Мұрағат: 23.12.2016


Министрдің марапаты

Күні: , 58 рет оқылды

img_2447


Ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына орай Батыс Қазақстан облысындағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де түрлі марапаттарды иеленді.


Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқ­жанов ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәу­рен Абаевтың бұйрығымен берілген марапаттарды салтанатты түрде иелеріне табыс етті.

Министрліктің марапатын иеленгендер қатарында «Жайық Пресс» медиахолдингі қызметкерлерінің қарасы қалың. Мәселен, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің редакторы Болат Есқалиев, Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің редакторы Ертай Бимұқанов «ҚР Ақпарат саласының үздігі» медалін өңірлеріне тақса, Сырымбек Тұяқов, Сәкен Әбілхалықов, Гүлбаршын Әжіге­реева сықылды танымал журналистермен қатар «Орал өңірінің» жауапты хатшысы Жаннат Есполаева мен корректор Нұрлыгүл Сұлтанова аталмыш министрліктің Құрмет гра­мотасымен марапатталды.


Тозған «тұлпарыңызды» тапсырып, ақша алыңыз…

Күні: , 55 рет оқылды

img-20161209-wa0020


Ағымдағы жылдың қараша айынан бастап елімізде тозығы жеткен ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы іске аса бастады. Бағдарлама ережесіне сәйкес М1 санатындағы (салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жеті орынға дейінгі жеңіл автокөлік) көлік құралдары қабылданады. Ал тозығы жеткен техниканы жоюға өткізген көлік иесі ақшалай өтемақы алады. Мақалаға арқау болған тақырыпты тарқатып, өңір тұрғындарына түсінік беріп, оқырманға жеткізу үшін бірқатар мәліметтер жиынтығын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.


Астана қаласындағы «ӨКМ операторы» ЖШС орталығы баспасөз қызметінің хатшысы Әсел Назированың мәліметінше, берілетін өтемақы көлемі көліктің жиынтығына қарай екі санат бойынша анықталады. Яғни толық жиынтықтағы көлік 150 мың теңге және толық емес жиынтықтағы көлік 48 мың теңге көлемінде бағаланады. Бағдарламаға қатысатын тозған көліктің шығарылған жылына қатысты ешқандай да шектеу жоқ. Апатты автокөліктер де жиынтық санаты бойынша бағдарламаға қатыса алады.

Бағдарламаның толық қамтылуы мақсатында жоюға өткізетін автокөлігіңізді қашықтықтан бағалайтын (auto.recycle.kz сайты арқылы) жүйе жұмыс істейді. Тозған көліктерді сатып алу жобасын жүзеге асыру үшін ҚР Энергетика министрлігі 10 мың квота бөліп отыр. Бағдарламаны «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» жүзеге асырады. Қазіргі таңда оператордың көліктерді қабылдайтын арнайы бекеттері жұмыс істеп тұр. Олар Алматы мен Астана қаласында және облыс орталықтарында орналасқан. Жоба бойынша жыл соңына дейін «ӨКМ операторы» тозығы жеткен 10 мың ескі көлік қабылдайды. Квота саны аймақтағы ескі көліктердің санына қарай бөлініп отыр.

ҚР Энергетика министрлігі мен Қазақстан АвтоБизнес қауымдастығымен бірлесе отырып жеке және заңды тұлғаларға тозған көлікке сертификат беретін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мәселесін де қарастыруда. Бағдарлама бекітілгеннен кейін алдағы уақытта тозығы жеткен көлік иелері сертификат арқылы отандық автоөндірушілерден су жаңа көлікті жеңілдікпен сатып алуына болады. Бағдарламалардың басты мақсаты тозығы жеткен көлік құралдарын азайту арқылы экологиялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ отандық автоөндірушілерді қолдау болып отыр.

2016 жылдың 30 қарашасынан бастап «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ҚР Энергетика министрлігімен және жергілікті әкімдікпен бірлесіп, тозығы жеткен көліктер қабылдаудың мобильді бекетін іске қосты. Бағдарлама кең көлемді қамту мақсатында облыс орталығы мен аудандардан алшақ орналасқан жерлерде («ӨКМ операторының» қабылдау бекеті жоқ жерлерде) жылжымалы бекеттер жұмыс істейтін болады.

 Аталған акцияны жүргізу үшін «ӨКМ операторы» халық саны 100 мың адамнан асатын елді мекендерді анықтап отыр. Осы ретте жылжымалы мобильді бекет облыс орталықтарынан алшақ орналасқан қалалық, аудандық жерлердегі тұрғындардан көнерген көліктерін барып қабылдауға дайын. Мобильді бекет қызметі қала мен аудан және ауыл тұрғындарына тозығы жеткен көлігін жергілікті жерден тапсыруына мүмкіндік береді. Аталған қалаларда көлік қабылдау акциясы бір күн өткізіледі. Тозған көлігін тапсырамын деген азаматтар бағдарлама талабы бойынша меншігіндегі көлікті ішкі істер органы есебінен жоюға тапсыру жөнінде анықтама алып қойғаны абзал.

Ескі көліктерді қабылдау үшін біздің өңірде де «ӨКМ операторы» ЖШС құрылған. Бүгінде Орал қаласы, Желаев көшесі, 39-үй мекенжайында орналасқан кәсіпорын облыс тұрғындарынан көне автокөліктерді қабылдауда.

— Еліміздің қалған өңірлерімен бірге біздер де қараша айының 21-інен өз қызметімізді бастадық. Біздің өңірге әзірге 290 автокөлікті қабылдауға квота бөлінді. Бөлінген квота мұнымен шектелмейді. Осы уақытқа дейін тұрғындардан 200 шақты автокөлік қабылданды. Әзірге тапсырылған көліктер толық жиынтық санатына жатқызылып, олардың әрқайсысына 150 мың теңге көлемінде қаражат төленуде. Әр түрлі топтағы мүгедектер мен шалғай аудандардан келушілерді кезексіз жіберуге тырысамыз. Көлік құжаттарын рәсімдеу бір сағаттай уақыт алады. Ескі көліктерін өткізушілер келер жылдың басында республика көлемінде өткізілетін ұтыс ойынына қатысуға мүмкіндік алады. Бағы жанған адамға су жаңа автокөлік табыс етілмек. Ескірген көлігімді кәдеге жаратамын дейтін облыс тұрғындары жоғарыдағы мекенжайға немесе 8-701-380-85-57, 8-771-766-43-07 телефон нөмірлеріне хабарласуы сұралады. Біз тозығы жеткен көлікті қабылдауға дайынбыз, — дейді «ӨКМ операторы» ЖШС аймақтық менеджері Зормбек Бисенов.

Айта кетейік, тозған көліктерді тапсыру үшін жеке тұлғалар көлікті жоюға тапсыру жөнінде өтініш, жеке бас куәлігінің көшірмесі, банк шотының бар екендігін растайтын анықтаманың түпнұсқасы, жоюға арналған көлік құралын тіркеу (есептен шығару) хаттамасының түпнұсқасы секілді құжаттар жиынтығын әкелу керек. Ал егер тозығы жеткен көлік құралы көлік иесінің өкілі арқылы тапсырылатын болса, ҚР заңнамасы талаптарына сай рәсімделген сенімхат түпнұсқасы қажет етіледі.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

     
    Жиынтық санаты   Толық жиынтық   Толық емес жиынтық  
Қозғалысты қамтамасыз етуші Шанақ (шасси)   +   +  
Есіктер   +   +  
Капот   +   —  
Жүксалғыш қақпағы   +   —  
Қозғалтқыш   +   +  
Беріліс қорабы   +   +  
Радиатор   +   —  
Дөңгелекті қоршаушы жабын   +   —  
Дөңгелек   +   —  
Экологиялық  қауіпті материалдар және компоненттер   Аккумулятор   +   —  
Газдарды сыртқа шығаратын жүйе детальдары, сондай-ақ  катализдік бейта­раптандырғыштар *көліктің нақты моделі бойынша базалық  жиынтықта болса   +   —  
    1 данасының бағасы,  KZT   150 000   48 000  
  Ескерту: «+» — көлікте міндетті түрде болуы керек;                «-» —  көлікте болуы міндет емес.

Оза шапқан жеңімпаздардың бірі

Күні: , 907 рет оқылды

img-20161209-wa0175


Жылдағы дәстүрге сай  желтоқсан айының басында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша республикалық  «Парыз – 2016» байқауында маңдайлары жарқырап, топ жарғандарды арнайы құттықтап, марапаттады. Еліміз бойынша 501 кәсіпорын, ұйым, ұжым қатысқан осынау еңбек додасында Жаңақала ауданындағы «Бірлік мал зауыты» ЖШС-ның еңбеккерлері де алдыңғы лектен көрініп, қола жүлдені жеңіп алды. Диплом және арнайы сыйлықпен марапатталды. Ауыл шаруашылығы саласындағы  биік дәрежелі марапатқа ие болған серіктестік қой, соның ішінде қазақтың кезінде аты аңызға айналған еділбай қойын өсіреді. Ал бұл түліктің даңқы сонау кеңес заманында да кеңінен мәлім болған екен. Енді ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесі қарсаңында асқаралы абырой биігінен көрінген серіктестіктің еңбек жолын тарқата кетсек.


«Бірлік мал зауыты» ЖШС – асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын облыстағы ірі шаруашылық. Ол әу-баста Сталин атындағы колхоз болып құрылған. Сол жылдардың өзінде-ақ оның қойлары Мәскеуге дейін белгілі болып, сол кездегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне арнайы қатысып, чемпиондықтың тәжін бірнеше дүркін иеленіпті. Иеленсе, иеленгендей екен. Өйткені колхоздан көрмеге қатыс-қан еділбайдың қошқары 167 келі, саулығы 128 келі тартып, талайларды таңғалдырады. Еділбайдың түп атасы – халықтық селекция, яғни сұрыптаудың нәтижесінде сонау ХІХ ғасырда пайда болған түлік. Бүгінгі серіктестік жоғарыда айтқан колхоз ізімен келіп, 1963 жылдан қой совхозы, 1968 жылдан бастап асыл тұқымды мал зауыты, 1993 жылы акционерлік қоғам, ал 2006 жылдан бермен қарай серіктестік атын алып, жұмыстанып жатыр. Серіктестік құрамында 30 мал қыстағы кіретін екі бөлімше, автогараж, шеберхана, құрылыс бөлімі бар. Әлеуметтік нысандар: таза су қондырғысы, орталық монша, көшеге су айдайтын қондырғы, телехабарлар тарату, ұялы байланыс орталықтары жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, серіктестік бойынша 175 адам жұмысқа тартылып, бақуатты тұрмыс кешуде.

Осы кездерде серіктестік 12 мың 500 бас еділбай қойын өсіріп жатыр, мұның 7500-і – саулық. Сондай-ақ тек қоймен шектеліп қалмай, 200 бас ірі қара және 700 жылқы бағылуда. Шаруашылық 1989 жылдан бастап қазақтың ғылыми-зерттеу технологиялық қой шаруашылығы институтымен бірлесіп, үш зауыттық желімен селекциялық жұмыстарды табысты жүргізіп келеді. Соның арқасында оған ҚР Әділет министрлігінің «Бірліктік типті» қойларды шығарғаны үшін еліміз бойынша №3 патенті берілген. Бұған қоса еділбай тұқымын өсіретін асыл тұқымды мал зауыты деген аттестат та серіктестік еншісіне табысталған. Шаруашылықтың осы кезге дейін жүріп өткен еңбек жолындағы алған марапаттары –өз алдына бір төбе. Облыс бойынша 2007 жылы «Ең үздік асыл тұқымды мал шаруашылығы» деген жоғары атаққа ие болды. Араға бір жыл тастап, Астанада өткен республикалық жәрмеңкеде Ауыл шаруашылығы министрлігінің дипломымен марапатталды. Осы жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша да «Ең үздік мал шаруашылығы» атағына ие болды. 2010 жылы «Қараөткел» жәрмеңкесінде етті-майлы бағыттағы қой малын өсіретін ең үздік асыл тұқымды шаруашылық болып танылып, «Алтын белгімен» сияпатталғаны тағы бар. Ал шаруашылық 1968-2015 жылдар аралығында алыс-жақын шет елдерге 158 мың бас асыл тұқымды еділбай қойын сатып, бұл түліктің атын аспандата түсті. Табиғаттың қатал мінезіне көнбіс, жүні бағалы, еті мол болып келетін бұл түліктің экономикалық жағынан тиімділігі басқа қойлармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бүгінде облыстың жеке шаруаларының еділбайға қызығушылығы зор. Соған орай шаруалар оны сатып, өздерінің отар санын осы түліктің есебінен көбейтуге ұмтылуда.

Шаруашылықтың жыл өткен сайын абырой биігінен көрінуіне оның қарапайым еңбеккерлерінің сіңіріп жатқан еңбектері зор. Сонымен бірге серіктестік тізгінін 2001 жылдан бері қолына алған Қанат Мұқтарұлы Ешимовтың табыс баспалдағын дәл таңдап, оған талмай ұмтылған іскерлігі де жеңісті күндерге бастағанында дау жоқ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсінетін серіктестік әкімшілігі өз ауылдарының абыройы мен бақуаттылығын әріден ойлайды. Жағдайы төмен отбасыларының тұрмыс тауқыметтерін жеңілдетуге барынша қарайласады. Түрлі мерекелер мен ортақ шараларға демеушілік жасап, қайырымдылық танытудан ешқашан шет қалып көрген жоқ.

Жаңа жыл, Наурыз мерекелері мен «Мектепке жол» шарасы, Қариялар күніне орай «Бірлік мал зауыты» ЖШС өз есебінен қомақты қаржы бөліп, осы шаралардың ойдағыдай өтуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. «Болашақта да осылай жалғаса береді» дейді Қанат Ешимов.

Ендеше, «Парыз – 2016» байқауында Қазақстан бойынша оза шапқан жеңімпаздардың бірі болған серіктестіктің абыройы әлі де аспандай бермек.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

Жаңақала  ауданы


Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы

Күні: , 40 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b8%d0%ba-25-kz


2015 жыл

1 ҚАҢТАР

Даңқты жерлесіміз, Қазақстанның бокстан ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды.


17 АҚПАН

Қаратөбе ауданының Сулыкөл ауылының тумасы, қазір Украинаның Приднепровка қаласының тұрғыны, кәсіпкер Болат Смағұлов өзінің туған ауылындағы Қалдығайты мектебіне 2,5 млн. теңгенің заманауи компьютерлік құрал-жабдықтарын сыйлады.

4 НАУРЫЗ

Облыс әкімдігі мен Түркияның «Akgun Group» компаниясы арасында меморандумға қол қойылды. Бұл компания келісімшарт бойынша индустриалды аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін және жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтайды.

2 СӘУІР

Елбасының қатысуымен Орал қаласында «Жастар мықты Қазақстанды қолдайды!» атты республикалық жастар форумы өтті. Форумға 2100 студент, спортшылар және шығармашыл жастар қатысты. Олардың арасында әлемге танымал спортшылар Илья Ильин, Денис Тен, Серік Сапиев, Сабина Алтынбекова, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Данияр Елеусінов, тележұлдыздар Нұрлан Қоянбаев, Тұрсынбек Қабатов және тағы басқалары бар.

24 СӘУІР

Облыстық қазақ драма театрында Бауыржан Момышұлына арналған «Ноқтаға басы сыймаған» атты спектакль қойылды. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев және Б. Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қатысты.

2 МАУСЫМ

«Оралагрореммаш» АҚ-ның жаңартылған гүлзарында Чернобыль атом станциясында болған апатты қалпына келтіруге қатысушыларға арналған мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты болды. Бұл — Қазақстандағы алғашқы ескерткіш.

3 МАУСЫМ

 Орал трансформатор зауытынан шыққан алғашқы 300 трансформатор Ресейге экспортқа жөнелтілді. 7 цехы бар зауытта 150 адам жұмыс жасайды. Олардың 100-і — жергілікті тұрғындар.

30 МАУСЫМ

Орал қаласында қазақ халқының ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлидің 80 жылдығы тойланды. Қазақстан халық жазушысының мерейтойында оның атындағы орталық пен ескерткішінің ашылуымен басталды. Мерейтойға келген қонақтар арасында мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақынның зайыбы Салтанат Мырзалиева, сазгер Илья Жақанов бар.

4 ШІЛДЕ

Қаратөбе, Сырым аудандарында және Орал қаласының Зашаған кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің салтанатты ашылуы болды.

28 ШІЛДЕ

Жәнібек ауданында жергілікті «Талап» шаруа қожалығының басшысы Жанболат Ғұмаровтың бастамасы бойынша облыста бірінші ауылдық тұтыну кооперативі құрылды.

22 ТАМЫЗ

Оралда КСРО және Қазақстанның Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Жанғали Набиуллинге арналған ескерткіш тақта ашылды. Ескерткіш тақта Жаңақала ауданының әкімдігі мен мәслихатының қолдауымен жасалды.

26 ТАМЫЗ

Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында Қазақ хандығының 550 жылдығын ауқымды тойлау мерекесі өтті. Бірінші күні «Тарихы терең Қазақ елі» республикалық айтысы болды. Мерекенің екінші күні ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

4 ҚЫРКҮЙЕК

«Жайық Пресс» медиахолдингінің ақпараттық сайтының және облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері сайттарының тұсаукесері өтті.

29 ҚЫРКҮЙЕК

Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында Қазақстанда алғаш ашылған баспахана орналасқан үйге ескерткіш тақта орнатылды. Шара барысында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин сөз сөйледі.

1911 жылы Орда ауылында «Қазақстан» газеті шыға бастады, ал 1917 жылдан «Алаш» партиясы қайраткерлерінің идеясын қолдаған «Ұран» газеті шықты.

4 ҚАЗАН

Зеленов ауданының Переметный ауылында күрделі жөндеуден кейін аудандық мәдениет үйі ашылды. Оны жөндеуге республикалық бюджеттен 260 млрд. теңге бөлінді. Осыдан 40 жыл бұрын салынған мәдениет ошағы толықтай жаңарды.

28 ҚАЗАН

Орал әскери-техникалық мектеп ғимараты алдында Кеңес Одағының және РФ Батыры, жерлесіміз Николай Майдановтың бюсті ашылды.

12 ҚАРАША

Облыстық қазақ драма театрында жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллиннің 50 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті. Мерейтой иесін облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев, Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ақын Ақұштап Бақтыгереева құттықтады. Кеште алғаш рет Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Б. Ғұбайдуллиннің «Күтпеген кездесу» әні орындалды.

12 ҚАРАША

ҚР Инвестиция және даму министрлігінің инновация тақырыбына журналистер арасында өткен республикалық байқау қорытындысы бойынша облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясы бас жүлдені жеңіп алса, газеттің бөлім меңгерушісі Сәкен Әбілхалықов Ұлыбританияға бару жолдамасына ие болды.

10 ЖЕЛТОҚСАН

ҚР Президентінің Жарлығымен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры, биология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Серғалиевке ҚР әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.

15 ЖЕЛТОҚСАН

БҚО баспасөз тарихына арналған жаңа кітап баспадан шықты. Онда 1918-1919 жылдары аралығында шыққан «Хабар – Известия» және «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» облыстық газеттердің сандары жарияланған. Кітапты құрастырған «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі, журналист Қазбек Құттымұратұлы.

2016 жыл

21 ҚАҢТАР

«Жайық Пресс» ЖШС-ында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялық қызметтің облыстық филиалы ашылды.

2 АҚПАН

Жаңақала ауданында өзінің қанатына ауданның мәдениет мекемелерін алған рухани орталық ашылды. Бұл орталықта аудандық кітапхана, мұражай, мұрағат, аудандық газет редакциясы және аудандық мәдениет және спорт бөлімі орналасты.

6 АҚПАН

Оралда ҚХА үйінің салтанатты ашылуы болды. Осы шараға арнайы Астанадан ҚХА төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоқжанов бастаған делегация келді.

25 НАУРЫЗ

«Даму» қоры және БҚО әкімдігі арасында жалпы сомасы 1 миллиард теңге болатын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

26 НАУРЫЗ

Мемлекет басшысының Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Алтай Сейдірұлы Көлгінов тағайындалды. Облыс активінің жиналысында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов жаңа облыс басшысын таныстырды.

14 СӘУІР

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникация қызметінің аймақтық филиалында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылуы тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.

14 МАМЫР

Оралға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев және РФ Федералды жиналысы кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко келді. Облыс әкімдігінде өткен кездесуде ЕАЭО аясындағы жұмыстар және екі ел арасындағы өзара іс-әрекет туралы әңгіме болды.

21 МАМЫР

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Достық үйінде зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Мәдениет қызметкерлері, ақындар және жазушылар өңір басшысына мәдениет саласындағы орын алған жетістіктер және проблемалар туралы айтты.

31 МАМЫР

Қаратөбе ауданында талантты күйші Ұзақ Мырзабайұлы атындағы домбырашылардың «Күй күмбірі» республикалық байқауы өтті. Оған Қазақстанның әр түкпірінен 30 күйші қатысты.

6 МАУСЫМ

Қаратөбе ауданының оқушысы Ақнұр Беркінова ҰБТ-да ең жоғары 125 балл жинады. Озат оқушыны облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

8 МАУСЫМ

Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылының тұрғындары Ақтөбе қаласында террористердің қолынан қаза болған жерлесі, кіші сержант Берікжан Қалиевті соңғы сапарға шығарып салды.

14 маусымда облыс әкімі Алтай Көлгінов батырдың зайыбына Орал қаласындағы жаңадан салынған үйден үш бөлмелік пәтердің кілтін табыс етті. Сондай-ақ бес жылғы еңбекақысы мөлшерінде 5 млн. теңгеге жуық қаржы отбасына берілді. Үй жиһазын жергілікті кәсіпкерлер сыйға тартты.

26 МАУСЫМ

«Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында 1919 жылдың ақпан айынан шілдеге дейін Бөкей ордасында шыққан «Дұрыстық жолы» газеті туралы шыққан «Дұрыстық жолы» газеті 1919» атты ғылыми-танымдық кітабының тұсаукесері өтті.


Энергетиктер төл мерекесін атап өтті

Күні: , 36 рет оқылды

img_2386


Облыстық филармонияның концерт залында өңіріміздегі энергетика саласы қызметкерлері мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген шараға облыс әкімінің оранбасары Бағдат Азбаев қатысып, саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандар мен өңіріміздің маңызды нысандарында еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды марапаттады.

Бүгінгі күні заманауи қоғамды жылу мен электр қуатынсыз көзге елестету мүмкін емес. Өңірімізді қуатпен қамтамасыз ететін мекемелердің мыңдаған жұмысшылары күн сайын қала тұрғындарының өмірі жайлы болуы үшін уақытпен санаспай тер төгіп жүр.

Бүгінде «Жайықжылуқуат» АҚ Орал қаласындағы орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың бірден-бір көзі болып саналатын стратегиялық және әлеуметтік маңызды нысан. Оның  көпұлтты ұжымында қазіргі таңда 1125 адам жұмыс істеуде. Олардың арасында 210 адам инженерлік-техникалық қызметкерлер болса, 915 адам – жұмысшы мамандар.

– Құрметті облыс энергетиктері, сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер халыққа жарық пен жылулық беретін шынайы мамандықтың иесісіздер. Бүгінгі мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, сарқылмас өмір қуатын және адал еңбектеріңізге жаңа жетістіктер тілейміз, – деді мерекелік шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев.

Мерекеге орай Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының «Еңбек сіңірген энергетигі» төсбелгісімен «Жайықжылуқуат» АҚ коммерциялық директоры Вячеслав Солодилов, аталмыш қауымдастықтың «Құрметті энергетигі» төсбелгісімен жылу электр орталығының бөлім басшысы Валерий Светенко марапатталды. Сонымен қатар бірқатар сала үздіктеріне облыс әкімі атынан алғысхаттар мен Құрмет грамоталары табыс етілді. Олардың қатарында Виктор Герасимов, Ерлан Хамзин, Айбар Молдағалиев, Александр Стерликов, Любовь Мурзина, Татьяна Фофонова сынды сала мамандары бар.

Салтанатты шара өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына  жалғасты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суретті   түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Желтоқсан жаңғырығы – сахнада

Күні: , 42 рет оқылды

img_2145


Таяуда  Батыс  Қазақстан  облыстық  қазақ драма  театры  С. Асылбековтің  «Бір  түнгі  оқиға»  драмасын көрерменге ұсынды.  1996 жылы  Желтоқсан  оқиғасының  10 жылдығына  орай  сахналанған  қойылымның режиссері  ҚР еңбек  сіңірген  әртісі  Мұрат Ахманов  болса,  көп  жыл  бойы театр  репертуарынан  түсіп  қалған  драманы  қайта өңдеп,  сахнаға  шығарған – Мұсағали  Бектенов.


Драма Кеңестер одағының Әнұранымен басталады. Партияның 27-сиезіндегі М. Горбачевтың сөзі. Одан соң Д. Қонаевтың қызметінен алынып, орнына Колбиннің келуі.

Портреттер ауысады… Дауыл алдындағы тыныштықтай сәл үнсіздіктен соң жастар ән айтып, бейбіт  шеруге шығады. «Қазақстанды еліміздің тұрмыс-тіршілігі мен экономикасын жетік білетін, Қазақстанда тұратын адам басқарсын!». Осы мақсатпен алаңға жиналған жастардың әні бірте-бірте у-шуға, түсініксіз ала-топанға ұласады. Қылышынан қан тамған отаршыл Кеңес одағының әскерилері жастарға қарсы су шашып, улы газбен тұншықтыра бастайды. Қырғын басталады… Қашып шыққан  жүкті келіншек Ақмарал (Ақмарал Амандықова) мен Қайсар (рөлде Манас Кенжетаев) бір пәтердің есігін қағады. Ал ол пәтер Кенесары ханды ұлт басшысы, батыр деп кітап жазған тарихшының үйі еді. Ақмарал мен Қайсардың одан арғы тағдыры осы үйдің ішінде өрбиді.

img_2134Одан әрі олардың бұл үйде тығылып отырғанын көршісі Мария Петровна (рөлде Жұлдыз Мамедова) мен  КГБ тыңшысы Тимур Қалдыбаевич (рөлде Салауат Түменов) көреді. «Қазақтың жауы – қазақ» деген бар. Орыс аяп, жасырған екі жасты КГБ тыңшысы ұстап береді. Шиеленіскен оқиғаның соңын режиссер аяғы ауыр келіншек Ақмаралдың толғағымен сәтті шешкен. Жарық дүниеге шырылдап сәби келеді. Бұл арқылы режиссер  азаттықтың таңы атқанын көрсеткен. Драмадағы Баймырза мен Талшын бейнесін Мәдениет саласының үздіктері Теміржан Матаев пен Нұрлыгүл Жұбатова сәтті сомдады. Жалпы актерлер ойыны бір-бірін жақсы толықтырған. Бұл рөлдердегі  Гүлнәр Жақыпова, Тельман Имашев, Қазима Нұғманова сияқты сахна шеберлерінің ойынын көре қалған жастар өз образдарын сәтті шығарған. Елімізде Желтоқсан оқиғасын алғашқы болып қолға алған Орал театры бұл драмамен 1998 жылы Тараз қаласында өткен театрлар фестивалінде бас жүлде алған болатын.

– Спектакльде басы артық ештеңе жоқ. Милицияның қолындағы қалқан үйдің, түрменің қабырғасына айналады. Мұрат Ахманов сахналаған қойылымға қол тигізген жоқпыз. Декорация мен оның барлық шешімдері өзгерусіз сол күйінде қалды, – дейді драманы қайта сахнаға алып шыққан Мұсағали  Бектенов.

Ұлдай  ҚАБОШҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Мүлікті жариялау акциясы аяқталды

Күні: , 78 рет оқылды

programma-legalizacii-kazakhstan


Өткен жылдың бірінші қыркүйегінен бастап республика көлемінде мүлікті және ақшалай қаражатты заңдастыру акциясы жүргізіліп, аяқтала келді. Бұл науқан бойынша құжаттар қабылдау мерзімі мүліктер үшін биылғы жылдың 30 қарашасында, ал ақша қаражаттары бойынша биылғы жылдың 23  желтоқсанына  дейін  жүргізілді.


Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) елімізде орналасқан мүлікті жариялау бойынша жауапты болып табылады. Бұл бағытта облыс бойынша бірқатар жұмыстар  атқарылды. Өңір халқын мүлікті жариялау науқанынан хабардар ету мақсатында 2014-2016 жылдарға медиа-жоспар бекітіліп, оған сәйкес тұрақты түрде мүлікті жариялау тәртібін тұрғындарға түсіндіру бойынша шаралар ұйымдастырылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде мүлікті жариялауға қатысты басылым беттерінде 324 мақала жарияланып, телеарналарда 50 тақырыптық сюжеттер көрсетілді және 312 223 рет жүгіртпе жолдар берілді. Сонымен қатар интернет ресурстарда 268 мақала орналастырылып, радиоарналар арқылы 18 хабар ұйымдастырылды, 88 билборд орнатылды, қоғамдық көлікте 270 662 хабарландыру таратылды. Оның сыртында  369 мүлікті жариялау бойынша түрлі шаралар өткізілді, тұрғылықты халыққа 56 760 жадынама мен бүктеме таратылып, 1154 рет «Ашық есік» күндері өткізілді.

Өткен жылдың ішінде облыс әкімінің мүлікті жариялауға жауапты орынбасарының, облыстық қаржы басқармасы, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің және «ҚР Ұлттық Банкі» Батыс Қазақстан филиалы өкілдерінің қатысуымен мүлікті және ақшаны жариялау тәртібін түсіндіру бойынша облыстың барлық аудандарына іссапар ұйымдастырылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Науқан басталғаннан бері оның өту барысы туралы жергілікті деңгейде аудан әкімдерінің мүлікті жариялауға жауапты орынбасарларының қатысуымен 6, министрлік деңгейінде 15 селекторлық режимде мәжілістер өткізілді. Аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтер бойынша тұрғындардың жариялауға болатын мүліктері анықталып, әділет органдарымен салыстырмалы тексерулер жасалды. Соның нәтижесінде 2014 жылдың 1 қыркүйегінен 30 қарашасына дейін облыс бойынша мүлікті жариялау комиссияларына барлығы жалпы көлемі 3 718,9 млн. теңгені құрайтын 655 өтінім (311 өтінім тұрғын жайлар, 345 өтінім тұрғын емес жайлар бойынша)  түсті. Олардың ішінен 1 026,0 млн. теңгені құрайтын 161 өтінім кері қайтарылып, жалпы құны 2 649 млн. теңге болатын 421 нысан (181 нысан тұрғын жайлар болса, 240 нысан тұрғын емес коммерциялық жайлар) жарияланды. Ал 73 өтінім биылғы  жылдың соңына дейін қарастырылып, мүлікті жариялау немесе жариялаудан бас тарту туралы тиісті шешім қабылданады. Жарияланған нысандардың орташа құны 6,3 млн. теңгені құрады. Сонымен қатар науқан барысында комиссияларға мүлікті жариялау бойынша түсіндірме алуға 6 155 азамат жүгінді.

Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 41-қадамында мүлікті және қаржыны заңдастыру рәсімдерін оңайлату, қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген. Осыған орай  2016 жылы мүлік пен қаржыны заңдастыруды реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде облыс бойынша 2014-2015 жылдары ішінде барлық жарияланған мүліктер саны 248 болса, 2016 жылдың 9 желтоқсанында жарияланған мүліктер саны 173-ті  құрады. Өз кезегінде 73 өтінім  жоғарыда айтқандай, жыл соңына дейін қаралатындығын назарға алсақ, заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін тұрғылықты халықтың мүлікті жариялауға деген белсенділігінің артқанын көреміз.

Өз кезегінде осы науқанға тұрғылықты халықтың белсенді қатысуын жеткілікті деңгейде жақсы ұйымдастырған Бөрлі, Қазталов, Сырым аудандары мен Орал қаласының әкімдіктерін атап өтуге болады. Ал Жаңақала, Бөкей ордасы және Қаратөбе аудандары бойынша жарияланған мүліктер бойынша ең төменгі көрсеткіштер тіркелді.

Жеңіс НЫҒМЕТУЛЛИН,

облыстық  қаржы басқармасының коммуналдық  мүлікті басқару  бөлімінің  басшысы


Кәсіпкерлер өтініші қанағаттандырылуда

Күні: , 42 рет оқылды

%d0%ba%d0%b0%d0%bf%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2-%d0%b8-%d1%81%d1%82%d0%b5%d0%ba%d1%81%d0%be%d0%b2%d1%82%d1%8b-%d0%bc%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%bf%d0%b0%d1%82%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0


Сәрсенбіде облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңестің кезекті  отырысы өтті. Басқосуға кеңес мүшелері мен қалалық және облыстық прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ кәсіпкерлік сала мамандары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.


Жиынды жүргізген облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңес төрағасы Қайдар Қапанов жиналғандарды ең алдымен күн тәртібімен таныстырып, содан кейін ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады. Және ол аталмыш мерекеге орай кәсіпкерлік саланың дамуына үлес қосқан бір топ кәсіпкер мен аталмыш кеңес мүшелеріне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғысхаты мен медальдарын және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қол қойған Құрмет грамоталарын табыс етті.

Марапатталғандар қатарында кеңес мүшелері – облыс  әкімінің орынбасары Игорь Стексов, Әлия Сәлиева, Татьяна Трифонова, облыстық прокуратураның басқарма бастығы Жаннұр Ақметбек, облыс прокурорының аға көмекшісі Асқарбек Сүйіншәлиев және облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңес төрағасы Қайдар Қапанов бар.

Марапаттау рәсімінен кейін жиынға қатысушылар кеңестің ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында атқарған жұмысы жөніндегі баяндаманы тыңдады. Облыстық кәсіпкерлер палатасы құқық блогының эксперті Әсия Басанбаеваның сөзінше, палатаға жыл басынан бері 100 шағымхат түсіп, соның 60-ы оң шешілген. Биыл кеңес отырысында 15 мәселе қаралып, нәтижесінде 31 резолюция (шешім) орындауға алынды. Түйткілді мәселелердің басым бөлігі шағын несие мен прокуратура органдарына, қалалық жер қатынастары бөліміне, мемлекеттік кірістер департаментіне тиесілі. ІІ жартыжылдықта кеңес мемлекеттік сатып алу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарын жаңғырту және кәсіпкерлердің  жүк тасымалдау мен жер қатынастары бойынша құқықтарының бұзылуы, экономикалық қылмысты іске қатысы бар кәсіпкерлерді жазалау кезіндегі заңбұзушылықтар бойынша мәселелерді қарап, олардың оң шешілуіне ықпал етті. Мысалы, облыс кәсіпкерлері «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 12-бабының 4-3 бөлімдеріне өзгеріс енгізуге   ұсыныс жасады. Осыған орай кеңес мүшелері кезекті бір отырыста оралдық кәсіпкерлердің бұл өтінішін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдауды ұйғарды. Бұдан басқа «Бизнес Адал» ЖШС, «Форум» сауда орталығы, «ЦентрКредитбанк» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «Fortebank» АҚ өкілдерінің өтініші бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Мұхит көшесі бойымен Сарайшық көшесі мен Ж. Молдағалиев көшесіне дейінгі аралықта көліктер екі бағытта да жүретін болды. Мұндай мысалдарды  көптеп  келтіруге  болады.

Жиын барысында бизнес нысандарындағы ұрлық жағдайы мен оны болдырмау мәселесі де талқыланды. Орал қалалық прокуратурасы өкілінің сөзінше, алдын алу шараларының үздіксіз жүргізіліп жатқанына қарамастан, ұрлық азаймай тұр.  Тіркелген барлық қылмысты оқиғалардың 59 пайызы ұрлықпен байланысты болып отыр. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде 4637 ұрлық жағдаяты тіркелген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (3952) 17,3 пайызға көп.  Ұрлық-қарлық, көбінесе базарлар мен сауда нүктелерінде орын алатын көрінеді. Биыл сауда, ойын-сауық орталықтарында барлығы 1260 рет ұрлық жасалса, соның 158-і «Мирлан» базарында, 35-і «Московский» базарында,  29-ы «Алтын алмада» және «Сити-центрде»  66, «Адалда» 21, «Орал» сауда, ойын-сауық үйінде  17 рет сұғанақтық оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ   қызмет көрсету нысандарында 82,  кеңселер мен қоймаларда 194 рет осындай оқиға орын алған.

Ең көп ұрланатын зат – ұялы телефон (563) болып шықты. Осыған орай бөлімнің аға прокуроры  Д. Шекеев сауда орындарының қожайындарына сақтық шараларын күшейтуді тапсырып, олардың қарамағындағы мекемелерге пультпен басқарылатын күзет, бейне қадағалау камерасын көптеп орналастыру керектігін айтты. Кеңес мүшелерінің бәрі бірауыздан халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, сауда, ойынсауық орталықтарында құқық қорғау және мемлекеттік органдардың біріккен әрекетін күшейту керек деген шешім қабылдады.

Бұл жиында жеке кәсіпкер С. Жабиеваның арыз-шағымына қатысты түйткілді мәселе де талқыланып, осы түйткілдің туындауына тікелей себепкер болып отырған «Талап» АҚ-ның директоры О. Дунаеваның пікірі тыңдалды. Нәтижесінде облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңес төрағасы Қайдар Қапановтың басшылығымен жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірі негізінде кәсіпкерлер арасындағы жер теліміне қатысты даулы мәселе оң шешімін тапты. Яғни «Талап» АҚ-ның директоры О. Дунаева жоспарын сәл-пәл өзгертіп, жеке кәсіпкер С. Жабиева жұмысын сол жерде емін-еркін жалғастыратын болды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»


Қамкөңіл бүлдіршіндерді қуантты

Күні: , 36 рет оқылды

img_2591


Бейсенбі  күні  Батыс  Қазақстан  облыстық телекоммуникациялар  дирекциясы  жанындағы  «Нұр Отан»  партиясының  бастауыш  ұйымы  Орал  қаласындағы мүмкіндігі шектеулі  балаларға  арнап  Жаңа  жыл  кешін  өткізді.


Өңіріміздегі «Бәйтерек» мүгедек балалар қоғамдық қорының дерегі бойынша облыс бойынша 12 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалар тіркелген. Оның үш мыңға жуығы Орал қаласында тұрады. Мыңнан астам бала ауыр дертті болса, соның 329-ы мектепке мүлдем бара алмайды.

– Мүгедек балаларға жаңажылдық мереке мен қуанышты көңіл күй сыйлау шарасы бірқатар мекеме-кәсіпорындарда ұйымдастырылуда. Балабақшаға, мектепке бармайтын, жаңажылдық кештің не екендігін білмейтін мүгедек жандар үшін бұл – үлкен қуаныш. Бізде тіркеуде тұрған, бір қарағанда, сау секілді көрінген әр баланың денсаулығында кінәрат бар. Әрине, барлық мүгедек балаларды қуанту мүмкін де болмас. Дегенмен әр мекеме, әр жеке тұлға жылына бір мәрте қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөліп, аз да болса демеушілік жасау керек деп ойлаймын. Бүгінгідей тамаша мереке ұйымдастырған «Қазтелеком» ұжымына балалардың ата-аналары және өз атымнан алғыс айтамын, – дейді «Бәйтерек» қоғамдық қорының жетекшісі  Меруерт  Санкаева.

Аталмыш мекеме ұйымдастырған жаңажылдық мерекеге жиырмадан астам мүгедек балалар қатысты. Қуанышқа кенелген қамкөңіл бүлдіршіндерді «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхтар Дәулетжанов, «Қазтелеком» дирекциясындағы «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының жетекшісі Владимир Ткачев құттықтап, балаларға жаңажылдық сыйлықтар мен тәтті толы қалташалар тарту етті.

Әсем безендірілген шырша маңына жиналған балалар ән салып, би билеп, аниматорлардың қызықты қойылымдарын тамашалады.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Жауқазын – 2016» – үздіктер анықталды

Күні: , 41 рет оқылды

img_8529-23-12-16-03-04


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жауқазын – 2016»  көрмесінің жабылу салтанаты өтті.


Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен көрме 22 наурызда  ашылған болатын. Осыған дейінгі уақыт аралығында аталмыш көрмеде облысымыздың барлық аудандарындағы қолөнер шеберлерінің әр түрлі тақырыптар мен жанрларды қамтыған ағаш, былғары, сүйек секілді түрлі материалдардан жасалған туындылары назарға ұсынылды. «Жауқазын – 2016» жобасының жабылу салтанатында тәуелсіздіктің 25 жылдығына сәйкестендіріліп, облыс бойынша 25 үздік қолөнер шебері анықталды. Сонымен қатар олардың туындылары мұражай қорына қабылданбақ. Үздіктерді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов және «Зерде» музейінің негізін қалаушы Қуанышбай Төлебаев марапаттады.

– Біз бүгін тағылымды істің куәсі болып отырмыз. Елімізге санасына ұлтымыздың жақсы қасиеттерін сіңірген, өнер сүйетін ұл мен қыз керек. Көрменің де көздегені ұлтына деген сезімін өз қолымен жасаған дүниесіне салатын ұл мен қызды тәрбиелеп, солардың арқасынан қағып, маңдайынан сипау болатын. Жерлестеріміздің өнеріне тәнті болдым, – деді Дәулеткерей  Атауұлы.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика