнекамера орнату көзделуде. Оның жартысынан көбін мемлекет және жеке кәсіпкерлік серіктестігі аясында «Сергек» компаниясы ұсынуға әзір екенін жеткізді. Айта кетейік, аталмыш компания өткен жылы облыс орталығындағы М. Шолохов көшесіне бейнекамера орнатқан болатын.

Бұл бағыттағы жұмыстар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қылмысты ашуға септігін тигізбек. Демек, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жақсара түспек.

Өз тілшіміз


Бәліш пен шай қорек бола ма?..

Күні: , 29 рет оқылды

беляши


Денсаулық сақтау саласы мамандары ұсынған деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі әрбір екінші тұрғын асқазан дертінен зардап шегетін көрінеді. Облыстық ауруханадағы гастроэнтеролог маманының қабылдауына арнайы барғанымызда, үлкен кезекке тап болдық. Емделушілердің дені студент  жастар екен. Осы көріністен кейін жол-жөнекей асығыс-үсігіс кезіккен тағаммен ауқаттана салатын студенттердің бір күндік тамақтану мәзірін білгіміз келгені.


М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанындағы «Университет» кафесінде күріш көжесі, үй кеспесі 170 теңгеден, қуырдақ, күріш, ас, лағман 250 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ студенттер жиі сатып алатын бәліштердің бағасы 80 теңгеден басталады.

Ал Батыс Қазақстан медициналық колледжінің шағын дәмханасында гарнирге берілетін палау, қарақұмық, картоп езбесі 100 теңге, орамжапырақ не картоп қосылған бәліш – 80, ет қосылған бәліш 100 теңгеден сатылуда. Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық, Орал гуманитарлық-техникалық және Орал гуманитарлық колледждерінің ғимараттарындағы дәмханалар шағын болғандықтан да шығар, аталмыш орындарда бәліш, хот-дог, самса, чизбургер секілді нан өнімдері мен сусындар ғана бар. Нан өнімдерінің ішіндегі бағасы қымбаты чизбургер 180 теңгеден сатылуда. «АТиСО» Батыс Қазақстан академиялық колледжінің асхана мәзіріндегі лағман, қуырдақ, қарақұмық, палау 250 теңгеден болса, нан өнімдері салмағына байланысты 100 теңгеден басталады. Барлық оқу орындары асханаларындағы ас мәзірінің бағалары бір-бірімен тақылеттес.

Бір қарағанда, қолжетімді көрінгенімен, есептей келсек, бір студент түстенуі үшін 400-500 теңге жұмсайды екен. Ал мұндай қаржыны кез келген жастың қалтасы көтермесі анық. Сондықтан студенттер самса немесе бәліш пен шайды қорек етуге мәжбүр. Тақырып төңірегінде студенттер мен маманнан пікір алған едік.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”

Динара ҒИЗЗАТ, қала тұрғыны:

— Әжем тоқсан жасқа келіп, өткен жылы жазда өмірден озған еді. Ол өзін өте қатты күтетін. Денсаулығына жіті мән беріп, үнемі табиғи тағамдармен тамақтанатын.

Қай уақытта болмасын, таңғы тамағын сағат 7.30-дан, түскі асын сағат 12-ден, кешкі тамағын сағат 17.30-дан қалдырмайтын. Тамақтану уақыты бұзылса, бізге реніш білдіретін. Күн сайынғы тамақ мәзірінде айран, көже және айранның көк суы, сүзбені міндетті түрде пайдаланады. Дастарқанда малдың ағы болмай тамақ ішпейтін. Қаладағы үйіміз демалыс саябағына жақын болғандықтан, саябақты күніне он шақты мәрте айналып, таңғы және кешкі серуенін сол жерде өткізеді. 90 жасқа жеткенше жаттығу жасауды тоқтатқан емес. Осы жасына дейін дене бітімі керемет сақталды. Иығын тік ұстап, асқақ жүретін, 32 тісі де еш бүлінбей қаз-қалпында сақталды. Өмірінің соңына дейін көзәйнексіз-ақ газет оқып, теледидар көретін. Мұның бәрі дұрыс тамақтанудың арқасы деп білемін. Өйткені ол дүкеннен астық пен секерден өзге тамақ алмайтын. Ал сүтті табиғи түрінен сатып алады. Біздің үйдің дастарқанынан қысы-жазы айран-көже, тары-талқан, өрік-мейіз де үзіл-ген емес. Бала кезімде есімде қалғаны — әжем тары қуырғанды ұнататын. Алдымен бізге шикі тарыны екі-үш рет електен өткізуді тапсырады. Кейін шикі сөгі мен ұсақ шөптерін тазартқызатын. Бұдан соң суға салып 20-30 минут қайнатып, кейін піскен тарыны салқын сумен шайып, көжесінен айыратын. Аз уақыт дегдітіп алып, қайта қуыратын. Сонда «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп айтып отырушы еді. Қазір ол кісі бақилық болғанымен, сол кісінің арқасында ерте тұруды, сауатты тамақтануды үйрендім.

Гүлзада САҒЫНЖАН, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті:

— Біздің университетке таяу орналасқан пәтерді алты қыз 60 мың теңгеге жалдап тұрамыз. Өзімнен кейін іні-сіңлілерім болған соң ата-анама салмақ түсіріп, ақша сұрата бергім келмейді. Шәкіртақымның жартысын пәтерақыға, қалғанын тамағыма жұмсаймын. Шәкіртақы алған күні группаластарыммен түстенуге университет кафесіне барамын. Түстеніп шығу үшін кем дегенде 350-400 теңге жұмсауға тура келеді. Бірінші курста шәкіртақыны үнемді жұмсай алмайтын едім. Енді шәкіртақы түсерде керек-жарағымды қағазға жазып алып, жоспарлап жұмсауға дағдыландым.

Еламан АМАНГЕЛДІ, М. Өтемісов атындағы БҚМУ студенті:

— Ақпараттық жүйе мамандығы бойынша ақылы негізде оқимын. Тұратын пәтерім қаланың шеткі ауданында болғандықтан, таңертеңгілік үйден тамақтанбаймын. Сондықтан түскі үзіліс кезінде университет жанындағы «Уралочка», «7-ая паточка» асханаларына барамын, кейде дүңгіршектен фаст-фуд өнімдерін сатып алып, жүрек жалғаймын. Оқудың ақшасын, пәтер ақысын, ішетін тамағымды есептегенде, қыруар қаржы жұмсалады. Кейде студенттік жолақы енгізілсе, жақсы болар еді деп ойлаймын.

Тайман СҮТТІБАЕВ, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық  университетінің фельдшері:

— Денсаулық саласында 30 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Студенттердің көбінің ас қорыту жүйесінің жұмысы бұзылған. Таңғы ұйқысын қимай, сабаққа тамақ ішпей келеді. Түскі үзіліске шыққанда, ашқарынға майлы, ащы тамақ ішіп, газды сусынға тойып алады. Жас асқазанға қорытатын нәрлі тамақ түспегеннен кейін асқазан түтікшелері эрозияға ұшырайды. Өзіңіз білесіз, гастритті дер кезінде емдемесе, асқазан жарасының пайда болуына әкеледі. Сондай-ақ қыздар қақаған қыста жеңіл-желпі киініп, кейде арықтаймын деп түрлі фито-шайлар ішеді. Бүйректі адам ағзасындағы майлар көтеріп тұрады. Шектен тыс арықтаудың салдарынан бүйрегі төмен түсіп, беті, қол-аяғы, көздің айналасы ісініп, бүйрек жұмысы нашарлайды. Айта кетер тағы бір мәселе, жастар құнарлы тамақтанбаған соң қан аздық дертіне жиі шалдығады. Студенттер тіс ауырғанда ғана өзі таңдаған емханасына барып, ақылы ем алады. Ал басқа ағза мүшелері мазаласа, тұрақты тіркеуде тұрған ауруханаға барып, тегін кеңес алуға, қан талдауын жасатуға, дәрі алуға мүмкіндігі бар.


Ақпанда аттестаттау басталады

Күні: , 52 рет оқылды

ee756a844ca8bae53525fce55cec055d_L


Орал қалалық әкімдігінде өңірімізге іссапармен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет департаменті мониторинг және талдау басқармасының басшысы Нұргүл Жанназарованың қатысуымен «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметкерлері үшін алдағы уақытта өтетін аттестаттаудың негізгі бағыттары туралы семинар өтті. Семинарға  облысымыздағы  мемлекеттік  органдардағы  персоналды  басқару  қызметінің  өкілдері  қатысты.


Шара барысында кешенді аттестаттаудың негізгі мақсаттары, сондай-ақ ережелері мен өткізу тәртіптері  түсіндірілді.

– Елбасының бес институционалдық реформасы аясындағы 100 нақты қадамның 15-қадамында көрсетілгеніндей, «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері биыл аттестаттаудан өтеді. Бүгінгі таңда бұл мәселеге байланысты жарлық, өзге де түрлі ережелер мен нұсқаулықтар шығарылды. Ол құжаттардың бәрі мемлекеттік органдарға жеткізілді. Жалпы, облыстағы әкімшілік қызметшілерге арналған штат саны 4 445 болса, қазіргі кезде нақты жұмыс жасап жатқан қызметшілер саны – 4 125. Соның ішіндегі үш мыңның үстінде әкімшілік мемлекеттік қызметші осы аттестаттаудан өтуге тиісті. Олардың тізімдері жасалып, мұқият тексерілуде. Өйткені кейбір санаттағы мемлекеттік қызметшілер аттестаттаудан босатылуда. Мысалы, зейнет жасына екі жыл қалғандар, бала күтімімен отырған мемлекеттік қызметшілер, жалғызбасты аналар және мемлекеттік қызметке кіргеніне алты ай толмаған қызметшілер аттестаттаудан босатылады. Аттестаттаудан өту мерзімі үш сатыдан тұрады. Бірінші – жеке парақтың толтырылуы, екінші – құзыреттерін бағалау үшін тесттен өту, ал үшінші кезең – аттестаттау комиссиясында әңгімелесуден өту. Кесте бойынша бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың бірінші ақпанында басталып, осы жылдың маусым айының отызына дейін созылады. Комиссия құрамы бес мүшеден тұрады. Оған аттестаттаудан өткен мемлекеттік қызметші мүше бола алады. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері, депутаттар кіргізілуі мүмкін. Жалпы айтқанда, аттестаттау жариялылық қағидаларын сақтауы керек. Біз өкілетті орган ретінде осы мәселелерді жан-жақты қадағалайтын боламыз. Аттестаттау нәтижесінде комиссия төрт түрлі шешім шығарады. Біріншісі – өзінің лауазымына сай және одан әрі жоғарылатуға болады.

Екінші – лауазымына сай. Үшінші – лауазымына сай, бірақ қызметіне байланысты өзін жетілдіру жұмыстарын жүргізуі керек, құзыреті төмендеу. Төртінші – атқаратын қызметіне сай келмейді, жұмыстан босатылуы керек деген баға берілуі мүмкін, — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирболат Нұртазин шара кезінде журналистерге берген сұхбатында.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Облыс әкімі «ҚПО б.в.» басшылығымен кездесті

Күні: , 30 рет оқылды

20170123_111026


Бұл  кездесу-жиында  үш  мәселе  қаралды.  Олар  өңірдің  өндірістік  дамуы,  әлеуметтік  инфрақұрылымдық  жобалардың жай-жапсары  және  Бөрлі ауданындағы  Березов  ауылы  тұрғындарын  көшіру  мәселесі.


Кездесуде сөйлеген облыс басшысы А. Көлгінов: «Өткен жылды өңіріміз өндірістік даму көрсеткіші бойынша жақсы аяқтадық, әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бойынша да бірлескен табысты жұмыстар атқардық. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Бізді биыл да қыруар жұмыс күтіп тұр. Сондықтан жыл басында өздеріңізбен кездесіп, жоспар түзуді ойладық. Ал Березов ауылының тұрғындарын Ақсай қаласына көшіру мәселесі біздің ерекше бақылауымызда тұр, бастаған істі соңына дейін жеткізуіміз қажет. 100 жеке тұрғын үй мен тоғыз қабатты екі үйді пайдалануға беру керек. Сондай-ақ жаңа оқу жылына дейін жаңа мектеп және балабақша мен спорт кешенін тұрғындар игілігіне тапсыру қажет», – деді.

Облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымдық жұмыстарды жоспарлауды  тезірек аяқтап, ерте көктемде жұмысқа кірісуді тапсырды. «Былтыр ерте көктемде бастағанбыз. Соның нәтижесінде жұмыстарды уақытымен аяқтадық. Яғни бізде қалыптасқан тәжірибе бар. Биыл да көктем шыға іске кірісу қажет», — деді облыс әкімі.

Өз кезегінде «ҚПО» басшылығынан Ренато Мароли облыс әкімдігінен үлкен қолдау барын сезінетінін алға тартып, аудан және қала әкімдіктеріне де рақметін жеткізді.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Созылмалы гепатиттің салдары қауіпті

Күні: , 27 рет оқылды

gepatit_14380627572-728x487


Вирусты гепатит – бес түрлі А, В, С, Д, Е вирус қоздырғыштары арқылы бауырдың қабынуы. Халық жалпақ тілмен «сары ауру» деп атайды. Өйткені аурудың ең басты белгісі дененің, көздің ағы мен тілдің сарғаюынан білінеді. Негізінен гепатит әсерінен бауыр зақымдалады, әлсіздік, шаршау, тәбеттің бұзылуы, жүрек айну, оң жақ бүйірдің ауруы, кіші дәрет, нәжіс түстерінің өзгеруі (аппақ болады) байқалады.


А және Е вирустары ластанған тамақ өнімдері мен судан немесе қолды таза ұстамаудан жұғады. В, С және Д гепатиттері қан немесе қан өнімдерін құю, медициналық ем қабылдау кезінде ластанған құралдарды пайдаланудан туындайды. Сақтанбаған жыныстық қатынас арқылы немесе салондар мен шаштараздарда пирсинг, татуаж салдырғанда, тырнақты өңдегенде, құлақты тестіргенде лас құралдардан жұғады.

Вирус адам ағзасына енгеннен кейін аурудың алғашқы клиникалық белгілері гепатиттердің түріне қарай (А, Е) 10-20 немесе  (В, С, Д)  60-180 күнге дейін пайда болады. Дүние жүзінде миллиондаған адамдар арасында кездесетін бауыр циррозы мен обырының таралуына созылмалы парентералды В және С гепатиттері себеп болуда. Созылмалы гепатит салдарынан өлім қаупі 15-50%-ды құрайды. Егер бауыр циррозы пайда болса, В және С гепатиттерінің созылмалы түрінен бес жыл ішінде науқастардың елу пайызы дүние салады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, дамыған елдерде созылмалы В гепатиті ер адамдар өліміне қатысты негізгі он себептің есебіне кіреді.  Созылмалы гепатиттер кездейсоқ жағдайда, басқа аурулар бойынша медициналық көмекке жүгінгенде  немесе диспансерлеу кезінде анықталады. Ағзадағы гепатит вирустарының барын анықтауға қанды иммунологиялық, генетикалық зерттеу әдістері көмектеседі.

Егер гепатит анықталса, не істеу қажет? Біріншіден, дәрігермен кеңесу қажет. Вирусты гепатитті емдеу оңай нәрсе емес. Бірақ гепатитті емдеуге болады, ең бастысы емдеуді уақытында бастау керек. Денсаулыққа баса көңіл бөлу және дәрігермен тығыз байланыста болу қажет.

Вирусты гепатиттермен ауырмас үшін не істеу керек?

— Жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау, тек жеке басты күтуге арналған құралдарды (қырыну станоктары, қайшы) қолдану;

— таза ауыз суын қолдану, көкөністер мен жемістерді жуу;

— күдікті тоғандарда суға түспеу;

— В гепатитіне қарсы екпе алу – міндетті түрде 2 жасқа дейінгі балалар мен қан жұғуы мүмкін орындарда жұмысқа тұратын ересектер;

— медициналық мекемелерде емделген кезде тек бір реттік инелер мен шприцтерді қолдануды, медициналық қызметкерлерден қауіпсіздік техникасын, медициналық құралдарды өңдеу ережелерін мүлтіксіз сақтауды талап етіңіз;

— татуаж, пирсинг, маникюр жасатқанда, құлақ тескен кезде салондағы шеберлерден тек қана бір рет қолданылатын және мұқият өңделген құралдарды қолдануды талап етіңіз және соған көзіңізді жеткізіңіз;

— уақтылы скринингтік тексерістен өтіңіз;

— жыныстық қатынас кезінде мүшеқап қолданыңыз;

— ешқашан да есірткіге жоламаңыз.

Б. КИРЕЕВА,

БҚО тұтынушылардың  құқықтарын қорғау департаменті эпидемиологиялық қадағалау  бөлімінің бас маманы


Айықтырғыштағы «қарбалас» жұмыс уақытынан кейін басталады

Күні: , 50 рет оқылды

Безимени-1


Былтыр жыл соңына таман өткен үкімет отырысының бірінде ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов айықтырғыштардың санын көбейтуді ұсынды. Еліміздің бас полицейінің мәліметіне қарағанда, өткен жылы тұрмыстық жағдайға қатысты ауыр қылмыстың 10 пайызы ішімдік кесірінен орын алған. Мас күйінде жасалған қылмыс саны 13 пайызға артқан.


Жақында біздің өңірдегі ахуалды білмек үшін облыстық наркологиялық диспансерге қарасты уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығының меңгерушісі Қайыржан Халықовқа жолықтық. Оның берген мәліметіне сүйенсек, Орал қаласында аталған орталық елу кереуетпен қамтамасыз етілсе, ал мекеменің былтыр ашылған Ақсай қаласындағы филиалы бір күнде 10 адамды қабылдай алады. Қайыржан Халықов облыс орталығында және басқа аудандарда орталық бөлімшелерін көбейтуге сұраныс жоқ екенін айтты.

Былтыр 11 442 адам облыс бойынша бейімдеу және уытсыздандыру орталықтарының «қонағы» болған. Оның 7591-іне емдеу-айықтыру шарасы жүргізілген. Солардың ішіндегі 533-і – әйел адам. Жат әдетке бой алдырғандардың көбі 25-55 жас шамасында. Осы тұста біздің бейімдеу және уытсыздандыру орталығы деп отырғанымыз, халық арасында, ел аузында «медайықтырғыш», яғни «медвытрезвитель» аталып кеткен мекеме екендігін еске сала кетеміз.

– Бір күнде 20-25 адамды қабылдаймыз. Алдымен арнайы құрылғы арқылы мастыққа бой алдырудың орташа деңгейін анықтап, әбден айыққанша оларды бірнеше сағат бақылауда ұстаймыз. Уытсыздандыру шарасын жүргізіп, есін жиғызғаннан кейін ғана босатамыз. Мұндағы мерзім бір тәулікке шектелген. Ас-ауқат бермейміз. Сондықтан ерте орын босатуға тырысамыз. Ал өте ауыр дәрежеде мас болғандарды ауруханаға жөнелтеміз, – деді орталық меңгерушісі.

Атап өтерлігі, мекемедегі қарбалас жалпы жұмыс уақыты аяқталған соң, яғни іңір түсе басталады екен. Жергілікті полиция қызметкерлерінің мекемеге «сабылатын» уақыты шамамен түнгі сағат 02.00-ге дейін жалғасады. Олар алкогольдік ішімдіктердің кесірінен қоғамдық тәртіпті бұзғандарды ұстап, уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына жеткізеді. Қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі бекіткен кезекші тіркеуге алып, егер қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталса, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 440-бабына сәйкес алғаш ұсталғанға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 11345 теңге айыппұл салынады. Жыл ішінде сорақы әдетін қайталағанға бұл жаза екі еселенеді. Үшінші мәрте тәртіп бұзса, әкімшілік сот арқылы он тәулікке қамауға алынады.

Орталыққа жатқызылғандардың жай-күйін алты дәрігер, бес медбике, бес бақылау санитары назарда ұстайды.

– Ерлерден гөрі әйел затының ағзасы ішімдік уытын ауыр қабылдайды. Әсіресе, баспанасы жоқ қайыршылар мекеме қарауына жиі-жиі түсіп жатады. Жалпы, кері оралатындардың денсаулығы күрт нашарлай түскенін байқаймыз. Кейбірінің бір рөмке арақтың уытын көтере алмай, тез мас болып, тілі күрмеліп, денесін тіктеуге, буынын ұстауға күші жетпей жатады. Алкогольдік өнімдердің зияны шаш-етектен екені қоғамға кеңінен белгілі ғой, – дейді бас медбике Тамара Бекболатова.

Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығында бір ғана оқшаулау бөлмесі бар. Дәрігерлерге қарсылық танытып, әуре-сарсаңға салатындарды сонда қысқа уақытқа жатқызып, тыныштандыруға тура келеді. «Маскүнемдікке бой алдыруға жұмыссыздық әсер етуде деген ойдамын. Бірақ жұмыс уақытынан кейін қоғамдық орындарда демалыс есебінде ащы судан ұрттайтындар арасында да келеңсіз көрініске ұрынатындары көп. Сондай-ақ орталық базардың маңы осындай «думанға» толады. Ішімдікке құмарлардың қатарында қаракөздеріміздің де баршылық екені қынжылтады», – дейді Қайыржан Халықов.

Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, майор Бердібек Төлеуғалиевпен хабарласқанымызда, ол «мүлдем төзбеушілік» қағидатына орай былтыр қоғамдық орындарда 15849 адам мас күйінде ұсталғанын айтты. Солардың 27-сі жасөспірімдер екен. Облыста алкогольдік өнімдерге құмарлардың қатысуымен 1545 қылмыс дерегі тіркелген. Ал ішкі істер құрылымдарында маскүнемдікке бейім 1778 тұрғын есепке алынып, «қара тізімге» ілінген.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығында тіркеуге алынғандар саны

Мерзімі 2014 жыл 2015 жыл 2016 жыл
Қабылданған 12 336 11 432 11 442
Жатқызылған 7631 8030 7591
Айықтырғышқа түскен әйелдер 367 515 533

«ҚАЗАҚСТАН» газетінің түркі халықтарының тағдыры мен тарихына қатысты көзқарасы мен ұстанымы

Күні: , 48 рет оқылды

(Жалғасы. Басы газеттің №6 санында)

16817


«Қазақстан» газетінде тек қазақ ұлтының мәселесі көтеріліп қана қойған жоқ, түбі бір түркі халықтарының тыныс-тіршілігіне, олардың өткені мен бүгініне қатысты материалдар ұдайы жарияланып тұрды. Басылым туыстас елдерде болып жатқан оқиғалардан халықты жиі хабардар етті. Әсіресе, түріктерге қатысы бар әлемдік қақтығыс ошақтарынан мәлімет беріп, соғыстың барысы туралы тұрақты баяндап отырды. Осынау қолға тиген құнды жәдігерліктің тігінділерін түгел оқып, қазіргі әріпке көшірген Қазбек Құттымұратұлының пікіріне ден қойсақ, «аз уақыт ішінде, іркіліп-іркіліп шықса да, «Қазақстан» газеті мерзімді басылым ретінде барынша қалыптасқан, қазіргі «бұқаралық ақпарат құралы» анықтамасының барлық сипаты көрінетін толыққанды газет болғаны байқалады» [16, 14]. Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралының негізгі тақырыбының бірі халықаралық жаңалықтар десек, аталған басылым бұл талапты сол дәуірдің өзінде қанағаттандыра білген.


«Қазақстан» түркі халықтары өміріндегі кез келген жаңалық-өзгерістерге үнемі назар аударды. Әсіресе, газетке қолұшын берген бауырлас елдердің өкілдеріне деген құрметі шексіз болды. Басылымда олардың аттары аталып, шынайы көңілден шыққан ризашылық сезімдер сол азаматтарға арналды. Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин Бакуге арнайы барып, алпауыт Зейнелғабиден Тағиевке жолығып, демеушілік қаражат алып қайтқанын жоғарыда айттық. «Қазақстан» газеті бұл қамқорлықты ұмытпай, сөз реті келгенде оқырманның есіне салып қоюды дағдыға айналдырды. Газеттің 1911 жылғы 27 мамырда шыққан №2 санында жарияланған «Хұрматлу оқушыларымызға» деген редакциялық мақалада былай делінеді: «Қазақстанның» екінші нөмірі кешігіп шықты. Шығарушылардың не халде болғаны бір Аллаға, екінші өздеріне аян. Қайғылы күндердің, ұйқысыз түндердің талайын бастан кешті, алдарында да тар жерлер, тайғақ кешулер жатыр. Алла саламатшылық берсе, мәшһүр генерал Зайнал Ғабиден Тақиуф жанаблары ейкден бір көтеріп жіберді, яғни бір мың сом газетіміз пайдасына жәрдем етті. Бұл кісі – орыс, мұсылманға ортақ кісі, «бір патшалықта тұрған адам, «сен орыс» деп, «сен қазақ» деп, «сен ноғай» деп, бірін-бірі жат көрмеске керек» деген пікірдегі кісі» [17, 93].

Газетті шығарушылардың бірі Ғұмар Қараш «Бұл қай заман?» деген мақаласында өз халқын өнері іргеленген өзге жұрттардан үлгі алуға шақырады. Жас ұрпақты білім үйренуге, жылт еткен жаңалыққа талғампаздықпен қарауға үндейді. Мақсатқа жету үшін тынбай еңбек ету қажеттігін алға тартады. Ел ішінде ашылып жатқан мектептерді тиімді пайдалану керектігін айтады. Оның осы мақаласындағы: «Бұл түріктің күресінде жығылмау үшін ғылым керек, өнер керек. Қара күш пайда беретін заман артымызда қалды. Қазір түрлі мәшине тетікпен іс ететін заман, суда жүзіп, көкте ұшқан заман, алысты жуық, ауырды жеңіл еткен заман. Осы айтылған себептер үшін біз қазақ халқы да балаларымызды заманға муафық тәрбиелеп, келешекте замандастарымен бір арбаға жегілгенде парға шыдарлық кісі етуге жиһад еңбек керек» [18, 55], – деген тұжырымды өзге түркі халықтарына да берілген бағыт-бағдар деп ұғынған жөн.

Газет бауырлас түрік халқына қатысы бар жанжал ошақтарынан үнемі хабар беріп, халықты құлақтандырып отырады. Халықаралық жаңалықтарды ұсынған кезде де «түрік» деген атау кездесетін тұстарға айрықша мән береді. Мәселен, басылымның 1911 жылғы 15 қарашадағы №1 санындағы хабарлардағы «бұл күндегі хиалына қарағанда көрші түрік бітіседі», «түрік менен ғараблар 650 жыл керуен білан азық айғанлар», «түрік және ғараб әскерлері», «өткен мизан ішінде түріклерменен соғыса бастап еді», «түріклер италиандардың ойлаған жерінен шықпады», «Триполи ғараблары һәм түрік ғаскері қызуланып, жер үшін, ел үшін, сұлтан тахыты үшін, мұсылмандық үшін қанын төгіп, жанын беріп, бұл күнге шейін италианға жеңдіртпей тұр», «мүмін малын залым жемесін» дейтұғын патшалықтар түріклерінің тілегінде, о да болса оларға жәрдем дағы» [19, 58-59], – деген тіркестер осы-ны айғақтайды. Түрік халқының тағдырына жанашырлық білдіріп, жеңісіне қуанып, жеңілісіне күйіну сезімі мұндай хабарлардан жиі байқалады.

1911 жылғы 1 желтоқсанда жарияланған «Дүниа соғысы» деген хабарда «Дүниада зор соғыс болып, италиандардан екі жүздеп кісі өлген һәм көп құралдар һәм басқа нәрселер түріктің қолында қалған» [20, 72], – делінеді. Бұл хабардың ақпараттық сипаты басым болса, «Түркие – Италиа соғысы» деген тағы бір хабарламада сараптаманың белгілері байқалады. Қай әскердің қандай әрекет жасап жатқанына, қайсысының әлдірек, қайсысының әлсіз екеніне, соғыс тактикасының ерекшеліктеріне талдау жасалады. Қысқа жазылғанымен, қазіргі хабар жанрының талаптарының шеңберінен шығып, талдамалы дүниенің сипатына ойысып кетеді. Сондықтан бұл хабардан біз мынадай мәлімет аламыз: «Бенғазыда түрік ғаскері италиандарға ұжымдық қылып, көп зарарға ұшыратыпты. Траблас жанында һәр уақыт уақ-түйек соғыс болып тұрады білемін. Италиан ғаскерлері түріктің ішіне кіре бастаған, түрік ғаскері артық тырысып, қарсы тұрмайтын көрінеді. Оның үшін италиандардың бүйтіп ішке кіруі түріктер үшін пайдалы көрінеді» [21, 86].

Одан әрі түріктердің Италиадан қолға түскен әскерлерін ауыстыруды сұрағаны, түріктердің қолында 150 италиан әскері, ал олардың қолында 36 түрік жауынгері тұтқында отырғаны жөнінде мәлімет беріледі. Басылым соғыста жараланған түріктер мен арабтарға арнап қаржы аударып жатқан жандарды да назарға алады. 1912 жылғы 19 қаңтарда жарияланған шағын хабарда Лондонда мұсылмандар арасында Түркияның пайдасына қаржылай көмек беріліп жатқаны, ол жәрдем Триполитанда жараланған түріктер мен арабтарды емдеуге жұмсалатыны, Үндістан істері жөніндегі кеңестің мүшесі Ага ханның төрт мың сом ақша бөлгені туралы айтылады [22, 128].

Түркия мен Италияның соғысына арналған келесі мақала да сараптама үлгісінде жазылған. Онда қақтығысып жатқан халықтардың қайсысы қандай мүдде көздейтіні, бастарындағы ахуалға орай құрып отырған жоспар-жобалары жөнінде талдау жасалады. Бұл талдау түрік жұртының жиырмасыншы ғасырдың басындағы тарихы туралы нақты мәлімет бергендігімен құнды: «Хазірде Италиа Түркиенің Триполи деген жерін алып тұр. Осы жерді алып қана артық расходқа батпай тұра қалғысы келіп, Италиа Түркиемен татуласқысы келеді. Түрік жерін беріп татуласқысы келмейді. Жаңадан Мәрмәр деңізіменен Ақ деңізді тұтастырып тұрған Дарданел деген тымақты өтіп, Стамбұлға келмекші болып, италиандар түріктермен біраз атысқан соң кейін шегінді. Содан соң қайтып көрінген жоқ. Бұндағы Италианың мақсұты Түрікті қорқытып бітімге айдау деп сөйлейді. Су үстіндегі һәр патшалықтың сауда кемелері тоқтап тұр» [23, 244].

«Қазақстан» газетінде сол тұста жарияланған материалдар бүгінгі түрік тарихына қатысты құнды деректерге айналып отыр. Қазақтың басылымында түріктің жиырмасыншы ғасыр басындағы әскери іс-қимылдарының шежіресі түзілген. Мәселен, түріктердің италиялықтармен ара қатынасының әбден ушығуына байланысты осы елдің бір мүйісінде тұратын италиялықтарды қоныс аудартуға шешім қабылданған. Ол хабарламада «Түркиенің Айдын деген уалайатындағы Исмирна деген үлкен қалада көптен мекендеп отырған бір талай италиандар бар екен. Соларды түріктер жетім-жесірден басқаларын қуып, өз жерлеріне жіберіп жатыр» [24, 260], – деп баяндалады.

«Қазақстан» осы шешімнің өзінен түрік ұлтының гуманизмі жөнінде мағлұмат береді. Түріктердің Дарданелді ашып, патшалықтардың тоқтап тұрған кемелерінің арлы-берлі өте бастағаны [25, 260], Ақ теңіздегі Радос деген аралдағы кезекті ұрыста түріктердің италиялықтарды жеңіп, мың кісіні қолған түсіргені [26, 261], өздерінің есебін аламын дегенге көнбей, түріктерге қарсы шапқан жүздеген албанның оққа ұшқаны, көбісінің тұтқынға түскені [27, 261] туралы ақпараттар бүгінгі түрік тарихшыларының қызығушылықтарын туғызатыны даусыз.

«Қазақстанның» хабар түріндегі мақалаларында түрік соғысының тарихы терең талданады. Оған түрткі болған себеп-салдарлар атап өтіледі, қақтығыстың мақсаты анық көрсетіледі, ұрыстың алдағы іс-қимылдарына болжам жасалады. Басылымда бір оқиғаны білдіретін бір тектес хабарлар арнайы топтастырылады. Мысалы, 1913 жылғы 27 қаңтарда жарияланған «Соғыс» деген мақалада алдымен мәселенің жай-жапсары баяндалып, хабарлама соңында осыған байланысты Венадан, Стамбұлдан, Софиядан, Лондоннан алынған мәліметтер тіркеледі [28, 277].

Сол деректерге сүйенсек, Балқан түбегін мекендейтін Черногория, Болгария, Сербия, Грекия төртеуі бірігіп, түріктермен соғысады. Түріктер күштің тең емесін байқап, соғысты уақытша тоқтатып, бітімге келуге мұрсат сұрайды. Бұдан соң соғысушы патшалықтар Лондонда бас қосып, өз талаптарын ортаға салады. Төрт патшалық Адринаполды сұрап, қолқа салады. Түріктер келіспейді. Сол кезде олар аралық шешім ретінде Адринаполды Болгарияға беріп, бітімге келуді талап етеді. Түріктер кеңесуге кетеді.

Бұл шағын мақала осы мезгілдегі қалыптасқан жағдайды талдап-таразылауға арналған. Қосымша тіркелген «Вена. Ыстамбұлдан алынған хабарға қарағанда түрік министрлері өзді-өзі кеңесіп, сұлтан риза болса бітіреміз деп, араға кірген патшалықтардың мәслихатын қабыл етіп, бітуді мақұл көріскен», «Ыстамбұл. Сұлтан үйішімен мәслихаттасқанда аға-інілері бітімді мәслихат көрген. Жақын арада сұлтан сарайына барлық бас адамдарын жинап алып, қайтадан соғысарға ма, бітерге ме, сөйлеспекші, сұлтанның бас уәзірі Кемал паша түріктің соғысуға халі қанша, халыққа мағлұм етпекші», «Софиа. (Бұлғарлардың бас қаласы). Бұлғар әскері хәзір жеті жүз елу мың (750 000) кісіге толған. Соғыс басталған уақытта онан да аз еді. Әскері соғысқа бек әзірленулі», «Лондон. (Ағылшынның патшаһы тұратын қаласы). Адринаполдан жұма шыққан деген хабар бар» деген ақпараттар қазақ басылымының түріктердің басына түскен ахуалға айрықша мән бергенін аңғартады.

Газет осынау ел назарындағы халықаралық оқиғаның даму барысын одан әрі қадағалап отырады. «Бітім хақында мәслихат» деген мақалада [29, 278] сұлтанның Ыстамбұлдағы «Далмабақша» деген үйінде уәзір Кемал Пашаның төрағалығымен арнайы жиын өткені, онда соғыс министрі Назым пашаның қазіргі ахуалды баян еткені айтылады. Бұл ақпараттан түрік халқына қатысты қақтығыстың барысы ғана емес, түрік елі басшылығының басқосу өткізу тәртібі, жиынды жүргізудің, лауазымды тұлғаларды өз деңгейіне лайықтап жайғастыру реті жөнінде де мағлұмат аламыз. Ал мұнан соң іле-шала жарық көрген «Стамбұлдан уақиға шыққан» деген хабарламадан бітімді көздеген жиыннан соңғы жағдай тіпті ушығып кеткенін аңғарамыз: «Түріктің бірқатары 9-інші дәлуде «Далмабақша» деген сұлтанның бір сарайында болған бітім хақындағы мәжіліске риза болмаған көрінеді. Бұлар жиналып, Назым паша деген соғыс министрін өлтірген. Мұнан соң Әнуарбек деген бұлардың бір басшысы сұлтанның бас уәзірі Кемал пашаға келіп, қазір атставка беріп қал деген. Кемал паша бір ауыз сөз қайтармай, атставка берген де қалған» [30, 278].

Бұдан әрі түрік үкіметі басшылығындағы бірқатар адамдардың ауысқаны, олар бітімді теріс көрмесе де, Адринаполды беруге риза еместігі баяндалады. Газет осыған орай: «Түрік әлі жауап қайырған жоқ, қайтадан шайқас болатыны, яки бітім болатыны әлі белгісіз» деп халықаралық ахуал туралы нақты мәлімет бере отырып, «Түрік халі жақсы емес көрінеді. Қазір өзді-өзі жауласып жатыр деген хабар бар» деп ағайын жұрттың жағдайына алаңдаушылық білдіреді. Оқиғаның одан әрі өрістеуі бітімге қол жетпегенін көрсетеді. Осыған орай басылым: «Түрік бітіреміз деп араға кірген патшаһлықтарға екі ұшты жауап берді. Отказ де емес, емес те емес. … Мынау жауласып тұрған төрт патшаһлық бұған риза болады. Сонымен 21-інші дәлуде соғыс қайтадан басталды. Не болары әзір белгісіз» [31, 282], – деп хабарлайды.

Бұдан соң да тартыстың ошағына айналған Адринаполдың ахуалы, ондағы халықтың жағдайы, қалған азық-түлік қорының жайы, ұрыста қарудың қандай түрлері қолданылып жатқаны туралы үнемі құлақтандырылып тұрады. Сонымен қатар «Клиболи соғысы» деген хабарламадағы «Клиболи деген аралдағы соғыста түріктердің хабары бойынша түріктер жеңген, бұлғарлардың хабары бойынша бұлғарлар жеңген» [32, 295], – деген екіұшты мәлімет оқырманның өз бетінше ой қорытуына жетелейді.

«Қазақстан» газеті Қара теңізге құятын Дунай өзені жағасын мекендеген халықтар арасында тағы бір қақтығыс ошағы туындап келе жатқанын еске салады. «Қан төгілмегенін тәуір көріп, патшалықтар бұларды келістірер деген үміт бар, егер келісім болмаса, тағы бір жаңа соғыс болуға қалып тұр» [33, 299], – деп, мәселенің бейбіт шешілуіне тілеулестік білдіреді.

Бұл кезеңде газет түркі дүниесі әлеміндегі тарихи жәдігерліктер, мәдени құндылықтар туралы мақалалар жариялап тұрды. Бакуде осы елдің мұсылмандары арасынан шыққан тұңғыш драматург Фатиғ Ғали Ахундовтың туғанына 100 жыл толуына орай ауқымды мереке ұйымдастырылғаны, бұл мейрамның Тағиев театрында өткені туралы хабарлама – соның айғағы [34, 75]. Басылым мұндай дүниелерді жариялау арқылы қазақ халқын түркі әлемінің тарихынан, түркі тілдес халықтардың тағдыр-талайынан хабардар етуді мақсат тұтқан.

Мәдениет пен тәрбиеге үндейтін жарияланымның бірі – Ғұмар Қараштың «Бакуде қыздар медресесі» деген мақаласы. Бұл – оның Елеусін Бұйрин екеуінің Әзербайжан астанасына генерал Тағиевке жолығу үшін барған сапарынан жазған дүниесі. Осы оқу орнын Тағиев өзі салдырған көрінеді. Автор қыздар медресесін аралап көргенін, тіпті олардың сабақтарына қатысып, бірнешеуімен тілдескенін, олардың дін іліміне қоса сол кездегі заманауи ілімдерді де жан-жақты игеріп жатқанын айтады [35, 178]. Осы арқылы бауырлас халықтарға жақсы бастаманы дәріптеп, жаңалыққа жетелеу мақсатын көздейді. Сонымен қатар ол өзгелерге де өнеге болсын дегендей, бұл мақаланың орысша нұсқасын да газетке жариялаған.

Газет шығаруды ұлттың санасын ілгерілету үшін ең пайдалы нәрсе деп санаған азаматтар бұл тақырыпқа үнемі оралып соғып отырады. Сол кезеңде қазақ басылымының қадамдарын өзге елдердің газет шығару тәжірибесімен салыстыру негізгі үрдіс болған секілді. Мысалы, «Газет пайдасы» деген мақаладағы: «Өнерлі халықтардан біздің казиттер 200 жылдан артық соң басталды. Біз соң өсіп-өніп келе жатқан халықпыз. Пайдалы істі кеш бастасақ та қайырлы болар» [36, 181], – деген пікір осыны аңғартады. Сондай-ақ Ғабдулла Көпжасаров деген автор басқару алқасына жазған хатында былай дейді: «Орыс тілінде 500-дей казит бар. Дін қардашымыз ноғай тілінде 20-дан артығырақ казит бар. Осы казиттердің бәрі де халықтың жәрдемінен тұр. Һәрбір тілі бар, діні бар халықтың өзі тілінде кітабы, өз тілінде казиті болуға керек. Әгар болмаса, ол тіл менен дін өспейді, өшеді. Бізде бұ кітап, казит деген заттар бұрын жоқ еді. Бір-екі казит жаңадан Хұдай оңдап бола қалып еді. Енді бұлардан оқушыларымыз болғай, осындай көп халық болып бір-екі казитті ұстап тұра алмай, айрылып қалсақ, барлық қазаққа үлкен ар-намыс емес пе?» [37, 201], – деп ноғай, татар бауырлардың ұйымшылдығын үлгі етеді.

Сол кездегі авторлардың қай-қайсысы да газетті ұстап тұруды, оны тұрақты шығаруды, түрлі себеппен жауып алмауды ел болудың, бірлік-берекенің көрінісі ретінде қарастырады. Әсіресе, «дін қардашымыз – ноғай» тілінде де бірнеше халықтарының осындай титтей жаңалығы мен жақсылығын сөз арасында тілге тиек етіп, насихаттап отыру үрдісі басылымның көптеген мақаласынан байқалды.

Газеттің 1912 жылғы 7 сәуірдегі санында жарық көрген «Тіленшілік тыюлы» деген мақала еріксіз назарыңды аударады. Қай заманда да, қай елде де қайыршылықтың орын алып келе жатқаны белгілі. Солай бола тұрса да бір кезде Түркия елі тіленшілікті тыю жөнінде қарар қабылдапты. Шағын хабардан бұл істің Стамбұлда басталып жатқаны, олардың қатарын азайту үшін қамқорлыққа алу, тәрбиелеу жолын ұстану қажеттігі, тіленшілердің қайыр сұрамауына кепіл болу талабы жөнінде баяндалады [38, 223-224].

Басылымда тегі бір туыс халықтар өкілдерінің қазаққа қатысты мәселелерді көтерген мақалаларына да кеңінен орын берілген. Мұндай хаттарда көбінесе білім және мәдениет шаралары қамтылады. Астрахан губерниясындағы қырғыз Таловкасының тұрғыны Әмина ханым бит Мұхамедшакир Алмаеваның «Қазақ қардашларымыз» деген хат түріндегі құлаққағыс мақаласында сол жерді мекендейтін қазақтардың білім алу жайы сөз болады. Автор олардың оқуға тәуір, ілім-білімге зерек екендігін айтып, жаңа оқытушы тауып, балаларды білімге үйрету ісін жолға қою қажеттігін сұрайды [39, 242-243]. Бұдан біз бір-біріне жаны ашитын бауырластықтың сипатын аңғарамыз.

Туыстардың жақсылығының жаршысы болуға келгенде қазақ жағы да аянып қалмайды. Осы нөмірде басылым Томск қаласында ноғай тілінде «Сибирия» деген газет шыққанын, әзірге аптасына бір рет басылып тұрғанын, жақын арада екі рет шығару ойластырылып отырғанын, алдағы уақытта оқырманы көбейсе, жұмасына төрт рет шығару ниеті бар екенін қуана хабарлаған [40, 243]. Хабарлап қана қоймай, газеттің бір айға, үш айға, алты айға және бір жылға жазылу бағасын, мекенжайын еске салып, жаңа басылымды жарнамалайды. Сонымен қатар газет игілікті шараларды қолдап, қол-ұшын берген түркі халықтарының мәрт мінезді азаматтарын көпке үлгі етеді. Мысалы, бакулік алпауыт Мұса Нағиевтің ауру бағатын үй салу үшін 300 000 (үш жүз мың) қаржы бергенін, «бұл орынның жартысы мұсылман арасындағы науқастарға арналсын» деп шарт қойғанын» [41, 297] хабарлайды.

Басылым түркі тектес халықтардың ұрпақтары қиыншылықты бастан кешіп жүргенін көрсе, олардың мұң-мұқтажын жоқтап, жарияға жар салып отырды. Бұл халықтардың бұрынғы тағдырына терең бойлап, тарихтан мысалдар келтіріп, қазіргі күйге қалай түскеніне талдау жасап, жанашырлық танытты. Сондай-ақ кейбір өнегесі көп бауырластарымыздың тұрпайылау қылықтарын сынап-мінеу үрдісі де анық байқалды. Бұл тұрғыдан алғанда да олардың тәлімді тарихын еске салу газеттің бұлжымас дағдысына айналды. «Қазақстанда» басылған «Біздің туысқандарымыз» [42, 262], «Татар хатунларының ғұрыф уа ғадеті» [43, 263] деген мақалаларды осындай жарияланымдардың қатарына жатқызамыз.

Түркілердің тарихына үңіліп, тағдырына алаңдаған дүние ретінде 1912 жылғы 31 мамырда шыққан «Көшпенділердің қырылуы» («Вымирание кочевников») деген мақаланы атауға болады. «Б.В.» деп қол қойған автор орыс тілінде жазылған мақаласында «Солтүстік Кавказ көшпенділері – қалмақтар, ноғайлар және қара ноғайлар жыл өткен сайын құрып кетіп барады. Енді бір 20-30 жылдан соң осы моңғол тайпаларының ізі де қалмайтын шығар» [44, 265], – деп дабыл қағады. Мақала авторы көшпенділер тарихына тоқталып, олардың ұрпақтары он тоғызыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында өсіп-өркендегенін, арасынан ірі алпауыттар шыққанын айтады. Қазір солардың қатары түрлі аурулар мен қоғамдық кеселдердің салдарынан күрт азайып келе жатқанына тоқталады. Бір кездегі әлемге үстемдігін танытқан көшпенділердің тарих сахнасынан ығысып бара жатқанына қиналады.

1913 жылғы 16 ақпанда жарияланған «Бұхар ғалымы Хайыр» деген орыс тіліндегі мақала елге ой салатын тәмсілді баяндауға арналған. Хайыр деген бұқарлық ғалым медресе бітіріп келген жалғыз ұлы Әлиге: «Білімді адам деп кімді атаймыз?», – деп сұрақ қойыпты. Әли: «Әрине, орта және жоғары оқу орындарында білім алғандарды атаймыз», – деп ойланбастан жауап беріпті. Сонда әкесі: «Олар тек мамандығы бойынша ғана білімді адамдар, ал мен білімді адам деп өмірге дұрыс көзқарас қалыптастырған адамды айтамын» [45, 303], – депті. Содан олар Хайырдың рұқсаты бойынша, әке мен бала емес, ғалым мен ғалым болып пікірталасқа түседі. Ақыр соңында екеуі халық даналығына сүйеніп, бір тоқтамға келді. Газет мұндай материалдарды ұсыну арқылы түркі халықтарына ортақ рухани құндылықтарды санаға сіңіреді, бауырлас халықтардың тарихи аңыз әңгімелеріне қанықтырады, жас ұрпақты бабалар дәстүрінен тәлім алуға баулиды.

Сонымен, «Қазақстан» газетіндегі түркі халықтары тақырыбына орай жарияланған мақалаларды саралай келе мынадай қорытындылар жасауға болады.

Біріншіден, басылымның мақалалары азаттық аңсаған халықтың ой-арманымен, тәуелсіздік талаптарымен берік үндеседі. Сол тұрғыдан газет ұлт тағдырын өзге түркі тілдес халықтардың тағдырымен салыстыра қарастырады.

Екіншіден, газетті шығарушылар түркі тілдес халықтардың бір кездегі ортақ тарихын елдің есіне салып, тамырластық пен тағдырластық мәселесін тақырыпқа үнемі арқау етіп отырған.

Үшіншіден, басылым түркі халықтарының тағдырына жаны ашып, жетістігіне қуанып, кем-кетігіне күйзеліп, олардың өміріндегі үлкенді-кішілі оқиғаларға көзқарасын білдіріп тұрған.

Төртіншіден, газет түркі дүниесінен шыққан танымал азаматтарды көпке ортақ тұлға ретінде насихаттап, елге пайдалы істерін үлгі етуді үрдіске айналдырған.

Бесіншіден, басылым бауырлас халықтардың елден ерек өнері туралы барша жұртқа қуана хабарлап, басқаларды олардан үйренуге шақырған.

Қорыта айтқанда, жиырмасыншы ғасырдың басында бүгінгі мемлекетіміздің атын иеленіп, жақсы ниет танытқан «Қазақстан» газетін тәуелсіздікті аңсаған идеялары арқылы қазіргі жеткен биігімізге жол бастап, тұғырлы ел атануымызға тілеулес болған басылым дей аламыз.

Бауыржан ОМАРОВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Пайдаланылған әдебиеттер:

Құттымұратұлы Қ. Ғасырлар бойы сөнбейтін жалынды сөз // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.

  1. Хұрматлу оқушыларымызға. «Қазақстан», 27 мамыр 1911 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.

18 Қараш Ғ. Бұл қай заман? «Қазақстан», 15 қараша 1911 ж. . // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.

  1. Хабарлар. «Қазақстан», 15 қараша 1911 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  2. Хабарлар. Дүниа соғысы. «Қазақстан», 1 желтоқсан 1911 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  3. Түркие – Италиа соғысы. «Қазақстан», 15 желтоқсан 1911 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  4. Турция. «Қазақстан», 19 января 1912 г. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  5. Түркие – Италиа соғысы. «Қазақстан», 24 сәуір 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  6. Түркие – Италиа соғысы. «Қазақстан», 31 мамыр 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  7. Дарданел. «Қазақстан», 31 мамыр 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  8. Радостағы соғыс. «Қазақстан», 31 мамыр 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  9. Албаниадан. «Қазақстан», 31 мамыр 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  10. Соғыс. «Қазақстан», 27 қаңтар 1913 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  11. Бітім хақында мәслихат. «Қазақстан», 27 қаңтар 1913 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  12. Стамбұлда уақиға шыққан. «Қазақстан», 27 қаңтар 1913 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  13. Соғыс басталды. «Қазақстан», 27 қаңтар 1913 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  14. Клиболи соғысы. «Қазақстан», 16 ақпан 1913 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  15. Қысқа хабарлар. «Қазақстан», 16 ақпан 1913 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  16. Бірінші татар-түрік драматургі Фатиғ Ғали Ахундов байрамы. Түркие – Италиа соғысы. «Қазақстан», 15 желтоқсан 1911 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  17. Қараш Ғ. Бакуде қыздар медресесі. «Қазақстан», 6 наурыз 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  18. Арғын (Тәбиб). Газет пайдасы. «Қазақстан», 6 наурыз 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  19. Көпжасаров Ғ. Хұрмәтлу басқарушы. «Қазақстан», 6 наурыз 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  20. Еділ. Тіленшілік тыюлы. «Қазақстан», 7 сәуір 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  21. Алмаева Ә. Қазақ қардашларымыз. «Қазақстан», 24 сәуір 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  22. Жаңа газет. «Қазақстан», 24 сәуір 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  23. Хабарлар. «Қазақстан», 16 ақпан 1913 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  24. Ахметшах Ғ. Біздің туысқандарымыз. «Қазақстан», 31 мамыр 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  25. Билеева Х., Сағидова Ф. Татар хатунларының ғұрыф уа ғадеті. «Қазақстан», 31 мамыр 1912 ж. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  26. Б.В. Вымирание кочевников. «Қазақстан», 31 мая 1912 г. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.
  27. Бухарский ученый Хаир. «Қазақстан», 16 февраля 1913 г. // Қазақстан. Орал, 2012. – 400 бет.

Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі басталды

Күні: , 25 рет оқылды

Нұрсұлтан  Назарбаев  Астана  процесінің қатысушыларына  үндеу  жолдады

3f781bcbdaf25a5e1a632a08c3a6fc22_L


Оны еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берді. Президент Сириядағы күрделі ахуал бүкіләлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударып отырғанын тілге тиек еткен. «Қазақстан Сирия ахуалын шешудің жалғыз дұрыс жолы өзара сенім мен түсіністікке негізделген келіссөздер болуы тиіс деп санайды. Бүгінгі басқосуды өткізу орны ретінде еліміздің таңдалып алынуы да тосыннан емес. 2015 жылы Астанада жекелеген сириялық оппозициялық топтар арасындағы келіссөздердің екі раунды өтті. Біз сириялық босқындардың бейнетін жеңілдету үшін 700 мың доллардан астам қаржы бөлдік, таяуда азық-түлік түріндегі 500 тонна гуманитарлық жүк жөнелттік. Астанадағы кездесу барлық мүдделі тараптардың Сириядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату ісіне лайықты үлес қосатындығына сенім білдіремін», – делінген үндеуде. – Шамамен 6 жыл бойы жалғасып жатқан қантөгіс түрлі өркениет пен мәдениет тоғысқан өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмеді. Бейбітшілікті насихаттайтын қазақ елі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытады, – деді ҚР Сыртқы істер министрі  Қайрат  Әбдірахманов.


*    *    *

Әлемнің  25  елінен  келген  400-ге  жуық  журналиске  бұл  кездесудің  алғашқы  сәттері   баспасөз  орталығынан көрсетілді.

Шара жабық есік жағдайында өтуде. Айта кеткен жөн, ауқымды шараға қатысу үшін Түркия, Ресей, Иран Ислам Республикасынан делегаттар келді. Сирия үкімет мүшелері мен 15 оппозициялық тобының өкілдері де елордаға табан тіреді. Сондай-ақ БҰҰ-ның Сирия мәселелері бойынша арнайы елшісі Стаффан де Мистура да шараға қатысады. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Кариннің пікірінше, бүгінгі басқосуда қандай да бір келісімдер орнауына аз да болса үміт бар. Себебі бүгінгі басқосуға Сирия оппозициясының белсенді топтарының өкілдері қатысады. Сондай-ақ Ерлан Карин Астана процесінің Женева процесінен айырмашылығы қандай екенін тәптіштеп айтып берді. – Кейбір бақылаушылар соңғы уақытқа дейін бұл келіссөздердің қаншалықты тиімді не тиімсіз болатынын айтып келді. Себебі кейбір топтың өкілдері келмей қалуы мүмкін. Мысалы, «Ахрар Аль-Шам» немесе «Оңтүстік майдан» деген ірі-ірі топтар бар. Бұлардың құрамында 15 мыңнан 25 мыңға дейін әскер соғысып жүр. «Ахрар Аль-Шамның» өкілі қатыспағанымен, «Ахрар Аль-Шам» коалициясына кіріп отырған басқа бір топтың өкілі қатысып отыр. Сондықтан жанама түрде бұл топты қатысып отыр деп айтуға болады. «Оңтүстік майдан» тобының өкілі де келгені соңғы уақытта расталды. Яғни негізгі деген бірқатар топтардың өкілдері бар. Женева процесі мен Астана процесінің айырмашылығы неде? Ол жақтағы мәселенің күн тәртібі бөлек, Астана процесіндегі келіссөздердің күн тәртібі бөлек. Егер Женевада келіссөзге қатысушы негізгі жақтар ең негізгі саяси мәселелерді талқыласа, Астана процесіндегі негізгі мәселе – осы топтардың орналасқан территорияларында оқ атуды тоқтату. Айта кеткен жөн, еліміз бұл келіссөздерге қатыспайды. Тек өткір мәселені талқылайтын алаң ұсынып отыр, – дейді Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Карин.

www.24.kz


Әлемдік дода алдында

Күні: , 26 рет оқылды

хоккей с мячом


Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» «Стеновик» стадионында Екатеринбургтың «СКА-Свердловск» командасын қабылдады.


Сенбі күнгі ойынның 14-минутында оралдық Петр Грибанов есеп ашса, екінші таймда ресейлік легионер Сергей Гаврилов басымдықты 2:0-ге жеткізді. Бұдан кейін қонақтардың капитаны Сергей Алексейкин есепті қысқартқанымен, «Ақжайықтың» сұрмергені Сергей Башаев екі голдың авторы атанды. Меймандардың (Евгений Быков) ойын  соңына таман есепті қысқартуға ғана шамасы келді.

Жексенбі күнгі матч та тартысты өтіп, 8:7 есебімен айдын иелерінің пайдасына шешілді. Мұнда «Ақжайықтан» С. Башаев қарсыластың қақпасына бес гол енгізсе, Максим Өтебалиев, Павел Чебаков, Евгений Суковин бір-бірден көзге түсті.

Ресейлік маман Владимир Кожевников жаттықтыратын оралдықтар келесі кездесулерін 8-9 ақпанда Қазанда жергілікті «Динамо-Қазан-2» командасымен өткізеді.

Қазіргі таңда екінші топта бұрынғыша «Маяк» (Краснотурьинск) командасы 40 ұпаймен көш басында тұрса, «Ақжайық» 34 ұпаймен екінші, қоржынында 30 ұпайы бар «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) үшінші орында келеді. Алайда «Знамя-Удмуртия» командасының үш ойыны кем. Төртінші сатыдағы «Локомотивтің» (Орынбор) 25 ұпайы бар.

Швецияның Сандвикен қаласында 29 қаңтар — 5 ақпан аралығында допты хоккейден өтетін ХХХVІІ әлем чемпионаты өтуіне байланысты «Ақжайық» та аз-кем тыныс алмақшы. Бір қуанарлығы, Қазақстан ұлттық құрамасына оралдық команда капитаны, шабуылшы Максим Өтебалиев алғаш рет шақырту алып отыр.

«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, Максим биылғы маусымда өте жақсы өнер көрсетіп жүр әрі команда мергендерінің бірі.

Қазақстан құрамасы сапында сондай-ақ Орал допты хоккейінің түлектері, қақпашы Ілияс Хайрекешев, қазіргі кезде басқа елдердің клубтарында ойнап жүрген жартылай қорғаушы Леонид Бедарев (Швеция, «Каликс»), шабуылшылар

Рауан Исалиев (Ресей, «Сибсельмаш») пен Ескендір Нұғманов (Норвегия, «Хёвик») ел намысын қорғамақ. Бұдан бұрын Саратовтың «Универсалында» ойнаған І. Хайрекешев аталмыш клуб тарап кеткеннен кейін командасыз қалды, ол Оралда жаттығуда.

Бұған дейін алты мәрте әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған қазақстандықтарды бұрынғыша Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Никишов бастаған мамандар баптайды.

«Соңғы кезде Қазақстан құрамасы едәуір жаңарды. Мысалы, Ресейдің «Водник» командасынан (Архангельск) бес бірдей жаңа ойыншы алынды. Өткен жылдан бері құраманы барынша дайындау үстіндеміз. Бұрыннан ойнап келе жатқан тісқаққан бенди шеберлері де жоқ емес. Мақсат біреу – жүлделі орындар үшін барымызды салу», — деді газет тілшісіне құраманың аға бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері әрі жаттықтырушысы Марат Маңғубаев.

Айта кетейік, биылғы әлемдік додада қазақстандықтар беташар матчын 30 қаңтар күні алтын жүлдеден басты үміткердің бірі Ресейқұрамасымен өткізеді. Содан кейін 31 қаңтарда өз айдынында чемпиондық атақты жеңіп алуға тырысатын Швециямен, 1 ақпан күні Финляндия хоккейшілерімен күш сынасады. Сосын плей-офф ойындары басталады.

Бұдан бөлек Ресейдің Сыктывкар қаласында 27-29 қаңтар аралығында 19 жасқа дейінгі жастар арасында допты хоккейден әлем біріншілігі өтеді. Онда түгел дерлік оралдық хоккейшілерден құралған Қазақстан құрамасы ел намысын қорғайды.

Ғайса БӘЙМЕН


Бабадан қалған жауһар жыр

Күні: , 19 рет оқылды

IMG_4387


Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда республикалық жыршы-термешілер байқауларының бірнеше мәрте жеңімпаз-жүлдегері Фархат Оразовтың «Бабадан қалған жауһар жыр» атты  шығармашылық кеші өтті.


Фархат Беркінұлы Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылында дүниеге келіп, 1994 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжін, 2006 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақтың ұлттық консерваториясын дәстүрлі ән-терме класы бойынша бітірген. Еңбек жолын Атырау қаласындағы Махамбет атындағы облыстық драма театрында әртіс ретінде бастап, Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында және Н. Тілендиев атындағы кіші өнер академиясында дәстүрлі әнші-термеші қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Орал қаласындағы №3 балалар саз мектебінде дәстүрлі ән-терме мамандығы бойынша ұстаздық қызметте.

Өткен жыл Фархат Оразов үшін  табысты болды. Ол Жақсылық Сәрсенғалиев, Қаламқас Орашева және Қалампыр Рахимованы еске алуға арналған «Термелетіп жырлайын» атты республикалық термешілер байқауы мен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырауда өткен «Жасай бер, қазақ елі!» атты республикалық жыраулар байқауының бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Оған қоса Башқұртстан астанасы Уфа қаласында 23-24 қазанда өткен бүкілресейлік жыршылар фестивалінің күміс жүлдегері және Алматы қаласында «Текті сөздің төресі – терме» атты  жыршы-термешілердің республикалық байқауында екінші орын иеленген еді.

Қырық жастың қырқасына көтерілуіне орай алғаш рет ұйымдастырылып отырған жеке концертінде Фархат Оразов Наурызбек жырау, Махамбет Өтемісұлы, Кердері Әбубәкір, Сартай Көшкіншіұлы және басқа халық композиторларының ән-жырларын нақышына келтіре орындады. Кешке ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, Наурызбек жыраудың шәкірті Қоныс Юсупов, республикалық байқаулардың лауреаттары Асхат Ораз, Артур Сисенов, Ақмарал Кемелханова қатысып, дүйім жұртқа жырдан шашу шашты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

“Орал  өңірі”


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика