Мұрағат: 09.12.2016


Өндірісі өрге тартқан кәсіпорын

Күні: , 67 рет оқылды

жаңа жылдан бастап еңбеккерлерінің жалақысын 10 пайызға көтереді

%d1%84%d1%80%d0%b5%d0%b7%d0%b8%d1%80%d0%be%d0%b2%d1%88%d1%8b-%d1%96%d0%b7%d0%b1%d0%b0%d1%81%d0%b0%d1%80-%d1%88%d1%8b%d0%bd%d1%82%d0%b5%d0%bc%d1%96%d1%80%d0%be%d0%b2-%d0%b6%d2%b1%d0%bc%d1%8b%d1%81


Еліміз тәуелсіздік алған елең-алаң тұста бұрынғы одақтас елдер арасындағы экономикалық байланыстардың жібі үзіліп, өндірісшілердің көбі абдырап қалды. Сол кезде Оралдағы механикалық зауыттың басшылығының орнында бөгде біреулер болғанда аумағы атшаптырым кәсіпорынның орнына сауда-ойын сауық орталығын ашып, ақшаны күреп емес, вагондап табар ма еді…


Бірақ кеңестік заманның шекпенінен шыққан «қызыл директор» бола тұра, Есен Байшекенов ондай әрекеттерге бармады. Өйткені сұм соғыстан кейінгі ауыртпалықты жон арқасымен сезініп, жетімдік тауқыметін нағашы әжесінің «шүкірімен» жеңілдетіп, барға қанағат етуді санасына сіңіріп өскен өндіріс «командирі» индустриалдық идеяға, өндіріске адалдығын танытты. Зауыттың тізгінін отыз жылға жуық ұстап келе жатқан басшы өндірісті оңтайландырып, кәсіпорынды дамытудың өзіндік бағдарламасын жасады. Соның арқасында мехзауытта бірде-бір цех есігін жапқан жоқ, қайта бірнеше цех біріктірілді, білікті мамандар нәпақа іздеп ешқайда кетпеді, жоспарлы түрде өндірістік жаңартулар жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде өндіріс ошағы көп салалы кәсіпорын деңгейіне көтерілді.

«Орал механикалық зауыты» ЖШС — тракторларға иінді біліктер шығаратын Қазақстанның маңдайына басқан жалғыз кәсіпорын. Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде зауыттағылар Минск мотор зауытының қозғалтқыштарымен жұмыс істейтін аутотрактор техникаларына арналған иінді біліктердің төрт жаңа түрін өндіруді игерді. Зауыт өнімдерінің 80%-ы таяу және алыс шетелдерге, соның ішінде Ресейге, Белоруссияға және Египет, Вьетнамға экспортқа шығарылады. Отандық нарықта да сұранысқа ие. 2009 жылдың басында кәсіпорын мұнайгаз кәсіпшілігі, бұрғылау құрал-жабдығын дайындауға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге лицензия алды. Тың салаға бет бұру өндірістік негізгі қорларды қайта құру, жаңа технологияны өндіріске енгізу арқылы іске асты. Сөйтіп, өндірістік базаның мүмкіншілігін пайдалана отырып, аспапты-жөндеу базасының негізінде жаңа өндіріс ашылды. Жаңа өндіріс әмбебап құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Солардың көмегімен механикалық өңдеудің барлық түрлері, сонымен қатар ірі көлемді бөлшектерді өңдеу жұмыстары атқарылады. Ал стандартты емес жабдықтар өндірісі цехында өнеркәсіптің түрлі саласындағы кәсіпорын, мекемелердің небір күрделі деңгейдегі жабдықтары тапсырыстар бойынша дайындалады. Мұндағы өндірілетін өнімдердің және жасалатын жұмыстардың күрделілігі өндіріс орнының әлеуетін, инженерлік-техникалық кадрларының интеллектуалдық деңгейін көрсеткендей. Осындай ілкімді шаруалардың арқасында бүгінгі таңда механикалық зауыт еліміздің батыс өңіріндегі мұнайгаз саласына қосалқы бөлшектер шығаратын және құрал-жабдықтарға күрделі жөндеу жасайтын көшбасшы кәсіпорындардың бірі саналады. Бүгінде зауыт мұнайгаз саласындағы «ҚазМұнайГаз Бурение», «Бұрғылау», «Қазбургаз», «Жайықмұнай», «ЗаманЭнерго», «Абылайхан групп», «Нұр Мұнай Сервис», «Си-Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы», «Великая стена» қазақстандық-қытай бұрғылау компаниясы», «Ақсайгазсервис» сықылды мүйізі қарағайдай компаниялармен әріптестік байланыс  орнатқан. Сонымен қатар батысқазақстандық машина жасаушылардың «Машзауыт» қауымдастығы құрамында еліміздің Батыс өңіріндегі Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған, Қаражанбас, Бозащы, Қарақұдық, Шынар және өзге де кен орындарындағы жер қойнауын пайдаланушыларға тауар өндіру, тапсырыстарды орындау және сервистік қызмет көрсету тендерлеріне қатысады. Сондай-ақ зауыт «ҚПО б.в» компаниясының мамандарының сараптамалық бағалауынан өтті. Осы қорытындының негізінде Қарашығанақ кен орнын дамыту жобасын қамтамасыз ету шеңберінде әлеуетті қызмет көрсетушілер тізіміне енгізілді.

— Механикалық зауыт мұнайгаз саласындағыларға сервистік қызметті қазіргіден 2-3 есе арттыруға әлеуетті. Алайда сервистік қызмет көрсету тендерлері бұлыңғырлау әрі оның негізгі шарттары ұзақ жыл бойы ұстанатын ұстанымымыздың үдесінен шықпайды. Кәсіпорынның бүгінгі өндірістік қуаты мен қаржылық жағдайы ешқандай инвестиция құймай-ақ өндіріс көлемін бірнеше есеге бірден өсіруге мүмкіндік береді, — дейді «Орал механикалық зауыты» ЖШС-ның директоры Есен Байшекенов.

%d0%b8%d0%bd%d0%b6%d0%b5%d0%bd%d0%b5%d1%80-%d1%82%d0%b5%d1%85%d0%bd%d0%be%d0%bb%d0%be%d0%b3-%d1%85%d0%b0%d1%81%d0%b5%d0%bd-%d0%bc%d0%b0%d1%88%d1%82%d0%b0%d0%ba%d0%be%d0%b2-%d0%ba%d0%b5%d0%b7%d0%b5Механикалық зауытта құрылыс саласына қажетті құрылыс материалдары мен бұйымдары да өндірілуде. Қазіргі уақытта қабырғалық кірпіш, өрнектас, жиектас түрлері шығарылуда. Жоғары технологиялық финдік желілерде мырышталған және полимерлік қабырғалық, қаптама, төбе жабын материалдары түрлері өндіріледі. Одан басқа металл пластикалық терезе мен есік құрылымдары дайындалып, монтаждау қызметтері көрсетіледі. Бәсекелестік заманында зауыттықтар бүгінгі жетістіктеріне тоқмейілсіп отырмаған сыңайлы. Сондықтан еңбек үрдістерін жүйелі басқару негізінде өндірісті жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді игеру, шығарылатын өнім түрлерін молайту арқылы өндіріс орнын жетілдіру бағытындағы жұмыстарда тоқталыс жоқ. Мұндағы барлық өнім отандық өндіріс өнімдері ретінде қазақстандық kz сапа жүйесі сертификаттарына ие.

Компания қаладағы жоғары және орта техникалық оқу орындарымен екі жақты келісімдер бойынша студенттердің зауытта өндірістік машықтан өтуіне және одан кейінгі жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Зауыттың қаржы-экономикалық жағдайы тұрақты. Ұлттық валютаның девальвациясына қарамастан биылғы өткен 9 айда өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 18%-ға өсті. Зауыттың өркендеуінің сыры өндіріс ошағының жоғары технологиялы жабдықтармен жабдықталуында ғана емес, басшылықтың ұжым мүшелерін шынайы қамқорлауында жатса керек. Зауыт цехтары таза әрі жылы. Мұны өзге елдерден ат басын бұрып келетіндер де байқап, сүйсінеді екен. Серіктестік басшылығының айтуынша, мұның барлығы «өзіңде бармен көзге ұрып, өзгеден ерекшелену» үшін жасалып отырған жоқ. Жұмысшыларға еңбек жағдайын жасау — басшылықтың басты ұстанымы. Ұжымдағы 170-тен асатын еңбеккердің артындағы бала-шағасының қамын жейтін зауыттағылар әлемдік қаржылық дағдарыс салқынын сезіне отырып, жалақыны да көтеруге ұмтылады. Алдағы жаңа 2017 жылдан бастап кәсіпорын еңбеккерлерінің орташа жалақысы 10 пайызға өседі.

240minmramorprof2Иә, адам факторын естен шығармайтын өндіріс орнының еңбегі өнімді, жұмысы ширақ болатыны анық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жетістіктерге жетелеген мерейлі жыл

Күні: , 95 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7-256698-%d0%ba%d0%b0%d0%b7%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%be%d0%b262


Тәуелсіздіктің  қазақ  халқына  оңай  келмегендігін  бүгінгі  ұрпақ  жақсы біледі.  Егемендіктің  кешегісі  мен  бүгініне  көз жүгіртер  болсақ,  тәубе  етерлік  келелі  істер  мен  елдің баянды  болашағы  жолындағы ерен  еңбекті  көреміз.


Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз қойған басты міндеттің бірі – елдің бірлігі мен татулығын сақтай отырып, экономиканы ілгерілетіп, ел жағдайын жақсарту еді. Биыл ел Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Саралап қарасақ,  жеткен  жетістік аз емес. Солардың кейбіріне көз жүгіртсек.

Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Қандай мықты мемлекет болмасын, жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін ең алдымен сол елдің ұрпағының саналы болып жетілуіне күш салады. Осы орайда ауданда ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында ілкімді істер атқарылуда. Сол істердің бірі – күрделі жөндеуден өткен Тереңкөл жалпы орта білім беретін мектебі мен жатақханасы. Бұл жұмыстарға «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары бойынша 162 миллион 636 мың теңге қаражат бөлінді.

Тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету де назардан тыс қалған емес. Жалпақтал ауылындағы құрылысы басталып, аяқталмай қалған нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, төрт пәтерлік үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына аудандық бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлінген болатын.

Елімізде тұрғындар саулығын сақтау бағытында түрлі ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осыған орай  еліміздің әр аймағында балаларға арналған ойын алаңдары жаңартылып, спорт алаңдары салынуда. Сондай жасампаз істер ауданда да жолға қойылған. Қазталов, Қараоба, Нұрсай, Әжібай, Сарықұдық ауылдарында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жасанды жамылғылы спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілді.

Ауданда  жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүруде. Биылдың өзінде республикалық бюджеттен 27 миллион 966 мың, жергілікті бюджеттен 86 миллион 373 мың теңге бөлініп, төрт шақырымнан астам ішкі жолдар асфальтталып, үш шақырымнан астам жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сондай 6 миллион теңгеге жеті  шақырым ауыл іші жолдары биіктетілді. Республикалық маңыздағы Чапаев – Жалпақтал – Қазталов бағытындағы жолдың 18 шақырымына тас жол төселіп, бүгінде Жалпақтал ауылына да жетті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады.

Қазталов ауданының суландыру жүйесінің негізін Қараөзен және Сарыөзен өзендері құрайды. Ресей жерінен бастау алатын қос өзеннің көрші елге тәуелді болып, солардан артылған суға ғана қанағат қылып отырғаны  жасырын емес. Оның үстіне судың қымбаттауы тағы бар. Осы мәселені шешу бағытында ұзындығы 10 шақырымды құрайтын Киров су қоймасы мен Көшім су арнасы қалыпқа келтіріліп, Қараөзенге су арнасы тартылып жатыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 827 миллион теңге бөлініп, қазіргі күнде ол жұмыстардың екінші кезеңі іске асырылуда. Жөндеу, құрылыс жұмыстарын «АзияТехСтрой», «Водстрой» ЖШС мен «ҚазВодСтрой» мемлекеттік мекемесі жүргізуде.

Көп жылдан бері су тапшылығын тартып келген Нұрсай ауылының тұрғындарына ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз су пайдалануға берілді. Жобаның жалпы  құны – 247,5 миллион теңге. 11 айға есептелген жұмысты мердігер «Құрылыс газ» ЖШС мекемесі үш жарым айда аяқтады. Күні бүгін ауылдағы 136 үйдің 126-сына ауыз су кіргізілген. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында аудан орталығы Қазталов ауылында құны  314 миллион 398 мың теңге сумен қамту жүйесін қайта құру жұмыстары басталып кетті.

Аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында 20 заңды тұлға, 576 шаруа қожалықтары тіркелген. Бүгінде ауданда асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен алты шаруашылық (660 бас), қой өсірумен екі  шаруашылық (2000 бас) және жылқы өсірумен үш шаруашылық (470 бас)  айналысады.

Ағымдағы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша  17 шаруашылық 174 миллион теңге, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша алты шаруашылық 73 миллион теңге, «Құлан» бағдарламасы бойынша үш шаруа қожалығы  54 миллион 900 мың теңге несие алуға қол жеткізді. Осы қаражаттарға 40 бас асыл тұқымды бұқа, 888  аналық мал, 101  қошқар, 2725  саулық қой, 15  айғыр және 185  бие сатып алынды.

Ауданда кәсіпкерлік саласы да жылдан-жылға алға басып келеді.  Шағын бизнес саласында шағын кәсіпкерліктің 1227 субъектілері  (36 заңды тұлға, 1191 жеке тұлға) тіркеліп, соның ішінде 30 заңды тұлға, 1064 жеке тұлға  жұмыс жасауда.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының бірінші бағыты бойынша ағымдағы жылы үш  жоба 2 миллион 220 мың теңгенің мемлекеттік грантын ұтып алды. Осы грант негізінде «Мадияр» жеке кәсіпкерлігі 1 миллион теңгеге тауық өсіруді, «Шаңырақ» жеке кәсіпкерлігі 720 мың теңгеге темір бұйымдарын жасауды қолға алса, «Латыпова» жеке кәсіпкерлігі 500 мың теңгеге «Қуаныш» балалар кафесін ашты.

Тәуелсіздікке  тарту

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында туған ауылға қолдау көрсету мақсатында ауданда «25 игі іс» бастамасы қолға алынған болатын. Ұлық күнді ұлықтауға арналған бұл бастаманы аудан халқы, кәсіпкерлері қолдап, барлық ауылда ойға алынған жобалар жүзеге аса бастады. «25 игі істің» жалпы құны – 86 миллион 200 мың теңгені құрады. Күні бүгінге 26 миллион 580 мың теңгені құрайтын істің 27-сі тапсырылып, 18-і (59 миллион 620 мың теңге) жыл аяғына дейін аяқталады деп күтілуде.

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Аудан тұрғындары биыл сауабы мол, басқаларға үлгі болатындай иманды іс атқарып, бірқатар ауыл маңайындағы зираттар қоршалды.

Ауданда биылғы жылы Тәуелсіздік тойына жасалған үлкен сый – Қошанкөл ауылында «Сәйгүлік» жылқы музейінің жасақталуы. Айта кететін бір жәйт – бұл музей жылқыға арналған еліміздегі ең алғашқы музей. Қазір ғимарат толықтай жабдықталды.

Меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрлері қазақ жерінде ежелден бері тараған. Еліне, халқына жаны ашып, сол жердің тұрмысы мен әлеуетінің дамып, көркеюіне үлес қосып жүрген жомарт жандар ауданда да баршылық. Сондай  жандардың бірі – сарықұдықтық Нұрлыбай Жолдыбаев. Аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбайұлы туған жері – Сарықұдық ауылына өз қаражаты есебінен 5 миллион 200 мың теңгеге  фельдшерлік-акушерлік  пункт салып, 16 желтоқсан күні тұрғындарға сыйға  тартпақ.

Ал Ақпәтер ауылындағы мектеп жанындағы жатақхана тәрбиеленушілері биыл үлкен қуанышқа кенелді. Ауылдағы шаруа қожалықтарының жетекшілері Самат Хасанов, Бауыржан Мұқанғалиев, Жасұлан Дүйсенғалиев, Бейбіт Өтеғұловтың демеушілік жасауымен жатақхана жанынан заманауи монша салынды. 2 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған бұл монша құрылысының жүргізілуіне мектеп ұжымы да белсене қатысты.

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7-256698-%d0%ba%d0%b0%d0%b7%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%be%d0%b26Ал «Бар жақсылық – балаларға» деген қағиданы берік ұстанған Қоныс ауылының азаматтары балдырғандардың балалық шақтарының қызықты өтуі үшін балалар ойын алаңын салып берді. Әділ Хайруллин, Жұмабек Ғабдолов сынды ауылына жаны ашыған азаматтар қаржылай көмек  көрсетті.

Ырысы тасып, ынтымағы ұйыған жалпақталдықтар туған жерінің өсіп-өркендеуі, көркеюі мақсатында өскен ауылдарына өзіндік қолтаңба қалдырып, игі істер жасауды дәстүрге айналдырған. Сол дәстүрді биыл 1996 жылғы мектеп түлектері жалғап, 1 миллион жарым теңгеге «Менің жүрегім – Жалпақтал» атты жарықтық диодты жазуды орнатты. – Бұл дәстүр әрі қарай да жалғаса беретін болады, — дейді жалпақталдықтар.

Тәуелсіздік тойына үлкен  тартудың бірін Талдыапан ауылының азаматтары жасауда. Олар «Тәуелсіздік» алаңын жасақтауды қолға алған. Бұл жұмысқа талдыапандықтар 1 миллион 800 мың теңге көлемінде қаражат жинап,  бар жұмысты  өздері атқаруда.

Мөлдір  ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов  ауданы


«Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы»

Күні: , 79 рет оқылды

pri_6649


Кеше  облыстық  білім  басқармасының  ұйымдастыруымен ҚР  Тәуелсіздігінің  25  жылдығына  орай  Техникалық  және кәсіптік  білім  беретін  оқу  орындарының  арасында  «Бірлік  пен жасампаздықтың  25  жылы»  атты  облыстық  фестивалі  өтті.


Тәуелсіздіктің ширек ғасырында еліміздің қол жеткізген жетістіктерін насихаттау, кәсіптік білім беретін колледждердің инновациялық жобалары мен үздік шығармашылық жұмыстарын анықтау, олардың озық іс-тәжірибелерін тарату мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.

Өңір басшысы ең алдымен жастар шығармашылығы орталығының фойесіне қойылған  «Индустриялық және инновациялық Қазақстан» тақырыбындағы көрмені тамашалады. Көрмеге кәсіптік оқу орындары оқушыларының ең үздік инновациялық жобалары, робототехника жұмыстары, қолөнер бұйымдары мен түрлі кондитерлік тағамдар, заманауи үлгіде тігілген ұлттық киімдер мен түрлі құрылыс техникалары қойылған.

Одан әрі салтанатты жиында сөз алған Алтай Сейдірұлы сала қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтады.

– Құрметті ұстаздар мен ардагерлер, студенттер, баршаңызды еліміздің қасиетті де ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Елбасымыз әрдайым жастардың  білімді маман болып қалыптасуына, олардың қоғамда лайықты орын алуларына барынша жағдай жасап келеді. Өңіріміздегі 38 колледжде 20 мыңға жуық студент білім алып,  мыңға жуық ұстаз еңбек етуде. Әлемнің озық  оқу орындарының тәжірибелеріне енгізілген дуалды оқу бағдарламасы біздің оқу орындарына да енгізілді.  Келесі  оқу жылынан бастап барлық кәсіптік колледждерде білім алу тегін болмақ, бұны Елбасымыздың жастарға жасап жатқан тікелей қамқорлығы деп түсінгеніміз жөн. Біздің өңір аграрлық-индустриялдық аймақтардың қатарына жатады. Түрлі зауыттар мен ірі кәсіпорындар нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бүгінгі ұйымдастырылған көрмеде көргеніміздей, кәсіптік мамандықтарға елімізде сұраныс өте жоғары. Осы жерде білім алып қана қоймай, қоғамның белсенді мүшесіне айналуларыңызға тілектеспін, – деп атап өткен өңір басшысы  бірқатар сала қызметкерлерін арнайы медальдармен, алғысхаттармен марапаттады.

Олардың ішінде «Еңбек ардагері» медалімен Ерсайын Кубашев, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен Орал политехникалық колледжінің директоры Қанат Қырықбаев, «Ы. Алтынсарин атындағы» төсбелгісімен Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің директоры Бақытжан Құспаев марапатталса, үздік оқытушылар Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.

Фестиваль аясында «Индустриялық және инновациялық Қазақстан», «Нұрлы Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан», «Ұлы дала елі – тәуелсіздіктің 25 негізі», «Мәңгілік елім – Қазақстан», «Гүлдене бер, Қазақстан», «Желтоқсан – тәуелсіздік таңының бастамасы» және басқа да аталымдар бойынша жеңімпаз колледждер анықталды. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Ләззат  ШАҒАТАЙ

Суретті  түсірген  Айбатыр НҰРАШ


Желтоқсан жаңғырығы – ел есінде

Күні: , 41 рет оқылды

img_0907


Кеше  «Нұр  Отан»  партиясы  облыстық  филиалының ғимаратында  облыс  әкімінің орынбасары  Марат  Тоқжанов  Желтоқсан  оқиғасына  қатысқан  жерлестерімізді  қабылдады.


Кезінде Желтоқсан  оқиғасының бүге-шігесін жасырып, жалынды жастарды қаралаған материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай жарияланды. Коммунистік диктатураға алғаш рет Қазақстан азаматтары ашық түрде тегеурінді қарсылық білдірді. Бірнеше ғасыр бойы кеудеде беріш болып қатқан ыза-кек сол кезде ақтарылды. Желтоқсан қаһармандары жазықсыз қудаланды, қаракөздерімізге қиянат жасалды. Қазақ халқының еркіндік сүйгіш ел екенін ерте аңғарған отаршылдар қол астындағылардың рухын басып-жаныштауды әуелден көздегені мәлім. Кеңес Одағының ыдырап, 15 республиканың дербес болуына қазақ жастарының өрлігі негіз болды деп айта аламыз. Біз желтоқсаншылардың ерлігін ұмытпауымыз қажет, екіншіден, қатерлі кезеңде асқақ үн қатқандар бүгінде тәуелсіздігімізді нығайтуға, Елбасының саясатын насихаттауға, қоғамның дамуына елеулі үлес қосуда. Ақиқаттың салмағын уақыттың өзі объективті түрде бағалап, түбінде жарқыратып алға шығарады, – деді Марат Лұқпанұлы.

Басқосуда облыстық тіл басқармасының бөлім басшысы Гүлнар Әлжанова Желтоқсан оқиғасына қатысушыларының өрлігі ерен болғанын, оны келешек ұрпақ ұмытпайтынын жеткізді. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толу құрметіне орай меймандарға «Желтоқсан – ел есінде» атты естелік  медальдарды  табыстады.

Мұрат  САБЫР,

Батыс   Қазақстан  инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология  ғылымдарының   докторы:

– Қазақ халқы «Озған ел тарихын таспен  жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады» дейді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тарих таразысында әлі күнге толық  бағасын алған жоқ. Ресми деректе төрт адам қаза тапты, 200-ден астам студент оқу орнынан шығарылды дейді. Негізі, одан да көп болуы керек. Жастық шағымызда қасіретті күнге куә болдық. Шын мәнінде, Желтоқсан оқиғасының 1991 жылы еліміздің тәуелсіздік алуына айрықша  ықпалы  болды.

Нұржан  СЕРТЕКОВ,

қалалық  мәслихат  депутаты:

– Бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік жемісін біздер көріп отырмыз. Желтоқсан оқиғасына жастар ғана емес, жұмысшылар, қарияларымызға дейін қатысты. Бізбен бірге болған қыз-жігіттердің қандай тақсірет тартқанынан хабардармыз. Кейін айтулы оқиға жаңғырына Прибалтика елдері үн қосты.  Өткен ғасырдың тар жол, тайғақ кешуінен өтіп, Туымызды тіктедік. Елбасымыздың саясаты арқасында мемлекетіміз үлкен жетістікке жетті.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Егеменнің» басшысы – Жайық өңірінде

Күні: , 86 рет оқылды

20161209145328


Кеше  Батыс  Қазақстан облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов өңірімізге  жұмыс  сапарымен келген  «Егемен  Қазақстан»  республикалық газеті»  акционерлік  қоғамының  басқарма  төрағасы,  Түркі  әлемі  Ұлттық  ғылым  академиялар  одағы хатшылығының  басшысы, белгілі  ғалым, публицист,  тарих  ғылымдарының  докторы  Дархан  Қыдырәліні  қабылдады.


Мәртебелі мейманға облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, соның ішінде елді мекендерді сумен қамту, суландыру жүйелерін жөндеу және қалпына келтіру, жол, баспана құрылысы бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны туралы баяндады.

Республикалық аға басылымның бүгінгі таңдағы ахуалы жайында шешіле сөз қозғаған Дархан Қуандықұлы өз кезегінде Алашорда қозғалысының ғасырлық мерейтойына орай қолға алынып жатқан жобалар жөнінде ой өрбітті.

БҚО әкімі Алтай Көлгінов те ұлт тарихында ойып орын алатын бұл оқиғаға қатысты мерейтойлық шараларға Жайық өңірінің де өз үлесін қосып, бірге жұмыстануға ниетті  екенін  жеткізді.

Айгүл  АХМЕТОВА

www.zhaikpress.kz


Электр қуатымен қамтудағы жетістіктер

Күні: , 62 рет оқылды

%d1%81%d0%b5%d1%80%d0%b8%d0%ba-%d0%b5%d1%88%d0%b5%d0%b2


Бүкілдүниежүзілік  банктің  есебі  бойынша  Қазақстан  Doing  Business халықаралық рейтингінде  алдағы  2017 жылда  «Электр  қуатымен  қамту  жүйесіне қосу»  индикаторы бойынша   75-орынға  табан  тіреген. Бұл — 2016 жылмен салыстырғанда 102 орыннан 27 позиция бойынша өзінің  көрсеткішін  жақсартты  деген  сөз. Мұны әлде де нақтылай түссек, бүкілдүниежүзілік  банктің Doing  Business рейтингісінде Қазақстан өзінің жағдайын жақсартып, 190 жолдан 35 жолға көтерілген.


«Электр қуатымен қамту жүйесіне қосу» индикаторы бойынша Қазақстан Әзірбайжан (105-орын), Болгария (104-орын), Қытай (97-орын), Канада (108-орын), Қырғызстан (163-орын), Украина (130-орын) сияқты елдерден мойны озық шыққан. Мемлекетіміздің елдегі кәсіпкерлікті түбегейлі жақсарту саясаты аясында және Қазақстанның Doing Businezz халықаралық рейтингісіндегі позициясын жақсарта түсу мақсатында Энергетика министрлігі электрмен қамту жүйелеріне қосудың жұмыстарын жеңілдете түсуде ұшан-теңіз жұмыстар атқарды. Ол үшін министрлік электр энергетикасы саласындағы электрмен қамту жөніндегі заңи актілерге бірқатар өзгерістер енгізді. Олар төмендегідей:

  1. Электр қуатын пайдалану жөніндегі ереже ҚР-ның Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №143 бұйрығымен бекітілген.

Электр қуаты көздеріне қосылу үшін қуаты 200 кВт-қа дейінгі электр қондырғыларын пайдаланатын тұтынушыларға техникалық шарттарды беру мерзімі 14 жұмыс күнінен 5 күнге дейін қысқартылды. Дәл осы ереже бойынша электр қуатын беруші немесе электр қуатын өндіруші ұйым тұтынушыдан тапсырыс қабылдағаннан кейін техникалық шартты 200-ден 1000 кВт-қа дейінгі қуатты пайдаланушыға 10 жұмыс күні ішінде, ал 1000 кВт-тан жоғары қуатты тұтынушыға 15 жұмыс күні ішінде беруі тиіс.

Электр қуатын беруші немесе электр қуатымен қамтамасыз етуші ұйымдармен жобалық шешімдерді келісу мерзімі де 20 күннен үш жұмыс күніне дейін қысқартылды. Мұнда да Энергетика министрлігінің жоғарыдағы ережесіне сай электр қондырғыларына қатысты жобалық шешімдерді келісу мерзімі электр қондырғыларының қуаты 200-ден 1000 кВт-ға дейінгілеріне жеті жұмыс күні, ал қуаты 1000 кВт-тан жоғарғыларына 12 жұмыс күні болып белгіленді. Сондай-ақ электр қуатын жеткізу жөніндегі келісімшартқа отыру мерзімі де жеті жұмыс күнінен үш күнге дейін қысқартылды. Мұндағы ереже талаптарын тарқатып айтсақ, электр қуатын беретін немесе оны өндіретін ұйым қуат көзіне қосылатын сыртқы желі мен электр қуатын коммерциялық есепке алу жүйесін қарайды. Одан әрі тұтынушының электр қондырғысына қосу жөніндегі материалдарын тапсырғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде пайдалануға беру мүмкіндігі қорытындысымен жүзеге асырады. Электр қуатымен қамтамасыз ететін мекеме қуат беруші (электр қуатын өндіруші) ұйымға электр қуатымен қамтамасыз ету туралы келісімшартқа тұрғаны жөнінде бір жұмыс күні ішінде хабарлайды. Ал қуат беруші (электр қуатын өндіруші) ұйым электр қуатымен қамту жөніндегі келісімшартқа қол қойғаннан кейін тұтынушының электр қондырғысына бір жұмыс күні ішінде қуат беруді жүзеге асырады.

  1. «ҚР Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының талабы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан құрылыс монтаж жұмыстарына рұқсат алу тәртібі жойылды. Бұл шара хабарландыру тәртібіне көшірілді. Ол хабар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы электрондық хат түрінде жолданады немесе elicense.kz электрондық лицензиялау сайтын қолдана отырып, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес техникалық жағынан күрделі емес нысандарды электр қуатымен қамту жүйесіне қосудың құрылыс-монтаж жұмыстарының өндірісі басталғанын жобалаушыға хабарлауға құқылы.
  2. ҚР-ның 2004 жылы 9 шілдеде қабылданған «Электр қуаты туралы» заңының талаптарына сәйкес электр жүйелеріне қосылу үшін рұқсат алу қажеттігі де жойылып отыр. Бұған дейін ондай рұқсат мемлекеттік электр қуатын қадағалау және тексеру ұйымдары арқылы жеті жұмыс күні ішінде беріліп келген болатын.
  3. ҚР Энергетика министрінің 2016 жылғы 20 мамырдағы №214 бұйрығымен сенімді электр қуатымен қамтудың нормативтік белгілерінің көрсеткіштері, сондай-ақ оларды айқындау ережелері бекітілді.
  4. ҚР-ның Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 300-1-бабымен толықтырылған. Онда электр қуатын беруші ұйымдар басшыларына сенімді электр қуатымен қамтудың тағайындалған көрсеткішін асырып жіберген жағдайда 125 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу жауапкершілігі қарастырылған.

Жоғарыдағы айтқандарымызды түйіндесек, министрлік тарапынан қолға алынып, жүзеге аса бастаған бұл шаралар келешекте тұтынушыларды электр қуатымен сапалы, тұрақты қамтамасыз етуде өзінің жемісін беретіндігіне сенім зор.

Серікболат ЕШЕВ,

 ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау-бақылау комитетінің БҚО бойынша аймақтық  департаментінің басшысы


Ағиба ҒИНАЯТҚЫЗЫ: «Ақынның жары болу қиын деген пікірмен келіспеймін»

Күні: , 252 рет оқылды

img_0688


Кезінде «Жайықтың Жанғалиы» атанған белгілі ақын Жанғали Набиуллиннің туғанына 13 желтоқсанда 80 жыл толмақ. Осы орайда біз ақынның жары Ағиба апай Ғинаятқызымен арнайы барып кездестік. Сағыныш пен қимас көңілдің жасы шығар, жанарынан әлсін-әлсін мөлдір моншақтар үзіліп, Ағиба апай жан сырын былайша тарқатты.


 

— Ағиба апай, Жанғали ағамыздың «Екеуара бір қимастық» деген өлеңі сізге арналған екен. Сол өлеңде «Сен болмасаң, мен өмір сүрмес едім, сен менің жаныма шуақ сыйлап келесің» деген мағынадағы жыр жолдары бар. Ағай сізге бұл өлеңді өзі оқып берді ме?

 

— Мен өзіме арналған бұндай өлең бар екенін білмейтінмін. Өйткені жұбайым ақын екен деп, «маған өлең жаз» деп тапсырма бермейсің ғой. Бұл өлеңді алғаш рет ағаңның өлеңдерін компьютерге басып жүргенде көрдім. 2002 жылдары осы қазір өзің отырған жаңа үйге көштік. Сонда қатты қуанғаннан жүрегі толқып, сол әсер етті ме екен, Жәкеңнің ауруы күшейе бастады. Өлеңдерін машинкаға басып, бұрынғыдай өзі жаза алмайтын болды. Ол кезде компьютердің жаңа шығып жатқан кезі еді. Мен сөйтіп күндіз мамандығым бойынша жұмыс жасап, кешкілік 7-ден 10-ға дейін Жәкеңнің өлеңдерін басып жүрдім. Өзіме арналған өлеңді алғаш рет сол кезде көрдім. Өмірінің соңына дейін ол кісінің қолынан қаламы түскен жоқ. Соңғы уақыттары қолының әлі келіңкіремей қалды, сонда да «Қаламсабымды әкелші» дейтін. Сондай сәттерде менің жүрегім езіліп кететін еді…

 

— Сырт көзге Жанғали ағай сұсты, қаталдау көрінетін. Бірақ өлеңдерін оқып отырып, ағаның жүрегінің нәзіктігін байқаймыз. Ол кісімен қалай таныстыңыз? Ағай үйде қандай отағасы еді?

 

— Иә, көпшілігі Жәкеңді қатал адам деп ойлайды. Оны қалың қабағы қаталдау, сұсты қылып көрсететін сияқты. Әйтпесе, оның жүрегі жұмсақ болатын. Бір жағынан, менің әкем де өте қатал адам еді, жарықтық. Бала кезден әкемнің сұсты қабағын көріп өскесін, ер-азамат сондай болуы керек деп ойладым ба? Ол жағын білмеймін. Әйтеуір өзім ол кісінің қатаңдығын сезінбедім. Біз кездейсоқ кездестік. Шынымды айтсам, ол кезде мен Жанғали Набиуллин деген ақын бар екенін білмейтінмін. Екеуміздің жұмысқа баратын жолдарымыз бір еді. Бір көшенің бойында күнде кездесе бергесін таныс болып кеттік пе, ылғи амандасып жүретінбіз. Содан әңгімеміз жарасып, сөйлесіп жүрдік. Бір-бірімізге үйреніп, бауыр басып кеткеннен кейін отбасын құруға шешім қабылдадық. Ол кезде Жәкең 58 жаста еді. Ол кісі өте қонақжай адам болды. Өзінің бала кезгі достары Қайыр Бектұрғанов, Темірғали Сұлтанғалиевтен бастап, кейінгі достарын қонаққа шақырғанды ұнататын. Қадыр Мырзалиевті керім жақсы көрді. Келген сайын арнайы шақырып, қонақ қылып жіберетін. Мінезі жайлы болатын. Бірақ кейде қатты айқайлап, ұрсып жібереді де, екі-үш минуттан соң дым болмағандай жайбарақат отырады. Мен таңғалушы едім. «Қай сөзім, қай қимылым ұнамай қалды?» деп ойланып үлгергенше, әп-сәтте ашуы тарқап кететін. Ол кісі қойдың құйрығын баптап, тұздағанды жақсы көретін. Келген қонақтар Жәкеңнің тұздаған құйрық майын «мармелад» деп мақтап кететін. Оған өзі де риза болып, қонақтармен бірге мақтана жөнелуші еді, жарықтық…

 

— Ақынның жары болу қиынның қиыны деп жатады… Жұбайыңыздың қандай өлеңдерін жақсы көресіз? Жалпы, ағайдың кітабын жиі қолға алатын шығарсыз…

 

— Ақынның жары болу қиын деген пікірмен келіспеймін. Ол әр әйелдің өзіне байланысты. Ерінің бетінен алмайтын, салмақты әйелдер қай азаматтың да көңілін табады деп ойлаймын. Әйел адам азаматы бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқанда, басыла білу керек. Ол адам минут сайын ашулана бермейді ғой. Сондықтан сәл сабыр сақтай білуді үйренген жөн. Азаматыңның мінезін әбден танып-білген соң, оның ыңғайына жығыла бастайсың. Екі адамның біреуі иілмесе, отбасы болып тұру мүмкін емес. Ол кісінің «Құм эскиздері» және «Дала мен қала» деген өлеңдерін жақсы көремін. «Күдік» деген өлеңі де ұнайды. Өлеңдері қарапайым тілмен түсінікті жазылған сияқты болғанымен, жаттай алмай-ақ қойдым. Бірақ ол кісінің кітабын қолыма жиі аламын. Кейде өлеңдерін оқып, жылаймын.

Өзіне де «Өлеңдерің мұңды» деп айтатынмын. Сондайда ол кісі «Менің өлеңдерім мұңды, Қадырдың өлеңдері ойлы» деуші еді.

 

— Сіздің әңгімеңізден байқағаным, өмірлік көзқарастарыңыздың өзгеруіне, көп нәрсені біліп, көкейге түюіңізге жұбайыңыз ықпал еткен сияқты. Ол кісі өмірде нені бағалайтын еді?

 

— Ол кісі маған көп нәрсені үйретіп кетті. Мен ол кісінің талғамы арқылы сұлулықты бағалауды үйрендім. Ол кісі тазалықты, сұлулықты жақсы көрді. Көшеде келе жатқанда сұлу, жас қыз-келіншектерді көрсе, «Қандай әдемі!» — деп айтатын еді. Кейде оған «Ғашық болып қалған шығарсың» — деп әзілдейтінмін. Сол сәттерде ол кісі ерекше салмақтылықпен «Ғашық болу бір бөлек, адамды сүю бір бөлек» деп жауап беретін. Жәкеңнің бұл сөзінен соң, мен кәдімгідей ойланып қаламын. Ол кісі «Ғашық болу тек тірі жан иесіне ғашық болу емес, табиғатқа, тазалыққа, сұлулыққа ғашық болу. Мен ғашық болсам, шабыт келеді, ой туады, өлең туады» — деп отыратын. Жәкең қыз-келіншектердің ажарына, сымбатына ғана емес, жүрісіне де ғашық болатын еді. Екеуміз көбіне көкөніс, жеміс-жидек алу үшін базарға баратынбыз. Базардың іші ығы-жығы, адам көп. Сонда көп адамның арасынан «Ана әйелді қарашы, аяғын қалай кербез басады, бейне қалықтап бара жатқандай» — дегені бар. Ол кісі тыныштықты жақсы көретін еді. Өзі «Кемпір, қарашы, қандай рақат! Ұрыс-керіс, айқай-шу жоқ, тып-тыныш» — деп жиі айтатын еді.

 

— Жанғали аға, қандай басылымдарды оқитын еді? Соңынан ерген шәкірттері болды ма?

 

— Ол кісі жыл сайын «Орал өңірі», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Дат» газеттеріне үзбей жазылатын. Ең бірінші «Орал өңірін» қолына алатын. Бұл оның бұлжымайтын әдеті еді. Содан соң қалған газеттерді парақтап қарап, оқитындарын белгілеп қоятын. Соңынан ерген ақын інісі Ғайсағалиды жақсы көретін.

Одан соң Талғат Мықи деген жас баланың өлеңдеріне риза болып, мақтап отыратын еді. Маңғыстаудың Бейнеуінен Жанар Айлашева деген ақын қыз үйге өзі іздеп келіп, Жәкеңмен әңгіме-дүкен құрып жүрді. Ол қыздың өлеңдерін ерекше бағалайтын.

 

— Ағамыздың ерекше қасиеті туралы айтып өтсеңіз… Ағай өмірінің соңғы сәттеріне дейін қаламын қолынан тастаған жоқ дедіңіз. Сіздің ойыңызша, ол кісі халқына берерін беріп, айтарын айтып кете алды ма?

 

— Ол кісінің ерекше қасиеті – адамның сыртынан ғайбат сөз айтпайтын. Мен сырттан келіп, әйелдікке салып, кейде жағымсыздау әңгіме айтсам, ол кісі жай ғана тыңдайтын. Бірақ ешқашан менің әңгімеме қосылмайтын, пікірін де білдірмейтін. Осы қасиетінің өзі маған үлгі болды. Көбіне ортадағы креслода, телефонның түбінде көзін жұмып, терең ойға батып отыратын еді. Теледидардан ертедегі халық әндерін естігенде, көзінен моншақтап жас ағып отыратын. Үйге қонақ келгенді ерекше жақсы көретін. Кейде мен жоқта үйге біреу келсе, есік алдынан мені күтіп алып, қуана хабарлайтын. Бала сияқты еді, жарықтық… Тағы бір қасиеті тым сенгіш еді. Әрі рухы мықты болатын. Қанша ауру жанына батып, қиналып тұрса да, «Бұл ұлы адамдар ғана ауыратын ауру» — деп қалжыңдап, бірнеше белгілі адамдардың есімін айтып отыратын. Бірде теледидардан белгілі спортшы Мұхаммед Әли ораза ұстап, осы аурудан сауығыпты деп, екеуміз ораза ұстадық. Ол кісі «Бір жерде жақсы емші бар» деп естісе, соған имандай сенетін. Мен де тылсым күшке сенетіндіктен, Жәкеңді ниет қойған жердің бәріне апаратынмын. Ол өлеңді ауырса да, көп жазды. Жұмыста жүргенімде кешке дейін бір бума бетті толтырып, жазып қоятын. Өмірінің соңғы сәттерінде ол кісі сөйлей де алмай, жаза да алмай қалды. Сонда да қолының күші жеткенінше, уақ әріптермен шимайлап жазып кеткен, аяқталмай қалған бас-аяғы жоқ шумақтары бар… Дегенмен айтарының көбін айтып, жазып кетті-ау деп ойлаймын.

 

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


«Облыс әкімінің арнайы сыйлығы»

Күні: , 76 рет оқылды

img_0851


ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Облыс әкімінің арнайы сыйлығы» үшін  өзге ұлт студент жастары арасында  «Тәуелсіздік және тіл» тақырыбында облыстық  олимпиада ұйымдастырылған болатын. Кеше облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов аталмыш олимпиаданың  жеңімпаздарын  қабылдады.


Қабылдауға байқау жеңімпаздарымен қоса, мемлекеттік мекеме басшылары, Қазақстан халқы  ассамблеясы  облыстық филиалының өкілдері, арнаулы және жоғары оқу орындарының басшылары мен  ақындар қатысты.

Марат Лұқпанұлы қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, еліміздегі  тіл саясатының насихатталуына, қазақстандық патриотизмді нығайтуға үлесін қосып жүрген жастарды құттықтап, олардың оқуларына табыс тіледі. Ол сондай-ақ осындай байқаулардың жиі өткізілуі еліміздегі  ұлтаралық  татулық  пен ынтымақтастықты одан әрі арттыруға септігін тигізетіндігін атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары олимпиада жеңімпаздарын ақшалай сыйлықтармен марапаттады. «Облыс әкімінің арнайы сыйлығын», яғни бас жүлдені қаламыздағы Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің студенті Александр Губарь жеңіп алып, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Ал М. Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Юлия Рязанова І орын (500 мың теңге), Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің студенті Моника Амирян ІІ орын (250 мың теңге) және Карина Алимова ІІІ орынға (125 мың теңге) ие болып,  облыс әкімі Алтай Көлгіновтің  алғысхаттарымен  марапатталды.

Олимпиада жеңімпаздары облыс  әкіміне ризашылығын білдіріп,  алғыстарын  жеткізді.

Ләззат  ШАҒАТАЙ


Бюджетті нақтылаған сессия

Күні: , 61 рет оқылды

img_0929


Кеше  облыстық  мәслихаттың  кезекті  сегізінші  сессиясы  өтті. Сессия  жұмысына  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  қатысты.


Сессияның күн тәртібіне сәйкес Батыс Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев баяндама жасады. Ол 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет және облыстық, аудандық (қалалық) бюджеттері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы нақты деректерге тоқталып өтті.

Оның айтуынша, 2017 жылға арналған облыстық бюджет түсімдері мен шығыстар бойынша 111,1 млрд. теңге көлемінде белгіленген. 2017 жылға арналған облыстық бюджет түсімдері 29,4 млрд. теңге көлеміндегі өзіндік кірістерден, 47,5 млрд. теңге жалпы сипаттағы трансферттерден (субвенциялар) және 33,4 млрд. теңге нысаналы трансферттер мен кредиттерден қалыптасқан. Облыстық бюджеттің негізгі бағыттары әлеуметтік қолдау, денсаулық және білім беру, өмір сүру деңгейін жақсарту болып табылады. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға 2,4 млрд. теңге, көлік инфрақұрылымын дамытуға 3,6 млрд. теңге, кәсіпкерлік қызметті қолдауға 1,4 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен қатар газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға 3,3 млрд. теңге, Орал қаласындағы 2 мектептің құрылысын жалғастыруға және 2 мектеп құрылысын бастауға  жалпы сомасы 4,3 млрд. теңге, автокөлік жолдарын қайта құру және орташа жөндеуге 4 млрд. теңге қарастырылған. 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер (бюджеттік субвенциялар) мөлшері келесі көлемде белгіленген: 2017 жылға – 33,9  млрд. теңге, 2018 жылға – 35,9 млрд. теңге, 2019 жылға 36,8 млрд. теңгені құрайды.

Сессияда облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 9 желтоқсан №29-4 «2016-2020 жылдарға арналған БҚО аймақтық даму бағдарламасы туралы» шешіміне және 2016 жылғы 10 маусымдағы №4-8 «Мемлекеттік-жекешілік әріптестік жобалары және коммуналдық меншікке жататын объектілерге қатысты концессиялар жөніндегі комиссия құрамы туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселелер қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Мұнан кейін «БҚО бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің мүшесі Мереке Көбейсінов «Мемлекеттік аудит объектілерінің 2016 жылға арналған тізбелеріне «Ақжайық» футбол клубы ЖШС-ын енгізуді ұсыну  туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 15 қыркүйектегі №6-4 шешімінің орындалуы туралы  баяндама  жасады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін және жеңілдікті шарттармен дәрілік заттарды және мамандандырылған емдік өнімдерді қосымша беру туралы көтерген мәселесін де депутаттар қолдады.

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов бірқатар атқарылған істер, алда тұрған міндеттер мен келер жылға жоспарланған атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті.

– Cессия отырысында қаралған мәселелер өңіріміздің дамуы үшін өте маңызды. Алдағы үш жылдық бюджетті бекітуге, аймақтың даму бағдарламасының орындалуына қолдау көрсеттіңіздер. Бюджетті тиімді пайдалану туралы да жақсы ұсыныстар айттыңыздар. Бұл бағыттағы жұмыстарды қадағалауға, бұлжытпай орындауға барлығымыз мүдделіміз. Ағымдағы жылы барлық аудандарды аралап, жұмыс сапары барысында депутаттық корпуспен бірге жүрдік. Ондағы мақсатымыз халықтың мұң-мұқтажын бірге тыңдап, бірлесе шешу еді. Аудандарда болғанда ең маңызды мәселелердің бірі орталықтандырылған ауыз су мәселесі екендігіне көз жеткіздік. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу жағынан еліміз бойынша төменгі көрсеткіште едік. Облыс көлеміндегі барлық ауылдардың тек 30 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. Осы мәселені құзырлы органдарға жеткізіп, бүгінде Үкімет тарапынан қолдау таптық.

Нәтижесінде келер жылы елуге жуық елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен қамтитын боламыз. Бұл бағытқа 5 миллиард 700 миллион теңге қаражат бөлінді. Көгілдір отынмен қамту да өзекті мәселе. Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым аудандарында 29 елді мекенге газ тартатын боламыз. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Орал қаласындағы орталықтандырылған жылыту жүйесіне резервтік газ құбырлары қажет екендігі көптен айтылып келеді. Аталмыш мәселеге екі миллиард теңге қаражат қарастырдық. Білім саласында да оң өзгерістер бар. Облыс орталығындағы халықтың саны жыл санап артып келеді. Тұрғындардың, әсіресе, балалар санының артуы – қуантарлық жағдай. Оларды сапалы біліммен қамту мақсатында келер жылы төрт мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Күні бүгін екі білім ошағының құрылысы басталды. Осы төрт мектептің құрылысына Үкіметтен 4 миллиард 300 миллион теңге қаражат бөлінді. Сапалы жол құрылысы мәселесіне де бөлінетін қаржы көлемі жыл санап көбейіп келеді. Келер жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен 7 миллиард 600 миллион теңге қаражат бөлінді. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасымен жөнделіп жатқан республикалық маңызы бар жолдарға да қаражат бөлінетін болады. Оның сыртында Орал қаласының және елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеуге де қаражат қарастырылады. Ең маңызды салалардың бірі – денсаулық сақтау. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкіметтен бөлінген қаражатқа 215 нысанға жөндеу жүргіздік. Оның ішінде 50-ден астам мектеп, он шақты денсаулық сақтау мекемелері, қырықтан астам мәдениет ошақтары, қала берді, абаттандыру, жарықтандыру, жолдар салу секілді ауқымды жұмыстар бар. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасатын болады. Алдағы жылы Теректі ауданындағы емхана күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар денсаулық сақтау орындарына жаңа құрал-жабдықтар алуға 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Жедел жәрдем қызметін ширату мақсатында алынған жаңа автокөліктер де жақын күндері пайдалануға беріледі. Қала   іргесіндегі Подстепный ауылына мәдениет үйін салу мәселесі де көптен айтылып келеді. Халық саны жыл санап артып отырған Подстепный ауылына 163 миллион теңгеге мәдениет үйі салынатын болады. Құқық қорғау саласына келер болсақ, олардың қалыпты жұмыс жасауы үшін күні бүгін жүзден астам көлік қажет  болып отыр. Осы мәселені ескеріп, бөлінген қаражатқа 60 автокөлік алынды. Көліктер жақын күндері Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында берілетін болады. Келер жылы 50 автокөлік алу үшін 160 миллион теңге қаражат бөлдік. Бұл қолдаулар полиция қызметін жетілдіру мақсатымен жасалуда. Сонымен қатар облыс орталығы мен аудандардағы жол ережелерін бұзу фактілерін азайту және қоғамдық орындардағы тәртіп бұзуды болдырмау мақсатында бейнебақылау камераларын қою жұмыстары жүргізілетін болады. Тек Орал қаласының өзінде 300-ден астам бейнекамера қойылады. Бұл жұмыстар – сіздермен бірлесіп атқарған ауқымды істер. Келер жылы да алдымызда көптеген міндеттер тұр. Оларды да бірлесіп шешу арқылы еңсереміз деп сенемін. Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, — деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

Сессия соңында күн тәртібіндегі мәселелерге орай шешім қабылданып, кезекті сессияның төрағасы  сайланды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн»

Күні: , 29 рет оқылды

dsc_1060


ҚР  Орталық  коммуникациялар  қызметінің  облыстық   филиалында  «Зорлық-зомбылыққа  қарсы  16 күн»  іс-шарасына байланысты  баспасөз  мәслихаты  өтті.


Шарада «Ана үйі» қоғамдық қоры жанындағы отбасы және бала асырап алу орталығының үйлестірушісі Римма Көбейсінова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Жанар Жұмағазиева, БҚО ІІД-ның қылмыстардың алдын алу және учаскелік полиция инспекторлары жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы Сергей Киселев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап  берді.

Жанар Дүйсенғалиқызының айтуынша, жыл сайын  25 қарашадан бастап әлемде гендерлік зорлық-зомбылыққа байланысты 16 күндік іс-шара өтіп жүр. Жоғарыда аталған комиссия арыз-шағым және өтініштері бар әйелдерді қабылдау жұмысын жүргізген. Облыс әкімінің орынбасары М. Тоқжанов «Ана үйінде» болып, ондағы ахуалмен жіті танысқан. Бұдан басқа  Орал қалалық «Дағдарыс орталығы» жұмыс істейді. Алдағы уақытта аудандарда  оның бөлімшелерін ашу жөнінде мәселе қойылмақ. Былтыр аталмыш орталықтан 461 әйел көмек пен қолдауға ие болса, биыл 87 адамға қамқорлық жасалды. Ал Римма Кәкенқызы өзі жұмыс істейтін қоғамдық қордың 2014 жылы еліміздегі белгілі және ірі меценаттардың көмегімен ашылғанын атап өтті. Орталық әйелдерді, әсіресе, жас аналарды күрделі ахуалда өмірге әкелген ұл-қыздарынан бас тартқызбай, керісінше аман алып қалып, әрі қарай өздерінің жағдайын түзеуге, қоғамнан орнын табуына жәрдем береді екен. Екіншіден, «әлеуметтік жетімдікпен» күреседі. Яғни тұрмысы нашар, мүгедек, тағы басқа күрделі жағ-дайдағы отбасында тәрбиеленген баланың әке-шешесі бола тұра, жетімдік көрмеуіне көмектеседі. Әрі әке-шешесі жоқ жетімдерге жаңа отбасына ену бақытын сыйлайды. Бүгінде мұндай балаларды асырап алуға ниет білдірген 60 ата-ана анықталған. Бәрі де Қазақстан Республикасының азаматтары, жерлестеріміз. Сонымен қатар орталық болашақ ата-аналарды бала қабылдап алуға бейімдеу жұмысын  да  жүргізуде.

Серпін  САЯҚ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика