Мұрағат: 16.01.2017


Оқушыларды қуантты

Күні: , 41 рет оқылды


Таяуда «Ақас» агрофирмасы» ЖШС (директоры Қ. Ашығалиев) М. Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатына қайырымдылық жасады.


Серіктестік өкілдері кіріс-табысы аз, көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға қысқы күртке, аяқ киім, спорттық киімдерді тарту етіп, балаларға сыйлықтар ұсынды. Айта кету керек, «ақастықтар» жыл сайын аталмыш білім ұясының оқушыларына демеушілік жасап тұрады. Мектеп әкімшілігі серіктестік басшыларына оқушылар атынан ризашылығын білдіріп, істеріне табыс тіледі.


Шаһардағы шаңғы жорығы

Күні: , 53 рет оқылды

AWB0AYaQLScКопия Изображение 072


Сенбі күні Оралда Алматы қаласында өтетін XXVIII дүниежүзілік қысқы универсиадаға қатысушыларды қолдау мақсатында шаңғы жорығы ұйымдастырылды.


Қалалық мәдениет және демалыс саябағынан басталған көпшілік жүгіру шарасына шаһардағы мекеме-ұйымдар қызметкерлері, тұрғындар белсенді қатысты. «Динамо» спорт базасы маңында мәреге жеткен шара соңында лотерея ойнатылды.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов шаңғы тебудің әр адамның өз денсаулығын шыңдаудағы маңызы зор екендігін атап көрсетіп, универсиадаға баратын қазақстандық спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне батысқазақстандықтардың тілектес екендігін жеткізді. «29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда өтетін қысқы универсиадаға 58 елден 2 мыңдай спортшы қатыспақшы. Сондай-ақ 30-40 мыңдай жан-күйерлер мен туристер келеді. Мұндай деңгейдегі доданы өткізу кез келген мемлекеттің маңдайына жазыла бермейді. Бұл Елбасымыздың салиқалы саясаты арқасында қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның әлем алдындағы беделінің биік екендігін тағы бір көрсетеді», — деді М. Тоқжанов.

Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұханбетовтің айтуынша, шаңғы секілді қысқы спорт түрлерін дамытуға осындай көпшілік шаралар септеседі. Оралда XXVIII дүниежүзілік қысқы универсиада алауы эстафетасы 27 қаңтар күні өтеді. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен бастау алатын шара теннис орталығында мәреге жетеді. Алаугерлер тізімі жасалып, әзірлік аяқтала келді. Шара барысында облыс әртістерінің қатысуымен концерт те қойылады.

Еске сала кетейік, универсиадаға шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бастаған мамандар баптайтын команда сапында Батыс Қазақстан облысынан Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжанов, Нұртілек Қажығали және Анита Нагай қатысады.

Елжан ЕРАЛЫ

FMXV5EWfxs8


Сұлулық салоны ашылды

Күні: , 43 рет оқылды

IMG_1157


Жуырда  Зеленов  ауданына қарасты  Переметный  ауылында  сұлулық  салоны  ашылды. Оның  иесі  кәсіпкер  Ұлболсын Шалабаева  бұдан  сегіз  жыл бұрын  «Азиза»  дүкенін  ашқан болатын.


Отбасы тірлігі, бала тәрбиесімен қатар кәсібін дөңгелетіп жүрген жандардың бірі Ұлболсын апа қыз-келіншектерге арналған сұлулық салонын ашып, халыққа қызмет көрсетуге кірісті.

– Өзімнің қызығушылығыммен Орал қаласында тырнақ әрлеудің, шаш үлгісін жасаудың қыр-сырын үйренген едім. Енді сол білім-білігімді кәдеге жаратудамын. Келешекте шаш қиюды меңгеру ойымда бар. Жеке дүкенімнің жанынан ашылған сұлулық салонына қажетті құрал-жабдықтарды өзіміздің жиған-терген қаражатымызға сатып алдық,  –  деді кәсіпкер Ұлболсын  Шалабаева.

Айшабибі  МӘМЕТ,

Зеленов  ауданы


«Тоқтардан» енді шай ішпейсіз…

Күні: , 54 рет оқылды

DSC_0180


Жақында Қаратөбе ауданында бұрынғы «Тоқтар» кафесі ғимаратында аяқ киім шеберханасы іске қосылды. Қожайыны – Қайырбек  Жонысов.


«Ерінбеген етікші болады» демекші, атакәсіпті қолға алған Қайырбек Тілекқабылұлы өз ісінен табыс табуды мақсат еткенге ұқсайды. Біз бен тебенді бала кезінен қолына ұстаған Қайрекеңе ауыл тұрғындары аяқ киім жөңдетуге, қайшы мен пышақтарын қайратуға жиі келеді. Өйткені ол ұсынған қызмет сапалы болатын әрі бағасы көңілге қонымды.

— Бұл кәсіппен шұғылданғаныма тура 12 жыл болды. Қаражаттың болмауына байланысты ісімнің тұралап қалған тұстары да кездесті. Дегенмен,  сүйікті кәсібіме түбегейлі оралуды жөн санадым. Келешекте кәсіп аясын кеңейтіп, тігін мәшинелерін алдырып, аутокөліктерге қаптама, қол сөмкесі және ашқыш кілттер жасау жоспарда бар, — дейді Қайрат Жонысов келешектегі жоспарларымен бөлісіп.

Маралбек АМАНТАЕВ,

Қаратөбе ауданы


Отан жерінде омарта біреу-ақ

Күні: , 69 рет оқылды

Канатбаев Каристің жеке карточкасы2

(Соңы. Басы газеттің №3 санында)

Шығыс министрлігіндегілер бұл ұсынысты қабылдамады. Себебі Қарестер ұсынған жоба соғыстың алдында Каюмның көмегімен Розенберг талдап жасаған «Үлкен Түркістан (гремиум)» жобасына шалыс түскен. Өзі қолымен құрған жобаны өз қолымен күл-талқан ететіндей рейсминистрді жын қағып па?! Сөйтіп, бұл айқай-шу керісінше наразы топтың күл-талқан болып жеңілуімен тынды. Десе де мәселенің ушығып барып жоғарыдағы дөкейлердің құлағына жетуінен қорыққан Каюм-хан бас хатшы өзбек Сәлім Кәримиді алып тастап, оның орнына Қарес Қанатбайды тағайындауға мәжбүр болады. Бұл ТҰҚ-дағы Каюмнан және әскери бөлімді басқаратын Баймырза Хайттан кейінгі үшінші дәрежелі қызмет-тұғын, соған байланысты Қарес осы шамада кеңестік арнаулы қызметтердің оперативтік хабарларына комитеттің үш басшысының бірі ретінде іліге бастайды. Бұл тұс – ТҰК-ның алпыс адамдық құрамында «қазақ қанаты» деп аталған, қазақ, қырғыз және қарақалпақ жігіттерінен құралған топтың «өзбек қанаты» аталған өзбек, тәжік және түркімен жігіттеріне анық жалын күдірейтіп, күшейе бастаған тұсы. Жағдай қатты керілген шек сияқты шертпекке келді. Ақыры сөйлесе тілінен бал таматын, істесе қолынан іс келетін білімді де алымды-шалымды қазақ пен қырғыздың бел алып кетуінен сескенген Каюм 1943 жылдың соңына таман әр түрлі айла-шарғымен (негізгі желеу – «бұрынғы соғыс тұтқындарынан құралған бұл топ кеңес барлау орындарына қызмет істеуі мүмкін» деген айып) әлгі топтың жүректі төрт жетекшісін – Қаресті, Мәулекешті, Сатыбалды Бекбосыновты және Нөгербекті комитеттен аластауға қол жеткізеді. Серік Шәкібаевтың жазуынша, сол шамада Қаресті гестапо Каюм-ханның көрсетуімен түрмеге жабады, ұрып-соғып азаптайды, шекесін жарып қояды. Бұрынғы легионер, қызылордалық Ақмырза Қуатбаевтың айтуынша, 1944 жылғы ақпан айында ішінде өзі болған антифашистік жасырын ұйым Қаресті Майндағы Франкфурт қаласының түбінде қамауда отырған жерінен босатып алады. Алайда өзге материалдар Қарестің одан бұрын, яғни сол жылғы қаңтардың ортасында Түркістан легионы құрамында Батыс Еуропаға жіберілгенін көрсетеді (әлбетте, Каюмның «көмегімен»). Неміс архив құжаттарымен тікелей жұмыс істеген Патрик Мюхленнің жазуынша, Қарестің үстінен гестапоға көрсетулер болған, бірақ қамалғаны жөнінде дерек жоқ. Хасан Оралтай болса осы шамада Қарес Каюмның шағымына орай отарба аялдамасында аяқжолды тазалап, көше сыпыруға салынғанын, соңыра майданға жіберілгенін жазады. Бұл факті 1944 жылдың басында Қарестің Солтүстік Италиядағы Әлихан Ағаевқа жазған хатымен сәйкеседі (Әмірхан Қарестің өзіне жазған хаттарын кейін Атырау жеріне десант болып түскенінде өзімен бірге ала келген, қызығы – Париждегі хатқа қол жеткізген зерттеушілер интимдік хаттан бұрын тарихи деректеме ретіндегі мәні күштірек иек астындағы сол сипат қағаздарға қолдарын жеткізе алмай пұшайман болып отыр). Онда ол өзінің қаңтардың 15-інен бастап Францияға легионға жүріп бара жатқанын хабарлаған. Тарих докторы Бүркіт Аяғанның дерегінше, сол жолы Қанатбай Францияның Тулуза қаласына таяу Альби қалашығында орналасқан легион құрамасына тіркеледі, соңынан Каюм-ханның кек алуынан сескеніп, басқа бөлімшеге ауысып кетеді. Тағы да сол Х. Оралтайдың айтуынша, бір ұрыста ауыр жараланып, төбе сүйегіне қатты зақым келеді. Шекебұрғылау (трепанация) отасы жасалып, Германияға соғыс мүгедегі болып оралады.

Қарес үшін сары сергелдең, қара қуғын шамамен 1944 жылдың көктемінде аяқталған сияқты. Бұл – каюмшылдар арқа сүйеген Розенбергтен күш кетіп, Шығыстың ұлттық құрылымдарымен жұмыс істеудің билігі басы бүтін Гиммлердің, оның қарауындағы РСХА сайыпқырандарының қолына тиген кез. Немістің өз іші де майлы қасықтай айналып тұрмаған: Шоқайдың жолынан тайып, ұйым жұмысын қожыратып алған Каюмға, әсіресе, РСХА ішіндегі құпия «Цеппелин» бағдарламасының басшы қызметкерлерінің бірі Райнер Ольцше тісін қатты басып, оның орнына лайықты адам іздейді. Сонда көзіне Қарес Қанатбай ілігеді. Ольцше Каюмды тізеге салып отырып, көместе өзінің «Арбайтсгемайншафт Түркістан» деп аталатын барлау мекемесіне қызмет ететін Қанатбайды ТҰК-дағы әуелгі қызметіне қайта сайлатады. Енді Қарестің маңына комитеттегі қазақ-қырғыз жігіттері қайта топтасады және сан мен сапа жағынан бұрынғыдан да күштірек болып шығады. Ольцшенің орынбасары Шломстың кейін тергеу кезінде берген жауаптарына қарағанда, Ольцше Каюмды ығыстыру ісін әлгі топтың көмегімен Түркістан легионының саяси баспасөз органы «Түркі бірлігі» газетін шығарудан бастаған және сонымен бірге Қарес бойынша сақтық шараларын ойластырады (қармақшылық Кішкентай Әбсадықов пен талдықорғандық Уахит Тұрысбеков Қарестің жанында оққағар болып жүрді дейтін дерек бар).

Доктор Жанна Қыдыралина келтірген дерекке қарағанда, ТҰК-ның қазақ-қырғыз қанатын құраған Қарес Қанатбай, Хакім Тыныбеков, Мәулекеш Қайболдин, Үсен Қошалақов, Сафа Оразыманов, Саттар Алманбетов, Ахметжан Омарханов, Разақ Бакиев және Рамазан Қаурбановтардың алдына әзірге ТҰК құрамында дербес Қазақ және Шығыс Түркістан комитеттерін құру ісінің негізін қалай беру міндеті қойылған сияқты. Қалай болғанда да кейбір авторлар тұжырымдайтындай, ТҰК-ға қосанжар Түркістан Ұлттық кеңесі 1944 жылдың мамыр айында құ-рылды деу шындыққа жанаспайды, сірә, бұл жерде Түркістан Ұлттық кеңесінің құрылтайын сол тұста Венада өткерілген Түркістан легионы конгресімен шатастыру орын алған болуы керек. Конгресс Түркістан шегінен асып, әңгіме көбінесе ұлттық мәселелер, соның ішінде қазақ тілінің тағдыры жөнінде өрбіген, яғни бұл жиналыс – толықтай ТҰК-ның қазақ-қырғыз қанатының бақылауында өткен деген сөз.

Қарес жетекшілік жасаған Түркістан Ұлттық кеңесі аталатын ұйымның қашан, қандай жағдайда құрылғаны әлі күнге дейін анық емес. Кеңес мына жағдайда құрылған деп көзге шұқып көрсеткен бірде-бір өнжеулі құжат яки дерек жоқ. Кеңестік қауіпсіздік органдарының архивтік құжаттарымен жұмыс істеген Амантай Кәкеннің жазуынша, «1944 жылдың аяқ кезінде Қанатбаев немістердің қолдауымен «Ресей халықтарын азат ету комитетімен» келісім жасайды. Сыбайластары Тыныбеков, Қошалақов, Омарханов, Иомуд-ханмен және «Түркістан легионерлерінің» біраз офицерлерімен, басқа да жақтастарымен бірігіп, Карлсбадта «Түркістан ұлттық советін» құрады. Сөйтіп, ол Орта Азия және Қазақстан халықтарының мүддесін «Россия халықтарын азат ету комитетінде» қорғайтын болды».

Осынау үзіндідегі «сыбайластар» сөзі деректің «терең бұрғылау кеңсесінің» терең қойнауында қорытылып шыққанын аңғартады, сондықтан оны тексеріп көру үшін кезекті сол уақиғалардың ішінде болған Ғайпен Бейісовке берейік. Оның жазуынша, Ольцшенің астыртын қолдауымен Түркістан Ұлттық комиссия комитеті құрылған (уақыты айтылмайды). Құрамы жеті адам: Қарес президенті, орынбасары қазақ Ахмет Әмірханов, әскери бөлімнің бастығы қазақ Бақыт Әбетов, бас хатшы Бурханов, насихат бөлімінің бастығы Үсен Қошалақов, комитет мүшесі қырғыз Тоқтанаров және ұлттар бөлімін басқарған бір қырым татары (осы тізімдегі тәжік Рахым Бұрхановты кеңестік барлау орындары ұлттық қозғалысқа іріткі салу үшін әдейі енгізілген жансыз етіп көрсетеді және Қарестің Ұлттық кеңесі сол Бұрхановтың арқасында құрылды деп сендіреді, солай бола тұра Бұрханов он жыл Колымада көзі көкшиген). Бұл «Түркістан ІІ комитетінің» құрылу тарихын Ғайпекең кейін сталиндік лагерьге бірге түскен Үсен Қошалақовтан естіген. «Дейді» де дерек қой, дегенмен оның ауыздан-ауызға түрленіп, малталанып ауысатын кезі де аз болмайды. Серік Шәкібаев кітабында да Қарестің бөлек ұйым құрғаны айтылмайды, бар әңгіме «Түркі бірлігі» газетімен тынған. Осы есеппен келгенде, Ұлттық комитетке қосанжар, 1945 жылғы ақпан-наурызда Дрезденде құрылған делінетін Ұлттық кеңес – енді Карлсбадта бар болғаны Каюм басқарып отырған комитет құрамындағы комиссия болып жүрмесін. Легитимділігі жоқ еншілес ұйым болғандықтан, комиссия Власов құрған Россия халықтарын азат ету комитетінде (КОНР) ашық уәкілдік ете алмаған тәрізді. Бірақ Амантай Кәкен уәж-дегендей, «Қарыс немістер жеңіле қалса, ағылшыннан көмек болар деген үмітпен КСРО-ға қарсы ұйымдастырылмақшы кең көлемдегі антисоветтік блокты қолдау позициясын ұстанған» болуы әбден мүмкін. Қарестің өзі Хасан Оралтайға соғыстың аса қарбалас кезеңінде антикоммунист орыстардың сондай бір тобымен ымыраласуға мәжбүр болғанын айтқан. Алайда КОНР-дың белсенді қайраткерлері қалдырған мемуарларда және тергеу хаттамаларында өздерімен ынтымақтасқан Қанатбаевтың немесе оның қазақ-қырғыз жақтастарының бірде-біреуінің аты аталмайды. Генерал Власовтың өзі 1945 жылы СМЕРШ тергеушісіне берген алғашқы жауабында Каюм-хан комитеті құрамындағы хан Ямуцкий дейтінмен байланысып, КОНР-дың қатарына тартқандарын жеткізеді.

Одан әрі: «Хан Ямуцкий является видным представителем бывшей туркестанской знати, был недоволен тем, что «президентом Туркестана немцы выдвинули никому не известного человека Каюма, которому сами же присвоили титул хана, поэтому охотно пошел к нам, возглавив в комитете туркестанский совет, куда стал перетягивать других туркестанских националистов» деп көрсетеді. Бұл уақиға 1944 жылдың аяқ кезінде болған.

Мұндағы Хан Ямуцкий деп отырғаны – белгілі түркімен эмигранты, түркіменнің жәуміт тайпасының көсемі Қият ханның шөбересі Хыдыр-Йомуд хан. 1919 жылы Стамбұл арқылы Парижге келіп орныққан ол капитан атағымен француз әскерінің қатарында болған, соңыра вермахт тапсырмасымен Францияда Түркістан легион құрамаларын жасақтаумен айналысқан белгілі авантюралық тұлға. Атасы Аннамұхамед, өз әкесі Қараш Ресейде тұрғандарында Николай деген ат алып, христиан дінін қабылдаған. КОНР-ға жақындасып жүруінің бір себебі де сол. Парижде тұрғанында Мұстафа Шоқаймен жақын араласқан, сөйте тұра кейін Шоқайды «Өзін Түркістанның бірден-бір өкілі етіп көрсеткен Германияның жауы» деп ғайбаттаған (сонда Қарес өзі ұлық тұтқан адамға тіл тигізген бұл кісімен бір үстелдің басында қалайша отыруы мүмкін?!). Орыс азаттық армиясының штаб бастығы, генерал В. Малышкиннің тергеу барысындағы жауаптары бойынша осы Нико Йомуд хан 1944 жылы оның Берлиндегі пәтеріне арнайы келіп, КОНР-дың жанынан өзінің басқаруында Түркістан Ұлттық кеңесі дейтін ұйым құруды ұсынады. Осы ұсынысын КОНР-дың кезекті мәжілісінде жалындата қайталаған екен, сонда Власов көзі жасаурап, орнынан тұрып, шалды құшақтай алып сүйіпті.

Осы және өзге де фактілер Түркістан Ұлттық кеңесі аталып жүрген ұйым бар болғаны Йомуд хан сияқты жекелеген адамдардың қатысуымен КОНР-дың өз ішінен «Түркістан кеңесі» деген атпен құрылған номинал орган ғана болғанын көрсетеді. Осыны Түркістан Ұлттық комитетінің арасына кеңес жансыздары салған іріткі әрекеттер нәтижесінде құрылған, Каюмға қарсы заңды ұйым дәрежесіне көтеріп жүрген – кеңестік арнаулы қызметтің қолдан жасап таратқан кезекті мифі. Әрине, бұл жерде ТҰК құрамындағы Қарес басқарған комиссияның әліптің артын бағып, әрі антикеңестік күштердің альянсын құру жөніндегі Гиммлер идеясына сәйкес Ольцше берген тапсырмаға орай Йомуд ханға іш тартуы мүмкін екендігін әсте жоққа шығаруға болмайды. Әрбердесін КОНР ұйымының антикеңестік қызметіне ресми түрде Каюм ханның өзі де қолдау білдіргені, власовшылардың Прага манифесін құттықтағаны белгілі. КОНР әскері жанында каюмдық ТҰК өз өкілін ұстаған, ол – майор Ж. Ақбергенов.

Қалай болғанда да Қарес және оның жақтастары, соның ішінде Йомуд хан да соғыс біткенше Түркістан Ұлттық комитетінің құрамында қала берген. ТҰК 1945 жылдың бас кезінде Берлиннен кетеді. Фон Ольссен басқарған бір бөлігі Детмольд қаласына таяу Беферунген мекеніне, енді бір бөлігі Вюртенберг-Гогенцоллерн жеріндегі Тюбинген қаласына орналасады. КОНР сәуірден бастап Карлсбадта тұрған. Түркімен қайраткері Мырат Тачмыраттың естеліктеріне қарағанда, Қарес өз жақтастарымен Беферунгеннен Тюбингенге келген сияқты, себебі осы шамада соңғы аталған қалада Қарес тобының көзқарасын ұстанған түркімендер Мұрад Атаев, Құрт және Амен Бердімұрадтар, Құрбан Ремезиндер жиналған. Нико Йомуд хан да сол жерден табылыпты. Одан әрі әркім өз қамын күйттеп кетеді. Комитеттің бірқатар мүшесі Түркияға кетудің жолдарын қарастырады. Каюм ханды 5 мамырда американ қарсы барлау қызметі Чехословакияның Мариенбад қаласында тұтқындап, Герцегенбург, Дахау лагерьлерінде жыл жарым ұстайды. Ақмырза Қуатбаевтың айтуынша, Қарес екеуі 10 мамыр күні Австрияның Инсбрук қаласындағы әскери тұтқындардың лагеріне қамалады. Ақмырза елге қайтатын болады, ал Қарес «бәрібір атып тастайды» деп қайтудан үзілді-кесілді бас тартады. «Ежелгі дұшпан ел болмас» десе керек. Кейін Хасан Оралтайға өзінің Дахауда американ лагерінде болғанын айтыпты. Соңыра денафикацияланады, яғни «нацизмге қатысы жоқ» деп табылады. «Жүйріктің тері кеппес» деген американдардың қолдауымен 1950 жылы Мюнхенде доктор Амен Бердімұрад екеуі «Түркі елі» Түркістан ұлт-азаттық комитетін құрады. Ай сайын екі тілде комитеттің тілі – «Түркі елі» журналын шығарады. Осы жылдары американдар өздері антикеңестік күштердің альянсы ретінде құрған антибольшевиктік күрес жүргізудің үйлестіру кеңесінің жұмысы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін 1952 жылы оның орнына КСРО халықтарының тілдерінде хабар тарататын қуатты «Азаттық» радиостансасын құрады. Өзге комитеттер, соның ішінде «Түркі елі» де таратылады. Қарес Мюнхен түбіндегі Обервизенфельд мекеніндегі бұрынғы аэродром ғимаратында орналасқан радиостансаның түркі редакциясында қазақ тілінде хабарлар жасауға көшеді. 1953 жылдан бастап әлі күнге дейін эфирге талмай шығып келе жатқан осынау кедергіні білмейтін «соқыр ішек» таратқан шыншыл хабарлар кеңес кезінде талай жастың көкірегін көзеп ашқан, талай жасамыстың сөнуге айналған ұлттық намысын қамшылап оятқан. Темір дарбазаның арғы бетінде алабөтен дүние – мультиполярлық әлем, еркіндік, адам құқығы дейтін ұғымдар барын білгізген. Қарестей тәжірибелі адамдардың қаламынан қорытылып шыққан материалдар күндердің күні дүниенің өзгеретіндігіне сенім ұялатқан. Әрбердесін Кеңес өкіметіндей тажалды бір күнде тырапай астырып, бүгінгі тәуелсіздігімізге қол жеткіздірген де «Азаттық» сияқты ақпарат құралдары.

«Азаттық», «Азат Еуропа» радиостансаларының әлгіндей хабарларын жасырын тыңдап, миланған сондай жастың бірі – бүгінгі батысқазақстандық белгілі азамат Аманжол Зинуллин.

1970 жылдары қырғи-қабақ соғыс қайтадан өрекпіген шақта американдық «Би-Ай-Би» ұйымының және британдық СИС-тың «Лиотэ» бағдарламасының жаңадан дем салуымен Қарес Д. Тағаберлімен бірге «Түркістан ұлттарын азат ету комитетін» құрады. Комитет мүшелері радиохабарларын әзірлеумен қатар Қазақстаннан шетелге шыққан қандастарымен байланысқа түсіп, оларды ұлттық рухта «өңдеу» ісімен де айналысқан. А. Қуатбаевтың жазуынша, ол Қареспен 1976 жылға дейін байланыс жасап тұрған, ол кезде Қанатбай Майндағы Франкфуртте тұрыпты. Соған қарағанда Қарес зейнетке шыққан соң Мюнхеннен өзге жерге көшуі де мүмкін. Серік Қанатбаевтың айтуынша, Қарес Германияда неміс қызы Аннализаға үйленген, екеуінен бала да қалғанға ұқсайды. Аннализа жеңгесінің соңғы тұрғылықты мекенжайы – Батыс Германия жеріндегі Фурстенфельдрук қаласындағы Анна көшесі, 9-үй. А. Қуатбаевтың «Майндағы Франкфурт» деп жүргені осы Одердегі Фюрстенфельд болмасын.

Анықтауды керек ететін деректер бойынша, Қарес шамамен 1980 жылдардың басында дүние салған. 1993 жылы 89-ға келіп қайтқан Уәли Каюмның да, Баймырза Хайттың да пешенесіне өз халықтарының тәуелсіздік алғанын көруді, елдеріне келіп кетуді бұйырды, тіпті ағайынды Бердімұрадтар сол кездегі Түркіменстанның азаматтығын алды. Қареске соның біреуін де тағдыр жазбады. Өкіметке жау болғанымен, халқына жау емес еді, «Күресіміз хақ, жолымыз – бабалар жолы» деп бір мақаласында жазғанындай, өмір бойы көркем ниет, бәкиза көңілмен көксегені қазағының ұшпаққа шыққанын көру еді. Отан – үлкен, бірақ кімге болсын Отан жерінде омарта біреу-ақ. Ол – туып-өскен ұясы. Қазақ даласы қазақсыз-ақ тұра беретін шығар, ал қазақтың қазақ да-ласынсыз күні жоқ. Нендей өкініш, Қарес ағамыздың балалығы бұлдырап қалған Борсысының шалғынын жапырып, бір мәрте болса да, аунап-қунай алмай кетіп қалғаны…

Арамыздан ерте кеткен оралдық талантты ақын Сағат Әбдуғалиевтың «Мюнхендік мұңдар» дейтін өлеңі бар. Автор өзі Мюнхенде болған бес күннің біреуінде кафеде көрші үстелде сыра жұтып отырған «Отаны жоқ бір адамды» кездестіргенін суреттейді. «Сағындырды сайын далам, сар белім, о, жерлестер, өкінішім бар менің; туған елді бір көруге бизармын, оралуға жетпейді ұждан, дәрменім», – депті әлгі бейтаныс таза қазақша. Сол сәтте ақынның жолдасы әлденеге қазақша жауап қатпай, қолына орысша-немісше сөздікті ұстап тұрып: «Кетіңіз!» – деп зілденеді әлгі адамға. Бейтаныс кісі «Түркістанның ұлдарысыңдар ғой, бұл қайткендерің?!» – деп нәумез күймен кетуге мәжбүр болған. «Мюнхендік сол кафеде көк түтін, жүрегіммен қоса соқты кекті үкім: туған елін сатқандармен еш уақыт, туған тілде сөйлесуге жоқ құқым!» – деп түйіндейді өлеңін кейін боранда ұшып өлгенінде «мәу» демеген, денесін де іздемеген өкіметін қызғыштай қорып отырған адасқақ ақын.

Әгәрәки дейміз ғой, сол сәт әлгі кісіні қуып шықпай, еркін сөйлеуіне мүмкіндік бергенде бар ғой, «мюнхендік мұнар» не деуі мүмкін еді?! Бәлкім меңдекешшілеп, Махамбеттің сөзімен былай деп жігер жаныр ма еді:

«Қайтадан туды ұстаймын қолға, қабірді тастап қапырық. Қазағым, әлі туарсың біздей, қаһармандарды қайтала, қан құсып өткен күндердің құны – қап, бәлем, сонда қайтар-ақ! Қараңғы түнде еміс те еміс от көрсең, қаһарман ұрпақ сен оны – қалтыратпай қайта жақ! Қаһарман ұрпақ, қуат қос маған жанар таулардай атылып, қарлығып жеткен құландай ащы дауысымды жатық ұқ! Қайран ел, сонда көз ілем қасіретіңді тыныштығыма батырып, қақпаймын кірпік қамауда жатып, талауда қалған елді ойлап, қаптайды теңіз кеудемде менің аһ ұрып, қоңыраулатып шығармын қашан атойлап, қара дауылымды азан да қазан сапырып? Қиялдың көзін талдырсам да, қара ормансыз қаңғырсам да, қиқарланып қияс мүйізді құлжадай, қасарысқан жауымнан сұрадым теңдік ақырып, қалықпан құстай қанаттарым қайдасың, құнанша мұзға таймасын, қималы найза қайралсын, құсалы жүрек майлансын, қаз мойын тұлпар бәйге алсын! Қос жанардан от өріп, қамалды басқа көтеріп, қанды көбік қақырып, қолымды создым, жас қуатым, жас буын, құлатуға қас туын, қаһармандық аруағымды – қақақулап шақырып…».

Қандай жақсы айтылған: қараңғы түнде еміс те еміс от көрсең, қаһарман ұрпақ, қалтыратпай қайта жақ!

 

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ,

жазушы-эссеист,

 

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы


«Аспан әлемін зерттегім келеді…»

Күні: , 41 рет оқылды

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығының директоры Шаймардан Шоңыраевтың айтуынша, аталмыш мекеме жұмысын 1956 жылдан бастаған.


Ол кездері  техникалық бағыттағы үйірмелерде қазақ балалары өте аз болған. Қаракөз балалардың техникаға, соның ішінде робототехникаға құмарлығы тек 2000 жылдардан бастап арта бастады. Бұған еліміздегі техникалық шығармашылық бағыттағы үйірмелер жұмысының жандануы себепші болды. Осы бағыттағы жұмыс біздің өңірімізде де белсенді жүргізілді. Облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен облыс көлеміндегі аудандардың барлығында техникалық шығармашылық бағыттағы үйірмелер ашылып, жұмыс істей бастады.

Нәтижесінде қала жеткіншектерімен бірге ауыл балаларының да аңсары заманауи техникаға ауды. Оларды техника әлеміне баулып жүрген дарынды оқытушылардың еңбегі еш болмады. Бүгінде олардың тәрбиеленушілері жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысып, топ жаруда. Тек өткен жылдың өзінде ғана халықаралық,  республикалық конкурстарға қатысып, жеңімпаз атанған техникалық бағыттағы үйірмелердің он шақты оқушысы еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орындарына ешқандай сынақсыз, тегін оқуға қабылданды. Білім және ғылым министрлігінің ережесіне сәйкес халықаралық байқаулардан жүлделі орын алған оқушылардың еліміздің жоғары оқу орындарына техникалық мамандықтар бойынша тегін оқуға мүмкіндігі бар. Күні бүгін халықаралық сайыстарда талайды тамсандырған қырық шақты жас жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз түсіп, өздері қалаған мамандыққа оқып жүр. Олардың қайсыбірі бүгінде оқуларын аяқтап, алған мамандығы бойынша өндіріс орындарында жұмысқа кіріссе, қайсыбірі ғылыми орталықтарда қалып, өз жобаларын жүзеге асыру жолында еңбектенуде. Техникалық үйірме оқушыларына жасалып отырған мұндай жеңілдік үйірмеге қатысушы балалардың санын бұрынғыдан да арттыра түсті. Қазіргі таңда облыс бойынша техникалық үйір-мелерге үш мыңға жуық оқушы қатысады.

— Алматыдағы бір жоғары оқу орнында оқитын біздің орталықтың түлегі Дәурен Бисенов биыл Индонезияға барып, робототехника бойынша студенттер арасындағы халықаралық жарысқа қатысып қайтты. Бұдан басқа тағы алты түлегіміз биыл сәуір айында Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз!» атты халықаралық ғылыми жобалар сайысына қатысып, жүлдегер атанды. Бұлардың барлығы да тегін оқу грантын ұтып алды.

Сондай-ақ биылғы қыркүйек айында біздің орталықтың балалары Ақтөбе қаласында өткен республикалық сайысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтар болсақ, «Әуе» үлгісі бойынша Матвей Рамазанов ІІ орын (жетекшісі Игорь Татаренко), «Кеме үлгісі» бойынша Қуаныш Хамзин және Архат Шәріпов – ІІ орын (жетекшісі Мирболат Құспанов), «Авто» үлгісі бойынша  Аят Нұхқали  ІІ және ІІІ орындарды (жетекшісі Шаймардан Шоңыраев) еншіледі. Биыл Алматы қаласында астрофизика бағытында «Астротурнир» атты республикалық сайыс өтті. Бұл сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 25 команда қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша  біздің орталықтың  Ақгүлім Самиғоллаева, Марс Шынар, Бекзада Задагереева, Исабек Мұратов сынды оқушылары топ жарып, І дәрежелі дипломға ие болды. Өткен жылдың қараша-желтоқсан айында Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен халықаралық байқаудың жас шеберлер кезеңіне облыстың 14 оқушысы қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ Астана қаласындағы республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Қазақстан – менің алтын бесігім» атты республикалық байқауға орталықтың алты оқушысы қатысып, соның төртеуі жүлделі орындарды иеленді. Нақтырақ айтсақ, Бекей Бақытжанов және Ақгүлім Самиғоллаева дейтін екі оқушымыз бас жүлде алса, Әсем Бақтығалиева дейтін тағы бір тәрбиеленушіміз І орынды және Бекзада Задагереева ІІІ орынды олжалап қайтты, — дейді орталық директоры Шаймардан Шоңыраев. Директордың сөзінше, бүгінде осы орталықта тәрбиеленіп жүрген балалардың саны — 640, оның 500-ден астамы — өзіміздің қаракөздер.

Біз барғанда орталықтың бірнеше бөлмесінде балалар жетекшілерімен бірігіп, жаңа жобалар бойынша жұмыстанып жатыр екен. Солардың арасынан Аят және Даниял есімді балалармен тілдесудің сәті түсті.

Аят НҰХҚАЛИ,

№1 орта мектептің 10-сынып оқушысы:

— 2011 жылдан бері осындағы техникалық үйірменің жас механик тобындамын. Жетекшім Шаймардан Шоңыраевтан автокөлік түрлерін жетілдіруді үйреніп жүрмін. Әрине, әзірше автокөліктерді жәй қағаздан және ПВХ материалдарынан жасаймыз. Кейін нағыз инженер болғанда автокөліктің неше түрлісін ойлап табуды армандаймын. Ғылыми жобалар байқауы мен көрмелерге 2015 жылдан қатыса бастадым. Радиопеленгация бойынша робототехника мен зымырандар байқауына, сондай-ақ спорттық жарыстарға да қатысып жүрмін. 2014 жылы Қостанай қаласында өткен облыстық автомодельдеу спорты бойынша жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болдым. «Багги -10» спорттық жарысына қатыстым. Алдағы 2017 жылдың ақпан айында Байқоңыр қаласында өтетін «Ғылым әлемін ашамыз!» атты байқауға  қатысып, бағымды сынағым келеді. Қазір сол сайысқа дайындалып жатырмын. Бұл байқауға, бұйырса, «Айкезбе» ғарыштық аппаратын ұсынамын. Бұл аппаратты жерде отырып алып, пультпен және арнайы датчиктермен басқаруға болады. Айды зерттеуге арналған бұл техниканың бұрынғылардан бір айырмашылығы, мұның айдағы элементтерді қазып алатын өзінің күрегі бар. Осы күрек Айдағы белгісіз элементтерді қазып алып, зертханалық бөлімге салады. Айдан алынған материалдар сол жерде зерттеліп, бірден Жерге жіберіледі. Одан арғы зерттеу жұмысын осы бағытта жұмыс істейтін Жер бетіндегі мықты зертханалар жүргізеді. Бұл техника үнемді, ол қуатты Күннен алады. Құрылғының бір пайдасы сол, ол Айды зерттеу кезінде адамдардың атқаратын жұмысын өзі істей береді. Егер Айға адам барып, зерттейтін болса, оған тамақ пен әбден жетілдірілген қымбат құрал-жабдық керек. Оның үстіне күтпеген жағдайлар туындап, нәтижесінде адам шығыны орын алып қалуы да мүмкін ғой. Ал мына машина Айды ас-сусыз-ақ, қосымша шығынсыз өзі зерттейді. Құрылғы сонысымен тиімді. Аят Нұхқали болашақта робототехникамен айналысатын инженер болғысы келеді.

Даниял АХМЕТОВ,

№27 орта мектеп оқушысы:

— Үйірмеде жүргеніме тек бір жыл болды. Осы уақыт ішінде қалалық ғылыми жобалар сайысына қатысып, ІІІ орын алдым. Марсоход — оқытушым Алтай Көшеғалиевтің көмегімен жасаған алғашқы жобам. Робототехника бойынша өткен облыстық байқауларға қатысып, бірінде І орын, екіншісінде ІІ орын алдым. Биыл Астанада өтетін «ЭКСПО — 2017-мен біргеміз!» атты байқауға қатысып, бағымды сынағым келеді. Бұл байқауда мен көпшілік назарына Күн сәулесінің көмегімен қуат алатын Парк-аллея жобасын ұсынғым келеді. Бұл жоба бойынша жұрт демалатын саябақ электр қуатын Күн сәулесінен және желден алады. Баршамызға белгілі, демалыс орындарында электр қуатына тәуелді құрылғылар көп. Балалардың ойын алаңы, дәмхана, мейрамханалар мен көңіл көтеретін орындардың барлығына жарық күндіз-түні керек. Егер саябаққа қажетті электр қуаты Күн сәулесінен және желден алынатын болса, бұл саябақ қожайынынан бастап бәрімізге тиімді емес пе? Осы идеяны маған ұсынған Аят досыма және жетекшім Алтай Абайұлына мың да бір рақмет! Мені негізінен, робототехника қатты қызықтырады. Астрономия пәнін сүйіп оқимын. Болашақта аспан әлемін зерттегім келеді.

Осындай арманшыл жастары бар тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болатыны анық. Қиялшыл жеткіншектердің қанаттары қайырылмай, жобаларын жүзеге асырса, бұл ел экономикасына қосқан жастардың үлкен үлесі болмақ.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


«Желтоқсан оқиғасы жадымда»

Күні: , 48 рет оқылды

дилда


1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ұлт тарихында өшпес із қалдырды. Нақақтан қан төгілгеніне, жазықсыз жазаға кесілгеніне қарамастан, халқымыздың қайсар ұл-қыздарының ерлігі еш болмады.


Желтоқсан оқиғасын көзімен көрген Қараөзен ауылының тұрғыны Ділдә Сағидоллақызы сол бір ызғарлы күндерді еске алса, әлі күнге дейін бойы мұздайды. Кейіпкеріміздің әкесі Сағидолла мен анасы Ақзила – төрт қыз бен екі ұлды тәрбиелеп өсірген жандар. Д. Сағидоллақызы 1981 жылы Қараөзен орта мектебін тәмамдап, еңбекке араласты. Яғни №2 фермада шопанның көмекшісі болып, еңбек жолын бастады.

Бір жылдан кейін ол 1982 жылы құрбы-құрдастары секілді арман асуларына қанат қағады. Сол жылы Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтына оқуға түседі. 1986 жылғы желтоқсан айында төртінші курс студенті Ділдә Сағидоллақызы қасіретті күндердің куәгеріне айналды.

– Алматы қаласында алаңсыз білім алдық. Бірақ көптеген студент-жастардың алға қойған мақсат-мұраты әп-сәтте астан-кестен болады деген ой сол кезде түсімізге де кірмейтін. Мәскеудегі орталық жергілікті халықтың пікірімен санаспай, Ресейдің Ульянов облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинді Қазақстанға басшы етіп тағайындады. Елге осы хабар тарасымен, біз тұратын жатақханада да жастардың абыр-сабыр жүрісі және әр жерде топтанып маңызды оқиғаны талқылау жиіледі. Ертеңіне дәріс басталмастан бұрын он шақты студенттің орталық алаңға шақырғанын естідік. Сол күні көппен бірге Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға шықтық. Алаңға шыққан жастардың саны сәт санап көбейе берді. Олардың қолдарындағы плакаттарда «Өзімізді-өзіміз билеуді талап етеміз!», «Әр халыққа – өз көсемі!» деген ұрандар жазулы болды. Бірақ алаңға жиналғандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы күшпен таратуға кірісті. Қолдарына сойыл мен қалқан ұстаған, бастарына каска киген әскерилер қаптап кетті. Көзді қарықтыратын прожектор алаңда жүрген халыққа айнала жарық түсіріп тұрды. Көз алдымызда өртенген көліктер, мұздай су шашқан машиналар, әрлі-берлі жүгірген әскерилер, көмек сұраған қыздардың даусы, шабуылға қарсы тұрып, тас атқылаған қазақ жігіттері көрген түстей өтіп жатты. Прожектордың жарығы түскен жерде қанға боялып, қимылсыз жатқан жастарды байқадық. Кешкісін жатақханамызға оралдық. Ертеңіне тексеру, тергеу басталды. Алаңда болғандардың суреттерін көрсетіп, танитын-танымайтынымызды сұрайды. Біз жақ ашпадық. Оқуымды жалғастыруға мүмкіндік алдым. 1987 жылы қаржы және несие мамандығын тәмамдап, ауылға оралдым, – деп әңгімесін аяқтады.

Ділдә Сағидоллақызы отағасы Айдармен екі қыз өсіріп, жетілдірді. Ол жоғары білімді маман ретінде еңбек жолын Фурманов аудандық экономика және қаржы бөлімінде экономист ретінде бастады. Кейін Қазталов ауданы әкімінің аппаратында статист қызметін атқарды. Бүгінде үй шаруасында. Тұңғышы Ардақ – медбике, Ақботасы – Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің үшінші курс студенті.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Қараөзен ауылы,

Қазталов ауданы


«Дария күйдің кемесі»

Күні: , 35 рет оқылды

IMG_0810


Таяуда  Қадыр  Мырза  Әли  атындағы  мәдениет  және  өнер орталығында  «Дария күйдің  кемесі»  атты  тәлімді  кеш  өтті. Ұлағатты  шара  Жәнібек  ауданының  тумасы,  шебер домбырашы Өтеген  Жұмашевтің  85  жылдық  мерейтойына  арналды.


Шараға  домбырашының жерлестері мен өнерсүйер қауым өкілдері жиналды. Кеш Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Ж. Ғайсағалиев шырқаған «Әкем менің» әнімен басталды. Әрі қарай танымал домбырашы, Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры Нұржан Сертеков мерейтой иесіне игі тілегін арнады. Ол Ө. Жұмашевтің құрметіне Есжанның күйі «Қош аман бол, Ақбикеш» күйін орындап берді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов Ө. Жұмашевті шын жүректен құттықтап, үстіне шапан жапты және сый-сияпат ұсынды.

Мерейтой иесінің өткені хақында қысқаша түсінік. Ол 1932 жылы Бөкей ордасы ауданында өмірге келген. 1958-1998 жылдары Жәнібек ауданында өмір сүріп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Кейін облыс орталығына қоныс аударды.  Қазір ұрпағының арасында бақытты өмір сүріп отыр. Ол – талай облыстық, республикалық өнер байқауларының жүлдегері.  Жасы сексеннің сеңгіріне шықса да, қасиетті қара домбырадан қол үзген емес.

– Домбыра – қазақтың мәңгілік рухани серігі, жұбанышы, ұраншысы. Осы киелі өнер сонау ХІІІ ғасырдан бастау алады. Әріден бастасақ, Кетбұға, Байжұма, беріге тірелсек, Құрманғазы, Дина сынды күйшілер осы өнердің негізін қалады немесе одан әрі дамытты. Әсіресе, Құрманғазы мен Динаның Жайық топырағынан өрбігені біз үшін ерекше мақтаныш.

Өзім домбыраны 7-8 жасымда ұстасам керек. Өкініштісі сол, отбасымдағы әкем, бауырларым өмірден ерте кетті. Олар да өнерден құралақан емес еді. Бірақ  өнердегі ізбасар болу бақыты маған бұйырыпты. Осыншама ғұмыр бергені үшін бір Жаратушыға разымын. Бір қызығы сол, мен арнаулы білім алғаным жоқ. Нота білмеймін. Тек құймақұлақтың арқасында домбыра үйреніп, күй тарттым. Ғұмырымда талай талантты күйшіні көзім көрді. Ішінде марқұм Қали Жантілеуов те бар. Қазір ұрпағымның қызығын көріп отырған жәйім бар. Маған осындай құрмет көрсеткен еліме мың да бір рақмет! — деді сөз кезегі тигенде Өтеген аға. Ол сонан соң, кеш қонақтарына Мәменнің күйі  «Қаражан ханым», Құрманғазының күйі «Қайран, шешем» және басқасын орындап берді. Тек орындап қана қойған жоқ, әр сазды шығарманың шығу тарихын қысқаша әңгімелеп шықты. Өнер майталманының  немересі Гүлсая атасының құрметіне «Тәуелсіздік» әнін  орындады.

Кеш барысында Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев сынды танымал домбырашылар күй тартты, әншілер ән салды. Ақын Айтқали Нәріков Өтақаңды құттықтап, оған осыдан 40 жыл бұрын жазылған «Күйші» атты өлеңін оқып берді. Жерлестері Қалиолла Мұқанов пен Сәбилә Жүнісова да кемел өнер иесін құттықтап, сый-сияпат тарту етті. Шуақты кездесу соңында облыстық филармонияның әншісі Қадырболат Едіров ақын Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған Жаскелең  Ғайсағалиевтің  «Жәнібегім»  әнін  шырқады.

Серік  ИХСАНҒАЛИ


Тұрақтылық пен татулық ел әлеуетін арттыруда

Күні: , 31 рет оқылды

Копия Изображение 450


Орал  қаласындағы  Достық үйінде ҚР Парламенті  Мәжілісінің  депутаттары  Аманжан Жамалов,  Татьяна  Яковлева және  Гүлжан  Қарағұсова  өңіріміздегі  этномәдени  бірлестік өкілдерімен  кездесті.


Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысын баяндады. Кездесуде депутат Гүлжан Қарағұсова Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміз қол жеткізген табыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Егемендіктің елеңалаңында ауыртпалықты қазақстандықтар бірлесе көтеріп, жұмыла еңбек етуі арқасында мемлекеттің экономикасы нығайып, тұрақты өрлеу жолына түскенін айтты.

– Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы тұрақтылықтың негізін қалап, еліміздегі барша ұлт өкілдерін ынтымаққа ұйытып, бір-бірімен әрдайым тату болуға үндеді. Еліміздің достастық пен терең түсінік арқасында қалыптасқан бай тәжірибесін өзге де мемлекеттер үлгі қылып алуда. Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты арқасында тәуелсіздік жылдарында зор табыстарға қол жеткіздік. Бүгінгі күні Қазақстан әлемдегі көптеген елмен экономикалық-саяси, сауда байланыстарды берік орнатты, – деді Гүлжан Қарағұсова.

Шара барысында сөйлеген Татьяна Яковлева «Нұрлы жер»  және «Өнімді жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» атты жаңа мемлекеттік бағдарламалар жөнінде баяндады. Депутат Аманжан Жамалов дағдарыс салдарынан еліміздегі әлеуметтік жәрдемақылар қысқармағандығына тоқталып, қазақстандықтар бұл қиындықты да бірлесе еңсеретінін, қалыпты өмір сүру деңгейі төмендемейтінін  атап  өтті.

Галина  САМОЙЛОВА

Суреттерді  түсірген  Оксана  КАТКОВА


Барлық аймақтарда алаугерлер анықталды

Күні: , 43 рет оқылды

логотип унив 2017


Алау  эстафетасына  қатысатын  Қазақстанның барлық 16 қаласы Универсиада алауын көтеру құрметіне лайықты тұлғалардың есімін анықтады. Мың алау көтерушінің 70%-ын ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен 17-28 жас аралығындағы студенттер құрап отыр.


Сондай-ақ спорт пен қоғамдық өмірде еңбек сіңіріп жүрген Қазақстанның ең белсенді азаматтары да алау көтеруші құрметіне ие болды. Олардың қатарында грек-рим күресінің 1980 жылғы олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан 2000 жылғы олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Дәулет Тұрлыханов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, жүзуден 2016 жылғы олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева, сондай-ақ түрлі жылдары Қазақстанға жеңістерді сыйлаған тағы да басқа көптеген спортшылар бар.

Естеріңізге салып өтелік, алау көтерушілерді іріктеу үш кезеңнен тұрды. Іріктеудің бірінші кезеңі 1 қыркүйек күні басталып, республикамыздың барлық жоғары оқу орындарын қамтыды. Университеттер ішкі байқау қорытындысы бойынша өз өтінімдерін қалыптастырды. Екінші кезеңде іріктеу барысына облыстық орталықтарда Эстафетаны өткізумен айналысатын аймақтық штабтар қосылды. Штабтардың міндеті алау көтерушілерді іріктеу барысын бақылап, байқау кезінде шынымен де маңызды әрі тартымды үміткерлерді өткізіп алмауға бағытталды. Сондай-ақ екінші кезеңде алдыңғы универсиадалардың жеңімпаздарынан, спорт, ғылым және мәдениет саласындағы жұлдыздардан құралған қатысушылар анықталды.

Іріктеудің үшінші кезеңінде қалаған адам www.torchrelay.kz сайтында өтінім толтырып, Эстафетаға алау көтеруші ретінде қатысуға өтінім жібере алды.

2017 жылдың 25 қаңтарында Астанада 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада Алауы тұтатылмақ. Бес күн аралығында әрбір облыс орталығында Алауды жағуға арналған өз салтанаты және Эстафетаның өз кезеңі өткізілетін болады. Алау эстафетасы өңірлерде өткізілгеннен кейін 16 алау көтеруші Алауды Алматыға жеткізіп, осында Универсиаданың ашылу салтанатында алау бір тостағанда біріктірілмек. Студенттік ойын-дардың астанасында алауды 100 адам көтеріп өтеді.

Жалпы алғанда, Универсиада алауы 22 500-ден астам шақырымға созылған жолды өтіп, оның 200 шақырымын алау көтерушілер жүріп өтпек. Студенттік ойындардың ресми әуе тасымалдаушысы – «Эйр Астана» компаниясы алауды аймақтардан Алматыға жеткізеді. Осылайша Эстафета алауы қалған 22 300 шақырымды Алматыға дейінгі жолда өткізеді. Ал 29 қаңтарда Универсиада-2017 іс-шарасының ресми ашылу салтанаты өтеді.

Алау эстафетасының аймақтардағы  бағдарламасы:

  • 2017 жылдың 25 қаңтарында Астана қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада алауы тұтатылмақ;
  • 26 қаңтарда Алау облыс орталықтарында, атап айтқанда, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл,

Қостанай және Қарағанды қалаларында тұтатылады;

  • 27 қаңтарда Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау қалаларында тұтатылады;
  • 28 қаңтарда Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған қалаларында тұтатылады;
  • 29 қаңтарда Алауды тұтату салтанаты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтеді.

almaty2017.com


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика