Мұрағат: 07.12.2016


«Дін және әйел»

Күні: , 65 рет оқылды

img_0523


Қадыр  Мырза  Әлі  атындағы мәдениет және өнер  орталығында  Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» ұйымдастыруымен  «Дін және әйел» атты республикалық  форум  өтті.


Отбасылық  құндылықтарды сақтау, қоғамды рухани дамыту, діндар әйел келбетін қалыптастыру, дін мен дәстүр сабақтастығы, қыз бала тәрбиесі мен олардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралған форумға Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз хатшысы, дінтану ғылымының магистранты Айша Кеңесбаева және облыстың әйел жамағаты, қоғамдық бірлестік  өкілдері мен намазхан  студенттер қатысты.

Форумды БҚО дін істері басқармасы діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы Баянгүл Семғалиева  сөз сөйлеп ашты. Басқосудың  мақсатымен таныстырған ол  одан әрі ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы салт-дәстүрін дінге лайықтап қалыптастырғанын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізгенін және осы құндылықтарды  жалғастыру арқылы  ұлы егемендіктің ертеңі бүгінгі ұрпаққа аманат  екеніне тоқталды.

– Қазақ даласының сұлулығы мен батырлығының үлгісі – Қыз Жібек пен Мәншүктің сіңлілері, ақ жаулықты аналар мен сіңлілерге  Алланың сәлемі мен игілігі болсын және Пайғамбарымызға сан салауат болсын, – деп сөз бастады Айша Аманқызы. – «Қандай ма қоғам мемлекетсіз, экономикасыз  өмір сүруі мүмкін. Бірақ дінсіз ел ешқашан болмаған» – дейді ғалымдар.

Діннің негізгі тірегі – сенім. Біреу Аллаға, біреу пұтқа, біреу ақшаға сенеді. Бүгінгі қоғамдағы келеңсіз жайлар сенімге келіп тірелуде. Сенімі теріс адам құрдымға кетеді, бес уақыт намазын қаза қылмайтын  адамның сенімі теріс болса, ол ертеңгі ақыретте бәрібір жемісін бермейді. Дін мемлекеттен бөлек десе де, мемлекет бүгінде дінге аса мән беріп отыр. Себебі сенімнің теріс болуы қоғамды іштен ірітуге әкелуі мүмкін. Еліміздің болашағына зиян келтіруге жұмыстанып жатқан  сыртқы күштер бар. Соның салдарынан жастарымыздың қайсыбірі елді тастап, шетелге кетіп жатыр. Бұдан 2-3 жыл бұрын 400-ден  астам адам Сириядағы соғысқа кеткені анық. Бірақ бүгінгі күннің мәліметі біздің қолымызда жоқ. Өткен жылы бір қазақ әйелі бес баласын, күйеуі мен қайын інісін ертіп, Сирияға өтіп кеткенін білеміз. Бұған сенімінің адасуы себеп болып  отыр.

Айша Аманқызы елді тастап соғысқа кеткен адамның адам өлтіретініне, жазықсыз адамды өлтіру үлкен күнә екеніне, яғни олардың қылмыскер екеніне, ұлттық  салт-дәстүр, қазақтың  ежелгі мәдениеті ислам дінімен өріліп, иманға ұйығанына, қыз-келіншектерді осы ұлттық  құндылықтарға  тәрбиелеу  керектігіне  тоқталды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО бойынша филиалы Құран оқыту бөлімінің ұстазы Гүлжәмилә  Ахметова  ислам дініндегі әйелдердің орны, білім алу құқығы мен ғылымдағы орны, қазақ қоғамындағы әйелдің мәртебесі туралы баяндама  жасады.

– Әйелдер еркектермен тең болмаса, олардан төмен рөл атқармайды, – деді ол. – Исламда  әйел, біріншіден, мұсылманның, мүміннің тәрбиешісі. Исламның болашағы мүмін аналардың алтын қолдарында. Ислам діні алғашқы уақыттан бастап-ақ,  әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Алтын ғасырда хадис іліміне және оны жеткізуде ең алғаш үлес қосқан  пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жұбайлары екендігі сөзсіз. Олар ең алғаш пайғамбар хадистерін көздерінің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізді.  Хафса, Умму Хабиба, Умму Сәләмә және Айша (Аллаһ олардан разы болсын) аналарымыз хадис саласындағы ең танымал әйелдер. [8] Білгір де дана хазіреті Айша хадис және фиқһ саласында көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. Оның ілімінен нәр алып,  аттары мәшһүр болған Айша бинт Талха, Әмра бинт Абдурахман және Хафса бинт Сирин  сияқты  әйелдер бар.

Бұдан әрі ұстаз ислам дінінің еңбек етуге ынталандырып, әрі оны құлшылықтың  бір түрі ретінде қарастыратынын, сонау VII ғасырдан бастап қалыптасқан әдет бойынша мұсылман әйел қашан  да өзінің ар-ибасымен, ақыл-парасат, сыпайы мінез, төмен етектіге тән әдептілігі, жан сұлулығы, биязы жүріс-тұрыс, Алланың бұйрығына сай әурет жерлерін жауып киінуімен, қай кезде де ұятын сақтаған имандылығымен ерекшеленетініне тоқталды. Мұсылман әйелдің киімі туралы айта келіп, оны бүгінгі заманға сай, ұлттық нақышпен толықтыру керек деген ұсыныс  білдірді.

Форумда сондай-ақ Сырым аудандық мешітінің Құран оқыту ұстазы Әсел Абдубали, «Ару аналар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Клара Саржанова, Тасқала аудандық «Ақ тілек» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Майра Әбуқызы, Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі Аягөз Айтқалиева сөз сөйледі. Жиынға қатысушылар «Талақ-тағдыр» бейнеролигін көріп, мамандарға сұрақтар қойып, көкейде жүрген  көптеген ойларын білдірді. Форумда әйелдің қоғамдағы орны ерекшелене айқындалып, отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруде ерен еңбек ету  қажеттілігі баса айтылды.

Ұлдай  ҚАБОШҚЫЗЫ,

 «Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Ахуал бірқалыпты

Күні: , 48 рет оқылды

%d0%bd%d1%8b%d0%b3%d0%bc%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b22


Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында «Облыс аумағындағы діни ахуал» тақырыбында брифинг өтті.


Облыстық дін істері басқармасы басшысы Талғат Нығметовтың айтуынша, қазіргі кезеңде облыс аумағындағы діни ахуал бірқалыпты. Өңірімізде ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес тоғыз конфессияны құрайтын 75 діни субъекті тіркеліп,  қызмет етуде. Атап айтсақ, ислам бағытында — 44 мешіт, (бір  облыстық, екі  қалалық, 12 аудандық, 29 ауылдық), православтық бағытта – 18, протестанттық бағытта – 11,  буддизм – 1, католицизм – 1.  Облыс аумағында алыс және жақын шетелден келіп, облыстық дін істері басқармасынан есептік тіркеуден өткен алты миссионер бар. Соның ішінде Словакиядан – 1, Польшадан – 2, Украинадан – 1, Үндістаннан – 1, Египеттен  1 миссионер бар.

Ақпараттық-түсіндіру топтары арқылы 2016 жылдың 10 айы бойынша түрлі форматта 150000-ға жуық адамды қамтыған 1201 іс-шара өткізілді. Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығымен 2 млн. 896 мың теңге қаражатқа 2450 дана кітап алынып, 600  жапсырмалы материалдар шығарылды.

Қазіргі күнде 14 ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс жасауда. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттары бойынша қызмет көрсету нұсқаулықтары, стандарттары мен регламенттері бекітіліп, діни қызмет саласындағы барлық процедуралар мен ережелер бекітілген.

Атап айтар болсақ, діни ғибадат үйлері мен ғимараттардың құрылысын жүргізу, діни ғибадат үйлерінен тыс орындарда діни жоралар өткізуге арналған үй-жайларды орналастыру, діни әдебиеттерді тарататын стационарлық орындарды белгілеудің нақты стандарттары бекітілген. Облысымызда төрт намазхана, діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық  материалдарды таратуға арналған 16 арнайы стационарлық орын бар.  Ағымдағы жылдың он айы бойынша бір заңбұзушылық дерегі тіркелді. Сондай-ақ  теріс діни ағым жолындағы азаматтармен оңалту бағытындағы жұмыстың сараптамасы бойынша дәстүрлі  емес  бағытты ұстанатын азаматтармен жалпы кездесулер өткізіліп,  247 дін ұстанушы тұлғаға діни-психологиялық тұрғыда көмек көрсетіліпті.

Талғат Рахымұлының сөзінше, аудандардағы дін мәселесіне бөлінетін қаржы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар негізінде қарастырылған. Ақжайық ауданында «Таным» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігі, Сырым ауданында «Сырым» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігі, Теректі ауданында «Әйел және қоғам» қоғамдық бірлестігі арқылы жүзеге асырылып келеді. Бөрлі ауданында «Парасат» қоғамдық бірлестігінің құжаттары әзірленіп, тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Өзге аудандарда да осындай қоғамдық бірлестіктер ашу мүмкіндіктері қарастырылуда. Қазіргі таңда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірге діндар азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізіліп келеді. 10 намазхан әйел «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ұлттық экономика министрлігі ұйымдастырған «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша кәсіпкерлер және кәсіпкерлік бастамашылығы бар тұрғындар үшін қысқа мерзімді оқыту курсын аяқтады. Оқыту курсының соңында қатысушылардың барлығына сертификат берілді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп азаматтарды дәстүрлі ханафи мазхабына қайтару мақсатында спорттық шаралар өткізіліп келеді.

Облыстық білім басқармасы арқылы 218 діндар мектеп оқушыларымен, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқитын 89 діндар студентпен жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде 34 студент дәстүрлі бағытты ұстанып, қала имамдарынан діни дәріс алуда. Сонымен қатар жалпы орта білім беру, орта арнаулы және жоғары оқу орындарындағы оқушы жастардың жалған діни ағымға қарсы сана-сезімдерін арттыру мен отаншылдық патриотизмін нығайту, өз-өзіне қол жұмсау деректерін болдырмауға  бағытталған түрлі форматтағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде отыз мыңға жуық оқушы жастар қамтылды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп, қаладағы мешіттерде жұма намазы кезінде жамағатқа бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріледі. Жәнібек, Қаратөбе, Теректі, Қазталов және Сырым аудандарындағы жастар ресурстық орталықтарына теологиялық білімі бар мамандар жұмысқа алынды.

Брифингте өңірімізде теолог мамандардың жетіспейтіндігін тілге тиек еткен Талғат Рахымұлы облысымызға қазақ тілді және орыс тілін жетік меңгерген белгілі теолог, исламтанушы мамандарды ұзақ мерзімге жұмысқа  шақырып,  олардың тұрақталып қалуы үшін әлеуметтік жағдайларын жасау алдағы 2017 жылдың еншісінде  екендігін  атап  өтті.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


ҚР прокуратурасына 25 жыл

Күні: , 50 рет оқылды

img_0582


Облыстық  прокуратура  ғимаратында  ҚР  прокуратурасының  құрылғанына  25  жыл  толуына  орай  салтанатты  шара өтті. Оған  облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  арнайы  қатысып,  аталмыш сала  ардагерлері  мен  қызметкерлерін  құттықтады.


– Еліміздегі заң үстемдігін, азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің қатаң сақталуын, қоғамның барлық саласындағы жұмыстардың заңға сәйкес жүргізілуін қадағалайтын прокуратура органдарының маңызы аса жоғары. Еліміз бойынша бір ғасырға жуық тарихы бар бұл салада талай белгілі тұлғалар еңбек еткен. Тәуелсіздік күні мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған Қазақстан Республикасы прокуратурасының жиырма бес жылдығы құтты болсын! – деген облыс әкімі бірқатар сала мамандарына алғысхаттар табыс етті. Батыс Қазақстан облысының прокуроры Сапарбек Нұрпейісов облыс басшысы Алтай Көлгіновтің өңіріне «ҚР прокуратурасына 25 жыл» мерекелік медалін тақты. Прокуратура қызметкерлеріне еліміздің Бас прокуроры және облыс прокурорының марапаттары табыс етілді. Сондай-ақ сала ардагерлері аталмыш мекеменің естелік сыйлықтарымен марапатталды. Шара барысында ҚР прокуратурасының тарихы туралы баяндамалар оқылды. Салтанатты кеш облыс өнерпаздарының концертіне  ұласты.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


«Тіл мен тілші» байқауы мәреге жетті

Күні: , 60 рет оқылды

15310683_1174853092564050_1986657221_n


Батыс Қазақстан облысында осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған бұл байқауға биыл  46 мақала түскен.


«Байқау мақсаты – еліміздегі тіл саясаты жайында қалам тербеуші тілшілерді анықтау және қолдау, мемлекеттік тіл жайындағы материалдардың идеологиялық мазмұнын саралау және тіл мәселесіне тың ойлар мен ұсыныстар айтуға жетелеу», – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғали.

Байқау қорытындысы бойынша І орын мен 400 мың теңге қаржылай жүлде облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртай Алтайұлына берілді. Тарихшы-ғалым Жаңабек Жақсығалиев,  Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Мүсірбек Айташев, Зеленов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің тілшісі Түгелбай Бисен мен Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі Меңдігүл Фазылова жүлдегерлер  қатарынан  көрінді.

Өз  тілшіміз


Жарайсың, Динара!

Күні: , 46 рет оқылды

dms_0011


Өткен қараша айында «Матрица.kz» қоғамдық-саяси  порталы  «Туған  өлкем» («Менің  Қазақстаным»)  деген  атпен  Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздігінің  25  жылдығына  арналған  жарияланымдар  байқауын  өткізетіндігін хабарлаған  болатын.


Жарияланған байқауға орталық және облыстық басылымдардың журналистері, блогерлер, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушылары, студенттер, оқушылар, алуан түрлі мамандық өкілдері  қатысқан  еді.

Кеше байқаудың қорытындысы белгілі болды. Республиканың түкпір-түкпірінен елге танымал журналистер қатысқан байқауда қазылардың бірауыздан дауыс беруімен бас жүлдені облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі, әріптесіміз Динара Киндербаева жеңіп алды! Жарайсың, Динара! Жеңісің  құтты  болсын!!!!

Өз  тілшіміз


Теректі – игі істер аймағы

Күні: , 47 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7-256698-%d1%82%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba%d1%82%d0%b8tif


Елімізде  тәуелсіздік  туы  тігілген  ширек  ғасыр – 25  жыл  ішінде теректіліктер  өңірдің  дамып-өркендеуіне  өз  үлестерін қосып  келеді.  Әсіресе,  биылғы  мерейлі  жылы  Теректі  жерінде талай игі  іс  көрініс  тапты.


Биыл үкіметтің арнайы қорынан ауданға 350 млн. теңге қаржы бөлініп, 28 жоба іске асып, 132 жұмыс орны ашылды. Облыс орталығына іргелес жатқан ауданның Ақжайық, Тоқпай, Юбилейный, Федоров ауылдарында инженерлік-инфрақұрылымдық бағыттағы төрт жобаны жүзеге асыру аяқталып келеді. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Шаған ауылдық округінің аумағындағы, Орал қаласынан небәрі 22 шақырымда жатқан Жаңа өмір ауылында электр желісі тартылуда. Құны 150 000 000 теңге тұратын құрылысты «СПМК-123» ЖШС жүргізуде. Нәтижесінде жеке үй құрылысын салу үшін жер телімін күтіп жүрген 1329 азаматтың тілегі орындалмақ.

Ауданда ауылішілік жолдардың жағдайының мәз еместігі жасырын емес. Осы мәселе шешімін тауып,  тозығы жеткен жолдарды жөндеуде жалпы құны 62 млн. теңге тұратын 13 жобаның орындалғаны – теректіліктер үшін қуаныш. Мысалы, Подстепный ауылында жол жөндеу жұмыстары көлемді атқарылды. «Оралқұрылыс» ЖШС Лесная көшесінде 2200 метр жолды 19 688 480 теңгеге жөндеуден өткізді. Ал «Таза ауыл» ЖК Мектеп көшесінде жаяу жүргіншілер үшін жол салуды тез әрі сапалы атқарды.

Жалпы, аудан бойынша 9 шақырым жолға қиыршық тас-құм төселді. Жауын-шашын кезінде жол азабын тартып жүрген Ұзынкөл, Ақсоғым, Шалқар, Ақжайық, Приречный, Шағатай округтерінде жүргізілген осындай шара – ауыл  тұрғындары үшін жасалған игі іс.

Су қорын жинау үшін салынған құрылыстар да назардан тыс қалмады. Долин округіне қарасты Қоныссай маңы, Приречныйдағы бөгет, Ұзынкөл, Богданов округте-ріндегі тоғандар жөнге келтірілді.

Аудан орталығы да жыл сайын көркеюде. Биыл ауылдың солтүстігіндегі Автомобилист көшесінде тұратын халық үшін «мұңға» айналған «сықырлауық» көпірлердің орнына «Аквапласт» ЖК темірден жасалған  жаңа  көпір  орнатты.

Күзде демалыс саябағында 100-ден аса түрлі тал-терек егілді. Мектепке баратын оқушылар мен тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін әлеуметтік маңызды нысандарға апаратын жаяу жүргінші жолдары салынды. Көше бойындағы 54 нүкте үнемді светодиодтық жарықтандыруға көшірілді. Сонымен қатар 20 сауда нүктелерінің де құрылысы аяқтала келді.

Атына заты сай, Теректі десе, дегендей, жасыл желекке оранған мекенде халықтың демалыс орны – саябақтардың жағдайына әрқашан да ден қойылуда.  Подстепный ауылындағы көптен иесіз жатып, сәні кеткен орталық саябақ әкімдік теңгеріліміне алынған болатын. Үстіміздегі жылдың күзінде арнайы қордан бөлінген қаржының арқасында бұл саябаққа «жан» бітті. «Жаса» әлеуметтік-өндірістік кәсіпорны осы демалыс орнында қураған ағаштарды жойып, жаяу жол салды. Сондай-ақ саябақты жарықтандырып, көшеттер  отырғызды. 37 млн. 678 мың теңге қаржы жұмсалған жобаның нәтижесінде ауыл ортасындағы саябақ халық тынығар жайлы орынға айналды. Мұндай шаруа Жаңа өмір, Аңқаты, Ақжайық, Шаған ауылдық округтерінде де орындалды. Сонымен бірге Социализм мен Ұзынкөл ауылдарында балаларға арналған ойын алаңы  ашылды.

Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бірыңғай бағдарламасы аясында әлеуметтік-мәдени нысандар жаңаруда. Мыңдаған түлекті қанаттандырып ұшырған Приречный ЖОББМ, №1 Федоров жалпы орта білім беретін мектептерінің ғимараты 50 жыл бойы күрделі жөндеу көрмей, қызмет еткен екен. Күні кеше қазан айында Приречный мектебінің жаңарған ғимараты  оқушыларға есігін айқара ашты. Сөйтіп, 100 млн. теңгеден астам қаржыны игерген «БатысСтройСервис» ЖШС жұмысты сапалы атқарып, шартта көрсетілген мерзімде бітірді. Ал №1 Федоров ЖОББМ-ның ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп жатқан «Алатау Алдан Агро» ЖШС жұмысын алдағы ақпанда аяқтауы тиіс. Жалпы құны 160 млн. теңге тұратын жобаны іске асыруды 70 адам (оның 25-і – ауыл тұрғыны) қызу еңбек етуде. Ал кәсіпорын басшысы Сансызбай Қабиев нысанды мерзімінен бұрын Тәуелсіздік күніне орай тапсыруды межелеп отыр. Бұл құрылыс кәсіпорны қарқынды жұмыс істеуді үрдіске айналдырған. Тек мектепті ғана емес, өздері құрылыс жүргізіп жатқан мәдениет үйін де мерейлі мереке қарсаңында ел игілігіне бермек.

Құны 27 млн. 068 641 теңге тұратын бұл жөндеу мәдениет үйін әрлендіріп, қызмет ету аясын кеңейтері анық.

Теректі ауданы жағырапиялық орналасуы жағынан инвесторлар үшін ерекше тартымды. Тіпті соңғы кезде индустриалды маңызға ие болып келеді. Мысалы, темір жолдың бойындағы Алғабас бекетінде, Богданов ауылдық округінде «АВS-Мұнай» ЖШС шетелдік компаниямен бірігіп, ірі технологиялық зауыт құрылысын жобалап отыр. 2017 жылы басталатын құрылысқа 300-ден астам жергілікті тұрғын тартылмақшы. Республикалық маңыздағы тас жолға дейін 18 шақырым жерге асфальт төселді. Сөйтіп, бірнеше жылдан бері төрт ауылдың: Алғабас, Шөптікөл, Сәрсенов, Қоныссайдың халқын қинаған аудан орталығымен қатынас мәселесі де шешіліп қалды.

Халықтың қолдануына берілген әлеуметтік нысандар мерейлі жылдың мерейін одан әрі тасыта түсті. Өңірдегі ең ірі медициналық қызмет көрсетуші «Талап» АҚ-ның Подстепный амбулаториясы базасында ашқан дәріхана тек дәрі-дәрмек сатып қана қоймай, есепте тұрған науқастарға тегін дәрі де беруде. Дәл осындай дәріхана Жаңаөмір ауылында да іске қосылды.

Жаңа дүкендер – Ақсуаттағы «Лучик», Федоров ауылындағы «Арлан»  өз қызметімен ауыл тұрғындарының көңілінен шығып отыр.

Осындай күнделікті тіршілігі жағымды жаңалықтарға толы теректіліктердің қатарында көмек беріп, қолұшын созуды ұмытпайтын абзал жандар да бар. Былтыр өзі білім алған алтын ұясы – Долин ауылындағы Чапаев ЖОББМ-ға «Газель» автокөлігін сыйға тартқан жерлес азамат  Сағидолла Еркебаев биыл робототехника кабинетін тарту етті. Жырақта жүрсе де, туған жерін ұмытпайтын жомарт азамат осы мектептің үздік ұстаздары мен шәкірттеріне грант тағайындауды да дәстүрге айналдырған.

Мұқтаж жандарға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетуде де бірқатар шаралар атқарылды. Ақсуат ауылдық округінің аумағындағы мұнай өңдеу зауыты ұжымы Магистральный ауылының тұрғыны Кристина Елфимоваға су жылыту қондырғысы мен 20 мың теңге ақшалай көмек көрсетті.

№17 Теректі сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сәтбаев та халыққа игі істерімен танылған абзал жан. Ол Подстепный ауылының тұрғыны А. Ахметованың мүгедек ұлына Астанада емделуге қар-жылай көмек көрсетіп, ауадай қажет вертикализатор сатып алып берді.

Ауданымыздағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Жайықгидрогеология» ЖШС басшысы Бисен Даумов «Теректі» спорт клубына демеушілік көрсетіп, үш спорт алаңын жөндеп, футбол қақпаларын орнатты.

Ал Ақжайық аудандық ауруханасының бас дәрігері мен оның орынбасары ауылдастары А. Иманғалиеваның жанұясына көмек берді. Олар көп балалы отбасының жеткіншектерін облыс орталығына апарып киіндіріп, қажетті оқу құралдарын алып берген болатын. Сондай-ақ балғындарды дәмханаға апарып, кішігірім мереке жасап, отбасына материалдық тұрғыдан да көмек берген.

Міне, жері шүйгін, халқы жомарт Теректі мерейлі Тәуелсіздік мейрамын осылай қарсы алуда. Ал игі істер әлі де жалғаса бермек. Біз оған сенімдіміз.

Нұрзия  СИСЕНБАЕВА,

Теректі  ауданы


«Қазақстаннан» Қазақстанға

Күні: , 350 рет оқылды

100-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%b5


БИ

Бізде бір жалған бағыт бар, дүниада бізің есі дертіміз би болар, фаленше би десе бізге болады, халифа да сол, бәрі де сол, шаруаны мұтамыз, жалғыз атды жауыр етіб, брауител ыстаршинаның артында жүргеніміз. Бұл би өзі законді оқымай-ақ біледі, бұлайша оқымай білген тегін законды айасын ба, анаған да, мынаған да үйретеді.


Енді «тентек молланың тегін дұғасы» етіп біреу би келгенде мал сойыб бермесе, онсын ол адам ол биден жақсылық күтбейді, ол да бір-екі күн өте ме, өтбей ме, байағы биге мал сойыб бермеген күнәлі байға шауыб шабар келеді. «Ие, сені фаленше бидің ғарызы бойынша ыстаршина шақырыб жатыр!» дейді. Байдың жүрегі сонда зуылдайды, «құрғырдан бекер бір тоқтыны айаған екенмін» деб ішінен күңкілдейді, атын ерттей береді, ыстаршина шақырғансын амал бар ма, келеді, байағы би қожырайыб ыстаршинаның қасында отырады.

Ыстаршина: «Фаленше деген сен бе?» – «Мен» дейді бай. «Сен болсаң мына фаленше би сенде фален сом алажағым бар деб ғарыз берді, екі кісі айғағы бар» деб, байағы бидің ғарзысын мағлұм етеді. Момын байғұс ақ безер де көк безер болады, ахырында ыстаршинаға айтады:

— Тақсыр, келісіне қарасаңызшы, фаленше бидің жайы өзіңізге мағлұм ғой, шай алыб ішуге ақшасы жоқ кісі кісіге қарыз ақша бере алар ма? – деб.

Сол арада екінші бір би: «Фәленше, мұнда келіңізші» — деб, әлгі момын байғұсды сыртқа шығарыб алыб кетеді.

— Біз басы-қасында жоқбыз, бізге танық, фаленшенің жаман-жақсы болса да би атағы бар еді, сен болсаң бір момын шаруа байғұс едің, фаленшенің сенен жасы кіші болмаса, ат арқасына мінгендігі бар еді, сен өзіңе шақырыб қонақ ет де, шоған орнына бір 3 сом бере ғой, «сіз еңбек, біз көйлек» — деб би тоқтайды. Момын байғұс қабырғасы менен кеңесіб, не үшін қонақға шақыратынын уа не үшін 3 сом беретінін біле алмай, көб отырады, «сары жаудың бәрі жау», бұ би біт деб отыр, бұның тілін алмасам, бұ да маған соны етеді ғой, қой құрсын, бітейін» деген ойына келеді де, — Жақсы, тіліңді алайын, — дейді. Арада жүрген би өкбелеген биге келіб айтады:

— Бір хателік фаленшекемнен болған болар, өкбеңді таста, фаленшекем үйіне шақырады, жүріб қонақ болыңыз.

Сөйтіб момын байғұс күнәсіз жазып, қойын сойыб, қолын қусырыб, ақшасын беріб әрең құтылады.

Біз нағылса да халықдың жаман атағын шығардық, хәкімдер бізім сөзімізге асте нанбайды, «қазақ халқы өтірікші, қазақ халқы фалеқор» деб. Жаным, соған намыстаналық, арланалық, дау-шар орнына кәсіб етейік.

Қазақ

Нөмірі 2, 1 жедді, 1329 жыл №2 (1 желтоқсан 1911 ж.)


Батыс Қазақстан облысы: Тәуелсіздік жылдарының жылнамасы

Күні: , 49 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7%d0%b4%d0%b8%d0%ba-25-kz


2008 жыл

 

25 АҚПАН

Украина Республикасының Президенті Виктор Ющенконың Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов III дәрежелі «Ерен еңбегі үшін» орденімен марапатталды.

Облыс басшысы бұл наградаға ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрі кезінде үкіметаралық комиссияның төрағасы ретінде Қазақстан мен Украина арасындағы экономикалық және мәдени байланысты нығайту және Қазақстандағы Украина жылын өткізудегі қажырлы еңбегі үшін ие болды.


 

26 СӘУІР

Облыста 5-6 балдық жер сілкінісі орын алды. Жер сілкінісінің эпицентрі Теректі ауданындағы Балық цехы ауылында болды. ТЖ департаментінің мәліметі бойынша 123 үйдің қабырғалары жарылған. Жергілікті органдардан құрылған комиссия ауылдағы мектеп пен 11 тұрғын үйдің пайдасыз болғанын анықтады. Зардап шеккендер жоқ. Орал қаласына жер сілкінісінің себептерін анықтау үшін ҚР Ғылым академиясының сейсмология инс-титутының мамандары келді.

 

5 ШІЛДЕ

Астанамыздың он жылдық мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысы Елорда орталығындағы Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысына «Еуразия» гүлзарын жасақтап, астаналықтарға сыйға тартты. Келесі күні мұнда Елбасы келіп батысқазақстандықтардың Астана қаласының мерейтойына жасаған тартуын тамашалады.

 

23 ШІЛДЕ

«Ақжайық» шипажайы қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Облыс бюджетінен бөлінген 150 миллион теңгеге «Әлім» ЖШС-ның құрылысшылары бес қабатты демалыс ғимаратын, асхана мен клубты күрделі жөндеуден өткізді. Құрылысшылар сауықтыру орнына барлық жабдықпен қамтамасыз етілген бильярд залын сыйға тартты.

 

24-25 ҚЫРКҮЙЕК

Елбасы облысқа жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жаңартылған ғимаратын көрді. Индустриалды-инновациялық бағдарлама бойынша өсімдік майын өндіретін зауыттың жобасымен танысты. Сондай-ақ жаңадан салынатын жылыжай құрылысы мен 5 мың ірі қараны бордақылайтын кешеннің жобасы Елбасының назарына ұсынылды. Президент 7-ықшамауданындағы «Балбұлақ» балабақшасының ашылуына қатысты. Облыс активі жиналысында Мемлекет басшысы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қызметіне жоғары баға берді.

 

10 ҚАЗАН

Қала іргесіндегі Зеленов ауданының Новенький ауылы маңында жаңа газтурбиналы электр стансасының алғашқы кірпіші қаланды. Қуатты 54 МВТ болатын ГТС Орал қаласының солтүстік-шығысындағы жаңа ықшамаудандарды электр және жылумен қамтамасыз етпекші.

 

3 ҚАРАША

Теректі ауданының екі ауылы – Аңқаты және Сарыөмірде 78 отбасы бірден қоныстойын өткізді. Жер сілкінісінен зардап шеккен Балық цехы тұрғындары осы ауылдарда салынған жаңа үйлерге қоныстанды. Тұрғындарды қоныстойымен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтап, оларға жаңа үйдің кілттерін және теледидарды сыйға тартты.

 

2009 жыл

 

26 АҚПАН

Чехия Республикасының делегациясы облысымызда болды. Делегация құрамында бизнес, энергетика, өнеркәсіп, коммуникация және өзге де салалардың өкілдері бар. Айта кетейік, облыста сегіз Қазақстан-Чехия біріккен кәсіпорны жұмыс істейді. Батыс Қазақстан облысы мен Чехия Республикасы арасындағы тауарайналым 2,1 млн. долларды құрайды. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаев екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтып, экономикалық байланыс жақсара түседі деген сенім білдірді.

 

8 МАМЫР

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Деркөл ауылында жаңа көпір пайдалануға берілді.

 

14 ҚЫРКҮЙЕК

Жерлесіміз, Қазақстанның халық әртісі, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жасқа толуына орай мерейтойлық шаралар өтті. Шара алдымен оның туған жері Қаратөбе ауданында басталды. Аудан орталығындағы саз мектебіне оның есімі берілді. Орал қаласындағы жастар сарайының жанында ескерткіші орнатылды. Оның ашылуына арнайы келген әншінің қызы Сәуле Құрманғалиева әкесінің есімін ардақтап, оның атындағы көше, гүлзар ашқан жерлестеріне алғысын білдірді.

 

21 ҚЫРКҮЙЕК

«Жайық Пресс» ЖШС жаңа ғимаратының тұсаукесері өтті. Бұл шара облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газетінің тарихындағы елеулі оқиға болды. Көп жылдар бойы өздерінің жеке қонысы болмаған журналистер үшін жаңа ғимаратты облыс басшылығы сыйға тартты. Оның үстіне қазіргі заманғы баспа жабдықтарымен қамтылған баспахана ашылды. Мұндай баспахана еліміздің батыс өңірінде ғана емес, республикада бірінші рет ашылып отыр. Жабдықтар Жапония, Италия және Үндістаннан жеткізілді. Журналистердің қуанышын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев және бірқатар республикалық басылымдардың бас редакторлары бөлісті.

 

20 ҚАРАША

Облыстық клиникалық ауруханада офтальмологиялық бөлімше ашылды. Бұл бөлімше Қазақстан мен Ресейдің біріккен жобасы негізінде өмірге келді.

 

26 ҚАРАША

Мұратсай – Орда газ құбырының құрылысы аяқталып, облыстың ең шалғайдағы елді мекеніне 41,3 шақырымдық газ құбыры тартылды. Соған орай Хан ордасы ауылында көгілдір отын алауы жағылды.

 

27-28 ЖЕЛТОҚСАН

Теректі ауданының орталығында жаңа мәдениет үйі ашылды. Мұны Федоров ауылының тұрғындары біраз жыл бойы күтті. Оның ашылуына қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов соңғы екі жыл ішінде облыста 72 мәдениет нысаны салынғанын айтты.

 

2010 жыл

 

12 НАУРЫЗ

М. Өтемісов атындағы БҚМУ басшылығы Түркияның Анкара қаласындағы Гази университетімен ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қойды. Келісімшартта көрсетілгендей, батысқазақстандық студенттер Түркия елінде туризм, шет тілі мамандықтары бойынша іс-тәжірибеден өтеді, ғылыми конференцияларға қатысады.

 

30 НАУРЫЗ -5 СӘУІР

Орал қаласында бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтің жүлдесі үшін халықаралық турнир өтті. Оған Қазақстанның облыстарынан және Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркиядан жүзден астам спортшы қатысты. Жарысқа келген қонақтар арасында әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы, оралдық бапкер Қ. Уақасовтың шәкірті Роман Кармазин болды.

 

28 МАУСЫМ

«Қарашығанақ – Орал» газ құбырының екінші кезеңі аяқталып, Сырым және Қаратөбе аудандарына табиғи газ берілді. Тұрғындардың қуанышымен ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев пен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бөлісті.

 

22 ШІЛДЕ

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов келді. Сапар барысында ол Зеленов ауданындағы «Кроун Батыс» ЖШС-ның мал бордақылау кешенінде болып, Орал қаласында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған №5 емхананың ашылу салтанатына қатысты. «Тұрғын үй – жастарға» бағдарламасы бойынша 90 пәтерлік түрғын үйден пәтер алған жас отбасыларға пәтердің кілтін табыс етті.

 

30 ШІЛДЕ

Облыстық мәслихаттың шешімімен «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы жерлестеріміз, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, ақын Жұбан Молдағалиевке, халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Қадыр Мырзалиевке, Қазақстанның халық әртісі, композитор Ескендір Хасанғалиевке берілді.

 

1 ҚЫРКҮЙЕК

«Қазақстан» РТРК Батыс Қазақстан филиалы өзінің бағдарламаларын облыстың барлық аумағына таратуға қол жеткізді. Қазір олар тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Осы кезге дейін көптеген аудан тұрғындары «Қазақстан-Орал» телеарнасының хабарларын көре алмайтын. Бұл мәселені шешуге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі араласып, облыстық бюджеттен телехабар тарататын және қабылдайтын жабдықтар сатып алуға 110 миллион теңге қаржы бөлді.

 

8 ҚАЗАН

Орал қаласында мұнайшылар мен геологтар аллеясы ашылды. Жаңа гүлзардың ортасына Қазақстандағы алғашқы мұнайшылар мен геологтардың ескерткіштері орнатылған.

 

18 ҚАРАША

Облыстық қазақ драма театрында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбаев пен халық ақыны Фариза Оңғарсыновамен кездесу өтті. Олармен бірге белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те болды.

 

29 ЖЕЛТОҚСАН

Орал қаласының Зашаған ауылында 200 кереуеттік жаңа үлгідегі көпбейінді балалар ауруханасы пайдалануға берілді.


Қайрат батыр (поэма)

Күні: , 302 рет оқылды

9745462f-3542-4e04-902c-6e9ab11fecd3_mw800І.

Төбешіктен  бодан  ел  әрі  аспайды,

Бұл  пікірмен  еш  адам  таласпайды.

Қазақ  деген  тулаған  теңіз  еді,

Ал  теңізге  момындық  жараспайды.

Төздірмейтін  бұғауға  халқымды  ары,

Шығармадық  санадан  ол  күнді  әлі.

Қазақ  дейтін  теңіздің  қайда  кеткен

Асау  әрі  екпінді  толқындары?!

Тимеу  үшін  кесапат  адамдыққа,

Күресе  біл,  керексе,  одан  да  ықпа.

Қалай  тыныш  жатты  екен  жарты  ғасыр,

Буырқанып,  шамданбай  бодандыққа.

…Теңдік  сұрар  іздейді  өлкем  ерін,

Аңыз  қылып  жырлайтын  ертең  елім.

Жарты  ғасыр  өтіпті-ау,  залым  билік,

Өлтіргелі  Алаштың  серкелерін.

Алып  елдің  білген  бе  құлайтынын,

Бұрын-соңды  болмайтын  бұлай  тыным.

Жарты  ғасыр  содан  соң  ер  шықпады,

Азаттықты  ақырып  сұрайтұғын.

Мекенімде  қалдырды  құтымды  аз-ақ,

Отаршылдар  далама  түкірді  азап.

Бодандыққа  еті  өліп,  рухы семіп,

Көнбіс  болып  кеткен  бе  бүкіл  қазақ?!

Жо-жоқ,  асып-тасқанды  қылыш  шаппақ!

Қиянатшыл,  зорлықшыл  ұрыс  таппақ.

Қалың  елден  бір  батыр  туу  керек,

Алып  теңіз  қашанғы  тыныш  жатпақ!?

                                        *  *  *

Бұл  халықтың  байлығы  мүлкі – жыры,

Ерлер  жайлы  жырлайды  түркі  жыры.

Жиырмасыншы  ғасырдың  кешегі  өткен,

Еді  алпыс  алтыншы,  жылқы  жылы.

Жүрегіне  иманнан  дән  еккеннің,

Алла  берер  тілегін  дәметкеннің.

Он  үшінші  наурызда  бір  ұл  туды,

Ноғайбай  мен  үйінде  Дәметкеннің.

Дүркіретіп  өткізіп  жатыр  тойды,

Ата-анасы  тереңге  батырды  ойды.

Өршіл,  қайсар,  намысшыл  болса  екен  деп,

Нәрестенің  Қайрат  деп  атын  қойды.

Долы  өзендей  арыны  арқыраған,

Дараланды  секілді  Алтын  адам.

Тай  күнінде  танылған  тұлпардайын,

Бала  болды  ол  маңдайы  жарқыраған.

Елдің  қамын  жүретін  ойлап  дара,

Ескертетін  бұзыққа  жайлап  қана.

Болмысымен  разы  қып  айналасын,

Алғыр  болып  ер  жетті  Қайрат  бала.

                                        *  *  *

Өмір  бойы  деп  өтер  «халқым, елім»,

Бодандықтың  көгінде  ол  күн  еді.

Қайрат  батыр – өр  теңіз  тебіренгенде,

Туған асау,  сұрапыл  толқын  еді.

Студенттік  шағында  көрінді  бұл,

Зор  еңбекпен  жабады  жеріңді  гүл.

Тәуелсіздік  күнінен  ер  ісінің,

Арқасында  далама  төгілді  нұр.

                                       ІІ.

Олар  қорқақ  емес-ті  тұрып  қалар,

Жас  жанымды  демеді  суық  шалар…

Желтоқсанның  ызғарлы  он  алтысы

Алматыда  дүңк  етті  суық  хабар.

Ел  үніне  партия  тас  атыпты,

Батпан  құйрық  Колбинге  асатыпты.

Он  сегіз-ақ  минуттық  жиналыста,

Қонаевты  орнынан  босатыпты.

Шектен  шықты  қазақты  шектегені,

Қандай  қорлық  қиянат  етпеп  еді?!

Бодандықта ашынған  ашулы  елге,

Осы  ғана  еді  енді  жетпегені!

Бұқараға  жебе  қып  атпа  мұңды,

Саны  аз  ұлтқа  миуалы  бақ  тарылды.

Ашу  толы  төзімнің  кесесіне,

Соңғы  тамшы  тамды  да,  ақтарылды.

Қауым үшін бес тиын бағаң жоқта,

Жалын жұрттың ішіне алау жақпа!

Қаны қыз-қыз қайнаған студенттер,

Топ-тобымен ағылды алаң жаққа.

Жиырма  жасар  жігітті  баласынба,

Емдесе  елдің , наласын,  жарасын да.

Шындық  іздеп  шарқ  ұрған  өр  жастардың

Қайрат  ер  де  бар  еді  арасында.

«Жан  шыдамас  төзіп  ек  азапқа  да

Сабырымыз  қалды  енді  аз-ақ  қана.

Ұл туғанда  аналар  қалжа  жеген,

Тізгін ұстар ерлер бар қазақта да!

Әркімге  ыстық  өз  үйі,  өз  төсегі,

Алтын  барда  не  керек  жез  кесегі?!

Қайта  берсін  еліне  Колбин  жолдас,

Билеу  керек  әр  ұлтты  өз  көсемі!».

Жас  батырлар  осылай  ұрандады,

Озбырлыққа  шыдап  еш  тұра  алмады.

Зорлығына  жыртқыштың  қарсы  шықты,

Қайсар  елдің  тастүлек  қырандары.

Жетер  енді,  қазағым,  шыдағаның!

Көре  тұра  ұл-қызың  жылағанын.

Жер  жаңғыртып  алаңда  шырқады  олар,

Жұмекен  мен  Шәмшінің  ұран  әнін:

«Алтын  күн  аспаны,

Алтын  дән  даласы,

Думанды  бастаған,

Далама  қарашы.

Кең  екен

Жер  деген,

Жерге  дән  шықты  ғой.

Дән  егіп  терлеген,

Қазағым  мықты  ғой!

Менің  елім,  менің  елім,

Гүлің  болып  егілемін,

Жырың  болып  төгілемін,  елім,

Туған  жерім менің  –  Қазақстаным!

Сағымды  далам  бар,

Сабырлы  көлім  бар.

Қараңдар,  жарандар,

Осындай  елім  бар.

Қарсы  алған  уақытты,

Ежелгі  досындай.

Біздің  ел  бақытты,

Біздің  ел  осындай!

Менің  елім,  менің  елім,

Гүлің  болып  егілемін,

Жырың  болып  төгілемін,  елім,

Туған  жерім  менің  –  Қазақстаным!».

Найзағайдың  орнына  жай  қаларын,

Сәйгүліктің  соңында  тай  қаларын.

Қайран  жастар  білмеді  көп  ұзамай,

Әнұранға  бұл  әннің  айналарын.

Қамшылады  өз-өзін  қайрап  батыр,

Өн  бойында  бұлқынып  қайрат  жатыр.

Жиырмасында  жасындай  жарқылдап  жүр,

Ноғайбайдың  баласы  Қайрат  батыр.

«Бар  қазақтың  ашынған  дауысымыз,

Ұлтын  сүйген  ұландар  қауышыңыз.

Үш  күн,  достар,  шыдайық,  шыдай  алсақ,

БҰҰ-ға  да  жетеді  дауысымыз».

Деп  Қайрат  ер  тынымсыз  жар  салады,

Жігеріне  көрген жан  тамсанады.

Көппен  бірге  болмауды  сын  сағатта,

Әр  жас  қазақ  өзіне  ар  санады.

                                       ІІІ.

Ақиқатқа  бөгет  боп  асқар тұрды,

Сол  асқарға  ақырып  жастар  тұрды.

Залым  билік  жастарды  таратам  деп,

«Құйын»  атты  сұрапыл  жоспар  құрды.

Баһадүрлер  алаңда  ән сап  тұрды,

Еркіндікті,  елдікті  аңсап  тұрды.

Қорғаны  жоқ  жастарды  қаруы  жоқ,

Бес қаруы сай әскер қоршап тұрды.

Шындық  құнын  не  дерсің  кеш  білерге?!

Адамдардың  тағдырын  шешті  пенде…

Шабуылын  төбеттер  бастап  кетті,

«Алға!»  деген  айтақты  естігенде.

Шабуылын  төбеттер  бастап  кетті,

Кейбір  жасты  айбары  жасқап  кетті.

Кейбір  жасты  киімін  сыпырып  ап,

Айдалаға  аязда  тастап  кетті.

Қауіп-қатер  дегенің  бөгет  пе  ерге?!

Ерлігімен  ер  өзін  елетті  елге.

Қарақшылар  алаңда  қыз-жігітті,

Талатқызды  қабаған  төбеттерге.

Ерлер  ғана  ел  жүгін  көтереді,

Сұм  жендеттер  соны  ұқсаң  не  етер  еді?!

Бас-көз  демей,  қыз  демей, жігіт  демей,

Сапер  күрек,  дойырмен  төпеледі.

Қатар  тұрып  айқасты  ар  мен  мүдде,

Жүрегім  ел  қорғаған  жанмен  бірге.

Жерге  батыр  жастардың  қаны  сіңді,

Рухы  сіңді, әлбетте,  қанмен  бірге!

Анықталды  санасы  саяз  ұл  да,

Анықталды  деңгейі  таяз  ұл  да.

Су шашты  өрт  сөндіргіш  машинамен,

Желтоқсанның  қақаған  аязында.

Ғажап  ұлттың  еркесін,  ғажап  қызын,

Инабатты,  ибалы,  озат  қызын.

Ата-анасы  аялап  әлпештеген,

Шаштан  сүйреп  қор  қылды-ау  қазақ  қызын!

Қаруы  жоқ  жастарға  басынар  тек,

Сұм  жендеттер  әлі  алда  тосылар  көп.

Жатқызды  олар  көк  мұзға  аруларды,

«Қазақтарды  туатын  осылар»  деп.

Қорлағанда  осылай  қарындасын,

Жігіт  қалай  намыстан  жарылмасын?!

Жалаң  қолмен  Қайраттар  төбелесті,

Ыза  кернеп,  тынысы  тарылғасын.

Түк  бітірмес  қарусыз  топ  жігіт  те,

Болғанымен  алапат  от  жігіттер.

Әскер  темір  құрсанған  шыдата  ма,

Сұлап  жатты  қан-жоса  боп  жігіттер.

Себепкері  зұлымдар  жамандықтың,

Жеңілсе  де,  ықпайды одан мықтың.

Қырдың  қызыл  гүлдерін  жаныштады,

Ауыр  батпан  табаны  бодандықтың.

Жәбірлеумен  сан  жыл  қор  тұтқаны  шын,

Көк  сүңгісін  зорлықтың сұққаны  шын.

Жаншығанмен жастардың  ереуілін,

Жанши  алған  жоқ  бірақ  рух-намысын!

Жалған  хабар  жан-жаққа  таратылды,

Жүректерде  жазылмас  жара  тұрды,

Қайран  жастар  әділдік  іздеп  шыққан,

Долы  күшпен  аяусыз  таратылды.

Жем  боп  жатса,  аяусыз  дұшпанға  елі,

Тыныштықтың  көгінде  ұшқан  ба  ері?!

Желтоқсанда  көрінді  зұлымдардың,

Ызғарлырақ  екені  қыстан  гөрі!

Өлімші  қып  сан  жасты  жаралады,

Бар  қазаққа  Желтоқсан  нала-дағы.

Адамдарға  лық  толды  аурухана,

Жындыхана,  түрмелер  қаладағы.

Халық  сақтай  қоя  ма  ұзақ  ізет?

Кеткеннен  соң жолдағы  тұзақ  үдеп?!

Сайқал  билік  жастарды  айыптады

Нашақор  деп,  маскүнем,  бұзақы  деп.

Ел  азаттық  тілейді,  жұрт  азаттық,

Жарқын  өмір  сүрудің  кілті  –  азаттық.

Студенттер  бастаған  бейбіт  шеру,

Арпалысқа  ұласты  ұлт-азаттық.

Тоздырды  әбден  қазақтың  даласын да,

Былғады  әбден  қазақтың санасын  да.

Алматыда  басталған  бейбіт  шеру

Болып  өтті  елдің  көп  қаласында.

Нағыз  ерлер  сын  сәтте  ақырады,

Ақырады,  ашуын  шақырады.

Арктика  мұзындай  қатқан  жүйе,

Желтоқсанда  алғаш  рет  қақырады.

Алмағайып  кезде  елден  қашқан  оңбас,

Сужүректі  алдынан  тосқан  алмас.

Желтоқсанда,  отаршыл  мемлекетте,

Болат  ірге  сөгіле  бастады  алғаш.

Ел  ашуы  бейне  бір  сұсты  алмас,

Бірлігі  нық  жұртты  еш  күшті  алмас.

Бодандықтың  мызғымас  жартасына,

Желтоқсанда  жарықшақ  түсті  алғаш.

Саха,   Якут  елдіктің  қалады  әнін,

Шектен  шығып  Мәскеудің  алалауы.

Әзірбайжан,  Грузия,  Өзбек,  Қырғыз,

Көтерілді  Балтықтың  жағалауы.

Қарақшылар  лайлады,  ластап  елді,

Жастар  жолда  бөгетке,  тасқа  көнді.

Шүйлігіп  ап,  құзғындай  сұм  жендеттер,

Батырларды  қудалай  бастады  енді.

Қасқыр  итке  сорлатты  талатты да,

Түсті  ізіне  жастарды  таратты  да.

Туысының  үйінен  ұстап  әкеп,

Ер  Қайратты  қамады  абақтыға.

Ертеңіне  ел  сенген басты үмітке,

Қараулыққа, ездікке қас жігітке.

Өлтірдің деп жасақшы Савицкийді,

Жала жапты бейкүнә жас жігітке.

Шибөрілер көкжалды талағаны,

Неткен сұмдық!

Ездердің қалағаны.

Темір торға сыя алмай аласұрды,

Бөрі елдің арланы, абаданы.

Қыран бүркіт торықты тор қапаста,

Тұнып тұрды ызалы зар қапаста.

Батыр болған Қайрат ер жиырмасында,

Күңіренді, қамықты тар қапаста.

Пәк болатын көктемдей таңы таза,

Ол жас өскін гүл еді нәрі таза.

Қасірет пен қайғыдан құса болды,

Жаны таза жас батыр ары таза.

Бостандыққа  бұла  күш  бұлқынады,

Ызаланып,  айқай  сап  жұлқынады.

«Мұны  неге  кием?!»  деп,

Үстіндегі

Қара  ала  киімін  жұлқылады.

Саф  ауаны  сағынып  сар  даланы,

Еркіндікке  есіл  ер  зар болады.

Айыбының  біле  алмай  не  екенін,

Айыбы  жоқ  қайран  жас  дал  болады.

«Өмір  бойы  жолым  болып көрмеді,1

Жылап  келем  бұл  дүниеге  келгелі.

Қайғы  шаңы  басты  менің  денемді,

Түспейді  шаң  сілкінсем  де  мен  енді.

Тағдыр  мені  аямады,  қорлады,

Жалынсам  да,  жыласам  да  болмады.

Қараңғы  өмір  бақытым  жоқ,  жоқ  менің,

Армандаған  ақ  сәулеге  жетпедім.

Жолдаған  сәлемімді  дос  алмады,

Шын  ба  екен-ау  тас  керең  боп  қалғаны.

Айта  берем,  айта  берем  қайбірін,

Ауыр  менің,  ауыр  менің  тағдырым».

Мұңын  шақты  осылай  өлеңіне,

Сырын  ашты  алайда  керегі  не?!

Дәлелдейтін  жазықсыз  екендігін,

Куәгерін  жендеттер  еледі  ме?!

Сұм  жендеттер,  жазаңды  аласың  көп,

Бұйрық  берді  Қайратты  сабасын  деп.

Ұрып-соқты,  көк ала  қойдай  қылып,

Кісі  өлімін  мойныңа  аласың  деп.

Жақсылықтың  ескермей  кеңес-үнін,

Түбін  шайқап  елдің  мық   шегесінің.

Баһадүрге  залымдар  ине  тықты,

Сау-тамтығын  қалдырмай  денесінің.

Сонда  да  ер  шыдады,  мойымады,

Сенді  алда  болар деп  тойым  әлі.

Жау  қолына  тұтқынға  түсіп  қалған,

Батырлардай  бұрынғы  мойымады.

Ақиқаттың  иланды  келеріне,

Толған  кезде  әділдік  кемеріне.

Болса-дағы  шерменде,  шек-шүбәсіз

Сенді  Қайрат  шындықтың  жеңеріне.

Қылмыскерге  жендеттер  телідің  бе?!

Аямадың  елімнің  елігін  де.

Алаңда  ерлік  көрсеткен  болды  қыздар,

Абақтының  басқа  бір  бөлігінде.

Әрнені  бір  қиялдап  жатыр  жігіт,

Мың  еркекке  бір  өзі  татыр  жігіт.

Жолдады ол  қыздарға  құттықтау  хат,

Сегізінші  наурызда  батыр  жігіт:

«Шын  жүрек  ақ  көңіліммен,2

Алғашқы  көктемнің  күлімдеген.

Құттықтаймын  8  март  мерекесі,

Халықаралық  әйелдер  күніменен!

Құттықтаушы  ағаларың,

Жәрдем  берер  жағаларың.

Қыздар  үшін  тар  қапасқа,

Келіп  түскен  тұлпарларың».

Өн  бойында  жарқырап,  нұр  үстіңде,

Өлең  атты  кеседен  жыр  іштің бе?

Құттықтауын  қарашы  қарындасты,

Өз  тағдыры  тұрғанда  қыл  үстінде!

Бабалардың  ту  етіп  әз  арманын,

Есіл ерге  мен  де  бір сөз  арнадым.

Қайрат  батыр  жаралы  жолбарыс  қой,

Өз  тоғайын  қорыған, өз  орманын.

Көкейінде  бар  асыл  сөз  ойлының,

Сөзді  ұқпастан  суыдым,  тез  айныдым.

Лашын  құстың  жасқанбай  тепкісінен,

Қызғыш  қой  ер  қорыған  өз  айдынын.

                                       V.

Келешекке  арызы,  хаты   толды,

Қасіреттің  ішіне  оты  толды.

Бір  жарым  жыл  түрмеде  отырған  соң,

Көп  күттіріп  Қайраттың  соты  болды.

Қаймықпаған  жауыннан,  оттан  Қайрат,

Сескенбеген  жасыннан,  оқтан  Қайрат.

Жазықсыз  жас  жігітті  ақтайды  деп,

Әділдікті  күткен-ді  соттан  Қайрат.

Жыртқыш  қоғам  тигізді  көп  кесірін,

Кенет  етті  жария  дөп  кесімін.

Сот  алайда  сенімін  ақтамады,

Айтты:  «Ату  жазасы»  деп  шешімін.

«Азамат  сот  осылай  кәрін  септі,3

Кәрін  септі,  жас  гүлге  өлім  септі.

Жалғандықпен  жаза  алып  жанға  батты,

Шындықты  таптап,  сот  кетіп  бара  жатты.

Жас  баланы  өр  тағдыр  өкпелетті,

Жалғандықпен  заманым  шетке  тепті!

Жала  жауып,  жалған  көрсетуші,

Куәгерлер  мерейі  көкке  жетті».

Тағдырының  қараңғы  түні  бітпей,

Қинаса  да  алдынан  күні  күтпей.

Өсіп  тұрған  емендей  жел  өтінде,

Үкімді  ер  тыңдады  шімірікпей.

Кеудемізге  шам  қылып  жақтық  сөзін,

Бойтұмар  қып  жалынды  тақтық  сөзін.

Батырларша  қасқайып  тұрды  Қайрат,

Жар  салғанда  атақты  ақтық  сөзін:

«Ал  енді  қазір  неткен  күн,4

Орыстан  ынсап  кеткен  күн.

Тізесі  қатты  батқан  соң,

Шыдамастан  ақыры,

Қарғыс  атқан  алаңда

Қарғыс  атқыр  жеткен  күн.

Қаймана  қазақ  қамы  үшін

Қарусыз  шықтық  алаңға.

Алыстан  әскер  алдырып,

Қырып  салды-ау  табанда.

Сөйлесем  даусым  жетпейтін

Кез  болдық  мынау  заманға.

Шовинизм  еді  ғой

Басты  себеп  жанжалға.

Екі  жүзің  қырылып,

Екі  жүзің  ұрылып,

Екі  жүзің  сотталып,

Жоқтаусыз  кетіп  барасың!

Қатарым  жусап  қалғанда,

Қыршынымнан  қиылып,

Солармен  бірге  өлсемші-ай!

Артта  қалған  ата-анам,

Арулап  қолдан  көмсеңші-ай!

«Ақтық  сөзің  не?»  деген

Бүгін  қойды  сот  сұрақ.

Айтайын  оны  халқыма:

Жоқ  пиғыл  менде  жасымақ.

Қорлай  да  беріп  қайтадан,

Титыққа  жат  жұрт  жетпесін.

Туған  жердің  намысы,

Бөтен  қолда  кетпесін.

Салт-санадан  айырылып,

Арақтан  ұрпақ  азбасын.

Ел көркейтер  азамат

Қызғаныштан  тозбасын.

Осы  айтылған  ақтық  сөз

Туың  болсын  әрдайым.

Мойныма  алып  жаланы,

Мен  болайын  құрбаның.

Бас-аяғы  сол  болсын

Басыңа  түскен  қатердің.

Ақтық  сөзді  енді  мен

Сотқа  да  бір  айтайын:

Күнәдан  таза  басым  бар,

Жиырма  бірде  жасым  бар,

Қасқалдақтай  қаным  бар,

Бозторғайдай  жаным  бар,

Алам  десең,  алыңдар!

Қайрат  деген  атым  бар,

Қазақ деген  затым бар.

«Еркек  тоқты  –  құрбандық»,

Атам  десең,  атыңдар!

Мен  не  етермін,  не  етермін,

Мен  келмеске  кетермін.

Көрмеген,  қош  бол,  таңдарым,

Көре  алмай  мен  өтермін.

Қош,  аман  бол,  артымда

Ағайын,  туған азамат!

Артымда  қалған  ата-анам,

Ел-жұртым,  саған  аманат!» .

Жас қайыңды  жендеттер  аралады,

Қара  бет  боп  тарихта  қалады  әлі.

Қанжар  болып  қиянат  ер  Қайраттың,

Жазылмастай  жас  жанын  жаралады.

Құса   жатты   жүректе   жара  жатты,

Ауыр  батпан,  зілмауыр  нала жатты.

Кісендеулі  батырды  айдауылдар

Сот  залынан  әкетіп  бара  жатты.

Жалақорлар  мәз  болып  жамырады,

Ағайын  жұрт  егіліп,  зарығады.

Ақырғы  рет  қозымды  иіскейін  деп,

Жасы  сел  боп,  сорлы  ана  аңырады.

Улы  жылан  ананың  ұлын  шақты,

Елге  пана  теректің  түбін  шапты.

Аруанаға  ботасы  шағым  айтып,

Енесіне  құлыны  мұңын  шақты:

«Айнымадым  өмірлік  сертімнен!  Жоқ!

Ешбір  залал  ешкімге  келтіргем  жоқ.

Кетіп  барам,  апатай,  мен  жазықсыз,

Өлтіргем  жоқ,  ешкімді  өлтіргем  жоқ!».

Құрбандық  қып  батырды  шалып  кетті,

Қастандығы  аяздай  қарып  кетті.

Ана,  бала  арасын  ажыратып,

Есіл  ерді  жендеттер  алып  кетті.

Жастар  жағын  жыртқыштың  қарыстырып,

Намыс  елді  жіберді  барыс  қылып.

Мына  елдер  Қайратқа  ара  түсті:

Венгр,  Польша,  Чех,  Неміс,  АҚШ,  Түрік.

Өңмеңінен  суық  жел  барады  өтіп,

Қайсарлығын  алды  ер  жарақ  етіп.

Горбачевқа  хат  жазды  зиялылар,

Өзгертуді  жазаны  талап  етіп.

Бұл  елдерге  дәт  жетпей  ақыруға,

Ақыруға  не  ашу  шақыруға.

Ауыстырды  жазасын  Қайрат  ердің,

Жиырма  жыл түрмеде  отыруға.

Шерменде  боп  әр  таңды  атырсын  деп,

Зар  жебесі  сәт  сайын  атылсын  деп.

Свердловскіге  батырды  жер  аударды,

Жиырма  жыл  жат  жерде  отырсын  деп.

Бұл  өмірден  не  қызық  баян  тапты?!

Көңілінде  Қайраттың  қаяу  жатты,

Қанішермен  ерді  бір  камераға,

Жол-жөнекей  Семейде  аялдатты.

Құдайдың  ақ  жүректі  құлы  еді,

Бар  қазақтың  Қайрат  ер құлыны  еді.

Бірге  отырған  қанішер  қасындағы,

Мейірімсіз  баскесер  зұлым  еді.

Енді  қашан  бітер  деп  зар  ішер  күн,

Тырнағында  жүр  еді  ер  әлі  шердің.

Ездер  арам  пиғылын  қапияда,

Іске  асырды  қолымен  қанішердің.

… Алда  талай  асқар  мен  шың  бар  еді,

Шығу  үшін  ер  өзін  шыңдар  еді.

Сол  бір  таңда  сезгендей  бір  сұмдықты,

Бозторғайдың  үнінде  мұң  бар  еді.

Әшкерелеп  бар  әлем  тұр  сұмдықты,

Ұға  білсең,  тал  айтып  тұр  шындықты.

Күннің-дағы  қабағы  қатулы-тын,

Түнеріпті  білгендей  бір  сұмдықты.

Қара  жерді  қайғыдан  сілкіндіріп,

Ардан  биік қомағай  құлқын  тұрып.

Ұйқыдағы  батырды  сол  бір  таңда,

Сұм  қанішер  өлтірді  қылғындырып.

Білмей  өткен  жас  өмір  сайранды  ақыр,

Темір  торда  болды  өстіп  ойран  батыр.

Арыстан  ед  ақырған  аждаһаға,

Опат  болды  қапыда  қайран  батыр.

Баһадүрдің  жарқылы  жайдан  да  озбақ,

Халқы  үшін  қанатын  жайған,  маздап.

Ерлігінен  не  көрді  ақырында,

Қыршынынан  қиылған  қайран  боздақ.

Елге  деген  махаббат  шоқ  қылды  оны,

Алаулаған  алапат  от  қылды  оны.

Өзі  күйді  өзінің   жалынына,

Қиянатшыл  заманы  жоқ  қылды  оны.

                                       VII.

Қуат  барда  бойымда  құйындаған,

Құйындаған  жыр жазбау  қиын  маған.

Жиырмадан  енді  асқан  өрімдей ең,

Енді  астым  мен-дағы  жиырмадан.

Қасірет-ай,  жонымнан  таспа  тілдің,

Ел  қамы  үшін  мен  қанша  бас  қатырдым!

Тебірене  жас  ақын  жыр  жазады,

Ерлігінен  қуат  ап  жас  батырдың!

Өлеңімді  қабыл ал,   ел,  ұсынам,

Сәйгүлікті  танырсың  шабысынан.

Жыр  жазады  Алпамыс  ақын  толғап,

Қайрат  ердің  қуат  ап  намысынан.

Қорып  көпті,  көтерді  жүгін  жұрттың,

Болып  кекті,  халқым-ау,  ұлың  мықтың.

Солып  кетті  өмірдің  көктемінде,

Орып  кетті  орағы  зұлымдықтың.

Иліктірем  ездікті,  көндірем  деп,

Қалың  өртке  бір  зауал  төндірем  деп.

Нөсер-жігіт  тым  ерте  сөніп  кетті,

Бодандықтың  алауын  сөндірем  деп.

Топ  бастаған  көсемдер  серке  сынды,

Серкелердің  ғұмыры  келте  сынды.

Бодандықтың  көк  тасын  үгітем  деп,

Қанжар-жігіт  майрылып,  ерте  сынды.

Еркін  айтсын  ұл  әнін,  қыз  әнін  деп,

Әнді  бұзған  сойқанға  ызамын  деп.

Тасқын  жастың  тым  ерте  беті  қайтты,

Бодандықтың  бөгетін  бұзамын  деп.

Тар  көпірде  дағдарып  қалғанда  елі,

Пайда  қымбат  осалға  ардан  гөрі.

Көнбеймін  деп  зорлықшыл  айдаһарға,

Шейіт  болды  тым  ерте  арлан  бөрі.

Түсіп  еді  сынақтың  ауырына,

Мәңгі  үлгі  боп  қалды  енді  қауымына.

Сұңқар-жігіт  тым  ерте  құрбан  болды,

Бодандықтың  қарсы  ұшып  дауылына.

Күллі  алты  алаштың  арысына,

Жыр  арнаймын  қазақтың  барысына.

Тұңғиыққа  тым  ерте кетті  шортан,

Қарсы  жүзіп  бодандық  ағысына.

Қайсарлық  пен  өрлікті  достан  күткен,

Алысқан  ер  қиянат,  қастандықпен.

Аталады  сондықтан  дайым  бірге,

Қайрат  ердің  есімі  бостандықпен!..

Алпамыс  ФАЙЗОЛЛА,

Л. Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық  университетінің  магистранты,

Астана  қаласы 

1  Қайраттың  өз өлеңі  («Менің  тағдырым»)

2  Қайраттың  өз  хаты

3  Қайраттың  өз  өлеңі  («Кешірім беру туралы сұраныс»)

4  Қайраттың  өз  өлеңі  («Ақтық сөз»)


Нар мінезді жан

Күні: , 84 рет оқылды

%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d0%b9-001


Бүгінде алпыстың асқарына шыққан құқық қорғау саласының ардагері Абай Айтқалиевтың адами болмысына «Нар мінезді жан» атауы мейлінше сай.


Абай — Жәнібек ауданының тумасы. Осында өсіп-өнді, мектеп бітірді. Әке-шешесі Ғарифолла мен Нұрзада елге сыйлы, байыпты адамдар еді. Марқұм әкесі де, анасы да есеп қызметінің мамандары болатын. Осындай өнегелі ата-анасының отбасында алты ұл мен қыз тәрбиелі болып өсті. Қазір арасында екі бауыры ғана жоқ. Абайдың әпкесі Зәуреш, інісі Мәлік, қарындасы Зәлия Орал қаласында. Тағы бір қарындасы Ғалия отбасымен атамекенінде тұрады.

Турасы керек, өмірінің 17 жылын құқық қорғау саласына арнаған Абай жас кезінде иығына оқа таққан мамандық иесі болуды ойлаған да, армандаған да жоқ. Ақтөбе облысының Шұбарқұдық стансасындағы өндірістік-педагогикалық техникумды бітіріп, Жәнібек ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеде еңбек етіп жүрді. Әскер қатарына да барып үлгерген. Бір күні оны жақсы танысы, милиция қызметкері, бүгінде марқұм Махамбет Дәулетов жұмысқа шақырды. Ол аудандық МАИ қызметкері болып шыға келді. Уақытының тығыздығына қарамастан Махамбет марқұм жас әріптесін милиция қызметіне аса қажетті машинка басуға үйретті. Хаттамалар толтырудың тәртібін көрсетіп, үнемі ақыл-кеңес беруден жалыққан жоқ. Сөйтіп, Абай жаңа жұмысына біртіндеп бауыр басып, әрі қарай білген-көргенін жетілдіре берді. Өзіне оң көзбен қараған, бүгінде марқұм, сол кезде Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімін басқарған Иса Үмбетов, Асылбек Жаманбаев сияқты әріптес ағаларын құрметпен еске алады. Жоғары кәсіби білім қажеттігін ұғынып, Алматы қаласындағы милиция мектебінде сырттай оқып шықты. Кәсіби жоғары білім алған соң, оның мансаптағы жолы да өрлеп, алға баса берді. Көп жыл облыстық ішкі істер басқармасында жауапты қызметтер атқарып, кейін Қаратөбе ауданында ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болды. 2002 жылы майор шенімен доғарысқа шықты. Алайда қоғамға пайдалы еңбектен қол үзген жоқ. Төрт жыл «Каспий банкте» заңгер-кеңесші болды. Қазір күзет қызметінде еңбек етіп жүр.

Ақтөбелік сүйкімді бикеш Балзиямен көңілі жарасып, отбасын құрды. Бір ұл, бір қыз өмірге келді. Өкініштісі сол, 2008 жылы Балзия ауыр науқастан мәңгілікке көз жұмып, аяулы жарынан айырылып қалды.

— «Қартайғанда кемпірің өлмесін» деген қазақтың сөзі өте орынды екен. Сан жыл қосақтасқан жұбайыңнан көз жазып қалу өте қиын. Әрине, оның ажалы өзіме де, ұл-қызыма да қатты батты. Тіпті ол қызының қызығын да көре алған жоқ. Қазір, шүкір, ұлым үйленді, қызым тұрмыс құрды. Ұл-қызым үмітімді ақтады. Ұлым Тілек төтенше қызмет саласында капитан шеніне дейін өсті. Бүгінде Орал өзен флотында өрт қауіпсіздігін бақылайды. Келінім Әсел жеке меншік кәсіпорында есепші. Қыз-күйеуім Динара мен Жангелдінің де тұрмысы жақсы. Жангелді Мәлік інімнің күйеу баласы Нұрланмен бірігіп ортақ кәсіп ашып, шаруаны дөңгелетуде. «Екі аяқтыда бажа тату» сынды халық даналығының дұрыстығына еріксіз көзің жеткендей, — дейді бүгінде алпыстағы азамат. Әдетте «Жалғыздық Құдайға жарасқан» деген сөз бар. Талай азаматтың жан жары өмірден кеткесін, екінші некеге ұмтылуы әбестік емес қой.

— Келінім өзімді баладай күтеді. Сондықтан үйдегі рухани үйлесімді бұзғым келмейді. Әрі Балзияның да жарқын бейнесі көз алдымнан кетер емес, — деп бұл орайдағы әңгімені қысқа қайырды.

Иә, кезінде милиция қызметі оңай болған жоқ. Талай ұзақ іссапарда жүрсе де, кәсіптік оқуға барса да, марқұм Балзия жұбайын қамықпай күтіп, қиындықты көтере білді. Тіпті сонау жылдары оның ауылдың ең шетінде салынып бітпеген, салқын жаңа үйде де қабағын түйместен, ұлы мен қызын бағып, жанын Аллаға тапсырған күндері аз болған жоқ.

— Ең әуелі үйім салынып, қыс бойы қаңырап бос тұрды. Бір қызығы сол, тап сондай қасымдағы көршінің үйі тоналса да, менің шаңырағымның не терезесін, не есігін ешкім жұлып алмаған. Соған қарағанда ешкімге қиянат жасамағасын шығар, әйтеуір аман болдық. Ал кемшілік пен қателік кім-кімде де болады. Ең бастысы, адамның обалына қалмау ғой, — дейді бүгінде құқық қорғау қызметінің ардагері.

Кәсіптік қызметінің басым көпшілігін тергеушілікке арнаған Абайға әке-шешесінен ауысқан төзімділік пен байыптылық сынды қасиеттер іс жүргізуде көп септігін тигізген. Қай істе де, қай кезде де ол заң шеңберінен шықпай, мүмкіндігінше адамға тым қаталдық жасаудан тартынған екен.

— Бірде Андрей есімді орыс жігіті Жәнібек ауданының Талов ауылынан мал ұрлап, Ресейде ұсталды. Оның ісін тергеп, заң шеңберіне сай сотқа жолдадым. Арада уақыт өткесін ол Волгоград қаласындағы түрмеден босап, 1992 жылдың күзінде мені іздеп келді. «Сізге рақмет, жеңілдеу жазаға тартылып, енді, міне, бостандыққа шықтым», — деді кездесу сәтінде ол. Іштей өзіме өзім риза болып қалдым. Ал келесі жылдың жаңа жылының қарсаңында, алай-дүлей боран, біреу терезені тарсылдатып әкетіп барады. Есікті ашсам, — Андрей. «Запорожец» көлігіне жасыл шыршаны таңып алған. «Абай Ғарифоллаұлы, мынау сізге жаңажылдық сыйлығым», — дейді. Ақ түтек кезінде үйімді қайдан тапқаны да белгісіз. Үйге шақырғанмын, алғысын айтып, жедел жүріп кетті. Көрші Ресейдегі Гмелинский ауылына бара жатыр екен. Ішім жылып қалды. Кейін бір көргенде кәсіби дағдыма салып: «Шырша ұрланған емес пе, осы?!» — деп сұрағанмын. Ол қатты ренжіп: «Мен қазір жамандықты қойдым», — деді. Сірә, сұрағым орынсыз болған шығар, — дейді кейіпкеріміз күлімсірей.

Серік ИХСАНҒАЛИ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика