Мұрағат: 02.12.2016


Желтоқсаншы Ерболат

Күні: , 68 рет оқылды

%d0%b5%d1%80%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%82


1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқын дүние жүзіне танытты. Бұл еркіндік пен теңдікті талап еткен қазақ жастарының қозғалысы болды. Шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың аман қалғандары өздері аңсаған азаттық қызығын көріп, бүгінде арамызда жүр. Солардың бірі – сол  кездегі жас жігіт, қаратөбелік Ерболат Баянғалиев.


1984 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп, туған жеріне оралған Ерболат Мақашұлы аудандық электр желілері мекемесінде бір жыл қызмет жасап, сол уақытта еліміздің астанасы болған Алматыға жол тартады. Алматы «Поршень» зауытына жұмысқа кіріскен Ерболат өзі сынды жастармен бірге зауыттың жатақханасына орналасады.

— Жастар желтоқсан айының он алтысынан бастап орталық алаңға шеруге шықты. Біз тұратын жатақхана орталық алаңнан онша қашық емес еді. «Орталық алаңда жастар шеруі болып жатыр» дегенді естіп, бір топ зауыт жұмысшылары желтоқсан айының 17-сі күні жұмыстан соң 63-автобусқа отырып, алаңға бет алдық. Кешкі сағат 5-6-ның арасы болатын. Шеруге қатысушылардың арасына еніп кеттік.  Мінберге шығып сөйлеген адамдардың бәрі әуел баста жастарды бейбіт жағдайда таратуға тырысып бақты. Үш сағаттай үгіт жұмыстары жүрді. Мінберге әлемге танымал әнші Ермек Серкебаев ағамыз да шықты. Ашуға булыққан жастар бұл ескертулерге құлақ аспады. Олар алаңнан өткен өрт сөндіргіш көліктерге тас жаудыра бастады. Сағат 23.00 шамасында екі жақтың қақтығысы тұтана түсті. Қараңғы түсе алаңға шыққан шерушілердің көпшілігі алаңнан кетіп те жатты. Бірақ қақтығыс басыла қоймады. Әскерилер мен тәртіп сақшылары  күш қолдануға кірісті. Бірде тас лақтырған жастар оларды шегіндірсе, енді бірде олар күш алып, жастарды ығыстыра бастайды. Жастарды  тұйыққа әкеліп тіреген олар небір жағымсыз сөздермен балағаттап, резина таяқшалармен сабалап, шерушілердің біразын тұтқынға алды. Басымнан соққы алып, жерге сұлап түскен мені әскерилер сүйрелеп келе жатқанда  есім кірді. Көлікке отырғызып, 12-ауруханадан бір-ақ шығарды. Ауруханада емделіп жатқан  мені тәртіп  сақшылары біраз уақыт сауалдың астына алды. Одан құтылуыма аурухана дәрігері Ізбасар ағай мен зауыттағы әріптес Күмісбек аға сынды  ел азаматтарының көп ықпалы болды. Ауылдағы сырқаттанып жатырған әкеме, анама, бауырларыма не айтамын деп те қатты қиналғаным бар. Тәуелсіздік пен азаттық қазақ халқына оңайлықпен келген жоқ. Талап-тілектерін айтуға алаңға шыққан жастар мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламаған болар. Қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде, қинала күрсінеміз. Олардың ерлігі мәңгі ұмытылмайды. Бірнеше ұрпақтың ерлігі мен еңбегі сіңген тәуелсіздігіміз баянды болғай! — дейді Ерболат Мақашұлы.

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы


Асығыңыз, бірер апта қалды!

Күні: , 43 рет оқылды

1409817725-5463-fbpost_1448600295


Облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева жария етуге қатысты кезекті кеңес өткізді. Селекторлық режімде өткен бұл жиынға мүдделі құрылымдардың өкілдері, мүлікті жария ету үрдісіне жетекшілік ететін аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.


Кеңес барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, ҚР Ұлттық банкінің Батыс Қазақстан филиалы мен «Қазпочта» акционерлік қоғамы өкілдерінің, сонымен қатар мүлікті жария ету бойынша қалалық және аудандардағы комиссиялардың атқарған жұмыстары туралы есептер тыңдалды.

Кеңес қорытындысы бойынша аудан әкімдіктеріне ағымдағы жылдың соңына дейін ақшаны және мүлікті жария ету бойынша жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма берілді. Негізі бұл бағыттағы үрдіс 2014 жылғы 1 қыркүйекте басталды. Яғни осы мерзімнен бастап, республика бойынша ақшаны және мүлікті жария ету бойынша акция өткізілді. Бұл акция бойынша құжаттар қабылдау мерзімі мүліктер үшін 2016 жылдың 30 қарашасында аяқталды. Ал ақшаны, яки қаржы-қаражатты жария ету 2016 жылдың 25 желтоқсанына дейін жалғасады. Демек, ақша көздерін, қаржы-қаражат капиталын жария етудің мәреге жетуіне біразырақ күн ғана қалды, асығыңыз!

Ел-жұртты аталмыш акцияның мән-мақсаты мен мерзімінен хабардар ету мақсатында облыс бойынша 2014-2016 жылдарға арналған медиа-жоспар бекітілген болатын. Соған сәйкес мүлікті жариялау тәртібін тұрғындарға ұғындыруға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында 649 мақала жарық көріп, ғаламторлық ресурстарда 910 материал жарияланып, телеарналарда 321 тақырыптық сюжет көрсетілді. Бұған қоса телеарналар арқылы 316 301 рет жүгіртпе жол берілді және 107 билборд орнатылды. Аталмыш акция жөнінде халықты барынша кеңінен құлақтандыру ниетімен қоғамдық көліктерде 278 095 хабарландыру таратылды. 1 383 рет «Ашық есік» күндері өткізіліп, 75 975 жадынама мен бүктеме таратылды.

Облыс әкімдігі мемлекеттік кірістер департаменті және Ұлттық банк Батыс Қазақстан филиалының өкілдерімен бірлесіп, ақшаны мен мүлікті жария етудің жай-жапсарын түсіндіру үшін облыс аудандарында көшпелі кеңестер ұйымдастырды.

Мүлікті жария ету басталғалы бері осы акцияның өтуі туралы жергілікті деңгейде аудан әкімдерінің мүлікті жариялауға жауапты орынбасарларының қатысуымен 5, министрлік деңгейінде 14 селекторлық режімде мәжіліс өтті. Ал аталмыш мәселе бойынша құрылған арнайы комиссияларға мүлікті жария етуге қатысты бағыт-бағдар алу үшін 6 155-тен астам азамат жүгінген.

Сөз соңында ақшаны жария ету түбі көрінген биылғы жылдың 25 желтоқсанына дейін жүргізілетіндігін ел-жұрттың жадына саламыз. Егер әлі күнге дейін жария етпеген ақшалай капиталыңыз болса, асығыңыз, әйтпесе акцияның аяқталуына біразырақ күн, бірер апта ғана қалды!

Өз тілшіміз


«Арнайы көлікке жол бер!»

Күні: , 45 рет оқылды

%d0%b0%d1%80%d0%bd%d0%b0%d0%b9%d1%8b-%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%b8%d0%ba%d0%ba%d0%b5-%d0%b6%d0%be%d0%bb-%d0%b1%d0%b5%d1%80


Осындай тақырыппен ҚР орталық коммуникациялар орталығының облыстық филиалында брифинг өтті. Оған БҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Рашид Біләлов және Орал қалалық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Манарбек Нәжиев спикер ретінде қатысты.


Брифинг барысында спикерлер төтенше жағдай көліктерінің қозғалысына кедергі келтіру көмекке зәру адамдардың өміріне қауіп төндіру екендігін қаперге салды.

— Күн сайын дерлік шаһарымыздың көшелерінде жедел шақырту орнына асыққан, жарқылдақ маягі іске қосылған және арнаулы дыбыстық сигналы бар арнайы өрт сөндіргіш көліктерді көруге болады. Оқиға орнына жедел жету адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін аса маңызды. Алайда көптеген көлік жүргізушілері өздерінің жарамсыз қылықтарымен кейбір адамдарға ажал құштыруы мүмкін екендіктерін ескермейді, арнайы көліктерге жол бермейді. Сондай-ақ бірқатар көп қабатты үйлердің аулаларына кіруге мүмкіндік жоқ. Кіреберіс жолдар бетонды плиталармен, арматурамен жабылған, — дейді Рашид Бекетұлы.

Полиция подполковнигі Манарбек Қатиұлы ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы «Жол жүрісі қағидалары туралы» №1196 қаулысы бойынша, көк немесе қызыл түсті жарқылдақ маягі іске қосылған және арнаулы дыбыстық дабылы бар көлік құралдары жақындаған кезде жүргізушілер осы және оларға ілескен басқа да арнайы көлік құралдарының кедергісіз өтіп кетуін қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Ол сондай-ақ арнайы техникаға жол бермегендер әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің талаптарына сәйкес міндетті түрде жауапқа тартылатынын ескертті.

Нұртас САФУЛЛИН,

«Орал өңірі»


Ынтымақтастыққа 190 ұйым қол қойған

Күні: , 39 рет оқылды

%d1%8b%d0%bd%d1%82%d1%8b%d0%bc%d0%b0%d0%ba%d1%82%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b%d0%ba


Сейсенбі күні ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесі бойынша ынтымақтастық туралы ашық келісімге қосылған ұйымдардың өкілдерімен бірлескен брифинг өтті.


Шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Аманқос Жұбаныш және БҚО «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Әлия Сәлиева тақырыпқа қатысты мәлімдеме жасап, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы ашық келісім әзірлеген. Ол қоғам өміріндегі маңызды сегіз бағытты қамтиды. Бүгінгі таңда 190 ұйым, 2500-ден астам жеке тұлға ашық келісімге қосылу актісіне қол қойған.

Ағымдағы жылы ашық келісімнің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру жөніндегі іс-қимылдың облыстық жоспары жасақталған. 2016 жылдың қараша айында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы мәдениет қайрат-керлерінің, кинематографиялық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы жастар және жастар ұйымдарының, ғылыми және педагогикалық қызметкерлердің рөлі», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы құқық қорғаушы, кәсіподақ мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарының, кәсіпкерлік субъектілерінің рөлі», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы әйелдер ұйымдарының, этномәдени және діни бірлестіктерінің қоғамдағы рөлі» тақырыптарында диалог алаңдары ұйымдастырылған.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңын іске асыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және оның облыстардағы департаменттері тоқсан сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау жүргізіп, анықталған олқылықтарды жою туралы ұсыныстар жасалған.

Бұл жұмыстардың барлығы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес реформаларын іске асыру үшін жүргізілуде.

 

Роман КОПНЯЕВ,

«ТДК-42» телеарнасы:

— Аманқос Сағынұлы, облыстық тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықовтың нақты қандай мәселе бойынша бірнеше айдан бері үйқамақта отырғаны қоғам үшін белгісіз күйде қалып отыр. Ол жайында Ұлттық бюродан мәлімет алу да қиын. Осындай мәселелерге Азаматтық альянс өкілдері неге араласпасқа? Бұл жайында не айтар едіңіз?

 

Аманқос ЖҰБАНЫШ:

— Қазір бұл мәселе бойынша тергеу жүргізіліп жатқандықтан, нақты ештеңе айта алмаймын.

 

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


180 отбасының қуанышы

Күні: , 53 рет оқылды

180-%d0%ba%d0%b2%d0%b0%d1%80%d1%82%d0%b8%d1%80


Биылғы 1 желтоқсан – ҚР тұңғыш Президенті күні Орал қаласында тұратын 180 отбасы үлкен қуанышқа кенелді. Тарқатып айтар  болсақ, ел  тәуелсіздігінің  25  жылдығы  қарсаңында  180 отбасы баспаналы болды. Осы айтулы шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов  қатысып,  тұрғындардың   қуанышымен  бөлісті.


Зашаған кентіндегі Мұрат Мөңкеұлы көшесінде бой көтерген тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысын «Болашақ-Т» ЖШС жүргізген. Тұрғын үй құрылысына республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1 297 241,97 мың теңге қаржы жұмсалған. 180 пәтерлі үйдің 144 пәтері бір және екі бөлмелі болса, 36 пәтер үш бөлмелі.

Жаңа қоныс иелерінің қуанышын бөлісіп, құтты болсын айта келген облыс басшысы Алтай Көлгінов жиналғандарды тұңғыш Президент күні мерекесімен және ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

– Биылғы жылы біздің өңірімізде ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай тұрғындарға жалпы саны 1500 пәтер берілмек. Халықты тұрғын үймен қамту Орал, Ақсай қалалары мен облысымыздың әр ауданында жүзеге асып жатыр. Бұл игі іс келер жылы да жалғасын табатын болады. Бой көтерген тұрғын үйлер кезекте тұрған отбасыларға, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ салымшыларына, ардагерлерге, көп балалы және жас жанұяларға, асыраушысынан айырылған және мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін болады. Өздеріңізге белгілі, осыдан 3-4 жыл бұрын бұл жерде көп қабатты үйлер болған жоқ. Елбасының ұйытқы болуымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде осындай көп қабатты үйлер бой көтеруде. Бұл игі істердің барлығы мемлекет басшылығының сіздерге деген қамқорлығы. Бүгін қолдарына пәтер кілтін алған тұрғындарды қоныстойларымен және айтулы мереке – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Алтай  Сейдірұлы.

img_0345Айта кетейік, биыл облысымыз бойынша 215 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар ағымдағы жылы 250 шақырым жол жөнделді. Күні кеше Орал қаласының Деркөл, Сарытау мөлтекаудандарында қос мектептің құрылысы басталды. Бұл игі істер Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына деген үлкен  сый деп білеміз. Қазіргі таңда облыс орталығында тұрғын үйге мұқтаж, кезекте тұрған адамдар саны көп. Сол себепті Елбасының тапсырмасына сәйкес халықты баспанамен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, нақты жүзеге асуда.

Соның нәтижесінде жоспарға сәйкес мәселенің біртіндеп шешіліп жатқанына куәміз. Мереке күні қоныстойын тойлағандар қатарында  балалар үйінің 36 түлегі,  13 Ұлы Отан соғысының мүгедегі мен ҰОС-на қатысушыларға теңестірілгендер, 10  бірінші және екінші топ мүгедектері, 21  көп балалы отбасы және тағы басқа да баспанаға мұқтаж батысқазақстандықтар бар.

Мереке күні зор қуанышқа бөленген пәтер иелері Елбасына, өңір басшылығына, тұрғын үй салушы құрылыс компаниясына өз алғыстарын  жаудырды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суретті   түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

%d0%b6%d1%83%d0%bc%d0%b0%d0%b1%d0%b5%d0%ba-%d0%b8%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d0%b5%d0%b2Жұмабек  ИМАНҒАЛИЕВ,

алты  баланың  әкесі:

– Біз бүгін көп балалы ата-ана ретінде үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Ұзақ жыл бойы кезекте тұрсақ та, бүгін баспаналы болғанымызға өте қуаныштымыз. Отбасымның атынан халыққа қолайлы жағдай туғызған Елбасына зор алғыс айтамын. Су жаңа баспанаға ие болған жерлестерімді қоныстойларымен құттықтап, осы үйді ұқыпты  да  таза  ұстауға  шақырамын.

%d1%87%d1%83%d0%ba%d0%b5%d0%b5%d0%b2%d1%82%d0%b5%d1%80Мақсот,  Мақта ЧУКЕЕВТЕР,

ІІ   топ  мүгедектері:

– Тұрғын үй кезегіне 1999 жылы тұрған болатынбыз. Шыны керек, 17 жыл пәтер ала алмағасын үмітіміз өше бастаған еді. Алғашында қариялар үйінде болдық. Ол жердегі жағдай біз үшін аса қолайлы болмағандықтан, кейін пәтер жалдап тұрдық. Міне, бүгін су жаңа қоныстың иесі атандық. Тұрғын үй өте сапалы салынған. Іші де жарық әрі жылы. Басшылар жазға қарай ауланы абаттандыруға көңіл бөлетіндіктерін айтты. Өз алдымызға жеке пәтер иесі атанғанымызға қуанып тұрмыз.  Облыс әкімі  біздің  пәтерімізге  көрімдік  ретінде  теледидар  тарту  етті.

%d0%bd%d0%b8%d0%bd%d0%b0-%d0%bb%d0%be%d0%b3%d0%b2%d0%b8%d0%bd%d0%b5%d0%bd%d0%ba%d0%beНина  ЛОГВИНЕНКО,

балалар  үйінің  түлегі:

– Бүгін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы және «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында су жаңа пәтерге ие болдық. Жолдасым Илья екеуміз бұл күнді асыға күттік. Бұған дейін балалар үйлерінің түлектеріне арналған «Шаңырақ» жатақханасын паналаған едік. Енді өз пәтеріміз бар. Біздерге қамқорлық танытып, қуанышқа  бөлеген  Елбасымыз бен мемлекетімізге  зор  алғыс  айтамыз.


Жайықта жыр шалқыған күн

Күні: , 75 рет оқылды

pri_5425


Бейсенбіде Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен ҚР тұңғыш Президенті күніне байланысты «Қадыр жолымен…» жобасы аясында «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы өтті.


Айтыстан бір күн бұрын Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында облыс әкімі Алтай Көлгінов елдің түкпір-түкпірінен келген айтыскер ақындармен және қазылар алқасымен кездескен болатын.

Басқосуда өңір жетекшісі облыс бойынша мәдени, экономикалық, әлеуметтік салаларда атқарылған іс-шаралардың бірқатарын баяндады.

Доданың ашылу салтанатында айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман сөйледі.

– ҚР тұңғыш Президенті күніне орай еліміздің барлық өңірінде салтанатты шаралар өтуде. Міне, бүгін  Батыс Қазақстан облысында ақындар айтысы өтпек. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен айтыс өнері жыл сайын жаңғырып, жасарып, жаңа жас өскіндер көзге түсуде. Сондықтан көпке таныла қоймаған, бірақ ортаға шықса ойып орын алатын, арыны адуынды тастүлектердің өнер көрсетуіне мүмкіндік жасаудамыз. Ақындарды елімізде атқарылып жатырған игілікті істерді жырлауға шақырамын. Мәселен, бүгін Орал қаласында 180 отбасыға арналған тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы қарайған пәтердің отыздан астамына балалар үйінің түлектері қоныстанды, — деген Жүрсін Ерман дүбірлі додаға келген он сегіз ақынды ортаға шақырды. Кейін қазылар алқасын таныстырды. Айтыста Қазақстанның халық әртісі, әйгілі актер Асанәлі Әшімов қазылар алқасына төрағалық етсе, танымал композитор Алтынбек Қоразбаев, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, белгілі журналист Берік Уәли, айтыс ақтаңгерлері Дәулеткерей Кәпұлы, Ахметжан Өзбеков, Талант Арғынғали, Серік Қалиев қазылық ететіні мәлім  болды.

Айтысқа келген халықты айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.

— Ақ Жайық өңірінің тұрғындары өнерді, мәдениетті сүйеді, тарихын қадірлейді. Тәуелсіз Қазақстанның жетістігін, бірлік пен жасампаздықты жырласын, халықтың рухын көтерсін деп ақындарды аламанға арнайы шақырдық. Бәрі де  «сен тұр, мен айтайын!» дейтіндей  өжет. Ақындар, сіздер Қазақстанның Еуропаға шығатын бас қақпасына келдіңіздер. Демек, бұл айтыс Еуропада өтіп жатыр деп айтуға негіз бар. Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасы облысымызда нақты жүзеге асуда. Бүгін тұрғын үй кезегін күткен әр түрлі әлеуметтік топтағы азаматтар баспанаға қол жеткізді. Бұл – бәрімізге де ортақ қуаныш. Елбасымыздың тапсырмасын орындаудамыз. Облыстағы автожолдар және түрлі әлеуметтік, білім, медициналық нысандар күрделі жөнделуде. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің арқасы, – деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.

pri_5209Жүрсіннің жүйріктерінің арасындағы алғашқы майдан Айнабек Бисенғалиев (Орал) пен Дархан Әбдіманаповтың (Тараз) сөзді қағысуынан басталды. Б. Халиолланы жырына қосқан тараздық ақын: «Кезінде «Айна» деген газет ашқан, бірде-бір данасы бос қалмайтын. Содан соң Айнабекті тауып апты, Тірлігі болса-дағы қоштамайтын. Ай, Баукең, неткен  мәрт жігіт, Сынық айна көрсе де тастамайтын», — деп қарсыласын астармен түйіп өтсе, «Айнаның сынығы емес, айналайын, асылдың сынығымын мен дегенім», — деген жерлесіміз ұтымды жауап қайтара білді.

Cахнада Атырау атырабының арланы Жәнібек Садыров Ақтөбеден келген тастүлек Әлихан Жақсылыққа «басқа шауып, төске өрлесе», сыбағасын алатынын ескерте сөйледі. Бірақ жас дауылпаз қаймықпады, құла жырды құйғытқан күйі «осал емес ем өзім де, тегеуріні темірдей, соқса бір жілік сындырар, жеңіліп қалсаң баладан, абыройыңа сын болар, ақындығыңа мін болар» деп қаймықпай сөйлеп, дүлейдің өзіне түрпідей қадалды, айтыс жанкүйерлерін асқақ арынымен сүйсінтті.

Бұл додада тараздық Нұрлыбек Құрманов астаналық Айдана Қайсарбекті сахнаға сауыт киіп шыққанын мысқылдаймын деп қыздың өткір тіліне тұтылды. «Тілімде тұрғаннан соң жыр шоқпары, Нұрлыбекті кеп тұрмын шын соққалы», — деп зіл тастаған қаршадай қыздың, шынында, екпіні ерекше болды. «Намысты болса жігіттер, қарындасқа  тиіспей, тек ақылға ерер-ді», – деп ортаға өткір наз тастаған ол жастар тәрбиесіне қатысты күрмеулі түйткілдер жайын шеберлікпен толғап өтті.

Ақындардың ең соңғы жұбын айтыссүйер қауым асыға күтті. Жерлесіміз Жансая Мусина мен шымкенттік Дәурен Ақсақаловтың әдемі әзіл, усойқы қағытпамен қарымта қайыруы жұртшылыққа езу жиғызбады. Шымкенттік шайыр шаһарда шешілмеген екі мәселені: «Біріншісі – Чапаевтың ескерткіші, Әлі де бермей тұрған вокзал жақты.  Екіншісі – Жансаяның жыры ғой сол: Әлі де сүйгеніне кез болмапты», — деп қалжыңға сүйеп жеткізсе, Жансая ақын: «Қарағым, екеумізге тиіспеші, Жоқ жерден құлатам деп айғақ іздеп, Әзірше, ару мекен Ақ Жайыққа, Екеуміздің тигізетін пайдамыз көп», — деп көпшілікті бір серпілте жауап берді.

Ақ Жайыққа келген айтыскер ақындар толғаулы жайттарды да жырына қосты. «Ал отыз жылдығына Желтоқсанның Айтылмай жатыр дұрыс үндеуіміз, Негізі сол уақытта болмап па еді, Атой салып, атқа да мінгеніміз», — деген Талғат Мықи келесі бір кезекте облыстағы игі істердің оңынан жалғасуын тіледі. Жас, талантты ақын Бауыржан Ширмединұлы шетелдік компанияларда қызмет ететін жергілікті тұрғындардың құқығын қорғауды назардан тыс қалдырмау маңызды деп түйіндеді.

ҚР тұңғыш Президенті күніне байланысты ақындар көпшілікті бірлік пен бақуатты тірлікке шүкір етуге, Елбасының еңбегін бағалай білуге шақырды. Жас дүлдүл Дәурен Ақсақалов: «Бір көршінің  патшасы елден қашып, Артында ашынған ұлт тулайды» – деп әлемдегі саяси оқиғалар шиеленісінен ғибрат алуды ұсынса, жампоз Жәнібек Садыров: «Нұр ағам тізгінді қолға алғалы, Бірлік кетіп көрген жоқ ұлы алаштан. Осы  жерге 130 ұлт ұйысып, Бүр жарған бұтақтаймыз бір ағаштан» – деп орнықты ой айтылған тұсқа екпін түсірді.

Шайырлар Жайық бойындағы шаһардың көркіне де тамсанумен болды. Қызылордалық Сырым Әділбек: «Үш жүзді  қоспағанмен бұл Оралға, Үш өзенді ағызып қойған екен» деп таңданысын жасырмады. Ару Айдана: «Жерұйық Жетісудан шыға сала, Жайық шашын тараған тұсқа келдім» – деп назданса, ақтөбелік Әлихан: «Ақжайық – арулардың шолпысындай, Шертілді екен жүректің қанша қылы?!» – деп Жайықтың жақұт болмысын аспандатты.

Айтыс аяқталған соң, сахнаға қазылар алқасы көтерілді. Кеш тізгіні қолында болған Жүрсін Ерман айтыс мазмұнды өткенін айтып, Жайық жұртшылығының тапжылмай тыңдағанына разылық білдірді. Шарада сөз алған Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов облыс басшысына кезінде Ақ Жайық өңірінде туған, белгілі өнер майталманы, Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның есімін облыстық қазақ драма театрына беру мәселесі көтеріліп, кейін аяқсыз қалғанын, соған байланысты аталған бастаманың жандануына ықпал етуін ұсынды.

Қазылар алқасының шешімімен тараздық Дархан Әбдіманаповқа, оралдық Талғат Мықи мен Айнабек Бисенғалиевке облыс әкімінің ынталандыру сыйлығы берілді.

Атыраулық Сырымбек Сәрсенбаев, оралдық Бауыржан Ширмединұлы, тараздық Нұрлыбек Құрманов, павлодарлық Нұрқанат Қайратқа 3-орын жүлдесі берілді. Оралдық Жансая Мусина, астаналық Айдана Қайсарбек, семейлік Әсем Ережеқызы екінші тұғырға көтерілді. Шымкенттік Дәурен Ақсақалов 1-орынға қол жеткізді. Бас бәйгеге тігілген 1 миллион теңге қаражатты астаналық Нұрмат Мансұров иеленді.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов елдің атынан әдемі айтыстың үлгісін көрсеткен Жансая Мусина мен Дәурен Ақсақаловқа қосымша 500 мың теңгеден, барлық айтыскер ақынға бөліп беруге 1 млн. теңге қаражатты сыйға тартқанын жеткізді.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жарқын болашаққа нық сеніммен

Күні: , 49 рет оқылды

%d1%82%d0%b0%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d0%b8%d0%b7-256698-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d0%b1%d0%b5%d0%ba2


Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа арнаған Жолдауында дағдарыстан өту жөніндегі шаралар мен экономиканың қалыпты өсімін қамтамасыз етудің, әлеуметтің әлеуетін жақсартудың басым бағыттары атап көрсетілді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша да маңызды жұмыстар атқарылып, болашаққа нық сеніммен қадам басып келеміз.


Қазақстан тәуелсіздік алған ширек ғасырдың ішінде еліміздің келешегін айқындайтын мемлекеттік бағдарламалардың арқасында Жәнібек ауданында да жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, жыл басында жолаушылар тасымалын жүзеге асыру үшін заман талабына сай жабдықталған, халықты сапалы қызметпен қамтамасыз ететін автобекет ашылды. Оны жеке кәсіпкер, такси қызметін көрсетуші Есенгелді Шағыров басқарады.

Ауданымызда шағын және орта бизнес өркен жайып, дамып келеді. Айталық, Тау ауылдық округінде жергілікті кәсіпкер Бекболат Әбекенов өз қаржысына «Жеті қазына» атты 200 орындық мейрамхана салып, іске қосты. Мұнда төрт адам жұмыспен қамтылған. Іші-сырты келіскен ғимаратқа жапсарлас салынған «Құралай» дүкені ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ шаруасын дөңгелентіп отырған ақобалық кәсіпкер Асқар Бисенов өз ауылынан «Бірлік» атты азық-түлік дүкенін ашып, жергілікті халыққа қызмет көрсетіп отыр.

Аудан орталығында Астана кү-ніне орай «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тоғыз тұрғын үй пайдалануға беріліп, онда мұғалімдер, балабақша, денсаулық сақтау және мәдениет қызметкерлері қоныстанды. Тұрғын үй құрылысын жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Есқайыр Елемесов басқаратын «Символ» ЖШС құрылысшылары қысқа мерзім ішінде салып, іске қосты. Аталмыш серіктестік биыл жергілікті бюджет қаржысы есебінен Жәнібек ауылындағы ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімшесінің бұрынғы ғимаратын  5 млн. 780 мың теңге қаржыға, «Мәжитова» жеке кәсіпкерлігі осы ауылдағы жолаушылар бекетін 2 млн. 222 мың теңгеге жөндеуден өткізді.

Жәнібектік жеке кәсіпкер Нұргүл Қошқарбаева мен борсылық кәсіпкер Мансұлу Фазылова өз қаржыларына құрылысшылар жалдап, «Адал» және «Құзайыр» азық-түлік дүкенін, «Орал» шағын несие ұйымынан 6 млн. теңге несие алған Меңсұлу Тұрғалиева «Бистро» шағын дәмханасын ашты. Өзінің шаруа қожалығы бар ол бұл күнде барлығы 15 адамды жұмыспен қамтуда.

Қамысты ауылында сәні мен сәулеті жарасқан жаңа мешіт бой көтеріп, пайдалануға берілді. Мешіт  ғимараты жергілікті халықтың қолдауымен тұрғызылды. Алланың жердегі үйінде алғаш рет Құран аяттары оқылып, ата-баба рухына дұға бағышталды. Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған: намаз оқитын үлкен зал, кітапхана мен қосымша бөлме бар.

Жалпы, ауданда құрылыс қарқынын жақсы деп айтуға толық негіз бар. Жыл соңына дейін аудан бойынша жеке тұрғын үй құрылысын 3 мың шаршы метрге жеткізу жоспарлануда. Биылдың өзінде Жәнібек ауылының солтүстік бағытында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген жерден бес тұрғын үйдің құрылысы бой көтерді. Қазіргі уақытта тұрғындар өз күштерімен баспаналарының қабырғасын қалап, төбесін жауып қойды. Олар мекенжайларының құрылысын ағымдағы жылдың аяғына дейін аяқтауды көздеп отыр.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Елбасы саясатын жүзеге асыру мақсатында республикалық мәртебеге ие «Чапаев – Қазталов – Жәнібек» күре жолының құрылысы қолға алынған еді. Осыған орай «Жәнібек – Қазталов»  бағытындағы жолдың 20 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстарына 2,7 млрд.  теңге қаржы қаралып, бұл жұмыс 2014 жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Мердігер – «РСУ-1» ЖШС. Биыл асфальт шығару зауыты салынып, 11,5 шақырым жол бөлігі күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ аудан аумағындағы автокөлік жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарын «Қанат» ЖШС атқаруда. Жыл басынан аталған серіктестік ауыларалық және ауылішілік жолдарды қардан тазарту, жол жиектерін көтеру және тегістеу, Жәнібек – Талов автокөлік жолының кейбір шақырымдық бөліктеріне төсеніш қабатын қопару, уату, қайта тегістеу жұмыс-тарын жүргізді. Осы бағыттағы жұмыстар жыл аяғына дейін жоспарға сай атқарылатын болады.

Ауданда ауылдардың ажарын келтіру, көркейту жұмыстары да жалғасын табуда. Жәнібек ауылындағы Ғ. Қараш, М. Ықсанов атындағы көшелердің жарық көздерін ауыстыру жұмыстарына 4 млн. 32 мың теңге қаржы жұмсалып, қазіргі таңда бұл көшелер самаладай жарқырап тұр.

Ауданымызда жүзеге асып жатқан игілікті істердің қатарында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Тау ауылындағы мәдениет үйінің 45 млн. 900 мың теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілуін айтуға болады. Өткен ғасырдың 70-жылдарында іргесі қаланып, содан бері ешқандай жөндеу көрмеген ғимараттың жай-күйі ауыл халқының көз алдында еді. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауының нәтижесінде аудандық мәслихаттың депутаты Есқайыр Елемесов жетекшілік ететін «Символ» ЖШС-ның құрылысшылары мен осы жұмысқа жергілікті жерден тартылған 18 адам аз ғана уақыттың ішінде мәдениет үйін заманауи талапқа сай жарқыратып қойды. Келбеті келіскен ғимаратты аралап көрген ауыл тұрғындары өңір және аудан басшыларына өз ризашылықтарын білдірді.

Ауданда нысандар мен тұрғын үйлерге ауыз су жеткізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді. Соның ішінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Ақоба ауылында су құбырын салу, сондай-ақ Талов ауылындағы су құбырын қайта жөндеуден өткізу мақсатында қазіргі кезде аталған жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларына түзету енгізу  жұмыстары  жүзеге  асырылуда.

Борсы ауылдық округіндегі таза ауыз су құбырын жөндеуден өткізуге республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, бұл жұмыстарды Айболат Аяпов жетекшілік ететін «ЖәнібекСтройСервис» ЖШС атқарып, ауылдағы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ аудан орталығындағы мәдениет үйі 15 млн. 904 мың, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы 15 млн. 904 мың, аудандық мәдениет және демалыс саябағы 16 млн. 857 мың, Тау ауылындағы Ғ. Абдуллин атындағы мектеп 2 млн.  420 мың теңгеге ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Жәнібек ауылындағы М. Мәметова атындағы көшеге жаяу жүргіншілер үшін ұзындығы 944 метр тас жол төселіп, бұл жұмыстарға 12 млн. 900 мың теңге қаржы қаралды. Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Құрсай, Көлтабан елді мекендеріндегі медициналық пункттерді күрделі жөндеу жұмыстарына тиісінше 10 млн. 500 мың және 13 млн. теңге қаржы бөлінді. Талов, Қамысты және Жәнібек ауылдарында спорт алаңдарын салуға жалпы сомасы 8 млн. 600 мың теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда бұл жұмыстар жүріп жатыр. Талов ауылындағы су тазарту қондырғысы 5 млн. 220 мың, Борсы ауылындағы су жинайтын резервуар 6 млн. 612 мың теңгеге ағымдағы жөндеуден өткізілді.

Жоғарыда аталған, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кейбір нысандардың ашылуы ағымдағы жылдың ҚР тұңғыш Президенті мен ҚР Тәуелсіздігі күніне орай жоспарлануда.

Асқар   ҚҰСАЙЫНОВ,

Жәнібек   ауданы


«Атасының есімін ауылға, көкесінің есімін көшеге» ұсыну дұрыс па?

Күні: , 188 рет оқылды

pri_4606


Көзі ашық, көкірегі ояу замандастарымыз жақсы біледі. Бүгінгі таңда ономастикалық бірліктерге атау беруге жарияланған мораторийдің алынуына байланысты елімізде көшелерге, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар мен мекемелерге атау беру мәселесі ширығып тұр.


Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары қалалар мен елді мекендерге, ауылдар мен көшелерге тарихи атаулар беру мәселесі республика көлемінде біртіндеп шешілуде. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өзі ел ордасын Астанаға көшіргенде ондағы көшелердің дені кешегі кеңестік кезеңді еске түсіретін, коммунистік атаулармен тұрғанына (Октябрь, Коммунист, Революция т.б.), ономастикалық саясатты ешкімге жалтақтамай батыл жүргізу керектігіне жұртшылықтың назарын аударған болатын.

Біздің облысымыз бен қаламызда да осыған қатысты нәрселерде айтарлықтай игілікті біраз іс-шаралар атқарылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын шаһарымыздың орталығындағы отыз екі көше бір күнде өзгеріп, қандастарымыздың бөркін аспанға лақтырып қуанғаны күні бүгінгідей есімізде. Олай айтуымыз кездейсоқ емес. Өйткені біздің өңір –  отарлаудың өтінде болып, жер-су, елді мекен, көше, т.с.с. атаулар әбден алашұбарланған өлке. Сәйкесінше жүзеге асырылатын шаруалар әлі шаш етектен.

Облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде осы жылдар ішінде өзіме байқалған, көпшілікпен бөлісуді міндетім деп санаған кейбір олқылықтарды оқырманмен бөліссем деймін. Тарқатып айтсақ, көтерілген мәселенің біз байқаған осал тұстары төмендегідей.

Біріншіден, қазіргі кезде кеңес үкіметі тұсындағыдай ұраншыл, жадағай, саясатшыл атаулар да кездеседі. Мысалы: «Үлгілі», «Жаңа тұрмыс», «Жаңа өмір» т.б., екіншіден, көше атауларында еліміз бойынша қайталаулар көп. Мәселен, «Астана», «Бәйтерек», «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздік» т.б. Үшіншіден, кісі есімдерін шектен тыс қою (атау), төртіншіден, біз кей жағдайда жер-су атауларын асығыстықпен, толық зерттеп алмай, әйтеуір қазақшалау керек деп ауыстыра салуға жол беріп отырмыз.

455b0293-4ba3-4111-a59b-60a648687627Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып жатпай, кісі есімдерін шектен тыс қою, соның ішінде біздің бүгінгі мақаламыздың айдары ретінде алынған «атасының есімін ауылға, көкесінің есімін көшеге» беру мәселесіне қарай ойысайық.

Сөзімізге тұздық ретінде бір-екі мысал. Қаратөбе ауданына Аққозы батырдың немесе сол ауданға қарасты Аққозы ауылындағы «Бейбітшілік» көшесіне Ж. Байтуриннің, Казталов ауданының Көктерек мектебіне тек сол өңірге ғана белгілі Сақып Ақбаевтың, сондай-ақ Сырым ауданының Қособа ауылдық округіндегі мектепке тек Жымпиты өңіріне ғана танымал Нөкен Молдашевтың есімін беру сияқты ұсыныстардың түсуіне байланысты аталған елді мекендерде тіл басқармасының ұйымдастыруымен алқалы жиындар өткізіліп, жергілікті тұрғындармен ономастика мәселесі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Әрине, бұл ұсынылған есімдердің өз туған топырағында танымал және белгілі дәрежеде елге еңбегі сіңген жандар екеніне ешкімнің таласы жоқ және олар ұсынушылардың «екі туып, бір қалғаны» да болмас.

Мәселен, Аққозы батырдың жөні тіпті бөлек. Тарихи тұлғаның атында кезінде халықтың өзі қойған тарихи атау һәм жайлы қоныстың бар екенін ескерсек, жылдар бойы халықтың құлағына әбден сіңген, әп-әсем естілетін «Қаратөбе» атауын «Аққозыға» ауыстырудың қаншалықты қажеті бар?!

Тек біздің өңірімізде емес, республикада белең алып отырған келеңсіз құбылысқа 2014 жылы қараша айында Қарағанды қаласында өткен «Жаһандану бағытындағы ұлттық ономастика» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға барғанымызда куә болдық.

ҚР Сенатының депутаты, ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Жабал Ерғалиев аталған жиында жасаған  баяндамасында «Тереңірек ойласақ, ат пен атау беру қазақ қоғамы үшін бәсекеге айналып бара жатқан жоқ па деген ойға келеміз. Бұл, бір жағынан, өзіміздің парықсыздығымызға, атабаба атын оздырып, даңқын асыруға деген көзсіз құлшынысымызға ұрындырып жатқандай болады. Ешкім білмейтін, тарихта аттары қалмаған ата-бабасының, ағайын-туысының есімін беру үрдісін немен түсіндірер едіңіз?! — деген еді.

 Тарихи тұрғыдан келсек, көшеге атау беру кәсіби біліктілік пен терең білімді, парасат-пайымды қажет етеді. Мұндағы жіберілген сәл жаңсақтықтың өзі ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға кедергі жасайды. Оның үстіне біздің бүгінгі қоғам – ұлттық тарихи санасын жаңартып һәм жаңғыртуға бет алған, бейнелі тілмен айтсақ, ұзақ жыл бойын жайлаған «жарасы қарақотырланып», дертінен бірте-бірте сауығып, құлдық санадан арыла бастаған қоғам.

Азаттық ономастикасына бірнеше мақалалар арнаған, тәжірибелі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясысының мүшесі Ханкелді Әбжановтың ономаст ғалымдарға жол сілтер ғылыми тұжырымдары ерекше назар аударарлық. «Келіп түскен ұсыныстарды сараптау барысында қазіргі қоғамымызға кемел ономастикалық сана мен мәдениет орнықпай жатыр-ау деген ойға қаласың, — деп тұжырымдайды Х. Әбжанов, — Біздің қандастарымыз анаған да, мынаған да кісі есімін беруге құмар. Ұсынғандары лайық болса, әңгіме жоқ қой».

Оқырманға түсінікті болу үшін мына нәрсенің басын ашып айтқымыз келеді. Облыстық ономастикалық комиссияға көше атауларын өзгерту жөніндегі ұсыныс негізінен жергілікті ауылдық, аудандық, қалалық жерлерден түседі. Ал ереже бойынша облыстық ономастикалық комиссия жіберілген ұсыныстарды қолдап дауыс береді немесе мемлекеттік талаптарға сәйкес келмеген жағдайда ұсынылған атау кері қайтарылады.

ҚР Үкіметінің «ҚР кәсіпорындарды, ұйымдарды, мекемелерді, теміржол стансаларын, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің тәртібін бекіту туралы» (1996 жылғы 5 наурыз)  №281 қаулысының 4-тармағында «аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және ҚР мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап бес жыл өткен соң олардың есімдері беріледі» — деп «соқырға таяқ ұстатқандай» атап көрсетілген. Иә, заң талабына бас имеу мүмкін емес.

Осыны біле тұра, кейбір ағайынның «өз жақындарын» қайта-қайта комиссияға тықпалауы ұлт зиялыларын алаңдатып отыр. Тағы бір назар аударарлық нәрсе, ұсынылатын атау мен көшенің болмыс-бітімі бір-біріне сай болғанын ерекше қадағалаған жөн.

Осының боларын алдын ала болжағандай кемеңгер Ә. Кекілбаев осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын аталған мәселеде, ең әуелі егжей-тегжейлі ойластырылған  ғылыми концепция керек екендігін және сол негізде осы орайдағы барлық шараларды бірден шешетін құқықтық құжат қабылдау қажет екенін дөп басып айтқан. «Әйтпесе, бүгін мына қаланың, ертең ана селоның атын өзгертеміз деп жүріп, дау үстіне дауды көбейте береміз. Маған салсаңыз, мәселен, қалаларды тарихи адамдар атымен атаудан мүлде бас тартқан жөн болар еді. Арғы-бергі тарихта мұндай оспадарлыққа барған ежелгі Рим императоры Константин (өз атына Константинопольді, әкесінің атына Феодосияны, шешесінің атына Латнияны атап жүрген сол ғой!) мен орыс падишалары ғана. Ондай жаман өнегеге біздің тұсымыздың коммунист басшылары да мықтап бой алдырды. Сөйтіп, географиялық карталарымыз жалақы төлейтін табельдей адам фамилияларына толып кетті, — деп тұжырымдайды Ә. Кекілбаев, — Сондай ат иемденгендердің мәңгі өшпестей ұлы, иемдене алмай қалғандардың ұлы бола тұрып жерде қалып жатқанын көрген жоқпыз. Гомер атында бір қала жоқ. Содан ол ұмытылды ма? Толстой атында бір деревня жоқ. Содан ол ұмытылды ма? Гетеге, Гейнеге, Байронға, Дантеге немістер, ағылшындар, итальяндар жек көргендіктен, қаланың атын бермей жүрген жоқ шығар. Жер-суды да халықтар секілді тарих қандай ат берсе, сондай атаумен атау керек. Ал даңқты тұлғаларға сіңірген еңбегіне лайық көше, алаң, кітапхана, мектеп, кәсіпорын, стипендия, сыйлық атайық. Қысқасы, бұл салада да егжей-тегжейлі ойланып, мәселені үздік-создыққа ұрындырмай, бір деңгейде бір кезеңде шешетіндей қапысыз шешім қабылдауымыз керек сияқты (Лениншіл жас», 20 наурыз 1990 жыл; Кекілбайұлы Ә. Азаттықтың ақ таңы. – Алматы: Қазақстан, 1998. – 145-146бб.).

Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйсек, ауыл арасына белгілі жандарды асыра мадақтап, оларды әсіре ұлықтау һәм ел-жер, көше, мекеме атауларына ұсыну қазіргі ережеге қайшы. Ал алты алашқа әйгілі ұл-қыздарымыз жөнінде әңгіме басқа.

Біздің басты мақсат — ономастика саласының майталмандарының ой-байламдарына иек артып, мәселенің байыбына бару, қалың бұқарамен ой бөлісу ғана.

Қалай болғанда да, ел мен жер атаулары – ұлттық тарихи санамыздың қайнар көзі. Сондықтан ол асығыстықты емес абайлауды, тездетуді емес тиянақтылықты, сабыр мен сарабдалдықты талап етеді.

Жаңабек  ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі


Шыршаны кескенге 636 300 теңге айыппұл!

Күні: , 31 рет оқылды

hello_html_m571bb8e6


ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының Жаңа жыл қарсаңында қылқанжапырақты ағаш көшеттерін қорғауды күшейту туралы бұйрығы шықты. Соған орай биылғы 1 желтоқсаннан бастап құқық қорғау құрылымдарының, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі  аумақтық инспекциясының мамандарынан икемді жедел топтар құрылып, қылқанжапырақты ағаш көшеттерін қорғау үшін кезекшілік жұмыстарын бастады. Сондай-ақ аталмыш іс-шаралар барысында жедел топтармен көршілес Ресейден әкелініп, сауда-саттыққа шығарылған шыршалардың құжаттары тексеріледі. Жалпы облыста мәдени-бұқаралық шараларды қамтамасыз ету үшін ағаштарға күтім жасау мақсатында Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен 25 текше метр жаңажылдық шыршаларды дайындауға рұқсат етілді. Тұрғындар үшін тек қана құрама шыршалар мен контейнерлердегі тірі шыршалар ғана сатылады.


Жаңа жыл қарсаңында қаражат үнемдеп, жаңажылдық шыршаны өзі шауып әкелуге «дәмелілер» көптеп табылады. Алайда мұндай  сұғанақтық шыршаны базардан сатып алғаннан да қымбатқа шығуы мүмкін. Өйткені шыршаны заңсыз шапқан адамға көлемді айыппұл ғана емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Заңсыз түрде жаңажылдық шыршаларды кескен азаматтар Қылмыстық кодекстің 340-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады, яғни 200-ден 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) есебінде немесе 424 мың 200 теңгеден 636 мың 300 теңгеге дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ 180 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 60 күндік қамауға алынуы мүмкін екендігін азаматтардың естеріне  саламыз. Кесілген шыршаның 1 данасы үшін 15 АЕК есебінде немесе 31 мың 815 теңге залалды өтеуіне тура келеді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған іс-әрекеттер  белгiлi  бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыруға немесе бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қолданылады. Егер жоғарыда аталған іс-әрекеттерді қылмыстық топ жасаған болса, онда екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Осындай Қылмыстық кодекспен белгіленген қатаң жауапкершілік аясында барлық тұрғындарды заңсыз әрекеттерден сақтандыра отырып, туған өлкеміздің жасыл желегіне жанашырлықпен қарауға шақырамыз.

Нұрлыбек КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық

инспекциясының бас маманы


Жайықтың Жаңылсыны

Күні: , 54 рет оқылды

img_8122-30-11-16-01-47


Облыстық қазақ драма театрында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері Жаңылсын Хасанованың шығармашылық  кеші өтті.


Кешті облыстық филармонияның әншілері Жаскелең Ғайсағалиев және Майра Хайдарова жүргізді. Жаңылсын Хасанова көрермендерінің алдында облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Сәлем саған, туған ел», «Құс жолы», «Керім-ай», «Куә бол», «Еңлік-Кебек», «Мені еске ал» әндерін жанды дауыста шырқады.  Оркестрге Асхат Хасанов және  Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының үрмелі және эстрадалық оркестрінің бас дирижері Мәдениет Меңдіғалиев жетекшілік етті. Жаңылсын Мақсотқызының өнердегі әріптестері Жаскелең Ғайсағалиев, Майра Хайдарова, Марат Сарбөпеев, Дария Бақытова секілді әншілер де кештің әсерлі өтуіне өз үлестерін қосты.

– Тыңдарман мені әнші ретінде біледі. Ал домбырадан кәсіби білімім бар екенін бірі білсе,бірі білмейді. Домбыраны алғаш қолыма ұстатқан ұстаздарым бүгінгі концертіме келіп отыр. Ұстаздарымның құрметіне күй орындап берейін, — деді кеш иесі. Ол облыстық филармония әртістері күйші Ақылбек Бектасов, ұлттық саз аспаптарында ойнаушы Гауһар Жанғалиева және Гауһар Бекмашеваның сүйемелдеуімен Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін шертті.

Жаңылсын Хасанованың ата-анасы, халықтық Хасановтар отбасылық ансамблінің мүшелері Мақсот  пен Дина кеш иесімен бірге «Алматы түні» әнін орындады.

Концерт соңында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов әншіні шығармашылық кешінің өтуімен құттықтады.

– Сізді тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейлі жасыңызбен құттықтаймын. Елімізге өнеріңізбен абыройлы қызмет етіп, отандастарымызға рухани азық сыйлауда алдыңғы сапта жүрсіз. Кең тынысты табиғи үніңізді есту үшін көрермендеріңіз ылғи асық болып жүреді. Әншіге осыдан асқан бақыт бар ма? Тума талант, асқан дарыныңыз толағай табыспен ұштассын. Өнердегі өркендеу жолында қадамыңызға гүл бітсін! — деген Дәулеткерей Атауұлы әншіге облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан алғысхат табыс етті. Мерейтой иесінің туған жерінен келген  Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов жерлестерінің жылы лебізін жеткізіп, кеш иесіне алғысхат және естелік сыйлық табыстады.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген автор


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика