
Орал қаласына жалғас Зашаған кентіндегі 500 отбасы Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алатын болды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов қоныстой иелерін құттықтап, жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Еліміздің ең ұлық мерекесі тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай және Жаңа жыл қарсаңында қуаныш үстінде бас қосып отырмыз. Бүгін осы жерде 500 пәтердің, жалпы қала бойынша 670 пәтердің кілттері иелерін табады. Бұл үйлер Елбасымыз қабылдаған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынды. «Нұрлы жол» бағдарламасы қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге, баспанаға мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтуға, тұрғын үй құрылысын салуға, инфрақұрылымдарды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмылған. Жаңа үй кешеніндегі пәтерлер үй кезегінде тұрған азаматтарға алты санат бойынша берілді. Олар көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және өзгелері, – деген облыс басшысы Алтай Көлгінов қоныстой иелерін құттықтап, бір топ азаматтарға жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ аталмыш үй кешенінің құрылысын жүргізген мердігер «Марасант» компаниясының директоры Аманжол Көнеевті жиналғандар алдына шақырып, елдің көзінше рақмет айтты.
Зашаған кентіндегі Көктем шағынауданында бой көтерген кешен «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның тапсырысы бойынша салынды. Орал – Саратов және Орал – Атырау тас жолдары айырығына орын текпкен 5 қабатты көппәтерлік тұрғын үй кешенінің құрылысын «Марасант» ЖШС компаниясы жүргізді.
Өткен жылдың желтоқсан айында іргетасы қаланған кешенді бес үйдің құрылысы дәл бір жыл дегенде аяқталып отыр. Үй кешенінде бір бөлмелі – 300 пәтер, екі бөлмелі – 120 пәтер, үш бөлмелі – 80 пәтер, яғни барлығын қосқанда 500 пәтер бар. «Құрылыс жұмыстары барысында қаладағы 3-5 мың адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. Үй құрылысына 87 пайыз жергілікті құрылыс материалдарын, соның ішінде силикатты кірпіш зауытының кірпішін, «Стройкомбинат» компаниясының темір-бетон бұйымдарын пайдаландық. Тұрғын үйіміздің сапасы жақсы, негізі 4-санатты үйлер болғанымен 3-санатқа жақындау. 10 жылдан бері мемлекеттік бағдарламалар бойынша 7-8 үй салған тәжірибеміз бар. Кешендегі әр үйдің кіреберісіне қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнекамералар орнатылған», – деді мердігер компанияның басшысы Аманжол Көнеев.
Бұл үй кешеніндегі пәтерлер жергілікті атқарушы құрылымдағы тұрғын үй кезегінде санаттар бойынша тұрған азаматтарға «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ-ның бағдарламасы бойынша жалға беріледі.
– Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы ішінде барлық қаржыландыру көздерінен БҚО-да 48 мыңға тарта пәтер иелерін тапты. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 234,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бұл – жылдық жоспардан 124 пайызға артық және 14 көппәтерлік тұрғын үй, 1500-дей пәтер деген сөз. Алдағы 2017 жылы жеті көппәтерлік тұрғын үй құрылысы жалғасады, – деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиев.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал өңірі»
Жазира АРЫСТАНОВА,
облыстық ішкі істер департаментінің полиция қызметкері:
– 2010 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдым. Жаңа тауық жылы қарсаңында мемлекеттік қызметші ретінде пәтерге қолым жеткеніне қуаныштымын. Қолымда ата-анам бар. «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» бағдарламасымен жалға алу ретімен айына 25,5 мың теңгеден төлеймін. Жалға 20 жыл мерзімге 14 пайызбен берілді. Осындай жақсы бағдарлама үшін Елбасымызға айтар алғысым шексіз.
Тимур ҚҰТҚАЛИЕВ,
жол-көлік колледжінің есепшісі:
– Жас отбасы ретінде үй кезегіне 2012 жылы тұрдым. Отбасымда әйелім, екі ұлым бар. Бұрын ата-анаммен тұратынмын, енді еншімді алып бөлек шығамын. Бір бөлмелі пәтерге қолым жеткеніне әулетімізбен қуанулымыз. Елбасымызға, құрылыстың сапалы жүруіне жіті қараған облыс басшылығына рақмет айтамыз.
* * *
Кеше Орал қаласындағы Қонаев атындағы шағынауданда 9 қабатты үйдің 171 пәтері баспанаға мұқтаж жандарға есігін айқара ашты.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығында игі нәтижелерге қол жеткізудеміз. Елбасымыздың бастамасымен жанданған «Нұрлы жол» бағдарламасы инфрақұрылымды дамыту, баспана салу, автожолдарды жөндеу сынды маңызды бағыттарды қамтиды. Бүгін Зашаған кенті тұрғындарына көп қабатты бес үйдегі пәтер кілттерін табыстадық. Міне, мемлекет қолдауы арқасында сіздер де Жаңа жыл қарсаңында жаңа баспанаға ие болдыңыздар. Биыл облыста 230 мың шаршы метрді құрайтын 1500 пәтер пайдалануға берілді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Ал жаңа үйдің құрылысын сәтті аяқтаған «СВ Плюс» ЖШС-на алғыс айтамыз, – деді тұрғындарды құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Сахнадағы салтанатты шарадан кейін пәтер иелеріне баспана кілттерін табыстау зәулім үйдің әр кіреберісінің алдында жалғасты. Тұрғындардың баспанасына бас сұғып, ізгі лебізін білдірген облыс басшысы Алтай Көлгінов үш балалы жалғызбасты ана, Орал қалалық №2 емхананың қызметкері Қаламқас Көлбаеваға жаңа кір жуу машинасын тарту етті.
Айта кетерлігі, үйдің құрылысы 2014 жылдың қараша айында «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында басталған. Тапсырыс беруші – «Қазақстандық ипотекалық компания» Ипотекалық ұйымы» АҚ. Үй кешенінде бір бөлмелі 90, екі бөлмелі 36, үш бөлмелі 45 пәтер бар. Жалпы көлемі – 10 449,18 шаршы метр.
Баспана қала әкімдігі бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандарға «Қазақстандық ипотекалық компания» ұйымының бағдарламасы негізінде жалға берілді. Бір ерекшелігі, үйдің әрбір кіреберісінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнекамералар орнатылған.
Меңдібай ИМАНҒАЛИЕВ,
Орал қаласының тұрғыны:
– Қызым Әлия жаңа баспанаға ие болды.
Өте қуаныштымыз. Мейрам қарсаңында тұрғындарға айрықша сый жасаған облыс әкімдігіне алғыс айтамыз. Тұрғын үй кезегінде ұзақ жыл тұрған қызым толық емес отбасы санаты бойынша жеке пәтер иеленді. Кішкентай жиенім де сондай қуанышты.
Нұрғали НЫСАНҒАЛИЕВ,
«Жайықсельстрой» ЖШС қызметкері:
– 2010 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдым. Отбасы құрғаныма екі жылдан асты. Кішкентай ұлымыз бар. Зайыбым Гүлжанат үйде бала күтімімен отыр. Бір бөлмелі болса да, жаңа пәтер алғанымызға ризамыз.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,
«Орал өңірі»