Мұрағат: 10.01.2017


Өмір айнасы, өлке шежіресі

Күні: , 33 рет оқылды

%d0%bc%d3%99%d0%b6%d0%b8%d1%82-%d2%9b%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d1%80%d2%93%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d0%b5%d0%b2-002


Өмір деген жүйрік қой, өткенін де сезбей қаласың. Облыс өмірінің айнасы, өлкеміздің шежіресі болып табылатын «Орал өңірі» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққанына ғасырға жуық уақыт өткен екен. Сол ғасырға жуық кезеңнің отыз жылын газетпен бірге өткізгенімді, сол жылдарда кімдермен жұмыстас болғанымды көз алдыма елестетсем, елінің абзал да ақиық азаматтарымен қаламдас болғанымды шынында мақтан етемін.


Сонау 1972 жылы кіші әдеби қызметкер болып жұмысқа қабылданғанымда мен үшін тосын шаруаны меңгеріп кетуіме ақыл-кеңестерін аямаған абзал ағалар, байырғы журналистер редактор Хабир Нұрмұхамедов, бөлім меңгерушілері Қажиахмет Жанғазиев, Болат Қалиев, Қосаман Орынбасаров, Идаят Мұратов, Жүсіп Өтеғалиев, Алғали Мерғалиевтердің жарқын жүздері көз алдымнан кетпейді.

Ал менің редакцияға жұмысқа алынуыма сол кездерде қаламы төселген журналистер Тихон Әліпқалиев, Ғабдрақим Өтепбергенов көмектескен болатын.

Иә, отыз жыл аз уақыт емес қой. Бұл жылдарда мен де біраз жас журналистердің шығармашылық тұрғыдан өсіп жетілуіне, қаламгер болып қалыптасуына көмектестім деп білемін. Журналистік қызметтің ең төменгі баспалдағынан ең жоғарғы сатысы – газеттің бас редакторы лауазымына дейінгі жылдарда қаламдас достарым Ғабдрахим Өтепбергеновтің, Ораз Мұсақұловтың, Азамат Иманбаевтың өмірден ерте кеткені жанымды жаралағаны рас. Бірақ өмірдің өз заңы бар.

Сонау тоқсаныншы жылдың басында газеттің редакторы лауазымына тағайындалған шақтағы қиындықтар әлі күнге есімнен кетпейді. Социалистік қоғам ыдырап, елімізде «өтпелі кезең» деген шақ басталған уақытта елдегі экономикалық қиындықтардың салдары газет шығару жұмысына да қиындықтар әкелді. Қаржы тапшылығынан қызметкерлердің еңбекақыларының күрт азайғандығын айтпағанда, баспахана қызметіне төлейтін қаржы болмағандықтан, апталап газет шықпай қалған кездер де болды.

Сондай қиын кездің өзінде де журналистер өз міндеттерін абыроймен атқара білді. Жалақының аздығы, оның өзі уақтылы берілмейтіні салдарынан кейбір қызметкерлер басқа жұмысқа ауысып та кетті. Бірақ журналистикаға біржола берілген қызметкерлер ешқайда мойын бұрмады.

Сол бір қиын күндерде редактордың орынбасары міндетіне тағайындалған ақын Ғайсағали Сейтақ, журналистер Құбаш Қажымов, Есенжол Қыстаубаев, Сырымбек Тұяқов, Тамара Елеуова, Мира Шүйіншалиева, Сәкен Әбдіхалықов, Тоқтар Кенжеғалиев, Тәрбия Смағұлова тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының қиын да қызықты кезеңдерін облыс халқына жеткізуде талмастан еңбектенді. Төл теңгеміз өмірге келіп, жағдай түзеле бастағанда облыс әкімі Қабиболла Жақыповтың алдына барып, жаңа компьютерлік технологияға көшу үшін қаржы бөлуді сұрауға тура келді. Сөйтіп, облыс бюджетінен 400 мың теңге бөлініп, компьютерлік теру, беттеу технологиясына көшіп, редакция қызметкерлері қуанышқа кенелгені әлі көз алдымда. Бұл оқиға «Орал өңірі» газетінің тарихындағы жаңа кезеңнің басы болатын.

«Жайық Пресс» ЖШС құрылғаннан бергі он жылдың осы соңғы бірер жылында, яғни серіктестіктің бас директоры болып Жантас Сафуллин тағайындалғаннан кейін «Орал өңірі» газетінің тарихында жаңа кезең басталып, көптеген игі шаралар жүзеге асырылуда.

Мен осы газетті еліміз тарихындағы бір қиын кезеңде он бір жыл басқарған редактор ретінде газеттің бүгінгі жұмысына, қызметкерлердің бүгінгі жағдайына қуана қараймын.

Мәжит ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика