Мұрағат: 15.12.2016


Батысқазақстандықтар ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынды тікелей эфирде тамашалады

Күні: , 76 рет оқылды

img_2172


ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиынды батысқазақстандықтар тікелей эфирде тамашалады. Облыстық мәслихаттың үлкен залында ұйымдастырылған шараға бірқатар департамент және басқарма қызметкерлері, өзге де түрлі мекеме-ұжым өкілдері қатысты. Жиынға қатысып, Елбасының сөзін тыңдаған еңбек ардагерлерінің пікірлері төмендегідей:


 img_2163

Асқар АТАЕВ,

М.Ықсанов атындағы қордың төрағасы, еңбек ардагері:

 — Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі салтанатты жиында Тәуелсіз еліміздің 25 жылдың ішінде жүріп өткен қиындықтары мен жасампаз табыстарын саралап айтып шықты. Елбасымыз сөзінде қамтымаған ешқандай өмір саласы жоқ. Мен үшін ең бастысы – елімізде бірлік пен тыныштықтың сақталуы. Еліміз біртұтас халықтың ынтымағы мен жанқиярлығына сүйене отырып, талай сыннан мүдірмей өтті. Бұл орайда Елбасымыздың жеке сіңірген еңбегі зор. Елбасымыздың бастамасы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, 20 жылдың ішінде ол өзін-өзі ақтады. Бүкіл әлемге үлгі-өнеге көрсетті. Дүние жүзінің көп елі Қазақстан халқы Ассамблеясының оң да тиімді тәжірибесінен көп нәрсені үйреніп, өздеріне үлгі етіп алуда.

Нұрсұлтан Әбішұлының бүкіләлемдік қарусыздану, соның ішінде ядролық қарудан бас тарту жөніндегі пікірі де көңілге қонымды. Сондықтан оның келешекте адамзат соғыссыз өмір сүріп, мамыражай тіршілік еткен шақта «Қазақтың бір баласы осындай пайдалы іс атқарды»деп айтарына сенемін» деген сөзіне ризалықпен қол соқтым. Яғни, соғыс қатерін азайту немесе мүлдем жою біздің Елбасы сынды ардақты азаматтардың мәңгілік арманы. Ол адамзаттың түбінде соғыссыз өмір сүретініне сенімді. Сөз соңында айтарым, Елбасымыздың келесі жылдан бастап, зейнетақы мөлшерін 20, сәбилерге берілетін жөргекақы мөлшерін 20 пайызға өсіру жөніндегі тапсырмасы аға ұрпақтың да, жас ұрпақтың да қамын ойлаудан туатын әрекет. Жалпы оның еліміздегі адам өсімінің көбеюі жөніндегі қуанышты лебізі бәріміздің жанымызды жадыратады.

Қазыбай БОЗЫМОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректорының кеңесшісі:

 — Әр ұлт үшін Тәуелсіздік маңызды орынға ие. Елбасымыз Тоныкөк дәуірінен бастау алған «Мәңгілік ел» идеясын жаңғыртты. Елбасының және халықтың жанқиярлық еңбегі мен өр сенімінің арқасында 25 жылдың ішінде Қазақстан уақытша қиыншылықтарды біртіндеп еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан дамудың қандай күрделі жолдарынан өткені жөнінде саралап баяндады. Осы жылдар ішінде Отанымызда тұрақты саяси-әлеуметтік қоғам қалыптасты. Ата Заңымыз қабылданды, төл теңгеміз шықты, ең бастысы – қазақ елін бүкіл әлем таныды, мойындады. Саяси өмірінде тұрақтылық пен жүйелілік қалыптасқан Қазақстанды шетел мойындап қана қойған жоқ, әлемнің талай алпауыттары инвестиция құя бастады. Елбасымыз атап көрсеткендей, олардың ішінде «Аджип» «Самсунг» «Миттал» тағы басқа атақты компаниялар бар. Олардың инвестицияларының нәтижесінде ел экономикасының еңсесі көтеріліп, алға басты. Нұрсұлтан Әбішұлы қазір Қазақстандық 50-ден астам өнімнің әлемдік сұранысқа ие болғанын мақтанышпен айтты. Мәдениет, білім беру, спорт, және басқа салаларда да табыс көп. Тәуелсіздіктің 25 жылында Отанымызда 1350 мектеп пен 1300 аурухана салынуының өзі неге тұрады?! Тіліміз бен дінімізді жаңғырту және одан әрі дамыту жөнінде де Елбасымыз тамаша пікірлер айтты. Ол баяндамасында тек өткен 25 жылға талдау және сараптама жасаумен шектеліп қана қойған жоқ, мемлекет пен халық алдына тағы да тың міндеттер қойды.


Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған КҮНТІЗБЕЛІК ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫ

Күні: , 72 рет оқылды

(19-25 желтоқсан 2016 жыл)

 
Іс-шараның атауы Мерзімі Өтетін орны Жауапты орындаушылар
І. Ұйымдастырушылық іс-шаралар
1.        «Гранд балл-2016» 19 желтоқсан сағ. 19.00 Орал қаласы, Салтанат сарайы Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы
2.        «Волонтер – 2016» 20 желтоқсан сағ. 15.00 Орал қаласы, «Махаббат» мейрамханасы Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы
3.        2000-2001 ж.т. жастар арасындағы дзюдодан Батыс Қазақстан облысының чемпионаты 18-20 желтоқсан сағ. 10.00 Орал қаласы, жоғары спорт шеберлері мектебі Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы
4.        КСРО спорт шебері С.Мукашевтің жүлдесіне арналған 2004-2006 ж.т. және 2007-2008 ж.т. жастар арасындағы еркін күрестен ашық республикалық турнир 21-23 желтоқсан сағ.10.00 Орал қаласы, жоғары спорт шеберлері мектебі Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы
5.        «Спортшылар балы – 2016» рәсімі 23 желтоқсан сағ.10.00   Орал қаласы, облыстық қазақ драма театры Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы
6.        Орал қаласы, Астана шағын ауданында 300 керуеттік көп бейінді қалалық аурухананың ашылу салтанаты 24 желтоқсан   Орал қаласы Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы
7.        Орал қаласының Орал-Атырау және Орал-Саратов тас жолдары аралығындағы 5 қабатты тұрғын үй кешенінің қолданысқа берілуі 26 желтоқсан   Орал қаласы Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы

Мерекеге тілектер

Күні: , 78 рет оқылды

%d0%b7%d0%b0%d0%b1%d0%b8%d1%82%d0%be%d0%b2


Саид  ЗАБИТОВ,

РФ-ның  Орал қаласындағы консулы:

– Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан саяси, әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша үлкен жетістікке жеткенін әлемнің алдыңғы қатарлы елдері мойындап отыр. Сөз жоқ,  Қазақстанның жетістігі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді әрі сарабдал саясатымен тығыз байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлының ұлтаралық, дінаралық татулыққа бағытталған саясаты көптеген саясаткердің қолдауына ие. Бұл Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделінің өсуіне үлкен септігін тигізді. Қазіргі уақытта біраз ел, соның ішінде дамыған мемлекеттер экономикалық дағдарыстың шырмауына түсіп жатқанда, Қазақстанда мұндай қиыншылықтар пәлендей сезілер емес. Біз, ресейліктер өзіміздің тарихы тамырлас көршіміз Қазақстанның осындай жетістіктерге қол жеткізгеніне қуаныштымыз. Алдағы уақытта да Қазақстанның экономикаcы қарқынды дамып, бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің  қатарына  қосылуына  тілектеспіз!


%d0%b3%d0%b5%d0%bd%d0%b5%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b22-001Қабдығали  АХМЕТОВ,

әділет  генерал-майоры:

– Ұлы далада азаттықтың ақ таңы атқанына 25 жыл! Осы ширек ғасырда Елбасымыз бастап, елжұртымыз қостап, біз біраз биікті бағындырдық. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқының өмір сүру деңгейі жақсаруы үшін әлеуметтік-экономикалық реформаларға ұйытқы болып, ел үкіметі мен халық осы бастамаларды сәтті жүзеге асыра білді. Президентіміздің сауатты да салиқалы сыртқы саясатының нәтижесінде жас тәуелсіз мемлекетіміз әлемге бейбітшіл ел ретінде танылды. Бірақ Мәңгілік ел болуды мұрат  тұтқан қазақстандықтар қол жеткен жеңіс-жетістіктерге тоқмейілсімеуі тиіс. Сонымен қатар ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке қолымыз жеткенше талай қазақ қанын да төкті, жанын да қиды. Тек 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде  қаншама қазақ жасы оқудан шығарылып, жұмыстан қуылып, жапа шекті. Қаншама қазақ жасының алаң мен абақтыда жеген таяқтан денсаулығына нұқсан келіп, өмір бойына мүгедек болып қалды. Тіпті осы көтеріліс кезінде кейбір қыз-жігіттеріміз қыршынынан қиылып, құрбан болды. Міне, Отанымыздың тәуелсіздігінің осындай сан жылдық қастерлі тарихын жас ұрпақ  ешқашан  ұмытпауы  тиіс.

Біздің өңірдің үлкен-кішісін ұлы мейрам – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық баянды бақыт және еліміздің гүлденуі жолында жемісті еңбек тілеймін. Отандастарымыздың ынтымағы артып,  ырысы  молая  берсін!

img_1930Гүлнар  МҰСАЕВА,

жеке  кәсіпкер, «Ерен  еңбегі  үшін»  медалінің  иегері:

– 1995 жылдан бері Қаратөбе ауданында кәсіпкерлікпен айналысып келемін. 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жалпы, биылғы алып отырған медалім – алғашқы мемлекеттік марапатым. Қуанышымда шек жоқ. Облыс әкімі айтып өткендей, осынау марапат бізді қол жеткенге тоқмейілсуге емес, жаңа жетістіктерге ынталандыру үшін беріліп отыр. Бұл бізге қосымша жауапкершілік жүктейді. Мемлекет, облыс, аудан басшыларының, халқымның сенімінен шығуға тырысатын   боламыз.

SONY DSC

SONY DSC

Тілекжан   РЫСҚАЛИЕВ,

философия  ғылымдарының   докторы, профессор:

– Қазақстан туралы дүние жүзінде бірлік пен ынтымақтың, татулық пен тыныштықтың елі деген түсінік қалыптасты. Осы құндылықтар арқылы біз тәуелсіздік  жылдарында айтарлықтай тарихи табыстарға  жеттік.

Еш нәрсе де  өздігінен, оңайлықпен келмейді. Ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздік те бізге оп-оңай келе салған жоқ.

Бұдан жиырма бес жыл бұрынғы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанды салыстырсақ, мүлдем басқа елге тап болғандай боламыз. Бұрын бүгінгінің бірі де болған жоқ. Шүкіршілік ету керек.

Тәуелсіздік тұсындағы жетістіктеріміз еліміздің, халқымыздың болашақта бұдан да жақсы өмір сүріп, бұдан да мол табыстарға жетеріне кепіл бола алады.

Тәуелсіздік туралы әңгіме болса, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  тұғырлы  тұлғасы  бірден  ойға  келеді.

Осы жылдар ішінде біз қиындықтарға да, дағдарыстарға да тап болдық. Елбасының көреген басшылығының арқасында біз бәрінен де  аман шығып келеміз. «Жақсының  жақсылығын айту керек, нұры тасысын».

Еліміздің көпұлтты, көпконфессиялы болғаны біз үшін әлсіздік болған жоқ,  керісінше,  артықшылық,  мықтылық,  беріктік  болды.

Іштегі-сырттағы дағдарыстар біз үшін тоқырау болған жоқ, керісінше, бұрынғыдай ілгері жылжу, жаңғыру, өрлеу болды. Бұл үшін елдегі мүмкіндіктерді көріп, таба білу және осы мүмкіндіктерді іске асыра  білу  керек   болды. Осы  іс  біздің  қолымыздан  келді.

Қиындықтар қай кезде де болады. Кейбіреуі адамдардың өздеріне байланысты. Билік басындағыларға да, қатардағы қызметкерлерге де кейде талап, еңбек, қанағат, жауапкершілік, тәртіп, істің барысын бақылау, нәтижесін саралау жетіспей жатады. Аяққа тұсау  болатын  осы  олқылықтар.

Бізде мүмкіндіктер жетеді.  Елдің болашағы  зор.

Бүгінгі ұлы мереке тұсында халқыма, замандастарыма, жастарға айтар тілегім,  Тәуелсіздігіміз баянды бола түссін, бірлігіміз арта берсін,  жастар  табыстан  табысқа  жетіп,  ел-жұртын   қуанта  берсін!

Мен   жастарға   сенемін!

%d0%b5%d0%bb%d0%b5%d1%83Данияр  ЕЛЕУСІНОВ,

Рио-де Жанейродағы ХХХI жазғы   олимпиаданың  чемпионы:

– Мен жерлестерімді Тәуелсіздігімізге 25 жыл толу мерекесімен құттықтаймын! Осы мерейлі мереке қарсаңында қаламыздағы оқушылар мен жастар сарайында менің атымдағы бокс орталығының ашылғанына қуаныштымын. Спортқа қызығып өсіп келе жатқан кішкентай өрендерге ал-ға мақсат қойып, сол мақсаттан тайынбай армандаңдар дегім келеді. Тек армандап қана қоймай, еңбек етіп, алға талпынған адам көп жетістікке қол жеткізе алады. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде қол жеткізген жетістіктерімнің бәрі егемендік пен еңбектің,  тыныштық пен бірліктің арқасы деп түсінемін. Алға қойған жоспарлар өте көп.  Құдай қаласа, келесі жылдан бастап ірі жарыстарға қатысу, соның ішінде Азия чемпионаты, Германияда өтетін әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап қойдым. Ең бастысы, елімізде тек тыныштық болсын деп тілеймін. Жеңісті  күндерде  жолығайық!

baq_backАқұштап  БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын,  халықаралық «Алаш»  сыйлығының  лауреаты:

– Биыл біздің ұрпақтың маңдайына бұйырған тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлаудамыз. Тарих үшін 25 жыл көп уақыт емес. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиындықтармен жақсы таныспыз, әлі де болып жатқан кемшін жайларды айтып келеміз. Алайда бұлардың барлығы, атыңнан айналайын, Азаттықтың жолында түкке тұрғысыз. Біздің көрген қиындығымыз осы еркіндік үшін күрескен бабалардың қиындығымен салыстырғанда ойыншық деуге болады. Қан төкпей, қырылмай, азаймай, ортаймай келген еркіндіктің қа-дірін білгеніміз жөн. Осы еркіндіктің арқасында қазақ даласы көз алдымызда жаңғырды, ұлт ретінде асқақ сөйлейтін дәрежеге жеттік. Біз бүгінгі  ұрпақтар үшін қазақ мектептерін аштық, ана тілі жойылып бара жатқан сәттен кері бұрылып, көшімізді түзедік. Біз бүгін қала мен даланың көркейгенін көрдік, енді оны гүлдендіру намысы бар ұрпақтың борышы болмақ.

Бұрын қазақ деген ұлтты ешкім білмеуші еді, ал қазір өз атымызды шығарып, өз Туымызды көтеріп, әр салада көрініп келеміз. Әлемнің іргелі елдерімен тереземізді теңестірдік. Бодандық құрсауында болғанда  қазақ даласы бүгінгідей той тойлап, жоғын жоқтап, бабасының есімін атап көрген жоқ еді. Ол – шындық.

Міне, енді егемендіктің әкелген құндылықтарын, қайта тірілген жоғымызды енді жоғалтпаудың жолын ойлауымыз керек. Алдымен әр адам өз ұрпағын ертеңгі таңға, егемендікке қалтқысыз қызмет етуге даярлап, ұлты мен туған даласын сүюге, бабадан қалған мұрасын сақтауға үйрету керек. Көк Туды көргенде, жан дүниемізді қуаныш пен толқу-тебіреніс қатар билеп, жүрегіміз лүпілдейді, өйткені біз қызыл тудың астында өскен ұрпақпыз. Көк Туы мен төлқұжаты бар, Салтанат сарайы мен  өскелең ұрпағы бар біздің  ұлттың  болашағы  жарқын.  Мереке  құтты  болсын,  ағайын!

img_1889Алдияр  ХАЛЕЛОВ,

Бөрлі  ауданының  әкімі,  «Құрмет» орденінің  иегері:

– Еліміз тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде көптеген табысқа қол жеткізді. Бұл — бірінші кезекте Елбасының, Президентіміздің көреген саясатының аясына топтасқан отандастарымыздың еңбегі. Республикамыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси тұрғыдан дамуына үлес қосқан батысқазақстандықтар бүгін мемлекеттік наградалармен марапатталуда. Солардың ішінде мен де бармын. Мемлекет және облыс басшылығының біздің еңбегімізді бағалағандарына  ризамын.

Биылғы жылды ауданымыз үлкен жетістіктермен қорытындылауда. Жыл ішінде көп жұмыс атқарылды. Мәселен, Бөрлі – Ақсай және Ақсай – Шыңғырлау бағытындағы жолдар жөнделді. Аудан тұрғындарына 144 пәтерлі үйлер берілді. Бөрлі ауылында балабақша бой көтерді. Қазір аудан орталығында тағы бір балабақша мен мектеп салынуда. Ақсайдың жаңа шағын аудандарын жылумен қамтитын қазандықтар іске қосылды. Күні кеше «Конденсат» АҚ-ның «Еуро-5» стандарты бойынша жанармай өндіретін зауыты ашылды.

«Сарыарқа» спорт кешені пайдалануға берілді. Міне, біздің бірқатар жетістіктеріміз осындай. Алда әлі істелетін жұмыс көп. Осы жұмыстарға белсене араласуға, еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге  атсалысуға   жазсын   деймін.


Еліммен бірге ер жеттім

Күні: , 64 рет оқылды

img-20161207-wa0009


Тәуелсіздікті Тәңір берген сый деп білеміз. Себебі тарих қойнауында небір алмағайып кезеңдерді бастан кешсек те, ертеңгі күннен үміт үзбестен, тәуелсіздік үшін күрес жолында қанша сын сағаттарынан өтуге тура келді. Соған қарамастан, бар қиындыққа төтеп бере отырып жеткен тәуелсіздігіміздің тұғырының биікте болуын тілейміз.


Бүгінгі күнге шүкірлік ете отырып, еліміздің қарыштап дамып, атақ-абыройының жер жарып жатқанын көріп, әрбір қазақстандық азаматтың жүрегінде мақтаныш ұялап, жастарының алдында елімізге лайықты азамат болып, болашағына үлесін қоссам екен деген мақсат тұратыны айқын. Мен де сол мақсатты ұстанған бақытты ұрпақтардың бірімін.

Мен киелі мекен, қасиет тұнған Орда топырағында, нақтырақ айтсам, Бөкей ордасы ауданының Саралжын ауылында 1991 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келдім. Тәуелсіздік мерекесі күні 25 жасқа толғалы отырмын. Әкем мен анамның жалғыз ұлымын.

Туған ауылымдағы Қ. Сағырбаев атындағы қара шаңырақ – білім ордасынан түлеп ұшып, болашақ мамандығымды Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінде алдым. Ал қазіргі кезде өз білімімді жетілдіру мақсатында әрі жоғарғы оқу орнының дипломына қол жеткізу үшін Батыс Қазақстан гуманитарлық инженерлік академиясының соңғы курсында сырттай оқып жүрмін. Қазір ақпараттың дамыған заманы болғандықтан, информатик маманы болуды көздеймін. Алғашқы оқуымды бітірген кезімде еңбек жолымды өзімнің мектебімнен бастаған болатынмын. Міне, бүгінгі күнге дейін аталмыш  мектептің  қызметкерімін.

Тәуелсіздік құрдасы болғанымды өз басым мерей көремін. Тәуелсіз еліммен бірге жасасып келе жатқанымды мақтан етемін. Бұл мақтаныш сезімі өз-өзіңе деген жауапкершілікті арттыра түседі.  Өзімізді еліміздің төл перзентіміз деп сезінеміз. Өйткені қалтарысы мен бұлтарысы көп мына аумалы-төкпелі заманда еңсесі биік, эко-номикасы өзге елдерден кем түспейтін, ақжарқын халқы бар, еңселі елордасы бар егемен елдің болашағы – біздерміз, бүгінгі жас ұрпақпыз.

Тәуелсіздікпен қатар өмірге келіп, қарыштап дамыған елімізбен бірге өмір сүріп жатқанымызға, көз алдымызда тәуелсіздіктің жалауы желбіреп, еліміздің бейбіт жолмен биік белестерден көрінгеніне куәгер болып жүргеніміз үшін өзімізді бақытты ұрпақ деп санаймыз.

Тілекжан  БЕГИШАНОВ,

Бөкей  ордасы  ауданы

Қағылез  келген  қарадомалақ  бала  Ақоба  ауылында  асыр  салып өсті. Кейін  тәуелсіздіктің  төл  құрдасы  ретінде  алаңсыз  ержеткенін  мақтан  тұтатынын  сол  уақытта  есіне  кіріп  те  шықпаған болар.  Ән-күй  десе,  ішкен  асын  жерге  қоятын  құймақұлақ Нұрлыхан  Кәрімов  1991  жылы  27  қарашада  дүние  есігін  ашты.

Нұрлыхан – Жәнібек жұртшылығына өнерлі әулет ретінде танымал отбасының  егесі  Маралбек пен  отанасы  Күләштің  бауырынан  өрген екі ұл мен жалғыз  қыздың   кенжесі. Х. Халиуллин атындағы  жалпы білім беретін орта мектепте білім алып,  2013 жылы Орал гуманитарлық-техникалық колледжін музыкалық білім беру маман-дығы  бойынша тәмамдаған жас жігіт бүгінде өзінің туып-өскен ауылындағы мектепте музыка пәнінің  мұғалімі  болып  жұмыс  жасауда.

«Бала кезімнен  бері мектепішілік, ауылдық, аудандық деңгейдегі мәдени шараларға көбінесе жүргізуші ретінде қатысып жүрдім.  Ауылымызда құрылған «Ұлы қазақ» КТК командасымен бірге аудандық жайдарман ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, облыстық маусымашар  ойындарына қатыстық. Өнеріммен қоса спортқа, соның ішінде теңбіл допқа  қызығушылығым зор.  Соңғы жеті-сегіз жыл көлемінде  футболдан  аудандық  турнирде «Үздік қақпашы» аталымына ие болып, ауданымыздың құрама командасының намысын қорғап, Ресей мемлекетінің Волгоград облысында өткен жарыстарға  қатыстым.

Ұстаздық жолға түскеннен кейін шәкірттеріме өнер жолында қал-қадерімше бағыт-бағдар сілтеудемін. Мен сабақ беретін мектеп оқушыларының қатарында  Римма  Ғиндашева  аудандық «Менің Қазақстаным»  патриоттық әндер байқауында  және ақын Қадыр Мырза Әлі шығармашылығына  арналған әндер додасында  1-орын, «Балдәурен» фестивалінде 3-орын алса, Аружан Лазырова «Ұстазға арналады әнім» атты байқауда  жүлделі орынға ие болды», — дейді ол.

«Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады, Н. Кәрімов  баян аспабында ойнайды, асабалық өнерін де паш етіп жүрген жайы бар. Мәдениет саласындағы белсенділігі үшін жас жігіт биыл ұстаздар күніне арналған  салтанатты мерекеде  аудан  әкімі Наурызбай Қарағойшиннің алғысхатымен марапатталды.

Меңдігүл  ФАЗЫЛОВА,

Жәнібек  ауданы

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ішкі әскері құрылды. Ол  қазіргі кезде  Ұлттық ұлан деп аталады. Осы уақыт ішінде тәуелсіздікпен тұспа-тұс дүниеге  келген  қазақстандықтардың  жаңа  буыны  өсіп-өркендеп  үлгерді.

Бүгінгі таңда Орал шаһарында орналасқан №5517 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борыштарын абыроймен атқарып жүрген   тәуелсіздік  құрдастары баршылық. Олардың бірқатарын ұлы мереке қарсаңында әңгімеге  тартқан едік.

Төлеби  БЕРІКБАЕВ,

2-арнайы  жедел  мақсаттағы батальонның  рота  командирі,аға лейтенант:

– Мен өмірге тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге келгенімді мақтаныш етемін. 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Қызылту ауылында өмір есігін аштым. Бала кезімде соғыс туралы фильмдерді жиі көретінмін, әскери өмір жайлы атамның әңгімелерін ұйып тыңдайтынмын. Содан шығар, әскери киім киюді армандап өстім.  Мектептен кейін  Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери институтын тәмамдадым. 2014 жылы Оралға келіп, алдымен взвод, сосын рота тізгінін қолға алдым. Үш  жыл бойы озат жас  сардарлардың  қатарынан көрініп,  түрлі қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысып келемін.

Нұржан  ЕЛІБАЕВ,

материалдық-техникалық  рота командирінің  тәрбие және  әлеуметтік-құқықтық  жұмыстары жөніндегі орынбасары,  лейтенант:

– 2014 жылы Петропавл  қаласындағы  Ұлттық ұланның әскери институтын ойдағыдай аяқтадым. Қазіргі жауынгерлік қызметім өзіме өте ұнайды. Маған сенім артқан  командирлерімнің үмітін ақтауға барымды  саламын. Ұлттық  ұлан  әскерлері де  Тәуелсіздік күніне табыспен жетуге бар күшін жұмылдыруда.

Дәурен  МАХАМБЕТОВ,

1-атқыштар ротасының  взвод командирі, аға лейтенант:

– Петропавл  қаласындағы  Ұлттық ұланның әскери институтын 2013 жылы ойдағыдай аяқтап, осы жерге қызметке келдім.  Әскери қызметкер болып, Отан қорғау бала күнгі арманым еді. Арманымның жүзеге асып,  тәуелсіз елдің Ұлттық ұланының қатарында болғаным үшін  өзімді бақыттымын деп есептеймін. Елбасымыз «Болашақ – жастардың қолында» деп жиі айтып, бізге үлкен сенім артады. Тәуелсіздік құрдасы ретінде ел тыныштығын сақтауға, оны абыроймен қорғауға серт беремін!

Әмір  НҰРМАНОВ,

1-атқыштар  ротасының бөлімше  командирі,  кіші сержант:

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында еліміздің үлкен жетістіктерге қол жеткізгені – біз үшін үлкен мәртебе. Туған жердің өркендеуіне үлес қосуды перзенттік парызым деп  есептеймін.

Небәрі 25 жылда жоғары кәсіби, ұтқыр, заманауи қару-жарақпен жабдықталған қазақстандық Қарулы күштердің жаңа бейнесі қалыптасты. Соғысты көрмей өскен азат елдің ұрпағы ешқашан қасірет шекпесін! Көк Туымыз мәңгіге желбірей берсін.

Ерболат   СҰЛТАНОВ,

подполковник,

Орал   қаласы


Шаттық сыйлаған шырайлы шаралар

Күні: , 53 рет оқылды

img_3260


2016 жылғы  12  желтоқсан  күні  Жаңақала ауданында  Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздігінің 25  жылдығына  арналған  «25 игі  іс»  аясында  бірқатар  маңызды  шаралар өтті.  Ол  аудан  орталығында  бой  көтерген  «Тәуелсіздік»  монументінің  ашылуынан  бастау  алды.


Тарихтың ақтаңдақ беттерін көрсетіп, тәуелсіздігімізді айшықтау мақсатында тұрғызылған монументтің ашылу салтанатына ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов, БҚО мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес және Жаңақала ауданы әкімі Лавр Хайретдинов, аудан тұрғындары қатысты.

Тәуелсіздік саябағында орналасқан «Тәуелсіздік» монументінің ашылу рәсіміне келген Аманияз Ержанов және облыстық мемлекеттік мекеме және банк қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Төлеген Мерғалиев бұл монумент күй астанасы атанған өлкеміздің құт босағасы, жас ұрпақ  үшін тәрбие ошағы боларына сенім білдіріп, игі тілектерін  айтты.

Мерекеге жиналған барша қауым бұдан соң «Тәуелсіздік» монументінің ашылу салтанатына куә болды.

Айта кетейік, Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып бой көтерген «Тәуелсіздік» монументіне аудандық бюджеттен 4,803571 теңге жұмсалып, құрылыс жұмыстарын «Прогресс стандарт» ЖШС үш ай мерзімде аяқтаған.

Монументтің биіктігі – 12 метр. Еліміздің Ата Заңы – ҚР Конституциясы бойынша мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі мен оның бостандықтары саналатын болғандықтан, ескерткіш діңгегінің ұшар басына Алтын адамның бейнесі орнатылған.

Жаңақала ауданына жасаған сапар барысында меймандар Жаңақала ауылындағы құрылысы аяқталған тұрғын үйлерге сыртқы инженерлік желілер жүйесінің ашылу салтанатына қатысып, аудан тұрғындарының  қуанышына  ортақтасты.

Бұл құрылыс жобасына аудандық бюджеттен 117150,671 мың теңге бөлінген. Жоба аясында 334 үйге ауыз су тартылып, жалпы ұзындығы 32,7 км су құбыры тартылды.

Салтанатты шарада сөз алған  Аманияз Ержанов аудан тұрғындарын ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, осындай игі істер жалғасын таба берсін деген тілегін білдірді. Тұрғындар атынан сөз алған ауыл тұрғыны Қасайын Байтұрғанов ел тәуелсіздігінің арқасында аудан тұрғындары жайлы да бақуатты тұрмыс кешіп жатқанын айтып, аудан басшылығына  ризашылық  білдірді.

Бұдан кейін аудандағы айшықты шаралар аудандық мәдениет үйінде Жаңақала ауданының энциклопедиясы мен «Қамыссамар – Жаңақала: өткені мен бүгіні» атты тарихи танымдық жинақтардың  тұсаукесеріне  ұласты.

Жаңақала ауданының тарихы мен шежіресін баяндайтын қос кітаптың лентасын «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғ. Әнес пен аудандық мәслихат хатшысы З. Сисенғали кесті.

Салтанатты шарада сөз алған Закария Сисенғали аудан тарихы кеңінен көрініс тапқан кітаптың жарық көруіне ауданның арғы-бергі тарихын зерттеп, зерделеген марқұм Рақым Құдайбергенов, күні бүгінге дейін қаламы қолдарынан түспеген Мәжит Жаданов, Нәсіпқали Мақанов сынды азаматтардың үлесі зор екенін атап өтті.

Жиынға қатысқан барша меймандарға алғыс білдірген Л. Хайретдинов кітаптың шығуына атсалысқан З. Сисенғали мен «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғ. Әнеске зор ризашылығын білдіріп, алғысхат табыс етті. Сондай-ақ Ғ. Әнеске Жаңақала ауданының құрметті азаматы атағын салтанатты түрде табыстады.

Қазіргі таңда «Арыс» баспасы мен Жаңақала ауданы әкімдігі қоян-қолтық жұмыс істеуде. «Арыс» баспасында аудан тарихына қатысты «Тұяқберді», «Жаралы жылдар жаңғырығы» және тағы басқа да кітаптар жарық көріп, осыған орай Жаңақала ауданының Құрмет тақтасынан «Арыс» баспасының директоры Ғ. Әнес орын алды.

Мұнан кейін аудан тұрғындарын қос тарихи кітаптың шығуымен құттықтаған ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің комитет төрағасы Аманияз Ержанов: «Қазақстан – өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі 25 жыл ішінде мемлекеттік құрылымның барлық саласын нығайтып, елдік мұратын айқындап, халықаралық аренада саяси және экономикалық батыл қадамдарының нәтижесінде танылған жас мемлекет. Біз тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына  енді қадам жасап отырсақ та, «Ұлы дала елі» болуды мақсат тұтқан, мұраты биік халықпыз. Біз үшін тәуелсіздіктің 25 жылдығы – ерекше маңыз беретін тарихи жыл. Осы уақыт аралығында тәуелсіз Қазақстанның буыны бекіп, бұғанасы қатайды. Еліміз оңы мен солын танып, бағыты мен бағдарын айқындады», – деп азаттық алған ширек ғасырдың қазақ елі үшін қаншалықты құнды екенін атап өтті.

Сондай-ақ жиында сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, қоғам қайраткері Самиғолла Оразов әр жаңақалалықтың төлқұжатына айналар төл басылымның  жарық көруімен құттықтап, аталған кітап өскелең ұрпақтың өлке тарихын санасына сіңіріп өсуіне, отаншылдыққа тәрбиелеуде маңызы  зор  екенін  атап  өтті.

Шырайлы шараны аудандық мәдени демалыс орталығының көркемөнерпаздары әнмен әрлеп, тәуелсіздіктің жалынды жастары жырмен өрнектеді.

Сонымен қатар бұл күні ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қайырымдылық керуені» акциясы өткізілді. Акция барысында кәсіпкерлер аудандағы аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларды қажетті азық-түлік тауарларымен  қамтыды.

Надежда  ЕСЕТОВА,

Жаңақала  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика