Мұрағат: 26.12.2016


Елбасы балдырғандарды құттықтады

Күні: , 47 рет оқылды

img_3195


Облыстық  қазақ  драма   театрында  жылдағы  дәстүр  бойынша балаларға  арналған  ҚР  Президентінің  жаңажылдық  шыршасы өтті.


Өңіріміздің әр түкпірінен Елбасы шыршасына 9-13 жас аралығындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кірісі аз және көп балалы отбасынан шыққан балалармен қоса, оқуда, спортта, шығармашылық істе, қоғамдық өмірде табысқа жеткен барлығы 180 бала қатысты. Олардың 126-сы ауылдық жерлерден келсе, алтауы балалар үйінің, 15-і даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы мекемелердің тәрбиеленушісі болса, тоғызы облыстық мектептердің, 24-і – қаламыздағы білім ошақтарының өрендері. Жылдағыдай жасыл шырша жанына жиналып, ән айтып, би билеген балғындар Аяз ата мен Ақшақарды асыға күтті. Белгілі «Еріншектер елі» мультфильмінің кейіпкерлері Спортакус пен Стефани шырша тойын қыздыра түсті. Мерекелік бағдарлама сәтінде шыршаны жағалап, ән салған балғындар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өздерін құттықтаған  бейнеүндеуін  тыңдады.

– Қымбатты балалар! Жаңа жыл – әр бала асыға күтетін мерейлі мейрам, жақсылық жаршысы. Бұл – ең алдымен, балалардың мерекесі, кішкентайлардың қуанышы. Сендер тәуелсіз елде өсіп келе жатқан нағыз бақытты ұрпақсыңдар! Мен өздеріңді және еліміздегі барлық балаларды Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі шырша тойы есте қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Ұлы дала елінің ұлағатты ұландары үнемі алдыңғы қатарда болуы керек. Біз сендердің ақылды да алғыр зерделі де зерек болып өскендеріңді қалаймыз. Еліміздің болашағын сеніп тапсыратын үкілі үмітіміз өздеріңсіңдер! Сол үшін сендерге біздің мемлекетіміз барлық мүмкіндікті жасап келеді. Асқақ армандарың орындалып, тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өніп, көркейе беріңдер! Жаңа жылымыз құтты болсын! – деді Елбасымыз.

img_3142– Қызыл-жасыл түрге еніп, түрлі кейіпкерлерді сомдап, әдемі киінген балалардың риясыз күлкісі мен жарқын-жарқын дауыстары шырша тойының шырайын аша түсті. Осы мерекеге арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңажылдық  шыршаның  шамын жағып, балалармен бірге қол ұстасып, би билеп, ойындарға қатысты. Өңір басшысы Алтай Сейдірұлы балаларға ақжарма тілегін  арнап,  ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау жеделхатын оқып берді. Онда «Айналайын! Келе жатқан 2017 жылмен шын жүректен құттықтаймын!  Жаңа жылда ұлы білім әлеміне деген  сенің шынайы талабың өссін!  Жастық  жалынмен ой-өрісің дамып, кеңейсін!

Туған халқыңмен барша адамзат игілігі үшін ғаламдық  өркениеттің интеллектуалдық байлығын талмай игере бер!» – деп жазылған.

Облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша шырша тойын өткізуге жалпы сомасы 15,7 млн. теңге қаражат жұмсалған. ҚР Президенті атынан жаңажылдық шыршаға қатысқан әр балаға құны 80 мың теңге тұратын сыйлық жиынтығы берілді. Оның ішінде қысқы сырт киім, қысқы аяқ киім, бас киім, шарф, спорттық костюм, спорттық аяқ киім, жемпір,  джинсы, күзгі жиде және тәттілер бар. Сондай-ақ балалар «Funky town» орталығындағы аттракциондарда болып, танысу кеші мен қағазды шоуға қатысты.

Шырша тойының соңында  балалар облыс әкімі Алтай Көлгіновпен  естелік  суретке  түсті.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Шырша шамы жағылды

Күні: , 45 рет оқылды

dsc_0737


Кеше кешкісін Орал қаласындағы жаңажылдық басты шыршаның шамдары салтанатты түрде жағылды.

Шаһардың жаңа алаңында өткен аталмыш шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.


— Құрметті батысқазақстандықтар! Сіздерді келе жатқан жаңа 2017 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Биыл ерекше тарихи жыл болды. Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығын жыл бойы атап өттік. 2016 жыл біздің өңіріміз үшін де толағай табыстар мен жетістіктерге толы болды. Қазір біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап салынған жаңа алаңда тұрмыз. Оң жағымызға қарасақ, жаңа ғимараттар мен зәулім үйлер, сол жағымызда Салтанат сарайы, Достық үйі, ал арқа тұсымызда Назарбаев зияткерлік мектебі орналасқан. Күні кеше ғана қалалық көпбейінді аурухананы аштық. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі. 25 жылдың ішінде өңірдің жалпы ұлттық өнімі 800 миллион теңгеден 1 триллион 700 миллиард теңгеге дейін жеткен екен. Бұл – орасан зор еңбек пен бірліктің нәтижесі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұстанған саясатының жемісі. Биылдың өзінде өңірімізде күрделі жөндеуден өткен және жаңадан салынған жолдың ұзындығы 250 шақырымға жетті. 1500 пәтер тұрғындардың игілігіне берілді. Мұның бәрі Елбасы қабылдаған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуының көрсеткіші. Жаңа жыл жаңа бақыт, жаңа табыс әкелсін! — деді облыс басшысы құттықтау сөзінде.

Алтай Сейдірұлы «сиқырлы тұтатқышты» қолына алып, алаңға жиылған тұрғындармен бірге облыстың басты шыршасының шам-шырақтарын салтанатты түрде жақты.

Шара қалалық өнер ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты.

Басты шыршамен бір мезгілде қаламыздағы Абай алаңы, «Лепесток» тынымбағы, Жайық жағалауы және Зашаған кентіне қойылған шыршалардың шам-шырақтары да жарқырай түсті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жазасын өтеушілердің 64,7%-ы жұмыспен қамтылған

Күні: , 36 рет оқылды

dsc_0180


Сот шешімімен қатаң режімдегі жаза тағайындалған жерлестеріміз ендігі уақытта өз мерзімдерін Орал қаласында өтейтін болады. Бұл олардың туысқандарымен жиі көрісуіне мүмкіндік бермекші.


Бұрындары кейбір батысқазақстандықтар, соның ішінде ауылдағы ағайын еліміздің өзге өңірлерінде жазасын өтеп жатқан туысқандарына баруына қаржылық жағынан қиналатын. Ағымдағы жылдың сәуір айында облысымыздың орталығында қатаң режимдегі колонияның ашылуы осы мәселені күн тәртібінен түсіріп отыр. Бұл туралы өткен аптаның соңында облыстық прокуратурада болған баспасөз мәслихатында айтылды. Биылғы екінші жартыжылдықтағы қылмыстық жазаның орындалуының жай-күйіне ар-налған брифингті ашқан облыс прокурорының көмекшісі, әділет кеңесшісі Әділ Ахмулдиннің айтуынша, аталмыш колония заман талабына сай жасақталған. Яғни әрбір камерада душ бар және өзге де санитарлық тораптармен қамтылған. Сонымен қатар жақында тағы бір ізгілік шарасы енгізілді. Ендігі уақытта темір тордың арғы жағында отырған жандар скайп жүйесі арқылы ұялы телефонмен тума-туыстарымен сөйлесе алады. Бүгінгі таңда облыс аумағында үш қылмыстық-атқару  жүйесінің  мекемесі жұмыс жасайды. Сондай-ақ  17  пробация  қызметі,  15  уақытша  ұстау  изоляторы, әкімшілік  тұрғыдан ұсталғандар үшін екі арнайы  қабылдау  бөлмесі  бар. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде прокуратура органдарымен  жүргізілген  тексерістер  нәтижесінде  551 заңбұзушылық  анықталды, оның  ішінде 17 дерек сотталғандар мен ұсталғандардың конституциялық құқықтарына  қатысты, 67 прокурорлық ықпал  ету  актісі  енгізілді,  107  лауазымды тұлға жауапқа  тартылды. Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің қызметкерлеріне қатысты сегіз наразылық актісі енгізіліп, олардың бәрі қанағаттандырылды.  Аталмыш мекеменің азық-түліктерді  сатып  алу бойынша үш  заңсыз  бұйрығы наразылық бойынша бұзылып, соның нәтижесінде  120  млн. теңге бюджет  қаражатының заңсыз жұмсалуының  жолы кесілді.

— Сотталғандардың  қоғамға  қайтадан  бейімделу жайы «100 нақты  қадам» Ұлт жоспарында да кеңінен көрініс тапқан. Осыған  байланысты  қоғамдық  бақылауды  жүзеге  асыратын  қоғамдық  ұйымдардың  өкілеттіктері  айтарлықтай  кеңейтілді. Жыл  басынан  бастап  түрмедегі жандардың саны  340  адамға  немесе  62%-ға азайды. Қазіргі  уақытта  мерзімінен  бұрын  босату  мен  жазасын  жеңілдету тәжірибесі қолданылады. Біздің  жұмысымыздың  нәтижесінде  облысымыздың  түзеу  колонияларында  жазасын  өтеп  шыққан 270-ке жуық тұлға қалыпты өмірге бейімделуде, — деді Әділ Каримолдаұлы.

Облыс прокурорының аға көмекшісі, әділет кеңесшісі Тимурлан Исмаилбаев таяуда, яғни 21 желтоқсанда «Прокурордың 100 кеңесі» деген мобильді қосымша қолданысқа енгізілгенін жеткізді.

ҚР Бас прокуратурасымен дайындалған бұл жоба азаматтардың құқықтық білімін арттыруға себептігін тигізбекші. Яғни ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанда не істеу керек, құқық қорғау  құрылымдары өкілдерімен кездескенде өзіңді қалай ұстаған дұрыс, террорлықты актіге қарсы қандай әрекеттер жасау қажет деген сұрақтарға жауаптар табуға мүмкіндік береді. Оны ұялы телефондарға тегін жүктеуге немесе интернеттен қарауға болады.

Брифинг барысында Түрме  реформасы форумының  ұсыныстарын  жүзеге  асыру  шеңберінде ашық есік күні, жәрмеңке сынды 26  шара жүзеге  асырылғаны да айтылды. Соның  нәтижесінде  колонияларда  жаңа сегіз кәсіпорын  ашылды. Сотталғандарды  жұмыспен  қамту  нәтижесінде жазасын өтеушілердің 64,7%-ы жұмыспен  қамтылды, 84 қосымша  жұмыс  орны ашылды. Бюджет  заңнамасының  сақталуы  бойынша  мақсатты  жұмыстар  жүргізіп,  оның  барысында  сотталғандармен  32,8 млн. теңге  сомасында бережақтары өтелді. Сондай-ақ «Еңбек-Орал»  РМК  БҚОФ директорына  қатысты сеніп тапсырылған мүлікті иелену және жымқыру  дерегі бойынша  қозғалған  қылмыстық  істің  сотқа  жолдануы  қамтамасыз  етілді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Дарынды балалар мектебі – ел егемендігінің жемісі

Күні: , 52 рет оқылды

%d0%b4%d0%b0%d1%83%d0%bb%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b2-70-%d0%b6%d0%b0%d1%81


Дарынды жастар – әр елдің, ұлттың ең басты интеллектуалдық байлығы. Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында елдің кемел келешегін талантты жастарымыздың әлемдік деңгейде білім алуымен байланыстырады. Онда «білім қуған талантты қазақ баласының әлемдік ғылым-білім кеңістігіне еркін енуіне, өскелең ұрпақтың озық білім алуына «Болашақ» бағдарламасы жұмыс жасайды» деп нақты көрсетілді. Демек, әлеуметтік-экономикалық жағынан әлемдік деңгейде қарқынды жетілумен, адами капиталдың негізін қалап, интеллектуалдық ұлт қалыптастыруда, дарынды жастарға әлемдік деңгейде білім беру – бүгінгі таңдағы ең маңызды мәселелердің бірі.


Ел тәуелсіздігінің 25 жылында ағарту саласындағы қол жеткен ең басты жетістігіміз — мектептегі жалпы білім берудің, оның ішінде дарынды балалар мектебіндегі білім сапасының өркениетті дамыған елдер дәрежесіне дейін көтерілуі. Әлемдік білім берудің практикасында барған сайын үздіксіз күрделене беретін интеллектуалдық, шығармашылық мамандықтарға жастарды даярлау, 12 жылдық лицейлер, 13 жылдық гимназиялар т.б. арнаулы мамандандырылған мектептер арқылы жүзеге асырылады. Ондай мектептердің Еуропа елдерінде пайда болу тарихы сонау ерте заманнан басталып, бүгінге дейін жастарға қабілетіне қарай саралап білім беруде, ғасырлар бойы адамзатқа қызмет етіп, озық тәжірибе жинақтаған, теориялық жағынан да, практикада да жүйеге келген оқу орындары.

Біздің елімізде Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап адами капиталды дамытуды бірінші кезекке қойды. Білімді дамытудың мемлекеттік ең ауқымды бағыттары қалыптасты. Соның нәтижесінде дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау мен дамыту талабы қойылды, «Болашақ» бағдарламасы іске асырылды, кеңестік білім беруде дами алмаған дарынды балаларға арналған мектептер желісі қолға алынды. Республикада көптеген дарынды балалар мектебі қазірдің өзінде әлемдік деңгейде элитарлық білім беру деңгейіне дейін көтерілді.

Дарынды балаларды бөлектеп оқытудың тәжірибесі оларды қабілеттеріне қарай қабылдауды, оқыту үрдісін ұйымдастыру мен білім мазмұнын айқындауды бейінді білім беру принципі арқылы жүргізуді талап етеді. Ол әрбір қабілетті, талантты оқушының жеке-дара өзіндік даму ерекшелігін қанағаттандырудың ғана басты шарты емес, сол арқылы олардың ертеңгі күнгі ең күрделі интеллектуалдық мамандыққа жоғары деңгейде даярлаудың да қолайлы жағдайы екендігін көрсетті.

Мектептің ең басты бағыты ретінде оқушыларды мектепке іріктеп қабылдауды да, сыныпқа топтауды да нақты таңдаған мамандықтарына қарай жүргізілетінін айта кету керек. Білімдері деңгейлес, мақсаттары мен қызығушылықтары бір бағыттағы оқушыларға шағын топтар арқылы кәсіби бағдарлы, бейінді білім беру жүзеге асырылды. Бұл бағыт көп уақыт өтпей-ақ мектептің мақсатына сәйкес сапалы білім беруде өзінің тиімділігін көрсетті.

Бүгінгі таңда мамандандырылған мектептің элитарлық, бірыңғай бейінді білім беру мақсатына сәйкес оқушылардың қабілеті мен қызығушылығына қарай бағдарлы, міндетті пәндерді жалпы білім беретін мектептермен салыстырғанда тереңдетіп, саралап білім беру бағытындағы жұмыстар жан-жақты жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі жалпы білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуда менеджмент жүйесіндегі педагогикалық мониторингті жетілдіріп, білімді бақылау мен бағалаудың ұлттық бірыңғай жүйесін қалыптастыра отырып, білім сапасын көтеру күн тәртібіне қойылып отыр. Өйткені мектеп тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, әрбір оқушының күнделікті білімді тұрақты, жүйелі, терең меңгеруін қамтамасыз ету — бүгінгі мектептің алдында тұрған ең күрделі де, қиын да әрі мүлде кешеуілдеп қалған мәселе. Осы орайда дарынды балалар мектебінде педагогикалық мони-торинг жұмыстарын жүйелі жүргізуге қолайлы мүмкіндіктер бар.

Білім сапасына қатысты мектепте жүргізілетін педагогикалық мониторингтің ең басты элементі – бақылау. Оқыту процесін тұрақты, жүйелі бақылап отыру арқылы оқушылар білімінің сапалық деңгейін айқындап, кемшіліктерін көріп қана қоймай, оның себебін түсінуге, жоюдың жолдарын жүзеге асыруға да қолайлы жағдай жасайды.

Білімді бақылаудың мемлекеттік ҰБТ моделінің енгізілуі білім сапасын бақылауды жетілдіруге ерекше тың бағыт алып келді. Мектепті аяқтау кезіндегі мемлекеттік емтихан, ҰБТ оқушыдан негізгі пәндер бойынша білім стандартындағы бағдарламалық материалды толық, нақты білуін талап етеді. Енді оқушы білімді күнделікті баға алу үшін емес, мемлекеттік ҰБТ-да жоғары балл жинап, әрбір заңдылықтар мен ережелердің, құбылыстар мен оқиғалардың ішкі байланыстарымен, оның мәнін терең түсіне отырып, сапалы білім алулары қажет болып шықты. Сөйтіп, мемлекеттік ҰБТ моделі – сабақ беретін мұғалімдерге тәуелсіз, білім үдерісіне сырттай бақылау мен бағалаудың мектепте  бірыңғай жүйесін қалыптастыра отырып, білім сапасын көтеруге тікелей ықпал еткен білімдік факторға айналды. Мектепте ай сайын, тоқсан мен жыл аяғында негізгі пәндер бойынша жүйелі, тұрақты мектепішілік бақылау өткізіледі. Ол күнделікті өтілген материалдың оқушылардың меңгеру деңгейін тұрақты бақылап, оның тиімді жақтарын одан әрі жетілдіруге, кемшіліктерін жоюдың жолдарын іздеуге тікелей ықпал етеді. Мектептегі мұндай бақылау жүйесі – оқушының да, мұғалімнің де күнделікті оқу және оқыту іс-әрекеттерін сырттай бақылай отырып, бағалау болып табылады. Нәтижесінде ол мұғалімдердің білімді көтеріп бағалауын болдырмауға, оқушының күнделікті әр материалды терең меңгеруге деген қажеттілігін қалыптастыруға қолайлы әсер ететін білімдік мәнге ие болады. Осы жерде педагогика ғылымында есімі белгілі, жалпы білімнің реформаторы болып табылатын ағылшындық Майкл Барбердің «Білім сапасы мұғалімнің әрбір оқушының білім алуына қолайлы жағдай туғызуына байланысты» деген пікірі еріксіз еске түседі.

Елбасының дарынды жастарға әлемдік деңгейде білім беру, интеллектуалдық ұлт қалыптастыру саясатының негізінде жасалған қамқорлық, дарынды балаларға элитарлық білім беруде инновациялық озық тәжірибелерді практикаға батыл ендіру мамандандырылған дарынды балалар мектебінің уақыт талабына сай қалыптасып, дамуына негіз болуда.

Соңғы он жылда мектеп бітіруші түлектеріміздің жоғары оқу орнына грантқа түсу көрсеткіші тұрақты 100%-ға жетсе, мектептегі білім сапасы түлектеріміздің Назарбаев, Қазақ-Британ, Сәтпаев атындағы техникалық, Ә. Фараби атындағы қазақ ұлттық, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінде үздік оқып, білім алуларына мүмкіндік жасап отыр. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы бойынша 100-ден астам түлегіміз әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алу мүмкіндіктеріне ие болса, 20 оқушымыз М. Ломоносов атындағы ММУ жанындағы А. Колмогоров физика-математика мектебін аяқтап, Ресейдің ең таңдаулы университеттерінде білім алуда.

2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі 11 жылдан бері  қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу моделінің республика бойынша рейтингін шығарды. Осы рейтинг бойынша соңғы бес жыл ішінде республикада ҰБТ-дан ең жоғары көрсеткішке жеткен 6 мектептің көш басында Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты тұрса, 11 жыл бойы оқушылары тұрақты 100-ден жоғары балдық көрсеткішке ие болып келе жатқан республикада екі мектептің бірі және үздігі де біздің оқу орнымыз болып табылады.

Өз мәртебесіне сәйкес мамандандырылған дарынды балалар мектебінің сапалы білім берудегі басты бағыты инновациялық тәжірибелерін одан әрі дамыта отырып, әлемдік деңгейде дарынды балаларға элитарлық жалпы білім беретін оқу орны болып қалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,

облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты


Серпін берген «Серпін»

Күні: , 42 рет оқылды

img_6130


Елбасының тапсырмасы негізінде білім саласында көптеген жаңа жобалар жүзеге асуда. Мәселен, екі жыл бұрын бастау алған «Серпін» бағдарламасында оңтүстік өңірлердегі мектеп түлектеріне біздің облыста білім алуларына арнайы жеңілдіктер қарастырылған.


Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінде (БҚИК) ветеринария мамандығы бойынша аталған бағдарлама негізінде 18 студент білім алуда. Бүгінгі таңда еңбек нарығы мамандардың кәсіби даярлығының деңгейіне қатаң талап қояды. Соған сәйкес көптеген оқу орындарында дуальді оқыту жүйесі қолға алынған. Яғни білім алушылар дәрісте алған білімдерін машық жүзінде іске асырады.

Кәсіби мамандарды даярлау мақсатында БҚИК әкімшілігі облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы К. Ташимовпен бірлесе отырып, колледждің экология және биотехнология бөлімі бойынша «Серпін — 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасын қолға алған болатын.

Биыл ветеринария мамандығына оқып жатқан 3-курс студенттері бекітілген оқу жоспарына сәйкес қыркүйектің бесінен бастап үш ай бойы өндірістік-технологиялық тәжірибе жинауға Қазталов және Жаңақала аудандарындағы ветеринарлық қосындарға жолданды. Тәжірибе барысында студенттер өздеріне керекті мағлұматтарды жинап, теориялық білімдерін іс жүзінде жүзеге асырды. Олар әлеуметтік жоба аясында көрген-үйренгендерін айтып, өз ойларын ортаға салды. Мәселен, Гүлбақыт Жайлыбаева Қазталов ауданындағы Болашақ ауылдық округінде алғаш түйеге екпе жасағанын айтты.

– «Серпін» бағдарламасына қатысушылары жатақханамен, үш мезгіл тамақпен, киім-кешекпен және келген өңіріне қатынауға тегін жол қаражатымен қамтамасыз етіледі. 2014 жылы колледжге түстім. Алдыңғы жылы дуальді оқыту жүйесі енгізілген екен. Биыл Қазталов ауданындағы Қошанкөл ауылында тәжірибеден өттім. Ауылдағы ветеринар Аян Нариман жетекшілік етіп, маған нақты бағыт-бағдар берді, білген-түйгенімен бөлісті. Негізінен, қыздарға іс-қағаздарды жүргізу, электронды құжаттарды реттеу тапсырылған еді. Бірақ өзімнің сұранысыммен он бес шаруа қожалығында жүргізілген ветеринарлық шараларға атсалыстым. Сарып ауруын анықтау үшін арнайы мамандар тобымен бірге сиырдан қан алуды үйрендім. Ал қойдан гөрі қошқарға екпе жасау оңай екен. Өйткені қошқарлар жуас әрі тамырын тез табуға болады. Қараша айының ортасында ит пен мысыққа құтыруға қарсы екпе жұмыстарын жүргіздік, – дейді Дильфуза Елеуова.

Жалпы, аталған жобаның сәтті жүзеге асуына жағдай жасаған Қазталов және Жаңақала аудандық ветеринарлық стансаларының басшылары Т. Есболов пен Б. Шурмановқа ризашылық білдіреміз. Бәсекеге қабілетті білікті маман қалыптастыру үшін өндіріспен бірлескен тағылымдамаларды жүзеге асырудың маңызы зор.

Гүлмаржан АХМЕДИЯРОВА,

ветеринария ғылымдарының магистрі


«Ақжайық саздарының» тұсауы кесілді

Күні: , 39 рет оқылды

%d0%b5%d1%80%d0%ba%d0%b8%d0%bd-%d0%bd%d1%83%d1%80%d1%8b%d0%bc%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b2


Таяуда Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының концерт залында  Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «ҚР мәдениет саласының үздігі», «Құрмет» орденінің иегері, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетовтің «Ақжайық саздары» кітабының тұсаукесері мен шығармашылық кеші өтті.


Өңірімізде күй өнерін дәріптеп, музыка саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген кәсіби маман, республикалық, халықаралық күй байқауларында топ та жарып, жүлде де алып жүрген шәкірттерді дайындаған ұстаз Еркін Нұрымбетовтің шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен шара облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өтті.

Кеш иесінің «Ақжайық саздары» атты кітабының тұсаукесер рәсімін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қырымгерей Қажымов жасады. Музыка саласының білгір маманы ретінде танылған Еркін Шаяхметұлының кешіне қатысқан өнер жанашырлары ақ тілегін арнаса, өнерде бірге жүрген әріптестері автордың жеке шығармашылығынан әндерді орындады.

Кеш барысында сөз алған Дәулеткерей Құсайынов музыка саласының майталманы Еркін Нұрымбетовтің халық композиторларының шығармашылығын насихаттап, Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрінің биік деңгейден көрінуіне қосып жүрген өлшеусіз еңбегін ерекше бағалайтындығын атап өтіп, кеш иесіне шығармашылық жолда сәттіліктер тіледі.

Автордың айтуынша, оқырманға жол тартқан «Ақжайық саздары» кітабында музыка саласына қатысты көптеген мәліметпен қоса, нота, партитуралары беріліп, композиторлар жөнінде біраз дерек қамтылған. Көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, әсем әнмен әрленген кеш өнерсүйер қауымға әдемі әсер қалдырды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ


Жыр жауған күн Жайықтың жағасына…

Күні: , 29 рет оқылды

Атырауда  ақын  Бауыржан  Халиолланың  шығармашылық кеші  өтті

%d0%b5%d0%b0%d1%81-431


Таяуда Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен ақын Бауыржан Халиолланың «Мөлтек әлем мөлдірі» атты шығармашылық кеші өтті. Мәртебелі өлеңді ұлықтауға арналған салтанат Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың кіріспе сөзімен ашылды. Ол қоғамдық үдерістерді дамытуда, жастарды рухани байытуда ақын-жазушылардың орны мен рөлін айта отырып, ақын Бауыржан Ергенұлының қазақ әдебиетіндегі өзіндік қолтаңбасы бар екенін ақжарма көңілімен алға тартты.


Өзінің әдебиет әлеміне деген алғашқы сапарын айтыстан бастаған ақынның қолдаушысы да, бапкері де бола білген қазақ айтысының ақтаңгері – Қатимолла Бердіғалиев. Балаң жігіттен үлкен жеңіс күткен ұстаз үміті ақталды да. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевтің өз сөзімен жеткізер болсақ: «…Соңымнан Бауыржан Халиолла сынды жастар келеді. Олар менен жай аяңдауды емес, тездетіп алға жүруді немесе жолдан шығуды талап етері сөзсіз. Сондықтан жастарға жолымды беріп, оларды өнер сапарына аттандыратын бапкер болуды қаладым», — деген екен көңілі толған бір сәтінде. Иә, Бауыржан Халиолла өзінің жай ғана талапкер емес, алысты мұрат тұтар арғымақ екенін шабысымен дәлелдеп келеді.

Бүгінде поэзияда өнімді еңбек етіп, өзін сүйіп оқитын оқырмандарына «Жұмбақ қыздың жанары», «Нәзік бұлт көшіп барады», «Жұлдыз жауған жарық түн» атты жыр жинақтарын сыйлаған ол алты алаштың ардақтысына айналып отыр. «Халықтың ұғымында Отан, туған жер деген ұғым – біреу ғана. Егер адамда екінші Отан, туған жер болатын болса, оны мен «Атырау» деп сеніммен айтар едім. Өткен жылы да араларыңызға келіп, жыр кешін өткіздім. Биыл да  өздеріңізбен жүздескім келетінін бір сәті түскенде өңір басшысы Нұрлан Ноғаевқа жеткізіп едім, міне, ол тілегім де орындалды. Сіздердің орталарыңызға келіп, жырдан шашу шашқаным үшін қазақ өнерінің жанашыры Нұрлан Асқарұлына шын көңілмен алғыс айтамын», — деді ол осы кеште тебірене, толқи тұрып.

Қазіргі қоғам түйткілдері, күйбең тірлік күңкілдері ақынды толғандырады, кейбіреулердің тоғышар тірлігі ызасын келтіреді. Сондықтан да шығар, «Ыза» деген өлеңінде «Бәстесуге қолыңды бер, Уақыт!» деп, жүйрік жылдардың өзімен серттеседі. «Өтіп жатыр жүрегімді кеміріп, Бір күнімнен айнымайтын бір түнім», — деген ақын Бауыржан бір-біріне ұқсас сүреңсіз күндердің жетегінде кетіп бара жатқанына өкінеді.

«Ақын болып төсекке құлаймын да,

Оянамын қайтадан пенде болып», — деген өлең жолдары шабыт құшағындағы сезімтал жүректің алабұртқан кезін кестелей отырып жазған ақын жанының бұлқынысы дер едік.

Бір кезде Мұқағали ақын:

«Ойлы жас, өлең менің сырласымдай,

Сырлассам да, құштарым жүр басылмай.

Айтып өткен ақында арман бар ма,

Жүрегінің түбіне кір жасырмай?!» — деген екен. Бауыржан сол үдеден шыққан сыңайлы. «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның», — деп отызға толмаған жасында отты өлеңнің дауылын тұрғызған қайран Төлеген жырласа, Бауыржан да: «Сол баяғы дүние бәз қалпында, Жаңалық жоқ, бәрі де өзгермеген», — дей отырып жүрегіне ақындықтың ауыр жүгін артады. «Ішім жылап тұрса да, сыртым күліп», — дейді ол тағдырдың пешенесіне бұйыртқан сөз өнері туралы.

Иә, ақынның кейбір сәттерде қаламынан мұң ғана шығатыны рас. Өйткені пенденің қолынан жасалған әділетсіздіктер аяғынан шалып жатса, өлең жазғаннан басқа қолынан не келеді, шынында?! Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Ақұштап Бақтыгереева сияқты мықты ақындар шыққан құнарлы топырақтан өнген дәннің де дарынды болмасқа хақысы жоқ. Қазақтың талантты ұлдарының бірі Есенғұл Жақыпбаевты ұстаз тұтып, соңына ағалап ерген ол жазушылар Тынымбай Нұрмағамбетов, Нұрғали Ораз, Төлен Әбдік, Әкім Тарази мен Роза Мұқанованың шығармаларын сүйіп оқиды. Жыр әлеміне тұсауы кесілер тұста ағалардың алақанының жылуын да сезініпті. Мәселен, Есенғали Раушанов тұңғыш өлеңдерін оқып, «Жалын» журналына топтамасын бергізген көрінеді. Осының бәрі де сайып келгенде, жас талантқа қолдау екенін айтып кеткеніміз ләзім.

«Оянуым керек қой бақытты боп» — дейді ол бір өлеңінде таусылып. Бәлкім, әжесінің тәрбиесінде болып, қазақтың қара өлеңі мен әже әлдиіне бөленіп өскен ұл мынау дүниенің сынақтарында қиналды ма, талды ма, кім білген?! Әуелі әжесі, одан кейін әкесі мен анасы, ағасы бірінен кейін бірі бақиға сапар шеккенде еріксіз ерте есейген ол «Қабағымды бір мезет мұң басқанда» — деп күрсіне жырлайды. «Қағаз-қалам мұңайып шам түбінде» — деп көңіл күйін нақыштайды.

Өмірдің өзіндей шындықты арқау еткен Бауыржан Ергенұлы бүгінде айшықты өлеңге әдемі ән де жазады екен. Бірнеше әндері көрермен көзайымына айналып та үлгерді. Жүрсін Ерманның сөзіне жазылған «Тұсаукесер», өлеңін де, әнін де өзі жазған «Жүрек сөзі», «Қатимоллаға арнау» әндері – соның айғағы.

Ендеше, ел-жұртқа әрі жазба ақын, әрі айтыс ақыны ретінде де танымал Бауыржан Халиолланың өнер өлкесіндегі сапары сәтті жалғаса бергей деп тілейік!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

Атырау қаласы


Жақсылықтар жалғаса береді!

Күні: , 44 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7-256698-%d1%81%d1%8b%d1%80%d1%8b%d0%bc-%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0%d0%bd%d1%8b2


Сырым  ауданының   әкімі  Абат  Шыныбеков  Тәуелсіздік  туралы  былайша  ой  өрбітті:

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – ел үшін мерейлі меже. Біздің ел бұл межемен тоқтамайды. Біз ширек ғасырлық жетістігімізбен мақтанамыз, бірақ алда бұдан да биік бағытымыз, бағдарымыз бар.


25 жылдың ішінде елде көптеген игі жақсылықтар орын алды. Бұл жақсылықтарды қазақстандықтар ел болып, жұрт болып жасады.

Сырым ауданы 25 жылдың ішінде ғасырлық деңгейде жаңарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кім-кімге де оңай болған жоқ. Кеңестік игілік жойылды. Аға ұрпақтың шаруашылық үрдісін де үзіп алғанымызды мойындаймыз. Дегенмен біз бұл тығырықтан шықтық.  Мемлекет қабылдаған қандай бағдарлама болмасын, бәрінің де бір шеті ауылдың ахуалын арттыруға жұмыс жасады.

Нақты мысалдарды айтайық. Тәуелсіздік жылдары ауданның ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай алға жылжыды. Бұрын ауылдардың маңында көрінерге мал жоқ еді, қазір мал басы жайылымға толған дәрежеге жетті. Сырымдықтар күні бүгін асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға үлкен ден қойып отыр. Онымен ауданда 11 шаруашылық айналысады. Осы сияқты 19 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жеке қосалқы шаруашылықты дамыту үшін жұмысын бастады.

Ауыл шаруашылығын көтеру – ол ауылды көтеру.

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7-256698-%d1%81%d1%8b%d1%80%d1%8b%d0%bcСырым ауданының жағырапиялық орналасуы – аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы үшін мықты мүмкіндіктерді беріп отыр. Биыл өңірдегі тұңғыш инвест-форум біздің ауданда өтті. «SIRIM invest – 2016» аймақтық форумы аясында қол қойылған меморандумдар аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы үшін жаңа басымдықтарды белгіледі. Осы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылды.

Кейінгі жылдары Сырым ауданының инфрақұрылымы керемет артты. Жыл басында 10 бірдей елді мекен көгілдір отынға қосылуы, Жымпиты – Қаратөбе автокөлік жолының жөнделуі, Бұлдырты ауылының 12 шақырымдық кірме жолының жаңадан төселуі, аудан орталығындағы ауылішілік жолдардың орташа жөндеуден өткізілуі, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың салынуы – мұның бәрі инфрақұрылымның дамуы ғой. Сәйкестік те шығар, бұл шаруалардың бәрі ел егемендігінің ширек ғасырлық тойы қарсаңында атқарылды.

Біз барлық жақсылықты Тәуелсіздікпен байланыстырамыз, – дейді ауданның әкімі.

Аудан әкімінің лебізін әрі қарай сабақтасақ, шүкір, ауыз толтырып айтар жақсылықтар баршылық. Тәуелсіздік жылдары еліміз еңсесін тіктеп, екпіндей өрістеп, елеулі биіктерді еңсерді. Осының бәрі – жақсылық. Соның ішінде халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсарып, өркениетке қадам жасаған бір ауыз толтырып айтар жаңалық, ол – ауданға көгілдір отынның келуі. Шынын айту керек, Кеңес үкіметінің бұғауында болған жетпіс жылда келмеген көгілдір отынның игілігі елге егемендіктің небары он тоғыз жылында жетті. Газдың келуімен бірге әр шаңыраққа бақыт, береке  кірді.

2010 жылы  ауданға Қарашығанақ-Жымпиты бағытында тартылған магистральді газ құбырының келуі сырымдықтар үшін тарихи сәт болды. Сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының тікелей ықпал етуімен газ өндіру жұмысымен айналысатын «КПО б.в» компаниясы көгілдір отынды  Жымпитыға дейін тартуға 57 млн. АҚШ долларын бөліп, діттелген мақсат ойдағыдай аяқталып, Сырым елі-нің көптен күткен арманы жүзеге асты.

Алғашқы жұмыстар ауданның орталығы Жымпитының басында жүргізілді.

2011 жылы Алғабас, Талдыбұлақ, Қазақстан ауылдарына газ келді. Сөйтіп, бұл жақсылық әрі қарай жалғаса берді.

Биыл Алғабас ауылынан Тоғанас – Аңқаты – Қарағанды – Құспанкөл – Жаңаөңір – Сасықкөл бағыттары бойынша газ құбырын тарту жұмыстары басталды.

Ауданда жақсылық деген көп дедік қой. Соның бір-екеуіне тоқталайық тағы да.

Сырым ауданында «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі бар. Бұл ұйым 2004 жылдан бері жұмыс жасайды. Ұйым 2011 жылы «Өмірге жолдама» деген әлеуметтік жобаның жұмысын бастады. Бірлестіктің экс-төрағасы Ерболат Исанов бұл жоба ауданның жастары үшін шынайы игілікті болса деген мақсатты ғана ойлады. Мақсат орындалды да.

Өңірге белгілі «Әлім», «АзияТехСтрой» ЖШС-ларымен қатар, «КМТ СИТИ СТРОЙ», «БАЛТЕМЕН», «ӨТЕШ» секілді құрылыс кәсіпорындары осы жобаның қаржыландырушылары болып келісілді. Құсайын Бахтияров, Ержан Бахтияров, Ерлан Бақтияров, Армат Әлімбетов, Тілек Махметов, Ақболат Ырысов, Ақболат Ізболатов сияқты азаматтар жақсылық жасауға өздері ынта білдірді. Істің басы солай басталды да, «Сырым жастары» ұйымы «Өмірге жолдама» жобасы арқылы ақылы білім алуға әл-дәрмені жоқ, әлеуметтік жағдайы әлжуаз жанұядан шыққан 10 бірдей жасты өздері қалаған мамандық бойынша жоғары оқу орындарына тегін орналастырды. Сырым ауданы мемлекеттік грантты осылай «қолдан жасады». Сөйтіп, 10 бірдей бозбала мен бойжеткеннің арманы орындалды, 10 бірдей жанұя жақсылыққа жарыды. Бастысы, 10 бала адам болды.

«Өмірге жолдама» әлеуметтік жобасы 2011 жылы Батыс Қазақстан облысындағы «Үздік жастар жобасы» атанды. Сөздің шыны керек, бұл жобаны облыста әлі ешкім қайталай алмай отыр. Қайталай алмайтын да шығар. Қайталау үшін Бахтияровтар сияқты жомарттар керек, Арматтай, Тілектей, Ақболаттардай азаматтар керек.

Биыл бұл жоба 5 жылға аяқ басты. Нәтиже бар ма? Бар. Жобаның 2 қатысушысы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін аяқтады. Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан  мемлекеттік медицина университетінде білім алуға мүмкіндік алған бір студент жоба күткен нәтижені орындады. Сабағын үздік оқып, келесі жылы мемлекеттік грантты жеңіп алды. Күні бүгін осы оқу орнында жобаның тағы бір қатысушысы білім алып жатыр. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетіне оқуға жіберілген енді бір қатысушымыз да күні бүгін мемлекеттік грант арқылы білім алуға ауысты. «Өмірге жолдама» жобасы аясында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтаған бір жас маман аудан ауылдарының біріне еңбек етуге кетті.  Жаңағылар да, басқалары да «Өмірге жолдама» жобасы аясында білім алып, бүгін бір-бір саланың өкілі болып жүр.

Сырым елінде кәсіпкерлер жағы белсенді. Белсенді болғанда, ісіне ғана емес, қайырымдылыққа, қоғамдық жұмысқа келгенде белсенді.

2014 жылы «АзияТехСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Армат Әлімбетов өз қаржысына Жетікөл ауылдық округінің орталығынан әмбебап спорттық алаңын салып, пайдалануға берді. Кәсіпкердің бұл ісі «Нұр Отан» партиясының «Біздің ауыл» жобасы аясында қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясының негізінде атқарылды. Елге деген махаббат қой, бұл!

Елге деген махаббаттың «тірі көріністері» Сырым елінде соңғы уақытта жиі байқалатын болды. Мәселен, Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылының тұрғындары осы жазда өз күштерімен ауыл клубының құрылысын бастады. Суыққа қалмай табанын тартып, қабырғасын тұрғызып қойды. «Құдай қаласа, келесі жазда клубта отырып концерт көреміз!» – деді іссапар барысымен барғанда бізге жолыққан Боранбай деген ауылдың бір іскер азаматы. Осындай клубтың құрылысын биыл Сарой ауылдық округіне қарасты Көздіғара ауылының тұрғындары да қолға алды. Жазғы уақытта су жаңа клубта отырып концерт көретін тағы бір ауыл болса,  ол  осы  Көздіғара  сияқты.

Түйіндеп айтқанда, Тәуелсіздіктің таңы өзінің жақсылығымен атып жатыр. Мәңгі бол, арайлы бол, Азаттықтың ақ таңы!

Жоғарыдағы жақсылықтарды санамалап бола келгенімізде, жоғарыда айтқан Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында қос бірдей қуаныш орын алды. Округ орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жергілікті кәсіпкерлердің жеке қаржыларына салынған «Жетікөл» және «Данияр» атты заманауи сауда дүкендері салтанатты түрде ашылды. Жақсылықтар осылай жалғаса бергей!

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Шынар  МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым  ауданы


«Мемлекеттік қызметшілердің тәртібі – басты назарда»

Күні: , 50 рет оқылды

img_2160


Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі дамыған елдердің көбінде бар. Кодексте мемлекеттік қызметшілердің атқарып отырған лауазымына қарамастан, басшылыққа алуға тиісті кәсіби қызметтік этиканың жалпы қағидалары мен қызметтік мінез-құлықтың негізгі жүйесі көрсетілген. Былтыр республикамызда мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бекітілгені белгілі. Бұл құжаттың негізгі қағидалары, соған сәйкес облысымызда қолға алынған іс-шаралар жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовпен әңгімелескен едік.


 

— Болат Әлмұханұлы, Әдеп кодексінің негізгі қағидалары туралы айтып өтсеңіз?

 

— Әңгімеміздің басында облыс тұрғындарын еліміздің басты мерекесі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, батысқазақстандықтарға зор денсаулық, ізгілік, береке және барлық жақсылықты тілегім келіп отыр. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде еліміз дамудың үлкен жолынан өтті. Барынша дамыған елу елдің қатарына ендік. Ендігі меже – бәсекеге қабілетті отыз мемлекеттің бірі болу. Мемлекеттік аппараттың кәсіби және тиімді жұмысы да бұл мақсатқа жетуімізге өз ықпалын тигізері анық. Соған сәйкес еліміздегі институционалдық рефор-малардың негізгі бағыты кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналып отыр. Ал мемлекеттік аппараттың кәсібилігі үшін мемлекеттік қызметтің беделі мен мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру маңызды екені анық. Осы бағытта «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-қадамын жүзеге асыру аясында мемлекеттік аппараттың этикалық бейнесін қалыптастыру үшін қажетті нормативтік іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңында әдеп мәселесіне жеке тарау арналды, Әдеп кодексі қабылданды, агенттіктің облыстық департаменттері жанынан Әдеп жөніндегі кеңестер құрылды, мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілді. Заңнама деңгейінде қызметтік этиканы сақтау бойынша мемлекеттік қызметшілерге қойылатын негізгі талаптар анықталды. Мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар, сондай-ақ мүдделер қақтығысын реттеу бойынша міндет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық жөнінде түсініктер енгізілді.

2015 жылдың 29 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін» бекітті. Кодекс мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге бағытталып отырғаны белгілі. Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттарын әр жағдайларда, яғни қызметте, әріптестерімен қарым-қатынаста, қол астындағы қызметшілермен, басшылармен, қызметтен тыс уақыттағы байланыс кезінде, сондай-ақ көпшілік алдында сөз сөйлеуде анықтайды. Осыған сәйкес мінез-құлық стандарттары сапалы деңгейге көтеріліп, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырады.

 

— Мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары жөнінде айтып өттіңіз. Сонда қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметші өзін қалай ұстауы керек?

 

— Мемлекеттік қызметші қашанда жалпыға бірдей моральды-этикалық нормаларды сақтауы тиіс. Күнделікті өмірде олар қарапайымдылық танытып, өз лауазымын ерекшелемеуі және пайдаланбауы керек. Әрбір мемлекеттік қызметші ол халықтың алдында мемлекеттік қызметтің бейнесін көрсететін тұлға болып саналады. Сол себепті оның кәсіби және жеке басының қасиеттері арқылы барлық мемлекеттік органның жұмысы бағаланатынын естен шығармаған жөн.

 

— Ұлт жоспарында әдеп жөніндегі уәкіл лауазымын енгізу қарастырылған. Оның атқаратын қызметіне тоқтала кетсеңіз?

 

— Әдеп кодексінің орындалуына бақылау жүргізілмесе, ол пәрменді болмайды. Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқын бақылаудың негізгі механизмдерінің бірі – әдеп жөніндегі уәкіл лауазымының енгізілуі. Заңға сәйкес әдеп жөніндегі уәкілге мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингілеу және бақылау функциясы жүктелген. Бұл жаңа институт орталық мемлекеттік органдарда, сондай-ақ өңірлік деңгейде енгізілді.

Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзуды болдырмауды, алдын алуды қамтамасыз ететін, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беретін – мемлекеттік қызметші. Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.

 

— Бұрынғы Тәртіптік кеңестің қазіргі Әдеп жөніндегі кеңестен айырмашылығы қандай? Әдеп жөніндегі кеңеспен жылдың басынан бері қандай жұмыстар атқарылды?

 

— Әдеп жөніндегі кеңестің таратылған тәртіптік кеңестен басты ерекшелігі және айырмашылығы – сыбайлас жемқорлық пен әдеп нормаларының бұзылуының алдын алуға басымдық берілетіндігінде. Кеңес сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындыларын және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингілеу мен бақылауды жүзеге асырады, тәртіптік комиссиялардың жұмысын үйлестіру кезіндегі әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін қарайды. Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік тәртіпті нығайту, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы, қызметтік этиканы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ әдеп жөніндегі уәкіл қызметін үйлестіру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуді жүзеге асырады.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің дербес құрамы тоғыз адамнан, яғни қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен және мемлекеттік органдардың басшыларынан құралған. Биылғы жылдың 11 айында 68 сұрақ бойынша кеңестің 10 отырысы өткізілді. Соның 50-і – тәртіптік іс. Тәртіптік істерді қарау қорытындысы бойынша 31 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныстар берілді. Оны тарқатып айтсақ, мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар үшін – 20, Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін – 11. Кеңес отырыстарында 18 мәселе қаралды. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларының бұзылуының алдын алу бойынша мемлекеттік органдар жұмысының қорытындылары бар.

 

— Облысымыздағы мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының қызметі туралы айтып өтсеңіз.

 

— Мемлекеттік қызметшілердің тәртібін және жауапкершілігін нығайту мақсатында мемлекеттік органдарда комиссиялар құрылды. Департамент өзінің ережесіне сәйкес, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істерін қарау бойынша мемлекеттік органдарда құрылған тәртіптік комиссиялар қызметін үйлестіру функциясын жүзеге асырады. Ағымдағы жылдың тоғыз айында облыстағы мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларында мемлекеттік қызметшілерге қатысты 154 материал қаралып, нәтижесінде 174 тәртіптік жаза

тағайындалды. Департамент қызметкері жүргізген талдау қорытындылары көрсетіп отырғандай, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың нормаларын, мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын тәртіптік жаза ережелерін, соның ішінде тәртіптік комиссия құру, қызметтік тексеру жүргізу, шешімді рәсімдеу, тәртіптік комиссия шешімімен таныстыру сияқты ережелер сақтала бермейді.

 

— Болат Әлмұханұлы, мемлекеттік қызметшілер сыйлық алған жағдайда қандай жауапкершілікке тартылады?

 

— Бұл – қазір қоғамда көп талқыланатын мәселенің бірі. Мемлекеттік қызметшілер және жауапты мемлекеттік лауазымдағы тұлғаларға өз қызметін пайдалана отырып, сыйлықты алдыруға да, алуға да болмайды. Қызметіне сәйкес көпшілік алдында немесе ресми шаралар кезінде сыйлық алған лауазымды тұлғалар алған сыйлығын жеті күнтізбелік күн ішінде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелеріне тапсыруы тиіс. Сыйлық түріндегі мүлікті уәкілетті органға толық немесе уақтылы бермеген жағдайда ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодексінің 472-бабына сәйкес бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса да, әкімшілік-құқықтық жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер сыйлық алғандығы үшін ғана емес, мемлекеттік қызметшілерге заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін жеке тұлғалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын атап өткен жөн.

Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”


Жаңа аурухана ашылды

Күні: , 43 рет оқылды

img_2824


Сенбі күні облыс орталығында қалалық көпбейінді аурухана ашылып, пайдалануға берілді.


Жаңа аурухананың ашылу салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов, медицина саласының қызметкерлері, осы нысанның құрылысын жүргізген мердігер компания өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

– Құрметті дәрігерлер қауымы, құрылысшылар, қала тұрғындары! Бүгін баршамыз үшін үлкен мереке, қуанышты күн. Өйткені дәл қазір қала мен облыс тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсететін жаңа көпбейінді қалалық аурухана ашылмақ. Сонымен қатар бүгін облысымыздың медициналық ұйымдарына реанимобильдер табысталады. Бұл – Тәуелсіздігіміздің  25 жылдығына орай облыс тұрғындарына жасаған үлкен тартуымыз. Елбасымыз өз Жолдауларында денсаулық сақтау мәселесіне үлкен мән беріп, еліміздің барлық аумағында медициналық қызмет сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бір-ыңғайландыру жөнінде тапсырма берген болатын. Міне, бүгін Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындап, тағы бір денсаулық сақтау нысанын халыққа қызмет ету үшін беріп отырмыз. Еліміз егемендік алған 25 жыл ішінде 103 денсаулық сақтау нысаны қайта ашылып, пайдалануға берілді. Тек биылдың өзінде төрт денсаулық сақтау нысаны жөндеуден  өтті.  Алдағы 2017 жылы тағы 15 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда, бұған бюджеттен қажетті қаражат бөлінеді. Бұдан басқа алдағы жылы тағы бір жаңа емхана ашуды көздеп отырмыз. Осының бәрі медициналық қызмет сапасын арттырып, халықтың сапалы дәрігерлік көмек алуы үшін жасалып жатыр.

img_2827img_2743Жазда «Жедел жәрдем» қызметі орталығында болғанымызда, біз сол мекеменің дәрігерлерінен «Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін не істеу керек?» деп сұрағанбыз. Сонда олар «Жедел жәрдем» көлігін көбейту керек» деген болатын. Міне, бүгін дәрігерлер қауымының сол тілегі орындалмақшы. Облыстың денсаулық сақтау нысандарына дәрігерлік қызмет көрсететін 60 көлік берілмек. Осы көліктердің 40-ы аудандарда халыққа қызмет көрсететін болса, ал қалған 20-сы қалада қалмақ. Соның 15-сі – су жаңа  реанимобильдер. Шұғыл жағдайда дәрігерлік қызмет көрсететін бұл көліктер медициналық қызмет сапасын арттыруға үлкен ықпал етеді деп ойлаймын. Қазір ашылғалы тұрған көпбейінді қалалық аурухана талапқа сай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осы жұмыстардың барлығы облыс тұрғындарының игілігі үшін жасалуда. Ауырып қалған жағдайда, тұрғындар басқа жерлерге бармай, осы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған ауруханада қаралсын,  неден ауырып тұрғанын осы жерде анықтап, сапалы ем-домын жергілікті ауруханалардан алсын деп жатырмыз. Статистикалық деректерге сүйенсек, 1993 жылы бюджеттен облыстың денсаулық сақтау саласына 24 млн. теңге қаралса, биыл жыл қорытындысы бойынша 28 млрд. теңге бөлінді. Яғни 1993 жылмен салыстырғанда соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына қаражат 1200 есе көп жұмсалған. Мұның өзі мемлекеттің осы бір әлеуметтік маңызы зор мәселеге – тұрғындардың денсаулығына үлкен мән беріп, барынша көңіл бөліп отырғанын көрсетеді. Біз осы мәселені мемлекетпен бірігіп шешудеміз. Олай болса, бүгінгі баршамызға ортақ қуаныш құтты болсын! Жаңа заманауи аурухана сіздердің игілігіңізге қызмет етсін!

Тәуелсіздігіміз құтты болсын, баянды болсын! – деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Бұдан соң жаңа нысанды тапсыру рәсімі басталып, аурухана құрылысын жүргізген  мердігер «Болашақ-Т»  компаниясының жетекшісі Қайдар  Қощанов жаңа нысан кілтін көпбейінді қалалық аурухана директоры Арман Қалибековке табыс етті. Өңір басшысы құрылыс жұмысын жүргізген кезде 100 шақты жерлесімізді жұмыспен қамтып, облыс бюджетін ауқымды салық төлемімен толықтырған компанияға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Шара барысында еңбек ардагері, қаламыздың құрметті азаматы Хамза Сафин сөз алып, жиналғандарды жаңа емдеу нысанының ашылуымен құттықтады.

Осыдан кейін Алтай Көлгінов аурухана ауласында тұрған «Жедел жәрдем» және реанимобиль аутокөліктерінің кілтін иелеріне табыс етті. Нақтырақ айтсақ, тоғыз  реанимобиль аутокөлігі қалалық «Жедел жәрдем» стансасына, алты реанимобиль аутокөлігі қалалық емханаларға және алты  «УАЗ» маркалы аутокөлік облыс аудандарына берілді. Бұдан кейін көпбейінді қалалық аурухананың ашылу рәсіміне орай  денсаулық саласына ұзақ жыл қызмет еткен еңбек ардагерлері Бақтығали Ахметов пен Тамара Чеусова лента қиды.

Салтанатты рәсімге  қатысушылар жаңа аурухананың ішіне кіріп, ондағы арнайы қызмет көрсету бөлмелерімен және құрал-жабдықтармен танысты. Мұндағы кардиология, токсикология, ота жасау және жансақтау бөлімі, пульмонология, сәулелі диагностика және рентген бөлмесі, шынымен де, ең заманауи құралжабдықтармен жасақталыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің  мәлімдеуінше, аурухана сегіз негізгі және бес көмекші корпустардан тұрады. Аурухана құрылысына жергілікті және республикалық бюджеттен 8,2 млрд. теңге бөлінген. Және денсаулық сақтау нысандарына берілген 56 аутокөлікті сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 471 млн. теңге жұмсалған. 300 орындық аурухана ресейлік, жапондық, германиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда МРТ, компьютерлік томография, видеоскоп, мобильді рентген жүйесі және тағы басқа да заманауи құрал-жабдықтар ел игілігіне қызмет етпек. Тағы бір айта кетерлік жәйт, мұндағы жұмыс орындары автоматтық жүйемен  толық  қамтамасыз  етілген.

Шара барысында «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен шетелдерде білім алып келген бір  топ жас дәрігер жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өздерінің  шетелде алған білім-біліктерін сапалы емдеу ісіне арнайтындарын жеткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, облыс бойынша 56 дәрігер шетелдерде тәжірибеден өтіп, біліктілігін жетілдірген. 26 дәрігер халықаралық «Болашақ»  бағдарламасы арқылы шетелдерде білім алған.  Сондай-ақ көпбейінді қалалық аурухана жұмысын жаңа 2017 жылдан бастамақ. Ең бастысы, бұл мекеме мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен  қамтамасыз етпек.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика