Мұрағат: 12.12.2016


Кәсіпкердің туған жерге сыйы

Күні: , 47 рет оқылды

img_7013


12 желтоқсан Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық елді мекенінде көптен күткен үлкен қуаныш медициналық пункт ашылды. Жаңа әлеуметтік маңызы бар нысанның ашылу салтанатына ауыл халқы түгел дерлік жиналды.


Бүгінде туған жерінің тұрмысы мен әлеуетінің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жандар ауданымызда баршылық. Сондай жанның бірі сарықұдықтық Нұрлыбай Жолдыбайұлы. Ол туған жері Сарықұдық ауылына өз қаражаты есебінен 5 млн. 200 мың теңгеге медициналық  пункт салып берді. Енді сарықұдықтықтар алысқа бармай-ақ,  медициналық пунктте ем-дом қабылдай алады. Тұрғындарды бұл қуанышты сәтпен ҚР Энергетика министрлігінің газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаев, ауыл тұрғыны Жолдыбай Тапауов, Жалпақтал ауруханасының директоры Алмас Тоғайбайұлы құттықтады.

Жаңа әлеуметтік нысанның лентасы қиылған соң мәртебелі меймандар мен жергілікті тұрғындар медициналық пункттің ішін аралап көрді. Мұнда  фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі және акушерлік кабинет орналасқан. Кабинеттердің бәрі де толықтай жаңа аппараттармен жабдықталып,  білікті мамандар ауыл тұрғынының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.

Тұрарбек  АҚМУРЗИН,

Талдыапан  ауылы,

Қазталов ауданы


Тәртіп сақшыларына 60 «темір тұлпар»

Күні: , 113 рет оқылды

pri_7511


Дүйсенбі күні облыс орталығындағы Жеңіс алаңында ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл толу мерекесіне орай БҚО ішкі істер департаменті ұйымдастырған салтанатты шара өтті.  Шараға арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов  ішкі істер құрылымдарының қызметкерлерін мерейлі мерекемен құттықтады.


Құрметті полиция қызметкерлері! Сіздер қоғамдағы тыныштық пен тәртіпті сақтауға зор үлес қосып келесіздер!  Ел азаматтарының тыныштығын күзетіп, қоғамдағы тәртіпті сақтауда сіздердің еңбегіңіз зор. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та еліміздің қол жеткізген жетістіктерінің бәрі тұрақтылық пен бірліктің арқасында екендігін жиі айтады.

Сондықтан да ұлық мереке қарсаңында жергілікті полиция қызметіне 60 «темір тұлпарды» тарту етпекпіз. Бұл көліктердің 50-і 12 ауданда, 10-ы қалада ел тыныштығын одан  әрі қамтамасыз етуге  үлесін қосады деген сенімдеміз, — деді Алтай Сейдірұлы.

Сондай-ақ салтанатты шарада қоғамдық тыныштықты сақтауға ерекше үлес қосқан тәртіп сақшылары облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында Орал қалалық ішкі істер басқармасының учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Жанайдар Мұсадиев, облыстық ішкі істер департаменті, криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі  Марат  Қазиуллин  бар.

Шарада сөз алған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсотхан  Аблазимов полицияның материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға жете мән бергені үшін облыс әкімі Алтай Сейдірұлына  ризашылығын білдіріп, полицейлердің қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі нығайту жолында аянбай еңбек ететіндіктерін атап өтті.

Салтанатты шара ішкі істер құрылымдары қызметкерлерінің салтанатты шеруімен  аяқталды.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Жұбан еліндегі жарқын жүздесулер

Күні: , 124 рет оқылды

pri_7308


Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі  Индустриялық  даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алманияз Ержанов бастаған делегация жұмыс сапарымен Ақжайық ауданында болды.


Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында делегация осы жылы күрделі жөндеуден өтіп, жақын күндері пайдалануға берілгелі тұрған аудандық орталық аурухана ғимаратында болды. Жөндеу жұмысының жайымен танысқан өңір басшысы аурухана ұжымын Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен және заманауи жөндеуден өткен ғимаратқа көшулерімен құттықтады.

Айта кетейік, пайдалануға берілгеніне 40 жылдан астам уақыт өткен аудандық аурухана ғимараты осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмепті. Жөндеу жұмысына биыл «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы республикалық және жергілікті бюджеттен 341,8 миллион теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын Мақсат Гейнушев басшылық ететін «РемСтройБыт» ЖШС уақтылы  әрі  сапалы  жүргізген.

Бүгінде іші-сырты заманауи үлгіде жөнделіп, аумағы абаттандырылған аурухана айтулы мереке қарсаңында аудан халқына есігін айқара ашпақ. 75 емделушіге есептелген ауруханада науқастарды қабылдау, «Жедел жәрдем», балалар мен босану бөлімшелері тұрғындарға қалыпты қызмет көрсетпек. Ауруханада 128 адам еңбек етсе, соның ішінде сегіз жоғары білімді дәрігер, 80-ге жуық орташа медициналық және бірнеше кіші қызметкер жұмыс жасайды.

pri_7209– Ауруханамыз білікті дәрігерлермен, соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықпен толық қамтылған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауданымызға өткен жылы төрт, осы жылы бес жоғары білімді жас маман келді. Келер жылы ауданымыздың 12 түлегі медицина мамандығы бойынша оқуларын тәмамдамақ. Оларды да ауданға қызметке шақыруға жұмыстар жүргізілуде. Біздің аудан тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, жол-көлік оқиғасына тап болғандар жиі жеткізіледі. Осы жылдың өзінде 30-ға жуық жол-көлік оқиғасы болғанмен, біздің ауруханаға келіп көз жұмғандары тіркелген жоқ. Аса күрделі хирургиялық оталарды жасауға толық мүмкіндік бар. Тек қажет жағдайда ғана облыс орталығынан санавиация көмегімен дәрігерлер шақыртамыз. Ауруханамыздың күрделі жөндеуден өткеніне қуаныштымыз. Бұл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында аудан тұрғындарына және бізге тамаша тарту болды, – дейді аурухана директоры Дархан Хайрушев.

Бұдан соң делегация аудан тұрғындарының қатысуымен өткен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысты. Аудан тұрғындарын мерекемен құттықтаған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы, Астанадан арнайы келген комитет төрағасы Алманияз Қасымұлы тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде елдегі және облыс көлеміндегі атқарылған бірқатар істерге тоқталып өтті.

– Еліміз егемендік алған 25 жылдың ішінде көптеген қиындықтарды бастан кешті. Бірнеше айлап зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы ала алмаған кездер де болды. Дүкен сөрелері бос қалып, халық азық-түлік тапшылығын көріп, ұзын-сонар кезекке тұрған уақыттарды да көре қалдық. Бірақ зор еңбектің, бірлік пен ынтымақтың арқасында осы қиындықтардан аман өттік. Бүгінде Елбасымыздың салиқалы саясатымен елдегі халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында қабылданған мемлекеттік  бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жалпы, 25 жылдың ішінде облысымызда 60 мектеп, 17 балабақша, 30-дан астам жеке балабақша, бірнеше ондаған денсаулық сақтау мен мәдениет орындары бой көтерді. Тек біздің өңірдің өзінде осы жылы 200-ден астам нысанның жөндеуден өтуі – мемлекеттік бағдарламаларды нақты  жүзеге асырудың нәтижесі. Соңғы жылдары шағын және орта бизнеспен шұғылданатын тұлғалардың саны да артып келеді. Бүгінде халық өз бетімен кәсіп ашып, пайда табу керектігін біржола түсінді. Шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер де мемлекет тарапынан зор қолдау көріп, нәтижесі жемістерін беруде. Бұл шаралардың барлығы Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау. Тың жобалар мен берері мол бағдарламалар келер жылы да жалғасын табатын болады. Мысалға, біздің өңірде 443 елді мекен болса, соның 36 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл – республика бойынша өте төмен көрсеткіш. Осы түйткілді мәселе келер жылы өз шешімін таппақ. Елбасымыздың қолдауымен республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен келер жылы 50-ге жуық елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтитын боламыз. Соның ішінде, осы Ақжайық ауданының Базаршолан, Ақсуат, Атамекен, Қабыршақты секілді мыңнан астам тұрғыны бар ауылдар таза сумен қамтамасыз етіледі. Жол жөндеу жұмыстары да жалғасын табатын болады. Келер жылы Ақжайық ауданы орталығындағы алты көшенің жолын жөндеуге қаражат бөлінді. Сонымен қатар өңіріміздегі 11 елді мекенге көгілдір отын тартылмақ. Бұл игі бастамалар да ел тәуелсіздігінің жемісі деп білемін. Сондықтан баршаңызды егемен еліміздің 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын! Мемлекетіміздің өркендеуі жолында атқарылатын жұмыстарымыз жемісті болсын! – деді  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Салтанатты шарада өңірдің әлеуетін дамытуға үлесін қосып жүрген бірқатар ардагерлер мен еңбек адамдары облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Мереке аудан өнерпаздарының концерттік  бағдарламасымен  ұласты.

Мәртебелі меймандар түстен кейін Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылында болып, мәдениет үйіндегі күрделі жөндеу барысымен танысты.

pri_7076Аталмыш мәдениет ошағының ғимаратын күрделі жөндеу жұмысына республикалық  және жергілікті бюджет есебінен 54,8 миллион теңге қаражат бөлінген. Қараша айының басынан бастап «Өркен Сервис» ЖШС жүргізіп жатқан жөндеу жұмысы келер жылдың наурыз айында аяқталмақ. Нысанды жөндеуге жергілікті 25 жұмысшы тартылған. Жұмыс ауқымы көбейген кезде тағы 30 шақты адам жұмыспен қамтылмақ.

Бұдан соң ауылдық әкімшілік ғимаратында аудан атқамінерлерімен кездесу өтті. Басқосуға облыстық сот, прокуратура саласының, ішкі істер және төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары арнайы қатысты. Аудан тұрғындарымен кездескен облыс әкімі өңірде атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Кездесу барысында сөз алған ауыл тұрғындары соңғы жылдары аудан, ауыл көлемінде атқарылған игі істер үшін алғыстарын білдіріп, болашақтың еншісіндегі бірқатар  өзекті  мәселелерді  сөз  етті.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов түйткілді мәселелердің кезегімен жүзеге  асырылатынын  жеткізді.

– Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты – өздеріңізбен жүздесіп, атқарылған істермен, алдағы жоспарларымызбен бөлісіп, сіздердің ой-пікірлеріңізді білу. Бүгінгі басқосуда өзекті мәселелерді қозғадыңыздар. Айтылған ұсыныстарыңызды алдағы жұмыс жоспарымызға енгізетін боламыз. Өздеріңіз айтқан жол жөндеу, ирригациялық құрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта атқарылатын болады. Шабдаржап ауылындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу де жоспарымызда бар. Күні кеше денсаулық сақтау саласының жұмысын жетілдіру мақсатында 60 «Жедел жәрдем» көлігін алдық. Сондай-ақ жергілікті полициялар да 60 көлікпен қамтылмақ. Жақын күндері табыс етілетін қызмет көліктері осы ауылға да келеді. Соның игілігін көріңіздер. Алдағы келе жатқан ең қастерлі де қасиетті ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бірлігі жарасқан мәңгілік ел болайық! – деді  Алтай  Сейдірұлы.

Бұл ауылдық округтен де еселі еңбегімен ерекшеленген бір топ еңбек озаттары облыс әкімінің алғысхатымен  марапатталды.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Суреттерді  түсірген Айбатыр  НҰРАШ


Мереке қарсаңындағы қоныстой

Күні: , 119 рет оқылды

img_1162


Ел тәуелсіздігінің  25 жылдығы қарсаңында тұрғындарға жаңа 144 пәтердің кілті табысталды. Орал қаласының маңындағы Зашаған  кентінде бой көтерген  9 қабатты үйде басталған қоныстойға Батыс Қазақстан  облысының әкімі Алтай Көлгінов  арнайы келді.


– Тұрғын үй құрылысын «СВ Плюс» ЖШС екі жыл бұрын бастаған болатын. Елбасының «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылысқа республикалық бюджеттен 1,1 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тұрғын үйдің жалпы ауқымы – 10 мың шаршы метр. 144 пәтердің 72-сі баспана кезегінде тұрғандарға берілсе, жартысы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшыларына арналған. Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде жыл соңында тағы да жаңа үйлерді пайдалануға береміз. Пәтерлерді түрлі әлеуметтік топтарға – жас жанұяларға, мүгедектерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға кезегімен беріп жатырмыз.

Тұрғын үй кезегін азайту, инфрақұрылым желісін дамыту мақсатында алдағы уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы іске қосылады, – деген облыс басшысы үй құрылысын сәтті жүргізген мердігер-компания басшысы мен жұмысшыларына ризалық білдірді.

Салтанатты шарада пәтер иелеріне баспана кілттері табысталды.

Өз кезегінде тұрғындар да Елбасыға, облыс пен қала әкімдеріне, құрылысшыларға алғыс айтты.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

Армат ХАБИЕВ,

құрылысшы:

– Орал қаласындағы тұрғын үй кезегіне толық емес отбасы санатында 2004 жылы тұрғаным есімде. Міне, үш бөлмелі баспанаға қол жеткіздік. Өзім де құрылыс саласында еңбек етемін. Мұндай зәулім ғимараттарды салу оңай емес екенін білемін. Көршілеріме де қоныс құтты болсын деймін.

Ару ШҮЙІНШАЛИЕВА,

зейнеткер:

– Күйеу балам Ердос пен қызым Назгүл жаңа пәтерге ие болды. Бұл күнді бірнеше жыл бойы күттік. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы баспана мәселесі оңынан шешіліп жатқанына қуаныштымыз. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына керемет тарту болды. Келер жыл да игілік әкелсін. Жастарымыз бақытты болсын.

Әділет ӨТЕШЕВ,

жас маман:

– Отбасында анам Рысқаным мұғалім болып еңбек етеді. Ағам екеумізді тәрбиелеп өсірді. Біздің баспана кезегін күткенімізге он алты жыл болады. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жаңа үйге жайғастық. Бүгін облыс әкімі Алтай Сейдірұлы дастарқанымыздан дәм татып, ізгі лебізін білдірді. Қуанышымызда шек жоқ.

52453


Озерныйда жаңа мектеп

Күні: , 81 рет оқылды

_dsc0165


Зеленов ауданындағы Переметный ауылдық округіне қарасты Озерный ауылында жаңадан бой көтерген білім ошағы есігін ашты.


Салтанатты рәсімге ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім, БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, 48 оқушыға арналған Киров жалпы білім беретін негізгі мектебінің құрылысы ағымдағы жылдың жазында басталып, «Отделстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы білек сыбана кіріскен болатын.

Шара барысында аталмыш серіктестіктің директоры Валентина Михно білім ошағының символикалық кілтін мектеп директоры Гүлназ Қалиеваға табыстады.

Ал салтанатты лента қию рәсімін Мәншүк Сәметқызы мен ардақты ұстаз Төлеш Мұлтаев жүргізді. Қазақи дәстүрмен шашу шашылып, ауыл тұрғындары мәре-сәре күй кешті.

Содан кейін меймандар заманауи үлгіде бой түзеген оқу ғимаратын аралап көрді. Онда ертеңгі ел тұтқаларының сапалы білім нәрімен сусындап, саналы да салауатты азамат болып қалыптасуына барлық жағдай жасалған.

— Су жаңа айнадай жарқыраған ордада қазір білім алып жатқан 44 оқушыға 17 ұстаз дәріс беруде. Жанға жайлы жып-жылы мектебіміз ыстық-салқын сумен қамтылған. Барлық оқу құралдарымен жабдықталған. Ал «Балбөбек» шағын орталығында 14 бала тәрбиеленуде, — дейді мектеп директоры Гүлназ Бақытжанқызы.

Айшабибі МӘМЕТ,

Зеленов ауданы

Суретті түсірген Түгелбай Бисен


Үйге дейін алыс жол

Күні: , 295 рет оқылды

<4D6963726F736F667420576F7264202D20353938302D3FC9C3C520C4C5C9B2C


Ат  айналып  қазығын  табады,

Ер  айналып   елін    табады…


Қиқулап қаздар қайтып барады. Торытөбел мінген қария артына бұрылып «Ақмешіт, атамекенім, мен оралмасам да, менің ұрпағым саған қайтып оралар. Оған дейін аман бол, асыл бесігім!» – деп, күрсініп алды. Кетпеске амал жоқ. Мал былай тұрсын, ұрпағымды түгел құртпақшы, мына әзірейіл үкімет. Етің борша, арқаң жоса болғанға төзуге болар, буыны қатпаған шыбығыңды сындырғанды кім көтере алады? Құран кітапты қашып жүргенде, белден төмен түсіріп, қасиетін кетірермін. Соналы көлінің қыр бетіне көміп кетейін. Тілекші болып жатсын. Атадан қалған қас шебердің қолынан шыққан күміс сандыққа, көз жауын алатын зергерлік бұйымдардың үстіне, кенепке мықтап оралған Құран кітапты салып, асықпай қақпағын жапты. Кісі бойы қазылған шұңқырдың түбіне жусан төсеп, тоқылған шимен сандықты орап, үстіне салды. Бетіне тағы да қалың қылып, жусан жауып, бетін құрғақ құммен тегістеді. Бетін түйе сазбен нығыздап тапады. Үстіне шым төсеп, елеусіз қылып тас қойды.

Болашақты болжап айту Алланың хош иісінен жаралған әулиенің қолынан ғана келеді. Өткенді еске алып айту естінің қолынан келеді. Айтылмаса, сөздің атасы өледі. Қандарында қыранның қайсарлығы мен тұлпардың демі бар, текті оғландардың фәниде тар жол тайғақ кешкен өмірін тасқа басып жазса да, артық болмайды. Болаттан соғылған қылышты отқа салсаң, қайтып балқымайды. Батыр ұстаса, мамықтай салмағы болмай, қолының жалғасындай бітісіп кетеді. Жаратылысы бөлек адамның тәні жүдесе де, жаны жүдемейді. Тағдыр сынағынан сүрінбей өткен пенденің тілегін жаратушы қабыл етеді. Адам адамға кектеніп, қанша қатыгездік жасаса да, оның тағдырын өзгерте алмайды…

Күз. Ызғырық жел. Суық ауа кеудеңді шаншиды. Өңі кеткен шөптер қудай болып, желге жалпылдап тұр. Жапырағын жоғалтып, қаңқасы ырсиып қалған ағаштар онсыз да құлазып тұрған көңілді жыланша ысқырып, үрей туғызады. Күзгі тұман мен сіркіреп жауған жылауық жаңбыр мұңдасыңдай көңіл айтады. Маған қазір пана болып жүрген ой мен сай. Қырсыққанда, қыр да көбейіп кетеді екен. Оның бәрін айналып өту керек. Даладағы қаңғыбас қаңбақ та артымнан ілесе домалап, қуғыншыдай зәремді алады. Мына бақырауық ешкі әбден мазамды кетірді. Ешкі біткенді түгел сойып, етін қақтап алу керек. Сиыр да жүрісі өнбейтін мал. Оның үстіне қимас бірдемесін жоғалтқандай ара-тұра мөңіреп, талтақтап жүріп бара жатып, тезек тастай береді. Бұның бәрі – арттағы із кесушілерге айқын белгі. «Әй, Төсбай, састым дейсің, артыма қарамай қаштым дейсің, құйрыққа қамшы бастым дейсің» деп қарғалар да төбемді айналып ұшып, қарқылдайды. Сауысқандар да сумаң-сумаң етіп, өсекші әйелдей қалықтап, қасымыздан кетпейді. Жылқы айдап кеткен Еспол мен Мырзағұлдар енді Утва өзенінің бойына жеткен болар? Жылқы жігіттің пырағы екен ғой. Тұяғын созса, күндік жерді алты аттайды. «Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» деп, қайран аруағыңнан айналайын, ата-бабам осының бәрін басынан өткізгесін айтқан екен. Қыземшек тауының етегін тарта басып орналасқан Қайыңды ауылының маңына барып, қызыл өрт секілді тілі жалаңдаған үкіметтің тепкісінен қашқан текті ұрпақ тебіндік тауып, біраз аялдайды. Туатай мен Тоқта, Шырдай руынан тараған ағайындар жат жұртты жатырқамай, іштартып орталарына алады. Жылылық күткен адамға жымиған күлкінің өзі маздаған оттай сәуле шашады. Ол жақтың қысы ұзақ келеді екен. Көктемінде ұзын сарының сыбағасы болады екен. Ілінген малды садақа, қалған малды олжа дейді екен. «Топырақ бұйырған жерден, ырыс отырған жерден» дегендей, дәм-тұзың таусылып тұрса, ешқайда қашып құтыла алмайсың. Төсбайға осы жердің құнарлы топырағын көрпе қылып жабуға нәсіп еткен екен. Қайыңдының терегі тербеліп, асыл ерді құшағына алды. Тоқтаусыз уақыт бір керуеншісін түйесінен түсіріп, өзі тағы да ұзақ сапарға ойланбастан аттанды. «Жаным – арымның садақасы, малым – жанымның садақасы» дегендей, басына шалынған күрең айғырдың жалын тартып мінгенде, бозбала шағында бәйгеге шапқан шабандоздай арқасы қозып, күреңді бір қарғытып алып, шаңдатып шауып кетті…

<4D6963726F736F667420576F7264202D20353938302D3FC9C3C520C4C5C9B2CЖердің кіндігі жеті қаттың астында жатса да, Алладан бұйрық келсе, бір мезетте тоқтайды. Жан – адам денесіне қонақ. Жаратушының жан сақтайтын қоймасы – алпыс мың жұлдыздың сәулесі жарқыратып тұрған Миһражда. Ана құрсағында жатқан балаға Алла «сүф» деп әмір жібергенде, Миһраждан жан көз жетпес шапшаңдықпен ұшып келіп, нәрестенің денесіне жан бітіреді екен. Жаңа бітісіп келе жатқан жүректің сол қалтасынан кіргенде, жұмыр жүрек тарсылдап соға бастайды дейді. Ал бақилық болған кезде, жүректің оң қалтасынан созылып, соңғы деммен «уф» дегенде, қысылып шығып кетеді дейді. Сондықтан адамды қайтқан кезде оңға қаратады.

Қызыл үкіметтің маңында сепектеп жүрген ұзын құлақ қоян, көзі көргіш сона, тілі ұзын түлкі, қырынан шабатын көкжал қасқырлар көп еді. Қыстың қақаған суығында борбайдан асқан қарды кәрі аттың қан сорпасын шығарып, омбылатып келген жанашыр ағайын бой жылытып алғаннан кейін, шам түбінде үлкендерге көзін бірде сығырайтып, біресе бақырайтып, демі таусыла сыбырлап, құпия әңгіме айтты. Таң атысымен суыт жүргіншіні төс қағыстыра құшақтасып, жолға шығарып салып тұрып, артынан бәрі бір адамдай беттерін сипады. Аяз өрнегін салған әйнекті ыстық демімен үріп, сығалап қарап тұрған баласын байқап қалған Мырзағұл демін ішіне тартып, «Жол-аман, жұбанышым, жолымызды аша гөр! Атыңнан айналайын, періштем!» деп іштей өзімен-өзі сөйлесті. Алда тілін білмейтін, жирен шашты, қазан басты, бойы бітік, жер бетінің орманын олжалап алған орыс ағайындардың жеріне аяқ басу керек еді…

«Шешінген судан тайынбас» дегендей, Павелдің айтуы бойынша, төменгі Новгород шаһарына жетсек, бізді қамқорлайтын оның досы бар көрінеді. Өзі – нағыз жігіттің төресі. Бізге келгеннен бері өзінің байырғы туысын көргендей көмектесіп жүр. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бір аяғынан ауыр жарақат алған. Одан кейін Нижний Новгородта Ригадан эвакуациямен аударылған қорғаныс қаруларын шығаратын «Фельзер» зауытында жұмыс жасаған. Волга маңындағы бұлғырлармен көп араласып, Айқыз атты бұлғыр қызына үйленген. Мұсылман дәстүрін жақсы біледі. Қазір қарт анасын алып кетуге келген екен. Ауыр науқасы бар ана: «Мені жолыңа жүк қылмай, осы елге тастап кет», — дейді. Кім анасын далаға тастасын? «Жөні болар, жазылар» деп әліптің артын бағып жүрген жайы бар екен. Ақпан айының ақ боранында төсек тартып жатқан анасы мәңгілік сапарға кетті. Мырзағұл бастаған жігіттер қолда барын аямай бөлісіп, көмектерін берді. Павелге шын ниеттерімен көңіл айтып, ананы-мынаны сылтау етіп, қанға сіңген қазақ дәстүрінше жеті күн бойы жалғыз қалдырмай, қасында болды…

Адам, сені ғаламшар өлшемімен қараса, шаң-тозаңның түйіршігінен кішкентайсың. Көлдегі мың бақаның бірі басқаларынан ірі, шапшаң, епті болса да, бәрібір оның аты – бақа. Адам бес құрлықта құрттай қаптаса да, олардың өз есімі, дара тағдыры бар. Жаратушы еш уақытта қалғымайды. Оның құдіреті бәрін бақылап тұруға жетеді. Ол мәңгі бір қалыпта…

Еділдің бойындағы ен тоғайға, жағалай қоныстанған сансыз кенттер мен шаһарларды басып өтіп, Ока мен Волга аймалап өтіп жатқан мүйісте, қақпасын тарихында ешбір жау бұзып өтіп көрмеген, көне қала Нижний Новгородқа сегіз ай бойы аялдап жүрумен жетеді. Кезінде осы жердегі ерікті қара халықтан жасақталған қолымен староста Кузьма Минин мен князь Пожарский Мәскеуді поляктардан азат еткен. Сондықтан Ресей жұртына бұл өлке батырлығымен қатар, табаны тайып көрмеген тұлпардай аса құнды қала болып есептеледі. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде еуропа босқындарымен бірге түрлі зауыт-фабрикалар да осы жерге көшірілген болатын. Жастардың басым көпшілігі сол зауыттарда аула сыпырудан бастағанмен, кейбір зеректері слесарь, фрезеровщик, штамповщик кәсіптерін еш оқусыз, арнайы мамандардың қасында жүріп, үйреніп алатын.

Павел де осы жолмен жүріп, станокта темірдің жүнін түтіп, жібін иіретін маманға айналған.

Сансыз көп халықтың бір пайдасы әркім өз шаруасымен жүреді екен. Қол қусырып аспанға қарап тұрған адамды көрмейсің. Бәрі қарбаласта. Жарық күн аздай, кеңірдегін аспанға созған зауыттардың мұнарасынан шық-қан түтін бурадай бұрқырап, зіл темір балғалары түнімен тарсылдап, тыныштық бермейді. Пашаның досы абырой болғанда, адуынды бастық болып шықты. 1932 жылы қала атауы өзгертіліп, Горький есімі берілген кез. Бұл «Ford Motor» автокомпаниясымен бірлескен 1930 жылы бастаған құрылысын аяқтау мерзімі болатын. Бұл зауыт кейін Ресей автопром индустриясының алыбына айналады. Қазірдің өзінде бұл зауыт Еуразия құрлығы бойынша сан түрлі маркалы автокөлік шығаратын алыптардың қатарында. Қырдан барған 18 отбасының барлығы да уақыт өте келе өздерінің қабілетіне қарай кәсіп пен мамандықтарды еншілеп, қала халқының біріне айналып кетеді…

Адам жақсы нәрсені тез ұмытады. Көсіліп құс көрпеде жатса да, қанағат тұтпай, аспандағы ақ бұлттарды жастанғысы келеді. Хор қызындай сұлуды алса да, пері қызына қырындайды. Атағы жер жарып жұлдызы жанса да, сөнбес күн болсам деп армандайды. Әйтеуір не керек, қысқасы, Құдай болғысы келеді. Ал қалт етпей, он сегіз мың ғаламның тіршілік әлемін билеп тұрған, тоқсан тоғыз көркем есімді, құдіреті айқын, мейірімі шексіз Жаратушымен кім теңесе алады?! Бақ қонып, байлыққа кенелген адам асылық айта бастаса, тозақтың зіл батпан ауыр қақпалары ыңырсып ашылады. Әр жұма сайын талантың тас жарып бара жатырса да, өзіңнің бастау алған қайнарың – ата-бабаңды есіңе ал. Құдайға құлшылық ет. Қазан көтеріп ас бермесең де, шелпек пісіріп, дұға оқы. Жеті жылда құрбандыққа кемінде бір рет мал шалып, садақа бер. Жетілдім деп жүріп тура жолдан адаспа. Әр адамның ойын күйзелтіп, жүрегін қысатын жан жарасы болады. Сонысын бетіне басып, терісін сыпырма. Сенің алдыңда не күтіп тұрғанын қайдан білесің?

Мамыражай тірлікті төбеден түскен жай оғындай екінші дүниежүзілік соғыс мүлдем басқа жаққа өзгертіп жіберді. Қалқаны биік қауқарлы қалалар, бақайшағына дейін жаңа техникамен қаруланған жауынгер мен тұмсығы берік, сауыты болат, тасбақа танкілерге, әуеден шегірткедей самсаған самолеттерге, масадай ызыңдап, жердің миын ақтарып, шыңғырып түскен снаряд пен бомбаға, үстемелеп келген қосымша дүлей күшке тойтарыс бере алмай, бірінен соң бірі күйреп жатты. Қасқағымда айраны ұйып отырған елдің тозығы шығып, берекеті кетті…

«Отан ана шақырады!» ұранымен жасы жетіп тұрған жеткіншектер қолдарына қару алып, Отан қорғауға өз еріктерімен майданға аттанды. Соғыстың алғашқы кезінің тактикасы мен маневры көпшілік жағдайда өлгенше шегінбей соғысу, ауыр соққыны өзіне алу еді. Бүкіл полктен бір-екі рота ғана аман қалған кездер болды. Жоғарыдан келген бұйрыққа ба-ғынышты командирлер өздіктерінен тактика қолдана алмай, амалсыз взвод жауынгерлерін құрбандыққа шалуға мәжбүр болды. Өзегін өртеген өкінішті таза спиртпен шайып, түнде шошынып, айқайлап, команда беріп жатқан жас офицерлерді көргенде, еріксіз көзіңе жас тұнады. Кейбір рота түгелімен тұтқынға түсті. Жалпы, төрт жылдың ішінде бес миллионнан астам жауынгер тұтқында болса, солардың бір миллионға жақыны ғана кері оралған екен. Жануардың өзі шақ шыдайтын жағдайдағы «Дулаг» пен «Шталаг» концлагеріндегі көріністер бауырыңды езіп, жүрегіңді қысады…

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Подольскіден Жоламан, ағасы Қажығали мен ағайын досы Жақия үшеуі еріктілер қатарына тіркеліп, майданға аттанды. Бірден борандай бораған соққы, жан алып, жан беріскен Мәскеу маңындағы әйгілі шайқасқа түсті. Атқыштар батальонына түскен олар бес адамға бір винтовка берілген взводта, бір-біріне ес бола жүріп, ұрыста атыс жасау шеберлігін ақырындап меңгере бастады.

Қабағы қатулы қақаған қаңтардың аязы сүйегіңнен өтіп, тас төбеңді солқылдатады. Ұйқысыздық, аштық ішіңді бүріп, шегіңді бұрайды. Қатқан қара кесек құрғақ нан тамағыңнан өтпей, кептетіліп, түйіліп қала бересің. Су қатып қалған. Қар жалағаннан тамағың ісіп, дауысың зорға шығады. Етігіңді шешіп, әлсін-әлсін табаныңды ысқылап алмасаң, үсіп кетуі мүмкін. Дивизия командирі, генерал Власовтың жоспары бойынша, фашистерді дамылсыз ұрыспен мазасын кетіріп, аязды пайдалана отырып, кері шегіндіру керек. Расында да, солай болды. Суыққа төзімсіз немістер қару ұстауға шамасы келмей, қол-аяқтарына кескен шинель орап, кері қашты. Ұзын тұмсықты, табаны шынжыр төртпақ танкілер қалың қарда жүруге дәрменсіз болып шықты. Бауыры тіреліп, табаны тақылдап айналып жатқан танкілер – жаяу әскерге оңай олжа. Кейбір отқа оранған танкілердің жанында жылынуға жиналып тұрған жауынгерлерді көресің. Өліммен арпалысып жүрсек те, кейде езуімізге еріксіз күлкі келіп, бір-бірімізге жымиып қоямыз. Кезекті шабуыл кезінде Қажығали жаудырған дзот оғынан қаза болды. Еңбектеп барып, құшақтап, еңкілдеп жылап алдым. Самай шашының бір талын қиып алып, шүберекке түйіп, қойын қалтама салдым. Аспанға қарап, қадалып қалған ойлы көзін алақаныммен сипап жауып, жүзін құбылаға қаратып, бетіне ақ орамалымды жаптым. «Ақылшы аға, сенің ақ денең ақ қарда қалса да, қара шашыңды туған жердің қара топырағына жеткіземін!» деп іштей өзіме серт бердім. Бұдан кейін де талай төбеден от тастар қардай жауған, қияңқы ұрыстар болды. Аузымен құс тістеген арыс азаматтар белгісіз жерде ерлікпен қаза болып, бауырластар мәйітінде қалды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деген қазақтың сөзі рас екен. Волховтың қалың орманында аш қасқырдай қоршауда қалдық. Кейінгілермен байланыс үзілді. Жауынгерлердің азық-түлігі таусылып, жұмысшы жылқылардың көбі азыққа сойылды. Барлаушы самолет жасырын ұшып келіп, командирімізді алып кетпекші болды. Алайда адами қасиеті жоғары, ұрыс тактикасын жете меңгеріп, талай ұрыста құрсауы берік бекіністердің талқанын шығарған, өзінің шеберлігін жауға да мойындатқан атақты Власов басын сауғалап қашқан жоқ. Ержүрек жауынгерлерінің ортасында қалды. Бір жағынан, өзінің жоспарын бірнеше мәрте хатпен жолдаған болатын. Бірақ жоғарыдан жауап болмады. Енді бәрі кеш. Біз үмітсіз қоршауда қалып, ит-құсқа жем болдық. Оқ-дәрілер таусылды. Қалған ақырғы күшпен қоршаудан шығу дәлізін жасамақшы болдық. Әлсіреген арыстанды торға қамағандай тұтқынға түстік.

Ленинград қоршауын ту сыртынан бұзуға арналған «Любанск асуы» жоспары сәтсіздікке ұшырады. Қара жамылған Волховтың қара қазанында мыңдаған жауынгерлер шаһит болды. Аштыққа әлсіреген жауынгерлер суық аязға төзе алмай, үсіп кетті. Кеңес әскері адам айтса, нанғысыз үлкен шығынға ұшырады. Сұңқардай са-йыпқыран боздақтарды белгісіз орманның қомағай батпағы аяусыз жұтып алды. Емендер еңкілдеп езілгенде, қарағайлар кобыздай күңіреніп, есіл ерлерді жоқтады…

Сүйекті кеміретін уайым, ішті өртейтін өкініш адамның ақыл-есін тұтқындап тастайды. Тұнық ой адамның құлағын бітеп, рахмани елестерге жеткізеді. Электр желісіне қосылған шамдай көзіңнен от шығып, бойыңа жойқын қуат бітеді. Адам қаласа, жермен тартылыс күші жойылып, аспанға ұшып кете алады. Бұл Алладан аян беріліп, назары түскен ерекше құрметке ие болған әулиелерге тән. Ұлтқа ұстаз, ұрпаққа ұран болған, ел иесі, жер киесі, пір Бекет ата Хорезмдегі таң намазына ұшып баратын болған. Қатесін түсініп, тәубеге келген пендеге Жаратушы рақымшылық етеді.

Жақия суық тиіп қатты науқастана бастады. Имансыз немістер жүруге келмейтін жауынгерлерді сол жерде жер жастандырды. Бүктүсіп жатқан Жақияны нұсқап, бір фриц бас бармағын төмен қаратты. Мен Жақияны иығыма салып көтеріп, бас бармағымды көтердім. Фриц: «О, Жапан, вай ту гоу, су-му-рай», — деп тарқылдап күліп, мазақ қылды. Мен үнсіз досымды көтеріп, алға жылжып жүре бердім.

Осылайша Украина, Польша арқылы Францияға аударылдық. Англияға алып келе жатырған кезіміз, таңда тұрсақ, айналамызда иттері арсылдап тұрған конвойдан жер жұтқандай ешкім жоқ. Өзімізбен өзіміз қалдық…

Қандай қиындық көрсек те, бір-бірімізге тіреу болдық. Жақсы жолдас – жаныңның шырақшысы. Ойыңды қандай қараңғылық басса да, дем беріп, рухыңды көтереді. Адам еш уақытта өмірден түңілмеуі керек. Қандай шарасыздық болса да, шыда, төз, ертеңгі күннен қайыр тілеп, үмітіңді өшірме. Еш уақытта туған жеріңді есіңнен шығарма. Сені күтіп, қорғап тұратын – тылсым күш-топырағыңның құдіреті…

1945-46 жылдары Мәскеу шаһарын қалпына келтіру жұмыстарына қатыстым. Орайы түсіп, еліме оралу менің басыма бұйырған бақыт екен. Он төрт жасымда атамның жанында кетіп бара жатып, он жеті жыл бұрын бұрылып қарап, қимай кеткен ауылым ойымнан кеткен жоқ. Елге жақындаған сайын тулаған жүрек кеудемді жарып шығатындай тарсылдайды. Ондағы бұлқынған қан, атамның, әкемнің аманаты орындалғанына риза болып, тамырымды кернеп тұр. Киелі топыраққа тізерлеп отырып, маңдайымды жерге тигіздім. Көкейімнен сөз емес, жыр төгілді:

«Киелі жер, құт өлкем,

Сеннен асқан жоқ мекен.

Қамыс тарақ таранып,

Көлің жатыр ай көркем», — деп алдымнан еліктей еркелей шауып шыққан қарындасым Жәмиді ыстық құшағыма алып: «Армысың, атажұртым, атамекен!» – деп бар дауысыммен айқайладым…

Менің айым оңымнан туып, Әсима деген ару қызбен кездестім. Алланың қалауымен ұрпағымыз өрбіп, үш ұл, жеті қыз тәрбиелеп өсірдік. Кеңес үкіметінің еңбек майданында елеулі еңбек атқарып, түрлі медаль-марапаттарға ие болдым. Ең маңыздысы, қазақ елінің тәуелсіздік алғанын өз көзіммен көріп, төбем көкке жетті. Кейінгі ұрпағыма айтарым: «Тәуелсіз елдің еркін ұланы – сен қыран құстың алтын қанатысың. Сенің тілеуіңді тілеп, қаншама бабаң тәубесін айтып, Жаратқанға жалбарынды. Сүйегі уатылып, тәні қураса да, тозақ отына жанып кеткен жоқ. Қайта тіріліп, жауына барыстай атылып, айбат шекті. Орақ пен балға аяусыз орып, төсте төмпештесе де, текті тұлпардың тұқымын жасыта алмады. Сілкініп аунап, серпіліп тұрды. Кеудеңді керіп, еркін тыныста! Сенің тайың тұлпар болды! Арғымағыңды алшаң басқызып, орғытып шап!».

«Әй, Алла, халқымды «мәңгілік ел» қылып, тәуелсіздігімді баянды ете гөр!» – деп, ақ бұлттар арасынан ердің рухы қалықтап көрініп, еліне емірене қарап, көк шатыр күмбезінен тілегін білдіргендей болды…

Қалдығайты өзенінің Көктереңінде сорайып өскен қамыстар шуылдап әуендете бастады. Қыр беттен бір үйір жылқылар шұрқырап шауып өтті. Арасындағы құлын-тайлар ара-тұра осқырынып, қос аяқтап көкке қарғиды. Қой қайырған қара бала даланы жаңғыртып әндетіп бара жатыр. Төмпедегі Қарамола ғана үнсіз мүлгіп тұр…

Эпилог

Төсбай немересі Жоламан Мырзағұлұлы 1993 жылы 9 мамыр Жеңіс күні 78 жасында дүниеден өтті. 14 жасында Қаратөбе елі Соналы көлінің жағасындағы ауылда тұратын атасы Төсбайды және аталастарын Кеңес үкіметі байдың тұқымы деп қудалағандықтан, 1929-30 жылдары елден кетуге мәжбүр болады. Олармен он сегіз отбасы бірге шығып, біраз жерді басып өтіп, Горький қаласына орнығады. Олардың көпшілігі қаладағы машина жасау, қару шығару зауыты мен киім тігу фабрикаларында жұмыс жасайды. Сол жақтан соғысқа аттанады. Екі жылдай тұтқында болады. 1945-46 жылдары Мәскеу қаласын қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. 17 жылдан соң елге оралып, отбасын құрады. Отбасында 10 бала тәрбиелеп өсіреді. Ұзақ уақыт бойы совхоздың ірі қара малын бағып, еліне қызмет жасайды. 1975 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады. Өзінің ерліктері туралы ешкімге тіс жарып айтқан жоқ. Кеңес өкіметі ол туралы мәліметті құпия ұстаған болатын. Ұрпақтары қара шаңырағын Ақмешіт жерінде әлі ұстап отыр. Осылайша текті ердің тұяғы тебіндік жеріне қайта оралып, ұрпағын жалғастырады.

Мәулен САЛАХАДЕН,

Қаратөбе колледжінің  директоры


Жанындағы жарынан да жасырыпты

Күні: , 65 рет оқылды

0ewekes6xe8-1


…1942 жылдың жазы. Сталинград қаласына іргелес Жайық өңірі де «Майданға таяу аймақ» деп жарияланған шақ. Сол жылы Орда өңіріндегі М. Горький атындағы мектептің сегізінші сыныбын аяқтаған Шәнда Жұмағазиева замандастарымен бірге жауынгерлік комсомол жасағына тартылды. Жасақ теміржол бойына орналасқан Сайқын бекетіне жіберілді. Шәнда  жазғы демалыс уақытында «Пионерлер үйіне» жетекші болып жүрген еді.


Өйткені сол жылы жазда Еділ бойындағы қаһарман қала — Сталинградтың басым бөлігін табанына таптаған жау өзеннен ұшақпен өте шығып, қазақ жеріне қанды аузын салды. Рязань-Астрахан теміржолының бойындағы стансаларды, соның ішінде қазақ жеріндегі Жәнібек, Сайқын, Шоңайға бомба тастады, атқылады. Нәтижесінде көптеген әскери және шаруашылық нысандары қирап, орны үйіндіге айналды. Бойжеткен Шәнда құрамында болған жасаққа теміржол бойына «жалған аэродромдар» салу міндеттелген. Ондағы мақсат — күндіз-түні бомбалайтын жау ұшағының назарын басқа жаққа аудару және адастыру. Яғни нақты әскери нысандарды аман сақтап қалу еді. Тапсырманы Шәнда мен оның дос-құрбылары жауапкершілікпен атқарды. Сол кездегі бүкіл жастар сияқты Ш. Жұмағазиеваның да жоғарыда аталған әрекетпен бірге сабағына да үлгеріп әрі госпитальға жүгіріп, жаралыларды қамқорлағанына еріксіз таңданасың. Бұл 1950-2000 жылдары Орал пединститутында танымал ұстаз болған Шәнда апайдың өміріндегі бір сәт.

Кейін ондай жарқын сәттер оның тағдырында аз болған жоқ.

Мәселен, Шәнданың тамаша домбырашы екені екінің біріне аян емес. Ол 1943 жылы облыстық домбырашылар сайысына қатысып, Алматыдағы республикалық фестивальға жолдама алған. Алқалы өнер бәсекесінде жас Шәнда «Адай» күйін орындап, қазылар тарапынан жоғары бағаланыпты. Ал фестивальдың қазылар алқасында Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова сияқты қазақтың шетінен жайсаңы мен жақсысы отырған екен. Тіпті Ахмет Жұбанов жас домбырашыға Алматыдағы саз училищесіне (кейін Құрманғазы атындағы консерватория) түсуге кеңес берген-ді. Мектеп бітіргесін, Орал пединститутында бір жыл оқып, кейін өнердегі ақылгөй ағасының сөзін жерге тастамас үшін алыстағы Алматыға аттанды. Алайда әрі қарай оқуын жалғастыра алған жоқ. Елден шұғыл хабар жетіп, Шәнда ата-анасы мен екі ағасының бірінен соң бірі өмірден озғанын естиді. Суыт хабар жанын қарыған жас жан сұранып еліне кетті. Бір жақсысы сол, артынан «қара қағаз» жеткен бір ағасы тірі болып шықты. Қарындасына жаны ашыған сол бауыры майданнан хат жазып, оқуын одан әрі жалғастыруын тапсырды. Білім алуын енді ҚазМУ-да жалғастырған Шәнда аталмыш оқу орнын 1948 жылы бітіріп шықты. Өзі дәріс алған ұстаздары Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев жас түлекті аспирантураға қалдыруды ұйғарған. Алайда ағалары майданнан оралмаған қыз елге елеңдеп тұрды. Амалсыздан жоғарыда аталған ұлағатты ұстаздары шәкіртіне ақ батасын беріп, қимай қоштасты. Жас маман Орал пединститутына оқытушы болып тағайындалды. Арада жылдар өткен соң, әріптесі, бұрынғы майдангер Зинекеш (Зейнолла) Аманғалиевпен танысып, екеуінің тілектері жарасты.

1965 жылы мамандығы бойынша аспирантураны тәмамдаған ұлағатты ұстаз өмірінің 50 жылын Орал пединститутының (бүгінгі М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ) қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасындағы жұмысқа арнаған. Сол жылдардың ішінде білікті де білімді ұстаздан мыңдаған студент дәріс алып, қазақ тілінің қыр-сырын, қасиетін түсініп, меңгеріп, ұғынып өсті. Бұрынғы түлектері — қарапайым ұстаздарды айтпағанның өзінде олардың ішінде кейін осы байырғы жоғары білім ордасына қайта оралып, ұстазымен бірге еңбек еткендер де жеткілікті. Олардың ішінен марқұм Серікқали Шарабасов, Отарәлі Бүркітов, қазіргі кәнігі оқытушы, ғалым Абат Қыдыршаев, айтыс ақыны, маңғыстаулық Мэлс Қосымбаев және басқасы бар.

… Біз Шәнда апайдың дәрісін асыға күтетінбіз. Жұмсақ та жанға жайлы даусымен тіл білімінің сан-саласы туралы айтқанда, кейде дәрістің қалай біткенін де сезбей қаласың. Сөзімен жалықтырып та жібермейді. Кейде өзі сұрақ қойып, дәріс барысын жандандырып қояды. Күні бүгінге дейін таңданатыным — оның біреуге жекіп немесе ұрсып жатқанын көрмеппіз. Қашанда сынық мінез танытып, жымиып тұрғаны. Қабағын да шыта қоймайды. Сол жылдары ол елуге таяп жүр екен ғой. Бірақ үнемі мұнтаздай киініп, үстіне қылау да түсірмейтін апайымызға сүйсіне қарамау мүмкін емес. Әрине, сол жылдары біз оның бұрынғы өмірінен мүлдем хабарсыз едік.

Кейін білгеніміз, ол киелі Нарындағы бай, білімді және салиқалы отбасынан шығыпты. Шыққан тегі сол дәуірдегі қасаң биліктің қысымына ұшырап, аз да болса, теперіш көрген сыңайлы. Сонау жылдары сөйлескенде:

— Әйтеуір, өзім де, отбасым да қатал қуғын-сүргінге ұшырамадық. Бірақ секемдену мен үрейден арыла алмадық. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңына дейін. Сондықтан мен шыққан тегімді жан жарыма айтпадым. Зинекеш марқұм майдангер әрі коммунист болды. Оған «кесірімді» тигізуден сескендім. Тамаша азамат, ел сыйлаған жарым өмірден «кімнің қызы» екенімді білмей өтті. Оның үстіне Адай руынан екенімді де екінің біріне айтқаным жоқ. Өйткені 1930 жылғы Маңғыстаудағы Адайлар көтерілісінен кейін ресми билік сол рудың адамдарына күдіктене қараған сыңайлы, — деген болатын.

Тоқсанның төріне шыққан адал жар, аяулы ана, ұлағатты ұстаз Шәнда Жұмағазиеваның қиын да күрделі, жарқын да жасампаз өмір жолы, міне, осындай.

Серік  ИХСАНҒАЛИ

Меруерт ЖОЛДЫҚАЙЫРОВА,

еңбек және жоғары білім саласының ардагері:

— Шәнданы 1948 жылдан бері білемін. Жұмыскер де өнерпаз, ізгі де ізденгіш әріптес болды. Марқұм жұбайы Зейнолламен бірге ұлы Ғайнеден, қызы Әлияны әлпештеп өсірді. Ұл-қызы байыпты да мәдениетті. Анасын аялап, қамқорлық жасап тұрады. Бір сөзбен айтқанда, Шәнда қандай ма болсын, жоғары ілтипатқа мейлінше лайық.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

ардагер-журналист:

— Шәнда апайдың шәкірті ретінде есімде қалғаны — апайдың биязылығы, жұмсақтығы, адамға ілтипаты. Кейде дәрістің басталып кеткенін аңғармай, аудиторияны басымызға көтеріп, даурығып жатсақ, ешкім естімей де қалатын жай жүрісімен келіп, қасымызда тұрады. Абыржып қалып, жапа-тармағай орнымызға отыра қаламыз. Ешкімге ұрысу былай тұрсын, мейірлі жүзімен жымиып, дәрісін бірден бастап кетеді. Жары Зинекеш ағайды сыйлағаны соншалық, атын айтпайды ғой. Оны тек «Біздің отағасы» деп атаған. Осының өзі неге тұрады!?


Жұмысшы жастар бас қосты

Күні: , 57 рет оқылды

img_0739


Бейсенбі  күні  облысымыздың  жұмысшы жастары  «Орал  трансформатор зауытында»  бас  қосты.  Форумға  зауыттар мен кәсіпорындарда,  өнеркәсіп  салаларында  жұмыс  жасайтын  жастар  мен  жұмысшы мамандықтарында  білім  алып  жатқан  студенттер,  мекеме  басшылары  мен  жастар  ұйымдарының жетекшілері  қатысты.


Шараға қатысушы жастар ең алдымен «Трансформатор зауытының» жұмысымен танысып, мұндағы заманауи құрылғыларды көзбен көріп, трансформатордың қалай жасалатындығына куә болды. Сондай-ақ жастар мұндағы әр жұмысшымен пікір алмасып, олардың тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алды. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда зауыттағы 208 қызметкердің 90 пайызын жастар құрап отыр.

Шараның пленарлық мәжілісінде жұмысшы жастар мен жұмыс беруші кәсіпорын басшылары, жастар ұйымдарының өкілдері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, студенттер диалогтық алаңда өзекті мәселелерді талқылады. Оның ішінде жас мамандардың жұмысқа орналасуы, жұмысшы кадрлардың тапшылығы, жұмыссыздық, қайта даярлау курстарында білім алу, жұмысшы мамандықтардың жалақы мәселелері де назардан тыс қалмады.

– Форумның ең басты мақсаты – өзекті мәселелерді жан-жақты  талқылап, оның шешу жолдарын іздестіру. Бұл алаңда  жұмысшы жастардың қызметі тек өнеркәсіпте ғана емес, облысымыздың қоғамдық және саяси өміріне араласып, өздерінің кәсіби дамуына жағдай жасауға бет бұрамыз. Облысымызда 145 мыңға жуық жас болса, оның 40 мыңы жұмысшы мамандықтарында қызмет етеді.

Бүгінгі диалогта жастар өздерінің көкейінде жүрген кез келген сұраққа жауап ала алады, – деген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев форум жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын барысында «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның өндіріс директоры Нұржан Абдуллаев, еңбек ардагері Демеу Бердіғалиев және басқа да бірқатар жас мамандар өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы  мен кәсіпорындар арасында әріптестік меморандумға қол қойылды.

Хадиша ӘБДИЕВА,

«Орал  трансформатор  зауыты» ЖШС-ның  ораушы  маманы:

 – Мен «Орал трансформатор зауытында» он жылдан бері ораушы болып жұмыс істеймін. Яғни бұл жерде трансформатордың әр жібін орау менің міндетіме жүктелген. Әр жұмыстың өз қиындығы болады, алайда  жұмысым өзіме ұнайды. Алатын жалақымыз да көңілімнен шығады. Қазіргі жалақым – 100  мың теңгеден жоғары.

Мұхамеджан  КЕНЖЕҒҰЛОВ, 

«Батыс  Қазақстан  құрылысматериалдары корпорация»  АҚ  бас директоры:

– Бүгінде қай салаға болмасын жұмысшы мамандар өте қажет. Осыдан 5-10 жыл бұрын жастардың барлығы жаппай  жоғары білім алуға ұмтылды. Сайып келгенде, олардың көпшілігі мамандығына сай жұмыс таба алмай, жұмыссыз  қалды. Қазір олар жоғары дипломы бола тұра, жұмысшы болуға мәжбүр. Сондықтан студенттердің көзқарасын жұмыс мамандығына бұруда және оң көзқарас қалыптастыруда осындай  форумның  қажеттілігі зор деп ойлаймын. Біздің мекемеде 500 адам жұмыс істесе, оның 23 пайызы – 30 жасқа дейінгі жастар. «Батыс Қазақстан құрылыс корпорация» АҚ құрамында төрт зауыт жұмыс істеп, төрт түрлі өнім шығарады. Оның бірі кірпіш өндірсе, екіншісі жоғары сапалы әк шығарады. Одан бөлек бетон зауыты және құрғақ қоспа зауыттары жұмыс істейді. Соған орай колледждерде оқытылмайтын кейбір мамандықтарды  өзіміз  даярлаймыз.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Балалар ауруханасына 40 жыл

Күні: , 43 рет оқылды

img_0974


Орал қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанынан мұражай ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты.


Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен аталмыш мекеменің құрылғанына 40 жыл орайластырылған игі шараға денсаулық сақтау саласының ардагерлері, қалалық емханалардың бас дәрігерлері және БАҚ өкілдері қатысып, жаңа мұражайдың ашылуына куә болды.

— Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Өмірдің кішкентай сәттерін еске түсіретін, көрген адамға тамаша сезім ұялататын мұражайдың ашылуы бәрімізді қуантып отыр. «25 жұлдызды күн» акциясы аясында өңірімізде бірнеше шара өтіп жатыр. Солардың біріне өздеріңізде ашылып отырған мұражайды қосуға болады. Денсаулық саласына аянбай еңбек еткен ардагер ағаларымыз бен балалар ауруханасының қызметкерлерін егемен еліміздің 25 жылдығымен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық және отбасылық бақыт тілеймін, — деген облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов аталмыш мекеменің неврология бөлімінің меңгерушісі Лизами Зайнуллина, емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары Раиса Мұхтарова, травматология бөлімінің меңгерушісі Марат Жұмабаев, фельдшер-зертханашы Жаннат Маженова сияқты бір топ қызметкерлеріне алғысхаттар тапсырды.

 — Ардагерлеріміз қолында бар жәдігерлерді әкеліп тапсырды. Әлі де жинақтаумен айналысып, мұражайымызды көркейтуге күш саламыз. Тәуелсіздік алғаннан бері ауруханамыз қарқынды дамып келе жатыр. Балалар ауруханасы ашылған кезде 7-8 дәрігер қызмет жасаған екен, ал қазіргі таңда ауруханамыздың жеті бөлімі бойынша 58 дәрігер жемісті еңбек етіп келеді. Ағымдағы жылы үш жас маман педиатр мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, халыққа қызмет көрсетуде, — деді облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының әдістемелік-ұйымдастырушылық жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлнар Баесова.

 Шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің балалар хирургиясы кафедрасының профессоры Болат Жиеналиев пен педиатрия кафедрасының профессоры Жұмабек Досымов (Ақтөбе қаласы) сөз алып, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Жылы лебіздер мен марапаттауларға толы кештің соңы концерттік бағдарламамен ұласты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


«Мал ұрлығы» 34 қылмысты ашты

Күні: , 53 рет оқылды

lookatphotos-ru_2479_big_224


Ағымдағы жылдың қараша айында облыс аумағында мал ұрлығының алдын алуға бағытталған республикалық «Мал ұрлығы» акциясы өтті.


Аталған шараға криминалдық, әкімшілік, жергілікті полиция қызметкерлері қатысты. «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде мал ұрлығымен байланысты 34 қылмыс анықталып, ашылды. Мысалы,  жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Теректі ауданы  тұрғынының сегіз бірдей жылқысын ұрлап кеткен 1971 жылғы П. есімді азамат анықталып, ұсталды. Тексеру кезінде ұсталған азаматтың бұдан бұрын бірнеше рет жауапкершілікке тартылғаны белгілі  болды.

Батысқазақстандық тәртіп сақшылары тексеру барысында мал және мал өнімдерін тиісті құжаттарсыз тасымалдамақшы болған екі жағдаятты анықтады. Үш күндік акция кезінде  жедел топ күшімен бұрын мал ұрлығы үшін сотты болғандар мен мал ұрлығы көптеп орын алатын елді мекендер тексерілді. Облыстық ІІД криминалдық полиция қызметкерлері малдың иелерімен малын ұзақ уақытқа қараусыз қалдырмау жөнінде  профилактикалық әңгімелесулер жүргізді.

Құрметті мал иелері!

Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті сіздерден малыңызды қараусыз қалдырмауларыңызды сұрайды.  Мал ұрлығы қылмысын ашуда азаматтардың құқық қорғау органдарына уақтылы, дер кезінде хабарласуы үлкен септігін тигізеді, себебі уақыт өткен сайын малдың қалдықтарын бір-бірімен сәйкестендіру, яғни нақты дәлелдерді табу қиынға соғады. Ауылға келіп жүрген белгісіз күдікті кісілерге баса назар аударған жөн. Қандай да бір күдікті азаматтардың  пайда болғаны жөнінде немесе  мал ұрлығы орын алған жағдайда дереу учаскелік полиция инспекторына немесе 102 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз. Қарапайым сақтық шараларын қолдану мал ұрлау қылмысын азайтуға мүмкіндік береді.

БҚО ІІД баспасөз қызметі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика