Мұрағат: 28.12.2016


ПИК дәрменсіз… Депутат үнсіз… Тұрғындар құлықсыз…

Күні: , 53 рет оқылды

dsc_0071


Орал қаласында еңсесі түсіп, тұнжырап тұрған кісінің кейпін еске салатын баспаналар аз емес. ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында шаһардағы көп қабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізу мәселесі біртіндеп шешімін табуда. Дегенмен бір ғимараттағы пәтерлер иелерінің ортақ мәмілеге келе алмауынан кейбір тұрғын үйлер сүреңсіз күйінде қалуда.


Мәселен, Неусыпов көшесі бойындағы №26/2 үш қабатты үйдің қабырғасына қарасаң, әр тұсына бомба жарықшағы тигендей. Бетінен сылағы түсіп, жалаңаш қалған тастардың қиюы қашып, біріне-бірі әрең ілініп тұрған терезе жақтауынан енді опырылып түсердей әсер қалдырады. Терезенің үстіне екінші қабатта темір шарбағы қисайған балкон төніп-ақ тұр. Осы үйдің тұрғындарының дені жөндеу шығынын мемлекет түгелімен өтегені жөн деп  есептейді.

— Орал қаласындағы бұрынғы №1 училищеде техникалық қызметкер ретінде еңбек етіп, зейнетке шықтым. Еңбек өтілім – 46 жыл. Зейнетақым — 38 мың теңге. Коммуналдық  төлемдер құны 10 мың теңгеден асып жығылады. Азық-түліктің бағасы да қымбаттауда,  — деді аталмыш үйдің 17-пәтерінің тұрғыны Тамара Горохова. Әңгімелесе келе, оның екі ұлының дүниеден ерте озғанын да білдік.

dsc_0038Оның айтуынша, көп қабатты үйдің салынғанына 55 жылдан астам уақыт болыпты. «Бірнеше жыл бұрын шатырын жаңалағаны есімде. Бірақ шатыр жиегінің астындағы жақтау (карниз) ауыстырылмағандықтан, ол әбден тозып, шіріп кетті. Кейін төбеден пәтердің ішіне су ақты. Көршілерім де әуре-сарсаңға түсті», — дейді зейнеткер. Шынында да, бөлменің төбесі әбден тозған, ішкі жағынан жарықтар пайда болған. Соның кесірінен төбедегі аспалы шамның айналасындағы сылақтар құлағалы тұр. Жөндеу жұмысын жүргізуге пәтер иесінің қаражаты жетпеген. Бұған күйінген зейнеткер 2014 жылы  «Евразия» пәтер иелері кооперативіне жарна төлеуді тоқтатқан. Бірақ ПИК заң талабына сәйкес сотқа шағымданып, одан 30 мың теңгеден астам қаражатты өндіріп алған. Қазіргі кезде пәтер иесі кооперативке айына 1 459 теңгеден жарнаны уақтылы төлеп отырғанын айтады.

Араға бір-екі үйді салып, кооперативтің жұмыс кеңсесі орналасқан ғимаратқа беттедік. ПИК-тің төрағасы Нұрлан Сұлтанғалиев аталған тұрғын үйге қатысты ахуалға қанық екен. Оның баяндауынша, үйдің бұрынғы шатыры 2001 жылы түгелімен ауыстырылып, профлист жабылған. Кейін қаңылтыр ернеуіне мұз сүңгісі қатқан соң, суағарын түгелімен алып тастауға тура келіпті. Жел үрлегенде, еріген қар суы шатыр ішіне жайылған. Және үйдің қабырғасын да аямай мүжіген. Тұрғындар қауіпсіздігі үшін кооператив қызметкерлері ғимараттың кіреберісіне қалқан ғана орнатқан. Енді жыл сайын шатырда (аяқ тірейтін) белдік темірлерге қатқан қарды ери бастаған кезде сүңгілерден тазарту үшін арнайы көтерме құрылғысы бар көліктерді жалдауға тура келеді. Ол үшін кооператив басқармасы тұрғындардан қосымша ақша жинайды.

Нұрлан Бақтығалиұлы  пәтер иелерін екі мәрте жинап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының шарттарының тиімділігін түсіндірген. Тұрғындар келісім бермепті. Әсіресе, зейнеткерлер күрделі жөндеу ақысын қайтару мерзімінің ұзақтығын, оған ғұмыр жасы жетпейтінін алға тартыпты. Кооперативтің басшысы тұрғындар келісімін алғанда да, үйдің құжатын түгендеудің өзі оңай емес екенін жеткізді. Кондоминиум талабы бойынша мемлекеттік жаңа стандартқа сәйкес ортақ мүлік ретінде пәтер иелерінің үй ауласына, шатырға, жертөлеге қатысты меншіктік үлестерін айқындап алу қажет. Әйтпесе, үкімет жөндеу жұмысына қаражат аудармайды. Бұрынғы кезде пәтерлерін ғана жекешелендірген тұрғындар қосымша құжаттар пакетін жинауды қиынсынады.

«Кооперативке қарасты 30 үйдің ғимараты да, құжаты да ескі. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ғана үш үйге күрделі жөндеу жасалды. Біздің аумақтағы сайлау учаскесінен дауыс жинап, бұған дейін қалалық мәслихаттың депутаты болған, биыл облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған «Альтаир» ЖШС-ның бас директоры Сергей Потиченкоға тұрғын үйлерді жөндеу мәселесіне көмектесу жөнінде бірнеше мәрте хат жаздым. Неге екенін қайдам, депутат әлі күнге үнсіз… Бұл қарекетімнен қалалық әкімдік те хабардар. Бағдарлама талабына келіспейтіндерге қаражат төлемін қайтаруға мемлекет көмектесетінін, тіпті әлеуметтік санатына байланысты жеңілдіктер болатынын түсіндіріп бақтым.

Олар уәкілетті органдардан анықтама алуға тағы құлықсыз», — деді Нұрлан Сұлтанғалиев. Төраға кооператив жар-насының 11 пайызын ай сайын салық мекемесіне аударатынын, штаттағы бірнеше қызметкерге жалақы төлеп отырғанын да баяндады.

Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Асхат Шадияров 2012 жылы Неусыпов көшесіндегі үйдің тұрғындарымен сөйлескенін, бірақ олар келіспегендерін растады. Тамара Гороховадан мекемеге ешқандай өтініш түспегенін айтты. Өтініш түскен күннің өзінде тұрғындармен кездесіп, бағдарлама игілігін түсіндірумен шектелетіндерін, жекелей пәтерін жөндеуге материалдық көмек көрсету мүмкін емес екенін жеткізді.

«Жалғызбасты қария, зейнеткер, кірісі аз және т.б. санат бойынша есепке алынса, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі пәтер иелеріне тұрғын үй көмегін тағайындай алады», — деді ол.

Асхат Талғатұлының айтуынша, шаһарда 2011-2016 жылдар аралығында жаңғырту бағдарламасы аясында көп пәтерлі 80 үй күрделі жөнделген. Бағдарламаның бірінші тетігі бойынша «Орал» ӘКК» АҚ 7 үйге, екінші тетігін іске қосқан Орал қаласының әкімдігі 73 үйге жөндеу жүргізген. 2013 жылдан бастап тұрғындардың төлеп жатқан жөндеу ақысы бағдарлама ауқымында жаратыла бастаған. Қалада әлі де 612 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұған қоса 40 үй апатты жағдайда деп танылған…

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жаңажылдық жәрмеңке қызған күн

Күні: , 46 рет оқылды

dsc_0249


Кеше Оралда жаңажылдық азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. М. Ықсанов атындағы көшеде «қанат жайған» жәрмеңке бүгін де жалғасуда.  Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жәрмеңке ашылған күні сауда сөрелерін аралап, жәрмеңкенің  барысымен  танысты.


Жаңа жылдан жақсылық, қуаныш күтетініміз  рас.

Сондықтан шығар, Жаңа жыл қарсаңында етегімізге сүрініп-қабынып, жаңажылдық дастарқан дайындау қарекетінің «шабысы» басталады. Бұл жәрмеңке сол қарбаласты азайтуға септігін тигізетіні анық.  Өйткені жәрмеңкедегі азық-түлік тауарлары тұрғындарға делдалсыз, нарықтағы бағадан  25-30  пайызға  төмен.

Жәрмеңкеге келгендердің көпшілігі сиыр, қой және жылқы етін сатып алып кетуде. Сиыр етінің келісі – 1000 теңгеден. Ақжайықтық «Батыс Нық» ЖШС ет комбинатының сөресіне жақындау қиын. Серіктестіктегілер жәрмеңкеге (бірінші күні) 8 тонна ет әкеліп өткізген. Құр қалғандарға сатушы «Ертең де әкелеміз» деп жұбатқандай болады. Қалалықтар базардағы ет қымбат деп «қызылсырап» қалған-ау шамасы деген ой түйдік. Тағы бір байқағанымыз, көпшілік Орал құс фабрикасының автобусы маңына ұзын кезек түзеді. Мұнда 10 жұмыртқа 250 теңгеден екен. Зашағандық Гүлжиһан Оразова теңкиген семіз қаз етін 8 мың теңгеге сатып тұр. Жұмыссыз келіншек биыл көктемде 50 балапан сатып алып өсіріпті. Оның айтуынша, құс жарықтық  көп  күтімді қажетсінбейді, тек мезгілінде жем-суын қою керек. Қазды көбірек өсіруге жемі қымбатқа түседі.  Қалалықтар  Жаңа жылға деп қазды талап алмағанмен, қайсыбірі ықыласпен алып жатыр. Зеленов ауданының Чеботарев ауылындағы Еділ Мұхамбетқалиев басқаратын «Сарыбел» ЖШС-ның сүт өнімдері, «Белес-агро» компаниясының астығы сұранысқа ие екені байқалды. «Албетияров», «Сартаев» кәсіпкерліктері балық түрлерін, соның ішінде тірі балық сатып, жұртты қарық қылды. Жеке кәсіпкерліктің өкілі Армат Жұмалиевтің айтуынша, 400 келідей балық әкеп өткізген. Тұтынушылар саттыққа шығарылған 90 келілік шортанның үлкендігіне қайран қалысып жатты… Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы Берік Сейітқазиевтің айтуынша, 28 желтоқсандағы жәрмеңкеге облыстың Зеленов, Ақжайық, Теректі аудандарынан және Орал қаласынан 50 тауар өндіруші  қатысып, жалпы құны 12,3 млн. теңге болатын 35 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері  сатылған.

dsc_0264

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Антонина  ОНЕСИНА,  зейнеткер:

– Жаңажылдық дастарқанға керектінің бәрі бар. Жүдә керім болды. Жұмыртқа, сәбіз, күнбағыс майы мен балық алдым. Азық-түліктердің бағасы базардағыдан төмендеу, біз секілді бір зейнетақымен күнелтіп отырған зейнеткерлерге үлкен көмек болды. Облыс, қала басшыларына, жалпы, осындай жәрмеңке ұйымдастырған жауапты тұлғаларға рақметімізді айтамыз. Тек жәрмеңкені әлі де көше бойлата созу керек еді. Кәсіпорындар  жылдағыдай  емес,  аздау  қатысты.

Валентина  ОРЛИЕНКО,  зейнеткер:

– Ақжайық ауданынан келгендерден бес келі сиырдың семіз етін алдым. Қаладағы сауда орындарында еттің келісі 1500 теңгеден. Үйімнің қасындағы дүкендерден жұмыртқаның онын 300-310 теңгеден сатып алатынмын, бүгін оны 250 теңгеге алдым. Дөңмаңдай балықтың келісін  600  теңгеден  сатты.  Жәрмеңкеге  ертең  тағы  да  келемін.

Серік  ӘБІЛҚАТЫМОВ, Орал  қаласының  тұрғыны:

– Балық алдым. Көкөністі де алдық. Зеленовтықтар әкелген ірі қара етін көрдім, ет деп соны айтыңыз. Алдында базардан ет алып қойғанмын. Жаңа жыл қарсаңында жәрмеңкені өткізу қалалықтарға тамаша тосынсый болды. Осындай жәрмеңкелерді мереке қарсаңында өткізіп  тұрса,  жақсы  болар  еді.


Жарайсың, Жәнібектің Жапақовы!

Күні: , 80 рет оқылды

img_3805


Нұрымбек Жапақовтың есімі  облыстық «Орал өңірі» газетінің оқырмандарына жақсы таныс. Ол «әліпті таяқ» деп білгеннен бастап газеттің оқырманына айналып қана қоймай, кейін ат жалын тартқан шақта оның белсенді авторларының бірі және бірегейі болып шыға келді. Мектеп қабырғасында жүргенде, әуелі аудандық үнқағазда, бара-бара облыстың бас басылымында  қысқа хабарлары мен шағын мақалалары жариялана бастапты. Кейін «Орал өңірінің» Жәнібек жағындағы «көзі мен құлағына», яғни меншікті тілшілігіне тағайындалып, журналистика-ның түрлі жанрына талмай қалам тербеді. Тіпті әріптестері көп бара бермейтін кино тақырыбын төгілдіре жазып, таңғалдырған кездері де болды. Жәнібек десе, «шығарға жаны жоқ» Жапақов кейде сын мақалалар жазып, онысы өзіне таяқ болып тиіп, «басы жарылып, көзі көгеріп» жүрген кездері де болды. Бірақ, шүкір, қаламын ешкім тартып алған жоқ. Ала алмайды ғой!


Нұрымбек Жапақов бүгінде ащы терін әбден алған жүйріктей. Ет пен терінің арасындағы алақызба, алыпқашпа, алақұйын сәттерден арылып, нені жазса да, иін қандырып, «есінен тандырып» жазатын жасқа  жеткен. Солай жазып та жүр. Солай жаза беретін де шығар.

Жәнібекке жол түссе, күншілік жүріп жететін қаламдастарын қозыкөш жерден қошеметтеп қарсылайтын Нұрымбек осы күндерде аудандық «Шұғыла» газетінде қалам тербеп жүр. Жақында Жәнібектің Жапақовы Отанымыздың Ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапатталды. Бұл – Елбасының Жарлығымен берілетін марапат. Осы қуанышына орай қаламдасымызға құтты болсын айта отырып, «Жазар көбейсін, Жапақов!» дейміз.

Қаламдастар атынан Е. ҚЫСТАУБАЕВ


«Кублей» ЖШС: қалдықсыз өндіріске бағыт

Күні: , 94 рет оқылды

3293


Биыл облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының қатары тағы бір жаңа нысанмен толықты. Ол – индустрияландыру картасы аясындағы «Кублей» ЖШС-ның мал сойып, одан салқындатылған  ет  өндірісіне  ұласатын  кешендік  өндірісі.


Аталмыш серіктестік директоры Талғат Берекешевтің айтуынша, кәсіпорында жыл сайын 75 мыңға жуық ет, 37,5 мың балық және көкөніс қалбыры шығарылады. Осы өндірілген  өнімнің шамамен 10 пайызы Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Ресейге экспортталады.  Ет өңдеу кешенінің құрылысы 2011 жылы басталған. Биылғы тамыз айында оның ресми ашылу салтанатына облысқа жұмыс сапары барысында келген сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов, облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысқан болатын.

Жаңа кешен Оралға таяқ тастам жердегі Рыбцех ауылынан салынған. Оның аумағы 6 гектарды алып жатыр. Бұрын бұл компанияның атына етті сырттан тасымалдап, өңдейді деген сын тағылатын. Енді жаңа кешенде жергілікті мал сойылып, жылына 10 мың тонна ет өңделеді. Мал соятын және ет өңдейтін цехтары толықтай автоматтандырылған, жоғары технологиялы еуропалық құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылған.

– Мал соятын цехтағы желілердің бірі ірі қараға және екіншісі ұсақ малға лайықталған. Цех ауысымына 250 ірі қараны, 300 қойды союға қауқарлы. Кешен аумағында мал соятын және ет бөлшектеу орындары бар. Сондай-ақ кешенде заманауи технологияларға сәйкес түрлі температурадағы режимде жұмыс істейтін 10 мұздатқыш камера орналастырылған. Олар сапасын сақтай отырып, шапшаң мұздататын және терең мұздататын, етті салқындату камералары болып табылады. Ондай мұздатқыштарда жылына 2500 мың тонна ет сақтауға болады, – деді «Кублей» ЖШС-ның директоры Талғат Берекешов.

Цехта малды союда естен тандыру әдісі қолданылады. Еуропалық стандарттар бойынша ет өнеркәсібі кәсіпорындарында бұл ең ізгі әдіс саналады. Зауытта Еуропадан әкелінген озық жабдықтар іске қосылған. Әр жұмыс учаскесіне пышақтарды және өзге де құралдарды залалсыздандыратын құрылғылар және жақсы жабдықталған зертхана да бар. Ветеринар аумағында малдың төшкесі жан-жақты тексеріліп, сараптама жасалынады. Сонымен қатар өзгертілген газды және вакуумдық орамаларға орайтын құрылғылар орнату жоспарланған.

Кәсіпорында ХАССП (ағылшын транскрипциясы НАССР – Hazard Analysis and Critical Control Points, тәуекелді қолдану және бақылаудың аумалы нүктелері) қауіпті ахуалдың пайда болу ықтималы бар тамақ тізбегінің барлық кезеңдерінде, өндірістік процестің кез келген нүктесінде бақылауды қамтамасыз ететін азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін басқару жүйесі енгізілуде.  Бұл жүйені әлемнің барлық өркениетті елдерінің азық-түлік өнімдерін өндіруші компаниялары қолданатыны, ал АҚШ-та, Канадада, Жаңа Зеландияда, Жапонияда, тағы бірқатар мемлекеттерде аталмыш жүйені заңнамалық деңгейде енгізу талап етілген. Ет өңдеу кешенінің тағы бір артықшылығы қуатты су тазарту қондырғыларының барлығы  болып табылады. Олар суды күн сайын тазартады және тазартудың 2-3 реттік жүйесі қызмет етеді.

Кешендегі заманауи жабдықтар қоршаған ортаны ластамай, етті сатуға дайын күйінде беруге жұмыс істейді. Мұнда өндірістік қоқыс қалдықтарын өртейтін крематориялық пеш жағылады. Ол төрт сағатта 2 тонна ауыр өндірістік қалдықтарды құртады. Ет қалдықтарын 2-3 сағаттың ішінде өртейді, бірақ оның күлі бес пайыздан аспайды. Ет өңдеу кәсіпорны аумағында сүйек ұны мен тері өндірісі үшін қалдықтарды өңдейтін екі қосымша цех құрылысы жүруде. Алдағы уақытта мал азықтық жем өндіріп, ірі қараның терісін өңдеу қолға алынбақ. Сонда кәсіпорын қалдықсыз өндіріске айналады. Сонымен қатар қазір косметологияда және сабын өндірісіне қажетті мал майын өндіру жоспарланған.

«Кублей» басшылығының айтуынша, компания үшін ет сатып алуда бәсекелестік ортаны қалыптастыру қиынға соғуда. Өйткені ет сатып алғанда, компания салықтың 22 пайызын (12% қосымша құн салығы, 10% жеке табыс салығы) өзі төлейді, ал шаруалар, қосалқы шаруашылықтар ондай салық төлемінен босатылған. Базарлардан еттің келісін 1000 теңгеден сатып алу мүмкін болса да, «Кублей» ЖШС-на ол 1220 теңгеге шығады. Нақ осы түйткілді мәселе кәсіпорын басшыларын ойландырып  отыр. Ет өңдеу кешені толық қуатына шыққан кезде бұл мәселенің аса өзекті болатыны сөзсіз.

Жұмысын енді байқап көріп бастаған жаңа ет өңдеу кешені толық қуатына енген кезде кәсіпорында 150 адамға жұмыс беріледі.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Тірі балық сататын дүкен кешені ашылды

Күні: , 54 рет оқылды

img_9083


Бұл  батысқазақстандық  үш  кәсіпкер  Әлібек  Сартаев, Еркін  Альбетияров және  Меңдіжан  Сәрсеновтің  бірлескен жобасының  үш  жылдық  нәтижесі  болып  табылады. Ел  тәуелсіздігінің  25  жылдығы  мен  Жаңа  жыл  мерекесі қарсаңында пайдалануға  берілген  сауда  орнының  ашылу салтанатына  облыстық сала басшылары, кәсіпкерлер  мен  қала тұрғындары  қатысты.


Өңірде алғаш рет іске қосылған кешенде тұтынушыларға қызмет көрсетумен бірге балықты өсіріп, ұстауға арналған бассейн де бар.

Мұнда жыл бойына балық өнімдерінің түр-түрі сатылмақшы. Мысалы, шортан, сазан, мөңке және шаян тәріздес балықтар тірі күйінде өткізілсе, алабұға, табан, көксерке, торта және басқалары жаңадан мұздатылған күйінде тұтынушыларға ұсынылмақ.

Кәсіпкерлер келешекте сатып алушыларға ыңғайлы болу үшін қаланың әр түрлі аудандарында дүкендер желісін ашпақшы. Сондай-ақ мейрамхана мен кафеге  тұтынушының таңдауы бойынша балықтар мен балықтан жасалған тағам түрлерін жеткізумен де айналыспақ.  Болашақта балық өнімдерін жақын шетелге экспортқа шығару да кәсіпкерлердің жоспарында  бар.

img_9092– Өңірде 45 су айдыны балық шаруашылығымен айналысатын 30 нысанға бекітіліп берілген. Тағы 30 су айдыны резервте тұр. Ең бастысы, балық өнімдері халыққа қолжетімді бағамен сатылуы керек. Осы орайда бұған дейін табиғат пайдаланушылар өз өнімдерін Оралдағы «Ел ырысы» базарында делдалдарсыз өткізуге мүмкіндік алған болатын. Сондай-ақ қала мен аудандарда ұйымдастырылып жүрген жәрмеңкелерде сапалы балық өнімдеріне сұраныс мол. Мұның барлығы жергілікті тұрғындар үшін ыңғайлы болу мақсатында ұйымдастырылуда. Өңірімізде алғаш болып ашылған балық-шаян дүкенінің иелеріне құтты болсын айтып, еңбектеріне табыс тілеймін, – деді ашылу салтанатында сөз алған табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы  Амангелді  Дәулетжанов.

Жеке кәсіпкер Әлібек Сартаевтың айтуынша, биылғы жылы Қазталов, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарының су айдындарындағы балық қорына ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге 1 млн. теңге қаржы жұмсалған. Сонымен қатар дүкен ғимаратын техникалық қайта жарақтандыруға 4,7 млн. теңгеден астам қаржы жаратылған. Бүгінгі таңда кәсіпорында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған болса, болашақта 200-ге жуық  уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

Қала тұрғындарының игілігіне ашылған дүкенде бұл күні балықтың барлық түрі 20 пайыз жеңілдікпен сатылды. Айта кетейік, балық-шаян дүкені Орал қаласы, С. Жақсығұлов көшесі 33/2, Екінші жұмысшы ауданында орналасқан. Балыққа алдын ала тапсырыс  беру  үшін 87777914665, 87754981865 телефондарына хабарласуға  болады.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Өзімізде барды пайдаланған ұтады

Күні: , 43 рет оқылды

img_6552


«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру еліміздің тұрғын үй қорын толықтырумен қатар, құрылыс индустриясын да дамытуға оң ықпал етуде.


Сала мамандарының пікірінше, үй құрылысына қажетті материалдарды өзі шығарып, құрылыс жұмысын өзі жүргізетін комбинаттар баспана бағасының арзандауына себепші болмақ. Өйткені комбинаттар даярлаған құрылыс материалдары жергілікті болғандықтан, сол материалдардан тұрғызылған үй қымбат болмайды.

Құрылыс саласында өте тиімді саналатын үй құрылысы комбинаттарын құру еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Бұдан бірнеше жыл бұрын мұндай комбинаттар біздің облыста да пайда болды. «Болашақ-Т» және «СВ плюс» ЖШС жанынан құрылып, бүгінде өңіріміздегі құрылыс саласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген комбинаттардың тыныс-тіршілігі жөнінде білмек мақсатта жақында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Арман Өксікбаевпен хабарластық.

— Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында біздің өңірімізде де үй құрылысы комбинаттары құрылып, бүгінде қарқынды жұмыс жасауда. Олар екеу, біріншісі – «Болашақ-Т», екіншісі – «СВ плюс» ЖШС.

Бұлардың жалпы өндірістік қуаты жылына 90 мың шаршы метрді құрайды, — деген Арман Серікұлы одан әрі үй құрылысы комбинаттарының жұмысына тоқталды.

— Аталған үй құрылысы комбинаттары құрылыс жұмысын құрастырмалы-монолитті әдіспен жүргізуде. Ғимараттарды құрастырмалы-монолитті тәсілмен салу, біріншіден, жыл мезгілі мен басқа да себептерге қарамастан, құрылыс нысандарын жедел тұрғызуға мүмкіндік береді. Өйткені кәсіпорын даярлаған құрастырмалы-монолит қаңқалар алынбайтын опалубкалар мен ригельдерден және тағы басқа да қабырғаларды ұстап тұратын материалдардан құралған. Яғни құрылыс нысанының негізгі бөлігі саналатын тұтас қабырғалар кәсіпорыннан дайын күйінде келеді. Міне, нақ осы жағдай құрылыс жұмысының жеделдігін арттырып, еңбек шығынын азайтады. Екіншіден, құрылыс материалдарын өздері даярлайтын болғандықтан, аталған комбинаттардың салған үйлері еш уақытта нашар болмайды. Үшіншіден, құрылыс материалдары жергілікті жерден өндірілетін болғандықтан, материалдық шығын аз болады. Мұны біз аталған үй құрылысы комбинаттарының жұмысынан көріп жүрміз. Сөзіміз дәлелді болу үшін бұған нақты мысалдар келтіріп көрейік. Комбинаттар құрастырмалы-монолитті құрылыс тәсілін пайдалану арқылы 5-9 қабатты тұрғын үйді бар-жоғы үш айдың ішінде тұрғызып жүр. Ал егер көп қабатты тұрғын үйді бұрынғыдай кірпіштен салатын болса, оған қанша уақыт кететінін құрылыспен айналысатын кез келген адам біледі. Үй қабырғасын дайын күйінде тұтастай әкеліп орналастыру негізгі конструкция құрылысының құнын 39 пайызға дейін төмендетіп, құрылыс жұмысына қажетті арматура шығынын 2-5 есеге дейін азайтады. Қоршау конструкциялар ретінде пайдаланылатын жылуоқшаулау материалдары үй ішіндегі жылуды жақсы сақтайды, ал бұл өз кезегінде бөлмелердегі температураның бірқалыпты болуына ықпал етіп, пайдаланылған жылу шығынын азайтады. Бұл тұрғындар үшін өте пайдалы. Тағы бір айта кететін жәйт, комбинаттан шыққан дөңгелек кеуек тақталар құрылыс жұмысында үстіңгі жабын ретінде пайдаланылып жүр. Бұл жағдай жоғарғы жабынның қалыңдығын 14,2 см-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заманауи құрылыс жұмысында материалдарды бір-бірімен дәнекерлеп қосу деген жоқ, осының өзі қаңқаның жинауын оңайлатып, құрастыруын жылдамдатады. Үй құрылысы комбинаттары жұмысының негізгі артықшылығы, міне, осы. Бұл құрастырмалы-монолитті құрылыс нысанының өзіндік құнын едәуір төмендетіп, тұрғын үйдің тапсыру қарқынын жоғарылатады. Бүгінгі күннің экономикалық жағдайын ескеретін болсақ, бұл еліміз үшін өте маңызды. Жалпы, өңірімізде үй құрылысы комбинаттары іске қосылғаннан бері тұрғын үйлерді қолданысқа беру қарқыны өсті, — деді ол өз сөзінде.

— «Болашақ-Т» ЖШС жанынан құрылған үй құрылысы комбинаты 2014 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. Оның қуаттылығы – жылына 50 мың шаршы метр. Аталмыш комбинат жиналмалы ғимараттардың элементтерін кешенді түрде шығарады, оларды құрылыс алаңына тасымалдайды, құрастырады және құрастыру жұмыстарынан кейін дайын өнімдерді құрылыс жұмысына пайдалануға тапсырады. Бұл комбинат былтыр алғаш рет мемлекеттік қолдаудың есебінен жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар үшін 180 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үйді тұрғызды. Бұдан соң 72 пәтерлік тағы бір 9 қабатты коммерциялық тұрғын үй салды. Бұл екі үйдің жалпы көлемі 21,1 мың шаршы метрді құрайды. Бүгінде коммерциялық мақсатта салынған үйде пәтерлерді өз қаражатына сатып алған адамдар тұрып жатыр. Олар құрылыс сапасына дән риза. Осының өзі комбинат жұмысының сапалы екенін көрсетеді.

Биыл комбинат кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 9 қабатты 72 пәтерлік екі тұрғын үй құрылысын бастап кетті. 5-ықшамауданда тұрғызылып жатқан бұл екі үйдің жалпы көлемі 12,3 мың шаршы метрді құрайды. Өз қаражатына салғандықтан, компания бұл үйдегі пәтерлерді де саттыққа шығаруға құқығы бар.

Бұдан басқа комбинат биыл дағдарысқа қарсы іс-шаралар шеңберінде 9 қабатты 180 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысын бастады. Құрылыстың жалпы көлемі – 31,0 мың шаршы метр. Сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік қағидалары негізінде 9 қабатты 90 пәтерлік бір тұрғын үй құрылысын да қолға алды. Көлемі 7,7 мың шаршы метр болатын бұл құрылыс нысаны Деповская көшесі аумағындағы апатты жағдайда тұрған үйдің тұрғындарына арналмақ. Бір сөзбен айтқанда, «Болашақ-Т» ЖШС жанынан құрылған үй құрылысы комбинаты алдағы уақытта жалпы көлемі 51,0 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысын жүргізіп, 594 отбасына қуаныш сыйламақшы.

Ал енді «СВ плюс» ЖШС жанындағы үй құрылысы комбинатына келетін болсақ, бұл комбинат «Болашақ-Т» ЖШС-нан бір жыл бұрын, яғни 2013 жылы іске қосылды. Оның қуаттылығы – жылына 40,0 мың шаршы метр. Комбинаттың жұмысы «Болашаққа» қарағанда баяулау жүруде. Өйткені бұл комбинат «Болашақ-Т» секілді тұтас үй қабырғаларын өздері шығармайды. Олар құрылыс нысандарын көбінесе кірпіштен тұрғызады. Кәсіпорын құрылыс материалдарын жергілікті кірпіш зауытынан алады. Сондай-ақ мұнда құрылыс мамандары мен заманауи құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар да жетіспейді. Осының бәрі кәсіпорын жұмысының баяулауына әкеп соқтыруда.

Аталған үй құрылысы комбинаты ағымдағы жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен 5 қабатты 90 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысын бастаған болатын. Соның біреуінің құрылысы аяқталып, жақында тапсырылды. Ал екінші бес қабатты үйдің құрылысы жалғасуда. Жас отбасыларға арналған құрылыс нысандарының екеуі де Зашаған кентінде. Аталған құрылыстың жалпы көлемі 14,8 мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ комбинат өткен жылы «Бәйтерек девелопмент» АҚ есебінен көлемі 13,6 мың шаршы метрлік құрылысты бастаған болатын. Комбинат 9 қабатты 171 пәтерлік осы тұрғын үйдің құрылысын да биыл аяқтады. Сонымен қатар мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі негізінде салынатын 9 қабатты 135 пәтерлік бір тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда (оның көлемі – 10,9 мың шаршы метр). Бұл құрылыс нысаны Деповская көшесі аумағында салынбақ.

Аталмыш басқарма Зашаған кентінің «Сарытау» шағынауданындағы 900 орындық мектеп құрылысының жобалау сметалық құжаттамаларын дайындаған. Аталған құрылыс нысаны «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы жүзеге асырылуда. Нысанның бас мердігері — «СВ плюс» ЖШС. Аталған мектептің құрылысы тұрғындарының саны күн санап өсіп келе жатқан Зашаған кенті үшін үлкен тарту болмақ.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


«Белес» шыққан белес

Күні: , 38 рет оқылды

img_9207


Сейсенбі  күні  «Нұр  Отан» партиясы  облыстық  филиалының  мәжіліс  залында  «Белес» біріктірілген  компаниясының жыл қорытындысына  арналған  жиыны  өтті.


Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов,  соғыс және еңбек ардагерлері мен «Орал Терминал», «Авангард» ЖШС, «Белес-Агро», «Ақ-қайнар» АҚ, «Теректі май комбинаты» және «Саят» этнотуристік орталығының өкілдері қатысты.

– Осыдан 15 жыл бұрын мекемеде 40 адам жұмыс жасайтын.

Бүгінде аталмыш компания жұмысшыларының саны 700-ден асты. Сонымен қатар салтанатты шарамызды пайдалана отырып, соғыс және еңбек ардагерлері  Иван Гапич пен Хамза Сафинге кейінгі ұрпақтары атынан алғысымды білдіремін. Еселі еңбегіміздің жемісін көре берейік, – деді жиында сөз алған «Белес» компания тобының жетекшісі Мұрат Жәкібаев.

Көрермендерге компания тобының осы кезге дейінгі атқарған жұмысы жайлы бейнекөрсетілім ұсынылды.

– Сіздердің жиындарыңызға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Қазіргі таңда компанияларыңызда 700-ден астам адам еңбек етеді. Жылына 1 млрд. 400 млн. теңге салық төлеп отырсыздар. 32 мың тонна тауар өндіріп, оның 20 мың тоннасын экспортқа шығарасыздар. Бұл – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің мәуелі жемісі. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов еңбек озаттарына облыс әкімінің алғысхаттарын табыс етті.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Үздіктер марапатталды

Күні: , 50 рет оқылды

img_3497


Дүйсенбі күні облыстық мәслихаттың үлкен залында өткен салтанатты шарада ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай денсаулық саласының үздіктері марапатталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты.


Алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов медицина саласындағы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерге тоқталып өтті. Басқарма басшысының айтуынша, 25 жылдың  ішінде диагностиканың заманауи әдістерін қолдану және нәресте патологиясын ерте кезден анықтау мүмкіндіктері арқылы сәби өлімі үш есеге азайған.

– 25 жылда облысымызда 102 денсаулық сақтау нысаны салынып, травматология, кардиохирургия, офтальмология және басқа да салалар бойынша 100-ден астам жоғары сапалы медициналық көмек түрі енгізілді.  Адам өмірінің ұзақтығы 64,8 жастан 71,7 жасқа дейін ұзарды. Ал «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылға қарай адам өмірінің ұзақтығын 73-ке жеткізу көзделуде. Айта кетелік, облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2005 жылы 6,6 млрд. теңге болса, 2015 жылы 22,1 млрд. теңгеге дейін өсті. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен  471 млн. теңге қаражатқа 56 автокөлік сатып алынса, оның 17-сі – реаномобиль. Бұл – әлеуметтік салаға бөлініп отырған үлкен көмек, —  деді Қамидолла Мүтиғоллаұлы.

Бұдан кейін басқарма басшысы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай  бірқатар сала үздіктерінің мерейтойлық наградалармен марапатталғанын жеткізді. Олардың ішінде ҚР Президентінің Жарлығы бойынша облыстық клиникалық ауруханасының сәулелік және функционалдық диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Асылбек Бахаев «Шапағат» медаліне, Орал ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері Бибігүл Махметова мен Қаратөбе аудандық орталық ауруханасының аға зертханашысы Балсан Аймашева Құрмет грамотасына ие болды.

Жиында сөз алған Марат Лұқпанұлы денсаулық сақтау саласы бойынша өңірде атқарылып жатқан игі істерге тоқталып, ұлт денсаулығын сақтаудағы ақ желеңділердің  еңбегін жоғары бағалады. Ол ел мерейтойы қарсаңында облысымыздың 13 дәрігері мерекелік медальға ие болғанын атап өтіп, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Валентин Харькин мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері Надежда Ашығалиеваға өз қолынан мерейтойлық медальді табыс етті. Бұдан кейін облыстық онкологиялық диспансері директорының орынбасары Нұрлан Төлемісов, облыстық тері-венерологиялық диспансерінің зертхана меңгерушісі Татьяна Цой, облыстық қан орталығының меңгерушісі Гүлмира Дәуенова, «Мейірім» мамандандырылған бөбектер үйінің тәрбиешісі Лариса Сафрыгина, Орал ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасының мейіргері Маруся Қайсағалиева, Қаратөбе аудандық орталық ауруханасының мейіргері Айгүл Мұхамедова, облыстық перинаталдық орталығының реанимация бөлімшесінің мейіргері Жаңылғаным Ғиззатова облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Салтанатты жиында өзге де  мамандар ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің Құрмет грамотасымен және алғысхаттарымен марапатталды.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Қала бюджеті нақтыланды

Күні: , 25 рет оқылды


Таяуда Орал қалалық мәслихатының ІХ кезекті сессиясы өтті.

Бұған қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рүстем Закарин мен Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеров, қала әкімдігінің қызметкерлері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысты.


Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеровтің төрағалығымен өткен бұл сессияда негізінен қаланың 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Бибігүл Ниетқалиева баяндама жасап, қала бюджетіне 2017 жылы 21 887 584 мың теңге, 2018 жылы 20 776 991 мың теңге және 2019 жылға 21 355 237 мың теңге бөлінгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, келесі жылға бөлінген 21 887,6  млн. теңгенің 2 408,9 млн. теңгесі республикалық және облыстық трансферттер және 19 478,7 млн. теңгесі – бюджеттің өз кірісі. Осының 3 млрд. 049 млн. 153 мың теңгесі еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделі бойынша еңбекақы төлеуге және ай сайынғы үстемақы төлеміне, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің еңбекақы деңгейін көтеруге жұмсалмақ. Республикалық бюджеттің трансферттері есебінен тілдер бойынша курс тағылымдамасынан өткен оқытушыларға қосымша ақы төлеуге 9,5 млн. теңге және негізгі қызметкерді оқыту кезеңінде оларды ауыстырған оқытушыларға қосымша ақы төлеуге 14,3 млн. теңге қарастырылған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру саласының әр түрлі шараларына 202,6 млн. теңге бөлінді. Облыстық бюджеттен көптілділікті дамыту аясында оқытушылардың біліктілігін арттыруға 11,1 млн. теңге қарастырылған. Мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа оқу бағдарламасын енгізуге байланысты және 1, 2, 5, 7-сыныптар үшін оқулықтар сатып алу және жеткізуге 333,2 млн. теңге бөлінді. Қаланың Солтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Б» тұрғын үй аумағын электрмен жабдықтау республикалық және облыстық  бюджет трансферттері есебінен жүргізілсе, Деркөл кентінің бірінші жаңа шағынауданында еріген қар суларын бұру және кварталішілік өтетін жер құрылысына қажетті қаржы ұлттық қор қаражатынан бөлінбек.

Одан әрі жиналғандарды бюджеттің басқа да кіріс-шығысымен толық таныстырған Бибігүл Ниетқалиева депутаттардан осы шешімнің жобасын бекітуді сұрады. Қалалық мәслихат депутаттары бұл жобаны бірауыздан мақұлдап, нәтижесінде 2017-2019 жылдарға арналған қала бюджеті бірауыздан қабылданып, нақтыланды.

Бұдан соң Орал қалалық мәслихатының  2016 жылғы 25  қаңтардағы №42-2 «2016-2020 жылдарға арналған Орал қаласының даму бағдарламасы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және қала маңындағы Зашаған, Круглоозерный және Желаев кентінің  шекарасын белгілеу жөніндегі мәселелер қаралды. Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Ғалиевтің айтуынша, осы бағыттағы жұмыстарға жыл басында 1 368 934,56 теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта кенттердің шекарасын белгілеу жұмысы толықтай аяқталған. Кенттер шекарасын белгілеп, картаға түсірудің арқасында жер телімдерінің қай кентке қарайтынын тез анықтауға болады. Бір айта кететін нәрсе, бұл  ретте кенттер аумағы өзгермей, сол күйінде қалды. Бұл жұмыстарды «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына және Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңына сәйкес  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының БҚО бойынша филиалы – «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті жүргізген. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес жер телімдерінен түсетін салық түсімдері сол округтің өзінде қалып, қоғамдық ұйымдардың ұсынысымен өткізілетін түрлі іс-шараларға жұмсалуы тиіс. Сондықтан кенттер шекарасының нақтылануы ең алдымен сол жердің тұрғындары үшін тиімді.

Сессия соңында Орал қалалық мәслихатының келесі сессиясының төрағасы сайланды. Депутаттар шешімімен №5 округ депутаты Ләззат Рысбекова Орал қалалық мәслихатының келесі сессиясына  төрағалық  ететін   болды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ


«Жаңартылған білім мазмұны: бүгіні мен болашағы»

Күні: , 91 рет оқылды

img_9369


Кеше  облыс  орталығындағы  Достық  үйінде  дәл  осындай тақырыпта  кеңес  өтті. Оған  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов,  ЖОО, колледж  және  өзге  де  білім  мекемелерінің  басшылары,  мамандары,  мұғалімдер  қатысты.


– Біз жылдың төрт мезгілінде ұстаздар қауымымен кездесіп тұрады екенбіз. Көктемде соңғы қоңырау салтанатында, жазда тамыз конференциясы кезінде, күзде Білім күні мен ұстаздар мейрамында. Бүгін, міне, жылдардың тоғысар тұсында бас қосып отырмыз. Ұстаздар қауымымен осынша жақын болуымызға басты себеп – жауапкершілігі мол ортақ жұмыс болып табылатын ұрпақ тәрбиесінің жай-күйін талқылау. Елбасымыз бәріміздің алдымызға интеллектуалды ұлт қалыптастыру бағытындағы тапсырма қойды. Оған Үкімет, жергілікті атқарушы билік, педагог кадрлармен бірге, ата-аналар да атсалысуы  керек.

Экономикасы мен өркениеті дамыған қай мемлекетті алып қарасаңыз да олар зияткерлік әлеуетімен ерекшеленеді. Педагог кадрларды даярлау, білім беру нысандарын салу мен жөндеу сияқты аса жауапты істе мемлекет аянып қалған жоқ. 90-жылдары бастан кешірген тоқыраудағы мұғалімдердің айлар бойы жалақысына қол жеткізе алмай жүретін күндер бүгінде келмеске кетті. Биылдың өзінде облысымызда 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті, оның 13-і мектеп, үшеуі балабақша, біреуі лагерь. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша балабақша мен мектеп  салынды. Орал қаласында келесі жылы аяқталатын екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2017 жылы облыс орталығында 4, Зеленов ауданының Дариян ауылында 1 мектеп бой көтермекші. Елбасымыз білім жүйесінің еліміздің адами капиталының дамуы мен экономикалық өсуінде алатын орнының зор екендігін атай келе, 12 жылдық білім беруге көшуге біртіндеп өтуді жалғастыру тәрізді бірқатар тапсырмаларды алға қойды. Қазіргі заманның басты талабы – үнемі жетіліп, жаңарып отыру. Соның ішінде білім саласында болып жатқан жасампаз өзгерістердің маңызы зор, — деді жиынды ашқан Алтай Сейдірұлы.

Содан кейін сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, биылғы тамыз кеңесінде облыс әкімі білім саласының қызметкерлерімен кездесу өткізу жөнінде ұсыныс жасаған. Осыған байланысты ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында кәсіптік және техникалық білім беру қызметкерлерімен және студенттерімен кездесу өтті. Соның жалғасы ретінде бүгін орта білім беру саласының қызметкерлерімен  жиын  ұйымдастырылып отыр.

2015-2016 оқу жылы жаңартылған білім мазмұнының қанатқақты жобасын енгізу бойынша республикамыздағы 30 мектептің қатарында облысымыздан Орал қаласындағы №36 және Теректі ауданындағы Шаған орта мектептері болғаны белгілі. Жиын барысында аталмыш бағдарламаның қазіргі уақытта білім ұяларында жүзеге асуы турасында мектеп басшысы, мұғалімдер баяндама жасады. Мәселен, Шаған мектебінің директоры Ұлмекен Мұратованың сөзіне қарағанда, ауыл мектебінің таңдаулы білім ұяларының қатарына ілігуі ондағы мұғалімдердің мәртебесін көтерді. Жаңа талап ұстаздар қауымының ынтымақтастығын бұрынғыдан арттыра түскен. Мектептің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Бұл заман талабына сай сапалы білім мен саналы тәрбие беруге жаңа мүмкіндік туғызды. Ал №36 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ботагөз Базарбаева оқушы бұрын тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойлаушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы болғанын айтты. Жаңа бағдарламада критериалды бағалау жүйесі енгізілген. Яғни оқушының білімі бұрынғыдай бес балдық жүйемен емес, қалыптастырушы және жиынтық бағалаулармен бағаланады. Онда ата-аналар үшін де арнайы айдар бар. Осы мақсатта ата-аналармен кеңес-сабақтар өткізілді.

А. Макаренко атындағы №6 орта мектептің директоры А. Мозжухин өздерінің білім ұясы бес жылдан бері интеллектуалды мектептер тәжірибесінде қызмет етіп келе жатқанын жеткізді. Осы уақыт аралығында педагогтар бүгінгі білім мен тәрбие жүйесінде жаңартылған білім мазмұнының тиімдігін анық аңғарғанын жеткізді. «Жаңа педагогикалық технологиялардың тиімділігіне оқу процесіне қатысушының барлығының, соның ішінде ата-ана мен оқушының кәсіби құзыреттілігін жетілдіру арқылы қол жеткізуге болады, — деді ол. – Жаңартылған бағдарламада «Тәлімгер» атты жоба бар. Өткен оқу жылынан бастап қаланың бес мектебінде аталмыш жоба аясында тәлімгерлер жұмыс істеуде. Тәлімгердің сыныппен тәрбие жұмысын жүргізуі бұрынғы жүйедегідей пән мұғалімінің қосымша міндеті болып саналмайды. Тәлімгерлер балалармен тұрақты қарым-қатынаста болып, әр оқушының жеке қабілет-қарымына, сынып ұжымының қызығушылығына, шығармашылық мүмкіндіктеріне байланысты жұмыс істейді».

Өз кезегінде сөз алған Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Әлима Дүйіс-мағамбетованың айтуынша, зияткерлік мектеп оқыту мен оқу, мектепті басқару, көшбасшылық бағыттар бойынша тәжірибесімен бөлісіп келеді. Мұнда топтық және жеке кеңестер, коучинг, шеберлік сағаттары, жаңа технология бойынша семинарлар, үштілдік ортаны дамыту бойынша тренингтер, кітапхана жұмысын ұйымдастыру бағытында кеңестер өткізіліп, білім саласындағы үздік қазақстандық дәстүрлерді, халықаралық озық практиканы облыс мұғалімдеріне  таратуда.

Жиын соңында жаңартылған білім мазмұнының облысымызда жүзеге асуына атсалысқан білім беру жүйесінің қызметкерлері марапатталды. Орал қаласындағы №36 орта мектептің директоры Әзима Ғұбашева мен аталмыш мектептің музыка пәнінің мұғалімі Әспет Батырова және Теректі ауданындағы Шаған орта мектебінің директоры Ұлмекен Мұратова мен осы білім ұясының бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Мұхамбетжанова ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының алғысхаттарын алды. Ал облыс әкімінің алғысхатына ие болғандардың ішінде Ақсай қаласындағы №3 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Есмағұлова, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлшат Суханова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Жәмила Хусанова бар.

Сондай-ақ бірқатар ұстаздарға облыстық білім  басқармасының Құрмет грамоталары да табысталды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика