«Атыңнан айналайын атамекен!»
Ол өсіп келе жатқан қос құлыншағының моңғол тілінде оқығанын қаламайды. Керісінше қыздары өз ана тілінде білім алып, өз елінде ештеңеден тарықпай, білімді болып өскенін қалайды. «Мен қиналсам, қиналайын, тек қыздарым қиналмаса екен. Олар өз ана тілін саналарына сіңіріп, егемен еліміздің дамуына өз үлестерін қосса екен», – дейді Моңғолияның Баян өлгей қаласынан атамекенге оралған қандасымыз Асылбек Дағыс. Біздің кейіпкеріміз Асылбек қазіргі күнде қаламыздағы облыстық қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицейі интернаты жатақханасының меңгерушісі болып қызмет атқарып жүр. Орал қаласында жұмыс жасап жатқанына бір жыл ғана болған Асылбек Дағыс өзін осы жерде 10 жылдан бері тұрып жатқан адамдай сезінетіндігін де жасырмайды. Мектепті моңғол тілінде тәмамдаған ол есейе бастаған шағынан Қазақстанға біржола қоныс аударуды армандаған. Мектепті аяқтаған соң Түркиядағы Измир қаласында жоғары білім алып, қолына дипломын алысымен, қасиетті қазақ жеріне табан тірейді. Содан бері Астана қаласында еңбек жолын бастаған ол қызмет бабымен Орал қаласына ауысады. Біз одан «Алғаш атамекенге келгенде қандай сезімде болдыңыз?» деп сұрадық.
– Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бала кезімізде моңғолша оқыдық. Көп нәрсеге назар аудармадық. Есейе бастаған шақтан елге қайту туралы жиі ойлайтын болдым. Әу бастан-ақ шет елде білім алып, сосын атыңнан айналайын атамекенге оралып, қазақ еліне қалтқысыз қызмет жасасам деп армандадым. Аллаға шүкір, менің армандарым біртіндеп орындалып келеді, – дейді ол.
Үйде тек қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрімізді балаларының санасына сіңіруді мақсат еткен қандасымыздың ата-анасы балаларына үйде өзге тілде сөйлеуге рұқсат етпейді екен. Моңғолиядағы 21-аймақтың бірі саналатын Баян өлгей тұрғындарының 90 пайызы – қазақ. Сондықтан да болар, бұл жердің қазақтары салт-дәстүрлерімізді әлі күнге дейін берік ұстанып, ұлттық болмыстарын жоғалтпаған.
Асылбек бауырымыз бала кезінен мұғалім болуды армандаған екен.
– Мен оқыған мектепте сынып жетекшім ер адам болды. Математика пәнінен де ер мұғалім сабақ берді. Ол кісі мені ылғи қалалық, облыстық олимпиадаларға қатыстыратын. Сол ұстаздарымнан үлгі алдым. Сондықтан да мұғалімдік мамандыққа қызығушылық таныттым. Бірінші сыныпта математикадан логикалық олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанғанмын. Ол кезде медаль болмады, тек диплом беретін. Сол дипломдар әлі сақтаулы. Мектеп бітіретін кезде гуманитарлық саладан гөрі экономика саласындағы мамандықтарға көңілім ауа бастады. Алайда Түркияда өзімді дайындаған ер мұғалімінің сабақ үйретуі, оқушымен қарым-қатынасын көріп математика пәнінен сабақ беретін мұғалім мамандығына тапсырдым. Содан бері мен өз қызметімді ерекше ынта-ықыласпен атқарып келемін, – дейді ол.
Ол өзі қызмет атқарып жүрген облыстық қазақ-түрік лицейінің саф таза ауамен тынығуға қолайлы, табиғаты әсем жерде орналасқанын мақтан етеді. Бұған қоса балалардың тәртібі, білімге ұмтылысының жоғары деңгейде екендігіне шын қуанатындығын жасырмайды. Оралдағы қазақ-түрік лицейінде оқитын 250 баланың жатақханадағы өмірінің мәнді де мағыналы өтуіне атсалысатын да өзі. Сондықтан біздің кейіпкеріміз ата-аналармен тығыз байланыста болып, оларды мектеп өміріне белсенді түрде араластыруды әсте назардан шығарған емес.
Асылбек ініміз Моңғолиядағы ата-анасы, бауырларымен ғаламтор арқылы байланыс жасап тұратын көрінеді.
– Ата-анам – қарапайым еңбек адамдары. Әкем саудамен айналысады. Анам бұрындары тігінші болып еңбек етті. Алдымда екі әпкем, соңымнан ерген бір інім бар. Олардың бәрі балалы-шағалы. Әулетіміз де Отанға оралғысы келеді. Алайда олар қолайлы сәтті күтуде. Өткен жылдары туыстарымыз республикамыздың солтүстік өңіріне қоныстанды. Олар орыс тілін білмегендіктен, аздап қиналып қалғандарын айтып жүрді. Алайда мен елге келген сәттен бастап еш қиындық көрген жоқпын. Өйткені Астанада алғаш қызмет жасаған мекемеде қазақтар көп болғандықтан, ана тілімде еркін сөйлеуге мүмкіндік мол еді. Ал Орал қаласында өз тілімде қойған сұраққа орыс тілінде жауап алған кездерім болды. Осындай сәттерде көңілге кірбің түседі, – дейді бауырымыз. «Оралман» деген сөз бен «Көші-қон» туралы заңның кейбір баптарына көңілі тола бермейтінін айтып қалды…
Асылбек Моңғолия қазақтарының жаз мезгілінде киіз үйде демалатынын айтып, әңгіме тиегін ағытты.
– Жаз айларында ата-анам демалысқа шығады. Сол кезде олар балаларды алып, таудың етегіне киіз үй тігіп, табиғат аясында демалуды әдетке айналдырған. Малды жайлауға шығарып, таза ауамен тыныстап, бие байлап, қымыз ішеді. Біз таудан ағып жатқан таза суды ішеміз. Күн қанша ыстық болса да, тау суы мұздай болады. Атам марқұм мал шаруашылығымен айналысты. Қазір атамның балалары ата таяғын ұстап, еңбек етіп жүр. Олар күн салқындағанша тау етегіндегі киіз үйде тұрады. Бұл денсаулыққа да керім пайдалы, – деді ол.
Асылбек Дағыс өз жұмысын жақсы көреді. Оқушылармен, ата-аналармен бірлесе жасаған қызықты жұмыстың нәтижесінде жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Ол бар болғаны бір жылдың ішінде туыстарындай болып кеткен батысқазақстандықтармен етене араласатынын мақтан етеді.
– Қандастарымызды білімге баулып, өз тілімде бағыт-бағдар беріп жүргеніме шын қуанамын. Өйткені бұл менің арманым еді ғой. 2014 жылы Қазақстанның азаматтығын алдым. Бұл да мен үшін үлкен қуаныш. Алға қойған мақсатым – ғұмырымның жеткенінше қай жерге жолдаса да, қазақ елінің әр бұрышында қазақ өрендерін білімге жетелеу. Қазақ-түрік лицейі халықаралық дәрежеде білім беретіндіктен болар, біздің лицейде кілең білімге құштар балалар жиналған. Солардың өмірде өз орындарын табуына азды-көпті үлесімді қосып жүргеніме ризамын, – дейді Асылбек бауырымыз.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
«Орал өңірі»