Мұрағат: 13.01.2017


Байқау жарияланды

Күні: , 50 рет оқылды

9d8977c76ccd8aa194b2e0dcf40235d9


Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының оқу залында Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толуына орай онлайн коференция болып, «Ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен» атты кітап көрмесі ашылды.


Сырым Датұлы – ХVIII ғасырдағы патша өкіметінің отаршылдық саясатына жаппай қарсы шыққан Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, әйгілі би-шешен. Өз заманының алып тұлғасының тарихтағы алатын орнын жас буынға насихаттау шараның басты мақсаты болып табылады. Аталмыш шарада Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов атаулы датаға байланысты атқарылатын шаралар туралы, мәдениет саласының ардагері Жайсаң Ақбай, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин Сырым бабамыздың мұраларының жинақталуы жөнінде әңгімеледі. Айтулы шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, оқырмандар, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.

– Ағымдағы жыл Сырым өңірі үшін айтулы оқиғаларға толы болмақ. «Алаш» қозғалысына 100 жыл, Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 130 жыл және Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толып отыр. Тарихи даталарға байланысты шараларды ұйымдастыруды бастап кеттік. Аталмыш кітапхананың ұйымдастыруымен облысымыздағы 391 кітапхана бір мезгілде онлайн конференция өткізді. Кейін шара кітап көрмесінің ашылуымен жалғасын тапты. Ағымдағы жылдың 12 қантар мен 12 ақпан аралығында Сырым батырдың 275 жылдығына арналған мерейтойлық арнайы логотипке байқау жариялап отырмыз. Жас ерекшелігі шектелмейтінін, логотиптегі бейненің үш түстен аспау керектігін қатысушыларға ескертеміз. Аталған байқауда бір ғана жеңімпаз болады. Ал жасаған жұмыстарын қай мекенжайға жіберу жөніндегі ақпаратты алдағы уақытта БАҚ арқылы хабарлайтын боламыз, – дейді Сырым аудандық Сырым Датұлы атындағы тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева.

IMG_4068

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»


Аңдарға аялы қамқорлық

Күні: , 36 рет оқылды

косулязаяцкабан


Алты ай қыста азық табу аң-құс атаулыға оңай емес. Оның үстіне биылғы «кәрі құданың» қары қалың әрі бұрқасындатуы да әдеттегіден тым жиі болып тұр. Демек, мұндайда түзде тіршілік ететін табиғат перзенттеріне адамның жан шуағы мен аялы алақаны керек-ақ.


Соның айшықты мысалындай, бүгіндері Ақжайық ауданындағы Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде тоғайдың қалың жерлерінде елік, қабан секілді орман «тұрғындарын» қолмен қоректендіру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 20 күн ішінде 50 центнер шөп, 30 тонна жем, 1500 дана буылған бұтақша, 50 келі тұз арнайы алаптарға, астауларға жеткізілді. Кейбір мамандардың айтуынша, мұндай «дастарқан мәзірінен» ара-тұра қоян атаулы да «ауыз тиетін» көрінеді.

«Сондай-ақ жергілікті балықтардың тұншығуына жол бермеу мақсатында 300-ге жуық ойық ойылды», — дейді мекеменің аңтанушысы Талғат Душаев.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


«Қарағым, әдемі шашыңды жиып жүргенің мақұл»

Күні: , 117 рет оқылды

136515130723


Бұл сөздерді фольклордан сабақ беріп жүрген кезінде академик, профессор Мәлік Ғабдуллин айтқан екен. Бұл оқиға 1968 жылдың қараша айында болған. Ауылына барып қайтқан студент қыз әдеттегідей орнына жайғасады.


Сол кезде қырағы ұстаз бойжеткеннің әдемі бұрымының бетін  жауып кеткенін байқайды. Профессор мен студент қыздың арасында  мынандай  диалог  өрбиді:

– Бәрі дұрыс па? Ауылыңда… қалай? Айналаң аман ба?

– Жақсы, ағай, бәрі дұрыс.

– «Олай болса, айналайындар, былай ғой… Біздің халықта «Қара жамылған» деген сөз бар. Мұны қаралы үйдің, қаралы отбасының қыздарына, әйелдеріне байланысты айтады. Олар шаштарын дәл осылай жайып жіберіп, қара жамылған. Бұл «қаралы үй, қаралы отбасы» деген мағынаны білдіреді. Егер, қарағым, ауылыңда бәрі дұрыс болса, анау әдемі шашыңды жиып жүргенің мақұл, жарай ма? Болмаса, жұрт басқаша ойлап қалады. Сырт адамға бұл өзіңе жамандық шақырған секілді әсер етеді», – деп Мәлік Ғабдуллин жастарға ақыл айтады. Бұл өнегелі әңгіме «Егемен Қазақстан»  газетінің 2014 жылы 27 маусымында «Үлкен өмір ұшқыны» деген  атаумен  жарық  көрді.

Осыдан екі-үш жыл бұрын қыздар көшеде кіндіктерін ашып жүруші еді. Қасиетті кіндік арқылы сәби тыныстап, нәр алып, жарық дүниенің есігін ашады. Сол кезде де үлкендер жағының айтқан ақылды сөздері газет бетінде жарық көріп жүрді. Қазір, Құдайға шүкір, жиіркенішті әдет азайып келеді. Алайда енді қаракөз қыздар ғайыптан пайда болған су перілері секілді шаштарын жайып жүретін болды. Бұл – халқымыздың ұлттық болмысына жат, келіспейтін көрініс. Арасында жастардың өзара болатын отырыстарында шаштарын бір мезгіл жіберіп барса, жарасатын шығар. Әйтсе де,  көшеге шашты жайып шығу қазақ қыздарына жат қылық. Ешкімнің басына қара бұлт төндіруден аулақпыз. Тек қаракөз қыздар әдемі шаштарын сәндеп жинап, жинақы жүрсе дейміз. Оқиғаға оралсақ, мақала авторы: «Осы ескертуден кейін әлгі қызымыз дұрыс қорытынды шығарып, жинақы жүретін болды. Әрі бұл әңгіме өзге студенттерге де сабақ болды» деп жазады. Біздің ақылы мол қыздарымыз да ғибратты әңгімеден қорытынды шығарып,  сәл ой түйсе екен дейміз.

 Раиса  ІЛЯСОВА,

Орал  қаласы


Шаштараздың кеңестері

Күні: , 46 рет оқылды

шаштараз ж3г3т


Сержан Құспанов мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ  шаштараздыққа өнер деп қарады. Оқуын ойдағыдай бітіріп, Оралдағы «Сервис» технологиялық колледжінде  шаштараз мамандығына оқыды. 2015 жылдан бастап еңбек жолын бастады. Қазір  ол – қаладағы «BERENICE» сән салонының білдей қызметкері. Салонда қызмет еткен екі жылы ішінде үш мыңдай қыз- келіншекке түрлі сәндік шаш үлгісін жасап, көп тәжірибе жинақтаған.


– «Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек» дейтін еді ғой үлкендеріміз. Соның бірі  мамандық болса, екіншісі жар таңдау екен. Жар таңдауды кейінге қойып, мамандықтан қателеспедім, – дейді жас шаштаразшы Сержан Құспанов. Ол алдағы уақытта Алматыдағы танымал шаштаразшы, үздік шаш үлгісін жасаушы Қанат Асқаровтан шеберлік сабақтарын алуды жоспарлаған. Әзірге Оралдағы  «Сервис» технологиялық колледжінің оқу-өндіріс шебері Үміт Ибатуллаевадан, «Милашка» сән салонының басшысы Айгүл Дәулетқызынан, «BERENICE» сән салонындағы жетекшісі Венера Күлетовадан үйренері көп және өз ісінің шеберлері саналатын  апаларын өзіне  үлгі  тұтады.

Жас болса да, шаштараздықты өнер деп бағалайтын, үнемі ізденісте жүретін замандасым Сержаннан қыз-келіншектерге шаш күтімі жайындағы кеңестерімен бөлісуді сұрадық. Оның бірқатар кеңестері төмендегідей:

  1. Шаштың ұштануы жағдайында арнайы сән салоны қызметкерлерінің кеңесіне жүгініп, ұштанған шашты тегістетіп, жылтырату (полировка) керек. Одан шашқа еш зиян келмейді, керісінше шаш  ұзындығы  сақталып,  ұшы  жаңармақ.
  2. Шашыңыздың берік болып өскенін қаласаңыз, шаштың ұшын үш ай сайын қиған жөн.
  3. Күнделікті үй жағдайында шашты үнемі арнайы құралдармен кептіру, тегістеу (үтіктеу) адам басындағы ұсақ тамырларға зиян келтіріп, шашты күйдіреді. Сондықтан мұндай құралдарды аптасына 1-2 рет қана пайдаланған дұрыс.
  4. Шаш боятуға 40 жастағы апаларымыз келеді. Әрине, оларды түсінуге болады. Әйелдерге имидждерін өзгерту үшін сәнге еліктеп бояйды. Негізі бойжеткендерге шаштың табиғи түсі жарасымды. Сондықтан шашты боямауға кеңес беремін.
  5. Қыз-келіншектер шашты жууда пайдаланылатын сусабын, бальзамды қалауларымен таңдаған  жөн.

Гүлсая  ФАТИХ,

Ж. Досмұхамедов  атындағы педагогикалық  колледждің 3-курс  студенті


Бір күнгі қос қуаныш

Күні: , 46 рет оқылды

Онер мектеби


Орал қаласындағы Зашаған кентінде №1 балалар өнер мектебінің жаңа ғимараты ашылды.


Қала әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шаһарда өткен жылы оқушылар және жастар сарайы ашылса, енді, міне, Зашағандағы өнер мектебі де жаңа ғимаратқа көшіп отыр. Бұрын ол №13 «Золотой ключик» балабақшасының бейімделген бөлмелерінде орналасқан болатын. Жаңа ғимаратқа сондай-ақ кент әкімдігі де орналасты. Бұрын бос тұрған ғимаратты жөндеуге қала бюджетінен 53 млн. теңге бөлінді.

Мұнда сурет салу, ермексаз, хормен ән айтуға арналған жеке кабинеттер бар, домбыра, фортепиано, халық аспаптары, қобыз және хор үйірмелері жұмыс істейді. Қырықтан астам ұстаз 343 баланы түрлі өнерге баулиды. Өнер мектебінің жаңа ғимаратқа көшуі №13 балабақшада қосымша 50-60 орынның ашылуына мүмкіндік берді.

Жалпы, қалада 10 қосымша білім беру ұйымында 9859 оқушы қамтылған, бұл – шаһар шәкірттерінің 26,13 пайызы. Оған қоса әр мектепте үйірме, секциялар жұмыс жасайды.

Айта кетейік, Зашағанға қарасты Коминтерн ауылында 70 орындық «Бөбек» жеке балабақшасы да ашылды.  «Жергілікті кәсіпкер Гүлмира Айтқалиева ашқан аталмыш балабақшада қазірдің өзінде жиырмадан астам балдырған тәрбиеленуде. Бұл шағынауданда бұрын балабақша болған жоқ еді. Оның үстіне ата-аналар баласы үшін  мемлекеттік балабақшадағымен бірдей (12 мың теңгеден) ақы төлейді. Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекет пен жекеменшік әріптестікті дамыту бағытында қазір қалада 22 жеке балабақшада 1623 бүлдіршін тәрбиеленуде. Осы жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс есебінде (әр балаға шаққанда 19354 теңгеден) 176 млн. 97 мың теңге бөлінді, яғни 50 пайызын мемлекет көтереді. Оған қоса қалада 50 мемлекеттік балабақша, 25 шағын орталық, тағы бір мектеп-балабақша кешені жұмыс жасайды. Қазір 13779 балдырғанның 11203-і осы мемлекеттік балабақшаларға барады. Шаһар бойынша 3-6 жастағылар балабақшамен 99,5, 1-6 жастағылар 57,8 пайыз, ал 5 жастағылар мектепалды даярлықпен толықтай қамтылған. Соған қарамастан, қазіргі таңда 16439 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр», деді газет тілшісіне қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары  Батиқа  Пайдина.

садикОнер мектеби2

Ғайса  БӘЙМЕН,

Орал  қаласы

Суреттерді  түсірген Кәусар  БАЙҒАЛИЕВА


28 мың азаматтың құқығы қорғалды

Күні: , 48 рет оқылды

PRI_9945


Сәрсенбі күні облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов, орынбасарлары Нұрлан Дүйсенбаев, Тәжиден Найманов, табиғат қорғау прокуроры Аслан Жанатауов,  Орал қаласының прокуроры Айдын Рашидов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.


Жиын барысында облыстық прокуратураның 2016 жылы атқарған жұмысы жөнінде баяндалды. Облыс прокуроры Сапарбек Айтуұлының мәлімдеуінше, өткен жылы әлеуметтік-экономикалық сала бойынша барлығы 774 тексеріс жүргізіліп, 5,5 мың заңбұзушылық анықталған. Оларды жою мақсатында бір мыңнан астам қадағалау актілері енгізіліп, нәтижесінде 469 заңсыз акті, соның ішінде 11 нормативтік-құқықтық акті бұзылған, 28 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары қорғалып, 2,5 мың тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған және 38 қылмыстық құқықбұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Бюджет 4,2 млрд. теңгеге толықтырылып, мемлекетке құны 243 млн. теңге болатын мүлік қайтарылған.

Облыс прокурорының сөзінше, қадағалау қызметінде жобалық тәсіл белсенді түрде қолданылуда. Мысалы, 2016 жылдың тамызынан бастап, облыс прокуратурасымен  және облыс әкімдігімен бірлескен бес жеке жоба және бас прокуратураның бес жобасы жүзеге асырылуда. Әлеуметтік шиеленістің қаупі мол ошақтарының картасы өңірімізде қоғамдық-саяси жағдайдың қалыпты болуына ықпалын тигізуде. Аталған картаның енгізілуі нәтижесінде бірқатар мәселелер шешімін тапты. Нақтырақ айтсақ, кәмелетке толмағандарға қарсы күш көрсету қылмыстары азайып, олардың тіркелуі ағымдағы жылы 29,4 пайызға төмендеді. «Құмар ойынсыз қала» жобасы нәтижесінде айналымнан 40 ойын автоматы еріктерімен және 38 автомат мәжбүрлі түрде алынды, 18 онлайн-казиноның қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға азайып, «Табиғатты бірге қорғайық!» жобасының нәтижесінде тұтыну қалдықтары 101 мың тоннадан 87 мың тоннаға дейін кеміді. Жұмысшылардың еңбек құқын қорғау бойынша ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде жалақы бойынша 2,5 мың жұмысшыға 283 млн. теңге берешек өтелді. Тағы бір айта кететін жәйт, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыспен қамту орталықтарына бос жұмыс орындары туралы хабарламайтын мекемелер жөніндегі деректер анықталып, осы жағдаят бойынша 1,8 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 437 тұлға жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ облыс прокуратурасының басшылығымен санитарлық және техникалық талаптарға сәйкес келмеген, қараусыз қалған 28 аула жабдықталып, 5 мыңнан астам бала дене шынықтыру мүмкіндігіне ие болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша да пәрменді жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде қадағалау актісімен Ақсай қаласының әкімі А. Тіріжанова мен облыстық бас мемлекеттік экологиялық инспектор Б. Сапаров атқарып отырған лауазымды қызметтерінен босатылды. Мемлекеттік органдар басшыларымен әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жасаудың үш дерегі, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарын жасаудың 30 дерегі, оның ішінде мемлекеттік органдар басшыларымен 13 деректің орын алғандығы анықталды. Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау саласында қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, тұрғындардың прокуратура органдарына сенім арттыру басты назарда болды. Құқық қорғау әрекеттерін үйлестіру шараларымен криминогенді жағдайдың тұрақтылығын сақтауға және аса ауыр қылмыстарды 12,7%-ға, ауыр қылмыстарды 21,9%-ға дейін төмендетуге қол жеткізілді.

2016 жылдың тамызында облыс прокуратурасымен жеке меншікті қорғау және бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы күрес бойынша ведомствоаралық жоспар әзірленді, осының нәтижесінде оларды тіркеу 14,4%-дан 7,9 %-ға, оның ішінде мал ұрлығы 18,4%-ға дейін төмендеді. Ақша қаражаттарын азаматтық-құқықтық келісімшарттары негізінде қарызға беру түрімен жасалатын алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды жетілдіру бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 2016 жылдың қорытындысы бойынша алаяқтық 29%-ға (1082-ден 768-ге дейін) азайды.

Кезекші прокурорлардың жұмыстары жандандырылды, нәтижесінде қызметтік бөлмелерде азаматтарды заңсыз ұстау 24-тен 1-ге дейін, азаматтардың азаптау және тергеумен рұқсат берілмеген тәсілдеріне қатысты шағымдары 29-дан 8-ге дейін төмендеді. Процесс прокурорларының тиімді жұмысы бөтеннің мүлкін ұрлаумен, есірткі заттарын сатумен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың, сондай-ақ Өзбекстан азаматтарын Ресейге Қазақстан арқылы заңсыз тасымалдаумен айналысқан бір трансұлттық ұйымдасқан топтың ұсталуына және сотталуына ықпал етті. Арнайы прокурорлармен айыптау үкімдері шыққан құқық қорғау органдарының жеті қызметкеріне қатысты алты іс аяқталды.

Прокурорлық қадағалау шараларымен 29 тұлғаға қатысты сот актілері заңға сәйкестендірілді. Мемлекеттік айыптаушылардың бастамасы бойынша соттармен заңбұзушылықтарға 24 жеке қаулы енгізілді, оны қарау нәтижесінде төрт дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Түрмедегілерді азайтуға бағытталған жұмыстың нәтижесінде оларды жазаға тарту 32,5%-ға дейін азайды, 282 күдікті прокурормен процестік келісім жасасты. Жазалардың орындалуын қадағалау саласында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 17 сотталушының конституциялық құқықтары  қорғалып, қадағалау актілері бойынша 120 тұлға жауапқа  тартылды. Бас бостандығынан айырудың орнына айыппұлды тағайындау нәтижесінде 23 млн. теңге бюджетке түсті.

– 2016 жылдың қарашасында облыс прокуратурасының бастамасы бойынша өңірлік деңгейде алғаш рет «Азаптау және басқа да қатыгез қарым-қатынас пен жазалау түрлерін тергеу мен құжаттау принциптері. Стамбұл хаттамасы» атты халықаралық семинар өткізілді. Шарада тергеудің халықаралық стандарттары, азаптауды құжаттау-дың әдіс-тәсілдері айтылып, сондай-ақ жұмыс барысында туындайтын келелі мәселелер талқыланды. Сонымен қатар «Колониядағы жұмыспен қамту — 2017» түрме реформасын жүзеге асыру мақсатында пенитенциарлы мекемеге сотталғандардың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отырған бірқатар шаруашылық нысандары тартылды. Сондай-ақ биылдан бастап «Жағдайыңды жақсарту — өзіңнің қолында» атты жаңа жоба жүзеге асырыла бастады. Бұл жоба бойынша түрменің камераларына жөндеу және жабдықтау жұмыстарын, қамауға алынғандарды сапалы медицинамен қамтамасыз ету және олардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау жоспарлануда. Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету саласында азаматтық істер бойынша сот актілеріне наразылық келтіру арқылы мемлекеттің 233,6 млн. теңгеден астам қаражаты жұмсалмай қалды (апелляция — 8,7 млн. теңге, кассация — 224,9 млн. теңге). Сондай-ақ мәміле мен жалған фирмаларды заңсыз деп тану бойынша сот тәжірибесі өзгертілді. Біздің бастамамыз бойынша Жоғарғы сотпен екі іс бойынша жергілікті соттардың заңсыз сот актілері бұзылды, үш кассациялық наразылық қарау сатысында, — деген облыс прокуроры прокуратура  қызметкерлерінің ауыл жұртын қабылдау мақсатында жергілікті жерлерде кездесулер ұйымдастырғанын айтты. Оның сөзінше, облыстық прокуратура қызметкерлері Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қаратөбе, Қазталов және Сырым аудандарының тұрғындарымен кездесіп, 2 985 (2 493) азаматты қабылдаған.

Бұдан соң осы жиынға қатысқан облыстық прокуратураның бөлім басшылары атқарған жұмыстары жөнінде баяндады. Жиынға қатысып отырған БАҚ өкілдері осы баяндамалар бойынша прокуратура қызметкерлеріне көптеген сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Ел есіндегі Ерғали имам

Күні: , 56 рет оқылды

Ергали кажы


1993-2005 жылдар аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Батыс Қазақстан облысындағы өкіл имамы болып қажырлы қызмет атқарған Ерғали қажы Кененбайұлы – Жайық жұртына танымал тұлға. Бертін келе Ерекең Зеленов, Бөрлі аудандарының имамы, ал өмірінің соңғы жылдары Мұхаммед Ғаріп Төлбаев атындағы Орал қалалық мешітінің найб-имамы ретінде де ел ішінде, халық арасында дәстүрлі исламның нығаюына айтулы үлес қосты. Халықтың көңілінен шыққан осындай дін қайраткерінің өмірі, өкінішке орай, осыдан тура бір жыл бұрын жол-көлік оқиғасының кесірінен кенеттен үзілді. Біз бүгін Ерғали имам туралы ел-жұрттың естелігін беріп отырмыз.


Руслан  қажы  СҰЛТАНОВ,

ҚМДБ-ның  БҚО  бойынша өкіл  имамы:

– 1989 жылы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Орталық Азия діни басқармасынан бөлініп, өз алдына дербес құрылым ретінде құрылғаны мәлім. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан 1990 жылдың 1 қыркүйегінен Алматы қаласында қысқа мерзімді Жоғарғы ислам институты жұмыс істей бастады. Ерғали Кененбайұлы – осы діни ілім-білім ордасының алғашқы түлектерінің бірі. Ол аталмыш институтты тәмамдаған соң 1992 жылы ҚМДБ-ның жауапты хатшысы қызметіне  Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлының бұйрығымен бекітілді. Қасиетті дін жолындағы қызметін діни басқармадан бастап, жұмыс барысында аз-кем ысылған соң, 1993 жылы  тұңғыш мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлының бұйрығымен Ерғали Кененбайұлы ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы қызметіне тағайындалды. 1997 жылы бас мүфтидің бұйрығымен Ерғали имам Пәкістан Ислам Республикасында Файсап атындағы Ислам университетінің Дағуа академиясында екі айлық білім жетілдіру курсынан өтті. Ал 2000 жылы алыс жол, қасиетті парыз – қажылық  сапарға  біраз  барып  қайтты.

Ерғали қажы – өкіл имам ретінде Батыс Қазақстан облысында дәстүрлі исламның нығаюына, жергілікті халықтың діни сауатының ұдайы жетіліп, облыстың аудан-ауылдарында мешіттердің көптеп ашылуына жылдар бойы қалтқысыз қызмет еткен ардақты азамат. Ол 2005 жылы байырғы шаһар Оралдың төрінен жаңа мешіттің салынуына да тікелей ықпал  етті.

Ерғали имам Жайық жұртының жадында пайым-парасаты мол азамат, жақсылыққа жанашыр тұлға, діни ұстанымға берік қайраткер ретінде қалғаны кәміл. Ол қасиетті ислам дінін нығайту жолындағы қажырлы еңбегі үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша екі мәрте медальмен, бірнеше рет облыс басшылығының алғысхаттарымен марапатталды.

Ғайса  ҚАПАҚОВ,

Батыс  Қазақстан  облыстық  Қазақстан  халқы  ассамблеясы

төрағасының  орынбасары,  хатшылық  меңгерушісі:

– Мен Ерғали имамды оның табаны Ақ Жайық атырабына тиген 1993 жылдан бері білемін. Ерекеңнің әкесі Кененбай ақсақал – Кеңес өкіметінің күні кешегі күркіреп тұрған уақытының өзінде әуелі Ташкент жағында, бертін келе Шымкент өңірінің кейбір аудан-ауылдарында мешіт ұстап, имам болған кісі. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, осының өзі Ерғали имамның дін жолына кездейсоқ келмегендігін көрсетеді. Сөйте тұра, Ерекең дінмен әсіре шектеліп қалған жоқ. Мәселен, ол қолы қалт еткенде, үстіне спорттық киім-кешек киіп, бізбен бірге волейбол ойнайтын. Ұл-қызын да белсенді өмірге, жан мен тәннің сергектігіне бейжай қарамауға баулыды. Мысалы, Ерғали қажының қызы Ұлболсын – көгалдағы хоккейден республикалық және халықаралық  бірнеше  жарыстардың  жеңімпаз-жүлдегері.

Ерғали қажы саяси тұрғыдан сауатты діндар еді. Ол ұлтаралық татулық пен дінаралық түсіністік тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі екендігін бүкіл жан-жүрегімен түсініп-түйсінді. Сол себепті ол өзінің діни міндет-миссиясын осы талап тұрғысынан дұрыс жүргізе білді. Ерекеңнің және бір ерекшелігі, ол ұзақ-сонар құрғақ уағыз айтпайтын. Керісінше Ерғали имам діни үгіт-насихатты өмірде орын алған, көрініс тапқан, өзі куә болған жақсылы-жаманды оқиғалармен байланыстырып, иланымды әңгімелеп, тағылымды жеткізетін. Және бір айтпағым, Ерғали қажы жергілікті ынталы азаматтарды қасиетті ислам дінінің қызметкері болуға көптеп тартты, облыстық мешіт жанынан діни сауат ашатын медресенің ашылып, оның жүйелі жұмыс істеп кетуіне де атсалысты. Осындай қажырлы іс-әрекеттің нәтижесінде бүгіндері облыс аумағында ел-жұртқа  діни  дұрыс  бағыт-бағдар  беретін  сауатты  молда-имамдар  қатары  молайды.

Аманкелді  ҚАРАБАЕВ,

зейнеткер:

– Марқұм Ерғали қажы Кененбайұлын он жылдан астам уақыттан бері білемін. Сол кездері ол біздің облыстың бас имамы болып жүрді. Асыл дініміздің өркендеуіне көп үлесін қосқан жан ретінде бағалаймын. Адамның көңіліне қарау нағыз мұсылмандықтың белгісі дейді ғой. Ерғали қажы менің есімде осындай кеңпейіл, жаны жайсаң, қашанда көмек қолын созуға әзір тұратын азамат ретінде қалды.

Біз кеңес заманының тәрбиесін алып, күні кешеге дейін атеист болдық қой. Бірінші Алла Тағаланың, екінші Ерғали қажының арқасында діни-рухани тұрғыдан көзіміз ашылып, тілімізді кәлимаға келтірдік. Намаз оқымасақ та, жұма күні міндетті түрде шелпек пісіріп, ата-баба аруағына арнап, Құран оқып, дұға бағыштаймыз.

Санап отырсам, ол кісі ширек ғасырға жуық уақыт  облыс орталығында, аудандарда имам болып қызмет атқарған екен. Батысқазақстандықтардың көпшілігі оны жақсы біледі, сыйлады десем, артық айтқандық емес. Сол себепті облысымыздағы мешіттердің біріне не болмаса медресеге ол кісінің есімін беріп немесе Ерғали қажы атында қоғамдық қор ашып, медресенің үздік шәкірттеріне Ерғали имам атындағы  арнайы  шәкіртақы  тағайындаған  жөн  сияқты…

Талшынай   ЖҮНІС,

Зеленов аудандық  ішкі саясат  бөлімінің басшысы:

– Зеленов ауданының аумағында   дәстүрлі  діни   наным-сенімді нығайту үшін атқарған  жұмысының нәтижесінде біздің санамызда Ерғали имам алғыр дінбасы, адамгершілігі  мол, байыпты азамат ретінде қалды. Мешіт жұмысының жандануына және мешіт жамағатының көбеюі жолында тынымсыз еңбек ете жүріп, аудан ақсақалдарымен бірлесіп  көптеген істің басын қайырды. Біз жұмыс бабында Ерғали имаммен іссапарға шығып, аудан-ауыл тұрғындары және мектеп оқушыларымен кездесу  барысында  сөйлеген  сөзінен, ой-пікірінен  өзіме де үлкен сабақ  алып отыратынмын. Жеткіншектерге «Жақсы оқушы болу аздық етеді, түбегейлі жақсы адам болып қалыптасу керек» деген мазмұндағы пікірлерді жиі айтатын. Сондай-ақ Ерғали имам уақытпен санаспай, мешіт жамағатына қоса, дәстүрлі   емес діни  бағытты  ұстанып жүргендермен кездесіп, ойлы да орынды пікірлерін айтып, тура жолдан адасқандардың өзіне бағыт-бағдар беріп отыратын. Жат діни наным-сенімге арбалғандармен батыл сөйлесіп, оларға «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей сипаттағы ақыл-кеңесті ұдайы айтатын.

АНТОНИЙ,

Орал  және  Ақтөбе  архиепископы:

– Марқұм Ерғали қажы Жұматашев өте тамаша адам еді. Екеуміз көп жыл бойы бір Жаратушымыздың құдіретіне табынып, өзара ынтымақтаса еңбек еттік. Тіпті түрлі жиындарда да қатар отыратындығымыз әлі күнге дейін Жайық жұртының жадында болса керек. Өз басым оның адамдыққа қайшы бірде-бір қылығын көргенім жоқ. Қай ұлт, қай дін өкілі болсын, бәріне ілтипатпен қарады. Ниеті түзу кез келген жанмен тіл табыса кететін. Сондықтан ел арасында беделі жоғары болды.  Ерғали бауырым бізге қарағанда жас еді. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ»,  аяқ астынан ажалдың тырнағына ілінді. Жатқан жері жарық болсын! Діни наным-сеніміміз түрлі болса да, Құдайымыз бір ғой, марқұм бір Жаратушымыздың шарапатына  бөленсін!

Сәкен  АРҚАРОВ,

нотариус, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы:

– Әрине, мен Ерғали қажыны біраз жылдан бері білетінмін. Бірақ замандас адамдар ретінде отбасылық аралас-құраластығымыз Ерекең Бөрлі ауданының имамы болып қызмет істеген 2011-13 жылдары басталды. Екеуміз бір жылдың төлі – құрдас болып шықтық.

Жарықтық, Ерекең кеңпейіл, көпшіл адам еді. Халық пен оның арасында ешқандай бөгет-кедергі болған жоқ. Ерғали Кененбайұлы жергілікті тұрғындардың салт-дәстүріне құрметпен, түсіністікпен қарады. Яғни «Шаш ал десе, бас алған жоқ». Ерекең ел-жұртпен емен-жарқын пейілмен етене араласты. Сол себепті ол құдды кіндік қаны Ақ Жайық атырабында тамғандай Жайық жұртының өз адамына айналып кетті. «Жақсыда жаттық жоқ» немесе «Өзі жақсы кісіге  қай-қайда да бір кісілік орын бар» деген, міне, осы болса керек. Ерғали имам жұртты дәстүрлі исламға тек діни уағызбен ғана емес, реті келгенде әдемі әзіл, орынды қалжыңмен, тіпті мысқыл-қағытпамен де бағыттайтын. Қажы құрдасымның осындай әдіс-тәсілі атеист  мені  де  «құтқармады».


Төрт адам түрмеден босамақ

Күні: , 53 рет оқылды


«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес БҚО бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жа­засын өтеп жатқан 151, сондай-ақ пробация  қызметі  есебінде тұрған  611  адамға  рақымшылық  жасалады.


БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бас маманы міндетін атқарушы, әділет майоры Тимур Дүй­сә­лиев­тің айтуынша, соның ішінде 4 адам ғана түзету мекеме­сінен бостандыққа шығады. 39 адамға қатысты жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым же­ңіл жаза түріне ауыстырылса, үкімде көрсетілген басқа да талаптары толықтай өтелген 108 сотталушының жазасы қыс­қар­тылады.

Еске сала кетейік, аталмыш Заң ізгілік актісі әрі мемлекет тарапынан мейірімділік пен се­нім білдірудің көрінісі болып табылады. Заңға сәйкес әлеу­мет­тік жағынан әлсіз топқа жататындар, соның ішінде кәме­лет­ке толмағандар, жүкті әйел­дер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек баласы бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар қыл­мыстық жазадан босаты­лады. Жазаның өтелмеген бөлі­гін айыппұлмен немесе бос­тан­дығын шектеумен алмасты­ру, сонымен қатар қысқарту да көз­делген.

Ғалым  АЯН


Жаңа заң жүзеге асуда

Күні: , 67 рет оқылды

DSC_0008


2017 жылдың 7 қаңтарынан бастап күшіне енген Қазақстан азаматтарын уақытша тіркеу туралы заң отандық бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Мұқтаж жандар бір-бірінен қалай, қай жерге барып  тіркелу керектігін сұрап, әлек болса, жамбасы ауырмағандар астарлы қалжыңға құрылған жазба жариялап, жаңа заңды әзілге айналдыруда. Сонымен, соңғы күндері «жұлдызға айналған» заңның түйткілін біз де шешіп көрелік.


Сейсенбі күні өткен отырысында Қазақстан үкіметі уақытша тіркеу туралы өзгерісті талқылады. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезек туралы, көпшіліктің наразылығы мен құзырлы органдардағы түсіндіру жұмыстарының неге нашар жүргізілгендігі туралы түсіндіруді талап етті.

Министрлер кабинетінің басшысы заңдағы жаңа өзгерістерге «дұрыс және қажетті» деп баға берді. Бірақ ІІМ, Ақпарат министрлігі және «Үкімет халық үшін» корпорациясы да ол өзгерістердің халық арасында еніп кетуін қамтамасыз ете алған жоқ. Тіпті талқылау кезінде ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымовтың заңға Президенттің қашан қол қойғанын білмейтін болып шықты, бірақ алдағы бір айда азаматтарға ешкім айыппұл салмайды деп сендірді.

«Азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша уақытша тіркеу. Қазір ХҚКО-да қандай жағдай болып жатқанын көріп отырмыз. Халық наразы, ақпарат жеткіліксіз, сұрақ көп. Мемлекеттік органдар түсіндіруге тырысады, бірақ оны көпшілік қабылдап жатқан жоқ», – деді Сағынтаев күннің ең даулы мәселесі туралы.

DSC_0027Еске салайық, 2016 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев терроризмге қарсы күрес шараларын күшейтуді қарастыратын заңға қол қойған болатын. Заңға сәйкес жалға берушілер өз жылжымайтын мүліктерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуге міндетті. Бұл заң Ақтөбе мен Алматыдағы терактілерге байланысты қабылданған болатын.

Сонымен, қарапайым тілмен айтар болсақ, Қазақстанның өзге қаласына уақытша тұру үшін барған кез келген қазақстандық міндетті түрде сол жерде тіркелуі керек. Бұл талапты орындамаған азамат 16 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейінгі аралықта айып төлейді.

Түйткілді мәселенің біздің өңірдегі жай-жапсарын білмек мақсатта БҚО ІІД көші-қон полициясы басқармасының бөлімше бастығы Жанаргүл Қадырбековамен жолығып, бірқатар көкейдегі сауалға жауап алған едік. Уақытша тіркелуге қандай құжаттар қажет, бір мекенжайға қанша адам тіркеуге тұра алады, тіркелмеген азаматтарға кандай көлемде айыппұл салынады деген сауалдарға төмендегіше жауаптар алдық.

IMG-20170113-WA0044— Уақытша тіркелу үшін үй иесінің келісімі мен жеке куәлігі, тіркелушінің жеке куәлігі, тіркелу үшін 227 теңге төлегені туралы түбіртек қажет етіледі. Сонымен қатар тіркелетін үй иесінің өзі немесе нотариус куәландырған сенімхаты қажет. Электронды сандық қол болған жағдайда азамат электронды үкімет арқылы тіркелуіне болады және тұрақты тіркелген жерінен тіркеуден шығу қажет емес. Санитарлық талаптар бойынша, пәтерде әр тіркелушінің кемінде 15 шаршы метр тұрғын жері болуы керек. Әзірге бұл норма Алматыда енгізілген. Болашақта елдің барлық аймақтарында осындай талаптар қабылданатын болады. Тіркелген әр адамға пәтерден қанша тұрғын жер берілуі керектігі әр аймақта түрлі болуы мүмкін. Мысалы, Алматыда 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде төрт адамнан артық тіркеуге алуға болмайды. Басқа қалаға ұзақ уақытқа емделуге немесе ауруханаға жату үшін барған азаматтар да сол жерде тіркелуі тиіс. Ал басқа қалада жұмыс істейтін, бірақ қонақүйде тұратын адамдар қонақүйде тіркелуіне болады. Енді заң талаптары бұзылған жағдайда салынатын айыппұлдар туралы айтар болсақ, уақытша тұрып жатқан жерінде бір айдан аса уақыт тіркеусіз тұрғаны үшін 7 АЕК, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады. Екінші тексеру кезінде заңбұзушылық анықталса, айыппұл 13 АЕК, яғни 29 500 теңге болады. Пәтершілерді тіркеуге қоймаған пәтер иелері 10 АЕК, яғни 22 600 теңге айыппұл төлейді. Олар жеке тұлға емес, шағын кәсіпкерлер болса, айыппұл көлемі 15 АЕК немесе 34 000 теңге, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері болса, 50 АЕК көрсеткіш, яғни 113 500 теңге. Алайда заң күшіне енгенмен, айыппұлдар салу әлі де көптеген құжаттардың қабылдануын талап етеді. Сондықтан уақытша тіркеусіз азаматтарды анықтау ісі 2017 жылдың 1 ақпанында басталады. Облыс орталығы мен аудандарында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көші-қон полиция бөлімшелері уақытша тіркеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Облыс орталығы Орал қаласында халық тығыз орналасқандықтан, Жамбыл көшесі, 81/2 мекенжайындағы №1 және Құрманғазы көшесіндегі 173-үйде орналасқан №2 халыққа қызмет көрсету орталықтары таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін, яғни 12 сағаттық жұмыс кестесіне көшкендігін қала тұрғындарының назарына береміз. Сонымен қатар сенбі күндері де толыққанды қызмет көрсетіледі. Жаңадан қабылданған заңға сәйкес қала тұрғындарын тұрғылықты жеріне түпкілікті немесе уақытша тіркелуге шақырамыз, — дейді Жанаргүл Қадырбекова (суретте).

Қабылданған заңның орындалу барысымен таныспақ ниетпен Құрманғазы көшесі бойындағы халыққа қызмет көрсету орталығында болған едік. Орталыққа келушілердің қарасы әдеттегіден көбірек болғанымен, ұзын-сонар кезекті, жүйкесі жұқарып ашуға басқан тұрғынды байқамадық. Әр келушіге электрондық кезек арқылы қызмет көрсетілуде.

Дулат Малаев— Еліміздің басқа да қалалары секілді біз де тұрақты және уақытша тіркеу жұмыстарын 7 қаңтардан бастадық. Алғашқы күндері тәулігіне 130-даған тұрғын тіркеуден өтсе, күні бүгін 12 сағат жұмыс уақытында 400-ден астам тұрғынға қызмет көрсетудеміз. Әр келушіге қызмет көрсету уақыты сол мекенжайға тіркеуге тұратын адам санына байланысты. Бір мекенжайға бес адамнан бастап 12 адамға дейін тіркелуі мүмкін. Келушілерге электрондық кезекпен қызмет көрсетудеміз. Әзірге ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Соған қарағанда келушілер көрсетілген қызметке дән риза деп ойлаймын, — дейді Орал қалалық ІІБ көші-қон полициясының аға инспекторы Дулат Малаев (суретте).

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жаңа тағайындау

Күні: , 51 рет оқылды

Миржан Сатканов


Кеше Батыс Қазақстан облысы әкімінің  өкімімен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып Миржан Мұнайдарұлы Сатқанов тағайындалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жаңа басшыны еңбек ұжымымен таныстырып, сәттілік тіледі.


Миржан Мұнайдарұлы Сатқанов 1977 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Түркия Республикасындағы  Докуз Ейлюл университетін тәмамдаған.

2001 жылы Орал қалалық қаржы бөлімінің жетекші маманы болып қызмет атқарды.

2001-2004  жылдары – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту департаментінің бас маманы, бөлім бастығы.

2004-2005  жылдары – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту басқармасы бастығының орынбасары.

 2005 жылы – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы.

2005-2006 жылдары – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары.

 2006-2010 жылдары – «Қазақстан Халық банкінің зейнетақы жинақтау қоры» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары.

 2010-2011 жылдары – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары.

 2011-2012 жылдары – «БҚО кәсіпкерлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры.

 2012-2013 жылдары – Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары.

 2013-2015 жылдары Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2015 жылдың 26 қазанынан бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы болды.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика