Мұрағат: 11.01.2017


Әскери қызметшілер де ел намысын қорғамақ

Күні: , 30 рет оқылды

8766


Қорғаныс министрлігіне қарасты Армия орталық спорт клубының (АОСК) тоғыз спортшысы Алматыда өтетін ХХVIII қысқы Универсиадада Қазақстан құрама командасының сапында сайысқа түседі. Әскери қызметшілер биатлоннан, шаңғы жарысынан және шайбалы хоккейден жүлделі орындар үшін бағын сынайды.


Baq.kz сайтының хабарлауынша, универсиадаға қатысушылар арасында АОСК спорт ротасының келісімшарт қызметіндегі, сон­дай-ақ мерзімді қызметтегі әске­ри қызметшілер бар. Бүгінгі күні барлық спортшы жоспарлы түр­де даярлыққа кіріскен. Сонымен бірге  биатлон бойынша штаттық команданың спортшылары Гер­маниядағы әлем кубогының сатыларына қатысады деп күтілуде, содан кейін Италиядағы жарыс­қа барады.


Киік құмға бет алды

Күні: , 46 рет оқылды

26218-6-v_zko


Республикалық басылымдардан «Батыс Қазақстан облысында атып алынған киіктердің 33 басы табылды» деген мәліметті оқыған едік.


Соның 14 басының денесі біздің ауданымыздан табылыпты.

Жалпы 20 мыңдай киік өткен жылдың 26 желтоқсан күні Жаңақала ауданы аумағына Балдырған мен Әліпсай қыстақтарының ортасымен келген.

Солардың бір бөлігі аудан орталығы маңындағы Байтоқ елді мекеніне дейін жетсе, көбі құмға (Самар) қарай ауған. «Мал артынан ұры жүреді» десе, браконьерлер де қаршанамен ұрымтал тұсты тез пайдаланып, даланың қасиетті аңына қастандық жасап үлгерген. Желтоқсан айында аяқталған күйек науқанына орай киіктердің әлсіздігі оларға оңай олжаға қарық болуға көмектескені анық. Десе де, киіктер мемлекет тарапынан қатаң бақылауда. Ал біз бұл  хабарды «Қамыс-Самар» ЖШС-ның директоры Ғ. Мирмановтан естіп, білдік.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген мәтел бар қазақта. Бұл киелі киіктердің үдере көшкені қыс айларының созылып, қытымыр, қатерлі боларын аңғартқаны ма?.. Не болғанда да бейқам отырмайық, ағайын!

Ақсұңқар  СӘДІР,

Жаңақала  ауданы


Мәжіліс депутаттары тұрғындар арасында

Күні: , 27 рет оқылды

dsc_0254


Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, қаржы және бюджет жөніндегі комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсова, аталған комитет мүшелері Татьяна Яковлева және Аманжан Жамаловпен тұрғындардың жүздесуі өтті. Шарада «Нұр Отан» партиясы облфилиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменов, облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев болды.


Аудан әкімі Әділ Жоламанов меймандарды ауданның әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімен таныстырып өткен соң, халық қалаулылары сөз алды. Олар Парламенттің заң шығарушылық қызметі жайында тұжырымдады, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға молынан мүмкіндік әкелген «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларын толықтырып отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

— Бұл бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асырылуы, әрине, бөлінген ақша қаражатын ұтымды пайдалануға тікелей байланысты. Өкінішке қарай, нақты нәтижелер болмай жататын кез де бар, — деді Гүлжан Жанпейісқызы.

Депутаттар сайлаушылардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдады. Мәселен, еңбек ардагері, ҚР мәс-лихаттарының құрметті депутаты Дәулетжан Жақсыбаев ауданда жастардың спорттық әлеуеті зор бола тұра, дене шынықтыру-сауықтыру кешені әлі күнге жоғына алаңдаушылығын айтты. «Аудан орталығында осындай кешеннің құрылысы жүргізілуіне септескейсіздер», — деді ол.

Д. Жақсыбаев сондай-ақ Чапаев тұсында Жайық өзеніне көпір салудың толғағы жеткенін, мұның бүкіл еліміз үшін пайдалы нысан боларын еске салды.

Кездесу мінберінен сөз алған «Таным» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының жетекшісі Құрман Бисеғалиев терроризмнің алдын алу жөніндегі жұмысты күшейту аса бір көкейкесті мәселе екенін қаузаса, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асылбек Жаншин «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға баспана ұсынуға қатысты кейбір мәселені нақтылай түсу қажеттігіне назар аударды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Жанна Нұржанова жұмыспен қамтуға байланысты оқыту және қайта оқыту мәселелеріне байланысты сұрақтар берді.

Мәжілісмендер аудан орталығы жанындағы қой етін өңдейтін «БатысМарқаЛамб» ЖШС-ның жұмысымен танысты.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН


ҚР Ұлттық ұланына 25 жыл!

Күні: , 42 рет оқылды

img_4037


Қаңтардың  10-ы күні  ҚР  Ұлттық  ұланының  құрылғанына  25 жыл толды. Осыған  орай  «Батыс»  өңірлік  қолбасшылығы  облыстық  қазақ  драма  театрында  мерекелік  шара  ұйымдастырды.


Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов және жеке құрам қызметкерлері мен мүдделі ұйым өкілдері, ардагерлер қатысты.

Салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов ашып, егемен еліміздің тарихына қысқаша тоқталып өтті.

– Біз таяуда ғана ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойладық. Осы бір ширек ғасыр ішінде еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, барша әлемге танылды. Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңнен бастап елдің қоғамдық қауіпсіздігі мен ішкі тәртібін күзету мемлекет алдындағы ең маңызды мақсат болды. Осыған орай  1992 жылдың 10 қаңтарында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасында Қарулы Күштерден алғаш болып Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері құрылды. Сол күннен бастап ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерден қорғау жолындағы жауапты қызметін мінсіз атқарып келеді, – деген Қайрат Михаилұлы бұдан әрі ұландықтардың  қиын-қыстау кезеңдерде көрсеткен ерлік істері мен халыққа көрсеткен қолғабыстары жөнінде баяндады. Оның сөзінше, 25 жыл ішінде 150 әскери қызметші әр кездері жасаған ерлік істері үшін мемлекеттік марапатқа ие болған. Солардың 30-ы жергілікті «Батыс» өңірлік қолбасшылығының өкілдері екен. Олардың қатарында Отан алдындағы міндетін мінсіз атқарған «Айбын» ІІІ дәрежелі орденінің  иегерлері – қатардағы  әскери қызметші Бақтияр Қайырбеков, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы әскери қызметші Досбол Сапар және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған қатардағы әскери қызметшілер Сырым Сүндетов пен Денис Чернышев бар.

emblem_national_guardБұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сөйлеп, ұландықтарды 25 жылдық мерейтойларымен  құттықтады.

– Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері игілікті, күрделі және қауіпті қызметті адал атқарып келеді. Сіздер тұрғындардың бейбіт өміріне қол сұғушылардың жолын кесіп, қоғамда қауіпті іс-әрекетті болдырмауға үлкен ықпал етіп жүрсіздер. Және азаматтарды қорғап, оларға көмектесуге әрқашан әзір тұрасыздар, міне, нағыз патриотизм деген осы болады. Сондықтан да сіздердің қызметтеріңіз  қашан да құрметке лайық, еңбектеріңізді ел-жұрт жоғары бағалайды. Сіздерді бүгінгі мерейтойларыңызбен өңір басшысы мен барша облыс тұрғындары атынан құттықтап, жұмыстарыңызға жеміс, жанұяларыңызға бақыт тілеймін, — деген Арман Кәрімұлы ҚР Ұлттық ұлан әскерлер Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бұйрығына сәйкес бір топ мемлекеттік мекеме басшылары мен облыстық құқық органдарының өкілдеріне, әскери қызметкерлерге, әскер ардагерлеріне «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына 25 жыл» мерекелік төсбелгілерін және грамоталарды табыс етті. Марапатталғандардың қатарында жедел-қимыл басқармасының басшысы, подполковник Мамай Құрмантаев, әскери қызмет басқармасы басшысының орынбасары, полковник Кенжебек Махмутұлы, әскери дайындық басқармасының аға сардары, подполковник  Нұржан Омаров және тағы басқа да үздік әскери қызметкерлер болды. Осындай медаль 1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндетін атқару кезінде қаза тапқан сержант Радик Қаймулдиевке де берілді. Оған тиесілі марапатты сержанттың әкесі Бақтыгерей Қаймулдиев қабылдап алды. Сондай-ақ жедел-қимыл басқармасының басшысы, подполковник Мамай Құрмантаев «Құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталса, 5517-әскери бөлімі штаб басшысының аға көмекшісі, капитан Уахит Қыстаубаевқа «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» І дәрежелі төсбелгісі табыс етілді. Бұдан басқа тағы бір топ әскери қызметкер Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бұйрығымен лауазымдық міндеттерін адал және абыроймен атқарғаны үшін марапатталды.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты. Концерттік бағдарламада әскери қызметкерлер мен олардың жанұя мүшелері тамаша өнер көрсетіп, мерейтой иелерінің құрмет-қошеметіне  бөленді.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк АЙМЫРЗИЕВА: «Сақтандыру жүйесі тиімді болмақ»

Күні: , 38 рет оқылды

%d0%bc%d0%ba1


Мемлекет басшысы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР заңына 2015 жылдың 16 қарашасында қол қойды.


Осыған орай елімізде 2017 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстан азаматтарымен ұйым арасында іске асырылатын болған. Бірақ ҚР Парламенті депутаттарының аталған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне байланысты еліміз бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу 2018 жылға шегерілді.

Денсаулық сақтау саласындағы жаңа жүйеге қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ көп. Осыған орай біз облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймырзиеваға жолығып, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» заңы жөнінде таратып айтып беруін өтіндік.

– Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Бұл жүйе бойынша жұмысқа қабілетті азаматтарға ай сайын белгіленген мөлшерде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті түрде  жарна төлеп тұру жағдайы қарастырылған. Жарна төлеуден азаматтардың 11 санаты босатылады, олар мыналар: кәмелеттік жасқа толмаған жас балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар. Осылармен қатар интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО-дан кейін білім алып жатқан тұлғалар, бала тууға, бала асырап алуға, үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде, сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар да бекітілген дәрігерлік көмекті МӘМС есебінен тегін алады. МӘМС үш жақтың – мем-лекеттің, жұмыс берушінің және азаматтың жауапкершілігін қарастырады. Жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің денсаулығы туралы ойлау керек, өйткені денсаулық пен өнімді еңбек ресурстары – кез келген кәсіпорынның табыс кепілі. Сондықтан МӘМС қызмет ететін барлық елдерде жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар төлейді, олардың көлемі еңбекке ақы төлеу қорының 3 пайызынан 15 пайызына дейінгі аралықты құрайды. Жарна жинау жұмысы 2017 жылдың 1 шілдесінен басталады. Жарналардың қажетті көлемде аударылуы салық органдарының құзырында болады. Жұмыс берушілер міндетті әлеуметтік меди-циналық сақтандыру жарнасын жалдамалы жұмысшылар үшін төлесе, салық органдарында тіркелген қызметкерлер мен өз кәсібімен айналысушы азаматтар өздері үшін төлейді. Ерекше санаттағы азаматтар, яғни халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының  7 пайызын құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады. Жұмыс берушілер төлейтін жарнаның жалпы мөлшері табыстың 5%-ын құрайды. Сонымен қатар төлем 2017 жылы 2%-дан басталады, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 4% және 2020 жылдан бастап 5% болады. Бұл жарналар корпоратив табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі. Қызметкерлер төлейтін жарна мөлшерлемесі табыстың 2%-ын құрайды, сонымен қатар оларды төлеу 2019 жылы 1%, ал 2020 жылдан 2% болады. Бұл жарналар жеке бас табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар) төлейтін жарна мөлшері табысының 7%-ын құрайды. Жарна мөлшері 2017 жылы 2 пайыздан бастап, 2018 жылы 3 пайыз, 2019 жылы 5 пайыз, 2020 жылы 7 пайыз болады.

Ай сайынғы міндетті салымдарды жинақтап, медициналық қызметтерді сатып алу үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанындағы Медициналық қызметтер ақысын төлеу комитетінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан үкіметі болады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу халық үшін тиімді, өйткені қор арқылы жиналған қаражатқа дәрігерлер қауымы науқастарды емдеу үшін ең заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді сатып алады.  Бұл  медициналық көмек сапасының артуына мүмкіндік береді.

– Сонда сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін халыққа дәрігерлік көмектер қалай көр-сетілмек?

– Ол көмектер екі түрлі. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына «Жедел жәрдем» қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді. 2020 жылға дейін өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджет есебінен амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік күтім мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді. Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға  беріледі. Жоғарыда аталған пакеттерге қосымша ерікті медициналық сақтандыруға қатысқан азаматтар дәрігерлік қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасаған келісімшарт негізінде алатын болады.

– Емделушінің медициналық сақтандыру жарнасын төлейтіндігі қалай тексеріледі?

– Оны анықтау үшін медициналық ұйым қызметкері оның ЖСН нөмірін бірегей электрондық дерекқорға енгізу арқылы біле алады. Егер жарналары төленіп отырса, онда ол сақтандыру ұсынатын барлық қызметтерді пайдалана алады. Ал егер азамат медициналық сақтандыру жарнасын төлемеген болса, онда ол адамға медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана жәрдем көрсетіліп, басқа шығындарды өз қаражатынан төлейтін болады. МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмек көлемі қорға енгізілетін жарна сомасына тәуелді емес.  Біреулер ай сайын 5 мың теңге төлесе, екіншісі 10 мың теңге төлеуі мүмкін. Бірақ ауырып қалған жағдайда олар дәрігерлік көмекті бірдей деңгейде алады.

Осы жерде бір айта кететін нәрсе, студенттер халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататындықтан, оларға дәрігерлік көмек мемлекет есебінен тегін көрсетіледі.  Ауырып қалған жағдайда олардың өздері оқып жатқан қалалардағы емханаларға барып, дәрігерге тегін қаралуына болады. Сондай-ақ студенттер оқуын бітіргеннен кейін тағы алты айға дейін МӘМСҚ-ға төлейтін жарналардан босатылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуші азаматтардың барлығы, соның ішінде ел аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да еліміздің қай түкпірінде жүрсе де, қажетті медициналық көмекті тегін пайдалана алады. Жұмыссыз адамдар үшін (жергілікті жұмыспен қамту органдарынан жұмыссыздығы жөнінде анықтамасы болса) мемлекет белгілі бір уақыт аралығына әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар төлеу міндетін мойнына алады. Тұрақты жұмысы жоқ азаматтар медициналық көмекті толық деңгейде алғысы келген жағдайда, олардың салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені жөн. Сөйтіп, медициналық сақтандыру қорына тапқан табысынан, тіпті табысы болмаған күннің өзінде ең төменгі жалақы төлемінің 2 пайызы көлемінде жарна төлеуі керек. Сондай-ақ жұмыссыз жүрген азаматтар да әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысқысы келсе, екінші деңгейдегі банк арқылы медициналық сақтандыру қорына ең төменгі жалақы төлемінің 2%-ы көлемінде жарна төлеуі тиіс. Сонда ғана ол тиісті медициналық көмекті толық көлемде алуға қол жеткізеді.

– Ауру айтып келмейді. Біреу аяқ асты ауырып қалды делік. Сонда оны «Сақтандыру жарнасын төледің бе, төлемедің бе?» деп тексеріп жүргенде, уақыт өтіп кетпей ме?

– Шұғыл жағдайларда, яғни азамат қатты сырқаттанып қалып, оған шұғыл стационарлық ем жасау керек болған жағдайда, науқастың сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан, тегін емдейді. Ал науқастың қиын жағдайдан шыққаннан кейін қабылдайтын емінің ақылы немесе тегін болуы оның сақтандыру қорына қатысатын-қатыспайтындығына, сондай-ақ пациенттің қай топқа жататынына байланысты болады. Тағы бір айта кететін жәйт, сақтандырылған азаматтар жоспарлы стационарлық емді бұрынғыша портал бойынша кезегі жеткенде ғана алады. Ал егер науқас портал кезегін күткісі келмесе, өзінің қалаған емханасында ем ақысын төлеп, ақылы түрде емделуіне болады. Сол секілді заманауи құрылғыларда тексерілгісі келген азаматтар белгіленген мерзімде өзі тіркелген емханада тегін тексеріле алады. Ал кезек  күткісі келмегендер өзі қалаған кез келген емдеу мекемелеріне барып, өз қаражатына ақылы түрде тексеріле алады. МӘМС-мен бірге елімізде ерікті медициналық сақтандыру жүйесі де болады.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, мемлекеттік сатып алуға жәй емхана-ауруханалармен бірге ақылы қызмет көрсететін медициналық мекемелер де қатысады. Егер азаматтың таңдаған ақылы медициналық мекемесі тендер ұтып алған болса, онда азамат жергілікті емхананың жолдамасымен сол емханада тегін ем алуы мүмкін. Ал егер азаматтар ақылы медициналық мекемелерге ешқандай жолдамасыз өздігінен қаралатын болса, онда ол азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ай сайын жарна төлеп тұрғанына қарамастан, өзі таңдаған мекемеге өз қалтасынан қаражат шығарып, қалаған емін алуына құқығы бар. Айтпақшы,  МӘМС-ның медициналық қызметтер пакетіне санаторийлық-курорттық емдеу кірмейді. Сондай-ақ инсульт, инфаркт, онкологиялық аурулар және трансплантология бойынша оңалту көмегін сақтандыру қаражаты есебінен кеңейту жоспарлануда, – деген  Мәншүк Құдайбергенқызы еліміздің «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына қатысты бірқатар нормативтердің әлі толық бекітілмегенін айтып, алдағы уақытта жаңа заңға әлі де толықтырулар мен өзгерістердің енгізілуі  мүмкін екенін  жеткізді.

Дайындаған  Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Отан жерінде омарта біреу-ақ

Күні: , 238 рет оқылды

%d0%ba%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%82%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2-%d0%ba%d0%b0%d1%80%d0%b8%d1%81%d1%82%d1%96%d2%a3-%d0%b6%d0%b5%d0%ba%d0%b5-%d0%ba%d0%b0%d1%80%d1%82%d0%be%d1%87%d0%ba%d0%b0%d1%81%d1%8b


Кеңестік насихат бізді «Адам жегіш Гитлердің шпионы», «Ағылшынға жанын жалдаған жалдап» деп ұйытып келген белгілі Қарес Қанатбай осы өзіміздің Жәнібек ауданындағы Борсы ауылында туып-өскенін жуырда ғаламтордан көріп, талып қала жаздадық.

Ресейдің Қорғаныс министрлігі жанындағы «Мемориал» сайты солай деп тұр.


Осы жинақталған мәліметтер базасына Қанатбай жайында үш түрлі құжат шығарылған екен. Біріншісі – майдан даласында хабар-ошарсыз кеткендер жайлы ақпарлар хабарламасы (РФ ҚМОМ, 58-қор, 818883-тізбе, 619-іс). Онда Канатбаев Карис Кусаевич жөнінде мынадай мәлімет берілген: 1911 жылы Батыс Қазақстан облысының Талов ауданында Борсы ауылсоветінде туған, әскерге Удмурт АССР-ның Алнаш ауданынан шақырылған, соңғы әскери қызмет орны – 22-армия, 98-атқыштар дивизиясы, әскери атағы – кіші лейтенант, партияда жоқ, хабарсыз кеткен уақыты – 1942 жылдың шілде-қыркүйек аралығы. Екінші құжат – КСРО Қорғаныс министрлігінің бас кадрлар басқармасының кадрлық тізімнен шығару жөніндегі бұйрығынан алынған ақпарат (РФ ҚМОМ, 33-қор, 595608-тізбе, 7-іс). Бұл құжатта Канатбаев Каристің туған жері – Батыс Қазақстан облысындағы Дасан Чиган мекені (құжатта осылай жазылған). Құрамнан шығарылуының себебі – «жау жағына өтіп кеткен». Удмурт АССР-ынан әскерге шақырылып, жоқ болып кеткендердің ақпарат қағазына қосып берілген тізімінде 47-реттік нөмірімен тұрған кіші лейтенант Қ. Қанатбаевтың тұсына «Состоявший в распоряжении командира 98-стрелковой дивизии, находясь в плену, изменил Родине» деп жазылған. «Туған-туысқандары» дейтін тұста «Канатбаева – Алнашский район, с. Алнаши» деген жалғыз сөйлем тұр.

Үшінші мәліметкөз – Германияда кеңес қолына түскен трофейлік құжат, яғни кеңестік әскери тұтқынға немістер ашқан лагерьлік карта. Мұнда туған жері Борзы деревнясы, лагерьлік нөмірі 95524, тұтқынға түскен жері Невель, түскен күні 23.07.1941 жыл, «тағдыры» деген тұсқа: «тұтқынға түсті» деп жазылған (ҚМОМ, 33-қор, 594263-тізбе, 105-іс). Немістер толтырған «персоналкартеге» қарағанда әкесі – Кусай, шешесінің қыз кезіндегі фамилиясы Имангалиева. Фотосуреті жапсырылып, саусақ таңбасы басылған. Ұлты қазақ, Қызыл Армияда 155-артиллерия полкінде қызмет еткен, мамандығы тау-кен инженері, орыс, татар және өзбек тілдерін біледі, зайыбы – Гузаханова Марьям, екеуінің бір баласы бар, әйелінің тұрғылықты жері – Қазан қаласы, Пушкин көшесі, 12-үй, 1-пәтер. Қ. Қанатбаев басында ІІІ А шталагында (әскери тұтқындардың стационарлық лагерінде) отырған, одан 1942 жылғы 29 сәуірде ІІІ D шталагына ауыстырылған. 1942 жылы 23 шілдеде тұтқыннан босатылып, Вустрау дейтін жерге «командосқа» жіберілген (құжатта солай).

Сонымен, Қанатбайдың бұрын көмескілеу болып келген біраз өмірдерегі құжаттық негізде анықталды. Сонымен бірге жоғарыдағы үш мәліметкөз кейіпкерімізге қатысты бірқатар жәйттерді нақтылауға да мүмкіндік беріп отыр.

Біріншіден, ат-есімі. Осы күнге дейін оның аты қазақша дереккөздерде көбінесе «Қарыс» деп жазылып келді. Төлқұжат бойынша толтырылған әскери документтердегі әліптелуі – Карис (тек бір майдан ақпарында «Кариес» делінеді). Онымен Германияда бірге болғандар – белгілі Хасан Оралтай мен атыраулық бұрынғы әскери тұтқын Ғайпен Бейісов болса, «Қарес» деп жазады. Осылардың қайсысы дұрыс? Біздіңше, екінші жоба – Қарис аты дұрыстыққа келеді. Себебі бұл ат-есім осы пошымда оның иесінің қатысуымен яки өзінің ауызекі айтуымен толтырылған қағаздарға түскен. Екіншіден, бұл антропоним арабтарда ескіден келе жатқан Харис (Харисудин) есімінің қазақшаға шамалы бейімделіп айтылуынан шыққан. Асыл тегі еңбекқор, күзетші, сақтаушы, қорғаушы деген мағынаны білдіреді. Орысша жазылуы да осы бастапқы мағынасына жуық. Бірақ Қазақстанның батыс аймағында жиі кездесетін бұл кісі аты осы жақта әдетте ауызекі тілде Қарес, Харес деп те айтыла береді. Біз де осы халықтық антропонимикаға тоқтап, ендігі жерде Қанатбаевтың есімін «Қарес» деп алу жөн деп білеміз.

Байқағанымыздай, «Мемориал» ЖМБ-дағы деректерде Қарестің туған жері де түрліше көрсетілген: екі тұста Борсы елді мекені, бір жерде Дасан Чиган. Борсысы – Жәнібек ауданында қазір де бар белгілі кент, ал «Дасан Чиганы» – Досан Шыған, не қате жазылып кеткен Досан шағылы болуы керек. Әрбердесін Борсы – Қарес шыққан ауқатты Қосай әулетінің жайлауы, ал Досанның шағылы құм ішіндегі қыстауы болуы да мүмкін ғой. Осы орайда Досан ныспылы жердің анық-қанық мәліметін Жәнібек, Бөкей ордасы өңіріндегі білетін кісілерден күтеміз.

Білетін кісі демекші, интернет-ресурстағы материалдармен танысқаннан кейін біз Қанатбайдың туысқандарын іздеу барысында оның аталас інісі, оралдық Серік Қанатбаевты тауып, хабарласқан едік. Көп ұзамай мың болғыр Серік Ғаниұлы Қанатбай әулетінің өзі білетін тарихын жазып та жіберді.

Секеңнің келтіруінше, Қарестің руы – ноғайқазақ. Оның ішінде оразақай қояс. Оразақайдан – Нияз, Жолмамбет, Бозай. Нияздан – Шомбал. Бозайдан – Бекжан, Наурызәлі. Жолмамбеттен – Әжікей. Шомбал Жәңгір ханның он екі бас биінің бірі болғаны тарихтан белгілі. Ал Бекжан ханның батыры, қолбасшысы болған екен. Өзі төрт әйел алыпты. Кіші жары – қалмақ қызы Зейнептен Қарағай, Қанатбай және Татай деген үш ұл көрген. Қарағай билік басында жүрген, ал Қанатбай мен Татай Меккеге барып, қажы атанған (ХІХ ғасырдың ортасында Құнанбай қажы, Досжан хазірет, Мінайдар мен Мырқы байлар Меккеде тұрғызатын тәкие үйдің шаруасын қолында ұстаған Қанатбай сопы осы Қарес атасы болып шығуы ғажап емес). Жалпы, Оразақайдың Бозай тақтасы мықтыны көп берген. Мысалы, оның бір баласы, Бекжанның інісі Наурызәліден қа-зақтың белгілі ағартушы-ақыны, діни қайраткері Ғұмар Қараш тарайды (Ғұмекең өзінің «Көксілдер», «Шайыр» жинақтарына енгізген фольклорлық материалдардың дені Бекжан арқылы жеткен үлгілер), сондай-ақ Мұстақым Ықсанов та осы тұқымнан. Ал Бекжанның екінші әйелінен туған төрт баланың кенжесі Төртшеке қажыдан өрбіген ұрпақтардың арасынан қазақтың қайраткер қызы Бірғаным Әйтімова мен академик Ақсерік Әйтімовті айту жөн. Бекжанның Қанатбайдан үлкен Қарағайының бір баласы – ХХ ғасыр басында Қазталовта управитель болатын Жұмағали, оның бір қызы Фатиха Жұмағалиева – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы медицина ғылымдарының докторы.

Ал Қанатбай қажының бәйбішесінен Қосай, кіші жарынан Бекет (Бекмұхамбет), Ерекен (Ерғали), Башут (Нұрмұхамбет) туады. Башуттан Ғани, Ғалымжан. Ғанидан төрт бала – Замир, бізге осы мәліметтерді жолдаған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың доценті, биология ғылымдарының докторы Серік Қанатбаев және Амангелді, Берік. Қарестің әкесі Қосай мен Серіктің атасы Башут бір кісінің – Қанатбайдың балалары, яғни Серіктің әкесі Ғани Қареске немере іні болып келеді. Қазақша айтқанда, жақындықтарында қапы жоқ. Ал Қосай Қарес, Лұқпан, Мұқамбет дейтін үш бала көрген. «Кеңес өкіметі орнағаннан кейін байдың тұқымы деп тиісе берген соң Қосай атамыз отбасымен Саратов облысының Красный Кут ауданына көшуге мәжбүр болған», – деп жазыпты Секең.

Ендігі әңгімені зерттеуші Бақыт Садықовадан естиік.

Осыдан бірқатар жыл бұрын Түркістан легионы жайында жазылашақ кітабына материал жинап жүрген ғалым Парижде Мұстафа Шоқайдың жесірі Мария Горина-Шоқайға 1943 жылы Германиядан Қарес Қанатбай жолдаған орысша бір хатты тауып алады. Кейін Б. Садықованың «История Туркестанского легиона в документах» кітабының қосымшалар бөлімінде жарияланған бұл хатта Қарес Мария Яковлевнаға Мұстафа Шоқаймен алғаш қалай танысқанын айта келіп, одан әрі өзінің өмірі жайында қысқаша мәлімет береді. Хат иесі алдымен өзінің Жәңгір ханның қолбасшысы болған адамның шөбересі, Қанатбай қажының немересі екенін айта кеп, одан әрі: «Мой отец, Косай Канатбай-оглы, за участие в повстанческом движении против советской власти в 1918-1919 годы подвергался гонениям и скрывался в Саратовском краю. Поэтому и мне пришлось оставить родные места и поехать на учебу в Оренбург, где учился под маской сына батрака», – деп жазады. Орынборға он бес жасында, яғни 1926 жылы келген Қарес әуелі үш жыл қазақ мектебінде, соңыра жұмысшылар факультетінде оқыған. Осында жүріп ол қазақ жастарының «жерлестік» деген атты жамылғы еткен антикеңестік астыртын ұйымын құрады және Орынборда орналасқан округтік Қазақ милиция мектебінің бастығы Сүлеймен Есқараевпен танысады. Үйірсектеткенге үйіріліп тұратын жұғымды, пысық жас жігіт 1932 жылы, қимасыңды алатын соғыс болып келген ашаршылық тұсында С. Есқараевқа екі рет жолығып, пікірлеседі, Рабфактан соң Свердловскідегі Орал политехникалық институтына оқуға түседі, осында шыққан тегін көз түрткі еткен НКВД-ның қарауылына ілігіп, «есептік» тергеулерден көз ашпай қалады, сол жылдары Қазақстанның Бас прокуроры болып тұрған С. Есқараевтың көмегімен ғана оқудан шығарылмайды. Қарес жанашыр ағасымен соңғы рет 1937 жылдың жазында жүздеседі, сол жолы С. Есқараев жас досына ұлтшылдардың жағдайы күннен-күнге қиындап келе жатқанын, тіпті тас-талқан болып жеңілу қаупі төніп тұрғанын айтса керек. Білгендей-ақ сақтандырыпты: еліміздің тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараев 1937 жылғы тамызда республикалық партияның І сиезі өтіп жатқан күндері «Қазақстандағы контрреволюциялық ұйым жетекшілерінің бірі» деген айыппен сиез залында қамауға алынып, 1938 жылы ақпанда атылды. Қара басы кетсе де, халықтың қамын жеген Сүлекең айыбын мойындамаған, соған сай өзімен аралас-құраласта болған ешкімнің атын атамаған.

Соның арқасында Қарес пәле-жаладан аман қалады, институтты аман-есен бітіріп, тау-кен инженері мамандығына жолдамамен Удмуртияның Алнаш деген жеріндегі кен қопаратын кәсіпорынға орналасады. Елмен байланысын үзбеген. Серіктің әкесі Ғанидан қалған әңгімеге қарағанда, жыл сайын еңбек демалысын отбасымен (әйелімен, қызымен) бірге елде өткізеді екен. Соғыс қарсаңында Қарес қорғаныстық мақсаттағы өнім өндіруге көшірілген Алнаши кәсіпорнының бас инженері болып тағайындалады, соғыс басталғанда броньмен («ақ билет») тылда қалдырылады. Бірақ қалай десе де, қара ту ұстаған батырдың ұрпағы емес пе, соғыстың алғашқы күндері-ақ өзі тіленіп, майданға  аттанады. Қарес тап болған 22-армия – дәл соғыс қарсаңында Удмуртия мен Татарстанда орналасқан әскери бөлімшелердің басын қосып, апаш-құпаш құрылған армия, запастағы кіші лейтенант Қарес сол әскердің 98-дивизиясының 155-гаубицалық артиллерия полкінің құрамына енгізіледі. Алайда Қорғаныс министрлігінің құжаттарындағы «Состоял в распоряжении командира 98-стрелковой дивизии» деген мәліметке қарағанда, «зарлауық» полкінің дәл өзінде емес, комдив Гавриловтың сол полк бойынша шұғыл тапсырмаларын орындайтын офицері ретінде штабта болған сияқты.

98-дивизия майдан шебіне жетіп, жазғы лагерь құрып, енді орнығып бола берген 22 маусым – соғыстың бірінші күні жау авиациясының күшті бомбылауына ұшырайды. Қарестің Мария Шоқайға жазуына қарағанда, ол арада он күн өткенде, яғни 2 шілде күні Калинин (Псков) майданы бағытында немістерге өзі келіп берілген. Ал кеңестік әскери құжаттардағы мәлімет: «Находясь в плену, изменил Родине» деп тұр, яғни тұтқынға түскеннен кейін барып неміске қызмет істеуге келісімін берген. Осы жағдайды немістер толтырған лагерьлік карта да қуаттайды. Онда «тұтқынға алынды» деп анық жазылған. Егер өз еркімен келіп берілсе, мәттақам неміс сол кездегі тәртіп бойынша «персоналкартеге міндетті түрде «аусландер» («өз еркімен қашып келген») дейтін белгі соғар еді. Картада ондай белгі жоқ және тұтқынға алынған күні де басқаша – 23 шілде. 98-дивизияның жауынгерлік жолына қарап отырсаңыз, шілде-тамыздағы Невель қорғаныс операциясы кезінде жауды Батыс Двина өзенінен өткізбеу міндетін орындаған дивизияға қатысты майдандық ақпарлардан дивизия тұрған Дисна қаласы маңында қызыл әскерлер топырлап жау қолына түсердей ұрыс қимылдары болмағандығын көреміз, қалай болғанда да бұл күндері әскери бөлім көп шығын бергеніне қарамай, ұйымдасқан түрде шегініп отырған. 16 шілде күні ғана жау Невель қаласын алып, оперативтік «қапшықты» тұйықтағаннан кейін дивизия толық қоршауда қалады. 19 шілдеге қараған түні құрам Ленинград – Невель тас жолы бойында қоршауды бұзып шығуға әрекет жасайды, бірақ одан бірен-саран топтар ғана шығып үлгереді. Гаврилов бастаған шағын топ қана 9 қыркүйекте өлдім-талдым дегенде өз армиясына келіп қосылады. Олардың ішінде, әрине, Қарес болмаған. Оны сол 19-23 шілде аралығында орманда қалып кеткен қызыл әскерлермен бірге тұтқынға алынған не қоршаудан шығарда қолға түскен деу жөн.

Олай болса, Қарестің өзі тұтқынға түскен күнін неліктен басқаша айтады және неліктен неміске өз ықтиярыммен берілдім деп екпіндете жазады? Себебі түсінікті: немістің арнаулы орындары хатын ашып оқитынын білген. Шынында да, ол заман вермахттың барлау және қарсы барлау қызметі – абвердің әскери цензура бөлімінде үш қосалқы бөлім перлюстрациямен айналысатын:

3-бөлімше жеке адамдардың хатхабарларын ашып оқыса, 6-бөлімше әскери тұтқындардың, соның ішінде тұтқыннан босатылғандардың алған-жолдаған хаттарына перлюстрация жасаған, ал 9-қосалқы бөлім солардан табылған ақпаратты тіркеп, тексеріп отырған. Қарестің өз басынан өткен жағдайды өзгертіп көрсетуін осы тұрғыда түсінеміз. Сонымен бірге Қанатбайдың бойында тұтқынға түскенге дейін кеңестерге анық жаулық болмағанымен (әйтпесе елді қорғаймын деп өз еркімен майданға келмес еді ғой), белгілі бір дәрежеде оппозициялық көңіл күй орын алғанын, әлгі ішкі қарсылық ауаны өзі тұтқындалғаннан кейін 1941-1942 жылдары дүниенің жарымын жәукемдеп отырған глобальдық держава – Германиямен қолдастыққа ұласқан деп қаупайлауға негіз бар. Бұған Қарестің Мұстафа Шоқаймен танысуының да әсері аз болмағанға ұқсайды.

Екеуінің қай лагерьде кездескенін мәліметтер түрліше көрсетеді. Кейінгі «СС» («скрытые сталинисты») деп айдарланған тарихшылардың келтіруінше, антикеңестік пиғылы асқындап тұрған бұл жігітті Мұстафа Шоқай Польша жеріндегі Ченстохов (Ченстохоу) лагерінде «жазбай танып», айрықша тізімге қостырады. Мәшһүр «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабының авторы Серік Шәкібаевтың дерегінше, екеуі Варшава түбіндегі Сувалки (Сулеювек) әскери тұтқындар лагерінде кездескен. Кездесу Сувалкиде өткенін Бақыт Садықова да жазды. Бұл Шоқайдың шталагтар мен дулагтарға алғашқы сапары еді, мезгілі – 1941 жылғы қыркүйек айы. Онда Шоқай тұтқындар алдында дәріс оқыған. Қарестің Мария Горинаға хатынан алынған осы дерекке сену керек. Қанатбаймен Германияда қызметтес болған және осы әңгімелерді Қарестің өз аузынан естіген Хасан Оралтай да қыркүйек айын атайды. Сол әңгіме үстінде Қарес өзін Мұстафа ағасының шақырып алып, жөн сұрасқанын, сұрақтарына қайтарған жауабына риза болып, еріп жүрген адамдарға Қаресті Берлинге жедел жеткізілетіндердің тізіміне қосуды тапсырғанын әңгімелепті. Қарес Шоқайды одан кейін көрмеген. Ал Серік Шәкібаевша сол жолы ол Шоқайдың ұсынысымен түркістандықтар орналасқан блокты бақылайтын полицейлердің бастығы болып тағайындалады, үстіне неміс полициясының формасын киіп алып, Шоқайға еріп, лагерь аралайды. Блокта жатқан түркістандықтардың бірқатары Шоқаевтың үгітіне көнбей, айқай-шу шығарғанда, инежіптен жаңа шыққан «шеф» Қанатбаев әлгілерге: «Қысқартыңдар!» деп бақырыпты-мыс. Осының өзі әңгімені «бір ет, бір май» етіп, яғни бір шындық фактіге жүз өтірікті қосып шалаптап беретін чекистік әдіс екендігіне күмән жоқ, себебі Сувалкиде Қанатбаев полицей болды деген дерек өзге еш жерде кездеспейді. Әлбетте, шталагтарда немістер соғыс тұтқындары қатарынан ішкі комендатура, лагерь полициясы дейтін құрылымдар құрған, бірақ ол адамдарды герман әскері формасында киіндірмеген, себебі олар тұтқыннан әлі босатылмағандар еді. Вермахт формасына жақындау киімді «ерікті» ретінде тұтқыннан босатылғандар ғана киген. Қарес тұтқыннан жыл аралатып қана босатылған.

Шамамен 1942 жылы көктемге салым немістер Польша лагерьлерінен үш жүздей тұтқынды іріктеп алып, Берлиннен алпыс шақырымдай жердегі Луккенвальде дейтін шағын қалаға жібереді.

Осындағы шталаг ІІІ А-да келгендердің жарамдыларын насихаттық және барлау-диверсиялық бөлімшелерге үміткер ретінде алып қалып, қалғанын Түркістан легионының әскери бөлімшелерін құру үшін кейін қайтарады. Луккенвальдеде Қарес насихаттаушылардың қысқа мерзімдік даярлық курсынан (әрі алғашқы тексеруден) өткен тәрізді. Осында ол атыраулық бұрынғы агроном Әмірхан Тілеумағамбетовпен (болашақ айрықша барлау-диверсиялық «Алаш» тобының командирі Әлихан Ағаев) және оралдық жазушы Мәулекеш Қайболдинмен (бүркеншік аты «Асан қайғы») танысады.

Одан әрі лагерьлік картадан 1942 жылғы сәуірдің 29 жұлдызында Қарестің ІІІ А шталагынан Берлин түбіндегі Штеглиц елді мекенінде орналасқан ІІІ D шталагына  ауыстырылғанын көреміз. Егер ІІІ А шталагы Луккенвальде қаласының өзінен де үлкен елу мың адамдық зор лагерь болса, Лихтерфельде ауданындағы ІІІ D шталагы сырт көзге Берлин мен оның төңірегіндегі өнеркәсіп  орындарына жұмыс күшін жіберіп отыратын, бір орталыққа бағынбаған лагерь түрінде бүркемеленген, ал, шын мәнінде, барлау және насихат ісіне кадр іріктеудің күшейтілген фильтрациялық орталығы еді. Осындай жабық орындарда барлау ісіне қоса кезінде совет өкіметі тарапынан өзі не тума-туысы репрессияға түскен, орта және жоғары білімді, таным көкжиегі кең, Кеңес Одағындағы әскери нысандарды жақсы білетін және репрессияланған ортамен жан-жақты байланысы бар, тамыр-танысы көп, большевиктерге қарсы көңіл күйдегі әскери тұтқындар насихаттық жұмыс жүргізуге екшеліп алынған. Қарестің кандидатурасы жоғарыда айтылған талаптардың қай-қайсысына да жауап беретін. Нәтижесінде шамамен 1942 жылдың орта шенінде Қанатбаев Германияның оңтүстігіндегі Вустраудағы насихатшылар әзірлейтін оқу лагеріне жіберіледі және мұнда үш сатыдан тұратын соңғы тексеруден өтеді: сырт көзге «Шығыс легиондарының болашақ командирлеріне арналған национал-социализм курстары» деп дабырайтылған бұл сынақ-оқу жүйесіне тап болғандар көместе алдымен бірінші сатыдағы «ауфанслагерьден», сосын екінші сатыдағы «форлагерьден» өтіп, сонан соң түлек ұшыратын соңғы «штаммлагерьге» тап болатын. бұлардың үшеуі де Нойруппин қаласының түбіндегі Вустрау дейтін шағын елді мекенде біріне-бірі жалғаса орналасқан-ды. Бұл оқу лагерьлері Розенбергке қарайтын Шығыс министрлігінің тарапынан құрылған. Алыс мақсат – Германия Совет Одағын біржайлы қылған соң Вутрау, Цитенхорст және Вутзец мектептерінде алдын ала даярланған ұлттық кадрларды азат етілген Орта Азия республикалары мен Қазақстанға жіберіп, ел басқаруды қолдарына беру. Соған сәйкес түлектер нацистік рухта және Еуропадағы болашақ «жаңа тәртіп» жүйесіне қызмет ету мақсатында тәрбиеленген.

Кейін қолға түскен трофейлік құжаттардың арасында екінші сатыдағы «форлагерьдің» офицерлік құрамына қатысты мәлімет сақталған. Офицер Аух басқарған оқу лагерінің тізімінде оныншы болып «қазақ» тобының насихатшысы (оқытушысы) Канатбаев Карис Кусаевич тұр. Бұдан Қарестің кейбіреулер сияқты Германияда өз аты-жөнін өзгертпегенін, «адам-амфибия» атануды қаламағанын көреміз. Кейінірек Түркістан Ұлттық комитетіне қызметке келгеннен кейін ғана ондағы қабылданған тәртіп бойынша фамилиясындағы «ов» жұрнағын алып тастайды, соның өзінде де үш «Қ»-сын тастамаған.

Түркістан Ұлттық комитетінде (дұрыс атауы: Түркістан Ұлттық Бірлігі комитеті) өткізген жылдар – Қарестің Германиядағы өмірінің ең бір қиын, қиракезік шағы. Бұл шақта, яғни 1943-1944 жылдар өресінде сөзінің арасына қыл сыймайтын ділмәр, бүгінгі бітер істі ертеңге қаратпайтын шешімтал да алғыр отыз екі жасар қаракөктің тұқымы өзі мойындағанына ғана тоқтайтын қайсар принципшіл кейбір мінез қырымен танылады: өзін «хан» деп жариялап, үлкен-кішіге «ата» дегізген ТҰК-ның төрағасы Уәли Каюмның (Вали Каюмов) өзбекшіл саясатына батыл қарсы шығады. Біз екеуінің арасынан қандай қара мысық жүгіріп өткенін білмейміз, білетініміз, тарихи құжаттар арқылы дәлелденген факт, яғни ТҰК-ның алғашқы басшылық алқасының Ұлттық құрамы. Ол комитет бастап құрылған 1942 жылдың көктемінде мынадай болған: барлығы 27 басшы қызметкер, оның ішінде Төралқа бойынша төртеуі – қазақ, үшеуі – өзбек, үшеуі – түркімен, екеуі – қырғыз және екеуі – тәжік. Салалық он екі бөлімнің жетеуін өзбек, төртеуін қазақ және біреуін қырғыз басқарған. Үлес салмағы жағынан алғанда басшылық құрамының 12-сі өзбек, 8-і қазақ, қалғаны – басқа ұлттар. Сырт қарағанда бастық қазақ аз емес сияқты, алайда төралқаның төрағасы, оның бас хатшысы сияқты лауазымдар және әскери іс, насихаттық жұмыс тәрізді негізгі, тұтқалы бөлімдер өзбектердің қолында еді. Оның үстіне профессор Иохан Вензинг редакторлық еткен «Милли Түркістан» журналынан өзге газет-журналдардың тізгіні, тіпті «Түркістан ансамбліне» шейін өзбектердің қолында болды. Комитеттің, легионның баспасөз органдарының тілдері шылғи өзбекшеге жақын шағатай тілінде шығатын, оларды дайындығы бар адам болмаса, қатардағы легионерлер мандытып түсінбейтін де.

Қарес басында (ол Вустраудан ТҰК-қа оның төралқа мүшесі болып келген сияқты) осынау асыра сілтеуді Каюм-ханға жайлап түсіндіріп көреді, алайда өз-ағаң өзекке тебуін қоймайды. Ақыры іс насырға шауып, бет көріспестей ашық жаулыққа ұласады да, сол жылдың аяғына таман Қарес татар эмигранттарының демеуімен қасына Мәулекеш Қайболдинді алып отырып, Шығыс министрлігіне Каюм-ханның үстінен наразылық хатын жолдайды. Қарестің өзі Каюм басқарып отырған комитетте істейтіндіктен, қызметтік этика сақталып, хатқа жалғыз «Асан Қайғин» қол қояды. Хатта ТҰК-дағы ұлттық кемсітушілік, өзге де бассыздықтар, соның ішінде Каюмның «орысшыл» деген желеумен Түркістан мемлекетінің құрамына Еділ бойы түркілерін (татар-башқұртты) қоспай отырғаны алға тартылып, баламалы шара ретінде қазақ пен татар-башқұрттан тұратын Шығыс Түркістан мемлекетін құру ұсынылады.

(Жалғасы бар)

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ,

жазушы-эссеист,

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы


Соғыс басталғанда, 11 жастағы қыз еді…

Күні: , 47 рет оқылды

img_9423


Жасы  87-ге  келген  Үміт  апайдың  өткен  өмірі  жайында  айтары көп.  Теміржолдың арғы бетінде туып-өсіп,  осы  жерде  балалық, жастық,  жасамыс  шағын  өткізген, енді,  міне,  қартайған  кезінде   ешқайда  қозғалмай,  көрер  жарығын  күтіп  отырған кейуана  әңгіме  тиегін ағытады-ай…  Әсіресе, соғыс  шарпыған  балалық шағындағы  көріп-білгендерінен  тебірене  сыр шертіп,  толғана  сөйлейді.


Соғыс  басталғанда, 11 жастағы қыз еді. 1942 жылы әкесі Ибрайым майданға кетті. Артында аңырап шешесі, төрт бірдей ұл-қызы қалды. Олардың ішінде бас көтергені де Үміт еді. Шешесі аудандық байланыс бөлімінде еден жуатын.

Сол жылдың шілде айында Жәнібекке бомба түскенін ол өз көзімен көріпті.

– Шешем жұмысқа кеткен-ді, — дейді ол, – Бір уақытта аласапыран басталды-ай кеп… Жау ұшақтарының бомбаламаған жері қалмады. Үйдің ішінде кішкентай бауырларымды қапсыра құшақтап, бәріміз  шулап жылап отырмыз. Ол кезде теміржолдың арғы бетінде кілең орыстар тұратын. Сыртта олардың балалары ойнап жүрген. Жойқын жарылыс бір қыздың шек-қарнын ақтарып кетсе, бір бала бір аяғынан айырылды. Екеуі де Рогожкина деген кемпірдің немерелері болатын, ал  оның өзі де сол жерде жарылыстан  қаза тапты. Біздің он шақты қойымыз құдық басында жатқан, бәрін қынадай қырып салды. Төрт-бес сиыр, бір жылқы үйдің көлеңкесінде тұрып, аман қалды. Жау ұшқыштары біздің көшеде сырты жабынмен оралған  төрт әскери автокөлікке  бомба тастамақ болып, олардың жанында орналасқан үйлердің быт-шытын шығарды. Су қоймасын жарып жіберді, диірменді түп-тамырымен құртты. Жұмыстан келе жатқан шешем де жараланыпты, жарықтық, толық адам еді, жарықшақ бүйрегінен өтпей қалыпты.

Мұндай сұмдықты көріп, Үміттің шешесі Жәнібекте отыра алмады. Ертесіне балаларын алды да, Ұзынкөл ауылы аумағындағы күркеге  көшіп алды. Сол жерде малын бағып отырды. Күз түсе Палласовкада милиция қыз-метін атқаратын қайын інісінің көмегімен қолдарында қалған бір қап ұн, екі қап бидайымен Күйгенкөлге қоныс аударып, жалғыз өзі тұратын бір кейуананың үйіне тұрақтады. Сол үйде қыстап шығып, көктем туғасын өгіз арбамен үш күн жүріп, Жәнібекке келді. Теміржолдың арғы бетіндегі үйлері былтыр жазда түскен бомбадан есігі қисайып, терезесінің әйнегі қираған қалпында әлі тұр екен. Көршісі Матвей Сушков оңдап берді. Шешесі еңбегіне ақша берсе, алмайды: «Ничего не надо,  как рад, что вы приехали, Вы как родня!..» — деп әкесі тіріліп келгендей қуанып жүр. Қайырымды көршісі бұлардың есігінің алдында сынып жатқан су таситын арбасын да жөндеп берді.  Жәнібекке қайта орналасып  алғасын шешесі қол орақпен шөп шауып, ауласындағы азын-аулақ малға қысқы азық тасыды. Осы шақта Үмітті Астрахан қаласындағы ФЗО-ға жұмыс істеуге шақырды. Бұған шыр-пыры шыққан шешесі аудандық атқару комитеті төрағасының алдына дейін барып, Үмітті, әйтеуір, ауылға алып қалды. Сол жылы 13-ке толған оны жергілікті басшылық Вишневканың бергі жағындағы  әуежайдың жұмысына жіберді. Шымнан ойып, төрт әуежай салып жатқан 150-ге жуық сарбазға құрдастары Надя Сушкова, Виктор Шмаковпен бірге күніне 12 шелек су тасып, үлестіреді. Түсте сарбаздармен бірге тамақтанып, кеште үйлеріне жүгіріп, ойнап қайтады.

– Қалайда ФЗО-ға бармай қалғанымызға  қуандық. Күз болып, сабақ басталғасын кішкентай іні-сіңлілерімді уақытында оқуына апарамын деп жүріп, өзім мектепке бара алмадым. Шешем жұмыста, үйдегі малды қараймын. Мұнымен қоса Ресейдің қазіргі 8-партия сиезі атындағы ауылының қасынан салған егінге көрші орыстардың ұл-қыздарымен бірге барып, комбайннан қалған масақты жинап, тереміз. Бұл еңбегімізге кешке үйге қайтарда екі бау масақ береді. Одан 800 грамм бидай шығады. Шешем байғұс: «Енді аштан өлмейтін болдық» деп бұған қатты қуанады. Содан не керек, үш сыныпты бітіріп, әрі қарай оқуымды жалғастыра алмадым, — дейді Үміт апай бізбен әңгімесінде.

Кейуана әңгіме үстінде өзінің  Жәнібекте жау тыңшысын ұстауға үлес қосқанын жыр қылып айтты. Апайдың айтуынша, соғыс жылдарында аудан орталығында Горбунов деген милиция бастығы болыпты. Өңі қарашұбар, көзімен адамды жеп қоярдай қарайды екен. Ол осы қызметте істеген кезде Жәнібекте қылмыс өте сирек болыпты. Бұл жылдары 15-ке толған Үміт теміржолдың арғы жағындағы жастармен бірге  сол беттегі орыстың бойжеткен қызының үйіне барып, оның сырнай тартқанын қызықтап, тыңдайды екен. Сол үйден көзі көк, қыр мұрынды, кеудесі медальға толы орысты көріп жүріпті. Өзі кеште үйден тысқа аттап баспайды, тек түс мезгілінде шығады. Бір күні Горбунов жас қызды кеңсесіне шақырып алып, түр-әлпеті әлгі орысқа ұқсайтын адамды көрген-көрмегенін сұрайды. Үміт оның ауызша сипаттаған адамын көргенін айтады. Сол күні кеште орыс қызының әдеттегідей сырнай тартқанын жастар тыңдап тұрған сәтте әскери адамдар үйді қоршап алды. Жастар тым-тырақай жан-жаққа қашып кетіп, біраздан соң әскерилердің әлгі орысты ұстап алып бара жат-қанын көреді. Горбунов арада екі-үш күн өткеннен кейін Үмітке: «Жаудың аса қауіпті тыңшысын ұстауға көмектескенің үшін» деп  сол кезде екі сиырға құны пара-пар екі бөлке қара нан береді…

… Соғыстан кейін апай аудан орталығындағы Абай атындағы мектептің жатақханасында аспаз болып 25 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықты. Бірақ еңбекпен көзін ашқан ол қарап отыра алмай саудамен айналысты. Өз күшімен алғашқыда жіп, ине, тарақ сатумен саудасын бастап, соңынан жеке дүкен ашып алуға дейін жетісті. Дүкен ашқанға дейін Вишневкадан қол арбамен  азық-түлік тасып сатты. Саудадан түскен қаржыға немере-шөберелерін оқытты. Қыз-күйеу баласына  көмектесті. Баласының үш қызының алаңсыз оқуы үшін қаладан үй алып берді. Өзінің атақонысы – теміржолдың арғы жағынан жарқыратып, қазіргі заманға лайық тұрғын үй салып алды. Қазір қыз-күйеу баласымен  бірге осы үйде тұрып  жатыр.

– Базардағы дүкенімді қыз-күйеу балама бердім. Аудандық мәдениет және демалыс саябағында өзімнің дүңгіршегім бар. Жаз шығып, саябақ ашылғанда соған қуана-қуана барып, сауда жасаймын. Сауда жасап тұрып, саябақта болып жатқан концертті тыңдаймын. Сөйтіп, бойым сергіп, түнде үйіме көңілді қайтамын, — дейді апай өз сөзінде.

Қарғадай кезінен еңбекпен шыңдалған Үміт апай келешекке үкілеген үмітін үзген емес. Өзін әлі тың сезінеді. Ыңқыл-сыңқылдан бойын аулақ салып, ауруға жол бермеуге тырысып бағады. Денсаулықтың арқасында ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысып, түрлі шаралар мен жиналыстардан  қалмайды.

Нұрымбек  ЖАПАҚОВ,

Жәнібек  ауданы


Тротуарларды кім тазалайды?..

Күні: , 32 рет оқылды

img_4060


Күнбе-күн қала көшелерінен қар шығарып жатқан арнайы техникаларды байқайсыз. Дегенмен бір апта бұрын  жауған қарды әлі күнге молынан жамылып жатқан көшелер де аз емес. Көп қабатты үйлердің ауласындағы қардың қалыңдығы жайлы әңгіме тіптен бөлек. Қала көшелеріндегі жаяу жүргінші жолдарының (тротуар) әлі күнге дейін қар мен мұздан арыла қоймағандығы көпшілікті қынжылтары хақ. Қар астындағы мұзға тайып,  байқаусызда құлаған адамның жарақат алуы  әбден  мүмкін.  Мәселенің мәнісін білу үшін  Орал  қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы  көлігі  және  автомобиль  жолдары  бөліміне  хабарласқан  едік.


-Қар шығару жұмыстарымен «Жайық таза қала» ЖШС мекемесі айналысуда. Ең алдымен, Достық, Әбілқайыр хан, Еуразия сияқты үлкен көшелердің бойы тазаланады. Сонымен қатар қоғамдық көліктер қатынайтын жолдар мен қала көшелерін байланыстыратын сегіз көпірді әрдайым қадағалап отырамыз. Биыл 15 мың тонна құм сатып алынды. Көк тайғақ кезінде, әсіресе, халық көп жүретін жаяу жүргінші жолдарына тұз араластырылған құм төсейміз. Күн сайын 100 арнайы техника мен 300-ден астам жұмысшыны күндізгі және түнгі ауысыммен қар шығару жұмыстарына жұмылдырып отырмыз. Қар шығару кезінде кедергі келтіретін мәселе де жоқ емес. Айталық кейбір мекемелердің арнайы техникалары бола тұра, түскен қарды жолға шығарып тастайды. Мұндай жәйттердің қайталанбауы үшін жергілікті полициямен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әуелі ескерту қағазын жібереміз. Ескертуімізден нәтиже шықпаса, әкімшілік жаза қолданылатын болады. Шаһардан шығарылған қар Бортау ауылы, Кірпіш зауыты шағынауданы және карьер маңына апарылып төгіледі. Күні бүгінге дейін 190417 текше метр қар қала сыртына шығарылды. Батыс Қазақстан облысын абаттандыру ережесіне сәйкес, әрбір адам өзіне тиесілі жерді күл-қоқыс және жауған қардан тазалап отыруға міндетті. Көп қабатты үйлердің ауласындағы қардың тазалануына аталмыш үйлердің пәтер иелері кооперативтері жауапты, – дейді Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі абаттандыру секторының меңгерушісі  Мирас  Мүлкай.

– Өзім М. Мөңкеұлы көшесіндегі №108/4 бес қабатты үйдің тұрғынымын. Ауламызға жылда қар мол түседі. Жақында 4-5 жеңіл аутокөліктің төбесіне қар түсіп, иелерін шығынға батырды. Қар көп түскен кезде балалар тұрмақ, кейде өзіміздің аяғымызды алып  жүру оңайға соқпайды. Тұрып жатқан үйімізге жауапты пәтер иелері кооперативіне хабарласқанымызбен, ешқандай нәтиже шықпады. Кейін тұрғындардың қаражат жинауы  арқасында қар тазалаушы арнайы техниканың көмегімен ауламызды тазарттырып алдық. Бірақ бұл бір реттік қана. Қайта-қайта техника жалдап, жауған қардан құтыламыз деу қисынға келмес, – дейді  Орал  қаласының тұрғыны  Гауһар  Дәулетқызы.

Жазатайым оқиғалар айтып келмейді. Шатырдың жиегіне қатып қалған алып мұздар күннің аздап жылынғанын күтіп тұрғандай. Егер сол мұздар төменде кетіп бара жатқан адамның басына түсер болса, жағдайдың неге әкеліп соқтырары  айтпаса  да  түсінікті.

Темірболат   ӘНУАРҰЛЫ


Білім берудің жаңа үлгісі қолға алынды

Күні: , 47 рет оқылды

img_3956


Биыл мектептерде жаңартылған білім мазмұнына көшу аясында бастауыш мектептің үлгілік оқу жоспарына 14 пән енгізілген. Ал оның үшеуі жаңадан қосылған пәндер. Мектептерде ағылшын тілін оқыту сағаттары көбейтіліп,  қазақ тілді  мектептерде 1-сыныпқа  орыс тілі  пәні енгізілген. Сондай-ақ білім беру үрдісі барысында цифрлық оқыту ресурстарын қолдану мақсатында өткен жылдың күзінен бастап 106 шағын жинақты мектепті  техникалық  құралдармен жабдықтау басталған. Ол үшін республикалық бюджеттен 105 млн. теңге қаражат бөлінген.


Бұл туралы сейсенбі күні Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен  баспасөз брифингінде облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева мәлім етті. Сондай-ақ  ол орта білімнің жаңа оқу үлгісіне көшу мәселелері туралы баяндап, журналистердің бірқатар сауалдарына  жауап  берді.

–  2002 жылы 12 жылдық білім беруге көшу бойынша алғашқы эксперименттер қолға алынғаны белгілі. Осыған орай  2003-2004 жылдары біздің облысымыздың төрт мектебі (Зеленов ауданы бір мектеп, Сырым ауданы бір мектеп, Орал қаласынан екі мектеп) экспериментке  қатысты. 2014 жылы сол  эксперименттік мектеп түлектерінің ҰБТ қорытындысындағы  орташа көрсеткіші 92,6 балды құрап, айтарлықтай жетістікке жетті. Ал оқуға түсу 55 пайызды құрады. Елбасымыз 2011 жылғы  Жолдауында 2020 жылға дейін 12 жылдық мектеп толықтай қызмет етуі тиіс екенін атап өткен болатын. Соған  байланысты  қазіргі  білім беру жүйесінде бірқатар  өзгерістер орын алды, – деп атап өтті  Айгүл  Әділгерейқызы.

Басқарма басшысының  айтуынша, 12 жылдық  білім беруге көшудің басты мақсаты – 5-6 жастағы балаларды 0-ші сыныпта оқыту  және мектепалды даярлықтың бірыңғай үлгі бағдарламасын енгізу. 2015-2016 жылдары жаңартылған білім бағдарламасы республика  көлемінде 30 пилоттық мектепте, оның ішінде қала мектептері ғана емес, ауылдық  мектептер де сынақтан өткен. Бұлардың тізімінде облысымыздың екі мектебі (Орал қаласының №36 М. Ықсанов атындағы және Теректі ауданының Шаған жалпы орта білім беретін мектептері) бар. Аталмыш мектептерде сынаққа 7-сыныпта білім алатын 146 оқушы қатысса, білім беруді жеті  бастауыш сынып және 16 пән мұғалімдері жүзеге асырған. Сынақтан сәтті өткен бағдарлама 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектептеріне енгізілген. Сондай-ақ  жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқуға  аптасына бес күндік көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Кадр даярлау  жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асуда. Өткен жылы 2500-ден астам әр түрлі пән мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан сәтті өткен. Әр ауданда жаңартылған білім мазмұнына қолдау көрсететін 44 жетекші мектеп бекітілсе, оған 345 «магниттік мектептер» тіркелген.

Бұдан кейін басқарма басшысы  журналистердің бірқатар сауалдарына  жауап  берді.

Ләззат   ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Ләззат ШАҒАТАЙ, «Орал өңірі» газетінің тілшісі:

– Қаңтар айының алғашқы онкүндігінде Ақжайық ауданында жасөспірімдер арасында қос бірдей суицидтік оқиға орын алды. Аталмыш жағдайға байланысты қандай іс-шаралар қолға алынды?

– Суицид проблемасы әуелден бар. 2014 жылмен салыстырғанда суицидке ұрынған балалардың саны азайғанымен, мүлде жойылып кеткен жоқ. Ақжайық ауданында болған оқиғаларға  байланысты облыстық білім басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері шұғыл түрде бірігіп, оқиға орын алған жерде алғашқы жұмыстарын жүргізуде.  Тиісті  шаралар  алдағы  уақытта  да  жалғасатын  болады.

Негізі жыл сайын мектеп психологтары суицидке икемі бар балаларды анықтау мақсатында мониторинг жүргізеді. Соның нәтижесінде биыл 48 баланы арнайы есепке алған болатынбыз. Бірақ олардың есімдері заң аясында құпия сақталынады. Ал оқу жылының басында арнайы бағдарлама бойынша облыстың 100 психологы суицидтің алдын алуға байланысты үш сатылы курста оқытылып, білімдерін жетілдірген болатын. Шын мәнісінде, суицидтік оқиғаны тек қана мектеп психологтарының жұмысымен шектеп қоюға болмайды. Ол – жан-жақты  зерттеуді  қажет  ететін  күрделі  жұмыс.

Дмитрий  ТЕРЕЩЕНКО, «Надежда» газетінің тілшісі:

– «Мәңгілік ел» факультативтік сабағы облысымызда неше мектепте және  қай  сыныптарда оқытылады?

– «Мәңгілік ел»  факультативті қосымшасы барлық мектепте 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін  оқытылады. Алайда ол арнайы пән ретінде емес, тарих, география пәндеріне  қосымша сабақ ретінде  жүргізіледі.

Азамат МҰҚАН, «Уральская неделя» газетінің тілшісі:

– Облыс әкімі жыл басындағы кезекті жиналысында жалпы білім беретін мектептерде турникет  (мекеме мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қорғау мақсатында қойылатын арнайы жабдық) қою мәселесін көтерген болатын. Осы мәселе бойынша қандай шаралар жүргізілді?

– Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің  арнайы тапсырмасы бойынша  жұмыстандық. Сол үшін Астана қаласынан турникет қоюмен айналысатын арнайы мамандарды шақырттық. Дегенмен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мектептерде турникет қою өрт қауіпсіздігі кезінде балалардың қауіпсіздігіне кесел келтіретін болғандықтан рұқсат бермеді. Бүгінде мәселені шешу үшін төтеншеліктермен біріге отырып, турникет қою жөніндегі байқау жұмыстарын бастап кеттік.


«Алмас қылыш»

Күні: , 29 рет оқылды

almas-555x370


Қаңтардың 5-інен  бастап Орал қаласындағы «Cinema Park» және «Галактика» кинотеатрларында жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша түсірілген «Қазақ елі» жобасының алғашқы бөлімі — «Алмас қылыш» фильмі көрсетіле бастады.


Тарихи жобаның авторы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Фильм еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қолдауымен түсірілген.

Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша фильм сценарийін жазған – кинодраматург Смағұл Елубай. Режиссер Рүстем Әбдірашевтың айтуынша,  «Алмас қылышты» түсіруге екі жыл уақыт кеткен және фильмді түсіру жұмыстарына мыңдаған адам тартылған.

Фильмнің түпнұсқасы толығымен қазақ тілінде дыбысталған. Арасында жоңғар тілі және солтүстік моңғол диалектісі кездеседі. Толығымен орыс тілді нұсқасы да прокатқа қойылды.

Бұған дейін «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі Астана мен Алматы қалаларында өткен. Оған қатысқандардың барлығы жаңа кинотуындыға жоғары баға берген. Президент Нұрсұлтан Назарбаев та аталған фильмді «қазақ халқының ұлттық сана-сезімін көтеретін туынды» деп бағалады.

Қазақ хандығының 550 және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту етілген туынды тарихтан сыр шертеді. XV ғасырдың орта тұсы. Дешті-Қыпшақ даласы. Әбілқайыр хандығында толассыз соғыстар мен ішкі қырқыстар халықты әбден шаршатқан. Осы кезеңде Керей мен Жәнібек сұлтандар рулардың басын қосып, қазақ хандығының негізін қалайды.  Алматы облысында түсірілген туындыға 500-ден астам актер тартылған.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Мұнайдар БАЛМОЛДА,

«Қазақстан-Орал» телеарнасының редакторы:

– «Алмас қылыш» киноэпопеясын көріп, тәнті болдым. Қазақтың өз актерлерімен түсірілген адал дүние екен. Режиссерлік шешімдеріне және әртістердің ойнау шеберліктеріне ризамын.

Сюжеттері шымыр, көші-қонның өзі бай, сән-салтанатты, руxты сипатталған. Шайқас сәттері шынайылығымен тартты, дыбысталуы күшті. Әдетте компьютерлік графикамен алдайтын еді ғой, мұнда соның аражігін ажырата алмай кеттік. Фильмнің шығармашыл ұжымына алғыс айтамыз. Руxтанып қалдық. Орыс тіліне де аударғандары дұрыс бопты, өйткені фильмді бізбен бірге орыстың бірнеше қыз-жігіті тамашалады. Қазақтың тариxын көріп, шығып бара жатқанда бірі: «Алаш» деген атау партияның аты деп жүрсем, xалықтың, елдің атауы, ұраны екен ғой!» дегені ұнап қалды. Бұл фильм арқылы көптің танымы артады.

Айкөркем НҰҒМАНОВА,

№44 мектеп-гимназиясының тәлімгері:

– «Алмас қылыш» фильмін көріп, үлкен әсерде қалдым. Ауқымды тарихи жоба көрерменін еріксіз ХV ғасырдың ортасына жетелейді. Берісі қазақ, әрісі исі түркі жұртының тарихы мені бұрыннан қызықтыратын. Барлығы да өз орнымен сомдалған деп есептеймін. Қазақ қыздарының қайсарлығы, ақсақал ақылы, серт, адалдық, ұлт үшін өмір сүру – бәрі осында! Тарихи санамен тәрбие алып, ұлттық рухымызды көтеруде фильмнің рухани мәні, тәрбиелік және саяси орны орасан зор. Киноны міндетті түрде оқушыларыма көрсетіп, қазақтың қайдан шыққанын түсіндіріп, мақтан ететін боламын.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика