Мұрағат: 09.01.2017


70 оқушы республикалық олимпиадаға қатыспақ

Күні: , 81 рет оқылды

dsc_0044


Өткен аптада Қазақстан инновациялық және телекоммуни­ка­ция­лық жүйелер университетінің базасында оқушылар­дың республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті.


Облыстық кезеңге жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептердің 9-11-сыныптарынан 356 оқушы, аудан, қала және об­лыстық мектептердің 17 командасы қатысты.

Екі күнге созылған (теориялық және практикалық) олимпиада­ның қорытындысы бойынша 201 оқушы жеңімпаз-жүлдегер атанып, оларға облыстық білім басқарма­сының дипломдары табыс етілді.

Үздік нәтиже көрсеткен облыс­тық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандан­дырылған мектеп-лицейі, облыстық дарынды балаларға арналған мамандан­дырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-лицей интернат кешені, Орал қала­сы, Бөрлі және Сырым аудандары командаларын атауға болады.

Республикалық олимпиаданың іріктеу турына 70 оқушының жұ­мысы жіберілді.

Өз тілшіміз


Ауылдағы мұғалімдерді қамқорлауды ұсынды

Күні: , 60 рет оқылды

%d0%b4%d0%b0%d1%83%d0%bf%d0%b0%d0%b5%d0%b2-2


Жақында  облыстық  білім және  ғылым  қызметкерлері кәсіподағының  кезекті  пленумы  өтті.  Онда ұйымның  жыл бойы  атқарылған  жұмыстары қорытындыланып,  ауылдық жерде  тұратын  және  жұмыс  жасайтын  педагог қызметкерлерге  әлеуметтік  жеңілдіктер жасау  мәселесі  көтерілді.


Басқосуда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 2014-2019 жылдарға арналған негізгі бағыттарында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру» туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстағы ең ірі кәсіподақ ұйымы болып табылатын аталмыш қоғамдық бірлестікке білім беру басқармасына қарасты 12 аудандық, 17 мамандандырылған мектеп-интернаттық ұйымдар мен балалар үйі, орталықтар, 18 колледж, 1 жоғары оқу орны – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен университеттің студенттік кәсіподақ ұйымы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты», барлығы 422 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Бүгінде оның 28 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі бар.

– Облыстық кәсіподақ ұйымы негізгі күш-жігерін кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік мәселелерін шешуге, еңбек пен оқу үшін тиісті жағдай жасауға бағыттап келеді. Осы мақсатта облыс әкімшілігі, кәсіподақтар және жұмыс берушілер арасындағы үш жақты, облыстық білім беру басқармасы мен облыстық кәсіподақ тараптары арасындағы 2016-2018 жылдарға жасалған екі жақты аумақтық келісімдер, білім мекемелерінің әкімшіліктері мен кәсіподақ комитеттері арасындағы ұжымдық шарттар жасалды.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы билік өкілдерімен өзара қарым-қатынасты дамыту мақсатында дөңгелек үстелдер, кездесулер, оқыту семинарларын ұйымдастыру жолға қойылды. Кәсіподақ мүшелерін сауықтыру орындарында демалдыру және олардың балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары да тұрақты назарға алынған, – деді Марат Даупаев. Оның айтуынша, білім саласының қызметкерлерін сауықтыру үшін 50 пайыздық жеңілдікпен 2015 жылы 239,  2016 жылы 282 жолдама берілуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Ал кәсіподақ мүшелерінің балаларының жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында 50 пайыз жеңілдікпен 2015 жылы 49 жолдама берілген. 2016 жылы Бөрлі ауданы бойынша кәсіподақ мүшелерінің 20 ұл-қызы «Еуразия» лагерінде, (Орал қаласында, 700 мың теңгеге), Бөкей ордасы ауданынан 10 бала «Сәлем» сауықтыру лагерінде (Алматы қаласында, 400 мың теңгеге), Зеленов ауданынан төрт бала Теректі балаларды сауықтыру лагерінде (16 мың теңгеге) және осы ауданның бұрынғы Приуральный аумағынан екі бала «Талап» сауықтыру кешеніндегі «Фаворит» орнында (20 мың теңгеге)  демалды. Балақандардың демалысына кәсіподақ ұйымы барлығы 1 млн. 150 мың теңге бөлді. Жиында облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева ауылдық жерде тұратын және жұмыс жасайтын педагог қызметкерлерді қолдау-қамқорлау, аталмыш басқарманың бас маманы Марина Темірғалиева салалық кәсіподақ ұйымының мүшелік базасын нығайту және талдау туралы баяндады. Ал Бөрлі, Зеленов (Приурал) аудан-дық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары Сәуле Жандалиева, Анель Кальтиевтер бастауыш ұйымдардың жыл бойы атқарған жұмыстары жайында есеп берді. Одан кейін күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша жарыссөзге Ақжайық, Қазталов, Сырым, Қаратөбе аудандық кәсіподақ ұйымының басшылары Максим Үмбеталиев, Күнсұлу Шәкенаева, Жұлдыз Сейітова, Дина Жанғазиева, Жәнібек колледжі  бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мадияр Идаев шығып, кәсіподақтарды нығайту, оның беделін арттыруға қатысты орынды ұсыныс-тілектерімен бөлісті.

Жыл қорытындысы бойынша белсенді кәсіподақ қазынашылар деп танылған Теректі, Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымдарының қазынашылары Гүлбану Киндербаева, Саида Мырзағалиевалар «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар Бөрлі аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәуле Жандалиева мен Жәнібек аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Аққу Нұрғалиеваларға мерейлі жасқа толуларына  орай  сый-құрмет  көрсетілді.

Жиын соңында қабылданған қаулыда ауылдық жерде тұратын және жұмыс жасайтын педагог  қызметкерлердің жергілікті бюджет қаражаты есебінен отын алуға жұмсалған және коммуналдық қызмет төлемдеріне кеткен шығындарын өтеу мәселесін шешу үшін аудандық білім бөлімдері мен кәсіподақ тарапынан жергілікті басқару органдарына ұсыныс жасау нақтыланды. Сондай-ақ білім қызметкерлерінің міндетті мерзімді медициналық тексерістен  өтуін қаржыландыру мәселесін шешу ұсынылды. Басқосуға қатысушылардың пікірінше, киелі мамандықтың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдерге әлеуметтік жеңілдіктер жасаудың жөні бар. Кеңестік замандағы ондай жақсы істерді жаңғыртудан қоғамның еш ұтылмайтыны  кәміл.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Күні: , 67 рет оқылды

20160923154523


Мемлекет басшысы Н. Ә.Назарбаевтың өткен жылдың  соңындағы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойына арналған мәжілісте Үкіметке берген тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, зейнетақы төлемдері 2016 жылдың деңгейіне сәйкес 20%-ға ұлғайтылмақ. Осыған  орай  облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті  Қазақстан Республикасының «2017-2019 жылдарға арналған республикалық  бюджет туралы» 2016 жылдың 29 қарашасындағы № 25-VI заңына сәйкес, облыс бойынша 82 мыңнан астам зейнеткерге 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған жасына байланысты зейнетақы  төлемінің  мөлшері  9%-ға  арттырылды.


Енді түсінікті болу үшін мына мысалға жүгінсек, егер жасына байланысты зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9%-ға арттырылып, 43 600 теңгені құрайды. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, тағы 11%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңге болуы тиіс . Осылайша  2017 жылы бұл зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда  20%-ға ұлғайтылмақ.

Базалық зейнетақы 2017 жылғы 1 қаңтардан 7%-ға, мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 13%-ға ұлғайтылуы тиіс. Тағы да түсінік берсек: «ҚР 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 7%-ға арттырылып, 12 802 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, тағы 13%-ға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 14 466 теңге болады. Осылайша 2017 жылы базалық зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға арттырылады.

Жоғарыда аталған өзгерістерді ескере отырып, зейнетақының ең төменгі мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеде 45 711 теңгеге артады. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін ұлғаяды. Бала тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан 7%-ға, ал 2017 жылғы 1 шілдеден тағы 20%-ға арттырылады. Нәтижесінде 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда өсім 27%-ды құрайды. Сонымен егер ағымдағы жылы бірінші, екінші, үшінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiр- жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 66 621 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтарда 71 270 теңге болып, 1 шілдеде 86 222 теңгеге дейін артпақ. Ағымдағы жылы төртінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 111 035 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтарда 118 мың теңге болып, 1 шілдеде 142 947 теңгені құрамақ.

«2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына сай 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап:

1) жалақының ең төменгі мөлшері – 24 459 теңге;

2) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшері – 12 802 теңге;

3) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 148 теңге;

4) жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн айлық есептiк көрсеткіш – 2 269 теңге;

5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөріс деңгейiнiң шамасы 24 459 теңге болып белгіленді. Сонымен  қатар  2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, айлық есептiк көрсеткiш және ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң шамасы өзгеруіне байланысты барлық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрлерінің мөлшері 7 (жеті) пайызға өсірілген.

Сөйтіп, осы жылдағы зейнетақы мен жәрдемақыдағы өсімнің кез келген отбасылық бюджеттің бүйірін толтырмаса да, белгілі бір дәрежеде жанұялық кіріске оң әсерін  тигізері  сөзсіз.

Жеңіс   БЕРІКОВ,

облыстық   еңбек,  әлеуметтік  қорғау  және  көші-қон департаменті  басшысының орынбасары


Көп векторлы саясаттың жемісі

Күні: , 30 рет оқылды

The United Nations Security Council meets on the crisis in Ukraine, at U.N. Headquarters in New York, March 13, 2014. REUTERS/Mike Segar (UNITED STATES - Tags: POLITICS CIVIL UNREST)

Таяуда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтіп, былтыр осы кеңестің тұрақты емес мүшелігіне сайланған біздің еліміз жиынға төрағалық етті. Ал қаңтардың 23-і күні Астанада араб елі – Шамдағы азамат соғысын тоқтату және саяси-әскери ахуалды реттеу жөнінде халықаралық кездесу өтуі тиіс. Онда басынан соры арылмаған осы араб елінде тыныштық пен тұрақтылық орнауына мүдделі тараптар – Ресей, Түркия, Иран және басқа елдердің өкілдері кездесіп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша ортақ шешімге келуі керек. Әрине, БҰҰ да аталмыш басқосудан тыс қалмақ емес.


Сырт қарағанда, осы екі саяси оқиға бір-біріне байланыссыз көрінуі мүмкін. Іс жүзінде өзара қатысты. Өйткені өткен жылы маусым айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес он мүшесінің біріне сайланған Қазақстан енді әлемдегі саяси үдерімдерге белсене қатысып, екі жыл бойы дүние жүзіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына лайықты да қомақты үлесін қосады. Бұл – Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың және Отанымыздың төрткүл дүние алдындағы жоғары саяси беделінің жарқын көрінісі.

Байыпты мұндай бедел өз-өзінен келген жоқ. Ел тәуелсіздігінің басынан-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы көп векторлы саясат ұстап, әлемнің бүкіл мемлекеттерімен дерлік өзара тиімді, бейбіт қарым-қатынас орнатып, қазақ елінің дүние жүзінде лайықты орнын табуына бар күшін салды. Ең әуелі алып көршілер – Ресей және Қытаймен қалыпты қарым-қатынас орнатылып, мемлекеттік шекаралар беркіді. Түбі бір түркі туыстар – Өзбекстан, Қырғызстан және сеңсең бөрікті түрікпен елімен өзара тиімді де толымды қарым-қатынас күшіне енді. Орталық Азияда жалғыз тегі ирандық-тәжік елімен де қарым-қатынас жақсы. Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен түркі елдерінің ынтымағы күшейді, туыстық байланыстар нығайды. Бұл орайда ең қуатты түркі елі Түркиямен әріптестік ынтымақ ойдағыдай. Сондай-ақ АҚШ және Батыс елдерімен қарым-қатынас та жоғары деңгейге көтерілген.

Тілі бөлек болса да, ділі бір Араб әлемі, Иран және басқа да мұсылман мемлекеттері бүгінде Отанымызға құрметпен қарайды. Қазақстан – Ислам мемлекеттері ұйымының белсенді мүшесі. Дүние жүзінің басқа да елдері Қазақстанның өз еркімен ядролық қарудан бас тартуын, Азияда өзара сенім мен ынтымақ ахуалын қалыптастыру жолындағы әрекетін, түрлі саяси қақтығыс пен жанжалды бейбіт реттеу жолындағы қайраткерлігін жоғары бағалайды. Басқасын айтпағанда, Елбасының былтырғы әлемді ядролық қару қатерінен құтқару жөніндегі игі бастамасы әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен қолдау тапты. Осының бәрі елеп-екшей отырып, былтыр маусымда БҰҰ-ның тұрақты емес мүшелігін сайлау мәселесі қойылғанда, Қазақстан сол мәртебеге Азия – Тынық мұхит мемлекеттерінің тобы атынан ұсынылған еді, ұсынысты жақтап, БҰҰ-ның құрамындағы 193 елдің 138-і дауыс берді. Қазақстан – Орталық Азия аумағынан сондай жоғары құрметке ие болған тұңғыш мемлекет.

Енді БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі хақында. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі 1945 жылы аталмыш халықаралық ұйымның Жарғысы қабылданған соң, құрылған. 1965 жылға дейін Қауіпсіздік кеңесінің құрамында бес тұрақты мүше болды. Олар АҚШ, Англия, Франция, Қытай және бұрынғы Кеңес Одағы. Сонымен қатар олардан басқа алты тұрақты емес мүшесі сайланған. 1966 жылдан бастап тұрақты емес мүшенің саны онға жетті. Қазір Қауіпсіздік кеңесінің құрамында 15 мүше бар. 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағының орнын Ресей басты.

Тұрақты емес мүшелер аумақтық өкілдіктің тепе-теңдігі қағидаты бойынша сайланады. БҰҰ мүшелері Қауіпсіздік кеңесіне белгілі бір орынға сайлануы үшін аумақтық бес топқа бөлінген. Олар: африкалық топ (54 ел) – үш орынға үміткер, Азиялық топқа (53 мемлекет) екі орын тиесілі, бір тұрақты мүше – Қытай. Шығыс Еуропа тобындағы 23 мемлекет екі орынға үміткер, олардан тұрақты мүше – Ресей. Сөйтіп, осылай кете барады. Араб әлемінің өкілі тұрақты емес мүшелікке Азия және Африка елдері тобынан кезек-кезек сайлана береді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері бас ассамблеяның отырысында екі жыл мерзімге сайланады. Кез келген мемлекеттің тұрақты емес мүшенің орнын үзіліссіз бір мерзімнен кейін иеленуіне рұқсат етілмейді. Енді тұрақты емес мүшенің өкілеттігіне келсек, оның Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етуіне, отырыстар шақырып, күн тәртібін белгілеуіне толық құқығы бар. Алайда оның Қауіпсіздік кеңесінде белгілі бір саяси шешім қабылдауға, дауыс беруге құқығы болса да, шешімге тыйым салуға араласа алмайды.

Жоғарыда аталған халықаралық ұйымның шежіресіне көз салсақ, 1946-1965 жылдары әлемнің Аргентина, Аустралия, Бразилия, Дания, Мысыр және тағы басқа елдері екі немесе кейде үш рет тұрақты емес мүшелікке сайланған. 1966-2016 жылдары олардың қатарын Тунис, Түркия, Шам, Жапония және тағы басқа мемлекеттер толықтырған.

Ғаламтор деректері бойынша дайындаған Серік ИХСАНҒАЛИ


Ақынның «ерке» күшігі

Күні: , 491 рет оқылды

Ақұштап  БАҚТЫГЕРЕЕВАҒА

%d0%b3%d0%be%d1%82%d0%be%d0%b2


Шілденің шіліңгір күні болатын. Жапырағы жайқалған жасыл Жайықтың жағасында серуендеп, ну тоғайдың көлеңкесін саялап қайтуды әдетке айналдырған Несібелі бұл жолы қызы Нұрайға бірге шығуға қолқа салып көрген. Аптап ыстықта ешқайда баруға зауқы соқпаса керек, Нұрай бірден басын ала қашты. Соған қарамастан шешесі: «Жолшыбай Ақас апайдың үйіне соғайық. Оралға көшіп келгеніне бәлен жыл болды. Барып сәлем бермедің. Айтпақшы, ол үйде керемет күшік бар. Ауласында дәу қабаған ит тұр байлаулы» — деп еліктіре түсті. Сәби шағынан жәндік біткенге, үй жануарларына тіптен әуес Нұрайдың сол сәтте жанарынан от ұшқындап қоя бергені. Аспан жерге түсіп тұрса да дереу жиналды. Сөйтіп, екеуі ми қайнатар қапырықта Жайық өзенінің дәл маңында тұрған қос қабатты сәулетті мекенге жетіп барды.


– Кіріңдер, қош келдіңдер. Апаларың үйде, – деді қақпаны айқара ашқан қонақжай қожайын. Қашан көрсең де дөңгеленген жүзінде қан ойнап тұратын үй иесімен сәлем-сауқат сұрасқан Несібелі ішке кірді. Төр жақта газет оқып отырған Ақас апайына емен-жарқын амандасты.

– А, бұл, сендер ме? Қане, жоғары шығыңдар, – деді жүзінен жылылық ескен ақын. Сол-ақ екен, кіргеннен аяқтарына оратылған титтей ала күшік «Аһ» деп үріп жіберді.

– Біздің Ешко ғой. Қорықпаңдар, тимейді.

– Ешко деген аты жақсы екен. Бұл «Джек-рассел-терьер». Ұлыбританиядан шыққан тұқым, – деді осы сәтте Нұрай иттер туралы мағлұматтарды жақсы білетінін сездіргендей.

– Иә, дұрыс айтасың. Ағаларың Махоштайға арнайы тапсырыспен алдырып еді.

– Бұлар аң аулайды. Әсіресе, түлкі мен егеуқұйрықты қуып жүріп ұстап алады. Өздері тұқымынан қызба мінезді. Інге тез кіріп, тез шығады, – деген Нұрайдың бар көңілі кішкентай күшікке ауа түсті. Өзі жайлы шүйіркелескенін сезгендей Ешко шәуілдеп үруін үдетті. Даусы шіңкілдеген ащы болғанымен, қарамаға сүп-сүйкімді. Күнбағыс майын жағып қойғандай денесі жып-жылтыр. Ақ түсті терісі мен шолтиған құйрығының әр жерінде жер картасы пішіндес қоңыр таңбалар. Ойнақы көздері еліктің лағындай мөп-мөлдір. Бойы бір қарыс болғанмен, іштегі қызуы сыртына сыймай, қайраты тасып барады. Үй иелері «Ешко, қой қане, жат қане!» деген сайын қайқаңдап, өршеленіп, кең бөлменің бұрыш-бұрышына жүгіріп, былқылдаған мамық орындықтарға қарғып мініп, одан лақтай секіріп түседі. Ит атаулы ақырып-жекірген дауыстан сескеніп зып беруші еді, иә жорта сылқ құлай қалушы еді. Ал Ешконың еркелігі ерекше… Тым еркін, пысық. Ешқандай ескертуді «бантиктей» қалқиған құлағына ілер емес. Қайта үнін құбылтып өршелене түседі. Ара-арасында ырылдауды да ұмытпайды.

– Қап, сені ме, бәлем! Махоштай, алып кетші мына періні. Сарайға қамап тасташы! – деп Ақас апай ренжи бастады.

— Әжетай, шақырсам да келмейді. Айтқаныма көнбейді, – деп немересі ұртын томпайтты.

Махоштың айтуы орынды. Манадан өзімен-өзі ойнап жүрген Ешконы аяқ астынан түлен түрткендей. Маржандай аппақ тістерін ақситып қойып, бірдеңені бүлдіруге іштей қамданып жүр.

– Есіруін-ай, ә? Маған күніне он кісі келіп кетеді. Бірақ ешкімге мұндай қылық көрсеткен емес. Әлде, Нұрайды баласынып тұр ма екен. Қой, қызым да бойжетіп қалыпты. Өзі студент. Мүмкін емес баласынуы. Әлде, мені сендерден қызғанған түрі ме?! Бұл жарықтықтар бәрін сезеді. Кейбір адамдардан ақылды, – деген Ақас апай ақыры тентектігін қоймаған күшікті Махошқа мықтап тапсырып, ас бөлмеге беттеді. Үстел үстін жүзіммен жайнатып, балдай тәтті шайын қайнатып, рақаттанып бір демалуға бекінді. Содан қуыршақтай қылқиып қарсы алдында отырған Нұрайға тамсана қараған күйі кеседегі шайды баппан ұрттап қойып, ертегідей әдемі естеліктерін айта бастады.

– Апырмай, баяғыда мен де осы Нұрайдай қыз едім. Үлбіреген гүл едім. Жұпар иісі аңқыған қайран жастық шағым-ай!

Аты мәшһүр ақын емес пе. Қырмызыдай құлпырған қызғалдақ ғұмырды кім аңсамайды. Манадан көңілі әлгі күшікке ауған Нұрай енді ақын апасын тырп етпестен тыңдауға көшті. Жүрегін шабыт кернеп, сыр тиегін ағытқан қаламгердің әр сөзін көңіліне кестедей тоқып, үстелдің бір шетінде Несібелі отыр. Үшеуінің арасын өткір қайшымен үзіп жіберсең де, жыртылмайтын жібек жіп жалғап жатқандай…

Таудан аққан бұлақтай тізесіне дейін төгілетін қолаң шашын аңсап, жоқтай береді арманшыл, қиялшыл ақын. Алтыннан да қымбаттау жастық шағын қырдан қызғалдақ тергендей кеудесіне жиып алған. Сағыныштың сарғалдағын көкірегіне көбелектей қондырған. Көк теңіздің түсіндей боп сәулесі шашыраған моншақтай мөлдір көздерінің бүгінгі нұры бөлек. Тұңғиықтан жылтыраған жанары көлеңкені шетке ысырған шуақтай. Алмадай албыраған Нұрайға қараған сайын жырақта адасып қалған жас дәуреннің сағымын іздеп, соңынан қуады кеп, қуады кеп…

– Шіркін, Фаризаш екеуміз егіз қозыдай қатар жүруші ек. Жандай дос едік. Қуықтай пәтерде де кең тыныстап, тату тұрдық. Қол ұстасып Алматының көшесімен келе жатқанда, жұрттың көзі екеуміздің шашымызға түсуші еді. Фариза қою қара бұрымын желкесінің тұсынан төмен қарай түсіріп, қамшыдай ғып өріп қоятын. Мен көбіне төбеме түйемін. Ол кезде төбеге шаш түю сән болды. Қазіргілер ғой шаштарын шырша құсатып жайып жүретін. Кейде шашымды бос жіберсем, асау толқындай бұрқырап бағынбайтын. Ондайда Фариза қайратты қолдарымен уыстап жинап, орап-орап төбеме қонжитатын. Содан кермек қасымызды саусақтың ұшымен ғана сәндеп киноға кететінбіз. Опа-далапсыз-ақ, ажарлы едік, нәрлі едік. Жастық шақты немен алмастырасың, айтшы. «Махаббат қызық мол жылдар» сол… Бүйтіп мазалай бермейтін. «Сұлу қызыма» қараған сайын көңілім өсіп, көктем кездерім есіме түсіп отыр.

Ақын ұзап кеткен қайықтай қайта оралмайтын Алатау бөктеріндегі арайлы сәттерін айтып тауыса алар емес. Ай маңдайы жіпсіп, көңілі көншіп, жаны бірленген сайын сүйріктей саусақтарын жұмсақ қызғылт шаштарының арасына жүгіртіп қойып, хикаясын жалғай түседі. Әсіресе, дара дарын Фаризасын сағынғаны соншалық, әр естелігі сағат тілін алға сүйреп барады.

– Әрине, әркімнің маңдайына жазылған тағдыры бар. Өмірдің ағысы кімді аяған. Бір күні ағаларың жолықты да, Фаризам жырақтап қала берді. Жұлдыздай жымыңдап, тұңғышымыз келді дүниеге. Жазөгім, Ғазөгім, Тәкөшім. Бірін-бірі қарлығаштай қуып жетті. Әкелері күй тартса, үшеуі торғайдай тыпырлап билейтін. Үшеуінің қалампыр аңқыған иістері танауымды тесетін. Бала деген жарықтық, ата-ананың бақыты ғой. Алпыс екі тамырыңды иітіп, дүниенің қызығына қылықтарымен қандырады. Әкелері түн көрпесі түрілгеннен балық аулайды. Күні бойы үшеуін бағып-қағып жүріп, тілімнің ұшына тірелген шумақтарды блокнотқа асығыс-үсігіс жаза саламын. Қалам мен қағазды қазанның қасына әкеліп қоямын. Бір күні Ғазөк пен Тәкөш үстелдің астына тығылып, қуыршаққа қағаздан көйлек жасады. Көздеріне қайшыны сұғып алар деп қастарына барсам, пытырлатып өлең дәптерімді қиып тастапты. Жыр дәптерім бір қуыршақтың үстінде жапырақтай желбіреп тұр. Енді қайттім?! Содан инеге жіп өткізгендей қайшыдан аман қалған әріптерді құрастырып, түнімен отырдым. Шала ұйқы күйімде жыр құрастырдым құрақ көрпедей ғып. Ішімді өлеңнің азап дерті өртеп барады. Үш балапан өскенше мынау сүмбіл шаш та сиреді. Фаризадан да алыстадым. Солай, Нұрайжан, жастық шақ деген көзді ашып жұмғанша жалаудай желбіреп өте шығады. Өзіңдей көркем қыз, мінекей – ана, әйел, әже болып алдыңда отыр. Бұл да өмір. Осы күнге жеткізген Тәңірге мың шүкір.

Қай қиырда, қай жолда гүл-арудың бұрымынан сусылдап түсіп қалған қайран қызыл «орамал-ай!». Ақынның жан сырын естіген сайын қиялдың сарайына сапар шеккен Несібелі жүрегінің парақшасына «ескірмейтін» бұл естелікті шүберектей түйіп алды. Ақас апай да жасыл кілем төселгендей шөптері жайқалған кең аулаға терезеден ойлана көз салды. Тап осы мезетте «бұлар әлі шай ішіп отыр ма?» дегендей, әйнек терезеден бадырайып Ешконың қарап қалмасы бар ма! «Бар шаруаны тып-типыл еттім. Қулығымды асырдым, маған енді бәрібір» дегендей дөмпиіп, тілін салақтатып, әйнекті жалап-жалап қояды.

– Әй, анау пері аулада жүр ғой. Оны кім шығарды. Күн өтіп кетпесін, – деп апай енді бар зейінін Ешкоға аударды.

– Әжетай, сыртқы есікті қаттырақ жауып едім. Бірақ сытылып шығып кетіпті.

Иттің аулаға сұранбай, рұқсатсыз шыққанын, өзінің бұған кінәлі емесін немересі арғы жақтан естіртіп айтты.

– Жә, жүре берсін. Іші пысқан шығар. Серуендесін.

– Біз де сыртқа шығайықшы. Иттермен ойнайықшы,– деп осы мезетте Нұрай да мазасыздық танытты.

– Өткен-кеткенді айтып уақыттарыңды алдым ба?

– Жо-ға, о не дегеніңіз. Қайта, бір жасап қалдық. Мен, мен ғой, қызым керемет естеліктерді дуалы аузыңыздан естіді өз құлағымен. Мұндай сәттер қайталанбайды. Бұл да білгенге тарих! – деп тықылдады қаламдас сіңлісі.

– Жарайды, айналайыңдар, аман жүріңдер. Қызымыздың қуанышын бірге көрейік. Ол да күні ертең ғой. Қане, енді сыртқа шығып, ауа жұтайық. Ыстық басылған шығар. Жайыққа барайық. Алақанды өзенге малайық. Мына тымырсық күнге бір тамшы жаңбыр тамса ғой, шіркін-ай, ә? – деп ақын сыртқа қарай беттеді.

Төбесі жабық, айналасы ашық жазғы «сенеге» шешіп кеткен аяқ киімдерін таппай Несібелі мен Нұрай кенет кілт тұрып қалды. Бір-біріне сұраулы жүзбен абыржи қарады.

– Әу, неғып тұрсыңдар?

– Апа, тәпішкеміз жоқ.

– Жоғы несі?! Қайда шешіп едіңдер?

– Осында, тап мына араға.

– Ішке шешпедіңдер ме?

– Жаздыгүні аяқ киіммен үйге кіруге ұялып…

– Қап! Қайда кетуі мүмкін, ә?! Аулаға бөтен ешкім кірген жоқ. Мына ит лақтырып тастамаса. Әй, Махош, бері келші?

– Не болды, әже? Құлағым сізде.

– Қарашы, анау сарайды. Мына ит сүйреп тастаған шығар. Апаларыңның тәпішкісі жоқ.

Ақас апай қатты қайран! Кімнен көрерін, қайдан іздерін білмей дал. Тілалғыш балақай сарай жаққа жүгірді. Одан байлаулы тұрған үлкен иттің ұясына барды ентігіп. Маңайдың бәрін көзімен шолып шықты. Жандайшап Ешко да әрлі-берлі шапқылап, зірдек қағып жүр.

– Әже, көрінбейді.

– Шөптің арасын асықпай қара!

Айналаны мұқият тексерген қырағы Махош кенет «Әже, таптым, міні жатыр!» деп қуанғаннан айқайлап жіберді. Сосын белуардан келген көк майсаның ортасында кідіріңкіреп тұрып қалды.

– Тапсаң, бері әкелсеңші. Неғып тұрсың, Махоштай?

– Жоқ, әкелме. Өзіміз барып киеміз, – деп ақкөңіл Несібелі жалаңаяқ тұра шапты. Көкорай шөптің үстімен Нұрай да жүгірді.

– Ойбай, тәпішкім, тәпішкім?!

– ?

– Біреу пәршә-пәршәсін шығарыпты! Кім екен мұны істеген? Сау тамтығы қалмай жыртылған аяқ киімдеріне қарап, Несібелінің көңілі бұзыла жаздады.

– Кім болсын, анау ит шығар, – деп жандарына Ақас апай да жетті жанұшырып. – Масқара-ай, дымын қалдырмай шайнап тастапты ғой! Бауларын үзіп, жеп қойған!

Аяққа сұғуға жарамай қалған төрт бірдей тәпішкіні көріп одан бетер байбалам салды.

– Иттен жараған! Сол ит қой мұны істеген! Манадан қиғылықты салуы жаман еді, бәсе?! «Алыстан ұры келген жоқ!» Махош, саған ескерттім ғой, оны дұрыстап қадағала деп. Мынау не енді? Бәрін мүжгілеп тастаған. Ит иттігін жасайды деген осы!

Ауланың іші абыр-сабыр, айқай-шуға толды да кетті. Жаңа ғана әдемі естеліктен сыр шерткен сәт ілезде естен шықты. Қайта, зәулім коттедждің жан-жағы биік ақ тастармен қалашықтай қоршаулы тұр. Әйтпесе, өзенге қарай ағылған жұрт ауладағы «тегін қызықты» тамашалап тұрар ма еді. Өзін кінәлі сезінген Махоштың ақ сары жүзі ұяттан өртеніп, төмен қарады. Басы күнбағыстай салбыраған күйі сарай жаққа бұрылды.

– Жарайды, апа, Махошқа ұрыспаңызшы? Оның түк жазығы жоқ, – деп Несібелі жақтай түсті.

– «Иттен жараған!» Атам қазақ қалай біліп айтқан, ә! Кісі көрмегендей үріп, қиқар мінез көрсетіп еді. Ақыры дегеніне жетті. Тұра тұр, бәлем! Осы қылығың үшін жазаңды беремін. Сазайыңды тартқызамын. Қараңғы жерге қамаймын. Қасық су да татырмаймын. Осы ыстықта қатала, мейлі. Тәпішкі жыртқанның көкесін көрсетем әлі! – деп «тәтәй апасы» Ешкоға қаһарын төкті. «Ерке күшікті» шыбықпен сабамаса да, қатаң жаза қолданатынын қадап айтты.

– Не боп қалды, Ақас-ау? Жайшылық па? Кімге ұрсып жатырсың? Даусың өктем естілді ғой, – деп дау-дамайға шыдай алмаған отағасы да аулаға атып шықты.

– Не болушы еді. Көрмейсің бе, мына тәнкеткілерді. Шетінен кеміріп, кимейтін қып тастапты анау пері!

– Мәссаған?! Ыңғайсыз болған екен. Мана айттым аяқ киімдеріңді үйге шешіңдер деп. Өздері тыңдамаған. Ешконың жаман ғадеті жоқ еді. Неге бүйтті екен, ә?

– Ит болғасын, иттігін істейді-дағы!

– Жә, ұрыспашы, енді. Онсыз да дірілдеп, сенен қорқып тұр. Бұған өкпелеп, қан қысымың жоғарылап кетер, – деп мінезі жайсаң қожайын көздері жасаурап, балағын жалаған күшігін жерден көтеріп, қойнына қысты.

– Болар іс болды осымен. Ішке кіріп Тәкөш пен Жазөктің туфлиін көріңдерші. Жазғы түрі де бар. Үйлескенін киіп алыңдар, – деп Ақас апай кіреберісте қабырғаға жабысқан дәу шкафтың суырмасын ашты.

– Ой, апа, сізді әбігерге салдық-ау. Бұлай боларын кім білген. Әлгі күшікті айтып, қызымды еліктірген мен едім. Тәпішкіміз де су жаңа, тәуір еді. Ешконың істегені, – деп Несібелі қысылып-қымтырылды.

– Оқасы жоқ. Ол итті жазғырдың не, сөктің не? Дым болмағандай, сүйектерін кеміріп ұясында жатыр, – деген ақынның ашуы тарқап, сабырға келді.

– Өзі сұм боп тұр ғой. Бөтен аяқ киімді білуін айтамын-ау?

– Түу, мама, Ешконың «жеті бас» екенін мана айттым ғой. Оның жақ сүйегі өте күшті. Біздің тәпішкіміз оған түк емес, – деп Нұрай аяқ киіміне іші удай ашыса да, күшікке шаң жуытпады.

Осылайша мінезі қыңыр күшіктің «шағын қойылымына» қаныққан үшеуі толқыны баяу тербелген Жайықтың жағасын бетке алды. Оқтын-оқтын Ешконың «істегенін» еске алып, езулеріне күлкі үйірілді.

*     *     *

Содан бері арада неше бір арайлы күндер, шырайлы түндер жылжыды. Орайы түскенде Несібелі сыр тиегін ағытуға әзір ақын апасына барып тұрады. Баяғы Ешко қожайындарымен қабаттасып, кіреберістен шолжаңдап қарсы алады. Қу неме Несібеліні танып алған білем, бұрынғыдай шәуілдеп үрмейді. Біртұтам құйрығын былқ-сылқ билетіп: «Әлгі тәпішкілер қайда? Аяғыңа енді не киіп келдің? Сонда сендерді қатырдым, ә?!» дегендей қонағының бетіне еркінси қарайды.

– Ақас апа, Ешконың сол қылығын Нұрай екеуміз жиі еске аламыз. Сосын ішегіміз түйілгенше күлеміз. Нағыз шынайы оқиға, – дейді Несібелі батыл итке тамсанып.

Мұндайда «ерке» күшікке емірене қарайтын ақынның да езуіне жаймашуақ күлкі үйіріледі. Өзі жайлы әлдене айтылғанын сезгендей, Ешконың да қалқаң құлағы қимылсыз қалшия қалады.

Мира  ШҮЙІНШӘЛИЕВА


Алыстаған сайын аласармайтын ақиық

Күні: , 33 рет оқылды

1-2


Көзінің тірісінде халқы аса құрметпен Димекең деп атап кеткен Д. Қонаевтың бұл жарық дүниеден өткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Уақыт өткен сайын тарихи тұлғалардың да заман ағымына байланысты көмескіленуі мүмкін. Бірақ «Биік таулар алыстаған сайын зорайып көрінеді» деген қағиданың қаншалықты ақиқаттығына біз Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бейнесі арқылы көз жеткізіп келеміз.


Кезінде оны тек мемлекет қайраткері, ел басшысы ретінде ғана бағалап келген болсақ, енді оның бүкіл өмір жолын ой елегінен өткізіп, атқарған адал да абыройлы қызметтері мен асқақ адами қасиеттеріне зерделей қарап, Дінмұхамед Ахметұлының қай жағынан да дара тұлға болғанын айқын аңғарамыз.

Димекеңнің баршамызға үлгі боларлықтай: «Ісің оңсын десең, өзің істейтін ісіңді басқаға тапсырма» деген қанатты сөзі болатын. Сондықтан да болар, ол Қазақстанның барлық облыстарын жыл сайын кемінде бір рет аралап шығуды дағдыға айналдырған. Ат ізін суытпай, біздің облысқа да келіп тұрды. «Жақсыдан – шарапат» дегендей, оның қарапайым еңбек адамдарымен кездесуінің өзінде бір айрықша жылылық пен ізгілік сезіліп тұрушы еді. Ол табиғатына біткен, ана сүті мен ата қанынан дарыған аса биік адами қызметтерінен тарайтын жылылық шуағы болса керек.

Жалпы, Димекеңмен болған әрбір кездесуді талдап отыратын болсақ, өмірлік сабақ болатын жәйттер өте көп. Мысалы: 1975 жылы Димекеңнің өзі келіп пленум өткізіп, онда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына М. Ықсановты сайлады. Облысты 17 жыл басқарған Ш. Қоспановтың ауыл шаруашылығының білгір маманы және ірі көлемдегі ұйымдастырушы екенін, мал тұқымын асылдандыруды ғылыми жолға қойғанын, егін шаруашылығы да жақсы дамығанының нәтижесінде 1968 жылы облыс ең жоғары көрсеткіш 100 млн. пұт астық тап-сырғанын айта келіп, облысты «Мал, егін шаруашылығы қатар дамыған республиканың алдыңғы қатарлы облыстарының бірі» деді. Осылай Шакеңнің еңбегіне айрықша ықыласпен баға бере отырып, оның Орталық партия комитетіне хатшылыққа ауысатынын айтты. Бұл арада айтайын деп отырғаным, ол кісінің өзінің серіктестеріне сеніммен, сүйіспеншілік пен адамгершілік тұрғыдан қарауы. Актив жиналысында Димекең өмірдің бір орында тұрмайтынын, оның үнемі өзгеріп, жаңарып отыруы  заңды құбылыс екенін, сондықтан өмір талабын уақтылы шешіп отыру керектігін айтты. «Қазір ауыл жағдайы біршама түзелді, халықтың тұрмыс жағдайы да жақсарып келеді. Ендігі сіздердің алдарыңызда тұрған үлкен міндет – көне Орал қаласын заман талабына сай өркендету. Мұның саяси-географиялық маңызы да зор. Одақтас Ресейдің бес облысымен шектесіп жатқан көне Орал шаһары, одан әрі Европаға шығатын Қазақстанның негізгі қақпасы ғой, ол қақпа мәнді де сәнді болуы керек емес пе?» деген.

Димекеңнің бұл шешімінің тарихи маңызды болғанына қазір бәріміздің көзіміз жетіп отыр. Айналасы 5-6 жылда Оралдың архитектуралық, басқа да инфрақұрылымдары түгелге жуық өзгерді. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы негізінен суға байланысты екенін жете түсінген М. Ықсанов Жайықтың солтүстік бетіне бірнеше жүздеген шақырым канал қаздырып, су шығару үшін Жайыққа, сол кездегі «ғажап құрылыс» атанған, «аспалы көпірді» салды. «Жақсы басшы елге құт» дегендей, М. Ықсановтың облысымыздың экономикасы мен мәдениетіне сіңірген еңбегі зор, ол Димекеңнің үмітін ақтады деп есептейміз. Мұны Димекеңнің ел басқарудағы аса көрегендігі, кадр таңдаудағы шеберлігі, ел мүддесін әріден ойлайтындығы  деп  бағалаған  жөн.

Осыған тағы бір дәлел – Димекеңнің әр келген сапарында облыстағы ірі өндіріс орындарын басқарып отырған ұлт кадрларының жұмысымен жан-жақты танысып, оларға ақыл-кеңесін беретін. 1984 жылы келгенінде «Омега» зауытында болып, оның бас директоры Болат Молдашевпен ашық-жарқын сөйлесіп, одан ұлт кадрларын оқыту, тәрбиелеу мәселелеріне баса назар аударуды тапсырады. 1986 жылы арнайы Қарашығанақ кен орнына келіп, оны алғаш ашушылардың бірі, жерлесіміз, академик Сухан Камаловпен әңгімелесіп, «Қазақ үшін жаңа сала мұнай мен газ өндіру еді, Құдайға шүкір, оны да біршама меңгердіңдер, бәрі ел үшін, халық үшін ғой, істеріңе сәттілік тілеймін» деп, шын жүректен ризашылығын білдірген. Әрине, бүкіл саналы ғұмырының тұп-тұтас жарты ғасыры ел тағдырымен астасып жатқан Димекеңнің еңбек және өмір жолы туралы аз жазылып жүрген жоқ. Оның өз қолымен жазылған еңбектеріне қоса 2002 жылы «Елу жыл ел ағасы» деген С. Әбдіраймовтың, Г. Толмачевтің «Д. Қонаевпен кездескен 50 сәт», Ілияс Есенберлиннің 2001 жылы шыққан «Лодка, перепливающая океан» романы, Рафаэль Ниязбектің «Қыдыр ғұмыр» атты көлемді жыр кітабы, 60 серіктесінің жазған «Личность» кітабы, «Д. Қонаев және оның әріптестері» атты фотолармен көркемделген кітаптар жарық көрді. Көркем және бейне фильмдер де түсірілуде. Бұл туындыларда замандастарының, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің, қарапайым ауыл еңбеккерлерінің естеліктері топтастырылған. Соның қай-қайсысын оқып қарасаңыз да, туған халқы үшін ғұмыр бойы адал қызмет еткен абзал азаматтың адамгершілік асыл қасиеттері, қарапайымдылығы мен кісілік келбеті, мінез-құлқы мен болмыс-бітімі туралы шын жүректен шыққан шынайы сезімге қаныға түсесіз.

Бүкіл республика бойынша Димекеңе құрмет көрсетудің осындай үрдіс алуына ел Президенті Н. Назарбаевтың 1994 жылы 24 ақпанда «Д. Қонаев есімін мәңгі есте қалдыру туралы» арнайы қаулы қабылдауы арқау болғандығын ашып айтуға тиістіміз. Сол қаулы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының тау-кен институты мен Шығыс Қазақстан облысы «Лениногор полиметалл комбинаты» акционерлік қоғамына Д. Қонаев есімі берілді. Алматы қаласындағы Карл Маркс көшесі Д. Қонаев көшесі деп аталды, жер туралы ғылым саласында жас ғалымдарға жыл сайын Д. Қонаев атындағы сыйлықтар тағайындалды, Алматы қаласында Д. Қонаевтың мұражай үйі ұйымдастырылып, ол тұрған Төлебаев көшесіндегі №119 үйге мемориал тақта орнатылды.

Біздің облысымызда да халықаралық Д. Қонаев қорының филиалы осы жылдар ішінде бірқатар игі шаралардың ұйытқысы болып келеді. Димекеңнің туған күніне орай жылма-жыл студент жастармен, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіліп тұрады. Ол кездесулерде Д. Қонаевты жақсы білетін,  ұзақ жыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған

М. Батықова, әр түрлі жұмыс сапарларында кездескен М. Әжіғұлов, Ғ. Хаймулдин, Ж. Ақбай т.б қатысып, өз естеліктерін айтады. 2002 жылы «Д. Қонаев және Ақжайық» деген 13 автордың естелік кітабы шығарылды. Шағын бейнефильм түсірілді. 6-ықшамауданға Димекеңнің аты берілді, енді қаланың бір мектебіне атын беру жөнінде мәселе қойылып отыр.

Мемлекет қайраткері туралы кітаптарды оқи отырып, ойға түйетін, жастардың есінде ұстайтын бір жәйт, ол – Димекеңнің мәдениеттілігі мен қарапайымдылығы. Қандай жағдайда да өзінің білетіндігін алға тартпай, ақылдасып сөйлесуі, келіспейтін жағдайда да «Жоқ, олай емес!» деп шорт кеспей, ойланып барып шешім қабылдауы бұл кез келген бірінші басшының бойында бола бермейтін қасиет дер едім.

Өмірде адамдардың қимайтын, сөзін жерге тастамайтын адамдары болады ғой, сондай адам Д. Қонаев дер едік. Ол – оның нені айтса да, соны орындаттыратын лауазымды орында отырғандығына байланысты абырой-атақ емес, керісінше жалғандық пен пендешілікке бой алдырмаған, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне ие болған адамның іс-өнегесінен туындайтын  шынайы  шындық.

Нұрлан  ІЗТІЛЕУОВ


Ен даладағы «Кең дала»

Күні: , 48 рет оқылды

20161206_103255


Қай ауылда болса да, замана жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелі мол азаматтар баршылық. Оларға тән биік рух, қайрат пен қабілет түрлі қиындықтардан шығудың қисынын тауып, елін өрге сүйреуге жол ашқан. Сондай азаматтардың бірі – Қазталов ауданындағы Тереңкөл ауылдық округіндегі «Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі Әбуғали Ғұмаров.


Өткен ғасырдың 90-жылдары әркім өзінің үлесіне тиген азын-аулақ малын талан-таражға салып, ірі қарасын сатты, ұсақ малын таратты. Жекешелендіру тұсында, яғни 1997 жылы Әбуғали Тілеуғалиұлы марқұм әкесімен бірге шашырап кете жаздаған шаруаны жинақтап, «Кең дала» шаруа қожалығын құрды. Шаруашылықтың өндірістік базасы ауылдық округ орталығынан 20 шақырым қашықтықтағы Қырық битөк қыстағында орналасқан. Бүгінде қыстақ шағын елді мекенге айналған, электр жарығы мен су желісі тартылды. Онда малшыларға арналған жайлы үш тұрғын үй, монша және техниканы жөндеу шеберханасы  бой  көтерді.

Бүгінде шаруашылықтағылар мал басын асылдандыру мақсатында өз қаражатына қазақтың ақ бас тұқымды жеті өндіргіш бұқасын сатып алды. Төрт түлік мал саны өсіп келеді, ірі қара – 451, қой-ешкі – 1753, жылқы 146 басты кұрайды. Шаруашылық иелігіндегі төрт дана жаңа «МТЗ-82» тракторы, шөп шауып, тайлап, буатын және тасымалдайтын түрлі техника бар.

Биылғы ауа райының қолайлылығын тиімді пайдалана білген «кеңдалалықтар» 11250 центнер пішен және 150 центнер жемдік азық қорын жасақтап, мал қыстату науқанына тыңғылықты дайындықпен кірісті. Шаруа қожалығында отбасы мүшелерінен басқа  жергілікті бес тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаруашылық тарапынан ауыл тұрғындарына малдай және қаржылай көмек беріліп, табиғи мал азығын жеңілдетілген бағаға ұсынып, ауласына дейін апарып түсіріп беру жұмыстары ұдайы ұйымдастырылып келеді.

Міне, еліміздің шалғайдағы қазақы ауылдарында да тұрмыс жақсарып, өндіріс қанатын кеңге жая түсуде. Оған ел дамуының қозғаушы күші саналатын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға өзіндік үлесін қосуды мақсат тұтқан ен даладағы «Кең дала» шаруа қожалығында атқарылып жатқан өрелі істер мысал бола алады.

Сергей  ТОҚПАНОВ,

Қазталов  аудандық  ауыл  шаруашылығы  бөлімінің  басшысы      


Нәзік жанды кәсіпкер

Күні: , 44 рет оқылды

dsc_0002


Бұдан 30 жыл бұрын Ресейдің Кострома қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдаған Бақыт өзінің туып-өскен Бисен ауылындағы Көктерек елді мекенінде мамандығы бойынша зоотехник болып жұмыс істеді.


Бұдан әрі отбасы жағдайымен ауданымыздағы мал бордақылау пунктінде, Жақсыбай ауылында зоотехник, кадр бөлімінің меңгерушісі жұмыстарын атқарды. Кеңес үкіметі тараған соң жеке шаруаға шығып, қарамағындағы азын-аулақ малын бағып, өсірумен шұғылданды.

– 2013 жылы елімізде қолға алына бастаған «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының жеке адамның кәсібін ашуға қолайлы екенін сезініп, 800 мың теңге несие алдым, — дейді Бақыт Рахметова. – Несие алмастан бұрын жеке шаруашылығымызда 30 шақты ірі қара бар болатын. Бүгінде мал саны 72 басқа жетті. Осыдан үш жыл бұрын алған несиемді жаба келдім. Бұл күнде ауылдағы үш адамды жұмыспен қамтып отырмын.

Өзінің айтуынша, Бақыт былтыр шілде айында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына сәйкес 4 миллион теңге несие алыпты. Сол несиені кәсіпкер бағымындағы мал шаруашылығын дамыту үшін пайдалануда.

Ол көршілес Бөкей ордасынан мал саудалап, күні бүгін 20 баспақты мекенжайындағы қорасында бордақылауға қойған. Әр ай сайын оның бес басын тапсырып табыс көзіне айналдыруда.

Қара бидай жеп семірген баспақтардың жоны астаудай болған. Қожалық иесі жақында Оралдағы кәсіпкерлерден 7 тонна жем алыпты, кейінірек тағы 23 тонна мал азығын алуды жоспарлап отыр. Жемге қойған малды Орал, Атырау қалаларына саттыққа шығарып жүрген Бақыт Рахметова өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы алған несиесінің үш айлық бережағын  төлеп  үлгеріпті.

– Ұқыпты пайдалана білген жанға несиенің пайдасы зор. Тек қаржыны ысырапсыз жұмсау керек. Қолдағы малды баптап, күтімге алудың арқасында  су жаңа жеңіл аутокөлік сатып алып, қажетімізге пайдаланудамыз. Алдағы уақытта мал қораны кеңейтіп салу жоспарда бар. Осы мақсатқа көршілес Саратов облысының Новоузенск қаласынан құрылыс материалдарын сатып аламыз, – дейді Жақсыбай ауылындағы кәсіпкер.

Нұрымбек   ЖАПАҚОВ,

Жәнібек   ауданы


Сенатор ауылға келді

Күні: , 37 рет оқылды

%d0%b5%d1%80%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%82-%d0%bc%d2%b1%d2%9b%d0%b0%d0%b5%d0%b2-96


ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаты  Ерболат Мұқаев  іссапармен  Зеленов  ауданында  болып,  бірқатар  әлеуметтік нысандардың  жұмысымен  танысты.


Алдымен Переметный ауылдық округіне қарасты Озерный ауылында жаңадан бой көтерген білім ошағында болып, ұстаздармен емен-жарқын әңгімелесті. Айта кетейік, ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында есігін айқара ашқан  Киров негізгі мектебінде қазіргі таңда 44 оқушыға 17 мұғалім сабақ беруде. Ал осы мектеп ішіндегі «Балбөбек» шағын орталығында 14  бала  тәрбиеленуде.

– Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойы ішінде елімізде атқарылған ауқымды жұмыстар хақында халықты құлақтандыру және  жергілікті жерде күрмеуі шешілмей жатқан мәселелер бар болса, соған құлақ түру мақсатында іссапарға шыққан болатынбыз. Озерныйдағы су жаңа мектепті көріп, қуанып қалдық. Ауыл тұрғындарының арманы орындалып, заманауи білім ұясында балалар алаңсыз білім алып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады, – деді  Ерболат  Рахметұлы.

Мұнан соң халық қалаулысы аудан орталығындағы Переметный орта мектебіне бас сұқты. 1961 жылы іргетасы қаланған аталмыш мектеп былтыр күрделі жөндеуден өтті. Мектеп жұмысымен танысқан Ерболат Мұқаев кадр мәселесінің толықтай  шешілгендігіне де көз жеткізді.

Айшабибі  МӘМЕТ,

Зеленов  ауданы


Рождество мейрамын тойлады

Күні: , 18 рет оқылды


Өткен сенбіде еліміздің барлық православ шіркеулерінде христиандар Рождество мерекесін атап өтті. Орал қаласындағы Құтқарушы Христос храмындағы мерекеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қатысып, православ дінін ұстанатын өңір тұрғындарын құттықтады.


– Сіздерге зор денсаулық, рух беріктігін, отбасылық бақыт пен жылылық тілеймін. Рождество мейрамы жаңа істерге, ұлы бастамаларға жігер беріп, жақындарымызға рақымшылық жасауға,  шыдамдылыққа, өзара түсіністікке үндейді. Ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Елімізде мәдениет пен діндер диалогына барлық жағдай жасалған және Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің бейбіт үлгісі саналады. Мемлекет басшысы елдегі бірлік пен тұрақтылыққа баса назар аударады, – деген Арман Кәрімұлы осы құндылықтарымызды бірлесе сақтауға шақырды.

Бұдан соң сөз алған Ресейдің Орал қаласындағы бас консулы Саид Забитов Рождество мерекесі жүректерді мейірімге, махаббатқа, ізгілікке толтыратынын жеткізді.

– Орыс православ шіркеуі Қазақстанда ұлтаралық келісім мен достықты нығайтуда аса маңызды рөл атқарады. Рождество күндері – қайырымдылық пен рақымшылық кезеңі. Баршаңызға бақыт, бейбітшілік және жақсылық тілеймін, – деді бас консул.

Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний әкей бір шаңырақ астындағы ұлттар мен ұлыстардың татулығын жоғары бағалады. Елбасы дінаралық келісімге әр кез көңіл бөлетінін және діни мейрамдардың кең көлемде тойланатынын атап өтті.

– Қазақстанда православие ең көп тараған конфессияның бірі болып табылады. Бізде Рождествоның Құрбан айтпен бірге демалыс күні болып жарияланғаны кездейсоқтық емес. Православие дінбасылары мен дін өкілдері өз қызметтері мен сенімдері аясында өзге де барлық конфессия өкілдерімен бірге еліміздің дамуына, оның ырыс-байлығының артуына рухани үлес қосып, төзімділік пен түсіністік танытуға тырысады, — дейді Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний әкей.

Бұл күні қасиетті орынға жиналған православтар діни жоралғылары бойынша Жаратқанға құлшылық етіп, бір-біріне жылы лебіздерін  білдірді.

 Галина  САМОЙЛОВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика